Абылай XVIII ғасырдағы атағы жер жарған хан болыпты. 1700 жылдар шамасында дүниеге келіп, кейін Түркістанда Әбілмәмбет төреге қызмет істеп, оған тағы қорланып, Төле бидің түйесін бағады. Мұнда да тұрақтай алмай, Сарыарқаға келіп, атығай Дәулеткелді байдың жылқысын бағады. Кейін қазақ-қалмақтар арасындағы қатты ұрыстарда ерекше көзге түсіп, Сабалақ атынан құтылып, Атығай қарауылдан алты қатын алады. Кейін әйелінің саны он жетіге жетіп, отыз ұлды болады. Көкшетауда тұрып, қазақ халқына қырық сегіз жыл хан болып, алпыс жеті жасында қайтыс болыпты. Сүйегі Түркістанға қойылыпты.
Абылай хан жауынгер батырларымен Сыр бойындағы елді аралап жүргенде қалмақтың атышулы, әрі шешені, әрі батыры Шырын: «Абылай елін шабуға қолайлы уақыт осы» деп Қоңтажы ханға айтқан соң, Қоңтажы Абылайдың еліне екі жүздей жортуыл қалмақ жіберіп, қазақ елін шаптырады. Абылай Сырдан қайтып келіп, мұны естіген соң, шапқыншылыққа ұшыраған халқын көріп, бөгелместен жұрттың басшы-билерін, жауынгер батырларын жиып алып ақылдасады:
— Қайтсек те қалмақтың шабуылында кеткен малымызды қайтарып алуымыз керек, ол үшін қалмақтан сөз алуымыз керек, — дейді.
Сол кезде қалмақтың ханы Қоңтажы сөйлесе, сөз бермейтін, егессе, жол бермейтін батыр, көсем, қайратты, қажырлы, ақылы мол, айлалы адам екен.
— Мен сіздердің ешқайсыңа «сен бар» деп атап айтпаймын. Бірақ Қоңтажымен айтысуға, арбасуға жараймын деп, бойыңа сенгендерің өздерің айтыңдар, — депті.
Сонда «мен барамын» деп ешкім жауап бере алмапты. Көптің қайғырып, қамалып отырғанын біліп Абылай:
— Қазақ қалмақтың басыбайлысы ма еді, неге үндемейсіңдер? — дегенде, Сүйіндік Айдабол бидің Тайкелтірі, Қаракерей Қабанбай, Сырым Малайсары «біз барамыз» депті.
— Ендеше, жарайды, — деп, өзінің батырларынан жүз кісі қосып, басшысы Қабанбай, Сырым Малайсары болып, Қоңтажыға жөнелтпек болып жатқанда, Болатқожа (Қаракесек — Бошан) Келдібек би есітіп, он алты жастағы баласы Қазыбекті шақырып алып:
— Балам кім боласың? — депті.
Сонда Қазыбек айтыпты:
— Әкем — Келдібек, атым — Қазыбек, руым — қаракесек, — депті.
— Олай болса, адам болғың келе ме?
— Әуелі жақсылардың атын ерттеп беріп, жатқа атағымды шығарғым келеді, — депті.
Сонда Келдібек баласына [көңілі толған] соң, ат-тұрманын, азық-түлігін, қару-жарағын сайлап беріп, Абылайға жіберіпті. Келдібек жүрерде баласына айтады:
— Шырағым, барған бетіңмен ешкімге, ешқайда бұрылмастан Абылайға барып сәлем бергейсің.
Қазыбек әкесі айтқандай, Абылайдың алдына барып, сәлем беріпті. Абылай амандасып, жөн сұрайды, Қазыбек:
— Тай бәйгесін місе ғып қанағаттанбай, ат бәйгесін іздеп жүрген қаракесек Келдібек бидің баласымын. Атым — Қазыбек деген сіргелі таймын, — дейді.
Сонда Абылай хан:
— Бәрекелді, балам, туысыңа, — деп баланың бетін сипайды.
Ішінде жас Қазыбек, бастығы Тайкелтір, Қабанбай, Малайсары болып жүзден аса кісі қалмақтың еліне қарай шеру тартып шығады.
Бірнеше күн жүріп қалмақтың еліне келеді. Қоңтажы ханның ордасының сыртына келіп тоқтап, хабар айтқызып, рұқсат сұрайды. Қалмақтың ханы бұларды қабыл алып, ауылдың сырт жағындағы, жарты шақырымдай жердегі тігілген үйлерге түсіреді. Келушілер екі-үш күн нақты тыныққан соң, Қоңтажы хан ордасына шақыртып:
— Келген жұмыстарыңды айтыңдар! — деп сұрайды.
Сонда Тайкелтір:
— Уа, тақсыр, хан!
Алдыңа келдік,
Айтқаныңа көндік,
Өгізді өрге байладық,
Ерлікті төменге байладық.
Аузыңа қарадық,
Ұнамаса тарадық.
Ақ десең де,
Қара десең де,
Ерік өзіңде, — деген екен.
Бұл сөзде пәлендей қарсылық-қажырлылық бол[ма]ған соң, хан:
— Бүрсігүні түске шейін бір жауап қайтарайын. Сонда жауап қайырмасам, бас аман, хан бейбітте елдеріңді табыңдар! — депті. Бұған қазақтың басты би, батырлары ешнәрсе айта алмапты.
Сонда босағада отырған бала Қазыбек ұшып тұра келіп:
— Дат! — депті.
Қоңтажы:
— Датың болса айт! — депті. Сонда Қазыбек:
— Сен — темір де, мен — көмір,
Еріткелі келгенмін.
Екі еліктің баласын
Теліткелі келгенмін.
Сөз бермейтін шешенді
Кеміткелі келгенмін.
Ерегіскен ер шықса,
Еңкейткелі келгенмін.
Тұтқыр сары желіммен
Жабысқалы келгенмін.
Жаңа үйреткен жас тұлпар
Жарысқалы келгенмін.
Қазақ, қалмақ баласы
Табысқалы келгенмін.
Табысуға келмесең,
Тұрысатын жеріңді айт,
Сен — айдаһар болсаң,
Мен — жолбарыс,
Шабысқалы келгенмін! —
депті. Сонда Қоңтажы:
— Сен кімсің? — деп сұрайды.
— Қаракесек Келдібек бидің баласымын, атым — Қазыбек, — дейді бала.
— Ендеше сенің атың қаз дауысты Қазыбек болсын және барлық жылқыңды, адамдарыңды бердім, — депті.
Сонымен қалмақтар алып кеткен қазақтың ұлы-қызы, мал-мүлкін тегіс түгендеп қайырып, елшілер енді қайтамыз дегенде бір қазақ жігіті келіп Қоңтажы ханға арыз айтыпты:
— Уа, хан мен билер, қалмақ елді шапқан түнде мен жылқыда едім. Тұтқын ғып мені де алып кетті. Келген соң ханның бір уәзірі астымдағы атымды, үстімдегі тонымды тартып алды. Еркіммен бермеген соң, ұрып тісімді сындырды. Жаныма балаған жалғыз атым еді. Мына қайтып баражатқан жылқының ішінде көрінбейді. Күрек тісімнен айрылып, күлкім бұзылды, тонымнан айрылып, көркім бұзылды. Атымнан айрылып, ұйқым бұзылды. Осыған не айтасыздар, халайық! — депті.
Бұған елшілер ештеңе айта алмай аңтарып тұрып қалады.
Қоңтажы былай дейді:
— Уа, ат деген іші боқты, сырты түкті бір қара ғой, тон дегені тоқтының терісі шығар. Оның несі сөз бопты, қол сынса, жең ішінде, тіс сынса, ауыз ішіңде, бітіскеннен кейін кете бермес пе! — депті. Елшілерге ханның сөзі дұрыс сықылданып, ешбір сөз айта алмапты.
Сонда Қазыбек астындағы атын тебініп, ілгерілеп келіп былай депті:
— Қалайша қол сынса, жең ішінде, тіс сынса ауыз ішіңде кете бермек? Біз жаманымызды жасырмайтын елміз, жақсымызды асырмайтын елміз.
Астыңдағы мінген
Қанат емей немене?
Тоқтышықтың терісі
Жанат емей немене?
Аузындағы отыз тіс
Болат емей немене?
Қанатынан айырылу,
Болатынан айырылу,
Жанатынан айырылу,
Оғат емей немене?!
Ол жалаңаш, жаяу жүретін сенің құлың емес, қазақтың ерікті ұлы көрікті болуға тиіс, — депті.
Сонда Қоңтажы хан сөзге жығылып, «жанатыңа жанатым» деп үстіндегі жанат ішігін, «қанатыңа қанатым» деп астындағы қара қасқа тұлпарын, «болатыңа болатым» деп беліндегі семсерін шешіп беріпті.
Сүйтіп, Қазыбек шешеннің қазақ халқының намысымен шыңдалған жігерлі сөзі қылышынан қан тамған қалмақтың қаһарлы ханы Қоңтажыны қорғасындай балқытқан екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі