Айнала бұлақ басы тең
Азаулының Стамбулдан несі кем.
Тәңірінің өзі берген күнінде
Хан ұлынан артық еді менің несібем!Доспамбет
Сурет балалықтан басталады. Суретші Қосай жаны құлазып қапаланса, я тіршілік түйіткілінен ері мойнына лықсып пұшайман болса — неге екенін өзі де білмейді, сонау көп қыраттың арғы қапталында қалған мөлдіреген балалық шағын көз алдына келтіреді. Жастың жанары өткір, сезімі хрусталь шыныдай, кірсіз аспан секілді. Көп нәрсені көкірек суретіне басып дағдыланғасын ба — басы жастықта, кірпігіне шөп тірегендей түннің бір уағынан ұйқысы қашады. Аунақшып, дөңбекшіп жамбасы сыздайды, жанындағы зайыбын мазалайды... Иә, сол балалық шағы қаз қалпында көз алдына қалқып тұра қалады. Әжімді Қаратаудың қыр арқасына шығып, батысы мен шығысына, алыс көкжиекке күн сала, бала емес пе, сағаттар бойы сарсылып қараушы еді. Жоқ қарап саяқ жортқан жолаушы қырқадағы құйтақандай баланы я үюлі обаға, я күшіген құсқа жорып жортақтаған күйі өте шығады. Кәрі таудың терістік беті сарыала сағымға оранып, дауыл шақырған теңізге ұқсап, сары жел киіздей селеуді дамылсыз шайқап, көгілдір көкжиек бірде жақындап, бірде алыстап — бала көзіне бүктетілген барысша — толқыны қарсы ұрып жатқаны. Үзіліп қараған сайын сахара, бейне, түбі түскен шелек. Алапат мігірсіз жазық күдер үздіріп, көз талдырады.
Қазіргідей есінде... Шығыстан батысқа көлбей сұлаған кәрі таудың күншығыс беті еріні кезеріп шыт-шыт жарылған жолаушы секілді. Берісі Мойынқұм, әрісі темірқазық тұста мөлдірегеннен-мөлдіреп Көсегенің көк жоны көсіліп жатады. Етегін жел көтермеген бойжеткеннің көйлегіндей көлбеңдеп құбыла түседі. Беу, жарықтық-ай десеңші!..
Бала Қосай таң алакеуімнен бұлым белге лып көтеріліп, аяғының ұшымен басып, мойнын созып көкжиекке көзі талғанша үңіледі. Қадалғаннан қадалып күнді төбеге шығарады. Кейде тас теріп, кейде бұқпа торғайдың ұясын іздеп алтын нұрды екіндіге аударады. Ауыл үйдің түтіні сұйылып: «Қосай!.. ау, Қосай!..» деп дауыстап өзін іздеген анасының шыңылтыр дауысы шығады.
Бала көзі табиғаттан нендей сурет көшіреді сонда. Көкпенбек. Түпсіз кеңістік. Көгілдір сағым күн қыза, түске тырмыса шикіл сарыға алмасады. Көсегенің көк жоны дала мұхитын кезген кемеге келеді. Селеу бетін қолмен сипағандай терең толқынға бірде көміліп, келесіде жанартауша қайқайып шығып, шалғайға ұзай береді. Қиял шіркін кісіні тым жыраққа жетелейді. Бойжеткеннің дірілдеген етегі ме, әлде қиялдағы алып кеменің жел кеулеген желкені ме, дөңгеленген дүниенің дір-дір еткен кірпігі ме. Біріне ұқсатса — келесіге келетіндей.
О кезде балаға дүниенің бәрі күліп тұратындай еді. Көгілдір, алжасыл, алқызыл бояуға көз сүрінетін. Келе-келе сол сурет қоңырқайға ауысты: қоңыр тіршілік... қоңыр күй... құбатөбел күнкөріс... егделене — әлгі сурет бетіндегі қара бояу ұлғайды. Ұшырасқан кісілердің көбінің қабағы қатулы, уақыты тапшы, бейне, ат үстінде алақұйын тасырлатып шауып бара жатқан секілді... бәрі асығыс, бәрінің мына жарық дүниеден ала алмай жүрген сыбағасы бар... көзі тірісінде өзіне тиесілі үлесті мол-мол қамтып қалғысы келеді. Алақұйын шапқыласқан педелер-ай!
Қосайдың түн ұйқысын төрт бөліп, төсегінде қарадай дөңбекшітіп, жанын жеген не кеп?.. Жерге қарағандай нендей тауқымет!
Оқиға бес жыл бұрын Астанаға көшіп келіп, орнығып алып, оң-солына қараған соң шығармашылық шеберханаға жер сұраудан басталды. Басын бекер шатты ма әлде?!
Әрине көп қабатты үйдің аядай үш бөлмесінде аяғыңды созып, қыл қаламыңды құлаштай сілтеп, ойға алған көркем дүниелерді келістіріп сала алмайсың. Тынысың тарылып қалады. Бір жағынан немересі аяғына оратылып ойын бөледі, бір жағынан зайыбының ас әзірлеп, кір жуып, кіріп-шыққан аяқ дыбысы онсыз да жұқарған жүйкеге тиіп шекесін шағады. Төргі бөлмедегі кітап сөресі салмаққа шыдамай сынып түскен кезде — шашылған кітап, эскиз, альбом, қалам, қағаз үлкен бөлмені аяқ алып жүргісіз етті. Түнемесі сүрініп қабырғаға шекесін соқты. Шетелден әптиектей ғып алып келген еврей мүсіншісі Маердің «Иса пайғамбардың жүрегін» қиратып тынды... баласы мен келіні ертеңгілік шай үстінде: «Аядай үйде арқасы ұстаған бақсыға ұқсап қылқаламды, мольбертті оңды-солды сілтей берсеңіз — пәтер жалдап шығамыз!», — деп бір үрпитті, «Бұл үй — үй емес, суретшінің бояу сасыған қоймасына айналды», — деп зайыбы тағы үрпитті. Үй ішінде кикілжің, түсінбестік, қырыс қабақ белең алып бара жатқандай ғой.
Есімі елді елең еткізгендей кемел суретші өстіп тығырыққа тіреліп мөлиіп отыра бере ме? Қайтпек керек?..
— Отағасы, ақыл табыңыз, былайғы тұрмысты бала-шағаның ойыншығына ұқсатып бықсып, ыбырсып отыра береміз бе, әлде оң-солымызға бұрылып қараймыз ба? — дейді әйелі. Зайыбының маңдай әжімі тереңдеді. Қираған мүсін қайыра бүтінделмейді.
Қосайдың жадына көне жыр оралды.
— Алғаным Әли ағаның қызы еді, Қас арудың өзі еді, Маңдайы күнге тимеген, Желге шашын үрмеген, Серпіліп адам бетін көрмеген, Қалайша күн кешті екен!..
— Суретші қиялимен қосқан Тәңір шебер ғой, — деп зайыбы Зүбаржат шуақтана жымиып, білегін созып шай ұсынды.
— Жер сұраймын, — деді осы мезет Қосай, — Астананың лауазымды кісілерінің алдынан өтіп шығармашылық шеберхана салып алатын жер сұраймын.
— Қай-да-ағы, — деді Зүбаржат жарының оқыс шешіміне құлағы үйрене қоймай, — бір бәлеге ұрынып жүрмесек жарағаны. Бізге келгенде дүние тарылып кетеді. Қайдағы-жайдағы жатқан батпан құйрық!
Осы оймен Қосай ертемен тұрып, бар тәуірін үстіне іліп, Астана қаласының әкіміне баруға бел буды. Үйден шыға теріс бұрылып бара жатыр еді. Көршісі, Үкіметте істейтін майлық-сулығы бірдей, бірсыдырғы, кеңпейіл жігіт қарсы ұшырасты. Қатып киініп есік алдына шыққан Қосаймен жылы сәлемдескен соң-ақ:
— Жүріңіз, баратын жерге жүйрігіммен жеткізіп салайын. Ертерек шығыппын, уақытым бар, — деді елпектеп.
— Алла разы болсын, інім, қала әкімшілігіне тарт, шығармашылық шеберхана салатын жер сұрасам деймін. Өнерді өзім биіктетсем, өнер мені биіктетті. Тақауда өткен көрмемді ақпарат құралдары жабыла жазды. Өзіме бұйыратын шынашақтай ырзық-несібе бар шығар.
Жеңіл жүйрігіне дүр еткізіп от берген көрші жігіт қатарына тізе бүккен Қосайға сүзіліп кеп қарады. Басын шайқады.
— Әкімдікке шауып жетіп барғаныңызбен сізді әкім қабылдай қоймайды. Алдын-ала, ай бұрын, я жыл бұрын жазылып қою керек. Көп болғанда үшінші, төртінші орынбасары қабылдайды. Олардың не айтатыны тілімнің ұшында.
Қосай көршісіне аңтарылып қарады.
— Олар не айтады сонда?
— Екі жыл болды — жекеменшік жер берілмесін деп мараторий жарияланған. Қаланың генпланы түбегейлі қайта қаралуы қажет. Жер кезегіне он жеті мың адам жазылған. Қашан мараторий ашылады — бір құдайым білсін. Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігі «Астанақалажерге» арыз беріп қойыңыз. Он жеті мың бірінші нөмерлі тілдей қағаз алып қайтасыз. Бар болғаны осы!
— Ау, шырағым, маған бір жапырақ қағаз емес, ұлтарақтай!.. тойс... он сотықтай жер керек!.. Шеберхана салып алуға! Жанкешті еңбегіме сұраймын — сұрасам.
Қоңсы жігіт «мейліңіз білсін» деп жүйрігін желдей ескізіп Қосайды қалалық жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттікке әкеліп салды. Бұл көкең мәшинеден екі бүктеліп түсті. Көршісі «қайыр-хош айтысып» өз шаруасына жөнеліп кетті. Көше сұрықсыз, қойыны-қонышынан ызғырық жел өтіп барады. Қалтырап қоя берді. Ертеңгілік үйінен кәдуілгідей көңілі тоқ, кеудесіне күш-жігер құйғандай, баяғы ата-бабасының аруағына арқа сүйегендей иықтанып шыққаны есінде. Ішкі серіппесі қатты еді.Төзім шеңбері тәулік соңына жетіп жығылардай. «Қайтсем де осы шаруаны тындырып қайтам», — деген ширығуы алабөтен еді.
Көше пұшпағында, азынаған жел өтінде зілдей сөмкесін салақтатып, қатқақ жолға тайғанай жаздап, аяғын санап басып агенттік қақпасына құр қауқар келіп кірді.
Қауқар болмағанда несі қалды.
Бала жастан байтақ жердің төбесінде ойнап... байтақ ойлап... алшаң басып... жапан дала, құла дүзді серік қып... көз жетпейтін Көсегенің көк жонын жанарына сіңіріп өскен Қосай өмір бойы көз майын сарқып, Париждегі Нотр-Дам-де Виде көрмесі өтіп... сюрреализм серісі Сальвадоре Далидің алтын медалін алып оралған бұл көкең... өз елінде... өз жерінде шеберхана салатын он сотық жерге зар болып, қайыршыға ұқсап жәутеңдеп, көрінген мекеменің есігін қағып қалтырап жүрем деп ойламапты.
Жер ресурстары агенттігінің директоры қалалық әкімдікке кеткен бе, ұшты-күйлі. Ауыз үйде мөлдіреген әдемі хатшы қыздың қасында сарылып күтті. Қашанғы әдеті: сұлу көрсе — жанары жасаурап, иығы көтеріліп қалады, сұлулыққа, көрікке шабыты қозады. Сұқтана түскен көз сұғынан қорынған бойжеткен:
— Ағай, шай ішесіз бе, — деп сүт қатқан қою шай ұсынды. Іші жылыды.
— Қалқам, әдемі бала екенсің! Күйеу бала дұрыс па өзі?
Хатшы қыздың беті ду етті.
— «Дұрыс па» деген сөзіңізді түсіне алмадым, ағай.
— Бұл өзі я әрі, я бері емес, көңілге тимейтін, сырт көзге еленбейтін сүйей салды сырғытпа сөз. Баяғыда су жұқпас сері жігіттің аузынан естіген едім. Ай, өзі де жүрген жұпар кіндік болатын.
— Жұпар кіндік деген не, ағай?
— Жұпар кіндік деп ұрғашы нәсіліне аузының салымы бар еркекті айтады. Көктемгі күйі келген марал текесінің кіндігінде әтірілі без болады. Ешкілерін сол әтір иісімен шақырады екен.
Осы мезет есік сарт ашылып директор кіріп келді. Қосай қолындағы шәшкесін түсіріп ала жаздады. Түрегеле сап: «Сәлеметсіз бе!» — деп жылыұшырап сәлем берді. Бастық — етженді, алып денелі, жалпақ бет, төсі қайқайған ақсары жігіт — мұның сәлемін алмастан, қақайған күйі ішкі бөлмеге кіріп кетті. Хатшы қыз желді күнгі көбелектей қалбақтады. Қағаз, қаламын жинастырған болып, айна алдына пәске кідіріп, шашын түзеп, бастығының соңын ала ішке лып енді.
Қосай шайын ішіп, қалтысанан орамалын алып аузы-басын сүртіп, «қазір шақырып қалар» деген оймен орындықта отыра берді. Әлдекімдер есікті ақырын ашып сығалап, хатшы қыз көріне қоймаған соң, амалсыздан бұрылып кетіп жатты. Әлден уақытта барып ішкі есік ашылды. Бойжеткен жылап шықты. Қосайдың көңілі таспен бастырғандай құлазыды. Дереу сілкініп түрегеліп, ішке кіруге оқталды. Хатшы қыздың жалынышты жіңішке үні кідіртті.
— Ағай, баяндама жазам дейді бастық, сізді орынбасарға барсын деп бұйырды. Орынбасар екінші қабатта. Ашуы қатты, сөзге кеп қалуыңыз мүмкін!..
— Ау, жасым болса мынау — алпысқа тақадым, атағым болса анау — хан қайрылып сәлем бергендей, шынашақтай мекеменің шәлкем-шалыс мінезді бастығының есігін бағып мөлиіп отыра алмаймын!
Деді де есікті серпіп ашып ішке енді. Ат шаптырым кең бөлменің терең төрінде нән үстел, үстелдің үсті тау-тау қағаз... бастық жоқ, арғы, ішкі демалыс бөлмесінен шыға қоймапты. Қосай өзін-өзі ыңғайсыз сезініп кідіріп қалды. Жөткірінді. Аңтарылып, терезеге қарап тұра берді. Айналып шығып кетсе — қайыра кіре алмайтынын сезіп, состиған қалпы сіресті. Біраздасын жардай жуан директор көрінді. Ішкі бөлмесінен шығып, қос қолын жан қалтасына салған қалпы, жүзі жылымай, жайлап басып Қосайдың қапталына тақады. Үні соншама ызғарлы, суық болар ма.
— Иә! — деді зілдей етіп.
Қосайдың қитығы ұстады, әуелі «аяғымның астындағы жер төңкеріліп кетпес пе екен» деп ойлады. «Отырайын, жайғасып алып мәлімдейін мән-жайымды». Тізе бүккен креслосы соншама мамық, шұңғыл, жұтпа болар ма, бесіктен белі шықпаған балаша тыпырлап қалды. Директор баяғы сірескен қалпы, состиып тұрған.
— Он сотықтай жерге арыз жазып әкелдім, шығармашылық шеберхана салып алайын.
— Жер жоқ қой бізде, — деді директор әр сөзін салмақтап. — Қалаға жаңа әкім келгелі жұртқа жер бөлген жоқпыз. Жерге мараторий жарияланған. Кезекте он жеті мың адам тұр, әуелі шетелдегіше — жерді түгел жарық, жол, ауыз сумен қамтамасыз етіп алайық, сосын жоспарлы түрде бөлейік деген пәтуа болған. Артынша дүниелік дағдарыс басталды. Кадастрлік зерттеуден өткен қарыс сүйем жер қалмапты.
— Түсінсем — бұйырмасын. Зерттелетін жер ме, әлде бастықтар ма? Әкімнің көңіл-күйі ме?
— Зерттелген жерге жарық, су, жол тартуға ақша жоқ, зерттелмеген жерді бөлуге заң жоқ, — деді де бастық кенет мойнын ішіне алып мөңкіді. — Бүге-шігесіне дейін есеп берердей сіз кімсіз осы? Ертеңгі мәжіліске баяндама жазуым керек тыныш отырып!
—Суретшімін, — деп, Қосай аты-жөнін мағлұм қылды.
—Сізді мына өтіп жатқан судьялар құрылтайына келген сот төрағасы деп ойлағам... жәй әншейін шимай-шатпақ, бояу, кенеп, бала-шағаның көз қуанышы... — деп бастық езуін қиғаштап, қолын сермелеп, шиқылдай күліп төргі демалатын бөлмесіне қарай аяңдады. Мұны адам құрлы көзіне ілмеді. Тізе бүгіп, құлақ қойып тыңдамады. Жертәңірісіп, шиық-шиық күліп ішкі бөлмесіне ығысып бара жатты. Қосай жынынан айрылған бақсыға ұқсап, омалған күйі отырып қалды. Тұмсығы тасқа тиген бекіре балықша, кеудесіне ауа жетпей сұмдық құлазыды.
Осыншалық зілді сөзбен тапап жер ғып жасытып тастағаны батты. «Көшеде қаңғып жүрген қайыршы суаал қойас да жөн сөзіңді айт» демеуші ме еді бұрынғылар. Өзгерген адам ба, заман ба? Ерін бауырына алып мөңкитіндей бейәдеп сөйлеген жоқ. Бар болғаны қала маңында жатқан иен даладан ат арқандайтындай жер сұрады. Кеше ғана ұшыраса кеткен көзтаныс депутат: о ғып, бұ ғып жүріп «қонақжай» үшін жиырма сотық жер алдым деген; көжесін әзер тауып ішіп жүрген сербия елшілігінің атташесі — сонда тілмаш болып істейтін келіні айтып келген — Есілдің оң қолтығынан үш га жер қиып апты; еврей синагогіне Еуразия университетінің дәп қарсы бетінен жиырма сотық құйқалы жер мәңгілік берілді... сонда шетке шыққан, сөзі арзан, сұрауы жоқ суретші қайыршы болып қала бермек пе?!
Ақай жоқ, тұқай жоқ түпкір бөлмесіне еніп бара жатқан агенттік директорының алдын кескестеді.
— Алалауды қашан қоясыңдар осы?
— Қазір милиса шақырам, қараңды батырам!
— Өлгенде жатам деп иелік етіп жүрген жеріңді бер ендеше!
Бастық қанын ішіне тартты.
— Көрге жер әзірлеген жоқпын!
—Жоғарының нұсқауымен көрхана—пантеон салып жатқандарыңды білемін. Пантеонның төр жағы кілең қызыл мәрмәр, етек жағы сары гранит. Дарынды сәулетші сызған нобай-нұсқа ұнамай — бес мәрте өзгерттіңдер. Бәрін білемін, алдыма пікір сұрап келген соң жөндеп бергем. Көрхананың ішкі дизайнын әспеттеген мына тұрған көкең болады. Білген соң сарнап айтамын!
Оқиға күрт өзгерді.
Дүние әлемтапырық дөңгеленіп дүрлігіп жөнеліпті... сырттан сарт етіп қызыл жағалы жетіпті, ала шалбар, ала кеудеше кигендер кеуделепті... сүйрелепті... сайқымазақ етіпті... Уәй, пәруардігәр дүние-ай, деп, әлдекімнің әлуетті қолынан жұлқынып шығам деп жүргенде жазатайым үстел үстіндегі телефонды қағыпты... киімілгіш құлапты... Хатшы қыз қағаз толы портфелін көтеріп зыр жүгіріпті... ағатайлап шыр-шыр етеді. Біраздасын есік алдында аңтарылып, қайрылып қараса — директор да, ала киімділер де ұшты-күйлі жоғалыпты. Жел өтінде күзгі суыққа ұрынған инелікке ұқсап имиіп, кілмиіп қарақан басы қалған. Мекеме басшысынан алдынан дардай басы дырылдап көшеге қалай шығып қалғанын білмейді.
Ашуланса — басына қан шапшитын; шапшыса — қан қысымы көтерілетін, одан арғысын елестете алмай, көзіне түк көрінбей кететін. Директордың есігін күзеткен сымборбай, ала көйлек киген еңгезердей неме итеріп шығарып жіберді ме... әлде үстеріне сау ете түскен қызыл жағалы жетеледі ме... ештеңесі есінде жоқ... түс көрген кісідей аңтарылып тұрды-тұрды-дағы «ә», — деп қолын бір сермеп, қалалық әкімдікке тартты.
Қас қылғандай, қызыл жағалы, ала киімді сымборбай мұнда-дағы алдын кескестеді. Бұл немелермен текетірескені, ары тартып, бері жығып, біраз ырғасқаны қанын қарайтты. Тікенекке қонған торғайға ұқсады.
Қайта несібесі артық жаратылған, бір кем дүние — жолы болғыш. Есік алдында толық денелі, дөңгелек жүзді, жанары нұрлы жігіт ұшыраса кеткені. Әлгі азамат басқышқа аяғын сала беріп кілт қайрылды.
— Сіз Қосай суретші емессіз бе! Парижде, Нотр-Дам-де Виде көрмеңіз өткен, Юнеско жиынында ұшырасып танысқам.
Қосай ыңғайсызданып қалды.
—Ашулансам көзіме түк көрінбей кетеді. Жыға тани алмай тұрмын, бауырым.
—Есімім Төлеуғазы, осында, әкімдіктің жер басқармасын басқарамын. Көшіп келгелі бес жыл болып қалды. Жүріңіз, бөлмеге барып сөйлесейік, — деп жылыұшырай тіл қатты. Күзетшілер аң-таң, күнде көріп жүрген лауазымды кісіге ілесіп бара жатқан көзге қораш, көңілге тыраш бейтаныс момын қазақты көз-мылтықпен ата қарайды. Бұлар ұшқасып-тірсесіп 10-шы қабаттағы айпара бөлмеге енді. Қосай салақтатып көтеріп жүрген портфелін үстел үстіне сылқ қойды. Сұлқ түсіп орындыққа тізе бүкті. Қапелімде аузына тірі сөз түспей, қырғыштай қырлы жағын алақанымен сипалады. Төлеуғазының «Парижде, Нотр-Дам-де Виде ұшырасқам» деген сөзі жүрегіне жылу жүгіртті, езу тартты.
«Құдай айдап қадіріме жететін, түсінетін жер бетінде бір пендені әзер таптым» деп ойлады. «Жолым болады екен, жолым болмаған күнде мұңымды... шерімді... сөзімді құлақ қойып тыңдайтын кісі шыққанына шүкіршілік. «Өңшең киіз кеуде, жапалақ көз көрмәдіктерден қалдым бәлеге! Дүниенің қызығына кісі қашан тойған! Балалықтың балшырын шағында, ауыл сыртындағы — құба жонға... өкпесі өше жүгіріп шығып, алыс көкжиекке қарайтын. Сонда ғой Көсегенің көк жоны мөлдіреп келіп көзіне толатын. Ұшы-қиырсыз кеңдікті сезетін. Абай ақын: сәби кезінде бесікке сиған бөбек, өсе келе кең дүниеге сыймайды деп жазбап па еді. Келе-келе құлаш ұрған қиыр сахараға симай, өз жанын өзі жеп, әрнәрсеге ұрынып, маңайын мезі ғып, дүниеге өнерін бұлдап өтерін кім біліпті. Өз жанын өзі жегені емей немене!
— Шеберхана салып алатын жер сұрап жүрмін. Агенттік директоры желкелеп қуып шықты. Әй, екі дүниеде тілеуі кесіліп оңбай өтер!
— Өйдемеңіз, ағасы. Бұл күнгі кісілер бар пәлені шенеуніктен көреді. Шенеунік — мемлекет деген алып мәшиненің жәй тегіршегі ғана. Пәле-жаланың бәрін дағдарысқа жауып үйрендік. Дүние — заманақырға тақап келеді. Ресурс тапшы, адам көп. Ұланғайыр далалықтардың дарынды бір ұлына он сотық жер таба алмау — кісі күлерлік, жәйіт. Бар пәле пейілдің тарылып бара жатқанынан. Жарлы — жерге қарайды, бай — қанжіліктене түссем дейді. Түсінесіз бе, ағасы. Баяғыда әрнәрсе пейілден деуші ме еді. Пейіл тарыла-тарыла тап қазір күйген теріге айналды. Кісіні барлықтың кәшті ұрды. Барлықтың кепиеті ұрған кісі — қаншама обып, қылғытып жеп жатса-дағы — қарны қоңылтықсып тұрады; нешеме байлыққа, қызыққа меймілдеп мейманасы тасып тұрса-дағы — аузын қу шөппен сүртіп отырады. Барлықтың кепиеті ұрды, кәшті тиді деген осы! Нарық — өзің үшін өңмеңдеу. Әр кісінің жүрегіне сіңген үрей — ертеңіне сенбеу. Мысалға, Сізді алайық. Өзіңізге жететін жағдайыңыз бар. Әйтсе де ертеңім не болады, ұрпағым үзіліп қалмайды ма деген үрей дедектетіп тыныш жатқызбай жүр. Қаншаға... қашанға... дамылсыз жүгіруге... шамаңыз жетеді!..
Осы мезет Қосайдың көңілі жел өткен жыртық киімге ұқсады. Жасқа-жас, ойға-кәрі тіршілігі күн өткен сайын ауырлап барады ма. Азаматтың айтып отырғаны — жүректің сөзі. Мұның он сотық жер үшін осыншама жығылып-сүрініп жүгірісінің мәнісі — суретшілік дарыны, мазасыз мінезінен емес, заман-ақырдың тақап қалғанынан, барлықтың кепиеті ұрғанынан — деп отыр мына жігіт. Сөзінің жаны бар.
— Ендеше қайтайын, — деді Қосай.
Төлеуғазы қайран қалды. Атағы дардай суретшінің аяқ астынан қитыға қалғаны несі деп ойлады. Ісі — ересектің ісі, қылығы — баланың мінезі. Әлде көңілінде жүрген түйіткілін тарқатып айтқаны ұнамады ма. Осы мезет тәмпіш танау хатшы қыз шәшкемен шай әкеліп ұсынды. Қосай шайға қарамай, жуан портфелін көтеріп түрегеле берген.
— Ау, пәске отырып ақылдасайық, сабыр сақтаңыз, — деп, Төлеуғазы кәдімгідей басу айтты.
— Он сотық жер түбіме жететін шығар, — деп, Қосай күрмеліңкіреп тосылып тұрды. — Кейінгі кезде мүлдем өзгеріп барамын. Не болса соған шырт ете қаламын. Бір ауыз сөзді көтере алмаймын. Жүйке жұқарған деп жауырды жаба тоқып жүре беруге болар еді. Неге екенін білмеймін, әлгі өзің айтқан алақандай жер жайын қозғасам— көз алдыма бала кезімде бауырында өскен Көсегенің көк жоны елестейді. Шеті, шегі мұнартып жатқан көк теңіз секілді еді шіркін!
Төлеуғазы түрегеліп кеп Қосайдың иығына қолын салды. Кең бөлменің түстік беті түгел әйнек болатын, пердесін ысырып жіберіп, әйнек алдына жетелеп әкелді. Оныншы қабаттан жердегінің бәрі құмырысқадай қыбырлап көрінеді. Бәз біреулер автобус аялдамасына құнжыңдай асығады, бәз біреу сөмкесін салақтатып соңынан қуады. Тіршілік үшін тыпырлаған қарбалас.
— Қазір ғой көрінген шенеуніктің есігін қағып қор болдым деп тұрсыз.
«Мына жігіт тамыршы ма, әлде көріпкел ме, кісінің ойын қалай оқиды» деп Қосай іштей таңғала түседі.
— Бәріміз қу тіршілік үшін тырбаңдап жүрміз. Тырбаңдатып қойған Жазымыш Иесі. Ойлайсыз: он сотық жер үшін өзім ғана кіріптар болып жүрмін деп. Мына мен жоғарыға кіріптармын. Әкімнің қабағы дұрыс болса, тапсырылған істі тиянақты орындасам деп түн ұйқымды төрт бөлемін. Тақауда АҚШ-тың «Форбс» журналының миллиардерлер тізіміне енген ана бизнес иесі — Мәлгаждаров ініміз — ұлы дағдарыста қаржым құнсызданып кетпесе деп өзінен зор — алтынға кіріптар. Әкім мырза шаруам шайқалмаса, Президент назарынан тыс қалмасам деп — назарға кіріптар. Ал мынау деген дарынды суретші, былайғы пенде көрмеген, білмеген, сезбеген бояу мен жарық үндестігін тамыршыдай тап басып танитын сіз де жағдайға, жетпейдіге — кіріптарсыз. Ешкімге, ешнәрсеге кіріптар емес — Жаратқан Ие ғана.
— Сөзің көңіліме жағып барады, — деп Қосай кәдімгідей босады.
«Жағып барады» дегені — не десең де көндім, бәріне мақұлмын, жетеле де жөнін тауып шаруамды шешіп бер дегені еді. Суретші көбіне сөзбен емес, бояумен, көзбен сөйлейді емес пе.
— Менің де қолымнан келмейтін қызмет көп. Мықтап ойланатын кез келді. Агенттік жігіттерінің: жерге мараторий, ешкімге бөлінбейді, кезекте он жеті мың кісі тұр дегені шындық... Әйтсе де гостиный двор, шеберхана, кеңсе офисі деп бірлі-жарым билік иелері алып жатыр. Билік иелерінің кім екенін айтпасам да ішіңіз сезеді.
«Айтқызбай-ақ ойымды оқыған көріпкелдігіңе тәнтімін, бауырым» деген оймен Қосай үстел басына қайыра айналып келді. Қолынан түспей жүрген портфелін — жаңа көргендей, ежірейе үңіліп тұрды-тұрды-дағы мырс жымиды. Қатты орындыққа тізе бүкті. Суып қалған шайдан бірер ұрттады. Бұрылған мезет: батыс беттегі батуға еңкейген алып нұрдың бояуы әйнекке жұқты. Бір аунап кеп бөлмеге лақылдай құйылды.
— Бәлкім кіріптар деген үлкен картина жазарсыз, — деп Төлеуғазы төрдегі орнына қайыра жайғасты. —Жеке қожалыққа баспана салуға жер берілмейді. Үлкен ғимарат салуға ғана бөлінеді. Жалғыз жол: сіз сұраған шеберхана — үлкен құрылыс, қаланың көркіне көрік қосатын ғимарат деп шешім шығарамыз. Әкім әлгідей шешімге тәуекел етіп қаулы қабылдайды. Таяқтың екінші ұшы бар. келесі ұшы — қалың бейнет. Сіз салатын шеберхана үлкен құрылысқа жатқызылды дедік... енді әлгі құрылысты салуға рұхсат керек. Рұхсат шешімі шығу үшін: отызға жуық құжат жинайсыз. Жүгіріп жүріп жинарсыз-ау! Әйтсе де әлгі ғимарат түсетін жердің геодезиясы... топырақ құрамы... неше метр тереңдікке іргетас құюға болады... іргетас қанша жылға шыдас береді... жауап беретін білікті мамандарға жүгініп анықтама шығарасыз. Сәулетші жалдап ғимараттың жұмысшы-нобайын сызғызасыз. Жұмысшы-нобайының өзі пәлен том кітап. Жер қыртысын зерттеуге... жұмысшы-нобайын сызғызуға... әлденеше миллион қаржыңыз кетеді. Жинаған құжатты әкеліп сарапшылар талқысына саласыз. Сарапшылық ақысы өз алдына пәлен миллион. Тоқетері: шеберхананың салу құжатын қамдаймын деп өміріңіз өтеді. Таяқтың маңдайға тиер келесі ұшы деп тұрғаным осы.
Қосай үн-түнсіз жерге қарады. Иығынан зілмауыр салмақ езіп жер боп жасыды, құлақ шекесі шуылдады.
— Құрылыс салмақ түгілі құжатын қамдауға өміріңіз өтеді. Солай ғып заң шығарып қойған. Бақылайтын пәленбай құрылыс комитеті «құрылысшы пақырдан түсетін алым-салықтан айлық жейміз, сыйақы аламыз» деп көзін сатып олар отыр.
Қосай қанын ішіне тартып сазарды.
— Дарыныңызға бас иген соң айтып отырмын. Біраз жылдан бері сурет коллекциясын жиям. Үйімде Шәрденовтың, Төлепбайдың, Айтбаевтың, Хисамеддиновтың картиналары бар. Жаман айтпай — жақсы жоқ, шағын шеберхана саламын деп тентіреумен, әр есікті қағумен уақытыңыз текке өледі, көзіңіз тіріде — жанға қажет емессіз. Дихан бақшасындағы қарға үркітер қарауыл тұлып та бір — сіз де бірсіз. Осыдан өле кетіңізші — әр картинаңыз үшін қыздың құнын сұрайтын болады. Тірлігінде қадірі кем деген осы.
Қосай терең күрсініп еді, бөлме күңіренді.
Төлеуғазы жан қалтасынан орамалын желп еткізді. Жаңа байқады: самай тері сүмек боп сорғалапты. Сүртініп әлек. «Көп-көрім кісіге көлденең шаруа тауып беріп қинадым-ау» деп Қосай іштей қысылып өліп барады.
— Жалғыз амал бар, — деді Төлеуғазы.
— Сол амалға жүгінелік ендеше.
— Шығармашылық шеберхана деген қаулыдағы әуелгі сөзді, егер қаулыны алмастырар күн туса — жеке тұрғын үй шығармашылық шеберханамен деп қаулыны қайыра өзгертіп ұсынамыз. Жеке тұрғын үйге отызға жуық құжат жинамайсыз, әлгідей геодезия, топосъемка қажетсіз. Қаулы мәтінін әкімдік алқасына қайта жібереміз. Өтіп кетсе — ырыс-несібеңіздің тасығаны, өтпей қалса — ырыс-несібеңіздің қайтқаны. Тәуекел етейік! Басқа жол таппадым
«Айтылар сөз — айтылды. Несіне езіп, мыжып жақсы азаматтың уақытын аламын. Мәртебелі лауазымды көп шенеунік жүре сәлем беріп, киіз құлақ болып, маңайына жолатпай жатқанда — мына Төлеуғазының адамгершілігі байтақ, кісілігі көркем қайта. Жерге қатысты барша гәпті алақанға салғандай ғып картасын ашып берді. Кезектегі он жеті мың адамның арасынан ешқашан тізгін үзіп ұлтарақтай жер ала алмас еді. Жоғары лауазымды кісілер орынтағын пайдаланып, сөзін ұзартып — бірі мейманхана, бірі мейрамхана, келесісі кеңсе саламыз деп ретін тауып алып жатыр. Әлгілердің жер төлемі, топырақ қыртысын зерттеуі, жұмысшы-нобайын сызғызуы — сым ұшымен-ақ жылдам шешіліп жатады. Қалтасы жұқа кісі жетпейтін межеге — сым ұшымен емексіткен жалғыз ауыз сөзі — атқан оқтай тиеді. Алпауыттарды айналып өтіп жер телімін алудың оңай жолын мегзеп отыр мына азамат. Бәрекелде-е-е! Тәуекел етпекші».
Аяқ астынан жаны жадырап, ішінен Алла разы болсын айтып, иығы көтеріліп түрегелді.
Қосайдың көңілі көктемгі жібіген қардай босап, қайтуға бет алды. «Қайыр-хош бауырым, өнерге деген ұлы құрметіңе тәнтімін... Арызымды өзіңе қалдырамын», — деп, жігіттің алақанын қос қолдай қысып, бұрылып, есікке беттеді.
Төлеуғазы суретшіні табалдырық түбіне дейін шығарып салды. «Бұдан былай ешқашан көре алмайтын, жолығыспайтын кісіше іштей толқығаным қалай» деп ойлады. Қапелімде аузына келген тәтті сөзді үйіп-төгіп айта алмады, ішінен тынып бүркеулі қазанша булығып кетті.
Кісі — үмітпен өмір сүреді, тілекпен көгереді. Көшеге шыққан Қосай таныс жолға түсіп, белгілі көлікке отырып селкілдегеннен-селкілдеп қаланың түстік бетіндегі үйіне жеткенше — күпті көңілі біртүрлі қобалжып, күзгі аспандай алай-түлей үрейлі сезімнен аршылып болмады.
Жан әлемін сұрғылт уәйім кемірді. Кешқұрымғы бояуы солғын қарақошқыл бұлт айналып келіп көзіне тұтыла берді.
«Мына тағдырдың ойыны ма, шыны ма» деп іштей күйзеледі Қосай. Күйзеліп келе жатып автобус аялдамасынан түсіп қалды, ілби басып, VIP қалашық түкпіріндегі үйіне бұрылды. Темір қақпаны ашып қалғанда арғы жағынан арсылдаған күшігінің үні естілді. Темір торлы үйшікке қамалған ит иесінің аяқ дыбысын алыстан сезіп, торға қарсы ұрып, шапши ұмтылып, шала бүлінеді. Есі кете еркелейді. Аулада бос жүрсе, — әй-шайға қарамай арсалақтап, аяғын асып, айнала ұйтқи шауып, үстін ластар еді. Жарық барда ол немені қамап қойғаны оңды болды.
Аула түкпіріне аяңдап келіп ағаш орындыққа тізе бүкті. Батыс беттегі бұйра бұлт өртенгендей алабұртады. Дүниенің дөңгелек екенін, дүние жалғанның өткіншілігін куәлап, сары даланың кілегей қаймағына ұқсап көкжиектің күйген терідей көңірсуі жаман. Көңірсіген — кешкі қаланың тынысы болатын.
Дүниенің — басы сайран, аяғы — ашыған айран. Бір пұшпағынан тартсаң келесі пұшпағы үзіліп түсетін кемтарлықтан қашан құтылары белгісіз. Баяғыда, Сталин заманында Жетісудан шыққан бір жазушы «Аштық» деген роман жазып, үндеместер тінткілеп жүріп ұстап, ақырында халық жауы деген оңбағандай ат жапсырып атып жіберген екен. Қазір жиырма бірінші ғасырдың басы, уақыт ел-жұртқа бетін бұра бастады. Нарыққа бейімделу бұл қазаққа оңай соқпады. Кедейшілік көп адамның қыр соңынан көлеңкеше ілесіп қалмай келеді. Бай-байға, сай-сайға құяды. Кедейлер мен байлардың ара жігі тау аңғарындай ажырап, уақыт өткен сайын бір-бірінен алшақтап алшайысып барады. Бас айналған құзар шыңның аңғарында қалған кедейшілік пәлсапасын бояу тіліне көшіріп «Жетпейді» деген сурет салмақшы. Жетпейді деп байлар жүрер — қолын тарбайтып, көзін бақырайтып; «Жетпейді» деп қарасирақ кедейлер шығар — әркімнің шаужайына жармасып ырылдасып. Біреуге — уақыт жетпейді, біреуге — саушылық жетпейді, келесіге — мәртебелі лауазым басқышына қолтығынан демеп жіберетін жанашыр туысы жетпейді. Дүниеде төрт құбыласы түгел шалқыған, өзіне, өзінен асып тұқым-тұяғына жетіп артылдырған кісі жоқ шығар. Шыққан биігінен мұрттай ұшып құлап қалмаудың қамын ойлап түнемесі дөңбекшіп ұйқысын бөледі. Мұңсыз, қамсыз кісіні таппайсыз.
— Жазған-ау, неғып обаға қонған жапалаққа ұқсап мөлиіп отырсың? — деп зайыбы Зүбаржат иығына қолын салып, қалың ойдан аршып алды. Ыңғайсызданып қалды. Жайсыз түс көрген адамша маңайына алақтай қарап, жұмыстан оралған зайыбына ілесіп үйіне беттеді.
«Об-бо-оу, пәдәріңе нәлеттер-ай!»
Немерелері отбасын майдан даласына айналдырып жіберіпті. Бірі қуып, келесісі атып-жығылып дегендей, көршінің қарадомалақтары қосылып, үй іші адам айтқысыз даңғаза шу; кішкентайы қайдан тауып алғаны белгісіз, мольбертін салақтатып мойнына асып, қылқаламын оңды-солды сілтеп ватманның біразын шимайлапты. Ертеңгісін ғана жинастырып тәбиядай ғып реттеп қойған жұмыс бөлмесі астан-кестең, нақа үндеместердің тергеушілері тінтіп, тексеріп, талапайға салып тәркілеп үлгергендей. Қан қысымы басына шапшып, ойбайын салып, кішкентайларды тықсырып қуды. Жартылай біткен «Туған ауыл» полотносының төр жақ бетіне шаң тиген бе, әлде аңызақ желден шаңытып тұр ма, үңіліп, үрлеп еш айыра алмады. «Жер алмасам болмайды екен» деп ойлады Қосай, «тәйірі, жетіскен тіршілік осы болып па! Кемтарлықтан, жетпейдіден қайтсе құтылады!»
Кешегі кеңестер Одағы төске өрлеп, социализм дөңгелеп тұрған заманда шығармашылық адамына қамқорлық белден болатын: ортақ қазан — худфонд бар, іссапарға шығасың ба — ал да жүре бер, жолақысын, жамбаспұлын, ішім-жемге худфонд төлейді; емделемін дейсің бе — мә!.. үй аламын дейсің бе — мә!.. жаңа картина туды дейсің бе — худфондыға өткіз де ақшаңды ал!.. көрме өткізем дейсің бе — хат жазып береміз, көмектесеміз, келіссөз жүргіземіз!.. шетелге шығам дейсің бе — шақырту қағазын ал да жүре бер!.. Осынау майшелпектің қадірін белмеппіз ғой, қит етсе — қыспақтамыз, тоқпақтамыз, сала алмай жүрміз деп балшабектерді жер ғып жамандапты; ұлы картина туғызуға жағдай жаса деп қара нардай балшабекке зілдей ғып міндет артыппыз; жоқ жерден аяқты көсіліп жер тепкілеп бәлсініп отырып алыппыз! Ал енді маңдайға мүйіз шықса — шылқ етіп шыға келген капитализмнің қабағына қара. Жаутаңда!
Басың аурып, балтырың сыздаса — қалтаңнан төле, дәрігер жалда; шабытың шалқып, қолың қалтаңа сыймай бара жатса — қағаз, қылқалам, бояу, тұғыр, кенеп, неше ықылым дүниені сатып ал; сурет сал; көрме өткізем десең — демеуші тап, көрме залын жалдап ал; сурет альбомын шығарсаң — аяғыңнан сабылып меценат ізде, Жаббар иеге бас ұрғандай жалынып алақаныңды жай. Баспана алғың келсе — жалақыңды жинап кезекке тұр; жер алғың келсе — таныс тап!.. Басқан аяғың санаулы. Ішкен-жегенің, киген киімің, сөйлегенің, көсілгенің, көңілденгенің, көзге түспегің — бәрі сатулы!.. Қабілетің, дарының, бойыңдағы қажырың — базарға өтіп, бағаланып, ақшаға айналғанда ғана —керек адамсың, санатқа қосаыласың.
Баяғыда қазақ билері қапылыста мерт болған ердің құнын — сол жігіттің көзі тірісінде нендей билік құрғанымен, қандай байлық жинағанымен кесіп-пішіп шығарады екен. Қазір де сол! Қайратыңды, қабілетіңді, табысыңды базарға шығарып барып — өз бағаңды өзің айтасың!
Об-бо-о-оу деген!
Қосай ай бойына аядай бөлмесін ішінен жауып алып, жатпай-тұрмай сурет салды. Жан баласына сыр ашпады. Қарны ашқанда барып, кілтті сырт бұрап ашып ас үйге өтеді. Үстінен бояу исі аңқып, қасы, көзіне көкшіл, алсары бояу жұғып, қабағы пәсейіп дастарқанға отырады. Зүбаржат: «Жазған-ау, жылы суға қол-басыңды жусаңшы», — дейді қиылып. «А, солай ма?» — деп, Қосай аңтарылып, шыт-шыт жарылып кеткен алақанын осы қазір көргендей аударып-төңкеріп қарайды, орнынан тұрып қолжуғышқа өтеді. Ас ішкені де қызық. Біреу соңынан сүркіл салып қуып келе жатқандай асығып, алдына қойғанды — қойғанша сап қылады. Бәз бірде түйіліп, қолын үнсіз сермелеп: «Шайыңды құй тездетіп!» — деп, көзі боталап дегбірі қалмайды. «Жазған-ау, жаныңды шүберекке түйіп не салып жатырсың?» — дейді Зүбаржат үзіліп. Қосай жанарын ашып-жұмып, айдан түскен адам секілденіп, иығын қиқаң еткізеді: «Біткен соң көрерсің», — дейді күңк етіп.
Әппақ ұлпа қары жапалақтап желтоқсан жетті, аспан асты аласарып салбырап кетті. Жаңа жыл есіктен енетін түні суретші әлгі жан азабын тәмәмдап, иығы көтеріліп, бұлттан шыққан күндей қабағы ашылатын шығар деп үміттенген. Зүбаржаттың ойы ақталмады. Суретшіні осыншалық сарсаңға салған жан азабы аяқталмаған секілді. Қабағын ашып, сыр ашып жарқырамай, жаңа жыл құрметіне құйылған шампаннан бір жұтып, үлкен астан бірер қарпытып: «Ал, өздерің тойлай беріңдер, мен кеттім!» — деп, аядай түкпіргі бөлмесіне сүңгіп кетті. Ескі жыл кетіп, жаңа жыл келіп жұрттың бәрі мәре-сәре болып жатқанда — Қосай суретші аш күзенше бүгіліп отырып: сырт дүниеден безініп, тіршілік базарынан баз кешіп, Жалғыз басы өнерімен бетпе-бет өжендесіп сурет салды.
Қаңтардың қытымыр аязы тірі жанды бүрсеңдетіп қысқыштай қысып бергенде Қосай түкпір бөлмесінде сығырайып, бояуға малынып бір тізерлеп сурет салып отырды. Жаннан безген жанкештілік мінезге түсіп, тіл-ауыздан қалып тұйықталды.
Зүбаржат жұбайынан жасырып екі мәрте психолог-дәрігер шақырыпты. «Бірге оқыған жерлесім еді, өзіңнен қолтаңба алуға келіпті, шай ішіп шықсын дедім», — деп жәй ғана жақауратты. Әлгі психолог-дәрігер дастарқан басында кісінің ойына келмеген қайдағы-жайдағыны қозғады. «Суретшінің көз жанары жарық пен кеңістікті қалай қабылдайды», — деп суыртпақтап сыр тартты. «Ту сыртымен көру дегенді қалай түсінеміз, Қосай мырза?» — дейді. «Сезанның шикіл сары бояуға өлердей құмарлығы неден?» — дейді психолог-дәрігер. Бұл көкең көңіл көншітіп жауап бермейді. Иығын қиқаң еткізіп, сауалын сағызша созған қонағынан тезірек құтылғысы кеп, апыл-ғұпыл асын ішіп, орнынан тұрып түкпіргі бөлмеге ойысады. «Тексеріп көріңіз!» — деп астыртын дәрігер шақырған Зүбаржат — қиыс бұрылып, дәрігер мейманға көрсетпей көз жасын сығып алады.
Қаңтар айының қары қалың түсті. Айдың аяғында суретші жүрегін жегідей жеген жан азабын аяқтап, иығынан тау аударғандай кепке түсіп — қуықтай бөлмесінен шуақты таңдай жарқырап шыққанын көрсеңіз! Сәулеленіп ыржияды. Ысқырып саз қозғайды.
Ертесіне әлгі жан азабын үлкен кенепке орап, сыртынан кендір жіппен шандып байлап, бар тәуірін иығына іліп, жолға әзірленді.
Қыстайғы қапалығы басынан асып, мұңы мұз сіреге айналған зайыбы жүзіне күлкі үйіріп: «Суретті көрейінші», — демеді. Көз жасын бір сығып, қосағын есік алдына шағарып салып, соңынан жаутаңдап қала берді. Бір үмітке бір кем тілек жалғағандай сезілді. Қосай кенепке ораған үлкен суретті құшақтай көтеріп такси шақырып, жеңіл мәшинеге ырғап салды. Зыр етіп жөнеле берді.
Былайғы баян кейіпкер көңіл күйіне құрылған әңгімеден гөрі тартыс-талайлы драмаға ұқсады. Қосайдың алдынан әрі күрделі, әрі елеулі оқиға көлденеңдеді.
Зәулім үйдің оныншы қабатына орын тепкен әкімдікке қарайтын «Жер қатынастары басқармасының» кеңсесіне төтелей тартты. Есік аузындағы қызыл жағалы қарауыл: «Көтеріп алған, жіппен шандыған затыңыз не?» — деп бірауқым ежелеп тергеп шаршатты. Оныншы қабаттағы ала киім, лақа тіс бәтеңкелі сыптығыр күзетші: «Кімге... неге барасыз... арқалап алғаныңыз жарылғыш зат емес пе?» — деп екі шаршатты. Әупірімтәңіріммен басқарма бастығы — Төлеуғазының қабылдау бөлмесіне енгені сол, тәмпіш танау, бүйрек бет бүлдіршіндей хатшы қыз: «Бастық ауырып отыр, қазір дәрігерге шығады, келесі аптада айналып соқсаңызшы», — деп үш кідіртті.
«Шырағым, — деді Қосай ентігін әзер басып, — көшедегі көлденең көк аттылы емеспін, хан қайрылып сәлем беретін әйгілі суретшімін, осы кездесуге екі ай жарым әзірлендім... қайтсем де жолығып шығуым керек», — деп жүзін суыққа салып сіресіп тұрып алды. Хатшы қыз амалсыздан бастығына еніп кетті. Сәлден кейін қайыра шығып: «Кіріңіз!» — деді күмілжіп.
Тымауратып қалғанына қарамай Төлеуғазы жүзін жылытып, түрегеліп қарсы алды. Қол беріп амандасып, қапталдағы орындыты нұсқады. Тектінің төрі биік, алды кең. Таңқалғанын жасыра алмай: «Арқалап жүргеніңіз не, ағасы», — деп жөн сұрады. Қосай бастық ұсынған орынға отырмады. Сол тұрған бойынан еңкейіп, екі бүктеліп, күйбең қағып жіппен шандыған дүниенің жалма-жан қағаз орауын жазып, жалаңаштай бастады. Аузына осыдан бес жүз жыл бұрын өмір сүрген Доспамбет жыраудың сөзі оралды. «Азаулыда аға болған ерлер көп еді, Әйтсе де алмаға ат байлағаны жоқ еді, Мен көлікке қосымды артқанмын, Кірмембес ауыр қолға бас болып, Күңіреніп күн түбіне жортқанмын» деп дестелей төгіп, сары алтын кәсекілі үлкен суретті жарқ еткізіп ашып жіберді.
Төлеуғазы «жанарым күн шуағы құйылған әйнекке шағылды ма» деп ойлаған;
әуелгіде көз жанары алай-түлей қарығып, тосын әсерден талып түсе жаздаған;
сурет сиқырына арбалып қалды;
Түрегеліп кеп суретшінің оң қапталынан қараса — үлкен портреттегі кескін өз келбетіне келетін секілді. Толып туған айға ұқсаған нұрлы жанары, ашылған қабағы, жазық маңдайы, дөңгелек, ақсары жүзі — өзінен айнымайды. Қарсы алдынан көз салса — тұңғиық ойға шомып, дүниеге өз шындығымен қараған, несібесі көп пендеден артық жаратылған жампоз жігіт. Ақылман философ. Заманның арғы-бергісіне, артық-кеміне ой жіберген жігіт ағасы. Жаманыңды жақсыға жорып жыр етер, жүрген жерін әрі ісімен, әрі сөзімен нұрлы етер мінез иесі. Айналып келіп сол иықтан көз салса — кенелейін деген жігіттің жылқы ішінде екі арғымағы тел өсер дегендей, несібесі егіз жаратылған, жақсыға салыса — жақсы болуға ұмтылған; тіршілік жорығында шарқ ұрған бөрінің баласы — абадан секілді кісі отыр шаншылып.
Не дерін білмей тілі күрмеліп састы. Жағасын ұстады.
— Мынау мен бе? — деді үні дірілдеп.
Суретші Қосай түсіндірді.
— Қолымнан келгені! Өзің секілді азаматтың бояудағы бейнесі деп біл. Шеберхана салып алуға жер я бөлінер, я бөлінбес, шығарымпаздыққа күйіп-жанып жанашыр балып жүрген ер жігітті осылайша түстеп танып алдым. Кейінгіге өнерім қалсын. Қабыл ал, інім!
Әуелгіде Төлеуғазы ойлаған: «мына суретші буынсыз жерге пышақ ұрып, онсыз да тетігі қирап оңбай тұрған тіршілік арбамды түзесіп жібер, жөнге сал; есебін тауып қаулы шығартып — шеберханаға жер алып бер» деп миымды айналдырады ғой деп.
«Кіріспес жерге кіріс дейтіні жаман бұл қазақтың. Бетіне қарап жылы сөйлесең болды — желімше жабысып, қыр соңыңнан қалмайды, ығырыңды шығарады. Қашып құтылғандай боласың» деп ойлады Төлеуғазы. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өртше лапылдап тұрғаны мынау. Кешегі зұлмат жылғыдай бір қазақ бір қазақтың үстінен донос жазып, тырнақ астынан кір іздеп көрсете бастады; қарап тұрсаң — еврей де, кәріс те, неміс те сау басына сақина тілеп бірін-бірі ұстап беріп жатқан жоқ. Лауазымға таласып, бірін-бірі тақтан тайдырғысы келіп кеудеден нұқып, көзге шұқып, аяғын тосып, алып-шалып жығып жатқан жалғыз қазақ қарындас! Қанына біткен қасиет осы ма деп қалады кейде».
Суретшінің сөзі ой үстіндегі Төлеуғазыны оқыс оятқандай сезілді.
— Мен қайтайын. Жас кезімде тұмау дегенді дерттің санатына қоспаушы едік, қазір заманына сай — ауруы, адамзаттың түп етегінен қатып ұстаған қиын кесел осы болды. Сауығып кетуіңе тілекшімін. Мына суретті саған сыйладым! Сурет жинайтын коллекционерсің! — деп абажадай үлкен картинаны қарсы беттегі ұстынға сүйеп, беторамалымен сүмек боп сорғалаған самайын сүртіп, қоштасуға қолын ұсынды.
Төлеуғазының жанарын мөлдіреген бір тамшы жас жиектеді. Тамағының баспасы көтерілген кісідей жұтына алмай, ләм деп тілге келмей, жалпақ алақанын ұсына берді. Есік алдына дейін көлеңкеше ілесіп барды. Өнер иесінің бірсөзді мәрттігіне таңғалды.
Көктем шыға... сүрі қар сорпаланып еріп жатқанда... Қосайдың үйіне әкімдіктен бір жапырақ хұсіни хат келді.
Қосай бұл кезде қала сырты түгілі — айдаладан ұлтарақтай жер бөлінеді деген үміттен әбден күдер үзген. Бүйрек тамырында холестерин көбейіп, СОЭ-сі артып, қан құрамындағы кретинин ұлғайып ауруханаға түскен. Әлгі хатты халін білуге бас сұққан Зүбаржат әкеліп берді. Өңі шикіл тартып, ақ төсекте көсіліп, талмаусырап жатқан суретші сиыр тіліндей конвертті құлықсыз ашты. Бұл кезде шығармашылық шеберхана саламын деген үмітін еміс-еміс естен шығара бастаған.
Қағазға көз жүгіртті.
«Қаладан 17 шақырым түстік шығыста, Астана-Қарағанды тас жолының бойындағы Күйгенжар ауылының пұшпағынан — шығармашылық шеберханаға жеті сотық жер бөлінді. Жердің геодезиялық зерттеуін, шеберхананың нобай-нұсқасын, эскизін осы хатты алған күннен есептегенде үш ай мерзім ішінде ЖШС «Астанагорархитектура» мекемесіне өткізіңіз» деп жазыпты.
Мәтінді оқыған Қосай оң бүйіріне дөңбекши аунап, еріксіз ыңырсып, жанарын жұмды. Көгіс тартқан самай тамыры лып-лып соғады. Бас жағында телміріп отырған зайыбы көз жасын үнсіз жұтты. Сағат тілі шекесін шаққандай үзіліссіз шықылдайды.
Осы мезет шегі-шеті көрінбейтін алыс көкжиектен бұлым-бұлым белден бой сала асып Көсегенің көк жоны бұлдырап — Қосайдың көз алдына келе қалғаны. Суретші кеңдікке сыйынды. Көсіліп жатар кеңістікті сағынды. Енді қайтсін!
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі