Өлең, жыр, ақындар

Кейіпкердің қазасы

Оның жазушылық ғұмырына ешкім күмән келтірген емес. Қағазға түсіп жарық көрген дүниелері үнемі мақталып жататын. Талай мәрте сыйлыққа да ұсынылған, барлығынан бас тартып келеді. Өзіне-өзі сенбейтін. «Бұл жазғандарымның бәрі де түкке тұрмайды, мен ұлы шығарманы әлі дүниеге әкелген жоқпын» деп есептейтін. Осы оймен талай мәрте оқталып, өз ғұмырындағы ұлы шығарма жазу үшін үстел басына отырғанымен, жазғандары басқа арнаға бұрылып кете беретін. Жазғанына көңілі толмайтын. Сосын үстел үсті жұдырықтай болып умаждалған қағаздарға толып кететін.

Кейде ойлайтын, «жаза алмай кететін шығармын» деп.

Кейде ойлайтын, «қайткенде де жазып кетемін» деп. Өзінің топшылауындағы ұлы шығарманың қандай болатынын да білмейтін. Бірақ сол дүниенің санасында сұлбасы жоқ болса да, жазылуы тиіс.

Бүгін түнде тағы да үстел басына отырды. Екі-үш сөйлем жазылған алғашқы парақ әдеттегідей умаждалған қалпы қоқыс жәшігіне тасталды. Екінші парақты алды. «Үш дос» деп тақырыбын қойды. Екінші параққа алғашқы сөйлем бедерленді. Қалам тоқтамады. Жазуға толған парақтар бірінің үстіне бірі тастала берді.

Ол «Үш дос» деген романнын бастаған еді. Романның тақырыбын қарабайырлау алғанымен, ештеңе етпейді деп шешті. Романда үш достың ешқашан аттары аталмауы керек, өзінің түйіні осы. Сондықтанда үш кейпкерге Бірінші Дос, Екінші Дос және Үшінші Дос деген есімдер қойды. Әсілінде үшеуі де өмірде жоқ, ойдан шығарылған кейіпкерлер болатын. Бәлкім романдағы олардың іс-әрекеттері күнделікті өмірмен сәйкес келіп жатуы да ғажап емес, бірақ ол бұған бас қатырған жоқ. Сол түні таңға дейін тоқтамастан ұзақ жазды. Көз шырымын алмаған ол белін жазып орнынан тұрып, темекі шекті. Түтінді будақтата тұрып түнімен жазғандарын көзбен шолып шықты. Өз көзіне өзі сенбеді, тура отыз бет жазып тастапты. Шығармашылық ғұмырында болмаған дүние. Қағаздарды тез-тез жинастырды да, таңғы асын ішпестен жұмысқа шығып кетті. Бір ізден айнымайтын бір күндік жұмысын өткергеннен кейін, үйге қарай асықты. Келе салысымен асығыс тамақтанды да жазуын бастады. Тағды да тоқтамастан жазды. Мына қалпымен айналасы жиырма шақты күннің ішінде романды аяқтап тастайтын секілді. Соған қатты қуанды.

Ол күнделікті қарқынынан тоқтаған жоқ. Бір апта уақыт өтті. Жазылған парақтар әжептәуір қалыңдап қалды. Осы уақыт аралығында үш достың арасындағы небір жағдайлар суреттелді, сан қилы шытырмандарға толы ситуациялар бейнеленді, әйтеуір осы басталған дүниеге көңілі толып жүрді. Бір қызығы ол романдағы әрбір оқиғаны кейіпкерлерімен ақылдаса отырып шешетін. Әр қайсысымен жеке-дара сөйлесетін немесе түнде үстел басында төртеуі алқа қотан отырып ақылдасатын. Кейіпкерлер тек қана елес бейнесінде келетін. Мәселен, романды бастағаннан кейін үшінші күні бір қызық оқиға орын алды. Оқиға желісі бойынша Бірінші Дос бұзақы топтың бір адамды өлтіргенінің үстінен шығып қалады. Мұны білген бұзақы топтың серкесі, егер бізді айтып қойсаң сені өлім күтіп тұр деп ескертеді. Бірінші Досты бұл оқиға сарсаңға салады. Айтпайын десе ары жібермейді, айтайын десе өзін өлім күтіп тұр. Сол түні төртеуі отырып ұзақ әңгімелесіп қалды. Екінші Дос пен Үшінші Дос оған айтпау керектігін жеткізіп, ұзақ үгіттеді. Өлімге ешқашан қимайтындықтарын жеткізді. Мұндай байламға ол да тоқтап, Бірінші Досқа ештеңені айтқызбай қойды. Жабулы қазан — жабулы күйінде қалған. Бірақ ол мұндай кеңестердің арты жақсылыққа апармайтындығын ұғынды. Романның өн бойы солғын тартып кетеді деп қорықты. Сондықтан әр қайсысымен тек қана оңаша әңгіме-дүкен құратын болды. Үш Дос та бір-біріне деген ілтипатынан ажыраған емес. Олар қашанда бала күннен бері дос екендерін; араларынан қыл өтпейтіндігін; қандай қиындықта да бір— біріне дем беріп, демеп жүргендерін айтудан жалықпайтын. Бұл айтылғандар романды жазу барысында айқын көрініп отырды.

Ол тоқтамастан жаза берді. Он күн өтті. Он бес күн сырғыды. Романның аяқталар тұсы, яғни шарықтау шегіне жақындап қалғанын сезінді. Бірақ қалай аяқтаймын, романның соңғы нүктесін қалай қоямын деп ойланды. Үш Досты мына өмірдің барлық қиындықтарын жеңген, ешқайсысына мойымайтын жандар ретінде көрсеткісі келді. Үшеуін де бақытты жандар есебінде романның соңғы нүктесін қоюға бел байлаған. Артынан бұл ойларынан тез айнып қалды. Сонда бұл романның өзгелерден айырмашылығы қандай болмақ деген сұрақ туындады. Ұзақ толғанды. «Жоқ, бұл романда біреуі өлуі тиіс. Және қалған екеунінің қолынан өлуі тиіс. Сол арқылы адамдардың жұмбаққа толы психологиялық қырларын ашып көрсетуім тиіс» деген түйінге тоқтады. Соңғы байламға мықтап бекінді. Бұл пайымын Үш досқа айтпай жасырып қалды. Бірақ соңғы тоқтам, санасындағы кейпікерлерге жетіп үлгерген еді. Олар қорқып кетті. Қорқыныштарын бір-біріне білдірмеуге тырысты. Содан бастап әр түндегі әңгімелердің де сипаты өзгерді. Олар жазушыға өздері келетінді шығарды. Жеке— дара. «Бүгін менің кезегім, қой, барып жазушымен біздің бақытты өмірімізбен аяқталатын романның барысы жайында ақылдасып қайтайын» деп, кеш батысымен оның жұмыс бөлмесіне келіп алатын. Үшеуі осы сөзді айна-қатесіз қайталайтын. Мұны ол аңғарған емес. Сондай-ақ, кейпікерлермен сараң сөйлесетін болды. Себебі романның қалай аяқталатынын кейіпкерлері білмеуі қажет. Керісінше, кейіпкерлері бәрін біліп отырды.

Бүгін түнде Бірінші Дос келді. Қолында ораулы заты бар. Жазушымен өте жылы амандасты. Өзі күлімсіреп тұр.

— Амансың ба?! Кел, орныңа отыра ғой. Қолыңа не ұстап алғансың?

— Ә, отырамын ғой. Қолымдағы дейсің бе, шоколад қой. Өзің романда жазып келе жатқандай ішпейтіндігімді білесіз, жәй, жаңа дүкенге соғып ала салған едім. Мынау сізге...

Бірінші Дос ораулы қағаздың ішінен бір қорап шоколадты алып шықты да, үстел үстіне қойды. Ол таңданып тұр. Үш кейіпкердің де мұндай әрекеттерін байқамаған болатын. «Мынау өзі қызық болды ғой» деп ойлады ішінен. Бірақ:

— Мұны қалай алып жүрсің, сен елес кейіпкер емессің бе? Тіптен менен басқа адамдарға көрінбейсің де.

Сәл күмілжіген Бірінші Дос:

— Ретін табамыз ғой, – деп сендіре тіл қатты. Ол үндемеді. Екеуі бір— біріне қарсы қарап отыр. Бірінші Дос сұрақ қойды оған:

— Романды қалай аяқтаймын деп отырсыз?

— Білмедім.

— Қызық екен, бәлкім осы жайында жақсылап ақылдасармыз.

— Мен одан қашпаймын.

— Менің бүкіл өмірім көз алдыңызда ғой, алақаныңыздағыдай көрініп тұр. Ешкімге жамандық жасаған емеспін.

— Түсінбедім, мұны маған несіне айтып отырсың.

— Жәй, әңгіме болсын дегенім ғой. Қобалжып отырғандығымнан болар, бүгін достарыммен сәл ренжісіп қалып...

Бірінші Дос әрі қарай айтарын жұтып қойды.

— Мен естімеген екенмін.

Бұл жазушының жауабы еді.

— Жарайды, мен қайтайын. Достарым күтіп отырған шығар.

Бірінші Дос есікті жауып кетіп қалды. Ол бір орыннан қозғалмай, қалшиып ұзақ тұрды. Бірінші Достың осы келісін, оның айтқандарын неге жорырын білмеді. Орнына жайғасып, жазуын жалғастыра берді.

Келесі түнде Екінші Дос келді. Бұған жазушының еті үйренген. Үшеуінің алма кезек келуіне. Екінші Дос қызулау екен. Қолында «Қазақстан коняьгі» бар.

— Амансыз ба? Кешіресіз, бүгін аздап ішіп, қызып қалғаным бар. Бірақ, өткенде өзіңіз үшінші тарауда жазғаныңыздай, мас болып төбелес шығарғаным жоқ.

Ол коняькті қайдан алдың деп сұрағысы келді де, кешегі Бірінші Достың айтқандары есіне түсіп, үндемей қалды.

— Жазуды әл бастамағансыз ба, қайда қашады дейсіз, одан да келіңіз, аздап коняьк ішелік. Тауыса алмасақ қалғанын ертең өзіңіз ішерсіз.

Бұл ұсынысқа ол не деп жауап қатарын білмеді. Орнынан тұра беріп еді, Екінші Дос:

— Әуре болмай-ақ қойыңыз, стакан өзімде бар, – деп, ілезде қалтасынан екі кішкентай стакан алып шықты да, ортасынан келтіріп екеуіне коняьк құйды. Оның енді келіспеске шарасы жоқ.

— Сіздің ұлы шығармаңыздың аяқталуына жақын қалған қуанышты сәттер үшін алып қоялық.

— ...

Екеуі коняькты көмейлеріне аудара салды.

— Айтпақшы, романды қалай аяқтайын деп жатырсыз.

— Білмедім.

— Ақылдасатын шығарсыз.

— ...

— Қызық екен, жарайды, енді тағы бір алып жіберелік, сосын мен қайтайын. Мас қалпымда барсам, достарым кейіп жүрер.

Өткендегі үшінші тараудағы төбелестен кейін маған айтқандары сияқты.

Апыл-ғұпыл стаканға екінші мәрте коняьк құйды да, екеуі жұтып жіберді.

— Мен кеттім, көріскенше.

— Сау бол!

Екінші Дос шығып кетті.

Ол осы екі түндегі кейпікерлерімен арада өрбіген оқиғаны сана сарабынан өткізе алмай қиналды. «Не болып кетті өзі» деп ауық-ауық қайталады өз-өзіне. Бүгін жұмысы да өнбейтін секілді, мойны жар берер емес. Сонда да жаза берді.

Үшінші күні жұмысынан үйге кештеу келді. Есіктің алдында ең соңғы кейіпкері Үшінші Дос күтіп тұр екен. Өңі түтігіп кеткен. Жағасы, жеңі жыртылған. Мұрны қанаған ау шамасы, бетінен қанның дақтары анық көрінеді. Амандасқаннан кейін ол үйге бастап кірді. Жұмыс бөлмесіне өтті. Үшінші дос өте ашулы. Бірақ ашылып ештеңе айта қоймады.

— Романды қашан аяқтайтын болдыңыз?

— Білмедім, егер сенсеңіз бүгін үшінші күн. Жазу өнбей қойды. Мына сықпытың не, не болған?

— Жәй, әншейін...

— Менің жазғандарымда сен ешкімге соқтықпайтын жан едің ғой. Біреумен төбелесіп қалғаннан саумысың?

— Маңызды ештеңе емес, жаңа сізге келе жатып жолда біреулермен байланысып қалғанмын. Сәл жұлқысып қалдық. Ештеңе етпейді, – деді де, әлі кетіп үлгермеген шалбарының балағындағы шаңды қағып-қағып жіберді. Бір нәрсені жасырып тұрған секілді.

— Шыныңды айтшы, сендер үшеуің төбелесіп қалған жоқсыңдар ма?

— Жоқ, ә, – деп ыршып түскен Үшінші Дос жалма-жан әңгіме ауанын басқа арнаға бұрып,— Ештеңе жоқ, біз арамыздан қыл өтпейтін доспыз ғой, – деді.

Ол сеніңкіремеді. Бірақ әрі қарай қазбаламады.

— Не бұйымтайың бар?

— Ештеңе, тек күндегі кезек бойынша сізге келгенім ғой. Егер бір нәрселер қажет деп тапсаңыз, өзіңіз сұраңыз. Бірақ менің әңгімеге онша көңілім соғып тұрған жоқ.

— Онда қайта бер, жақсылап демал. Достарыңа сәлем айта бар.

— Жарайды, сау болыңыз!

— ...

Үшінші Дос аяғын тез-тез басып шығып кетті. Ол артынан жанары талғанша ұзақ қарады. Бүгін Үшінші Доспен арада жүрген қысқа ғана әңгіме, екі күн бойы өзін сансыратқан ойлардың кері әсерін одан сайын асқындыра түскендей. Өзін қинағандай болып жазу үстеліне отырды. Қаламы жүрмесе де жаза берді. Кенет романның шарықтау шегі күрт басқа арнаға бұрылып, қолы-қолына жұқпай зуылдатып жаза берді. Тоқтамастан жазды. Таңның қалай атқанын сезбей қалды. Жұмысына да бармады. Бүгін кешке дейін бітіру керек деп ойлады. Терезені бүркеп, бөлмені қараңғылап алды да, тағы да жазуын бастады. Өткендегі шешім бойынша Үш достың біреуі өлуі тиіс. Қатты қиналды. Санасындағы елес кейіпкерлердің қайсысын өлімге байлап берерін білмей қиналды. Алғаш рет жазушы үшін өз кейпікерін өлімге байлап берудің қандай қасірет екенін түсінді. Бір есін жиса әлі жазып отыр екен, бірақ ағыл-тегіл жылап отыр. Көзі көрмейтіндей, ештеңе естімейтіндей. Санасы мызғып кеткендей. Сонда да жаза берді. Соңғы нүкте қойылды. Үш достың біреуі қаза тапты. Оны анық сезіп тұр. Бірақ қайсысы болуы мүмкін. Соңғы нүкте қойылған парақты оқып шығуға батылы жетпеді. Тек соңғы сөйлемді оқыды. «Екі дос қабірдің басында жылап тұрды» деп аяқталған екен. Қайсысы болды екен, оны біле алмады, анығында оқуға дәті шыдамады. Жұмыс бөлмесінен жүгіріп шығып, балконға барды. Қалтасын қарманып, темекінің қорабын алып еді, ішінде үш-ақ тал қалыпты. Біреуін алып тұтатты. Айналасына қарап еді, күн қып-қызыл шоқтай болып ұясына батып барады екен. Көкжиектегі қызыл ноқатқа қарап, қос қолымен бетін сипады.

«Әумин!»


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер