Өз топшылауым бойынша, адамның қай мінезі қасиетті болса, сол мінезі міні де болады.
М. Әуезов
Қалың таудың қыр жоталары батуға еңкейген күн нұрымен алтынданып, етек жағы сары түске боялып, көрер көзге ертегі әлеміндей мың құбылғаны. Қаратаудың бел жотасы кілемнің түгіндей көгала майсаң. Қыл ортасын Бөген өзені сойып ағып жатады. Өзеннің теріскей беті кілең алашабыр құйқалы жон болып келеді де, күнгейі қып-қызыл тас. Көктемгі жауынның қалың болғаны кемер жардың аппақ-айғыз қабағынан білінді. Тастақты арнаны жоғары өрлеп, иін қолтықты айналған кісі көкпеңбек ағашты көреді, ағаш арасы жұмыртқадай шүпірлеген кеңшар үйлері.
Осы ауылдың терістік пұшпағында «батыр үйі» бар деп естігенбіз. Көзге елеусіздеу қоржын там, кәрінің тісіндей аңғал-саңғал ағаш шарбақ, есік алдында ат арбаның әбзелдері шашылып жатыр. Жер жетпегендей там іргесіне ентелетіп дақыл егіпті. Жап-жасыл пәлек арасынан асқабақ пен қауынның сарғая бастаған бүйірі томпаяды. Отағасы кеудесіне шейін жалаңаштанып, шалбарының балағын түріп, жалаңаяқ, балшыққа батып су суарып жүр екен. Қақпақтай жауырыны, биік тұлғасы, қалың қабағы, сұсы мол ажары — бұл кісінің тегін адам еместігін аңғартты.
Тізіліп келе жатқан бізді көріп арықтың жиегіне шықты. Балшық баттасқан кетпенін тіктеді. Күректей қос алақанын бейне тулақ қаққандай бір-біріне қаудыр-қаудыр сүйкеп ысқылап жіберді. Сәлемдескен мезетте алақан күсі қолды тырнады.
«Иә, балалар»,— деді майда қоңыр үнімен. «Қайдан жүрсіңдер, неғылған баласыңдар?» — деп мән-жай сұраған сыңайы секілді. Дәл сол жерде не дегеніміз жадымда жоқ, әйтсе де қазекемнің қырсыздығы десе өзімізге тиеді, пәлен елде түген деген атақты кісі бар, төлен жерде мұзды мұхитты зерттеген, Алатаудың ақ қар, көк мұзына жаяу өрмелеген жиһанкез табылыпты десе шаруамызды жиып қойып «көре калайық, біліп алайық» деп тұра жүгіретін бейбақ басымыз — осы уақытқа дейін дәл иегіміздің астында өмір арбасын жаймен сүйреткен қарапайым кісіні көрмей келіппіз.
Кеше ғана облыстық газеттің сарғайып кеткен жұрнағын аударып қарап отырғам. Қөзіме түсе кетті. Шағын хабар басылыпты. «Сталинградта Павлов үйін корғаған қазақ солдаты, «Киров» ұжымының байырғы тұрғыны, ардагер ағамыз Мырзаев Тәліпбайға атақты қолбасшыдан құттықтау жеделхат келді» деген де қойған.
Тарихтан хабары бар сауатты кісінің бәрі біледі, Павлов үйі — батар күннің қызыл сәулесі секілді Сталинград шайқасының аса бір қанды алапатын, сүреңсіз суретін елестетеді. 1942 жылғы 27 қыркүйекте аға сержант Яков Федорович Павловтың соңына ілескен, «жанын шүберекке түйген» бір топ жауынгер қала орталығындағы төрт қабатты қыш үйге үймелеген жауды қырғын ұрыспен түре қуып шығады. Қыш үйге тістей қатып орнығады. Үй үшін жан алып, жан беру басталады.
Әккі неміс мыс оқты боратып, үйді қайтарып аламын деп дамылсыз шабылады. Тұмсығы тасқа тигендей бірде кері тайқып, бірде өлігін баса көктеп ұмтылумен сілікпесі шығыпты. Кісі елігі үй маңында аткөпір болып үйіледі. Ақырында байтал түгіл бас қайғы болып кері шегінеді. Қан болып әр жерде шашылып қалады. Адам шіркіннің тіршілігі түйе арбаға ұқсайды. Әуел баста екпіні үй жыққандай қарқындап басталып, жүре келе бәсеңдеп, дөңгелегі шиқылдап... күндер өте... жылдар жете... бір сайда белағашы кетіп аударылып қалады. Осынау өмір арбасы соғыста ойыншыққа айналады екен: пәстің арасында аударылып, қыр аспай жатып шашылып жатады. Орыс қаламгері Сергей Голиков, дивизия генералы Родимцев кітаптарын ашсақ, қазақ есімінен көз сүрінеді. «Франция мемлекетін немістер жаулап алған кезде қанша әскерінен айрылса — Сталинградтағы жалғыз Павлов үйін аламын деумен соншама күшін опат еткен, әсіресе, қазақ Мырзаевтің ерлігі алабөтен» деп жазылған. Сен тұр мен атайын жиырма екі жас боздақ айға жуық Павлов үйін корғап, атысып, жан алысып, жан беріскен.
Атағы жер жарған, есімі кітапқа енген сол бір аруақты ағамыз ел ішінде сабанға түскен инедей табылып болмады, іздейміз деп табанымыздан таусылдық. Әуелде Бөген ауданының орталығы Темір кыстағына келдік, сұрау салдық. Аудандық кеңестің төрағасы — ұзын мойын, көзілдірікті, сидиған жасамыс жігіт сөзімізді естіп таңқалды, иығын қиқаңдатты.
«Ондай батыр кісіні естіген емеспін, ауған соғысына, желтоқсан оқиғасына қатысқан қызба, қыңыр контуждар жетеді бізде, — деді, — әйтсе де сіздер айтқандай аты кітапқа түскен контужды естіген емеспін?!».
«Сырттағы шаруа ұжымында жүрген Мырзаевті білмедініздер ме?» — дейміз.
«Болса — болар, бастықтардан жеңіл жұмыс сұрап келіп жүрген мазасыздау алып адамды көргенім бар... шеткі ауылда, көше бұрылысында... әйтсе де жеңіл мәшинеге иектеріңіз қышымасын, май қымбаттағалы автобусқа мінетін болғанбыз».
«Ендеше сілтеп жіберіңіз», «Сілтесем, сілтейін, былай жүріңіздер, көше әнекей, автобус ұзамай кеп қалады. Кеше ғана астанадан жорналыс кеп әбден зықымды шығарған».
«Мазасыздау алып адам... Жұмыс сұраған...» деген сөздер құлағымнан кетпей ызыңдап, «мақта» дегеннен басқаны ұмытып далаға қарап маңырап отырған ел басшысымен асығыс қоштасып жолға шықтық.
Аспан айналып жерге түскендей ыстық, жер де, көк те көкмұнар тозаң. Шілденің ортасында дүниені тұмшалаған бозала тұманды көргенім осы. «Сіріңке қорабы» деп аталатын селкілдеген шағын автобуспен екіндіге еңкейе кеңшар орталығына әзер жеттік. «Жеттік» деген жеңіл сөз. Бет-аузымыз шаңнан көрінбей, сүйегіміз қирап, шеке солқылдап, әбігеріміз шығып... шашылып қала жаздап қағынып-сілкініп... кеңшар кеңсесі осы болар деп ойлап, қос қабатты, көк шатырлы үлкен ғимаратқа кіріп келсек... кеңсе емес, ұжым басшысының жекеменшік әулі-жайы екен.
Ұялған тек тұрмастың кері келді. «Соғыс ардагері Мырзаевтің үйін білесіздер ме?» — дейміз баяғы. Көзінің астына бояу жағып төрткөзденген әйел қолын жайып, иығын қиқандатты. Шынжырын үзе жаздап қасқыр ит абалады. Әлгі әйел ләм деместен көрер көзге кері жылыстап жоғалғаны. Сол екі арада үйден сырықтай бойшаң, майкішең, сүтке салып пісірген ақ собықтай жүзінен нұры тамған аққұба жігіт шықты.
«Кімсіздер?» — деді, — басының шаригі босаған ардагер көп қой елде, қайсысын түстеп-танып жатырмыз, әлгіде ғана аудандағы өте күрделі жиыннан келіп жуынып жатқаным еді, мақта терісуге келген жәрдемші ма десем, сіздер екенсіз ғой... жорналыс көрсем қалшылдап кетем». «Неге өйтесіз?» — дейміз. «Жорналыстер көп қорлық көрсетті өзіме, фельетон жазды». Мезгілсіз уақытта мазалаған соң ба, үй иесінің көңіл қошы болмай, жаратпаған сыңай танытып, «ә» дәп қолын бір-ақ сілтеп бұрылып кетуге айналды. Жанына жүгіріп жеткен баласынан «бұлардың іздеп жүргені кім?»— деп сұрады, баласы ыржалақтап күледі. «Почта таситын шал ғой, көке», — дейді. Ұжым басшысы басын шайқады, қолымен ауа кесті, «Е-е, сол ма?», — деді, қырық бір жақ, қыңыр бір жақ — қыңырайған қисық шалды білемін, баста ауылдың жекеменшік сиырын бағады екен, кейінгі кезде ат үстінде шаншылып жүруге саушылығы жарамай, одан да қалыпты, орденін тағып келіп жұмыс сұрайды».
Шаруа басшысы кенет сөзінің аяғын жұтып, сап тиылды, сазара қалды, үні іріп бейне жер астынан шыққандай естілді.
— Үстімнен арыз жазып па, не депті?
— Ешқандай арызды білмейміз, ел басына күн туған кезде қолына қару алып қан төккен жүректі жігітті «көрейік, сөйлесейік» дедік.
— Қайдам, ветеран деген арызқой болушы еді.
Ауыл басшысы енді Арыстанды-Қарабастың желіндей құбыла өзгеріп соқты.
— Ол ағамыздың өтінішін жерге тастаған жоқпын, пошталықты алып бердім, оған да талас кеп, баласынан үйді-үйге үнжарияны беріп жібереді де, тарса бүркеніп ұйықтайды. Жалақы өзінен-өзі жүргіп жатады. «Әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ, баяғының байбатшасы секілді. Үйге кірмейсіңдер ме, бейуақта бұл не жүріс дегенім жой. Мен адам танитын болсам, сол Мырзаев көкелерің өжеттің өжеті, төзімі темір қайсар кісі. Ешкімнен жәрдем сұрамайды. Сіңірі шиқылдап балдақ сүйеніп жүріп, үш бөлмелі кесек тамды бір жазда өзі тұрғызып алды, есік-терезесін өзі жонды, еденін өзі төседі, қолы алтын адам енді. Күні шыжыған шілдеде қара санын жалаңаштап орға топырақ төгіп, балшық илеп, кетпендеп иін қандырып, қалыпқа салып, кесек құйып жатқанын талай көрдім. Түнде ұйықтамай ма деп ойладым.
— Сізге өтірік, маған шын, әлгі үй салған жері ақ топырағы шыққан, ілгеріде құрғап қалған өзен арнасы еді. Шеге жерді қайламен бұзып қопсытып, қаппен арқалап әкеліп үстіне көң төгіп, өңдеп, терін тамшылатып жүріп көкпеңбек бақшаға айналдырып жіберді. Осы үйдің қатын-баласына талай айттым: әне, ана соғыс ардагері қауынды терімен суарып, бейнетін еміп, тәтті ғып жеп отыр, ал, сендер машинамен теңселтіп әкеп түсіріп берген қауын-қарбызды дұрыстап сақтай алмай шірітіп құртасыңдар. Ой-бой-ой,.. Айта берсе әлгі ардагерден үйренетін қасиет көп. Шіркіннің төзіміне таң қаламын. Нақа ет пен сүйектен емес, темірден жаратылған секілді. Өзгелерге ұқсап қылқылдап кеңсеге келіп көлік те, көмір де сұрамайды, екі білегіне жалынып, кетпенін иығына салып мыңқ демей жүре береді. Төзімі мықты наржігіттер бұл күнде сиреп барады.
Мынадай сөзді естігенде көңіл құлазиды екен. Қой-ә, діттеген жерімізге жарық, барда жетіп алайық десіп, ел басшысынан рұқсат сұрап, өкше ізімізбен айналдық.
— Өздерің біліңдер,— деді ел басшысы, — мына бала жолды көрсетіп жібереді, әлгі ағамызға айтып қойыңдар, жоғарыға арыз жазбасын, ешкімге сыр ашпасын. Поштасын тасып, айлығын алып жан баға берсін.
Желі ұйтқыған, шаңы ұйтқыған күн астында шыжыған маң далада жүрген ел басшысы жүдеу, өңсіз болушы еді. Мына басшы мүлде басқа. Қарайды да таң қалады баяғы. Бетінде бір әжім жоқ, сүтке салып пісірген собықтай. «Бұл қалай» деп ойлады. «Мына жігіт күн көзіне шықпай ма, әлде күндіз көлеңкелі саяда жата ма? әлде күнара түйенің сүтіне шомыла ма?.. «Түйенің сүтіне шомылған кісінің жүзіне әжім түспейді», — деп әкесі марқұм білгішсіп отырушы еді. Білген соң айтатын болар. Ел басшысының жүзі көктемгі қыр беткейді елестетті. Қабырғадағы айнаға қарап еді, өз бетінен боздағы шығып кетіпті. Көзін тайдырып әкетті. Сұрастырып жағалап жүріп ауыл шетіндегі Тәліпбай ағаның үйін әзер тапты. Үй алдында отағасына сәлем берді, үйге енді.
— Мен батыр емеспін, — деді, — мен бұйрықты орындаған солдатпын, -деді келідей басын бір иығына қондырып, малдас құрып отырып.
Сөзге сараң кісі секілді. Осы үйдің жаңа түскен келіні үйге кіріп-шығып, самаурын көтеріп шай құйып, лыпыл қағып қызмет жасады. Үй иесі майда қоңыр үнмен жағдайын түсіндірді. «Жолы жақсы қонақ екенсіңдер, малды ертең соямыз, бүгінше бұйырғанымен жатамыз, әйелім көптен сырқат, бүгін балам машина жалдап облыс орталығына, қалаға әкетті, дәу докторға көрсетіп қайтпақшы», — деді. «Оу, Тәке, бізге осы ықылас-пейіліңіз жетеді, тек қолыңызды алып, танысып қайталық деп жолға шықтық, ел ішінен тірі сөз терген қазақпыз әншейін», — деп бұл келісімізді сыпайылаған боламыз. Үй иесі қоңыр кеңеске икемдеді.
«Шай алыңдар, балалар, сөз іздеп келсеңдер — сендерге әкемнен естіген бір әңгімені айтып берейін... бізді «батыр, батыр» деп жел сөзбен үріп қомпайтасыңдар... мені батыр еткен жағдай мен жаулық қана. Әйтпесе шын батыр мына жусанды даланы бөтеннен қорғап, белес-белесте бір-бір төмпешік болып жатқан бабалар болар. Сол бабаның бір ерлігі деп әкем айтып отырушы еді. Жасы келген кісінің көңілі бейне ақ қағаз, ол қағазды аңдамай жүріп кірлетіп, шимайлап алмаңдар».
Мына отырған бүркеулі жатқан көмбе ғой деп іштей тебіренемін. Жол серігіме жалтақ-жалтақ қараймын. Аузын ашып аңырайып қалыпты. Шағын бөлменің далаға қараған үлкен есігі ашық еді. Көріп отырмыз, беткейден ұршықша үйіріліп жынды құйын көтерілді. Әш-пүш дегенше шағын үйді айналып өтті. Дастарханға шаң конды. Жас келін сырттан жүгіре еніп, есікті ашық қалдырғанға қысылған сыңайлы, дастарқанды дереу жинап алып, қағып-сілкіп қайыра жайды. Үстіне жаңа піскен бауырсақ төкті. Қарт кісінің үйреншікті тамағы — қаймаққа былғаған жент әкеліп қойды. Атасы келінінің қызметіне риза. Насаттанып отырды да майлы жентке қасығын батырды. Үні көмекейден іріп көмескі естілді.
2
Тәліпбай ағамыз әңгімесін былай бастады. «Бізді баяғыдан қырғыз келіншектен тараған тұқым деп былайғы ағайын кемсіте сөйлейді. Намыстанып неғылам. Әлгі сөзде жан бар секілді. Өз басым Қырғызалыға он үшінші атадан қосылады екем. Жаугершілік, үргіншілік заманда кімнің құпиясын кім көріпті. Алтыата есімді бабамыз ат үстінен түспей көп жортыпты деседі. Қырғызалының бел баласы, қара шаңырағын ұстаған батыр ұрпағы сол Алтыата.
«Иә, сол бабамызды айтамын ғой... жылқы сырын кісінесінен, жүрісінен танитын атбегі, сөздің түбін түсіретін шешен, неше күн нәр татпаса да сыр бермейтін сыпа, қызды ауылды қияннан шалып қырындай білетін сері болыпты. Жомарттығы тағы бар. Алтекеңе үлкен кісілер кейитін көрінеді. «Тегімізді төмендеттің, кедейлерге жуықсың»,— деп кекетіп сөйлейді екен. Алтыата бабамыз сөзге ермеген, өзінше ерек мінез иесі болыпты. Бай-байға, сай-сайға құятын заман. Не қилы жуан жердің кызына сөз салып айттырып, алып береміз деп көп әуреленіпті. Алтекең жиырмадан асқанша ат жаратып, найза толғап, садақ тартып, ұрыс өнерін үйреніп басы былғаңдап жүріп алыпты. Ат үстінде жортуылдан құйымшағы тесіліпті. Бос мойын болып, күрең сулы Сырдарияның жағасында жалғыз саят құрып жүреді.
Осы оқиғадан ауыл арасында келеңсіздеу сөз шығады. «Алтыата серінің үйленбей жүруінде гәп бар, — депті, — дарияның кұмшауыт жағасында перінің қызына кездесіп ойнапты, әлгі қыз батырдың басын дуалапты, тілімен тілін түйістіріп тұрып: «Менен өзгеге жоламайсың», — деп ант алыпты» деген әңгіме шығыпты.
«Ау, неғып жүрсің, үйленсеңші», — деп тақымдаған қатар-құрбыға қаратып айтатын сөзі мынау: Сөз емес, сыр десе де болғандай.
«Маған жар боламын деген қыз елден бұрын төсектен тұруы, ойымды қабағымнан тануы, қонақ келсе бар-жоғымды білдірмей күтіп аттандыруы керек», — дейтін көрінеді.
Ол кезде елде не көп, белі бұратылған, бұрымы шұбатылған қыз көп. Әлгі сөзді естіген еркетотай немелер: «Ой-бой-о-ой, ойымды оқы, қонағымды құдайдай күт»,— дегені қай сасқаны деп жырқ-жырқ күліпті. Үкілі бөркі әрі қисайып жүріпті. Жар таңдау — тағдырды оңдау.
Бір күні ауылды жау шауып, құйын құлатқандай талап кетіпті. Біреулер айтады — елді шапқан ақ қалпақты қырғыздар, келесі біреулер айтады — елді шапқан қара қалпақты қарақалпақтар. Елге жау тиген кезде Алтыата өзен жағалап саят құрып жүр екен, болған оқиғаны кеш естіпті. Қылышын тасқа шауыпты. Адам бойына түскен тыртық жазылар, ал жүрекке түскен жара жазылмайды. Ол заманда Сырдария толып ағып, жынысында жолбарыс жортып, жағасында диқан шығыр тартып, бақ өсіріп тіршілік кешкен. Ұлы өзеннің Арал теңізіне құяр сағасында сәулетті кент болған. Осы күні ертеңгілік, шыныдай мөлдіреп жатқан теңіз түбіне қарасаң — су астында қалған көркем қаланың суреті шалынар. Сол кенттің ақ топырақ базар алаңында кілең жақсы жиналған құрылтай өтіпті.
«Баяғы жауға кеткен есемізді қайтарамыз ба, әлде түйемізді бағып жан бағып жүре береміз бе?» — деп ақыл аулына жүгініпті. Көне заманда құрылтайда әркімнің беделіне, бөркіне лайық малдас құрар орны болатын көрінеді ғой. Ұлы жиынға кездейсоқ келіп қалған баяғы сал, сері Алтыата... турадан тура төрге озып, үлкендердің ортасынан ойып отыра кетіпті.
Бозбаланың мына қылығына ішін тартып қалған кенттің бегі: «Бала, өңмеңдеп төрге өтетіндей жаудың бетін қайтардың ба? Әлде, дария суын құба шөлге бұрып егін салып елді тойындырдың ба?.. Әлде шілдеде мал семіртіп жұртыңа құйрық-бауыр жегіздің бе?... қай бейнетіңді бетке ұстап төрге шығасың...», — депті.
Жуан төрді жағалай шолып қараса — кілең ығай мен сығай, жаумен алысып жарадар болған кемтар батыр, алақаны көнге айналып күстенген диқан, жел өтінде, ел шетінде жүріп жүзі тозған қойшы... қойшы әйтеуір, жұртқа жаққан жақсылар иін тіресіп отырған секілді. Ол заманда әділет көп болған ғой. Әркімнің еңбегіне қарай орны белгілі. Бөркінің үкісі былғандап бос мойын болып отырған Алтыата ғана. Өңшең өндіршегі сорайған өлермендердің ортасына келген байбатшаға ұқсайды. Кент бегінің сауалына қапелімде не деп жауап берерін білмей сасып қалыпты. Қотан ішіне еніп кеткен бөріге ұқсады ма, ол арасын білмейді. Түйенің жарты етіндей болған төрдегі бек айтады:
«Әркімнің жасаған ерлігіне, еткен еңбегіне қарай отыратын орны болмақшы, жауыңды найзамен түйреп па едің?...».
Жоқ.
«Сен төрге шығардай кетпен шауып, егін салып жұртыңды асырадың ба?..».
Жоқ.
«Төбе табаққа қол созардай осы рудың санын көбейтіп, әйеліңе ұл тапқызып па едің?..».
Жоқ.
Сөз сүйектен өтеді. Боршасы шығып терлейді. Ләм деместен атып тұрып үйден шыға жөнеліпті. Іргеде жер тарпып тұрған атына қамшы басыпты. Қаратаудың күнгей бетіне, жылап ағып жатқан бұлақ басына жетіп кідіріпті. Атынан түсіпті.
Осы мезет құлағына ызыңдаған әлдебір жат сарын естіледі. Жүйрігіне шідер салып, жаяу ілбіп, саусақ басын қанжоса қып желкесіндегі биік шоқыға тырмысады. Шоқы басы азынаған жел, сәл қиыстау дөңде машайық мазары қалқаяды. Мазар қара тастан киіз үй секілді қаланыпты. Аузы үңірейіп көрінеді. Сәл бүгіліп ішіне енеді.
Манағы үн, азынаған үн мазар түпкірінен естіледі.
Оң жағына қараса — бұл не деген сұмдық, астапыралла, кісінің масайрап күлкісі келеді, сол жағына қараса — бойын менмендік билейді, қарсы алдына назар салса — жан әлемі құлазып өксіп тұрып жылағысы келеді. Мұндай да керемет болады екен-ау деп қайран қалғаны.
Сары қымызды шайқап ішіп, төр алдына атанша шөгіп, шүленсіген бектерді осы үңірге әкеліп, қарсы алдына қаратып — мына дүниенің нарқына, парқына ой жібертіп, тәубасына келтірсе ғой. Тізерлеп отырып пәске мызғып кетеді. Кеуек қуыс күңірттенеді. Сол арада әлдеқашан сүйегі қурап қалған машайықтың рухы қабырғадан еніп кеп қоңыр үнмен сөйлеп аян береді.
«Қырғыз Алатауына жет, екі тау арасын ақ қалпақты қырғыз жайлайды, қалыңдығыңды сол жерден табасың, жұртыңды шапқан жаудан кегіңді сен ғана қайырасың»— дейді. Жазған құлда шаршау бар ма, кері жылыстап шегініп тас бетімен кесірткеше тырмысып төменге түседі. Атына мінеді, тау бөктерлеп тізгінді жібереді. Жусан басын шалған жүйрігі бүйірі шығып диланып қалыпты, қамшы салдырмайды. Ай жүреді, жыл жүреді, ел шетіне ілінеді.
Қырғыз аулына апақ-сапақта жетіп баруға именіп кешті күтеді. Көлігін қар астына қалдырып шідер салып жаяулап, жұмсақ басып белден асып түседі. Ауыл жастары ай жарығымен шуласып «Қыз бөрі» ойынын ойнап жүрген секілді.
«Қыз бөрінің» мәнісі: қыз — қой болып, жігіт бөрі боп бірін-бірі қуысып ойнайды. Бөрі қойды куып жетсе тамағынан сүймекші. Алтыата ойынға араласып кетеді. Шолпысы күміс, танасы алтын хан қызы алабұртып жүгіріп жүр екен. Алтыата сұлуды діттеп екі өкпесін қолына алады. Еліктің лағындай желаяқ неме бұлтылдап көпке дейін жеткізбепті.
Таң алдында, бүрлен ығында қызды әзер куып жетіп, үлбіреген сөлді ерінін сүйіпті. Сөйтсе қыз: «Осы күнге дейін ешкім сүймеген еді, бетімнен өппей, ойын шартын бұзып ерніме тас кенеше қадалған неғылған немесің?» деп ашу шақырады. Ит өлген жерден ат арытып қалыңдық іздеп келгенін, алатынына қоятын үш шарты бар екенін жасырмай айтады. «Ол неғылған шарт?» — деп сұрайды. Жігіттің ыстық демі, қуатты құшағы ұнап қалған секілді. Қызды іздеген қызтеке қызметшінің шаң-шұң үні шығады. Істің насырға шабарын заматында ұғады. Сытылып бара жатқан сұлуды ұмтылып құшағына күреп алады, иығына салады, аузын орамалмен басады. Сай табанындағы атына жетіп, тізгін салады. Бейне ұлы өзеннің сары сазанын тірідей ұстағандай хал кешеді. Қары талады, тері сүмек боп ағады... тулаған қызды алдына әлдилей өңгеріп... тізгінді тісімен тістеп ылдитөмен сызып жоғалады. Соңынан куғыншылар дүбірі құлақ кеседі. Баяғы елдегі бектің: «Алтыатаның жаны өзінде емес, атында», — дегені шын сөз. Астындағы аяқты жылқы анық қатерден шалдырмай алып шығады. Күнгей елін бетке алып ай астында жұлдызша ағыпты.
Алай асып, Қаратау басып, үш айрықтың бойына жетіп аттың белін суытады. Өзі де бел суытып жан шақырып алуды ойлайды. Тақымы қарысып жазылмай әуре етеді. Құйымшағы кесіліп тұз сепкендей ашиды. Ер үстінен сыпырылып түседі. Алдына өңгеріп әкелген қызды қиыршық құмға сұлатып салады, бетіне су бүркіп тірілтіп алады.
Осы қазір ай бетінен сырғанап түскен перінің қызындай қас сұлуға аңсары ауыпты.
Жел ашпаған етегін ашыпты. Талықсып жатып таң алдында ұйықтап кетіпті. Жортуылда шаршаған жігіт бір ұйықтаса үш-төрт күнге дейін оянбайды екен, ол ұйқыны «кіші ажал» деп атапты. Кіші ажалға мойынсұнып жатқан жігіттің қаперінде дәнеме жоқ. Соңынан қуғын салған төркін жұртының жаулық ниетін сезген қыз ұйықтай алмайды. Таң бозында жердің төсін тесіп жібергендей қатты дүбірді естиді. Ағасының дүбірін таниды. Жалма-жан батырдың қалқанын қарына байлап, найзасын білеп, атқа қонып, ағасына қарсы ұрып ұрысқа шығады. Тау суындай сарындап кеп қалған батыр шашы ұзын қарындасын қимылынан таниды. Қылышын қынабына салмайды.
— Намысымды таптаған жауымның төсегінде жатасың ба, әлде кіші ажалға мойынсұнып жатқан жігіттің басын шабасың ба?
— Ағатай, дат, маған кезіккен ала мойын алыптың ақыры екен.
— Қайдан білдің?
— «Қыз бөрі» ойнап жүргенде бұл жігіттің екпінінен сескеніп нөкерлерім қашып кетті.
— Үлде мен бүлдеге ораймын, қалаған жеріңе ұзатамын, райыңнан қайт.
— Төсіме шығып ойнады, ішімде алыптың аманаты бар.
— Қыз — жат жұрттық деген осы екен-ау,— деп қырғыз батыры сонда өкіріп жылапты. Мұртынан жасы сорғалапты.
Қоштасып, ат басын бұрарда: «Желке ас болмас, жиен ел болмас, ержеткенде жиенімді елге алып кел, батамды беремін», — депті.
Ойлап отырсақ, ол күнгінің үлкендері сөзге тұратын әулие екен-ау, демде қанына қарайып, қылышпен шауып тастағалы оқталса, артынша ашуын ақылға жеңдіреді. Ат басын кері бұрып өзге қуғыншыларды соңынан ілестіреді. Бұл оқиғадан бейхабар Алтыата екі-үш күн өте ұйқысы қанып, басын көтеріп, оң-солына назар салады. Бас жағында таудың тастай суына балтырын малып отырған қызды көріп тіксініп қалады. Жүрегіне суық үрей дарытады. Орнынан тұрып аяңдай басып ту сыртынан төнеді. «Неғып отырсың?» — деп сұрайды. «Ішімдегі өртті суға малып сөндіріп отырмын»,-дейді қыз. Қолына қолы тигенде шоқ ұстағандай сезінеді. Қалыңдығын елге әкеліп ұланасыр той жасайды, басына жеке отау тігеді. Баяғы сай табанын тесіп шығып жатқан бұлақ басына қонады.
Суы тастай әлгі көз содан былай «Шоң бұлақ» деп аталыпты.
Күйеуінің қабағын бағып тіршілік қылған әйел-ару. Келіншегі жұбайының сырын айтқызбай білетін ару боп шығыпты. Қарт кісілердің қолын жылы суға малыпты. Түнемесіне ай толып туған мезетте, келіншегі төсегінен тұрып, үйден шығып есік алдындағы тастай бұлақ суына балтырын малып мұңайып отырады екен. Біразға дейін осы әдетін қайталапты. Ұрсып, кейіп қойдыра алмапты.
Көгінде нөсер бұлты бұрқыраған Қаратау жотасы, сол қанатта шикіл суы толқыған Сырдария сұлбасы — қосыла жарысып, әйелдің қос өрім бұрымындай, жер исініп, береке дарыпты. Адам өмірі сіріңке шаққандай нәрсе. Бүгін бар кісі ертең жоқ. Күн өткен сайын қатарың сирей береді. Қарт кісілердің сол кезде жалғызсырап, жабығып «дүниенің қызығына тойдым, қойдым» деп өмірден қарадай суынып, табанын жер тартып жүретіні тегін болмады. Бірде Алтыата жатқан үйге таңсәріде жарық сәуле түседі. Әлден уақытта сол сәуленің ішінен қос аяқты қасқыр сылаң қағып шыға келеді, сәл тұрып қаша жөнеледі. Мына оқиғадан отағасы үрейленіп түрегеледі. Сөйтсе әлгі қасқыр дегені — елдегі желаяқ жүйрік Бөрі есімді бала екен.
Келіншегінің аяғы ауыр. «Ат әкеліп, ерттеп, жарағыңды реттеп, қолтығыңнан демеп аттандыруға дегбірім жетпейді», — деп мұңаяды. Алтыата қыр асып кеткен жүйрігін тауып әкеледі, ерттейді, тізгін салады. Таң алдында үйінен шығып қашып жоғалған Бөрі баланың соңынан салады, Жосылта шауып ыстық шөлден өтеді, ат тұяғын мұқатқан арнаны кешеді, ақырында қыр астынан түтасып келе жатқан қалың қолды көреді.
Әлгі Бөрі келе жатқан жауды байқатуға көрініпті. Алтыата қылышын қынабынан суырып жау шебіне енеді. Осы мезет батырдың намысы қозып аруақ көтеріп кетеді, күн түске тырмысқанша қылыш қағысып андыздай шапқан жауды бөгейді, кешке дейін жағаласады, қапылыста жарадар болады.
Алтыата батыр: «Менің көрер көзім көрместей болды, тұтар қолым тұтпастай болды», — деп аттан түсіп қос тізерлеп отырып, майдан үстін төңіректеп айнала шауып жүрген Бөріге мұңын айтады. Жау жағы күш алып, шулағаннан шулап кеп батырды қаумалап тұтқынға алады. Мойнына қыл арқан салып біраз жерге сүйретіп барады.
О заманда тұтқын болған кісіні жәукемдеп елтіре салмайды ғой. «Сонында қуып келер, кек қайтарар кімі бар?.. бұл елдегі жігіттің құны қанша?.. Неше жерден тұтқын болса да — басына бәсін тігетін, жанына жанын беретін соңында қалған жақыны бар ма», — деп қазақтарға елші жібереді. Жау жағы өзен жиегіне қос тігіп кідіріпті. Араға елшілікке баяғы желаяқ бала Бөріні жүргізіпті. «Алтыата тұтқынға түсті, басына не тігесіңдер?» — деп Бөрі бала ентігіп елге жетсе — баяғы түйенің жарты етіндей төрде отырған тәкәппар бек ат тонын ала қашады: «Ойбай, мал дегенді атай көрме, маңқа домбырасын сүйреп, жылауық қобызын күйлеп күңіреніп жүрген жалғыз атты серінің бодауына берер тышқақ лағым да жоқ», — деп қолын сермелеп маңайына жолатпайды. Елшінің соңына ит қосып қуып қыр асырып салады. Жау жағы түнеріңкі, ел тізгінін ұстаған бектің сөзі әлгіндей, қыл шылбырға маталып, көгенде, күн астында шыжып жатқан Алтыатаның сиқы анау. Тағы да елші Бөріні Қаратау үстіне жүгіртеді: «Әке-шешесі болса барып айт, жалғыз баласы үшін жанын берсін, көк жуа жетілмей жатып үзілмесін», — дейді. Елші Бөрі ел ішін бетке алып қайыра жортады.
Алтыатаның жүз жасаған әкесі, тоқсанды алқымдаған шешесі бар екен. Әкесі қысырақ байталдың соғымынан қалған жаясын сорпаға жібітіп малжаңдап жүрек жалғап отырған. Анасы ұлының есен-саулығын тілеп көз жасын сығыпты. Есіктен қараған елшіні көріп: «Ел болмағы елшіден, жау болмағы жаушыдан, біреудің жаны үшін біреудің жанын сұраған не сұмдық, қысқа жіпті күрмеуге келмейтін осынау тіршілік өзімізге де тәтті» — деп елшіні табалдырықтан ішке енгізбепті. Енгізу былай тұрсын, діні қатты шал қолындағы мүжіп отырған жілікті лақтырып Бөріні қуалайды. Шалғын пісіп, шілде түсіп, жер беті тілініп, көкжиектен сағым жүреді. Жыл қайырып алдағыны болжайтын шал айтады: шілденің ыстығы қаңтарда қызылшұнақ аяз болып кайтады, жұт жеті ағайынды, соның бірі — осы ми қайнатқан өрттей ыстық болар. Елші Бөрі төбе басына шығып жалаң аяғына кірген тікенді суырып отырып қамығып көп жылайды. Дауыс салады. Ұлығандай созылыңқы үн даланы күңірентеді. Бір сұмдықтың болғанын жүрегімен сезіп ақ отауынан Алтыатаның ару келіншегі шығады.
«Күйеуім үшін жанымды беремін»,— дейді. Мына сөзді естіген желаяқ елші ұйтқи жүгіріп көз ұшында шеп құрып жатқан жау жатағына жетеді... осылай да осылай... қымыз құйған мес секілді бегі де, жантайып жатып жан баққан берекесіз әке-шешесі де жан беруге келіспеді, әйелі келісті дейді.
Мына жауапты естіген жау жағы күйеуіне жан-тәнімен берілген ұяты бар әйелдің ынтық лебізінен ыңғайсызданып іштей қайран қалысады. «Батырдың жаны өзінде емес, үйіндегі әйелінде екен, мұның жанын алғанымызбен мақсатымызға жете алмаспыз», — деп ақылға келеді. Бірін-бірі тоқтатады. Алтыатаның білегін қиып тұрған қыл шылбырды шешеді, тұтқыннан босатып қоя береді. Жау жағы елді шаппай кері бұрылып кетеді.
Алтыата жаяу жүріп бел асып, шел басып, арып-ашып келе жатып жүз жасаған алып қара ағаштың көлеңкесіне отырып тыныс алады. Аздап көзі ілініп кеткен түсіне баяғы ақ сақалды әулие ата енеді, аян береді.
Оң жағыңа қарай салып күлкің келетіні — оң иығыңда тілеулес болып періштең отырар. Сол иыққа назар салып, құлазып кететінің — қисық жолға жетелеп сайтанның сапалағы отырар, қарсы алдыңда қалбандап кетіп бара жатқан — Тағдырың.
Кімде-кім өз тағдырын өзіне бұйыратын тіршілік сыбағасын алдын-ала сезер болса — өкіріп тұрып жылаған болар еді.
Кісінің көңіл күйі астындағы көлігі секілді, бірде семіреді, бірде азады.
Қара жол үстінде мінезімнің мың құбылғаны несі деп Алтыата қатты торығады. Торығып жатып оянады. Алда нендей хал күтіп тұрғанын білмеген соң «осыным дұрыс» деп жорта береміз бәріміз.
Адамдар, сірә, құмға түскен із бе екен?.. Кісіге бір пәстік қана ғұмыр берілген, сол қас қағымдай сәттің өзін таусылмастай көріп, неге бірін-бірі әурелеп жегідей жеп әуре.
Осы оймен Алтыата ұзақ жүріп еліне келеді. Жаудың бетін қайтарамын деп атойлап атқа қонған кезде іште қалған нәресте жарық дүниеге келіпті. Аяғына мініпті. Апыл-тапыл талпынып алдынан шығады. Кішкентай сәбиді жерден іліп алып иығына отырғызған Алтыата: «Жарқыным-ау, мынау аумаған қырғыз ғой, нағашысына тартқан қырғыз әлі»,— деп таңданыпты. Әлігі бала ержете есейе келе Қырғызәлі есімін алыпты.
Келіншегі ақ жібек жаулығын басына төгілдіре салып, қасына сүрме жағып, бұрала басып алдынан шығады. Алтыата көп жылғы сүргіннен, тұтқынындағы көр азаптан сілелеп қартейіпті. Опасыз дүние деген осы. Иығына бүлдіршін сәбиін мінгізген... белі бүгілген... ебелектей сақалы ағарып күнге күйген... селкілдеген, еңкейе ілбіген шалды кереді. Бірі жас, бірі кәрі, сүйіп қосылған жұбайлар жылап көріседі. «Тағдырыңды жазғырма» деген сөз сол кісіден қалған деседі.
Алтыата үйіне келген соң ел-жұрты жиналып үлкен ас береді. Шөл төсінде, жау ішінде көрген қорлығын шежірелеп айтады. Той соңынан өз үйін өзі тонауға береді. Болдым, тойдым, қойдым деген шүкіршілік тәубадан, іштей тоғаюдан, өмірдің тәттісінен гөрі ащысын мол татқаннан, әйтеуір үзеңгілес серіктеріне үйі талауға беру сол кездің асыл салты болыпты. Алтыатаның елдестері, жерлестері батырдың жыйған-тергенін жылан жалағандай етіп таратып әкетіпті. Осы күнгі сыйлы кісі көз жұмса соңында қалған ұл-қыздары ата дәулетін қолма-қол бөлісіп әкететіні сол салтты ұстағаннан сірә. Аз айт, көп айт, мына біздер Алтыатаның қырғыз әйелінен тараған бел баласы боламыз.
Кешегі соғыс жылдары басыма қиын іс түссе — сол бабам түсіме еніп: «Е, балам», деп қолын жайып батасын беруші еді, желеп-жебеп жүруші еді. Ол заманның батырлары сөзі бар, соңында көзі бар, жолына садақа етіп жанын қиятын, дауыс салып жылайтын жары бар әжептеуір кісі санатында жүретін. Оның қасында мына біздер әшейін жүрген құр қауқармыз, көлеңкеміз, басшылардың көзіне шыққан сүйелміз. Ұжым басшысы төбемізді көрсе «бірдеме сұрайды» деп қыр айналып қашады, — деп әңгімесін аяқтады Тәліпбай ағамыз.
Тәліпбай ағаның әңгімесін тыңдауға жиналған көршілср бірте-бірте тұрып жылыстап шыға бастады. Көтеріліп сыртқа беттедік. Ауыл біртүрлі күңгірт, ымырт бояуына малынып маужырап қалыпты. Алыстағы Қаратау аңғары, сол таудың бергі баурайы таң атып келе жатқан кездегідей бұлт жыртығынан батар күннің ақшыл бояуына малынып ақтаңдақтанып, ерте әлемінің алабажақ әдемі пердесін көз алдыға тұтады.
Етектегі шағын ауыл үсті қарабарқын. Тау аңғары екі түрлі бояу, жоғары жағы сүтке малғандай аппақ, алкүрең шапақта бергі етегі — көгілдір, көгілжім, қарабарқынға боялыпты. Сыртқа шыққан Тәліпбай ағаның көзіне таудан домаланып түсіп келе жатқан үйме-жүйме бір шоғыр нөсер бұлты шалынды. Жел айдаған жынды бұлт па, әлде шаңы шығып жатқан жердің магниті тартты ма — әш-пұшқа келтірмей ылдитөмен түйдектеліп келіп кұйды кетті, құйды кетті. Кепкен тулақты шаңын шығарып сабаумен сабағандай сезілді. Аспан асты карс айрылды. Нөсер гүрілі шағын ауылдың түңдігін желпілдетті, шаңдақ жолмен қызыл су жүгірді. Бұл өлкеге біраздан бері ұлы нөсер жаумай, жауын иісін ұмытыпты. Тозып біткен айтақыр екі кіріп, кірі жуылып калды.
Тәліпбай ағаның еңгезердей биік тұлғасы көз ұшынан ұзап кеткенше дуалдан асып карайып тұрды.
Жартылай қураған қара ағашқа ұқсады. Айналып қараған сайын көмейімізге ұлы сауал кептелді.
Батыр қайда бұл күнде? Көзі тірісінде қадіріне жете алдыңдар ма? Дұрыс қызмет тауып беріп, көңіліне жұбаныш бола алдық па?
Дәл осындай сауалды ертеңгі ұрпақ алдыға тартқанда — бұл өңірде шаңға батып, мініс ат мінген, мініс аттың мандымас майда жүрісіне үйренген, жер кетпендеп, дақыл еккен, топырақ, үстіне жалп етіп отыра кеткен момын халық өмір сүрген дейміз бе. Батырдың тірі сөзі, биік тұлғасы қайда бұл күнде. Өмір арбасы қара жолмен шаңдатып қайда кетіп бара жатыр десейші.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі