Өлең, жыр, ақындар

Қазақ халқының қалыптасуындағы ұлттық құндылықтардың рөлі және діндегі құндылық

Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторларының бірі. Осы ұлттық идеяны іске асыратын басты фактор мемлекет болып табылады. Сондықтан да осы мемлекеттік іске салғырт қарамай ұлттық идеяның негізгі бағыттарының тетіктерін жасау қажет. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал, осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса барлық салаға өзінің кері ықпалын тигізетіні шүбәсіз.

Кез келген мемлекеттің, қоғамның өзіндік ерекшеліктері болады. Ол ерекшеліктер ғасырлар бойы қалыптасып отыратын мемлекеттің мүддесімен, ұлттың тарихымен және өмір сүру тәжірибелерімен тығыз байланысты. Яғни мемлекеттің, оның қоғамының ерекшеліктерін айқындап отыратын ұлттық құндылықтар. Ұлттық құндылықтар болмаса ұлттың мәдениеті, дін мен дәстүр, қоғамдағы тұрақтылықты, рухани тұтастықты айқындап отыратын ұлттық бірегейлік сақталмайды. Бұның барлығы ұрпақ санасында өмір сүретін ұлттық құндылықтар туралы ұғымға тікелей тәуелді. Сондықтан да ұлттық құндылықтар деп мемлекет құрушы ұлттың рухани өмірін, болмысын, мәдениетін жалғастырып, болашағын айқындап отыратын және мемлекет мүддесінің негізін құрайтын, жеке адамды мемлекетімен, ұлттық болмысымен біріктіріп отыратын дүниелерді айтамыз. Ұлттық құндылықтардың қатарында дүниетаным, ана тілі, ұлттың ділі, дәстүрі, мәдениеті, діні, ұлттық өнер түрлері, атамекен, осы атамекен жер рухын негіздеп отыратын ата кәсіп түрлері, білім, ғылым және т.б. жатады. Бір сөзбен айтқанда ұлттың табиғи ортасына сай өмір сүрудегі қол жеткізген тәжірибелері мен игіліктерін ұлттық құндылықтар дейміз. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында, осы ұлттық құндылықтар негізінде қоғамның дәстүрлі бейбіт жолмен дамуына қатысты былай деген: «Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді.

Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізеді. Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс». Ұлт мәдениетінің, мемлекеттің дамуы қашанда өзінің дәстүрлі эволюциялық жолымен жүзеге асып отырған.  Қоғамның тарихи және әлеуметтік мәдени даму жолында мемлекет иесі ұлт ұрпақтың болашағына қажетті игіліктерді қалыптастырып отырады. Бұл игіліктер (жоғарыда айтып өткеніміздей) мемлекеттің дүниесіне, ұлттың меншігіне (қазынасына) айналған дүниелер  (атамекен, мәдениет, тарих, тіл, дәстүр, дін және т.б.) Мемлекет пен ұлт болмысының эволюциялық даму жолы алдыменен қоғам өмірінде (халықтың рухани өмірінде) ұлттық бірегейліктің сақталып отыруымен тығыз байланысты. Ұлттық бірегейлік ұлттық құндылықтардың ұрпақ болмысының бойында бірігуінен шығады.  Ұлттық бірегейлікті ұлттың болашағын айқындап отыратын құндылықтардың жиынтығы (негізгі құбылысы мен көрінісі) деп түсінген ұрпақ, алаш зиялыларының сөзімен айтсақ тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін иманы дәрежесіне көтереді. Ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрінің ата дініне қайшы келмейтіндігін біледі. Бұны айтып отырған себебіміз,  қазіргі таңда әлемде болып жатқан түрлі саяси құбылыстар,  әсіресе тәстүрден тыс қалыптасқан діни ағымдар, түрлі діни секталар кез келген мемлекеттің рухани өмірінде алдыменен халықтың болмысындағы ұлттық бірегейлікті жою амалдарымен көрінуде.

Ұлттық құндылықтардың халық танымында, әсіресе жастардың ой өрісінде орын алуы ұлттық бірегейліктің сақталуына ықпал етіп отырады. Ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, сақтап отыратын тарихи сана,  тарихи сана негізінде қалыптасатын ұлттық сана. Ұлттық сана тарихты тегістей білуден шығады. Сондықтанда ұлттық құндылықтар дегеніміз (ұлттық зерде биігімен қарайтын болсақ) ұлттың дүниетанымында, ұрпақтың ұлттық ойлауы негізінде өмір сүріп отыратын нәрселер. Ұлттың рухани мәнге ие төл дүниелерінің ұлттық құндылыққа айналып отыруы адыменен халықтың (ұрпақтың) рухани деңгейіне тәуелді.

Еліміздің тарихында жерін, елін және ұлтының болашағын қатар ойлаған, оған жан- жақты қызмет ете білген зиялылар қоғам алдына қалай шыққан? Тарихтағы қазақ тұлғаларын арнайы ешкім бүгінгідей оқытқан жоқ. Қарапайым қоғамның рухани өмірінде ата-ананың, әлеуметтік ортаның ықпалымен үйретілген ұлттық тәрбие, өткеннің тағылымын баяндайтын тарихи әңгімелер,  дін мен ұлт дәстүрін қатар зерделеуді үйреткен, бұлардың бір-бірімен үнемі байланысты болатындығын  ұғындырған үлкендердің тәлім-тәрбиесі небір талант иелерін қоғам алдына шығарған.

Ұлттық құндылықтар туралы адам танымында қалыптасатын ұғым оның болмысының негізінде жататын рухани иммунитет болып саналады. Егер адамның рухани болмысының шеңберінде бұл болмаған жағдайда, яғни қоғамда халық пен ұрпақ болмысында ұлттық қасиеттер болмаса діни секталардың қоғамдық ортадағы ықпалы өздігінен күшеюі мүмкін. Сондықтанда ұлттық тәжірибелер тәрбие негізінде ұрпақтың бойындағы ұлттық қасиеттерді оятып, нығайтып отырады. тарихтағы небір діни адамдардың халыққа ата дінін үйретуде қоғамның, жеке адамның бойындағы қасиеттер мен тәжірибелерді дәріптеп отыруының мәні осында жатыр.  Қоғамда рухани тереңдік, мәдениеттілік, дәстүр құндылықтары болмай тұрақтылық сақталмайды. Тұрақтылық болмаған жерде дәстүрлі дін ережелері сақтала бермейді, ол бір тарихи дүние болып қалады.  Себебі дәстүрді қалыптастыру мен дұрыс пайдаланудағы ұлттың танымы дінді сақтап отырады.

Ұлт руханиятындағы қазақтың ұлттық құндылықтар жөніндегі түсінігі өскелең ұрпақтың тарихын, мәдениетін терең біліп, мемлекетімен бір өмір сүруіне ықпал етеді, дінді білім, даналық арқылы қорғауға көмектеседі.

Тарихқа үңілер болсақ, жоғарыда да тоқталып өткеніміздей қазақ жастарының бүгінгі замандағыдай жан- жақты білім алуына мүмкіндігі болмаса да, өркениет заманында кез келген адамның оңай қолы жете бермейтін тұлғалық дәрежеге тәрбие мен даналықты үйрету арқылы қазақ баласының қолын жеткізіп отырған. Тарихтағы қазақ жастарының ішінен шыққан батырлар, билер, жыраулар, небір күйшілер, азулы ақындар, кемеңгер ғалымдар осы шындықтың куәсі. Бұлардың да уақытында адамзат әлемінде орын алып жатқан құбылыстармен ұштасқан қоғамның проблемалары аз болмаған.  Адамның ойы түгіл, түсіне де кірмеген дағдарыстар (отаршылдық, ашаршылық, репрессия, ядролық сынақ) қазақ қоғамында бірінен кейін бірі орын алып отырды. Осындай сәттерде қиындыққа шыдаған халқымыздың болмысынан шынайы діни сауаттылықты,  ұлттық рухты көреміз. Үлкендердің балаға ақылды, ұлтжанды, еңбекқор, жігерлі, қиындыққа шыдамды болып өсуді үйретіп отырғандығы да осындай уақыт жағдайында ерекше көзге түседі. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей, «Батырлар турасындағы әңгіме – халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған. Ертек жырдағы батырлар сипатына қарасақ, ол жырлар халықтың рухы нағыз көтерілген шағында шыққандығын байқаймыз. Ошақ басы, үй ішінің қамы сияқты өмірдің ұсақ мақсат жағымен азаматтары есептеспей ұлы мақсат, ұлы мұратпен болып, жұрт үшін, көп үшін құрбан қылмайтын нәрсесі болмағанын көреміз. Әке-шеше, туысқан-туған, мал-мүлік, ең қымбатты жан- солардың бәрін жұрт қамының жолында бір тиынға баламағанын байқаймыз". Қоғамдағы жастардың болашағына қатысты барлық мәселе игіліктерді дұрыс зерделемеуден, балаға үйретілмегеннен шығады.  Шынайы сауаттылық ұлттық болмыс тұтастығын, мемлекеттің дербестігін, елдің тәуелсіздігін білуден, оның рухын құрметтеуден шыып отырған.

Қоғамды дамытатын қоғамдық санан, оның тарихи түрлері (тарих, мәдениет, тіл, дін, дәстүр, өнер, білім, ғылым, экономика, саясат, құқық және т.б.). Бұларды сақтап, уақыт талабына сай өрісін кеңейтіп, дамытып отыратын  мемлекет, жеке адам. Ұлттық құндылықтардың танымдық қызметі  жеке адамды ұлттың болмысымен біріктіріп, мемлекет мүддесіне қызмет етуге бастап отырады.

Адамзат баласының ғасырлар бойғы игілік тақырыбындағы ізденістерінің мәні мен себеп-салдары ағартушылық деңгейімен көрінеді. Себебі игілік ұғымын зерделеуде адам баласы көптеген білім түрлерін қалыптастырған. Дәстүрлі ата дініміздің өзі білімді, сауатты, мәдениетті болуды қашанда ұрпақтан талап етіп отырған.

Бүгінгі қазақстандағы дін мен мəдениеттің біртұтастығы

Қазіргі кезде жаңартылған əлеуметтік қоғам дамуындағы жеке адамның қалыптасуы, рухани мəдениеттің артуындағы Қазақстандағы діннің бүгінгі жағдайы орасан зор рөл атқарады. Рухани мəдениет — бұл ескіден қалған тарихи мұра, ол қазіргі кездегі қоршаған өмірге, адамгершілікке, тəрбиелікке, бірігіп қимыл жасауға Қазақстандағы діннің шарттарын үйренуге жəне өркендеудегі əлеуметтік мұра ретінде қарастырылады.

Діннің жағдайы қоғам дамуына тікелей қатынасы бар. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ə.Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде «Бүгінгі күнгі жекеленген елдердегі діни сана- сезімнің өсуі кездейсоқ құбылыс емес. Дін ұлттың жəне мəдени біртектілікті сақтаудың негізіне айналып отыр», — дейді .

Амангелді Жанғали жетекшісі аға оқытушы Қаңтарбаева Ж.У


Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз