1950 жыл. 6 март. Салт атты екеуміз. Шәмішкен — осы ауданның комсомол басшысы. Әлиге ұқсайды. Кішкене, қуақы. Шәмішкенге қарағанда мен, құдайға шүкір, кәдуілгі Битабар секілдімін. Сарысу әлі түспепті. Бірақ мұз бетіне қызыл су жүгіре бастаған. Кесіп өттік. Жол өзекшені өрлей салды. Битабардың баяғы өгіз баққан, Левенштерннің машинасын көтерген өзекшесі болуға тиісті. Аяң бүлкек. Аттар қыстап қажып шыққан. Жол жаман. Жүріп келеміз. Бетіміз — Иманақ тауы, тау етегіндегі «Бірлік» колхозы. Өрге шықтық. Алдымызда қарайып, қалқайып біреу көрінді. Түйелі адам секілді. Таудай. Қарай-қарай көзім талды. Жоқ, түйе емес, ат екен астындағысы. Аяңдап барады. Біз бүлкектеп келеміз. Арамыз жақындай берді. Қарап келем, санап келем: біз жеткенше жалп етіп үш құлады. Құлайды. Атын тұрғызып алады да, қайта мінеді. Шәмішкен күледі:
— Сафуан, сен біз мінген атты арық дейсің. Тәуба. Ана алға қара. Көтерем ғой мінгені...
— Тәуба болса, тәуба-ақ болсын. Бәйгеге қосып жатқам жоқ. Қалқақтап барар жерге жетсек жарар - дағы.
Қуып жеттік. Өзіме өзім сенбейтіндеймін. Көтерем дегеніміз оқтаудай жұмыр, семіз торы құнан. Ауыздығын шайнап, алысып келеді. Бірақ көзім құнаннан гөрі жолаушының нақ өзіне түсті. Аяғы салбырап кеткен. Жер сызады. Нық отырған бойы құнандай үш есе бар. Торы құнан екі шелек су көтерген он жасар қыз бала секілді, бұралаң-бұралаң етеді. Жұмсақ қарға аяғын тығып апса бітті, омақасады. Жолаушы құламайды. Салақтаған аяғымен жер тіреп тұра қалады да, аттың басын аттап ілгері шығады. Кәдуілгі жыққан балуанның жығылғанның басын аттап, күш алғаны секілді. Тумысымда мұндай ірі кісіні кездестірген емен.
— Ассалаумағалайкум!
Қарт ернін қимылдатты.
Шәмішкен қағытып жатыр:
— Ақсақал, бұл не, көтерем мініп?..
— О, ит, семізің сонда ана астындағы ма?
Шәмішкен мәз. Шәмішкенге қосылып мен де мәз.
Ілгерілеп кеттік.
— Шәмішкен, бұл кісі кім?
— Жәй, осы жердің бір ақсақалы ғой...
Мен қазбалаған жоқпын.
* * *
Иманақ тауы аласа ғана төбе екен. «Бірлік» колхозы шаруасы жұтаңдау, жетпіс-сексен ғана үй.
Біз Жұмаділда ақсақалдың үйіндеміз. Жетпістен асқан қарт адам. Үлкен әйел баласы -Ақажан. Осы колхоздың председатель Екіншісі - Асан. Қарағандыда педагогика институтының соңғы курсында.
Ақажан алыс қыстаулардағы малды аралап кетіпті. Мал мен жанға март киын ай. Шаруа адамы үйде отыра алмайды.
Шай келді. Үйдің үлкен қонаға болғандықтан мен төрде отырмын. Сол жақта Жұмаділда қарт. Оң қолда Шәмішкен. Одан әрі байсалды ақ сары жігіт - Қазыкен. Колхоз есепшісі. Ақажан жоқ болған соң, үй иесінің қызметін атқарып отыр.
Әңгіме тақырыбы әр қилы мал жайы, жан жайы... Көктем, егіс... бірақ қиыспайды. Өйткені, менің есі-дертім жолда кездестірген қарт жайы.
...Есік ашылды. Бірден таныдым, нақ өзі. Бүкіл ауыз үйді толтырып кіріп келеді...
Сасқаным ба, жә болмаса, қалай кездестірем деп күткенім бе, ұшып түрегелдім.
Жұмаділда қарт белгі жасады.
— Отыра бер, шырағым. Ол - осы үйдің өз кісісі.
— Осы Жұмекең ақсақалдың інісі, - деп қойды Қазыкен.
Дегенмен Шәмішкенге қарай ысырыла отырдым.
Жұмекең інісі жайғасып жатыр... Дастарқан кейін жылжыды. Баяғы Балуан Шолақ артында қалған құдды Битабар секілдімін. Мүлде сыртта қалдым. Жұмекеңнің інісі Жұмекеңнің өзіне қарай ойыса отырып, малдасын құрды. Екі тізе екі жақта - Жұмекең алдында бір өркеш, менің алдыма бір өркеш. Шай келді. Түйе алақанға шай табақ сүңгіп кетті. Кіп-кішкентай. Балалардың ойыншық табағы секілді.
Түрі жат бұл кім болды екен?
Ешкім тіс жарып ештеңе демейді. Өзіне сұрақ берсем, қысқа қайырады.
— Осы Атасуда тұрам... Балалар ма?.. Құдайға шүкір, бар балалар... - Бары осы.
Көңілім құлап, тым құмартып отырғанымды Шәмішкен де, Қазыкен де байқаған ақсақал, ананы айтшы, ақсақал, мынаны айтшы...
Ақсақал мыңқ етпейді.
— Ә, өтіп кеткен дүниелер ғой...
— Қалай сөйлетем? Кілті қайда?
Дастарқан жиылды. Жұмаділда қарттың інісі далаға шығып келді де, алдына бір орамалды жая сап, намаз оқи бастады аузын жыбырлатып біраз тұрады да, тізесін бүгіп, сәждаға басын тигізеді. Сондай күлкілі. Дүрс-дүрс... еден сықыр-сықыр етеді.
Ойыма бір қулық кірді:
— Ақсақал, намазды көптен оқисыз ба?
— Ә, жас ұлғайған соң.
— Рұқсат етсеңіз, бір сауалым бар.
— Ә, рұқсат.
— Құранда, «Баһыраи сүре» деген сүре бар. Қазақша бұл «сиыр туралы тарау» деген сөз. Сиырдың құранда не шаруасы болды екен?
Ақсақал ойланып, сәл отырды.
— Соныңды ит білсін бе?
Біз жабыла күлдік. Өзі де езу тартты. Содан соң маған туралап қарады.
— Бұл қай бала?
— Газеттен. Тілші.
Қарияның сыр сандығын ашатын кілт осы бір штрих болды. Сөйлеп кетті...
Күн сөйлестік. Түн сөйлестік...
— Биеке, бір сұрақ бар.
— Құлағым сенде.
— Содан кейін не істедіңіз?
— Тура колхозға келдім. Мүше болдым.
— Бір адамға өкпелеп, шахтадан кеткеніңіз қалай?
Биекең біраз ойланып қалды. Тура жауап бермеді.
— Шахтадан кеткеніммен елге келіп «шахта жақсы, шахтаға барыңдар!» - деп үгіт жүргіздім...
— Қайратыңыз қалай? Қайтқан жоқ па?
— Қайратым бар әлі де. Бірақ тізем шыдамайды....
— Тізем шыдаса, атан түйені әлі де көтере алам ғой деймін...
...Битабармен мен осылай кездестім. ...Битабармен мен осылай қоштастым...
* * *
Битабар кейін сексенге жақындап барып қайтыс болды. Зираты сол Иманақ бауырында. Мойнында баяғы тұмар: «Күрес те өнердің бір төресі. Мал табар оңай кәсіпке айналдыра көрме!» Баяғы Балуан Шолақ сөзі. Балуан Шолақ сөзін Битабар алпыс жыл тұмар етіп мойнына тағып жүріпті...
Иманақ бауырында қазір «Бірлік» атты колхоз жоқ. Сол «Бірлік» құралпы бес-алты көпей колхоздар бірігіп, дөкей совхоз құрған. Сәкен Сейфуллин атындағы совхоз. Сәкен аты тегін қойылмаған. Бұл - Сәкеннің туған жері. Иманақ - Сәкеннің шыққан тауы.
Битабар - Сәкеннің аталас ағасы.
Ел ішіне аты кеткен балуан Сәкенмен де бірге жүрген болар. Иманаққа да Сәкенмен бірге талай-талай шыққан болар. Бірақ, амал қанша, мен онда Сәкен туралы сұрай алмадым. Сөзге сараң Битабар өз бетінше айтқан жоқ...
1969 жыл. Алматы
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі