ПРОГРАММ ДЕГЕН НЕ?
Адам бір істі істерде, әуелі ол істің үлгісін пішіп, жоспарын жасап алады.
Мысал: етікей етік тігерде, етік иесінің аяғын (тұрқын, алқымын, жіліншігін) өлшеп алады да, үлгі пішеді, қалып жабады, жамалайды, шешесі баласына көйлек пішерде, баласының бойын, аярын, қолын, мойнын өлшеп алып шүберек жыртады. Иесі үй саларда дуалдың ұзыны, биігі, қалыңдығы қандай, бөлмесі, терезесі, есігі қанша болатының пештері қай жердей салынатынын шамалай алып, соған қанша кірпіш, қанша темір, ағаш, әк кететінің қысқасы сол үйдің қандай сомға түсетінін мөлшерлеп, план жасайды.
Сондай үлгі, жоспар (план) оқытушыға да керек. Үлгісіз, қалыпсыз етік, өлшеусіз көйлек, плансыз үй көңілдегідей боп шықпайды. Жоспарсыз, плансыз оқыту да сол сияқты.
Қандай мекеме, ұйым болсын, қандай ғалым, маман, өнерпаз болсын, плансыз ешбірі іс қылмайды. Осы күнгі мекемелер жазаласа, алдағы бес жылдық жұмыстың планын жасап қойып отыр. Қандай уақ жұмыс болсын, үлгісіз, плансыз істелмейді, шешеміз текеметке түр сала ма, қарындасымыз орамалдың алақанын кестелей ме, алдымен желі тартып, су жүргізіп алады да, содан кейін қошқар мүйіз, сыңар ойық, көр-жерін толтырады.
Міне, программ деген сондай, істелмек жұмыстың үлгісі, планы, қазақша жоспары екен.
ТӨҢКЕРІСТЕН БҰРЫНҒЫ ПРОГРАММ
Төңкерістен бұрын мектеп оқуында белгілі программ болатын. Ол програмдарды халық ағарту министрлігі жасап, неше алуан мектептердің әр жылдық оқуын кесіп-пішіп беретін. Програмнан артық еш нәрсені оқытуға болмайтын. Әр пәннің програмы әр жылға арналып, бөлек-бөлек жасалатын, оның үстіне бастауыш мектептердің програмы бірнеше түрлі, екінші басқыштікі тағы неше алуан боп жасалып, әр мектептің өзі бір бөлек ауыл боп өмір сүретін, түрлі мектепке түрлі ат қойылатын: шіркеу мектебі, қала мектебі, жоғарғы бастауыш мектеп. 2 класты мектеп, гимназия, прогимназия, семинария, реальный. Пәлен-түген деген, бұлай қылудың себебі, байдың алпауыттың, төренің баласы бір бөлек жақсы мектептерде оқып, кедей, жұмысшы, қара шаруа балалары төменшік жаман мектепте оқылатын. Бай балалары оқитын мектепке кедей балалары түсе алмайтын, сүйтіп, мектептер арасында байланыс, жалғас жоқ. Шым-шытырық бірдеңе болатын. Бір жыл оқылатын пәнді екінші жылға оқытуға болмайтын. Мысалы: есептен бірінші жылы 20-ға шейін 4 амал, 100 шейінгі дөңгелек сандарын қосу, алуы. Ана тілі мен жаттау оқу, емленің пәлендей ережесі, дін сабағынан: Құдайды таныту, пәлен дұғаны жаттату, саясаттан: патшаның аты-жөнін, қатын-баласын не деп ұлықтайтынын үйрету тәрізді.
ЕСКІ ПРОГРАМНЫҢ КЕМШІЛІГІ
а) Ескі програмның кемшілігі: қай адамның өміріне түрліше керексіз, пайдасыз, қысыр біліммен баланың басын қатыратын. б) Мектеп бүгінгі қолма-қол өмірді, тұрмысты, саясатты оқытпай, баланың күндегі көріп-біліп жүрген, қызық көретін нәрсесін үйретпей, алда қашанғы өткенді, тарихты, алыстағы елдерді, жерлерді жаттатып, кітаптан оқытып, заманнан алыстататын. с) Баланың өз бетімен білім, өнер табуына бөгет болатын жасықтыққа, қорқақтыққа үйрететін. Діншілдікті, құдайшылықты, бағынғыштықты көкірегіне орнатуға тырысатын. ж) Пәндердің бірімен-бірі байланыспайтын, жазылса үйлеспейтін, үйлеспек тұрсын біріне-бірі қайшы кеп, бірінің шын дегенін, бірі өтірік мансұқ қып отыратын. Мысалы: дін сабағында... «жер мен көкті» Құдай алты күнде жаратыпты. Күн күркірегенде періште шайтанды атады – деп үйретсе, ғылым (пән) сабағында жердің пайда болуына пәлен мыңдап, миллиондап жылдар өткеніне, күн күркіреу, найзағай ауаның қозғалысы, электр ұшқыны екеніне тәжірибе арқылы баланың көзі жететін. Бұл қайшы келген емей, немене? Міне, ескі програмның тағы сондай кемшіліктері көп еді.
ТӨҢКЕРІС ЕҢБЕК МЕКТЕБІН ТУҒЫЗДЫ
Төңкеріс ескі тұрмыстың астын үстіне шығарды. Ескі мектеп, ескі програмдарды мектепке қатынайтын шарт бұрынғыдан басқа болды, мектеп негізі түбінен өзгерді. Бұрынғы құрғақ білім, қысыр сөз беріп, бағынғыш діншіл бала тәрбиелеу деген салт күйреп, енді өмірге керекті білім, іс, еңбек үйрететін, жаратылыстың тілсіз күшімен де, қоғам ішіндегі әділетсіздік-теңсіздікпен де арпалысатын, өжет, ісшіл, төңкерісшіл адам жасап шығару керек болды. Ол үшін бұрынғы «ардақты», «ояусыз» неше алуан мектептерді жою болып табылады.
Сүйтіп, бірізді еңбек мектебі «туды».
Еңбек мектебінің мақсаты: «Тіршілікке керекті, жетерлік білім беріп, білгір ұйымдасып жұмыс қылуды үйретіп, жаңа тұрмысты жасағандай өр де өжет адам жасап шығару».
Көздеген мақсаты қандай екенін анықтап алмай, іске кіруге болмайды. Мұғалім де баланы қандай адам қылып шығаратынын жақсы білуі керек, сол мақсатқа бейімдеп білім, еңбек үйретуі керек, тәрбие беруі керек. Тәрбие деген кең мағыналы сөз. Жас баланың несін тәрбиелеу керек?
Жас балаға мектебі:
а) Дене тәрбиесін,
б) Әлеумет тәрбиесін,
ж) Ақыл тәрбиесін беру керек.
Мұның мәнісі:
1) Бала «жанды мәшине» мектеп қолынан келген шараларды істеп, баланың денсаулығын қорғасын, сақтасын, денесін күшейтсін, шынықтырсын. Бір сөзбен жетілдірсін, сол денесін қорғаудың жетілудің тәсілін, амалын баланың бойына сіңіріп (қалай қып?), жұқпалы ауру жайынан сөйлеп, жұмысты ретпен істетіп, тамағын мезгілімен ішкізіп, денесін епке үйретіп, еңбекке төселдіріп деген сияқты.
2) Бала әлеумет мүшесі. Бөле, жеке өмір сүрмек емес, олай болса мектеп баланы жолдастарымен, үй-іші адамдарымен, ауыл-аймағымен жақсы араласқандай, ымыраласқандай, икемді, үйірсек қып тәрбиелесін. Мектеп балаға өмір сүруді үйренуге бірігіп жұмыс қылуды үйретпек қой. Бұл әсте естен шықпасын.
3) Бала ойлаулы машина. Мектеп оны:
а) Төңірегіндегі дүниеге, тұрмысқа қызықтырып, әуестігін қозғап;
б) Жоқтан-өзгеге, ұзын құлаққа, ырым-жырымға, ескі әдетке оп-оңай нана қоймайтын, естіген білгенінің бәрін ақылына салып, сынататын, сонсоң барып асықпай қорытынды шығаратын қылып;
с) Тұрмыс, өмір туғызған мәселеге, сұрауға күнделікті сабақтан жауап тапқызып;
ж) Ойлаған ойын анық, дәл ғып сөйлетіп; ,
д) Мәдениетті өмірге жаңастырған келешекте өздігінен өнер-білім тапқандай мағлұмат, дағды үйретіп шығару керек. Үнемі лекциямен оқушыларды жалықтырмас үшін, кейінгі сұрауларды беріп, азырақ әңгімелесіп алайық:
ЖАҢА ПРОГРАМНЫҢ ҮШ ТІРЕГІ: ЖАРАТЫЛЫС, ҚОҒАМ. ЕҢБЕК
Сұраулар:
1) Тірліктен, өмір сүруден түпкілікті мақсұт не? Тұқым қалдыру.
2) Ол үшін адамға не істеу керек? Алдымен тамақ табу керек.
3) Тамақты адам қайдан алады, табады? Жаратылыстан алады.
4) Жаратылыстан қайткенде көбірек пайдаланар еді? Жаратылыстың сырын, тілін жақсы білгенде.
5) Жаратылыс сырын қандай жұрт көбірек біледі? Мәдениетті жұрт.
6) Жабайы адамдар жаратылыстан қалай пайдаланған? Аң аулаған, жеміс терген.
7) Жеке жүргенде ме, біріккенде ме, тамақты көп тапқан? Біріккенде.
8) Бірігуді қалай үйренген? Аң аулап жүріп. Біріксе күшті болатынын байқаған. Жеке жүргенде соғып ала алмайтын аңын біріккенде оңай соғын алатын болған.
9) Ендеше, бірігу, қоғам болу қай заманда шыққан екен? Жабайы күннен бері қарай қоғам бола бастаған екен.
10) Сонымен тірлік етуге не керек екен? Тамақ, жаратылыс керек.
11) Еңбексіз жаратылыстан пайда (тамақ) алар ма еді? Жоқ.
12) Тамақ табу үшін алдымен не істеу керек екен? Еңбек қылу керек.
13) Еңбек нені туғызған екен? Қоғамды.
Ендеше, адамға тіршілік етуде еңбек, жаратылыс, қоғам керек екен, бұл үшеуінсіз адамның күні жоқ. Еңбек жаратылыс байлығын, күшін пайдалануда, бір сөзбен, жаратылыста жұмсалады, бағытталады, еңбек қыла жүріп, адам біріккен, қоғам болған, сызықпен көрсетсек былай:
жаратылыс → еңбек → қоғам
Тіршілікке керегі де осы еді болғандықтан, жаңа программ осы үшін тіреу қылып, өзгесін осылардан тараулады.
1. Жаратылыс барлық байлығымен, адамымен қабат.
2. Жаратылыс байлығымен, адам күшін пайдаландыратын еңбек.
3. Адамның еңбек қызметінен пайда болған қоғам тұрмысы бұл.
Бұл үшеуін бірінен-бірін бөліп алуға болмайды, бірімен-бірі астасулы, айқасулы, қайнасулы, ендеше жаңа программ бірегей екен.
ОҚУДЫҢ ТҮП ҚАЗЫҒЫ - ЕҢБЕК
Оқудың түп қазығы, кіндігі – еңбек болмақ. Неге десең, жаратылыс байлығын пайдаландырмайтын да сол (еңбек). Қоғам тұрмысына ұйтқы болғанда сол оқудың түп қазығы еңбек болған соң, еңбек мектебі деп аталатын мәнісі сол.
Түп қазық не жаратылыс, әйтпесе қоғам болмай, неліктен еңбек болған? – деген сұрауға қоғамда мынадан жауап бар.
1. Біз екі түрлі шаруашылық дәуірі (капиталдық, социалдық) астасқан белеңде тұрмыз. Бұл дәуірде еңбектің маңызы зор, неғұрлым еңбек ұйымды, өнімді, берекелі болса, солғұрлым мемлекеттің, халықтың, қала берсе Кеңестер Одағының тағдыры дұрыс шешілмек, социалдық тұрмыс тезірек орнамақ, жиһан соғысы мен төңкерістің қалдырған күйзеулігі де сол еңбек құнарлы болғанда тезірек оңалмақ.
2. Бізде еңбекті істеушіні, айтқанды орындаушыны ғана емес, еңбекті жасаушыны, бастаушыны, ұйымдастырушыны тәрбиелеп шығару керек.
Ескі мектеп жұмысты еріксіз орындаушылар тәрбиелеген тұрмысқа пайдасыз құрғақ ғылым, қысыр пікір үйреткен пікір (пійдейе) ғаламын бұл ғаламнан өзгеше, әрі бағалы, әрі қымбат ғалам деп санаған.
Октябрь әбүйірді ашты: сұлу қысыр пікірге малданып, шын өмірді білмегендер төңкеріс кезінде түкке жарамай далада қалды. Сұлу пікірлер қорған бола алмады, керексіз алдану. Анығында өмірден бөлек үстін пікірде ғылым да, физика да, химия да, биология да жоқ. Сол айтқандай аталған боп шықты. Барлық ғылымдар жабылып бірігіп түсіндіретін болмыстар бар. Міне, сондықтанда оқудың түп қазығы еңбек болу керек.
ПРОГРАМНЫҢ БІР МІНЕЗІ – МАРКСШЫЛДЫҚ
Мектептің үйрететін, зерттейтін нәрсесі адамның еңбегі. Бала өзіне ұғымды түрде еңбекті зерттеп жүріп, адамдар арасының қоғамдық қатынастарымен танысады. Ол қатынас тап тартыс жағынан қаралып тексеріледі. Біреу бай, біреу кедей болатыны оның себебі: біреулер еңбекті аз қылса да, тінті қылмаса да, мол дәулетке, табысқа ие болып. Біреулер көн еңбегімен тамаққа жарымайтын. Күштілер – жеуші, нашарлар – желінуші боп, адам қоғамы ринг бөлінетіні, сөйтіп өмірдегі бақытсыздық еңбек пен табыстың адамдар арасында тең болмауынан екендігі зерттеледі. Ендеше, програмның бір мінезі тапшылдық, марксшылдық екен.
ПРОГРАМНЫҢ БІР МІНЕЗІ — КОМПЛЕКС
Жаңа программ балаға керекті білім беріп, бірдеңені істеуге, етуге үйретіп өмірге, заманға араластырады. Заман тұрмысын, құбылысын бір-біріне байланысқан, қалай туған, өсіп, өңдеп, қозғалған өзгерген еңбектің шаруашылыққа негізделген түрінде зерттейді, тұрмыс құбылыстарын, өмір қиқымдарын жеке-жеке алмай, түйдегімен өрбіген тұтас түрін де алып қарайды. Бірінің қатынасы, әсері зерттеледі. Бұл комплекс (диалогтік) әдісі.
ПРОГРАММ ЖЕР-ЖЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫНА ҚАРАЙ ӨЗГЕРЕДІ
Жаңа программ барлық жердің, барлық елдің мектебіне керекті материалдарды толық көрсетіп, дәл нұсқап бере алмайды. Тек оқудың жалпы желісін тарап, қазығын қағып береді. Әр жер өз жағдайына қарай аймақтанудан, еңбек түрлерінен материал кіргізеді. Білім ордасының жасаған програмын өзгертпей, бұлжытпай іске асырам деу еңбек мектебінің рухына қайшы, жергілікті жағдайға қарай комплекс. Тақырыптарына жаңа мазмұн, жаңа материал кіргізумен тұрмай ел тақырыптарының өзін де өзгертуге болатын тек програмның жалпы желісінен шықпақ керекті білім дағды берілсе болғаны. Програмды жергілікті жағдайға қарай өзгертіп, комплекс тақырыптары материалдарын уақытқа мөлшерлеп көрсетсе, ол «жұмыс жоспары» (производственый план) деп аталады.
ЖАҢА ПРОГРАММ БАЛАНЫҢ ТАЛАБЫН ТІЛЕЙДІ
Комплекспен оқытудан мақсат: жалаң тақырыпты толық зерттеу езмалталай беру емес. Кеңес құрылысындағы жалпы мүдделер мен байланыс мәселелерді іс жүзінде шешуде. Бұдан түйін: мектеп жұмысы бір тарынын қауызына қамалмай, өмірге етек жая айқаса өсіп жаңа тұрмысқа, жаңа талапқа, табысқа жолбасшы болуы керек. Қоғам жұмысы балалар ұйымын жасауға пионер, комсомолдарды жұмысқа қатыстыруды тілейді. Балалардың білгені, тапқан-таянғаны өмірге жанасып, жарыққа шығып отырсын. Сонымен қабат, барлық жұмысты балалардың белсене, құлшына өздері істеуі шарт. Өзі еңбектеніп, өзі бейнеттеніп тапқан білім берік болады. Өмірінше ұмытпайды. Сондықтан балалар әлі жеткенше бірінші жылдан-ақ жұмыс жоспарын жасауға, өнімді өзі танып талап табуға қатыса беру керек.
ҚОРЫТЫНДЫ
Манадан бері айтылғандардан туғаны, «Программ» деген жұмысты бір ретке, бір жолға салу, ұйымдастыру, саралау, салалау екен.
Ескі мектеп програмында, әсіресе, оғаш екі кемшілік болатын:
а) Әр пәннің, әр мектептің програмдары бір-біріне үйлесіп, байланысып жасалмайтын.
б) Барлық програмдардың тұрмыспен, заманмен байланысы болмайтын.
Жаңа программ бұл екі кемшілікті жойып, барлық пәндерді ұйымдастырып, үндестіріп, барлық мектепті бір салаға салып, бір арнамен ағызғандай «Бірегей еңбек мектебі» қылып отыр.
Енді мектептер арасында тетелестік, жалғастық бар. Басқыш мектептер мен жоғарғы мектептер арасы үзілмейтін саты. Бірін бітіргені біріне түсе береді. Бұрын бұл болмайтын.
ЖАҢА ПРОГРАММЕН ОҚЫТУ ҚИЫН
Жаңа программен оқытуға мұғалім білімінің әр тарауынан хабардар, жазаласа жетік болу керек. Қай жолмен, қай программен оқытуға білім керек емес дейсіз? Сонда да, үйткені шын Маркс жолын тұтынуға, шынымен еңбек мектебін жасауға көп шарт керек. Үйткені мұның бәрі шыт жаңа (қазақ мектебіне) жат нәрсе, со шарттың бірі: мектепте кітап, құрал, аспап сай болу керек. Жай ғана жайдақ мектеп емес, неше түрлі қол өнері (етікші, ұста, тігінші, ағашшы, кітап түптеуші) дүкендері, кітапханасы, тәжірибеханасы, музейханасы, қора-мүлкі, бау-бақшасы, егіні, шабыны, клубы, алаңы, қос-қолаңы дегендей, төрт құбыласы түгел сай, қордалы орта-шарды мектеп болу керек. Одан да зор шарт мұғалім басында. Мұғалім кез-келген мәселеге бүгілмей суырып салғандай мағлұматты, комплекс тақырыбын табиғат таңдауға үйлестіруге, байластыруға, икемді, тапқыш, көпті көрген көне, жырынды тәжірибелі ойдан шығарғыш, зерек, іс бастағыш көсем, түбірлегіш, талантты болу керек.
Бұл айтылғандар қай мұғалімге болсын керек сипат. «Бірден мұндай шарттар табылмайды әуре болмайық», – деп қорқу керек емес. Ізденсе, талаптанса қолдан жасалмайтын шарт жоқ. Құнттамаған, ізденбеген, соңына түспеген адамның жұмысы еш уақытта берекелі болмақ емес, программен, комплекспен оқыту күбе соқ та емес, инемен құдық қазу да емес екенін істей келе көреміз.
ГУС ПРОГРАМНЫҢ ТАРЫҒЫНАН
ГУС деген орысша «мемлекет білім кекесі» (Государственный ученый совет) деген сөздерден қысқартылып құралған бас әріптері, програмды мемлекет білім кеңесі жасап шығарғандықтан «ГУС програмы» деп аталын кеткен, бізде ондай кеңесті «Білім ордасы» деп жүрді. «Білім ордасы» – Қазақстан оқу комиссариатында болды ғой.
Төңкерістен кейін 2-3 жылдан орыс мектептері ескі программы жаратпағандықтан, бір жола «программ» деген нәрсеге қарсы болып, оқуды програмсыз жүргізіп байқады. Плансыз істен мән шықпасына көзі жеткен соң, әр жерде сөз көтеріліп, 21-жылы әр мектеп там-тұм программ жасай бастады. Програмсыз мектеп жолсыз адасқан арбадай екенін ескеріп, 22-жылы Қазақстан білім ордасы бастауыш мектептерге төрт жылдық программ жасап таратты, бірақ ол программ көбінше ескі сүрлеумен жасалып еді.
22-жылдын аяғында Мәскеуде I-III басқыш мектептерге программ жасалып, жер-жердің мектебіне тәжірибеге, сынға жіберілді. 23-жылы ол програмдар еңбек мектептері бастықтарының жалпы Ресейлік съезіне салынып тексерілді. Сол тексерілген программ келісін со жылғы 5-мартта оқу комиссариатының алқасы бекітіп, мемлекет білім кенесіне (ГУС-ке) сол желіге қарап, толық программ жасауды тапсырды.
Программ желісін жасағанда, оны құр ойдан шығара салған жоқ. Ресейдегі екі тәжірибе мектебінің жұмысын үлгі қып, соған сүйеніп, оның үстіне орыс оқытушыларының қасқа мен жайсаңы бас қосып, ақылдасып отырып жасаған еді.
Сондағы 4 жылдық програмның алғашқы желісі мынау еді
Жаратылыс пен адам |
еңбек |
қоғам |
|
I II III IV |
Жыл мезгілдері Ауа, су топырақ, қолдан егілген шөп, астық, мал. Оларды күту. Физика, химиядан қысқа мағлұмат тұрған жерінің жаратылысы. Адам денесінің тіршілігі. Ресей мен басқа жердің жағрафиясы, адам денесінің тіршілігі. |
Қаладағы, ауылдағы, үй маңының жұмысы. Балалар тұрған ауылдың, не қаладағы кварталдың жұмысы. Аймақтың шаруашылығы Ресей мен басқа жерлердің шаруашылығы. |
Үй іші, мектеп. Ауылдың, қаланың қоғам басқаратын мекемелері Губерния, аймақ мекемелері тұрған жерінің тарихы. Ресей мен басқа жұрттардың мемлекет басқару, адам баласының тарихы. |
Программ жасағанда, әр жылда оқылатын мағлұматтар осы желінің бойына, төңірегіне қозыдай көгендеп, жылқыдай иіріп, желі басына қара-құра көбейіп еді.
Оқыту жолында «Жақыннан алысқа, аздан көпке, деректіден дерексізге қарай жылжы» деген ереже бар ғой. Сол ережені қолданып, желіні жасағанда, мағлұматтарды реттегі кіргізген еді, жаңа түскен жас балаға ең жақыны, танысы, деректісі, оңайы не жайынан? Әрине, шыққан, өскен ұясы – үй ісінен, одан қала берсе, мектептен жақыны жоқ. Сондықтан алғашқы жылы мағлұмат үй іші мен мектеп маңынан беріледі. Үй ішін зерттеп болған соң, ауылына, одан кейін аймағын, бара-бара мемлекетіне көшеді. Ескі мектептердің програмында бұл болмайтын. Алыстағы жердің жағрафиясынан, әлдеқашанғы елінің тарихынан бастап оқытатын.
Жаңа програмның тағы бір қолайлы жері: барлық материал жылдың мезгілдеріне қарай жіктелген. Әрбір құбылыс, әрбір нәрсе өзінің болатын кезінде қолма-қол көріп отырып зерттеледі. Мысалы: шөп шабу, жиын-терін, гүл-шешек, құрт-құмырсқа, күзем жайлы қысты күні сөйлеуге, оқытуға болмайды. Сол сияқты қыс болатын нәрселерді: қар жауды, мұз қатуды, малдың астын күтуді, сырғанақ тебуді... жазғытұрым, не күз басында оқытуға жол жоқ. Күздігүні құс қайтуды, топырақ сарғаюды, қораның жыртық-тесігін бүтіндеуді көктем кезінде сөз қылудың жөні жоқ. Міне, осыны еске алып, програмда «Күзгі комплекс», «Қыс басы», «Қысқы тұрмыс», «Қыс аяғы», «Жазғытұрым»... деп материалды сол комплекстер (тақырыптардың) төңірегіне жіктеп тізген, сөйтіп, әрбір комплекс уақытқа байланысып отырады екен.
Қала тұрмысы бір басқа, даланыкі бір басқа. Қаланың үлкен үйлері, көшесі, трамвайы, автомобилі, бершобайы, толып жатқан кемесі, почта-телеграмм, радиосы, фабригі, заводы, аэропланы... тағы-тағылары бар. Далада бұлар жоқ. Даланың егіні, пішені, төрт түлік малы, көшесіз ауылы, киіз үйі, даласы, тауы, орманы, өзені, өлкесі, аңы құсы бар. Қалада бұлар жоқ. Сөйтіп, дала мен қаланың тұрмысы, кәсібі, еңбегі екі алуан болған соң, қала даланын мектебіне бір-ақ түрлі программ жасап, бір-ақ программ қолдануға болмайтыны көрініп отыр. Қазақ білім ордасы, осыны еске алып, ГУС програмның желісін қолданса да мазмұнын қазақтың көшпелі тұрмыс жағдайына қарай өзгертіп, қазақ мектебіне икемдеп жасап жүрді.
ГУС-тың әуелгі жасаған програмы со күйінде тұрып қалған жоқ. Жыл сайын кемшілігі табылып, мінеліп, қырналып, түзетумен, өзгерумен келді. Әуелде, программ үш салаға (жаратылыс, еңбек, қоғам) бөлініп жазылса, жүре-жүре салалары көбейді, қазақ білім ордасы «жаттығу», «әдіс» дегендерді қосып, саланы беске жеткізді, сала көбейген сайын, салалардағы материалдарды үйлестіру, әр саладан бір шөкім, комплекс тақырып, тақырыпша жасау деген тәжірибесіз мұғалімдерге «тоғыз құмалақ» ойынынан қиын тиді. Ақыры 27-жылы барлық салалары қосылып, жалпағынан бір-ақ жазылып шықты. Жалпағынан жазылған програмның I, II жылдығын өзгертіп, қазақ мектебіне бейімдеп, білім ордасы «Жаңа мектепте» (27-жыл, сан — № 6) басып шығарды. Қалған жылдардікін 28 жылы шығарды.
Міне ГУС програмы тарихынан қысқаша мағлұмат.
ПРОГРАММ БАРЛЫҚ ЖЕРДЕ ҮЙЛЕСПЕУ СЕБЕБІ
Білім ордасының басып шығарған бұл програмы да Қазақстанның барлық жеріне үйлесе бермейді. Үйткені Қазақстанның елі, жері, кәсібі ала жаулы, әралуан, оңтүстігі: көшпелі, шала көшпелі, жері құм, саз, суы тапшы, ағызғаны арық, егіні – бидай, тары, қонақ, жүгері, кендір, зығыр, салы(күріш), қоза(мақта), бауы – мәуе, бақшасы – байкел, отыны – сексеуіл, жыңғыл, арша, қамыс; жеміс ағашы, көлігі көбінесе түйе, есек; теріскейі: көбіне отырықшы, шала көшпелі, жері қара топырақ, саз, сортаң, егіні – бидай, сулы, арпа, қара бидай, ағашы – қарағай, қайық, үйеңкі, долана, көлігі – ат, арба, түйе, күншығысы да солтүстік тәрізді, тек қара топырақты, жері кемірек орман аз, алтын, күміс, көмір, мыс, тұз кеңдері, су жолы, от кемесі, балығы бар, елі көбінесе көшпелі, жазаласа әр ояздың, әр ауданның жер жағдайы, ел тұрмысы кәсібі де бірыңғай емес, Шымкент, Тәшқазақ ояздарында салы, қоза ексе, Түркістан оязында салы екпейді. Кендір төрт оязда да (Шымкент, Тәшқазақ, Түркістан, Әулие ата) егіледі, май кебе, арыс қара Ыспан болыстарында ғана бар, темекі, көкнәр Әулие ата оязында егіледі, тұз кәсібі де әр жерде, әр оязда, сексеуіл де кейбір ояздарда.
Айта берсек, Қазақстан елінің үй тұрмысы да біркелкі емес. Кей жерде кірпіш үй, шым үй, кейінде тас, ағаш үй, енді бірінде там, жертөленің (кепе) қамыс үй. Үйлердің олай болуы да жеріндегі затына қарай. Күнгей, жылы жақтағы ел пеш салуды білмейді. Қыс тамының, жертөленің ортасына от жағып, аяқтарын сандал (күрсімен) жылытады. Әйнек орнына қабырғадан көздей тесік шығарады да, суықта терлік, шоқпыт тығып қояды. Мал қора, есік дегенді білмейді. Бастырма, ергенек, дегені болады. Теріскей суық жақта кәдімгідей кірпіш, ағаш, тас үй болып, үйіне пеш, терезе орнатады. Жерінің ауасына, тұрмысына қарай, Қазақстан елінің киімі де неше алуан. Түркістан жағында кең қолтық дөңгелек етек, ұзын жең күпі, шапан тымақ, жалбағай, саптама етік болмайды, шолақ жең, сыпырық сарт шапан, жиегі дүрдиген жалпақ бөрік, киіз қалпақ, кебіс, мәсі, немесе қу етік. Оның есесіне көйлегін буынын, шапанын желбегей киген, басын орамалмен байлаған қазақты Арқадан көрмейсіз. Арқаның әйелдері де дамбалының балағы жалпылдап, жазы, қысы жалаң аяқ немесе кебіс іліп жүрмейді, кебіс-мәсісі аяғынан түспейді.
Ыдыс-аяқ та өзгеше, Арқанын шелегі орнына Сыр елінде көбінесе – қабақ, шыны аяқ орнына – пияла, (кесе), ішқап орнына — ас алал, ошақ орнына – үйкек, саба орнына – күбі, мес боп келеді. Аяқты зерен дейді, шылапшынды тегене қылады, елеуіш – елгезер, қол сандық – қолдорба, тұлып – шанаш, айыр – бесақа, күрке – шайла, шабадан – жаңдан деген сияқты.
Әр елдің әдет-ғұрпы да өзгеше, Сыр елінің бәдік ойыны, додасы, әйелдің еркектен жасырынуы, шылым тартуы, келін түскенде отқа май құйып, шайды сүтсіз ішуі Арқада жоқ әдеттер, не сирек әдеттер.
Жер, жұмыс жағдайына қарай әр елдің сазы (ән-күйі) да әр алуан. Түркістан елінің әні бұлтарысы жоқ, тік тартар айқай, қайырмасы жоқ, келте немесе бірыңғай текірек болып келеді. Түйеге, атқа, есекке мінген адам болсын, ауылдан шыға беріп:
«Ауылың сенің белде еді әрмайдай» деп қозғайды. Арқанын әні толқынды, ырғақты, айғайлы, зарлы, қайталамалы, қайыруы ұзын болын келеді. Теріскейдің, батыстың әні мұңды, зарлы, шерлі, желдірме, көй-көй боп келеді. Арқаның ертеде айтатын ескі әндері Түркістанда қалған секілді. Арқаның көп нақышты нәзік үндерін Түркістан әншілері жуырда үйрене алмайтын секілді. Орал қазақтарының, әсіресе, Мұхиттың мұңды әндерін Арқа әншілері үйрене алмай, тосаңсиды. Ән-күй, тіл жағынан Сыр қазағы – атасы, қыр (Арқа) қазағы баласы тәрізді. Ескі ән де, ескі тіл де Сырда көп ұшырайды, бірақ үй тұрмысы, киім, әдет-ғұрпы, әдебиет, мәдениет жөнінен теріскей, күншығыс елдері анағұрлым ілгері кеткен.
Аспан, сайман, өсімдік, жан-жануар аттарының өзгешелігі өз алдына, қыр мен сырдың жай тілінде де өзгешелік бар: «дымқыл, сыза» деген сөзді «ызақ», «ығал»; «жал ақы – майана қалата – айлық – жалуанжа», «голба — гөпал», «тіпті – жүдә», «үме – азар», «түйшіктесу – жағысу», «ортақтасу – телімдесу», «ат бапкер – тапкер – атсейіс», «пешене – тағдыр», «қуатты ма? – бақуат па?»; «дұрыс емес – бә дұрыс»; «сым – шалбар», «құмалақ – малақ», «сәйгел – оқалақ», «демде – лезде», «серне – сірне — шерне – деңгене», «оппа – ұйық – мыйлық – барбас – қорыс»; «сереңке – ішпішке – шырпы – күкірт – оттық – шақпақ – ши шақпақ» ең аяғы әр елдің боқтауы да әр түрлі. Арқа жағы боқтаса алдымен аузына «енеңді» түсе кетеді. Одан жеңіл, одан сыпаны боқтас жоқ. Түркістан қазағына «қызыңды» деп боқтағаннан оңай нәрсе жоқ. Екі сөздің бірінде қыздың сорын қайнатып отырғаны.
Тілдегі бұл өзгешеліктер неден пайда болған десеңіз, әр елге маңайындағы көрші елдің әдет-ғұрпы, тілі жұққан. Түркістан қазағына өзбек, сарт, тәжік, парсы, араб тілі көбірек кірген болса, Арқа қазақтарына орыс, ноғай, татар, қалмақ, ұйғыр тілдері көбірек араласқан болу керек.
Сөйтіп, Қазақстанның жері, жаратылысы, өсімдігі, жан-жануары, ауасы, соңың салдарынан тұрмысы, кәсібі әр алуан болса, сонымен қабат үй салуында, киімінде, аспап, құралында, әдет-ғұрпында, ән-күйінде, тілінде, мінезінде де өзгешеліктер көп табылады екен. Олай болса Қазақстанның барлық мектептеріне бір-ақ программ қолданып отырып, соңың керек жерін пайдаланып, әр алуан әр елдің мектептері өз жағдайына лайықтап, толықтырып, өзгертіп, программ жасап алу керек.
Ондай өзгертулерді не жер-жердегі оқу орындары, немесе бірнеше аудандық мұғалімдер кеңесі, немесе таяныш (опорный) мектептердің жиылысы жасауға мүмкін, жалғыз-жарым мұғалімнің қолынан ондай жұмыстар келе бермейді. Ең болмағанда ондай өзгерісті жазғы мұғалімдер курсы жасап беру керек.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі