Өлең, жыр, ақындар

Дүние-бесік

(Экологиялық толғау)

...Қас қарайған шақ.

Бура бұлттармен көмкерілген шаңқан көк сығалар тесік іздей қымтырылулы. Бірер уақыт әлдебір жердегі бұлт ұятын өз тәнімен жапқандай боп тұрды да, қымсынған кейіппен қайта жоғалды.

Теңіз беті толқып жатыр. Нөсер алдындағы ақшулан жел төсіне қол жүгіртіп, денесін тітіркендіреді.

Бүкіл әлем орасан өзгеріс күткен сиықпен демін ішіне тартып, тына қалған. Іштей тынып, не нәрсенің де артын аңдағысы кеп, бейқам келбет көрсетіп қояды.

Жал желке толқындар бірін-бірі қуалай жағалауға алқынады. Жарыс сөресі — қоңырқай жартас, бозаң құмдақтарға мұрындарымен шаншылып, кейін жөңкіледі кеп!

Бұлыңғыр аспанды шиырлаған шадыман шағалалар да жоғалып кеткен.

(Нөсерден кейінгі тоқтықты қанағат тұтты ма, кім білсін?)

Толықсыған теңіз мол ризыққа кенелерін сезгендей: ғашық шыдамсыздығымен тықыршып, іштегі қуаныш екпінін әлсін-әлсін төгіп-төгіп қояды. Жадыраңқы көңілі түйсік есігін қызбалықпан бітеп тастап, көкке деген наразылығын үдеген қозғалыспен біддіргендей. Сол үдеген қозғалыста жаңбырлы күні асыр салған сәбидің мәзір көңілі бар ма-ау?!

Нөсер аңсаған шөл даланың кеппеген ыңдыны бар ма-ау?!

...Дүниені тыныштық тәңірісі билеген сәт еді. Әп-сәтте тыныштық тауанының шырқын бұза айбарланған, ал шын мәнінде, әркімнің қойнына саусақтарын көп жүгіртер жеңілтектеу, сұсты жел күле-күле ішегі үзілердей дамыл тапты.

Әне, шығаннан бір ғажайып күріл жақындап келеді, жақындап келеді... Айнала түнек тұңғиығына бата түскен. Кенет, найзағай ойнап, аспан шатыр-шұтыр сынғандай болды да, боз-қызаң семсер жарқ етіп, көк көкірегін дыр айырды. Дүниені дүр сілкіндірді.

Іле-шала осынау алапат дыбыс бүкіл әлемді тәңіне бағындыра, ауа кезіп кетті.

Кеңістікте дабыра — шу иірімдері еркін шарлаған осы сәтте, жанын пәршалаған найзағай алмасына қарсы қояр тегеуірін таба алмаған бейшара аспан көз жасы шарасына сыймай, еңіреді кеп!

Жер-Ана аз сәтке мызғудан селк ете оянып ап, «бұл не шу?» дегендей айналаға қаранды.

Мейрам теңіз алуа аспанның кермек моншақтары тәнін сипалаған сайын сылқ-сылқ күледі-ай!

Жер бетіне нөсер жас төгіліп жатыр, төгіліп жатыр.

Теңіз сылқ-сылқ күліп жатыр...

Жер тамырларындағы қан қысымы күшейіп, солқ-солқ етеді.

Тіршілік астан-кестен...

Осы бір жас, осы бір сақыл, осы бір солқыл таң атқанша бір толастамады.

Жастық қайрат қайта оралып, теңіз, шіркін, жанданды, сол қайратпен, сол жігермен асып-тасып ақтарылды.

Аспаннан бал тамып, жердің сүті иіген кез ғой, бұл!

Таң рауандап келеді.

Шатыр-шұтыр бірте-бірте бәсеңдей бастады. Әлденеге қаһарланған әлдебір аждаһаның көңілі сабасына түсіп, ашуы қайтайын деді ме?..

Жылай-жылай аспанның да көз жасы сарқылды ма?..

Жауын — жас сіркіреп тұрды да, әлден кейін сап тиылды.

Тымырсық тыныштық қайта орнаған кез. Ернеуінен аса жағалаудағы құмдақ ойпаңдар мен жартастарды жалмап алған ашқарақ теңіздің де кәусары кеуіп, тыныштала бастаған.

Бұйра бұлттар жаңадан пайда болған өкпек желдің кақпақылымен желкенін көтеріп, алысқа ауып барады.

Жер-Анаға: «Айдан ұл, Күннен қыз тудырдым. Басқаға қауқарым жоқ!» деп дауыстап, қол бұлғап барады, өзі!

Теңіз селк етті. Маң-маң мыздиған басын кілт көтеріп, көкке аңтарылды.

«Не деп барады, өзі?! Күннен қыз тудырғаны несі?! Жоқ!.. Әлі көрінбейді!.. У-у-х!..»

Сарғайған сағыныштың кермек тамшылары өн бойымен шымырлай келе, күрсіністің бұйра демдері боп жағаға соғылады.

Қым-қуат жұмыстан кейін сілесі қатып, қалжыраса да, әлдебір сағыныш көңілін алай-дүлей қып, дөңбекшітті.

Түні бойғы дабырадан мәңгі болған Жер-Ана тыным тауып, үнсіздікке бөккен.

Ал, тыпыршыған теңіз болса, өткен өмір белестеріне ой жүгіртіп, ыңырсыған дыбыстар шығарады.

Жанарында тәтті мұң мен қызғаншақ сезім біте қайнасып, мазасыз қаліпке түскен.

Ұлағатты Ана өркенін алдына алып, ұйпаланған кекілін салалы саусақтарымен жұмсақ тарайды. Мұнымен ортақтасқандай ақ көңілімен баяу тербейді.

Бейшара-ай! Сағыныш запыраны аузын сәл ашса ақтарылғалы тұр. Не еткен үлкен жүректі пенде еді, өзі?! Ғасырлар бойы сарқылмас махаббат, аңсарлы арман мекендеген пәк жаны ананың қаяусыз көңіліндей таза, мөлдір.

Мәңгі бақи осылай күтіп, еміреніп, шыдамсыздықпен жар сабалап жатқаны...

...Осы бір кіршіксіз махаббаты, мұң аралас тәтті сағынышы мынау тоңазыған тоң дүниені майдай ерітер еді-ау, әттең!..

Екі ғашықтың шұрқырасып табысқан сәтін айтсаңшы! Ондай ынтымақты, бақыт емшегінен емірене еміп, ләззат нұрына рахаттана шомылар сәт пенде ғұмырында көрген емеспін. Сірә, бауырымдағы өзге өркендерім мұндай асыл махаббат дәмін татпаған шығар?!.

Әлде оған деген сенім жоғалды ма?

Тіпті олар өз тірліктерінде осынау теңіз тәрізді әлдебір сағымдай биіктерге ұмтыла ма екен? Әй, қайдам?»

Міне Жер-Ананың да кірпіктері айқасып кетті. Тіршілік Ұлы Мызғу түңғиығына сіңіп барады...

Таң сәрі.

Алыстағы мая өркеш қырқалардың арғы бетінен бір Арудың тыныштықты дірілдете салған мұңды әні естіліп тұр.

Шығанда шырқалған сол ән, міне, жақындап келеді. Әнмен бірге дүниеге бозамық жарық кеулей еніп, түнек түннің қарысқан құшағы ашылып барады.

Жүрек сыздата жақындап келе жатқан осы бір мұңды әуенде көкіректе шемен боп қатқан көнтерлі сағыныштың табы бар ма-ау?! Әйтеуір қапас әлемді тезірек жарығымен жарылқап, шарапатымен бөліскісі келген сыңайы бар.

Теңіз дүр сілкінді. Тәтті ұйқысын серпіп тастағысы кеп, денесін бір жиырды, бір жазды.

Нәзік жүрегі лүпілдеп, көптен күткен табысу сәті жақындаған сайын дегбірсіздене толқиды.

Енді бір сәтте жырақтағы тау сілемдерінің қалтарыс-қуыстарынан шашыраған алтын сәуле шоқтары көріне бастады. Алғашқы жарық шапақтары дүниенің төрт бұрышына суыт хабаршылардай асыға жайылып барады.

Шыдамын сарқыған ғашық — теңіз енді дүрілдеп қайта тасыды. Ыстық қаны бетке шапшып, өрекпіді-ай келіп!

Осы кезде биік таудың қалқиған шекелерінің арасынан сұңғақ денесін бірте-бірте жаза түскен, ай жүзі көз қарықтырар ғажайып қыз жарқ ете түсті.

Жарқ етті де жер-дүниені жарығымен сәулелендіре бой түзеп, аспан төріне баяу бет алды.

Міне сәуле-шашақтар теңіз бетіне жамырады.

Әлден соң бір-біріне ынтызар мәңгілік ғашықтардың ыстық құштары айқаса кетті. Көріспегелі ат төбеліндей бір-ақ күн өтсе де, әлденеше ғасырлар өткендей. Ынтық қөңілдерімен ери аймаласып, сағыныш запыранын ақтарысты-ай, бір! Ыстық құшақ, бал еріндер екеуін де балқытып, ләззат тұңғиығына шым батырып әкетті...

Талма түс.

Ару — Күн көк төріне жайғасқан. Моншақтары мен нұр келбеті су бетінде ойнақтап, ессіз ғашығын еркелетіп қояды. Зорыға табысқан мәңгі айырбасталмас егіз сыңарын Теңіз — жігіт аймалаудан бір танбады.

Рахат тірлік! Айнала дүниенің бәрі ұмытылған. Келісті наз, тәтті еркелік: бүкіл әлем Жарастық, Ынтымақ бесігінде тербетіліп тұр.

Еркелеген теңіз иесіне еркелеген сабалақ итше құйрығын бұлғандатып, әлсін-әлсін жағалауға жеңіл ұрғылайды.

Кеше ғана құйындатып өткен тазалықшы — жаңбырдан кейінгі табиғат бойындағы бар асылын мырзалықпен бөліседі. Жер-Ана азын-аулақ қоқысынан арылып, шуақты Күн аясында жадыраңқы көңілмен ұзын шашын тарқатып жіберіп, рақаттана тыныстап тұрған.

Маужыраған теңіз де кезекті қуаныш толқынын дірілдете жағалауға бағыстаған сәт еді.

Кенет! Масқара!..

Ішек-қарны түнімен ақтарылып, мың төгілген теңіздің тән жарасының қабығы сыдырылып, бетіне шығып кетіпті... Жағалауға жақын жердегі тайыз суға тізерлей еніп, жүзін Күнге беріп, сарып тұрған Адамды көргенде ұяттан жарыла жаздап, жүзін тұңғиығына жасырды.

Масқара-ай!

Ғашығына бой ерітер мәністі көзқарас тастап тұрған ару Күннің өткір жанары сүйіктісінің осы бір ұсқынына түскенде, бейшара қатты күйзеліп, жылады-ай! Көз жасын көлдеткен күйде шөп сыбдырынан үріккен қояндай көктің алыс түкпіріне безе жөнелді.

Әп-сәтте көк жүзін түнек бұлт қайта торлады. Жер-дүние тас қараңғылықтың безбенінде иірілді. Аз сәтке салқын тыныштық орнай қалды да... Бүкіл әлемді солқ еткізе алапат дауыл соғып өтті. Артынша-ақ, көк күркіреп, Жер бетіне нөсер жас құйылды десеңші!..

Бозаң-қызыл семсер жалт етіп көтерілді де, аспан төсін ухілете сойып өтеді!

Сергек жатқан Жер-Ана жайылған құшағын жиырып алды. Ұятпен алаулап жатыр.

Теңіз шіркін де аспанмен қосылып еңіреп жатыр, көз жасын көлдетіп жатыр!

Кеңістікте ұлы дүрмек қайта басталды: Жер солқылдап, Аспан арқырап, Теңіз сақылдап жатыр...

Нөсер — жас Жер бетіне төгіліп жатыр, төгіліп жатыр.

Ғазиз ғашық жан теңгермес сыңарын енді қашан көрерін кім білсін?..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер