Өлең, жыр, ақындар

Асылдың асықтары

— Менің асықтарым қайда кеткен? — деді Асыл. — Мен олармен кеше ғана ойнап едім ғой.

— Қойған жеріңді дұрыстап қарасаңшы, — деді атасы қолына газетті алып, оқи бастады.

— Мүмкін емес... мүмкін емес... — деді Асыл диванның астынан кеше балалардан ұтып алған асықтарын салған бос ақ дорбаны алып шықты.  

— Ата, міне, мен мына дорбаға салғанмын, — деді Асыл аң-таң болып. — Асықтарым қайда кеткен?

— Е-е, қайда кетер дейсің? Диванның астында шашылып жатқан шығар.

— Диванның астын көрдім, бір асық та таппадым, — деді Асыл ұйқылы-ояу күйі. Бұл кезде сырттан сиыр сауып әжесі келді.

— Әже, сіз менің асықтарымды көрмедіңіз бе? Тіпті қызыл сақам да жоқ.

— Асылжан-ау, кеше күні бойы күн астында асық ойнап, басынан күн өтіп кеткен бе? Даладан келген бойда бір кесе айранды сіміріп алып, ас ішкен жерде ұйықтап қалдың емес пе? Асықтарыңды қайдан білейін, — деді әжесі кимешегінің етегімен маңдайын сүртті.

  Кенет ағаш еденнің асты тақырлап қоя берсін. Құлағының мүкісі бар ата-әжесі естімеді, ал Асыл анық аңғарды ғой. «Бәлем, тышқандар! Сендер алған екенсіңдер ғой, менің асықтарымды! Сазайларыңды бермей тұрғанда асықтарымды дереу өзіме қайтарыңдар! — деп Асыл етпетінен жата кетіп дауыстады. Бір кезде кішкентай саңылаудан сөздері жалтыраған ұсқынсыз қара тышқанның баласы мұрнын тікірейтіп:

— Асық дейді ғой. Ол енді біздікі. Асықтарыңды іздеуші болма! — деді айбат шегіп. Асыл қара тышқанның адам тілінде сөйлей жөнелгенін көргенде ауызы ашылып, не айтарын білмей қалды.

— Сен... сен адам тілінде сөйлейсің бе? — деді Асыл таң-тамаша болып.

— Е, сөйлемегенде ше... Өмір бойы адамдардың арасында жүріп адамның тілін білмесең, ұят қой. Сен де біздің арамызда өмір сүрсең, тышқандардың тілін үйреніп алар едің.

— Қарай гөр! — деді Асыл есін жимақ болып көзін уқалады. — Ұят дейді ғой, ұяттарың бар болса, асықтарымның бірін қалдырмай қайтарыңдар, ұрлықшылар!

  Бірақ балақай жауаптың орнына шиқылдай кекеткен күлкіні естіді.

— Сен бізді ұры дейсің бе? Шиқ-шиқ... Біле білсең, сен өзің барып тұрған әділдік дегеннен жұрдай балақай екенсің. Кеше ғана өзіңнен кішкентай балаларды зар жылатып жібергеніңді білесің бе? Сен әділ ойнамай, олардың асығын күштеп тартып алдың!

— Мен ешкімнің асығын тартып алғаным жоқ. Өздері ойнап ұтылып қалды, — деді Асыл өзінің кінәсіздігін дәлелдемек болып.

— Сайрай бер, сайрай бер, біз бәрібір саған сенбейміз, өйткені біз ойынды өз көзімізбен көрдік, — деді қара тышқан алған бетінен қайтпай.

  Асыл ата-әжесінен «айналдым, қарағым» деген тек жақсы сөздерді ғана еститін, сондықтан өзінен кішкентай қара тышқан баласының айыптауына төзе алмады.

— Сонда қай баланың асығын әділетсіз ойнап, ұтып алыппын? — деді Асыл жұлып алғандай.

— Қылмысыңды тез-ақ ұмытып қалдың ба? — деді қара тышқан мырс-мырс күліп. Қараса, қара тышқанды жақтап, бірнеше тышқанның баласы тесіктен бастарын қылтитып тұр екен.

— Сен балалардың асықтары тұрмақ, сақаларына дейін сыпырып алдың, — деді қара тышқан.

— Сен біздің көзімізше Дарханның «Айналсоқ» сақасын жылатып ұтып алғаныңды білесің бе? — деді қоңыр тышқан.

— Қай сақа? Бүгі мен шігін айналдыра қорғасын белбеу құйған, тек алшы мен тәйке ғана түсетін сақаны айтып тұрсың ба? — деп Асыл кінәсі есіне түсіп, жуасып қалды.

— Ә, енді есіңе түсті ме? Оны қойшы, өзіңнен бақандай екі жас кіші Құрманғазының «Жымпит» сақасын көзінің жасын сорғалатып сыпырып алғаныңды білесің бе?

— Ой, өзі сондай жылауық бала ғой. Ойынға бола жылап қалды. Кім епсіз, сол жеңілді, — деп Асыл ақтала бастады.

— Кішкентай баланың сақасын қайтарып берсең болар еді ғой, біз ойынға қарап отырып, сенің мейірімсіздігің мен өзімшілдігіңе қатты ренжідік.

— «Жымпит» сақа дейсің бе? Әлгі екі жағы жұқалап егілген, көздегенде жер жалатып тигізуге оңай, өзіне оңайшылықпен тигізе алмайтын сақаны айтасыңдар ма?

— Дәл өзі, — деп шу ете түсті тышқандар. — Сені шеңбердің ішіне еңкейіп, қолыңды соза түсіп атқаныңды көрдік. Бұл енді сенің мергендігің, ептілігің емес, таза қулығың!

— Кеше қой-ешкінің, арқардың, тіпті киіктің асығын түгел ұтып алдым, бір-екі сақаға бола сонша дауласпай-ақ қояйықшы,— деді Асылдың көңілі түсіп.

— Бәрін қойшы, бір аяғын сылтып басатын Дәрменнің «Тәйпек» сақасына дейін ұтып алғаныңды көргенде шыдай алмадық. Сен оның көзі дұрыс көрмейтінін пайдаланып, шеңбердің сызығында жатқан сақасын сыртқа шықты деп бой бермей, зар жылатып, қалтаңды томпитып салып алдың.

— Қай сақа? Әлгі алшы, тәйкі жағы егеліп, тегістелген сақаны айтасыңдар ма? Алшы жағын егесе тәйке, тәйке жағын егесе алшы түсетін түсетін сақа ма?

— Иә, дәл сол сақа! — деп шулай түсті тышқандар. — Сен өткенде Жігердің «Қорғасын» сақасын да қолға түсіргенсің.

— Оныкі дұрыс па, айтыңдаршы! Сақасының салмағы ауыр, ұшқыр болып, дәл тиюі үшін алшы жағын үңгіп, қорғасын құйған. Ал оны досы Ертай оң жағын үңгіп, қорғасын сақа жасап алды! Сендер, тышқандар, біле білсеңдер, олар мұндай сақамен ойнағанда біз үйге асықсыз қайтып жүрдік. Біле білсеңдер, олар да қулыққа барды, — деп Асыл шыдай алмай дауыстап жіберді. — Олар сақаны тұмсығын өзіне қаратып, тәйке жағынан сұқ саусағымен қысып ұстап, иіріп, шиырып атады.

— Қара гөр мұны! — деді тышқандар мұрттары тікірейе түсіп, ашуға берілді. — Сен өзіңнің шикі, салмақты сақаң жайлы неге айтпайсың? «Арқар» сақаң кенейден кеней қалдырмай мұрттай ұшырады. Асықтардың бәрін сындырып бітті. Біз бұл қылығыңа қарап тұра алмадық. Біз, тышқандар, сенің әділетсіз ойыныңа шыдай алмай, асықтарыңды үптеп кеттік. Біз кеттік, сенімен сөз таластырып жататын уақытымыз жоқ.

— Сақамды өзіме қайтарыңдар, әйтпесе бар ғой менен таяқ жейсіңдер! — деді Асыл қызбаланып.

— Сен әуелі бізді ұстап ал, — деді тышқандар кекетіп. Сен тұрмақ бізді семіз сары мысығың да ұстай алмайды.

— Жарайды, сендерге тиіспеймін, бірақ сақамды қайтарып беріңдерші,— деді Асыл мүләйімсіп қалды.

— Егер сақаңды қайтарғың келсе, біздің талабымызды орындайсың! — деді тышқандар.

— Ірімшік жегілерің келе ме? — деп сұрады Асыл.

— Оңай құтылғың келеді ғой, ә? — деді тышқандар кекете күліп. — Бізден оңай құтылмайсың! Сенің қызыл сақаң болмаса, асықсыз қалатыныңды жақсы білеміз.

— Сонда не істеуім керек? — деді амалы құрыған Асыл.

— Сенің тақпақ шығаратыныңды жақсы білеміз. Бізден бірге інге кіріп, жер асты патшалығына түсесің. Патшамызға ұнайтын тақпақ айтып бересің.

— Жер асты патшалығыңа? — Асыл таңырқап қалды. — Сендердің індеріне өзім түгіл, қолым да сыймайды ғой.  

— Ол түк те емес. Бір тал мұртымызды тасқа үйкеп, сиқырлы сөз айтып, сені кішкентай балаға айналдырып жібереміз, — деді тышқандар.

— Кешіріңдерші! Мен өзімнің қателігімді мойындаймын. Тышқандар, өтінемін, менің сақамды қайтарып беріңдерші! — деп Асыл жалына бастады.

— Кешірімді жылатып кеткен балалардан сұра! Ал сен асықтарыңды алғың келсе, дәл қазір бізбен бірге еріп жүресің! — деп қатаң талап қойды тышқандар.

— Ол бола қоймас, — деді Асыл қорқып тұрса да, сыр бермей. — Мені ата-әжем, әке-шешем, шарқ ұрып іздейді ғой.

— Онда асықтарыңмен қоштаса бер. Қызыл сақаңды рахаттана мүжитін боламыз. Бірақ егер бізбен барам десең, уайымдамай-ақ қой. Жердің астында уақыт жай өтеді. Жақындарын сенің жоғалып кеткеніңді де білмей қалады.

— Сонда мен қанша уақыт кішкентай адам болуым керек, — деді Асыл жыламсырап.

— Ол өзіңе байланысты. Жердің үстіндегі уақытпен бес минут, бәлкім бір сағат, сен тапсырмаларды қалай тез орындайсың, солай тез адам қалпына келесің, — деді тышқандар.

— Жарайды, — деді бала ойланып. — Егер алдайтын болсаңдар, мен сендерді көршінің мысығына ас қыламын.

— Өзі сақасынан айырылып, бізді қорқытпақшы, — деп кеңкілдеп етіп күлді тышқандар. — Жарайды, келістік, осы бастан тышқандар өмірі жайлы білетін боласың.

Тышқандар патшалығы

   Қара тышқан қара мұртын тасқа үйкеп қалып еді, жарқ-жұрқ еткен отшашудай мыңдаған сәуле пайда болып, Асылды әп-сәтте кішкентай адамға айналдырып жіберді. Асыл тышқанның көлеміндей болып кішірейіп кеткен еді, бірақ ол өзгеріске ұшырағанын алып тышқанды көргенде ғана білді. Айналадағы заттардың бәрі, тіпті диванның бұрышында жатқан құрамалы ойыншықтың өзі сандық тастарға айналып кеткендей. Бірақ таңқалып отыратын уақыт жоқ, қалайда қолды болып кеткен асықтарды иелеріне қайтару керек. Қара тышқан баланы қабырғалары көк граниттен қаланған киіз үй секілді іннің төріне ертіп келді. Ол баланы ағайын-туыстарына апарды, бұл жерде мұрты едірейген, көздері мойылдай тышқандар көп екен. Сосын екеуі бала тышқандарға жақындады.

— Қане, кішкентай бауырларым, танысып қойыңдар, бұл Асыл деген бала болады. Кеше кешке біз бұл баланың асықтарын алып кеткен едік.  Енді сол асықтарды кейін қайтару керек, — деді қара тышқан.

— Ой, мынау әлгі өзінен кішкентай балаларды жылатып, асығын тартып алған бала ма? Мұндай алаяқ баламен танысқымыз келмейді, — деп бала тышқандар теріс бұрылды. Тек ересектеу біреуі:

— Шиқ, шиқ... Сонда ол мына жерге келу үшін кішкентай болуға келісімін берді ме? Соған қарағанда бұл өзі керемет ойыншықтар болды ғой, — деді.

— Достар, бұл бала істеген ісіне өкініп тұр. Әлгі балаларға сақалары мен асықтарын қайтарып бермекші. Қалай, бір жолға Асылдың ерсі қылығын кешіреміз бе?

— Адамдарға сенуге бола ма, өзі? Өткенде бір адам менің ас үйінде жайбарақат жүргенімді көріп, теріс бұрылып кеткен. «Е, мені жатырқамапты ғой» деп қаймақты жалайын деп жатқанмын, бір кезде мұрты едірейген түрі қара мысығын ертіп әкеліпті. Зәрем ұшты. Түрі қандай қорқынышты. Мысық мені көре сала соңымнан қуа жөнелді. Жүрегім тоқтап қала жаздады.

— Бұл үлкен адам емес, бала ғой. Балалар жамандық жасамайды, — деді қара тышқан.

— Әй, қайдам... қайдам... деп қоңыр тышқан басын шайқай берді.  — Жәрайды, бір жолға кешірейік, егер кішкентайларды ренжітуін қоймаса бар ғой, мен оның үйіндегі барлық ойыншықтарын кеміріп, жарамсыз етіп тастаймын.

— Сонымен, Асылдың асықтары қайда? — деді қара тышқан.

— Ой, ұмытып барады екенмін, біз оны таңертең патша мен патшайымызға сыйлап жібердік, — деді сұр тышқан. — Ол үшін патшам біздерге бір тостақан бидай берді.

— Құрыдық! — деді қара тышқан. — Енді аса мәртебелі патша мен патшайымнан ол сыйлықты ала алмайтын болдық.

— Неге? Ол — менің асықтарым, егер сендер қорықсаңдар, өзім барып сұрап алам, — деді Асыл.

— Қарай гөр, мынау өзі алаяқ қана емес, батыл бала болып шықты, — деді сұр тышқан. Саған патшамыз ол сыйлықтарды тегін бере салмайды. Сен оған басқа сыйлық апаруың керек.

— Мен ешқандай сыйлық алып шыққан жоқпын, бірақ оларға тақпақ айтып бере алам, — деді Асыл.

  Тышқанның балалары Асылды Сұрхан патша мен Сұрханша патшайымға ертіп әкелді.

— Сәлеметсіз бе, патша мен патшайым! Мен жер астына өзімнің асықтарымды алу үшін келдім, — деді Асыл. Тышқандардың бәрі үндемей, балаға қарап үрпейісіп қалды.

— Бұл адамның баласы біздің інімізде қайдан жүр? Кім кіргізген?! — деді патша ашуланып.

— Патшам, бұл өзі жақсы бала екен, өтініп қоймаған соң ертіп әкелдік, — деп қара тышқан ақталды.

— Бұл бала адамдардың тыңшысы болып жүрмесін, — деді патша.

— Бұл ешқандай тыңшы емес, ол тек кеше біз сізге сыйлап жіберген асықтарын қайтарып алғысы келеді, — деді қара тышқан.

— Солай ма? Мен ол асықтарды басқа бір сыйлыққа айырбастаймын. Адамның баласы сен бізге қандай сыйлық әкелдің? — деді патша Сұрхан.

— Тақпақ айтып беремін, — деді Асыл.

— Ал, тыңдайық, — деді патша.

 Әрбір үйде тышқан бар,

Көрсеңдер оны ұстаңдар!

Дейді әкем біздерге

Тышқан деген сұсты аңдар.

— Бұл тақпағың маған ұнамайды, бізді әбден жеккөрінішті қылып жіберіпсіңдер, — дейді патша жақтырмай. — Басқа тақпақ айт!  

Қапты қоймай тесетін,

Қоймадан ұн жеп өсетін.

Тышқан деген жануар

Тигізер елге кеселін, — деді Асыл.

— Тоқтат! — деп айғай салды Сұрхан патша. — Сен інімізге кіріп, бізді келеке етейін дедің бе? Әбден басынайын дегенсің, сен бала! Мұны қалай да жазалау керек!

— Жазалау керек! — деп қостай жөнелді мыңдаған тышқандар. — Тұрған жерінде тірдей кеміріп жіберейік пе?!

— Дат тақсыр, — дейді Асыл. — Мен шындықты ғана айттым, егер сізге ұнайтын тақпақ керек болса, айтайын!

Тышқан деген мықты халық екен,

Тәуекелге әрдайым белін буған бекем.

Қақпан құрған ақылды адамдарды

Сан соқтырып, айламен жемін жеген.

— Тамаша! — деп айға салды патша. — Естідіңдер ме, түгел естідіңдер ме? — деді Сұрхан патшақол астындағы мыңдаған тышқандарға қарап. — Міне, осы тақпақты патшалықтың әр бұрышына жазып, жаттап алуды бұйырамын!

— Әй, бала, — деді патша Асылға бұрылып. — Бұл кімнің шығарған тақпағы?

— Ешкімдікі емес. Өзім ойлап шығардым.

— Бәрекелді! Сен өзі ақын бала екенсің. Қане, ханшайым, мына баланың асықтарың қайтарып бер!       

— Патшам, ол асықтарды Мысырдан келген құданың балаларына сыйлап жіберген едім, сәл ыңғайсыздау болды-ау! — деді Сұрханша патшайым.

— Сыйлап жібергенің қалай? Мына балаға енді не береміз? — деп патша сақалақтап қалды. — Ештеңе етпес, Асыл мен саған Мысырға жол көрсететін көртышқанды ертіп жіберемін. Сол сені перғауындар сарайына жеткізіп салады, — деді патша.

Перғауындар елінде

    Асыл көртышқанмен бірге жер астындағы үңгірлі жолға түсті. Олар сырты мөлдір шардың ішіне кіріп, бірнеше қадам басқаны сол еді, зымырап домалаған шар оларды әп-сәтте Мысыр еліне жеткізді.

— Бұл елді қазір Әбдел Фаттах Асси есімді президент басқарады, — деді көртышқан. Сосын ол Сұрхан патшаның құдасы Нілханға ертіп әкелді.

— Бұл Асыл деген бала сонау Қазақстаннан келіп отыр, — деп түсіндірді көртышқан. — Жоғалған асықтарын іздеп келіпті.

— Түсіндім, — деді Нілхан. — Менің балаларым ойнаған асықтар сенің асықтарың екен ғой. Өкінішті, балаларым мазасы ғой, олар тарих үңгіріне кіріп, асықтарды перғауыннаың сарайына қалдырып кетіпті.

— Әке, бізді кешірші. Біз перғауынның сарайында жүргенімде соңымыздан мысыр мысықтары қуды. О, олардың мысықтарын қалай құрметтейтінін білсеңдер ғой. Мысықты өлтірген адамдар қатаң жазаланады екен. Мысықтармен жағаласпақ түгіл, әрең құтылдық. Біз асықтарды амалсыз тастап кетуге мәжбүр болдық, — деді Нілханның балалары.

— Жарайды, қателіктеріңді кештім, — деді Нілхан. — Бірақ мына баланың асықтарын қалай қайтарамыз?

— Мен таңертең ғана барып көріп келдім, ол асықтармен перғауынның баласы ойнап отыр екен, — деді тыңшы тышқан. — Асыл, саған тарих үңгіріне баратын жолды көрсетіп жіберейін.

   Сөйтіп, Асыл тыңшы тышқа мен көртышқан үшеуі біздің заманымыздан бұрынғы 1333 жылға, көне Мысырға топ ете қалады.  Асыл сыртқа шығатын тесік арқылы өте көне үйлерді, түйе жетектеген саудагерлерді көрді. Олар сарайдың ішіне енді.

— Қазір сені кәдімгі қалпына келтіремін, бірақ сен күн батқанша оралатын бол! Әйтпесе, бұл мекенде мәңгілік қаласың, — дейді тыңшы тышқан. Ол мұртын тасқа үйкеп қалғанда мыңдаған жарқыл пайда болып, Асыл бұрынғы қалпына келеді.

  Асыл бөлмелерді жасырын аралап жүріп, сарайдың бір шағын бөлмесінде сәнді киім киінген баланы көреді. Ол мұның асықтармен ойнап отырған перғауынның баласы еді. Асыл есікті қағып, ішке кіріп, баламен амандасады.

— Сен кімсің? Бұл жерде қайдан жүрсің? — деп таңырқай сұрайды перғауынның баласы. Асылдың үстіндегі бөтен киімге қарап жатжерлік екенін байқайды.

— Менің атым — Асыл. Қазақстаннан келдім, арғы атам — Сақтар мен Ғұндар болған.

— Сен Сақ-Ғұндардың ұрпағысың ба? — деді перғауынның ұлы. — Сенің ержүрек ата-бабаларың жайлы көп естігенмін. Иә, мұндай шаруамен жүрсің?

— Асықтарымды іздеп келдім, — деді Асыл.

— Асық деген не? — дейді перғауынның баласы.

— Ол  — сен ойнап отырған қой-ешкінің сүйектері.

    Асыл басынан өткен оқиғаны баяндап, егер кеш қарайғанша тышқанның ініне қайтпаса, мәңгілік осы елдің тұрғыны болып қалатынын айтады.

— Менің атым — Тутанхамон. Бұл асықтарды мен сарайдың ішінен тауып алдым, демек бұл менің меншігім. Егер сен асықтарыңды қайтарып алғың келсе, менімен ойын ойна. Егер жеңсең, асықтарыңды қайтарасың, жеңілсең еліне бос қайтасың, — дейді перғауынның ұлы.

— О, сенде менің асықтарымнан бөлек, басқа да асықтар бар екен ғой, — деп таңырқады Асыл.

— Иә, бұл асықтар менің атам ІІІ Амонхотеп патшадан қалған. Бұл — «Сенет» деген ойын. Бұл қорапшада асықтар және басқа да сүйектен жасалған ойыншықтарды сақтаймын. Қазір екеуіміз осы ойыңды ойнаймыз, — деді Тутанхамон.

 «Бұл өзі шахматқа ұқсайды екен» деп ойлаған Асыл:

— Сонда бұл ойынды қалай ойнады? — деп сұрады.

  Бала Тутанхамон ойын тәртібін түсіндіріп, екеуі ұзынша тақтаның екі басына отырды. Тақтаның бетіндегі тақталармен жүру арқылы келесі бетке жету керектігін айтты. Фишка ретінде кәдімгі сүйектен жасалған түрлі фигуралар мен қой асығын пайдаланды.

— Үш рет ойнаймыз, егер екі рет ұтылып қалсаң, асықтарыңмен қоштаса бер, — деді Тутанхамон. Асыл бірінші ойында жеңіліп қалып, қабағы түсіп кетті.

— Бұл ойыншықпен ата-бабаларың да ойнаған ба? — деп сұрайды Асыл.

— Бұл ойыншықпен IV Амонхотеп әкем ойнапты. Ал атам ІІІ Амонхотепке бұл ойыншықты Миттани патшасы Тушратта сыйға тартыпты. Бұл ойын өзі бізге қиыр шығыстан келіпті.  Бірақ бұл сүйектің атын мен де, әкемде білмейді, мұның асық екенін енді біліп отырмын, — деді перғауынның ұлы.  

— Бұл — қазақтың ұлттық ойыны. Асықты үйде де, далада ойнай береміз. Балалар үйде «Ханталапай», «Құмар», «Қақпақыл», «Қаржымақ» деген түрлерін ойнайды. Сосын «Сасыр», «Төр асық», «Бес тас» «Бес асық», «Имекіл» деген түрлері бар.

— О, осының бәрі асық ойындарының аты ма? — деп таңырқайды перғауынның ұлы.

— Иә, жер кепкенде балалар «Арқаласпақ», «Алты атар», «Омпа», «Кетсін бар», «Шыр, «Бәйге», «Алшы», «Бас табан», «Көтеріспек» ойнайды.

— Керемет екен! — деп Тутанхамонның ауызы ашылып қалады. Ол  екінші ойында жеңіліп қалады.

— Қосөзен — Месопатамияның маңында аморей, хуррит сияқты көшпенділер мекендейді деп әкем айтқан.  Мүмкін ол жерге сенің ата—бабаларың бар бар шығар, — деді Тутанхамон.

— Мүмкін, менің ата-бабаларынмың табаны талай жерге тиген. Асық — мал баққан көшпенді ата-бабамыздан қалған ойын. Сендер түйе бағасыңдар, ал біз қой-ешкі бағамыз. Бұл — біздің асық, — дейді Асыл.

  Перғауынның  баласы сөзден тосылып, жүрісінен жаңылысады. Үшінші ойында Асыл жеңіп шығады. Тутанхамон сөзінде тұрып, Асылға асықтарын қайтарып береді.  Бұл кезде күн ұясына батуға шақ қалған еді.

— Бол, тездет, әйтпесе, кешігеміз, — деді тыңшы тышқан дорбасын асықтарын салып жатқан Асылға дауыстап. Бала іннің ауызына келеді.

— Таң қалып тұрмын, бұл асықтар Мысырға қалай жеткен? — деді Асыл тышқанға қарап. Тышқан болса:

— Қалай жетуші еді? Адамдар апарған ғой. Мен көптеген мұражайларда болған тышқанмын.  Мысыр тұрмақ, Британ мұражайы, Франциядағы Лувр мұражайы, Грекия, Германиядағы мұражайлардан осы асықты көрген едім, — деді.

— Сонда Еуропа балалары да ойнаған ба?

— Ойнаған шығар. Сенің Ғұн аталарыңның мінген атының тұяғы Еуропа жерін де басып өтті емес пе. Жәрайды, тездейік, — деп тыңшы тышқан мұртын тасқа үйкеп қалғанда пайда болған жарқылмен баланы қайта кішірейтіп жібереді. Асыл тышқанның ұясына сыйып кетті, енді оның асықтары алып тастарға ұқсап кетті.

  Асыл мен көртышқан екеуі Қазақстанға қайтып оралды.

— Сен бізге жақсы бала болуға уәде бердің, енді ешқашан өзіңнен кішкентай балаларды ренжітуші болма! — деді Сұрхан патша шығарып салып тұрып.

— Жақсы. Бұдан былай жақсы адам болуға барымды саламын, — деді Асыл. Қара тышқан оны інінен шығарып, жарқыратып сәуле шашты да, Асылды бұрынғы қалпына келтірді. Қараса, атасы мен апасы залда әлі отыр екен.

— Асылжан, диванның астынан не іздеп кеттің? — деді атасы газетін көзін алмай.

— Ата, асықтарымды тауып алдым, — деді Асыл қайта қалпына келгеніне қуанып.

— Е, қу сүйек қайда кетер дейсің, жүр шәй да қайнады, беті қолыңды жуып, таңғы асыңды іше ғой, — деді әжесі.

   Асыл далаға шыққанда балалардың азғантай асықпен ойын ойнап жүргенін көрді. Олар Асылды көріп, асықтарын тыға қойды.

— Кеше мен сендермен әділ ойнамай, асықтарыңды ұтып алып едім, сол үшін кешірім сұраймын, — деп балаларға сақалары мен бір дорба асықты қайтарып берді. Балалар Асылдың бұл ісіне риза болып, қайта достасып кетті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз