(Аңыз)
Мен жақында Маңғыстау даласынан ерекше бір күй тыңдадым. Осынау жұмбақ, әрі шерлі күйдің жайын сұрай ауылдың қарт күйшісіне барғанымда, ол кісі күйдің аты «Шер толғау» екендігін айтты. Сөйтсем, өзі де талай тыңдаған екен...
Менің түсініксіздіктен аңырайғанымды көріп, сондағы қарт күйшінің айтқаны...
Қас қарайған шақ. Алпауыт дүниенің алқынды келер шолақ дәуренін кездік Уақыт алқымнан алып, тұншықтырған кезі. Арам терге түскен дүние шіркін, шарасыздықтан шалқалай түсіп, тұншығып, өлім алдындағы бей-жай қараңғылыққа еніп барады. Иә, дүние қараңғылыққа еніп барады, ал мынау дарқан даланың көзге ілінбес мамық жағасын жабыла қонған адайлар ауылы — қараңғылықтың көкірегін теуіп тастап, самала-самала білтелі шамдар күндізгідей келбет беріп жарқыратқан он екі қанат іргелі ақбоз үйге: «Уа, қайдасың, жарық!» дегендей кіріп жатыр, еніп жатыр.
Аспанда әрбіреуі «мың бір түннің» бір түніндей есуас жұлдыздар еркін билік құрған. Олар тіпті, Ай-сәуленің өзін жанынан бездіретіндей ессіздікте.
Ал, ауыл төріндегі он екі қанат ақбоз үйдің нақ төрінде шоқша сақалы селтиген, шүңірейген тышқан көзді, ақ бурыл шашын далиған қасқа маңдай төрінен әрі асырып тастаған қарт күйші шарт жүгініп отыр.
Күйге ашқарақ, күреске ашқарақ адайлар қауымы ағаш үйді араның ұясындай толықтырып, сақалдарын санай-тармалай аупылдасып отыр.
— Уа, Күйші, баста күйіңді!
— Иә, бастап жібер!
— Баста! Тарқасын шер, жіпсісін маңдай!
— Жетпегір көңіл жетіссін!
Күйші назары керегенің жоғарғы уығында қонақтағанмен, күйші есі әлдебір заман, әлдебір запыран жорықтар салған көкірек жараларын тырналап отыр.
«Уа, қайран елім, қалың жұртым, жанымның жарасын сыйлаймын, мен сендерге!»
Домбыра бір дың етті.
Домбыра және дың етті.
«Уа, Қорқыт-Ата, жан пірім, аруағыңды шақырдым көмекке! О, қажымас қажыр — Адам Рухы, өзіңді шақырдым, көмекке! Келіңдер де, төгіңдер! Жан азабын себіңдер! Тырналаңдар, жан жарасын, саралаңдар ес қабатын! Тоғыз өрім дойыр қамшы, сабаласын жан-жотасын, сабап-сабап шалқалатсын, ереуіл аттың арқасына! Кезсін жаным, жан даламның жазирасын!
Шырқатып-ақ шығарсын бір, толғақ шердің хан баласын! Шер баласын, шерді емес! Аулақтасын, шер баласы! Аулақтасын, Айға жетсін; аулақтасын, айлап кетсін, қазағымның тарихының, қырларына жазатайым!»
Домбыра бір дыр етті.
Күйші денесін жиырып, дүр сілкінді. Мәңгілік дүние күйшінің дірілдеген саусақтарымен өз тіршілігін білдірді. Аңырақай адайлар селк-селк етісті. Олар да Ұлы Уақыттың бір бейне-бөлшегін көретіндерін, бір бейне-бөлшегін еститіндерін түйсіктенгендей, алдамсақ даудан шаршаған тілдерін тістерімен қыршып-қыршып, керегеге шырт-шырт түкірісті.
Таусылмас қазыналы түбек — өз ішкі дүние, жан-тәнінен аударылған дыбыстар күйшінің миына шапшып, қанын қоздырды. Сол, сол-ақ екен, домбыра да ұзақ жылғы ұйқысынан оянғандай ыршып түсіп, күңгір-күңгір дыбыстар шығарды.
— Е, жаса, Күйші!
— Е, баста, Күйші!
Домбыра мен Күйшінің бірігуі — жер-дүниені солқылдатар зұлмат күш тудыратынын, ол күштің миға қан боп шапшып, құйрық жыбырлата орындарынан гәу-гәу тұрғызатынын біледі адайлар, біледі!
Күйші шекті қағып-қағып жіберді. Ашулы түндіктен Ай қарады, үш-төрт епті жұлдыз сығалады.
Домбыра бір дың етті де, күйші Ұлы Жорығын бастады. Ұлы жорық — Күйші жаны мен домбыра жорығы. Жаулық — жаусыздық, адалдық — арамдық, күнә мен жаза аралдарының арғы бетіне шығарып тастайтын, алыс жағалауда жан тазартар саумал туғызатын Ұлы Жорық. Сан ғасырлар сарабынан өткен саңлақтар туралы, боздаған бота, туған ел төсіне талақ боп тартқан аруаналар туралы, себепсіз-сансыз жорықтар «ақ табан шұбырындылар» туралы толғау-күй кеңістікке шым-шым тарады.
Аспанда — Ай, жұлдыз, аспан астында — бетегелі, жусанды жалпақ дала осынау толағай күйді көкіректеріне жазып алмақ сыңайда үнсіздікке бөккен. Халықтың да маңдайларынан тер сорғалап, тәубаға келген кезі...
Осынау бір дүние адам рухына бас иген сәтте, «аңдыған жау алмай қоймастың» керін келтіріп, шағын ауылдың «жігерлі найза қолға алатын» жаннан безгендері жырақтағы майданға кеткенін білген жау жасағы ауыл шетіне келіп қалған еді.
Ал, толғаулы күй әлі біткен жоқ еді, қайта өз соқпағын тауып, сол соқпақпен екілене бауыр жазған кезі еді.
Кенет! Кенет! Қайран, көшпенді өмір! Қаншама «кенеттер» сені сілікпелеп төске теуіп, «әттегенайларға» салдырды екен?!
Кенет!
— Ойбай, жау шапты! Жау шапты! — деген ащы айқай отырғандарды дүр сілкінтіп, орындарынан атып тұрғызды. Тұра сала жұрт есікке ұмтылды.
Күй күрт үзілді. Күйші домбырасын алдына тастай сала қанжарына жармасты.
Жасанып келген жау қолы аз ғана уақытта шағын ауылдың ойран-топанын шығарды. Киіз үйлер алаулап жанып, шаңырақтар ортаға түсіп жатты. Дала қан сасыды, ышқынған айқай, ойбайлаған адамдарға толды. Жер-ошақ, қазан-аяқ төңкерілді, талай дене бастан айырылды, талай бойжеткен ардан айырылды, талай балғын жүрек намыстан жарылып өлді. Тірі қалғандары қыл арқанға шимайланып, құлдыққа жандарын сатты. Жер елінен айрылды, ел елдігінен айрылды. Отан от бүйрекке айналды...
Әлқисса, таң ата майдангер ерлер де ауылға таяды. Алдарындағы жаудан түскен қос үйір жылқыны шашау шығармай дөңнен-дөңге тепеңдетіп келеді. Топ басшысы — жас батырдың көңілі қобалжулы.
Әлденеңі сезгендей асықтыра түседі. Қою қара қасы, нәркес көздері, жалпақ беті термен боршаланған. Қабағы қату. Осынау қатулық, осынау қобалжу жанындағы әрі батыр, әрі сері жан жолдасына да ауғандай. Екеуі де үнсіз, екеуі де асығулы. Жігіттер жылқыларды аяусыз жорғалатты.
Міне, мынау соңғы төбешік. Одан асып ауылға ілігеді. Төбешіктен құйындап аса берді. О, құдай, мынау неткен сұмдық! Алдарында — ойрандалған мекен, түтіндеп бықсыған дала, ортаға түскен шаңырақ, төңкерілген ошақ.
— А-а-а! Жігіттер ауылға аңырай шапты. Айдаудағы жылқы далада қалды. Аз уақыт үйірленіп тұрды да, иесіз қалғандарын сезген бурыл айғыр үйірін туған мекенге бастады... Лезде меңіреу дала азан-қазан шуға толды. Өзі батыр, өз сері жас ноян ағызған қалпы ауыл ортасында тұрар он екі қанат ақбоз үйдің орнына жете аттан домалап түсті. Жер бауырлап жартылай жанып біткен шаңыраққа жетті де, басын ұрғылап еңкілдеп жылады-ай!
— Қайран әке! Айрылғаным ба, мен сенен?!
Дауысы үдеген сайын басын шаңыраққа ұра түседі; маңдайынан қан сорғалап бетін жуып кеткен. Осы кезде артқы жақтан:
— Аттан! Аттан! — деген шу шықты. Айқай шықты, аңыраған ерлер атқа қонды, қайтадан! «Қанға — қан, жанға — жан» алмаққа, қырылған халық, шашылған байлықты қайтармаққа аттанбақшы. Топ басшысы қандыкөйлек жолдасына бұрылды.
— Біз аттанбақшымыз, Құлан!
— Аттан! Аттаныңдар! О-ай, ай, ай, аттаныңдар! — Құлан жын аулаған бақсыдай орнынан қарғып тұрып, жолбасшыға ұмтылды. Жете бере етпетінен құлап, тұрмай қалды. Жолбасшы кілт бұрылып, тебініп қалды. Андағайлап күтіп тұрған жігіттер ілесе берді, артынан!
Кұлан есін жиды. Орнынан әзер көтеріліп тұра беріп еді, көзі бықсып жатқан жарты шаңырақтың астындағы домбыраға түсіп кетті.
Жүгіріп барып, жарты шаңырақты төңкеріп тастады. О, құдірет! Әкесінің домбырасы! Бүп-бүтін күйі! Әкесінің қолында тайраң қағар қалпы! Көзіне жас үйірілді. Маңайдан жан буыры — Кертөбелінің кісінеген дауысы шықты. Кұлан домбыраны көкірегіне қыса бере шалқасынан құлады.
Әлден кейін есін жиып, әзер дегенде тізерлеп отыруға шамасы жетті. Домбыра қолында. Осы кезде Кертөбелі тағы да кісінеді. Оған «ботасын шайнап өлтіріп», ақ тер — көк тер боп еліне қашып оралған аруананың боздағаны қосылды.
Құлан малдасын құрып, түзеліп отырды. Әлден кейін тағы да жылқы кісінеді, аруана боздады, уық-уықты қуалай үрген жел шіркін, астан-кестен дүние суығынан қалтырағандай үздік-создық уілге басты...
Құлан домбырасын ыңғайлап ұстап шертіп-шертіп жіберді. Домбыра дың-дың етті.
Аруана боздады, жылқы кісінеді, уық-уықты қуалай үрген жел уілдеді...
Боздау, кісінеу, уіл...
Оған жел қауқарынан ызыңдаған жусан дауысы қосылды. Домбыра үні дала әуеніне ауып барады...
Боздау, кісінеу, уіл, ызың.
Кісінеу, боздау, ызың, уіл.
Уіл, ызың, кісінеу, боздау.
Ызың, уіл, боздау, кісінеу.
Құлан домбыраны дала әуеніне сайып тартып отыр. Бойына әлдеқайдан жеткен күш өз нәрін енді бере бастағандай.
Боздау, кісінеу, уіл, ызың.
Кісінеу, боздау, ызың, уіл.
Домбыра да, домбырашы да күштеріне ене бастады. Домбырадан боздау естілді, кісінеу естілді, ыңыл-ызың естілді, уіл естілді. Дала әлдебір құдіретпен жас серіге өз күйін тартқыза бастады.
Құлан тартқан сайын шырайлана түсті. Көз алдына туған ауылы, күйші әкесі, саумалдықтай бойжеткен келді. Келген сайын екілене тартты, Құлан!
Боздау, кісінеу, ызың, уіл.
Әлден кейін ақбоз үйдің төрінде домбыра тартқан әкесі келді, көз алдына. Келген сайын қытыр-қытыр тісін қайрап қызына тартты, дүние-ай!
Аруана боздады. Кертөбел кісінеді.
Жусан ызыңдап, сүреңсіз жел уілдеді.
Әлден кейін аңдаусызда шапқан жау көрінді, көзіне! Көрінген сайын ызалана тартты, Құлан! Екі иығы селкілдеп, жыларқана тартты, Құлан!
Ат кісінеді, аруана боздады, әлденені іздеген жел уілдеді, жусан ызыңдады...
Табиғат-Ана да, мынау мәңгілік дүние де күйші баласына мұңын шағып, бірге ызаланды, бірге жылады...
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі