ҚазҰУ - профессоры, доцент Жанатаев Данат Жанатайұлы
1-курс магистрі Қазбай Парасат
Қазақ әдебиетінің ғасырлар бойы үзілмеген тарихи жолы ұлтымыздың қалыптасу даму жолымен сабақтас екені белгілі. Рухани мәдениетіміздің желісін құрайтын Сыр сүлейлері деп аталатын өнер тарландарының шығармалары ғибраттық, тағылымдық маңызымен ерекшеленеді.
Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін Сыр өңірі – киелі мекен десек, бүгінде тарихи-мәдени мұраларымызды ел игілігіне айналдыруда әлі де болса зерттеліп, зерделенетін дүниелер баршылық.
ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты бағдарламалық мақаласында: “Ата-бабадан мирас болып қалған құнды тағлымдық ойларды зерделеп, жас ұрпақтың тәрбиесінде қолдану күн тәртібіндегі өзекті мәселе екендігі айқын”, - деп көрсеткендей [1] бүгінгі жас ұрпақты ата-бабадан жеткен құндылықтармен таныстыру қажет, ғибратты ойлардан үлгі алу өзекті мәселе екені айқын.
Сыр сүлейлерінің арасында кеңінен танымал болған Қарасақал Ерімбет Көлдейбекұлы мұрасы соның бір айғағы іспеттес. Ақын мұраларын зерттеп, пікір айтқан ғалымдар бар десек те, бүгінде оның толғау-термелеріндегі тәлімдік-тәрбиелік тағлымды ұрпақ санасына жеткізудің маңызы зор.
Осы орайда, аталмыш мәселені шешудің бірден-бір жолы – ұлттық құндылықтарымыз кең сақталған Қ.Ерімбет шығармаларындағы ғибраттық ойларды қазіргі жастар бойына адами, қазақы қасиеттерді сіңіру, ұлтжанды, иманды, адамгершілігі мол тұлғаны қалыптастыру болып отыр.
Толғау-термелердегі ойшылдық, бодандыққа қарсы дүниетаным, келешекті болжау, ел қорғау сияқты ойлардың көрінісінде оның қоғам дамуы мен тағлымдық ықпалы болғандығы анық.
Толғау туралы зерттеген С.Мұқанов, А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Б.Әбілқасымов, М.Жармұхамедов, М.Мағауиндердің ойын жинақтап айтсақ: “Толғау – халықтың тұрмыс-тіршілігінен алынған және көшпелі өркениет тудырған поэзия түрі”- демекпіз.
А.Байтұрсынов толғауды шартты түрде былайша топтаған, сап, марқайыс, намыс, налыс, сұқтаныс, айнамалдау [2, 35]. Ал С.Мұқанов: нақыл, ереуіл, тіршілік [3, 188]. М.Мағауин: “Ой толғау, сыр толғау және арнау”- дей келе [4, 140]. “Біз жыраулар репертуарындағы шығармалардаы бұлай жіктеуіміз шартты түрде ғана”, [5, 128] - дейді.
Ғалымдардың осы пікірін ескерсек, Қ.Ерімбет толғау-термелері арқылы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық терең толғау, ойнақы терме, аталы ақыл-нақыл сөздер қалдырған ірі талант иесі екеніне көз жеткіземіз.
Сыр сүлейлері шығармаларындағы ойшылдық, тәлім-тәрбиелік ұстанымдар ұрпақ келешегінде маңызды қызмет атқарып келеді.
Қ.Ерімбет толғау-термелеріндегі ғибраттық ойларға талдау-жинақтау жасау әдістерін қолдана отырып, ойшылдықпен ұштасқан ұшқыр қиял жемістерін салыстыра қарастырдық.
Қ.Ерімбет толғау-термелеріндегі ғибраттық ойлар кеңінен насихатталады. Өсиет-насихаттық үлгідегі тәлім-тәрбиеге құрылған, мән-маңызы ерекше шығармаларының ақиқатын ашуға негіз болатынымен құнды.
Академик Р.Бердібай: “Терме айту үрдісі өзге жерлерде де жоқ емес, дегенмен, олардың қай-қайсысы да мазмұн әсерлілігі мен сәнділігі, байлығы жағынан Сыр бойы термесіне бара-бар келеді деу қиын. Бұл өңір жыршыларында әрбір өнердің ырғағына, құрылысына, мазмұнына сәйкес терменің де сазы өзгеріп отырады”, [6, 43] - деп баға береді.
Осы пікірге сүйенсек, Қарасақал Ерімбет толғау-термелерінің мазмұн әсерлігі де кейінгі ұрпаққа үлгі болары сөзсіз, әдіс-тәсілдері, тарихилығымен өзекті болып отыр.
Оның толғау-термелері өзіндік мазмұны, мақсаты, көркемдігі мол тәлімді сөзге бай. Адам бойындағы мінез-құлық, жақсы қасиеттер, қабілет, оқиға құбылыстары термеленеді. Ол жырды көбіне жүрдек ырғақпен әуенге құрып, соңы қысқа тұжырыммен бәсеңдетіп аяқтайды. Тыңдаушысын баурап алатын терме сазы мен әуенге құрылған, тәлімдік мәні зор жырлар ақын шығармаларының өзегі болған. Айтылған мәселелер ақын шығармаларында көрініс тапқан.
Ақынның толғау термелерінде келешек ұрпақ ғибрат алатын өсиеттік мәні бар, терең мағыналы ұғымдар жиі кездеседі. Адамның асыл қасиеттерін бағалап, жақсының сөзі, ісі, мінез-құлқын нақылдарына арқау етеді.
Мысалы, “Әй, балам, саған насихат”атты өлеңінде:
Ерегісіп біреуді,
Жәбірлеудің өзі – обал.
Сөз асырып менсінбеу –
Емес ол да айла-амал!
Білімсізден жөн сұрап,
Адасып болма жолда дал
Ақылмен шеш мың сауал,
Басыңа қиын іс түссе,
Кемеңгерлерге кеңес сал. [7, 358] –
деген жолдардан ақын адамды қоғамдық ортада суреттеп, оның мінез-құлқын көрсету арқылы образын ашады. Адам ісімен ғана емес, мінез-құлқымен, адамгершілігімен бағаланады. Ол адамға барлық істі ақылмен шеш, ақыл-тозбайтын тон, ғылым – таусылмайтын кен екенін тыңдаушысына кеңес беру арқылы ұғындырады. Осылай айтқан нақылдары халық санасында екшеленіп, сұрыпталып шыққан ғибратты ойлары тыңдаушысын әсерге бөлейді.
Қ.Ерімбет тілінің құдіреттілігі оның бейнелілігінде, образдық табиғаты кез-келген сөзді бейнелей қолдана білуінде. Ақын өмір құбылыстарын жинақтап, типтендіріп, нақтылы бейнелі көрініс түрінде суреттеп береді.
Ерімбет ақынның ақындық даралығы, ой тереңдігі, тіл құнарлылығы, өзіндік сөз саптауымен ерекшеленеді. Бейнелі сөздерді құбылту, көркемдік бейнелеу құралдары арқылы орамдар, айқындау сөздер, теңеу эпитет, метафора, қайталау мағыналы сөздерді қолданып әдеби бейне жасап, өлеңмен өрнектеген.
Қысқа қайырып, түйін жасаған нақылдарында тәлімдік мәні бар нақыл өлең арқылы ұрпаққа өсиетті ғибрат айтып, даналық тұспалдар жасайды. Адамға тән абзал қасиеттерді мойындап, өнегелік ойларды маржандай тізбектеген.
Оның “Өсиет”, “Алашта белгілі бір досың болса”, “Әр жерде үлгі сөз айтсам-дағы”, «Айтамын сөздің төтесін» тағы сол сияқты термелерін шешендік билікке құрған.
“Өсиет” термесінде:
Қаншама бір дана болса да,
Мектеп көрмей оңбайды.
Жұмақтың кілті секілді,
Ғалымдардың кеңесі.
Ақкөз туған ақымаққа
Дария құйсаң да толмайды.
Ойланып келіп толғанам,
Менің бұл сөзім кетпейді
Түсінген ерді тебірентпей, - деп ақыл-нақыл айту арқылы термешілік дәстүрді еркін меңгерген, насихат үлгісін берік ұстанғанын байқатады.
Термедегі: “Ғалымның кеңесі – жұмақтың кілті”, - метафора, “Ақкөз туған ақымақ”, - деген эпитеттер арқылы образдық бейне жасаған. Нақыл сөздерде дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей тұжырымдалып отырған.
Қарасақал Ерімбет терме-толғауларын шартты түрде болса да нақыл сөз, қанатты сөз, ақылгөйлік сөз деп айтуға болады.
Мысалы, Кәрілік қатты кесел, артса жүгін,
Жоқшылық жапырады ердің түгін [6,52)]
Қатардан кем боласың айтар сөзден,
Жоқ болса ғылым, өнер, дүние мал, - [6, 57] –
деп байлау түйін жасап, нақыл айтады.
Енді бір өлеңде ақылгөйлік өсиет сөздерді төгілте жөнеледі.
Алдында дұшпан аз сөйле,
Насихат сөзді тыңдап ал! [6, 58].
Қалампыр, жұпар жесең де,
Иісі болмас анадай.
Халуа, шекер бал шайна,
Ләззаты болмас баладай [6, 59] – деп тұспалдап айтқан тұжырымдары мен дидактикалық нақыл өсиеттерінің тәрбиелік те, тағылымдық та мәні зор.
Автор ана мен бала арасындағы мейірім, сыйластықты жеке авторлық теңеу арқылы исі анадай», “ләззаты баладай” деп түйеді.
Ақынның арнау-толғаулары: “Қырық кәп”, “Хангелді Байбосынұлы Маханның толғауы”, “Көнек Қыпшақбайдың толғауы”, “Халықтық қалсын сөзің құлағыңда!”, “Қазанбай Құттыбайдың толғауы», “Байғабыл мен Қартбайға”, т.с.с.
Қ.Ерімбет толғауларында терең толғаныс, ақындық дүниетаным, әлеуметтік болжам, өмір, дәуір шындығын баяндап, өмірден қорытынды жасап, ақыл-нақыл, тұжырым қамтылған. Белгілі бір кісілерге айтылған сәлем, сын, әділ, бата-тілек, өсиет өлеңдер болып келеді.
Мәселен, “Көнек Қыпшақбай толғауында”Қыпшақбай деген байдың Мәриям деген қызын баласы Қожахметке айттырып қояды, бай екі жыл ауырып жатады. Оған беретін қалың малы жоқ болған соң, Қыпшақбайды бойындағы алуан түрлі қасиеттерді жырлап, моральдық болмыстарды реттеп отыратын өнегелік ұстанымы мол толғау жазған. Толғауда ақын дүниенің өткіншілігін, өлімнен ешкім қашып құтыла алмайтынын, ел-жұртқа мәлімдеп тұжырым жасайды. Толғаудың бір тирадасында:
Төбеңнен керуен көшіп жол салса да,
Қыла бер кешірімді малабастай.
Қадір тұт халық жақсысын, көрме дұшпан,
Өзіңе күш бітсе де, қыран құстай [6, 102].
Үзіндідегі әрбір сөздің астарында қоғамды құрушы адамның қандай болмағы аңғарылып тұр. Жақсы мен жаман арасын ашып адам тәрбиесіндегі өзекті мәселені қозғайды. Терең пайымдаулар арқылы жақсыдан қажетін өзіңе үлгі ал деген ойлардың тәлім-тәрбиелік әсері айрықша маңызды.
Қ.Ерімбет толғауларында кейбір шұрайлы теңеулер мен ақыл-нақыл өсиеттер, өмір шындығы мен деректер мол кездеседі. Мазмұны терең, ойы салмақты толғауларында жазылу тарихы, кімге арналғаны да айтылады.
Тұжырымдарды жүйелей отырып, мынандай түйінді байлам жасадық. Тәлімдік-тәрбиелік мәні бар толғау-термелерінде ақын жақсылық, ізгілік туын жоғары көтеріп, ұрпақты гуманизмге, адамгершілікке үндейді. Өмірдегі барлық жақсылықты көңілге тоқып, зердеге сіңіруде үлгі-өнеге алатын ғибраты мол сөздері кейінгіге өнеге қалдырумен құнды.
Тарыққанда көрген жақсылық,
Сағынып көрген перзенттей,
Менің сөзім кетпейді,
Түсінген ерді тебірентпей, -
деп ақын өзі айтқандай өлеңнен ғибрат алу керектігін ұсына отырып, өз ойын анық білдіруді мақсат етеді. Ол өмір – өлең, ақын – өнер, халық деген ұғымдарды ұштастыра жырлап, тұшымды байлам жасаған. Толғау-термелеріне осы мақсатты өзек еткен.
Оқырман оның толғау-термелерінен өзіне өнеге алады. Қарасақал Ерімбетті өзі тұстас ақындардың ешқайсымен ауыстыра алмайсыз. Өзіндік қолтаңбасы бар, стилі айқын, нақыл-ақыл, ғибрат сөздері түгел тәрбиеге толы қазіргі заман тілегімен үндесіп жатыр, халық арасында тәлімдік ықпалы зор.
Ақын толғау-термелерінің лейтмотиві – адами құндылықтар. Олар көркем туындылар мен шұрайлы тілмен жастардың өзін танып білуіне баулиды. Бұл бүкіл ел тілегі, халық мүддесі, болашақ қамы үшін айтылған тәлімдік мәні зор тағылымдар деп білеміз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру. – Егемен Қазақстан, 3 шілде, 2017 ж.
2. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш. -Алматы: «Жазушы», 1989, -320 б.
3. С. Халық мұрасы. – Алматы: Қазақстан, 1974, -236 б.
4. Мағауин М. Қобыз сарыны. – Алматы: Атамұра, 2006, - 264 б.
5. Мағауин М. Ғасырлар бедері. – Алматы: «Жазушы», 1991, - 432 б.
6. Бердібай Р. Жыршылық дәстүр. – Алматы: Қазақстан, 1980, - 288б.
7. Ерімбет Қ. Ұлағатты сөзім ұрпаққа. – Алматы: Маржан, 1995, -320 б.
8. Ерімбет Қ. Шығармалары. – Астана: Фолиант, 2007.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі