Көктем, көктем – махаббаттың жаршысы
Көктем, көктем – махаббаттың жаршысы,
Сенде алғаш әнге басып таң құсы.
Сенде алғаш отты еріндер өбісіп,
Сенде алғаш жалын атқан жан күші.
Көктем, көктем – махаббаттың жаршысы,
Сенде алғаш әнге басып таң құсы.
Сенде алғаш отты еріндер өбісіп,
Сенде алғаш жалын атқан жан күші.
Теңіз боп жаным тулайды,
Шағала қонып шулайды.
Шатырлап көкте найзағай,
Шүйліккен бұлтты турайды.
Көктемнің жұпар исі ме?
Қараймын көкке сүйсіне.
Жүрекке жайлы жыр құйып,
Жауып тұр жаңбыр исіне.
Табиғат бүгін иіп тұр,
Алтынды нұрын құйып тұр.
Алатау-ару асқақтап,
Төбесі көктен биік тұр.
Мен жазбаймын өлеңді түйілгеннен,
Уытты сөз шығады күйінгеннен.
Қыран бүркіт секілді қайқаң етіп,
Шарықтаймын шағымда күйім келген.
Біреулердің қайғысын
Ұғынбайды біреулер.
Ашпайды бар жайды шын
Көңілдері жүдеулер.
Таңсық көріп, араққа үңілеміз,
Үңілеміз – сілкіне сіміреміз.
Шақшадай бас бір кезде шарадай боп,
Бір-бір өліп, қайтадан тірілеміз.
Он, жігіттер, жігіттер, жалындаған,
Алдарыңда асу жоқ алынбаған.
Көлдің жасыл жайқалған құрағындай,
Қатарларың күн сайын қалыңдаған.
Құдірет бар домбыра ішегінде,
Қолыма алып қаққанмын мүшелімде.
Мен онымен қияға көтеріліп,
Мен онымен тереңге түсемін
Жүректен шықпай өлең жатталмайды,
Ақын сыр оңайлықпеп ақтармайды.
Тарттырар тауқыметі, азабы мол,
Жыр жолы – арман, үміт, жатқан қайғы.
Кейде өзіңе өзің боп үңілесің,
Үңілесің – құм болып үгілесің.
Ез боп туған қайсы бір жанды көріп,
Мына тәркі тірліктен түңілесің.
Аралап қыр, атырап,
Шатқал менен аңғарды,
Көл сыр ұқтым бақылап,
Түзде жортқан аңдарды.
Жақсылыққа барғаның –
Жалын атып жанғаның.
Жақын тұтып жатты да,
Құшағыңа алғаның.
Бозарып таң атқаннан таралып түн,
Оянам жан-жағыма қаранып мың.
Жүгірем жұртпен бірге газет алып,
Жаршысы болу үшін жаңалықтың, –
Көкіректі кернеген үмітпенен
Күліп келем, тоқтаусыз жүріп келем.
Күндерім көп қалатын сүлдерім тек,
Қармағыма шабақ та ілікпеген.
Қоздырып қыз-келіншек делебені,
Желігіп жүре берер деме мені.
Бал даурен өте шығар өң мен түстей,
Алдыртып албырттықты денедегі.
Оп-оңай ойлар айтпақ боп,
Қиналам кейде керемет.
Ақындар аулын айттап кеп,
Жегемін жанды жебелеп.
Қасым қайда, достар-ау, Қасым қайда?
Жалындаған жиырма бес жасым қайда?
Тұлпар болып тебініп төске шауып,
Теңіз болып талантым тасынбай ма?
Кейде жазып тынбаймын,
Шабытымды шыңдаймын.
Жыр соңынан жыр келіп,
Сергіп қалам мұндай күн.
Отын жағып үміттің,
Алаулап таң атады.
Бір орыннан шығып күн,
Бір орнына батады.
Бір досым бар – құс мамықтан төсегі,
Қызыметі жылдан-жылға өседі.
Көре қалсаң, қара желдей күбінің,
Байлығы мен барын айтып бөседі.
Көсем бише көсіліп, кесім айтам,
Шешендерше пешіліп, шешім айтам.
Кісі алдында қысылып көргенім жоқ,
Пікірімді, ойымды есіп айтам.
Болайын деп жүр екем, толайын деп,
Өлең сөзге өзгеше орайым кеп.
Көрген жоқпын алайда еш пенденің
Жолын кесіп, алдынан орайып деп.
Аяғы ауыр әйелді жатырқама,
Сәлем бергін сыпайы жақында да.
Ана болған ол небір ақынға да,
Ана болған ол небір батырға да.
Бір ақынды бір ақын
Қайталаса – өлгені.
Өлмес өмір мұратын
Өз қолымен көмгені.
Ей, аға, мені текке жек көресің,
Көрінген жерде жаман деп келесің.
Өзіңнің болмағанмен аталасың,
Баланың қайдан білдің текті емесін?
Болмаса егер жанашыр сүйенішің,
Түрткі көріп әр жерде-ақ күйеді ішің.
Әлін білмес әлек деп әжуа етер,
Жасай қалсаң жөнсізге жүйелі сын.
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі