Роман
...Есіңе алып өткен жылдар құшағын
Есіңе алып махаббаттың өткенін...
Пушкин
— Лев Глево... Лев Глебович? Аты-жөніңіздің тосыны-ай, ағайын, айтсаң — тіл тұтығады...
— Мүмкін, — кенет түскен қараңғыда өзінің серіктесінің жүзіне қадала үңілген Ганин оны салқын ғана құптады.
— Сіздің аты-жөніңізді тектен-тек тергеп отырғам жоқ — жайдары дауыс жалғаса түсті. — Менің ойымша, кез келген есім...
— Тетікті тағы бассам қайтеді, — Ганин оның сөзін бөліп жіберді.
— Басыңыз. Бірақ одан түк шықпайды. Мынадай: әрбір есім тағдырлы. Лев пен Глеб — күрделі, сирек кездесетін үйлесім. Ол сізден салқындықты, беріктікті, кіділікті талап етеді. Менің есімім қарапайым: ол әйелімнің есімі тіпті жұпыны: Мария. Айтпақшы, танысып қояйық — Алексей Иванович Алферов. Кешіріңіз, мен сіздің аяғыңызды басып кеттім ғой деймін...
— Өте жақсы болды, — деді Ганин қараңғыда қолын ысқылап, — қалай ойлайсыз, осы жерде қақайып тұрамыз да қоямыз ба? Бірдеңе істеу керек шығар. Сайтан алғыр...
— Сәкіге жайғасып, күтеміз де, — дәл құлағының түбінен саңқылдаған беймаза дауыс тағы естілді. — Мен кеше келген бойда сізді дәлізде көргем. Кешке қарай қабырғаның ар жағынан жөтелдіңіз. Жөтеліңіздің үнінен: жерлес деп ойладым. Сіз бұл пансионда көптен тұрасыз ба?
— Көптен. Сіріңкеңіз бар ма?
— Жоқ. Темекі тартпаймын. Пансион ластау екен, — орыстікі екені көрініп тұр. Білесіз бе, мен қазір үлкен қуаныштамын: Ресейден әйелім келе жатыр. Төрт жыл деген — айтуға ғана оңай... Иә-ә. Көп ұзамай кеп қалар. Бүгін жексенбі емес пе?
— Мынау қараңғыны-ай... — деп Ганин бір саусағын сырт еткізді. — Сағат қанша болды екен.
Алферов терең күрсінді; саулығы дімкәс, жер ортасынан ауған еркектің жылы, сылбыр иісі шықты. Әдетте, мұндай иістен қабаржу сезінесің.
— Яғни, — алты күн қалды. Менің шамамда ол сенбі күні келеді. Кеше ғана одан хат алдым. Мекен-жайды қызық етіп жазыпты. Мына жер қап-қараңғы, әйтпесе көрсетер ем. Қарағым-ау, не сипалап тұрсың? Ол терезелер ашылмайды.
— Сындырсам қайтеді, — деді Ганин.
— Қойыңыз, Лев Глебович; Одан да жаңылтпаш ойнайық. Мен олардың неше түрлерін білемін. Өзім де құрастырам.
— Ғапу етіңіз, — деп Ганин қабырғаны екі рет қойып — қойып қалды.
— Швейцар қалың ұйқыда, — Алферовтың даусы тағы шықты, — бостан-бос соғып жатсыз.
— Сонда қалай, осында түні бойы қақайып тұрамыз да қоямыз ба?
— Тұруға тура келеді. Лев Глебович, біздің кездесуімізде құпия бір мән жатыр деп ойламайсыз ба? Фирмада жүргенде ғой, біз бір-бірімізді білген жоқпыз, бір мезгілде оралдық та, осы қуысқа кірдік. Айта кететін нәрсе, едені қандай жұқа! Асты — қара шыңырау. Айтып тұрмын ғой: бір-бірімізді білместен үн-түнсіз осыған кірдік, үн-түнсіз жоғары көтерілдік. Кенет — тұрдық та қалдық. Қараңғылық басты.
— Бұдан не мән тауып тұрсыз, — Ганин қатқыл үн қатты.
— Тіреліп тоқтап қалғандықтан, қараңғылықтан. Күтуден. Бүгін түскі тамақ кезінде, — қалай еді... қарт жазушы... иә, Портнягин... — біздің ұлы үмітіміздің, эмигранттық өміріміздің мәні туралы менімен айтысты. Лев Глебович, сіз бүгін бұл жерде түстенбедіңіз ғой деймін.
— Жоқ. Қала сыртында болдым.
— Қазір — көктем. Ол жақ құлпырып тұрған шығар.
Алферовтың даусы бірер сәтке жоғалып кетті де қайтадан пайда болды. Бірақ бұл жолы Алферов күліп тұрып сөйлеген болу керек, даусы құмырылып жағымсыз естілді:
— Әйелім келгеннен кейін, мен де қала сыртына шығам. Ол қыдырыстағанды жақсы көреді. Маған қожайын әйел айтты, сіздің бөлмеңіз сенбіде босайтын көрінеді.
— Дәл солай, — Ганин қатқыл жауап қатты.
— Берлиннен мүлде кетесіз бе?
Қараңғыда бас изеген көрінбейтіні есінен шығып, басын изеді. Алферов сәкіде ілгері — кейін қозғалып, екі рет күрсініп алды, сонан кейін баяу ғана жүрек кілкітіп ысқыра бастады. Үндемей қалады да, қайтадан бастайды. Он минуттай өтті; кенет жоғарыдан әлдене сырт ете түсті.
— Бұл енді дұрыс, — Ганин мырс етті.
Сол сәтте төбедегі шам жарқ ете түсті де, клетканың гуілдеп тұрған жоғары жағынан сарғылт жарық құйылып қоя берді. Оянған адамдай Алферовтің көзі жыпылық-жыпылық етті. Үстінде көне, шұбатылған, құм түстес жеңіл пальто. Қолында тостаған. Бозаң селдір шашы ұйпаланып қалыпты, інжілдік — жылтыр жүзді сақалы алқызыл түсті, қылдырықтай мойынын ала шарфпен орап алған.
Лифт төртінші алаңқайдың табалдырығына ілініп, шайқалып барып тоқтады.
Тамаша, — Алферов күлімсіреген қалпы есікті ашты... — Жоғарыдан біреу көтерген шығар деп ойладым. Ал мұнда ешкім жоқ. Лев Глебович, жүріңіз; мен сізден кейін.
Бірақ Ганин қабағын шытып, оны жайлап итеріңкіреп алға түсірді де, содан кейін темір есікті салдыр — гүлдір еткізіп өзі шықты. Бұрын соңды ол дәл осылай ызаланған емес.
— Тамаша, — Алферов тағы қайталады, — көтерілдік, ал мұнда ешкім жоқ. Мұнда да бір мән бар...
Бұл орыс пансионы еді, оның үстіне сүйкімсіз болатын. Сүйкімсіз болатын басты себебі күні бойы, түннің біруағына дейін қаланың темір жолынан дүңкілдеген пойыздар ағылып жатады да, содан, бүкіл үй бір жаққа кетіп бара жатқандай болады. Кіре беріске қолғап қоятын сөресі бар күңгірт айна ілінген, оның қасында сандық тұр, абайламасаң тізеңді соғып алуың мүмкін одан әрі жалаңаш тар дәліз басталады. Оның екі жағына есіктеріне ірі қара цифрлар жапсырылған үш-үштен бөлме орналасқан: ол цифрлар — көне күнтізбеден жыртылып алынған, сәуір айының алты күнін білдіретін жай ғана парақшалар еді. Бірінші сәуірді көрсететін бөлмеде — сол жақтағы бірінші есікте — Алферов тұрады, ал келесіде — Ганин, удлини бөлмеде — жиырма жыл бұрын оны Сарептен алып кеп, екі жыл бұрын ми қабынуынан қайтыс болған, неміс коммерсантының жесірі, қожайын әйел Лидия Николаевна Дориннің өзі. Оң жақтағы үш бөлмеде — төртінші мен бесінші, алтыншы сәуірлерде — тұратындар: қарт ресей ақыны Антон Сергеевич Подтягин, сонан кейін көгілдір көзді, аршын төс Клара бикеш, ең соңғы алтыншы бөлмеде — әйелдер секілді күлегеш, ап-арық, мұрындарынан опа кетпейтін, сіңір балтырлы балет бишілері Колин мен Горноцветовтар тұрады. Дәліздің алғашқы бөлігіндегі соңғы есіктің қарсы қабырғасына "Құпия кешкілік" литографиясы, ал басқа қабырғаға бір кезде бүкіл пәтердегі ең таза заттар болған, енді ұлпа шаңнан көмескі тартып кеткен екі хрусталь ваза тұрған жуан буфеттің үстінде бұғының мүйізді сарғылт басы ілінген. Дәліз асханаға тірелген бойда оңға қарай шұғыл бұрылады: одан әрі, қиқы-жиқы үңгірлер ішінде ас үй, қызметшілердің үйшігі, лас ванна, есіктерін Дорн мырзаның бір кезде үстел календарындағы әртүрлі жексенбі күндерін көрсеткен парақшалар жапсырылған, енді олардың алдыңғы сандары түсіп қап, тек екі нөлі ғана ілініп, өзінің ондық мағынасынан біржола айрылған дәретхана бөлмелері орналасқан. Күйеуі дүние салған бір айдан кейін құлағы ауырлау, қияли мінезді, домаланған Лидия Николаевна бұл бос пәтерді жалға алып, мұраға қалған ондағы аз-мұз заттардың бәрін орналастыруда адам үркер айрықша өнер көрсетіп оны пансионға айналдырды. Үстелдер, орындықтар, сықыр-сықыр еткен шкафтар, ойдым-ойдым төсектер бөлме-бөлмеге таратылды да, бір-бірінен бөлініп қалған олар, қаңқасынан жұлынған сүйектер сияқты бірден көмескі тартып тұнжыр, сұрқай түрге енді. Бақа бейнелі темір сауытты, трюм секілді түбі терең жәшігі бар ауыр емен жазу үстелі Алферов тұратын бірінші бөлмеден орын тепті, ал әлгі үстелмен бірге алынған айналмалы табурет жетімсіреген қалпы алтыншы бөлмеде тұратын бишілерге жөнелді. Екі жасыл кресло да екі жаққа кетті: бірі Ганинде сопайып тұрса, көбелек шашақталып біткен екіншісінде қожайын әйелдің өзі отыратын немесе салбыраған құлағының ұшы барқыттай жұмсақ әбден қартайған қаншық тазы жататын. Ал Клараның бөлмесіндегі сөреге тек сән үшін энциклопедияның алғашқы бірнеше томдары қойылған да, қалғандары Подтягиннің нөміріне жайғасыпты. Клараға әлі сыры кете қоймаған жәшігі бар айналы қолжуғыш тиіпті, ал қалған нөмірлерге қаңылтыр құман мен шылапшын қойылған. Дегенмен кереуеттерді сатып алуға тура келді, бұған Дорн ханым қиналудай-ақ қиналды, сараңдықтан емес, әбден құмарлыққа кіргендіктен, басқа жиһаздарды бөлмеде өзінше шалымдылық танытқаннан; енді міне, төсекке келгенде тосылып қалды, өйткені өзі ғана жататын даладай екі адамдық кереуетті аралап бөле алмайсың ғой. Бөлмелерді қалай болса солай өзі жинайды, тамақ істеу қолынан келмегендіктен аспазшы ұстайды, — онысы базардың нағыз дүлейі, нән сары қатын; жұма сайын басына алқызыл қалпағын киіп ап, жұрттың бәрін өзінің іркілдеген ауыр тұлғасына қаратып, солтүстік кварталды қақ жарып кетіп бара жатады. Лидия Николаевна асханаға кіруге қорқады, жалпы ол момақан, үргелек жан болатын. Аяғын жылдам-жылдам басып дәлізбен кетіп бара жатқанда, ондағы тұрғындар осы бір домаланған, ақ шашты, таңқы танау әйелді қожайын деп емес, бөгде пәтерге кіріп кеткен алжыған кемпір деп қабылдауға бейім тұратын. Бейне бір шүберектен құрастырылған қуыршақ сияқты. Ол таңертең тұрған бойда жиһаздар астындағы қоқысты тез-тез сыпырып, сонан кейін осындағы ең шағын өзінің бөлмесіне кіріп ап, ұйпа-тұйпасы шыққан әлдебір неміс кітапшасын оқып, немесе ештеңесін түсінбесе де марқұм күйеуінің қағаздарын аударыстырып отыратын. Бұл бөлмеге тек Подтягин ғана кіріп, қара тазының арқасынан сипап, құлағынан, ақ тұмсығындағы сүйелінен тартқылап, қисық аяғын еріксіз ұмсындырып, сонан кейін Лидия Николаевнаға өзінің қарттығы, жанына бататын дерті туралы, сондай-ақ жиені тұратын, күтірлеген ұзын арзан бөлкелер мен қызыл шарап сатылатын, жарты жылдан бері рұқсат күттіріп қойған Париж туралы әңгіме соғатын. Кемпір басын изеп тыңдап отыратын да, басқа тұрғындар жайлы, әсіресе, пансионға келіп-кетіп жататын басқа орыс жастарына мүлде ұқсамайтын Ганин туралы сұрастыратын. Осында үш ай тұрған Ганин кетуге жинала бастады, тіпті сенбі күні бөлмесін босататынын айтты, бірақ ол бұдан бұрын да әлденеше рет жиналып, әлденеше рет кейінге қалған-ды. Лидия Николаевна жұмсақ мінезді ақыннан Ганиннің сырға таққан қызы бар екенін білді. Мәселенің бәрі осында еді.
Соңғы кезде ол сылбыр, тұйық боп алды. Күні кеше ғана ол жапон акробатынан бес бетер аяқтарын көкке шаншып, бейне бір желкен сияқты қолымен жүретін, тісімен орындықты көтеріп, білем-білем бұлшық еттерімен жіптерді бырт-бырт үзетін. Өзегінде лапылдап от жанып жатқандай, үнемі ол дуалдардан секіріп кеткісі кеп, бағаналарды қозғап жібергісі кеп тұратын. Енді оның бір бұрандасы босап қалғандай, тіпті еңкіш тартып барады; Подтягинге мойындап айтқандай, "қатын сияқты" ұйықтай алмай қор болатын көрінеді. Жексенбіден дүйсенбіге қараған, яғни жиырма минөт бойы мылжың мырзамен бірге тоқтап қалған лифтіден шыққан түні де ол ұйықтай алмады. Дүйсенбі күні таңертең ол тер мен шаң сіңген көйлек, шұлық, шалбарларды бүгін де киюге тура келеді-ау деп, содан адам киімін кигенде соншалықты қораш, соншалықты кісі аярлық қалыпта көрінетін цирк иттері есіне түсіп, екі тізесінің арасына тоңазыған қолдарын жіберіп, жалаңаш ұзақ отырады. Бұл сылбырлық оған қолы бостықтан келіп еді. Қазір оған жанын салып жұмыс істеудің де қажеті жоқ болатын, қыс бойы біраз ақша жинаған, енді қараса, одан тек бар-жоғы екі жүздей марка ғана қалыпты: соңғы үш ай қымбатқа түсті.
Өткен жылы Берлинге келген бойда ол бірден жұмысқа орналасып, қаңтарға дейін тынымсыз еңбек етті: таң сібірлеп келе жатқанда фабрикаға жөнеледі, сонан кейін "Piz Gozoi" мейрамханасында қолына тарелка ұстап үстелдердің арасынан он шақырым бұралаң жол жүгіріп, үйге келгенде аяғы сырқырап жатқызбайды: ол басқа да талай-талай жұмыстардың дәмін татып көрді. Ештеңеден бас тартқан жоқ: көбіміз сияқты ол тіпті көлеңкесін де сатты. Былайша айтқанда, қала сыртында түсірілетін киноға қосалқы әртіс болып та қатысты. Балаған сарайдың ішінде қаптаған зеңбіректер секілді күйіп тұрған гуілдеген фонарлар қосалқы актерлер тобына қадалып тұрады: аппақ тажал жарығындай ол от боялып сырланған адам жүздерін жалындай жалайды... Түсіру аяқталады да, аты-жөні жоқ көлеңкелер дүниені аралап кетеді.
Берлиннен кетіп қалуға қалған ақша да жетер еді. Бірақ ол үшін Людмиламен ат құйрығын кесісу керек. Қалай кеседі — оған басы жетер емес. Қожайын әйелге сенбі күні кетемін деп бір апта бұрын айтып қойса да, Ганин бұл аптада да, келесі аптада да ештеңе шешілмейтінін біліп тұр. Оның жат жерлерге кету аңсары көктем сайын осылай қозып кетеді. Оның терезесі темір жол бетіне қараған. Содан да оның кетем деген ойы бұрынғыдан да өрши түседі. Әр бес минөт сайын дүрсілдеген үннен үй жүріп бара жатқандай болады да, Берлиннің ақ күнін тұмшалаған қара түтін көтеріліп, жайлап жайыла бастайды, содан күйінбей, не бір пышақпен кесіп тастағандай үйлердің қабырғасының арасынан тарылып бара жатқан қияндағы көріністер көзге түседі, ал олардың бәрінің үстінде сүттей сұп-сұр аспан төңкеріліп жатады.
Дәліздің келесі бетіндегі Подтягиннің, Клараның, немесе бишілердің бөлмесінде жатса Ганинге жеңіл болар еді: олардың терезесі көлденеңдеп көкке ілініп тұрған аспалы жол көпірін көрсететін көңілсіз көше жаққа қарағанмен, бірақ ол жақта көңілді арбайтын сұр кеңістік көрінбейді. Ол көпір Ганин терезесінен көрінетін рельстің жалғасы, содан да Ганин әрбір пойыз көзге көрінбестен осы үйді қақ тіліп өтіп жатқандай әсерде болады: міне, ол мына жақтан кіреді де, дүңкілдеген елесі қабырғаларды ығыстырып, итере-митере көне кілемнің үстіне жетіп, қол жуғыштың үстіндегі стақанды қозғап, сонан кейін терезелерді сыңғырлатып шығып бара жатады, — іле-шала қап-қара түтін пайда болады да, міне, үйден шыққан пойыз да көрінді: бұлыңғыр — жасыл вагондар мен басқа жағынан тіркелген тұрқы қысқа паровоздар күйе- күйе кей жерлері опырылып түскен, кей жерлері тозығы жеткен жарнамалардың фрескаларынан шимай-шимай болған үйлердің тұ1йық қабырғалары арасынан вагондарды алыс қиырларға сүйреп бара жатады.
— Кетсем бе екен, — деп аңсары ауа керілген Ганин кенет тұнжырай қалды: Людмиланы не істеймін? Аяқ астынан солбырайып қалғанына өзінің күлкісі келді. Бұрын (қолымен жер тіреп жүргенде немесе қатар тұрған бес орындықтан секіріп кете беретін кезде) ол өзін-өзі басқарып қана қоймай, өзінің ерік күшін қылжақ ететін. Ол ерік күшін жаттықтырып, түн ішінде төсектен өзін зорлап тұрғызып, далаға шығып пошта жәшігіне темекі тұқылын тастайтын. Қазір сол әйелге бұдан былай сүймеймін деп айта алар емес. Yш күн бұрын ол осында бес сағат бойы отырып, кеше, жексенбіде онымен бірге Берлин түбіндегі көлде болды. Түкке тұрмайтын сол сапардан бас тарта алмады. Людмиланың бойынан бір жақсылық көре алар емес: модамен қырқылған шашы да, жұқа сүрмеленген қабағы да, ең бастысы — ашық көкке боялған жып -жылтыр ерні де — бәрі, бәрі де жиіркенішті. Төсектегі механикалық махаббат айқасынан кейін киініп жатып, сүйкімсіз түрге еніп кететін көзін сүзіп тұрып: "Білесің бе, сенің маған деген көңілінің салғырт тартқанын бірден біле қоятын мен сондай сезімталмын" дегенде ол одан сайын жиіркеніп, жан дүниесі аңылжып қоя берді. Ганин ештеңе деместен будақтаған ақ түтін жапқан терезеге бұрылып кетті, сонда ол танауымен мырс етіп мыңқылдаған үнмен "Келе ғой..." дегені. Сонда ол оның созылған қолын күтір-күтір сындырып жібергісі, сонан кейін сабырмен ғана: "Осымен жеңіңді тап, сау бол" дегісі келді. Бірақ олай етпестен жымия түсіп, оның құшағына құлай берді. Ал ол болса өзінің сумаңдаған өткір тырнақтарымен мұның кеудесін тырмалап, сонан кейін бейне бір өкпелеп қалған қыздай, немесе тәлпіш бикештей ернін түртитіп, кірпігін жыпылықтатты. Тіпті оның иіс суының өзінен жағымсыз, әбден тозығы жеткен әлдене сезгендей болды. Ал ол бар болғаны жиырма бес жаста ғана. Ганин ернін оның оймақтай жып-жылы маңдайына тигізгенде ол бәрін де, әтір иісіндей әне жер, мына жерге шұбалтып сүйреп жүретін өтірігін де, балалық бәлдір — батпағын да, жасанды қылықтарын да, өзі еш уақытта оқымаған По мен Бодлер дегендерді есі кеткенше жақсы көретінін де ұмытып кететін, ол тіпті немен арбап алсам деген ойын да, модалы сарғылт шашын да, қоңырқай опасын да естен шығаратын да — бүкіл өзінің әлсіз, адам аярлықтай денесімен шалқалап кеп Ганинге жабыса түсетін.
Ол қысыла-қымтырыла осы бір мән — мағынасыз үздігу — баяғыда сусып өтіп кеткен махаббаттың сарқынды жылылығы — ешқандай өсіп — өшусіз оның резеңкедей созылып-жиырылған ерніне жабысып тұрып та, оның ішкі дүниесінен әлдеқандай бір келеке дауыс: "қазір-ақ оны тулақтай лақтырып тастаса қайтер еді?" деп тұрғанын біледі.
Оның иығына жабысып ап, ентіге, құныға сыбырлап "Айтсаңшы енді, сен мені сүйесің бе?" деген сұрағына, ол күрсініп, үнсіз ғана күлімсіреп, алабұртқан жүзіне қарап ештеңе айта алмады. Бірақ оның жүзінен сол баяғы салқындық пен көлеңке ізін байқап — ол тағы да оны еліктірудің амалдарын — сергектікті, өмірді, поэзияны — іске қосып, бірде қорғансыз қызға, енді бірде еркетотай бикешке айналып құбылып бақты. Ганин тағы да тұнжырап алды, ол есік пен терезе арасында ерсілі-қарсылы теңселіп жүр, ал Людмила қалпағын киіп ап, айна арқылы оны бақылап тұр.
Қара жібек көйлек киген, аршын төсті, қарағанға көз керек Клара бикеш өзінің құрбы қызының Ганинмен болып жүргенін, онымен қоймай екеуінің арасындағы махаббат туралы оның әңгімесін естігенде үн-түнсіз отырып қалатын. Клараның ойынша, мұндай сезімдер, құлпырып та көрінбей, скрипка ішегіндей сыңсымай да жасырын жату керек. Ең сұмдығы сонда, құрбысы темекі түтінін танауынан бұрқ-бұрқ еткізіп, көзін сүзіп, адамның үрейін ұшыратын — араларында не болғанын бәрін жіпке тізіп айтып берген кезде Клара түнімен қорқынышты, ұятты түстер көретін. Сондықтан кейінгі кезде өзгелер үшін майлап қойғандай жылтыр "арман" деп аталатын, бірақ бұл үшін аса қастерлі, аса салтанатты ұғымды құрбысы бүлдіріп кетер деп қауіптеніп, одан қашқақтайтын болды.
Ганиннің қашап жасағандай жүзі, қарашығынан ұшқын шашырап тұратын сұрғылт көзі, қатуланған, немесе ұйып тыңдаған кезде тұтасып, оның есесіне анда-санда аппақ тістерін ақсита күлген сәтте қанаттар секілді көтеріліп кететін мойылдай қалың қасы, бәрі де Клараға қатты ұнайтын да, ол отырғанда не айтып, не қойғанын білмей абдырап, бірде құлағын жауып тұрған толқынды шашын сипаған боп, бірде көйлегінің омырауындағы қатпарларды түзеген боп әлекке түсетін. Ганинмен күніне түскі тамақ кезінде ғана кездесетін, тек бір-ақ рет ол Людмиламен бірге Ганиннің кеш сайын капусталы сосиска немесе салқын шошқа етін жейтін лас сыраханада отырғаны бар. Ал еңсені басып тұратын пансионның асханасында, ол Ганинге қарама қарсы отыратын, өйткені қожайын әйел мұнда да тұрғындарды олардың бөлмелерінің орналасу тәртібіне орай жайғастырғандықтан Клара Подтягин мен Горноцветовтардың, ал Ганин Алферов пен Колиннің арасынан орын тепкен. Шүйкедей ғана, дімкәс, әрі әлжуаз Дорн ханым жұртты бір бүйірінен қарап, үстелдің ең соңғы басында соншалықты бейшара кейіпте, анда-санда әбден опаланып әлденеге бәлсінетін де жүретін бишілермен тіл қатысып отыратын. Құлағының мүкістігінен қысылатын ол барынша аз сөйлейтін де, көбінесе қорбаңдаған Эриканың тарелкаларды дер кезінде алып кеп, алып кетуін қадағалайтын. Содан да оның қып-қысқа әжімді қолы, бейне бір жапырақ құсап, ілулі қоңырауға қалқып көтеріліп, қайтадан төмен қонып тыным таппайды.
Дүйсенбіде, екі жарым шамасында, Ганин асханаға кірген кезде, бәрі жиналып қалған екен. Оны көрген Алферов жайдары күліп, орнынан көтеріле берді, бірақ Ганин, желімдей жабысқақ көршісінен безінгендей, қолын созбастан, тек басын изеп, оның қасындағы орнына жайғасты. Омырауына қыстырып қойған орамалды бір қолымен ұстап тамақты сораптап ішіп отырған мұнтаздай таза қарапайым Подтягин қарт пенснесінің жоғары жағынан Ганинге қарап, неге екені белгісіз бір күрсініп қойып сорпасына қайта шүйілді. Ганин бірде, ақтарылып отырған кезінде, Людмила екеуінің арасындағы шытырман махаббат туралы айтқан-ды, енді сонысына өкініп қалды. Оның сол жағындағы көршісі Колин оған аса бір сақтықпен сорпа құйылған тарелкасын беріп жатып ұрлана көз тастады да, құйтырқылана күлімсіреді. Ганин ыңғайсызданып қалды. Сол екі арада қарсы алдындағы Подтягин айтқан сөзге қарсылық көрсеткен қасындағы Алферовтың қырнап қойғандай даусы шәуілдеп қоя берді.
— Босқа балағаттайсыз, Антон Сергеевич. Мәдениетті ел Біздің жаққа мүлде ұқсамайды.
Подтягиннің денесі жалт ете қап, Ганинге бұрылды.
— Құттықтап қойыңыз, бүгін маған шақыру жіберіпті. Тап қазір орденді лентаны тағып ап президенттің өзіне қонаққа барардай боп отырмын.
Оның даусы сондай жағымды естілді: сабырлы, жұп-жұмсақ, ешқандай екпінсіз, қоңырқай. Толық, жұп-жұмыр жүзді, дәл астындағы ернінің астында ақ бурыл ата сақалы бар, иегі күнге күйгендей қоңырқай да, ал күлкі жүгіргендей әжімдері ақылды көздерінен алыстап барып тоқтаған. Қырынан қарасаң ол ағарып кеткен үлкен теңіз шошқасына ұқсайды.
— Өте қуаныштымын, — деді Ганин — Қашан жүресіз?
Бірақ Алферов қартқа жауап қатуға үлгерткен жоқ, секіріп тұратын үлкен жұтқыншақты, жіп-жіңішке, сарғылт шашты мойнын әдеттегідей бір бұрып қойып:
— Мен сізге осында қалуға кеңес берем. Бұл жердің несі жаман? Бұл жер тіп-тік жол. Франция — бұралаң, біздің Ресей — құйтырқы сызық. Маған осы жер өте ұнайды: жұмыс істеуге де болады, көшесімен де еркін жүресің. Математикалық түрде дәлелдей алам, басқа жерде тұрғыңыз келсе...
— Бірақ мен сізге айтып отырмын ғой, — Подтягин сыпайы ғана болып кетті, — тау-тау қағаздар, табыт-табыт картондар, шеті-шегі жоқ папкілер. Соларды көтере алмай сөрелердің белі қайысып тұр. Полиция шенеунігі менің аты-жөнімді тапқанша сүмектеген қара терге түсті. Сіз көзіңізге елестете алмайсыз (осыны айтқанда Подтягин басын жалбарынғандай шайқап қойды), адам бұл жерден шақыру рұқсатын алу үшін қаншама азап көреді десеңізші. Тек бланктердің қаншасын толтырдым. Бүгін — шақыру қағазын қолыма ұстата салар деп ойладым... Қайдан... Суретке түсуге жіберді, ал сурет кешке ғана дайын болады.
— Өте дұрыс. — Алферов басын изеді, — тәртіпті елде солай болуға тиіс. Бұл жерде Ресейдің былығы жоқ. Сіз, мәселен сыртқы есіктегі жазуға көңіл аудардыңыз ба? "Тек мырзалар үшін". Тамаша ғой. Жалпы айтқанда, біздің еліміз бен осы елдің айырмашылығын былай бейнелеген дұрыс: алдымен құйтырқы сызықты, сонан кейін осы жерді еске алыңыз...
Ганин одан әрі тыңдамастан, қарсы алдындағы Клараға:
— Кеше Людмила Борисовна менен, сіз қызметіңізден оралған бойда маған телефон соқсын деген өтінішімді жеткізіңіз деген еді.
Клара абыржып қалды: "Ол туралы қалай ғана жайбарақат айта салады... Менің білетінімді біледі ғой..."
Әдеп жолымен ол:
— Сіз оны кеше көрдіңіз бе, — деп сұрады.
Ганин таң қала қабағын керді де, тамағын жей берді.
— Мен сіздің геометрияңызды онша түсінбеймін, — деді нанның қабығын бәкісімен баппен тазалап, ұнтағын алақанына түсіріп отырған Подтягин баяу ғана. Қартайған көп ақындардай ол кәдімгі қарапайым логикаға көбірек сүйенетін.
— Неге олай, айдай анық емес пе? — деді Алферов қызбаланып, — ойлап көріңізші...
— Түсінбеймін, — деді Подтягин нықтап, сонан кейін басын сәл шалқайтып жіберді де нан ұнтақтарын аузына салды. Алферов таңданып қолын жайып Ганиннің стақанын құлатып алды.
— Кешіріңіз!..
— Бос, — деді Ганин.
— Сіз математик емессіз, Антон Сергеевич, — Алферов сөзін асығыс — үсігіс жалғастырды.
— Ал мен сан мен цифрлар арасында, әткеншек тепкендей ғұмыр бойы теңселдім. Мен кейде әйеліме айтатынмын: Мен математикпін, ал сен "мать-и-мачехасын" деп.
Горноцветов пен Колин шиқылдап ұзақ күлді. Дорн ханым селк ете түсіп, екеуіне үрейлене қарады.
— Бір сөзбен айтқанда: цифр мен гүл, — деді Ганин қатқыл үнмен. Клара ғана жымиды. Стақанына су құйып жатқан Ганиннің қимылына бәрі де қарап қалды.
— Сіз дұрыс айтасыз, нәзік гүл, — деді даусын созып Алферов, көршілерін алақтаған көзімен бір шолып өтіп.
Оның осы жылдардың азабына төтеп бергеніне таңғалам. Ол мұнда гүлдей құлпырып, көңілді қалыпта келетініне сенімдімін... Антон Сергеевич, сіз — ақынсыз ғой, әйел нәзіктігі, ғажайып орыс әйелінің нәзіктігі кез келген төңкерістерден күшті екенін, қандай бір тауқыметтерден, террорлардан аман өтетінін суреттеп жазыңызшы...
Колин Ганиннің құлағына сыбырлады:
— Міне, ол тағы да... кеше де тек әйелі туралы ғана әңгіме болды...
"Бозымбай-ай, — деп ойлады Ганин Алферовтың селтеңдеген сақалына қарап, — әйелі бір жүрісті әйел болса керек... Мұндай адамның көзіне шөп салмау — күнә..."
— Бүгін — қой еті, — деді кенет Лидия Николаевна тұрғындардың тағамды ықылассыз жеп отырғандарына қарап қатқыл дауыспен. Алферов неге екені белгісіз бір иіліп, жалғастыра берді:
— Қарашығым, мұндай тақырып қолға түсе бермейді. (Подтягин жайлап басын шайқады). Сіз менің әйелімді көрген кезде, менің не айтқым келгенін, түсінесіз... Айтпақшы, ол поэзияны өте жақсы көреді. Пікірлесесіз. Мен тағы да сізге айтамын...
Колин, Алферовқа көзінің қырымен ғана қарап, үстелді тоқылдатып отырды. Горноцветов досының саусақтарына көз салып үнсіз ұзақ күлді.
— Ең бастысы, — деді Алферов тоқтаусыз: — Ресей — бітті ғой. Оны қара тақтаға салынған бет-бейнені дымқыл шүберекпен қалай сүртсе, солай сүртіп тастады...
— Алайда... — Ганин мырс етті.
— Тыңдағым келмейді, Лев Глебович.
— Тыңдағым келмейді, бірақ кедергі жасамаймын, Алексей Иванович.
— Ал сіз не істеу керек дейсіз, — мүмкін...
— Мырзалар, — Подтягин өзінің жұмсақ, сыбырлап шығатын даусымен бөліп жіберді, — саясатты қояйық. Саясат не керек?
— Не болғанда да мына Алферов қателеседі, — Клара кенет сөзге қосылып, шашын жөндеп қойды.
— Сіздің әйеліңіз сенбіде келеді ме? — Колин, үстел басындағылар түгел еститіндей сұрақ қойды, Горноцветов орамалмен аузын басып, мырс етті.
— Сенбіде, — деді Алферов, тарелкедегі тамағын тауыспастан жылжыта салды. Дау күтіп ұшқындап тұрған оның көзі бірден сөніп қалды.
— Сіз білесіз бе, Лидия Николаевна, — деді ол, — кеше біз Глеб Львович екеуміз лифтіде тұрып қалдық.
— Компот, — деді Дорн ханым, — алмұрттың.
Бишілер қарқылдап күлді. Эрика, үстел басында отырғандарды шынтағының сыртымен итере-митере тарелкаларды жинай бастады. Ганин орамалды мұқият орап, шығыршыққа кіргізді де, орнынан тұрды. Тәтті тағамдарға қарамады.
— Әбден іш пысты-ау... — деді өз бөлмесіне кеп, ойға батып. Енді не істеймін? Қыдырып қайтсам ба екен?..
Оның бұл күні де, арман-үміті жоқ, соншалықты солғын, соншалықты талғамсыз өтті. Әрекетсіздік оны езіп барады, ал іс жоқ. Константинопольде ағылшын лейтенантынан бір фунтқа сатып алған көне макинтошының жағасын көтеріп, қалтасына салған қолдарын тастай түйіп, асықпай, баяу ғана қол шатырлардың қара күмбездері жылжып ағып жатқан сәуір айындағы сұрғылт көшені кезіп, пароход қоғамы витринасындағы ғажайып "Мавритания" моделіне, нән картадағы екі құрлықты жалғастырып тұрған қызылды-жасылды жолақтарға ұзақ қарады. Арғы түкпірінде тропикалық тоғайдың суреті көрінеді, — сұрғылт-қоңырқай аспан астындағы шоколад түстес пальмалар.
Ол үлкен терезенің алдында, бір сағаттай кофе ішіп өткен-кеткендерге қарап отырды. Үйге оралған соң, қолына кітап алды, бірақ кітаптағы айтылар әңгіме оған сондай жат, сондай орашолақ болып көрінді де, оның келесі бір сөйлемін аяқтамастан тастай салды. Ол не істеу керектігін шеше алмастан үстел басында қақшиып отырды да қойды: орнынан қозғалу керек пе? Әлде қолын жуу үшін тұрған жөн бе, жоқ әлде терезе ашқаны дұрыс па, ал терезе сыртында бұлыңғыр күн ымыртқа ұласып бара жатты... Осы бір азапты да ауыр көңіл-күй, біздің әдетте ұйқыдан оянған кезде, айқасқан кірпігімізді аша алмай әуреге түсіп, абыржыған сәттерімізге көбірек ұқсайды. Міне, бөлме ішін жайлап толтыра бастаған қою ымырт оны да қалың тұманға айналдырып барады, енді онда ымырттың әзәзілдікті жеңетін күш қалмаған секілді. Оның бойы мүлде қауқарсыз, өйткені онда мақсат та қалмаған еді. Ол, ең алдымен сол мақсатты таба алмай азапқа түсті. Ол өз еркін тіпті қолын созып шамды жағып жіберуге көндіре алар емес. Осы бір түкке алғысыз қимылдың өзін жүзеге асыру ақылға симайтындай қиын боп тұр. Оның осы бір сұрықсыз көңіл-күйін ештеңе селт еткізер емес, ойы үзік-үзік, жүрегі баяу ғана соғады, іш киімі денесіне жабысып қалған. Бірде ол осы бір бұлыңғыр қарым-қатынасты қою керек деп Людмилаға дәл қазір хат жазғысы келсе, енді бірде кешке қарай кинематографияға бару керектігі есіне түседі. Бәрінен де бұған хат жазғаннан гөрі, бүгінгі кездесуден бас тартып телефон соғу әлдеқайда қиын сияқты, өйткені ол алдыңғысын да, кейінгісін де орындай алмайды.
Ол қаншама рет ант-су ішіп, күні ертең ат құйрығын кессем деп, ол үшін тіпті қажетті сөздер де сайлап қойды, бірақ оның қолын қысып қоштасып, баппен бөлмеден шығып бара жатқан ең соңғы минөтті көз алдына елестете алмайды. Осы бір сәт, — бұрылып, шығып кету — ақылға сияр емес. Ол дегеніне жетпей қоймайтын, алатынын алатын адамдардың сойынан еді, бірақ ол бас тартуға, қашып кетуге қабілетсіз болатын. Оның ішкі әлемінде ар-ождан мен аяушылық сезімдері мидай араласып, басқа бір кездерде кез келген әрекетке, кез келген шығармашылық ерлікке дайын осы бір жанның еркін мүлде тұмандандырып жіберіп еді. Әдетте ол кез келген іске, бәрін жеңіп, бәріне жету үшін, қуана, құлшына кірісіп, оны опырып жіберетін.
Людмиламен үш ай бойғы кездесуін біржола кесіп тастау үшін қандай ішкі сілкініс керек екенін білмесе, дәл сол сияқты осы сәтте де орындықтан қалай тұрып кетуді білер емес. Оның осы бір қызық дәурені ұзаққа созылған жоқ, құлай жығылған сол бір сәтте Людмила арбап алатын бұлыңғыр тұман ішінде тұрғандай еді, сол бір сәт, — үстелден тұрып есептесу үшін буфетке баратындай — кәдімгі күйбең тіршілікпен жүрген біздерді, кенет шалқып ойналған музыка сияқты жерден жұлып ап көкке бір-ақ шырқатып жіберген сәттей болған, — ондай сәт біздің үйреншікті қимыл — қозғалысымызды ішкі құйынды биге, ерен де мәңгілік серпіліске айналдырып жібермеуші ме еді.
Ол музыка қараңғы таксомотордың солқылдаған еденінің үстінде, оған Людмила жанымен де тәнімен де берілгеннен кейін-ақ бірден тына қалған, — желкесіне түсіп кеткен қалпағын жөндеп жатқан әйел, терезеден жалт ете түсетін оттар, алдыңғы әйнектен қарауытып көрінетін шофердің тұлғасы.
Енді сол түн ішін құйтырқы алдап-арбаумен есептесіп, сол түнді ешқандай жігерсіз, үнсіз созып, дәл қазір бөлменің бүкіл қуыс-қуысын кілкітіп толтырып алған, жиһаздарды бұлттарға айналдырып жіберген жылжыған көлеңкеге мойынсыну ғана қалды. Ол бейне бір мүлгіген тұманға айналып кеткендей, жансызданып қалған аяғын үстел астына орашолақ созып, маңдайын алақанымен тіреп алыпты.
* * *
Кинематографияда адам көп, қапырық екен. Экраннан әлеміш жарнамалар, рояльдар, көйлектер, иіс сулар музыкасыз, үнсіз ұзақ көрсетілді. Ақырында оркестр ойналып, драма да басталды-ау.
Людмила айрықша көңілді еді. Ол Клараны бірге барайық деп өзі шақырған, өйткені оған Ганиннің ұнайтынын білетін, енді, міне, бір жағынан Клараның алдында онымен ашына екенін бір көрсетіп мақтанудың, екінші жағынан оған да, өзіне де рақат сыйлаудың сәті түсті. Ганиннің сенбі күні кететінін білетіндіктен, Клара келуге уәде берген, солай бола тұра Клараның бір таңғалғаны — Людмила өзін ол жайлы түк білмейтіндей, немесе онымен бірге кететінін жорта айтпай жүргендей ұстайды.
Екеуінің арасында отырған Ганиннің жыны құрысты, өйткені көп-көп әйелдер сияқты Людмила да кино жүріп жатқан кезде Ганиннің тізесінің үстінен құрбысына еңкейіп қайдағы бір әңгімелерді соғады, еңкейген сайын ол жақтырмайтын жағымсыз әтір иісі танауын жарып мүңк ете түседі. Солай бола тұра, картина еліктіріп алып кететін қызықты екен.
— Людмила Борисовна, — деді шыдай алмастан Ганин, — сыбырды доғарыңыз. Артымыздағы неміс ашуланып жатыр.
Ол оған қараңғыда жалт қарап, шалқайып отырды да экранға көз тікті.
— Түк те түсінер емеспін, түкке алғысыз бірдеңе.
— Сыбырласпауыңыз керек еді, — деді Ганин. — Ештеңе түсінбегеніңіз мақтанарлық емес.
Экранда жалт-жұлт еткен шұғыл қозғалыстар өтіп жатыр, кәдімгі өмірде өз еркінен тыс кісі өлтіріп алған примадонна енді операда қылмыскер рөлін ойнап жатыр, сол сорақы оқиғаны есіне алды да, көзі алақандай боп алайып сахнаға етпетінен құлап түсті. Баяу қалқып кеп театр залы көрсетілді, көрермендер қол шапалақтап, естері шығып орындарынан тұрып кетті. Кенет Ганиннің көз алдына әрі бұлыңғыр, әрі өте таныс бір елес тұра қалды. Ол көзді жейтін көгілдір сырмен боялған, қалай болса солай құрастырылған орындықтар мен ложаларды, бейне бір періштелер секілді, түу сонау биікте бір бөренеден екінші бөренеге өтіп, әрі салғырт, әрі марғау қозғалған жұмысшыларды, сондай-ақ картинаның жалпы мазмұнына қатысты түсірілу үшін алып сарайға қамалған бір полк дерлік ресейліктерге қадалған көз қарықтыратын юпитерлерді ойына түсірді. Ол әрі көне, әрі қызық етіп тігілген киім киген жастарды, қызылды-жасылды гримденген әйелдер мен қуғын сүргінге түскен қауқарсыз шалдарды, фонды толтыру үшін ең түкпірге жайғастырылған ажарсыз қыздарды есіне алды. Енді, міне, сол суық сарай экранда мұнтаздай театрға, шыт мата-барқытқа, бейшаралар тобыры — театр көрермендеріне айналыпты. Ол зер сала үңіле қарап сол адамдардың арасынан қол шапалақтап отырған өзін танып жерге кірердей ұялды да, тағы да ешқандай да примадоннасы жоқ, тек әлде бір тақта үстіндегі шамдардың арасында, қолындағы рупорға тамағы жыртылғанша айқайлаған пиджаксыз толық бір сары адамға қарап, бейне бір шын сахна көріп тұрғандай ұмсына қадалып отырғандарын есіне алды.
Ганиннің сыңары да, әне бір тұста, кеудесіне көлденеңінен ақ лента таққан, қара сақалды өте бір сымбатты мырзамен қатар тұрып қол соғып жатыр. Ол кілең, үзіліс кезінде бутербродты бұралақтап соғып алатын осы адаммен қатар тұратын да, сонан кейін, түсіру аяқталған соң фрак үстінен тозыңқы пальтосын киіп, Берлиннің қиян бір шетіндегі, өзі теруші боп істейтін баспаханаға қайтатын.
Ганин осы бір сәтте қысылып-қымтырылуды ғана емес, сонымен бірге адам өмірінің соншалықты өткінші, соншалықты сан алуан екенін ұқты. Экрандағы оның ашаң түрі, жоғарыға қараған атжақты жүзі мен қол соғып жатқан сәті басқа тұлғалардың сұрғылт иірімінде жоғалып кетті де, келесі бір кезекте бүкіл зал кеме құсап бұрылып жүзе жөнелді, енді экран өліп жатқан жас әйелді бейнелейтін әлемге әйгілі едәуір жастағы актрисаны көрсетті... "Не істеп жатқанымызды өзіміз білмейміз", — деп ойлады Ганин, картинаға тіпті де көз салмастан.
Драма мәресіне жақындап қалған кезде Людмила Кларамен тағы да әлдебір тігінші мен мата туралы сыбырласа бастады. Бірнеше минөттен кейін сыртқа беттеген кезде Людмила оған жабыса түсіп: "Ертең сағат екіде телефон соғам, сүйіктім..." деп сыбыр етті.
Ганин мен Клара оны үйіне дейін шығарып сап, пансионға бірге қайтты. Ганин үн-түнсіз, ал Клара сөйлесуге тақырып таба алмай әлекке түсті.
— Сізді сенбі күні жол жүреді деп жүр ғой?
— Білмеймін, ештеңе де білмеймін... — Ганин салқын тіл қатты.
Ол жолай келе жатып, енді оның көлеңкесі бір қаладан екінші қалаға, бір экраннан екінші экранға көшіп жүреді де, еш уақта оны қандай адамдар көретінін, оның бұл жарық дүниеде қанша өмір сүретінін білмейді. Орыстың жоғалған жеті көлеңкесі жатқан, пойыздар дүрсілдеп қақ жарып өтетін, осы бір жабырқаңқы үйге кеп төсегіне жатқан кезде, — адам өмірі дегеніңіз сол бір киноға түсіру сияқты боп көрінді, ештеңеге мән бермейтін қосалқы актер сияқты, қандай картинаға қатысып жатқаныңды білмейсің.
Ганин ұйықтай алар емес; аяғын құмырсқалар шаққандай, жастығы тасқа айналғандай. Түн жарымында, қабырғаның ар жағындағы Алферов көршісі ән салды. Жұқа қабырғадан оның бірде жақындап, бірде алыстап еденді сықырлатып жүргенін естіп Ганиннің жыны келді. Пойыздың дүрсілі күшейген кезде Алферовтың даусы шуға араласып кетеді де, сәлден кейін қалқып шығады: ту-у-у. Ту-ту. Т-у- у.
Ганин шыдай алмады. Шалбарын киіп дәлізге шықты да бірінші нөмірдің есігін жұдырығымен қақты. Теңселіп жүрген Алферов дәл есіктің алдына келген болу керек, есік бірден ашылған кезде, Ганин тіпті селк ете түсті.
— Қош келдіңіз, Лев Глебович, кіріңіз.
Ол көйлек пен дамбалшаң екен, ән салғаннан ба, сары сақалы шамалы ұйпаланып қалыпты, — сұрғылт-көгілдір көзінен көңілділік сезіледі.
— Сіз ән саласыз, — деді Ганин қабағын түйіп, — ал ол мені ұйықтатпайды.
— Табалдырықта тұрмашы. Қарағым, ішке кірші, — асып-сасып қалған Алексей Иванович ебедейсіздеу, бірақ шын ықыласпен Ганиннің белінен құшақтады. — Егер кесір жаласам, ғапу ете көріңіз.
Ганин бөлмеге тартыншақтап барып кірді. Ондағы азғантай ғана дүние астаң-кестең боп жатыр екен. Үлкен жазу үстелінің (дүрбеше бейнесі, сия сауыты бар сол емен үстел) жанында тұруы тиіс екі орындықтың бірі қол жуғыш жаққа кетіп бара жатып шеті қайырылып қалған кілемге тіреліп, орта жолда тұрып қалыпты. Төсектің жанында тұратын басқа орындық, Арараттан құлағандай жайылып жатқан қара пиджактан көрінбейді. Емен үстелдің де, төсектің үстінде де жұқа бір парақтар шашылып жатыр. Ол парақтарға көзі түсіп кеткен Ганиннің байқағаны, олардың беттеріне, жай уақыт өлтіру үшін болса керек, ешқандай техникалық дәлдіксіз қарындашпен чертеждер, дөңгелектер, шаршылар салыныпты. Алферов дамбалшаң. Ал дамбал кез келген еркекті, тіпті Адонис сияқты сымбатты, Бруммель сияқты тіп-тік болса да соншалықты сүйкімсіз етіп жібереді. Ал Алферов сол қалпында астаң-кестең бөлмесін аралап, бірде үстел үстіндегі шамды, енді бірде орындық арқасын ұстап қояды.
— Әйтеуір ақыры маған кіргеніңізге мен өте қуаныштымын, — деді ол, — өзім де ұйықтай алмай жүрмін. Ойлаңызшы, сенбі күні әйелім келеді. Ал ертең сейсенбі. Қарғыс атқыр Ресейде байғұстың қаншама азап шеккенін көзіме елестете алмаймын.
Төсекте шашылып жатқан парақтардың біріне салынған шахмат тапсырмасына қарап тұрған Ганин, кенет басын көтеріп:
— Не дедіңіз?
Келеді, — деді Алферов тырнағымен шертіп қап.
— Ол емес... Ресей туралы не айттыңыз?
Қарғыс атқыр. Немене, дұрыс емес пе?
— Жоқ, дұрыс, — табылған эпитет.
— Eй, Лев Глебович, — Алферов бөлме ортасына тоқтай қалды. — Большевиктерді жамандағаннан түк шықпайды. Сіздерге ол өте қызықты боп көрінгенмен, сіздердің тараптарыңыздан бұл күнә. Бәріміз Ресей құрыды деп ашық мәлімдеме жасайтын уақыт келді. "Құдай көтеруші", бәріміз күткендей, сұрғылт оңбағандар болып шықты, яғни біздің отанымыз біржола су түбіне кетті.
Ганин күлді.
— Әрине, әрине, Алексей Иванович.
Алферов алақанымен жып-жылтыр жүзін сипап өтті де, кенет жайдарлана күлді:
— Неге үйленбей жүрсің, қымбаттым. А?
— Реті келмей жүр, — деді Ганин. — Ол өзі жақсы ма?
— Рахат қой. Менің әйелім — тамаша. Аппақ, көздері жайнап тұр... Жап-жас. Біз он тоғызыншы жылы Полтавада үйленгенбіз, ал жиырмасыншы жылы маған қашуға тура келді; үстелде оның суреті бар, мен сізге көрсетейін.
Ол төменгі үлкен тартпаны тартты.
— Кім болып едіңіз, Алексей Иванович? — деп Ганин әйтеуір жол болсын сұрай салды.
Алферов басын шайқады:
— Есімде жоқ. Адам деген өткен өмірін білуші ме еді, — мүмкін шабақ, немесе құс, бәлкім математика мұғалімі. Ресейдегі менің бұрынғы өмірім уақытша, метафизикалық, немесе қалай еді... басқаша айтқанда, — иә, — метапсихозиялық...
Ганин ашық жәшіктегі суретке немқұрайлы қарады. Ол салдыр-салақтау, ақсиған тісті жас әйелдің суреті еді. Алферов орындығынан асылып қарады да:
— Жоқ, бұл менің әйелім емес, бұл менің қарындасым. Киевте сүзектен өлген. Ақ көңіл, жақсы адам еді...
Ол басқа суретті жылжытты:
— Міне, менің Машенькам, әйелім. Нашар сурет, біздің бақта түсірілген. Ашық түсті көйлек киген — Машенька. Көрмегеніме төрт жыл болды. Бірақ көп өзгере қойды деп ойламаймын. Сенбі дегенің жеткізетін емес... Тоқтаңыз... Лев Глебович, қайда кеттіңіз? Отыра тұрыңызшы!
Ганин, қолын қалтасына салып есікке беттеді.
— Лев Глебович! Сізге не болды? Сізді ренжітіп алдым ба?
Есік тарс жабылды. Алферов бөлме ортасында шошайып тұрып қалды.
— Не болғанда да... қандай топас, — деп күбірледі ол. — Оны соншалықты не шағып алды?
Сол түні, қара жамылғылы қарт кісі ұзыннан ұзақ созылып жатқан бос даңғылдың бойымен, күндегі әдеті бойынша, асфальтті өткір ұшты таяғымен тоқылдатып, тығынды, жай қағазды, темекі қалдықтарын, сондай-ақ сигараның тұқылын іздеп келеді. Анда-санда бұғыдай мөңіреп автомобиль өтеді, немесе бірде-бір қала жүргіншісі байқамайтын құбылыс болады: көкте ақылдан да жүйрік, көз жасынан да тыныш, жұлдыздар ағып түседі. Бірақ үйлердің қара шатырларының үстіндегі, бірінің соңынан бірі құлап қараңғылыққа сіңіп жоғалып жатқан отты жазулар жұлдыздардан да жарық, көңілді еді.
"Қалайша... бұл.. мүмкін..." жазулар отпен сыбырлағандай шыға келеді, ал оларды барқыттай жұмсақ түн сол сәтінде сүртіп тастайды. "Қалайша... бұл..." — көкке өрмелеп шығып қайтадан жазылады.
Тағы да қараңғылық тұмшалады. Ендігі кезекте отты жазулар, әдеттегідей, бірден жоғалып кетпей ұзақ, бес минөт бойы тұрып алды, — электр жарнама бюросы мен фабрикант арасында осындай келісім болған болу керек.
Қараңғыда, үйлердің үстінде, шын мәнінде не ойналып жатқанын сайтан біле ме, ол жарық жарнама ма, жоқ әлде аспанға лақтырылып, соған жауап алып жатқан адам ойы, белгісі, даусы, сұрағы ма?
Соңғы қабақ та жабылған, түннің бір уағында, қап-қара боп жарқырап жатқан теңіз сияқты кең көшемен, орыс кісісі ұйқыны қойып, бас киімсіз, пиджаксыз, көне макинтош жамылып, бейне бір көріпкел құсап көше кезуге шықты, — түннің бір уағында, осы бір кең көшемен — кезбе де емес, әйел де емес, жай жүргінші де емес, — таңғажайыптар мен қылмыстарға толы тас боп бекітілген дүниенің тылсым тіршілігі бір-біріне қарсы ағып бара жатты. Бульвар жанында бес тарантас тұр да, ондағы бес ат түсіне сұлы кіріп қалғып-мүлгиді.
Кейде айналадағының бәрі құбыжыққа, алды-артың құз бен шыңырауға айналып, өмір сүру үрейлі, ал өлім одан да қорқынышты болатын сәттер болады. Жас толы көзімен оттарға қарап, солар арқылы жарқыраған бақыт туралы естелікті есіңе түсіріп түнгі қаламен ұшып бара жатасың да, сол оттардың арасынан қалқып шыққан әйел жүзін көріп, есіңнен адасқандай елтіп тұрған кезіңде сені өтіп бара жатқан әлдеқандай біреу тоқтатып, әлдебір көшеге қалай бару керек деп сұрайды, — ол дауысты енді сен еш уақытта да, ешқашан да естімейсің.
Сейсенбіде кеш оянған ол, аяғының жайлап сырқырап тұрғанын байқап, жастыққа шынтақтап жатып, екі рет әрі мазасыздана, әрі рақаттанған таңданыспен кешегі оқиғаны күрсіне есіне алды.
Таңертеңгі ауа аппақ, жұп-жұмсақ, бұлыңғыр екен. Терезе сыңғыр-сыңғыр етеді.
Ол төсектен атып тұрды да қырынуға кірісті. Бүгін одан бір ләззат алып жатқандай. Кім қырынса, сол адам таңертең бір күнге жасарады. Ал Ганин бүгін тұп-тура тоғыз жылға жасарып кеткендей.
Көбікпен жұмсартылып, қолмен тартылған жүзіндегі өсіп кеткен сақал-мұрты ұстараның болат жүзінің астында сыр-сыр етеді. Ганиннің қырынып тұрғанда қабағы қатыңқылау болды да, сонан кейін құмырадағы салқын суға құйынып жуынғаннан кейін жадырап күлімсіреді. Ол дымқыл шашын желкесіне сәндеп жатқызып, шапшаң киініп, көшеге шықты.
Пансионда түскі тамақ алдында бір-ақ оянатын бишілерден басқа ешкім қалмапты: Алферов кеңсе істерімен шұғылданатын танысына, Подтягин шақыру қағазын алу үшін полицей участогіне кетсе, ал Клара қызметіне кешігіп, апельсин салынған қағаз қапшықты кеудесіне қысып, бұрылыста трамвай күтіп тұр.
Ал Ганин үйдің екінші қабатына көтеріліп, қоңыраудың шығыршығын басты. Есікті ашқанмен, ішкі шынжырын ағытпаған күтуші басын шығарып, Рубанская ханымның әлі ұйықтап жатқанын айтты.
— Не болғанда да мен оны көруім керек, — деді Ганин жайбарақат, сонан кейін қолын созып іштегі шынжырды өзі ағытты.
Сүйекті сұр жүзді күтуші қыз әлдене деп міңгірлеген болды, бірақ Ганин сол бірбеткей қалпында, оны шынтағымен ығыстырып, күңгірттеу дәлізге өтіп, есік қақты.
— Кім ол? — деген қарлығыңқы таңғы дауыс шықты.
— Менмін, аш.
Ол жалаңаяқ топ-топ басып есікке келіп, кілтті бұрап, Ганинге қарамастан төсекке жүгіріп барып, көрпенің астына сүңгіп кетті. Оның жастыққа тығылып күлімсіреп жатқаны, Ганиннің оған жақындағанын қалайтыны тіпті құлағының ұшынан көрініп тұр.
Бірақ ол бөлменің дәл ортасына тоқтады да, макинтошының қалталарындағы ұсақ тиындарды сылдырлатып ұзақ тұрып қалды.
Людмила кенет аударылып түсіп, сықылықтап күліп, жалаңаш арық қолдарын айқара ашты. Жүзі солғын, ісіңкі, сарғылт шаштары үрпиіп тұр.
— Келе ғой, — қолын созған қалпы, көзін жұмды.
Ганин сылдырлатқанын тоқтатты.
— Былай боп тұр, Людмила, — деді ол баяу ғана.
Көзін барынша ашып, ол орынынан көтерілді.
— Не боп қалды?
Ганин оған қадалып қарады да:
— Иә. Мен басқа әйелді сүйеді екем. Сенімен қоштасуға келдім.
Ол кірпіктерін жыпылықтата қағып, ернін тістеді.
— Айтайын дегенім осы, — деді Ганин. — Өкінішті-ақ, бірақ қолдан келер шара жоқ. Біз қазір қоштасамыз. Менің ойымша осылай еткен дұрыс.
Людмила бетін жауып жастыққа етпетінен құлады. Қайып тігілген ашық түсті көрпесі оның балтыр жағынан аппақ түкті кілемге сырғып түсті. Ганин оны көтеріп, жөндеп қойды. Сонан кейін бөлмеде әрі-бері жүрді.
— Күтуші қыз мені кіргізгісі келмеді, — деді ол
Людмила жастыққа басын тығып өліп қалғандай тыпыр етер емес.
— Жалпы айтқанда, — деді Ганин, — ол сондай бір жұғымды да емес. — Енді от жақпаңдар. Көктем келді ғой, — деді сәлден кейін. Есіктен айнаға қарай өтті де, қалпағын киді.
Людмила тыпыр етер емес. Ол сол тұрған жерінен үнсіз қарап тұрды да, жөтелгісі келгендей тамағын қырнап, бөлмеден шықты.
Аяғын жайлап басқан қалпы ол ұзын дәлізден өтіп, есіктен жаңылысты да ванна есігін ашты, одан жүн басқан қол мен арыстаннан шығатын ырылды естіп, шұғыл бұрылды, сонан кейін тағы да, шығар жердегі қола бюстіні шүберекпен ысқылап сүртіп жатқан сүйекті күтуші қызбен кездесіп қап, ақырында соңғы рет тас басқышпен түсіп бара жатты. Алаңқайдағы артқы аулаға қарайтын үлкен терезе рамасы айқара ашық екен, ал аулада қаңғыбас баритон "Стенька Разинді" немісше айқайлап салып тұр.
Сонан кейін көктемнің үнін естіп, терезеге салынған раушан гүлдер мен тоты құс қанаттарын көріп Ганин, өзінің азат болғанын сезінді.
Ол темекісін тартып, көшемен жайлап басып келеді. Күн салқындау екен; ұйпалақтанған ақ бұлттар үйлердің арасынан оған қарсы көтеріліп келеді. Шұғыл жөңкілген бұлттарды көргенде, ол үнемі Ресейді есіне алатын, дәл қазір оны бұлттарсыз-ақ ойына алды: өткен түннен бері ойы сол туралы.
Өткен түнгі оқиға оның жан дүниесін астаң-кестең етіп, оны сонау алыс күндерге бір-ақ лақтырып тастаған еді.
Ол кең сквердегі скамейкаға отырған бойда, оның соңынан қалмай келе жатқан, соншалықты нәзік, соншалықты сергек серіктесі оның дәл аяғының жанына көктемнің сұрғылт көлеңкесі боп жата қалып, сөйлеп кетті.
Енді, Людмила жоғалғаннан кейін, ол оны тыңдауға әзір еді...
Тоғыз жыл бұрын... Жаз, усадьба, сүзек... Сүзектен кейін бой тіктеу қандай қуаныш десеңізші. Ауада толқын жүріп жатқандай болады; әрине, әлі көк етің ептеп ауырады, Петербордан арнайы жіберілген күтуші қыз күн сайын таңертең кеуіп қалған тіліңді портвейнге малып алған мақтамен ысқылап сүртеді. Күтуші қыз бәкене бойлы, омырауы топ-томпақ, шапшаң қимылдайтын қолдары қып-қысқа, одан әдетте оң жақта отырып қалған қыздардан шығатын дымқыл иіс шығады. Ол әзіл-қалжыңды, төртінші жылы соғыстан қалған жапон сөздерін ұнатады. Бұжыр беті кемпірлердікіндей бір-ақ уыс, істік мұрынды, бірақ орамалының астынан бір тал шаш көрінбейтін мұнтаз.
Бейне бір ауада жатқандайсың. Төсек сол жағындағы есіктен сап-сары, сәл ғана иілген ши пердемен бөлінген. Оң жақтағы, жақын бұрышта шағын шкаф: әйнек ішінен жаратқанның қоңырқай бейнесі, балауыз гүлдер, коралл крест. Екі терезе, — бірі дәл қарсысында, бірақ алысырақ: төсек қабырғадан қатты серпіліп алыстағандай, ал қынның басындағы мыс тұтқалар соған шаншылып түсердей, олардың әрқайсысына күн сәулесінің бір-бір тамшысы ілінген. Олар дәл қазір бөлмеден терезеге дейін, одан әрі шұғылалы бұлттар жайғасқан көгілдір маусым аспанына қарай жүзіп кетердей. Оң жақтағы екінші терезе жасыл шатырға қарайды: екінші қабатта жатын бөлме, ал бұл асханасы бар бір қабатты үй шатырының қанаты. Терезе түнемелікке ашпалы қақпақтармен жабылады.
Перде сыртында — басқышқа апаратын есік, одан арғы қабырғада аппақ боп жарқыраған пеш, тұмсығы төмен қараған краны бар қол жуғыш: мыс педальді аяғыңмен басып қалсаң, краннан жіп-жіңішке фонтан атқылап қоя береді. Алдыңғы терезенің оң жағында сықап толтырылған тартпалары бар қызыл ағаштан жасалған сандықша, ал оң жақта — кең диван.
Қабырға қағазы — көгілдір, ақ раушан гүлді. Сандырақтап жатқанда бұл раушан гүлдерден қырынан тұрған адам бейнесін жасайсың, немесе жоғарыдан төмен қарай көзіңді гүлге де, олардың кекіліне де, тоқтатпастан жүгіртіп өтесің де, өрнектер арасынан шығып кететін жол іздейсің, ақыры шығасың да, бірақ қайта оралып тұйыққа тірелесің, сонан кейін жарық лабиринтпен қайта кезе жөнелесің. Төсектің оң жағындағы шкап пен бүйірдегі терезе арасында екі картина ілулі тұр: ыдыстан сүт ішіп жатқан тасбақа қабығынан мысық, өзінің қанатынан жасалынған ұядағы қараторғай. Қасындағы терезе жақтауына, кез келген уақытта бықсыған қара тілін сумаңдатып шыға келуге дайын керосин шамы бекітілген. Тағы да екі картина бар: сандықша үстінде алдына үңіле қадалған бұған қарап, бұл кісі ауыр қайғыға ұшыраған деп ойлады, ал көшеде ол қарсы кездескендерді байқамай қағып кетіп, тіпті көшеде автомобиль астына түсіп қала жаздады.
Ол күйреп қалған дүниені қайта қалпына келтіре бастады. Бірақ әлі біте қоймаған әлемге ол әйелді орналастыруға батылы жетпеді. Оның бейнесі, оның қатысы, оның елесі Ганиннен сол әйелді дүниеге келтіруді талап етті, бірақ Ганин әйелдің бейнесін кейінге қалдыра берді, ол оған біртіндеп, адым соңынан адым жасап барып жақындағысы келді. Жадының жарық лабиринтінде шатысып, адасып қалмас үшін ол өзінің бұрынғы өткен жолынан алға түсіп асығып кетпей, кейде тіпті ұмытылып қалған ұсақ-түйекке дейін қалдырмай, аса сақтықпен, аса ыждаһаттықпен қалпына келтіре бастады. Көктемнің сейсенбісінде Берлинді кезіп жүрген ол, шынында да тәуір боп қалып еді, аяғындағы әлсіздікті сезіне тұра төсектен алғаш тұрып еді. Барлық айнаға қарап шықты. Іш киімдері мен сырт киімдері айрықша таза, кең, аздап тосырқап қалыпты. Ол үй алдындағы алаңқайдан парктің қалыңына алып баратын кең аллеямен жайлап басып жүріп келеді. Әне жер, мына жерде қарағайлардан қою көлеңке құлаған жерлерде төмпешіктер көзге түседі — көртышқандардың ісі. Ол ақ пантелон, қызғылт шұлық киді. Ол паркте, әлі өзі білмейтін сол бір жанды кездестіргісі келді.
Қою жасыл шырша түбіндегі ақ скамейкасы бар аллеяның аяғына дейін жетіп, ол кейін қайтты, алыста, жөкелердің арасынан бақтың алаңқайындағы алқызыл шағыл құм мен веранданың жарқыраған әйнегі көзге түседі.
Күтуші қыз Петерборға қайтты — тарантастан ұзақ уақыт басын шығарып, қысқа қолын қайта-қайта бұлғап, орамалын жел желбіретіп бара жатты. Қуанышты, сергек күндер басталды. Усадьбада қоңыр салқын. Екі аптадан кейін ол есі шыққанша велосипед тепті, кешке қарай малшының баласымен доптаяқ ойнады. Тағы бір аптадан кейін өзі күткен оқиға болды. "Бәрі қайда кетті, — деді Ганин күрсініп. — Қайда сол бақытты шақ пен күн нұры, қайда менің рөлі төмен велосипедім?.. Әлдеқандай бір заңдылық бойынша ештеңе жоғалмайтын көрінеді, материяны жоқ ету мүмкін емес екен, яғни менің велосипедімнің бір бөлшектері әлі бар деген сөз. Бірақ бір өкініштісі, олардың бәрін енді қайтып ешқашан жинай алмайсың. Мен "мәңгілік оралу.,." туралы оқыдым. Егер осы бір қолдағы карта екінші қайтара шықпай қойса қайтпек? Ойлап, ештеңенің түбіне жете алар емеспін... Иә: менімен бірге бәрі де өмірем қаба ма? Мен қазір жат қалада жалғызбын. Маспын. Коньяк пен сырадан басым қырық бөлік. Аяғым еркіме көнер емес. Міне, енді жүрегім тарс жарылады — сонымен менің әлемім де жарылып құриды... Ештеңенің түбіне жете алар емеспін!"
Ол тағы да сол скверге келді, бірақ бұл жолы тым салқын екен, аспан кешке қарай сұр бұлт жамылыпты.
— Төрт күн қалды: сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі. Ал енді өліп кетуім мүмкін...
— Берік бол! — деп күбірледі де қалың қасын түйді. — Жетеді. Қайтатын уақыт болды.
Басқыштың алаңқайында өзіне молырақ келетін пальтоны қолапайсыздау сезініп, ернін дүрдитіп лифтінің құлпына кілтін сала алмай жатқан Алферовпен кездесіп қалды.
— Газет сатып алуға бара жатырмын, Лев Глебович. Қаласаңыз, бірге барайық.
— Рахмет, — деп Ганин өзіне кетті.
Бірақ есіктің тұтқасын ұстап тұрып, тоқтап қалды. Оны әлдене еліктіріп әкетіп еді. Ал Алферовтің лифтіге қалай кіргенін, салдыр-гүлдір етіп төменге жеткенін, есігінің ашылғанын тыңдап тұр.
"Кетті, — деп ернін тістеледі. — А, мейлі... тәуекел етем". Тағдырдың қалауы солай болса керек, бес минөттен кейін Клара келіп, пошта маркасын сұрау үшін, Алферовтің есігін қақты. Есіктің сырланған әйнегінен шамның сарғылт жарығы көрінген, содан да ол Алферов үйінде деп ойлаған.
Алексей Иванович, — деп қаққан бойда, есікті ашып, — сізде...
Ол аузын ашқан бойда тұрып қалды. Жазу үстелінің жанындағы тартпаларды Ганин асығыс ашып жатыр екен. Ол жалт қарап тартпаны жамбасымен итеріп, тіктеліп алды.
— Құдайым-ай, — деп күбір еткен Клара шегініп бара жатты.
Ганин шамды сөндіріп, есікті жауып оған шұғыл жақындады.
Клара алакөлеңке дәліздің қабырғасына жабысып, жұп-жұмыр қолдарын самайына апарып, оған үрейлене қарап тұр.
— Құдайым-ай, — деп қайталады ол күбірлеп, — қалай дәтіңіз барды...
Жай ғана солқ еткен лифт жоғары көтеріліп келеді.
— Қайтып келеді... — деп құпия сыбырлады Ганин.
— Мен сізді сатпаймын, — деді ашына Клара, одан жарқыраған, шыланған көзін алмастан, — бірақ сіздің қалай дәтіңіз барды? Ол сізден бай емес қой.
— Сізге барайық, — деді Ганин күлімсіреп. — Мен сізге түсіндіріп көрейін...
Клара бойын жинап, басын төмен түсіріп, бөлмесіне қарай жүрді. Әтір иісі аңқыған бөлме іші жып-жылы екен, қабырғаға Беклиннің "Өлілер аралының" көшірмесі ілініпті, үстел үстінде Людмиланың суреті.
— Біз кетісіп тындық, — деп Ганин сурет жаққа иегін көтерді. — Егер ол сізге келіп жатса, мені шақырмаңыз. Бәрі бітті.
Клара қара орамалмен тұмшаланып кушеткаға барып отырды да Ганинге қабағының астынан қадала қарады.
— Мұның бәрі ақымақтық, Клара, — деді ол онымен қатар жайғасып, қолын таянып. — Шынымен-ақ мені ақша ұрлап жүр дейсіз ба? Әрине, үстеліне түскенімді Алферов білсе, маған ыңғайсыз-ақ болады.
— Сонда сіз не істедіңіз? Басқа не болуы мүмкін? — деп сыбырлады Клара. — Мен мұны сізден күткен жоқпын, Лев Глебович.
— Сіз қандай қызықсыз, — деп Ганин оның ұясынан шығардай боп жарқырап тұрған алақандай мейірімді көзіне, қара орамалдың астынан бір көтеріліп, бір басылып тұрған иығына қарады.
— Жетер, — деп күлімсіреді ол. — Ал жақсы, мен ұры, сұғанақ бола қояйын. Оған сіз соншалықты неге қиналасыз?
— Құдай үшін, кетіңізші, — деп Клара, басын бұрып алды. Ол күлді де иығын қиқаң еткізді...
Есік жабылғаннан кейін Клара тұншыға ұзақ жылады. Кірпіктерінен мөп-мөлдір боп құйылып, үздіксіз сорғалаған жас солқылдап өксігеннен ісініп кеткен бетін жуып кетіпті.
— Байғұсым-ай, — деп күбірлейді ол, — өмір оны қалай илеп жіберген. Мен оған не айта алам.
Бишілер бөлмесінен қабырғаның тоқылдап қалғаны естілді. Клара сіңбірініп, құлағын тосты. Қабырға тағы тоқылдады, әйелдің қағысы секілді: бұл, сөз жоқ, Колиннің қағысы. Сонан кейін күлкі естілді де, біреу: "Алек, о Алек, қоя ғой енді..." — екі дауыс қатарласа, құмыға шығады.
Клара ертең әдеттегідей, жұмысқа барып, сағат алтыдан тетіктерді ұрғылап, ақ қағаздың бетіне дәндер сияқты әріптер тізетінін, немесе, жұмыс жоқ болса, біреуден сұрап алған әбден тозығы жеткен кітапты оқитынын есіне алды. Ол шай қайнатып, тәбетсіз кешкі асты ішті де, сонан кейін еріне қозғалып, демігіп ұзақ шешінді. Төсекте жатқаннан кейін ол, қапталдағы Подтягиннің бөлмесінен шыққан дауыстарды, біреулердің кіріп шыққанын, кенет гүр ете қалған Ганиннің даусын, Подтягиннің оған күйзеле бірдеңе дегенін естіп жатты. Ол Подтягиннің бүгін тағы да паспортқа барып қайтқанын; өз өмірінің өтіп бара жатқанын, жұмада жиырма алтыға толатынын ойлады. Дауыстар әлі толастар емес. — Клара өзін шайқатылып бір жаққа жүзіп бара жатқан шыңылы үйде жатқандай сезінді. Дәліздің арғы бетінен қатты естілетін пойыздардың дүрсілі, бұл жаққа да жетіп, кереует бейне бір көтеріліп, тербеліп бара жатқандай болды. Оның көз алдына Ганиннің үстелге еңкейген арқасы мен бұрылып жалт қарағандағы ақсиған тісі тұра қалды. Сонан кейін ұйықтап кетті де, түкке арзымайтын түстер көрді: трамвайға мініп кетіп бара жатыр екен, қасында Лодзиде тұратын немере әпкесінен аумайтын бір кемпір немісше тез-тез бірдеңе дейді, енді қараса, ол тіпті де әпкесі емес, Клара жұмысқа кешігіп бара жатып апельсин сатып алатын жайдары саудагер әйел болып шықты.
Сол күні кешке Антон Сергеевичке қонақ келді. Ол сарғыш мұртын ағылшын үлгісімен басқан, байсалды, сыпайы киінген сүртік пен шыбықты шалбарлы қарт мырза болатын. Ганин кірген кезде Подтягин оны сорпамен күтіп жатыр еді. Ауа темекі түтіні түстес көгілдір.
— Ганин мырза, Куницын мырза, — Антон Сергеевич пенснесі жалтылдап, ысылдап-пысылдап, өзінің жұп-жұмсақ қолымен Ганинді ұстап креслоға отырғызды.
— Лев Глебович, бұл менің ежелгі досым, бір кезде маған шпаргалка жазып беретін.
Куницын ақсиып күлді.
— Болғаны болған, — деді әлсіз, қуатсыз дауыспен, — қымбатты Антон Сергеевич, сағат қанша екенін айтып жіберіңізші.
— Қойыңыз, бала — шағаның уақыты, әлі отыруға болады.
Куницын нымшасын жөндеп, орнынан тұрды.
— Әйелім күтіп отыр, жүрейін.
— Ұстауға қақым жоқ, — деп Антон Сергеевич қолын жайып, қырындап пенснесімен қонағына қарады: — Әйеліңізге сәлем айтыңыз. Таныс емеспіз, сонда да құрметімді жеткізерсіз.
— Рахмет, — деді Куницын. — Өте ризамын. Сау боп тұрыңыздар. Пальтомды ауыз үйге тастадым ғой деймін.
— Мен сізді шығарып салам, — деді Подтягин, — кешіріңіз Лев Глебович, қазір келем.
Жалғыз қалған Ганин көне жасыл креслоға еркін жайғасып, ойлы қалыпта күлімсіреді. Қарт ақынға кірген себебі, оның толқынысын түсінетін жалғыз сол ғана болатын. Ол оған — орыс жолдарындағы күннің батар шағы туралы, ақ қайың тоғайы жайлы әңгіме айтқысы келді. Қатты мұқабалы "Әлемдік Иллюстрация" мен "Кескіндеме шолуы" сияқты көне журналдарда да Подтягиннің өлеңдері шығып тұратын.
Антон Сергеевич басын көңілсіз шайқап кайта отырды.
— Мені ренжітті, — деді ол отырып жатып, үстелді қолымен салып қалды. — Қалай ренжітті...
— Не болды? — деді Ганин күлімсіреп.
Антон Сергеевич пенснесін дастарқанның шетімен сүрте бастады.
— Ол маған күдікпен қарайды, міне, әңгіме қайда. Оның жақында маған не айтқанын білесіз бе? Маған келеке еткендей қарап тұрып, — сен — дейді, — жаздың-жаздың ал мен оқығам жоқ. Міне,
Лев Глебович, оның маған айтқаны. Айтыңызшы, осыны кісілік дейсіз бе?
— Ол өзі кім? — деп сұрады Ганин.
— Итім білсін бе. Ақша жасайды. Ол адам, көрдіңіз бе...
— Оның несіне ренжисіз, Антон Сергеевич? Сіз өзіңізше, ол өзінше. Сіз де оны жек көресіз ғой.
— Лев Глебович-ay, — деді Подтягин толқып, — менің оны жек көруім дұрыс қой. Сондай адамның маған ақша ұсынғаны сұмдық емес пе, сұмдық қой... — Ол жұмған қолын ашып, мыжылған ақшаны үстел үстіне лақтырып жіберді. — ... Сұмдығы сол, мен оны алдым. Қараңызшы — жиырма марка, сайтан алғыр.
Қарт әбден шала бүлінді, ернін қымқырып, қырылмаған иегі шошаңдап, толық саусақтары үстелді тоқылдатып кетті. Сонан кейін ол кеселді қырылмен күрсінді де, басын шайқады.
Петька Куницын... Бәрі көз алдымда. Жақсы оқыды, оңбаған. Мұнтаздай боп, сағат тағып жүретін. Сабақ кезінде, қоңырауға дейін қанша минөт қалғанын саусағымен көрсететін. Алғашқы гимназияны медальмен бітірді.
— Ол шақты еске алу сізді дел — сал ететін шығар, — деді Ганин ойлы қалыпта, — жалпы еске алу деген түсініксіз хал ғой, тіпті бірер сағат бұрынғыны, күн сайынғыны, — немесе күн сайынғы еместі — ұсақ-түйекті.
Подтягин оған зер сала, жұмсара қарады.
— Сізге не болған, Лев Глебович? Реңіңізге қан жүгіріпті. Тағы да ғашық боп қалдыңыз ба? Есіңізге әлдене түсіп кетті ме? Пай, қандай әдемі күлімсіредіңіз...
— Мен сізге бостан — бос келгенім жоқ, Антон Сергеевич...
— Мен сізді Куницынмен бірге күттім. Содан үлгі алыңыз. Сіз қалай оқыдыңыз?
— Қалай деуге болады. — Ганин тағы күлімсіреді. — Петербордағы Балашов училищесін білесіз бе? — даусын Подтягиннің үніне жақындатып жалғастыра түсті. — Иә. Ауласы есімде. Футбол ойнайтынбыз. Арка астында отын қалаулы жататын. Добымыз кесілген отынды ұшыратын.
— Біз көбіне доптаяқ пен қарақшы — қазақтарды ойнайтынбыз, — деді Подтягин. — Міне, өмір де өтіп кетті, — деді ол кенет.
— Білесіз бе, Антон Сергеевич, бүгін мен сіздің өлеңіңіз басылатын байырғы журналдарды есіме түсірдім. Және де аққайың тоғайларын.
— Әлі есіңізде ме, — қарт кекесін аралас еліге қарады. — Ақымақпын мен ақымақпын, — сол аққайыңдардың арасынан бүкіл өзімнің өміріме, бүкіл Ресейге қарадым. Қазір, құдайға шүкір, өлеңдер жазбаймын. Бланк толтырғанда "ақын" деп жазудың өзі ұят. Айтпақшы, мен бүгін тағы да ештеңе түсінгем жоқ. Шенеунік тіпті ренжіп қалды. Ертең тағы барам.
Ганин аяғының ұшына қарап, асықпай сөйлеп кетті.
— Мектептің соңғы сыныптарында, жолдастарым менің нақсүйерім бар деп ойлады, нақсүйер болғанда қандай: зиялы әйел Мені сол үшін сыйлайтын. Мен оған шамданғам жоқ, өйткені ол өсекті өзім таратқам.
— Иә, иә — Подтягин басын изеді. — Сізде бір айлакерлік бар, Левушка... Ол жақсы...
— Шын мәнісіне келсек, шыныдай таза болдым. Ол тазалықтан еш уақытта жамандық та көргенім жоқ. Сол құпиямды мақтан тұтатынмын, ақырында тәжірибелі боп шықтым. Шынын айтсам, мен еш уақытта ұялшақ болған емеспін. Жайлы өмір сүрдім. Күте білдім. Ал мені өсекке таңатын жолдастарым "әйел" деген сөз естісе ентіктерін баса алмай қалатын, ал олардың бәрі дерлік беттеріне безеу шыққан, лас, қолдары тершең еді. Мен оларды сол безеулері үшін жек көретінмін. Олар өздерінің жеңіл жүрістері туралы беттері былш етпестен өтірік соғатын.
— Сізден жасырмай-ақ қояйын, — деді Подтягин өзінің жұмсақ даусымен, — мен күтуші әйелмен ауыздандым. Қандай әдемі еді, монтиған, сұр көзді. Есімі Глаша. Сондай да іс болған.
— Мен күттім, — деді Ганин жайлап қана. — Он үш жасымнан он алты жасыма дейін, яғни үш жыл. Он үш жасымда бірде жасырынбақ ойнап, құрдасым екеуміз шкапқа тығылдық. Ол қараңғыда отырып дүниеде ғажап әйелдердің бар екенін, ақша берсең олардың шешінетіндерін айтты. Мен оның айтқанын жөнді ұқпай, "Принистутка" деп жүрдім. Институтка мен принцессаның қойыртпағы. Олардың образы мен үшін аса тартымды, аса сиқырлы боп көрінетін. Әрине, мен қателескенімді тез ұқтым, өйткені Нева даңғылымен қымсыну дегенді білмей жүретін, біздерді, гимназистерді "қарындаштар" деп атайтын ол әйелдер менің көңіліме қона қойған жоқ. Үш жылдан кейін сол мақтан мен тазалықтың жемісін таттым. Ол жазда, деревняда болды.
— Иә, иә, — деді Подтягин. — Оның бәрін мен түсінем. Тек шамалы іс пыстырады. Он алты жас, тоғай, махаббат.
Ганин оған еліге қарады.
— Антон Сергеевич, одан артық не нәрсе жақсы болады?
— Қарағым, менен оны сұрап неғыласың. Мен өмірімді поэзиямен өткіздім, енді өмірді басынан бастау кеш. Кейде мен, болсаң — істің адамы бол, қыдырсаң, қара тастан су шығар деп ойлаймын.
— Ол да болды ғой, — деп мырс етті Ганин.
Подтягин бір сәт ойланып қалды.
— Сіз, Лев Глебович, орыс деревнясы туралы айтыңызшы. Оны сіз әлі көресіз. Ал менің сүйегім осында қалады. Мұнда болмаса, Парижде. Мен бүгін мүжіліп отырмын. Кешіріңіз.
Екеуі де үнсіз қалды. Пойыз өтті. Алыста, тым алыста тоқтаусыз аңыраған паровоздың даусы естілді. Шағылысып тұрған пердесіз терезедегі түн суық мұнартады. Подтягин басын салбыратып, бүгіліп отыр. Қолындағы портсигардың былғары қабын бұлғап қояды. Оның не ойлап отырғанын ешкім айта алмас еді. Ол ой өткен өмір туралы ма? Немесе қарттық, ауру, қайыршылық тіршілік жайында ма, болмаса, паспорт, Париж жөнінде ме, жоқ әлде түкке алғысыз кілемшедегі ою-өрнек хақында ма, немесе салқын сыра ішу туралы ма, — құдайым білсін; бірақ Ганин оның салбыраған үлкен басына, құлағының ұшындағы өскен жүнге, жазушы еңбегінің салдарынан дөңгеленіп кеткен иығына қарап отырып, кенет ауыр мұң сезінді де, орыс жазы туралы да, парктегі соқпақтар жайында да, ең таңғаларлығы кешегі оқиға жөнінде де айтқысы келмей қалды.
— Ал мен кеттім. Жақсы ұйықтаңыз, Антон Сергеевич.
— Қайырлы түн, Левушка, — деді күрсініп Подтягин. — Екеуміз жақсы әңгіме құрдық. Сіз тек Куницыннен ақша алғаным үшін мені жек көре көрмеңіз.
Ең соңғы минөтте, бөлменің табалдырығынан аттар кезде Ганин аялдап:
— Білесіз бе, Антон Сергеевич? Менде жаңа роман басталды. Мен қазір соған барам. Мен өте бақыттымын, — деді.
Подтягин құптағандай басын изеп:
— Иә, иә. Сәлем деңіз. Таныс емеспіз, сонда да сәлем айтыңыз.
Бір кереметі, оны алғаш рет қай жерде көргені есінде жоқ. Бәлкім жасыл шалғын үстінде қойылған саяжайдағы концертте ме. Бәлкім, оған дейін көрді ме екен. Әлгі концерттен бұрын жергілікті солдаттар лазаретінде студент — санитар "сүйкімді де тамаша" бикеш туралы айтқанда, оны әлі көрмесе де, күлкісін, үлкен қара бантын баяғыдан білетін сияқты әсерде болған. Ганин қазір есіне түсіре алмай босқа қиналып отыр: тұңғыш, ең тұңғыш кездесуін көз алдына келтіре алар емес. Оны көрмей тұрып-ақ, оның бейнесін ойша дүниеге келтірген сүзектен тұрғаннан кейінгі рахатқа толы күндерді, ол туралы соншалықты беріле ойлап, оны сарғая күткен болатын, содан да, көп жылдар өткеннен кейін, елес қалпындағы кездесулер мен шын мәніндегі кездесулер бір-бірімен мидай араласып, біріндегі оқиға екіншісіне өтіп, жанданып тұтасып кеткен еді.
Ганин шілденің бір кешінде шығар алаңдағы шиқылдаған темір есікті ашып ымырт құшағына кірді. Осы ымыртта жол жиегіндегі тапталған жердің дөңесі мен ылдиын қуалаған велосипед жеп-жеңіл жүріп келеді. Ол, міне, аттардың пысқыры, тұяқтардың дыбысы шығып тұрған қараңғы ат қораның жанынан өтіп барады. Одан әрі, жолдың екі қапталын мүлгіген ақ қайыңдар көмкерген, ал әне бір тұста, өрт көтеріліп келе жатқандай жұмсақ сәуле құбылады да, оңаша қалған қараңғы алаңқайдағы ғимарат жанында мерекеге келген адамдар емін-еркін қыдырыстап жүр. Ішке сахна құрылып, скамейкалар қойылған, төбеден түскен сәуле бастар мен иықтарға құйылып, көздерге шағылысып құбылады. Керосин иісі шығады. Халық көп жиналыпты: түкпірге мұжықтар мен олардың әйелдері, ортасына саяжайлықтар, алдыңғы қатардағы парктің ақ скамейкаларында шаштары алынып тоқырайып үрпиіскен, селолық лазереттен келген жиырма солдат отыр. Емен бұтақтарымен безендірілген қабырғаларының әр жер — әр жеріндегі саңылаулардан жұлдызды түн мен балалардың қараңдаған сұлбалары көрінеді.
Петербордан келген арық, ат жақты әнші күндей күркірейді; камертонный әр үнін қалт жібермей тұрған мектеп хоры оған қосылып тұр.
Осы бір жарқылдаған ыстықтың, қатпар-қатпар күміс орамалдардың, қағылған кірпіктердің, түнгі самалдан қозғалысқа түсетін жоғарыдағы қара көлеңкелер түріне енетін әуендердің, аузы-мұрнынан шыққанша толы залдың ішіндегі бастар мен иықтардың ортасында — Ганин үшін бір-ақ нәрсе бар: ол көзін тап алдындағы қара бантты, жұмсақ бұйра толқынды сарғылт шашқа қадап алыпты, көзімен ол шашты аялап, сипалап отыр. Күлімдеген албырт көзімен көршісіне бетін бұрған кезде оның албыраған жүзін, татарларға тән отты жанарын, күлген сайын бір тарылып, бір көтерілетін танауының нәзік құбылысын көріп қалды.
Бәрі аяқталып, зауыттың үлкен автомобилі шөптерге сиқырлы жарығын түсіріп, шамы ұйқыдағы ақ қайыңдар мен сайдың үстіндегі көпірді қараңғыдан аршып алып, астаналық бас дауысты әншіні алып жөнелгеннен кейін, шық қонған жоңышқалы алаңды кешкен мерекелі саяжайлықтар қараңғыға сіңіп кеткеннен соң, темекісін сорған сайын жүзі алабұртып көрінетін бір ғана жан қалды, — жападан жалғыз толқып тұрған Ганин велосипедін лыпыта жүргізіп үйіне қайтты.
Үйдің бір қанатындағы шолан мен экономика бөлмесінің ортасындағы ескі үлгідегі бөлменің үлкен терезесі құдық үстіндегі темір бастырманың көлеңкесіндегі қос доңғалақ пен адырайған тамырлары бір-бірімен айқасып, жалаңаштанып сыртқа шығып, қанаты барынша кең жайылып кеткен үш теректің ара-арасымен өтетін ағаш науа жатқан бақтың қараусыз қалған бөлігіне қарайды. Терезеге сурет салынған: әйнектегі түрлі-түсті найзашы өзінің күректей сақалы мен толқын-толқын бұлшық еттерін паш етіп тұр, — ол ауыр барқыт шнурдың жанына ілінген қаңылтыр рефлекторлы май шамның жарығымен тіпті тосын көрінеді: ол шнурды тартып қалсаң сменді креслоның құпия қатпарларына дымқылды сарын, тұншыққан мылқау үн пайда болады. Ганин суретті терезені айқара ашып, терезе алдына жайғасты — барқыт шнур ақырын тербеліп тұр-қара теректердің арасынан көрінетін жұлдызды аспанның сұлулығы сондай, деміңді терең ала бергің келеді. Еменмен қапталған осы бір күңгірт бөлмеде отырған осы бір сәтте ол, нәзік желкесінде қара банты бар сол бикешті еш уақытта да, ешқашан да жақын білмей өтермін деп ойлады да теректер арасындағы бұлбұлдың сайрауын дегбірсіздене күтті, — Ганин осы бір минөтті өзінің өміріндегі ең маңызды, ең мәртебелі сәт деп ұқты.
Оны тағы да дәл қашан көргені — келесі күні ме, жоқ әлде бір аптадан кейін бе — есінде жоқ. Күн батар кездегі кешкі шайға іліну үшін ол велосипедтің мүйізінен мықтап ұстап ап тұп-тура шұғылаға қарай жүріп келеді. Ол кілең, қарағайлы орманмен бөлінген екі деревняның жанынан айналып өтетін, сонан кейін ашық далаға түсетін шоссеге қосылатын, одан әрі бір кезде Рылеев жырлаған Оредеж өзенінің жағасындағы Воскресенск селосына барып тірелетін осы жолды таңдайтын. Бірде қауіпті ормандардың дәл ернеуін жағалап мүлде тарылып кететін, енді бірде алдыңғы дөңгелекті үздіксіз селкілдетіп жіберетін бұлдыр тастардың үстімен, тағы бірде тілім-тілім қатерлі жыралармен жүріп, сонан кейін теп-тегіс қызғылтым түсті кеңістікке шығатын бұл жолды ол, өз денесін қалай білсе солай біледі. Сондықтан да ол ешқандай мүдірместен, абыржымастан бірқалыпты жүріп келеді.
Қарағайлы тоғайдың кедір-бұдырлы діңгектеріне кешкі күннің алтын шұғыласы төгілген. Көрші саяжай бағынан крокет шарларының сақ еткен даусы естіледі; ауызға, көзге шіркейлер кіріп кетеді.
Кейде шосседегі ұсақ тастар үгінділерінің дәл үстінде жападан жалғыз уілдеп тұрған телеграф бағанасының жанына тоқтап, велосипедіне сүйенген қалпы, тек Ресейде ғана кездесетін орманға ұзақ қарап тұрады, оның шұғылаға оранып жатқан батыс бөлігіне жамбастап жатып алған көгілдір бұлттан тарам-тарам боп күн шапақтары құйылып жатады. Ол көкке қарап тұрып, тым-тым алыстағы селодан аңсарыңды оятатын сиырдың мөңірегенін есітеді де, осының бәрі — бәрінің мәнін түсінгісі келеді, — мынау аспан, мынау дала, уілдеген бағана; бәрі-бәрін тап қазір түсіне қалатындай болады, — бірақ кенет осы бір қажытып езіп жіберетін ауыр азапты сәттен басы айналып қоя береді.
Ол оны қашан, қай жерде жолдың бұрылысында ма, мынау оқшау орман тұсында ма, жоқ, келесісінде ме, қайсысында кездестіретінін білген емес. Ол қыз Воскресенскіде тұратын, ол да Ганин сияқты, дәл осы сағатта, дәл осы шапақты марғау кешкілікте қыдырыстауға шыққан еді. Ол оны алыстан көрді де, көкірек тұсы мұп-мұздай болып кетті. Қыз юбкасымен түстес қара-көгілдір нымшасының қалталарына қолын салып, шұғыл басып бара жатты, ал Ганин сыбдырсыз самал жел сияқты, оған жақындап қалғанда, оны арқасына бір қусырылып, бір жазылған көгілдір киімінің қатпарларын, қанаттарын жазып алған қара жібек бантын көрді. Жанынан өтіп бара жатып, бейне бір жүріске беріліп кеткен жандай әлгінде ғана, кездескен кезде оған күлімсіреп қарап сәлемдесемін деп өзіне-өзі сөз берсе де, оның жүзіне бұрылмай тарта берді. Сол бір күндер! ол қыздың есімі айрықша бір әуен, әуезбен айтылатын ерек есім деп ойлады, сөйтсе, сол студент айтып бергендей, есімі бар болғаны Машенька болып шықты, бірақ ол бұған жасып қалған жоқ, — осы бір қарапайым ғана есім, қайта жаңғырып, ғажайып мәнге ие боп шыға келді.
Машенька, Машенька, — деп күбірледі Ганин. — Машенька... — ауаны құныға жұтып, жүрегінің соғысын тыңдап ұзақ тұрды. Түнгі сағат үштің шамасы болды, пойыздар да естілмейді, содан да үйдегі тіршілік тоқтап қалған сияқты. Орындық үстіне тасталған ақ көйлек, қараңғылықта, жалбарынып тұрып, қатып қалған адам секілді көрінеді.
Машенька, — деп тағы қайталаған Ганин, осы бір үш буынды сөзге, бұрын жанында ән сап тұрған — желді де, телеграф сымдарының уілін де, бақытты да — өмірдегі басқа да асыл үндерді де сидырып жібергісі келді. Ол шалқасынан жатып, өткен өмірін тыңдауда. Кенет қабырғаның арғы жағынан әлсіз, бірақ үздіксіз туу... ту... ту-ту... деген үн шықты — Алферов сенбіні күтуде.
Келесі күні таңертең, сәрсенбіде, Эриканың батпандай қолы екінші сәуір нөміріне созылып, еденге ұзынша қызғылт конвертті түсіріп алды. Ганин конверттегі жазудан қиғаш, ірі, өте айқын қолтаңбаны таныды. Марка басы аяғына қаратылып жапсырылыпты, мүйісінде Эрика саусағының майлы ізі қалапты. Конверттен иіс майдың иісі шығады, Ганиннің басында бір ой жылт ете түсті: конвертке иіс май жағу, көшенің арғы бетіне өту үшін етікке әтір себумен бірдей. Ол ұртына ауа толтырып үрлеп жіберді де, ашылмаған хатты қалтасына сүңгітті. Бірер минөттен кейін ол оны қайта алып, қолымен аударыстырып қарады да, үстел үстіне лақтыра салды. Сонан кейін бөлме ішін кезіп кетті.
Пансионның бүкіл есігі ашық. Таңғы жинастырып — сыпырулар үні барлық бөлмелерді дүрсілдетіп жіберетін пойыздардың шуылына жұтылып кеткен. Ертеңгілік үйден шықпайтын Ганин, әдетте қоқысты өзі сыпырып, төсегін өзі жинайды. Екі күн бойы бөлмені жинамағаны есіне түскен ол, апыл-ғұпыл дәлізге шығып сыпырғыш пен шүберек іздеп кетті. Шелек көтеріп келе жатқан Лидия Николаевна оның қасынан жылдам өтіп бара жатып: "Сізге Эрика хат берді ме" деп сұрады.
Ганин үнсіз бас изеп, емен сандық жанында жатқан сыпырғышты алды. Кірер ауыздағы айнадан айқара ашық тұрған Алферов бөлмесінің іші түгел көрініп тұр. Сол бір күн нұры молынан түсіп тұрған бөлме ішіндегі жазу үстеліне көзі түскен ол, алдымен Алферов көрсеткен, сонан кейін аса бір толқыныспен жеке өзі көріп жатқанда Клара үстінен түскен, сол бір суретті қинала есіне алды. Бұл білетін Машенька, дәл сол суреттегідей еді, енді оның жат үстелде жатқанын ойлау азаптың азабы.
Айнадағы сурет тарс жабылды: тышқан жүрісті Лидия Николаевна дәлізде өтіп бара жатып ашық есікті итеріп жіберді.
Ганин сыпырғышын алып бөлмесіне оралды. Үстел үстінде қызғылт дақ жатыр. Ол осы дақ пен айнадан көрінген үстел арқылы оның ойына шабадан түбіндегі қырым браунингімен қатар жатқан қара шиланда сақтаулы басқа да көне хаттар оралды.
Ол ұзынша конвертті үстел үстінен алып, шынтағымен терезені кеңірек ашып, өзінің қайратты саусақтарымен хатты қақ айырып жыртты да, тағы-тағы айырып, қиқаларын, қағаз қыраулар секілді, жарқырап жатқан тұңғиыққа желмен ұшырып жіберді. Бір қиқасы үйіріліп кеп дәл алдына түсті, Ганин одан әбден бүлінген жолдарды оқыған болды.
Ол оны көмірдің, көктем кеңістігінің иісі шығып тұрған тұңғиыққа шертіп ұшырып жіберді де, иығынан жүк түскендей, бөлмені жинауға кірісті.
Сонан кейін ол, көршілерінің бірінен соң бірі түскі тамаққа оралып жатқандарын, Алферовтың күлкісін, Подтягиннің тұмсығының астынан міңгірлегенін есітті. Сәлден кейін Эрика дәлізге шығып көңілсіз қоңырау соқты.
Тамақтануға кетіп бара жатқанда, дәл асхана есігінің алдында Клара басып озды, ол оған үрке қарады. Ганин оған соншалықты елжірей, ажарлана күлді. Клара еріксіз: "Ол, мейлі, ұры болсын, бірақ мұндай адам жоқ" деп шешті. Ганин есік ашты, ол басын бір изеп асханаға кірді. Өзгелер орындарына жайғасып алыпты, ал Лидия Николаевна өзінің семіп бара жатқан қолына нән ожау алып, мұңайған қалыпта сорпа құя бастады.
Подтягиннің бүгін тағы да жолы болмапты. Француздар келуге рұқсат берген, ал немістер жібермей қойған. Оның үстіне оның қалтасында осы жерден шығып кетуге ғана жететін қаржы қалыпты, егер бұл әуре-сарсаң тағы да бір аптаға созылатын болса, ол ақша тамаққа жұмсалып кетеді де, онда Париж көзден бұлбұл ұшады. Сорпа ішіп отырып ол, оны бір бөлімнен екінші бөлімге қалай қуғанын, не керек екенін өзі де түсіндіріп бере алмай қалғанын, ең соңында шаршаңқы, ашушаң шенеуніктің оған айқайлағанын уайым жеп отырып, ащы мысқылмен әңгімелеп берді.
Ганин оған қарап:
— Антон Сергеевич, ертең ол жерге бірге барайық. Қолым бос. Түсінісуге мен көмектесейін.
Ол, шынында да, немісше жақсы білетін.
— Рахмет, — деді Подтягин, оның жүзінен, дәл кешегідей, айрықша ажар көрді. — Әйтпесе, тіпті ұнжырғам түсіп кетті. Екі сағат бойы кезекте тұрдым, ештеңе бітіргем жоқ. Рахмет, Левушка.
— Менің әйелімнің де алдынан осындай машақат шығады, — деді Алферов. Ганиннің тұла бойын бұрын-соңды болмаған, әлдене аралап өтті. Оның, бейне бір сірке суын ішкендей, жүзі алабұрта дуылдап, маңдайы қызып бара жатты.
Түскі тамаққа келе жатып ол, көлеңке-елеске айналып бара жатқан осы бір жандар, оның нағыз өмірі туралы — Машенька туралы сөз қозғайды деп ойламапты. Ол осыдан үш күн бұрын тамақ ішіп отырып білместіктен, басқалармен қосылып Алферовтың әйелін келемеж еткенін қысыла, ұяла есіне түсірді.
— Оның мінезі күрт, — деді осы сәтте Алферов. — Өзін-өзі қорғай алады. Менің әйелім кім-кімнің де бетін қайтарып тастай алады.
Колин мен Горноцветов бір-біріне қарап, шиқылдап күлді... Ганин, ернін тістеп, көзін төмен түсіріп, қолындағы нанды жұмарлап отыр. Ол орнынан тұрып, кеткісі келді де, өзін-өзі тоқтатты. Басын көтеріп, Алферовқа өзін зорлықпен қаратып, селдір сақалды, кеспек мұрынды осы бір адамға Машеньканың қалай тұрмысқа шыққанына таңғалды. Қасында отырған мына еркек Машеньканы ұстағанын, оның ернін, сөзін, күлкісін, қимылын біледі, енді оны күтіп отыр деген ой оның жанын бүріп жібергендей болады да, бірақ Машенька өзінің ең терең, ең асыл ықыласты сезімін күйеуіне емес, маған берген деген басқа ой оны қанаттандырып жібергендей болады.
Тамақтан кейін ол жүріп қайтқысы кеп сыртқа шықты да, автобустың жоғары жағына жайғасты. Төменде көше созылып жатыр. Айнадай жалтырап жатқан асфальтпен ерсілі-қарсылы жұрт ағылуда, автобус шайқалып, гүр ете түсті, — Ганинге көз алдынан өтіп жатқан жат қала, қозғалыстағы кино сияқты боп көрінді. Сонан кейін үйге оралды да, Подтягиннің Клараның нөмірін қағып жатқанын көрді. Подтягин де оған керексіз, кездейсоқ көлеңке сияқты боп кетті.
— Ал анау біздің бала тағы біреуге ғашық болған ғой деймін, — деді Антон Сергеевич есік жақты иегімен нұсқап, Клараның шайын ішіп отырып. — Сізге емес пе?
Ол бұрылып кетті, аршынды төс бір көтеріліп, бір басылды, солай боларына өзі сенер емес; ол өзге біреудің үстеліне түскен Ганиннен шошынып тұр, бірақ солай бола тұра бұл сұрақ оның көңілін сергітті.
— Саған емес пе, Кларочка, — шайын үрлеп, пенснесі арқылы оған көзінің қырымен қарап сұрағын қайталады.
— Ол кеше Людмиламен кетіскен, — деді Клара кенет, Подтягинмен сөйлесуге болатынын сезініп.
— Мен де солай ойлағам, — қарт басын изеп, шайын сораптай түсті. — Реңінің кіріп қалғаны тектен-тек емес. Бұрынғыға — әрі жүр, кейінгіге қош келдің. Есіттіңіз бе, оның маған не айтқанын? Ертең — ол менімен бірге полицияға барады.
— Мен кешке Людмилаға барам, — деді Клара ойланып. — Байғұс-ай. Телефондағы даусы көрден шыққандай.
Подтягин күрсінді.
— Жастықтың ісі ғой. Сіздің құрбыңыз әлі-ақ жұбанады. Оның бәрі дұрыс. Білесің бе, Кларочка, мен көп ұзамай өлем.
— Құдай үшін, Антон Сергеевич! Қайдағыны айтпаңызшы.
— Жоқ, қайдағы емес. Бүгін түнде тағы да қысылдым. Жүрегім, бірде аузыма тығылып — бірде жерге түсіп кетеді...
— Не деп тұрсыз? — деді Клара мазасызданып. — Дәрігер шақыру керек қой...
Подтягин күлімсіреді.
— Қалжың айтам. Мен керісінше, қазір өзімді жеңіл сезініп жүрмін. Қысылу деген не. Егер біз Ресейде болсақ қой, Кларочка, онда сіздің соңыңыздан дәрігер ме, немесе қадірлі бір архитектор ме жүгіріп жүрер еді. Сіз Ресейді сүйесіз бе?
— Өте.
— Иә, иә. Ресейді сүю керек. Біздің эмигранттық махаббатымызсыз Ресей құриды. Ол жақта оны ешкім де сүймейді.
— Мен қазір жиырма алты жастамын, — деді Клара, — таң ала көгімнен машина басам, аптасына бес рет алтыға дейін жұмыс істеймін. Діңкелеп шаршаймын. Берлинде жападан жалғызбын. Қалай ойлайсыз, Антон Сергеевич, бұл өзі ұзаққа созыла ма?
— Қарағым, қайдан білейін, — Подтягин күрсінді. — Айтар ем, бірақ білмеймін ғой. Мен де бұл жерде жұмыс істегем, журнал шығарғам... Енді, міне, жер сипап қалдым. Тек, құдай жол беріп, Парижге жетсем екен. Ондағы өмір еркіндеу ғой. Қалай ойлайсыз, жете алам ба?
— О не дегеніңіз, Антон Сергеевич, әрине. Ертең бәрі дұрыс болады.
— Еркіндеу, бәлкім, арзандау, — деді Подтягин қасықпен шақпақ қант сап, осы бір қант түйірінде орыстың, қар еріп жатқан кездегі көктеміне тән бір қылық көргендей ойланып қалды.
Ганиннің күндері Людмиламен қол үзіскеннен кейін, тұрмыстық тұрғыдан алғанда, қаңырап қалғандай болды, бірақ аңылжыған әрекетсіздіктен арылды. Өткен күндер иірімі оны өзіне тартып алғаны соншалық, тіпті уақытты бағалаудан қалды. Оның елесі Дорн ханымның пансионында- ал шын өзі естелік арқылы Ресейде өмір сүрді. Оның уақыты, бірінен соң бірі келе беретін өткен күндерді еске алуда жатты. Сол бір алыста қалған жылдардағы Машенькамен қарым-қатынасы үш күн, немесе апта емес, одан әлдеқайда көп бола тұра, өзі өмір сүріп жатқан шынайы уақыт пен басқа уақыттың арасынан сәйкессіздік сезінген жоқ, өйткені оның жады қылт еткен әр сәтті тергіштемей, бөстекі, елеусіз нәрселерді аттап өтіп, тек Машенькаға қатысты жерлерді ғана қамтитын, сондықтан да өткен өмір мен бүгінгі өмір арасында ешқандай да айырма қалмады.
Осы уақытқа көшірілген өткен өмір бүгінде Берлиндегі тіршілік арқылы жүріп жатты. Бұл күндері Ганин не істесе де, оны сол өткен өмір жылытты да жүрді.
Ол өткенді еске алу кезеңі Берлиндегі елес өмірге қарағанда — газеттер жазатындай әлдеқайда екпінді, әлдеқайда әрекетті өмір болды. Ол сәт шынайы, нәзік сақтықпен дамитын ғажайып роман еді.
Ресейдің солтүстігіндегі шілде айының соңында ептеп күздің елесі сезіледі. Ақ қайыңның ұсақ сары жапырақтары ұшып кетуге әзір тұрады. Орман ішіндегі орақшылардан аман қалған биік шөптер әлі желмен ауыр теңселіп тұрса да, таужапырақтардың ақшыл-көгілдір көпшіктеріне қонған шіркейлер ұшуларын сиретеді. Бір күні кешке, парктегі күркеде...
Иә. Бұл күрке — екі жағында екі көпірі бар сайдың дәл ернеуіне салынған, тіреуіштері шіри бастаған күрке еді.
Жоғары жағы үш бұрышты терезелері түрлі-түсті шынылы: көгілдір шыныдан қарасаң — әлем айлы түнде қатып қалғандай; сарғыш шыныдан қарасаң — бәрі тұтанып кетердей: қызыл шыныдан қарасаң — аспан алаулап, жапырақтар бургунд шарабына айналардай. Кейбір көздері сынған, ал тікірейіп тұрған шынылар арасын өрмекші ұясы жапқан. Күркенің іші ақталған; қабырғаларды, шалқақ орындықтарды кездейсоқ келімді-кетімді адамдар қарындашпен шимайлап тастаған.
Машенька да мұнда ажарсыздау екі құрбысымен келіп еді. Ганин оны алдымен өзенді бойлап созылған соқпақта қуып жетіп, тым — тым жақындап кеткені сонша, оның екі құрбысы екі жаққа шыңғырып секіріп кетісті. Ол паркті айналып өтті де, алыстан, жапырақтардың арасынан, олардың күркеге кіргендерін көрді. Ол велосипедті ағашқа сүйеп, олардың соңынан кірді.
— Паркте бөгде адамдарға қыдыруға болмайды, — деді ол баяу, қарлығыңқы дауыспен, — кірер жерге ескерту де жазылған.
Ол жауап қатқан жоқ, тек ойнақы жанарымен оған қарап қалыпты. Ол көмескілене бастаған жазуды нұсқап:
— Мынаны жасаған сіздер ме? — деп сұрады.
Жазу мынандай: "Осы күркеде жиырмасыншы маусымда Машенька, Лида мен Нина нөсер күтті".
Үш қыз қатар келді, бұл да күлді, орындыққа отырып, айқасқан аяғын қозғағанда байқады, — қара жібек шұлығы дәл тобығы тұсынан жыртылып кетіпті. Машенька кенет, қызғылт тесікті көрсетіп:
— Қараңызшы, сізде күн шығып тұр, — деді.
Олар нөсер туралы, саяжайшылар туралы, мұның сүзектен ауырып тұрғаны жайлы да, солдаттар лазаретіндегі сайқымазақтау студент туралы да, сарайдағы концертті де қалдырмай әңгіме етті.
Ол сұлу серпінді қасты, қоңырқай жүзді екен; сөйлеген кезде мұрны әнтек желбіреп кетеді де, күле түсіп бір тал шөпті иіскеп қояды; дауысы көкірегінің түкпірінен шыққанмен сергек, еркетотай естіледі, ашық мойынындағы шұқыры нәзік дірілге толып кетеді.
Сонан кейін кешке қарай оны және оның құрбыларын аяғы сынып жамбастап жатқан скамейканың жанынан өтетін, шөп өсіп кеткен жолменен шығарып салып тұрып байыпты түрде:
— Макарондар Италияда өседі. Олардың әлі жетілмеген түрін вермишель дейді. Яғни, тышқанның құрттары, — деді.
Ол ертең оларды түгел қайыққа қыдыртатын болып келісті. Бірақ ол құрбыларынсыз жалғыз келді. Ол айлақтағы қазыққа оралған, ауыр үнмен салдыр-гүлдір еткен шынжырлардан қызыл ағаштан жасалған қайықты босатып, жабулы брезентті сыпырып тастап, жәшіктен ескектерді алып шықты. Жақын маңда су диірмен шлюзінің бірқалыпты дауысы естілді.
Машенька рульге отырып, ол ескекпен тіреп итеріп жағадан шықты да, қара тотықұс көзденген қалың өскен қандыағаштың суреті суға түсіп тұрған, қаракөгілдір шегірткелер секіріп жататын парк жағалауын бойлап баяу жылжып бара жатты. Ганин жасыл балдырларды бұлғақтатып қайықты өзеннің ортасына қарай түзеді, ал Машенька, бұрып отыратын арқанның дымқыл екі ұшын бір қолымен ұстап, екінші қолын суға түсірген. Ескектер сықыр-сықыр етеді; Ганин бірде еңкейіп, бірде шалқайып ескендіктен, оның қарсы алдында отырған көгілдір кофталы Машенька бірде жақындап, бірде алыстап кетеді.
Енді өзенге сол жақтағы жағалаудың бейнесі түсіп тұр, шырша мен мойыл өскен жағалауға адамдардың есімдерін ойып-жазып, тіпті бір жеріне адамның үлкен атжақты жүзін қашап салыпты. Оң жақтағы жағалау жатаған, ара-тұра жолақты ақ қайыңдар көрінеді. Сонан кейін көпір астында дымқыл салқын ауа лап қойды, ал жоғарыдан тұяқтар мен доңғалақтардың ауыр тарсылы естіледі, қайың көпір астынан шыға келгенде, күн сәулесі көз қарықтырып, ескектердің басында жарқ-жұрқ етті. Сонадай жерде аласа көпірден өтіп бара жатқан шөп тиеген арба, сондай-ақ Александр заманында салынған үлкен усадьбаның ақ колонналарын көтерген жасыл еңіс көрінеді. Сонан кейін өзеннің екі жағалауы қалың қылқан жапырақты тоғайға ұласып, қайық жайлап сыр — сыр етіп қамыстың арасына енді.
Ал үйі ештеңе білген жоқ, бір жылға созылған алыста жүріп жатқан соғыстың жеңіл ғана лебі шарпыған жазғы, сүйкімді өмір өтіп жатты. Галереясы мен қосалқы бөлмесі қосылған көне, жасыл-сұрғылт ағаш үй, парктің шетіндегі шынылы екі верандасының түрлі-түсті көзімен айналаға әрі көңілді, әрі байсалды қарайды. Ақ жиһазды қонақ бөлмедегі гүлді дастарқан жайылған үстел үстінде көне журналдардың қалың томдары жатыр, сары паркет еңкейіңкіреп тұрған дөңгелек айнадан жалтырап көрінеді, қабырғадағы дагерротиптер ақ пианиноның сергек даусын тыңдап қапты. Кешке қарай тоқыма қолғапты, көгілдір киімді ұзын бойлы буфетші верандаға жібек абажурлы там алып шықты, Ганин еденінде кілем жататын, баққа алып шығатын басқыштарының тас қабырғалары өсімдікпен көмкерілген осы бір жарық верандада отырып шай ішіп, салқын айран сіміру үшін үйіне оралады.
Ол енді күн сайын Машенькамен өзеннің арғы бетіндегі жасыл жотаның үстіндегі бос қалған ақ усадьба мен бұрынғыдан гөрі кеңірек көрінетін, қараусыз қалған паркте кездесетін болды.
Осы бір бөгде усадьбаның алдында, өзенге төніп тұратын биік алаңқайда, шырша саясының астында, ортасында жаңбыр жауғанда ағып кететін тесігі бар дөңгелек темір үстел мен орындық қойылған. Осы жерден сонау төмендегі — ирелеңдеген өзен мен Воскресенскіге көтерілетін шоссенің арғы жағынан көпір көрінеді. Бұл алаңқай олардың сүйікті орны.
Бірде, құйып өткен нөсерден кейін, күн нұры мол құйылған бір кеште кездескен олар бақтағы үстел үстіне жазылған әдепсіз сөздерді көрді. Деревняның сотқар баласы олардың есімдерін қысқа дөрекі етістікпен сауатсыз жалғастырып қойыпты. Химиялық қарындашпен жазылған ол сөз жаңбырдан жайылыңқырап кетіпті. Қасында бұта сынығы, жапырақтар, құстар саңғырығы...
Бұл үстел олар кездесетін қасиетті орынға айналып кеткендіктен, екеуі шөптермен әлгі жазуды үн-түнсіз сүртіп тастады.
Үстелді сүрткен кезде көк жазудан Машеньканың қолы жидек жинағандай сатал-сатал боп былғанып қалыпты, міне, дәл осы сәтте, Ганин теріс қарап алысқа, әлденеге сүйсіне қарап тұрып Машенькаға оны көптен бері сүйетінін хабар етті.
Сол бір алғашқы махаббат күнінде олардың көп сүйіскендері сондай, Машеньканың ерні ісіп кетті, тіпті бұрымдарының астында қанталаған із қалыпты. Ол соншалықты ерке, соншалықты әзілқой, соншалықты көңілді жүрді. Ән салуды, қылжақ әңгімелерді, сөздер мен өлеңдерді сүйетін. Бір әннен кейін, іле-шала жаңа ән тауып алады. Алғашқы кездесулердің өзінде-ақ ол тілін сәл шайнаңқырап "аяқ-қолын бұғаулап, Ваняны абақтыға тастады" деп қоймастан айтып: "Міне, керемет" деп сықылықтап күлетін. Сол күндері жыра-жыраларда ең соңғы таңқурайлар пісіп жатты; ол оны сондай жақсы көреді екен, жалпы Машенька үнемі — бір тал шөпті, жапырақты, кәмпитті, әйтеуір бірдеңені соратын да жүретін. Бір-біріне жабысып қалатын Ландрин кәмпиті қалтасында толы болатын. "Тагор"деп аталатын әтірі де соншалықты қымбат емес. Күзгі парктің иісімен араласып шығатын сол жұпар иісті Ганин енді есіне қанша түсіргісі келсе де, онысынан түк шығатын емес, өйткені адам жады бәрін қайта түлеткенмен иісті қайта түлете алмайды, бірақ иіс қана өзімен байланысты кез келген өткен оқиғаны толық тудыра алады.
Енді Ганин өткенді есіне алғанды қоя тұрып, қаншама жыл бойы Машеньканы ойға алмастан өмір сүріп келгеніне бір сәтке таңғалып отырды да, оны қайтадан есіне алды: міне, ол қара банты желбіреп қоңырқай соқпақпен жүгіріп барады, — кенет Машенька тоқтай қап, оның иығына сүйеніп тұрды да, аяқ киімін шешіп ап, оны көгілдір юбкасының астындағы екінші аяғының шұлығына сүртіп жатыр.
Ганин, киімшең барып төсек үстіне құлады, айрықша оқыс бұл түсі не жайлы екенін біліп үлгерер еді, егер оны таң алдында күн күркіріндей әлдене оятып жібермесе. Ол, отырған күйі құлақ қойды. Күн күркірі дегені есік сыртындағы түсініксіз қырыл мен сырыл боп шықты: оны біреу тырналап жатты: таңертеңгі тұманнан әрең жылтырап көрініп тұрған тұтқа, есік құлыптанбаса да, бір түсіп, қайта көтерілді. Ганин, қазір болатын сойқанның рақатын алдын ала сезініп, төсектен жылжып түскен, сол қолының жұдырығын түйіп, оң қолымен есікті ашып кеп қалды.
Оның иығына, үлкен мамық қуыршақ құсап, бір адам құлап түсті. Мұндайды күтпеген Ганин оны сәл болмағанда ұрып жібере жаздады, бірақ ол өз аяғында тұра алмаған адам ғана осылай құлап түсетінін тез сезінді. Ол оны қабырғаға сүйеп, шам жақты.
Оның алдында қабырғаға басын сүйеп, ауа жетпей деміккен, жалаңаяқ, омырауы алқам-салқам ұзын көйлек киген Подтягин қарт тұрды. Пенснесіз алайып кеткен көзі түк көрер емес, жүзі жер сияқты боп-боз, қампиған қарны бір көтеріліп, бір басылды.
Қарттың тағы да жүрек ұстамасына ұшырағанын Ганин бірден біле қойды. Ал Подтягин қаңғалақтай басып креслоға жетті де, сылқ етіп отыра кетті. Қара тер жуған жүзін көтеріп алды.
Ганин орамалды құмыраға малып ап, оны қарттың кеудесіне басты. Осы ірі, сіресіп қалған денесіндегі бүкіл сүйектері дәл қазір күтірлеп сынып кетердей.
Кенет Подтягин сырылдаған дем шығарды. Бұл тек дем ғана емес, күтпеген рақатты сәт болды, реңіне де қан жүгірді. Ганин, оның мұнысын құптағандай күлімсіреп, оның денесіне қайта-қайта дымқыл орамалды баса берді.
— Жақсы боп қалды, — деді қарт.
— Еркін отырыңыз, — деді Ганин. — Қазір бәрі басылады.
Подтягин жалаңаяғының башпайларын қозғап, ентіге ыңырсиды.
Ганин оны көрпемен қымтап, су берді, терезені ашыңқырап қойды.
— Дем... жетпей қалды, — Подтягин қинала сөйлеп отыр. — Саған кіре алмадым... әлім жоқ. Жалғыз... өлгім келмеді...
— Қозғалмаңыз, Антон Сергеевич. Қазір таң атады. Доктор шақырамыз.
Подтягин маңдайын ақырын сүртіп, өзіне — өзі келе бастады.
— Өтті — деді ол. — Уақытша болса да, өтті. Дәрім таусылып қалды. Содан да қиналдым.
— Дәрі сатып аламыз. Менің төсегіме жатасыз ба?..
— Жоқ... Шамалы отырам да, өзіме кетем. Өтті. Ал ертең таңертең...
— Жұмаға дейін қоя тұрайық, — деді Ганин. — Шақыру қағазы ешқайда қашпайды.
Подтягин кеуіп қалған ернін ісініп кеткен тілімен жалап:
— Мені Парижде баяғыдан күтіп отыр, Левушка. Ал жиенімнің жолға деп ақша салуға мүмкіндігі жоқ.
Ганин терезе алдындағы тақтайшаға отырды (басына жылт еткен ой келді: "Мен жанында ғана осылай отырғам, бірақ, қайда?" Кенет ойына түсті, — түрлі-түсті күрке ішінде, ақ үстелдің жанында, шұлығым тесік болатын).
— Шамды сөндірші, айналайын, — Подтягин өтіне сұрады. — Көзімді қарып барады. Қараңғылықта бәрі біртүрлі көрінеді: алғашқы пойыздардың шуылы да, креслода отырған осы бір ақ шашты көлеңке де, еденге төгілген жылтырап жатқан су да. Осының бәрі Панин өмір сүріп жатқан мәңгілік болмыстан гөрі әлдеқайда құпия, әлдеқайда бұлыңғыр еді.
Таңертең Колин Горноцветовке шай қайнатып берді. Осы бейсенбіде Горноцветов ертемен труппа жинап жатқан балеринамен кездесу үшін қала сыртына кету керек еді де, сондықтан Колин лас жапон халатын киіп, жалаңаяқ суға салған бәтеңкесін сүйретіп қайнаған су алу үшін асхана жаққа кетті. Оның тәңкиген мұрынды, көгілдір тұңғиық көзді нағыз орысқа тән мыж-мыж ісіңкі, ал таралмаған ұйпа-тұйпа шашы маңдайына түсіп, бәтеңкесінің бос бауы сіркіреп жауған жаңбырдың даусындай еденді сылп-сылп сабалайды. Ол әйел құсап ернін шүршитіп, шәйнекті көтеріп, сонан кейін баяу ғана әлдене деп былдырлады. Горноцветов киініп болғаннан кейін айна алдында алабажақ галстугін тағып, қырынған кезде орылып кеткен безеуі қалың жағылған опа астында қанталап тұрғанын көріп жыны келді. Қоңырқай жүзді оның ұзын қайқы кірпіктері қой көзіне ашық, күнәсіз рең беріп, қысқа шаштары толқындалып тұр, ол көшірлер құсап желке шашын да қырып тастады. Ол да өзінің серіктесі сияқты пәкене бойлы, өте арық, балтырлары сіңірлі, бірақ кеудесі мен иығы қысыңқы еді.
Балқан елдеріндегі орыс кабарелерінің бірінде кездесіп, бір-бірімен достасып кеткен олар тек екі ай бұрын ғана театрлық бақыт іздеп Берлинге келген еді. Ерек түрлері, құбыла қылымсынғандары оларды пансиондағы өзге адамдардан бөлектендіріп тұратын.
Досы кетіп қалғаннан кейін, әлі жиналмаған үйде жалғыз қалған Колин, тырнақ алатын аспап құтысын ашып, бір әуенді ыңылдап айта жүріп, шаруасына кірісті. Ол аса бір бипаз емес еді. Солай Пола тұра тырнақтарына аса мұқият қарайтын.
Бөлмеден тердің ащы иісі шығады; сабынды суда қырынғанда түскен желке шашы жүзіп жүр. Қабырғаларда аяқтарын көтеріп тұрған балет суреттері; үстел үстінде ашылған қалпында қалған желпуіш, оның қасында — кірқожалақ крахмал жаға.
Әбден жарқырағанша тазаланған тырнақтарына сүйсіне қарап қалған Колин, қолын жақсылап жуып, бетін, мойнын жүрек айнытарлық туалет суымен сүртті де, халатын лақтырып тастап, жалаңаш қалпында аяғын ары-бері сүрмелеп, шұғыл киіне бастады. Сонан кейін мұрнын, көзінің үстін опалап, пальтосының сұрғылт түймелерін түгел салып, қолындағы таяқты сәнімен ұстап қыдыруға кетті.
Түскі тамаққа келе жатып ол есік алдында, Подтягинге дәрі алып келе жатқан Ганинді қуып жетті. Қарт өзін жақсы сезінеді, тіпті әлдене жазып, бөлме ішінде әрі-бері жүрген, бірақ Клара Ганинмен ақылдасып, бүгін оны үйден шығармау керек деп шешті.
Ту сыртынан келген Колин Ганиннің қарынан ұстады. Ганин бұрылып қарады:
— А, Колин.. жақсы қыдырдыңыз ба?
— Алек бүгін жүріп кетті — деді Колин, Ганинмен бірге баспалдақпен көтеріліп келе жатып. — Ол ангажемент ала ма, алмай ма деп, көңілім толқулы...
— Иә, иә, — деді Ганин, онымен не туралы сөйлесетінін білмей.
Колин күліп:
— Кеше Алферов тағы да лифтіде тұрып қалды. Енді лифт жұмыс істемейді, — деді.
Ол таяқтың басын басқыштың қанатымен жүргізіп өтті де, Ганинге қосыла күлімсіреп қарап:
— Сіздің бөлмеде отыра тұруға бола ма? Бүгін менің ішім пысып тұрғаны, — деді.
"Іш пысқаннан мені айналдырып жүрме, ағайын", — деп Ганин іштей ызаланды да, пансионның есігін ашып жатып, даусын шығарып:
— Өкінішке орай қазір қолым бос емес. Басқа бір кезде, — деді.
— Өкінішті-ақ, — деді ол Ганиннің соңынан, есікті жауып жатып. Есік жабылар емес, қараса, әлдекімнің созылған қолы қыстырылып, іле-шала берлиндік дауыс гүр ете түсті:
— Бір сәтке, мырзалар.
Ганин мен Колин арттарына қарады. Табалдырықты аттап мұртты, толық пошташы кіріп келеді екен.
— Герр Адферов осында тұра ма?
— Сол жақтағы бірінші есік, — деді Ганин.
— Рахмет, — деп әуездетіп сөйлеген пошташы, нұсқаған есікті тоқылдатты.
Бұл жеделхат еді.
— Не боп қалды? Не боп қалды? Не боп қалды? — деді қалтырап күбірлеген Алферов, дірілдеген қолымен оны ашып жатып. Толқып кеткені сонша, қисық-қыңыр әріптердің жапсырылған ақшыл лентасын бірден оқи алмады: "pziedu su subbou 8 utza". Алферов кенет түсініп, күрсінді де шоқынып алды.
— Құдай қалап... Келеді.
Шаттана күліп, өзінің сүйекті санын сипалап, төсегіне отырып, шалқайып-еңкейіп теңселіп кетті. Оның сұрғылт-көгілдір көзі жыпылық-жыпылық етіп, сарғылт сақалы күн нұрымен шағылысып жалт-жұлт етеді.
— Зергут, — деп күбірледі ол. — Арғы күні — сенбі зергут. Етігімнің түрін қара!.. Машенька таңғалатын болды. Ештеңе етпес, бірдеңе етерміз. Арзандау пәтер жалдаймыз. Ол өзі шешсін. Ал әзірше осында тұрамыз. Бөлмелердің арасында есік болғаны қандай жақсы.
Шамалыдан кейін ол дәлізге шығып, көршісінің нөмірін қақты.
Ганин бүгін маған неге тыным бермей кетті деп ойлады.
— Глеб Львович, — деп бастады Алферов, көзімен бөлмені бір шолып өтіп, — қашан жүріп кетпекшісіз?
Ганин оған шамдана қарады:
— Менің есімім Лев. Есіңізге тұтып алыңыз.
— Сенбі кетесіз ғой? — деп Алферов, ойын сабақтап тұр: "Төсек басқаша қойылады. Шкапты кірер есіктен алыстату керек..."
— Иә, кетемін, — деп Ганин, тамақ үстіндегідей ыңғайсыздық сезінді.
— Міне, тамаша болды, — деп Алферов тағатсыздана іліп әкетті. — Мазаңызды алғаным үшін кешіріңіз, Глеб Львович.
Көзімен соңғы рет бөлме ішін шолып өтіп, есікті тарс жауып, шығып кетті.
— Ақымақ... — деп күбірледі Ганин. — Сайтан алғыр. Мен осы жаңа не туралы ойлап отыр ем... Ә, иә... түн, жаңбыр, ақ колонкалар.
— Лидия Николаевна! Лидия Николаевна! — деген Алферовтың жуан даусы шықты.
"Мазаны кетіріп бітті, — Ганин ызаланып жатыр. — Бұл жерде бүгін түстенбеймін. Жетеді".
Көгілдір түсті көше асфальті жалтырап жатыр; күн автомобиль доңғалақтарында оратылып барады. Қабақ жанында гараж бар; қақпасының арғы түкпірі үңірейіп көрінеді, карбид иісі шығады. Осы бір кездейсоқ иіс Ганиннің есіне орыстың жаңбырлы тамыз айын, бақытты шағын түсіріп тұр.
Ол жарығы мол усадьбадан сыбдыры көп ымыртқа шығып, велосипедтің жұмсақ шамын жақты, — әлгінде карбидтің иісін кездейсоқ иіскеп қалғанда бәрі де есіне сарт ете түсті: балтырын, велосипед доңғалағын сабалап жататын ылғалды шөп, қараңғылыққа қадалып тұратын сүт түстес жарық арқылы бірде беті әжімденіп жататын шалшық, бірде жалт ете түсетін тастар, бірде көпір тақталарын жапқан қи, бірде өткен сайын акацияның дымқыл жапырағына иығын сипатып алатын айналмалы калитка көрінеді.
Сол кезде велосипед шамының нәзік ақшыл жарығы мүлгіген ақ колонналарды қараңғылықтан жуып алады, біреудің тастап кеткен усадьбасының алты колонналы жабық бастырмасының астында оны әтір мен су болған киімнің араласқан иісі күтіп алған еді, — сол бір күзгі, сол бір жаңбырлы сүйістің ұзақ және терең болғаны сонша, көпке дейін көзінің алдынан дөңгелеп дірілдеген жарық ноқаттар кетпей қойды, жаңбыр шуы бұрынғыдан да молайып, бұрынғыдан да ұлғайып кеткендей болып еді. Ол дымқыл саусақтарымен шыны қалпағын ашып, отын өшірді. Қараңғыдан соққан жел су бүркіп ауыр демігеді. Қасына отырған Машенька оның самайын салқын алақанымен сипап отыр, қараңғыда ол суға малшынған бантының түйіні мен күлімсіреген көзінің ұшқынын байқап отыр.
Қалың қараңғылықта есік алдындағы жөкелерді сабалап жауған жаңбырдың серпінділігі сондай, сынып кетпесін деп темір қауырсындармен тіреп қойған діңгектер сықыр-сықыр етеді. Күзгі түн шуылының астында ол оның кофтасының түймелерін ағытып жатып, жұп-жұмыр иығын сүйді. Машенька үн-түнсіз, — тек көзі ғана ұшқын шашады, — ылғалды түнгі желден ашық омырауы ғана сәл тоңази бастағандай. Олар сирек тіл қатысады, қараңғыда сөзге орын қалмағандай. Ол сағатты қарау үшін сіріңке тұтатқанда, Машенька көзін сығырайтып, бетіне құлаған шашын кейін серпіп тастады. Ол бір қолымен оны құшақтап, бір қолымен велосипедті итеріп келеді, — енді сіркіреп жауған жаңбыр астында келе жатқан оларда үн жоқ, көпірге соқпақпен төмен құлдилап кеп, бейне бір ұзақ уақыт бірін-бірі көрмейтіндей қимастан зорға қоштасты.
Оқу жылының басындағы, Петерборға жүрер қарсаңындағы сол бір тасқынды қараңғы түнде, сол колонналар арасында онымен соңғы рет кездескенінде күтпеген, үрейлі, бәлкім болашақ бүкіл зымияндықтардың белгісіндей оқиға болды. Сол түні жаңбыр бұрынғыдан да шулы, кездесулері бұрынғыдан да ыстық болып еді. Кенет Машенька шыңғырып жіберіп, басқыш қанатынан секіріп кетті. Сіріңке жаққан Ганин, шығар есікке қарайтын терезелердің бірінің қақпағы ашық екенін, әйнекке жабысып тұрғандықтан мұрны жапырайып кеткен адамның жүзін байқап қалды. Ол шұғыл тайқып кетті, бірақ екеуі де оның сары шашы мен дүрдиген аузынан, оларға парктің аллеясында талай рет кездескен, жасы жиырмалар шамасындағы әрі ұрысқақ, әрі қатынқұмар күзетшінің баласы екенін таныды. Ганин терезеге жындай атылып, арқасымен шынының күл-талқанын шығарып тастай қараңғылыққа секіріп бара жатып, біреудің қуатты кеудесіне соғылды, қатты соққы әлгі адамды ұшырып жіберді. Келесі бір сәтте олар бір-бірімен ұстасып, еден үстінде, ораулы жиһаздарға соғыла-моғыла, бірінің үстіне бірі шығып алысып жатты, Ганин бір кезде оң қолын босатып ап, кенет астына түскен оның дымқыл бетіне тастай жұдырығымен салып-салып жіберді. Еденге жаншылып жатқан қайратты дене тек сонда ғана босап, ыңырси бастады. Ол ауыр дем алып, қараңғылықта жұмсақ мүйістерге соғылып, терезеге жетіп, сыртқа шығып, қорыққанынан солқылдап жылап тұрған Машеньканы тауып алды, — сонда ғана байқады, аузынан жып-жылы, темір татитын әлдене ағып тұр екен, қолын әйнек сынықтары сойып кетіпті. Таңертең ол Петерборға жүріп кетті — стансаға баратын жолда жұмсақ солқылдаған каретаның терезесінен құрбыларымен бірге шоссенің бойымен бара жатқан Машеньканы көрді. Қара терімен қапталған қабырға оны көрсетпей жіберді, оның үстіне каретада ол жалғыз емес еді, сондықтан артқы дөңгелек терезеден қарауға батылы жетпеді.
Осы бір тамыздың соңғы күні тағдыр оған алдын ала Машенькамен ажырасуды, Ресеймен қош айтысуды жазды.
Бұл сынақты байқап көру, құпия сырға қанығу болды; әсіресе лапылдап тұрған шетендердің бірінен соң бірі сұрғылт қоймалжыңға сіңіп жоғалып жатты, сондықтан да бұл алқапты, бұл алып тасты, бұл телеграф бағаналарын көктемде тағы да көрем деу мүмкін еместей.
Петербордағы үйі, түлеп жаңарғандай таза, жарық, әдемі болып кеткендей. Әдетте, деревнядан қайтып келгенде ол кілең солай көрінеді. Оқу басталды — ол жетінші сыныпта, қалай болса солай оқыды. Алғашқы қар да түсті, шойын қоршаулар, мүлгіген аттардың жондары, баржадағы ағаштар ақ түбітке оранып алды.
Тек қарашада ғана Машенька Петерборға келіп орналасты. Олар — Чайковский операсында Лиза апат болатын арқа астында кездесті. Күңгірт шыны сияқты ауада қалқып жапалақтап қар жауып тұрды. Петербордағы алғашқы кездесуде, бәлкім, қалпақ пен тон киіп келгендіктен бе, ол шамалы бөгделеу болып көрінді. Сол күннен бастап олардың жаңа-ақ қарлы — махаббат дәуірі басталды. Кездесу қиынға соқты, аязда ұзақ қыдыру тым ауыр болды, мұражайлар мен кинематографияда онша жылы орын табу тіпті мүмкін емес еді, — содан болса керек олар бос күндері бір-біріне жазған хаттарында олардың бірі Ағылшын, екіншісі Керуен жағалауында тұратын парктегі соқпақтар туралы, жапырақ жауып тұрған шаң жайында, аса қымбат, енді қайтып оралмайтын кезең хақында сыр ақтарысатын: әлде, махаббаттарын сынаққа салды, әлде, нағыз бақытты шақтары өтіп кеткенін мойындады. Кешке қарай олар бір-біріне телефон соғады, — хаттарды алған алмағанын және қай жерде кездесетіндерін білу үшін: оның еркетотайлау сөйлеу мәнері телефонда тіпті әдемі шығады, ол өлең оқып, сықылықтап күледі, телефон тұтқасын кеудесіне басады, сол кезде Ганин оның жүрек соғысын естігендей болады.
Олар сағаттар бойы сөйлесетін.
Сол қыста Машенька, өзін толығырақ етіп көрсететін сұр тон мен үйде киетін жүн сүйретпесінің сыртынан сұға салған былғары етікпен жүрді. Ол еш уақытта оның суық тигізіп алғанын да, тіпті тоңғанын да көрген емес. Қайта аяз бен борасын оны бұрынғыдан жандандырып жіберетін, сүйектен өтетін суық жел өтінде ол оның иығын талай рет жалаңаштады, қонған ұшқындар оны қытықтап, дымқыл кірпіктері арасынан күле түсіп, оның басын кеудесіне басқан кезде қаракөл бөркінен оның кеудесіне қар құйылып кететін.
Жел өтіндегі, аяз астындағы ол кездесулер, Машенькадан гөрі мұны көбірек қинайтын. Ол мұндай жетілмеген кездесулерден махаббат ұсақталып, мәнін жоғалта беретінін сезінді. Кез келген махаббат оңашалықты, баспананы қажет етеді, ал оларда баспана болған жоқ. Олардың отбасы бір-бірін білген жоқ; бұл құпия алғашқы кезде жақсы болғанмен бара-бара олардың аяғына оралғы болды. Ол, егер Машенька, ең болмағанда арзанқол нөмірлерде оның нақсүйері болса, қалғанының бәрі орнына келеді деп ойлады, — ындын-ынтығынан туған бұл ой бөлек өмір сүрді, бірақ ол ынтықтық та барған сайын әлсіреп бара жатты.
Олар осылай деревняны еске aп, келер жылғы жазды армандап, кейде сөзге кеп қап, кейде қызғанып, бір-бірінің қолын қысып жылытып қыс бойы қыдырыстады, — жаңа жылдың басында Машеньканы Мәскеуге алып кетті.
Ең түсініксізі, осы ажырасудан кейін Ганиннің иығынан жүк түскендей болды.
Жазға қарай оның Петербор маңындағы саяжайға қайтып оралатынын білді, алғашқы кезде оны көп ойлады, келер жазды, жаңа кездесулерді қиялдап, бұрынғыдай шабытты хаттар жазды, сонан кейін хаттар біртіндеп сирексіді де, өзі маусымда саяжайға қоныс аударғаннан кейін, мүлде жазуды доғарды. Бұл күндері ол күйеуі Голыцинде соғысқан сән-салтанаты келіскен әдемі, аққұба әйелмен көңіл жарастырып, артынша кетісіп те үлгерген еді.
Машенька қайта оралды.
Даусы алыстан, талып естіледі, телефон теңіз ұлу тасының ішіндей уілге толып кетті, артынша басқа біреумен сөйлесіп жатқан бөгде бір дауыстар қыстырылды: саяжайдағы телефон тұтқамен айналатын көне болатын, — Машенькамен екеуінің арасында елу шақырымдық қалың тұман жатты.
— Мен келем, — Ганин тұтқаға айқайлап тұр. — Мен келем дедім ғой. Велосипедке екі сағаттық жол.
— ..Воскресенскіні қажет етпейді. Тыңдап тұрсың ба? Папам енді бұдан былай Воскресенскіден саяжай алғысы келмейді. Саған бұл жерге дейін әлі...
— Аяқ киім алып келуді ұмытпаңдар, — дейді ортадан қосылған дауыс салғырт қана.
Машеньканың даусы тағы да қырылдап — сырылдап дүние төңкеріліп кеткен телескоп сияқты боп кетті. Ақырында мүлде естілмей қалғаннан кейін, Ганин қабырғаға сүйеніп тұрып, құлағының ұшы өртеніп бара жатқанын сезінді.
Ол омырауы ашық көйлегін, футбол формасымен, резеңке аяқ киімімен сағат үштер шамасында жолға шықты. Жел арт жағынан соғып, шосседе шашылып жататын өткір тастардың ара-арасымен, шапшаң жүріп келе жатып, еткен маусымда, әлі таныспаған кезде, Машеньканың жанынан қалай зу етіп өткенін есіне алды.
Он бес шақырымды өткенде оның артқы дөңгелегі жарылып кетті де, оны жолдың шетінде отырып, ұзақ жамады. Шоссенің екі жағындағы алқапта бозторғайлар шырылдайды; байғыз көзілдірікті екі офицер мінген автомобиль шаңға көміп өте шықты. Жамалған дөңгелегіне жел толтырып, бір сағатын жоғалтып, ол тағы да жолға шықты. Сонан кейін, мұжықтың көрсетуімен, шосседен шығып, орман арасындағы соқпақпен кетті. Басқа жолға түсіп кетті, дұрыс бағыт алғанша, ұзақ шиырлады. Ол деревняға тоқтап, дем алып, тамақтанып жолға шыққанда әлі он екі шақырым бар еді. Өткір тасты басып кетіп тағы да артқы дөңгелегі жарылды.
Машенька тұратын саяжайлар қалашығына жеткен кезде, қараңғы да түскен еді. Ол оны, келіскендеріндей, парктің аузында күтіп тұр екен, ол енді оның келуінен үміт үзе бастаған еді, өйткені ол сағат алтыдан бері күтіп тұрған. Оны көріп, Машенька толқынысын жасыра алмай, шегініп қап, құлап қала жаздады. Үстіне Ганин көрмеген кең кеуделі көйлек киіпті. Банты жоқ, содан да, оның әдемі басы кішірейіп кеткендей. Жып-жинақы шашына гүл қыстырып алыпты.
Осы бір тосын, қараңғылық ұйытып келе жатқан үлкен қалалық парктегі ымыртта, мүк басқан тас плитканың үстінде ол оған бұрынғыдан да қатты ғашық боп, ол одан, мүлде қол үзердей, қашықтай да бастап еді.
Олар алдымен баяу, сыбырласа сөйлесті, — көріспегендеріне көп болғаны туралы, мүк үстіндегі алтын қоңыздың құйтақандай бағдаршамға ұқсайтыны туралы айтылды. Оның сиқырлы татар көздері сондай жақын жерден жүзін аймалап, ақ көйлегі қараңғыда арбап, — құдайым-ау, оның иісін айтсаңшы, сиқырлы, әлемде жоқ...
— Мен сендікпін, — деді Машенька. — Не істесең де еркің.
Ол үн — түнсіз, жүрегі алып-ұшып, оған төне түсіп, қолымен оның жұп-жұмсақ балтырын сипалады. Бірақ паркте біртүрлі сыбдырлар естіліп, бұталардың арасынан біреу келе жатқандай болды; тас плита да тізесіне қатты, суық боп батып тұр; Машенька бәріне көніп сұлық жатыр.
Ол тына қалды да ыңғайсыздана күлімсіреді.
— Біреу келе жатқандай, — деп ол орынан тұрды.
Машенька күрсініп, көйлегін түзеп, ол да тұрып кетті.
Содан кейін олар ай сәулесімен жарқыраған жолмен қақпаға қарай беттеп бара жатқанда Машенька шөптердің арасынан алтын қоңызды көтеріп алды. Ол оны алақанына сап, оған үңіле қарап тұрды да, кенет сықылықтап күліп, деревнялық мәнерге сап "жалпы салқын құрт" деді.
Ал бұл кезде шаршап, өзіне көңілі толмай, жеңіл көйлектен тоңазып қалған Ганин, бәрі бітті, Машеньканы сүймеймін деп ойлап келе жатты, — бірнеше минөттен кейін ол ай жарығымен шоссенің сұрғылт жолағы бойымен үйіне қайтып келе жатып, енді оған қайтып оралмайтынын білді.
Жаз өтті; Машенька хат та жазған жоқ, телефон да соққан жоқ, бұл да басқа істермен шұғылданып, басқа сезімде жүрді.
Қыс түсе ол Петерборға тағы оралды, желтоқсанда шұғыл түрде емтихандар тапсырды да, Михайлов юнкер училищесіне оқуға түсті. Келесі жазда, төңкеріс жылында Машенькамен тағы кездесті.
Ол Варшава вокзалының перронында тұрған. Кешқұрым. Саяжай пойызы енді кеп тоқтаған. Ол қоңырауды күтіп, платформада ерсілі — қарсылы жүрген болатын; сынып қалған жүк таситын арбаға қарап тұрып, қонақ күту сарайы алдындағы кешегі атыс туралы ойлады сонымен бірге саяжайға телефон соға алмағаны, енді стансадан тарантас жалдайтыны есіне түсіп ызаланып тұрған.
Үшінші рет қоңырау соғылып, составтағы жалғыз көгілдір вагонға жақындап тамбурға міне берген кезде, тамбурда, оған жоғарыдан төне қарап Машенька тұр екен. Бір жылда едәуір өзгеріп кетіпті, ептеп жүдеген, үстінде белбеулі көгілдір пальто. Ганин ыңғайсыздана сәлемдесті, вагон салдыр-гүлдір етіп қозғалды. Олар тамбурда тұрып қалды. Әдетте сары вагонға мінетін Машенька оны ертерек көріп, әдейі көгілдір вагонға мініп алған болу керек. Оның қолында "Бликон мен Робинсон" деген шоколад бар; ол оның шетінен сындырып оған ұсынды.
Ганин оған қарап тұрып, жаны қиналды, — оның жүзінен бөгделік, салқындық байқалады, сирек күліп, бетін алып қаша береді. Қан жүгірген үлбіреген мойнына ажарын кіргізетін қоңырқай алқа тағыпты. Ганин қайдағы жоқ бірдеңелер айтып, етігін жалап өткен оқтың ізін көрсетіп, саясат туралы әңгіме айтты. Ал вагон шайқала сартылдап, пойыз кешкі шұғылалы сары тасқын ішінде түтін көтеріліп жатқан торф батпақтарының арасымен зулап келеді; торфтың сұрғылт түтіні жол үстіне тұманды толқын тудырып, жерге жатып алыпты.Машенька бірінші стансадан түсіп қалды да, ол оның ұзап бара жатқан тұлғасы соңынан ұзақ қарап тұрып, ол алыстаған сайын, соғұрлым айқынырақ сезіне түсті. Машенька бұрылып қарамады. Ымырт ішінен мойылдың ауыр да бұрқыраған иісі келеді.
Пойыз қозғалғаннан кейін ол, ішке енді, қараңғы екен, вагонда ешкім жоқ болғаннан соң кондуктор шам жағуды қажет деп таппаса керек. Ол шалқасынан жатып, есіктің саңылауынан дәліз терезесінің сыртындағы жанып жатқан торф түтіні мен күннің күңгірт шұғыласы арасынан телеграф сымдарын көріп қалады. Сұрғылт түтін ағысы арасымен жолаушысыз шайқалған вагон ішінде келе жатқаны әрі тосын, әрі үрейлі көрінді, басында осының бәрі баяғыда болып өткендей, біртүрлі ойлар келеді, — міне, ол желкесіне қолын қойып, дүрсілдеген пойызбен, айналаны тұтастай тұмшалап алған тұманды шұғыла ішінде тартып келеді.
Содан кейін ол Машеньканы көрген жоқ.
Дүрсілдеген шу жақындап келеді, ақ бұлт терезені бүркеді, қолжуғыштағы стақан дірілдеп қоя берді. Пойыз өтіп кетті, жазылған желпуіштей рельс кеңістікке дейін созылып жатыр. Сәуірдегі Берлин кешке қарай жұмсарып, буалдырланып тұр.
Сол күні бейсенбінің ымыртында, пойыздардың дүрсілі жиілеп кететін кезде, оған Людмиланың сөзін жеткізу үшін Клара кірді. "Оған былай де, — депті құрбысы кетер кезде Людмила. — Былай де: мен, тастап кете беретін әйелдердің сойынан емеспін. Мен де тастап кете алам. Оған айт, мен одан ештеңе талап та етпеймін, дәметпеймін де, бірақ оның менің хатыма жауап бермегенін доңыздық деп білем. Мен онымен достарша қоштасқым келді, мейлі арамызда махаббат болмай-ақ қойсын, бірақ қарапайым адамдық, достық қарым-қатынас қалсын деп өтініш жасағам, ал ол болса телефон да соққан жоқ. Клара, сен оған менің сөзімді жеткіз, мен оған, неміс қызы екеуіне барлық жақсылық тілеймін, ол бәрібір жуық арада мені ұмыта алмайды".
— Неміс қызын қайдан алып жүр? — деп қабағын тыржитты Ганин, Клара төмен қарап отырып баяу үнмен осының бәрін айтып шыққанда, — жалпы, бұл іске неге сізді қосады. Осының бәрі іш пыстырады.
— Білесіз бе, Лев Глебович, — Клара кенет оған жасаураған көзімен қарап дауыстап жіберді, — сіз өте қайырымсызсыз... Людмила сіз туралы тек жақсылық ойлайды, сізді идеал тұтады, егер ол сіз туралы түгел білсе ғой... — Ганин оған пейілдене, таңғала қарады. Клара қысылып қап, үрейленіп, төмен қарап кетті.
— Мен тек айтқан сөзін сізге жеткізіп отырмын, өйткені ол менен өтінді, — деді баяу ғана Клара.
— Маған кету керек, — деді шамалы үнсіздіктен кейін сабырлы қалыппен Ганин. — Мынау бөлме, мына пойыздар, Эриканың тамағы — мені жалықтырды. Оның үстіне ақшам таусылды, жақында тағы да жұмыс істеуіме тура келеді. Сенбіде Берлинмен мәңгілікке қош айтысып, бір портқа, оңтүстікке тартып кететін шығармын...
Ол қолын ашып-жұмып ойланып қалды.
— Солай бола тұра, ештеңе білмеймін... Бір жағдай боп тұр... Егер менің не ойлағанымды білсеңіз, сіз өте таңғалған болар едіңіз. Менің таңғаларлық, адам естімеген жоспарым бар. Егер ол іске асса, онда арғы күні мен бұл қалада болмаймын.
"Шынында да ол қандай бір түрлі" деп ойлады Клара жанын қысып бара жатқан жалғыздық құрсауында қалып. Ең жақын адамың арманға беріліп, сені тастап кетіп бара жатқанда бәріміз де дәл сондай күй кешер ек.
Ганиннің жанарының қарашығы алайып, жұмсақ қалың кірпігі түбіттене көрініп, көзіне жылылық бергендей, байыпты жымиысы оның жоғарғы ернін сәл дүрдитіп, біркелкі аппақ тістері жарқырап көрінді. Клараға қымбат терінің құрағындай көрінетін оның қалың қара қасы бір жазылып, бір түйіледі де, жазық маңдайында әжімдер пайда боп, қайта жоғалады. Клараның оған қарап отырғанын байқап, кірпігін қағып қап, бетін бір сипап алды да, не айтқысы келгені есіне түсіп:
— Иә. Мен кетем, бәрі кілт үзіледі. Оған тек былай деңізші: Ганин кетеді, жамандықпен еске ала көрмесін Бары осы.
Жұма күні таңертең бишілер басқа төрт тұрғынға мынандай қағаз таратты: "Мына жағдайларға байланысты:
1. Ганин мырза бізбен қош айтыспақ.
2. Подтягин мырза көп ұзамай қош айтысады.
3. Алферов мырзаға ертең әйелі келеді.
4. M — LLe Клара жиырма алтыға толады жәнет5. Төменде қол қойғандар осы қаладан ангажемент алды, — осыған байланысты бүгін, күндізгі сағат тоғызда, алтыншы сәуір нөмірінде — мереке".
Қонақжай жастар, — мырс етті Подтягин, полицияға алып бармақ болған Ганинмен бірге үйінен шығып бара жатып. — Сіз қайда жол тартпақсыз, Левушка? Алыс жаққа ма? Иә... Сіз — ерікті құссыз. Жас кезімде сапарлағым кеп тұратын. Дүниені көргім келетін. Айтатыны жоқ, жүзеге асты...
Ол аңқып соққан таңертеңгі желден тұншығып, сарғылт қара, таза, үлкен сүйекті түймелі пальтосының жағасын көтеріп алды. Жүрек ұстамасынан кейінгі аяғындағы әлсіздікті сезді, бірақ бүгін ол төлқұжат айналасындағы әрі-сәрілік бітіп, Парижге күні ертең жүріп кететіндей сезініп, өзін әрі жеңіл, әрі көңілді сезінеді.
Орталық полиция басқармасының әңкиген алқызыл ғимараты бірден төрт көшенің қиылысында тұр; ол қаһарлы көрінгенмен бірақ талғамсыз готика стилінде салынған: терезелері күңгірт, ауласынан адам өте алмайды, басты кірер есігі алдында міз бақпай қарайтын полицей. Қабырғаға салынған көрсеткіш тілі, жиырма минөттен кейін өзіңнің солғын бейнеңді қолыңа ұстататын көшенің қарсы бетіндегі фотограф шеберханасын көрсетіп тұр: біртекті бір уыс сұлбаны бірден аласың, біреуі төлқұжаттың сары бетіне жапсырылады, бірі полиция мұрағатына кетеді, қалғандары шенеуніктердің жеке коллекцияларын толтыратын болса керек.
Подтягин мен Ганин үлкен сұрғылт дәлізге кірді. Төлқұжат бөлімінің есігі жанында үстел қойылған да, ақ шашты, мұртты шенеунік, мектеп мұғалімі құсап, кейде көзілдірігінен шағын тобырға қарап нөмірлі билеттер беріп тұр.
— Сіз кезекте тұрыңыз да, нөмір алыңыз, — деді Ганин.
— Мен бұрын мұны істеген емеспін, — деді сыбырлап қарт ақын — Бірден есікке тартатынмын.
Бірер минөтте билет алып қуанған ол, семіз теңіз доңызына ұқсап кетті.
Кедергі қойылған, ауасы тар жалаңаш бөлмеде, бір-бір үстел иемденген шенеуніктер отыр, мұнда да адамдар толы, бейне бір олар осы бір бастарын көтерместен жазып отырған мырзаларды көру үшін жиналып келгендей.
Ганин көнбіс боп алған Подтягинді қолынан ұстап қыстырыла-мыстырыла алға оза берді.
Жарты сағаттан кейін Подтягиннің төлқұжатын тапсырып, келесі үстелге барды, — тағы да кезек, қысылып-қымтырылу, мүңкіген адам демі, ақырында мөрі қайқайта басылған сары парақ бірнеше маркаға кері қайтарылды.
— Енді консульствоға тартайық, — деді Подтягин сыртынан қарағанда қаһарлы көрінетін, іш пыстырар көңілсіз ғимараттан шыққаннан кейін шаттана қырылдап. — Іс- оңынан туды. Қалайша сіз, Лев Глебович, олармен емін-еркін сөйлестіңіз? Ал мен талай рет қатты азапқа түсетінмін... Қандай бақыт десеңізші. Мен тіпті терлеп кеттім.
Ол алға түсіп бұралмалы басқышпен жоғары көтерілді, кондуктор темір қапталды салып қалып еді, автобус қозғалып жүре берді. Үйлер, жарнамалар, витринадағы күн нұры кейін қалып барады.
— Біздің немерелеріміз шақыру қағаз деген бәлені түсінбейтін болады, — деді Подтягин төлқұжатына сүйсіне қарап. — Жай ғана мөрде қаншама адам баласының толқынысы жататынын түсінбейтін болады... Сіз қалай ойлайсыз, — кенет селт еткендей, — маған енді француздар рұқсат бере ме?
— Әрине, рұқсат береді, — деді Ганин. — Рұқсат бар екенін сізге хабарлады ғой.
— Мүмкін, ертең жүріп кетермін, — Подтягин күлімсіреді. — Бірге кетейік, Левушка. Парижде бәрі жақсы болады... Менің түріме қараңызшы. — Ганин оның қолындағы төлқұжатының бір бұрышына қарады. Суреті жақсы түсірілген екен; таңырқай қараған ісіңкі жүзі сұрғылт көмескіленіп көрінеді.
— Ал менде екі төлқұжат бар, — деді күлімсіреп Ганин. — Бірі орыстікі, шынайы, тек өте көне, ал екіншісі поляктікі, қолдан жасалған. Қазір сонымен жүрмін.
Подтягин өзінің сарғылт парағын қасына, орындықтың үстіне қойып, алақанына қырық пфеннигті санап ап, кондукторға ұсынды:
— Гнеух?
Сонан кейін Ганинге бір қырынып қарап:
— Сіз не дедіңіз, Лев Глебович. Қолдан жасалған?
— Дәл солай. Менің есімімнің Лев екені рас, ал фамилиям Ганин емес.
— Сонда ол қалай болғаны, қарағым, — Подтягиннің көзі бақырайып, қалпағын ұстай алды, — қатты жел тұрып кетіп еді.
— Иә. Сондай да істер болған, — ойлана тіл қатты Ганин. — Үш жыл бұрын. Партизан отряды. Полылада. Солай жалғаса береді. Бір кезде ойлағам: күндердің күнінде Петерборға жетіп, көтеріліс ұйымдастырам деп... Ал қазір бұл төлқұжатпен жүру бір жағынан қызық, бір жағынан тиімді.
Подтягин көзін алып қашып, түнере тіл қатты:
— Маған, Левушка, бүгін Петербор түсіме енді. Невскиймен келе жатыр екенмін деймін. Үйлер — қиғаш бұрышты, футуристер салған суреттер секілді, ал аспан қап-қара, бірақ күндіз екенін біліп тұрмын. Жүргіншілер маған бір түрлі көзбен қарайды. Сонан кейін бір адам көшені кесіп өтіп, менің дәл басымнан көздеп тұр. Мен мұны жиі көремін. Ресей түске енген сәт қандай үрейлі, біз оның өңімізде көрген сұлулығын көрмейміз, сұмдығын көреміз. Аспан құлап түсіп, ақырзаманның демі шыққандай.
— Жоқ, — деді Ганин, — кейде бәрі әдіре қалғандай болады. Ол ештеңе емес. Осы жерден түсеміз, Антон Сергеевич.
Ол бұрандалы басқыштан түсіп, Подтягинге қолын созды.
— Су күмістей екен, — деді Подтягин ентіге дем алып. Қолын канал жаққа созып.
— Абайлаңыз — велосипед, — деді Ганин. — Ал консульство анда, оң жақта.
— Менің шын алғысымды қабыл алыңыз, Лев Глебович. Жалғыз өзім бұл төлқұжат сарсаңынан құтылмас едім. Көңілім орнына түсті. Қош бол, Дейтчланд.
Олар консульствоға кіріп, басқышпен жоғары өрледі.
Подтягин жүріп келе жатып қалтасын қарады.
— Жүріңіз, — деді Ганин.
Бірақ қарт қалтасын әлі қарап жатты.
Түскі тамаққа төрт — ақ адам жиналды.
— Біздің адамдар неге кешікті? — деп саңқ етті Алферов.
— Байқаймын, олар ештеңе бітіре алмады.
Ол бір түрлі қуанып отырғандай.
Жақында ол вокзалға барып, солтүстіктен келетін пойыздың дәл уақытын біліп келген: 8,05. Таңертең костюмін тазалап, жаңа екі манжет, гүл шоғын сатып алған. Оның қаражат жағы дұрысталып келе жатыр еді. Түскі тамақтан бұрын ол дәмханада тұнжыраған бір мырзамен бірге отырды. Ол оған тиімді ұсыныс жасағанды. Цифрларға үйреніп қалған оның ақылы, тап қазір біртұтас сандармен лықа толып тұр еді: сегіз, үтір, нөл, бес. Бұл әзірше тағдыр алдына тартқан бақыттың пайызы болатын. Ал ертең... Ол көзін жұмып ертеңгі күнді көз алдына келтірді, таң ала көгімде вокзалға барады, платформада күтіп тұрады, пойыз кеп тоқтайды...
Ол түстен кейін кетіп қалды; бишілер де салтанат алдындағы әйелдер құсап толқып, бір-бірінің қолтығынан ұстап оның соңынан кетті: ұсақ — түйек сатып алмақ.
Үйде Клара жалғыз қалды: басы ауырып, толық балтырының жіңішке сүйектері сырқырап тұр; өзінің туған күнінде осылай болғанын қарашы. "Мен бүгін жиырма алтыдамын — деп ойлады ол, — ал ертең Ганин кетеді. Ол жақсы адам емес, әйелдерді алдайды, қылмысқа да бейім... Мен оның қалай ақша ұрламақ болғанын көргенімді біле тұра, ол менің көзіме ештеңе болмағандай тік қарап тұра береді. Солай бола тұра ол — тамаша, мен күні бойы сол туралы ойлаймын. Бірақ ешқандай үміт жоқ..."
Ол айнадағы өзінің жүзіне қарады: жүзі әдеттегіден гөрі бозаң; қоңырқай бұйра шашының астындағы маңдайына ұсақ ноқаттар қоныпты, көзінің астына сарғылт-сұр көлеңке жасырынған. Күн сайын киетін, әбден жалықтырған қара көйлегі қолпылдаңқырап қалыпты; ашық қоңырқай шұлығының сөгілген жеріне тігіс түскен, өкшесі маймиып қалған.
Беске таман Подтягин мен Ганин оралды. Клара олардың аяқ дыбысын естіп, басын шығарып қарады. Подтягин өліктей боп- боз, пальтосының омырауы ашық, қолына жағасы мен галстугын ұстаған бойда өзінің бөлмесіне кірді де есігін құлыптап алды.
— Не болды? — Клара сыбырлап сұрады.
Ганин таңдайын қағып:
— Төлқұжатын жоғалтып алды, сонан кейін қысылып қалды. Осында, есіктің алдында. Мен оны зорға алып келдім. Лифт жұмыс істемейді. Бүкіл қаланы кезіп шықтық.
— Мен оған барайын, — деді Клара, — оны сабырға шақыру керек қой.
Подтягин оны бірден кіргізе қойған жоқ. Ақырында есік ашылғаннан кейін, оның әлем — жәлем түрін көріп Клараның даусы шығып кетті.
— Есіттіңіз бе? — деді ол мұңая мысқылдап, — мен кәрі малғұнмын. Бәрі дайын боп қалып еді, енді міне... Жеткенім...
— Қай жерде түсіріп алдыңыз, Антон Сергеевич.
— Түсіріп алдым. Поэтикалық еркіндік... Дамбал киген бұлт, айтатыны жоқ. Малғұндық.
— Бәлкім, біреу-міреу тауып алар, — Клара жаны аши сөйледі.
— Қайдан... Бұл — тағдыр. Тағдырға дауа жоқ. Мен бұл жерден кете алмаймын. Пешенеңе не жазылса — сол болады.
Ол зорға отырды.
— Жағдайым жаман, Клара. Көшеде дем жетпей қалды, — бітті деп ойладым. Енді не істерімді білер емеспін.
Ганин өзіне кіріп жинала бастады. Ол төсектің астынан шаң-шаң екі былғары шабаданды суырып алды, — бірі ала құндақта, екіншісі әр түрлі суреттер жапсырылған жалаңаш. Сонан кейін ол сықырлап шайқалып кететін шкап түкпірінен қара костюмін, іш киімдерін, жез түймелі қызғылт ауыр етігін алып шықты. Түнгі үстелден бір кезде тасталған әр түрлі заттарды шығарды: тот баса бастаған қырынатын жіңішке ұстара, көне газеттер, открыткалар, аттың тісі құсап сарғайып кеткен таспиық, бір сыңары жоқ жыртық жібек шұлық.
Ганин пиджагын лақтырып тастап, жүрелеп отыра қалды да, осы бір қоқыстардың ішінен керегін ап, керек емесін жоюға кірісті.
Ең алдымен костюмі мен таза іш киімін салды, сонан кейін браунинг пен түсі оңа бастаған голифені жайғастырды.
Енді қайсысын салу керек деп ойланып тұрғанда үстел астына шиланы түсіп кетті. Ол оны көтеріп ап, ішін ашып қарағысы кеп тұрды да, бірақ тезірек жиналып қойғысы кеп, оны шалбарының артқы қалтасына тыға салды, сонан кейін заттарын реттемей-ақ бірінен соң бірін шабаданға тастай берді: кір іш киімдер, орыс кітаптары. Оған осы бір ұсақ-түйектер қайдан келгенін, құдайым білсін, біреулеріне қол мен көз үйренгені сондай жанға жақын, бір жерден екінші жерге көшіп жүретін адам, оларды шабаданға — не салып, не алып-тұрып, шамасы болса да өзін үйдегідей сезінері хақ.
Жиналып болған Ганин екі шабаданды да жауып, қатарластырып қойды да, қоқыс корзинасын керексіз газеттермен толтырып, босап қалған бөлменің барлық мүйістерін көзімен шолып шығып, есептесу үшін қожайын әйелге кетті.
Лидия Николаевна, ол кірген кезде, креслода тіп-тік отырып, кітап оқып отыр екен. Оның тазы иті төсектен сырғып түсіп, Ганиннің аяғының астына баяу қыңсылап жата қалды.
Лидия Николаевна, бұл жолы оның біржола кететінін біліп, мұңайып қалды. Ол Ганиннің үлкен, байыпты тұлғасын жақсы көретін, жалпы ол тұрғындарға үйреніп қалған еді, енді олардың кетуі өліммен бірдей әсер етіп тұр.
Ганин соңғы апта үшін төлеп, оның жеп-жеңіл, қураған жапырақ сияқты қолын сүйді.
Дәлізбен кері келе жатып, бүгін бишілердің кешкілікке шақырғаны есіне түсті де, әзірше кетпей тұра тұрайын деп шешті: қонақ үйден бөлмені кез келген уақытта тіпті түн жарымында да жалдауға болады.
"Ал ертең Машенька келеді — деді өзіне-өзі нығырлап, сонан кейін әлденеден секем алғандай, көзімен төбені, қабырғаны, еденді шолып шықты. — Мен оны алып кетем" — деді ол терең тебіреністі ойлы қалыпта, шерге толы бүкіл болмыс — бітімімен.
Ол шапшаң түрде бес хат сақтаулы жатқан қара әмиянын шығарды; бұл хаттарды ол Қырымда жүргенде алып еді. Енді ол бір сәтте Қырым қысын тұтастай есіне алды: Ялта жағалауында тұзды шаңды көтеріп, астаң-кестең боп көтерілген толқындарды оспадар матростар үстіне, сонан кейін темір шлем киген немістер мен грек профильді, қысқа шашты, тылтиған, секпіл бетті жеңіл жүрісті қыздарға төккен норд-ост құтырады, ол норд-ост ала бағандағы оркестрдің ноталарын алып қашып, — ең соңында, — кішкентай шаштараздарында күн сайын, ештеңе болмағандай, ұстаралар қылпып, адамның жақтары сабын көбіршіктерінен ісініп жататын іргедегі татар деревняларына лап қояды, көшелерде бұрқырап шаң көтеріледі, мыңдаған жылғы бұрынғыдай, адам ұғып болмайтын қарбаласты қимылдар мен абыр-сабыр басталады.
Ганин сол жағында суреті бар ұзынша қағазға жазылған бірінші хатты суырып алды: жарқыраған фрак киген жас жігіт, артына бір бума гүл ұстап, жүзіне бұйра шашы төгіліп тұрған, белі қынамалы алқызыл көйлек киген әйелдің қолын сүйіп тұр.
Ол өзінің бірінші хатын Петербордан Ялтаға салған; бұл хат сол бір бақытты күзден екі жылдан кейін жазылған.
"Лева, мен қазір бір аптадан бері Полтавадамын, жанымды қоярға жер таба алар емеспін. Мен енді сізді көре алам ба, білмеймін, бірақ не болғанда да мені ұмытпағаныңды қалар ем".
Қолы аяғының ұшымен жүгіргендей ұсақ, дөңгеленген. "Ш"-ның асты мен "т"-ның үстіне сызықша қойылған соңғы әріптің құйрығы оң жаққа шаншылып барып тоқтайды; тек "я" әрпі ғана, сөздің соңына келсе, төменгі сол жаққа ізетпен иіледі, бейне бір Машенька өзінің сөзін соңғы сәтте кері қайтарып алғандай; нүктелері өте ірі, нық, оның есесіне үтірлері аз.
"Ойлап көріңіз, бір апта бойы қарға, аппақ суық қарға қарап отырмын. Суық, үрейлі, жабығыңқы. Кенет, басыңа алыста, тым алыста, бір адамдар құс сияқты, мүлде басқа өмір сүріп жатыр деген бір ой кіреді. Олар қараусыз қалған кішкентай хутордағы мен сияқты тоңып, дірдектемейді...
Мен қазір қатты қамығып отырмын. Лева, маған бірдеңелер жазшы. Түкке арзымайтын болса да".
Ганин бұл хатты қалай алғанын есіне түсірді. Сол бір алыста қалған қаңтардың кешінде, онда да, мұнда да аттың қу бастарын іліп қоя берген татарлардың құдай үйінің жанынан өтетін құлама тас соқпақтармен жүріп, жол-жөнекей өзінің жіп-жіңішке ағысымен аппақ малта тастарды жуып жататын бұлақ басында алмалардың кеуіп қалған бұтақтарының арасынан алынған тырнақтың иілген басы сияқты аспандағы жаңа туған айға, оның қасындағы дірілдеп тұрған мөлдір тамшыға — алғашқы жұлдызға қарап отырды.
Ол оған сол түні-ақ — сол жұлдыз туралы, бақтағы кипаристер туралы, үй артындағы татар ауласындағы ақырып қоя беретін есек туралы жазды. Ол мұны арманшыл қиялмен жазып, бір кездегі екеуі кездескен тайғақ көпір жанындағы күркені де есіне сала кетті.
Сол жылдары хаттар ұзақ жүретін: тек маусымда ғана жауап келді.
"Жып-жылы, "оңтүстік" хатыңа көп рахмет. Маған хат жазғаныңыз, мені ұмытпағаныңыз ғой. Әлі де ұмытпайсыз ба? Жоқ? Қандай тамаша!
Қазір самалды, қоңыржай, нөсерден кейінгі күн. Воскресенск есіңізде ме? Сіздің бұрынғы таныс жерлермен тағы да жүргіңіз келе ме? Күзгі парктің ішінде жаңбырдың астында қыдыру қандай жақсы. Күн райының қолайсыз кезінде де бізге жақсы еді.
Әзірше қоя тұрайын да, қыдырып қайтайын.
Кеше хатты бітіре алмадым. Бұл менің тарапымнан дұрыс емес. Шын ғой? Кешіре көріңіз, сүйікті Лева, бұдан былай өйтпеймін".
Ганин хат ұстап тұрған қолын төмен түсіріп ойланды да, күлімсіреді. Оның сөзбен іліп кететін сәтін, кеудесінің түкпірінен шығатын күлкісін, кешірім сұрағандағы қылығын... Қабаржып күрсініп тұрып, жандана түлеп шыға келетін мінезін...
"Сіздің қайда екеніңізді біле алмай көп азаптандым, — деп жазыпты сол хатында. — Енді екеуміздің арамызда тартылған осы бір жіпті үзіп алмайық. Мен сізден көп нәрсе сұрағым-ақ келеді, бірақ ойым бір орнында емес. Мен осы уақыт ішінде көп азап шегіп, көп нәрсе көрдім. Жазыңыз, жазыңыз, құдай үшін, көбірек жазыңыз. Бұдан да гөрі ыстығырақ қоштасуға болар еді, бірақ кездеспегенімізге көп уақыт өткендіктен, тосырқап тұрмын. Бәлкім, басқа бір нәрселер жібермей тұр ма?"
Хат алғаннан кейін күні бойы ол ып-ыстық бақыт құшағында болды. Оның Машенькамен ажырасқаны түсініксіз қалпында қалды. Ол тек алғашқы күзді ғана біледі — қалғандарының бәрі мағынасыз, сұрқай, — азаптану да, ажырасу да. Оны тылсым түн де, түнгі теңіздің айдыны да, жіңішке кипарис аллеяларының барқытты тыныштығы да, магнолия жапырақтарындағы ай сәулесі де жаншып жібергендей болады.
Ялтада оны борыш қана жібермейді, — әскери шайқасқа дайындық жүріп жатты, — кейде ол бәрін тастап, Кіші ресей хуторларынан Машеньканы іздеп кеткісі келетін. Траншеядан ұшып өтетін ақ көбелектер сияқты, қатерлі Ресейді кезіп кететін бұл хаттар адам жанын тербеліске толтырып тебірентіп жібереді. Оның екінші хаты көп кешікті, Машенька не болғанын білмей дал болды — өйткені ол хаттар үшін, сол кездің өзінде де, ешқандай тосқауыл жоқ деп ұғатын.
"Әрине, сіздің үн-түнсіз жатып алғаныңызға қарамастан, тағы да хат жазып отырғаным оқыс көрінеді, — бірақ мен сіз тағы да жауап бермейді деп ойламаймын, ойлағым да келмейді. Сіз жауап бергіңіз келмегендіктен емес, мүмкіндігіңіз келмегендіктен, үлгермей қалғандығыңыздан болған шығар... Айтыңызшы, Лева, сіз өзіңіздің маған деген махаббатыңыз — менің өмірім, егер махаббат болмаса, өмірім де болмайды... деген сөзіңізді еске түсіріңізші. Иә... Бәрі өтіп, бәрі өзгеріп жатыр. Сіз өзіңіздің өткеніңізді қайтарып алғыңыз келе ме? Мен бүгін қамығып отырмын...
Бүгін көктем ғой, әлемге сыймаймын
Жаңғырып кетті ғой дүние.
Бір құшақ гүлді мен өзіңе сыйлаймын
Жақсы өлең, бірақ мен оның басын да, аяғын да ұмытып қалыппын, кімдікі екенін де білмеймін. Енді сіздің хатыңызды күтем. Сізбен қалай қоштасуды білмеймін. Бәлкім, мен сізді сүйіп алар ем. Иә, солай болуы мүмкін..."
Екі-үш аптадан кейін төртінші хат келді.
"Мен қуаныштымын. Хатыңызды алдым. Ол сондай қымбат... Біз бір-бірімізді сүйгенімізді ұмыту мүмкін емес, өйткені ол тым нұрлы. Сіз бір сәттік кездесуге болашақ ғұмырымды берер ем, деп жазасыз — бірақ одан гөрі кездесіп, өзімізді тексеріп алғанымыз дұрыс.
Лева, егер келе қалсаңыз, вокзалдан жергілікті телефон станциясынан қоңырау соғып, 34-ші нөмірді сұраңыз. Сізге немісше жауап беруі мүмкін: бізде герман лазареті тұр. Мені шақырыңыз.
Кеше қалада болып, біраз "қыдырған" болдым, музыка, от пен жарық көңілімді көтергендей болды. Сары сақалды бір мырза соңымнан қалмай, мені "балдың королевасы" деп атады. Ал бүгін көңілімнің хошы жоқ. Күндердің ешқандай мақсатсыз, бос өтіп бара жатқаны жанға батады — ал бұл күндер, қайтып оралмайтын күндер ғой. Мен, бәлкім көп ұзамай "жәдігөйге" айналатын шығармын. Бірақ оған жол бермеспін.
Мазақты енді тыйыңдар, Көңілім қалай көнеді. Көбірек шарап құйыңдар, Шалқығым менің келеді.
Тамаша емес пе!
Хатым барған бойда, жауап беріңіз. Мені көруге, мұнда келесіз бе? Болмайды? Амал жоқ... Мүмкін? Бұл жазғаным топастық: мені көру үшін ғана келуге бола ма? Қандай өзімшілдік! Солай емес пе?
Мен жаңа ғана көне журналдан Краповицкийдің "Менің кішкентай ғана інжуім" деген жақсы өлеңін оқыдым. Маған қатты ұнайды. Маған бәрін, бәрін жазыңыз. Сүйем сізді. Енді Подтягинді оқиын:
Ай да туды жасыл орман үстінде,
Қарашы сен өзендегі толқынға".
"Байғұс Подтягин — Ганин күлімсіреді. — Қандай қызық... Құдай-ау, қандай қызық... Егер онымен кездесетінімді сол кезде айтса ғой..."
Басын шайқап күлімсіреп, ол соңғы хатты ашты. Ол оны майданға аттанар қарсаңында алып еді. Қаңтардың суығы, пароходта сұлы кофесінен оның жүрегі айнып отырған.
"Лева, жаным менің, шаттығым менің, сенің бұл хатыңды қандай күттім дейсіз ғой. Хат жазу жанға бататындай ауыр, сонымен бірге өзіңді-өзің тежеуге бола ма. Осы үш жыл бойы сенсіз қалай өмір сүргенімді, не үшін өмір сүргенімді білмеймін.
Мен сені сүйем. Егер сен қайта оралсаң, мен сені сүйе-сүйе есіңді шығарам. Есіңде ме:
Айтыңдаршы Леваға Ешкімге оны қимаймын,
Австриялық қасқаны
Соған ғана сыйлаймын
Әкесіне айтарсың...
Құдайым-ау, сол алыста қалған нұрлы күндер қайда екен... Мен де, сен сияқты, кездесетінімізге сенемін, — бірақ, қашан?
Мен сені сүйем. Кел. Сенің хатың мені сондай қуанышқа бөледі, бақыттан есеңгіреген мен әлі өзіме келе алар емеспін..."
— "Бақыт" — Ганин баяу қайталады, — хаттарды реттеп орнына салды. — Міне, бұл — бақыт. Он екі сағаттан кейін біз кездесеміз.
Ол тып-тымық сиқырлы ойлардан босар емес.
Машеньканың оны әлі сүйетініне ешқандай күдігі жоқ. Оның бес хаты алақанында жатыр. Терезе сыртына қараңғылық түсіпті. Шабадандардың тетіктері жылтырайды. Шаң иісі шығады.
Есік сыртынан дауыс шыққанша, тапжылмай сол қалпында отыра берді, кенет, есік қақпастан Алферов бөлмеге екпіндете кіріп келді.
— Кешіріңіз, — деді ол ешқандай қысылмастан. — Неге екенін білмеймін, мен сізді кетіп қалды деп ойладым.
Ганин қолындағы хаттарға саусағын тықылдатып отырып, оның сақалына тұнжырай қарады.
— Лидия Николаевна, — деп Алферов, мойнын бір тартып қойып бөлмені кезіп жүріп. — Менің бөлмемнің есігін ашу үшін, мына музыканы қалдыру керек.
Ол шкапты қозғамақ болды да, қырылдап кері шегінді.
Мен істеп көрейін, — деп Ганин көңілденіп, қара шиланын қалтасына сап, орнынан тұрып, шкапқа жақындап, алақанына түкірді.
Үйдің терезелерін дірілдетіп қара пойыздар өтіп жатыр; будақтаған қою түтіндер түнгі көгілдір аспанды жауып алады; ай астындағы шатырлар үстінде өрт болып жатқандай; ай жарығынан қақ жарып қара пойыз өткен кезде темір көпірдің астынан қара көлеңкелер сумаңдап бара жатады. Дүрсілдеген сарын мен будақтаған түтін, бейне бір, тұңғиық тереңдіктер арасында дірілдеп тұрған үйлерді қақ тіліп өткендей болады. Айдың тырнағымен жалтыраған рельстер, вагондар дүрсілін күтіп мүлгіген бәкене жайдақ көпірден өтетін қала көшесі созылып жатыр. Үй дегеніңіз елес сияқты, бейне бір оның қабырғасына қолыңды тығып жіберіп, саусақтарыңды қозғауға болатындай.
Бишілер камерасының терезесінің алдында Ганин нөмірге қарап тұр: асфальт күңгірт жалтырайды, төбесінен шаншып тастағандай қараңдаған адамдар, көлеңкелер арасында, олай-бұлай жүреді. Қарсы беттегі үйдің пердесі жабылмаған бір терезесінен шыны ыдыстардың ұшқынды сәулесі, алтынданған жақтаулар көрінеді. Сәлден кейін салтанатты қара көлеңке жақындап пердені түсірді.
Ганин бұрылып қарады. Колин оған арақ құйылған рюмка ұсынды.
Бөлме іші сұрқай күңгірт, содан да айлалы бишілер шамды көгілдір жібек пердеге түсіріп қойыпты. Ортаға қойылған үстелде көгілдір түсті бөтелкелер тұр, ашылған қорап ішінен май жылтырайды, күміс түстес қағаздарда қатарласып шоколадтар жатыр, кесілген колбасалар, жып -жылтыр самсалар тізіліпті.
Үстел басында, ауыр маңдайында тер моншақтары жылтырап, боп-боз боп тұнжыраған Подтягин, құбылып тұратын жаңа галстук таққан Алферов; арзанқол апельсин шарабын ішіп қызарып кеткен, үстінен тастамайтын қара көйлегін киген Клара отыр.
Пиджаксыз, жібек көйлегінің омырауын ашып тастап төсек шетінде отырған Горноцветов, қайдан алғанын құдай білсін, гитараның құлақ күйін келтіріп жатыр. Колин арақ, шарап, ликер құйып тыным табар емес, толық бөксесі бұлтың-бұлтың еткенмен, көгілдір пиджак ілінген оның арық кеудесі қозғалмайды.
— Неге ештеңе ішпейсіз? — деп ол ерін шүршитіп, әдеттегідей жұртты мақтап айтатын сөз айтып, Ганинге сүзіле қарады.
— Жоқ, не дегеніңіз? — деді Ганин терезе алдындағы тақтайшаға отырып, бишінің дірілдеп тұрған қолынан жеңіл салқын рюмканы алды. Оны бір-ақ төңкеріп, үстел басындағыларды көзімен шолып өтті. Бәрі үндемейді. Әдетте ауыздыға сөз бермейтін Алферов, сегіз-тоғыз сағаттан кейін әйелі келетіні есіне түсіп толқып отыр.
— Гитараның құлақ күйі келді, — деді Горноцветов шектерді дың еткізіп. Ол ойнай бастады да, алақанымен көңілсіз әуенді өшіріп тастады. — Неге, мырзалар, ән айтпайсыздар? Клараның құрметіне. Қанеки. Жұпар иісті гүлдей боп...
Ол аяғын айқастырып, қара шашты басын бір жағына қисайта салбыратып қайта ойнады.
Алферов Клараға тісін ақситып қарады да рюмкасын ойқастата көтеріп, шалқайып қалып еді, құлап қала жаздады, өйткені ол арқасы жоқ айналмалы орындық еді, — содан кейін жасанды дауыспен ән айтпақ болды, бірақ оған ешкім қосылған жоқ.
Горноцветов шектерді сипалап, тоқтай қалды. Жұрттың бәрі ыңғайсызданып қалды.
— Әй, әншілер-ай... — деді жабырқап күңк ете түскен Подтягин, үстелге қолын сүйеп, басын шайқады. Жоғалған төлқұжат туралы ойы кеудесінің қысылғанымен қосылып, оны қабаржып отыр. — Маған шарап ішуге болмайды, — деп қамығып қосып қойды.
— Мен сізге айттым, — деді баяу ғана Клара, — сіз Антон Сергеевич, бала сияқтысыз.
— Ешкім ішіп-жемейді, бұл не... — деп Колин бөксесін бұлғақтатып, үстел жағалап кетті. Ол бос рюмкаларды толтыра бастады. Бәрі үнсіз. Кешкі сауық көңілді болмайтындай.
Терезе алдында тақтайшада отырған Ганин, әлдене ойына түскендей мырс етіп күлді де, жалтыраған көгілдір үстелге, абыржып отырған жүздерге қарап, кенет еденге секіріп түсті.
— Құй, аяма, Колин, — деді ол үстелге жақындап. — Алферовке көбірек. Ертең өмір өзгереді. Ертең мен бұл жерде болмаймын. Бір-ақ жұтайық. Клара, жаралы құралай құсап, маған қарама. Оған ликер құйыңыз. Антон Сергеевич, сіз де. Көңілдірек. Төлқұжатқа қайғырмай-ақ қойыңыз. Көнесінен жақсырақ, басқасын аласыз. Өлең оқыңыз. Айтпақшы...
— Маған мына бос бөтелкені алуға бола ма, — деді кенет Алферов, оның қуанышты көздерінде отты ұшқын ойнап шыға келді.
— Айтпақшы — деп Ганин, қарттың ту сыртынан кеп, оның жұмсақ иығына қолын қойды да — Антон Сергеевич, мен сіздің бір өлеңіңізді білем. Орман шеті... Ай... Солай ғой деймін?.. Подтягин оған жүзін бұрып, жайлап жымиды:
— Күнпарақтан оқыған шығарсыз? Мені күнпарақта жиі басатын.
— Мырзалар, мырзалар, оның не істегісі келеді, — деді Колин, терезені ашып, бөтелкені көгілдір түн қараңғылығына лақтырамын деп жатқан Алферовты нұсқап.
— Мейлі, — деп күлді Ганин, — жындансын...
Алферовтың сақалы жылтырап, жұтқыншағы шодырайып, түнгі самалдан самайындағы селдір шашы желбіреп кетіпті. Ол құлаштаған бойы тұрып қалды да, сонан кейін салтанатты түрде бөтелкені еденге қойды.
Бишілер ішек-сілелері қатып күлді.
Алферов Горноцветовтың қасына отырып оның қолынан гитараны алып, ойнамақ болды. Ол тез мас боп қалды.
— Кларочка сондай байсалды, — деп зорға сөйледі Подтягин, маған бір кезде бишілер ғашық боп хаттар жазатын. Ал маған қазір Клараның қарағысы да келмейді.
— Сіз енді ішпеңіз. Өтінем, — деді Клара.
Подтягин зорлана күлімсіреп, Ганиннің жеңін сипады:
— Міне, Ресейдің болашақ құтқарушысы.
Левушка, бірдеңе деші. Қай жерде болдың, қайда соғыстың?
— Керегі не? — Ганин жайдары қалыпта қабағын шытты.
— Не болғанда да. Маған тым ауыр. Сіз Ресейден қашан шығып едіңіз?
— Қашан? Колин, мынадан берші. Маған емес, Алферовке. Енді араластыр.
Лидия Николаевна жатып қалды. Ол бишілердің шақырғанынан үрейлене бас тартып, енді сергек кәрілік ұйқыда жатыр. Оның ұйқысының арасынан дірілдеген ыдыс-аяқ толы шкаптарды шайқап пойыздардың дүрсілі өтеді. Ұйқысынан оянып кеткен кезде алтыншы нөмірдегі дауыстар көмескі ғана естіледі. Бір сәтке Ганин түсіне кірді, бірақ оның кім екенін, қайдан келгенін аңғара алмай қалды. Оның жүзі өңінде де құпия болатын. Ол ешкімге де өзінің өмірі туралы, кезбелігі мен соңғы жылдары басынан өткен оқиғалар жайлы тіс жарған емес, — өзінің Ресейден қашқанын да, теңіздегі бозғылт тұмандай, түс сияқты деп еске алатын.
Бәлкім, Машенька оған сол күндері де — он тоғызыншы жылдың басында — Қырымда соғысып жатқанда да хат жазған шығар, бірақ ол хаттар қолына тиген жоқ. Перекоп құлады. Басынан контузия болған Ганин Симферопольға жіберілді, бір аптадан кейін, Феодосияға шегініп кеткен бөлімшесінен қол үзіп қалған, дімкәс, ештеңеге көңіл хошы жоқ ол еріксіз беталды лаққан азаматтық эвакуацияға қосылды. Виктория королевасының алқызыл мундирлі солдаттарының ойыншық зеңбіректері отқа оранған Инкерман биіктігінің жоталары мен алқаптарында Қырым көктемі өзінің әбден күшіне еніп алыпты. Сүттей аппақ шоссе бірде көтеріліп, бірде құлдилап созылып жатыр, ой-шоқалақ жерлерде қойқалаңдап үстіңгі жағы ашық автомобиль өтеді, — кенет шапшаңдық сезімі ағараңдаған қыраттарға, кеңістікке келген көктем сезімімен қосылып көңілге қуаныш құйғанмен, сол сәтте бұл шоссе сені Ресейден алыстатып бара жатқанын сезінесің.
Ол Севастопольге осындай көңілі көтеріңкі қалыпта келіп, адамдардан ығы-жығы боп жатқан ақ тасты Киста қонақ үйіне шабаданын қалдырып төмен түсті, тұманды күн мен басының мәңгіргенінен масаң тартқан ол, дори портигіндегі ақ колонналардың қасымен, Граф айлағына алып баратын кең, гранитті басқышпен жүріп, қуғын-сүргін дегенді басынан шығарып, ұзақ уақыт көгілдір теңіз айдынына қарап тұрды, сонан кейін тағы да, ұзын теңізші сюртугін киген, дүрбісін ұстаған сұрғылт Нахимов тұрған алаңға қайта көтеріліп, артынша Төртінші бастионға алып баратын шаңды көшеге түсіп, нағыз көне құрал-жабдықтарға, қаптар тұратын, снаряд жарықтары шашылып жатқан жер көрермендер үшін салынған алаңды қоршап тұрған жұмсақ ауасы сәл-пәл қапырықты көрініске ұласып кетеді.
Севастополь оның жадында осылай қалды, — көктемгі, шаңды, ұйқысыраған дабыл құшағында.
Түнде, палубадан аспаннан қарап тұрғандай айлаққа қарап тұрады, прожекторлардың ұзын ақ жеңдері бірде жоғары көтеріліп, бірде төмен түседі, ал ай астындағы ақ айдын мүлгіп жатыр, Әсіресе, түнгі тұман ішінде, өз оттарына шағылысып алтын жалатқандай жарқылдаған бағаналары сорайған шетелдік крейсер тұр.
Ол мінген кеме, кір қожалақ грек кемесі болатын; палубада Евпаториядан келген қоңыр түсті бейшара қашқындар қалай болса солай ұйықтап жатыр. Ганин, шамы салмақпен теңселіп тұрған кают — компанияға орналасты, ал ұзын үстелдің үстінде алып пияздар секілді үлкен-үлкен түйіншектер жатыр.
Сонан кейін қайталанбас, мұңлы теңіз күндері басталды; толқындардың қайнап көтерілген ақ қанатты көбіктері бәрін, тіпті оны қақ тілген пароходты да құшақтай алады, бұрқ-сарқ етіп жатқан толқындардың бергі тұсында бортқа сүйеніп адамдар тұр. Тот басқан руль шынжыры шықыр-шықыр етеді, құбыр маңында екі шағала ұшып жүр, дымқыл тұмсықтарына күн нұры түскенде олар алмаз сияқты жарқ ете түседі.
Дәл жанында басы қазандай грек баласы жылады, оны жұбатам деп шешесі әлек боп жатыр. Палубаға сұқ саусағында жүзігі бар, көзінің айналасына көмір шаңы қонған қап-қара кочегар шықты.
Екінші күні шұғылалы кеште, қарауытып Стамбул да көрінді, бұларды басып озған кеме ымырт қараңғылығына сіңіп жоқ болды. Ганин капитан тұратын тұғырға көтерілген: Скутаридің қара жағалауына көкшіл рең кіре бастапты. Айдың сәулесі бозаң тартқан. Шығыстағы көгілдір аспан ақшадай қызарып, жарқырай түсті де Стамбул ымырт ішінен жүзіп шыға келді. Жағалау бойындағы суда ұсақ әжімдер пайда болады; қара қайық пен қара фесқа қастарынан жүзіп өте шықты. Шығыс әбден бозарып алды, жел соғып тұзды лебін үрледі. Жағалауда әлдеқандай аспап ойнады, пароход үстінен, қарғалар сияқты қап-қара, екі шағала ұшып өтті, жаңбыр сияқты шолпылдап балықтар шоршиды. Ганин жағалауға шығып, үлкен апельсин үйінділерінің үстінде ұйықтап жатқан түрікті көрді — тек сонда ғана ол өзінің ұясынан, отанынан, мәңгілік махаббаты Машенькадан қаншалықты қашықтап кеткенін білді.
Міне, енді соның бәрі қайта түлеп, жанында жаңғырып шыға келді, Подтягин қинала отырып сұрақ қойды.
— Ресейден кеткеніңізге көп болды ма?
— Алты жыл, — деді ол қысқа ғана, сонан кейін шегеріліп қойылған үстелдің дастарқаны мен ортада билеп жүрген Колин мен Горноцветовтың күлімсіреген жүздеріне түсіп тұрған бұрыштағы көгілдір жарықтың астына барып отырды да: "Қандай бақыт. Ол ертең келеді, жоқ бүгін, өйткені түн жарымы болды ғой. Осы жылдар ішінде Машенька өзгере қоймаған шығар. Ол оны алысырақ алып кетеді де, сол үшін барын сап жұмыс істейді. Ертең оның бүкіл жастық шағы, бүкіл Ресейі көшіп келеді.
Колин, бір қырымен шалқайыңқырап кеткен басын шайқай түсіп, өкшесімен жер тепкілеп қол орамалын желбіретіп Горноцветовты айналсоқтайды, ал ол болса жүрелеп отыра қап аяқтарын кезек-кезек сермеп, ақырында бір аяғымен шыр айналды. Әбден мас болған Алферов, шайқалып тұр. Клара төсек үстінде бір жамбастап отырып, басын анда-санда кілт бұрып алатын Подтягиннің терлеп кеткен боп — боз жүзіне үрейлене қарайды.
— Сіз қиналып отырсыз ба, Антон Сергеевич, — деп сыбырлады. — Сізге жату керек, екі боп қалды...
...Бұл оңай болмайды: ертең, — жоқ, бүгін — ол оны көреді; тек Алферов мүлде мас боп қалса екен. Бар-жоғы алты сағат қалды. Қазір ол вагонда ұйықтап жатыр, қараңғыда телеграф бағаналары, қарағайлар, жоталар сырғып кейін қалуда... Мына жігіттер қалай-қалай секіреді. Қашан олар билегендерін тоқтатады... Таңғаларлық емес пе... Тағдырдың әрекетінде кейде даналық бар...
— Иә, мен енді барып жатайын, — деді Подтягин даусы құмыға шығып. Ауыр дем алып, орнынан тұрды.
— Қайда барасыз, еркектердің идеалы? Тоқтаңыз... Шамалы аял кідіріңіз — Алферов шаттана былдырлайды.
— Ішіңіз де үндемеңіз, — деді Ганин оған бұрылып, сонан соң Подтягинге жетті. — Маған сүйеніңіз, Антон Сергеевич.
Қарт оған лайланып кеткен көзімен қарап, шыбын қаққандай қолын сілтеді де, кенет шайқалып алға қарай құлап түсті.
Ганин мен Клара оны ұстап үлгерді, бишілер билеп жүр. Алферов, тілін зорға бұрап, "қараңыздар, ол өліп барады" деді.
— Айналмай қойыңызшы, Горноцветов, — деді байыппен Ганин — Басын ұстаңыз. Колин, — мына жерден... Жоқ, бұл менің қолым, — жоғарырақ. Маған несіне қадалып қалдыңыз. Жоғарырақ дедім ғой. Клара есік ашыңыз.
Үшеулеп олар қартты бөлмесіне кіргізді. Алферов, шатқаяқтап оларға ермекші болды да, сонан кейін енжар ғана қолын сілтеп үстел басына қайта отырды. Дірілдеген қолымен өзіне арақ құйып, нымшасының қалтасынан никель сағатын алып, оны үстелдің үстіне қойды.
— Үш, төрт, бес, алты, жеті, сегіз — қолын Рим цифрларымен жүргізіп кеп тұра қалды да, басын бір жағына қисайтып бір көзімен секунд тіліне қадалды да қалды.
Сыртта түн дамылдап жатыр. Кең көшемен, таяғымен тоқылдатып, қара жамылғылы еңкіш тартқан шал келеді, ол қырылдай еңкейіп, таяғының ұшымен темекі тұқылын іздейді. Анда-санда автомобиль, одан да сирек аттың тағалары жалқау ғана тарсылдап тарантастар өтеді. Қалпақты мас мырза бұрышта трамвай күтіп тұр, ал трамвайдың тоқтағанына екі сағат болды. Бірнеше көбелек қыздар, есінеп қойып, жағаларын көтеріп алған күдікті бір мырзалармен мылжыңдасып, әрі — бері қыдырыстап жүр. Олардың бірі жандарынан екпіндей өтіп бара жатқан Колин мен Горноцветовты айқайлап тоқтатпақ болды да, бірақ сол сәтінде, олардың бозаң әйел пішіндес түрлерін көріп жүзін тез бұрып алды.
Бишілер Подтягинге таныс орыс докторын алып келуге кетіп еді, шынында да олар бір жарым сағаттан кейін жүзі бүлк етпей мелшиіп қалған, ұйқыдан арыла қоймаған бір мырзаны алып келді. Ол бейне бір тісінде саңлау бардай бірнеше ысылдаған дыбыс шығарып, жарты сағаттай болды да, кетіп қалды.
Енді жарықсыз бөлме тып-тыныш. Аурудың жанында бірнеше адам отырғанда болатын ауыр, құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Жарық кіре бастады, бөлмедегі ауа оңып кеткендей, — кереуетке бір қырымен қадалып тұрған Ганиннің жүзі сұрқай- көгілдір тастан қашап жасалынғандай; креслода таң жарығымен бұлдыр ағараңдап Клара отыр, ол да сол жақтан бір сәтке көзін алар емес. Одан әрірек, шағын диванға Горноцветов пен Колин жайғасыпты, — олардың жүзі екі боз ноқат сияқты.
Доктор бір бума кілтін сылдырлатып, лифтінің істемегені үшін кешірім сұраған Дор ханымның қара сұлбасының соңынан басқышпен төмен түсіп барады. Төменде ол ауыр есікті ашты, ал доктор жүріп бара жатып қалпағын түзеп, таңның көгілдір тұманына енді.
Кемпір есікті мұқият жауып, тоқыма қара шәлісіне оранып жоғарыға кетті. Басқыштағы жарық-сарғыш және суық. Ол кілттерімен баяу қоңыраулатып алаңқайға көтерілді. Басқыштағы жарық сөнді.
Кірер ауызда ол, есікті дыбыссыз жауып, Подтягиннің бөлмесінен шығып келе жатқан Ганинмен кездесті.
— Доктор таңертең келем деп уәде берді — деді кемпір сыбырлап. — Халы қалай, жақсы ма?
Ганин иығын қиқаң еткізді:
— Білмеймін. Онша емес. Оның сырылы... Тыңдаудың өзі қорқынышты.
Лидия Николаевна күрсініп, үрейлене бөлмеге кірді. Клара мен екі биші бірдей оған бұрылып қарады да, қайтадан төсекке қадалды. Жартылай ашық терезеден жел құйылады.
Ганин аяғының ұшымен басып, кеше сауық өткізген бөлмеге қайта оралды. Өзі күткендей Алферов әлі үстел басында отыр екен. Оның жүзі таң сібірі мен шам жарығының әсерінен ісініп майланып кетіпті; ол қалғып-мүлгіп, әлдене деп қояды; алдындағы сағат шынысының үстінде арақ тамшысы жылтырайды. Төрт сағат қалған еді.
Ганин оның қасына отырып, қабағын түйіп, жұдырығымен жағын таянып оның масаң ұйқысына ұзақ қарады.
Алферов кенет селк ете түсті де, оған басын бұрды.
— Демалмайсыз ба, қымбатты Александр Иванович, — деді Ганин нық дауыспен.
— Жоқ, — деді зорға міңгірлеп Алферов, сонан кейін өте бір қиын есеп шешіп жатқандай, тағы қайталады. — Жоқ.
Ганин қажетсіз шамды сөндіріп, портсигарын шығарып, темекі тартты. Таңғы ауадан, темекі түтінінен Алферов ес жиып келе жатқандай.
Ол алақанымен маңдайын ұстап, жан-жағына қарап, қолын бөтелкеге соза берді.
Созылған қолы жол ортада тұрып қалды да, басын шайқап, солғын күлімсіреп Ганинге қарады да: Бұл енді... жетеді. Машенька келеді.
Шамалыдан кейін Ганиннің қолынан тартып:
— Ей... сіз... атыңыз кім еді... Леб Лебович... тыңдап тұрсың ба... Машенька.
Ганин түтінін бұрқ еткізіп, Алферовтың жүзіне қадала қарады, — бәрін бір-ақ жинақтады: ашыңқы, сілекей ауыз, тезек түстес шоқша сақал, жыпылықтаған сулы көз...
— Леб Лебович, сіз тек тыңдаңыз, — оның иығынан тартып, Алферов шайқалып. — Мен қазір өрт сияқты... Ібілістің суын іштім... Жоқ, басқаша... Мен сізге қыз туралы айттым.
— Сіздің ұйықтауыңыз керек, Алексей Иванович.
— Қыз болды деймін. Мен әйелім туралы емес... сіз ойлап қалмаңыз... менің әйелім таза... Ал мен қаншама жылдан бері әйелсізбін... Жақында ғана, — жоқ баяғыда... қашан екені есімде жоқ... жап-жас қыз мені өзіне алып барды... Түлкіге ұқсас... Жиіркенішті-ақ, — бірақ тәтті... Ал Машенька келеді... Сіз білесіз бе, мұның не екенін, — сіз түсінесіз бе, жоқ па? Ал мен қалғып кетіппін, перпе... перпед... перпендикулярді білмеймін, — қазір Машенька келеді... қалай осылай болды? А? Мен сізден сұрап тұрмын! Ей, сен, большевик... сен түсіндіре аласың ба?
Ганин оның қолын итеріп тастады. Алферов басын шайқап, үстелге еңкейді, оның шынтағы дастарқанды жиырып, рюмкаларды құлатты. Рюмкалар, сағат еденге сырғып түсіп жатты...
— Ұйықтау керек, — деді Ганин, оны орнынан жұлып алды.
Алферов қарсыласқан жоқ, бірақ шайқалақтап тұрған оны алып жүру қиынға соқты.
Өзінің бөлмесіне жеткеннен кейін ол, көзі кіртиіп мырс етті де, төсекке қисайып құлай кетті. Бірақ кенет оның жүзінен үрей жүгіріп өткендей болды.
— Қоңыраулы сағат... — деп міңгірледі ол, басын көтеріп, — Леб, үстелде қоңыраулы сағат тұр... жеті жарымға қойыңызшы.
— Жақсы, — деді Ганин, сағат тілін бұрай бастады. Ол оны онға қойды, сонан кейін ойланды, он бірге жылжытты.
Алферовке қараған кезде, ол бір қолын ебедейсіздеу созып, шалқасынан түсіп қалың ұйқыға кеткен екен.
Орыс деревняларында көксоққан маскүнемдер осылай ұйықтайды. Күні бойы аптап болды, жол бойына құрғақ шөптер қалдырып биік-биік арбалар өтті, — ал қаңғыбас мас айқай шығарып, қыдырып жүрген әйелдерге тиісіп, мен генералдың баласымын деп кеудесін қағып, ақырында, картузын жерге ұрып, жолдың ортасына көлденеңінен сұлап түсті: Ол солай жата берер ме еді, қайтер еді, егер арбадан арбакеш түспесе. Мұжық оны әрірек сүйреп тастап, одан әрі кетті, ал маскүнем боп-боз жүзін шалқайтып, бейне бір өліп қалғандай жолдың жиегінде жатыр, — ал шөп тасыған арбалар шайқала жылжып, шаң көтеріп, қарап тұрған адамдардың арасымен өтіп барады.
Ганин, үстел үстіндегі қоңыраулы сағатты дыбыссыз қойып, ұйықтап жатқан оған ұзақ қарап тұрды.
Мүйісіне отын текшеленген қараңғы ванна бөлмесінің жанында ас үй бар. Тар терезенің әйнегі сынық, қабырғалары сатал-сатал, кір қожалақ ванна үстінде душтың ұзын қисық сырығы орналасқан. Ганин айналасы бірер минөттің ішінде шешініп, қуатты, аппақ сіңірлі қолы мен аяғын созды. Бұлшық еттері бүлт -бүлт етеді. Кеудесі бірқалыпты көтеріліп-басылады. Ол кранды ашып, мұздай судың астына тұра қалды, тартыңқы қарыны рақаттана қабысып қалған.
Шу шығармай киініп алған ол, шығар ауызға шалбарын шығарып, сағатына қарады. Он минөтсіз алты екен.
Ол пальтосы мен қалпағын шабаданының үстіне тастап, Подтягиннің бөлмесіне кірді. Көзін жұмып алыпты, жер түстес жүзі ауыр азаптан бұзылып кетеді. Жарық түсіп қалыпты. Пойыздардың дүрсілдеген дыбысы үйді аралап өтіп жатыр.
Ганин бас жағынан жақындаған кезде, Подтягин көзін ашты. Тұңғиыққа үздіксіз құлап бара жатқан оның жүрегі бір сәтте, күмәнді болса да, сүйеу тапқандай. Ол көп нәрсе айтқысы келді, — енді Парижге бара алмайды, отанын боса болмасын көре алмайды, оның бүкіл өмірі бос, нәтижесіз болды, не үшін өмір сүргені де, не үшін өлетіні де түсініксіз. Басын бір қырын бұрып, Ганинге абыржыңқырап, міңгірледі: "Міне... төлқұжатсыз", — оның ернінде мысқыл күлкі тұр. Ол тағы көзін жұмды, тағы да тұңғиыққа құлап бара жатты, жүрегіне әлдене шаншудай қадалып тұр, — дем жетпей барады...
Ганин, аппақ қолымен кереуеттің басын сығымдай қысып қарттың жүзіне қарап тұрып, сол бір он маркаға сатылған, кездейсоқ орыс қосалқы актерларының көлеңкелі елестері есіне түсті. Қазір олар қай жердің экрандарында көрсетіліп жатыр екен. Ол, Подтягиннің не болғанда да, Ганиннің жанын жылытатын, мәңгілік болмысты есіне салатын, ең болмағанда, екі сұрқай өлең болса да, қалдырған шығар деп ойлады: кейде арзанқол әтір мен күнде өзіміз өтетін көшедегі жарнама да мәңгілік боп көрінеді. Өкініш пен бақытқа толы бұл өмір бүкіл өзінің тебіреніске толы қалпында оның көз алдына кеп тұра қалды, — бәрі бір сәтте әрі ұлы, әрі құпия боп көрінеді, — бозаң жарық құйылып тұрған Подтягиннің жүзі, оның өткен өмірі, — және бір-бірімен қатар тұрған, қара көйлекті сол бір екі әйел Ганиннің күлімсіреп тұрғанына таңырқай қарады — бірақ ол оның бұл жымиысын ұға алмады.
Сол күлімсіреген қалпы ол, төсек үстінде сәл ғана қимыл ете түскен Подтягиннің қолын ұстап, басын тіктеп алды да, Дорн ханым мен Клараға қарады.
— Мен кетіп барам, — деді баяу ғана. Біздің енді тағы да кездесе қоюымыз қиын. Бишілерге менен сәлем айтыңыздар.
— Мен сізді шығарып салайын, — деді Клара да баяу, сонан кейін: — Бишілер диванда ұйықтап жатыр.
Ганин бөлмеден шықты. Шығар ауыздағы шабаданын алып, пальтосын иығына лақтыра салды, Клара есік ашты.
— Саушылықта болыңыздар, — деді ол, бір қырындап алаңқайға бара жатып. — Бәріңізге жақсылық тілеймін.
Ол бір сәтке тұра қалды. Жақында ол Клараға, өзінің ешқандай да ақша ұрлаймын деген ойы болмағанын, тек көне суреттерді қарағанын түсіндіріп айтам деп ат үсті ойлаған-ды, бірақ енді не айтқысы келгенін есіне түсіре алмады. Басын бір иіп, ол асықпай басқыштан түсіп бара жатты. Есіктің тұтқасынан ұстап тұрған Клара оның соңынан қарап тұр. Ол шабадандарды шелек құрлы көрмей көтеріп барады, оның қайратты аяқтары әр басқышты басқан сайын сирек соғатын жүрек сияқты дыбыс шығарады. Ол басқыш бұрышынан көрінбей кеткеннен кейін де, сол бірқалыпты, алыстап бара жатқан аяқ дыбысы ұзақ естіліп тұрды. Дауысын шығарып: — Бишілер диванда ұйықтап жатыр, — деп қайталады да, кенет сұқ саусағымен қабырғаны шимайлап, өксіп, солқылдап ұзақ жылады.
Сағат жөндейтін шеберханаға қырынан ілінген үлкен сағаттың ауыр, жуан тілдері алтыдан отыз алты минөт өткенін көрсетіп тұр. Түнгі ызғардан арыла қоймаған көгілдір аспанның бір бүйірінде жұқа ақ бұлт жатыр, созылыңқырап қалқыған ол бұлтта айрықша бір нәзіктік бар. Сирек жүргіншілердің адымдары салқын ауада айқын естіледі, ал алысырақтағы трамвай рельстерінде күңгірт көлеңкелер дірілдейді.
Шегір гүлдердің үлкен бумаларының үстіне жартылай жолақты дөрекі мата жабылған арба жайлап кетіп барады: сатушы оған жегілген итке көмектесіп келеді, талшық тамырларына дейін адамға қызмет етуге арналған байғұс ит, тілін салақтатып, бар күшімен алға ұмтылады.
Бүршік жарып келе жатқан ағаштардың қара бұтақтарынан бозторғайлар пыр етіп ұшып, биік кірпіш қабырғалардың жіңішке бастарына барып қонды.
Торлы дүңгіршектер әлі ұйқыда, таңның жарығынан үйлердің шатырлары ғана бозарып келеді.
Айналаның бәрі айнаға түскен сұлбадай керісінше, төңкеріліп түскендей әсер қалдырады. Күн көтерілген кезде қалбаңдаған көлеңкелер тарап, орын-орындарына жайғаспаушы ма еді — дәл сол сияқты, Ганин есіне ала беретін сол бір өмір — шынында да тым алыста қалыпты.
Ол бұрылып көше түкпіріндегі жарық түсіп тұрған үйге қарады. Ол үйге енді Ганин еш уақытта оралмақ емес. Ол үйден шыққан оның өмірінде ғажайып құпиялылық қалмақ.
Күн көтеріліп, қала шұғылаға біртіндеп орала берді, көше де өзінің көлеңкелі әсемдігін жоғалтып, жандана бастады. Сықап толтырған қос шабаданды көтерген Ганин, көшенің қақ ортасымен келе жатып, көптен бері өзін осындай күшті, осындай қуатты сезінбегенін, енді қандай күреске де дайын екенін ойлап келе жатты. Ол айналаға қайта түлеген сүйіспеншілікпен қарап келеді, — базарға бет алған арбалар, бүршігі жайылып келе жатқан жапырақтар, фартукті кісінің дүңгіршектер мен қабырғаларға жапсырып жатқан жарнамалар — бәрі-бәрі оның бойындағы түлеп жаңғырған тіршілікпен үндесіп жатыр еді.
Ол вокзал жанындағы шағын сквердегі скамейкаға отырды. Ол жақында ғана осында отырып, сүзекті, усадьбаны, Машеньканы есіне алып еді. Бір сағаттан кейін ол келеді, оның күйеуі қалың ұйқыда, ал, ол, Ганин оны күтіп алмақ.
Неге екені белгісіз, Людмиламен қалай қоштасқанын, оның бөлмесінен қалай шыққанын есіне алды.
Бақтың сыртында үй салынып жатыр. Ол сары түсті ағаштарды, — шатыр қаңқаларын байқап тұр.
Әлі ерте болса да, жұмыс басталып кетіпті. Таңғы аспан астында жұмысшылардың сұлбасы көрінеді. Біреуі шатырдың қырлы жотасымен жеп -жеңіл кетіп барады, бейне бір ұшуға жиналғандай.
Ағаш қаңқаларға күннен алтын құйылып тұрғандай, олардың үстіндегі екі жұмысшы үшіншісіне түніке беріп тұр.
Ол екеуі басқыштың үстінде жатқандай, бір сызықтын үстінде ұзынынан жатып алған, төмендегісі, үлкен кітапқа ұқсас, қызыл түнікені басынан жоғары асырады да, ортадағысы оны алып, дәл сондай қимылмен, қолын созып үстіндегі жұмысшыға береді. Осы бір енжар, бірқалыпты жұмыс оның жанын жай таптырардай, түлеп келе жатқан ағаштағы сарғылт тіршілік мәңгі армандардың нағыз мәңгілігі сияқты. Ганин көгілдір аспанға, шатырға қарады да, Машенькамен екеуінің арасындағы махаббат біржола біткенін бүкіл болмыс-бітімімен айқын ұқты. Ол бар болғаны төрт-ақ күнге созылды, — сол төрт күн, бәлкім, оның өміріндегі ең бақытты кезең шығар. Бірақ енді ол өзінің еске алуын түгел сарқып біткен еді, оған оның әбден мейірі қанды, енді Машеньканың бейнесі өлім аузындағы қарт ақынмен бірге, сол үйде қалды, енді ол үй үшін өзі де естелікке айналды.
Ол бейнеден басқа, өзге Машенька жоқ, болмайды да.
Ганин, темір көпір үстімен солтүстік экспресстің баяулап келе жатқан соңғы минөтіне дейін күтті. Пойыз вокзал тасасына өтті.
Сонда ғана ол өзінің шабадандарын көтеріп, таксомоторды шақырды да, қаланың басқа жағындағы вокзалға тартты. Ол Германияның оңтүстік-батысына жарты сағаттан кейін жүретін пойызды таңдады да, бар қаржысының жарты бөлігіне билет алып, ешқандай шақыру қағазсыз-ақ, шекарадан өтетінін қуана ойлап тұрды, — ол жақта Франция, Прованс, одан әрі — теңіз. Ол пойыз қозғалған кезде ілмекте ілулі тұрған макинтошының қатпарына тұмсығын тығып ұйықтап кетіп еді.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі