Шүкір ет! – Ерлан Ахмет

Бұл бетте «Шүкір ет!» атты Ерлан Ахмет жазған өлеңнің мәтіні толық жарияланған.

Тәуекелің – жел-қайық жүзсе кері
үміт оты жүз жанып, жүз сөнеді.
Жігеріңді құм қылар жалған тірлік
жарасына жаныңның тұз себеді.

Алтын арай күтетін таңдарыңда
аласұрып, тұншықса жан да мұңға,
қасіреттен қабырғаң қайысқанда,
қарғыс айтып қаларсың жан-жағыңа.

Сырқырайды сүйегің сатқындыққа,
сары уайым сорлатқан Бақ – құлдықта.
Жанашырлық жасауға жарамасаң,
жармасады жағаңа жат құлық та.

Барлығына жетеді құты көктің,
бір Аллаһның рахымын күтіп өткін!
Жерің – тыныш, еліңнің аманына,
иманына жүректің шүкір еткін!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Осы автордың басқа өлеңдері