Қазақ жерінің киелі топырағынан әлемді аузына қаратқан ақындар мен төрт күл дүниені таң-тамаша еткен ғұламалар туған. Бұған нақты дәлел тек түркілерді ғана емес бүкіл әлем халқын мойындатқан ойшыл – Әл-Фараби. Әлемнің екінші ұстазы атанған Ұлы ғұлама қазақ халқының, тіпті бүкіл түркі әлемінің бетке тұтар ойшылы.
"Ол дәулетті отбасыда өмірге келді. Оның әкесі әскери қолбасшы болған. Орта ғасырда Фараб қаласы ғылым мен мәдениеттің ордасы еді. Мұнда Александриядан кейінгі әлемдегі ең үлкен кітапхана орналасты. Осының арқасында Әл-Фараби ондағы құнды қолжазбалар және кітаптармен танысуға мүмкіндік алды. Ғалымның жастық шағы осы шаһарда өтті", - дейді "Әл-Фараби" ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор Жақыпбек Алтайұлы "Әл-Фараби музейі" атты деректі фильмінде.
Ғұлама ғалым түркі тайпасынан шыққан. Бұған дәлел оның толық аты-жөнінде "Тархан" деген атаудың болуы. Оның түркі тайпасынан шығуын филология ғылымдарының докторы, шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі растайды.
"Мен араб ғалымдарының кітаптарын оқыдым. Осы күнгі араб Фарх Саад есімді ғалымның бір дерегі бар. Онда Әбу-Насыр Мұхаммед ибн Мұхаммед Тархан ибн Ұзлағ Әл-Фараби ат-Турки дейді. Яғни ол оның түркі текті екенін жазған. Ғалым ибн-Халиканда ат-Турки дегенді қосады. Ол Әл-Фарабидің түркі екенін жазады", - дейді ол сұхбаттарының бірінде.
Әбу Насыр бала күнінен ғылымға үйір болып өсті. Ғалым алғашында Бұхарада, Самарқанда, одан кейін Хамадан, Бағдат, Шам, Каир, Дамаск, Александрия, Медине, Мекке қалаларында болып, білімін үнемі жетілдірумен болды.
"Ол Хамада қаласында араб тілін үйренді. Одан кейін 20 жылдай Бағдат қаласында тұрып, антикалық философиямен әлемдік мәдениетпен танысты. Жалпы Әл-Фараби бір жерде тұрақтамаған. Ол үнемі бір қаладан екінші қалаға саяхат жасап, білімін шыңдаған. Ғұлама ойшыл бар өмірін ғылым мен білімге арнады. Біздегі мәліметтерге сәйкес, ол 70-ке жуық тілді меңгерген", - дейді профессор Жақыпбек Алтайұлы.
Әл-Фараби білімге деген құштарлығының арқасында Аристотельден кейінгі "екінші ұстаз" атанды. Ол 150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар жазып қалдырды. Ғалым философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономияны зерттеді. Ғұлама ойшыл ғылымды 2 топқа бөлген:
Бірінші: теориялық ғылымдар. Бұл топқа жаратылыстану ғылымдары мен метафизиканы енгізген.
Екінші: практикалық ғылымдар. Бұл топқа этика, фиқһ, кәләм (исламдағы өзекті тақырыптарын қамтыған ғылым саласы) ғылымдарын жатқызған.
Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі – "Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат" ("Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы").Әл-
Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің "Категориялар", "Метафизика", "Герменевтика", "Риторика", "Поэтика", бірінші және екінші "Аналитика", "Топикасы" және тағы басқа да еңбектерін түсіндірген.
Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Алайда бүгінгі күні қоғамда ғалымның ұлтына байланысты сан алуан пікір бар. Осы орайда шығыстанушы Әбсаттар қажы Дербісәлі бұл мәселені түсіндірді.
"Бұл кісіні көптеген ғалымдар "қазақ" деп жазады. Оны "өзбек, тәжік" деп те айтатындар да бар. Ол – қате. Бұл кісі өмір сүрген уақытта біздің халқымыз жеке ұлт ретінде тарих сахнасына көтерілген жоқ. Сондықтан Әл-Фараби – түркі текті. Бұл мәселеге академик Гафур нүкте қояды. Ол "Әл-Фараби өмір сүрген уақытта қазақ, өзбек деген болған жоқ. Бірақ Әл-Фараби қазақ жерін мекендеген түрік тайпасынан шыққан. Бұл тайпа кейін қазақ халқының құрамына енді. Сондықтан қазақ халқының перзенті деуге негіз бар деп жазды", - дейді ғалым Qareket бағдарламасында.
Әл-Фарабидің түркі не қазақ болуында еш маңыз жоқ, себебі оның еңбегі тек түркілер үшін емес, барша адамзат үшін аса құнды. Әл-Фарабиді көпшілігі ғалым ретінде таниды. Ол кісі қарапайым адам ретінде де теңдессіз тұлға болғанына риясыз сенеміз. « НЕГЕ?» деген сұрақ туындары қалыпты құбылыс. Бұл сұраққа жауабым да жоқ емес. «Адамның бақытты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады.» Бұл есті сөздер Әл-Фараби атамыздың даналығының теңізден тамшыдай бөлігі. Мұндай дәрежеде адам санасына еніп, өшпестей орын алатын адамгершілік қасиетке негізделген асыл сөздер кез келген ғұламаның аузынан шыға бермейді. Себебі мұндай сөздердің авторы атану үшін адам баласына мейірімге толы жүрек және кең пейіл қажет. Меніңше Әл-Фарабидің «Әлемнің екінші ұстазы» атануына себеп болған бірінші кезекте оның адамгершілік қасиеттері. «Неге?» деген сұраққа жауап осы.
Ал қазақ халқының ұлы ойшылдың 1150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуі – Ұлы Даланың Ұлы тұлғасына көрсеткен лайықты құрметі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі