... Сол үйге қарай маңайлауға жүрегі дауалайтын емес. Бірақ, бармасқа лажы қайсы? Әдейілеп келе жатқан шаруасының өзі сонда болып тұрса, бұлтарар жөні жоқ. Аяғын санап басқан жігіттің екі көзі — көше табанында. Көңіл түпкіріне көмілген сонау ит жылғы көріністер көз алдында бұлдыр-бұлдыр елестеп өтеді.
... Онда Ерланның небәрі он-он бір жастағы кезі еді. Үшіншіні бітіріп, жазғы демалысқа шыққаны сол болатын. Қарт әкесі аяқ астынан сапарға жиналды. Өзі ес білгелі туысқаншыл кісі осы жолы сонау алыстағы қалаға Ерланды да ала кетпек.
— Онда кімге барамыз, ата? — деді бала.
— Кімге болушы еді? Жайсаңда Әлен ағаңнан басқа кім бар?..
Ауылдың қай баласы қыдырғанды жек көрсін. Ерлан да «уралап», тұрған орнында ыршып-ыршып түсті.
— Бір-біріңді көрмей, әбден жат бауыр болып кеттіңдер тіпті. Ол неме де тікбақай. Өстіп өзіміз бармасақ, араласып тұруды білмейді. Ертең менің көзім жұмыла қалса, мына түрлеріңмен бір-біріңді танымай кетерсіңдер...
Атасы екі күннің бірінде еске алып, есімін жаттап отыратын Әлен ағаны Ерлан қайдан білмесін. Ауыл-аймақтан ұзап көп алысқа шықпаған қарттың түсіндіруінше, Әлен жастайынан қалашыл болған нағыз қаратаяқ. Орысша майпаңдата жөнелгенде, көк көз жолдастарының өздері жаңылады. Қолынан келмейтіні жоқ, ісмер. Келіншегі де ақ қағаздай таза, пысық-ширақ, қаланың қызы. Қысқасы Тілен бабаның мұқым өрен-жаранынан шыққан көзіқарақты «городской» — әзірше жалғыз Әлен. Тек, әттең...
Тіл ұшына келіп, ар жағы айтылмай қалатын «тек, әттеңнің» не екеніне Ерлан ой жүгіртіп көрген емес. Әкесінен қадалып сұрауды да білмепті. Әлен ағасы бұған дейін бір-екі рет ауылға келіп қайтқан. Сонда оның арақ ішіп, әжептеуір қызып қалғанын байқап еді. «Е-е, атам ағаның осынысын айтады екен ғой» деді еске алып. Әйтпесе, атасының мақтағанындай бар секілді. Сол кездегі ауыл еркектерінің әуестігі шамалы шоқпардай галстукты жағасына астарлап байлап алыпты. Киімі де бірсыдырғы жинақы. Қызып отырып қарлығыңқы дауыспен орысшалап салған үні де өзінше әсерлі. Бәрінен бұрын ағаштан ойыншық машина жасап, жаман інісін қатты қуантқанын айтсаңшы.
Жеңгесі де есінде. Кәріс келбетті қолтоқпақтай ғана ағасына қарағанда, сұңғақтау көрініп еді. Енді сондай «городской» ағаның бұрын көрмеген үйіне бару, тіршілігімен танысу — қуаныш емей, немене.
Әрине, осыдан аттай ширек ғасыр бұрынғы сол сапардың ұсақ-түйегіне дейін құнттап, есте тұтас жаңғырту мүмкін емес. Әйтеуір сол жолы Ерлан өз өмірінде алыс сапарға алғаш рет шығып еді.
Шалғайдағы фермадан көрші ауданның орталығына жету ішін көліктен көлікке ауыса отырып, біраз мехнат шеккендері жадында. Ұзақ жолда ауырып, жүрегі айнып дегендей мазасы әбден кетсе де, сыр бермей шыдап баққан. Сөйтсе, атасы (жасының үлкендігіне орай Ерлан әкесін «ата» деп атаушы еді) «қала, қара, шәрі» деп дабырайтып жүргені аудан орталығы Ақжардан сәл ғана қалқыңқы жер екен. Ерлан көрсем деп қиялдап, іштей аңсап келген көп қабатты биік үйлер жоқ, екі тәжілі етіп салынғандардың өзі некен-саяқ. Асфальт — орталық көшелерде ғана. Тек Ақжарға қарағанда әлдеқайда аумақты әрі тәртіппен салынған көрінеді.
Шағын қаланың шет жағындағы көк қақпалы шатырлы үйлердің бірі Әлен ағаныкі болып шықты. Саңғырлаған көп бөлмелі кең баспананың тұрғыны үшеу-ақ - аға-жеңгесі және олардың Райхан деген кішкене қыздары. Арып-ашып, артынып-тартынып қарт пен баласы кіріп келгенде, үй иелері мәре-сәре болды да қалды. Қолдан түскен қоржынды Сара жеңгей ас үйге ала жөнелді де, былдырлаған Райхан атасының қойын-қоныштарын тінткілеуге кірісті. Келген сайын дәмді-тәтті әкеліп, ақсақал кішкентайды әбден жаман үйретіп қойған көрінеді.
Қаланы асыра мақтап жүрген атасының сөзіне көңілі пәсейіп қалған Ерлан енді ғана жадырайын деді. Аға-жеңгесі қалжың сөзге бір кісідей жүйрік адамдар екен, ауыл-аймақтың амандығын сұрап, өздерінше мәз. Бұрын дәмін татпаған әр түрлі тамақты Ерланның аузына тықпалап жүрген жеңгейдің де шығарға жаны бөлек. Сықылықтаған күмбір күлкісі, ас ұстауы қандай! Әлен аға сырнайға қосылып ән салғанда, тыңдаған жанды еріксіз елітіп, елжіретіп әкетеді...
Ертеңінде барлығы жаяулап қала аралады. Танитын көрші-қолаң атасын шақырып, дәм татқызды. Бір сөзбен айтқанда, осынау алғашқы сапардың әсері әп-әдемі болып қалыптасып келе жатыр еді. Шат-шадыман көңілдің мал түсіп, ойрандап кеткен бақшадай әңкі-тәңкісі шыққаны аяқ астынан. Ұйытқи соққан борандай бірден-ақ өрши жөнелген ұрыс-керістің неден басталғаны есінде жоқ. Әйтеуір, сөз етуге арзымайтын әлденеге ілінісіп отырған аға-жеңгесі келе-келе, шаптығып айқайласты да кетті. Еркіне жіберіп қарап отырсаң, бір-бірін түтіп жеуден тайынар емес. Қысық көздері қанталап кеткен ағасы жеңгесінің желке жағына тұрып, тебітіп-тебініп қояды. Ұрыс-керіске әбден төселіп алған жанның кейпімен Сара да бет бақтырар емес. Әлгінде ғана сыңғырлап тұрған әдемі күміс күлкісі көмірге айналып жүре бергендей. Жарықшақ үнмен шаңқылдай айғайлағанда, қос құлақты қабаттап басып, бет алды безе жөнелгеннен басқа амал жоқ секілді.
Айдың-күннің аманында бүйтіп жанжалдасқан жандарды көрмеген Ерлан алғашында шынымен қатты састы. Жан-жағына жыпылықтай қарап, «Ата, ата» дей берді бар болғаны. Есірік, ащы айғайдың қасында жасық даусы аш қозының естілер-естілмес маңырағанындай тым әлжуаз. Екі жақ та әбден кәріне мініп, табан тіресе ұрысқа кіріскен сәтте араша сөз де адыра қалды. Айғай-ұйғайға жоқ нәті жуас шалдың:
— Әй, балалар, әй! Сабыр, сабыр! Бір ашуыңды бер енді, әй, батырекесі... — деген басалқы сөзі құлаққа ілінбей, босқа қор болды.
Момақан ғана тыныш ұяда өскен Ерланға мына салғыласу жан аяспас қырық пышақ төбелестен бір де кем болып көрінген жоқ. Сапарға шығар алдында ауылдағы бала атаулыға іші кепкенше мақтанғаны қайда? «Ой, осылай да осылай. Қаладағы ағамның үйіне барамын... Қызыққа әбден қарық боламын» деп. Ал, көрді қызықты.
Үдеп өрши түскен шаң-шұңға кішкене қыз Райханның бақырып жылауы қосылып, үй-іші азан-қазан.
Лапылдаған кешегі көңіл, қаладан алған әдемі әсер лезде сап тыйылыпты. Өткен жолы атасының «әттең» дегені осы ұрыс-керіске байланысты болды ма екен?
... Шал мен баланың аттанар сәтте қайта танығаны — сол алғашқы күнгі жайдары қас-қабақ. Тымық дүниені ұйқы-тұйқы етіп өткен долы дауыл аяқ астынан күрт тынши қалған тәрізді. Екеуі тіпті түк болмағандай зыр жүгіріп жүріп, меймандарды құрметпен шығарып салды. Қоржынды иығына асып, жіті адымдаған Әлен аға автостанцияға жеткенше күлдіргі әңгімелер айтып, ауыз жапқан жоқ...
Мұндай қисынсыз кереғарлыққа таңырқаған баланың қолынан қасындағы үлкендерге кезек жалтақтап, қарай бергеннен басқа не келсін. Ат тепкендей болған ақылы айран-асыр.
Дегенмен, қалаға қалай барып қайтқанын ауыл балаларына аңыздан әрмен тамылжыта айтып жүрді. Әкесінің туған інісі Қойшыбай қылжақпас әрі тік мінезді адам. Мосқал тартып қалғанына қарамастан, үлкен-кіші демей, қылжақтап ойнай береді. Сапар жайын тақуалап сұрап отырып, оның:
— Жеңешең көрсеткен шығар саған қызықтың көкесін, — дегені түйеден түскендей етіп. Сосын атасы екеуі ешкімге тіс жармастан тек ішке түйіп қайтқан сүреңсіз оқиғаны көзбен көргендей сол қалпы тәптіштеп айтып берсін. Сырттай нобайлап жеткізсе де, өз сөзіне титтей де күмән келтірмейтін аса сенімді адамның түрі. Қаны тамшылаған мұндай шындыққа ештеңе дей алмай, Ерлан қарадай қызықтырады:
— Оны қайдан білдіңіз, көке!
— Е, о келіннің сырын кім білмейді. Маңына жан жуытпай, беттен алып, төске шауып отырса... Ана жылы тастатайын деп-ақ барып едім, Әлен ағаң ақылымды тыңдамай, жер қылып қайтарды мені. Оның әкесі, сенің әкең, мен бірге туған үш шалмыз. Әленнің әкесі туған ағамыз емес пе? Сол кісінің аруағын сыйлап қана қолым бармады, әйтпесе, лақша бақыртып, тепкілеп кететін едім.
— Тіпті, мінезін қойшы, бір үйдің орнын жайтаңдатып ұстап отырса, ештеңе дер ме дедік. Қағынғанда бұл қатын...
— Ей, сен де бір... — деді манадан сирек мұртын тарағыштап, үндемей отырғанын Ерланның әкесі домбығыңқы кішкене көздерімен інісіне нығырта қарап. — Баланың көзінше сонша қайдағыны қоңырсытып. Не керек сондай бықсық сөз?..
Нәті жуас шалдың үлкендік қылып көсемсіген түрі еді, адуын Қойшыбай оны құлағына да қыстырмастан, дауыс көтеріп, өршеленіп кетті:
— Емешегің үзіліп әкетіп бара жатса, өзің ғана бар. Сонша жерге баланың қаңырсығын түтетіп не әкеңнің құны бар еді! Үлгі-өнегені сол бедеу бетпақ қатыннан алайық па енді? Көргенің сол болса, жетістіріпсің...
Не нәрсені де көзге шұқып, басқа сабап айтатын айбарлы отағасы дәл қазір ештеңеден тайынар емес. Үсті-үстіне бастырмалай сөйлеп, міңгірлей ақталған атасын тықсырып барады. Екі шалдың ерегес сөзінен Ерланның еріксіз екшеп, есіне тұтып қалғаны мынау:
Әлен — бір кіндіктен жалғыз жігіт. Ағайын арасынан тысқары жастайынан шәрлі жерде өскен ол ер жетіп, әскер қызметіне барып қайтқаннан кейін елге жоламай кетіпті. «Жалғыз қаңғып не опа табасың? Арамызға кел. Басыңа үй тігіп, бауырыңа қазан салайық. Белінен басып тұрып, қалаған қызыңды әперейік» деген жанашыр сөзді құлағына да ілмеген. Салт басты, сабау қамшылы жігітті ағайын-туғанның арасынан алыстатып әкеткен қандай құдірет екенін кім білсін. Жайсаң қаласында жүріп жұмысқа орналасқан, үйленген, үй салып алған. Қойшыбай көкесінің айтуынша, Сара жеңгейдің де бала ұғымына сыйыса қоймайтын күңгірт тарихы бар сияқты.
— Ыздиып қалған немені ауылға ертіп келгеннен-ақ жақтырмап едім, — деді ол кісі ызбарынан айыға қоймай. — Беттен алған бетпақ, кісі сыйламайтын кісәпір екенін бір көргеннен-ақ білдім. «Таста, әперейік осы ауылдың қарашұнақ балпыаяқ бір қызын» дегеніме көнді ме Әлен? Бала тауып, қызығын көрсетіп отырса бір жөн ғой.
Осы жерде Ерлан елең ете қалып, батылсыздау міңгірлеген болды.
— Ана кім... Райхан...
— Ой, тәңір алғыр-ау, мен не айтып отырмын саған? Ана кішкене қыз төркін жағынан бауырға салып алған бір жылбысқа ғой...
Сонда барып қана Ерлан қалаға жүрер алдында атасының «Тек, әттең!..» деген ащы өкінішінің мәнісін ептеп ұққандай болды. Иә, иә, осы жағдайға байланысты құсаланады екен ғой қайран қария.
Атасы мақтауын жеткізіп, айдың әр жағына бір-ақ шығарған аға-жеңгесін Қойшыбай көкесі осылайша іске алғысыз етіп, мүлде сүмірейтіп тастағаны. Бұл әңгімеден соң Ерлан едәуір уақыт ес жия алмай жүрді. Сонда қайсысына сеніп, қайсысына ден қоймақ? Естігені қаншалықты екіұдай болса, көргені де — өзара үйлеспестей соншама кереғар. Өмірдің тек күңгей жағын көруге бейім атасы байғұстың інісі мен келініне неғып шаң жуытпайтынын кім білсін?
Не керек, қиялында қадір тұтқан аға-жеңгеге деген ықылас содан кейін-ақ ызғар кеулеген бөлмедей салқындап сала берді ғой. Сонда да әкесіне еріп, ер жеткенше қалаға барғыштауын қойған жоқ. Алғашқыдай асау құштарлық болмаса да, «Әлен-Сара» деп дегбірі қашқан шалдың көңілін қимай, ілесе беретін. Ал, қалаға бара қалса, көретіні -әбден зәрәзап қылып біткен сол белгілі жайттар. Жазыңқы қабақ, жарқын жүзбен қарсы алған үй иелері меймандар жата-жастана жатқан екі-үш күннің ішінде өз сырларын әйтеуір бір алдырып үлгіреді. Неге өйтеді екен? Әлде ішімдіктің әсері ме? Әлде өздерінен туған бір баланың жоқтығы күйзелтеді ме? Атасының бұларға ерекше ықылас бұратыны да, бәлкім, соны түсінгендіктен шығар...
Жалғыз Қойшыбай көкесін ғана емес, Сара жеңгесін де жақтырып жатқан өзге ағайын-жұрағат шамалы. «Ел-жұртқа осыншама сүйкімі жоқ жандарды атамның соншалықты жақсы көретіні несі?» деген сауалды бетке ұстап, қалаға барудан қашқақтауды да шығара бастады.
Тамызып-тамызып қана сөйлейтін әкесінің жалғыз уәжі:
— Е-е, баламысың деген. Отбасы, ошақ қасы болғасын, ыдыс-аяқ сылдырламай тұра ма? Дардай басымызбен береке деген болып, әркенің қылығын қылып қайтеміз? Ол да — бір атаның ұрпағы... үлкен ағамыздың баласы. Көзі тірімде көңілден шет қыла алмаймын оны.
Аса бір нәзік қимастықпен айтылған «ол» адамның кім екенін жеткіншек Ерланға қазбалай ұқтырудың қажеті де жоқ еді. Бұрыннан бекіген берік уәдесінен атасы ешқашан тайып көрген жоқ: қыбырлап кеудеде жаны жүргенде қаламен екі араны қара жол қып тоздырудан ешқашан қажыған емес.
Арақатынастың пышақ кесті сап тыйылуы — атасы көз жұмғанан кейін. Есейгеннен кейін Ерлан Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскерге кетті. Сонда жүргенде, Әлен ағасы қайтыс болды деген қаралы хабар алды. Міндетінен босап келгесін, жеңгесіне барып, көңіл айтып қайтқан. Содан кейін олай қарай тышқан ізін салған жоқ. Алыстағы астанаға барып, жоғары оқу орнына түсті. Оны бітіріп, жолдама бойынша жұмысқа жіберілген жағында біржола тиянақтап қалып қойды емес пе? Яғни, былайша айтқанда, қазір Ерлан Әлен ағасынан кейін — Тілен бабаның әулетінен шыққан екінші қалалық, көзіқарақты азамат.
Енді, міне, ақ қағаздай пәк көңілін сүреңсіз сезімге бөлеп, жайсыз әсер қалдырған қалаға оншақты жылдан кейін бір-ақ аяқ басып тұрғаны. Сонда да келе қоймас еді, көңілін алаңдатқан осы бір тосын жай болмаса.
Техникумді енді ғана бітірген қарындасы осы қалаға жұмысқа жіберіліпті. Жалғыз емес, күйеуімен. Екі жастың үй болып, бас құрғанына — бірер айдың ғана жүзі. «Басқа баспананың реті келмегенсін, әзірше Сара тәтейдің үйінде тұрып жатырмыз» деп хабарласқан. Кейін телефон арқылы сөйлескенде, қарындасы тәтейдің үйінде жағдайларының онша келіспей жүргенін шетпұшпақтап сездіріп еді. Еңбекке енді араласып, жаңа үйленіп жатқан жастарға осындай қысылшаң кезде қолұшын беруі туыстық парызы емес пе? «Барып, шаруаларыңды реттеп қайтамын» деп уәде еткен. Бірақ, жер мойыны қашық, науқан қызған уақытта жұмыстан босанып шығу оңайшылықпен орайы келетін шаруа емес. Сонан тиісті еңбек демалысына қолы жеткен күні кідірместен жолға шыққан беті еді.
Сара жеңгейдің сыры өзіне мәлім, қақаңдаған қазымыр кісінің жас жұбайларға жайсыз тиетінін алыстан-ақ болжаған-ды. Жолдамамен келген жерінде қандай үйге барып паналағанын естіген сәтте қарындасына жаман қатты жыны келгені. «Бүкіл қалада баспана құрып қалғандай қарашы тапқан жерін. Тәрбиелі шаңырақта өскен ана күйеу баладан да ұят-ау! Қобызын сарнатып отырған шығар менің ана көкайыл жеңгем».
Аяғын сүйрете басып, таныс көшенің таныс қиылысына келіп те қалыпты. Әне, қоңырқай кірпіштен қаланған көне дүкен. Ұмытпаса, соның ар жағында су алатын құбырдың шүмегі болуы тиіс. Сол құбырдың қасында... Оншақты жыл өтсе де, сол таныс дарбаза, жайпақ шатырлы үлкен үй анадайдан-ақ көзіне оттай басылады. Сол-ақ екен, жүрегінің атқалақтап аузына тығылғаны.
Көріспеген осынша ұзақ жылдың ішінде жеңгей, әрине, біраз өзгеріпті. Ең алдымен, бұрынғы сұңғақ денесі сәл аласарып, жота тұсы бүкшиіп, құныс тартқан екен. Бір кездегі сопақша аққұба өңі қазір суалған сиырдың желініндей алжа-алжа. Күлсе, жайнаң қағып, кәріне, мінсе, ызғар шаша қалатын қара көздерінің оты сөніңкі. Бұрынғыдай керілген сәнқой хал жоқ. Иыққа ілінгенін кие салып, салп-салп жүре беретін кәдімгі салдыр-салақ әйелдің анық нұсқасы.
Өзгермегені — сол кездегі жігерлі шалт қимылы, жанасып кетсең, сайрап қоя беретін сарқылмас сөзшеңдігі. Қуана қарсы алған жас туыстарымен дұрыстап жағдай сұрасуға да мұрша бермей, тіл мен жағына сүйеніп, сапылдай жөнелді. Қайнысымен бұрынғының салауатты шешелерінше құшақтасып көріскен ол көз жасын сығымдай отырып, біраз өкпе-ренішін айтып тастады. «Ағаң өлгелі маған жолауды қойдыңдар» дей ме, «Әленнің ағайын-туғаны мені тірідей өлдіге санайтын шығар. Санаса, санасын, мен де көріп алдым оларды» дей ме; «Соншамасы отырып, мен секілді жалғыз жесірін жетімсіретсе, өздері білсін. Құдай оларды да бір күн жылатар» дей ме; «ең құрығанда Әленнен қалған ана жалғыз тұяққа жәрдемін беріп тұруға жарамайды, адам ба солар» дей ме, әйтеуір ағайдың артында қалған бар туысты ағаш атқа неше мінгізіп, неше түсірді. Сосын барып өз төркінін мақтауға көшкен, «жалғыз қарғасы» Райханының жайынан жалықпай сыр шерткен. Бірақ, бәрібір шырғалап шыға алмайтын, қайта айналып соғып торуылдай беретін өзекті тақырыбы біреу-ақ:
— Жарықтық жақсы кісі еді ғой. Бәрімізге қамқор болып отыратын. Тіпті, менің туыстарымды да — бірдемесін апарып беріп, жұмысын істеп тастап, жарылқап тастайтын. Өле-өлгенше Райханын мойынына мінгізіп өтті ғой жарықтық. Ол бар кезде ештеңеден таршылық көргеміз жоқ. Айтып отырмын ғой, міне, дастарқан, міне, нан. Осыдан өтірік болса, осы дәм ұрсын. Маңдайымызға сыймай кетті. Қайтейін, Әлен жарықтық тірі болғанда, өстіп шошайып отырар ма едім жападан-жалғыз...
Пырс-пырс етіп жылады. Ұзақ сонар әңгімені ерінбей тыңдап отырған Ерланның екі көзі маңдайынан шыға жаздағаны. Жанын толқытқан сезім қуатын ішіне бұқтырып үйренген сабырлы жігіттің бұлайша қобалжуы көптен бері алғаш рет. Қайран қалмай қайтсін -жеңгесі буынсыз тілді барынша безеп, марқұм күйеуін жер-көкке сыйғызбай, мақтап отырса. «Отыз жыл отасқан қосағымды өзімнен артық білетін кім бар? Ендеше осы айтып жатқан әңгімемнің қылдай өтірігі жоқ. Құй сен, құй сенбе!» деп қояды ара-арасында қарадай куәлікке жүгініп.
Оның айтуынша, әке-шешеден ерте айрылып, жалғыз өссе де, Әлен ешкімге кеудесін бастырып көрмеген ер жігіт еді. Қай жерде жүрсе де, жолдастары хан көтеріп, құрмет тұтатын. Қайын жұрты (яғни, жеңгейдің төркіні) қашанда алақанға салып, айрықша әспеттейтін. Той-думанның гүлі, жиылған жұрттың жыры болатын. Дауысы сазды әнші, он бармағы ойнаған сырнайшы еді. Досқа қайырымды, дұшпанға айбынды еді. Сүйікті жар, мейірбан әке еді. Райханды өгей деп өкпелеткен емес.
Сондай асыл азаматты ел-жұрттың маңдайына сыйғызбай, алып кеткен ажал сұмды атарға оғы жоқ артта қалған жесірінің. Жүректе мәңгі бедерленіп қалған сүйкімді бейнесі ғана жар көңіліне медеу.
Сара жеңгей осыдан оншақты жыл бұрын дүниеден қайтқан жұбайы жайлы осылайша тебірене сөйлеп, қылаудай шаң жұқтырар емес. Оның сағынышты да зарлы үніне ден қойсаң, ерлі-зайыпты екеуі ешқашан шәй десіп, түс шайысуды білмеген. Бала кезде Ерлан көзбен көрген сол бір сорақы оқиғалардың ешқайсысы болмаған секілді.
Оның сөзіне салсаң, Әленнің өзін аямай төмпештеп жатқанда атасының жанұшырып арашаға түскені де, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын өзінің шайпаулығын да, төркініне сан рет қашып барғанда тағы да атасының сақалын көлденең салып жүріп, екеуін татуластырғаны да, толып жатқан осындай басқа да келеңсіз жайттардың өмірде болғаны -жалған, Ерланның ертеде көрген түсіндей дәмі-татуы жоқ жадағай елес қана.
Бұлтартпас шындық сонда қайсысы десеңіз — Әленнің туған-туысының Сара атын естісе, әзірейілдің түгін көргендей өре түрегелетіні; сырттай сыпайысығанымен, іштей ұнатпайтыны, соның салдарынан күйеуінен айырылғаннан кейін қу тізесін құшақтап жалғыз қалғаны.
— Сендердің өрен-жарандарыңды маған қарсы қойып кеткен ана Қойшыбай шал, — дейді Сара бұл кезде сүйегіне қына шығып үлгірген қайын ағасының атын қаймықпай атап. — Екі дүниеде менің қолым — сол шалдың жағасында. Оның мына сендерді не деп оқытып кеткенін мен білмейді дейсің бе? Білем, бәріңнің мені кімге санайтыныңдарды. Қыл аяғы жібі түзу болып өсер дейтін сенің өзің менен шыбын-шіркей болып безіп кеттің емес пе? Мына екі бала болмаса, ендігі осы босағадан аттар ма едің, жоқ па едің...
Еріксіз бас шұлғитын шындықты көлденең тартқанан кейін мойындамасқа амал қанша? Осы жайттың бәріне тек өзі кінәлідей Ерлан еріксіз төмен қарады.
Бұл кезде баяғы кішкене шолжаң қыз Райхан тұрмыста. Көршілес аудандағы бір ауылда. Жалғыз қалған шешесін жанына жақындатқысы келіп оқталған екен. «Әлен салған үйді қаңыратып ешқайда кетпеймін. Отын өшірмеймін. Менің де сүйегім осы босағадан шығуы керек» деп тапжылмай қойған Сараның өзі көрінеді. Қарақан басы ғана, асырай алмай жатқан бала жоқ. Зейнетақысы бір басына қаптал жетеді (заңды демалысқа шыққаны былтыр ғана екен).
Ат терлетіп арнайы келген екі жаспен оңаша сөйлесудің сәті ертеңінде бір-ақ түсіп еді. Екеуінің де қабақтары жазыңқы, көңілдері тоқ. Шайпау жеңгейдің босағасында жүріп, қара табан, жалпы етек болған жандарға онша ұқсамайды. «Мен келгесін, бар қиыншылықты ұмытып, қуанып отыр-ау» деп ойлап қойды Ерлан. Іштей тығылып жүрген оның оңаша қалысымен аузынан шыққан алғашқы сөзі:
— Құлақтан жарапазан кетпейтін жайлы жерді тауыпсыңдар, — ғана болды.
— Қайдағы жарапазан, аға?
— Кеше естідіңдер ғой өздерің. Мен босағадан аттамай жатып-ақ зарлай жөнелді. Содан соң, көз ілінгенше, құлаққа тыныштық болды ма? Әлен марқұмның аруағын әбден мазалады ғой тіпті.
— Жалғыз әңгімесі сол, енді қайтсін?.. — деді күйеу баласы.
— Әй, қайдам! Маған жақсы көріну үшін ағайды өтірік мақтай берді-ау. Бейне бір бүкіл ғұмырында содан басқа медеу тұтатын адамы жоқтай... Қу кісі, маған Әлен жарықтықты әдейі айтып отыр. Әйтпесе, екеуінің жайын мен білмеймін бе екен?
— Жоқ, аға, — деді осы жерде қарындасы ышқына киіп кетіп. — Біз осы үйге кіргенен бері тынбай айтып келе жатқан жалғыз әңгімесі осы. Не деген керемет махаббат десеңші. Ағайдың қайтыс болғанына қай заман. Алғаш бір түрлі өрескел көрінуші еді, кейін өзіміз сұрап айтқызатын болдық. Күнде кешкісін жұмыстан келгеннен кейін көретін телевизорымыз да, оқитын кітабымыз да — Сара тәтей.
— Тоқта, тоқта! Не дейді сонда?..
Жеңгесінің кешегі түпсіз толғанысын құр сөзуарлық, жалған көлгірсу деп пайымдағаны шынымен жаңсақ болғаны ма? «Өтірік пен шынның парқын айырудан қалғанымыз-ау. Көзбен көрген өтірік те, құлақпен естіген, керісінше, шындық болып жүрмесе неғылсын».
— Ештеңе етпес, міне, өзім келдім ғой, — деп Ерлан екі жасты қарадай жұбата сөйледі. — Бар шаруаны ыңғайлап кетемін. Екеуіңнің де жұмыс орындарыңа кіріп шығуым керек. Жағдайларыңды бастықтарыңа айтпасам бола ма? Ең құрығанда, тездетіп жатақхана алып беріңіздер деймін. Уақытша тұратын пәтерлеріңді бүгіннен бастап қарастыра беремін ғой. Ақыр келгесін қалайда тауып беріп кетейін...
Қабағын түйіп маңғаздана қалған Ерлан сөз осымен бітті дегендей өз тізесін өз жұдырығымен қойып қалды. Бірақ, сөз бітпепті. Бір-біріне қарап, өзара қабақ торысқан екі жастың аяқ астынан қарадай қипақтай бастағаны. Күрмеліп әлденені айта алмай отырған тәрізді.
— Иә, не болды сендерге? Ауыздарыңа су толтырып алғандай... Көңілді күпті қылмай, сөйлесеңдерші тіпті.
— Аға, — деді қарындасы еңсесін түзеп алып. — Біз енді... Біз ешқайда көшпейміз.
— Не дейт!
Ерланның қысық көздері қыпық түсіп кеткендей жыпылықтай жөнелді. Тамағын қырнай шыққан даусы да тұрпайы.
— Біз ешқайда көшпейміз деймін. Үшеумізге үш үлкен бөлме... Қыста жылы болатын көрінеді. Енді осындай үйден қашып қайда барамыз?
Алқымына ар жағынан әлдене қашып тығылғандай болған Ерлан үн шығарғанды қойып, әуелі тіпті жұтына алмай қалды. Лақ еткен ашумен түйіліп тұрып, аузынан шығарғаны -жалғыз-ақ сөз:
— Өй, әнеукүнгі айтқандарың қайда?.. Қиналдық деп жыладың емес пе маған телефонмен. Енді келіп...
Жазықты жандардай екеуі де қымсынып, төмен қарады. Қарындасының өңіне лып еткен қызыл арай да қылаңытып шыққан:
— Алғашында апайды бір ұрысқақ, шарқыш кісі екен деп қалдық. Ылғи сөйлей береді. Қашып кетейік деп ойлағанбыз. Пәтер іздеп көріп едік, табылмады. Енді... Енді ешқайда да бармаймыз.
— Әй, айналайындар! — деді осы сәтте даусын көтеріп алған Ерлан. — Мен сендерге ойыншықпын ба, немене бұл? Сендерге баспана тауып беру үшін сонау ит өлген жерден әдейі келіп отыр емеспін бе? Жылда бір берілетін заңды демалысымды алып... Телефонмен өзің айттың емес пе, «осылай да осылай, қиналып жатырмыз» деп. Бүйтіп әуре қылатындарыңды білгенде, мұнда келмес едім ғой. Демалыс алысымен курортқа ма, бір жерге тартып отыратын едім. Жолдама да келіп жатыр еді. Қарашы енді...
— Аға, ренжімеңізші. Әуелі солай ойлағанымыз рас. Сөйтсек... апайды алғашында түсінбей қалыппыз. Сізге сонда бекер айтқан екенбіз... Соншалықты жаман адам емес. Енді былай не ғой... қазір үйреніп қалдық.
— Оның үстіне жалғыз тастап кетсек, апайға да обал сияқты. Бір түрлі аяймыз. Бізсіз қалай өмір сүреді ол кісі?.. — деді күйеу бала да бәсең үнмен.
Ерлан тысқа жалғыз шықты. Бірге ілесе жүруге ынта білдірген күйеу баласына болмашы сылтау айтып, қасына ерткен жоқ. Атасына ілесіп, сан рет таптаған, кежегесінің кейін тартқанына қарамай, кеше де жүріп өткен тақыр көшеге тағы түсті. Ой ауырлатқан шақшадай басын көтере алмай, асықпай аяңдап келеді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі