Өлең, жыр, ақындар

Сыбаға

Нартай бүгін күндегіден ерте тұрды. Өйткені, қаладан қысқы демалысқа келген студент көкесі Нарман сабағына қайтпақ.

Бірге отырып шай ішті.

— Ағаңа, келінге сəлем айт,— деді атасы бір кезде шынысын қолына алып.— Айбат пен Гүлімді мен үшін сүйіп қой. Жазға қарай келсін…

— Мақұл,— деді Нарман көкесі басын изеп.

Нартай сезді, атасының айтып отырғаны — қаладағы үлкен көкесі, Айбат пен Гүлімнің əкесі. Былтыр жазда үй-іштерімен келіп аунап-қунап қайтқан.

Нартайдың Нарман көкесі сол үйде жатып оқиды.

— Ағаң мен келінге айт, келіп, сыбағаларын жеп кетсін,— деді əжесі осы арада сөз қосып.— Айтпақшы, Садық құдаға да арнайы барып сəлем айт. Ол кісі де келіп, сыбағасын жеп кетсін. Ұмытпа, үлкен кісі… ұят болады.

— Мақұл, — деді Нарман көкесі бұл жолы да басын изеп. — Ұмытпаймын. Өзім де барамын ғой, сонда айтам.

Көкесінің одан ары не айтқанын естімей қалды, өйткені бұл кезде Нартайдың назары «сыбаға» деген жаңа сөзге ауып еді.

— Əже, сыбаға деген не? Оны біз жесек болмай ма?— деді кейінге қалдыруға тағаты жетпей.

Отырғандар ду күлді. Не болғанын білмей Нартай жан-жағына жапақтай қарады.

— Сен сыбағаңды жеп алдың ғой, — деді əжесі күліп. — Соғым сойылғалы бері жеп жатсың, жетпей ме сол?

— Сыбаға деген соғым ба? — деді ыңғайсызданып қалған Нартай енді атасына бұрылып.

— Иə, — деді атасы басқаларға «қойыңдар» дегендей ишара жасап.— Білмесе, қайтеді енді… — деді сосын Нартайды қорғай сөйлеп. — Дұрыс айтасың, сыбаға деген — соғым. Бірақ, бір айырмашылығы, ұятты үлкен кісілерге, жақын туыстарға, құда-жегжаттарға алып қоятын соғымның кəделі мүшелері. Оны жаңағы кісілер қыс шыққанша келіп, жеуі керек. Кейде, тіпті, түрлі жағдайларға байланысты қатынасқан адамдардан беріп жіберуге де болады. Енді түсіндің ғой…

— Түсіндім, — деді Нартай басын изеп.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз