Өлең, жыр, ақындар

Кеусен

Нартай атасымен бірге көрші ауылға барған. Жұмыстары бітті де, ертелетіп кері қайтты. Астыларында қаракер ат.

Атасының артына мінгескен Нартай жан-жағына қарап келеді. Айнала түгел сары түске боялыпты. Алтын күз десе дегендей, аңыз да, жапырақ та сары. Қап-қап астық тиеген машиналар жандарынан ыңыранып өтіп жатыр.

— Ой, мынау Қойбағар ақсақал ғой, — деді бір кезде Нартайдың атасы ат басын іркіп.

— Қырман басына келген екен ғой… Сəлем бермесек болмас.

Жолдан шығып, аңызға кірді. Нартай сонда байқады, таяу жерде үлкен қырман бар екен. Тура солай тартты атасы.

— Ассалаумағалəйкүм! — деп сəлем берді қырман басына жеткенде, сонда жүрген ақ сақалды кісіге.

Бұл кім дегендей күн сала қараған қария соңынан таныса керек:

— Уағалəйкімассалам! Əй, Сəрсенбісің? Жол болсын! — деді таңдана сəлемін алып. Өзі аяңдап таяп келе жатты.

— Əлей болсын! — деді Нартайдың атасы еңкейе қолын ұсынып. — Қырман басына келіп алыпсыз ғой?

— Иə, қарап жатқанша балалардың қасында болайын деп, — деді атасының қолын алған ақ сақалды кісі. — Өзің бір жақтан келесің бе?

— Иə, мына Ұзынбұлаққа барып едік, содан қайтқан бетіміз.

— Мынау немерең бе? — деді ақ сақалды кісі енді Нартайға бұрылып.

— Иə. Қолдағы ұлдың тұңғышы. Əй, Нартай, атаңа сəлем бер, — деді атасы артына бұрылып. Нартай дауыстап сəлем берді. Сəлемін алған қария «Өркенің өссін, балам!» деді қолынан сүйіп.

— Түспейсіңдер ме? — деді сосын қайта атасына бұрылып.

— Рақмет, аға! Сусындарыңызға ортақ болмай-ақ қоялық… Көрген соң, сəлем берейік деп бұрылғамыз.

— Өркенің өссін, айналайын! Рақмет! Енді қырман басына келіп қалған екенсіңдер, құры қол қайтпақ жоқ. «Кеусен» деген бұрын-соңғының жолы бар. Шамалы аялдаңдар, балалар жөндеп берсін…

Соны айтқан қария балаларының біреуін шақырып, əлденелерді тапсырып еді, соның арасы болған жоқ, тыңқиған дорба келіп тұра қалды алдарына.

— Ой, аға, ыңғайсыз болды ғой… — деді Нартайдың атасы қысыла күліп.

— Ыңғайсыз болатын түгі жоқ. Бұл ата-бабамыздың жолы, — деді ақ сақалды кісі қапты тік көтеріп, ат үстіне беріп жатып. —Онсыз да апарып беретін едік, қайта, Құдай айдап, өзің келіпсің… жақсы болды.

Атасы əлгі кісіге алғысын айтып, аттың басын ауылға қарай бұрды. Былай ұзаған соң:

— Ата, сіз о кісіні аға дейсіз бе? — деді Нартай ішінде келе жатқан түйінді тарқатып.

— Жасы үлкен ғой… аға демей не деймін? Оның сыртында, ауылымыздың мақтанышы. Бүкіл елге танымал ақсақал, Еңбек Ері.

— Бірақ күшті екен о кісі.

— Дұрыс айтасың. Қарулы адам. Бəрі еңбектің арқасы ғой. Тоқсанға таяған жасында қырман басында жүр. Еңбек етсең, сен де сондай шымыр боласың.


Пікірлер (3)

Айна

Кеусен деген не?

Айнаға

Кеусен – егіншілікке байланысты айтылатын сөз. Егін пісіп, орылып, өнім жиналып алынған соң егіншілер туған-туыстарына, ауылдастарына сол өнімнен əртүрлі мөлшерде таратып береді. Соны олар «кеусен» деп атаған. Кеусен алған адам диқанға ризашылығын білдіріп, рақметін айтқан. Үлкен кісілер диқандарға төмендегідей бата берген.

Астырсын да соқтырсын,
Алпыс атпен бастырсын.
Ұраға тығып ұралап,
Көк қашқанда аштырсын.
Қырманыңда тас болмай,
Зиянды жəндік қас болмай,
Үйің толы ас болғай,
Қамбаң толы дəн болғай,
Өміріңде мəн болғай,
Алтын дəнің асадап,
Молынан бір басып қап,
Алпыс атпен тарта алмай,
Ауыл боп жеп тауса алмай,
Жоқшылық көріп қаусамай,
Жылға да қосылсын дəніңіз.
Ырыздығың тасып өзендей,
Жақсылығың мол болғай,
Дəнің шалқып көп болғай.
Төбе-төбе үйіліп,
Дəнің өсіп тау болғай.
Атызыңда тас болмай,
Ала бөтен қас болмай,
Алладан жиған асыл дəн
Адал бір сіңіп ас болғай!..

Мұндай батаны кейде «кеусен батасы» деп те атайды.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз