Мейірім – Темірхан Медетбек

Бұл бетте «Мейірім» атты Темірхан Медетбек жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

  • 14.06.2022
  • 0
  • 0
  • 1128
Кенезесi кеуiп келгеннiң
Таңдайын жiбiтетiн
Бұлақсың.
Қара түнекте қалғанның –
Кеудесiнде –
Үмiт боп жанатын
Шырақсың.
Аспан астындағы,
Жер бетiндегi
Жұмақсың.
Панамызсың!
Анамызсың!
Жесiрдi есiркеп –
Бауырыңа бассаң –
Жанына
Тамшыдай мөп-мөлдiр
Сыр құйып жiбересiң.
Жетiмдi мүсiркеп –
Маңдайынан сүйсең –
Қанына
Нұр құйып жiбересiң.
Сенiң жарығың түскенде
Тондар жiбiп,
Мұз бiткен
Ерiп жатады.
Бұл дүние
Ананың бауырындағы
Баладай балбырап
Омырауыңды
Емiп жатады.
Сен
Тамырдың iшiндегi
Құнардай нәрлiсiң.
Мәңгiсiң!
Сен Алланың
Шапағатынан құйылған
Сәулесiң!
Сәуленi
Оқ атып
Құрта алмайсың!
Сәуле – тесiлмейдi.
Сәуленi
Қылыш сiлтеп
Қырқа алмайсың!
Сәуле – кесiлмейдi.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері