Өлең, жыр, ақындар

Сырымға сыр

  • admin
  • 02.09.2024
  • 0
  • 0
  • 54
Ұлым, әсте асқақ болар арлы адам,
Сен от басып қалмасын деп қарманам.
Көрдім талай жақсы менен жаманды,
Айтарым бар, құлағыңды сал маған.

Ұлым,
өмір тұра бермес күлімдеп,
Арқаларсың тағдырыңнын жүгін көп.
Елді ойлаған Даттың ұлы сияқты,
Болсын дедім ат қойғанда Сырым деп.

Ұлым,
сүрдім бұл өмірді бұрын кеп,
Тағдыр тезі маңдайымнан білінбек.
Сырым менен жырымды ұқсын деуменен,
Қойған едім есіміңді Сырым деп.

Сырым дедім,
ұлым дедім шаттана,
Алмасады бұл өмірде бақ, нала.
Сен ез болсаң тірі өлгені әкеңнін,
Шаттығымды ойсыздықпен таптама.

Армандай біл,
арман сенің қанатың,
Қиял құсың шарықтасын бала күн.
Жүрегіңнін түкпірінен нұр шашып,
Арман - отың мәңгілікке жанатын.

Ұлым,
байлық мұрат емес адамға,
Ізгіліктің ізі жатсын санаңда.
Арзан күлкі азаматты отқа айдар,
Әрқашанда жұрттың жайын бағамда.

Текті атаның ұлысың сен киелі,
Ақылменен аңдап сөйле жүйелі.
Менің даңқым саған құрмет болмайды,
Еңбек етсең бақ та басын иеді.

Мұхитқа сап мұратыңнын кемесін,
Зұлымдықпен болсын әркез егесің.
Өтінемін,
сөз келтірме атыңа,
Түңілген жұрт «тексіз екен» демесін.

Дана жүрген,
сана білген тарт ізге,
Ашуға ерме, безбен болсын ар-сүзбе.
Мықтылардан ығып име басыңды,
Мықты екем деп күш көрсетпе әлсізге.

Әр ісіңді туған елге тиімді ет,
Дос іздегін,
дос көп болса үйің көп.
Алшақтама ақиқаттың аулынан,
Тайсақтама ақтың жолы қиын деп.

Білім ізде,
үйрен және өнерді,
Өрелі адам өнерменен көгерді.
Ақылға сал, алғы күнге көз жібер,
Өресізге мына жалған не берді?!

Сырым едің жүрек жырын қозғаған,
Бақыт іздеп дүние кезген аз ба адам.
Ұлым,
сенсің үмітімнің өлшемі,
Өшірмегін сол үмітті маздаған.

Ойсыз жанға ұсынады төрін кім?
Арманым сол, биіктерден көрінгін.
Екі бірдей дүниеде ризамын,
Менің емес, ұлы атансаң еліңнін!!!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Қорқам...

  • 0
  • 0

Қорқам...
Абыржып көңіл,
ашиды қолқам.
Қуат Қайранбаев

Толық

Керек кезде

  • 0
  • 0

Керек кезде,
керек жерде тумадым,
Арпалысып атақ-мансап қумадым.
Қуат Қайранбаев

Толық

Талдықорған

  • 0
  • 0

Тастағам жоқ Талдықорған мен сені,
Сағынышым көтертпейді еңсені.
Өзің едің тазалықтың теңеуі,
Қуат Қайранбаев

Толық

Қарап көріңіз