Өлең, жыр, ақындар

Тышқан аулындағы уақиға

Әдепкіде екі тышқан шығып бірінің артынан бірі жүрді. Бұл арада жан жоқ еді. Міркемел қарға омбығып төбешікке шықты. Жан-жақта үй көрінбеді.

Бұл жер астындағы барактардан кәріп-қасерлер үшін табу — қолдан ұшып қалың тоғайға еніп кеткен торғайды іздеп табудан қиын болды.

Екі күн болды. Міркемел «бұл бөлімді көргендерің бар ма?» — деп жергілікті газетке жариялаған-ды. Бірақ халық жұмған аузын ашпады. Біліп келіп айтатын бір жаужүрек табылмады.

Жөн айту бюросынан сұрағанда:

— Кәріп-қасерлер мекемесі Москвада болуы керек, ал оның анық адресін білмейміз — деді.

Содан Міркемел бүгін іздеуге тағы шықты.

Төбесінің үстіне шыққанда дәрет сындырғысы келді..

Міне, осы жерде «сұмдық» басталды. Төбесінің астынан айғай шықты.

Міркемел ата жөнелді.

Бірақ төбешіктің асты күңіренгенін қоймады. Міркемел: «Қар астында көміліп жатқан адам болар» — деп қайта айналды. Осы арада екі тышқанға кездесті.

Екі тышқан тыныш жатағына адам келгенін сезіп, жорта жөнелді. Сөйткенше болған жоқ, екі тышқан бір жарыққа еніп кетті.

Міркемел маңыздана басып, тышқан енген жерге жақындай түсті. Тышқан енген жерге аяғын қоя бергенде жер ойылып кетіп, Міркемел жоқ болды...

...Міркемел көзін ашып алғанда 3 адам жан-жағынан қамап тұр екен. Біреуі мұрнының ұшына ысырып, сорғышпен, сызғышпен қаруланып алып, Міркемелге тап берейін деп тұр. Біреуі қалам, қағаз алып ақты жазбақшы болып тұр.

Көзілдірікті сорғышын салмақтап:

— Тап дұшпанысың ба, оңшылсың ба? Оны кейін біле жатармыз... Сен неге кеңсеге рұқсатсыз кірісіп, сен кеңсеміздің төбесіне шығып, дәрет сындырып, адамшылығымызды бір уыс қылғаныңмен тұрмай, кеңсемізді есімізден сұраусызы не? — деді.

— Мен білмедім, құлап түстім — деді Міркемел сасып.

— Міне саботаж — деп айғай салды көзілдірікті. Біреудің кеңсесіне сұраусыз кіру, құлап түсу правосын саған кім берген? «Білмедім, Білмедім...» Мүмкін, сен өлетін күшімді айтып бер дерсің? Мүмкін, сен Нарком болатын күшімді айтып бер дерсің?

— Жаз ақтыны — деді.

— Кеңсенің төбесіне шығып, астындағы еңбекшіл қызметкерлерді басынып, бухгалтердің дәл төбесінде айтуға болмайтын, кеңес заңының тармақтарында көрсетілмеген қылмыс істеді.

Бухгалтер айғай салғанда, жүрегіңнің батыр еңбекшілер еместігін сезініп, қорқақтықпен қашып кетті. Сөйтіп, жұрт өткен жерінде өзінің тастаған ылас суын қалдырып кетті. Ол позор кеңсе төбесінде таңба болып әлі тұр.

Екіншіден; ол үй төбесіне шығып, астындағы еңбекшілерді аяғымен басып, істеген қылмысына қарамастан бастық, хатшы, бухгалтер үшеуінің ортасындағы жалғыз кабинетке сұраусыз кірді. Кірген де жоқ, өзінің мәдениетсіздігін істеп, түйе құсап құлап түсті...

— Позор, позор! — деп айғай салды кеңседегілер.

— Газетке жазылыңдар! — деп қалтасынан квитанциясын суыра бастады. «Газетке жазыл!» деген сөзді естісімен-ақ ентелеп тұрған бухгалтер, хатшы, «акт жаз» деп тұрған бастық үндеместен орын-орнына тарай бастады.

Бастық орынан тұрғанда бостандықты пайдаланып, столдың үстінде шарқ ұрып, үймелеп толып кеткен тарақан, қандалалар бастықтың қайтып келе жатқанын сезіп жан-жаққа қашысты. 50 шақтысы төр жақта шашылып жатқан делолардың арасына барып, бүк түсіп жатысты. Өзінің тышқандық мәдениетінен, бастықты сыйламаушылығын, сұғанақтығын істеп, стол үстіндегі қағаздарды екпінді түрде аралап жүгіріп жүрген сұр тышқан бастықтан сескеніп тайып берді, тартпаға кіріп жоқ болды.

Бір тарақан ашуланып отырған бухгалтердің мұртына мініп алып, өзінің әдепсіздігін істеп кетпей қойды. Бухгалтер сіріңке тартып, жарып жіберу қаупін тұрғызып зорға орнынан қозғалтты.

Хатшы түсін жылыта бастады.

— Кеңсеге құлап түскен жолдас, біз де дауды қояйық, сіз де газетке жазыл дегеніңізді қойыңыз — деді.

— Неге? — деді Міркемел.

— Аш құлақтан тыныш құлақ, сол жарықтықтан қашық жүрсек деймін, отпен ойнауға болмады ғой, кеңсемізде жатып газелінде бунт шығарып жүре ме, өзіміз тыныштықты сүйеміз. Оның үстіне жана таныстығымыз жоқ. Оны үйрену үшін кеше ғана өздерімізді екпінді жарияладық — деді хатшы.

— Жоқ, мен көнбеймін — деді бухгалтер бір бүкірден.

— Бұл азамат дәл менің үстіме дәрет сындырып, еңбекшіл арымды төгіп, масқара қылды. Бұл кеңсе төбесінде дәл хатшының үстінен дәретке отырса көзі көрмеді ме? Неге менің үстіме отырады? Бұл елім емес пе? Мен қалай көнем? — деді бухгалтер.

Осыдан соң жер барактағы кабинет жым-жырт болды.

Бастықтың алдында үлкен газет көлеміндей қағаз жатыр. Бұл «1935 жылы кәріп-қасерлер кеңсесі жүйесіндегі тышқан, бүрге, тарақан, қандала, тағы басқа сол сияқты табы жат, арсыз, әдепсіз, мәдениетсіз жәндіктері мүлдем жою жоспары». Бұл жоспардың бұл стол үстінде жатқанына 20 күн болыпты. 20 күн ішінде әлі басынып жүрген тышқан 20 рет келіп 20 жерінен кеміріпті. Және де ол жоспардың үстінде жорғалаған қандалаларды сорғышпен басып өлтіре бергендіктен, басынан басқа жерінің бәрі қып-қызыл қан болып, ешқандай жазу көрінбейді.

Тыныштықты хатшы бұзды.

— Тышқан аулайтын уақыт болған жоқ па еді.

Сөйткенше болмайды, еңбектеп бастық отырған кеңсенің адал қағаздарына зиянкестіктерін жасап, жеп, әбден семірген екі тышқан Міркемел шыққан үй төбесіндегі екі қабат терезенің арасында ерсілі-қарсылы жүгіре бастады. Осыдан соң-ақ Міркемелдің құлап түскен дауы естен шықты.

— Бұл жердің адамы да, тышқаны да басынып болды-ay. Терезенің арасында майдандасып жүргенін қарашы?

Үшеуі де қарғып тұрды. Бастық басына бір дело байлаған сызғышпен қаруланып, ақырып басып столдың оң жағына шықты.

— Сызғыштың басындағы дело неге керек? — деді хатшы.

— Делоны кемірем деп тышқан бері шығады — деді бастық сыбырлап.

Үшеуі терезенің үш жағынан шықты. Бірақ екі қабат терезенің арасындағы тышқандарды ұстау қиынға соқты.

— Сорғышпен жіберіп ұрайын ба? — деді бухгалтер.

— Терезе сынады ғой.

— Сынса сынсын! — деді бастық — тек жауыз тышқанның ең болмаса біреуі ұсталсын. Босағаға байлап қойсақ, оны көрген соң кеңсеге тышқан жоламайтын болады. Алдымен терезенің сынғанына акт жасап алайық — деді.

— Кәне, айта қойыңыз.

— Терезенің арасында арсыз тышқан әбден ұятсызданып алып, ойнақтап төбемізге секірді. Жаздың ба? Одан соң: біз еңбекті елдің екісі болғандықтан тышқанды құртуға ұмтылғанымызда терезе сынды. Оған жауапты — арсыз, ертең жойылуға тиісті тышқан. Дедің бе? М... м... м...

Бірақ тышқан актының басын, өзіне артылатын айыптау қорытындысының түйінін сатқан, соң-ақ жоқ болды.

Бастық сасып, терезеге делоны созды:

— Мә, мә, тышқан... жей ғой.

Бірақ тышқан қайтып шықпады. Осымен кеңсенің жұмыс уақыты да бітті.

— Жұмыс тіптен-ақ дейсің, бірақ келген адам, тышқан дауымен-ақ уақыт өтеді, қағазға бір қарай алмайсың — деді бухгалтер.

Қағаз деген сөз шыққан соң, бастық орнынан қарғып тұрды:

— Ұмытқан екенмін. «Тұяқ, мүйіз конторында» мәжіліс бар еді, уақыт өтіп кеткенін қарашы.

— Айтпақшы, «түйе құйрығыңның конторы» мәжіліске шақырған, сағат беске — деді хатшы.

— Мен соған барам — деп бастық ата жөнелді.

— Айғаймен жүріп, түсіп бутербродымды да жей алмаған екенмін! — деп бухгалтер жей бастады. Хатшы қалған бес минутты пайдаланып, Москвадағы кәріп-қасерлер мекемесіне рапорт жазбақшы болды.

«...Өзіміздің негізгі жұмысымыздан басқа тышқан, қандаламен де күресті күшейтті. Әр қызметкер күніне 30 қандаладан, бір құтыға салып отырады, айдың аяғында бір-ақ есеп жүргіземіз...» — деп бастады хатшы. Тышқанмен бастап, сонымен аяқтауға тақалып, өз жұмысы жөнінде бірауыз да сөз айтпады.

Сол уақытта барып Міркемелге көзі түсті.

— Айтқандай, сіз әлі отыр екенсіз ғой. Есік анау, қош болыңыз. Бұдан былай әдепсіз түрде жығылып түсуді қойыңыз! — деді. Үйдің іші темекі түтініне толған. Шашылып жатқан делолардан тарақан түгіл, адам да аяқ алып жүре алмайды. Үйдің төбесі өрмекші өрмегімен торланған. Міркемел тұншыға бастады.

— Тышқанды жою жоспарын жасағанша, жақсы үйге неге көшпейсіңдер! — деді Міркемел.

Хатшы қабағын түйіп:

— Анаған қара! — деп босағада ілулі тұрған қағазды көрсетті. Қағазда «жұмыс істеп жатқанда мешайт етпе» деп жазылған екен. Міркемел құлаған жерінен қайтып шығып кетті

1934.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз