Өлең, жыр, ақындар

Ескендір Зұлқарнайын өзінің дұшпандарын неменен жеңгені

Ескендір патша басында мүйізіменен туған екен һәм бұған айтыпты: «Егерде мүйізіңнен айрылсаң, күшің кетіп, дұшпандарыңды жеңе алмассың» депті. Бұл себептен Ескендір әрдайым басына сауыт киіп, ешқашан мұны шешпейді екен, «біреу мүйізімді көріп, кесіп алып қоймасын» деп қорқып. Ескендір өзінің мүйізін, бірақ басындағы шашын алғаннан кейін патшаның басында мүйізі бар деп айтып қоймасын деп, өз қолыменен әрдайым шашын алған кісінің басын алар екен. Патша әлденеше қабат мұндай қылыпты.

Бір күні патша бір шаш алғышты өзіне шақырып:

— Шашымды алып берің, — депті. Қашан шашын алып бол ған соң патша:

— Менің мүйізімді көрдің бе? — деп шаш алғыштан сұрапты.

— Жоқ, патша, көргенім жоқ.

— Мен сенен сұраймын, сен менің басымдағы мүйізімді көр дің бе?

— Жоқ, патша, көргемін жоқ, — дейді. Бұл шаш алғыш бұрын есіткен екен, патшаның шашын алған бір кісі тірі қайтып келмейді деп. Бұл себептен жұмыстың ақыры онша тәуір болмайды ғой деп сезіп, патшаға басыңдағы мүйізіңді көргемін жоқ деп айтқанының себебі содан екен.

— Басымдағы менің мүйізімді көрмедің бе? — деп патша және сұрады.

— Жоқ, патша, сенің мүйізіңді көргенім жоқ, — дейді.

— Бар, өз жөніңмен жүре бер, егер де менің мүйізімді көрдім десең, сені де, сенің бүтіл тұқымыңды өлтіремін, — дейді.

Шаш алғыш патшаның бұл сырын бірнеше жылдай адамға айтпастан сақтап жүріп, ақырында шыдай алмады. Мұнан соң бұл бір адам жоқ жайға барып, жан-жағына қалың қамыс өскен терең құдық тауып алды. Бұл құдыққа барып еңкейіп тұрып айғай салды: «Ескендір Зұлқарнайынның басында мүйізі бар, кімде-кім мұның мүйізін кесіп алса, күшсіз болып, дұшпандарын жеңе алмайды!» — дейді. Бұл сөз құдықтан шығып қамысқа жайылды, қамыстан соққан жел далаға жайды, даладан мұнда жүрген адамдар естіді.

Сонда Ескендірдің дұшпаны артынан жасырынып келіп, мүйізін кесіп алды. Мұнан соң Ескендір патша кішкене баладай болып әлсіз болды. Мұның үшін шаш алған кісіге де жаман болды, қатты қинауменен мұның өзін бүкіл тұқымыменен өлтірді. Мұнан кейін Ескендір Зұлқарнайын өздігінен жүріп соғысқа бара алмай, ғаскер басылары қайда болса да көтеріп алып жүретұғын болды. Бұл жайда да бұған пәле кез болды. Ескендір бір уақытта дүниенің ең шетіне, бір таудың ішіне соғысуға барыпты. Бұл таудың ішінде бір бұлақ ағады екен, кімде-кім мұны ішсе, ғұмыры бойынша өлмейді екен. Ескендір бұл судан екі торсық су алып, өзінің жұртына қайтыпты. Жолда патша қатты науқастанды. Бұл мезгілде мұның ғаскерлеріне құзғын, қарғалар келіп тиіп, екі торсығын суларыменен шоқып ішіп қойыпты. Су төгіліп қалғаннан кейін ешбір дәрі-дәрмек болмай, патша көп кідірместен опат болыпты. Егерде бұл судың бір тамшысын ішсе де, тірі қалар еді, уа егерде күнде бір тамшыдан ішсе, миллион жыл дәурен сүрер еді. Неше тамшы су ішсе, сонша жыл ғұмыр шегер еді дейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар