Новелла
Біз бақытты едік.
Өмірде жоқшылық, тарығушылық бар дейтін, бірақ оны біз көрмеген едік.
Өмірде еріксіздік, езушілік бар дейтін, біз оны да көрмеп едік.
Біздің өмір — бақытты өмір еді.
Біз тек бақытты, қуанышты өмірдің аясында өскен едік. Сондықтан да біз өміріміздің, бұл қасиеттерін жақсы білетін едік. Бірақ біз өмірдің сұлу, көркем екенін білмейтін едік.
«Біздің өмір көркемнен де көркем, сұлудан да сұлу ғой» — деген ақын сөзін бақытты, қуанышты айтады ғой деп түсінетін едік.
Ал, айтайық: құралай көзді қыздың көркемдігі мен өмірдің көркемдігін ешқандай жанастығы, жақындығы жоқ қой деп ойлаушы едік. Өмір деген еркек емес, қыз емес, жер-су емес, қала емес, оның сымбатты денесі, оймақтай аузы, ойнақшыған көзі жоқ. Бұл өмірдің жақсы, бақытты, қуанышты екені рас, ал сұлулығы түсініксіз деуші едік.
Бірақ естеріңізде болсын, өмір туралы ұшқалақ ойдың, қатенің барлығын өмірдің өзі ашып береді. Бұл жөнінде де солай болды. Өз өмірдің көркемдігін көзімізбен көрдік. Оның суретін де салып алдық. Бұл былай болған еді.
Қала қалың көк ағаштарға бөленіп, үйлерінің мұржалары да жапырақтар арасына жасырынып көрінбей, тау етегінде жататын.
Біз сол тау етегіне қарай шығатын оқтай түзу көшеде тұратынбыз. Менің бір суретші жолдасым болды. Екеуміз күн сайын оның болашақ суретші сұлу қыз іздейтінбіз.
Біз тұрған көше бірте-бірте жоғарылап, беткейді өрмелеп, көтеріліп барып алдында кесе-көлденең жатқан тауға иек арта бітетін. Кеменің шетінде тау беткейіне өрмелей біткен қалың жемісті бақша болатын. Біз жолдасымыз екеуміз күнде көшемен жоғары көтеріліп, осы қалың бақшаны аралап өтіп, тау төбесінде секіріп ағып жатқан өзеннің жағасына келіп, қалың ағаш көлеңкесінде жататынбыз. Төменде, беткейде қалың ағаш арасынан көрінбей, көк ағаштардан жасалған көрпесін айқара жамылып, жасыл жапырақтарды бүркеніп біздің қала жататын. Біз сол қалаға көз жіберіп, көңіліміз шалқып, тау суына шомылып, дем алатынбыз.
Әсіресе, кешке таман күн еңкейіп назарын басқа жаққа аударғанда, жел тыныс алып, табиғат көркемдігіне мүлгігенде, осы беткей мен бақшалар үсті таудың салқын ауасына, неше түрлі гүлдердің жұпар иісіне толатын.
Сол хош иіс, салқын ауа денені балқытып, буынына дейін түсіп, көңілді шалқытып, өзіңді бір кіршіксіз гүлдей таза етіп жіберетін.
Табиғаттың әрбір қимылы — сұлу қыздың көз қарасы, сызылып шыққан музыка сияқты өте келісті де, әсерлі болатын.
Не дегенмен мен онда ақын едім. Ақын болғанда өлең жазу емес, жанымның, сезімнің нәзік музыкалық жағдайды шамалы болса да түсіне білгенін айтам - ау.
Бір күні өзен жағасында жатқанымызда өзеннің төменгі жақ бойынан шыққан күлкі естілді. Күлкі — әйелдің күлкісі. Біз осы уақытқа дейін әйел даусының қандай екенін айтып бере алмаймыз. Күлкі тек шалқып шықты.
Мынандай жағдайды көзіңізге елестетіңіз:
Кешке жақын жел тынып, салқын ауа, түрлі гүл, шөптердің жұпар иісіне толып ол иіс ағаштардың арасында қозғалмай тұрғанда, гүл арасында өмір сүретін әдемі көбелектер сол гүл үстінде өрши ұшып секектеп, әр жерге бір қонып жүреді. Сол уақытта бақшада жастықтан, бақыттан, шаттықтан, сұлулықтан тасып шыққан ешбір қайғы-уайымсыз, таза күлкі елестеді.
Әрине, бұл жағдайлар адамға әсер етпей қоймайды. Қайғылы адамды шаттандырып, қуанышты адамды қайғыландырып жібереді.
Бұндай күлкілер күлкі иесінің кім екенін толық ашып бермесе де, оның кіршіксіз, табиғи қуанышын, баладай ақ көңіл таза жандылығын, сонымен қатар оның өте қызу жастығын, денесінің саулығына, өзінің ерекше көркем екендігіне сенімділігін, алғашқы таза табиғатпен араласып жатқандығын көрсетеді.
Біз орнымыздан тұрдық. Сол уақытта беткейден бақша арасынан бір қыз, бір жігіт шыға келді. Біз дәл жаңағы күлкіні көзімізбен көргендей болдық. Қыз бір жерде тұрмайды, түлкі құсап, тау суы құсап, тастан-тасқа секіреді. Қыз бен жігіт суды жағалап біздің қасымызға келді. Жігіт тасқа отырды да, қыз түрегеліп тұрды.
Күлкінің иесі — қызды біз енді жақсылап көрдік. Бұл он жеті-он сегіз жасар қыз еді. Қыз жалаң бас, үстінде белі қыналған, жеңсіз, жағасыз сары көйлегі бар. Білегінде кішкентай сағаты бар.
— Мынау аса сұлу екен — деді жолдасым.
Тегінде, қыз аса сұлу еді. Бірақ біз қыздың иесі әдемі екенін біле алмадық. Біраздан соң қыз бен жігіт ойламаған жерде орындарынан тұрып, бақшаның ішіне қайтып кіріп кетті. Біз бір-бірімізге сөз қатпастан отырдық та қалдық. Бір уақытта жолдасым орнынан қарғып тұрды.
— Барып танысам — деді де жүгіріп алып кетті. Мен артынан барғанда, бақшаның ішінде, кішкене кірпіш үйдің қасында қыз күнге көріну үшін үлкен шидің үстіне өрік жайып жүр екен. Жолдасым қасында өрік ағашына сүйеніп тұр.
— Қарындас, мен суретімді, үлкен полотно етіп, портретін салуға сіз сияқты адамды іздеп жүр едім — деді ол қызға.
Осы уақытта қыз:
— Қоян! Қоян! — деп айқай салды.
Тау жақтан төмен қарай бір қоянды бір тазы бастырмалатып қуып келе жатыр екен. Қоян екенін мен келіп бақшаға қойып кетті. Біз үшеуміз де тұра жүгіріпті. Қыздың қуанышы қойнына сыймай,күміс күлкісін бақша ішіне сеуіп, құлашын жая қоянға ұмтылды. Қоян сескеніп, бұрыла қашып бақшадан шығып кетті. Бір минут өтпей-ақ қоян да, тазы да тасаға түсіп, жоқ болды.
— Міне, суретің болса осындай сурет салшы: тазы ентелеп, аузын ашып тап басуға сәл-ақ қалып келе жатады. Қоянның көзі шарасынан шығып, өлім тырнағына ілінуге сәл-ақ қалып қашып келе жатады. Бұның өзі аса ерекше әсер ететін сурет емес пе? Осы суреттегілердің барлығы да натюрморт, деп өлген қоян, құсты, үзілген алма, жарылған қауынды көрсетеді. Шын суреті болсаң әлі үзілмеген, жарылмаған, ағашта тұрған, өлмеген, өмір сүргісі келетін, өліммен күрескен аңды көрсетті. Адамның өзі де өмірмен адам емес пе?
Қыз сөйлеп болып, ағаштың көлеңкесіне тұрды.
Біраздан соң, ойламаған жерден қыз:
— Мақұл, көркемөнерге пайдам тиетін болса, мен қашпайын, бірақ сүйемін, құшағыңды ашшы деп мазамды алып жүрмеңдер. Ал ойнап-күлуді өзім де жақсы көремін — деп күлді.
Біз адресімізді беріп қош айтысып, үйге қарай кеттік. Біз ұзамай артымыздан қыздың, айқайлаған даусы шықты.
— Менің атым Дәмелі Тұрарова — деді қыз.
Жолдасым түнімен ұйықтамады. Палитрасын, кистасын қолға алып, үйдің ішінде жүрді де қойды. Қызды түсіретін поза іздеп әлденеше композициялар жасады.
Ертеңіне қыз келді. Оның қандай сұлу екенін біз сонда білдік.
Дәмелі комсомол мүшесі, дәрігерлік институттың студенткасы екен.
Егер де Дәмелінің бет тұрпатын, денесін алатын болсақ, оның тек үлкен қара көздері ғана әдемі еді. Онан басқа қарапайым қыздардан асып тұрған ешқандай ерекшелік жоқ еді. Дәмелінің сұлулығы да басқада еді.
Дәмелі үйдің ортасында бір тыным таппай тұр. Әңгімелесіп тұрып бір маған, бір жолдасыма қарайды, сөйтеді де басын кейін қарай бір сілкіп тастап, қолымен шаштарын түзейді, сипайды. Онан соң күледі сөйтеді де бетіне, көзіне я күлкі, я қорқыныш жүгіреді, әйтеуір, Дәмелінің денесі, қолы бір минут те тыныш тұрмайды.
Дәмелінің үлкен қара көздері де солай, бір тыным таппайды. Көз алдында көрінген нәрселердің барлығы басынан кешірген, үйреншікті, білетін нәрселер сияқты. Көз қарасы минут сайын құбылып тұрады. Біресе көздері терезеден көрініп тұрған сонау Алатаудың белінен бір жеріне қадалып, мөлдірей қалады. Біресе өзіне қымбат нәрсе тауып алғысы келгендей көшеден өтіп жатқан адамдардың беттеріне қарайды, қасындағы суретшінің шашына қарайды. Сөйтеді де бота көзі өзінің қарауына тұрарлық бір нәрсені тауып алғандай жайраңдап, ойнақтап, оймақ аузына күлімсіреу пайда болады. Біресе қараудан зерігіп, қара көзі төңкеріліп, бұлтқа жасырынған айдай жасырынып жұмылады.
Қыз көзін жұмып шалқаяды. Бетіне түскен бір топ шашы кейін қарай сырылады. Қыз кенет көзін ашады.
Жолдасымен әуре болып, еш нәрсе шығара алмады. Оған себеп мынау екен:
Қыздың сұлулығы — оның денесінің, қолының сансыз әдемі қозғалысында, бетінің, көзінің әр уақытта да құбылып, күлкіге шомылып тұруында екен. Көзінің ойнақшуы, денесінің, қолының тынбастан қимылдап тұруы, оның жастығына, тазалығына, күмістей таза күлкісіне қосылып айрықша бір сұлулық туғызады екен. Оның сұлулығы — кербез, өте көркем қозғалысында, көз қарасының құбылысының құбылуында, күлкісінің тазалығында екен. Егерде құбылуында қозғалысын, құбылуын тоқтатып. бір қалыпта қозғалтпай суретін салғың келсе, түк шықпайды екен.
Дәмелінің сансыз нәзік қимылдарын, тыныштық тапқызбайтын қуанышын портретінде көрсете білетін әлі табу керек болды. Қозғалысты өзгертуді, нәрсені өзгермейтін бір қалыпта түсіретін фотография суреті. Дәмеліге тура келмейді.
Осыдан кейін жолдасым өте қызық творчестволық жұмысқа кірісіп, барлық дүниені ұмытқандай болды.
Күздікүні үскірік жел көшені қуалай кезіп, қуарған ағаш жапырақтарын жерге түсіргенде, қара бұлт көрген қарақұстай тау төбесін айналып, кетпей қойғанда, күн сәулесі түнде түскен бозқырауды тоңазыған жерден бетін ғана жібітіп, ызғарлы суыққа төтеп бере алмаған уақытта Дәмелінің портреті де бітті. Бұл өте әдемі портрет болды. Повел. Сәулеш, жарықты, бояуларды ерекше шеберлікпе пайдалана білгендіктен бе, әлде құлпырып, құбылып тұрған Дәмеліге біздің көзіміздің үйреніп қалғандығынан ба, әйтеуір, портрет мың құбылып, жайнап тұрушы еді. Дәмелінің портретінде отырысы жайлы, бүлк етпей отырған адамның отырысы емес, қозғалып, құбылып, әлдебір әдемі қимылдар жасайын деп, жасап та отырған адамның отырысы сияқты. Бір шоқ шашы Дәмелінің маңдайына түсіпті. Міне, Дәмелі басын бір сілкіп, шашын кейін қайырайын деп тұр. Әдемі қолы да омырауындағы көк лентаны ұстайын деп көтеріліп келеді. Үлкен қара көздері ойнақшып, қуанышқа шомылып, әлдебір нәрсеге балаша таң қалып, жайнап тұр. Бетіне, аузына күлкі жүгіріп, өзі де музыкадай жеп-жеңіл екенін көрсетіп, ұшып кетейін деп тұр. Дәмелі көкжиектен көрінген самолетке қарап тұр. Егерде бұл суретті Дәмелінің бар арманы летчик болу екенін білетін адам көрсе, бұл самолет көріп тұрған суреттен Дәмелінің жүрегінің соғуын да есіткен сияқты болар еді.
Бір күні біздің үйге Дәмелі келді!.
Есіктен кіріп келген түрде:
— Амансыңдар ма? — дегенде, біз тіпті шошынып кеттік.
— Неге таң қалдыңдар. Дәмелімін ғой — деді ол жай ғана. Бірақ біздің алдымызда баяғы құлпырған сұлу Дәмелі емес, ағаштай жансыз, сұп-сұр біреу тұр еді. Бұнда бұрынғы Дәмелі сұлулығының, тыным таппайтын құбылысының ізі де жоқ еді.
— Мені әлдебіреулердің жапқан жаласы бойынша бай қызы деп мектептен, комсомолдан шығарды, мен бақытымнан, қуанышымнан айрылып далада қалдым, енді қайтем, қайда барам? — деп Дәмелі орындыққа отыра кетті.
Біз сонда білдік.
Дәмеліні сұлу еткен оның денесінің, қолының кербез, өте көркем сансыз қозғалысы, көз қарасының құбылуы, күлкісінің күмістей тазалығы болса, сол сансыз көркем қозғалысты, құбылмалы оттай ыстық көз қарасты, таза күлкі туғызған Дәмелінің бақыттылығы, қуанышы, шаттық өмірі, уайымсыздығы екен.
Қуанышты адам тынымды білмейді, оның секіргісі, билегісі келеді. Қуанышты адам тыныш жатқанымен оның жүрегі тулап, дүрсілдеп тұрады. Қуанышты жасыруға болмайды. Ол үлкен қара көздерді ойнақшытып, жайнатып, алма бетті күлкіге шомылдырады.
Міне, Дәмелі қуаныш, бақыттан айрылып еді, солған гүлдей көркемдігінен айрылды.
Дәмелінің көркемдігі — қуанышты өмір, бақыт екен. Былайша айтқанда, Дәмелінің көркемдігі — бақыт пен қуаныштың көркемдігі екен. Мен өмір көркемдігі деп осыны айтам.
Кейінірек іс анықталып, Дәмелі институтқа да, комсомолға да қайта кірді. Оның қуанышы, бақыты өзіне қайтты.
Бірақ портреті біз осы уақытқа шейін жолдастарымызға көрсетіп, бұл өмірдің көркемдігін дейміз. Жолдастарымыз түсінбей таң қалады. Таң қала берсін, біз өмірдің көркемдігін осылай көргенбіз.
1936.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі