Өлең, жыр, ақындар

Сабаңа түс, жүрегім

  • admin
  • 02.09.2024
  • 0
  • 0
  • 111
Сабыр, сабыр, жүрегім,
Сабаңа түс, салқында,
Сен жарылсаң қайтемін,
Борышым көп артымда.
Адалы бар өмірдің арамы да жетерлік,
Жасың құмар қызықтан тартынбайды қартың да.

Өрекпіген, өртенген,
өзің ғана деймісің?
Құлан жортқан даладай құлазиды кейде ішім.
Құлағымды басып-ап құла түзге кетсем бе,
Түйткіліне тірліктің мына көңіл тойды шын.

Саябырлат дүрсілді,
сабыр, сабыр, жүрегім,
Салмақ салдым көтермес, сызат салдым,
білемін.
Сенің адалдығыңды, арманыңды кім ұқсын,
Ескерер ме естілер елжіреген тілегін?!

Суық сөзі семсер боп қадалды ма ағаның?
Құлады ма ол жайлы өзің соққан қамалың?
Іздеп едім өмірден ізгілікті жалықпай,
Тілім-тілім болғанша тасқа тиіп табаным.

Қадіріңе жетпеген,
жастығына күбінер,
Қиналдың ба көңілді қалдырды деп інілер.
Сабыр,сабыр, жүрегім,
болмашыға босама,
Алдыңда әлі күндерің тіршіліктен түңілер.

Сезім қайтып көрді ме сылқым сұлу қыздардан,
Кетті ме әлде алшақтап қызғалдақ қыр біз барған.
Сұлулықтың сұп-суық сескендің бе сұрқынан,
Қамықтың ба әсемдік әкелетін ызғардан ?!

Сабыр, сабыр, жүрегім,
соға берме шапқын ғып,
Сері болып бір кездер сәйгүліктен ат міндік.
Ескермедің сол кезде бар екенін тірлікте,
Адалдардың сазайын тартқызатын сатқындық.

Біреулерге шыңырау,
біреулерге шыңдайсың,
Ардақтаған өзіңді аяулыға күн де, айсың.
Сабаңа түс жүрегім,
Санаға сал бар істі,
Көреріңді тауыспай бәрібір де тынбайсың!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сезім

  • 0
  • 0

Сезім
Алабұртып атты тағы күле күн,
Нұрын шашты күнмен бірге гүл өңің
Қуат Қайранбаев

Толық

Астана

  • 0
  • 0

Астана
Тәуелсіздік таңы атса да Тұранға,
Әлі бізді адымдатпас бұғау көп.
Қуат Қайранбаев

Толық

Талдықорған

  • 0
  • 0

Тастағам жоқ Талдықорған мен сені,
Сағынышым көтертпейді еңсені.
Өзің едің тазалықтың теңеуі,
Қуат Қайранбаев

Толық

Қарап көріңіз