Қоңтожы деген қалмақтың ханы қазақтардың малын тонап кетеді. Бірер жыл арада өткен соң, қазақтар бас қосып, небір шешен, билерді сыннан өткізіп, іріктеп жіберіп Қоңтожылардан малды дауламақ болады. Мұны естіп он үш жасар Қазыбек деген бала әкесіне келіп сынға түсуге рұқсат сұрайды.
— Әлі өте жассың ғой, балам!
— Жас та болсам, барамын, әке, тек сіздің ризашылығыңыз керек.
— Олай болса сыншылардың алдыңда не айтар едің, балам? Айтшы, өзім бір сынап көрейін.
— Сыншылар «е, бұл қай баласың?» дер. «Руым — қаракесек, әкем — Келдібек, өзім — Қазыбек» деймін. «Жол болсын!» дегенде, «құнан бәйгесінен озып жүрмін, ат бәйгесіне қосылайын деп едім» деймін, әке, — деді баласы.
— Рұқсат балам, жорытқанда жолың болсын, жолдасың — Қыдыр ата болсын! Бірақ жалғыз барма, қасыңа жолдастарыңды ертіп, өзің олардың алдында, жарыққа шыққан адамдарша екпіндетіп жүріп отыр. Қастарынан өте бергенде, сыншылар «бұлар неғып жүрген адамдар екен» деп шақырып алып сұрастырар, айтарыңды іркілмей айт! — деді әкесі.
Бұл солай болды. Сыншылар мен билердің біразы:
— Бұл бала барып не бітіреді, өзіміз де жетпейміз бе? — десті.
— Барам десе, барсын. Қайтер дейсің, бізге ауыртпалығы жоқ қой. Онда-мұнда жұмсауға да бір адам керек емес пе? — десті кейбіреулері.
Сонымен Қазыбек те іріктеліп шыққан билермен бірге кете барды. Бұлар Қоңтожының төңірегіне жақындап келіп, бір биді таңдап елшілікке жібереді де, өздері қос тігіп жата береді.
Ал Қоңтожы:
— Келген екенсіңдер, асықпай жата тұрыңдар. Хабар өзімнен болады, — деп қайтарады биді. Қоңтожыдан хабар кешікті, билер іріктеліп, бірінен соң бірі бара берді. Жауап — сол.
— Біз сізден жауап күтіп әлі жатырмыз. Не болдық, тақсыр? — деп тағы бір би келеді.
— Ендеше, солай жата тұрыңдар. Айттым ғой, хабар өзімнен болады. Неге мазалап келе бересіңдер? — деп Қоңтожы бұл биді де қайтарады.
Билер абыржыды, «біткен іс жоқ, енді қайтеміз, не істейміз?» десіп отырғанда, Қазыбек рұқсат сұрайды. Оған көпшілігі:
— Сенен зорлар да түк бітіре алмай отыр, әуре болма, — десті.
— Барам десе барсын, көңілі қалмасын, Қоңтожының алдын ол да көріп қайтсын, — деушілер де болды.
— Маған рұқсат бергендеріңізге рахмет айтамын. Бірақ жалғыз бармаймын. Менің Қоңтожыға айтқан сөзімді, оның не дегенін мүдірмей жеткізетін бір адам қосыңдар! — дейді
Қазыбек. Тілек орындалды.
— Ассалаумағаләйкум! — деп Қазыбек кіріп келгенде, Қоңтожы орнынан қозғалып кетсе керек. Әдетте ол былқ етпей, ешкімнен де айылын жыймайды екен. Баланың, сірә, пысы басты ма, Қоңтожы сәлем алуды ұмытып кетіп:
— Е, бала, сөйле! — дейді.
Сонда Қазыбек:
— Сен — темір, мен — көмір,
Еріткелі келіппін.
Екі елдің арасын
Теліткелі келіппін.
Айтысатын жау болсаң,
Айтысқалы келіппін.
Жарысатын жау болсаң,
Жарысқалы келіппін,
Атысатын, шабысатын жау болсаң,
Атысқалы, шабысқалы келіппін, —
деп шұбыртып ала жөнеледі. Бала тоқтағаннан кейін Қоңтожы оның руын, аты-жөнін сұрайды.
Бала:
— Атым — Қазыбек, — дейді.
Қоңтожы:
— Ендеше, сенің есімің қаз дауысты Қазыбек болсын. Себебі қаздың үніңдей әсем созылып, қалықтап шығады екен, — депті.
Қоңтожы жедел уәзірлерін шақырып алып:
— Мына бала би мал даулай келіпті. Менімен айтысып, не шабысып қиратады деп отырғаным жоқ, қорықпаймын да. Әйтсе де бағыты, бақыты қайтпасын. Өте жас екен, бағыты дұрыс. Не сұраса да беріп, шаруасын бітіріңдер! — деп бұйырады, — Бұдан бұрын бірнеше билер келді. Мен оларды би емес, надан, бейшаралар дер едім. Оларды мазақтап, келемеждеп жібердім. Оны олардың біріде түсінбеді. Өздері дау даулайды, менің алдыма келіп, бүгіжектеп, менен қайырым сұрап жалтақтайды. Дау даулаған екенсің, қолыңнан келсін, келмесін қырқыса сөйлесу керек, — депті.
Қазыбек малды алдына салып айдап келеді. Болған әңгіме түгел жеткізіледі. Билер Қазыбекті күндейді, тіпті кейбіреулері оны жоғалтуды да ойлайды. Билер «малды өзіміз алдық» деуге, тіс жарып басқа әңгіме айтпауға келіседі.
Дегенмен Қазыбек елге аман-есен келеді. Ел құлағы елу, отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылады. Ақыры шындық жатпайды, «қаз дауысты Қазыбек» атанады.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі