Қоңыр өлең

Бұл бетте «Қоңыр өлең» атты Гүлайым Дәуітбаева жазған поэзия туралы өлең берілген.

Қоңыр тірлік, қоңыр ой, қоңыр өлең,
Қоңыр күйсіз құнысып тоңып өлем.
Қоңыр әнді қалқытып қоңыр кеште
Қоңыр қосқа қайғысыз қонып өрем.
Қоңыр жолдың тағдырын бейнелеген
Қоңыр-көшке ілескен күйме-денем.
Құмарлық жоқ таңданба, қызығумен
Қызыл-жасыл көйлек те кимеген ем.
Көңіл қоңыр, аспан да, байтағым да,
Қоңыр үнмен қоңыр сөз айтарым да.
Жаратылдым қоп-қоңыр топырақтан
Қайбір күні айналам қайта құмға.
Қоңыр сырды кеудемде тербетіп мен,
Жолға шықсам... қоңырлау желде тіптен.
Күллі ғалам барады қоңырайып
Қоңыр өлең жазамын мен неліктен?


Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)

Осы автордың басқа өлеңдері