— Бағана Бекен келіп кетті, — деді кешкі ас үстінде атасы. Нартай елең етті. Өздерінің жақын туысы Бекен ағасының келгенін білгенмен, не деп кеткенін білмейтін. Соны естудің сəті енді туғандай.
— Жайша жүр ме екен? — деді əкесі сəлден кейін.
— Ертең асар салмақ екен, соны айтқалы келіпті, — деді атасы жаймен.
— Үйінің іргетасын құймақ екен ғой…
— Иə. Барып, жəрдемдесіп жіберейік… жалғызілік қой… балалар əлі жас…
— Жақсы. Сіз үйде боласыз ба?
— Жоға, мен де барып, көппен бірге болмаймын ба. Ағайынбыз, ұят қой…
— Мейлі. Өзіңіз біліңіз.
Нартай Бекен ағасының үй салмақ болып жатқанын шамалағанмен, оған «асар» деген түсініксіз сөздің қандай қатысы бар екенін білмеді.
— Ата, асар деген не? — деп сұрады сосын атасына қарап.
— Асар деген бе… — деп бір тоқтаған атасы бұрынғы əдетін бұзып: — Асықпа, — деді жымиып. — Ертең Бекен ағаңның үйіне барасың… сонда көресің. Бүгін біліп алсаң, ертең қызық болмай қалады.
Ертесі ертелете барған. Бекен ағасының үйіне біраз адам жиылып қалыпты. Бəрі жұмыс киімін киген. Құрал-саймандары қолдарында, сақадай сай екен. Қазылып, дайындалып қойған іргетас құйылатын орынға барып, Нартайдың атасы аят оқып, бата берген соң қызу еңбек басталып кетті.
Тəжірибелі үлкендер терең қазылған ордың үстіне ағаш тақтайларды бір-біріне жалғап, белуардан келетін қалып жасады. Ал қарулы жас жігіттер тау-тау боп төгілген құм-шағылды жайып, ортасына су құйып, цемент араластырды. Сөйтіп, əлгінде ғана шөбі жайқалып, тыныш жатқан жер демде сапырылысқа толды да кетті.
Сəлден соң Бекен аға үлкен қара қойды көлденең тартып, «əумин» деді. Нартайдың атасы бата берді. Аздан кейін анадай жердегі жерошаққа бір қарағанда қой етінің əлдеқашан боршаланып, қазанға түсіп болғанын көрді. Астынан жағылған лапылдаған отқа біреу бас үйітіп жатыр.
Осының бəріне сəп сала қарап жүрген Нартай «асар» деген осы екен ғой деп түйді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі