Мал емшегін еміп, ата кәсібінен қол үзбегенімен шаңырағымызда әжептеуір егістік жер болды. Қардың шеті сөгілісімен егіс атызын тыңайту үшін қора-қопсының көң-қоқырын арбаға тиеп, ауыл адамдары қарбалас тіршілігіне кірісіп те кететін. Ала жаздай суармалы егіс алқабының шаруасы өз алдына, күзгі жиым-терім кезінде біреуді біреу білмей, нақ мұрынға су жетпейтін жағдай туатын. Сондай күздің бірі еді. Ұлғаусар шаруаға жарай қоймаған, «алып кел, көріп келге» енді-енді ебіміз келе бастаған шақ-тұғын. Үйдегі ересектердің барлығы егіс басына кетіп, жалғыз өзім қалқиып қырман күзетіп қалдым. Ұрыдан емес, ауыл үйдің жемқор сиыры мен ешкісінен. Әредік топаны қалың бидайға топырлай қонатын торғайларды да үркітіп отыруың керек. Байқұстардың бөтегесінде кеткен бірнеше тал дәнді қызғанбайсың ғой, шашып кетеді.
Тау боп үйілген бидайды ары-бері айналып жүгіріп жүргенде кенет үнемі өгіз арбасын жетектеп, көкөніс, алма-қауын сатып жүретін дұңған шалдың таныс дауысы естілді. «Қауын алыңыздар, алма алыңыздар!». Бидайды тастап, солай қарай тұра жүгірдім. Қазақшаға судай шалың күніне ауылды бір айналып, саудасын жасап кететін. Арбасына тиелген жеміс-жидегі сілекейді шұбыртып, саудаласуға тура келді. «Алмаңыз қанша тұрады?», — деп сұрап үлгіргенімше, менде ақша жоғын бірден білген әккі шал: «Екі шелек бидай әкеліп бер, жарты шелек алма берейін», — деді. Қуанып кеттім, жүгіріп барып жаман шелектің екеуін лықа толтырып, саудагердің қабына төктім. Жарты шелек алманы мүжілген тамның қалқасына апарып алып, күйседім-ай келіп. Шелектің түбі көрінгенде барып қырмандағы бидайға қаптаған қой-ешкілер мен торғайларды байқап, солай ұштым. Кеш бата көршілерге көмекке кеткен үлкендер оралды. Бәрі қара күйе (бидайға түсетін құрттың бір түрі) басып, өнім ала алмаған Шоңбайдың отбасын айта бастады. «Бала-шаға жас, оның үстіне анау қалада оқитын қыздың оқуына да аз ақша кетпейді. Жиған өнімнің жартысынан көбі өкіметтен алған қарыз-құрызға кетеді. Әйтпесе Шоңбай байқұсқа бірер қап бидай берсек, артық болмас еді. Десе де шамаша көмектесе жатармыз», — деп әкем иегін ұстады. «Менің алма жегенімді мыналар білсе, оңдыртпайды-ау. Қап, сол алманы жемей-ақ, екі шелек бидайды Шоңбайдікіне апарып бергенде, әлдеқайда жақсы болар еді», — деген ой мазалай бастады. Ертесі қалғып-мүлгіп отырғанда кешегі шалым тағы келді. Мұқыл тамнан басын қылтитып: «Ей, бала, алма алмайсың ба», — деп қарап тұр. Басын көздеп, кесекті атып кеп жібердім. Шал баж-бұж етіп, тұра қашты...
Пендеміз ғой, талай қиянатымыз болған шығар. Бірақ осы оқиға есімнен көтеріліп көрген емес. Күнде таңертең жұмысқа келе жатып Жазушылар одағының жанындағы аялдамада алма сатып отырған әйелді көрген сайын «әй, сол алманы жемей-ақ қою керек еді» деген баяғыдағы ойдың бір соғып, мазалап кететіні бар.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі