Өлең, жыр, ақындар

Тоныкөк

  • 25.06.2022
  • 0
  • 0
  • 802
(Еркiн әдеби нұсқа)

1.
Мен, Бiлге Тоныкөкпiн,
Елi
Табғаш жұртына бағынған
Көкiрегiнде
Соры көппiн.

2.
Түрiк жұрты
Табғаштың табанында жатты
Талауында жатты.
Күндердiң күнiнде
Естерi кiргендей
Табғаштан бөлiнiп шықты,
Қалың нуды жарғандай
Аттарын тебiнiп шықты.
Сонан кейiн
Жiгерiн қайтадан құм басты.
Намысын қайтадан күл басты.
Өз қағанынан
Өздерi жерiнген
Сұмдық бiр құлықтар болды.
Табғашқа қайтадан –
Бұғауына басын сұғып! –
Кiрiптар болды.

3.
Көк тәңiрi қаһарланып
Күндей күркiреп кеттi.
Даусынан дүние
Тiтiреп кеттi.
«Ел болсын деп
Қаған берiп едiм,
Қағаныңнан бас тартып
Қағындың.
Қайтадан
Табғашқа бағындың.
Көрер күнiң күн болмасын,
Түн болсын.
Басқан жерiң гүл болмасын,
Күл болсын».
Сол-сол екен,
Түрiк жұрты
Тұяқ кешiп тастаған
Топырақтай болды.
Суық ұрған жапырақтай солды.

4.
Түрiк жұрты
Көктемгi қардай ерiдi.
Алқындыдай кемiдi.
Түрiк-сiр елiнде
Арқа сүйер тұтқа қалмады.
Қоныс ететiн,
Жайлау түгiлi,
Қу тақыр жұрт та калмады.

5.
Тау-тастың арасы мен
Шөл-шөлейтке қуылды.
Қалғанын отқа қақтап,
Күлге аунатып қуырды.
Бар болғаны
Жетi жүз адам едi.
Серкесi де жоқ,
Еркесi де жоқ
Жәутiк, жаман едi.
Екi бөлегi атқа мiнiп,
Бiр бөлегi
Жаяу-жалпы қалған едi.
Күндердiң күнiнде
Үлкен шад
Ақылға кiрiп:
«Бiрiгiңдер!» – дедi.
«Өле бермей,
Тiрiлiңдер!» – дедi.
Мен, Бiлге Тоныкөк,
Сол сөзге бағындым.
Шадтың қасынан табылдым.

6.
Мен сонда
Тау сияқты көтерiлiп
Асып тұрдым.
Су сияқты көтерiлiп
Тасып тұрдым.
Шадты асықтырдым.
Табғаштың,
Аяғының астында жатқанға
Қорландым.
Басымды тауға да соғып,
Тасқа да соғып,
Уайым жеп толғандым.
Шадқа айттым:
«Елiңнiң iшiнде
Арық бұқа да,
Семiз бұқа да бар дедiм.
Бiреуi қыл-қыбыр,
Бiреуi жал дедiм».
Бiрақ қаған
Оны ұқпады.
«Арық бұқа мен
Семiз бұқаны»
Айыра алмады.
Бетiмен кеткен елiн.
Ел етiп жинап
Қайыра алмады.
Қанатымнан қайрылдым.
Топырақ асап қайғырдым.

7.
Көкiрегiм
Аяқ баспаған таудай
Өр едi.
Тәңiр берген бiлiгiм
Тасыған судай мол едi.
Өзiм-ақ
Қаған болайын дедiм.
Өзiм-ақ
Қамал болайын дедiм.

8.
Сонда Iлтерiс айтты:
«Бiлге Тоныкөк,
Мен, Iлтерiс,
Қаған болайын» - дедi.
Содан соң Iлтерiс
Түстiкте Табғашты
Көктей жұлды.
Шығыста Қытаңды
Түяқтың астындағы
Тезектей қылды.
Терiстiкте Оғузды
Көжектей қырды.

9.
Iлтерiс қағанның
Ақылы да мен болдым,
Жақыны да мен болдым.
Шұғай Құз бен
Қарақұмды жайладық.
Қара жердiң үстiнде жортып
Аспан астында айналдық.
Киiктердi сатырлатып қуып,
Аттың бауырымен
Жаншып жедiк.
Қояндарды
топырлатып қуып,
Сүңгiнiң, ұшымен
Шаншып жедiк.
Тамағымыз тоқ болды.
Кiреукемiз көк болды.
Мұң-қайғымыз жоқ болды.
Бiрақ жауларымыз
Төбемiзде де,
Төңiрегiмiзде де
Жыртқыш құстардай
Қаптап ұшты.
Сонысы қанымды
Қақтап iштi.
Олар бiздi
Жемтiктей көрдi.
Өткен замандағы
Жәутiктей көрдi.
Сонда да қорықпадық.
Сонда да торықпадық.

10.
Күндердiң күнiнде
Оғуз жұртынан
Жансыз кеп былай дедi:
«Оғуз халқынын тағына
Қаған қонды,
Қағаны
Елден ерек дара болды.
Ол Табғаш қағанға
Қуны Сеңундi,
Қытаң қағанға
Тоңра Семдi жiбердi».
Соны естiп
Көңiлiм түздей құлазып,
Жаным түндей түнердi.
Тағы да оларға
Мынадай сөздер айтқан:
«Қағаны дара,
Ақылшысы дана
Iргемiздегi Түрiк елi
Қуатты ел боп барады.
Асу бермейтiн бел боп барады.
Ол күнi ертең
Табғаш сенi қырады.
Шығыстағы Қытаңды
Көктен атылған
Жасын боп ұрады.
Сонсоң менi, Оғузды,
Ит тартқан
Тулақтай қылады.
Табғаш, сен, тiрiмiн десең,
Онын,
Түстiк жағынан ти
Қытаң, сен, iрiмiн десең,
Оның
Шығыс жағынан ти.
Мен оның
Терiстiгiнен тиейiн.
Өлiгiн отын қып үйейiн.
Түрiк-сiр жерi
Иесiз қалсын.
Жын-шайтан жайлап
Киесiз қалсын.
Топырағын шығарып
Тоздырып жiберейiк.
Топанын шығарып
Аздырып жiберейiк».

11.
Осыны естiп
Түнде ұйықтамадым,
Күндiз отырмадым.
Ашуым от боп жанып
Қайнаған судай сақылдадым.
Омырылып опындым,
Қамырылып өкiндiм.
Қағанымнан өтiндiм:
«Табғаш, Оғуз, Қытаң қосылса
Қабырғалы ел болады.
Қаптап жөңкiлген сел болады.
Бiздi судай сапырады,
Қоғадай жапырады.
Тозған жұқаны
Жәндiк те таптап кетедi.
Тозған жiңiшкенi
Жәутiк те үзiп,
Қаптап кетедi.
Жiңiшке жуан болса
Алыптың өзi шауып,
Қырқа алмайды.
Жұқа қалың болса
Алыптың өзi тартып
Жырта алмайды.
Шығыстағы Қытаңға,
Түстiктегi Табғашқа,
Батыстағы Құрданға,
Терiстегi Оғузға
Қарсы қоятын
Екi-ақ мың әскерлi
Ел бар.
Басқа нең бар.
Қағаным,
Сөзiме құлақ сал»...

12.
Ойдағымды түгел айттым.
Өтiнiп, тiлеп айттым.
Қағаным:
өзiң бiл дедi.
Рұқсат берген
Сөзiм бұл дедi.
Сол-сол екен
Көк Өңiрдi
Көктей өрледiм.
Өтукен қалыңын
Қақ жарып өтем деп
Сорғалаған
Жаңбырдай терледiм.
Асу-белдерден өткенде
Тоғлаға жеткенде
Сиырларға мiнiп
Алты мың әскерлi
Оғуздар келдi.
Орманның ағашындай
көп екен,
Алынбастай шеп екен.
Бiз екi мың едiк.

13.
Тәңiр жарылқады...
Жерде тұрып соғыстық,
Жеңдiк.
Көлге түсiп соғыстық,
Жеңдiк.
Жонның үстiнде қырдық.
Жолдың үстiнде қырдық.
Оғуз түгел бағынды.

14.
Бiз ендi шығандап
Алыс кеттiк.
Қалың Түрiк жұрты да,
Бiлге Тоныкөк –
Мен өзiм де
Өтукен жерiн қоныс еттiк.
Түстiктен де,
Батыстан да
Терiстен де,
Шығыстан да
Жұрт деген шұбырып
Келiп жатты.
Соңыма ерiп жатты.
Екi мың едiк,
Екi әскерлi қол болдық.
Өзгелерден иығымыз асқан
Зор болдық.

15.
Түрiк
Түрiк боп туғалы,
Түрiк қағаны
Түрiк қағаны болғалы, –
Ормандардай қаптап,
Тасыған судай
Көтерiлiп толғалы
Саңтуң қаласына
Жетпеген екен.
Теңiз суына
Омыраулап түсiп
Аттарымен кешпеген екен.
Қағаныма айттым да,
Әскер шығардым.
Саңтуң қаласын
Түлкiге түскен
Қырандай бүрдiм.
Теңiз суын
Қылыштай тiлдiм.
Әскерiм
Аш қасқырдай шапты.
Жиырма үш қала қирап
Аяғымның астында жатты.

16.
Үйсiн өз қонысын
Ешкiмге көз алартпай! –
Жайлап жатқан ел болды.
Қымызын сапырып,
Биесiн шүйгiнге
Байлап жатқан ел бодды.
Табғаш қағаны
Қас жауымыз едi.
Он Оқ қағаны
Қас жауымыз едi.
Солардың iшiнде
Ең күштi Қырқыз қағаны
Бас жауымыз едi.
Бұл үш қаған
Ошақтың үш бұтындай
Бiзге қарсы
Бiрiгiп алды.
Бiздi құртамыз деп
Бiлектерiн түрiнiп алды.
Сонан соң Алтынжысқа
Шұғыл да тез келген,
Бiр-бiрiмен төс қағысып,
Бiр-бiрiне сөз берген:
«Шығыста жатқан
Түрiк елiне
Әскер жүргiзбесек
Жерiне елiмiздi кiргiзбесек,
Бұтыңа толып
Қанша күпсiнсең де
Олар ертең бiздi
Жер қаптырып,
Өз тезегiмiздi өзiмiзге
Асаттырады.
Өзiмiздi өзiмiзге айдап
Бiр-бiрiмiзге
Тас аттырады.
Қағаны дара,
Ақылшысы дана.
Шөп боп көтерiлгенiн
Көктей солдырайық.
Елiн кесектей езiп
Қор қылайық.
Киелерi жатқан молаларын
Шұбырып жатқан
Жол қылайық».
Тұргеш қаған айтты:
«Менiң халқым
Сол жаққа аттанып кеткен...
Оның үстiне
Түрiк елiнiң өз iшiнде
Толқу бар.
Оғуз елiнiң iшiнде
Ертеңiмiз не болар деген
Қорқу бар».

17.
Соны естiгенде
Аспандағы қара бұлт
Бетiме су бүркiп тұрғандай
Ұйықтай алмадым.
Астымдағы қара жер
Қозғалып тұрғандай
Отыра алмадым.
Қанымды тасытып,
Жанымды жалдадым.
«Басқа амал жоқ,
Керi жүретiн жолымыз
Кесiлген дедiм.
Оны қар басып,
Боран сыпырып
Өшiрген дедiм.
«Қағысамыз» дедiм.
«Соғысамыз» дедiм.

18.
Көгменге барар жол
Жалғыз-ақ едi.
Ол жол қыс түсiп
Жабылып қалды.
Әскерiм не iстерiн бiлмей
Адасқан малдай
Сабылып қалды.
Шөлдi Аз жерiнен
Айсыз қара түнде де
Күндiздей жүре беретiн,
Ас-суын
Жердегi аң менен
Көктегi құстан тауып
Өмiрiн сүре беретiн
Кiсi таптым:
«Ану өзенiне қарай
Бетiңдi бұрып көр дедi.
Одан өтсең
Арғы жағы
Ат шаптырым жер» дедi.
Айтқандарын мақұл көрдiм.
Жаныма жақын көрдiм.
Байрағымды
құрыққа iлгiздiм.
Әскерiмдi жүргiздiм.

19.
Ақтермелден өттiк
Атпен омыраулап жүрiп
Қар бұздық.
Жараулыны демеп,
Қалжырағанды қалғыздық.
Асуларға қарай
Аттан түсiп,
Таяққа сүйенiп өрледiк.
Сорғалап құйған
Жаңбырлардай терледiк.
Боран жалаған қасат қар
Тапталып жатып қалыпты,
Терiдей боп қатып қалыпты.
Екi жақтан
тартқандай сөктiк.
Етекке он күн дегенде
Шұбатылып, шұбырып жүрiп
Зорға жеттiк.

20.
Жершi жолдан жаңылып,
Берген сөзiнде тұрмай
Мойнында қарыз калды.
Басы тауға қаратылып
Қорқырап бауыздалды.
Қағаным қиналып, жабықты,
Қабаржып қамықты.
Өзiң бастай бер дедi.
Күдiк, күмәндi
Тастай гөр дедi.
Ану суды бойлап барып,
Әскердi аттан түсiрiп
Санадық.
Сабырға келiп,
Жан-жағымызға қарадық.
Қайтадан атқа қонып
Жортып жөнелдiк.
Қабағымызға қатқан мұз
Екi елi болды
Сақалымызға қатқан мұз
Жетi елi болды.
Қырқызды –
ұйқы-тұйқы етiп! –
Ұйқыда бастық.
Киiзiн қылышпен турап,
Түңлiгiн
Сүңгiмен аштық.
Керегесi қирап,
Кермесi үзiлдi.
Асығыс әскерi тiзiлдi.
Қарсы келгенiн
Кесiлген ағаштай сүйредiк.
Қашқанын
Желкеден шаншып түйредiк.
Қырқыз жұрты
Күңiм боп бүгiлдi
Құлым боп жүгiндi.
Сонан соң марқайып
Көгiмен тауын орағытып
Айналып қайттық.
Көңiлiмiз көктей өсiп
Жайланып қайттық.

21.
Түргеш қағаннан
Жанұшырып жансыз жеттi.
Хабары күйедей қара екен:
«Түрiк жұртына
Әскер жүргiзейiк
Кiмнiң кiм екенiн бiлгiзейiк.
Олардың қағаны дара,
Ақылшысы дана.
Кешiксек,
Бiздi құртады.
Талшығымызды да
қалдырмай
Тамырымыздан қырқады».
Жансыз тағы айтты:
«Түргеш қағаны
Атқа қоңды.
Он Оқ халқы да
Атқа қоңды.
Жүздерi өрт сөндiргендей
Көктенiп алған.
Түрiк жұртын
Баласынан бабасына дейiн
Жек көрiп алған».
Мүны естiген қағаным
Жаралы арыстандай болды.
Терiсiне сыймай
Өзiмен өзi алысқандай болды.
Түндей түнерiп тұрып:
«Қатыным қайтыс болыпты,
Мен үйiме барайын.
Жанын тәңiрге тапсырып,
Тәнiн қара жерге салайын.
Сендер аттаныңдар.
Алтынжыста аял етiңдер.
Әскер басы
Инел қаған Тардус Шад болсын.
Түлкiдей айлалы,
Күзендей сақ болсын», – дедi.
Маған, Тоныкөкке,
Қарап тұрып
Көзiн өңменiме
Қадап тұрып:
«Әскердi өзiң алып жүр.
Әр жанның iзiн аңдып,
Әр жанның
Қабағын бағып жүр,
Тәңiр қолдаса
Қатарымыз өсер
Айбынымыз асып
Атағымыз өсер» дедi.

22.
Алтынжыста
Тiкеннiң үстiнде отырғандай
Әрең отырдық, –
Күндi әрең шығарып,
Әрең батырдық.
Үш жансыз келдi:
«Түргеш қағаны
Қаптап келедi,
Он Оқ әскерi
Жолдағысын
Таптап келедi» дедi.
Қағанға хабар жiбердiм.
Қағаным:
«Қозғалмаңдар!
Тастай берiк,
Құстай сақ болыңдар.
Амал таусылғанда
Мың кiсi
Бiр кiсiге айналғандай
Тұтас аттаныңдар» дептi.
Сөйтiптi де
Апа тарқанға
былай деп сөз жiберген:
«Тоныкөк алпыс айлалы,
Қырық қатпарлы қу.
Күткенге шыдамайық
Әскердi жолға
шығарайық, десе,
Келiспе!
Мұның терiс де!»

23.
Бұл сездi естiгенде
Қаным тасыған өзендей
Тулап кеттi.
Жаным
Желдi күнгi ормандай
Шулап кеттi.
Ерегiсiп әскер жүргiздiм.
Алтынжыс асуын
Жолсыз кесiп өттiм.
Ертiс суын
Өткелсiз кешiп өттiм.
Түн қатып,
Түс қашып жүрiп
Таң ата
Болшыға жеттiк.
Тағы да жансыз келдi:
«Жарыс жазығында
Қойнауға жиылған
Нудай көп,
Сайларға жиылған
Судай көп
Он мың әскер тұр».
Соны естiгенде
Өзiмменен
Тең көрiп жүрген бектерiм.
Сүйенетiн
Бел көрiп жүрген бектерiм.
Қасқыр көрген қояндай болды.
«Жау көп екен
Қайта тұрмастай жығыламыз.
Тоз-тозымыз шығып
Босқа қырыламыз.
Арандап қалмай
Байқайық дедi.
Аялдап қалмай
Қайтайық» дедi.
Мен былай дедiм:
«Мен, Бiлге Тоныкөкпiн,
Алтынжыс асуын
Төтелеп кесiп келдiк.
Ертiстiң суын
Көлденең кешiп келдiк.
Тәңiрi ием мен
Ұмай анам
Жар болып тұр емес пе?!
Жер мен суым
Бiзге жайылып жазық,
Жауымның жолында
Алынбайтындай
Жал болып тұр емес пе?!
Көп екен деп
Неге қашамыз?!
Көп екен деп
Неге сасамыз?!
Аз екенбiз деп
Неге қорқамыз?!
Өз жанымызды өзiмiз
Неге ашындырамыз?!
Оларды неге
басындырамыз?!
Бүйiрiн бұзып кiрейiк.
Түйiнiн үзiп кiрейiк!»
Содан кейiн-ақ
Жөңкiлiп лап қойдық.
Желкелерiнен шенбелдеп
Бүрiп жiбердiк.
Құмдай етiп
Үгiп жiбердiк.

24.
Ертеңiне тағы келдiк.
Жауларымыз
Орманға тиген өрттей боп
Лапылдап тұр екен.
Сүңгiлерiмен
Бұлттарды түйреп,
Қылыштарымен
Ауаны турап
Жарқылдап тұр екен.
Жауларымыз бiздi
Екi орап алардай көп екен.
Тұтасып алған шеп екен.
Тәңiрi ием бойымызға
Қайрат құйып жiберiптi.
Тәңiрi ием ойымызға
Айбат құйып жiберiптi.
Қайтпай соғыстық.
Тардус шад қолын бастап
Бүйiрден тап бердi.
Жаудың шебiн
Қасат қарды бұзғандай
Қақ бөлдi.
Күйе түскен терiдей
жырттық.
Қашқаны қашты,
Тiрескенiн құрттық.
Қалғанын тұтқын еттiк.
Жабғұсын жарып өлтiрдiк.
Шадын шауып өлтiрдiк.
Елуi қолға түстi, –
Емпең қағып
Алдымыздағы жолға түстi.

25.
Жеңiсiмiздi тойладық.
Дабылымызды қақтырдық.
Сол түнi-ақ
Жан-жақтағы елдерге
Жаушы шаптырдық.
Алдымен
Он Оқ бектерi келдi.
Қолдарын қусырып
Қолтығымызға тығылды.
Бастары
Жерге тигенше еңкейiп,
Аяғымызға жығылды.

26.
Бiзге бағынып
Белi бүгiлген жұрт,
Быт-шыты шығып
Бүлiнген жұрт, –
Жан-жақтан ағылып
Абыр-сабыр боп жатқанда
Бiраз ел қашып кетiптi.
Қалыңнан өтiп,
Асудан асып кетiптi.
Қабағыма бұлт қонғандай
Қатты түнердiм.
Соңдарынан
Өзiмiзден қосып
Он Оқтын, әскерiн жiбердiм.
Өкшелеп қудық.
Iнжу өзенiн
Омыраулап кешiп өттiк,
Тiнесi ұлы жайлаған
Беңгшлек тауын
Жолсыз-ақ кесiп өттiк.
Қуғанымыз сондай
Жандарын шүберекке түйiп
Қусырып қуырып жiбердiк.
Қураған шөптiң қоқымындай
Суырып жiбердiк.
Сол жерден қайтардық.

27.
Тәңiрi ием Түрiк елiне
Таудай қайрат бердi.
Iнелдей қағаны бар
Тәжiк, Тоқырсын
Қолдарын қусырып келдi.
Сұқ бастаған Соғда елi
Табалдырығымды сүйiп,
Босағама
Маңдайларын тигiзiп
Бастарын ұмсынып келдi.
Түрiк елi
Сол кезге дейiн
Иесiз жатқан
Темiр қақпаға,
Тiнес ұлы жайлаған
Ақар-шақар тауларға
Жетпеген екен.
Ол жерлермен
Көшiп те өтпеген екен.
Кесiп те өтпеген екен.
Мен, Бiлге Тоныкөк,
Сол жерлерге жеттiм.
Сол үшiн менiң үстiме
Сары алтындарды
Құйып тастады.
Ақ күмiстердi алдыма
Үйiп тастады.
Қойным қырық күн бойы
Ойнап тауыса алмайтын
Қыз-қырқынға толды.
Оң жағым да қазына,
Сол жағым да қазына,
Артым да қазына,
Алдым да қазына болды.

28.
Ақылы теңiздей мол,
Ай маңдайлы,
Күн таңдайлы Iлтерiс қаған
Табғаштармен
Он жетi рет соғысты.
Қытаңдармен
Жетi рет соғысты
Оғуздармен
Бес рет соғысты.
Кiм-кiмнiң де
Мысын басып тұрды.
Бұлт жамылып алған
Таулар секiлдi
Абыройы асып тұрды.
Мен, Бiлге Тоныкөк,
Түрiк Бөгу қағанның,
Түрiк Бiлге қағанның,
Қапаған қағанның
Серiгi болдым.
Қиын-қыстау кездерде
Солардың қасында болдым.
Сүңгi де болдым,
Қылыш та болдым.
Аспаннан түсетiн
Жасын да болдым.
Түнде ұйықтамадым.
Күндiз отырмадым.
Қызыл қанымды төктiм,
Қара терiмдi ағыздым.
Барыстай жұлқыстым,
Көк бөрiдей алыстым.
Суға түсiп тоңдым,
Отқа түсiп күйдiм.
Түрiк жұрты үшiн
Ойымдағы ойлаған iсiмдi
Бойымдағы қайрат, күшiмдi
Сарқып құйдым.
Түрiк жұртының
Бағын өсiрдiм.
Аркуй күзетшiлерiнiң
Санын өсiрдiм.
Түрiктердiң алдында
Қас жаулардың көз жасын
Сорғалатып төктiрдiм.
Түйелердей бақыртып
Тiзiп қойып шөктiрдiм.
Тәңiрiм жарылқады!
Түрiк елiне
Жарақты жау келтiрмедiм.
Өзге елдiң
Құсын да қоңдырмадым.
Қазынасы түгiлi,
Жерiнен бiр уыс
топырақ алдырмадым.
Марқайып
Күндей күркiреп тұрдым.
Жердегi суларды сапырып,
Көктегi бұлттарды
Сiлкiлеп тұрдым.

29.
Iлтерiс қаған
Қатуланып атқа қонбаса,
Мен де атқа қонбасам,
Түрiк елi
Құм астында қалар едi.
Күл астында қалар едi.
Шүкiр!
Елiм ел болды,
Жерiм жер болды.
Ерлерiмдi былай қойғанда,
Құлыма дейiн өр болды!

30.
Мен ендi
Жел мүжiп, су жеген
Құздай қартайдым.
Қаншама қиналдым,
Қаншама марқайдым.
Ұққаным:
Қағанат iшiнде
Ойларын зұлымдық жайлаған
Оңбағандар көп болса,
Көңiлдерiне сұмдықты
Торлағандар көп болса.
Онда ол қағанаттың
Керегесi берiк емес.
Онда ол қағанат
Ел бола алмайды.
Онда ол қағанат
Өр бола алмайды.

31.
Мен, Бiлге Тоныкөк,
Бүл сөздердi
Түрiк Бiлге қаған елiнiң
Атын шығарып,
Өткен күндерге
Қарап жаздырдым.
Құрыштай қатты тастардың
Отын шығарып
Қашап жаздырдым.

32.
Iлтерiс каған
Атқа қонбаса,
Егер ол жоқ болса!
Мен, Бiлге Тоныкөк,
Атқа қонбасам,
Егер мен жоқ болсам! –
Онда Қапаған қағанның
Түрiк-сiр елiнiң жерiнде
Ел де, ер де болмас едi.
Қаған отырар
Тақ та болмас едi.
Ол елге
Бақ та қонбас едi!
Iлтерiс қаған және
Мен, Бiлге Тоныкөк,
Бар болғандықтан
Қапаған қаған мен
Түрiк-сiр халқы
Бар болып отыр.
Тәңiрiнiң өзi соларға
Жар болып отыр.

33.
Түрiк Бiлге қағанның
Қол астындағы
Түрiк-сiр халқы мен
Оғуз халқы
Асу-асу белдердi
Көктеп өтсiн!
Керегелерi
Көкжиекке дейiн кеңiп,
Шаңырақтары
Көкке жетсiн!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есалаң өлең

  • 0
  • 0

...Сонадай жерде
Күркілдеп бара жатқан
Нән бір тракторды
Құтырған ит келіп

Толық

Наурыз суреттері

  • 0
  • 0

Бiр-бiрiмен табысып
ойдым-ойдым мұз-қарда,
жатыр ендi алысып
шуақ пенен ызғар да!

Толық

Тұйықтағы паровоздар

  • 0
  • 0

Салмағымен басқан жерiн ұйытқан,
бүгiн мiне,
жүгiн алып иықтан,
шойын дене паровоздар қамалып

Толық

Қарап көріңіз