Өлең, жыр, ақындар

Ар соты

Бұл не сонда? Адамды байқатпай елеусіз ғана жан әлеміне еніп алып уақыт өте күйретіп жіберетін себептер болады. Соның бірі — қырсық шалған адамдардың қасында ұзағырақ жүруің, я болмаса қырсық шалған кісімен достасуың. Бұл сөзді есімі дүрілдеп шыққан жазушыдан оқыған. Ілгері басқан аяғым неге кері кете береді... билік дәлізінде қалай алшаң басып жүрмеймін... өсетін кезім болды емес пе... әлде қырсық шалған кісілер жан-жағымды торып, жын-шайтанға ұқсап жолымды кес-кестеп кесірін тигізіп жүр ме... деп Дәурен санасын сан сауалға шаршатқалы қашан. Ой ішінен ой теріп үңіліп отырса — уақыттың қалай жылдам өткенін сезбей қалады, түскі асқа шығуды ұмытады, парақ қағазды толтыра алмай шаршайды.

Арғы жағы белгілі. Бөлім меңгерушісі зыңылдатып телефон шалады: «Үлкен кісінің сөзі не болып жатыр?», — дейді. Бастығы құйрығына қалжуыр байлайды: «Дәурен-екең басына дауыл тұрғызсаң ғана қозғалады, әйтпесе жылы орында сөзжұмбақ шешіп, бөкселі бикештермен уәжі жарасып, әрәдік басшының көзіне түсіп қана... бірдеңе істеген болып отыра береді», — дейді. Ой-пәлі-ай! Күймей көр! Өзінен көп кейін келген, Үкімет үйінің есігі қайсы десең — терезесін көрсететін әне бір сарыауыз балапан... бастық көрсе — жонынан су төгілмес жорғаға айналатын әмпай-жантық... орысша екі ауыз сөздің басын құрап жаза алмай балағына сүрініп жүріп-ақ жантық-желбуаз дың қойып өсіп үлгерді. Алдын орады, Ақ Ордада әнекей отыр шіреніп!

Сонда мұның неге жолы болмайды. Өзгелер... өзі құралпы отыздан енді асып, қырыққа жетпегендер Үкімет үйіне келер-келместе, бөлімге, сектор үстеліне құйрығы тиер-тиместе шүу қарақұйрық деп, я Басқармаға, я комитетке, бас айналғандай биіктегі Вице-лікке лып қойып өсіп жатқанда... алты жыл өтіп, жетінші жылға аяқ басты — бөлімдегі аға референт қызметінен мешел баладай еш қозғалар емес. Уақыт өте қозғалу түгілі осы орында қалу-қалмасы нәркүмән, көкжиегі бұлдыр тартып, көтеншегі түсердей омалуы жаман. Бағы тайған мүсәпірге келеді. Апта үңіліп, әр жерден құрап-сұрап...желімдеп-жапсырып... түгендеп-теріп жазып берген баяндамасын бастығы басынан асырып лақтырды. Он парақ қағаз тауықтың жұлған қауырсынына ұқсады. Әр сөзі бытырамен атқандай өңменінен өтеді-әй.

— Бесіктен белі жаңа шыққан жастардың жазғаны тастай, қиып алғың келеді. Сенің құрап-сұрап әкелгенің баяғы әләулай. Елбасының сөзін қисыны келсін-келмесін үш жерге, Премьердің дәйектемесін бес жерге қыстырыпсың. Ойың быт-шыт. Нысанасы жоқ өңшең болады, қояды, өсіп жатыр, шырайлы таң атып келеді. Бұл неғылған атып болмайтын таң, көкешім!

— Шұғылалы таңды көбірек қос деген өзіңіз емес пе?

— Ау, шырайлы таңның суреті басымыздан баяғыда бұлт боп көшкен. Қазір әлемдік дағдарыс. Құнсыздану етектен тартып, баға бұғанадан ұрып, жетіспеушілік жеңді қырқып жатқанда сенікі неғылған көпсіңкі сөз, көтеріңкі көңіл. Түсінбедім, шырағым!

Дәурен шашылған қағазды жылдам теріп, белін жаза сап шығып жөнелді. Қарсы дау айта алмады.

Ұзын дәлізде келе жатып аңдамай бір бикешке сүйкеніп өтті. Лифтіге қыстырылды.

«Қырсық шалды», — деп іштей мүжілді Дәурен, « — Мүңкір-нәңкір, жын-шайтан маңайымды қоршап алды. Әй, мына түріммен құдыққа құлаған шығармын. Өсуді ойлап — тұлыпқа иіген сиырдай өткен жолғы Басқармадағы бос орынның конкрусына құжатымды өткіздім-ау мен бейбақ».

Бөлмесіне келіп, орындыққа тізе бүгіп, үстеліне еңсесін салып: «Қай жерде қателік жібердім?», — деп кейінгі айдағы жүрген-тұрғанын... кімге қонаққа барғанын... үлкен кісі туралы не айтқанын... кімнің мәшинесіне мінгенін... түп-түгел тәспінің жібіне тізіп көз алдынан өткізе бастады. Көзіне құбыжықтай дәнеме ілінбеді. Бәрі де баяғыдай, жып-жылмағай, бұдыры жоқ тақтайдай тегіс жолмен желе-жортып қана өткендей кеп. Ешкімнің сабақты инесіне қол сұқпапты, ешкімнің сыртынан өсек айтпапты, басшының алдын кесіп өтпепті, жұрт ыржиған жәйітке жымиыпты, жұрт ренжіген жәйітке «аһ» ұрып налыпты, қия баспапты, ыза жерден айналып өтіпті.

Мұз үстімен сырғанаған конькишідей бұл не өмір деп іштей торықты, көңілі құлазыды.

«Осыны да өмір дейміз бе!»

Басшы не айтса — ләббай тақсыр!.. Газетте не жазылса — ғажайып екен!.. Премьер не айтса — қатесі жоқ касиетті кітаптың сөзі!.. тосып сөйлейді, жұқалап пікір білдіреді, сыпайылап қана мақтап өтеді... еш оқиға жоқ... тартыс жоқ... құм көшкіні секілді бірінен-бірі еш айырғысыз жүрек толқыны секілді күндер өтіп жатыр... сырғанап өте бермекші. Сонда кіші шенеуніктің көзтүрткісіне айналып, солар жазатын сөзді жазып, солар ойлайтын ойды ойлап, қамаудағы тиындай шыркөбелек айналған тор көз ішінде ертеден қара кешке емпеңдеп жүгіре бермекші ме. Өстіп жүріп бет-болымысын жойып алса неғылады!

Көкейінде көмулі қазынасы болатын. Ол қазына — ұшқыр қиялы, өзіндік беті еді. Кез келген нәрсеге, күнделікті қақтығыс қалың оқиғаға — жұрт жүрмеген тың сүрлеумен ат ізін салуға, өзге кісі ойламаған оймен тұжырым түюге бала жастан дағдыланған еді. Сол дағдысынан көз жазып адасып қалды. Адасқаны сол: әлгі көкейіндегі көмулі қазынасын күнделікті қиқым тіршіліктің... күншілдіктің... күңкіл өсектің шаң-тозаңы көміп, күн сәулесін түсірмей көмескіленіп, жоғалтуға айналды. Көңілінде қазынасы жоқ адам — көптің бірі, керуеннің көлеңкесі, ескексіз қайық, өзгенің аузына қараған әрі боркемік, әрі босбелбеу біреу ғана!

Осыны ойлаған Дәурен қарадай сілкінді. Жайлы орнынан ұша түрегеліп есік жақтауына ілінген шарайнаға қарады. Көзі кілмиген... қиыр далада сағым секілді барлы-жоқты дірілдеген... шыңыраудан күн көзіне шыққан кісіше үңірейген... әлденеден секем алып үрпиген... әлдебіреу тұрды. Іштей шімірігіп шошып қалды.

Бұлай жүре беруге болмайды екен деп ойлады. Бұлай жүре берсем — өзімді-өзім жоғалтып алады екем. Орындығына қайта айналып келіп, сылқ түсіп еңсесін салып жіберіп терең-терең күрсінді. Ой орманының ішіне еніп біразырақ адасты, жол табамын ба дәмеленіп арлы-берлі кезді.

Алатаудың күнгей бөктерінде, Суықтөбе іргесінде атбегі нағашысы болатын. Осыдан бірер жыл бұрын мерзімді демалысқа шығып, Карловый Бар шипажайынан ем-дом алып, қайтар жолда көне ірге — Таразға бірер күн ат шалдырып дегендей... екі-үш күн артылған мерзімге нағашыма сәлем беріп шығайын деп... жолай Дегерес аулының желкесінде отырған нағашысына соққан. Қажасатын қара таппай, іші пысып, көрші-қолаңмен ұрсысқан жартылай молда, жартылай атбегі әңгімешіл нағашысы Дәуренді көргенде, бейне, баяғыда көкпарда аттан құлап өлген әкесі тіріліп келгендей қуанды. «Қыстан қалған сүрі етке тісін сындырмаймын», — деп байлап отырған ту қойын сойып, көрші-қолаңын шақырып, иығы биіктеп қалды. Сол кісі сөз арасында... әңгіме ыңғайында, несін айтасың, осы күнгі Үкімет басшысы — Премьердің бірінші орынбасарының бөлесі боламыз!.. Мына көкең төрден орын тимей, шөміштен қағылып, шеттеп қалды бар ғой... сол бөлесіне барып мына шүйкедей ауылдың шаңын қағып алуға шамасы жетеді деп желпініп отырғаны есіне түсті.

Ау, түп нағашысы Премьердің бірінші орынбасарына төтелеп жалғасатын бөле болса — орынбасар-екең өзіне де жақын, жекжат, ағайын болып шыға келмейді ме. Қазақ қарға тамырлы. Ауылдастың аты озғанша — ағайынның тайы озсын деп лепіреді. Бірінің басына іс түскенде бір атаның баласындай бірігіп, бірін-бірі жауға қалдырмай, дауға бермей, ауыз жаласып шыға келеді. Қазір өзіне таныс біраз кісілер жоғарыда отырған ағайынын... таныс-білісін... жекжатын сағалап өсіп жатқан заман емес пе. Ендеше бұл көкең қайтіп қол қусырып сыбағадан құр қалады. Садақаға, батаға бұйыратын, шалып жүре беретін қой емес. Белді бекем буып туысқандық... ағайындық... қазақшылық... шылық-былық жолды іздейді. Тәуекел дейді!

Бір аптаға жұмысынан сұранып шығады. Үйдегі қара шабаданның ішін тәтті-құттыға, сый-сыяпатқа толтырады. Содан «шүу, қарақұйрық!» деп сықай салынған шабаданды салақтатып жер түбіндегі нағашы аулына тартады. «Осылай да осылай нағашы-еке, мына момақан жиеніңді әркім итше тепкілеп, жоғары жақтағылар атқа жеңіл телпекбай көріп, төменгі жақтағылар: «Әй, соны қойшы!.. қарақан басы қалтаңдап суішкілігін әзер ажыратып жүрген бейбақ қой!..» деп, жүре сәлем беріп, қор қылғаны жетер енді. «Қол ұшыңды бере гөр, нағашы-еке!Ағаш басындағы аш қарғаға ұқсамай — беліңді бекем бу... қайратыңды жи... алшаң басып Астанаға жүр... баяғы бөлеңнің кеңсесіне ен... мән-жайды түсіндір! Есі түзу, майлық-сулығы бірдей бір бала маңайыңда зар айтып жылап жүр, адам болып кетсін — қол ұшыңды бергейсің шырағым дегейсің нағашы-еке!»

Құданың құдіреті дейді ғой бұл Дәурен. Әлгі Дегерестің жынды желіне ұқсаған шәлкем-шалыс мінезді шал-екең әш-пүш дегенше үлкен қаланың, Астананың көшесіне дауыл тұрып, тулақ қаққандай арсы-гүрсі дабырлатып жіберді.

Премьердің бірінші орынбасарының алды-арты толайым күзет... жеңіл мәшинесі лып етіп қозғалса — алды-артынан жол полициясының қызыл көз жүйрігі дөтілдетіп зәрені алады... кеңсесіне бас сұғудың өзі дозақтың қыл көпірінен өткеннен қиын. Әй, Суықтөбенің бергі жағынан, Дегерестің пұшпағынан таяғын аттата басып жеткен кеңқолтық қазақылау нағашысы «әлгі үлкен биліктің басында отырған бөлесіне кіре алмай, бетінен басып қор болады-ау», — дегені бергі ауылдың сөзі болып шықты. Кешқұрым Дәурен қызметінен шаршап, қисықаяқтана басып, қуықтай екі бөлмелі баспанасына келсе — нағашы-екең қақ төрінде жас келінінің қолынан күрең шайды сораптап ішіп отыр. Миғынан жымияды.

— Бала, жолың болады екен, бір ауыз құлағына салдым, — дейді-әй.

— Жолығып үлгердіңіз бе, нағашы-еке!

— Жолықпадым. Жолығуды күтсем екі апта дәкүмент даярлап, құжат өткізіп, әлгі бөлеме жететін пәленбай бөлмені кезіп, мөр басқан қағаз толтырып тесік өкпе болады екем. Әлгі бөленің туралап үйіне тарттым. Келін бала құдайына қараған, жүрегі жұмсақ, қазақы тәрбиемен өскен неме екен. Бас-аяғыма сынай-міней ойлы көзбен ұзақ қарады-дағы, пошымыма үңіліп, әй, осы шалдан пәлендей жаманшылық шықпас-ау деген пиғылмен: «Мақұл, ата, телефон шалып көрейін, аты-жөніңізді айтыңыз», — дегені. Алла риза болсын айтып аты-жөнімді атадым. Сәлден соң әлгі қазақы тәрбиемен өскен сұқсұрдай келін бала: «Айттым, ата, есіне әзер түсірді», — деді. «Келген шаруасы не болды екен», — депті. «Осында ойға-қырға жұмсап жүрген, ойға-қырға қолымды ұзарта білген жиенім бар еді... тас жетім... табалдырығыңды тоздырып... бөлім бастығы күнде тепкілеп... бір саты жоғары өсе алмай өмірі өксіп өтеді ме... аты-жөні Дәурен Барұлы, аспан аласарған жауынды күні дүниеге келген», — деп таудан тас домалатқандай айтып жатырмын... айтып жатырмын... Әлден уақытта әлгі үріп ауызға салғандай келін бала жеңімнен тартып кідіртті. «Әлгі дауылды күні туған жиеніңіз бөлмеме келмесін... маңайыма аттап баспасын... арыз айтпасын... тып-тыныш сәрсенбінің сәтінде момақан бұзауға ұқсап Үкімет үйінің сыртқы қақпасы алдында... оң босағада... кешқұрымғы сағат 20 шамасында мөлигеннен-мөлиіп тұрсын... ләм демесін!.. тұсынан өзім өтіп бара жатқан кезімде... құлақшынын басынан алсын... көз саламын да тұсынан зу етіп өте шығамын» депті.

Мына сөзді естіген Дәурен не дерін білмей састы.

— Осы-ақ па?

— Ау, ол кісі мән-жайымды сұрап, бірер ауыз тілдесіп, алыс-жақындығымды, қабілетімді білсе іші кебе ме, нағашы-еке?!

— Келін баланың айтуынша — көрсе де көрмеген болып, білсе де білмеген болып меңірейіп тұра берсін депті. Жалғыз ғана құлақшынын қолына алсын. Сәлем мезіретін жасамасын. Басын иземесін, ләм демесін. Соңымда келе жатқан күзетші үндеместің агенті, дәнемені сезбей қалсын депті әлгі бастық бөле.

— Мынасына күлейін бе, жылайын ба!

— Мұндай-мұндай заманды бастан талай өткергенбіз, әлгіндей әпербақан әдісқойды енді ғана көріп отырмыз! — деп нағашы-екесі сылқ-сылқ күліп сандығында сары майдай сақтап жүрген вискиді сарқа ішіп, алла разы болсын айтып, ертесіне еліне қайтып кетті.

Дәурен нағашысы сан мәрте қайталап айтып кеткен тапсырманы орындауға бел буды. Сәрсенбінің сәтінде, бейне, шетелге шығандап жоғалған резидент-барлаушымен беттесетін кісіше — іштей мықтап әзірленіп, тас түйін бекіп, су жаңа киініп, Үкімет үйінің сырт қақпасының шыға беріс аузына келді. Кешқұрым батар күнмен ілесіп жетіп, аттай екі сағат бойына қаңтарылды. Кешкі сағат 20-да өтеді-мыс деген мәртебелі лауазым иесі көз байланып, көше жарығы самаладай жарқырап, жұрт аяғы басыла, түнгі сағат 21.00 шамасында жұмыстан шықты. Алды-арты сымға тарқандай сыптығыр жігіт... күзетші... көмекші... кеңесші... қалбаңдаған тағы біреуі желді күнгі пәредей айналып алдына түсіп жүгіріп сыр етіп тоқтаған мәшиненің есігін ашты. Бұл көкең селк етіп есін жиды. Жалма-жан құлақшынын қолына алды. Мәртебелі лауазым иесінің көзіне түсті ме, жоқ па, ол арасын айырып білмейді. Қаққан қазықша сіресіп қалыпты. Жұртта, көшке ілесе алмай адасқан жолаушыға ұқсап ілби басып, ұнжырғасы түсіп, үйіне келді. Келіншегінің көзі төртеу, жолын күтіп отыр. Жарының ұсқынынан шошып тіс жарып ештемені сұрамады. Болған кепті іштей түсінген секілді.

Кейіпкеріміз төсегінде түнімен дөңбекшіп көз ілмей шықты. Ұйқысын қашырған түпсіз терең ой еді. Бұл неғылғаны деп қиял тереңіне сүңги түседі. Елдегі нағашысына шақыру жіберіп, «келе қалыңыз» деп қиыла өтініп, Астанаға келуі мен қайту жолын төлеп, шал-екеңе сандығының түбінде жатқан сусар бөрік пен қамқа шапанды иығына жауып: «Жүре қалыңыз, нағашы-еке, бөлеңізге жібі түзу бала бер деп айта салыңыз», — деп ит өлген жерден алып жеткенде — бес-он минөт қабылдап, шүйіркелесуге уақыты жетпеді. Мұршасы келмеді. Тәкаппарлықтың көкесі ғой мынау! Бейне Қытай қорғанынан көзге көрінбей өте шығатын жансызға ұқсапты: апақ-сапақта дәп жанынан сырғып өтемін... көрсе де — көрмеген болып, таныса да — танымаған болып, бас киімін алып, қазықша қақайып тұра берсіні қалай!

Мазағы ма, шыны ма? Бұл дүние не болып бара жатыр, бәтір-ау. Өстіп жүріп өсемін деп аяқасты орға омақаса құламаса неғылсын.

Келіншегі ұйқылы-ояу күбір етеді.

— Өсетін болдың ба, жазған-ау.

— Мына салтымен... сырт көзге сылт еткізбес секемшіл қалпымен... әлгі бөле қалай ғана Үкіметтің сол қанатын, күллі экономикалық саясатын жүргізіп отыр, бәтір-ау! Өстіп жүріп омақаспасам қанекей! Мүйіз сұраймын деп жүріп құлағымнан айрылып қалмайын бәденді бикешім!..

Дәурен төсегінен құлазып тұрды. Мойнына көзге көрінбейтін зіл қаратас іліп алғандай, еңкіштене ілбіп ертесіне... ертесіне емес-ау, екі күн өте көлеңкесін кеудесінен басып қызметіне келген. Аяғын санап басып жоғарыға көтерілген. Бөлмесінің есігін ашқалы қолын соза берген еді, ту сыртынан бастығының алдында отыратын ақ үрпек қыз қуып жетті. «Басекең күтіп отыр сізді», — деді ентіге сөйлеп. Бөлмесіне еніп, сырт киімін шешіп, ізбе-із қайыра шықты. Хатшы қыздың соңынан ілесті.

Әшейінде қабағынан қар жауып отыратын бөлім бастығы бұл көкеңді есік аузынан түрегеліп қарсы алды. Жылы сәлемдесіп, сол қолымен жауырын сыртынан сыйпай құшақтап төрге оздырды. Жалма-жан үстелін айналып келіп қарсыласып тізе бүкті. Отырып жатып алақанын ысып-ысып хатшы қызға дауыстады.

— Шай әкел! — деді.

Өңменінен өткізе тұнжырай қарады.

— Дәурен Барұлы, бұрын неге сездірмей жүргенсіз! Қызмет бабымен артық айтып, асыра талап қойсақ ғафу өтінемін. Біздікі әншейін жұмыс жүрсін деген ғой, Дәурен Барұлы!

— Түк түсінсем бұйырмасын!

— Түсінесіз, білесіз, сезесіз Дәурен Барұлы. Қалай ғана ішіңізге сыйып жүрген! — деді де сұқ саусағын шошайтып төбесіндегі ауаны түйреді, — ананың өзі екенсіз ғой! Туған бөлеңіз болып шықты. Жан баласына сездірмепсіз, қой терісін жамылған жолбарыс екенсіз. Жанымызда бомба жатқанын жазған құл қайдан білейік. Жарып ала жаздаппыз!

Дәурен бастығының нені, кімді мегзеп отырғанын сезді. Әйтсе де ананың өзі деп тұспалдап тұрғаны мұның бөлесі емес, баяғы Дегерес түбіндегі алыстан орағытып қосылатын түп нағашысының бөлесі екенін нақтылап айтып, түсіндіргісі келіп оқталды-дағы әлгі ойынан жылдам айныды. «Бұл қазаққа сол керек», — деп ойлады, — ну жыныс тоғай ішінде адасқан жолаушыдай әр нәрсенің басын шалып... басы ауған жағына қаңғымала жүре тұрсын... құлағыма тыныштық керек... баяғыдай аяқ астынан сынықтан сылтау тауып: «Ананы өйтпепсің», «мынаны бүйтпепсің» деп жүйкесін жеп, төбесіне зығыр екпей, тыныш қойса жарағаны. Бұ қазақтың қай жағынан келуді білмей шаршап құрисың.

Бөлім бастығының аяқ астынан шала бүлініп мұқым өзгеріп шыға келгеніне таң қалады. Таңқалмай көріңіз!

Ай соңында, бөлім жұмысын үстінен қарайтын Басқарма бастығы лифтіде бетпе-бет ұшырасып қалды. Бұрындары көрсе де көрмеген болып, таяқ жұтқандай сіресіп өте шығатын, бұл жолым басын изеді, бетіне ду етіп жайылған күлкі шуағын жасырғысы келді ме, қиыс бұрылып:

— Дәке, жұмыс аяғында соғып кетіңізші, ақылдасатын шаруа бар, — деді.

Кештің қалай кірпік үйіргенін сезбей қалды. Жоғарғы қабаттағы Басқарма бастығының қабылдауына асығып жеткен. Бұрындары он мәрте келгенде жүз сылтау айтып есікке жолатпайтынын көмекші жігіт, о, құданың құдіреті!.. емен есікті жартылай ашып: «Кіре қалыңыз» — деп иіліп тұрғаны таңқалдырды. Галстугін түзеп, жейдесінің түймесін сәл ағытып табалдырықтан аттап ішке енген. Үлкен кісі түрегеліп қарсы алды, орындық нұсқады, бұрын-соңды болмаған кішіпейіл мінез танытып шай алғызды. Әртүрлі әңгіменің басын шалып алыстан орағытып сөйледі.

— Ана кісі, — деп сол қолымен орынбасар отырған тұсты нұсқады, — сіздің туысыңыз боп шығыпты. Туыс болғанда тым жақыны дейді. Емшектес, бесіктес деген сөзді құлағым шалады. Біреулер — түп нағашысы екен деп қырға қарай ат басын жіберсе; келесі — қарын бөлесі деп жеңсік бермейді. Желді күнгі сөз жата ма. Осы күні жұрт бірін-бірі аңдып, ауызбен орақ оруға шебер. Аһ, шіркін-ай, үкіметтің шаруасын дәп әлгіндей шабытпен дөңгелетсе неғылады, бәтір-ау!

Дәурен жоғарыда отырған мәртебелі лауазым иесінің өзіне ешқандай нағашы да, қарын бөле де емес, Дегерес түбіндегі кешегі кеңес дәуірінде басқарма болып ел үстіне шолжаңдап өткен, бұл күнде партбилетін сандықтың терең түбіне тығып, басына тақия киіп, қолына тәспі ұстап, молда болып жүрген атбегі нағашысы туралы айтқысы келіп оқталды-дағы ернін тістеп, саппа тиылды. Алыстан қосылатын қазақтың түбін тексеріп неғылам деп ойлады, наным жүріп тұрса... басшылар сыйлап төрге шығарса... сөзімді біреу сөйлесе... баяндаманы өзгелер жазса... өздері жұмыс есебін жасап шаршап-шалдықса — жанымды қинап неғылам. Жаным жетеу емес. Сыбайлас жемқорлық үдеп тұрса — өзгелер күрессін; шаруа есебі дұрыс шықпай жатса — басқалар бас қатырсын; тұрғын үй мердігерлері жұрт ақшасын жонып жеп көрші Ресейге қашып жатса — мемлекеттің билік өкілдері соңынан сүркіл салсын... іздесін... ініне су құйсын... бетін аймандай етсін... тәртіптік сала өкілдері соңына шам алып түссін! Басының іскені бар ма. Онсыз да көрінген бастыққа баяндама жазып, мақаласын түзеп беремін деумен өмірім өтіп келеді.

Осы оймен омалып отыра беріпті. Басқарма бастығы иығына қолын салды, селк етіп оянды.

— Тақауда қосымша сарапшылық басқармасы ашылады, Премьердің ұсынысы. Сол орынға лайық кім бар дегенде — өзіңді ұсынғалы бекіндім.

— Апыр-ау, алдымда ығай мен сығай пәленбай бөлім бастықтары, орынбасарлар отыр емес пе сеңдей сықасып. Күні ертең марқасқалар түтіп жейді ғой.

— Түтіп жемейді... деміңіз ішіңізде болсын!.. қылп етпеңіз!.. саспаңыз!.. бүлк етпеңіз!.. сабыр сақтаңыз, Дәурен Барұлы!

Бұл неғылған көктен түскен майшелпек деп ауыз ашып, пікір өрбіткенше болған жоқ, үлкен кісінің селектрлі мәжілісі басталып — нән үстелдің оң бұрышына орнатқан дыбыс зорайтқышты іске қосып, самайынан тер моншағы жылтырап, еңсесін салып, ләббай тақсырлап, құпболадылап шаруа есебін жантаптырмай түкпірледі-ай. Жардай жігіт көрер көзге бір уыс боп кішірейіп кеткендей көрінді. Қарап отырып аяушылығы оянды.

«Сонда қалай» деп мына көрініске іштей Дәурен қайран қалады. Үкімет үйінің төрінде, биік лауазым биігінде отырған әлгі түп нағашысының бөлесі мұнымен сөйлесіп сынап-мінеп көрмесе де... қабілет қарымын білмесе-дағы сыртынан тон пішіп: «Осындай бір бала бар, көріңдерші!» — деген бір ауыз сөзі мұншалық серіппедей серпінге ие боларын еш болжамапты. Көз алдына балалық шағы елестеді.

Бала кезінде құрбысымен қосылып ауыл түстігіндегі биік тауға тырмысып шығатын. Тау басынан арғы-бергі алақанға салғандай түгел көрінеді. Көз тойып, көңіл аспандайды. Қарап тұрмай құрбысымен қосылып кішігірім қойтасты қолдаса көтеріп ылдитөмен домалатып жібереді. Әлгі қойтас жолай екпінін ұлғайтып, оқша зулап, жолындағы қошқардай тасқа соғылады, әлгі тас одан-дағы үлкен тасты ұрады... қозғалғаны — қозғалып, домалағаны — домалап, біріне-бірі соғыла ұлғайып, көз ұшындағы етекке үймек боп жетеді. Таңғалғаны: шың басынан домалатқан жалғыз тас етекке әрі үлкейіп, әрі түйдектеліп түсетіні.

Сол секілді кеп қайталады.

Премьер орынбасарының елеусіздеу етіп «көріңдерші» деген сөзі әншейін-ақ айта салған жалғыз ауыз сөзі баяғыда... бала кезінде... тау басынан домалатып жіберген тасқа ұқсады. Төмендей-төмендей зау биіктен етекке жеткенше екпіні зор, кісі үркітер пәрменге айналды.

Көріңдерші деген елеусіздеу сөз Комитет Төрағасына біліңдерші болып естілді.

Біліңдерші деген сөз Комитет орынбасарына резюмесін табыңдар, қабілетін байқаңдар, көз қырын салыңдар болып жетті. Бұл кім өзі деп былайғылар елең етісті.

Жоғарыдан естілген көз қырын салыңдар деген сөз Басқарма бастығының құлағына өзімнің ет жақыным еді, бір саты көтеруге, қызмет беруге септесіңдер болып жетті.

О, құданың құдіреті дейміз ғой. Тау басынан домалатқан тастай сезінді өзін. Шың төсінен жіберген қол басындай шағын тас ылдитөмен көз ұшындағы жасыл етекке жеткенше пілдей үлкен қойтасқа айналушы еді. Жоғарының пәрмені неткен күшті. Бас айналар биіктен айтылған сөз төмендегі суішкілігін әзер айырып жүрген момындарға жеткенше айқайдан бетер, бет шарпыған биліктің нұсқауына айналарын кім білген. Мына етекте, елеусіздеу қуыс бөлмеде — саусағы майысып бастығына баяндама жазып отырған Дәурен әзірге ештеме сезбепті. Бөлім бастығы өз аяғымен келіп бөлмесінің есігін шалқасынан ашып, тұрып: «Халіңіз қалай, Дәурен Барұлы! Бөлмеңіз жылы ма? Күн сәулесі терезеден еркін түсіп тұр ма? Жоқ, әлде оң қанаттағы Сағыныш Қалауова отырған бөлмені босатқызып берейін», — деп кәдімгідей қамқор кісінің қалыбын танытты. Іші жылып қалды. «Неғыласыз, басеке, осы бөлмеге бауыр басып үйреніп қалдым. Аздап әйнегінен жел азынайды, төмендегі гараждың үсті болған соң ба — едені тастай суық, үйден электр жылытқышын әкеліп амалдаймын. Сағыныш бойжеткеннің астынан суық қармаса келешегі белі кетіп бедеу қалады...» «Ауыстырып берейін бөлмеңізді, Сағыныш болмаса — өзге бойжеткен отыр әнекей — күні бойы шөп басын сындырмай, екі ауыз сөздің басын құрай алмай, жалғызілікті ана — мать одиночка деген бір-бір жапырақ қағазы бар құрғырлардың; я қысқартып жібере алмайсың, я астына көпшік қойып күйеуге ұзатып шығарып салмайсың, бұ қарлар өзімнен бұрынғы үш-төрт бастықтың басын жұтыпты... қолынан келсе мені де жұтқалы жүр!..» Осыны айтқан бөлім бастығы сәл артықтау кеткенін сезді білем, сап тиылып, алды-артына жалтақтай қарап, мұның бөлмесінен шығып жөнелді. Қарап отырып Дәурен үнемі қабағы қарс жабылып, жаназадан шыққан кісідей әлдекімге тісін қышырлатып, мұқым жарық дүниені қарадай қушитып, мына өмірге риза болмай түнеріп жүретін бастығын жаңа көргендей, өзге қырынан танығандай таңғалады. Таңғалмай көріңіз!

Басқарма бастығы сыбайлас жемқорлықпен күрес комитетінен Үкімет аппаратына тақауда ғана ауысып келген, қайралған қылыштай қылпып тұрған, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермей үйренген, Бірінші басшының жолына жығылып-сүрініп қызмет етіп жүрген екі кісі болса — соның біреуімін, бір кісі болса — соның өзімін дейтін бетті жігіт болатын. Қылдан таймас қайсарлығы адастырмайды. Жаңа ғана Президенттік стратегиялық зерттеулер институтының директорын алдына шақырып келтіріп: «Осы сендер не бітіріп жүрсіңдер?! Президент аппаратына жарық жалғандағы ең қажетті күйіп-жанған ақпаратты елден бұрын жеткізіп, елдің ең алдымен ұсыныс айтатын жөндерің қайда! Арбаның алдыңғы дөңгелегі ме десем, шиқылдап, зар қақсап айналатын майланбаған ең соңғы дөңгелегі екенсіңдер!» — деп қыспаққа алып қан сорпасын шығарған. Жазып әкелген есебін басынан асыра бұлғап жырта жаздаған. Өстіп өрт шалған ормандай қаулап отырған кезде оң бүйіріндегі үкіметтік сұңқар зың ете түскені. Құлағына лып көтерді.

Комитет төрағасының таныс үні салмақты шықты.

«Күйіп-жанып отырсыз ба?» — деді Төраға мәселенің дәп төбесінен түскен кісіше, көріпкел ме, кім біледі.

«Күйіп-жанбағанда қайтем, басеке! Өзіңіз білесіз, дүние бүлініп жатыр... Египет, Тунис, Ливияның ахуалы әлгідей... біздің зерттеулер институты Таулы Қарабахтың ми батпағына малшынып әлі күнге соқыр кісідей түртінектеп жүр!..»

«Аздап жол сызып төтелесеңіз саңлауы бар жігіттер жүрісін түзеп кетеді ғой... зерттейді ғой...», — деп Төраға сабырға шақыра сөйледі. «Төменде... көз ұшындағы ылдида — тоқсандық жоспарды жүйелеу бөлімінде Дәурен Барұлы есімді есеп шығарғыш, компьютердің құлағында ойнайтын... Алматыдағы КимЭП-ті қызылмен бітірген милы жігіт әркімге бұтып-шатып баяндама жазып мұрнына су жетпей жүреді деп естимін. Ондай жігітке омалып отыра беру обал, басеке». «Е, кибернетиканы шемішкеше шағатын маман маған да қажет!.. Қолдайық, өсірейік ондай милы жігітті!..» «Оның үстіне әлгі азамат Премьердің бірінші орынбасарының інісі көрінеді, жаңа тиді құлағыма... байқамай, білмей жүре беріппіз... жұмыс-жұмыс деп атымызды ұмытып қалатын шығармыз өстіп жүріп...» «Тоқтай қалыңыз... сабыр-сабыр, басеке!.. тройбализм, кумовство, таныс-біліс... қазақшылық... былық-шылық... дегенмен күресіп мойылдай шашым ағарған адаммын... байқамай от басып алмаймыз ба?..» «Ақылға салып көріңізші!» деген зілдей сөзбен Төраға телефон құлағын тастай салды.

Басқарма бастығының ішін көктемгі қар кетіретін алтынкүрек желі кеулегендей сезілді. Алтынкүрек желі еттен өтіп сүйекке жететін ызғарлы емес, әйтсе-дағы түстіктен әңкілдеп соғып берсе — бірер күнде қыстайғы қасат қарды ылжыратып сорпалатып шыға келеді. Әлгідегі билік иесінің елеусіздеу ғып айта салған сөзі мына көкеңнің етінен өтіп жүрегіне жетті. Бейне жылы жел тиген қар секілді ебіл-дебіл терледі. «Сол милы жігітті шақырып алып бір ауыз тілдесейінші неғылған вундеркинд екен», — деп іштей бекініп көмекшісіне жедел пәрмен жасады.

Көмекші жыланның жүрісін сезетін жырынды. Әп-сәтте Үкімет үйінің терең қуысында, елеусіздеу бөлмеде, аш күзенге ұқсап бүгіліп, сұқ саусағын сүйел етіп шиқылдатып бастықтың сөзін жазып — мұрнына су жетпей отырған Дәуренді тауып алды. «Түс қайта Басқарма бастығының қабылдауына келіңіз!.. кешігіп қалмаңыз!.. өмірбаян, өзге де қағаз ұмытылып қалып қоймасын!..» деп шегеледі.

Түс қайта, сағат 15.00 шамасында терістіктен бұлт жөңкіліп, қала үстіне шөккен бурадай күркілдей жөтеліп, түнергеннен түнеріп жатып алды. Әйнекті қараңғылық бүркеді. Жер шетінде, жапон ағайындар он бір метрлік цунами толқынының астында қалып аһ ұрып жанталасып жатқаны анау... наурыз айының басында емізіктеген қою қара бұлттың қала үстіне аунақшып тайпалғаны мынау... өстіп жүріп адамзат заманақыр жағалауына жақындап қалмаса неғылсын деп Дәурен іштей шімірігіп үлкен бастықтың алдына жеткен. Көмекші: «Галстук тағып келмедіңіз бе, ауым-сауым ұсқыныңыздан кісі ұялады», — деп басын шайқай-шайқай үлкен кісінің бөлмесіне енгізіп жіберді. Ат шаптырым бөлменің төрінде томашадай болып отырған қарадомалақ кісімен сәлемдесуге аузын аша берген.

— Бәре-кел-де-е! — деген дауыстан селк ете түсті.

Әдетте бұл білетін басшы ағайын қабылдауына енген кісіден бұрын ешқашан сәлем мезіретін жасамайтын. Таныс-біліс кісі қашан келіп құлдыраңдап қол беріп, алдына түсіп сәлемдескенше — батпансып, сызданып, тас мүсіндей міз бақпай отыра беретін. Жүзіне шуақ үйірмейтін.

— Шаруа жайына шақырдыңыз ба? Бастықтың тапсырмасын жазып отыр едім... — деп Дәурен сөзінің аяғын күмілжіп бітірді. Әдетте бастықтар ұшыраса кетсе не істеп жүрсің?.. саяси науқанға нендей үлес қостың?.. деп онсыз да шықпа жаным шықпамен жүрген төменгі сатыдағы қызметкердің өкпесін қыса өтетін. Баяғы мінезіне салып Басқарма бастығы бүйірден ызғарын төгіп бүрістіріп жібере ме деп, іштей қауіп қылып, алдын ораған сыңайы еді. Ойламаған жерден жаймашуақ жылы қабақтың үстінен түсті.

Дәурен әлгі «бәрекелдінің» мәнісін еш түсінбеді.

— Бәрекелде-е-е! — деп бастық үстел арқалығына шалжая жатып, шуақтана жымиып хатшы қызға шай алғызды. Дәуренге «жайғасып отыра бер» деп ишара жасады. Мұндай жазғы жайлаудай жылы қабақты кейінгі кезде есінен шығара бастаған Дәурен таң қалғаннан ештеме айта алмай қалды. Шәшкеге созған қолы дірілдеп шайды төгіп ала жаздады.

Басқарма бастығы Дәуреннің қолындағы резюмесін алып қарады. Әр қаріптің ішінен бүрге іздегендей ұзақ сүзіліп оқыды. Біраздасын барып еңсесін жазды.

— Бәрекелде-е-е, Дәурен Барұлы! Бір орында көп отырып қалыпсыз. Ұсынамыз, жылжытамыз, жоғарылатамыз!

«Жоғарылатамыз» деген сөзден Дәуреннің жанарынан жас ыршып кетті. Жалма-жан жан қалтасынан орамалын алып тамшы жасты байқатпай сүртіп алды. Жан жүйесі тапқа қойған қорғасындай еріді.

Қу дүниені жұмған алақанша қушитатын да, жазира даладай ғып далитатын да мына жүрген өзіміз екен деп ойлаған Дәурен. Ай, әлгі ауыл арасын жүйрігімен шаң қылып... біреу біліп, біреу білмейтін... қу тіршіліктің соңынан сүркіл салған шатақ мінез шабандоз нағашысының атасына мың рахмет! Осыдан жоғарылайтын болса бар ғой, билік дәлізінде алшаң басып жүруге жазса — ай, сол нағашысына наурыз мерекесінде арнайы соғып иығынан қамқа тон жауып қайтар-ау! Бәрекел-де-е-е-е айтар-ау». Ғанибеті басшылардың қабағы жылыды, сөзі түзелді.

«Осы біз қай ғасырда өмір сүріп жүрміз» деп, Дәурен төменгі қабаттағы бөлмесіне келіп, орындығына тізе бүгіп, үстел жақтауына еңсесін салып ойланып отырып қалды.

Қазақы дәстүр, қазақы мінез, қазақы рух — ұлт ұйытқысы. Ұйытқысыз нәрсе іриді. Рухы күшті кісілер әлгі үш китке табан тіреп барып бой-басына күш жинаған. Кейінгіге пана, кішілерге жаға болған. «Жүрегін түршіктіре түсетін кеп: өстіп қазақы былық-шылыққа... қазақылыққа... таныс-білістікке мидай батпақтап жүріп қабілетті кісіні көзге ілмей, ит сүйреген терідей шетке шығарып... өңшең мұрның қайсы десе — құлағын көрсететін милау, мондыбас, мәнсіз, нәрсіз, алақол кісіні биіктетеміз, қызметін өсіреміз деп жүріп бір қатерге ұрынармыз, ұраға жығылармыз. Рухы күшті тұлғаға сүйенген жақсы. Әйтсе-дағы, ертеңгі күні кім болып өтемін... кімді пана тұтамын деймін!.. Несіне кеуде керемін!..»

Көзге елестетейікші. Мұхит айдынында жүзген алып кемеге жарқанатша жабысып, кеме жолаушылары лақтырған қиқымды талғажу етіп, сол кеменің ығына есіп күнелтетін жылбысқы жәндік болады. Орысша прилипало дейді. Сол прилипало — жәндік жылдар өте кеменің болат құрсағын шірітіп, жарамсыз етіп, күндердің күні алыпты қайраңға отырғызады. Шөмитіп жөндеуге қаңтарады. Дәп осылай, халық көзінде жүрген рухы күшті тұлғаны түбінде жерге қаратып... титықтатып... мысын басып... құртатын әлгідей өлермен прилипало-жәндіктер. Жәндік секілді — мына дәурендер.

Осы мезет Дәурен өзін алып кемеге жабысқан жәндікке ұқсатып, оқыс түс көреген кісі секілденіп, қалш-қалш тітіреп, еріксіз дауыс шығарып жіберді.

— Об-бо-о-оу! Бұлай ете берсек рухы күшті кісілердің титығына жетіп, құрдымға жіберерміз! Ар сотының адына не деп жауап берерміз?!

Деді-дағы ақ қағазға қара сиялы қаламсаппен: «Өз ықырарыммен жұмыстан босатуыңызды сұраймын», — деп қызметтік арызын жазды.

Ертесіне, ертесіне емес-ау, апта аяғында... несін айтасың... Үкімет үйіндегі аға референт Дәурен Барұлы Басқарма бастығы болайын деп тұрған жерінен басына қонған бақты ұшырып алыпты; алдына тартылған алтын шараны аяғымен теуіпті; бәлкім басының бір шәригі түсіп қалған... бәлкім бармақтай бақты ұстап қалатын диірмендей салмағы болмаған... әйтеуір арыз жазып қызметтен босап кетіпті деген сөз гу ете түсті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз