Өлең, жыр, ақындар

Ақылды кітап

Білімге құштар Мейірім мен Мирас деген балалар болыпты. Олар қызықты кітап көрсе болды, таласып оқиды екен. Күндердің бір күнінде екеуі жолда келе жатып талдың түбінен күндей жарқыраған бір ғажайып кітапты көреді. Екеуі аң-таң болып, кітапты алмақшы болады. Сонда əлгі кітап сөйлей жөнеледі:

— Мен жай кітап емеспін. Ақылды кітап пын. Менің сендерге беретін ақылым көп еді. Бірақ бір сотқар бала бір бетімді жыртып, көп асыл сөзімнен айырылып қалдым, — дейді.

Балалардың кітапқа жаны ашиды.

— Ол қандай бала? Біз оны іздеп, сенің жыртылған бетіңді тауып берейік, — дейді екеуі.

— Сендерге кездескенім қандай жақсы болды, — дейді кітап қуанып.

Мейірім мен Мирас та жаңа дос тап қанына қуанады. Олар кітап ішіндегі «Ермек» деген жазудан оның кітап иесі екенін біледі. Сөйтіп, екеуі Ермекті іздеп жолға шығады.

Бірде олар ауылдың шетінде тауықтарға тас лақтырып жүрген баланы көреді. Ермек осы шығар деп ойлайды олар.

— Мына кітаптың иесі сенсің бе? — деп оған беті жыртылған кітапты көрсетеді.

— Иə. Бірақ ол енді маған керек емес. Керек болса, өздерің ала беріңдер, — дейді бейтаныс бала.

— Жарайды. Саған керек болмаса, біз алайық. Сен кітаптың мына бір бетін жыртыпсың. Оны қайда тастадың? — дейді балалар.

— Мен одан қайық жасап, бұлаққа ағызып жібергенмін, —  дейді Ермек.

Балалар бұлаққа келеді.

— Бұлақ, бұлақ, сен қағаздан жасалған қайық көрдің бе? — дейді оған.

— Менің көзім дұрыс көрмей тұр. Жан-жағымды шөптен тазалап, таспен қалап қойыңдаршы, — дейді бұлақ.

Балалар бұлақтың көзін ашады. Қайырымды балаларды жақсы көрген бұлақ:

— Қағаз қайықты үлкен алма ағаштан сұраңдар. Ол солай қарай жүзіп кеткен, — дейді.

Мейірім мен Мирас алма ағашқа келеді.

— Алма ағаш, алма ағаш, сен қағаздан жасалған қайық көрдің бе? — дейді оған.

— Балалар, мен қатты шөлдеп тұрмын, су əкеп беріңдерші, — дейді ағаш. Балалар оның айтқанын істейді. Өздері тазалаған бұлаққа барып, су əкеп береді. Риза болған алма ағаш балаларға екі алма береді.

— Қағаз қайық бағана жағаға шығып қалған. Күнге қыздырынып жатқан оны бір кірпі арқасына салып алды да, үйіне қарай əкетті, — дейді артынан.

Екі дос кірпіге келеді.

— Кірпі, кірпі, сен қағаз қайықты қайда əкеттің? — дейді оған.

— Менің сендермен сөйлесіп тұратын уақытым жоқ. Балаларым аш. Тамақ тауып беруім керек, — дейді кірпі.

— Бізде екі қызыл алма бар. Оны сен балаларыңа апарып бер, — дейді екі дос.

Мұны естіп, кірпі қуанып кетеді.

— Жақсы болды ғой, балаларымның қарны тоятын болды. Мен қағаз қайықты арқалап келе жатқанда қатты жел соқты. Аспанға ұшқан қағазды бір қарлығаштың тұмсығымен тістеп алғанын көрдім, — дейді ол балаларға. «Қажет болып қалар» деп соңынан бір кендір жіп сыйлайды. Балалар қарлығаштың ұясын іздеп табады.

— Қарлығаш, қарлығаш, сен қағаз қайықты қайда əкеттің? — дейді оған.

— Мен ұя жасамақшы болып жүргенде бір парақ қағаз тауып алдым. Оны алып ұшып едім, қатты жел соқты. Жартасқа соғылып, бір қанатымды жарақаттап алдым. Сөйтіп, балапандарыма тамақ таси алмай қалдым, — дейді қарлығаш.

— Біз сенің қанатыңды таңып берейік, — дейді екі дос.

Қарлығаш қуанып кетеді. Балалар қарлы ғаштың қанатын байлап, жарақатын жазып береді. Қарлығаш кішкентай балалардың қам қорлығына сүйсінеді. Ақ парақты тауып, əкеліп береді. Балалар жыртылған парақты кітапқа желімдейді. Ақылды кітап қатты қуанады.

— Алақай, біз енді кітаптың барлық бетін оқи алатын болдық, — дейді Мейірім мен Мирас шаттанып. Кітаптың жыртылған парағында «Біреуге жақсылық жасасаң, өзіңе қайырымы болады» деген жазу бар екен. Сөйтіп, балалар ақылды кітаппен əлі күнге дейін дос болып жүр екен.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз