Өлең, жыр, ақындар

Нау емене?

Біреу-міреудің жынданған сәтін көргендеріңіз бар ма? Ал мен көрдім.

Несін айтасың, — ол бейбақтық жүйкесі темірдей еді, өзі көп оқыған, салауатты жан еді. Байғұс тұп-тура менің көз алдымда жынданып кетті.

Ол оқиға осыдан екі жыл бұрын болған-ды.

Бір күні кешке әйелім екеуміз бізбен таныса алмай қор боп жүрген біреудің үйіне қонаққа бардық. Жақын бір жолдасым ол үйдің иелерімен дос-жар екен, сол бізді сүйрегендей етіп алып барғаны. Тіпті ерік - алдымызға қоймады.

Мен өзі өйтіп таныс болуды әсте ұнатпаймын. Аралас-құраластығым жоқ кісілердің арасына бара қалсам, — тиіп кеткенді қарып жіберердей боп мұздап отырамын. Барған үйім үй емес, аңырап-азынап тұрған қора болады да шығады...

Бізді шақырған үйдің жандары ашық-жарқын, ақ пейіл екен. Көңілімізді тапқылары келіп бәйек болды дейсің бағана.

Іле-шала екі әйел, бір ер қонақ және келді.

Үй иесі әйел: тамақ түсірілгенге дейін арақ-шарап іше отырыңыздар, деп өтініп қояды.

Соң келген үшеуі біраз дабырласып, үй ішіндегі ызғарды сәл-пәл жұмсартқандай болған. Бірақ, ол күй ұзаққа созылған жоқ. Менің қабағымнан жауған қар оларды да жауратып, ақырында үшеуі де тілдерін тістеп тынды.

Қонақтар қысылып-қымтырылып, демдерін іштерінен алып отыр. Сірескен сеңді бұзуды ойлаған үй иелері ара-тұра оны-мұны айтып, бізді сөзге тартуға тырысады. Ал біз бірер ауыз бірдеңе айтамыз да, тағы тұнжырай қаламыз. Шын бар-ау, қаза жоқта аза тұтқандаймыз.

Бір уақта қабырғалас бөлмеден бала дауысы естілді. Сол-ақ екен, үй иелері кішкентай ұлдарының қияңқылау екенін айта бастады. Тіл-көзден аман-сау болғыр еркетотайлары тым беймаза көрінеді: аз уақыттың ішінде бұл үйде төрт губернантқа ауысыпты, олардың ең төзімді дегені алты айға әрең шыдапты. Қияңқылау балақай енді келесі бір күтушісін күңірентіп жатса керек. Ал әке-шешесі еркетотайларынан көресіні көріп болған тәрізді.

Еркетотайдың мән-жайынан мағлұмат алып болғаннан кейін біз таз қалпымызға қайта түстік.

Амалы құрыған үй иесі:

— Фикри-бей тезірек келсе екен, ішегіміз түйілгенше күліп бір қарық боп қалар едік, — деді.

— Шын айтасыз ба?! Фикри-бей келе ме? — деді әйелдердің бірі, көзі шоқтай жайнап.

— Иә, қазір келіп те қалар.

— Ах, шіркін! Күлкінің туы ғой ол!

Екінші әйел де қарап қалмады:

— Біз жақында бір танысымыздың үйіне қонаққа бардық. Бізбен бірге Фикри-бей де болды. Өзінің тұла бойы тұнған қушігештік шығар, қайдағы-жайдағыны айтып күлдіріп, есімізден тандыра жаздады. Жұрт: «Фикри-бей, қойыңызшы!.. Бізді аясаңызшы!.. Күле-күле ішегіміз түйіліп өлерміз!..» деп жалына бастады. Көрген көзде жазық жоқ деген, бір бикештің қатты күлгені соншалық, отырған орындығын дымдап та қойды.

Жанымдағылар: «О, ол керемет!.. Күлкінің туы ғой ол! » — деп Фикри-бейді жер-көкке сиғызар емес.

— Сіз оны танисыз ба? — деді біреуі маған.

— Жоқ, — дедім.

— Өкінішті-ақ! Оны көрсеңіз болды — күле бастайсыз.

Тағы да бірнеше қонақ келді. Почта чиновнигі де келді. Ұзын санымыз он жетіге жетті. Бәрі де Фикри-бейдің күлдіргіш қасиетін дәріптеп, тамсанысып отыр.

Қабырғалас бөлмеден әлгі, — тфу, тфу, — тіл-көзден аман болғыр асыл текті тентектің дауысы естіліп-ақ тұр.

Есік ашылды. Үйдегілер:

— Фикри-бей!..

— Фикри-бей!.. — деп дуылдаса қол соқты.

Келген төртпақтың жүзі шынында ғажап жылы екен. Қасына барып қолын құшырлана қысқым келіп кетті. Оның жасы қырық бестер шамасында сияқты.

Өз басым кімді болсын төбесін көкке жеткізе дәріптеуге мүлде қарсымын, бірақ, мынаған қалайда ішім жылып сала берді. Ол кірген бетте-ақ үй ішіндегі көңілсіздік бірден ғайып болды! Көпшілік серпіліп, жадырап қалды. Фикри-бейдің әрбір сөзі күлкі үйіреді.

Мен оның жетегінде кетпеуге тырыстым. Бірақ іштей бекінгенім іске аспады. Әуелі ептеп қана езу тартқандай болдым, сонсоң жымиыңқырадым, сонсоң екі езуім екі құлағыма қарай жылжыды, сонсоң қарқылдап күлуге кірістім.

Ол қайтсем күлдірем деп шала бүлініп әуреленбейді, маған сол қасиеті ұнады.

Мен оның не сиқыры барын білуге ынтықтым. Бұл бізді қалайша еріксіз күлдіріп отыр деп ойлаймын.

Жоқ, бізді күлдіру үшін әдейілеп ештеңе де ойлап әуре болмады. Кәдімгі өзімізше сөйлеп отырғаны. Бірақ, әрбір сөзі — күлкі.

Бірге келген жолдасымнан:

— Бұл Фикри-бейлерің кім? Немен шұғылданатын кісі? — деп сұрадым.

— Фикри-бей — педагог, — деді ол. — Швейцарияда бала тәрбиесі мәселесін зерттеумен шұғылданып төрт жыл тұрды. Содан кейін Американың «Бала тәрбиесі» қоғамында алты жыл қызмет істеді. Тоқ етерін айтқанда, Фикри-бей — бала тәрбиесінің әйдік маманы. Радио арқылы үнемі лекция оқиды. Түрік, француз, ағылшын тілінде басылып шыққан еңбектері көп-ақ. Газет-журналдарда жарияланып жүрген ғылыми мақалалары қаншама!

Фикри-бейге деген құрмет-ынтам күшейе түсті. Бұл өмірімде ондай адамды кездестірмеген пендемін ғой мен. Ол: «стол» десе де — қарқылдап күлеміз, «есік» десе де — қарқылдап күлеміз. Бөлмені күлкі кернеді. Күле-күле көзімізден ақ су, көк су ақты.

— Ойбай ішегім-ай... Фикри-бей, қойыңызшы!... Ха-ха-ха!..

— Әке дейін, Фикри-бей, күлдірмеңізші енді!.. Хо-хо-хо!..

Біреу ішін басып, біреу тізерлей шөгіп, енді біреу еденге құлап бүктетіліп те қалды.

— Хы-хы-хы!..

— Хе-хе-хе!..

— Хи-хи-хи!..

Мен таң-тамаша қалдым. Ғажап!.. Керемет!..

Жұртты күлкіге көмген Фикри-бейдің бетінен күлкінің табын да көре алмай, одан сайын таң-тамаша болдым.

Күлкі құйыны сәл-пәл бәсеңдеген бір әредікте оның қасына барып:

— Осыншама өнерді қайдан үйрендіңіз, бей-әпенді? Мұныңызда қандай құпия сыр бар? Бізге шет жағасын айтсаңызшы!.. — дедім.

— Құпия ештеңесі де жоқ, — деді Фикри-бей. — Тек ашуланбау керек. Ешқашан ашуланбаңыз. Мен биыл қырық сегіз жастамын, ал осы өмірімде бір де рет ашуланған жан емеспін.

— Ғажап екен! Шынымен ешқашан ашуланбайсыз ба?

— Ешқашан!

— Тіл тигізсе де ме?

— Сабаса да ашуланбаймын. Мен мектепте жұрттың бәрін жындандыра жаздайтынмын, ал маған ешқайсысының тісі батпайтын. Асты-үстімді жездей қақтап боқтасаңыз да қыңқ етпеймін. Күліп жүре берем. Сіздің көргенсіздігіңізге күлемін де қоямын.

Біз бала тәрбиесін сөз етуге көштік. Өзім әке болған соң, басқа әкелер сияқты, мен де балаларымның тентектігін айтып шағына бастадым.

— Сіз, Фикри-бей, балаларыңызды, әрине, бізше тәрбиелемейтін шығарсыз, ә?..

— Бала тәрбиелеп көргем жоқ...

— Қалайша?.. Педагогикалық тәсілдеріңізді әлі қолданбағаныңыз ба?..

— Менде бала жоқ.

— А-а-а... Әйеліңіз бала көтермеген екен ғой?

— Мен бойдақпын.

— Әйел алмағаныңыз ба сонда?

— Алып көргем жоқ.

Мен тілімді тістей қойдым. Әйел алып, бала сүйіп көрмеген адам баланың, бала тәрбиесінің не екенін қайдан білмекші? Өстіп жүріп те кейбіреулер: «Баланы олай тәрбиелеу керек, былай тәрбиелеу керек!» — деп көсемсиді-ау осы!

Шынымды айтсам, зығырданым қайнады.

Фикри-бей бізді тағы күлдіре бастады. Көңіл күйім бұзылған мен ғана желпіне қойған жоқпын.

Алайда ұзаққа шыдамадым. Бір кезде көпшілікке қосылып қарқылдап отырғанымды бір-ақ сездім.

Қабырғалас бөлмедегі бәтшағардың қиқуы әлі толастамаған еді.

— Мынау бөлмеде не боп жатыр? — деді Фикри-бей.

Баламыз қияңқылау еді, күтушісіне бой бермей жатса керек, дегенді айтты оған.

— Мәс-саға-ан!.. Сөйте ме екен! — деп кейіді Фикри-бей. — Қазір балалар ұйықтап жататын кез ғой. Уақытында ұйықтата алмаған соң, оны бақыртпай еркіне жіберулеріңіз керек.

Ол бұл пікірін ғылыми тұрғыдан тұжырымдап біраз сөйлеп берді де, сосын:

— Баланы алып келіңдер! — деп әмір етті.

Үй иесі әйел екі қолын бірдей сермеп:

— Айта көрмеңіз, Фикри-бей!.. Біздің сойқанды сіз білмейсіз ғой! Ол кісіні жынды қылады! — деп безек қақты.

Фикри-бей бүйтіп безектеудің бекершілік екенін ғылыми пайымдаулармен ұғындырып:

— Баланы өйтіп қамап қоюға болмайды. Ол жалғыз отырмай, бірдеңемен алданып бізбен бірге болсын, алып келіңдер, — деді.

— Ол сіз ойлап отырғандай емес!.. Бәріміздің де есімізді шығарады, — деді баланың әкесі.

— Жо-жоқ, алып келіңіз, алып келіңіз, — деп болмады Фикри-бей.

— Менде кінә жоқ, айтудай-ақ айттым!.. — деп ескертті, баланың шешесі.

Баланы алып келді. Төрт жас шамасында екен, құлдыраңдап-ақ тұр, көзі өңменіңнен өтіп ойнақшиды. Өзіне бейтаныс көп кісіні көрген бетте балақай жатырқағандай сәл тынши қалды.

— Балаға, бойы үйренгенше, дәнеңе демеңіздер. Назар аудармай отыра беріңіздер, — деп өсиет айтты Фикри-бей.

Өзі сигаретінің қорабын ашып, ішіне төселген жұп-жұқа жылтыр қағаздан бармақтай кеме жасады да, оны балақайға ұсынды.

— Hay емене? — деп бала жабыса кетті.

— Кеме, — деді Фикри-бей.

— Hay емене? — деді бала тағы да.

Фикри-бей жымиды да:

— Бұл кеме ғой, кеме. Қандай әйбәт кеме, ә? — деді.

— Енді пәлеге қалдыңыз, Фикри-бей, — деді баланың әкесі. — Бұл енді «нау емене, нау емене?» деп таң атқанша тақымдайды. Әбден мезі қылады.

— Мұндай кезінде балалардың бәрі де өстеді, — деп түсіндірді Фикри-бей. — Сұраудан жалықпайтын шақтары. Төңірегіндегілердің не екенін, кім екенін түсінуге тырысатын мезгілдері. Сұрақты көп қоятын баланың білмекке құмарлығы да күшті болады. Оған қуануларыңыз керек! Баланың сұрақтарына ұғынықты етіп байыппен жауап берген жөн. Бала тәрбиесі — оңай шаруа емес. Оған төзімділік, шыдамдылық қажет. Алдыңызда бала емес, ересек адам тұрғандай көріп, әрбір сұрағына тәптіштеп тиянақты жауап бере білген жақсы.

— Олай болса, қойдық, — деді үй иесі.

— Нау емене? — деді бала.

— Кеме, — деді Фикри-бей. — Бұл теңізде: фыш-фыш-фыш, деп, міне, былай жүзеді...

Менде төрт бала бар, сондықтан көз алдымдағы педагогикалық тәжірибеге мұқият ден қоя бастадым.

Фикри-бей қағаздан ойыншық батпырауық, кісі, автомобиль жасады. Бала Фикри-бейдің бауырына кіре түсті.

— Ғылымның аты ғылым-ау! Екеуінің тіл табыса қалғандарын қараңыздаршы! — деп қалдым мен, еріксіз таңданып.

— Бізге назар аудармай, әңгімелесе беріңіздер, — деп өтінді Фикри-бей.

Біз өзара әңгімемізді қайта жалғадық, бірақ, құлағымыз анау екеуінде еді.

— Нау емене?

— Батпырауық.

— Hay емене?

— Бұл ма?.. Сағат.

Бала Фикри-бей сағатының құлағын саусағымен түртті:

— Нау, нау емене?

— Сағат.

— Hay емене?

— Бұл ма?... Бұл... сағаттың бұрайтыны ғой. Бала самауырды нұсқады.

— Нау емене?

— Самауыр.

— Hay емене?

— Самауыр. Шай ішу үшін бұған су қайнатады.

— Нау, нау емене?

— Самауырдың шүмегі.

— Hay емене?

— Бұл ма?.. Бұл... Самауырдың әлгі несі...

— Міне, баланың әрбір сұрағына осылайша жауап беру керек, — деп қойды Фикри-бей бізге.

Бала толық денелі бір әйелдің омырауын саусағымен түртті:

— Нау емене?

— Ол ма?.. Гм.. декольте.

— Нау, нау емене?

— Декольте.

— Нау, нау емене?

— Кеудесі.

Бала самауырдың қақпағындағы бір бүртікті шұқып көрсетті:

— Нау емене?

— Самауыр.

— Hay емене?

— Самауыр ғой, қалқам.

— Hay, нау емене?

— Самауыр деп отырмын ғой.

— Hay емене?

— О, құдая жазған!.. Ол самауырдың әлгі...

Фикри-бей бізге жалт қарады да:

— Ешқашан ашуланбау керек. Бала тәрбиесімен шұғылданған сәттерде ашу дегенді мүлде ұмыту керек, — деді.

— Нау емене?

— Ол ма? Ол аяқ.

— Hay, нау емене? — деп бала бір әйелдің бұлтиып тұрған мықынын түрткіледі.

— Ол көйлек қой.

— Нау емене?

— Балтыр ғой.

— Нау емене?

— Ол балтыр, қалқам, балтыр. Аяқтың ол жері балтыр деп аталады.

— Нау емене?

Фикри-бейдің қаны бетіне теуіп, қызыл күреңденіп кетті:

— Ол балтыр, балтыр ол, балтыр!.. — деді де, сабасына қайта түсіп: — Ашулануға болмайды. Төзім керек! Шыдам керек! Не қылса да ашулануға болмайды, — деп қойды.

— Нау емене?

— Сағат.

— Hay емене, емене?

— Қалқам-ау, бұл сағат қой! Сағат!

— Hay емене?

— Сағаттың құлағы.

— Hay емене?

— Ол самауырдың...

— Hay емене?

— Кәне, кемеңмен ойнай қойшы!

— Нау емене?

— Балтыр ғой.

— Hay, нау емене?

— Декольте.

— Нау емене?

— Ол кеудесі.

Фикри-бей қағаз ойыншықтарды балаға ұстата салды да, өзі басқа креслоға барып отырды. Бала оның соңынан жүгіріп барды да, Фикридің жанындағы қонақтың қолағаштай мұрнын түртіп көріп:

— Нау емене? — деді.

— Ол ма?.. Ол мұрын.

— Hay емене?

— Мұрын, мұ-рын... мұ-рын. Түсіндің бе?

— Hay емене?

— Ұлым-ау, мұрын деп отырмын ғой, қалқам, ол мұрын. Мұрын!

— Hay, нау емене?

— Балтыр дедім емес пе, қалқам, балтыр ол. Аяқтың ол жерін балтыр деп атайды. Балтыр, балтыр. Ұқтың ба?

— Нау емене?

— Ол мұрын.

— Hay емене?

— Мұрын.

Балақай мұрынды нұсқаудан жаңылар емес:

— Нау емене?

— Ол мұрын, мұрын, мұрын!

Фикри-бей бізге қарап:

— Мезі боп ашуланбаған жөн, — деді. — Ешқашан ашу шақыруға болмайды. Бала түсініп алғанша жауап беруден жалықпау керек. Он рет, жүз рет, мың рет сұраса да, мейлі! Тек бала түсініп алатын болсын.

Оның бұл пікірін қызу құптағандай боп бала да әлгі қолағаштай мұрынды айналдыра түсті:

— Нау емене?

— Мұрын.

— Hay емене?

— Мұрын, мұрын, мұрын, мұ-рын!..

— Нау емене?

— Ол мұрын емес пе?! Мұрын! Қойсаңшы енді! Мұрын көрмеп пе едің?!

— Нау емене?

— Мұрын, мұрын, мұрын, мұрын!..

Фикри-бейдің иегі дірілдеп, қасы ойнақтай бастады.

— Hay емене?

Фикри-бейдің жарыла жаздап отырғанын сездім. Дегенмен, ол сыр бермеуге тырысып, баланы еркелете сөйлеген сыңай аңғартып:

— Мұрын, қалқам, мұрын, мұрын, балақай, мұрын, — деді жалынышты жұмсақ үнмен.

— Нау емене?

— Ол мұрын ғой, тәпелтегім. Мұрын ол, мұрын.

— Hay емене?

— Мұ-рын. Кәне, айтшы: мұрын, деші!

— Нау емене?

Фикри-бей саусағын сұғып тартқылап галстугын ағытты:

— Ол мұрын. Мұрын, ұлым... Ағаңның бетіндегі андағы сен түрткілеп тұрған нәрсе мұрын деп аталады.

— Нау емене?

— Мұрын!

Фикри-бей бешпентін шешіп қойды.

— Нау емене?

— Мұрын дедім ғой мен саған!.. Мұрын дегенді ұғасың ба?!

— Нау емене?

— Уа, болды ғой, жетті ғой! Мұрын ол!

— Нау емене?

— Мұрын деп отырған жоқпын ба?! Өй, әкең... — Фикри-бей тілін тістеп үлгірді. — Балаға дөрекі сөйлемеу керек, естіп отырсыздар ма, ешқашан өйтпеу керек!

— Нау емене?

— Мұ-ры-ы-ын, — деді Фикри-бей, жайлап қана.

— Нау емене?

— О-о-о-ох!

— Hay емене?

— Мұрын ғой! О, алла, алла! Сен немене, туғалы мұрын көрмегенсің бе?! Ол мұрын ғой!.. Мұрын!..

— Hay емене?

— Ол мұрын!

— Hay емене?

— У-у-у-ух! — Ол тағы да шыдап бакты. — Баламен сөйлескенде төзімді болу керек. Ашулануға болмайды. Бәрінен бұрын шыдам керек. Баланың әрбір сұрағына байыптап жауап берген дұрыс.

— Hay емене?

— Ол ма, ол әлгі... не ғой... туфли ғой.

— Hay, нау емене?

— Туфлидің түймесі.

— Hay, нау, нау емене?

— Туфлидің түймесі.

— Hay емене?

— Аяқ.

— Hay емене?

— Мықын. Апайыңның мықыны!..

Фикри-бей түтіге бастады. Алқынып, қыстығып, булығып, орнынан тұрып барып басқа креслоға отырды. Балақай оның соңынан қалмай еріп барды.

— Нау емене?

— Аяқ.

— Hay, нау емене?

— Сағаттың тілі. Сен өзі...

— Hay емене?

— Тфу, ұғымсызын-ай! Ол мұрын дедім ғой мен саған!

Төзімді, байсалды Фекең кенет креслодан атқып тұрды да, өз шашын өзі жұлмалап жұла бастады.

— Hay емене? — деп бала тақымына түртіп қалды.

Сол сәтте кәдімгі сұмдықтың дәл өзі болды. Фикри-бей бөлме ішін кезе жүгіріп:

— Нау емене? Hay емене? — деп бақыра бастады.

Бала да:

— Нау емене? — дейді.

Фикри-бей де:

— Нау емене? — дейді.

Бала ағатайым жаңадан бір ойын бастады деп ұқса керек, Фикри-бейдің соңынан қалмай жүгіріп, мәз-мейрам күліп, қарық бола рақаттанып:

— Нау емене? — деп тағы сұрады.

— Күнәһар шешеңнің қураған тұқымы! — деп Фикри-бей барқ ете түсті. — Енді ұқтың ба?! — деп бажылдап балаға қарап: — Нау емене?! — деп зірк етті.

Бағанадан бері «нау еменеден» басқаны білмеген бала:

— Күнәһар шешеңнің қуарған тұқымы! — деп таңдайы тақ етті.

Бөлме іші тым-тырыс боп қалды. Біреу баланы көтеріп ала жөнелді. Ал Фикри-бей болса: «Нау емене? Hay емене?..» деп міңгірлеп, бөлме ішін кезіп сенделіп кетті.

Біз үй иелеріне алғысымызды айтып, дереу тарастық.

Фикри-бейдің кәдуілгідей жынданып кеткенін кейін естідік. Бейшара: «Нау емене? Нау емене?» деп бірнеше ай бойы көкекше жағы сембей жүрді. Сонсоң, әйтеуір, дертінен айығып, Америкаға кетіп қалды, — қазір сондағы университеттердің бірінде педагогикадан дәріс оқитын профессор.

Орысшадан аударған ҒАББАС ҚАБЫШЕВ


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар