«Арықбай атаңның ауылының тұсынан ат ойнатып, есік пен төрдей бурыл ат мінген, сері мен сетер ерткен мырзаның күміс шақшасын ала қашудан басталыпты бұл әңгіме». Ауылға барған сайын, естімеген хикаяның шетін шығарып отыратын қара шалдың (әкейдің) кезекті кеңесі осылай басталған-тұғын. Қадари халімізше қағазға түсіріп көрейік.
Жылқысын жусатып, ауылға ағызып келе жатқан Жылқышыбайдың (Арықбайдың ұлы) көзіне, күре жолда әлде нені аспанға атып, күліскен, дабырласқан топтың қылығы оғаш көрінеді.«Ары-бері ағылған аттылы-жаяудың Арықбай әкеме бұрылып, сәлем бермейтіні болмаушы еді. Сәлем бермегенімен қоймай, сонша есіргені несі», — деп ағызған бойы бурыл аттының аспанға атып, ойнап келе жатқан нәрсесін ала кеп қашады. Араларынан бір жігіт жалма-жан ілесіп қумақшы болғанда, жаңағы бурыл атты айқайлап тоқтатып, өз жөндеріне кете барады. Жылқышыбай ілген олжасының күмістен жасалған керемет шақша екенін көреді. Үйге келген бойы істеген ісін жары Бағышайға баяндайды. Сонау жылдары Арықбай ақсақал ұлын ашамайға мінгізіп, Семей өңіріне іздеп келген кезден-ақ көзге түскен Бағышай сауалды Жылқышыбайдың өзіне қояды. «Шақшасын алып қашып кеткен кісілерің қандай адамдар екен? Сені қуаламады ма?». Жылқышыбай неге алып қашқанын, артынан қуаламақшы болғанда, ортадағы бурыл аттының тоқтатқанын түгел баяндайды. Аз ойланып, ерінің жүзіне қараған Бағышай: «Жайыңа жүрмей, тапқан бәлеңді қара! Ол — алыс-жақынға әйгілі қара Оспан би ғой. Енді бізге тоғыз тарттыруға келеді. Ас-суыңды дайындай бер», — деп өзі де сандық-пандығын ақтарып, шаруасына кіріседі.
Ертеректе арғы бетте қара Оспан деген би өткен. Көп адам батыр Оспанмен шатыстырып жатады. Батыр Оспаннан бұрынырақ өмір сүрген. Кезінде Қытай үкіметі қазақтан әскер аламыз деп, би мен бекке қысас қылғанда, қара Оспан қарсы болып, көнбейді. Қытай үкіметі қара Оспанды көндіру үшін басына темір ноқта тағып, көшені аралатып, масқаралағанда да сөзінен танбайды. Ақыры түрмеде отырған қара Оспанның осал тұсын ұстап, шартқа көндірудің жолын таптық деп ойлайды қытайлар. Шошқаны сойып, басын жылмақтай қып үйтіп, матамен жабылған төре табақ етті бидің алдына тартады. Матасы ашылған соң, алдына тартылған харам асты көрген жарықтық аспай-саспай қолын жайып: «Құдіретті Жаратушы Ием! Сіз салдыңыз, мен көндім. Сізден түскен сөздің тазартпайтыны жоқ шығар. Бисмилләәһир-рахмаанир-рахиим! Аумин Аллаһу әкбар!», — деп кездігін табаққа апара бергенде, күзетте тұрған солдаттар жалма-жан доңыздың етін алып кетеді. Ет желінсе, исі мұсылманның бас көтерері қытайға мәлім. Әсілінде қулығына құрық бойламайтын қытайдың күткені бұл емес-тұғын. Шошқаның етін жемек түгілі, атын ауызға алмайтын қазақтың ұтылар жері осы болар деп шамалаған-ды. Матаны ашып, шошқаның басын көргенде, табақты теуіп жіберсе, сыныққа сылтау болар деген арам ойдың бұғып жатқанын білмейтін Оспан дейсің бе! «Қазақтан әскер алмаймыз» деген келісімшарттың бір төбелеспен оңай шешілгелі тұрғаны марқұмның Құдайға қараған ұлылығынан аса алмапты...
Қош, сонымен әуелгі әңгімемізге оралайық. Арада үш-төрт күн өткеннен кейін бір топ нөкерлерімен қара Оспан жетеді. Ауылдың игі жақсылары жігі-жапар күтіп, алдына ақсарбас әкелгенде де Оспан қырысып, бата жасамайды. «Менің шақшамды қолымнан іліп алып кеткен тентектің айыбы оңайға түспес», — деп, өкпесі қара қазандай болып, теріс қарап жатып алады. Ешкімнің сөзіне илікпеген соң, Бағышай анамыз көлбеген биге дүрсе қоя береді: «Ей, Оспан! Сені де би дейді ғой. Дастарханнан, астан үлкен емессің. Айыбымыз болса, жуармыз. Алдымен батаңды жаса!». Басын жастықтан жұлып алып, Бағышайға тесіле қараған Оспан қолын жайып, ақсарбасқа бата жасайды. Ет желініп, ар жаққа ел қо-нып, сары қымыз сапырылған соң, Бағышай жігіттерге төрде тұрған үлкен сандықты ортаға алып келуді бұйырады. Жұрттың көзі екі-үш жігіт әзер көтеріп әкелген сандыққа қадалады. Сандық ашылып, тоғыз қабат торғынның бүктеуі жазылған соң барып, ортасынан Оспанның шақшасы шығады. «Міне, шақшаңыз», — деп енді биге ұсына бергенде, Оспан орнынан ұшып тұрып: «Е, е, е... Бағышай! Жұрт бекер атыңды аңыз қып айтпайды ғой. Менің жаман шақшамды сонша қастерлеп, тоғыз қабат торғынға ораған кісілігіңе тәнтімін! Ойы барды ойлантар тұспалдың түйіншегін шешпесем, менің кім болғаным? Түкке тұрмайтын дауды қуалап келген кемістігімді кешір!». Осыны айтып, еш тарту-таралғыны қанжығасына бөктермей, би еліне қайтып кетеді. Арықбай шалдың алақаны аспанға жайылып, келініне тағы бір ұзақ батасын береді...
Қазақ та Құдай деген халық еді ғой, ә...
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі