(роман)
Шілденің қапырық түндерінің бірі еді. Париждің түнгі қызықтарына тоймаған Клод орталық базарды ұзақ уақыт аралап жүрді. Ол ратушаның — қалалық басқарманың тұсынан өте бергенде, мұнара басындағы сағат түнгі екіні соқты. Дәл осы жерде нөсер жаңбыр құйып кеп кетсін. Ірі-ірі тамшыларын боратқан нөсердің күштілігі соншалық, мұндайды күтпеген Клод сасқанынан Греб жағалауы бойымен жүгіре жөнелді. Содан Луи — Филипп көпіріне жеткенде қатты ентігіп, өз-өзіне іштей ренжіп, азғантай кідіріс жасап алды да, одан әрі екі қолын сермелеп, ақырын аяңдап кете барды. Жол-жөнекей көше бойындағы газ шамдардың қалың нөсер астында өшіп қалып, айнала төңіректің көз түрткісіз қараңғылыққа батып бара жатқанын көріп келеді.
Сен-Луи аралының Бурбон жағалауына қарай бұрылғанда, Клод өз үйінің тұсына келгенін білді. Ұдайы жалтылдап жанған найзағай оттары Сена жағалауы бойындағы тұйық көшелерде түп-түзу тізбектелген ескі үйлерге түсіп, пердесі жабылмаған үлкен терезелерге шағылысып, ара-тұра түнек арасынан сыйсыз қас-беттер мен тас балкондарды, темір шарбақтар мен маңдайшаларға орнатылған мүсіндерді жарқыратып көрсетіп тұрды. Суретшінің шеберханасы осы маңдағы Фам–Сан — Тет көшесінің бұрышындағы көне Мартуа ғимараты кең шатырының астында болушы еді. Жағалауды әлі де бірде жарық, бірде түнек басып, аяқ астынан аспан күркірей жөнелгенде, ұйқыда жатқан көшелерді сілкіп-сілкіп алғанға ұқсайды.
Темірмен қапталған аласа күмбезді есіктің алдына келген Клодтың көзі кіреукеленіп, қабырғаны сипалап, қоңырауды іздей бастаған. Кенет ол қараңғы жерде әлдекімге соқтығысып қалып, қорыққанынан аяқ-қолы дірілдеп кетті. Нажағай қайта жарық түсіргенде, үсті-басы малшынған су әрі өзі қалшылдап тоңып тұрған, қара киімді, ұзын бойлы бейтаныс қызды көрді. Жоғарғы жақта тағы да құлақ тұндырарлық күннің күркірі естілді. Клодты ашу қысып:
— Сайтан алғыр! — деп сөгe бастады. — Осындайда кім көрінген аяғыңа оратылады... Әй, өзің кімсің? Қайдан жүрсің?
Клод түн құшағында тұмшаланған қыздың тұншыққан даусын естіді.
— Мырзам, жалынып сұраймын, есіркей көріңізші, — деп жыламсырап тұрды. — Бәріне әне бір арбакеш кінәлі... вокзалда жалдап мініп едім... Осы жерге келгенде мені боқтап — боқтап, түсіріп кетті.... Неверден шыққан пойызымыз рельстен тайып, біз мұнда төрт сағаттай кешігіп жеттік. Вокзалда мені күтіп тұрған ешкімді көрмедім. Ой, сұмдық-ай! Менің Парижде бірінші келуім... Қазір қайда келгенімді де білмеймін.
Көз қарықтырар нажағай жарқылы түскенде, қыздың бірден үні өшіп, айналасына үрейлі көзбен қарағыштай бастады. Ақшыл көк тұманға оранған бейтаныс қала қызға бұлыңғыр алып елестей көрінеді. Бұл кезде жаңбыр да толастаған еді. Сенаның арғы жағасында, Дез-Орм жағалауында шатырлары сатыланған, әр түрлі жарнамалар мен айқышталған кішкене сұр үйлер бой түзейді. Одан әріде көкжиек кеңейіп, жарықтана түсіпті, сол көкжиекті сол жағынан — ратуша мұнарасының көк шатыры, ал оң жағынан — әулие Павел шіркеуінің қорғасын түстес биік күмбезі тіреп тұрды. Сена өзенінің бұл арадағы арнасы өте кең екен, бейтаныс қыз Мария көпірінің алып астауынан асып өтіп жаңадан салынған Луи-Филипп көпірінің аспалы жеңіл доғасына қарай жөңкілген сұп-суық терең судың бетінен көзін ала алмайды. Өзен бетінде әлдеқандай иір-қиыр көлеңкелер шашылып жатты — ұйқылы-ояу қалқыған қайықтар, жағалауға келіп жайғасқан кіржуғыштар мен топырақ сүзгіштер. Одан арғы баста көмір тиелген бажылар, құрылыс тастары тиелген суреткерлер, осылардың бәрінің үстінен зәулім биік көтергіш кранның ұзын тұмсығы әуелеп тұрды. Нажағай жарқылы өшіп еді, осының бәрі лезде ғайып болды.
"Өтірік қой, — деп ойлады Клод. — Еркек іздеп көше кезіп жүрген жезөкше шығар.
Бұның өзі әуелден әйел затына сенбеуші еді, сондықтан мына қыздың айтқандарының бәрін — кешіккен пойызды, дөрекі арбакешті ойдан шығарылған өтірікке, ақымақшылыққа санады.
Клод енді даусын көтеріп:
— Сіз бәрібір бұл жерде қона алмайсыз ғой! — деді. Бұны естіген қыз өксіп — өксіп жылап жіберді де, сыбырлай сөйледі.
— Мырзам, ең құрмаса мені Пассиге жеткізіп салыңызшы, — деп жалына бастады. – Менің сол Пассиге баруым керек...
Клод иығын көтерді бұл қыз, немене, бұны таза ақымақ көре ме? Содан соң әдетте арбакештер тұратын Селестин жағалауы жаққа қарай қарап еді, ол жерде шамдарын жаққан бірде-бір күйме көзге түспеді.
— Пассиге дейсің бе, қарғашым? Ал неге Версаль емес?.. Ой, сайтан алғыр! Мынадай беймезгіл уақытта, ауа райының сиқы мынау, арбакешті қайдан іздеп таппақсың?
Осы арада тағы да нажағай жарқылдап, қыздың жан даусы шығып айқайлап жіберді: оған үлкен шаһар қанға бөккендей үрейлі көрінді ме, немене? Алыстағы өрттің шұғыласы түскен өзен түпсіз тұңғиыққа айналып кеткендей еді. Қыздың сан сапалақ санасында әрбір кішкене көріністер, жағалауда тізілген үйлердің ұзын тізбектері, тіпті Дез-Орм мен Мазюр көшелеріндегі жабық қақпалар, тар қуыстарға шейін тайға таңба басқандай жатталып қалды. Мария көпірінің қасында биік шынар өсіп тұр екен, қолыңды сәл созып жіберсең, соның жапырақтарын санап шығуыңа болатын секілді. Ал арғы жағада, Луи-Филипп көпірінің маңындағы пристанда төбелеріне шейін сап-сары жылтырақ алмалар тиелген баржылар қатарларын түзей қалыпты. Өзеннің ортасында иірімдер билеп жүрді. Сондай-ақ жылжымалы кіржуғыштың ұзын мұржасы, топырақ сорғыштардың мызғымайтын тізбегі, жағалауда үйіліп жатқан топырақ, бейберекет ұсақ заттар осының бәрі бір қиырдан бір қиырға қарай созылған кеңістіктің түпсіз тұңғиық суретіне ұқсап кетеді. Аспан күңгірт тартып, күркіреген күннің ырғағына қосылған қап-қара толқындар домалап ағып барады.
— Құдай-ай! Бәрі бітті... Енді қайтсем екен?
Жаңбыр үдей жауып, алдына салып қуалаған желдің екпінімен тоғанды бұзып шыққан тасқын су секілді, жағалау бойымен зырқырай жөнелді.
— Ал жетер, мен кетейін, — деді Клод. — Бұл жерде қалғаннан түк пайда жоқ.
Екеуі де жаңбыр суына малшынып тұр еді. Фамсан-Тет көшесінің бұрышындағы қабырғадағы ілулі газ шамның көмескі жарығы түскенде, Клод қасындағы қыздың көйлегі денесіне жабысып, тұла бойымен сорғалап су ағып тұрғанын көрді. Арқасын сүйеген есікті есіре соққан жел шайқап кетті. Клодтың кенет қызға жаны ашып кетті. Осындай жауын-шашынды түндердің бірінде көшеде иесіз қаңғып қалған күшікті асырап алғаны есіне түсті. Бірақ бұл ішкі сезімін бірден сыртқа шығара бермес еді, әрі ешқашан қыздарды үйіне ертіп келмейтін. Әйел затына жұғысып көрмегендіктен, он екіде бір гүлі ашылмаған тәжірибесіз бозбала секілді жүрексінеді, әрине, сырт көзге дүрдиіп, мұнысын жасырып жүреді. Мына қыз да жеңіл-желпі әңгімеге ұйытып, мұны қармаққа оп-оңай түсетін нақұрыстың бірі деп ойлайтын шығар. Бірақ өзге амалын таппаған соң:
— Әр нәрсені бір шатып керегі не? Жарайды, бір түнге қондырайын... — деген.
Қыз қатты сасып, кейін қарай шегіншектеп кетті.
— Сіздің үйге ме? Ой, атамаңыз... Олай болмайды... Кешіріңіз, мырзам, мені Пассиге дейін шығарып сала көріңіз. Тіземді бүгіп, жалынып сұраймын!
Клодты ашу қыса бастады. Бүгінше баспана тауып беруге келісіп тұрса, бұл қыз неге бүйтіп бұлғақтайды, ә? Содан кейін Клод қоңыраудың жібін бірер мәрте тартқылады да, есік ашылған кезде бейтаныс қызды ішке қарай итермелеп қойды.
— Жоқ, жоқ, мырзам, мұныңыз не?.. — дейді қыз сыбырлап. Дәл осы кезде нажағай жарқылдап, күн күркіреді, содан қорыққан қыз табалдырықтан аттап ішке қарай өтіп кетті. Артынан ауыр есік жабылғанда, қыз тас қараңғыда, биік арқалық күмбездің астында тұр еді.
— Жозеф апай, бұл мен ғой! — деп айқайлады осы жерде Клод қақпашыны шақырып. Содан соң қызға қарай бұрылды: — Қолыңызды беріңіз, аула арқылы өтуіміз керек.
Дегбірі қашып сасқалақтаған бейтаныс қыз бұдан әрі қарсылық көрсетпей, қолын ұсынған. Енді екеуі төпелеп жауған жаңбырдың астында бір-біріне жақын жуыстап, аула бойымен жүгіре жөнелді. Бұл қараңғыда иілген арқалары қарауытып әзір көрінетін үлкен аула екен. Содан қыз бен жігіт жүгіріп отырып, есік-терезесі жоқ тар қуысқа жеткенде, Клод қолын босатып алып, оттығын жақпақ болып әуреленгенмен, түк шықпады: су тиген шырпылары қанша кейігенмен, тұтанбай қойды. Содан лаж жоқ, қараңғыда айналасын қолымен сипалап, жоғары көтерілуге тура келді.
— Жақтау қанатқа сүйеніңіз, баспалдақ өте биік, сақ болыңыз, — деп Клод ескерту жасады.
Қыз аяғын зорға басып, сүріне-қабына, жекеше үйдің айналмалы ескі баспалдағы бойымен үшінші қабатқа көтерілгенін біледі. Содан жігіттің жетегінде қапелімде таусылып бітпейтін қуыс дәліздердің қабырғасын сипалап оңға бұрылған, тағы ұзақ жүріп отырып, ақыр соңында зәулім үйдің жағалау жаққа қараған кіре берісінен бір-ақ шыққанын біледі. Бұлар бұдан кейін шатыр астына алып баратын, сүйенерлік ағаш жақтауы да жоқ, аяқ астында сықырлаған, селкілдеген ескі баспалдақпен ең жоғарғы қабатқа шыққанын біледі. Есік алдының тарлығы сонша, қыз қалтасын қарманып кілтін іздеп тұрған Клодқа соқтығысып қалды. Клод есікті ашты да:
— Байқаңыз, сүрініп қалмаңыз, — деді.
Қыз сілейіп тұрып қалды. Түн қараңғылығындағы ұзақ өрмелеуден соң қатты ентігіп, жүрегі дүрс-дүрс соғып, құлағы шулап кеткен еді. Әлі де шеті — шегі көрінбейтін, бұралаң бұрылыстары көп баспалдақтар бойымен көтеріліп келе жатқандай, бұдан енді қайтып жерге түсу жоқтай сергелдең сезім пайда болды. Шеберхана ішіне кірген Клодтың ауыр аяқ алысы естілді. Ол бірдемелерді қозғап, құлатып жатыр, ара-тұра боқтап-бұралап қояды. Бір кезде есік алдына келіп:
— Ал енді кіре беріңіз, — деді.
Ішке кірген қыз әуелі ештеме көрмей, көзін сипалай берген. Сәлден кейін әлсіздеу жанған жалғыз шырағданның жарығында биіктігі бес-алты метрдей болатын шатыр ішінде үйіліп жатқан әр түрлі заттардың серейген ұзын көлеңкелері сұр қабырғалар бетінде құбылып ойнап тұрғанын көрді. Таң тамашаға қалып, терезеге үңіліп еді, жаңбыр тамшылары ұрғылаған шынылар әндете бастады. Дәл осы сәтте аспанда нажағай жарқылдап, күн күркірей жөнелмесі бар ма? Жақын маңнан гүрс еткен күшті дыбыс шыққанда, шатыр үстіне жай түскендей әсерде қалды ма екен, әйтеуір қыздың өңі шүберектей бозарып, үн-түнсіз орындыққа барып отыра кетті.
Клодтың өзінде де маза жоқ еді.
— Сайтан алғыр, жақын маңға жай түсті-ау... Біз дер кезінде қашып құтылған екенбіз. Көшеден гөрі үйде отырған жақсы, солай емес пе?
Осыны айтқан Клод есікті тарс еткізіп жауып, кілтін екі мәрте бұрап тастады. Ештемеге түсінбеген қыз оған аңтарыла қарап қойды.
— Міне, біз енді үйдеміз...
Сырттағы күн күркірі саябырсып, бірте-бірте алыстай берді. Жаңбыр да тыйылған секілді.
Клод енді ыңғайсызданып, бейтаныс қонағына ұрланып көз "қырын салып қояды. Жасы жиырмадан аспайтын жас қыздың дене бітімі жаман көрінбейді. Кеудесіндегі күдігі әзір азаймағанмен де, көңіл түкпірінде қобалжу пайда бола бастаған: бұл қыз, бәлкім, өтірік айтпайтын да шығар-ау. Бәрібір бұл бұны оп-оңай қармағыма түсіремін деп қулық ойласа, қатты қателеседі.
Клод қасақана дөрекі дауыспен өктемси сөйледі:
— Ал жарайды. Жатайық. Кептірінуіміз керек қой...
Зәресі ұшқан қыз орнынан қарғып тұрды. Содан Клодтың түріне тура қарай алмай, бұл да өзінше жігітті ойша зерттей бастады. Жүріс-тұрысы қолапайсыздау, сақалы өсіп кеткен мына бозбала, басына киген қалың қалпағы умаждалған, үстіне киген қоңыр пальтосы әбден тозған мына суретші ертегілерде айтылатын қарақшыға ұқсап, бір қараған адамның зәресін ұшырар еді.
— Сізге рахмет, маған осы да жақсы, мен шешінбей-ақ ұйықтай беремін ғой, — деп қыз бірдеме айтқан болды.
— Шешінбегеніңіз қалай? Үсті басыңыздан су сорғалап тұрған жоқ па? Ондай ақымақшылықты доғарып, дереу шешініңіз!
Бұдан соң Клод орындықтарды лақтырып жіберіп, жыртылған ескі пердені ашып тастады. Қыз перденің ар жағынан қолжуғыш пен енсіз темір кереуетті көрді. Үй иесі темір кереуетке жабылған одеялды да жұлып алды.
— Жоқ, жоқ, мырзам! Әуре болмаңыз, мен бәрібір осы орнымнан кетпеймін, олда-білдә!
Қатты ашу қысқан Клод қолын сермеп, кіжіне бастады.
— Көп қиқаңды қойсаңыз қайтеді? Мен сізге өзімнің төсегімді босатып беріп тұрмын. Енді тағы не керек? Шыбық тимес шыңқ етерге ұқсап қылымсудың түк қажеті жоқ. Мен анау диванға барып жатамын, — деп енді бұл әдейі түсін суытып, қызға жақындай түсті.
Бұл неме мені ұрмақ па екен деп зәресі кеткен қыз қалшылдап, сасқанынан басындағы қалпағын шешіп алды. Көйлегінің етегінен аққан су еденде кішігірім шалшыққа айналыпты. Клод күңкілдеп бірдемелерді айтып жүр. Әлгінде көкірегін күпті қылған күдік қайтадан басын көтерді.
— Егер жеркенетін болсаңыз, жайманы ауыстырайын, — деді.
Осыны айтты да, темір кереуеттің үстінде жатқан ақ жайманы
шеберханасының бір бұрышында тұрған диванға қарай лақтырып жіберді. Шкафты ашып, ішінен жаңа жайманы шығарып, оны күнделікті үйреншікті әдетімен жылдам қимылдап, төсектің үстіне әдемілеп жайып тастады. Төсектің қабырға жағын қымтап, жастықты көпсітіп, жайманың бір шетін қайырып тұрып:
— Енді, міне, әлди әнін айта берсек те болады! — деді. Қыз жауап берместен, тұрған жерінде көйлегінің түймелерін саусағымен санамалап, шешінер-шешінбесін білмеген сыңай танытты. Клод пердені қайта жапты. "Апырмай, мына қыздың ұялшағын-ай!" деп ойлады. Ал өзі бірден жатын орнын сайлауға кірісті: диванға ақ жайманы төсеп, киімдерін мольберттің үстіне іле салды, содан соң аяғын созып жіберіп, шалқасынан жайғасқан. Перденің арғы жағындағы қонағы әзір шешініп үлгірмеген болар деген оймен шамды да сөндірген жоқ. Бірақ ешбір қимыл-қозғалысты құлағы шалмады, сірә сол қыз әлі темір кереуеттің қасында мелшиіп тұр ма екен? Сәлден кейін бәрібір киімнің сусылы, ақырын тыныш қимыл-қозғалыс естілді. Бәлкім, байғұс қыз пердеге түскен шамның жарығына үрейлене қарап, айнала тың тыңдай ма екен? Осылай тым ұзаққа созылған сәттерден соң кереует сықырлап, артынша тым-тырыс болды.
Клод даусын барынша жұмсартуға тырысып:
— Иә, мадмуазель, қалайсыз? — деп сұрады.
Көңілінің өрекпігенін әзер басқан қыз сыбырлап жауап берді.
— Рахмет, мырзам, жақсымын, — деді.
— Онда қайырлы түн болсын.
— Иә, иә... қайырлы түн болсын.
Клод шырағданды өшіргенде, тағы да қараңғы тыныштық орнады. Қаншама шаршағанына қарамастан, оңайлықпен ұйықтай алмасын білді де, терезеге қарап жата берді. Аспан ашылып, шілденің қапырық түнінде жұлдыздар жылтырап көріне бастапты. Әлгінде ғана нажағай ойнап, нөсерлеп жаңбыр құйып тұр еді, енді қайтадан қапырық үстеп ыстықтауға айналған соң, Клод ақ жайманы ысырып, жалаңаш қолын шығарып алды. Перденің ар жағында тыныш жатқан қыз қиялын тұсаулап, сезімін сергелдеңге түсіргені рас еді: әлгінде ғана жек көрушілігін жасырмай дөрекілігін көрсетсе, енді соның алдында әлсіздік танытып, төменшіктеп қалар ма екенмін деп қорқады. Бір жағынан осындай оңтайлы жағдайды пайдаланбай, күлкіге ұшырауы да мүмкін-ау. Бірақ бәрібір өзін мұның жолында құрылған небір құйтұрқы торлардан аман өткен, нәпсіге мойынсұнбаған ердей сезініп, миығынан күліп қояды. Төсегінде әрі-бері аунақшып, ұйқылы-ояу жатқан жас жігіттің санасында әлдеқандай алыс жұлдыздар жарығында толықсыған жалаңаш әйел денесі елестей береді.
Бұдан әргі ойы тіпті шым-шытырық болып кетті. Мына қыз не істеп жатыр екен? Әуелгі кезде бейтаныс қонағы тым-тырыс ұйқы құшағына кіргендей көрген. Артынша оның да әрі-бері аунақшып, көз шырымын алмағанын, бірақ сонысын білдіргісі келмей, ерекше сақтықпен ақырын қозғалатынын байқады. Әйелдерге онша жұғымы жоқ Клод енді осы қыздың әлгінде айтқан әңгімелерін ой елегінен өткізіп, солардың шындыққа жанасатын жерлеріне де ден қоя бастапты. Бірақ соның бәріне басын қатырып қайтеді? Өтірік айтты ма, шыны солай ма, бұған келіп-кетері жоқ емес пе? Ертең мұны есіктің сыртына шығарып салып тұрып, қош, есен бол демей ме? Бұдан соң бұлар қайтып кездеспейді. Осындай ойлар тербеген Клодтың таң алдында, жұлдыздар өше бастаған мезгілде ғана көзі ұйқыға кеткен еді. Ал бүгінгі саяхатынан, көрген-білгендерінен әбден титықтаған қыз перденің ар жағында, төбедегі қызған шатырдың астындағы қапырық ауада тынысы тарылып, ұйқысыз дөңбекшумен болған. Манағыдай емес, осы жағдайға еті үйрене бастаған секілді, бірақ қасында бейтаныс еркектің жатуы әлденеге құтын қашырып, әлдеқандай белгісіз құмарлық сезімдерін қоздырып қояр еді.
Төсегінен кеш тұрған Клод көзін ашып, айналасына таңырқай қарайды. Терезеден шашырап түскен күн сәулесі құйылып тұр екен. Бұның өзі пленэр мектебінің жас суретшілері дәл осындай күн сәулесі жарқырап түсетін шеберханаларды жалдауы керек, мұндайды қаламайтын академиялық мектептің суретшілеріне қасақана солай істеуі керек деп есептейтін. Содан Клод аяғын созып орнынан әрең тұрды. Денесі құрысып қалыпты — диванға жатқанының кесірі шығар. Әлі ұйқысын толық аша алмай, шеберхана ішін шолып қарай бастап еді, перденің шетінен үйіліп жатқан юбкаларды көрді. "Иә, иә! — деп есіне түсірді. — Бикеш!" Содан құлағын түргенде, ұйқыдағы сәбидің тап-таза терең тынысын естігендей болды. Осындай тәтті ұйқы құшағына бөленген қызды оятудың өзі обал сияқты. Содан бұл не істерін білмей, аяқтарын қасы лап, үн-түнсіз отыра берді. Осы оқиғадан соң бүгінгі таңғы жұмысын тоқтатуы керек болғаны есіне түскенде, қатты ренжіді. Өзінің жігерсіздігіне де жыны келді: қонағын қозғап оятып, дереу жөніне жібермес пе? Оның орнына бұл ақырын киініп, аяғына шәркейін іліп алды да, дыбысын білдірмеуге тырысып, аяғының ұшымен жүрді.
Аспалы сағаттағы көкек он мәрте шақырғанда, Клод ұйқыдағы қонағы оянып кетер ме екен деп қорқып еді. Онысы бекер екен: қыздың бірқалыпты тыныстауы тыйылған жоқ. Ендеше бұрыннан салып жүрген үлкен суретін әрі қарай жалғастыра беруге болатын шығар деп ойлады; қыз ұйқысынан тұрған соң, бәлкім, бірге тамақтанар. Бірақ бірден жұмысын бастап кете алмады. Бұрыннан-ақ тәртіпсіз тұрмыс жағдайында өмір сүруге үйреніп кеткендей көрінгенмен, бұл жолы еденде шашылып жатқан әйел киімі оның көңілін алаңдата берді. Әрі кеуіп үлгермеген осы киімдердің асты көлкіген су екен. Күңкілдеп кейіп жүріп, енді бұл сол киімдерді күн көзінде дегдуі үшін орындықтардың арқалығына бір-бірлеп іліп қойды. Киімдерін осылай шашып тастауға ұялмағаны ғой. Бұл неменің мына юбкалары ешқашан кеппейтін шығар, өзі бұл жерден ешқашан кетпейтін шығар. Клод бұдан кейін еденде шашылып жатқан әр түрлі шүберектерді жинап жүріп, бір шұбатылған іш тартқыш белбеуге оратылып қалды, содан соң ескі кенептің артына түсіп кеткен топырақ түстес шұлық-мұлықтарды іздеп еңкейіп еңбектеп те кетті. Едендегі шылқыған суларға малынған сол шұлықтарды қайта-қайта ысқылап, күн көзіне апарып іліп тастады.
Енді бұның жабулы перденің ар жағын тезірек көруге ойы кетті. Осы ойын өзі іштей ақымақшылыққа санап, бірден көңіл күйі бұзылмасы бар ма? Ақыр соңында иығын қиқаң еткізіп, қолына бояу жаққышын ұстай бергені сол еді, артынан түсініксіз сыбыр-күбір мен төсек үстіндегі ақ жайманың сусылы естілді, ұйқыдағы қыз тағы да бірқалыпты ақырын демала бастады. Бұдан әріге төзімі жетпеген жігіт қолындағы бояу жаққышын былай лақтырып тастап, жабулы пердені ашты да... тастай қатып тұрды да қалды. Көргені көз алдында бұлдырап, тіпті есі шығып кеткен еді.
— Апырмай, ә? Апырмай! — деп күбірлейді. Күн көзінен түскен ыстыққа шыдай алмаған қыз үстіндегі ақ жайманы ысырып тастаған екен. Түнімен дөңбекшіп шыққан бойжеткен енді қаннен қаперсіз ұйықтап жатыр. Күн сәулесіне шағылысқан аппақ денесі мәрмәр мүсінге ұқсайды. Ұйқы құшағында әрі-бері қозғалғанда омырауы ашылып, жалаңаш кеудесі көрініп қалды. Күннің алтын сәулесі жас қыздың жібектей жұмсақ, гүл шашқан жұпар денесін, сұрғылт-қызғылт үрпісі тікірейген томпиған аппақ анарын аймалап сүйгендей болады. Қыз бұдан кейін оң қолын басының астына жастық етіп қойып, бері қарай бұрылғанда, оның жалаңаш денесіндегі буылтықтар ғажайып иірімдер жасап, толқындай шашылған қара шашы денесінің жартысын жапқан шымылдыққа ұқсайды.
— Айтатыны жоқ. Ажарлы-ақ екен! — деп Клод таңдайын қақты.
Ол бұрыннан дәл осындай натураны іздеп жүруші еді, оның үстіне мына қыздың жантайып жатысы да суретке сұранып тұрған сияқты. Жас балаға ұқсаған әлсіздеу, тіпті жүдеулеу көрінеді, бірақ соншама түзу, жан тимегендей таза екен. Сонысына қарамастан, кеудесі пісіп-жетіліп үлгеріпті. Кеше осысының бәрін көзден қайтіп жасыра білген, ә? Бұл тіпті ештемені байқамапты-ау. Іздегенге сұраған деген осы емес пе?
Содан Клод аяғын ұшынан басып жүріп, бояу салынған қорабы мен бір парақ жалпақ қағаз тауып алды. Аласа орындықтың шетіне барып отырып, тақтайшасын тізесінің үстіне қойды, көңілін әлдеқандай қуаныш кернеді, көп аялдамай қағаз бетін айғыздап сурет салуға кірісті. Әлденеге ұялу, таңырқау, қайта оянған құмарлық шым-шымдап батып, осынау тамаша иірімдерді тезірек бейнеге түсірсем деген құштарлық билей жөнелді. Көгілжім түсті иығынан төмен қарай құлаған аппақ қардай омырауына сұқтана қараған жігітіміз бір ауық қыздың өз басын мүлдем ұмытып отырды. Түпнұсқаның сұлу бейнесі алдында бұл үлгілі оқушы шәкірт секілді. Мойны салбырап, құлдық ұрады. Клод өстіп ширек сағаттай уақыт сурет салумен болды. Анда-санда басын көтеріп, көзін қысып, ұйқыдағы қызға үңіле қарап қояды, артынша оны оятып алмас үшін демін ішіне тартып, үн-түнсіз жұмысын жалғастыра берген.
Бірақ бар ықыласын жұмысқа жұмсағанымен, Клодтың сана түкпірінен бұл кім өзі деген сұрақ шыр айналып шықпай қойды. Кеше күдіктенгеніндей, әрине, жезөкшеге ұқсамайды, өйткені мұндай ұяң жезөкше болмайды. Сонда неге бұл қыз кісі сенбейтін әңгімелерді айтады? Бәлкім, басқадай бірдемелері бар шығар: көңілдес жігіті Парижге ертіп әкеліп, жарты жолда адастырып кетті ме екен? Әлде буржуаның от басында тәрбиеленген қызды әлде біреу қорлыққа салып, бұл үйіне қайтып баруға намыстанып жүр ме? Әйтпесе құпия күрделі жағдайлардың, енді ешкімнің білуі мүмкін емес зорлық-зомбылықтың бейкүнә құрбаны болмас па? Осындай ойлар күдігін күшейте түскен соң, ол қағазға түскен суреттің жобасына бір, ұйқыда жатқан қыздың жүзіне екі қарап, өзінше іштей өлшеп-пішіп отырды. Былайша қыздың бет әлпетінде мін жоқ, кескінді, келісті көрінеді: айнадай жарқыраған ашық кең маңдай, желбезегі дірілдеген кішкене мұрын, кірпігі жабулы тұрғанмен, күлімдеген нұрлы көздің ұясы анық аңғарылар еді. Бірақ бет әлпетінің төменгі жағы осындай әдемі үндестікті бұзатынға ұқсайды: ұзынша иегі шығыңқылау да, қан қызыл қалың ернінің арасында жылтыраған аппақ тістері үлкен екен. Бұның бәрі әлі балаң балғын көрінетін қыздың тұла бойын кернеген жасырын сезімталдық пен құмарлықтан да хабар берер еді.
Кенет қыздың жібектей сусыған денесінің бойымен толқынды діріл жүгіріп өткендей болды. Бәлкім, ол енді өзіне тас кенедей қадалып қараған бейтаныс еркектің сұғынан шошып оянса керек, даусы бірден қатты шығып кетті.
— Құдайым-ау! — деді.
Қыздың бүйтіп қорқатындай жөні бар еді. Бөтен жер, өзіне төне қарап, көзімен жеп тұрған мына шала киінген еркек... Есі шығып кеткені шығар, әйтеуір жалма-жан одеялаға жармасып, кеудесіне басты, сол арада екі беті, тіпті мойнына шейін қызара жөнелді.
— Тағы не болып қалды? — деп Клод тыжырына сұрады. Қолында шошайған қарындашы бар. — Тағы неміз ұнамай қалды?
Анау үндемей одеялға оранып, қымтана түсті, — бір уыс болып кішірейіп, көрінбей кеткісі келетін секілді.
— Жеп қоймаймын, қорықпа. Сабыр сақтап, әлгі жатысыңды өзгертпей, демала бергейсің.
Осы арада құлағының ұшына дейін қызарып кеткен қыз тілге келді.
— Жо, жоқ! Тек бұл емес...
Жаратылысынан қызбалау жігіт мұны естігенде ашулана бастады. Мына қыз қасақана қырсығады ма, немене?
— Бұдан сенің бірдеңең қисаяды ма? Сенің мүшеңді көргенде тұрған не сұмдық бар? Мен үшін мұның бәрі үйреншікті жұмыс қана.
Енді қыз бырқылдап жылай бастады. Клодтың шыдамы шегіне жетуге айналды: мына ұялшақ қыздың қырсығынан бұл бүгін ойға алған жұмысын аяқтай алмайды екен, болашақ картинасының тамаша бір эскизі тағы да көзінен бұлбұл ұшып барады.
— Сонымен сізде құлық жоқ болып шықты ғой, солай ма? Неғылған ақымақшылық! Ал менің не жазығым бар? Сіздің бір жеріңізге саусағымның ұшын да тигізгенім жоқ. Егер менің ойымда бір арамдық болса, түні бойы шаруамды бітіріп тастамас па едім... Ондайыңа түкіргенім бар ма?! Ендеше, ештеңеден қауіптенбей-ақ, көріне беріңіз. Екінші жағынан қарағанда, осындай түкке тұрмайтын қызметтен бас тартуыңыз жөн бе? Мен сізді көшеде қаңғып қалған жеріңізде үйге ертіп әкеліп, өз төсегімде демалдырған жоқпын ба? Айтқан алғысыңыз қайсы?
Басын жастыққа тұмшалап алған қыз бәрібір өксігін басар емес.
— Егер менің жұмысыма қажеті болмаса, мен сізді бүйтіп әурелемес едім, оллаһи!
Қыздың көз жасы жігіттің жүрегін жібітейін деді. Клод өзінің дөрекілік мінезіне өкініш білдіргенсіп, қыздың тыншығуына уақыт бергендей, біраз үндемей тұрды да, бір кезде даусын барынша жұмсартып, сөзін сабақтады.
— Жарайды, сізге ұнамаса, бұл тақырыпты әрі қарай созбаламай-ақ қояйын. Дегенмен, білуіңіз керек қой... Мен картинамдағы бір кейіпкерді шығара алмай жүрмін. Ал сіз сол керекті кейіпкердің тура өзіне ұқсайсыз. Ал мен осы қарғыс атқыр сурет өнері үшін әке-шешемді де құрбандыққа шалып жіберуге әзірмін. Түсіндіңіз бе? Түсінсеңіз, мені кешіре алармысыз? Егер ренжімесеңіз, небәрі бірнеше минут қана уақытыңызды аламын. Қорықпаңыз, мен сізден кеудеңізді жалаңаштап тастаңыз деп сұрамаймын. Маған тек басыңыздың суреті керек. Басыңыздың нобайын түсірсем жетіп жатыр. Құдай үшін бір қызмет жасай көріңіз: қолыңызды әлгіндегідей басыңыздың астына жастанып жата берсеңіз болды, маған өзге ештеңенің керегі жоқ. Өмір бойы құлдығыңызда жүрейін, сөйте қойыңызшы!
Суретші осылай зарлап, жалына берді. Шабытына мініп, әбден шарықтап кеткен екен, қолындағы қарындашын тым жақыннан сермейді. Өзі бірақ орнынан қозғалмай, кішкене орындықтың үстінде бүкшиіп бүктетіліп отыр-қызға жақындар емес. Қыз осы жерде мойнын бұрып, бұған көзін салды. Басқа не істесін? Бәрі жігіттің еркінде емес пе? Бірақ өзі неткен бақытсыз жан?! Қыз бәрібір қобалжулы еді, ұяттан аттап өту өте қиын екен. Сонда да үн-түнсіз бір қолын жалаңаштап, бұрынғыша басының астына апарып тастады да, екінші қолымен одеялды жоғары қарай тартқылап, бүркене түсті.
— Өзің мейірімді жан екенсің ғой... Сәл шыдасаң, мен тездетіп бітіремін, содан кейін азатсың!
Осыны айтып, Клод қайтадан қағазына үңілді. Ара-тұра сұқты көзімен қызға үңіле қарап қояды — бұған ендігі қажеті қыз емес, модель ғана еді. Ал бейтаныс қонағы болса тағы да қызарып кетті — әншейіндегі ойын кештерінде иығы мен қолын жалаңаштап жүруге ұялмаса, бұл жолы тым қымсынып-қысылып отырды. Бірақ мына жас жігіттің ұстамдылығын байқаған соң, бірте-бірте бұл да жайбарақаттана бастады, қызарған беті суып, ернін әнтек ашып жымиып күліп қойды. Көзінің астымен жігітке сынай қарап, өзінше іштей зерттеуге көшкен. Кеше мұның пошымынан жаман шошығаны есіне түсті: қаба сақалға шашы ұйпаланған біреу қолын әрлі-берлі сермеп сөйлегенде, зәресі зәр түбіне кетті емес пе? Енді қараса, осының өн бойында кісі шошырлықтай ештеңе жоқ секілді. Үлкен қап-қара көздерінің түбінде мейірбандық тұнып тұрса, оның тікірейген мұрты мен әйелдердікіне ұқсас жұқалтаң қыр мұрны сүп-сүйкімді көрінеді. Сөйтсе де, осы суретші жігіттің жүйкесі жұқалау ма қалай, епті де сүйріктей саусақтарының арасына қыстырған қарындашы құдды жаны бар нәрседей тыным таппай, діріл қағады екен. Әрине, мұның қатыгез болуы мүмкін емес, сыртқы тұрпайылығы — іштегі осалдығын жасыру үшін қажет шығар. Осының бәрін ақылмен емес, сезіммен болжап білген бейтаныс қыздың көңілі енді біржола жайланып, бөтеннің емес, жақынның үйінде отырғандай сергіп, өз-өзіне келе бастаған еді.
Жас суретшінің шеберханасы ұсқынсыздау көрінді. Айнала қиюы қашқан тұрмысқа қыз таңырқай қарап отырды. Пештің алдында сірә былтырдан бері шығарылмаған күл шашылып жатыр. Кереует, жуынғыш, диваннан басқа ескі шкаф пен дәу емен үстел тұр екен — өзге жібі түзу жиһазды байқамады. Әр жерде қылқаламдар, түрлі бояу құтылары, кір тәрелкелер бір-бірімен араласып, бытысып кетсе, бір бұрышта ішінде кеспе қалдықтары бар кастрөл спиртпен жанатын пеш сымақтың үстінде тұр. Аяғы сынған мольберт тақталары мен шұрқ тесік сабан орындықтар. Жанып біткен шырағданды диванның қасына тастай салған. Ай бойы шеберхананың еденіне сыпыртқы тимейтін секілді. Тек қабырғаға ілінген, қызыл бояумен әшекейленген, ішінде көкек құсы бар дөңгелек сағат қана анда-санда көңілді қоңырау дыбысын шығарып қояды екен. Әдіп рамасыз әр тұсқа ілінген сурет эскиздері де бір көргенде кісінің құтын қашырады: қабырғаны қаптаған жалпақ жапсырындылардың етегі шұбатылып еденге түсіп, еденде іркіс-тіркіс үйіліп жатқан өзге палонолармен мидай араласып кетіпті. Бейтаныс қыз осы уақытқа шейін мұндай түсініксіз сұмдық суреттерді көрмеген еді. Дөрекі, айғайшыл, жарқыраған бояулар ескі асханалардың ашық есігінен естілетін арбакештердің боқтық сөздеріндей денесін түршіктіріп жіберді. Осыдан кейін біраз уақыт көзін жұмып отырды да, бұның бетіне үңіліп, нобайын келтіруден жалықпаған суретшінің қабырғада ілулі тұрған әне бір үлкен картинасына назарын аударған. Клод осы үлкен картинасын күнде кешкілік қабырғаға теріс қаратып іліп қойып, ертесіне тың көзбен қайта қарап, қайта бағалауға кірісетін. Сонда сырт көзден жасырып жүрген бұл суретінде қандай құпия сыр бар екен?
Пердесі тұтылмаған терезеден ішке қарай құйылған күн сәулесі алапат бөлменің ішін еркін кезіп жүріп, ескі сынған ағаш жиһаздардың үстін жұқа ыстық жаялықтай жауып қалды да, бір кезде алтындай балқып, жан-жағын жарқыратып жүре берді — бірақ бұл да бәрібір шеберхана ішінің жұпынылығын жасыра алмады.
Ұзақ үнсіздіктен Клодтың іші пыса бастағандай еді. Қызға сыпайылап бірдеме айтқысы келеді, оны аз-кем көңілдендіргісі бар, бірақ аузына жөндем сөз түсер емес. Содан ақыры:
— Осы сіздің атыңыз кім еді? — деп сұрады.
Қыз ұйқылы-ояу қабағын көтеріп:
— Кристина, — деп жауап берді.
Кешеден бері іргелері бөлінбегені есіне түскен Клод кештеу танысқанына өкініш білдіретін сыңаймен:
— Ал менің атым Клод, — деді.
Мұны естіген қыз күліп жіберді. Күлкісі ғажайып көңілді, бірде бойжеткеннің, енді бірде бозбаланың таза күлкісіне ұқсайды екен. Оған сірә бұлардың бүйтіп кештеу танысқаны қызық көрінген шығар. Әлде өзге бір ұқсастық тапты ма, әйтеуір:
— Клод, Кристина. Біздің аттарымыз бір әріптен басталады екен-ау! — деп қуанып кетті.
Бұдан кейін тағы үнсіздік орнады. Клод әлденеге мұрнын тыржитып, шабыты қатты қысқан адамдай, қайтадан жұмысына кірісті. Кенет қыздың төзімі таусылып, қозғалақтай бастағанын көріп, зәресі ұшып кетті: бұл қыз манадан бергі отырған дозасын бұзса, шаруасының шатаққа айналғаны емес пе? Содан әйтеуір бірдеңе айту үшін:
— Күн ысып кетті-ау осы, — деген. Кристина күлкісін әрең тежеп отырды. Енді бұл Клодтан қорқуды қойған соң, әу бастағы табиғатында бар көңілді мінезі еркінен тыс бойын билей бастапты. Шынында да күннің ыстығы үдеп барады екен: қыздың денесі бусанып, біресе сүт түстеніп ағарып, біресе бозарып, құбыла түседі. Төсекте жатқандай емес, моншаға кіргендей сезінген соң:
— Иә, ыстықтау секілді, — деді. Даусы байсалды шыққанмен, қыздың көзі күлімдеп тұр еді.
Клод мәмілешіл сыңай танытты.
— Денені күн қақтаса, жаман ба екен? Кеше біз екеуміз, мысалы, қақпаның алдында жаңбырға малтығып тұрған кезде, жарқырап күн шықса, жағымды болмас па еді?
Екеуі де күліп жіберді. Қыздың тілге келгеніне қуанған Клод бар шындықты ашып, егжей-тегжейін білгісі келіп тұрмаса да, әйтеуір оның көңілін аулай беру үшін кешегі бастан өткерген хикаяттары жайында сұрай бастаған. Бірақ жұмысын тоқтатпады — суретін сызбалаудан танған жоқ.
Кристина бастан кешкен қызықтарын қысқаша қайырып шықты. Кеше таңертеңгілік Клермоннан Парижге қарай аттанбай ма? Ондағы мақсаты — Париж маңындағы Пассиде тұратын ауқатты бір әйелге, генералдың жесіріне барып, мәнерлеп оқушы қызметіне тұрмақ екен. Бәрі алдын ала келісіліп қойған. Пойыз қалаға сағат тоғыздан он минут өткенде келуге тиіс. Басында сұр қауырсынды қара қалпақ киген генералшаның қызметші әйелі бұны вокзал алдында күтіп алуға тиіс. Бірақ қырсыққанда Кристина мінген пойыз Неверге жақындағанда темір жолдан тайып кеткен тағы бір жүк пойызының алдына келіп тоқтапты да, содан кешке шейін созылған қым-қуыт басталыпты. Әуелі жүргіншілер вагонның ішінде отыра берген екен, артынша бұлардың жүктерін қалдырып, өздерін далаға шығарыпты, сол беттерімен жаяу салпақтап үш шақырым жердегі кішкене станцияға барыпты, бұдан соң осында жасақталған қосымша составқа отырыпты. Екі ортада жүріп екі сағат уақыттарын босқа өткізген. Жол-жөнекей қозғалыстың кестесінен шығып қалғандығы себепті тағы да екі сағат айдалада тұрған. Түнгі сағат бірдің шамасында өлдім-талдым деп Парижге әрең жетпей ме?
— Шынында жолдарың болмаған екен! — деп Клод қыстырмалап қойды. Өзі әлі де осы оқиғалардың шындығына іштей күмәнданып отыр еді. — Сөйтіп, сізді вокзалда ешкім күтіп алмады ма?
Сірә үй қызметшісі Вансад ханым Кристинаны күте — күте, пойыз келмеген соң, қайтып кеткен болуы керек. Ал жүргіншілер азайып, іші босап қалған Лион вокзалының бейтаныс қара күңгірт кең залында не істерін білмей сасқалақтаған қыз сыртқа шығып, қолына кішкене саквояжын ұстап, әуелі әрлі-берлі теңселіп ұзақ жүрген. Бірден арбакешті іздемей, біреу-міреу өзін күтіп тұрған шығар деп үміттенген. Ақырында вокзал маңында қараңдап жүрген күймелердің бәрі жан-жаққа тарап кеткен соң, басқа амалы қалмаған қыз манадан бері осы маңайды төңіректеп шықпаған, үсті-басы лас, өзі масаң арбакештің қасына барады.
— Ондай арсыздар жиі кездеседі, — деді осы арада қыздың қызықты романға бергісіз хикаяларына әжептәуір ден қоя бастаған Клод. — Сондай сұмпайымен бірге жүруге келістіңіз бе?
Кристина төбеден көзін алмай отырып, сөзін сабақтады.
— Ол неме мені мәжбүр етпеді ме? "Сүйкімдім" дегенде, тіпті зәрем ұшып кетті... Менің Пассиге баруым керек екенін білгенде, аяқ астынан ашуланып, атын аяусыз қамшылай берді. Жол-жөнекей сыртқа қарай ұшып түсемін бе деп қорыққаннан, күйменің есігін ішінен тарс жауып алдым. Бірте-бірте көңілім орнына түсті. Жарық көшелерге келіп түстік. Тротуарда қыдырып жүрген кісілерді көрдім. Сенаның жағасына шықтық. Парижде бұрын болмағаныммен, қаланың картасын зерттегенім бар... Жағалауды бойлап жосылтқан арбакешім кенет көпірге қарай бұрылғанда, тағы қорқайын дедім. Дәл осы кезде жаңбыр жауа бастады да, арбакешім қараңғы тұйық көшелердің біріне қарай бұрылып, кенет тоқтай қалды. Содан сырттағы отырғышынан түсіп, менің қасыма жетіп келді. "Тоңдым" дейді...
Клод күліп жіберді. Бұл енді қыздың аузынан шыққан хикаялардың растығына күмәнданбады, өйткені ол әлгіндей алаяқ арбакешті ойдан шығара алмас еді. Кристина ыңғайсызданып, үндемей қалды.
— Иә, сонымен, әрі қарай не болды? — деп көңілдене сұрады Клод.
— Арғы есікті ашып, көшеге шығып кеттім. Артымнан қуып жүрген арбакеш мені боқтап — бұралап, егер жолақысын төлемесем, "басыңдағы қалпағыңды шешіп аламын" деп қорқытты. Сол жерде жаңбыр үдей түсіп, жағалауда қарайған ешкім қалмады. Қатты сасқанымнан арсыз арбакештің қолына бес франк ақша ұстатып едім, ол неме сол жерде әй-шәй жоқ аттарын сабалап, тұра жөнелді. Артынан қарасам, ішінде бір-екі бет орамал, бөлке нан, бұзылған сандықтың кілтінен басқа ештеме салынбаған саквояжым әлгінің арбасының ішінде кетіпті.
— Экипажға отырардан бұрын оның нөмірін есте сақтау керек қой! — деп күйінді Клод.
Кеше түн қараңғысында қыдырып жүріп, Луи — Филипп көпірінен өте берген кезде, әлдеқандай күйменің жаңбырдың астында қасынан құйғытып өте шыққаны есіне түсті. Енді Клод өтірікке бергісіз шындықтың осылай сәйкес келгеніне қуанды. Кеше өзін сан-саққа жетелеген құрғақ қиялының өмірге түк қатысы жоқ ұсақ-түйек екеніне көзі жетті.
— Кеше сіздің есігіңіздің алдында тұрған менің жағдайымның қандай екенін енді түсінген шығарсыз, — деп Кристина сөзін сабақтады. — Әрине, өзімнің Пассиге жете алмай, мына сойқан қала Парижде жарты жолда қалып кеткенімді білдім. Қырсыққанда күн күркіреп, нажағай жарқылдай жөнелді емес пе? Біресе көгілдір түспен, біресе қызыл түскен құбылған аспан... Айналамның бәрі сұмдық сұрапылға айналып кетті...
Осыны айтып, Кристина көзін жұмғанда, өне бойы дірілдеп, өні бозарып бара жатты. Түнгі қаланың қорқынышты алып тұлғасы санасында самғап өткендей болды. Жағалауды жарып өткен түнгі өзен ирелеңдеп ағып түпсіз тұңғиыққа батып барады. Қорғасын түсті суық судың бетінде қарайған құбыжықтар — өлген китке ұқсаған, қимылсыз биік крандары дар ағаштарындай сорайып, алып баржалар қалқып тұрды. Айтып-айтпай не керек, Париж жас қызды осылай қарсы алған еді.
Тағы да тыныштық орнады. Клод суретін сала берді. Бірақ Кристинаның қолы ұйып қалған екен — қозғалақтай бастады.
— Шынтағыңызды сәл төменірек түсіріңізші, — деп өтінді суретші барынша кішіпейіл көрінуге тырысып. — Жолдан шыққан пойыз туралы естісе, ана жақта ата-анаңыз қатты уайымдайтын шығар.
— Менің әке-шешем жоқ.
— Қалайша? Сонда жетімсіз бе?
— Иә, жетіммін.
Кристинаның айтуынша, қазір жасы он сегізде көрінеді, өзі Страсбургте туыпты. Сол жерде мұның әкесі — Монтобаннан шыққан гаскондық, капитан Хальчрен әскери полкте қызмет атқарыпты. Қызы он екі жасқа келгенде отставкаға шығып, Клермонға қоныс аударған әкесі сал ауруына ұшырапты да, көп ұзамай дүниеден өтеді. Ал тумысы Париждік шешесі ит байласа тұрғысыз осы қуыс мекенде тағы да бес жылдай өмір сүріп, жалғыз қызын асырау үшін азғантай пенсиясын қанағат қылмай, желдеткіш тоқып сатып күн көріп жүреді екен. Осыдан бір жыл бұрын шешесі де өліп, қызы қалтасында соқыр тиыны жоқ, жападан жалғыз қалады. Содан визитандік қарындастар өмір сүріп жатқан монастырьдың уағызшысы Кристинаны қанатының астына алып, пансионға орналастырады. Осы жолы бұл тура сол монастырьдан шығыпты, өйткені әлгі уағызшы апайы өзінің ескі досы, қазірде су қараңғы соқыр болып қалған Вансад ханымға мәнерлеп оқушы қызметіне жіберген көрінеді.
Осындай егжей-тегжейлі әңгімелерді естіген Клод сасайын деді. Қайдағы бір монастырь, сонда жақсы тәрбие алған жетім қыз — әрине, мұның бәрі романтикаға ұқсайды, бірақ осының бәрін қалай қабылдау керек екенін, не айту керек екенін біле алмады. Басы салбырап, алдындағы сурет нобайына қарап отыра берді.
— Клермон сұлу жер ме? — деп сұрады ақыр соңында.
— Онша емес. Айналасының бәрі қап-қараңғы... Әрі үйден ұзап шыққаным жоқ, қаламен жақсы танысып үлгіргенім жоқ, — деп Кристина шынтағына сүйеніп, басын көтерді де, әлсіз шыққан даусына көз жасы араласып, өз-өзімен сөйлескендей, сөзін сабақтады. — Шешемнің денсаулығы өте нашар еді, әрі ауыр тұрмыстан әбден титықтап біткен... Мені қатты еркелетіп, ештеңесін аяған жоқ, арнайы мұғалім жалдап та оқытты. Бірақ мен осының бәрінің қадірін білмеппін. Сабақ оқысам-ақ болды, басым айнала бастайды, ештеңені оқып үйренгім келмейді, тек күле беремін... Музыкадан ішім пысады, жаттығу кезінде саусақтарым сіресіп қозғалмай қалады. Тек әйтеуір сурет сабағына ғана құлықты едім.
Мұны естігенде Клод басын көтеріп, таңырқай сұрады:
— Немене, сіз сурет сала аласыз ба?
— Қайдағы сурет? Менің қолымнан ештеңе келмейді. Ал шешем байғұс сан қырлы талант иесі еді. Сол кісі маған акварель бояуды пайдалануды үйретсе, мен кейде оған желпуіштерін әлеміштеуге көмектесетінмін. Менің шешем тоқыған желпуіштер ғажап сұлу болатын.
Осыны айтып, Кристина шеберхананың қабырғасында жалбырап ілулі тұрған эскиздерге көз жүгіртіп шықты да, мынадай тұрпайы суреттерден жаны түршіккені соншалық, беті ұяттан қызарып жүре берді. Клодтың өзіне қарап отырып салған суретінің нобайын көргенде, бояуларды еркін жағып, реңктерін тым бадырайтып жібергені ұнамаса да, бұның мәнісін сұрауға бата алмады. Төсек үстінде төзімі таусылып, ыстықтан мазасы қаша бастағалы қашан — баяғыда-ақ мына бейтаныс суретшімен қоштасып, жөніне кете барғанда, ертесіне-ақ осының бәрі көрген түстей тез ұмытылмас па еді?
Қыздың бет әлпетіндегі мазасыздық Клодтың да жүйкесін қытықтады. Содан ұялғаннан әлі аяқталып бітпеген сурет нобайын былай ысырып қойып:
— Сіздің ілтипатыңызға рахмет, мадмуазель, — деді. — Мен біраз өктемдік жасадым білем. Кешіріңіз. Ал енді тұрыңыз. Енді сіздің шаруаңызбен айналысуымыз керек.
Қыздың неге осыншама абыржып, қызарақтай беру себебін, жалаңаш қолын жайманың ішіне жасырып, өзінің де тұмшалана беру себебін әуелі оншалық түсіне алмаған жігіттің ақыр соңында кереуеттің шымылдығын жауып тастауға ақылы жетіп, шеберхананың бір шетіне қарай аулақтады. Содан ыдыс-аяқты салдыратып жүріп, қыздың киініп тұруына мүмкіндік жасаған. Анда — санда құлағын түріп қояды.
— Мырзам... әу, мырзам! — деген дауысты да естіді.
— Иә, немене?
— Мырзам, рақым ете көрсеңіз... Мен шұлығымды таба алмай отырғаным...
Қырсыздығы есіне түсіп, Клод қапелімде сасып қалды. Қыздың бар киімін, юбкалары мен шұлықтарын кеше кептіру үшін жайып тастаса, ол байғұс қайтіп киінбекші? Енді сол шұлықтарды ақырын ұстап байқағанда кебе бастағанға ұқсаған соң, перденің арғы жағына қарай тастап еді, тағы да қыздың топ-толық аппақ білектеріне көзі түскені. Бұдан кейін юбкаларды, аяқ киімді әрі қарай жылытқан. Қыздың қалпағы ғана әлі мольберттің үстінде ілулі. Бұған алғысын айтқан қыз бұдан кейін үн-түнсіз киіне бастады.
Аузын жаппай сөйлеген жігіттің құлағына киімдердің сусылы, су сылдыры естіліп тұрды.
— Сабын құтының ішінде, үстелдің үстін қараңыз. Жәшікті ашсаңыз, таза сүлгі бар. Тағы да су керек емес пе? Құмыраны әперейін бе?
Осы қызды әбден ұялтқан шығармын деген ой әлі де жігіттің құтын қашырып тұрған.
— Сізді әбден тойдырдым білем. Өз үйіңізге келгендей сезіп, еркін жайлана беріңіз, — деп бұл енді ас қамын жасауға кірісті. Қызды таңғы асты бірге ішуге шақырсам ба, шақырмасам ба екен деп ойлады. Әрине, қонағын бірден жібере салуға болмас. Екінші жағынан, қонақжайлығы ұзаққа созылып кетсе, бүгінгі ертеңгілік жұмысы жайына қалады. Содан ешбір бәтуалы шешімге келе алмай, спиртпен жанатын кішкене пешті тұтатып, кастрөлді жуып, оттың үстіне қойды, ондағы мақсаты — осындайда сыпайы ас саналатын шоколад дайындау еді. Үстелдің үстінде шашылып жатқан кеспе қалдықтарын мына қыз көріп қояр ма екен деп жаман қысылды. Өзі әдетте күнгейліктердің әдетінше таңертеңгілікте май жаққан бір жапырақ нанды қанағат ететін. Кастрөл ішінде қата бастаған шоколадты араластырып тұрып, Клод артына бұрылып қарады.
— Киініп те үлгіргенсіз бе? — деп таң-тамаша қалды.
Осы кезде перденің артынан ұзын қара көйлек киген, сұңғақ бойлы сымбатты қыздың шыға келмесі бар ма? Ақша беті құп-құрғақ, шашын тарап, желке тұсына байлап тастаған. Осыншама тез әрі мұқият таза киінген қызды кереметтей көрген Клод таңдайын қағып:
— Мен осындайды ұнатамын. Бұл неткен әбжілдік! — деді. Кешегідей емес, Кристина бүгін сұлуырақ, биігірек те еді. Әсіресе қыздың бүгінгі байсалды, өзіне-өзі сенімді мінезі таң қалдырады. Енді оның Клодтан бұрынғыдай қорықпайтыны көрініп тұрды. Төсекте жатқанда қорғансыз біреуге ұқсаса, енді киініп алған соң, батылдық пайда бола бастапты. Күлмең қағып, көзіңе тура қарайды.
— Онда бірге отырып ас ішуге қалайсыз? — деп сұрады үй иесі.
Қонақ басын шайқады.
— Жоқ, рахмет. Менің ертерек вокзалға жетуім керек. Артымнан жүгім де келген шығар.
Сол жерден Пассиге қарай кетемін.
Клод қыздың аш екенін айтып, бүйтіп жолға шығуға болмайтынын түсіндіріп, біраз жалынғанмен, бәрібір көндіре алмады.
— Онда мен төмен түсіп, көлік іздейін.
— Керегі жоқ. Әуреленіп қайтесіз?
— Бәрібір сіз жаяу жете алмайсыз әрі Париждің ой-шұқырын жақсы білмейсіз. Ендеше, аялдамаға шейін шығарып салайын.
— Жоқ, жоқ, қажет емес. Егер маған шын жаныңыз ашыса, осылай жалғыз жібере беріңіз.
Әйтеуір икемге келетін түрі жоқ. Осы қалада өзін ешкім танымаса да, бөтен еркекпен көшеде бірге жүруге ұялатыны анық еді. Әрине, бұл қыз бүгін түнде бастан кешкендерін ешкімге айтпас, тіпті өтірік айтуы мүмкін, бірақ құпиясын аша қоймас. Клод ашуланып, іштей бұның жер жебіріне жеткен. Өте тамаша болды! Мұны шығарып салу үшін төмен түсіп әуреленбейді. Дегенмен, қонағының мұның қадірін білмегеніне кәдімгідей қорланып қалды.
— Қалай десек те, бұл сіздің өз шаруаңыз. Жалынатын жағдайым жоқ, — деді.
Мұны естігенде, Кристинаның төменгі ернінің ұшы жыбырлап кетті — ақырын күлген белгісі еді. Бірақ жауап бермей, қалпағын алып киді, содан қаранатын айна іздеп, оны көрмеген соң, ленталарын жобалап байлай салды. Қолтығын жоғары көтеріп тұрып, асықпай бантын жөндеді. Осы кезде бетіне күн сәулесі түскен. Мана ғана осы қыздың суретін сызғылап отырған суретші енді оның балғындық түр сипатының тез өзгеріп кеткеніне таңырқай қарады: әлгінде жарқырап тұрған кең маңдайы мен күлім қаққан көзі күңгірт тартыпты, ал салбыраған иегі мен аппақ тістері көрінген қан қызыл еріндері солғындау. Әрі мынау құпия күлкісі де ұнар емес. Мұны мазақ етуден сау ма өзі?
— Қай жағынан қарасаңыз да, мен сіздің көңіліңізге қаяу түсірерлік ештеме жасағам жоқ, — деді көңілі күптілеу болып тұрған Клод.
— О не дегеніңіз, мырзам? Менің сізге өкпем жоқ.
Клод бәрібір көңіліндегі кірбіңін баса алмай, қыздың үсті басына қарағыштай берген. Өз бойындағы ұялшақтық пен тәжірибесіздік қыз алдында күлкіге ұшыратпады ма екен деп іштей күдіктенеді. Әлі де балаң-балғын шақтан ұзап кете қоймаған бұл бейтаныс қыз өмір жайында не білуші еді? Пансионатта тәрбиеленуші қыздар сондай-ақ не көріпті, не біліпті? Жас жүрек пен жас дененің мезгілі жеткенде ояна бастайтын құпиясын әлі ешкім толық ашқан емес. Бәлкім, бүгін суретшінің шеберханасында түнеп шығып, бұрын бейтаныс еркекпен жақындасуы оны қорқытып қана қоймай, кейбір сезімдерін қытықтамады дейсіз бе? Енді сол қорқыныш — үрейден құтылып кетуге айналғанда, кешеден бергі әрекеттерін іштей қорлық санамас па? Өйткені мына жігіт бұған бірде-бір жылы емеурін білдіріп, еркектік мінез көрсетпепті. Еркектің осы дөрекі немқұрайдылығы әлі әйел болып үлгірмеген қыздың әйелдік намысына тиюі әбден мүмкін еді. Енді, міне, бірдеңеге көңілі толмағандай, іштей ширығып, жасанды байсалдылығын өзгертпей, үйден ақырын шығып барады — бұрын татып білмеген бір тәтті сұмдықты басынан өткермегеніне өкінген сыңайы бар.
— Сіз әлгінде арбакештердің аялдамасы арғы беттегі көпірдің қасында деп пе едіңіз? — деп сұрады қыз. Өте байсалды үнмен.
Шашындағы бантын түзеп, қолғабын киіп алса да, қыз бірден кете қоймай әлденеге абыржып, жан-жағына қарағыштай береді. Іргеге қаратып қойған үлкен полотноға көзі түскенде, соның ішінде не салынғанын білгісі келсе де, сұрауға бата алмады. Енді өзін ештеме ұстап тұрған жоқ еді, әйткенмен әлдебір түсініксіз сезім құшағында, әлденені жоғалтқан кісідей, асығар емес. Клод өзі барып есік ашқанда, ар жағынан нан салынған кішкене ыдыс еденге құлап түсті.
— Көрдіңіз бе, бірге отырып тамақтануымыз керек еді, — деді үй иесі. — Күнде таңертең қақпашы әйел маған өстіп нан әкеліп тастап кетеді.
Кристина басын шайқап, "болмайдыны" ыммен түсіндірді. Бірақ баспалдаққа барғанда артына бұрылып, екі ойлы жарқын жүзбен жігітке көңілдене қарады да, қолын ұсынды.
— Сізге үлкен рахмет! — деді.
Клод қыздың қолғап ішіндегі кішкентай қолын өзінің бояу жұққан жалпақ алақанына қысып тұрып, қызға жақындай түсті. Қыз күлмің қағады. Жігіт: "Сізді тағы қашан көремін?" деп сұрағысы келеді. Бірақ тілі байланып қалғандай недәуір кідіріп барып, алақанын әзер босатты.
— Қош болыңыз, мырзам.
— Қош болыңыз, мадмуазель.
Бар айтқандары осы. Кристина бұдан кейін айналмалы баспалдақты сықырлатып төмен қарай түсе бастағанда, Клод шеберхананың есігін тарс жауып алып:
— Әй, осы әйелдерің құрысыншы! — деп айқайлады. Жігітіміз ең алдымен өзіне, қалған дүниенің бәріне ашулы еді. Содан шеберхананың ішін кезіп жүріп, аяғына ілінген нәрсенің бәрін жан-жаққа қарай тепкілеп шаша бастады. Осы уақытқа шейін ешбір әйелді маңына жолатпай жүргені дұрыс-ақ еді ғой. Қит етіп осалдық байқатсаң, бұлар өстіп басыңды қатырады. Сырттай қарағанда сып-сыпайы, бейкүнә көрінетін әлгі қыздың мұны мазақ қылып кетпегеніне кім кепілдік береді? Ал бұл соның желөкпе сөздеріне сеніп қалды емес пе? Сондай-ақ сенетін не бар еді? Генералдың жесірі дегені немене өзі? Қайдағы қираған пойыз? Ана бір арсалаңдаған арбакеші кім? Бұл неғылған қисынсыз оқиғалар?! Өзінің аузы қандай... Кетердегі кердеңдеген түрі де ұнамады. Сонда ол қандай мақсатпен осыншама өтірікті көйітті екен? Адам түсініп болмайды, түк мағынасыз — ойын үшін ойнаған секілді. Қазір, бәлкім, мұны сыртынан мазақтап, күліп бара жатқан шығар.
Осылай қиялдаған Клод ашумен пердені жұлып алды да, бұрышқа қарай лақтырып жіберді. Енді қыз кеткен соң, бұл үйдің ішін жинастыруы керек екен ғой! Леген, сүлгі, сабын — бәрі орнында тұрған сияқты, бірақ төсек жиналмай қалыпты. Соған жыны қозып, екі қолымен матрас пен жастықты сабалап, орын-орындарына қоя бастаған. Төсекте Кристинаның жұпар шашқан жас денесінің жылуы әлі кете қоймаған екен, содан мұның басы айналып жүре берсін. Өз-өзіне келу үшін басын суға малып жуынуға кіріскен еді, бірақ әлгінде қыз тұтынған сүлгіні алып сүртінгенде, есіңнен адастырар жұп-жұмсақ есірткі иіс тағы да тынышын бұзып, шеберхана ішіне тарап кетті. Клод енді кастрөлдегі шоколадты қытырлатып жеуге кірісті, әлдекімді боқтап-бұралаудан да тыйылған жоқ. Ерегіскенде бірден-бір жойқын іске кірісіп кеткісі бар, асыққаннан аузына ірі туралған нанды бұралап тығып жатыр.
— Мынадай ыстықта тірілей пісіп қалатын шығармыз, — деп кенет бұлқан-талқан болды. –
Мынадай ыстықта менің де бұрандам босап кеткенге ұқсайды.
Әйткенмен, күн сәулесі бағанағыдай терезеден шақырайып түсіп тұрған жоқ еді. Шеберхана іші салқындай бастапты.
Клод төнген шатыр астындағы терезенің жоғарғы кезін ашып тастағанда, таза желкем ауа құйылып, бірден көңілін сергітіп жүре берді. Содан соң Кристинаның басы салынған суреттің нобайын қолына ұстап отырып, бәрін ұмытып, қиял тереңіне сүңгіп кете барған.
II
Түс әлетінде есік қағылды — кімнің келгенін тықылынан таныған Клод жалма-жан Кристинаның басы салынған суреттің нобайын папкасына салып қойды да, өзі барып есікті ашты.
— Әй, неғып ертелетіп жүрсің? — деп сұрады. Бұл өзінің бала күннен бірге өскен досы Пьер Сандоз еді. Жасы жиырма екіге шыққан, қара шашты, құбақан өңді, домалақ басты, кертік мұрынды, мұрты енді ғана тебіндей бастаған, қайраты мен қайсарлығы анық көрініп тұратын көзі нұрлы көрнекті жігіт.
— Ертеңгі асымды ішіп болған соң, саған жетуге асықтым. Ау, мынауың не? Есіңнен адасқансың ба? — деп Пьер бұдан соң анадайдағы үлкен суретке үңіле қарады. — Сен, немене, әйеліңнің түрін өзгертіп жібергенсің бе?
Енді екеуі үн-түнсіз картинаға барлай қарап тұра берген. Ұзындығы бес, ені үш метрлік полотно былайша түгелге жуық жазылып біткенмен, жеке детальдары әлі де жеріне жетпеген екен. Шабытты шағында еркін сілтеумен кенеп бетіне түскен суреттің жалбы нобайы жарқыраған тірі бояуларымен еріксіз таң қалдырып, еліттіріп әкетеді. Жасыл желекке оранған орман алаңы күн сәулесіне шомылған, оң жаққа қарай бұрылған сүрлеу жол бірте-бірте күңгірт тартып, соңы бұлыңғыр бұлдырға айналған. Маусым айында бәйшешек гүлдері құлпырған жасыл шөптің үстінде екі қолын желкесінен асырып, көзін жартылай жапқан, кеудесін алтын шуаққа төсеген жалаңаш әйел жатыр. Ал ар жағында сықылықтап күлген, бір-бірімен алысып ойнаған тағы екі жалаңаш әйелдің сұлбасы көрінеді — бұлардың денелері жасыл жапырақтарға түскен шұғылалы сәулелер арасында малтып жүзіп жүрді. Суретшіге сірә алдыңғы орынға айқын қара түсті шығару қажет болған, сол себепті ол үстіне қара барқыт күртеше киген ер кісіні жайғастырыпты. Ер кісі сол жақ шынтағына сүйеніп, көк шөптің үстінде, көрерменге арқасын беріп қисайып отыр екен.
— Жалаңаш әйелдің жатысы келісті-ақ екен! — деп Сандоз пікір білдірді. — Бірақ әлі де көп жұмыс істеуін керек-ау.
Өз туындысына көзімен жеп қоярдай қызыға қарап тұрған Клод:
— Көрме ашылғанша көп уақыт бар емес пе? Жарты жылда бітіріп қалармын, — деді. — Осы жолы ең құрмаса өзіме өзімнің оншалық топас емес екенімді дәлелдейтін шығармын.
Осыны айтып, өзіне-өзі риза болғандығы сондай, Кристинаның басы салынған суреттің нобайына кәдімгідей насаттана қарап тұрып, ысқыра бастады. Бойын шабыттың буы кернеп кетті. Бірақ кейде осылай желігудің аяғы бәрібір табиғат бейнесін толық игеруге шамасы жетпейтін дәрменсіздікке ауысып, жанталасып қиналушы да еді.
— Осы еріккеніміз де жетер. Келдің екен, іске кіріс! — деді Клод.
Сандоз натурщик іздеп, шығыннан құтқару үшін досы салып жатқан суреттің алдыңғы жағында отырған әлгі ер кісінің нобайын өзіне қарап келтіруіне бұрыннан келісім берген еді. Бірақ мұның осындай демалыс күндері ғана қолы босайды, соны білетін Клод Пьерді төрт-бес мәрте әурелесе, портреті дайын болды деп шамалаған. Сандоз барқыт күртешені кие бастады:
— Әй, сен әлі таңғы асыңды ішіп үлгірмеген шығарсың? Орныңнан тұра салып, жұмысқа кіріскенсің-ау. Бар, котлетіңді же. Мен күте тұрайын, — деген.
Клодтың уақытын босқа өткізу ниеті жоқ еді.
— Қой, мен тойып алғанмын... Ана кастрөлге қарасаңшы... Нанның да жартысы қалыпты. Әй, жалқаусың ғой! Тездетейік! — деп Клод палитрасын қолына алып, кистілерді — бояу жаққыштарды таңдауға кірісті. — Немене, бізге бүгін Дюбюш соға ма?
— Иә, сағат бестерде келіп қалар.
— Тіпті ғажап болды. Сосын бірге тамақтанармыз... Ал сен дайынсың ба? Онда қолыңды солға қарай созыңқырап, басыңды төмен түсір.
Сандоз суретшінің қалауын істеп, қолтығының астына жастық тастап, диванға барып жантая кетті. Бұл Клодқа теріс қарап отыр еді, бірақ бұнысы екеуінің өзара сұхбатына әсте кедергі келтірмеді. Сандоз екеуі төменгі сыныптардан бастап бірге оқыған провинциалдық кішкене қала Плассаннан бүгін таңертеңгілік хат алғанын тілге тиек етті де, артынша үндемей қалды. Клод дүниедегінің бәрін ұмытып, жұмысына құмбыл кірісіп кетсе, Пьер қимылдамай, қалғып-мүлгіп отыра берді.
Клод отбасымен бірге тоғыз жасында Парижден шығып, әу баста өзінің кіндік қамы тамған Прованс жерінің бір түкпіріне қоныс аударып барғанын біледі. Әркімнің кірін жуып күнелтіп жүрген мұның сорлы шешесін қырсыз әкесі тастап кеткен. Бұдан кейін анасы аппақ ажарының арқасында бір тәуір жұмыскерге тұрмысқа шықты. Екеуі де еңбекқор еді, бірақ бәрібір тұрмыс тауқыметінен құтыла алмады. Содан екеуі бір қайырымды кісінің бала Клодты жергілікті колледжге оқуға беру керек қой деген ұсынысына әбден қуанбас па? Өйткені сурет өнеріне жаны құмар әлгі әпенді кісі ойда жоқта баланың қағазға шимайлап салып жүрген бірдеңелерін көріп, таң тамаша қалады. Сөйтіп Клод жеті жыл бойы оңтүстіктегі осы колледжде әуелі пансионер, кейініректе экстерн болып, қайырымды біреудің үйінде жатып оқымай ма? Бір күні әлгі бұның қамқоршысына айналған шалды таңертеңгілік мезгілде төсегінде өліп жатқан жерінен тауып алады. Шал Клодтың атына мың франктік құны бар рентаны мұраға қалдырыпты — мұны жасы жиырма беске келгенше пайдалана алады екен. Сурет өнерінің соңына түскен Клод бұдан кейін колледждегі оқуын тәмамдап, бакалавр атағын алу үшін сынақ тапсырудың орнына, бірден Париж қайдасың деп тартып кетеді. Бұл кезде Парижде оның досы Сандоз тұрып жатқан.
Сол Плассан колледжінде бірінші сыныптан бастап өзгелер "ажырамас үшеу" атап кеткен үш бала оқушы еді, бұлар — Клод Лантье, Пьер Сандоз және Луи Дюбюш болатын. Араларында бірер ай айырмасы бар құрдастар шығу тегі жағынан да, мінез-құлық жағынан да бір-біріне ұқсамайтын, бірақ әлі өздері де анық ажырата алмайтын биік мұраттарға ұмтылып, ақыл-ойларының сергек ояна бастауы бұларды өзге көп шуылдақ төбелесқор, жатып ішер жалқау балалардан бөлекше көрсететін. Сандоздың әкесі, мәселен, саяси себептермен Францияға қоныс аударған испандық, Плассанның іргесінде қағаз фабрикасын ашып, өзі ойлап тапқан жаңа машиналарын өндіріске қосқан өнерлі адам болатын. Айнала күншілдіктің, пәлеқорлықтың ортасында жүріп ертеректе дүние салған ол байғұс артына жас жесірін ғана емес, ұзақ жылдарға созылған соттасу мен бітіспейтін дау-дамайларды қалдырады. Содан ақыры бар жиған-тергені желге ұшып кетеді. Сандоздың шешесі болса, бұрынғы Бургундиялық, басына түскен бақытсыздықтың бәрін провансалдықтардан көріп жүріп, ақырында сал ауруына шалдығады. Содан баласына еріп Парижге көшіп келеді. Сандоз мұнда кішігірім қызметке тұрып, азғантай айлықпен мүгедек шешесін асыраған болады, бірақ өзі әдеби атаққа жету жөніндегі арманын тастамаған. Ал Дюбюш өте өркөкірек әрі қатал наубайшы қатынның үлкен ұлы, шешесі мұны да Парижге жіберген, ондағы мақсаты — баласының оқу ақысына жұмсаған қаржысын кейініректе оның есебінен үш жүз пайыз көлемінде төлеп қайтарып алмақ екен. Қазір Дюбюш көркемөнер академиясындағы курстарға қатысып жүр, ондағы ойы — сәулетші атанбақ. Артынан әке-шешесі жіберетін азғантай тиын-тебен жұмырына жүк болатын түрі жоқ.
— Қарғыс атқыр, бүйтіп мелшиіп отыра беруден шаршайды екенсің! — деп Сандоз бір кезде тыныштықты бұзды. — Қолым қайырылып қалатын түрі бар. Әй, қозғалақтасам қайтеді?
Клод жауап бермеді. Кенептің бетін айғыздап, барқыт күртешені салып отырған. Бір кезде суреттен қашықтап, бір көзін қысып сығырая қарап тұрды да, ойына әлденелер түсіп, қарқылдап күліп жіберді.
— Есіңде ме, біз алтыншыда оқып жүргенде, әлгі есерсоқ Лалюбидің кітап салатын шкафының ішіне біздің Пуйоның шырақ жағып қойғаны? Сонда Лалюбидің кафедраға шықпас бұрын шкафының аузын ашып, жарқырауықты көргені, содан бәрімізден бес жүз өлеңді жаттауды талап етіп, жазаға тартқаны есіңде ме?
Мұны естіген Сандоз мәз болып диванға құлай кетті. Артынша түзеліп отырып:
— Әй, Пуйо оңбайды ғой! — деді. — Бүгін маған жіберген хатында сол Лалюбидің үйленгенін сипаттап жазыпты. Сенермісің, сенбеспісің: кәрі мәстек жап-жас жақсы қызды торына түсіріпті. Сен ол қызды білесің: әнебір айна — тарақ сатып жүретін Галиссардың ақ үрпегі, соған талай серенада арнамап па едік?
Бұдан соң бұл екеуі өткен-кеткенді естеріне түсіріп, ұзақ сөйлесті. Клод бәрібір жұмысын тоқтатқан жоқ, қайта бұрынғыдан гөрі құлшына кірісті. Ал қабырға жаққа жүзін бұрып отырған Сандоздың аузында тыным жоқ, әңгімесі қызған кезде иығы селкілдеп кетеді.
Әуелі екеуі айналасын ескі қамал қоршаған, көне қабырғаларын мүк басқан монастырьдың ішіне орналасқан колледждегі оқуларын еске алысты. Биік шынарлар өскен кең аулалар, балалар малтып жүретін түбінде шылаулар тұнып қалған тоған, бірінші қабаттағы зәктенген сынып бөлмелері, ас қалдықтарының иісі аңқыған дәмхана, қашанда іші шатаққа толы жатақхана, төсек-орын жиналған орындар, жүзі төмен монахиниялар қызмет істейтін аурухана, солардың балаларға қызық көрінетін жүріс-тұрыстары мен киген киімдері... осылардың ешқайсысы ұмытылмапты. Небір оғаш оқиғалар да болды емес пе? Бірде жоғарғы сынып оқушыларының назарын ерекше аударып жүрген Анжела атты бейкүнә "қарындас" бұлармен бірге оқитын Гермелин атты баламен бірге қашып кетті. Әлгі Гермелин үнемі қолын пышақпен жаралап, жарасын тандыру үшін ауруханадағы Анжелаға жиі баратын, сөйтсек, ол сол қызға өлердей ғашық екен ғой...
Осылайша Клод пен Сандоз екеуі бүгін өздері оқыған колледждің бар құрамын жілікше шағып, естеріне түсіріп отырды. Барша бейшара, бақытсызы, тіршіліктен түңілген, мүжілгені, сұмпайысы бар, күлегеші бар — ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Қызын күйеуге өткізу үшін әркімге шашылып тақырға отырған провизор — дәрі-дәрмек сатушы; оқушылардың қабырғаларға салған жабайы суреттерін көріп жандары шошыған сұлу "қарындастар"; қуыс — қуысты ұзын тұмсығымен тіміскілеп жүруден жалықпайтын Пифар қарауыл; жағымсыз лақап аттарды жамылған мұғалімдер тобы; ешқашан күлмейтін, қатал Радамант; отырған орнын ластай бергендіктен Былғауыш атанған тағы бір мұғалім; әйелі карабинердің құшағында жатқан жерінде ұсталып қалған физика пәнінің "қос мүйізді" мұғалімінің: "Адель, сен менің көзіме шөп салдың" дегендей жаман өсекке ілінуі... Шынында колледждегі ересектердің бәрінің лақап аттары бар еді. Мәселен, баяғыда өзінің үш жиенінің қанына малынған деп мақтанып, кореикалық пышағын көрсетіп жүретін бір тәрбиешіні өзгелер сыртынан Спонтини деп мазақтайтын. Оқушыларға серуен кезінде шылым тартуға рұқсат еткен тәрбиеші Бөдене атанып кетті. Ешкім ештеңеден құр қалған жоқ. Тіпті жарымжан аспаз бен кеміс ыдыс жуушыға Парабола мен Параллель деген атақ тағып, осы екеуі ас үйде оңаша қалғанда "махаббатпен айналынсадыға" саятын сандырақтарды таратушылар да бар еді.
Бұдан кейін әрқилы құйтырқы оқиғалар мен ащы әзіл-қалжыңдар тізбектері еске түсе бастады. Арада қаншама жыл өтсе де, енді соның бәрін сағынып та, күліп те еске алады екенсің. Кішкентай Ажал, кейде қу Сүйек атанып кеткен, бүкіл сыныпқа жасырын жағдайда насыбай тасып жүретін оқушы баланың ескі башмақтарын пешке жағып жіберген күн қандай тамаша еді! Шағын шіркеудің шырағданы қасында жатқан оттықты ұрлап әкетіп, қамыс түтікке тығылған талшын жапырақтарын түтіндетіп отырған қысқы кеш қандай қызық еді. Осындай ерлік иесі Сандоз сол жолы тас қараңғыда әр нәрсеге соғылып есі шыға қорыққанын, маңдайынан суық тер ағып, жаман сасқанын енді мойындап айтып отырды. Клодтың өзі де ол кезде ешкімнен қалыспаған. Бірде ол партаның ішіне май айындағы семіз қоңызды әкеліп, отқа қақтап жемек болды, сондағысы — жұрт айтқандай қоңыздың тәтті екендігін сынап көру еді. Партаның ішінен көк түтін шығып, сыныптың іші сұмдық сасып кеткенде, өрт шықтыға жорыған бұлардың тәрбиешісі ішіне су толтырылған құмыраны көтеріп, жетіп келген. Сыртқа сейілге барғанда далада өсіп тұрған пияздарды жұлып, әйтпесе көрінген терезеге тас лақтырып ойнағандары ше?! Терезені сындыру түк емес, сол қираған әйнектер география картасына ұқсап жерде шашылып жатса, қызықтың көкесі емес пе? Ал грек тілі сабағы үстінде, тақта бетіне ірі әріптермен жазылған мәтінді мұғалімнің шақыруымен ежіктеп әрең оқып тұрған жалқаудың желкесіне қарай лақтырған нәрсесін ешкім байқамай қалса, қызықтың көкесі емес пе? Бірде балалар бақша ішіндегі ұзынша орындықтарды аяғынан кесіп алып, соларды табыт секілді жоғары көтеріп, азалы әндерді айтып, тоғанда айналып жүргендері бар. Сонда дін қызметкерінің рөліндегі Дюбюш жаназаға жиналған "көпшілікке" қасиетті суды шашу үшін басындағы қалпағын қолына ұстап, бассейнге еңкейе бергенде, гүмп етіп құлап түскен. Бәрінен озған Пуйо болды. Ол демалысқа шығар алдында балалардың жатын бөлмесіндегі құмыраларды шетінен жіпке тізіп, кереуеттердің астынан өткізіп тастайды. Ал таңертең орнынан тұрып, ұзын дәліз бойымен жүгіре жөнелгенде, оның артында шұбатылған әлгі тізбек біраз адамның зәресін ұшырса керек. Пуйо мұнымен де қоймай, сыртқа қарай ұмтылғанда, құмыралар баспалдаққа, бір-біріне соғылып, быт-шыты шығып ұшып түсіп жатты.
Клод қолындағы қылқаламын жоғары көтеріп, бір мезет күлкіге кенелді де қалды.
— Пуйо ма?.. Әй, ол бір ит қой. Саған хат жазып па? Ол жақта тағы не бүлдіріп жүр екен? — деп сұрады.
— Қателесесің, шал. Оның ондай қиқарлықтан әбден тыйылған секілді, — деп Сандоз шынтағының астындағы жастықты оңтайлап, түзеп қойды. — Сондай бір көңілсіз хат жолдапты. Заң ілімдері курсын оқып бітірмекші екен, енді әкесіне ұқсап, шаруашылық жұмыстарымен айналыспақ көрінеді. Жазу стилінің өзі не тұрады?.. Қарны тоя бастаған буржуаның тоңмойын топастығы!
Осыны айтып, сәл тыныстаған Сандоз әрі қарай:
— Сен екеуміз, шал, ондай топастықтан ада — күдеміз ғой, — деп қорытындылады.
Енді бұлардың қиялын өзгеше естеліктер ағыны алып кетті — екеуі бірге оқыған колледждің қабырғасын тастап, күнгейдің кең жазирасына шыққанда, жүректері лүпілдеп, кеуделерін қуаныш кернеді. Алтыншы сыныпта оқып жүрген кездерінде — ақ "ажырамас үшеу" атанған балалар саяхат — сейілге құмарлығын танытқан еді. Қолдары босаған әрбір күнді пайдаланып, үшеуі серуен сапарларын ұзата берген, ал бойлары өскен сайын бірнеше күн бірге қыдырып, бүткіл жақын төңіректі аралап шыққан. Жол сапарларда бұлар кез келген жерлерде: аңғар тастар арасында, ескі қапырық сарайларда, үйілген сабандар үстінде, әлдекімдер тастап кеткен, еденіне шірінді иістері аңқыған құрғақ шөп төселген күркелерде түнеп жүрді. Қазір ойлап отырса, осы әрекеттердің төркінінде — көрмегенді көру, білмегенді білуге құштарлық, қоршаған ортаны бұзып, табиғаттың өз кұшағына барып кіру, тау-тас, өзен — су, орман ағаштарын бала көңілімен қызықтау, бостандық пен еркіндіктің рақатын сезініп қуану секілді ғажайып сырлар жатады екен ғой.
Пансионға орналасқан Дюбюш сонда бұларға тек мейрам күндері, өйтпесе жазғы демалыста келіп қосылар еді. Оның үстіне, ол жаттампаз оқушы болғандықтан, ертелі-кеш оқулықтарға үңіліп отырғандықтан, денесі ауыр тартып, босаңсып кеткен. Ал Клод пен Сандоз шаршап-шалдығуды білмейтін: әрбір жексенбі сайын таңертеңгі сағат төртте орындарынан тұрып алып, жабық қақпаға тас лақтырып, бір-бірін оятар еді. Жаз кезінде бұлар Плассан ойпатын жіңішке лентадай жарып өтетін Вьорна өзенінің жағасынан шықпайды. Екеуі де суда жақсы жүзеді. Иірім ағыстармен жан ұшыра жарысып, бір-біріне су шашып ойнайтын, содан жағалаудағы ыстық құмға барып аунайды. Бірде шалқалап жатып, бірде етпетінен жатып ұзақ малтиды, содан кейін жағадағы құрақтың арасында құлақтары қылтиып, су жыландарын аңдуға кіріседі. Табиғат аясындағы, бетінде күн сәулесі ойнаған мөлдір су жағасындағы осы өмір бұлардың балалық шақтарын ұзартып, дүние танымдарындағы тазалық пен табиғилықты сақтап қалғандай еді. Тіпті есейіп қалаға келгенде де, мұндағы қызық-шыжықтарға бұлар бірден елтіп кете қойған жоқ. Елде жүргенде аңшылыққа қызыға бастағандары бар. Ол жақта жабайы аң жоқтың қасы. Мәселен, төрт-бес тауқұдіретті атып алу үшін бес-алты шақырым жаяу жүруің керек. Кейде осы сарсылған сандалыстан қанжығалары құр қайтқанда, жол-жөнекей, кішкене қоныстардың маңынан жазықсыз жарқанаттарды атқылайды. Осының бәрі естеріне түскенде, жас жігіттердің көзі булана бастайды. Жаңа жауған қарға ұқсаған ақ тозаң басқан жолдар елестейді... Олар осы жолдың бойымен алысқа қарай кетіп бара жатады — аяғына киген етіктерінің сірісі сықырлағаны, бәр-бәрі де көңілдеріне қуаныш ұялатады. Содан сол жердің топырақ құрамында темірдің көптігінен беті қызарып жататын далаңқайға қарап бет алады. Төбеде қорғасын түстес сұр аспан, айнала жұпыны кеңістік. Бұл жақта тәпелтек зәйтүн ағаштары мен бүріскен бадам жоқ. Бәрібір қайтар жолда, шаршап-шалдыққандарына қарамастан, бұрынғыдан гөрі біраз атырапты аралағандарына көңілдері тоғайып, мақтана, масаттана бастайды. Содан табандарының астында не жатқанын ескеріп — елейтін хәлдері жоқ, ұйқылы-ояу, әлдекімнен естіген жауынгер әндерін шырқап, тура тарта береді.
Клод болса, сол саяхат — саяттарда патрондар мен оқ дәрілерді ғана емес, сурет салатын альбомын да өзімен бірге ала жүруші еді. Ал Сандоздың сөмкесінде, әрине, өлең кітаптары жататын. Ол кезде бәрі шетінен романтик. Қанатты сөздер мен тұрпайы қалжыңдар қатар айтылады. Қапырық ауада ұзақ сонар одалар жаңғырығады. Жол-жөнекей құрақ жағалауға әлсіз көлеңкесін түсіріп тұрған майда талмен көмкерілген өзек кездесе қалса, бұлар аялдама жасайды. Содан жұлдыз шыққанша демалыс жариялайды. Жұлдыз шыққан соң бұлар орнынан тұрып, өздері бұрыннан жаттап алған драмаларын ойнай бастайды. Бас қаһармандардың сөздері шетінен салтанатты, қатты дауыспен айтылса, патшалар мен жас қыздардың репликалары сыбызғы үніндей сызылып, жіңішке шығады. Ондайда аңшылық та, өзге қызықтар да ұмытылады.
Алыс қияндағы топастық жайлаған марғау қалашықта тұратын осынау азғантай топ оңаша оқшау өмір сүрді. Бұлар бала жасынан әдебиет пен өнерге табынып, талпынып өсті. Бұлардың тұңғыш дем берушісі Гюго болды. Балалар қираған ескі қорғандардың ар жағына қарай еңкейе бастаған күнге қарап тұрып Гюгоның кітаптарын, өлеңдерін мәнерлеп оқыр еді. Гюго кітаптарындағы көтеріңкі стиль, қилы қиял, қарама-қарсылықтардың мәңгі күресін бейнелейтін ғажайып идеялар жан дүниелерін баурап алатын. Өмір жарығы жарқырап түсетін драмалық ойындардың соңғы актілеріндегідей жасанды, бірақ сұлу көрінетін. Бұдан кейін бәрін бір мезет Мюссе жаулап алды. Оның ынтыққан, жылауық өлеңдерін оқығанда, өз жүректерінің дүрсілін естігендей, пәни дүние ізгілікке толып, айналаңды жайлаған қасірет үні құлағыңа жеткендей, жаныңда жапа шеккендерге жанашырлық сезімі оянғандай болар еді. Жасөспірімдерге жарасатын талғамсыз құштарлықпен олар әйтеуір қолдарына түскен кітаптың бәрін — үздігін де, нашарын да қотарып оқи беретін. Таңырқау мен тамсанудың бойларын билеп алғаны сонша, кейде тіпті түкке тұрғысыз шығармаларды шедеврлердің қатарына қосып мақтайтындары бар.
Енді, міне, Сандоз сол бала жастағы тірі табиғатты сүю, ұзақ сапар — саяхаттар, кітапқұмарлық қана бұларды тоғышарлық ортаның торынан аман сақтап қалды деп есептейді. Шынында да бұлар көше жағалап, кафеге де кірмеуші еді, бұлардың ойынша: қалаға барса, торға түскен бүркітше солып, семіп қалулары мүмкін екен. Ал өзге қатарластары ештеңеден сескенбей-ақ, сол кафелерге кіріп алып, мәрмәр орындықтарда шіреніп отырып карта ойнауды үрдіске айналдырған. Жалпы провинциялық тіршілік бірден өзінің батпағына батырып, бала жасыңнан қалыптасқан тәртіптері мен талғамдарына үйретеді емес пе? Газеттерді бір-бірінен сұрап оқу, тапжылмай отырып домино ойнау, содан соң көшеге шығып, әрлі — берлі ұзақ теңселіп жүру — басқа не бар? Өстіп жүре берсек, бірте — бірте жабайыланып, топастанып кетеміз — ау деген қорқыныш "айырылмас үшеуді" осы ортадан сыртқа қарай безіп шығуға итермелеуші еді. Содан тау-тасты кезіп, тыныштық іздеу, төпелеп жаңбыр құйып тұрғанда төбелерін жасырмай, айқайлап өлең оқу сияқты әдеттер қалыптасты. Кейде осы жексұрын қаладан көшіп, кітаптарын көтеріп Вьорнаның жағасына барып қоныстануды, содан баяғының жабайы адамдарынша суға шомылып жата беруді қиялдағандары естерінде қалыпты. Бірақ сол тәтті қиялдарының ішінде әйел затына орын жоқ болатын. Өйткені әйел заты еркектердің қасында ұялшақ, икемсіз келеді, ал бұлар өздерін ең жоғарғы топқа қосады емес пе?
Клод екі жыл бойы бір модашыл жас қызға ғашық болып, күнде кешқұрым соның соңына еріп жүруші еді, бірақ ғашығымен тілдесуге батылы жетпей, қатты қапаға түсетін. Ал Сандоз қайдағы ғажайып оқиғаларды ойдан шығарып, жолда кездесетін бейтаныс біреулер, әйтпесе орман арасында мұның құшағына құлап, артынша тұманша сейіліп, көлеңкеше бұлдырап жоғалып кететін сұлулар жайында армандайтын. Сондағы бір сүйіспендік оқиғасы естеріне түссе, қазір де екеуі күлкіге кенеледі, әрине, енді ойлап қараса, соның бәрі қып-қызыл ақымақшылық екен ғой. Кешқұрым колледжге барып, музыкадан жаттығып жүрген күндерде бұлар түні бойы екі бойжеткен қыздың терезелерінің алдында тұратын. Біреуі кларнетте, екіншісі корнет – а — пастонда ойнап, серенада айта бастағанда, бұлардың осы қойыртпағы әбден мазаларын қашырған көршілері ақыр соңында үйлеріндегі бар құмыраларға кір қоқыстарын толтырып, бұлардың төбесінен төгеді — ай емес пе?
Шіркін, қызыққа кенелткен жақсы күндер екен-ау! Енді бәрін сағынып еске түсіресің. Клодтың шеберханасы да жуықта өзі Плассанға барып қайтқанда салған эскиздерге толып тұр еді. Осы эскиздерге қараса, тағы да туған жерге сапар шегіп, қызуы күшті көгілдір аспан күмбезінің астында, қызыл қоңыр топырақты жалаңаяқ басып жүргендей сезінеді. Міне, бұлардың алдында айналасын іркес-тіркес қоңыр таулар қоршаған, зәйтүн ағаш — тарының гүлдері ақ ұлпадай көпіршіген кең алқап жатыр. Дәл осы жерде, шық басқан ескі көпірдің астында, шіріндідей сарғайып кеткен күн қақты жағалаудың ортасымен түбі көрінген Вьорна ақырын жылжып ағады. Қураған бұтақтардан басқа өзге жөні түзу жасыл желек жоқ. Келесі эскизде Инферне аңғарының азуын кен ашқан алабы көрінеді: әр жерде құлап қалған жартастардың арасынан құмтас үйінділерін әлдеқайда алыс кеңістікке қарай созып әкеткен табиғаттың бей-берекет, қатал тұрпатын аңдауға болар еді. Бәрі де көзге таныс жерлер. Міне, қуаң далада сирек кездесетін көлеңкелері қол бұлғап шақыратын Репентанс аталған шағын алап. Мынау Труа – бон — Дье орманы, бұл орманда қоңыр қабықтары бойымен күн сәулесіне шағылысқан шіріштері ірі-ірі көз жастарына ұқсап тынбай ағатын, жасыл жапырақты қалың қарағайлар өседі. Мынау Жас – де — Буффан — қызыл қоңыр кең айдынды еске түсіретін жазықтың ортасына салынған шіркеу секілді алыстан ағараңдайды. Осындай эскиздер көп-ақ екен: жарқыраған жол айрықтары дейсіз бе, тастары күнге күйіп қызарып кеткен жарлауыттар дейсіз бе, өзен суын сіңіріп жатқан құм жағалаулар дейсіз бе, көртышқандардың іні, ешкілердің ізі, көкке ұмтылған тау шыңдары...бәрі бар. Сандоз осындай бір этюдке қарап тұрып:
— Мынау қай жер? Танымай қалдым, — деп еді. Клод қатты таңырқап қолын сермеді.
— Ұмытқаның қалай? Әй, біз осы жерде басымызды жара жаздаған жоқ па едік?! Жомегарда түбінде жоғары қарай өрмелегеніміз есіңнен шығып кеткені ме? Дюбюш те сонда бізбен бірге болған. Тастары тәрелке секілді теп-тегіс екен, аяғымызды қайда қоярымызды білмей, қолымызбен тырмалап, тырнағымызды ауыртпап па едік? Не жоғары шыға алмай, не төмен түсе алмай, қиналдық. Ақыры таудың басына шыққанда, екеуміз котлетке таласып, төбелесе жаздадық емес пе?
— Иә, иә! — деп Сандоз басын изеді. — Әрқайсымыз котлеттерімізді шыбықтан өткізіп алып, алаудың үстінде айналдырып ұстап, отқа пісіргенбіз. Сонда менің шыбығым жанып кеткенде, сенің котлетің көмірге айналды деп мазақтағансың.
Екеуі де қарқылдап күліп алды. Жұмысына қайта кіріскен суретші:
— Бәрі өтті, кетті, шал! Енді біз түзде қаңғып жүре алмаспыз! — деп күрсінді.
Клодтың айтқаны рас еді. Айырылмас достардың ежелгі армандары орындалғандай болып, Парижге келгелі бері, бірден атақты астананы жаулап алмақ түгіл, бұлардың күнделікті өмір — тірлігі қиындай берген. Әуелде достар бұрынғыша қала сыртындағы серуендерін қайталап, демалыс күндері Фонтенбло заставасы тұсынан жаяу өтіп, Верьер маңындағы шоқ-шоқ тоғайларды аралап жүрді, содан Бьевр барып, Бельвю мен Медон ормандары ішімен төтелеп, Гренель арқылы қайтып келетін. Бірақ көп ұзамай тұрмыс тауқыметі әбден мойындарына мініп алған жерлестер Парижден ұзап шыға алмайтын халге жетті. Күнкөріс қамымен зыр қаққанда, осылай табандарын тоздырғаны үшін тағы да Парижді кінәлар еді.
Сандоз, мәселен, апта бойы бесінші округтің әкімшілігінде шаршап-шалдығып жұмыс істеп жүрді. Осы тар қуыста отырып ол жүз елу франк болмашы жалақыға жаңа туғандардың куәлігін тіркейді. Шешесіне жаны ашығандықтан ғана мұндай жұмыс — сымаққа қолын бір сілтеп кете алмайды. Дюбюш болса, ата-анасының бұған жұмсаған қаржысын өздеріне ертерек қайтарып беру үшін Академиядағы қызметінен басқа, қайдағы бір архитекторларға жалданып, нан тауып жүргенге ұқсайды. Ал мың франктік рентасы бар Клодтың жағдайы жолдастарына қарағанда тәуірлеу сияқты, бірақ қалтасы тесік жолдастарына көмек көрсететіндіктен, айдың аяғында бұл да шиқылдап қалады. Сәті түскенде, осындағы Мальгра деген қушыкеш саудагер шал анда-санда он-он екі франк ұстатып, мұның шағын суреттерін сатып алады. Әрине, еріккен буржуа байлардың портреттерін балалатып, әйтпесе әулиелерді бейнелеп, асханалардың жарнамасын, бала босандыратын әйелдердің құлақтандыруларын жазып та күнелтетіндер бар. Бірақ Клод аштан өлсе де өзінің өнерін өйтіп қорлағысы келмейді. Парижге келген бетте Бурдон тұйық көшесіндегі айлапат шеберхананы жалдап алған еді, кейін қаржысын үнемдеп жұмсау үшін осы Бурбон жағалауына қоныс аударған. Енді осы жерде суреттен басқаның бәрін мансұқ етіп, базарда шұжық сатып жүретін апайымен де, әке-шешесімен де араласпай, жапа жалғыз жабайы тірлікке көшкен. Әпкесі тұрпайылығымен, тоғышар тоқтығымен жирендірсе, қазір мүлдем қолды болуға айналған, күн санап түпсіз тұңғиыққа батып бара жатқан шешесіне іштей жаны ашушы еді.
Осы арада Клод шамданып, Сандозға ескерту жасады.
— Әй, сен неғып шыжбыңдап отырсың?
Сандоз бұлшық еттерінің талып қалғанын түсіндіріп, аяғын созып жіберіп, диваннан түсті. Он-он бес минут үзіліс жасап, әр нәрсені шатып уақыт өткізді. Клодтың көңіл күйі көтеріле бастады. Жұмысы жүре бастаса, өстіп шабыттанып, сөйлемпаз болып кетеді. Ал натурасы ұстатпай, уысынан шығып бара жатқанын сезсе, жыны қозып, тісін қарш-қарш шайнайды. Тыныс алған Сандоз қайтадан үйреншікті қалыбына түсті. Клод жұмысын жалғастыра отырып, сыр сандығын ашып тастады.
— Қалай ойлайсың, шал? Жұмысымыздан нәтиже шыға бастады — ау деймін. Ой, сенің осы отырысың керемет... Ана мақаулар енді маған не айтар екен? Осы суретті де қабылдамас па? Менің оларға қарағанда өзіме қоятын талабым әлдеқайда қатал, бұған күмәннің болмасын. Менің өз туындыма деген сыни көзқарасым, шынымды айтсам, бүкіл жер жүзінің төрешілері жиналып келіп берген бағадан құндырақ. Менің әне бір картинам — базарда үюлі тұрған көкөністің қасындағы екі балақай бейнеленген, сенің есіңде шығар? Мен соны өшіріп тастадым. Шықпаған екен. Шамам жетпейтін нәрсеге ұрыныппын. Бірақ күшім толысқанда, бұл тақырыпқа қайтып ораламын. Сонда жұрттың бәрі аузын ашып, көзін жұматын дүние жазамын!
Осыны айтып, суретші өзге топас тобырға айбат көрсеткендей, қолын сермеді, содан кейін палитраға көгілдір бояуды сығып жағып тұрып, күліп жіберді. Анау Плассандағы балаларға музейдің бір залында ширек ғасыр бойы суреттен сабақ беріп келе жатқан шолақ мұғалім Беллок байғұс өзінің бір кездегі шәкіртінің мына шатпақтарын көрсе, не айтар еді деп ойлады. Тіпті осы Парижде, "Цирктегі Нерон" атты атақты картинаның иесі Берту — оның шеберханасына алты ай бойы басын сұғып жүрген Клодқа мына түріңмен сенен ештеме шықпайды деп талай кейігені есінде. Енді Клод сол қауақ бас Бертудің қарамағында алты ай бойы бір орнынан жылжымайтын, түкке тұрғысыз жаттығулар жасап, уақытын босқа өлтіргеніне өкінеді. Луврдегі оқулары да сондай нәтижесіз болды. Өйтіп ескі суреттерді қайта-қайта көшіріп, жанды өмірді көру қабілетіңді біржола әлсіреткенше, тікелей қабылдау машығыңды мұқалтқанша, жайыңа қарап тыныш жүргенің жақсы емес пе? Шын өнер дегеніміз — өзіңнің көргеніңді көрерменге жеткізу ғана. Суретшінің міндеті түптің түбінде, мәселенки, алдыңа бір әйелді отырғызып қойып, өз түйсігің, өз сезімің бойынша соның бейнесін шығару емес пе? Тіпті бір түп сәбіздің суретін салсаң да солай. Таза түйсікпен қабылданып, суретшінің өзіне ғана тән нәзік құбылымды бояулармен айқышталған әлгі сәбіз, бұның шамалауынша, көк тиындық құны қалмаған дәстүрлі академиялық нұсқауларды басшылыққа алып салынған шимайлардан әлдеқайда құнды болмақ. Нұсқалы әдістермен салынған сол сәбіз күндердің күнінде сурет өнері саласында төңкеріс жасауы мүмкін. Осы себептен де Клод қазір бұрынғы натурщик Бутеннің Юшет көшесінде ашқан еркін шеберханасына ғана басын сұғады. Сол жерде жиырма франк төлеп, жалаңаш әйелдер мен еркектердің суретін салуға болады. Кез келген нобайларды қағазыңа түсіре бересің. Сол жерде Клод ішер асын да ұмытып, икемсіз натуралармен ақ тер, көк тер болғанша алысып, жанқиярлықпен жұмыс істейді. Ал кейбір емшек табы аузынан кетпеген балақайлар бұған надансың, жалқаусың деп кінә артып қойып, өздерінің белгілі ұстаздар басшылығымен студияларда тәрбиеленіп жатқандарын айтып, әлдекімдердің мұрындары мен еріндерінің көшірмесін көбейткендеріне мақтанады.
— Сол су мұрындардың біреуі мына мен секілді тірі адамның суретін сала білетін дәрежеге жеткенде осында келсін. Әне, біз сонда сөйлесеміз, шал! — деді Клод.
Осыны айтып, Клод қолындағы бояу жаққыш қылқаламының ұшымен есіктің артындағы қабырғада ілулі тұрған, академиялық ескі мәнерде салынған этюдті нұсқап көрсетті. Өте шебер қолдан шыққан тамаша этюд екен, қасында әдемі кескіндер де қатар ілулі тұрды: қыздың аяқтары мен әйелдің кеудесі көрінеді — бұлардың асқан ыждағаттықпен салынғаны соншалық, жібектей жұмсақ жылтыраған денелердің бойымен жылжыған қан тамырларының соғысын да естігендей болар едіңіз. Клод көңілі сирек көтерілетін тұстарда мұның талғамын толық қанағаттандыратын осы бір ғажайып этюдтерге ерекше мақтанышпен, ұзақ сүйсіне қарайтын. Бұл, әрине, айрықша сезімтал, дарынды суретшінің туындысы еді. Бірақ осы суретшінің кенеттен құлдырап, әлсіреп кететін түсініксіз тұстары да бар екен.
Пьердің барқыт күртешесінің суретін қалың бояулармен еркін сілтеп жазып тұрған Клод әлі де өзгелерді өлтіре сынаудан жалығар емес.
— Осы мына арзан бояушылар, мата бетін айғыздаушылар... — деп бір кетті. — Бәрі шетінен топас көрерменнің алдында Бәйек қаққан ақымақтар немесе алаяқтар! Солардың ішінде тоғышар талғампаздың жағынан тартып жіберетін біреудің табылмағаны — ақ өкінішті. Мысалға мынау Энгр шалды алайықшы... оның жылауық суреттерінің менің тамағымнан өтпейтінін сен жақсы білесің... дегенмен, сол шалдың жұрттың бәрінің пікірлеріне түкіріп, өзі дұрыс деп тапқан суреттерін шимайлай бергені үшін оны мықтыға санап, алдында басымды июге әзірмін. Ол әлгі нақұрыстардың бәрін де өзін мойындауға мәжбүр етті. Енді бұлар оны бағалаған, түсінген бола қалыпты. Сол Энгрден басқа тағы кімің бар? Делакруа мен Курбе... Қалғандары — түкке татымайды. Делакруа — кәрі арыстан ғой, романтик, жүріс-тұрысы асқақтыққа толып тұр. Бұл нағыз үйлестіргіш шебердің өзі: полотноларындағы бояулар шетінен жанып, ұшқын шашады. Өрісі қандай! Еркіне жібергенде, бүкіл Париждің қабырғаларын безендіріп шығар еді. Оның палитралары шектен шығып, асылып — төгіліп жатыр емес пе? Мұның нағыз фантасмагория екеніне менің баяғыда көзім жеткен. Бірақ амал нешік, оның қадірін біліп жатқан ешкім жоқ. Ал менің талғамыма дөп келетіні осылар ғана! Академияны талқандау үшін, міне, осылар керек болды... Артынан тағы бір нағыз суретші, ғасырдың нағыз классигі дүниеге келді, бірақ мынау жүрген мақаулардың бірде-біреуі оның кім екенін айыра алмады. Бұлар шетінен иттей ырылдады емес пе?! Қайдағы талғамды бұзу, реализмді қорлау туралы байбалам салды, олардың реализмі әрі тек оқиға құрауға келіп тірелетін еді. Ал мына суретшінің көруі, танымы баяғы ескі шеберлердің әдісіне ұқсап, біздің музейлерде жиналған ең үздік полотноларда пайдаланған тамаша дәстүрлерді ілгері қарай жалғастыруға, дамытуға қызмет етті. Мұның екеуі де, Делакруа мен Курбені айтамын, дер кезінде туып, өнерді өрге қарай сүйрегені ақиқат. Ал қазір ше?.. Қазір ме?..
Клод аузын жауып, сәл кідіріс жасады да, салып жатқан картинасынан кейін қарай шегініп, біраз ойланып, қобалжып тұрды.
— Иә! Бәрін көріп, көргеніңді жазуың керек! — деп недәуір уақыттан соң көтеріңкі күймен сөзін сабақтады. — Қаланың қабырғаларына шейін сенің қалауыңда болғаны жақсы. Мақау, милау емес архитекторлардың қолынан шыққан вокзалдар мен базарларды, әзге де көркем ғимараттарды неге безендірмеске? Ол үшін денің сау, ішінде дәні бар басын болса жетіп жатыр, ал сюжет, көрініс дегендеріне көз сүрінеді... Қазір кедей мен байдың өмірі ешкімге таңсық емес: базарлар ішінде, ат жарыстарында, бульвар бойларында, қарапайым адамдар тұратын тұйық тар көшелерде соның неше қилысын көресің. Бұл ғана емес: қаз қатар тізілген әр түрлі кәсіп иелері, күн көзіне шығып жалаңаштанып қалған құмарлық сезімдері, қоныстар, шаруалар, хайуанаттар... шегі, шеті жоқ әлем. Егер дарынсыз біреу болмасам, мен осының бәрін бейнелеп, ел-жұртқа көрсетуге тиіспін. Алақанымның қышып жүргені қашан! Иә, қазіргі өмірдің барлық қайшылықтарын көрсетуге тиіспін. Пантеонға ұқсаған зор фрескалар... Луврды есінен тандыратын ғажайып полотнолар!
Суретші мен жазушы ара-тұра осылай кездесе қалса, екеуі де шабыттарына мініп алып, шарқ ұрып кетер еді. Атақ, даңққа тезірек жетуді жан-тәнімен қиялдайтын жастар осылай бір-бірін қамшылай түседі. Кейініректе естерін жиған кезде осы көтеріңкі, мақтан құмар мінездерін алдымен өздері күлкіге айналдырғанмен, өн бойларына ерекше сергектік пен творчестволық құштарлық құятын осындай жастық екпіннен ажырап кетулері қиын.
Клод қарсы қабырғаға барып сүйеніп тұрып, салған суретіне анадайдан көз тастап қойып, бір мезет қалғып-мүлгіген халге көшті. Қалшиып отырудан шаршаған Сандоз диваннан түсіп, досының қасына келді. Енді екеуі қосылып полотноны зерттеуге кірісті. Барқыт күртешелі еркектің нобайы тұтас бітуге айналыпты. Оның көк шалғынға тірелген қолының нұсқасы өзге мүшелеріне қарағанда сұлу, таза реңкте, өте қызғылықты әдіспен бейнеленіпті. Бірінші кезекке еркектің қоңыр түсті қақпақ жауырыны шығыпты да, осының нәтижесінде картинаның көлемі кеңейіп, сонау алыстағы алаңқайға дірілдеп түскен күн сәулесінің жарығында өзара ойнап алысып жүрген әйелдердің кішкене сұлбалары бұлдырап көрінсе, ал ортадағы негізгі кейіпкер — жалаңаш әйел әзір сағым түске оранып, ауада қалқып жүзіп жүргендей әсер етеді. Бұл сірә жер құрсағында жаратылған, ернінде күлкі ойнаған, көзі жұмулы, құмар сұлу Еваның өзі болса керек.
— Айтпақшы, бұл суретіңнің атауы қандай? — деп сұрады Сандоз.
— "Пленэр", — деп Клод келте жауап берді.
Бұл атау жазушыға ұнамады — техникалық ұғымды еске түсіреді екен әрі оның ойынша сурет өнеріне әдебиеттік бейнелерді жақындату жарасымды болмақ.
— "Пленэр"? Мұнда түк мағына жоқ қой, — деді Сандоз.
— Ондай ерекше мағынаның не қажеті бар? Әйел мен еркек орман ішіндегі күншуақта демалып жатыр. Осы да жеткілікті емес пе? Үздік шығарма туғызу үшін осында керектінің бәрі бар, — деп Клод басын шалқайтып алды да, кенет тағы бұлқан-талқан болып ашуланды. — Қап, қарғыс атқыр мына қара түс қайдан шықты, әй?! Құрмағыр Делакруа тағы да көзімнің алдында көлбеңдеп тұрып алған — ау... Ал мына қол — тұп-тура Курбенің әдісін еске түсіреді. Енді не істерсің? Біздің бәріміз де әлі романтизмнің шатпағынан шыға алмай жүрміз. Бүкіл жас өміріміз романтизмнің бояуына малтығып, әбден сіңісті болып кеткенбіз. Біздің екі аяғымызды бір етікке тығып ұрсатын тағы ешкім жоқ!
Сандоз да иығын көтеріп қойып, ұзақ жылдар Гюго мен Бальзактың ықпалынан шыға алмай жүргенін айтып, зар иледі. Дегенмен, бүгінгі жұмысына көңілі тола бастаған Клодтың көңілі көтеріңкі еді. Егер досы осындай демалыс күні тағы да екі-үш сағатын қиса, анау еркектің суретін тәп-тәуір етіп шығаратыны сөзсіз. Ал бүгінге осы да қанағат. Сандоз суретші досының әдетте кескінші — натурщиктерді әбден тұралатып, естерінен танып құлап қалғанша жібермейтінін айтып, біраз күліп алды. Клодтың өзі де қазір тәлтіректеп әзер тұрған — аяғының бұлшық еттері қарысып қатып қалыпты, іші де аштықтан шұрылдай бастаған. Қабырғадағы сағаттың көкегі бес рет шақырғанда, бұл үстел үстінде қалған нанның ірілігі — ұсағын таңдамай аузына салып, шала шайнап жұта берген.
— Оу, сағат бес болыпты, — деп Сандоз бойын жазып, керіліп қойды. — Тамақтануымыз керек. Міне, Дюбюш та келді...
Есік қағылып, артынша Дюбюш кірді. Бұл ұзын бойлы, беттері сәл ісіңкі көрінетін, шаштарын қысқа қырықтырған, қалың мұртты қара торы жігіт еді. Достарымен амандасқан Дюбюш кенет қарсы алдындағы суретке таңырқай қарап тұрды. Көз үйренген шекараға сыймайтын мұндай дүниелерді ол іштей ұнатпайтын, бірақ тумысындағы сыпайылыққа бағып, сыр бермеуге тырысады. Оның үстіне, ескі достарының қолынан шыққанды сынап, міней бастауды ыңғайсыз көреді. Бірақ бұл жолы іштей қайнап жатқан наразылықты жасырудың реті келмеді.
— Әй, шыныңды айтшы! Сенің талғамыңа татымай тұрмыз ба? — деп Сандоз жолдасының қытығына тие түсті.
— Жоғ — ә. Несі бар?.. Жап-жақсы салынған. Тек анау бір жағы болмаса...
— Жарайды, жасырмай айта бер. Жаныңа жақпай тұрғаны қайсы?
— Мына бір мырза киініп алыпты, ал айналасында тырдай жалаңаш әйелдер жүр... Бұрын мұндайды кім көріпті?
Мұны естігенде, екеуі де бірден Дюбюшті жағадан алды: Луврге барып, дұрыстап жан-жағына қарамайсың ба? Сонда мұндайлардың бұдан өткен сорақыларын табасың. "Бұрын мұндайды ешкім көрмепті" деген не сөз? Бұрын көрмесең, енді көресің. Сонда қауақ бас тобырдың талғамына бейімделуіміз керек пе екен?!
Достарының осындай қауырт шабуылына қарамай, Дюбюш байсалды қалыппен өзінің пікірін білдірді.
— Бәрібір жұртшылық мұндайды түсінбейді. Жұртшылық мұндайды масқаралық деп бағалайды. Иә, масқаралық...
— Ой, пасық буржуа! — деп Клод айқай салды. — Сенің Академиядағы оқуың босқа кетпепті: бұрын да ақылың аз еді, енді таза топас болып шығыпсың!
Дюбюш байғұс көркемөнер Академиясына оқуға түскелі бері осылай үнемі достарының мазағына ұшырап жүр. Бүгін де мыналардың екпініне шыдамай, кейін шегінуге мәжбүр болды. Сасқанынан Академияның мұғалімдерін сыртынан ғайбаттауға кірісті: шынында да Академияда сабақ беретін суретшілер шетінен сорпақбайлар көрінеді. Бірақ мұның архитектор болғысы келеді. Академиядан басқа жерде ондай өнерді үйрететін ешкім жоқ. Сонда бұл қайтпек керек? Осындай ортадан бәрібір өтпек керек. Өзінің де қолынан бірдеңе келетінін дәлелдейтін уақыт туар.
Дюбюштің осы ойларын төңкерісшіл қызулықпен айтқаны сондай, Сандоз мәмілегершіл пейілін танытып:
— Жақсы, сен өзіңнің қателігіңді мойындайды екенсің, онда айтысты осымен доғарып, тамақтануға барайық, — деді.
Клод қолына қылқаламын ұстап, қайтадан жұмысына кірісті. Үстіне күртеше киген еркектің суреті толықтай жобаға келіп қалғандықтан, оның қасындағы әйелдің түр-тұрпатын әлі де өңдей түсу қажет екенін аңғарды. Аяқ астынан шабыттанып, асыға бастаған суретші дереу әйел бейнесін айнала дөңгелетіп бір сызып тастады — кейініректе асықпай бұл композицияны түгелдей қайта өзгерту керек еді.
— Ал кеттік пе? — деп сұрады Сандоз.
— Немене, қайда асығасыңдар? Мына бір жерін белгілеп қояйын, сосын шығамыз ғой, — деді Клод.
Сандоз басын шайқады да, суретші досын ренжітіп алмас үшін аса сақтықпен оны үгіттеуге көшті.
— Сен босқа арамтер болма, шал! Өзің әбден шаршадың, қарның да аш... Бүйте берсең, өткен жолғыдай мұның бір жерін бүлдіріп аласың ғой.
Жыны қысқан Клод қолын сермеді — "үніңді өшір!" дегені. Мұның ежелгі әдеті осы: мезгілімен жұмысын тоқтата тұруға шамасы жетпей, мас адамдай ессіз ілгері ұмтылар еді, қалайда үздік дүние, шедевр жасау қолынан келетінін ең алдымен өзіне дәлелдеуі керек болатын. Жұмысы қызу жүре бастаған тұстарда кейде қатты қобалжып, көңілін күдік жайлайды, мәселен, мына барқыт күртешенің бояуын тым қалыңдатып жіберген жоқ па? Немесе мына жалаңаш әйелді сүйкімді көрсетерлік нәзік реңктерді таба алды ма? Осы сұрақтарға — қазір осы жерде өліп кетсе де, тез жауап табуы керектігі есіне түскенде, әбігерленіп жүріп қағаз папкаға салып қойған Кристинаның бас бейнесі салынған суретті тауып алып, дереу салыстыра бастады.
— Әй, мынаны қара! — деп Дюбюш даусын көтерді. — Қай кезде сызып жүрсің?.. Мына қызың кім?
Бұл сұраққа әуелі сасыңқырап қалған Клод артынша ретін тауып кетті. Әдетте достарынан сыр жасырмаушы еді, бұл жолы, неге екенін өзі де білмейді, кешегі түнгі оқиғаларды қалайда құпияда ұстау керектігі жөніндегі ішкі беймағлұм ойдың жетегінде кетті, сондықтан ұят та болса өтірік айтуға бекінді.
— Сонымен, әлгі қызыңның жөнін айтшы, — деп архитектор тақымдап қояр емес.
— Ешкім емес, жай натурщица.
— Рас па? Тіпті жап-жас қыз екен. Өте сүйкімді... Онда маған сол қыздың адресін бере қойшы. Маған қажеті жоқ, қорықпа. Осында бір сәулетші Психеяның бейнесін іздеп жүр еді. Қыздың адресі сенде бар шығар?
Осыны айтып Дюбюш сұр қабырғаға қарай бұрылды — әдетте осында әр түрлі модельдердің адрестері бормен айқұш — ұйқыш жазулы тұрар еді. Көп әйелдер осы қабырғаға ирек-ирек қолтаңбаларын түсіріп, тұрақ жайларының адресін қалдырып кететін. Зоэ Пьедефер, Кампань-Премьер көшесі, 7, бұл қарны шыққан ұзын бойлы қара торы қыз қасындағы Лаваль көшесі, 32-үйде тұратын кішкентай Флора Бошан мен Роше көшесі, 69-үйде тұратын еврей Юдифь Вакездің аттарын сызып тастапты. Бәрі тәп-тәуір әйелдер, бірақ шеттерінен жүдеу екені белгілі.
— Сонымен, қыздың адресі қайда?
Клод күйіп кетті.
— Әй, кетші әрі! Мен оны қайдан білемін? Сен мені тойдырып біттің. Жұмыс істеп отырған адамға неге келіп тисесің?
Сандоз бұлардың осы әңгімесін манадан қызықтап тыңдап тұрған. Енді бұл Дюбюшке көзін қысып қойып, әдеттегі аңғарғыштығын танытып, Клодты ақырын айналдыра бастады.
— Онда кешіріп қойыңыз! Егер ол қызды өзіңіздің құзырыңызда қалдырғыңыз келсе, біздің тараптан түк қарсылық жоқ. Мархаба! Бірақ біздің тентек жігітіміз ондай сұлуды қайтіп қармағына түсіріп жүр екен, ә? Монмартр асханасында өтіп тұратын той-томалақта, өйтпесе Мобер алаңы маңындағы тротуарда көре қойды ма екен, ә?
Әбден қысыла бастаған суретші қорғанысқа көшті.
— Әй, ақымақсыңдар ғой! Есекке ұқсап есіней бересіңдер. Сандырақтарыңды тыңдап болдым. Жетер! — деді.
Клодтың даусы жарықшақтанып шыққанын естіген жолдастары бұдан соң жым болды. Жүйкесі жұқара бастаған суретшінің қолы дірілдеп жұмысына қайта кірісті — енді бұл картинасын аяусыз айғыздап, ортадағы жалаңаш әйелдің басын қайта сала бастағанда, ол бірте-бірте Кристинаға ұқсап шыға келді. Бұрын нобайы ғана түскен әйелдің кеудесін көрсете бастағанда, бір түрлі тосын құмарлық биледі... Клод осы бейнеге бәрін сыйғызуға тырысты... сұлу әйелдің бейкүнә ұстамдылығы мен осыншама ынтықтырған жалаңаш тәнге ессіз — есепсіз сүйсіну, соның ешқайсына қолы жетпеген, қанағат таппаған өкінішті сезім, бәрібір ыстық құшағына қысқысы келетін сұлу денені мүсіндеуге құлшынған құштарлық бар еді. Бұрындары сурет бейнелерін полотноға ықыласпен түсірген қыздардың талайын шеберханасынан қуып жіберетін. Рас, солардың біразын ойша аймалап, тіпті зорлап та жүретін. Бірақ солардың бет бейнелерін дәл өмірдегідей сызып түсіре алмағанына қатты қапаланып, кейде жыларман хәлді басынан кешірер еді.
— Шыдай тұрыңдар. Енді бір он минут... — деп қайталады Клод. — Иығын келтірейін, қалғанын ертең салармын. Сәлден соң ас ішуге аттанамыз. Жарай ма?
Сандоз бен Дюбюштің бұған көнуден басқа амалы қалмады, өйткені осыншама жанын қинаған Клодтың жұмысына бәрібір кедергі жасай алмайтындарын білетін. Дюбюш диванға барып отырып, шылым шегуге кірісті. Үшеуінің арасындағы жалғыз шылымшы өзі, ал қалғандарының ащы темекіні ауыздарына алса бастары айналып, құса бастайтын. Диванға шалқалап жатып алған Дюбюш енді аузы-мұрнынан түйдектетіп шығарған түтінге қарап отырып, көңілсіз ырғақпен көкіме әңгімесін ағыта жөнелді. Әй, мына құрмағыр Парижде бірдеңені іске асыру қиынның қиыны екен! Бұл бір жарым жылдан бері осындағы ең атақты архитектор, құрметті легион орденінің иесі, Академия мүшесі Декерсоньер деген кісіден дәріс алыпты. Мемлекеттік марапаттарын алып алған соң осы Декерсоньер мырза жеке ғимараттар салуға кіріспей ме? Сондағысы анау, Маторей әулиенің шіркеуі бірде бәлішке, бірде сопақша сағатқа ұқсайды — үздік шедеврінің сиқы сондай. Дюбюш мұғалімінің жалпы жаман кісі емес екенін мойындай отырып, оның классикалық дәстүрлерді айрықша сыйлайтын көзқарасына өзінің де қосылатынына қарамай, байғұсты сыртынан мазақтап бағады. Егер өзге шәкірттер болмағанда, Дю — Фур көшесіндегі шеберханадан бұл еш нәрсе үйренбек емес екен. Оның үстіне, ұстаздары аптасына үш рет қана төбесін көрсетіп, тайып отырса керек. Әуел баста Дюбюшті тәлкекке ұшыратып, ішкенің ірің, жегенің желім қылған сотқар шәкірттер бұған бірте-бірте бірдеңелер жасауды үйреткенге ұқсайды, солардың арқасында бұл ағаш қас екіні қалай қиюластыруды, сурет нобайын қалай сызып, өшіруді игере бастайды. Ал сол ұстазға тиесілі жиырма бес франк ақшаны мезгілінде төлеп тұру үшін Дюбюш тамақтан үнемдеп, күніне бір тілім нан жеп, бір кесе шоколад ішіп жүреді екен. Тәуекелге бел байлап, Академияға оқуға түсуден бұрын бұл қаншама шатпақ суреттер салып, қаншама мылжың кітаптарды оқымады дейсің. Осыншама еңбегіне қарамай, мұны әуелде құлатып жібере жаздапты. Шабытың келмесе, сөйтеді екенсің... Сынақ кезінде Дюбюш ауыр діңгектің суретін салып, содан соң жазғы асхананың жобасын сызып көрсетіп, әрең дегенде өзге талапкерлердің ең соңғы қатарына қосылған екен. Артынан ауызша сынақ кезінде алға түсіп кетіпті. Бұл қашаннан логарифмдер мен геометриялық есептерді шығаруға икемді болатын. Тарихтан да жылжып өтіп кетеді — ғылым жағына келгенде бұл ешкімнен қалыса қоймайтыны белгілі. Әзірше Академиядағы екінші дәрежелі оқушылар қатарында жүр екен. Ал бірақ қайткенде де, бар күшін жұмсап, бірінші дәрежелі диплом алуы керек. Итшілік өмір ғой. Бірақ келешектен үмітін үзбейді.
Дюбюш осыны айтып, аяғын жастықтың үстіне қойды да, шылымын ерекше құшырланып тарта түседі.
— Кілең кісінің басын қатыратын сабақтар: перспективалық курс, сызу геометриясының курсы, стереометрия курсы, құрылыс техникасының курсы және өнер тарихы! Қаншама қағазды бүлдіріп, көшірмелер жасауың керек. Архитектура бойынша тағы айлық курс бар. Біресе эскиз тапсыр, біресе жоба тапсыр! Сынақ тапсыра алмай, жаттығулар жазып жүргеніңде, көңіл көтеру деген жайына қалады екен. Әрі нан тауып жеуің керек. Мұндай өмірге қайтіп шыдарсың — бір күні тырайып жатасың ғой...
Диваннан жерге түскен жастықты аяғымен іліп алған Дюбюш әлі сайрап отыр.
— Қайта менің жолым болғыш екен. Қанша жолдастарым күнкөрістік жұмыс таба алмай, босқа сандалып жүр. Ал мен кеше ғана ірі тапсырыспен жұмыс істейтін тағы бір архитекторды қармағыма түсірдім. Өзі бірақ барып тұрған наданға ұқсайды. Тіпті қарапайым сызудың жөнін білмейтін сорлы екен. Соның шимай шатпақтарын түзегенім үшін ол неме маған сағатына жиырма бес су ақша төлейді. Әйткенмен, осының маған дер кезінде кездесе кеткені оңды болды, өйткені шешем тақырға отырып қалдық деп маған хат жазыпты. Әй, шешем — ай... сенің қарызыңнан қашан құтылар екенмін?!
Дюбюш шынында қайтсем тез байығанға саятық осы жолдағы өнімсіз әрекеттерін айтып, өзіне-өзі шағынып отыр еді. Сандоздың оны тыңдағысы келмеді. Қатты пысынағандықтан, аз-кем таза ауа жұту үшін ол терезенің бір көзін ашып тастап, мойнын сыртқа шығарып алды. Сөйтті де, Дюбюштің сөзін бөліп:
— Бейсенбі күні бізге түскі ас ішуге келгейсің. Біздің жігіттер, Фажероль, Магудо, Жори, Ганьер бар, түгел жиналамыз, — деді.
Әр бейсенбі сайын Сандоздың үйінде дос-жарандар бас қосып тұрады. Бұлар шетінен өнерге ғашық, әрқайсысы өз тарапынан өзгерістер жасауға дайын өркөкірек талапкерлер, бұрынғы Плассан колледжінде бірге оқығандар мен осы Парижде табысқан жаңа таныстар еді.
— Бұл бейсенбіде менің қолым тимейтін шығар, — деді Дюбюш.
— Қадірлі бір отбасында өткізілетін думанға қатысуым керек.
— Немене, қалың малы көп қалыңдықты қармағыңа түсірмек пе едің?
— Солай болғанның өзінде, оның не сөкеттігі бар? — Дюбюш темекі салған түтігін алақанына құрғылап, қарқ-қарқ күледі.
— Ойбай, ұмытып кете жаздаппын ғой... Мен Пуйодан хат алғанмын.
— Қойшы, әй? Оған не болды екен? Пуйодан бәрібір түк шықпайды — оның төбесі тесіліп қалған.
— Неге олай дейсің? Ол әкесінен қалған мұраға ие болып, тып — тыныш өмір сүре береді. Хаты да байсалды жазылған. Мен сендерге баяғыда-ақ айтпаушы ма едім: басқамызға қарағанда ақымақшылдықты көп жасайтын құрдасымыз түптің түбінде жақсы тұрмысқа қолын жеткізеді деп. Міне, қарашы енді... Пуйо, әй, ит-ай!
Сандоз бірдеңе айтуға оқтала беріп еді, манадан бері ешкімнің бар-жоғын ескермей, ентелеп жұмыс істеп тұрған Клод аяқ астынан шала бүлінбесі бар ма:
— Қап, сайтан алғыр... Бәрін бүлдірдім! Менің топастығымда шек жоқ. Қолымнан түк келмейді! — деп.
Осыны айтып, есінен адасқан адамдай жұдырығын түйіп алды да, картинаға қарай тұра ұмтылды. Егер қасындағы жолдастары ұстап қалмағанда, сол картинасын зақымдап тастауы әбден мүмкін еді. Мұндай да балалық болады екен-ау. Өстіп ашуға ерік беруі келіспейді — ақ. Өз туындысын бүгін біржола бүлдіріп тастаса, кейін оның өкініші тарқар ма? Әне, Клод қалшылдап, дірілдеп, бір ауыз сөз айтпай, көзі шатынап өзі салған суретке қарап тұрды — бүкіл бет әлпетінен өзінің дәрменсіздігіне налыған қасірет таңбасы көрінеді. Жоқ, мұның қолынан тірі бейне жасау келмейді екен: әйелдің кеудесі көріксіз, тартымсыз, әлгінде ғана жан — тәнін баурап тұрған аппақ дене біржола бүлініпті; ер кісінің орнын ауыстырмақ еді, онысынан да түк шықпапты! Бар шабытынан ажырағандай, бұған не көрініпті? Көзі бұлдырай бастады ма? Қолы неге икемге көнбейді? Әлде тұқым қуалап келе жатқан белгісіз аурудың бірі айналдырып жүр ме — онда сорының қайнағаны ғой. Сондай дерт белгі бермесе, творчестволық қабілеті жеткілікті — ақ секілді. Ал белгі бере бастаса, о баста не ойлап, не сызбақ екенін ұмытып, құты қашады. Өстіп аяқ астынан әдетіңнен жаңылып, бірақ бәрібір бірдеңе жасағың келіп, құлшынып тұрсаң, не істеуің керек? Творчестволық мақтаншылық кернеген көкірегің, биік атақ пен қызықты өмір алыстай бастағандай көрінсе, не істерсің?
— Шал, сен мені тыңдашы, — деді Сандоз. — Сені сірә кінәлау ойымда жоқ. Бірақ сағат жетіге барып қалды, ал біздің қарнымыздың шұрылдағаны қашан... Бізге де аздап жаның ашыса, тамақтанып алайық.
Клод палитрасының шетін сүртіп, жаңа бояу жақты да:
— Жоқ! — деп дүңк етті.
Бұдан кейін оншақты минут аралығында ешкім ештеңе айтқан жоқ. Клод қайтадан есі шығып, суретін салуға кірісті. Оның осы қайсарлығына таңырқаған жолдастары оған қайтіп көмектесудің ретін таппай қиналып тұрды.
Біреу есік қаққанда, архитектор барып ашты.
— Әй, бері қараңдар. Мальгра отағасының өзі ғой!
Бұл келген бетінен қаны тамған, былай қарағанда өзін көшедегі арбакешке ұқсатып жіберетін ескі жасыл сүрттік киген, ақ басты жуан саудагер еді.
— Мен жақын маңдағы жағалауда қыдырыстап жүргем, — деді жуан, — терезеден сендерді көріп, осылай қарай бұрылдым...
Отағасы осы арада мұның сәлеміне жауап бермей, картинасына шұқшиған Клодты байқап қалды да, тілін тістеп ала қойды. Бірақ суреттер сатып алумен шұғылданатын кәнігі Мальгра оңайлықпен саса қоймас еді. Бұл жолы да ол қанталаған көздерін әлі аяқталып бітпеген дүниеге қадап тұрып, түк қысылып-қымтырылмастан, әрі таңырқау, әрі мазақтау ретінде түсінуге болатын келте пікірін айтып салды.
— Мен білсем, мынауың... анау ғой! — деді. Өзгелері сыр беріп ештеңе айтпаған соң, Мальгра отағасы аяғын алшаң басып, шеберхана ішін аралай бастады, екі көзі — қабырғаға ілінген суреттерде. Сыртқы жүріс-тұрысы ебедейсіздеу саудагер бас пайдасын жақсы білетін қу еді әрі ол жақсы суреттерді иіскеп тани білетін талғампаз болатын. Орташаларға жоламайтын, қашанда әзір атағы шығып үлгірмеген, бірақ ерекше қабілеті бар жас суретшілерді төңіректеп жүреді. Мұның арақтан қызарып кеткен дәу мұрны әдетте ондай суретшілердің келешегін иіскеп біле қоятын. Бірақ Мальгра өзіне ұнаған суретті арзанға сатып алу үшін өтірікті судай сапырып, өлгенше саудаласар еді. Ол, әрине, сатып алған мүлкін тезірек өткізу үшін берісі жиырма, әрісі отыз пайыз үстеме баға қосып, қалтасын қампайтқанды қанағат ететін. Егер тезірек өтіп кететініне көзі жетпесе, ештемені күні бұрын сатып алмайды. Ал өзі өтірікті шындай, шынды құдай ұрғандай етіп айтуға әбден жаттыққан. Мысалы, дәл қазірде ол Клодтың академиялық дәстүрде салған — Бутен шеберханасынан шыққан мына бір этюдтеріне недәуір уақыт қызыға қарап тұрса да, сол этюдтердің өзіне ұнағанын білдірмеу үшін, әдейі үндемейді. Әзір ешкімге қажеті жоқ мынадай үлкен полотнолар салуға уақытын босқа ысырап етіп жүрген даңғой жігіттің өмір тану қабілеті қандай зор, талантты еді! Саудагерге суреттегі әйелдің тоқ балтырлары мен үлпілдеген іші өте қатты ұнады. Бірақ мұндай суреттерді өткізу қиын, сондықтан бұл Плассанның кішкене бір қалтарыс бұрышы бейнеленген кішкене нәзік суреттің эскизін іштей қалап тұрды. Осы эскизді байқамаған кісімсіп, қасына барды да, немқұрайды дауыспен:
— Мынауың немене? Оңтүстіктен салып келген бірдеңең бе? Әлі аяқтап бітірмегенсің бе?.. Айтпақшы, өткен жолы өзіңнен сатып алған әлгі екі сурет әлі өтетін емес, — деп түлкі бұлаңға сала бастады. — Сенсең де өзің біл, сенбесең де өзің біл, Лантье мырза, мұндай жұмыстарды сату өте қиын болып барады. Осындай суреттерге қоймамның толып кеткені сондайлық, тіпті бұрылатын жер қалмады. Өстіп жүріп өзімнің қалай тақырға отырмағаныма таңырқаймын кейде. Жындыханаға түспей тұрғанымда, соның бәрін сатып жібергім келеді... Дұрыс па? Бірақ амалым жоқ, өзің білесің, менің жүрегім қалтама қарағанда үлкендеу ғой, содан өзің секілді талантты жастарға көмектескім келеді де тұрады. Талант демекші... ол жағы мына сенде асып-төгіліп жатыр, бұл турасында мен байғұс жұртқа айтып-ақ жүрмін. Бірақ амал қанша? Қазір талант атаулыға елең ететін ешкім қалмады ғой! Елейтін де ешкім жоқ!
Өстіп қобалжулы көңілін жасыра алмай, шын жанашырдың рөлін жақсы ойнап шыққан саудагер бір кезде:
— Бірақ мен бұл жерден құр қол шықпауым керек қой. Мына бір нобайыңа қанша сұрайсың? — деп сұрады.
Шамына тиетін сөздерге әзер шыдап, жұмысынан бас көтермеген Клод сұраушыға мойнын бұрмастан, қатқыл дауыспен жауап берген.
— Жиырма франк.
— Жиырма франк?! Өзіңнің есің дұрыс па? Бұрын бір суретіңді он франкке сатып жүр едің ғой. Ал қазір менің оған жағдайым көтермейді. Он франк... бір тиын да артығы жоқ!
Бұрындары Клод бұнымен көп саудаласып жатпайтын әрі саудаласуды өзіне ар санайтын. Шынында бірдеңесін сатып, күнелтуі де керек қой... Бірақ бүгін аяқ астынан қырсығып, аларманның жағасына жармаса кетсін. Аларман да қарап қалған жоқ: суретшінің көзіне "сен", "сен" деп шұқылап, жақсылықты білмейтін дарынсыз жағымпаз деп сөкті. Қыза-қыза келгенде ол қалтасынан ұсақ теңгелерді шығарып, құдды дискі лақтырушыдай алыстан үстел үстіне қарай ызғыта берген. Теңгелер сыңғырлап тәрелкелердің ішіне барып түсті.
Мальгра отағасы дауыстап санай бастады.
— Біреу, екеу, үшеу... Бұдан артық беретін көк тиыным жоқ. Әй, естідің бе? Онсыз да артық төлеп тұрмын. Міне, әрқайсысы бес франктік үш теңгені ала ғой... Біреуі артық, кейін қайтара жатарсың... тағы сауда жасағанда, ұстап қалармын. Сонымен, он бес франк! Бүгін менімен осылай дөкір сөйлескеніңе әлі-ақ өкінерсің, достым!
Саудагермен айтысудан шаршаған Клод енді оның қабырғада ілулі тұрған суретті алуына кедергі жасамады. Бір сәттің ішінде кіп-кішкене әдемі суретті Мальгра отағасының жасыл сүртігін сиқыршының шапанындай жұтып қойды. Жасырын қалтасының түбіне сүңгітіп жіберді ме, қайырма жағасының астына жытырды ма — оны қапелімде байқай алмай қалды.Шаруасын бітірген Мальгра отағасының көңілі жайланып, кетуге айналды да, есік алдына барғанда артына қарай бұрылып:
— Лантье мырза, маған теңіз шаянының суреті керек еді, — деп енді нағыз достық пейілмен өтініш білдірді. — Мені әлгінде жақсылап шығынға ұшыраттың, соның есесіне кішкентай қызметіңді аямассың, солай ма? Мен саған бір теңіз шаянын әкелейін, сен соның натюрмортын салып бер. Артынан шаян етін жолдастарыңмен бөліп жерсіңдер... Жарай ма? Қол алысайық па?
Мұны естігенде, манадан бері бұл екеуінің қызу саудасын тегін қызықтаған Сандоз бен Дюбюш іштерін басып, ішектері түйілгенше күлсін кеп. Бұлардың күлкісіне саудагер де ілесті. Әй, мына есалаң суретшілер бұл күйінше түк табыс таппай, түбі аштан өлетін шығар. Егер Мальгра отағасы көңілі түскенде анда-санда бұларға қойдың піскен сирағын, әйтпесе жалғыз көзді камбала балықты, әйтпесе жалбыз иісі аңқыған теңіз шаянын әкеліп жегізіп тұрмаса, бұлардың күні не болар еді?
— Келістік пе, Лантье? Мен шаян суретін алатын болдым ғой? Рахмет, рахмет.
Саудагер осыны айтып, тағы да үлкен полотноға сүйсіне, сынай көз тастап тұрып, сол арада ішінен: "Иә, бұл.. дүние!" деп пікір түйіп кетті.
Клод қайтадан қолына бояу жаққышын ұстап, палитрасына кіріспек болып еді, бірақ аяғы дірілдеп, бүкіл денесі ауыр тартып, құты қаша бастағанын сезді. Саудагердің әлгі шаң-шұң айтысынан кейін өлі тыныштық орнаған. Аяғының дірілін баса алмаған суретшінің көзі де еш нәрсені анық ажыратудан қалғандай, бұлдыр тартқан туындысына қарап тұрып:
— Әрі қарай жұмыс істеу мүмкін емес... Жаңағы доңыз мені тұралатып кетті! — деп қайталай береді.
Көкек сағат жеті мәрте шақырды. Бірер түйір қатқан наннан басқа нәр татпаған суретшіміз сегіз сағат бойы безгегі ұстаған адамдай қалшылдап — дірілдеп, жұмыс істеумен болды. Күн батып, көңілсіз шеберхана ішін көлеңке басты. Кеш түскенін аңғарған Клод бүгінгі бар жұмысының сәтсіздігіне іштей кейіп, батқан күн енді қайтіп мына қабырғаларға жарығын түсірмей, бар ғұмырын қуанышқа толы құбылым бояуларымен қоса біржола ала кететіндей көрген.
Оған бауырындай жаны ашып тұрған Сандоз:
— Әй, кетейікші! Кетейік, шал? — деп жалына бастады. Оның сөзін Дюбюш қостап:
— Қалай шыққанын ертең байқарсың. Ac ішуге кешіктік қой, — деп тыпыршыған.
Қыңыр тартқан Клод достарының айтқанын естігісі келмей, жер табандап тұрып алды. Бірақ талған саусақтарының қылқалам ұстауға шамасы келмесе, не істейді? Біраз сұрақтарға жауап беруге өзінің де сауаты жетпес еді, бірақ мұның білетін бір нәрсесі бар: ештеңе қолынан келе қоймаса да, творчестволық құштарлығы асып-төгіліп, кейде осылай жындандырып жібере жаздайтыны рас. Бұндай әрекетте түк мағына жоқ шығар, бәрібір алған бетінен қайтатын ниеті жоқ. Ақыр соңында бір шешімге келген болуы керек: аяқ астынан тұла бойы қалшылдап, дірілдеп кеткен суретшіміз жүзі жалтыраған жалпақ пышақты қолына алып, суреттегі әйелдің басы мен кеудесін қырнап, өшіруге кірісті. Мұнысы кісі өлтірген әрекетке ұқсады: сәлден кейін кенеп бетінде алабажақ лас бояулар ғана қалды. Барқыт күртеше киген еркектің қасында, алыстан жарқырап көрінген жасыл шалғынның үстінде күліп ойнаған кішкене қыз балалардың бер жағында бұдан кейін жалаңаш әйелдің әдемі бейнесі емес, бассыз, кеудесіз мәйіті қалды. Өстіп кенеп бетінде кескінделген арман — үміт бұлбұл ұшып алыстап кете барды.
Әбден шыдамдары таусылған Сандоз бен Дюбюш бұл кезде ағаш баспалдақты дүрсілдетіп, төмен түсіп бара жатқан еді.
Клод достарының артынан ұмтылды. Соңындағы әбден бүлініп, мүкәмбарасы шыққан өз туындысынан қаша жөнелсе де, жаралы жанды жалғыз тастап кеткендей, — бір аяушылық сезімнен іштей жапа шеккен.
III
Келесі аптаның басы сәтсіздіктерге толы болды. Клодтың тұла бойын әдеттегідей — менің қолымнан сурет салу келе ме, келмей ме дегенге саятын күдік жайлап алды. Мұндай жағдайда ол айырылысып кетуге шамасы жетпей, бірақ мұның өзіне опасыздық жасаған ойнас қатынын сыртынан балағаттайтын біреуге ұқсар еді. Осылай үш күнге созылған жапа жалғыз жан қинаудан кейін бейсенбі күні таңертең шеберханасын тастап шыққан. Енді қайтып қолына қыл қалам ұстамауға ант етіп барады. Осындай ауруы ұстаған кездерде бұл достарымен емін-еркін сөйлесіп, айтыса бастаса, әйтпесе Париж көшелерін ұзақ аралап, қапырық күнде әбігерге түскен қала тіршілігін көріп шаршағанда ғана қайғысын ұмытып, сергіп қалар еді.
Осындай бейсенбі күндері Сандоздың үйіндегі дастарқан басына ескі достары жиналып, түскі астарын ажырататын. Бірақ оған дейін уақытты қалай өткізу керек? Осындайда жалғыздығы ойына түскен Клод қатты қиналар еді. Егер досы жұмысында отырмаса, бұл заматында соның үйіне жетіп бармас па? Дюбюшті ойына алса, тағы кібіртіктей береді, өйткені соңғы уақыттарда бұлардың достық қарым-қатынастарына жарықшақ түсе бастаған. Бұрындары араларын жалғаған бауырластық сезім көмескі тартқан. Дюбюштің қабілетінің аздығы, оның есесіне жерлесінің өзге мақсаттарға қарай беті ауып, достықтан ажырататын ішкі ниеті белгілі болып қалды. Бәрібір қайда бармақшы? Содан ақыры Жакоб көшесіне қарай бұрылды. Сол жақта бір зор ғимараттың алтыншы қабатындағы суық бөлмені жалдаған архитектор досы тұрып жатушы еді.
Клод екінші қабатқа көтеріле бергенде, есікші әйелдің Дюбюш мырзаның бөлмесінде жоқ екендігін, оның тіпті бүгін үйінде қонбағанын хабарлаған жағымсыз айқайын естіді. Дюбюштің мұндай түнгі кезбелігіне таңырқаған Клод ақырындап төмен түсе бастады. Бүгін әйтеуір жолы болар емес. Содан біраз уақыт көшеде босқа сенделіп жүрді де қойды. Сенаның жағалауында тұрып, енді қайда барарын білмей кідіріп қалғанда, оның ойына Дюбюштің кейде Декерсоньердің шеберханасына түнеп шығатыны туралы айтқан әңгімесі түсті — көркемсурет Академиясына жобаларын тапсырар алдында сөйтеді екен. Әдетте студенттер осындай аз уақыт қалғанда жандарын салып, сабақтағы олқылықтарының орнын толтырмақ болатын. Клод енді Декерсоньердің шеберханасы орналасқан Дю — Фур көшесіне келіп түсті. Бұған шейін өзіне ұқсаған мақауларды мазаққа ұшырататын жерге барудан қашып жүруші еді, бірақ бұл жолы жалғыздыққа шыдай алмай, әйтеуір мұның ішкі сырын тыңдайтын ескі жолдасына жеткісі келді.
Шеберхана Дю-Фур көшесінің енсіз қалтарыстарының біріндегі қабырғасы сетінеген ескі үйлердің артында еді. Оған жету үшін сасық иісі аңқыған екі ауладан өтіп, ауыл шаруашылық құрал — саймандарын сақтайтын қыңырайған құрылысқа ұқсайтын ескі сарай тұрған үшінші аулаға баруың керек екен. Тақтай, тақталардан құрастырылып, балшықпен сыланған бұл ғимарат сымақтың бұрынғы иесі әр түрлі заттарды буып-түйетін біреу болса керек. Сыртынан қарап ештеңені ажыратып білу мүмкін емес — бормен боялған үлкен терезеден әктелген төбенің бір шеті ғана көрінеді.
Есікті ашып ішке кірген Клод босағада қалшиып тұрып қалды. Айлапат кең бөлменің ортасында, терезелерге қарама-қарсы орналасқан ұзынша жалпақ төрт үстелдің екі жағында өздерінің барша құрал-жабдықтарымен: ылғалды сорғыштарымен, бояу араластырғыш тостағандарымен, су құйылған банкілермен, темір шырағдандармен, жұмыс киімдерін, ашалы аспаптарын, бояуларын салатын ағаш жәшіктермен қаруланған студенттер отыр еді. Бұрышта былтырғыдан ұмыт қалған шірік пеш тұр, қасында жинаусыз күл-қоқыс шашылып жатыр, анадайда үлкен мырыш жуынғыш пен екі-үш сүлгі көрінеді. Осынау ыпыны кеткен ғимараттың жалпақ қабырғаларының өне бойында неше түрлі үлгілер мен жобаларға толы ұзын сөрелер ілініпті. Сөрелердің астында қаптаған сызғыштар мен бұрыштамалар, олардан төменіректе белінен буып байлап тастаған сызба тақтайлар бейберекет үйіліп жатыр. Ал қабырғадағы бос жердің бәрін ашық қалған кітап беттеріндегі шимайларға ұқсаған суреттер мен қолтаңбалар айғыздаған. Мұнда бәрі бар: жолдастардың бір-бірін мазақтап салған карикатуралары дейсіз бе, ұятсыз суреттер дейсіз бе, әлгі жандармдардың бетін қызартуы мүмкін тұрпайы жазбалар, қанатты сөздер, қилы формулалар, әркімнің адрестері — әйтеуір толып жатыр. Осының бәрінің үстінде, ең көрнекті жерге ірі әріптермен қысқа қайырымды: "Жетінші маусым күні Горжю мырза менің Римге түкіргенім бар ма? — деді. Годемар" деген сөздер жазылып, қол қойылыпты.
Бұлар суретшің бұл келісін жабайы аңдардың ырылына ұқсайтын жағымсыз дыбыспен жақтырмай қарсы алды. Бірақ Клодты таң қалдырғаны студенттердің сүйкімсіз мінездері емес, олардың түнімен көз шырымын алмай өлермендікпен жұмыс істегеннен кейінгі шеберхананың қазіргі сықпыты еді. Кешкілікте осында оқитын алпыс студенттің бәрі шеберханаға келіп қамалып жатады. Өз жұмыстарын тәмамдап қойған озаттары мұндайда артта қалған әріптестеріне көмек көрсетіп, олардың бір аптада бітіре алмайтын жобаларын бір түннің ішінде аяқтап шығуларына "зәңгілер" қол ұшын береді. Түн ортасында шұжыққа қосып, шарап ішеді. Сағат бірден асқанда жақын маңдағы жезөкшелер үйінен үш жезөкше қызды шақырып алып, темекі түтіні сасыған шеберхананың ішінде ежелгі Рим дәстүрлерін еске түсіретіндей ойнаққа кіріскен. Еденде әр түрлі қоқыс қағаздар, қираған бөтелкелер шашылып жатыр. Тақтай бетінде лас сулар көлкиді. Арзан шараптар мен шұжықтардың иісі әйелдердің үстіне шашқан мускус иісіне қосылып, бұны еріп таусылған шырақ майлары үстемелеп, ауа мүңкіп тұр еді.
Әлгіндей ырылдың аяғы дөрекі айқайға ұласты. Әлдебіреуі:
— Әй, бұл қайсың?! Кет әрі, шық! Бұл неғып жүрген тұлып? Саған не керек өзі, мұрныңды бұзайық па? Қане, шық! — деп әкіреңдеді.
Осындай айқайдың астында қалған Клод әуелі әжептәуір сасып қалды. Мұны боқтап — бұралау әзір тоқтар емес. Бұл шеберханада тіпті тәрбиелі шәкірттер арасында боғауызды қардай борату жақсы дәстүрге саналар еді. Аздан кейін есін жиған Клод енді олардың өздерін боқтықтың астына көміп тастады. Клодты таныған Дюбюш беті қып-қызыл болып, мұндай тұрпайылыққа төзбейтін жолдасының қасына жетіп келді. Артынан көп шуылдақтың мазақтаған дауыстары естіліп жатты.
— Мұнда неғып жүрсің? — деп міңгірледі Дюбюш. — Мен саған алдын ала ескерткен жоқ па едім? Аулаға шығып, мені күте тұр.
Клод кейін қарай тез шегініп кетпегенде, сақалды екі дәу бар пәрмендерімен есікке қарай итере жөнелген қол арбамен соқтығысып қалар еді. Бұл қол арбаның қызық, шыжықтары көп. Сырт жақта табыс тауып жүріп, сабағынан қалып қойған студенттер жатар алдында: "Енді қол арбаның табанына түсетін болдым!" деп мақалдар еді. Мұндайда өзгелері қарқылдап күліп, мәз-мейрам болатын. Сағат тоғызға таяп қалған екен, енді бұлардың тездетіп Академияға жетуі керек-ті. Абыр-сабыр басталып, шеберхана ішін желдетіп кеткендей болды: әркім өзінің тақтайын сүйрелеп, бір — бірін итермелей бастады, жұмысын аяқтап үлгірмегенде де жалпы дүрмекке ілескен. Бес минуттің ішінде сызбалардың бәрі әлгі қол арбаға тиеліп, атша жегілген сақалды екі дәу оны сүйрелей жөнелгенде, қалғандары "шу-шулеп", арбаның артынан итере бастады. Бұдан әрі уылдап — шуылдаған осы топ көшеге шығып, тоғанды бұзып аққан топан судай қаптап, ауладан аулаға қарай зымырап кеп берсін. Дюбюш осылардың соңында. Есінен танған Клод та осылардың қатарында жүгіріп барады. Ал Дюбюш болса, енді бір ширек сағат жұмыс істегенде, өңдеу жағын қатырып жіберетін едім деген өкінішін айтып, қақсап келеді.
— Сонда не істемексің?
— Күні бойы жұмыс табылатын шығар.
Мұның бүгін қолы босамасын білген Клод уайымдай бастады:
— Онда саған кедергі жасамайын. Кешқұрым Сандозға келемісің?
— Иә, барғым бар... егер басқа бір жерде бөгеліп қалмасам.
Екеуі де ентігіп, шаршап қалған еді. Өзгелері олай еме,қарқындарын тежеместен, сол улап-шулаған беттерімен кілт бұрылып алып, ілгері тартып барады. Олар Дю-Фур көшесін кесіп өтіп, Гозлен алаңынан бір-ақ шықты, содан кейін Эшоде көшесіне қарай ұмтылды. Алдарында жолдың кедір-бұдырын елемей желдей ескен қол арба, селкілдеген қол арбаның іші толып сығылысқан, соғылысқан сызба тақталар. Арттарында көше бойында жүргендердің зәресін ұшырып, үйлерге қарай қашуға мәжбүр еткен студенттер дүрмегі. Дүкеншілер есіктерін ашып тастап, немене, кезекті бір революция басталып кетпеді ме деген қауіппен бұларға үрейлене қарайды. Бүткіл махалланың мазасы кеткенге ұқсайды. Жакоб көшесіне жеткенде студенттердің айқай-шуының күшейгені соншалық, сасқалақтаған тұрғындар есік, терезелерін жауып, қақпаларын бекіте бастады. Ал Бонапарт көшесінде ұзын бойлы ақсары студенттің бірі әншейін қалжың үшін тротуарда күйбеңдеп жүрген кішкентай қызметші әйелдің қолтығынан сүйрей жөнелгенде, байғұсты топан суға түскен қамыстай қаңғалақтап әкетті.
— Жарайды, қош бол, — деді Клод ақыр соңында, — кешке шейін!
— Иә, кешке шейін!
Содан Өнер көшесінің қиылысына келгенде ғана Клод демін алып, есін жиды. Осы тұстан Академияның ашық тұрған зор қақпасы да көрінеді екен, көп ұзамай сол қақпадан студенттер лақ етіп кіріп бара жатты.
Ентігі басылған суретшіміз Сена жағалауына қайтып оралды. Бүгін бәрібір жолы болмады. Енді қай жолдасын істеп жатқан шұғыл жұмыстарынан ажыратып әкетерін білмегендіктен, біржола күдерін үзе бастаған. Содан қай бағытқа барарын болжамай, Пантеон алаңына қарай ақырындап көтеріле берген. Кенет осы қалалық басқармаға соғып, сондағы Сандозбен бір-екі ауыз тілдессем қайтеді деген ой келе қалсын. Бірақ қалалық басқарма қызметшісі Сандоздың әлдекімнің жаназасына қатысу үшін жұмыстан сұранып кеткенін айтқанда, мұның іші қыз — қыз қайнады. Клод досының үйде оңаша отырып жұмыс істегісі келгенде үнемі өстіп сылтау іздеп табатынын баяғыдан жақсы білуші еді. Сол себепті Сандоздың соңынан бармақшы болды да, артынша бұл ойынан айныды — өзі секілді адал суреткердің жұмысын тоқтатып қойып, бұнсыз да басы қатып жүрген жолдасына өзінің күрсіністерін айтып, уақытын алуға ар-ұяты жібермеді.
Ендеше көнбістіктен басқа амалы жоқ еді. Бәрібір творчестволық дәрменсіздігі есіне түссе, құлағы шыңылдап қоя береді. Осындай қайғы — қапада келе жатқан оған Сена өзенінің үстін тұман басып кеткендей көрінеді. Осылай бет алды лаққан Клод Фам – сан — Тет көшесіне қалай түсіп кеткенін білген жоқ: осы жерде, Гомардың қасында, "Моктаржи иті" деген жарнамасы ілінген шарап сатылатын жерасты қоймасына барып, ас ішкен. Үсті-бастары, жұмыс киімдері ластанған қайдағы бір тас қалаушылардың қасында отырып, бағасы сегіз су тұратын арзан тағамдарды алдырған, олары: ішіне нан туралған бір тостақ сорпа, бұршақ араласқан бір тістем ет, мұнысын тағы жуып, сүртілмеген кір тәрелкеге салып әкелді. Бірақ қолынан түк келмейтін өзіне ұқсаған топастар үшін бұл тым тәуір ас қой деп іштей түйіп қойды. Өзінің салған суреттеріне көңілі толмаған кездерде Клод өстіп өзін-өзі аямай, күнкөріс қамымен күнделікті жұмыстарын адал атқаратын өзге жабайы кәсіпқорларды жоғары қоятын. Дастарқан басында бір сағатқа жуық уақытын өткізіп, қасындағылардың бөстекі әңгімелерін тыңдаудан жалыққан соң, тағы да сыртқа шығып, бетінің ауған жағына қарай кете барған.
Содан Ратуша алаңына жеткенде, Клодтың есіне Фажероль түсе қалсын. Неге соған барып жолықпасқа? Академияда оқығанмен, осы Фажероль ақкөңіл, есті, жақсы жігіт емес пе? Бүгінгі сурет өнерін қызу қорғауға тура келер, бірақ онымен сөйлесуге болады. Егер ол бұрынғыша Вьей-дю-Тампль көшесінде тұратын әкесінің үйінде азанғы асын ішіп отырса, кездесуге үлгіретіні анық.
Аяғын асыға басқан Клод тар көшеге келіп түскенде, алдынан таза сергек ауа соқты. Күн қызып, тас көшеден ыстық бу көтерілді. Аспан ашық кездің өзінде әрлі-берлі өтіп жатқан жүргіншілер табанының астында жабысқақ лас бүркеме қалар еді. Тротуарға кісі толып кеткендіктен, әр түрлі арбалар мен күймелері жүйткіген тас көшеге қарай бұрылуға тура келді — мұнда өмірің мен денсаулығыңа қауіп төніп тұрса да, басқа амалың жоқ. Қасбеттері жалпақ жатаған үйлерінің төбесіне шейін жарнамалар ілінген, кішкене терезелерден іште жұмыс істейтін әр түрлі кәсіпқойлар мен қолөнершілердің айқай-шуы естіліп тұратын осындай көшелерді Клод қашаннан ұнататын. Қазір де тар бұрылыстардың бірінде, шаштараз бен шұжық сатушы дүкеннің аралығына қыстырылған кітап дүкенінің шыны көрмесі бірден мұның назарын аударған еді. Көрмеде түкке аспайтын қарадүрсін, топас, әлде нені армандайтын, беті сұп-сұр, бойы серейген біреу тұр екен. Соны қызықтаған екі қыздың жырқылдап күліп, Клодтың ит жынын қоздырғаны соншалық, соларды шапалақпен тартып жібергісі келіп кетті. Бірақ лажы жоқ, көшені қиып өтіп, Фажероль тұратын жаққа қарай бұрылды. Бұл өзге ғимараттар қатарынан көшеге жақын орналасқан, сол себепті қабырғаларына кір-қоқыс көбірек шашылған көне қоңыр үй екен. Осы жерде қасынан үлкен күйме зулап өте шыққанда, Клод тротуарға қарай әзер жалтарып үлгірді, бірақ бәрібір доңғалақтардан ұшқан шаң мұны тізесіне шейін былғап кетті.
Фажероль отағасы мыстан жасалған қолөнер бұйымдарын шығаратын белгілі фабрикант еді. Ғимараттың бірінші қабатына шеберханалар орналасса, екінші қабатта дүкен бар; осы дүкеннің терезелері көше бетке қараған екі үлкен бөлмесінде әр түрлі қол өнер бұйымдарының көрмесі жалғасқан. Қожайынның өзі болса терезелері аулаға қараған, қараңғы қапас жайды мекен етеді. Осындай ортада оның ұлы Анри өсіп-өнген: Париждің тас көшелерінің түлегі, доңғалақтар таптаған тар да лас тротуарларда, кітап дүкендері мен шұжық ханалар, шаштараздар арасында жүріп ер жеткен. Әкесі ұлын өз өндірісінің қамын ойлап, үлгілерді сызатын суретшілікке тәрбиелемекші болған екен. Бірақ баласы биік мақсаттарды қуып, сурет өнерімен шыңдап айналыса бастағанда, одан кейін Академияға түспек ойы барын білдіргенде, шатақ шығады да, баласы шапалақ жейді, ұрыс-керіс үдеп, арты татуласуға ұласады. Тіпті қазірдің өзінде, Анридің біраз табыстарға қолы жеткен кезде, фабрикант әкесі өмірін қор қылған ақылсыз ұлына қатты кейіп, күйіп-пісіп жүрер еді.
Клод үсті-басын қағынып, биік күмбезді қақпа арқылы аулаға қарай өтті. Ауланың іші көгілжім күңгірт тартып, ауадан құдықтың түбіндегідей ылғалды иіс шығады. Үйге көне тотыққан темір қанатты бастырманың астындағы сыртқары жалпақ баспалдақтар апарады екен. Осы баспалдақпен екінші қабатқа көтерілген Клод дүкеннің тұсынан өтіп бара жатып терезенің ар жағынан әр түрлі үлгілерді қарап отырған Фажероль мырзаны көрді. Мыстан жасалған бұйымдарды қолаға ұқсатып боямалап қоятын осы алдамшы, ұсқынсыз әрекеттер өзінің ерекше талғамына татымаса да, кішіпейілдіктен аттап өте алмаған Клод ішке кіріп:
— Сәлематсыз ба, мырза? — деп сәлем берді. — Анри әзір ешқайда кеткен жоқ па?
Өні сынық жуан фабрикант әрқилы қолөнер бұйымдарының, құмыралар мен статуэткалардың ортасында, жеңіл шыны түтікті мұрнына қыстырған мейрампаз әйел бейнесіндегі қызу өлшегіштің жаңа үлгісін қолына ұстаған қалпында қалшиып тұр еді.
— Анри бүгін ас ішуге келген жоқ, — деп әкесі салқын жауап берді.
Мұның жауабы жас жігіттің шамына тиді.
— Келген жоқ па? Онда кешіріңіз. Қош болыңыз, мырза!
— Қош бол.
Көшеге шыққан соң Клод тісінің арасынан сыздықтатып боқтап жіберді. Бүгін әйтеуір жолы болмай-ақ қойды. Тіпті Фажероль де құйрығынан ұстатар емес. Мына алабажақ бояуларға толы ескі көшенің өзін дәйім жақын тартып тұратынын мойындағанда, ашуға булықты, әлгі бір романтикалық жылауық сезімдерге бой алдыратын әлсіздіктен арыла алмағандықтан да өстіп соры қайнап, адасып жүрген жоқ па? Жағалауға қайтып барғанда соңғы кездерде шимайлап салып жүрген әлгі картинасы шынымен-ақ түкке алғысыз ба екен деген ой түртіп, шеберханаға соғып, осыны білгісі келетінін аңғарды. Осындай ойынан алдымен өзі шоши бастаған. Сол шеберханасы қазір құбыжық мекенге ұқсайды, сонда бір қимас адамының мәйітін қалдырып кеткендей, жүрегі дауалайтын емес. Бәріне шыдар — ақ, бірақ баспалдақпен жоғары көтеріліп, шеберхананың есігін ашу, содан кейін әлгі суретпен жападан жалғыз қалу үшін де — өжеттік керек шығар. Осындай ой жетегінде келе жатып, Сенадан өтті де, әулие Иаков көшесіне қарай бұрылды. Әй, не болса ол болсын: мынадай қайғы — қапаға түскенше, Анфер жақта тұратын досы Сандозға бармас па?!
Ал Сандоз бесінші қабаттағы асханасы, жатын бөлмесі, қуықтай қазандығы бар шағын пәтерді жалдап тұрады екен. Сал ауруына шалдыққан, төсектен басын көтере алмайтын мүгедек шешесінің оңаша бөлмесі де Сандоздың пәтерімен есіктес подъезде болып шықты. Терезеден сыртқа көз тастасаңыз, қаңыраған бос көше мен мылқаулар үйінің алдындағы биік бәйтеректері бой түзеген қалың бауды, оның ту сыртынан төнген әулие Иаков ғибадатханасының төрт бұрышты мұнарасын көрер едіңіз.
Клод кіріп келгенде, Сандоз жазу үстелінің үстінде шұқшиып, қағазға бірдемелер жазып, қиялдап отыр екен.
— Кедергі жасадым ба? — деп сұрады суретші.
— Жоғ-ә. Таңертеңнен бері басымды көтергенім жоқ. Осы да жетер... — деп жазушы бір ауық бойын жазды. — Мына қарашы, бір сағаттан бері бір сөйлемді дұрыстап құрастыра алмай, әбден басым қатты... тіпті ас ішіп отырғанда да осы оңбаған тіркес тәбетімді бұзып, мазамды кетіріп бітті!
Мұны естіген Клод бар үмітін үзгендей, қолын сілтеді. Мұны көрген Сандоз да бәрін түсіне қойды.
— Ә, сенің де қаламың жүрмей тұр ма? Онда сыртқа шығып, серуендеп қайтқан дұрыс.
Сонда сергіп қалармыз, бәлкім. Солай ма?
Екеуі кетуге айналғанда, қазандық жақтан бір кемпір шықты. Бұл кісі күнделікті таңертең екі сағат, кешқұрым екі сағат уақыт Сандоздың үй шаруасына көмектесуге келер еді. Тек бейсенбі күндері ғана мұның ас-ауқатын дайындап беруге қалатын.
— Немене, ас ішпейтін бе едіңдер? — деп сұрады кейуана. — Қуырған балық пен қой етін қосып тураған картопты әкеле берейін бе?
— Мейліңіз.
— Қанша адамға дастарқан дайындайын?
— Ол жағын біле алмадым... Әзірше бес адамға арнап ыдыстарыңызды қоя берсеңізші, қалғанын көре жатармыз. Сағат жетіге дейін үлгіресіз ғой? Біз әзірше қыдырып қайтайық.
Екеуі есік алдындағы алаңқайға шыққанда, Сандоз шешесінің үйіне қарай кіріп кетті. Клод күтіп тұрды. Бір кезде өңі кіріп, көңілденген Сандоз қайтып шықты — шешесімен кездескен сайын ол өстіп ажарланып кетер еді. Содан екеуі үн-түнсіз төмен қарай түсіп, көшеге шыққан соң, мұрындарын желге тосып, оңды-солды қарап тұрысты да, Обсерватория алаңына қарай аяңдап жүріп отырып, Монпарнас бульварына келіп аялдады. Бұлардың үйреншікті сейіл — серуені осылай басталатын. Қай бағытпен қыдырыстаса да, ақыр соңында айналмалы кең бульварлардан бір — ақ шығатын, өйткені мұнда кешке шейін емін-еркін ілби беруге болады. Әуелі өз қам-қарекеттері еңселерін көтертпеген екеуі бірте-бірте сабаларына түсіп, бір-бірін жақын тарта бастағандай еді. Батыс вокзалының қасынан өтіп бара жатқан тұста:
— Магудоға соқсақ қайтеді? — деп Сандоз ұсыныс айтты. — Ол не істеп жатыр екен? Әлгі әулиелерімен арақатынасын түзеді ме екен?
— Дұрыс — ақ! — деп Клод оны қостай кетті. — Магудоға барамыз...
Сөйтіп енді екеуі Шерш — Мида көшесіне қарай бұрылды.
Мүсінші Магудо болса, бар тапқанынан айырылып, бейшара халге түскен көкөніс сатушы әйелдің үйшігін жалдап алып, бульвардан таяқ тастақ жерде тұрып жататын. Ол үйшіктің терезесін әктеп тастаған екен. Жүргіншілері сирек кен, көшеде ерекше қамсыздық пен бейбіт ғибадатшылдық рухы сезілер еді. Ашық тұрған дарбазалардың ар жағынан ішкі аулалардың қуыс — қуыстары анық көрінеді. Сиыр қоралардың төсеніштерінен жып-жылы тезек иісі шығады... Бір жағында монастырдың биік қабырғасы ұзыннан ұзақ созылып жатыр. Осы жерде, монастырь мен дәрі шөптер сататын дүкеннің арасында, шеберханаға айналған бұрынғы үйшік әрең қыстырылып тұр. Маңайшасына "Жемістер мен көкөністер" деп ірі әріптермен жазылған сап-сары жарнама ілінген.
Тротуар бойында жіп тартып қарғып ойнап жүрген кішкене қыздар қағып кете берген соң, әрі әр жерге ағаш орындықтар қойып үй ішімен демалып отырған адамдардың ортасымен өту қиын болғандықтан, Клод пен Сандоз даңғыл көшеге келіп түсті. Шеберханаға жақындаған тұста дәрі шөптер сататын үйшіктің алдында кідіріс жасаған. Асқазан тазалағыш түтіктер, бандаж белдіктер, өзге де қолданыстағы интимдік нәзік заттар қойылған екі көрме әйнектер арасындағы төбесінен қураған қош иісті шөптер салбыраған есіктің кіре берісінде өткен-кеткенге көзін сатып сорайған арық қара қыз тұрды. Оның артында өкпесі түсіп қайта-қайта жөтелген әлдекімнің сұлбасы қарауытады. Бір-бірін шынтақпен түрткілеген жолдастар әлгілерге мысқылдай күле қарап, алдарындағы есіктің тұтқасын тартып, Магудоның шеберханасына қарай өтіп кетті.
Үлкен ғимараттың дәл ортасында жартасқа сүйенген вакханканың — бейбастақ жалаңаш әйелдің қыштан құйылған зор денесі көрінеді. Әлі де қалыбына түспеген, биік кеудесі мен ұзын сандары ғана серейген бұттарға ұқсайтын осы алып денені бекіту үшін қойылған қырлы ұстындар ауыр салмақтан майысып, иіле бастапты. Айнала шалшық су ағып жатыр. Еденде ішіне су құйған кеспек тұр. Бір бұрышта шашылған балшық — батпақ, ал бұрынғы дүкеншіден қалған сөрелерге шаң басқан көне замандағы жапсырма үлгілері қойылған. Қабырғаларды кір жуғыш бөлмелердегі ескілді зәк басып, балшық — батпақтың күніс иісі ауаға сіңіп қалыпты. Осындай іші қоқысқа толып кеткен шеберхананың жұпы — иылығын әктелген терезелерден әрең түсіп тұрған күн жарығы да әшкерелеп тұрғандай еді.
Әлі аяқталып бітпеген алып мүсіннің қасында шылымын бұрқыратып тұрған Магудо бұларды көріп қуанғанынан:
— Мә! Кімдердің келгенін көрдіңіздер ме? — деп айқайлап жіберді.
Магудо небәрі жиырма жеті жаста болса да жүзін әжімдер айғыздаған, ат жақты, бәкене бойлы, қара бұйра қалың шашы аласа маңдайына түскен арықтау жігіт ағасы еді. Көріксіздеу ақсары өңінде әлденеге балаша қуанып күлмең қаққан мөлдір таза көздері жылт-жылт етеді. Плассандық тас қашаушының баласы туған қаласындағы музейде өткен жарыста озып шығып, содан төрт жылға сегіз жүз франк стипендия алатын лауреат ретінде Парижге оқуға аттанбас па? Бірақ Париж бұған бөтен қабақ танытып, көркемөнер академиясына түсе алмай, көшеде босқа сандалып жүріп, бар ақшасын тауысып қояды. Ақыр соңында күнкөріс қамымен әулиелердің мүсінін сатушы бір кәсіпкерге барып жалданады да, күніне ертеден қара кешке шейін шіркеу күнтізбесіне кіретін Иосиф, Рол, Магдалина секілді әулие — әмбиелердің ағаш мүсіндерін жонып жүреді екен. Бірақ осыдан жарты жыл бұрын Прованстан шыққан жолдастарына кездесіп қалып, мұның жас күніндегі ескі ауруы — керемет дүниелер жасасам деген өзімшіл ниеті қайтып қоза бастаса керек. Бір кезде Жиро апайдың пансионында жатып бірге оқыған кілең жағымсыз, айғайшыл жолдастарының біразы енді шетінен өнердегі өркөкірек төңкерісшілердің қатарына қосылыпты. Ғажайып жоспарларымен, сойқан теорияларымен Магудоның басын қатырған сол жолдастары мұны біржола соңдарына ертіп алғанға ұқсайды.
— Әй, сайтан алғыр! — деп таңырқады Клод. — Мынауың ғажап кескін ғой!
Мүсінші шылымын құшырлана сорып, рақатқа батып тұр екен.
— Бұрын да айтқам жоқ па едім? Мен оларға көрсетемін... Бұл шошқаның көңірсіген майы емес, бұл нағыз қаны, сөлі шыққан ет!
— Суға шомылушы әйел бейнесі ме? — деп сұрады Сандоз.
— Жоқ, жезөкше. Мұны сірә жүзім жапырақтарымен безендіретін шығармын...
Клод сөзге араласты.
— Вакханка... жезөкше әйел? Сен өзі нені көкіп тұрсың? Вакханканы қайдан көріп едің?
Жүзім жинаушы әйел бейнесі десең, жөн. Бүгінгі жүзім жинаушы әйел.. Саған басқа не керек? Мейлі, жалаңаш болсын. Онда тұрған не сөкеттік бар? Шаруа әйелі үстіндегі бар лыпасын шешті де тастады. Міне, осыны түйсіндіріп, тірі адамдай өмір сүретін жанды бейне жасау керек!
Клодтың осылай тықсырып әкеткені соншалық, Магудоның ерні дірілдеп, тыңдай беруге мәжбүр болды. Өмір шындығының артықшылығын осыншама сенім қуатымен насихаттаған жігіттің соңына ермеу, бағынбау мүмкін емес еді. Біржола жерге қарап қалмау үшін:
— Иә, иә, менің де ойым осылай... жүзім жинаушы әйел бейнесін жасау. Қандай ғажайып әйел болып шығатынын әлі-ақ көрерсің! — деді Магудо.
Осы кезде алып балшық мүсінді айналып өткен Сандоз:
— Әй, бері қараңдар! Мына жақта момақан Шэн жасырынып отыр! — деп айқайлады.
Шынында балшық мүсіннің тасасында кішкене кенеп бетіне тотыққан ескі пештің суретін шимайлап салған жуан жігіт отыр еді. Оның шабан қимылы мен күн қақтаған бұқа мойнына қарап, бұрынғы шаруаны айыру қиын емес-ті. Шэннің өжеттігін аңғартатын дөңес маңдайы ерекшеленіп, ал келте мұрны көпсіген семіз ұрты мен күректей иегін жауып кеткен қауға сақалының арасынан әрең көрінеді. Осы Шэн Плассаннан екі елі қашықтағы Сен — Фирмен деген кішкентай деревняда қой бағып жүреді екен. Құдай қас қылғанда, оның сорына бір күні ағаш тамырын қазып алып, содан қолына ұстайтын таяғының имек басын жонғылап шығарған Шэннің өнерін тамашалаған еріккен көрші байлардың біреуі таң тамаша қалады емес пе? Жергілікті музейде төралқа мүшесі лауазымы бар әлгі буржуа сонда қойын бағып тыныш жүрген Шэнді болашағы керемет данышпанның өзі деп жариялап, мұны жолдан тайдырады. Сөйтіп арзан мадаққа алданып, құрғақ қиялдың соңына түскен бұрынғы қойшы бәрібір елеулі табыстарға жете алмағанға ұқсайды. Ол жақтағы оқуы да нашар болып, жарыстарда озып шықпаған, қалалық стипендияға қолы жетпеген. Ақыр соңында тұрмысы жүдеу шаруа әкесін босқа қинап, өзіне тиесілі мың франк тұратын мұрагерлік үлесін қалтасына басыпты да, Париж қайдасың деп тартып кетеді. Енді осы ақшаға өзгелер көріпкелдік жасаған зор табысқа жеткенше күнелте бермекші екен. Бірақ мың франк ақша бір жарым жылдың ішінде түгесіліп бітеді, содан Шэн қалтасында жиырма франк қалған тұста ескі жолдасы Магудоның қасына көшіп келеді. Қазір бұл екеуі қараңғы бөлменің қалтарысындағы темір кереуеттің үстінде бірге жатып — тұрып, алдын ала екі апта бұрын дүкеннен сатып алынған нанның кептірмелерін қырт-қырт шайнап, жас өмірлерін өкінішсіз өткізіп жатса керек.
— Әй, бері қараңдаршы, — деп Сандоз сөзін сабақтады. — Мынаның салған пеші тәп-тәуір шығыпты.
Шэн түк айтпастан мұртынан күледі, жүзі бал-бұл жанады. О баста бұған қамқоршы болған көкесінің бір ақымақшылығы — ағаш жонып өрнек жасауға недәуір қабілеті бар Шэнді живопистің соңына түсуге қарай бағыттап, мұның сорына басын әңкі-тәңкі қылғаны еді. Шэн енді суретші секілді емес, тас қалаушыға ұқсап, жарық та нәзік реңктерді мүлдем игере алмай, бояуларды балшықша баттастырып жаға береді. Бірақ оның қылқаламынан өте мұқият салынған, қарадүрсін нұсқалар туып жатады, ол қалайда ұсақ көріністерді түпнұсқаға барынша жақындатуға тырысады — әлі де қара жерден бауырын көтеріп үлгіре алмаған қарапайым балаңдықтан шығатын әдіс осылай болатын. Артқы жағы қисайып жатқан мына темір пештің суреті де өте дәл, сұрықсыз еді. Әрі балдыр түсті қою қошқыл бояумен салыныпты.
Осындай айғыздаманы көргенде Клодтың жерлесіне қатты жаны ашып кетті. Әдеттегідей қатал талап қоюдың орнына, тіпті мадақ сөз айтудың да ыңғайын тапты.
— Иә, сізді әдейі істейтін жортақы деп атауға болмас. Сіз ең құрығанда өзіңіз сезіп, білгеніңізді жазуға тырысады екенсіз. Бұл жақсы қасиет! — деген.
Осы кезде есік ашылып, имек мұрын, көзі кіртиген ақсары жігіт кіріп келіп, бірден:
— Әй, білесіңдер ме, бұрышта тұрған әне бір дәрі сатушы қыз көрінгеннің мойнына асыла кетеді екен. Мұндай да салдақы болады екен-ау! — деп айқайлады.
Магудодан басқасының бәрі жамырай күлісті. Ал Сандоз келген жігіттің қолын қысып тұрып:
— Жори өсекшілердің падишасы ғой! — деді.
— А, немене? Магуда ол қызбен бірге ұйықтаушы ма еді? — деп Жори аздап ыңғайсызданған сыңай танытты. — Онда тұрған не бар екен? Ұялатын түгі жоқ. Егер әйелдің өзі келіп сүйкенсе, қайсымыз бас тартар едік?
— Өзің де жетісіп тұрған жоқсың, — деп кекетті оны мүсінші. — Кім сенің бетіңді тырнап, самайыңның терісін түсіріпті?..
Өзгелері қарқылдап күлгенде, Жори кәдімгідей қызарақтап қалды. Ал шынында оның беті тырналып, самайын тырнақ ізі осып кеткен еді. Бұл жасынан — ақ қыз-қырқынға құмар болып, Плассан шенеунігі әкесін талай әбігерге түсірген. Кезінде Парижге барып әдебиетпен шұғылданамын деген сылтаумен түнгі кафеде ән салатын бір сұлумен бірге әрең қашып құтылғаны бар. Енді екеуі екі айдан бері Латын мақаласындағы арзан қонақ үйлердің бірінде тұрып жатса керек. Жори ескі әдетімен көшеде кездескен жел етектілердің бірімен ойнап қойған сайын әлгі әншісінен оңбай таяқ жейтін көрінеді. Сол себепті бұл әрдайым өстіп көзі көгеріп, мұрны бұзылып, құлағы жұлынып жүруші еді.
Қамытқа жегілген өгіз секілді басқаға мойнын бұрмай қойған Шэннен басқасы гу-гу әңгімеге көшті. Жори жүзім жинаушы әйелдің суретін мадақтай бастады. Жалпы мұның өзі осындай жуан әйелдерді қатты ұнататын. Елде жүргенде ол тынышын кетірген шұжық сатушы әйелдің биік кеудесі мен семіз жамбасын сонетке қосып, өлеңдетіп жүрсе, Парижге келген соң ескі жолдастарының ортасындағы ұрыншақ сыншылардың бірі болып алған. Жоридың күн көру қамымен жазған мақаласымақтары осындағы "Тамбур" атты газетсымақтың бетінде жарияланып тұрады, оның әрқайсысына жиырма франк төленеді екен. Оның осындай бір шатпағы Мальгра отағасының көрмесіне қойылған Клодтың суреттеріне арналып, зор дау-дамай туғызғаны бар. Жори бұл мақаласында жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленген өзге суретшілердің бәрін жоққа шығарып, Клодты жаңа пленэр мектебінің жетекшісі, негізін қалаушысы ретінде аспандата мақтайды емес пе? Шын мәнісінде Жори өз мүддесін бәрінен жоғары қоятын, өзінің қызық құмарларынан басқаға немқұрайды қарайтын қудың бірі. Ал мақалаларында достарынан күнде естіп жүрген теорияларды қайталаумен шектелетін.
— Сен бері қара, Магудо! — деп Жори күпін сөйледі. — Сен туралы мақала жазып, мына әйеліңнің атағын шығарамын... Әй, өзінің арт жағы керемет екен! Мұндайды ақшаға сатып ала алмайсың ғой, — деп бұдан соң басқа тақырыпты қозғап кетті. — Айтпақшы, менің сараң әкеме ақыл кіре бастапты. Мені ар-ұятын аяққа бастырады деп қорықса керек, қазір маған ай сайын жүз франктен салып жүр. Қарыздарымнан құтылдым...
— Қарыздарыңнан құтылғаныңа күмәнім бар, — деп Сандоз күліп қойды.
Шынында Жори тумысынан сараң жігіт еді. Ол тіпті кездейсоқ кездескен әйелдеріне де көк тиын төлемейтін — осылай емін еркін жүріс-тұрыстарында ешкімнен қарыз сұрамай, ақшасыз өмір сүрудің тәсілдерін жақсы білетін. Қалтасынан соқыр тиын шығармай тәп-тәуір тұрмыс кешуге үйренген жігіттің бойында екіжүзділік пен жалғаншылықтың қоса қабат өрілуі әуел бастағы отбасынан тараған тәлім-тәрбиенің ықпалы ма екен, әйтеуір бұл әр қадам басқан сайын тұла бойындағы күнәқарлықтарды жасырып, сыныққа сылтау іздеп жалтарып кетуге, өтірік айтуға әбден төселіп алған. Бұл жолы да Сандоздың қағытпасына өмір тәжірибесі мол сәуегейдің нақылнамасымен жауап берді:
— Ақшаның шын бағасын ешқайсымыз білмейміз, — деп. Бірақ мұның жауабын жолдастары бірден қатты сынға алды. Міне, буржуа! Біреу келіп терезені қаққанша бұлардың дау-дамайы тоқтаған жоқ.
— Әй, расында мыналар ұятсыз екен! — деп Магудо реніш білдірді.
— Жаңағы дәріханашы қыз шығар, — деп Жори қуанып қалды. — Кірсін. Бәріңнің көңілдеріңді көтереді.
Осы кезде есік ашылып, ешкімнің шақыруысыз — ақ босаға жақта Жабуй ханым, бұлар Матильда атап кеткен әйел көрінді. Жасы небәрі отыздың о жақ, бұ жағында болса да, жалпақ беті жүдеп тозған, айналасы көгістеніп кеткен бұлдыр көзді жұпыны, көріксіз әйелді бір кезде монах әкейлер Жабуй деген әйелі өлген бір қортыққа байға берген екен деседі. Айнала тақуалардың арқасында сол қортықтың саудасы жақсы жүріп тұрады екен. Сонда үстіне католиктердің шұбатылған ұзын киімдерін киген әлдекімдердің көлеңкесі әрқилы дәрі шөптердің иісі аңқыған дүкеннің қараңғы бұрыштарында көрініп қалар еді деседі. Ол жерде монастырлық тәртіп сақталып, поптар киетін жеңсіз шапандар ғана емес, өзге де дүниелік заттар сатылса керек. Ғибадатқа келгендей сыбырласа сөйлейтін неше түрлі жәдігөйлер денеге дәрі жіберетін міне аспаптарын сатып алып, түк көрмегендей төмен қарай шығып кетеді екен. Кейбіреулер осы дәріхананың ішінде әйелдер жасырын аборт жасатады екен деген өсек таратады. Өзгелері мұны шарап сатушы бәсекелестердің әрекетіне жатқызады. Дегенмен, Жабуй екінші рет үйленген соң-ақ оның тіршілігінің берекесі қаша бастағанға ұқсайды. Түрлі түске боялған шарларының да өңі қашып, төбеге іліп қойған құрақ шөптері үгітіліп жерге түсіпті. Өкпесі солқылдап жөтелетін Жабуйдің аз уақыттың ішінде қатты жүдегені соншалық, сорлының тек ет пен сүйегі ғана қалыпты. Матильданың аса діндар екеніне қарамастан, әйелдің өлім халіне жеткен күйеуін бағып-қағудың орнына жас жігіттерге ындыны құрып тұратынын байқаған тәрбиелі тұтынушылар бірте-бірте сирей бастаған.
Босағадан бері қарай аттаған Матильда айналасына жіті көз тастайды. Оның өн бойынан, киген киімі ғана емес, қобыраған майлы шашынан әрқилы дәрі шөптердің иісі аңқиды: мұның ішінде гүл қайырдың тәтті күлімсі, бадамның ашқылтым, рауғаштың қытықты, жалбыздың өткір иістері араласып кеткен — әсіресе соңғысы Матильданың еркектерді есінен тандыратын ыстық демін еске түсіреді.
Енді осы Матильда өтірік таңырқаған болып тұрды.
— Алла — ай! Өздеріңіз көп екенсіздер ғой... Қой, мен кетейін, кейінірек соғармын, — дейді.
— Сөйткеніңіз жөн болар, — деп Магудо aшy шақырды. — Сәлден кейін өзім де кеткелі отырмын. Маған демалыс күні соғарсыз.
Недәуір таңырқаған Клод Матильдаға әрі Магудоның қолынан шыққан мүсінге кезек-кезек көз тастап тұрып:
— Әй, мынауың не? — деп даусын көтерді. — Мадамның бойынан іске татырлық буылтықтарды сен қайдан тауып жүрсің? Сен тіпті бәрін жуандатып жіберіпсің ғой!
Мүсінші міңгірлеп бірдемені түсіндіре бастап еді, қалғандары қиқылдап күлкіге айналдырды.
— Жоғ-ә, дене бітімі мұныкі емес, аяғы да басқа... Тек басы мен қолына қарап салғаным рас, ол әншейін жалпы бағытты аңғартады, басқа түк емес, — дейді Магудо.
Матильда болса жігіттерге қосылып, ашық тұрпайы мазаққа көшіпті. Ол артындағы есікті тарс жауып, енді әкесінің үйіне келгендей өзін ерекше еркін сезінеді, осында бас қосқан осыншама еркекті көргенде көзі жайнап, соларға барып мысықша мияулап жабысу ниетінен де аулақ емес еді. Аузы ашылып күлгенде, үңірейген апаннан кетілген сойдақ тістері көрінеді. Әбден сарғайып тозған тырақай арық әйелдің қасына жақындау мүмкін емес. Бірақ оған бір көргеннен-ақ Жори ұнап қалса керек: жігіттің қып — қызыл мұрны мен қылымсы мінезінен бірдеңе дәметті ме екен, кім білсін. Әйтеуір Матильда сол жерде Жориды бүйірінен түртіп қалды да, өзі артынша ананың қытығына тию үшін ұялмай — қы — зармай Магудоның тізесінің үстіне барып қисайып жата кетсін.
— Кет әрі! — деп Магудо қызды әрі қарай итеріп жіберіп, орнынан тұрды. — Менің жұмысым коп... Солай емес пе? — деп жан-жағына қарады. — Бізді сыртта күтіп жүргендер бар.
Осыны айтып, Магудо көзін қысып қойды. Бәрі де Магудоның айтқанын растап, бұларды күтушілердің бар екенін, ендеше асығулары керектігін сылтауратып, суға малынған ескі шүберекпен әлгі балшық мүсінді қымтап жаба бастады.
Матильда бұған өкініш білдірген сыңай танытты, бірақ жігіттер оны әрі-бері итермелесе де, орнын ауыстырғанмен, кеткісі келмей, кідіре берген. Шэн болса, бар жұмысын доғарып, керілген кенептің ар жағынан Матильда жаққа көзін сатып, аузынан сілекейі ағып өліп барады. Осы уақытқа шейін тіс жарып ештеңе айтпаған Шэн енді Магудо жолдастарын ертіп кетуге айналғанда тамағын қырнап, қарлығыңқы дауыспен:
— Қашан қайтасың? — деп сұрады.
— Кеш қайтамын. Сен тамағыңды іш те, демала бер. Аман бол.
Осыдан кейін Шэн мен Матильда үйілген балшық йен шылқыған лай сулардың ортасында оңаша қала берді. Әктелген терезеден түскен күн сәулесі кедейшілік әбден тұралатқан мекен қуыстың тәртіпсіз көріністерін әшкерелегіш көрсетіп тұрды.
Клод йен Магудоның соңына ерген жігіттер әңгімені көйітіп келеді. Сандоз қасындағы Жориді әлгі дәріханашы қызға ғашық болып қалған — мыс деп түртпектейді. Жори ақталуға тырысады.
— Әй, қойшы! Біздің шешемізге пара-пар сол кәрі сұмпайыны жапсырма маған! Бар тісін жоғалтқан кәрі қаншықты айтпа маған! Мұндайдың дәріханасындағы дәрілер де шетінен ескіріп, көгеріп кететін шығар, бетін әрі қылсын...
Мұндай өсірме артық сөздерге Сандоздың күлкісі келді. Бірақ иығын қиқаң еткізді де қойды.
— Жарайды, желтимесім, бұдан да жамандармен жүргеніңді білеміз, — деді.
— Мен бе? Қашан? Біз шығысымен, ол сұлуың Шэннің мойнына асыла кеткен шығар. Ол доңыздардың қазір немен айналысып жатқанын елестету қиын емес...
Манадан бері Клодпен сөйлесіп келе жатқан Магудо кенет Жориге қарай бұрылып:
— Ондай қызға біздің түкіргеніміз бар ма, о?! — десін. Содан қайтып Клод екеуінің арасында үзіліп қалған әңгімені әрі қарай жалғастырып әкеткен. Біраздан соң тағы да мойнын созып:
— Ал әлгі Шэн барып тұрған ақымақ! — деді. Осымен бұлардың Матильда төңірегіндегі әңгімелері тамам болды. Төртеуі аяқтарын алшаң басып Мүгедектер алаңына шыққанда, өздерін көшені толтырып жібергендей сезінді. Бұл жастардың ең сүйікті қыдырыс орны еді, кейде өзге жақын топтары келіп қосылғанда, бұлардың бұл жүрісі жорыққа шыққан Орда әскерінің шеруіне ұқсап кететін. Жиырманың үстіндегі дүлей жігіттер көшені түгел жаулап алған.
Осылай жинала қалса, құлақтарында барабан дауыстары ойнап, ойша Парижді уыстарында ұстап, тіпті қалталарына салып алғандай көреді. Үстеріне киген тозған киімдеріне, аяқтарындағы жыртық шоқайларына қарамастан, бұлар өздерінің көп ұзамай жеңімпаз атанатындарына әсте күмәнданбас еді. Тіпті сол кедейшіліктің өзін мақтан етеді, өйткені тағдырдың қалауымен келешек күндерде бәрі Парижді билеп төстейді емес пе? Бұлар өнерге қатысы жоқ нәрселердің әм масына: ақшаға, қоғамға, әсіресе саясат атаулыға мұрындарын шүйіріп, менсінбей қарайды. Өйткені ондай лас нәрселер — әуелден әлсіздердің сыбағасы. Бұларды қазіргі көріп жүрген әділетсіздіктері де тоқтата алмас еді, қайта қанаттандыра түспекші. Әлеуметтік өмірдің қажеттіліктері жайында бас қатырмай, тек қана өмірде суреткер болып қалу керектігін ұстанған есірік армандарын қалайда жүзеге асырмақшы. Осылай өнерге деген ессіз, көзсіз құмарлық осы жігіттерді ерекше күш-қуатты әрі ер жүрек етіп көрсетеді.
Клод бірте-бірте шабыттана түскен. Жолдастарының жарқын үміттеріне жылынған мұның да ішкі сенімі қайта басын көтеріп алды. Таңертеңнен бергі ой арпалыстары көмескіленген соң, енді бұл Магудо мен Сандоз үшеуі соңғы кездері өзі жазып жүрген картинасын талқылай бастады. Ара-арасында сол сәтсіз дүниесін ертеңнен қалдырмай құртып жіберетіні туралы ескертіп қояды. Жақын жердегіні анық ажырата алмайтын Жори әрлі-берлі өтіп жатқан әйелдердің жалпақ қалпақтарының астына жіті көз тастаудан жаңылмай, шығармашылық жайындағы жалпылама пікірлерін жалғастыра түседі, оның ойынша, мәселен, тек шабытқа сүйену керек, сол себепті де ол жазғанын қайтып түземейді екен. Осылай айтыс-тартыстарын қыздыра түскен төрт бөспе бай екі жағын жасыл желек көмкерген оңаша бульвар бойымен төмен қарай кете барған. Осы беттерімен тағы бір алаңға шыққанда, айтыс-тартыстарының асқынғаны соншалық, айнала бос кеңістіктің ортасында тұрып алып, недәуір гуілдесті. Ашуға мінген Клод қасындағы Жориге таза мақаусың деп айып тағып, түкке татымайтын шығарма жазғанша, соны жыртып тастағанның өзі артық екенін білмегені үшін оның жер-жебіріне жеткен. Пайда табу жолында өнермен айналысудан асқан жексұрындық жоқ! Сандоз бен Магудо да қосарланып бірдеме айтып, айқайлай береді. Қастарынан өткен буржуалар бұлар жаққа қорқақтап көз тастаса, өзге қалалықтар өңештерін жыртып төбелесермен болған жастардың маңына жинала бастаған. Бірақ көп ұзамай қызық іздегендер тарап кетті. өйткені әлгінде ғана алаңды бастарына көтеріп айтысқан жастар енді аяқ астынан өзгеріп, үстіне ұзын желбезекті ақ көйлек киген қайдағы бір бала көтерген жас әйелді көре сала, жамырап мақтауға кірісті. Әй, мынауың ғажайып қой! Бояулардың әдемі толқынын-ай! Өстіп естері шығып, бала көтерген әйел шатыраштай айқыш-ұйқыш тігілген ағаштардың арасына кіріп ұзап кеткенше, соңына еріп жүрісті. Бұдан кейін алдарынан кесе көлденеңдеп бой түзеген көріністерге қарап тұрып, тағы да таңдайларын қағысты. Жерге көлеңкесі түспеген ашық аспан астында, күнгей жақтағы мүгедектер үйінің күмбезі бұлдыраған айналымға шейін созып жатқан жалпақ алаң кереметтей тыныштық құшағында еді. Бұл жерде емін — еркін қыдыруға болады. Жастарға Париждің көшелері тар, ауа жетпейтіндей көрінетін.
— Сендердің өзге шаруаларың бар ма? — деп сұрады Сандоз, Магудо мен Жориге қаратып айтты.
— Жоқ, біз сірә сенімен бірге жүретін шығармыз, — деп жауап берді Жори.
Клод өз ойымен болып тұрып:
— Мен білмеймін... Әйтеуір бір жаққа баруым керек, — деген.
Содан кейін бәрі Орсей жағалауы бойымен аяңдап барып, Бітімшілік көпіріне қарай көтерілді. Палаталар ғимаратының алдына жетіп аялдағанда, аяқ астынан зығырданы қайнап кеткен Клод:
— Әй, мынау неғылған ұсқынсыз құрылыс! — деп айғай салды.
— Жуықта, — деді Жори, — Жюль Фавр тамаша сөз сөйлеп, Руэрдің әкесін танытып сынады емес пе?
Қалған үшеуі осы арада Жоридің сөзін бөліп, тағы гуілдей бастады. Ей, Жюль Фавр дегенің кім өзі?! Руэр дегенің кім?! Түкке тұрмайтын біреулер емес пе? Өздерінше саясат ұстаған бұл нақұрыстарыңды өлгеннен соң ешкім естеріне алмай, ұмытып кетеді. Осылай өрекпи сөйлеген жолдастар көп ұзамай көпірден өтіп, Бітімшілік алаңына шыққан кезде Клод өзінше қорытынды шығарып үлгірді.
— Ал мына жердің көрінісі онша жаман емес! — деп. Сағат төрттің шамасы болған еді. Күн еңкейіп, сары ала суреті көкжиекке қарай беттеп барады. Бір жағынан әулие Магдалинаның шіркеуі бағытында, екінші жағынан Палаталар бағытында қатар түзеген ғимараттар алыс созылып жатты. Одан да әрі Тюльри бақшасындағы аспандаған биік талшын ағаштарының дөңгеленген ұшар бастары көрінеді. Алдарында жасыл желекті аллеялардың ортасымен сонау Салтанат күмбезіне шейін тұтастай төселген Елисей даңғылы төсін көтереді. Елисей даңғылы бойымен қарама — қарсы аққан адамдар тасқыны ішінде әрлі-берлі ағындаған экипаждар артында әр түрлі иірімдер қалдырса, күймелердің терезесі мен шамдарына шағылысқан күн сәулесі айналасына көбікше шашырайды. Осы үздік — созық адамдар жылғасы үлкен алаңды ернеуіне шейін шылқыған көлдей толтырып, осының бәрі әрлі — берлі жүйткіген доңғалақтармен, жаяу жүргіншілердің қараңдаған қозғалыстарымен араласып, бытықы-шытықы көріністерге ұласып жатты. Айналасына су шашқан екі фонтан бойынан таза ауа соғып тұрды.
Клодтың денесі тітіркеніп, даусын көтере түсті.
— Міне, Париж! Ол біздікі! Тек одан айырылып қалмауымыз керек!
Төртеуінің де арқасы қозып, айнала төңірекке ашқарақ көзбен қарайды. Осынау қаладан, ұзын көшелер бойынан соққан болашақ атақ, даңқтың лебін сезді мен екен, әйтеуір бұлар алдарында жатқан Парижді қалайда жаулап алуға тырысып, қызу құлшынар еді.
— Несі бар? Біз Парижді сөзсіз жаулап аламыз! — деп Сандоз сенімді қорытындысын жасады.
— Өйтпегенде ше?! — деп Магудо мен Жори желпініп қойды.
Сөйтіп бұлар сол беттерімен әулие Магдалина алаңын арттарында қалдырып, Тронше көшесін кесіп өтті де, Гавр алаңына барып бір-ақ шыққан. Осы жерде Сандоз қуанып кетті.
— Әй, біз Бодекенге келіп қалыппыз ғой! — Бәрі таң қалды: шынында "Бодекен" кафесі осы маңайда болатын.
— Бүгін қай күн еді? — деп сұрады Клод. — Бейсенбі ме? Фажероль мен Ганьер сонда отыруы керек... Ал кеттік!
Содан бәрі Амстердам көшесіне қарай бұрылды. Асылы бұлар бүгін Парижді емін-еркін аралап шықты. Бұдан басқа да үйреншікті қыдырыс бағыттары болатын: әдетте жағалауларды түгендеп бітірген соң, Иаков әулиенің дарбазасы мен Мулино арасындағы қорғандардың қасынан өтіп, айналма бульварлар бойымен жүріп отырып, Пер — Лашез көшесіне келіп түсер еді. Содан күн ұзақ аяқтары талғанша көшелерді, алаңдарды, тұйық бұрылыстарды армансыз аралайтын — құдды осынау зәулім ғимараттар алдында өздерінің ғажайып жаңа теорияларын жариялап, жаяу жалпылап жүріп отырып, махалладан соң махалланы жаулап алуға кіріскен секілді ме, қалай? Сөйтіп талай топалаңды бастан кешірген Париждің ескі тас көшелерінде табандарын тоздырған. Париж осылай бастарын айналдырып, шаршап-шалдыққандарын да тез ұмытып кетер еді.
"Бодекен" кафесі Дарсе көшесінің бұрышында, Батиньол бульвары бойында болатын. Ганьердің осы маңда тұратынын айтпағанда, өзгелердің не себептен осы жерді таңдап алғанын түсіну қиын. Әйтеуір бұлар әрбір жексенбі сайын кешкілік осы кафеде бастарын қосады. Бейсенбі күндері қолы бостарының сағат беске таман аз уақытқа кіріп шығатын әдеттері еді. Бүгін күн ыстық болған себептен бе, әйтеуір төбесінде қалқасы бар үстелдердің ешқайсысы бос емес екен. Өздерін оғаш көрсетіп, тар жерде қысылып-қымтырылғысы келмеген жігіттер ішке қарай өтіп, ауасы таза оңаша залға барып кірген.
— Әй, ана қараңдар! Фажероль жалғыз отыр ғой! — деп Клод айқай салды.
Бұдан соң жігіттер бұрыннан қалыптасқан әдеттерімен кіре берістің сол жағындағы бұрышта тұрған үстелге қарай беттеді. Үстел басында отырған әйел реңкті, жұқалтаң солғын жүзінде кішкене сұрғылт көздері жылтыраған арық жігітпен амандасып болысымен, өзгелері бірден сыраға тапсырыс берген тұста, Клод анаған қарай мойнын бұрып алып:
— Мен бүгін сені іздеп, әкеңе барып едім... Шалың маған жақсы қабақ көрсетпеді, — деді.
Мұны естіген Фажероль санын шапаттап:
— Әй, сол шал да мені шаршатып бітті! — деді. Таңертең екеуміз тағы ұрсысып қалған соң, табанымды жалтыратқанмын. Оның әлгі ұятсыз мырыш мүсініне менің модель жасап беруім керек екен. Ақымақты тапқан екен... Академиялық былжырақтармен айналысқаным да жетеді.
Ескі профессураның бау-бақшасына қарай лақтырылған тасты көріп, бәрі жапа тармағай мәз болысты. Фажероль ылғи өстіп қызыққа батыратын, мұндайда ол көшеде жүрген сайқымазақ, арсыз балақайға да ұқсап кетер еді. Енді осы Фажероль үстел үстіне төгілген сыра қалдығын ұзын жіңішке саусақтарының ұшымен араластырып отырып, жымысқы мысқылға толған көздерімен қасындағыларға алма кезек қарап қояды. Мұның өзі табиғатынан дарынды, жолы болғыш туыстан — ды.
— Әлгі Ганьер қайда жүр? — деп сұрады Магудо. — Сен оны көрмедің бе?
— Осы жерде бір сағаттан бері отырмын, бірақ ол көзіме түспеді.
Жори шынтағымен Сандозды түртіп қалып, залдың түкпіріндегі үстел басында бір сылқым жігітпен қатар отырған қызға оның назарын аударуға тырысты. Осылардан басқа бұл залда карта ойнаған сержанттардан өзге ешкім көрінбеді. Ал қыз әлі пісіп жетілмеген Париж көшесінің жап-жас, тап-таза жемісіндей толықсып, толқи береді. Жас шамасы он сегіздерге келген осы қыз кейде сыланып — таранған күшікке де ұқсап кетеді: ақсары ұзын кекілі тәмпіш мұрнына түсіп, қызарған тұмсығының жартысын ақсиған күлегеш аузы алып жатты. Қыз суретті газеттердің бірін аударыстырып отырса, қасындағы байсал жүзді жігіті мадера шарабын ұрттап қояды. Қыз енді газет үстінен жаңа кірген жігіттер жағына қарай қылымси көз тастай берген.
— Қалай? Ғажап емес пе? — деп қызына түскен Жори сыбырлап бастады. — Әй, мына қыз күлмең қағады ғой. Сірә маған қарап отыр-ау өзі!
Фажероль оның сөзін бөліп жіберді.
— Тарт қолыңды! Қыз менікі. Сен, немене, мені осы жерде бір сағат бойы сендерді күтіп отыр деп ойлап па едің?
Мұны естігенде бәрі күліп жіберді. Бұдан кейін Фажероль бәсең дауыспен Ирма Беконы қалғандарына таныстыра бастады. Оның айтуынша, Ирма айлакер сылқымға ұқсайды, осы қаладағы Монторгей көшесінде тұратын бақалшының қызы көрінеді. Дін қағидаларынан, арифметикадан, орфографиядан сабақ алған. Он алты жасқа шейін үйінің іргесіндегі мектепке қатынап оқыпты. Сабақтарын ішіне жасымық шөп толған қаптардың арасында отырып дайындаса, өмірлік тәлімдерін дүкеннен ірімшік сатып алуға келген асханашы әйелдердің көшеге немесе тротуарға шығып кетіп, күллі махалла тұрғындарын өсектеген әңгімелерін тыңдау арқылы толықтырады екен. Шешесі көз жұмғаннан кейін әкесі Беко әр түрлі қызметші әйелдермен ойнап-күлуді жөн көргенге ұқсайды, өйткені сырттан жем іздегеннен гөрі бұнысы оңтайлырақ болса керек. Бірақ ойнасқорлықтың қызығына түскен әкесі ақыр соңында бар дүниесінен айырылып, кептірген көкөністерін, бастырған банк, шыны ыдыстарын, тәттілерін қаттап жинап қойған жәшіктеріне шейін түп-түгел сатып жібереді. Ал мектепте оқып жүрген Ирма қызды бір күні кешке жақын ләпкеге кіргізіп алып, есікті тарс жапқан дүкенші жігіт ішінде жүзім жемістері бар дәу корзинаның үстіне итере салып, абыройын төгіп, жәукемдеп тастайды... Осы оқиғадан соң жарты жыл мерзім өткенде бұлардың шайқалған шаруасы біржола күйреп тақырға отырады да, әкесі осы күйікке шыдамай өліп кетеді. Содан, лаж жоқ, Ирма апайына барып бас сауғалайды екен. Бірақ тұрмысы жүдеу апайының суық қабағына шыдай алмаған соң, әуелде апайының үйіне қарама-қарсы тұратын бір жігітке ілесіп кетіп қалады да, артынан екі-үш мәрте қайтып келіп, ақыр соңында Монмартр мен Батиньолдегі шарапханаларға барып біржола қоныс тепкенге ұқсайды.
Өзінің әйел затына деген жек көрінішін жасырғысы келмеген Клод күңк ете қалды.
— Өй, салдақы!
Осы кезде Ирманың қасында отырған жігіт қыздың құлағына бірдеңе айтып сыбырлады да, орнынан тұрып, жөніне кетті. Ирма жалма-жан сабақтан қашып шыққан шәкіртке ұқсап бұлардың қасына жетіп келді де, бірден Фажерольдің тізесін басып қисая кетті.
— Әлгі мылжың неме ызыңдап басымды ауыртты. Маған тезірек не бол әйтпесе тағы қайтып келеді! — деп қорқытқан қыз енді әй — шай жоқ Фажероль байғұстың ернінен шөпілдетіп сүйіп алды да, бірден оның стақанына жармасты. Содан кейін қылымсып, өзгелерге де күлмеңдеп қарай бастаған. Ирма қашаннан суретшілерге құмар болатын, бірақ бұлардың көңілдес әйелдерін асырарлықтай ақшаларының аздығын білгендіктен, іштей жаны ашитын еді.
Айрықша өзіне көзін сатып өліп отырған Жориді қыз да тез аңғарып, оның аузындағы шылымын жұлып алып, өзі түтіндетіп тарта бастады. Содан кейін сауысқанша
шықылықтап:
— Әй, осы отырған бәрің де суретшімісің? Бұл бір тамаша болды ғой! Heгe мұнша көңілсізсіңдер? Ал, қане, бастарыңды көтеріңдер. Әйтпесе мен қазір сендерді қытықтап күлдіре бастаймын. Қазір сөйтемін! — деп сайрай жөнелген.
Шынында да қыздың қылығына таңырқаған Сандоз, Клод, Магудо үшеуі оған үнсіз қарап отыр еді. Бірақ осылай ерке — тотайлау емін еркіндігіне қарамастан, Ирма ерекше сақ құлақ екен: сырт жақтан әлгі жігітінің аяқ тықыры естілісімен, дереу қолындағы шылымын Жоридің аузына апарып тыға салды да, Фажерольге: "Егер көңілің соқса, ертең Бредоның сыраханасына келерсің" дегенді айтып үлгіріп, өзі зып етіп бұрынғы орнына барып отыра қалды. Ал түсі қашыңқырап, әйткенмен өзінше маңғаз басып, қасына әлгі жігіті қайтып барғанда, ол қолына ұстаған газеттегі әлдебір суретке үңіліп, жайбарақат отыр еді. Осы көріністердің өте жылдам әрі күлкілі жағдайда өткені соншалық, осыны байқаған әлгі бір сержанттар рақаттана күліп қойып, құмар ойындарын әрі қарай жалғастыра берген.
Ирмаға бәрі риза болысты. Сандоз оны романға кейіпкер болуға лайық екен деп тапты. Клод суретке түсуге келіспес пе екен деп сұрады. Магудо бұл қыздың кішкене мүсінін жасап көшеге қойсам, қолын жұлып әкететін шығар деп бөсті. Осы кезде жігітіне еріп шығып бара жатқан Ирма анаған байқатпай ернін шүйіріп бұларға ауа арқылы "сүйікті сәлемдемесін" жаңбырша жаудырғанда, айрықша Жориді біржола есінен тандырып кетті. Бірақ Фажерольдің ешкіммен бөлісу ниеті жоқ екені байқалды, өйткені бұл екеуі бір-біріне ерекше ұқсас еді. Өйткені екеуі де көшеде өскен мұңдықтар: сол көшеден жұққан емін-еркін былапыт жүрістерді ұнатпайтын жігіттің өзі де ондайдан құралақан емес-ті.
Сағат беске таянды. Жігіттер енді сыра алдырып ішіп отырды. Асхана іші келушілерге толып кетті. Орындықтарға айнала жайғасқан көпшіліктің дені осы төңіректе жайлаған буржуа еді, олар енді суретшілер жаққа қорқақтай, қызыға көз тастап қояды. Бұл жерде суретшілер кәдімгідей танымал болып қалған, бұлар туралы аңыз — әңгімелер де аз айтылмайтын. Ал сыраларын сораптаған суретшілер әзір қарапайым тақырыптарды қозғап, күннің ыстықтығына наразылық білдіріп, көп орынды күймелердің қымбаттап кеткенін, ал енді бірі әлгі шарап сатушының шарапқа тәтті ет тағамдарын қосып бере бастағанын айтса, екіншісі Люксембург музейіне қойылған суреттердің ұсқынсыздығын дәлелдеп, қалғандары сол суреттерден гөрі олардың ағаш жақтауларының көңіл аударуға тұрарлық екеніне келісетін сыңайларын танытқан. Бұдан кейін жолдастар ұзақ сонар әңгімеден тыйылып, шылымдарын тартып демалып Отырды да, анда-санда өздері ғана түсінетін әзіл — оспақтарын ағытып жіберіп, рақаттанып күлісіп қояды.
— Біз осы неғып отырмыз? — деді Клод бір кезде. — Немене, Ганьерді күтеміз бе?
Мұны естігенде, бәрінің шат — шәлекейі шықты. Шынында Гапьер шектен шығып барады: бәрібір ол бұлар асқа отырған кезде жететін шығар.
— Онда жүрейік, — деп Сандоз ұсыныс жасады. — Егер кешігіп қалсақ, бүгін ыстық асқа дайындалған қойдың еті қуырыла — қуырыла күйіп кетпей ме?
Осыдан соң әрқайсысы өзі ішкен асының ақысын төлеп, сыртқа шықты. Әлгінде бұлар кафеде отырған адамдарға әрқалай әсер еткен еді. "Бұл жігіттердің бәрі суретшілер ғой" деп сыбырлас — қандар бар. Солардың біреуі осы жабайы топтың жетекшісі ретінде Клодты нұсқап көрсеткен. Әрине, бұған дейін жарияланған Жоридің мақалалары біраз жұртқа недәуір әсер етіп, жас суретшілер плэнер аталатын жаңа түсініксіз мектептің негізін салушылар ретінде танылып қалған. Бұлардың өзі де осы "Бодекен" кафесі сурет өнерінде төңкеріс жасап жүрген жүгірмектердің бас қосатын жері, алтын бесігі болғаны үшін мақтануы керек деп сайқымазаққа айналдырып жүрер еді.
Қайтар жолда қатарларына Фажероль келіп қосылғандықтан, бұлардың саны енді бесеу болды. Жетістікке жеткен жеңімпаздарға ұқсап, енді бәрі аяқтарын салмақпен баяу басып, салтанатпен келеді. Қатарлары көбейген сайын өстіп көшеге сыймай, Париждің қайнаған өмірі арқаларын қоздырып, өрге сүйреп бара жатқандай ма, қалай? Осы беттерімен Клиши көшесі бойымен төмен түсіп, әуелі Шоссед Антенге шыққан, одан кейін Ришелье көшесімен жүріп отырып, Сенаны Өнер көпірінің тұсынан кесіп өткен жігіттер Академияның тұсына келгенде оны жақсылап бір боқтап алды да, Люксембург бағына келіп кірді. Осы жерде жәрмеңке циркінің маңдайына ілінген үш бояулы жарнамаға қарасып, таңдайларын қағып біраз тұрған. Кеш түсіп, жүргіншілер саябырси бастады. Шаршап-шалдыққан зор қала түн қараңғылығын күтіп, маужыраған халде — мұндайда кез келген тегеурінді күштің алдында тізе бүгуге дайын секілді көрінер еді.
Анфер көшесіне келгенде, Сандоз бұларды үйіне шақырды. Содан өзі шешесі жатқан бөлмеге кіріп кетіп, біраз күттіріп те қойған. Содан қайтып шыққанда, жолдастары оның өңінен мейірімді нәзік күлкі шуағын көрді. Артынша Сандоздың шағын пәтерінің іші айғай-шуға, күлкіге, айтыс-тартысқа толып, тұнып кетті. Үй иесі қызметші әйелге көмек көрсетіп, дастарқан жасауға кірісті, бірақ қызметші әйел қазір сағаттың жетіден асып кеткенін, ал отта тұрған қой етінің күйіп кеткенін айтып, қатты кейіп жүрді. Бесеуі пияз қосып қайнатқан дәмді сорпаны алдарына ала бергенде, тағы бір қонақ келіп қосылды.
— Ей, мынау Ганьер ғой! — деп бәрі шу ете қалды. Бәкене бойлы, көкірек керген, қуыршақ секілді айналасына таңырқай қарайтын, дөңгеленген кішкене сары сақалы бар, қысыңқы көк көзді Ганьер босағада тұр еді. Бұл өзі Мелоннан шыққан бай буржуаның баласы, марқұм әкесі мұраға екі үйін қалдырған көрінеді. Сурет өнерімен Фонтенбло ормандарын кезіп жүріп айналыса бастаған, әуелде жақсы ниетте болып, тәп-тәуір пейзаждар жазған. Бірақ оның шын ықыласы бірте-бірте музыкаға ауып, ауыруға айналғаны соншалық, құдды өзі секілді жазылмайтын дертке ұшыраған жанқияр суретшілерді іздеп тапқан.
— Немене, мен артықтаумын ба? — деп сұрады Ганьер.
— Жоғ-ә. Тез төрге шық! — деп айқай салды Сандоз. Бұл кезде аспаз әйел ыдыс-аяқтарын әкеле бастаған.
— Дюбюшке де ыдыс-аяқ әкеліңіз, — деді Клод. — Ол көп ұзамай келіп қалады.
Мұны естіген жігіттер ақсүйектер қоғамына қосылғысы келіп жүрген Дюбюшті сыртынан ғайбаттауға кірісті. Жори, мәселен, өткен жолы бір кемпір мен бойжеткеннің қол шатырларын тізесінің үстіне қойып алып, күймеде отырған Дюбюшті көріпті...
— Сен неге кешіктің? — деп сұрады Фажероль. Ганьер аузына апара берген қасығын қайтадан орнына қисайтып қоя салып:
— Мен Ланкрри көшесінде кідіріп қалдым, — деп жауап берген. — Өзің білесің, сол жерде камералық концерттер болып тұрады. Ай, сендер Шуманды тыңдап көрсеңдер ғой... Желке тұсына келіп желпіген әйелдің ыстық деміндей музыка жаныңның астан-кестеңін шығарады. Иә! Тіпті сүйіп — күюге ұқсай бермейтін, материалдық дүниеден тысқары көрінетін тәтті самал.. Шынымды айтсам, өлім хәліндегі маужырау секілді бірдеңе!
Осылай дегенде Ганьердің көзі жасаурап, өңі сұрланып кетті — шектен шыққан рақаттың әсері болса керек.
— Тамағыңды іш! — деді Магудо. — Қалғанын кейін айтарсың.
Бұлардың алдына теңіз балығы қойылды — оның тұздығы қап-қара әрі шикілеу екен, сірке суын қосып жібітпесе, жеу қиын болды. Бәрін нанға қосып асай беруге тура келді. Дастарқан үстінде өзге деликатестер жоқ — су қосқан шараптың өзі жетімсіздеу екен. Қуырылған қой еті көрінгенде, бәрі "уралап" қуанып қалып еді, бірақ үй иесі етті турап үлгірмеді — тағы да есік ашылып, тағы біреу кіріп келе жатты. Жігіттер бұл жолы қатты қарсылық көрсетіп, шулап қоя берді.
— Жоқ, жоқ, енді ешкімді кіргізбейміз! Есікті сыртынан жап, опасыз!
Қатты ентігіп тұрған — асыққан болуы керек — Дюбюш мыналардың мына қылығына таңырқап, жүзі сұрланып:
— Оллаһи, маған сеніңдерші... — деп міңгірледі. — Әлгі күймесі құрғырлар... Елисей алаңында солардың бесеуін өткізуге мәжбүр болдым.
— Жоқ, бәрі өтірік! Қайқай! Бүгін саған қуырылған қой етін жегізбейміз. Түсінікті ме? Қайқай, қане!
Бәрібір Дюбюш кері қайтқан жоқ. Бүгін өзі қатып киініп алыпты: қара костюм, қара сүрттік, түйреуіш қыстырылған галстук, жылтыраған аяқ киім... Құдды арнайы асқа шақырылған сықиған сырбаз буржуаға ұқсайды!
— Бері қараңдар! Мұны ешкім шақырмаған ғой! Сөйтіп шаруасы біткен ғой! — деп Фажероль ашық мазаққа көшіпті. — Ана жақтағы ақсүйек бикештер бұған мұрындарын шүйіріп менсінбей қойған соң, басқа баратын жері жоқ жігітіңіз біздің қуырылған етімізге ортақтасу үшін келген ғой!
Дюбюш қызарақтай бастады.
— Әй, қойыңдаршы! Олай емес. Кісіге тыныштық беріңдер! — деді бәсең дауыспен.
Қатар отырған Сандоз бен Клод күлкілерін тыйып, Дюбюшті қастарына шақырды.
— Тәрелке мен стақаныңды алып, екеуміздің ортамызға келіп отыра қал, қане! Сонда саған кім тиісер екен?
Бәрібір ыстық ас үстінде де жігіттер Дюбюшті шымшылауын қоймады. Аспаз әйел Дюбюштің алдына бір тәрелке көже мен аздаған балық әкелгенде, бұл да өзінше сайқымазақ танып, аш қасқырша ас ішуге кіріскен, содан босаған тәрелкенің түбін жалап тауысқан соң, соңғы кездері бастан кешіргендерін әңгімелей бастады. Бұл бір қызды ұнатып, айттырмақшы болған екен, әке-шешесі мұның архитектор екенін білісімен, рұқсат бермепті-міс. Астан кейін бәрі де бір-біріне кезек бермей, у-шу әңгімеге кіріскен. Десертке қойылған ірімшікті бұлар әлдеқашан жеп тауысқан. Нанның өзі жетпей қалды. Шарапты бітірген соң, қайта-қайта тамсанып отырысып, ақырында бір-бір стакан салқын су ішіскен. Өстіп өйтіп-бүйтіп қарындарын қампитқан жігіттер орындарынан тұрды.
Сандоздың үйіндегі кештер осылай көңілді өтуші еді. Тіпті кедейшілік мойнына мініп алған күндердің өзінде Сандоз достарын бір-бір тәрелке көже ішуге шақырудан жаңылмайтын. Бәрін ортақ мұраттар табыстырып, қатарлары сетінемей бірге жүргендеріне, достық сезімдерінің беріктігіне бек қуанушы еді. Жастары қарайлас болғанмен өзін кей-кейде қамқоршы әкедей көргендіктен, бұл жігіттерді отының басына жинап алғанда, жарқын келешектің жалынан ұстаған олардың бір-бірін шабыттандырып, масайрап кететіндеріне талай мәрте куә болды емес пе? Бүгін де бұлар дастарқаннан тұрысымен жатын бөлмеге қарай өтіп, орындық жетпегендері кереуеттің үстіне барып жайғасқан. Жаздың қапырық кешіндегі ашық терезелерден ашық аспан көрінеді. Жақын маңдағы ғимараттар үстінен Иаков әулие мұнарасының алыс сұлбасы қарауытса, мылқаулар үйі жағындағы қалың бақтың биік ағаштары бұлдырайды. Ақша барда, қонақтардың алдына саптыаяқ сыралар қойылушы еді. Темекілерін әдетте жігіттердің өздері әкеледі. Кішкене бөлменің іші түтінге тұнып тұратыны сондықтан. Өстіп өзгелер ұмыт қалдырған осынау оңаша махаллада түнгі тыныштықты бұзған бітіспес айтыс-тартыстар жүріп жатады.
Сағат тоғызға таянғанда аспаз әйел кіріп, Сандозға қарап:
— Мен ыдыс-аяқтарды жинастырып болдым. Кетуіме рұқсат па? — деп сұрады.
— Мақұл, қайта беріңіз. Су қайнап тұрған шығар? Онда шайды өзім демдей беремін ғой.
Сандоз осыны айтып, аспаз әйелге ілесіп шығып кетті. Содан шешесінің бөлмесіне барып, қарияның жатын орнын дайындап, жарты сағаттан соң қайтып келді.
Жігіттердің даусы қатты-қатты шыға бастапты. Фажероль әңгімені қыздырып отыр екен.
— Білесіңдер ме? Мына Академияда натурщиктердің өзін опалайды екен. Жақында Мазель маған: "Мынауыңның жамбасы шықпай тұр", — дейді. Мен оған: "Өзіңіз салыстырып көріңізші, сударь, түпнұсқада дәл солай ғой", — деймін. Мен өздерің білетін кішкентай Флора Бошанға қарап салғанмын. Мұғалімім бұған ашуланып: "Онда оның қатесін түзеу керек" демесі бар ма?
Бәрі мәз-мейрам болды. Әсіресе Клод рақаттана күлген. Фажероль де Клодқа ұнау үшін осы оқиғаны құрастырып отырған. Фажероль біраздан бері Клодтың ықпалына түсіп, өзі бұрынғыша еліктеуіш суреттерін сызып жүргенмен, ауызша әңгімелерінде табиғаттың нағыз шынайы көріністерін шыншыл, солды, нанымды бояулармен шығаратын шығармаларды ерекше дәріптей бастаған. Бірақ былай шыға бере плэнер мектебін қолдаушыларды қылқаламмен емес, аспаздар қолына ұстайтын ағаш шөміштермен сурет салатындар деп мазақтаудан өсте шімірікпес еді.
Мұндай әңгімелерге оншалық сене бермейтін секемшіл Дюбюш:
— Егер Академияда әлгіндей есектер сабақ беретін болса, неге сондағы оқуыңды тастап кетпейсің? Дұрысы сол емес пе? — деп сұрады. — Ал мен сол Академияны қорғай бастасам, бәрің әрі түрегелесіңдер. Менің ойымша, бір кәсіпті игеру үшін алдымен бірдеме үйрену керек қой...
Қалғандары Дюбюштің сөзін аяқтатпай, жан-жақтан тарпа бассалғанда, Клод оларды әзер тоқтатты.
— Дұрыс қой... алдымен бір кәсіпті игеру, зерттеу керек. Әрине, өз көзқарастарын күшпен танатын профессорлардың қарауында жүріп жөнді нәрселерді үйрену қиын. Әлгі Мазелің — барып тұрған нақұрыс! Әйтпесе Флора Бошанның жамбасын жарамсыз дер ме еді? Ол қыздың жамбасы керемет... Солай емес пе? Жалғаннан қызық іздеп тоймай жүрген Флораны сендер ұзынынан да, көлденеңінен де зерттеп білген жоқсыңдар ма?
Осыны айтқан Клод төсекке құлай кетті де, көзін жоғарыға қадап, шабытты әңгімесін жалғай түсті.
— Әй, өмір шіркін! Оның жалынан ұстап, бар шындығын көрсету, барын бардай сүю, мәңгі құбылып тұратын сұлулығын танып білу, әдемілеу үшін кесіп — піштіруге ұмтылмау, тіпті тұрпайылықтың да табиғи нәрсе екенін түсіну... Өмір сүре білу, адам болып қалу — міне, осылар ғана бізді құдіретпен теңестірмес пе?!
Клодтың өзіне деген сенімі қайтып келген секілді — бәлкім, Париж көшелеріндегі бүгінгі ұзақ қыдырыс көңілін сергітті ме екен, әйтеуір қайтадан жұмысқа кірісіп, тірі жанның бейнесін жасауға құлшына бастаған. Мұның сөзін үнсіз тыңдаған достарына қарап қойып, өз ойын толық жеткізе алмаған тұстарда әрлі-берлі қолын сермейді. Қалыбына түсе бастағаны байқалады.
— Әркім өзінше адасады ғой. Бірақ мына академиктердің қылығына төзу қиын... Салонның төралқасы түгелдей солардың қолында. Ендеше әлгі Мазельге ұқсаған нақұрыстардың менің суреттерімді қабылдамай тастайтындарына күмән жоқ.
Төралқа турасында айтылғанда, бәрінің арқасы қозып жүре берген. Сөйтіп бұлар төтенше реформа жасап, бәрін қайта құру керектігін дәлелдеп, айғайлай бастады. Біреулері жалпы жария дауыспен мәмілешіл алқа құрамын сайлау қажеттігін айтса, екіншілері әркім өз қалауынша ұнаған дүниелерін әкеліп қоятын тәуелсіз Салон ашып алған дұрыс деп өзеуреді.
Осылай айтыс қызған тұста Ганьер Магудоны ашық тұрған терезенің алдына ертіп әкелді де, сырттағы қараңғы түнге қарап тұрып, қарлығыңқы дауыспен:
— Көзіңе елестетіп көрші, барлығы төрт такт, төрт ырғақ, бірақ қандай керемет! — деді. – Онда бәрі бар... Бірте-бірте алыстай берген маужыр табиғат суреті, өзі көрінбейтін ағаштың бұлдыр көлеңкесі түскен жол айрығы, сағымдай сылаңдаған, бірақ қайтып менің қолыма түспейтін әйел бейнесі... Соның бәрін көріп, сезіп тұрғандаймын.
Фажерольдің даусы бөлекше естілді.
— Ал сен, Ганьер, биыл Салонға қандай дүниелер ұсынбақшысың? — Ганьер оны естіген жоқ, шабытты қалпын өзгертпей, сөзін жалғай берді.
— Шуман — шексіз әлем, одан бәрі табылады. Ал өткен жексенбіде бәрі ысқырықтап қуып шыққан Вагнер ше?..
Бір жағынан Фажероль тоқтар емес. Ол ақыры Ганьердің назарын аударды.
— Немене? Салонға менің не жіберуім керек екен? Бәлкім, Сена жағалауын бейнелейтін кішкентай пейзаждарымның бірін ұсынармын. Алдымен өзіңді қанағаттандыратын жұмысты таңдау да оңай емес, — деді Ганьер.
Осыны айтқанда Ганьердің құты қашып, өңі бозарып кетті. Жалпы ол алақан көлеміндей суретті айлап салатын өте талапшыл жігіт. Табиғатты дегеніне көндірген атақты француз пейзажистерінің жолын қуған Ганьер әрбір бояудың реңктері мен көріністердің дәлдігін барынша шынайы қалпында жеткізуге тырысатын, осындай теорияға мүлтіксіз адалдығы түптің түбінде оның қолынан шыққан суреттерді тым ауырлатып жіберуші еді. Осы себептен өнерде жаңалық іздеуші қызуқанды суретшінің шығармаларында әдетте жарқын жарық бояулардан гөрі іш пыстырарлық сұрғылт нақыштар басым түсіп жататын.
— Ал маған салсаңдар, алдын ала рақаттанатындай сыңайым бар, — деді Магудо. — Менің мына мүсінім олардың тақиясына тар келіп, мұрындарын тыржитатын — ақ шығар.
Клод иығын қиқаң еткізіп:
— Меніңше, сені олар қабылдауға тиіс, — деді. — Мүсіншілер живописшілерге қарағанда кең пейілді әрі сен шеберлер қатарына қосылып қалғансың. Бармағыңнан бал тамады... Анау "Жүзім жинаушың" сұлулыққа тұнып тұр.
Мұндай мақтаудан еңсесін көтерудің орнына, Магудоның қабағы түсіп кетті. Өйткені ол сұлулықтан гөрі күш-қайратының көптігіне сенетін, сол өзі байқамаған сұлулық кейде мұның епетейсіз жұмыскер саусақтарының арасынан — жел айдаған ұрықтардың тастақты жерде өніп шығатындай кездейсоқта пайда болатынын біле бермейтін.
Фажероль болса қулық жасап, ұстаздарына аяқ астынан ұнамай қалудан қорыққандықтан, бет алды Салонды жамандаудан жаңылар емес. Оның айтуынша, Салон — жұқпалы кеселдердің ошағына ұқсайды, тіпті арам дүниелердің қатарында тұрған жақсы суреттер де көгеріп кетеді екен. Ал шындығында Фажероль бәрі — бәрін сайқымазаққа айналдырып жүргенмен, іштей Рим сыйлығын алуды армандайтын.
Бөлменің ортасында қолындағы стакан толы сыраны асықпай ұрттап тұрған Жори бір кезде:
— Мен осы төралқаға әбден тойып біттім! — деп мәлімдеді. — Қаласаңдар, мен оны құлатып берейін. Жақын нөмірлердің бірінде оқ жаудыра бастаймын... әрине, сендердің көмектеріңмен. Келістік пе? Күш біріктірсек, олардың пәршек — пәршесін шығарамыз. Міне, қызықтың көкесі сонда болады!
Клод қостау білдіріп еді, өзгелері де гулей жөнелді. Иә, иә, осындай бір науқанды бастауымыз керек! Күш біріктіріп, қатар жүргенде ғана мақсаттарына жететіні анық. Әзірше бұлардың ешқайсысы жеке басының атақ, дәрежесін өсіруді ойламайды, өйткені бір-біріне ұқсамайтын өзгешеліктер мен бақталастықты білмес еді — оның бәрі кейініректе бас көтеріп, өзара бөлектенуге, айырылысуға әкеліп соқты емес пе? Әзірше біреуі табысқа жетсе, қалғандары соны ортақ жеңіске балап, бірге қуанады. Жастық желік бойларын кернесе, адал достық сезімдері асып төгіліп жатады. Дүниені жаулап алу үшін тізе қосып бірігуді армандайды. Әрқайсысы жан аямай әрекет жасап, бір-бірінің қолтығынан демеп жүріп-ақ тұтас шеп құруға дайын. Клод осылардың өздері таңдаған жетекшісі ретінде күні бұрын сөзсіз жеңіске жететіндерін мәлімдеп, әрқайсысына тиісті бағаларын үлестіріп қойған. Тіпті париждіктерге тән сайқымазақтығына қарамастан, Фажерольге шейін осындай ауызбірліктің қажет екенін мойындайды. Алыс түкпірден келіп, әлі Парижге толық еті үйреніп кете қоймаған Жори болса, зор мақсаттарға ұмтылмай-ақ, қалайда жолдастарына пайда тигізуді ойлағандықтан, бұлардың әрбір сөзін қағып алып, артынша ұзақ сонар мақалаларының тақырыбына айналдырып жібереді. Магудо жасанды дөрекілікпен жұдырығын түйіп алып, қамыр илеген наубайшыдай күллі қоғамдық пікірді асты-үстіне түсіріп мыжғылай бастайды. Шарап қызуына еліткен Ганьер өз суреттерінің сұрықсыздығына қарамастан, сыпайылықты ұмытып, ақыл-парасатты қажет етпейтін сезімдер патшалығын мадақтаудан танбайды. Жаратылысынан саналы әрі сақ Дюбюш анда-санда қарсылық көрсетіп, бірдеңесін қосып қойғанда, соның өзі айтыстан қызара бөрткен жолдастарының төбесіне балғадай тоқ — тоқ тиіп жатқанын байқау қиын емес. Осылай бәрінің бір жерде бас қосып отырғандарына қуанған Сандоз біржола кедейленіп қаламын деп қорықпай, сыра бөтелкелерінің тығынын ашып тастаумен болды.
— Енді бізге шегінерге жол жоқ, — деп жариялады ол — Өмірдің қызығы осы емес пе?.. Ортақ идеялардың төңірегіне бірігіп, бірге күрессек, ана нақұрыстардың төбесіне жай түсіп, бәрі күл топыраққа айналмақ!
Есіктің қоңырауы қағылып, Сандоздың сөзін бөліп жіберді.
— Сағат он бір болып қалыпты. Кешеуілдетіп жүрген бұл кім өзі? — деп таңырқаған ол есікті өзі барып ашқанда, қалғандары оның қошеметшіл даусын естіді.
— Ay, сізді де көретін күн бар екен ғой! Бұл Бонгран мырза емес пе?
Үй иесі осылай құрметпен құшақ жая қарсы алып тұрған атақты суретші Бонгран мырза да айрықша ашық раймен босағадан аттады. Бәрі дүрлігіп орындарынан көтеріліп, атақты суретшімен қол алысып амандасып жатты. Жасы қырық бестер шамасындағы, ұзын бойлы, шаршау жүзді, шашын бурыл шалған Бонгран жуықта Академияның толық мүшелігіне өткен еді, енді оның қарапайым кеудешесінде құрметті легион ордені жарқырайды. Бонгран жастарға жақын жүретін, осындай жаңа бастаған талапкерлер орта — сында отырып демалғанды, солардың жастық буына жылынғанды ерекше жақсы көретін.
— Мен қазір шай дайындап жіберейін! — деп айқайлады Сандоз.
Сандоз құманын көтеріп ас үйден қайтып шыққанда, улап-шулаған жігіттердің ортасында, шылым салған қысқа түтігін сорғылап, үстел басына жайғасып үлгірген Бонгранды көрді. Босс маңындағы фермердің немересі болып келетін Бонгранның өзі де анда-санда гүрілдеп дауыс шығарып қояды. Әкесі буржуа болғанмен, мұның бойында қарапайым шаруа қаны ағып жатса керек, әрі шеше жағынан тараған өлімдік нәзіктік те барға ұқсайды. Дәулетті адам ретінде Бонгран суреттерін сатпай, ақсүйектердің талғамы мен дәстүрін сақтап, еркін өмір сүрер еді.
— Әй, сол төралқаларын құрып кетсінші! Мен өлсем де, ондай құрамға кіруге келіспес едім! — деп енді ол қолын сермейді. — Нан тауып жегісі келген бейшараларды лақтырып тастайтындай мен жендет емеспін! Солай ма?
— Дегенмен, сіз ол құрамға кірсеңіз, біздің картиналарымызды қорғап қалар едіңіз ғой, — деп Клод қыстырылды.
— Олай бола қоймас. Мен тек сендердің беделдеріңді түсіремін. Өйткені ол жерде менің пікірімді тыңдап, санасатын ешкім жоқ.
Мұны естігенде, бәрі шуылдап қарсылық көрсете бастады.
— Егер "Ауылдағы той" атты ғажайып туындының авторымен санаспайтын болса... онда! — дегенде, Фажерольдің жан даусы шықты.
Бонгран ашуын тежей алмай, орнынан атып тұрды. Екі беті алаулап қызарып кетіпті.
— Сол "Тойдың" атын атамаңдаршы... Әбден тойдырып бітті, оллаһи! Люксембург музейіне іліп қойғалы бері сол сурет менің түсіме кіретін құбыжыққа айналды, — деген.
Шынында "Ауылдағы той" Бонгранның қолынан шыққан теңдессіз дүние еді. Той шеруі қара бидай өскен егіннің ортасымен өтіп барады, ал Гомердің эпикалық қаһармандарына ұқсаған шаруалар тұлғасы ерекше шыншылдықпен бейнеленіп, көз қарықтырады. Бұл шығарма сурет өнеріндегі жаңа тәсілдер үлгісімен жазылған белес ретінде қабылданған. Делакруадан кейінгі, Курбемен қатарлас тұрған картинадағы романтизм сарыны жүйелі ойлармен толысып, өмір көріністері дәлдігімен, түрлік жетістіктерімен ерекшеленсе, натураның өзі пленэр мектебіндегі секілді тым жалаңаштанбай, табиғи бояуларын сақтап қалған. Жаңа мектептің жарнамашылары Бонгранның осы үздік шығармасын өздерінің көзқарастары негізінде жазылған деп жариялап қойғаны қашан!
— Сіздің осы картинаңыздағы әлгі екі бейнеден артық ештеңені білмеймін, — деді Клод. –
Олар скрипкашы жігіт пен шалдың қасында тұрған қалыңдық.
— Ал ұзын бойлы шаруаны қайда қоясың? — деп Магудо дауласа кетті. — Сәл кейін қарай бұрылып, қасына ыммен шақырып тұрған әйелді айтам... Меніңше, мүсіндеп құюға әбден лайық тұлға!
— Жел шайқаған егіннің толқыны қандай! — деп Ганьер сөзге араласты. — Әйтпесе алыстан бұлдырап көрінген, бір-бірін қуалап ойнап жүрген балақай мен қыз қандай!
Бетінде уайым аралас күлкі табы білінген Бонгран бұлардың әңгімесін ыңғайсыздана тыңдап отырды. Қазір не істеп жүргендігі жайында сұраған Фажерольдің сұрағына:
— Ұсақ түйектер болмаса, ештеңе... — деп иығын қиқаң еткізіп жауап берген. — Көрмеге бірдеңе ұсынарлық та ойым жоқ. Бізге қарағанда, босағадан сығалап жүрген сендердің жағдайларың жақсы. Өйткені сендер әлі күштерің қайтпаған, жүректерінің түгі бар жассыңдар, жоғары қарай әрлей беруге мүмкіндіктерің мол. Ал бірақ биікке шықсаңдар болды, сандалбай өмір сонда басталады! Нағыз азап, жан-жақты күндеу, өзіңді-өзің жетілдіру жолындағы күрес, құлдырап құлап кетуден сақтану... бәрі келіп қаумалайды. Бұдан гөрі сендердің қатарларыңда жүрудің өзі артық. Сенсеңдер де, сенбесеңдер де осы!
Бұл сөзді естіген жастар мұның бәрін үлкен адамның құйтұрқы мінезіне, қалжың-қылжағына балап, түсініскен кешірімді жағдайда біраз күлісіп алды. Әйтпесе ел таныған дәрежеге жету зор бақыт емес пе? Ал атақты суретші мұның шын сөзіне сенбеген жастармен әрі қарай сөз жарыстырғысы келмегендіктен, үстелдің арқалығына қолын тіреп, шылымын бұрқыратып, жайбарақат тұра берді.
Шаруаға икемі бар Дюбюш шай құйып таратып жүр. Айтыс, айқай-шу қыза түскен. Фажероль мәселен, Мальгра отағасының өз әйелінің туған сіңлісін суретшілерге "қарызға" беріп, соның ақысына жалаңаш әйелдің суреті салынған картиналарды алғандығы жөнінде бірдемелерді гөйіте бастады. Бұдан кейінгі әңгіме натурщица әйелдер тақырыбына ауысты. Магудо соңғы кездерде кісі қызығарлық қарны бар сүйкімді әйелдердің азайғанын айтып, зар илейді. Ал Ганьердің аузынан Пале — Роялде өткен концерт кезінде танысқан сурет өнерінің жанкүйері болып жүрген бір рантье — өсімқор байдың бар қаражатын осы жолға жұмсап, отыра зекет болғанын естігенде, бәрінің естері шығып қуанғанын қайтерсіз. Енді бұлар сол жанкүйердің адресін сұрап, Ганьердің мазасын алды. Өйткені осы күнгі алармандар шетінен әккі емес пе: қалайда суретшілердің туындыларының бағасын түсіру үшін ортада жүрген делдалдармен жұмыс істеуге тырысып бағады. Мұндай әрекеттің суретшілердің күнкөрісіне әсер ететіні түсінікті еді. Клод қана сыр берген жоқ. Бұларды әркімнің тонап жүргені жаңалық па екен? Егер сенің қолыңнан үздік шығарма жасау келіп жатса, қалғаны сөз бе екен? Нан мен суға қарап та өмір сүру айып емес. Осы тұста Жори тағы да табыс табудың жолдарын айта бастап еді, бірден басы бәлеге қалды. Мұндай пайдакүнем журналист ортамыздан қуып тастауымыз керек! Сен, немене, сөзіңді сатамысың? Өз көзқарасыңа қайшы келетін мақалаларды жазғанша, қолыңды кесіп тастамаймысың? Жори өзінше жауап бергісі келіп еді, тыңдайтын ешкімді көрмеді — бәрі еліріп алған екен. Шіркін, жастықтың қызуы-ай десеңізші! Пендешілік атаулыдан ада, өнер жолындағы жанқиярлық құмарлық, әрбір осалдықтан тазару — жиырманың үстіне енді шыққан осы буынның көңілдерін атқан таңдай жарқыратқан шұғылаға ұқсар еді. Бұлар өздері жаққан жалынға түсіп, біржола жанып кетуден рақат табатын буыннан еді.
Жастық екпінмен жарақтанған, селкеу сіз сенімдерін серік еткен осы топтың қамал бұзарлық қызу мінездерін манадан бері үнсіз тыңдап отырған Бонгран бір кезде қолын сермеп, іштей қатты опық жегенін байқатты. Ол әп-сәтте өзінің осы уақытқа шейін салған жүздеген полотноларын, дардай атақ-дәрежесін ұмытып, әлі аяқталмаған, әлі жазылмаған, толғағы тоқсанға айналған жаңа шығармасы туралы қиялдай бастапты. Аузындағы шылымын алып, ішкі қобалжудың әсерінен жасаураған көзін ашып-жұмып отырды да:
— Шіркін, жастық-ай! — деп сыбырлады.
Осылай түңгі сағат екіге жеткенше Сандоз құманына қайта — қайта су құйып, қонақтарын күтумен болды. Елдің бәрі ұйқыда,ашық тұрған терезеден жабайы мысықтардың мияулағаны естіледі, сыртта өзге бөтен дыбыс жоқ. Ал бұлар дауыстары қарлыққанша айтысып, әбден шаршаған да сияқты, бірақ көздері бұрынғыша жалт-жұлт етеді. Қонақтары қайтуға жиналғанда, қолына шам ұстаған Сандоз баспалдақпен төмен қарай қозғала бастаған олардың жолдарына жарық түсіріп тұрады. Әрі — Тыныш! Менің шешем оянып кетіп жүрмесін! — деп сыбырлайды.
Баспалдақ бойымен жүрген аяқ дыбыстары ұзап кеткенде, үй ішінде де толық тыныштық орнады.
Таңертеңгі сағат төрттің шамасы еді. Бонгранды шығарып салған Клодтың даусы оңаша тыныш көшеде жаңғырығып естіледі. Бүгін оның ұйықтағысы жоқ, тезірек күннің шығуын күтеді, содан кейін бірден бастаған жұмысына қайта кірісіп кетпекші. Оның үстіне, бүгінгі күні мағыналы өтті, ендеше жолдастарының қызу айтысынан соң, дүниені таң қалдыратын арман-мақсаттарын жүзеге асыру жолындағы жаңа еңбегі ерекше сәтті шығатынына сенімі нығая түскен. Өйткені сурет өнерінің терең сырын әбден түсіне бастаған секілді. Енді ғашығын көруге асыққан ынтызар күйеуге ұқсап, жүрегі лүп-лүп соғады, ұзақты күнге созылған үзілісі мәңгілік көрмегенге ұқсайды, сол себепті шеберханасына тезірек жетіп, бір отырғанда — ақ бар арманын жүзеге асыратын дүниені полотно бетінде жазып шықпақшы еді. Ал Бонгран болса газ шамдардың көмескі жарығының астында келе жатып, қайта — қайта Клод киген кеудешенің етегінен тартады, сондағы айтатыны: бұл құрып қалғыр сурет өнері — құдайдың бізге жіберген жазасынан басқа дәнеңе емес. Мысалы, Бонгранның өзі біраз тәжірибе жинақтағанына қарамастан, әзір ештеме бітірген жоқ екен. Әрбір жаңа шығармаға кіріскен сайын басын тау-тасқа ұрып, бәрін қайта бастауға тура келеді.
Таң бозарып атқанда, саудагерлер орталық базарға қарай ағыла бастады. Бонгран мен Клод жұлдыздар түгел өшіп, көрінбей кеткенге шейін өзара әңгімелерін жалғап, көше аралап жүрді де қойды.
IV
Арада ай жарымдай уақыт өткен. Шеберхананың үлкен терезелерінен ішке қарай құйылған таң жарығының астында Клод жұмыс істеп отырды. Тамыздың ортасына қарай жиілеп кеткен жаңбыр біраз мазасын алғанмен, аспан ашық күндерде бұл сурет салуға осылай құлшына кірісетін. Бірақ осынау көлемді дүниесі — қиялындағы көркемдік мұратын іске асыру жолында қаншама жүректілік әрі төзімділік көрсеткеніне қарамастан, оңайлықпен ілгері жылжымай қойды.
Есік қағылды. Клод ертеңгі асты әкеле жатқан консьерж әйел Жозеф болар деп ойлаған, өйткені есіктің кілті кіре берісте ілулі тұрушы еді, сол себепті:
— Кіре беріңіз! — деп айғайлады.
Есік ашылды да, артынша тым-тырыс бола қалды. Клод еш нәрсеге мән берместен, жұмысын істей берген. Бірақ әлгі тыныштықты әлдекімнің ақырын дем алысы бұзғандай естілген соң, әлденеден секем алып, артына қарады. Артына қарады да, қатты таңырқап, тілі байланып қалғандай болды. Мұның алдында бір шоқ райхан гүлін кеудесіне қысып ұстаған, үстіне ұзын ақ көйлек киіп, бетін жұқа тор пердемен жасырған бейтаныс әйел тұр еді.
Клод бірден — ақ оны тани кетті.
— Бұл сіз бе едіңіз, мадмуазель?! Сізді қайтып көретін де күн бар екен-ау!
Бұл Кристина еді. Клод сыпайылық шегінен асып қуанса, әлгі айтқаны адал сыры болатын. Әуел баста осы қызды жиі еске алып жүргенмен, бірте-бірте — арада екі айға жуық мерзімде хабар-ошары естілмеген соң, кейде түсіне де кіріп қоятын тәтті қиялға айналып, алыстап, ұмытыла бастағандай еді.
— Иә, сударь, менмін ғой... Жақсылықты білмейтін біреу болып көрінбес үшін келдім, — деді қыз.
Осыны айтқанда Кристина тұтығыңқырап, беті де алаулап қызарып жүре берді. Баспалдақпен жоғары көтерілгендіктен бе екен, әйтеуір жүрегі дүрсілдеп, ентігіп тұрды. Қаншама қиялдан өткізіп, әрең жүзеге асырған осы кездесуі ыңғайсыздық туғыза ма, қалай? Әлгінде өзен жағалауында келе жатып бір шоқ райхан гүлдін сатып алғандағы ойы — осы әрекеті арқылы жігітке деген ризалық сезімін білдіру еді, енді сонысына ұялатын секілді. Гүлді қайтіп тапсыру керек? Онда ол не ойламақ? Өстіп қыз өз бетімен келудің ыңғайсыздығын суретші шеберханасының табалдырығынан аттаған соң-ақ сезе бастаған.
Қыздан бетер сасқалақтаған Клодтың есі шығып, бәйек болып жүр. Палитрасын былай лақтырып тастап, үйдің астан-кестеңін шығарды, содан кейін қонағына орындық ұсынды.
— Мархаба, отырыңыз... Бұл бір күтпеген жағдай болды-ау, — дейді.
Орындыққа барып жайғасқан Кристина қалыбына түсті. Жігіттің дегбірі қашып демігіп жүргенін көрген соң, өзінің де күлкісі келіп, батылдық пайда бола бастады.
— Менің ризалық көңілімнен қабылдаңыз! — деп қолындағы гүл шоғын ұсынды.
Жігіт не істерін білмей, көзі бақырайып тұра берді. Артынан қыздың өзін мазақ ету ниеті жоқ екенін түсінгенде, қапелімде қыздың қолына жармаса кетіп, гүл шоғын жұлып алды да, құмыраның ішіне апарып қойды. Аузына да тыным жоқ.
— Неғылған тамаша адамсың өзің! Өмірімде бірінші рет әйел затына осындай сөз айтып тұрмын, оллаһи! — деп қыздың қасына жетіп барып, көзі бақырайып: — Шынымен-ақ мені ұмытқан жоқсыз ба? — деп сұрады.
— Көрініп тұр емес пе? — деп күлді Кристина.
— Сонда екі айдан бері қайда жүрсіз?
Осы арада өтірік айтуға мәжбүр болған қыз тағы да қызарып кетті.
— Өзіңіз білесіз, менің бас еркіндігім жоқ қой... Әрине, Вансад ханым маған мейірімді көзбен қарайды. Бірақ ол үйден шықпайтын мүгедек емес пе? Содан ақыры таза ауаға серуендеп қайтуыма рұқсат бергенше, күтуіме тура келді.
Өткен жолы Бурбон жағалауында бастан кешкендерін кейін қалай қысыла, қымтырыла еске алғанын Кристинаның айтқысы келмеді. Қартайған Вансад ханымның қасында жүріп, барлық қауіп-қатерден құтылғандай болса да, әне бір кезде бейтаныс суретші жігіттің шеберханасында түнеп шыққаны есіне түссе, ұяттан өліп кете жаздар еді. Түнгі елестен қашқандай, сол жігітті біржола ұмытып кетермін деп ойлаған. Бірақ жайбарақат жаңа өмірінде, қайдан шыққаны белгісіз, бұлдыр көлеңке арасынан бұлаңытып көрінген естелігі бірте-бірте нақтыланып, шынға айналып, басқаның бәрін ысырып тастай беретін. Бәрібір оны оңайлықпен ұмыта алмайды екен. Қайтіп ұмытсын: ол жігітті кінәлайтындай түк сылтауы жоқ, ендеше алғыстан басқа айтары бар ма? Әуелде өзін-өзі тежеп жүрсе де, көп ұзамай сол жігітті қайтып көрсем-ау деген үміт әбден мазасын кетірді. Күнде кешкілік оңаша қалғанда арбау ойлар қайтып басын көтерер еді. Сартап сағынышқа айнала бастаған өзінің осы әлсіздігін ақтау үшін осы сезімнің бәрі дер кезінде алғысын айта алмағандықтан туғанға сайып, сабырлы болуға тырысып та жүрді. Бірақ Вансад кемпірдің ұйқылы-ояу сұр үйінде өтіп жатқан өмірі сұмдық көңілсіз, жалғыздыққа толы еді. Ал жастық қызуы бойын кернеп, жас жүрек өзіне теңдес дос іздемес пе?!
— Міне, өстіп алғашқы серуенімді пайдаландым, — деп Кристина сөзін жалғады. — Оның үстіне, сылбыр жауған жаңбырдан соң аспан шайдай ашылып кетті емес пе?
Кеудесі қуанышқа толған Клод қыздың алдында тікелей тік тұрып, ішкі сырын ақтара бастады.
— Мен сіз туралы армандаудың өзінен қорқып жүруші едім. Сенесіз бе, сенбейсіз бе? Сіз, мәселен, күтпеген жерде пайда болып, артынша ұшып кететін қанатты періштеге ұқсайсыз. Мен өзіме — өзім тоқтау айтып, бәрі бітті, көргеніңнің бәрі тәтті түс қана, ешкім ешқашан сенің шеберханаңда болған емес дейтінмін! Сөйтсем... міне, сіздің өзіңіз келдіңіз. Енді менің қуанышым мен мақтанышымда шек жоқ!
Аздап қысылыңқыраған Кристинаның көзі күлмеңдеп, жан — жағына қарап тұрды. Бірақ артынша өңі жүдеп шыға келді. Өйткені айналасындағы тұрпайы, қатыгез суреттер, күнгей жақтың жалқын бояулы эскиздері, анатомиялық дәлдікпен жасалған жабайы нұсқалар сол алғаш көргендегідей денесін тітіркендіріп жіберді. Қорыққаны соншалық, даусы дірілдеп:
— Қой, мен қайтайын. Сіздің жұмысыңызға кедергі жасамайын, — деген.
— Жоқ! Олай емес, — деп жан даусы шыққан Клод қыздың отырған орындығына жармасты.
— Мен әбден жұмыстан шаршаған адаммын. Енді сізбен сөйлескім келеді... Әй, осы қарғыс атқыр картина әбден әуре-сарсаңға түсіріп бітті!
Кристина бұдан соң еңсесін көтеріп, өткен жолы қабырғаға қарай аударылып тұрған, сол себепті көрудің сәті түспеген суретке көзін тіккен. Күн сәулесі түскен орманның бір шеті жалпылама көрініс ретінде әлі де жадағайлау жазылыпты. Ал алысып-жұлысып ойнап жүрген сары қыз бен қара қыздың бейнелері тап-таза жаңа бояулар арқылы жарқырап, бұрынғыдан анық көріне бастаған. Алдынғы жақта отырған ер кісі, үш мәрте қайта салынғанына қарамастан, діттеген жеріне жете қоймапты. Сірә суретшінің бар назары әлі де ортада жатқан әйел бейнесін әрлей беруден аумаған секілді. Клод апта сайын натурашы қыздарды ауыстырып, осы әйелдің жалаңаш денесін сұлулаумен әуреленуде еді. Содан әбден болдырып, еш нәрсеге көңіл толмаған соң, живописте құрғақ қиялға берілуге болмайды дейтін бұрынғы ұстанымына қарама — қайшы мінез көрсетіп, натурадан тыс бейнелер іздей бастаған.
Кристина бірден — ақ өзін жазбай таныды. Мынау екі қолын төбесінен асырып, жасыл шөптің үстінде жатқан, жүзінде күлкі ойнаған көзі жұмулы әйел Кристинаға ұқсар еді. Жалаңаш әйелдің бет ажары да айнымайды. Ожар мінезді әлдекім үстіндегі киімін сыпырып тастап, мұның жалаңаш тәнін әдейі әшкерелегендей екен. Әсіресе осы суреттегі жабайы, ышқынған сезімдер намысына тигендей болды. Аяқ астынан зорлауға ұшырағандай, Кристинаның денесі мұздап қоя берген. Мұндай суретті түсіну мүмкін еместей көрінді. Мұндай жексұрын суреттер әдетте қас дұшпанға лайық өшпенділік сезімін туғызар еді.
Кристина орнынан көтеріліп:
— Мен кетемін, — деп кесіп айтты. Лезде көңіл ауаны өзгере қалған қонағына таңырқап әрі ренжіңкірей қараған Клод:
— Неге асықтыңыз? — деп сұрады.
— Мені біреулер күтіп тұр еді. Қош! — Осыны айтқан Кристина есік алдына бара бергенде,
Клод оның қолына жармасып:
— Сізді қайтып көрер ме екенмін? — деп жүрексіне сауал қойды. Қыздың кішкене саусақтары жігіттің уысына сыйып кетті. Екіұдай халде тұрғаны байқалды.
— Білмеймін. Менің қазір шаруам көп... — Бұдан соң қолын тез босатып алып:
— Уақыт болса, көре жатармыз... Қош! — деді де, кете барды.
Шарасы таусылған Клод қаққан қазықтай орнынан жылжымай тұрды да қалды. Бұл немене? Не болды? Соншалық бүлінетіндей, аяқ астынан құбылатындай не бар? Осындай көңілсіз ойлардың қамауына түскен ол есікті тарс жауып алды да, қолын әрлі-берлі сермеп, шеберхана ішінде теңселіп жүрді де қойды. Кристинаның намысына тиетіндей ештеңе айтқан жоқ секілді. Бірақ осының бәрі түкке татымайтын нәрселер екенін білсе де, алыс-жақынның бәрін балағаттап, біразға шейін сабасына түсе алмады. Әй, осы әйел — дердің құйтұрқысын түсініп көр... Содан әлгіндегі құмыра ішінде бастарын иіп, айналасына жұпар шашқан гүл шоғына көзі түсіп кеткенде, аздап басылайын деді. Әсіресе райхан гүлдерден тараған хош иіс шеберхана ішін толтыра бастағанда, бұл соны құмарлана жұтып, қайтадан жұмысына кіріскен.
Тағы да екі айдай мерзім өтті. Алғашқы күндері Жозеф кемпір таңертеңгілікте азаңғы асты әйтпесе поштаны әкелген сайын Клодтың көңілі елегізіп, артынша суынып қалушы еді. Сағат төртке шейін үйден шықпайтын Клод бір күні кешкілік серуеннен қайтқанда алдынан шыққан қақпашы бұл жоқта әлдеқандай бейтаныс әйелдің келіп кеткенін хабарлады. Артынан білді: ол мұны іздеп жүрген натуршы әйел Зоэ Пьедефер екен. Күн артынан күндер өте берді. Клод бұрынғыша ешкімді керек қылмай, біржола жұмысына кірісіп кеткен. Анда-санда достарымен айтысқа түсіп, өз пікірлерін өлермендікпен қорғағанда, ешкімнің аузын аштырмайды. Сурет өнерінен басқаның бәрін мансұқ етіп, әрбір өнерпаздың туған-туыстан, жақын жолдастан безуге шейін барып, әсіресе әйел затынан аулақ жүруі керек екенін дәлелдеп, өңешін жыртады. Осындай қызу айтыстардан кейін аптаға созылған сары уайымға түсетіні тағы бар. Сол баяғы ескі әуен: өзі қолынан жаңа дүние туғыза алатын жасампаз ба әлде басқа ма? Ақыр соңында өмір өз арнасына түсіріп әкетеді де, бұл қылқаламын қолына ұстап, жанқиярлық әрекетпен картинасын қайта жазуға кіріседі. Осындай қызу құштарлы еңбекке толы күндердің бірінде, қазан айынын тұманды ертеңгілігінде кенеттен қолы дірілдеп жүре берген Клод палитрасын — бояу тақтайшасын жерге түсіріп алды. Өйткені есік ашылмай жатып-ақ, ол баспалдақпен жоғары қарай көтерілген аяқ дыбысын естіген еді. Есікті барып ашқанда, күткен адамының өзі кіріп келді.
Иә, бұл Кристина еді. Қыз үстіне етек-жеңі кең, жүннен тоқылған сұр плащ киіпті, басында қоңыр барқыт қалпақ, ал қара шілтерлі бет пердесінде сырттағы ылғалды ауадан тамған ұсақ тамшылар меруерт түйіршіктеріндей жылтырайды. Күзгі суықтың алғашқы демі өңін аша түскендей екен. Кристина қысыла күліп тұрып, біраздан бері көрінбей кеткеніне, біраз уақыт күдіктеніп жүргеніне кешірім сұрай бастады. Кездеспей қойғанымыздың өзі дұрыс болар, басқа бір жөні табылар деген сықылды ойлардың шырмауынан шыға алмағанға ұқсайды. Клод ештемені түсінген жоқ, түсінгісі де келмеді: қыз келген соң, бәрібір емес пе? Кристинаның әнеугі ашуы қайтып, енді ескі жолдас ретінде анда — санда осылай кездесіп тұруға келісім бергені әбден жеткілікті. Бірдемені түсіндірудің, ақталудың да қажеті жоқ, әрқайсысы оңашада тартқан тақсіреттерін іштерінде сақтағанды жөн санайды. Енді екеуі сағат бойы сырласқанда, бұрынғыдай бір-біріне мін тағудың орнына, білгендерін жасырмай, көңілдегі күпті ойлардың бәрінен арылған соң, кәдімгі жақын достардай табысуға айналған. Бұл жолы Кристина қабырғада ілулі тұрған эскиздер мен этюдтерге назар аудармағандай көрінді. Бір мәрте ғана жалындаған күннің жарығы астында, көк майсаның үстінде жатқан жалаңаш әйелдің бетіне көз қиығын тастаған. Әрине, бұл әйел Кристинаға ұқсамас еді: тәні де, өні де басқа. Өткен жолы осы айғыздалған бейнеден қандай сәйкестік тауып жүр? Осыны ойласа, Клодқа жаны аши бастайды. Бұл байғұс ештемені ұқсатып сала алмайды екен-ау.
Кетіп бара жатып, Кристина Клодқа қолын ұсынды.
— Тағы қайтып келемін ғой, — деген.
— Әрине, екі айдан соң...
— Жоқ, келесі аптада... Бейсенбі күні кездесіп қалармыз. Уәдесін жұтпаған Кристина шынында да бейсенбіде қайтып оралды. Осыдан кейін ол аптасына бір рет ұдайы соғып кететін болды. Әуелде алдын ала келіспей-ақ, қолы босаған кезде көрінсе, кейініректе дүйсенбіні таңдады — Вансад ханым дәл осы күні Булон орманында серуендеп қайтуға рұқсат береді екен. Сағат он бірден қалмай Пассиде болуы керек, сол себепті Бурбон жағалауынан Пассиге шейін әдетте жаяу баратын Кристина асығып-үсігіп жүргендіктен, аз уақытқа аялдауға әрең мұршасы жететін. Қазан мен ақпан аралығындағы төрт айдың ішінде ауа райын таңдамай еркін қатынады: нөсер жаңбыр құйып тұрған кездерде әйтпесе Сена үстінен көтерілген тұман айналасын тұмшалап, қыстың қытымыр күні қаңырап бос қалған жағалауды жылыта алмаған сұрғылт күндерде де осы дағдысынан жаңылған жоқ. Арада екі ай өткен соң әлдебір жұмыстармен қаланы аралап кететін де, қайтар жолында бес-алты минутке шеберханаға басын сұғып, асыққаны соншалық, амандықтан соң тез жиналып, баспалдақтан төмен түсіп бара жатқанда ғана "Кездескенше!" деп айқайлап үлгіруге шамасы жететін.
Осы уақыттар ішінде Клод Кристинаны біраз танығандай болды. Әуел баста әйел затына күдікпен қарайтын ескі әдетімен бұл қыз ана жақта шаруасын бітіріп жүрген шығар деп ойлаған, бірақ қыздың мөлдір таза көзі мен бейкүнә сәби күлкісі бірте — бірте күдігін сейілтіп жіберді. Уақыт өткен сайын Кристина да қысылып қымтырылудан арылып, жақын досына келгендей емін — еркін қатынап жүрді. Енді ешбір сырын жасырмай, ұзақ әңгімелейтін болды. Мәселен, ол Клермонда өткен балалық шағы жайында кемінде жиырма мәрте қайғалаған шығар. Айтып отырса, капитан Хальгрен екінші жолы есінен танып, гүрс етіп еденге құлағанда, бұл шешесі екеуі шіркеуде екен. Содан қалай қайтып келгендері, қорқыныш — үрейге толы түннің қалай өткені түп-түгел есінде қалыпты: матрас үстінде аяғын созып жатқан ұзын бойлы, иегі сопақ, қарны қампиған капитан. Өлген әкенің осы бейнесі жас қиялда жатталып қалғаны соншалық, Кристина әкесін басқаша елестете алмайды екен. Өзінің де иегі әкесінікіндей соп-сопақ болып өскен қызына шешесі қатты ашуланғанда, аузына басқа сөз түспей: "Ой, иегі кебістей неме! Әкеңе ұқсап өжет болармысың!" деп ұрсатын көрінеді. Кристина жас кезінде еркетотай қылықтарымен, айғай — сүренге құмар тентектіктерімен шешесін талай ренжітіпті. Мұның есінде терезенің алдында желпуішін бояп отырған, бәкене бойлы, нәзік жанды, көзі жаутаңдаған шешесі мәңгі қалып қойыпты. Әлдебіреу шешесінің көңілін көтергісі келсе: "Қызыңыздың көзі сіздің көзіңізге ұқсайды" деуші еді. Мұндайда қызының әйтеуір бір жері өзіне ұқсағанына шүкіршілік еткен ананың жүзі жыли бастайды. Күйеуінің қазасынан кейін көп қиындық көрген шешесінің көзі көрмей, соқыр болуға айналды. Жесір әйелге берілетін алты жүз франк қызын асырауға әзер жетіп жүрді. Шешесінің бірте-бірте өңі қашып жүдей бастағанын, ақыр соңында көлеңкедей қауқары қалғанын соңғы бес жылда көзбен көріп, басынан өткерген Кристина енді уақытысында жөнді қам — қорлық жасай алмағанына, шешесінің күнделікті жұмысына көмектеспей, немқұрайдылыққа, еріншектікке салынғанына қатты өкінетін секілді. Аяқ-қолы айтқанына көнбей, біржола қозғалмай қалғанша тыныш отыруды білмеген шешесі ақыр соңында төсегінде жатып о дүниеге аттанып кетеді емес пе? Өлер сәтінде даусы қарлығып, көзінде мөлдіреген ірі жас тамшылары тұрады... Өзіне тура қарап, көзіне жас тұнған ана бейнесін Кристина әлі де жиі елестетеді екен.
Әйткенмен, Клермонға қатысты естеліктердің бәрі осындай көңілсіз емес еді. Клод қайта-қайта ежіктеп сұрап отырып, өзге сипаттағы әңгімелерді де естіген. Кристина Эклаш көшесі бойында өткен балалық өмірін есіне түсіргенде, аузындағы аппақ тістерін көрсетіп, мәз-мейрам болып күле берді. Әкесі гаскондық, шешесі париждік Кристина әу баста Страсбург шаһарында туғанмен, бұлар кейініректе қияндағы Овернге көшіп барған емес ие? Сол қоныстағы қараңғы, бұралаң, тар Эклаш көшесі Ботаникалық баққа қарай созылып жатады екен. Көше бойында жөні түзу дүкен, сапырылысқан халық жоқ. Мүлгіген үйлердің терезелері әрқашан жабық. Бұлар жалдаған пәтердің терезесі оңтүстік жақтағы аулаға қарағандықтан, күн сәулесі түсіп тұрады екен. Асханадан шығатын үлкен балконда шырмауықтай шырматылған глицинин жапырақ жайып, көлеңкесін түсіреді. Міне, осындай үйде ержеткен Кристина әуелде мүгедек әкесі отыратын креслоның қасында ойнап жүрсе, кейініректе сыртқа шығуға шамасы жетпей, асханада қамалған шешесінің қасынан шықпаған. Сол себепті Кристина өзі өскен қаланың айлағын да, айналасын да жөнді білмейді екен. Клодтың әрқилы сұрағына енді сылқылдаған күлкі — сімен жауап беріп отырады. "Тау бар ма?" деп сұрайсың ба? Иә, қоныстың бір шетінде жатаған жоталар көрінетін, екінші жағында жалпақ жазық жатар еді. Бірақ Кристина ол жаққа аяқ басып бармаған. Әйтеуір Тюи-де-Дом деген үйілген маяға ұқсаған бір төбенің барын біледі. Да-Жод алаңы мен Де-Гра көшесінен өтіп, ғибадатханаға жиі соғып тұратын. Басқа көшелер мен бұрылыстар жадында жоқ. Тұйық көшелер мен бульварлар, тау етегінде үйіліп жатқан күл төбелер, аспанда нажағай ойнап, нөсер құйғанда, сай — сайды қуалап ағатын тасқын сулар — бәрі араласып, бытысып кеткен. Аспанда нажағай ойнағанда, сұмдық қорқады екен — қазір де есіне түссе, денесі тітіркенеді. Бұлардың терезесінен алыстағы музейдің төбесінде шошайып тұрған жайтартқыш анық көрінеді екен. Жатын бөлмесіне айналған асхананың терезесінің астында амбразураға ұқсаған терең қуыста Кристинаның жазу үстелі тұрып, соның үстінде әр түрлі кітаптар, ұсақ-түйектер шашылып жатады. Осы жерде шешесі бұған әліппені үйретсе, кейін сол сабақты өзге мұғалімдер келіп жалғастырғанда, оқуға ықыласы жоқ қыз әрқашан қалғып-мүлгіп әзер отырады екен. Енді өзінің надандығын келекеге айналдыратын сыңайы бар. "Оқымысты" қызыңыз ең арғысы француз корольдерінің аты-жөнін, олардың қашан, қай жылдарда өмір сүргендерінен хабарсыз болып шықты. Музыкалық қабілеті де онша емес: "Кішкене қайықтан" басқа ештемені үйрене алмаған. Суретшілігі де онша емес: ағаш жапырақтарын акварельге түсіру қиынның қиынындай көрініпті. Бұдан соң Кристина шешесін жер құшағына тапсырысымен, монастырьға барып паналағаны, сонда бір жарым жылға созылған өмір хикаялары туралы айта бастаған. Монастырь қала сыртындағы жасыл бақтың ортасында орын тепкен. Қайырымды монах әйелдер, қызғаныш пен қисынсыздыққа толы оқиғалар Клодқа недәуір қызық көрінді. Шіркеуге кіргенде тынысы тарылатын Кристина бәрібір монашка болуға бекінсе керек! Осылай өмірден үмітін үзіп таусылып жүргенде, бұған жаны ашыған монастырь басқарушы әйел ғибадат орнынан кетуге рұқсат беріп, Вансад ханымның жанында мәнерлеп оқушы қызметіне орналастырады емес пе? Мұның жанындағы құбылыстарды тез таныған сол әйелге осы күнге шейін іштей алғысын жаудырады. Парижге келісімен, Кристина діни үрдістерден қашықтай бастағанға ұқсайды.
Өстіп Клермон төңірегіндегі естеліктер азая бастаған тұста, Клод қыздан енді Вансад ханымның қасында өтіп жатқан өмірі жайында сұрауға кірісті. Бұл жақта да біраз қызықтар бар көрінеді. Пассидегі кішкентай жеке үйдің әрқашан есігі жабық тұрады екен, ешқайдан бөтен дыбыс естілмейді, жым-жырт. Қабырғадағы ескі сағат тық-тық соғып, өмір өз ағысымен ақырын жылжиды. Қырық жылдан бері Вансадтардың отбасына адал қызмет етіп келе жатқан екі малай — ас пісіруші мен жандайшап аяқтарына жұмсақ шоқайларын киіп алып, қаңыраған бөлмелерді елестей еркін кезіп жүрер еді. Анда-санда жасы сексеннен асқан, қалың кілемдер үстіндегі жүрісі білінбейтін қаңбақтай жеңіл, әбден арыған бір генерал қонақшылап кайтады. Үйдегі терезелердің перделері үнемі жабық тұрғандықтан, қараңғылық басқан. Вансад ханым жүрістен қалып, көзі нашарлағалы бері оңаша бөлмесінен шықпай, ертеден қара кешке дейін тағылымды кітаптарды оқытып тың — дауды ермек етеді. Табжылмай кітап оқудың жас қызға қаншалықты қиын екенін ескермейді. Бұдан гөрі қызға әлдеқандай кәсіппен айналысу оңтайлырақ болар еді. Көйлек тігіп, қалпақ тоқып, гүл кестелеп отырған әлдеқайда артық емес пе? Бірақ амал нешік, осы уақытқа шейін бұл ештеңе үйреніп жарытпапты, қолбалаға ұқсатып әрлі-берлі жұмсайтын жартылай қызметші секілді біреу екен. Сөйтіп есік-терезесі жабық, шірік иісі шыққан ескі үйде құсалықпен өмірін өткізіп жүрсе керек. Жас күнінде ауру шешесінің көңілін аулау үшін тапжылмай қасында отырғанда пайда болған талма ауруы қайта шығыпты. Бірақ жастық қаны бойын кернеп, жаңа жақсы өмірге құлшынғанда, секіріп билей бастайтын көрінеді. Осыны байқаған Вансад кемпірдің жас қызға мейірі түсіп, таза ayада серуендеп қайтуға кеңес береді. Енді Кристина қатты ұялып жүрген сықылды, өйткені Клодпен кездесіп қайтқан соң Булон орманында сейіл жасағаны туралы әйтпесе өзі біраздан бері аяғын аттап баспаған шіркеуге барып ғибадат жасағаны жайында өтірік айтуға мәжбүр екен. Ал Вансад уақыт өткен сайын Кристинаны жақын тартып, бұған бірде жібек көйлек, бірде ішкиім, бірде көне сағатты сыйлайтын болған. Бірде тіпті "қызым" деп бауырына басқанда, мұның да жүрегі елжіреп, көзіне жас алыпты. Мүсәпір хәліндегі кәрі әйелді аяғаны соншалық, енді қайтып оның қасынан кетпеуге уәдесін беріпті.
— Осындай адал қызметіңізді ол кісі ескерусіз қалдырмас, — деді бірде Клод. — Бәлкім, сізді артындағы мұрагері ретінде таныр.
Мұндай ой басына келе қоймаған Кристина:
— Солай ма? Оның үш миллионнан астам қаржысы бар деседі... Жоқ, жоқ, менің ойыма оның ешқайсысы кіріп-шықпайды. Солай болған күннің өзінде, мен ондай ақшаны қайда сыйғызамын? Керек емес! — деді.
Клод қырын қарап тұрып:
— Онда сіз дәулетті адамдар қатарына қосыласыз. Әрине, алдымен ол кісі сізге бай тауып беруі керек! — деп кекетті.
Кристина күліп жіберді.
— Өзінің ескі таныстарының біріне, ақ басты генералға ма?.. Ақылға сыймайтын нәрсені айтады екенсіз!
Осылай екі жас ескі достардай тату-тәтті жүре берді. Екеуінің де аңқау, аңғал кездері. Клод осы уақытқа шейін жеңілтек әйелдермен кездейсоқ кездесіп жүргенмен, өнерге деген өрекпі құштарлығының арқасында, өмір қызықтарынан әлі құралақан болатын. Екеуіне де осы құпия кездесулері ұнайтын әрі мұны бір — бірін "айналдыру" деп түсінбей, келіп-кеткенде қол алысып амандасқанды қанағат етуші еді. Клодтың осындай аңқау, тәр — биелі қыздан өмір жайында әйтпесе еркектер жайында не білетінін сұрауға батылы жетпейді. Жігіттің жиі жүрексінетінін сезген қыздың да кейде кеудесін ынтызарлық кернеп, дірілдеген ұзын кірпіктерінің арасынан тесіле қарап қояды. Бірақ әзірше екеуі де лапылдап жанып кетпей, осы кездесулеріне ешкімнің кедергі жасамағанына қуанады. Не айтса да өзара қысылып-қымтырылмай, бәрін күлкіге айналдырып жіберуге тырысады; оқта-текте айтысып қалады, бірақ бір-бірінің қытығына тимей, достық шеңберінен шығып кетпейді.
Әдетте Кристина үйге кіргенде, Клод бірден есікті құлыптап қоюшы еді. Мұндай жағдайда ешкім бұларға кедергі келтірмейтіндіктен, Кристина қарсылық білдірмейді. Біраз уақыттан кейін Кристина суретшінің шеберханасына өз үйіне келгендей еркін кіретін болды. Қараусыз қалған бөлменің ішін кір-қоқыс басып кеткенін көргенде, әуелде төбе шашы тік тұрған. Ал суретшіміз шеберханасын жинастырмақ түгіл, күтуші әйелге еденді сыпыруға рұқсат бермейді екен, өйтсе, еденнен ұшқан шаң полотнолардағы бояуларға барып жабысып қалады-мыс. Кристина бәрібір бөлменің ішін ретке келтіре бастағанда, лажы құрыған Клод оған жақтырмай қарап тұрды. Заттарды орнынан қозғап қайтеді? Одан не өзгереді екен? Бірақ Кристина мұның дегеніне көнер емес, әзіл-қалжыңын айта жүріп, бәрін тазалап, жинастырып үлгірді, әрі Клодтың ақыр соңында бұған ерік бергеніне мәз болып қуанды. Енді осылай толық жеңіске жеткен соң, әрбір келісінде қолғабын шешіп тастай салып, көйлегенің етегін көтеріп қойып, бірден іске кірісіп кетер еді де, көзді ашып жұмғанша бәрін тәртіпке келтіретін. Енді қайтып пештің қасында күл үйіліп жатпайтын болды, кереует пен қол жуғыштың қалқасы орнына қойылды, диван тазаланып, шкаф жылтырағанша сүртілді, қайың үстелдің үстінде жатқан ыдыс-аяқ жуылып, қатқан бояулардан арылды, аяғы сынған орындықтар шетке шығарылып, бүлінген мольберттер қабырғаның бір бұрышына барып жайғасты. Тіпті алабажақ бояулармен боялған көкек — сағаттың өзі енді уақыттың қалай өтіп жатқанын көңілдене хабарлап тұрғандай еді. Шеберхананың іші мүлдем өзгеріп кетті. Осыны көрген Клод өзінше әндетіп, әбігерге түсіп жүрген қызға таңырқай қарайды. Неге бұл бұрын өзін жұмыс көрсе, кежегесі кері тартатын жалқау етіп көрсеткісі келді? Мұндай сұраққа Кристина күле жауап береді: оның ой еңбегіне қыры жоқ екен, ал дене еңбегін жаны сүйеді, өйткені дене еңбегімен айналысса, түзу өскен жас бұтақтай құлпырып шыға келмес пе? Бәлкім, кемшілігі шығар, бірақ қашаннан қарапайым шаруамен айналысқанды ұнатады. Жастайынан қызын қара жұмысқа үйретпей, көркемөнерге бейім ақсаусақ ретінде тәрбиелеуге тырысқан марқұм анасы мұны көргенде, қатты қапаланса керек. Еден жуып жатқан, әйтпесе шаң — тозаңды сүртіп, аспазшының рөлін ойнап жүрген қызын талай ұрсып — кейіп, тыйым салыпты. Енді күні-түні Вансад кемпірдің қасында кітап оқып отырғанда да үй шаруасын аңсайтынға ұқсайды. Бірақ өйтуге болмайды, онда бұл ақсүйек қыздардың қатарынан шығып қалмақ екен. Енді Клодтың жанында дегеніне жетіп, ентігіп — шаршап тұрса да, өзгелер тыйым салған тәттіге аузы тигендей, көздері жалт-жұлт етеді.
Әйел қамқорлығының қандай болатынына Клодтың енді ғана көзі жете бастаған. Кристинамен асықпай сөйлесу үшін бұл кейде оған түймесін қадатып, әйтпесе кеудешесінің етегін жаматып отырар еді. Кристина оған көйлек-көншегін жаңартып тұруды ұсынған. Бірақ тігін жұмысына ықыласты емес екен, бұдан гөрі үйді жинастыруға бейім болып шықты. Ине-жіпті қалай ұстағанынан — ақ оның мұндай жұмысқа жастай үйренбегені, ешкімнің үйретпегені көрініп тұрды. Оның үстіне, тігін үстінде аса ұқыптылық, төзімділік қажет, ал бұндайға Кристина шыдас бермеді. Шеберхана іші мейманханадағыдай тазарып, құлпырып кетті, бірақ Клодтың үстіне киген киімдері бұрынғыша өте жұпыны еді. Бұған екеуі де онша мән бермей, бір-бірін мазақтап күлуден әріге бармайтын.
Биылғы қыстың төрт айға созылған жаңбырлы, суық күндері екі жастың ең бақытты шағы болды. Шеберхана ішіндегі әбден қызып қызарған пеш кернейдей гуілдеп тұрар еді. Қытымыр қыс бұлардың оңаша қалуларына көмегін тигізді. Терезеге келіп соғылып жүрген сырттағы суық торғайларды көріп, көрші үйлердің қар басқан шатырларына қарай отырып, осылайша үнсіз мүлгіген үлкен шаһардың ортасындағы жылы ұяда екеуден-екеу оңаша қалғандарына әбден рақаттанар еді. Бірте-бірте бұдан да жалығып, Кристина өзін шығарып салуға рұқсат берген. Бұрын көшеде еркекпен қолтықтасып жүруге ұялғандықтан, өзі жалғыз кете баратын. Ал бір күні, нөсерлеп жаңбыр жауып тұрған кезде қолшатырын қалқалап ұстап жүру үшін Клодқа өзін шығарып салуға ықтияр екенін білдірген. Содан екеуі Луи — Филипп көпірінен өткен сол-ақ, нөсер тыйылды да, Клодты кейін қайтарып жіберді. Тек екеуі көпірдің қанатына сүйеніп, Майль жаққа қарап бірер минут қызықтап тұруға үлгірген. Төменде, қайық — кемелер тоқтайтын жағалауда төрт қатар болып тізілген, үстеріне алма тиелген үлкен баржалар көрінеді. Сол баржалардың арасындағы тар қуыстарда кәрзеңкелерін алмаға толтырып алып, әрлі-берлі жүгіріп жүрген бала-шағаларда есеп жоқ. Кристина мен Клодқа осының бәрі — жағалауда үйіліп жатқан жемістер мен өзеннің ылғалды демімен араласып кеткен, алма шырынынан ашытқан шарап иісіне ұқсайтын мүңкіме де тосын жаңалықтай сезіледі.
Келесі аптада күн ашық болды да, Кристина Сен — Луи аралына барып оңаша қыдырып қайтуға келісім берген. Әуелде екеуі Бурбон, одан кейін Анжуи жағалаулары бойымен асықпай жүріп отырып, Сена өзеніндегі қызу тіршілікті бақылады. Жерқазғыштар өзеннің түбін тырмалап жатса, жылжымалы кіржуғыш қайықтардың үсті азан-қазан айғай-шу, көтергіш крандар кемелердің жүктерін түсіруде. Кристина таң қалады. Парижге алғаш аяқ басқан түні байқамаған, адамның ақылына сыймайтын қым-қуыт сурет осы ма? Дез-Орм мен Төртінші Генрих жағалауларындағы мынау толысқан өмір, құмдауытта аунап ойнаған иттер мен жас балалар, құшаққа сыймайтын алып қаланың осындай улаған — шулаған тіршілігіне үйренісіп кету оңай емес еді. Бұдан кейін екеуі кейін қарай бұрылып, тыныш оңашалық құшағында, мүлгіген ескі ғимараттар көлеңкесінде аяңдап келе жатты. Биік көпірлер астындағы ұстындар арасымен шымырлап аққан суға көз тастап қойысады. Өзен арнасы бірте-бірте кеңейіп, бұлар енді Бетюн мен Орлеан жағалауына шыққан. Өзен суының асығыс ағысын қызықтаған болып, бір-біріне жақындай түседі де, артынша Порто -Вен жақтан Ботаникалық баққа қарай мойындарын созады. Сол тұста сұрғылт аспанның астындағы көк күмбездер көз тартады. Сен — Луи көпірінің маңына келгенде, Клод серігіне Париж Құдай анасының Шіркеуін көрсетті. Осы арадан алып Шіркеудің маңдайшасы анық көрінеді екен. Контрфорстарға — қарсы кермелерге асылған үлкен Шіркеу алыстан аяқтарын бүгіп, атылуға дайындалған әлдеқандай хайуанға ұқсар еді. Оның ұзын жауырынының ұшында екі басты құбыжықтың мүйізіндей екі биік мұнара бой көтеріпті. Бірақ екеуінің бұл жолы көрген қызықтарының біразы аралдың шығыс жағында екен. Зәкірлерін тереңге тастап теңселіп тұрған кемелер беттерін Парижге қарай бұрып алып, бірақ барар жеріне жете алмаған жолаушыларға ұқсайды. Кристина мен Клод баспалдақпен төмен қарай түсіп, су жағасында өскен қалың баудың астына барған. Бұл бір жағалауды әрлі-берлі теңселіп жүрген қалалықтардың улаған — шулағанынан аулақтағы оңаша, тыныш жер екен. Енді екеуі ешкімнің көзіне түспей, емін-еркін отыруларына болар еді. Шынында да осыдан кейін күншуаққа толы осы жағалау екеуінің ұдайы кездесіп, суретші шеберханасы ішіндегі қапырық ауадан, кісінің зәресін аларлықтай кернейі гуілдеп тартатын темір пештің ыстығынан далаға қашып құтылғанда бастары паналайтын орынға айналды.
Бірақ Кристина әлі де жігіттің өзін Майльден әрі ұзатып шығарып салуына көнбей жүр еді. Дез-Орм жағалауына жетісімен-ақ Клодты кейін қайтарып жіберетін. Өйткені Париж тұрғындары түгелдей бұларды аңдып жүргендей көреді. Бірақ Пассиге жеткенше недәуір уақыт өтеді, жол-жөнекей қыздың іші пыса бастайды. Ақыры бірте-бірте икемге келіп, әуелі өзін ратушаға шейін, содан кейін жаңа көпірге, Тюильриге барғанша шығарып салуға рұқсат берген. Енді ешкімге жалтақтамай, жаңа қосылған жастардай, кәдімгідей қолтықтасып жүретін болды. Екеуден екеу өзен жағалаумен өткізетін осы уақыттары әдетке айналып, дүниеде бұдан артық өзге қызық жоқтай көрініп бек ләззатқа бөленеді. Әзірше тән жақындықтары басталмағанмен, жандары қосылып кеткен. Өзен бетінен желпи соққан леп кейде алып қаланың тынысына ұқсаса, енді бірде жағалауда жатқан көне тастарға ғасырлар бойы сіңіп қалған жылы сезімдей сүйіскен жастарды құшағына қаусырып алар еді.
Желтоқсанның суық күндерінде Кристина суретшінің шеберханасына түстен кейін келетін болды. Клод оны бесін ауған шақта жағалауға ертіп шығады. Содан қолтықтасып жүріп, Луи — Филипп көпірінен өткенде, аспан ашық күндерде бүкіл жағалау алақанда жатқандай айдай анық көрінетін. Күннің қиғаш сәулесі оң жағалаудағы үйлердің төбесіне жарық түсірсе, сол жағалаудағы аралдар мен әр түрлі ғимараттар көкжиектің қызыл ала бояуына малшынып, ұзақ тізбек құрап кете барады. Осы екі жағалаудың ортасында бетінде алтын шұғыласын ойнатып, жарқырап Сена өзені ағып жатады, оны әр тұсынан көлденең көпірлер бөліп-бөліп әкетеді. Нотр — Дамның бес арқасы, Арколь көпірінің жалғыз арқасы, Айырбас көпірі, одан соң Жаңа Көпір — бәрі-бәрі бірінен соң біріне ұласып, ақыр соңында бұлдырап көрінбей кетеді. Көпірлердің көлеңкесі түспеген айдын айнадай жалтырап, көгілдір тұңғиықтар бетінде алуан түсті сәуле — шапақтар ойнайды. Күңгірт тарта бастаған сол жағалаудың аспанында көмір бояумен салынған суреттей Әділет сарайының шошақ мұнараларының нобайы көрінеді. Күн сәулесіне шомылған оң жағалау сызықтай иіліп, әрі қарай ұзап, созыла түссе, соның бас жағында ілгері қарай итініп, Флор қамалы бойын түзейді. Ол жоғары көтерілген қызғылт түсті тұманның арасында қалқып тұрған жеп-жеңіл аспан сарайына ұқсап кетеді. Жапырақтары қураған шынар ағаштары арасымен аяңдап келе жатқан Кристина мен Клод осы ғажайыптардың бәріне қызыға қараса, өздеріне бұрыннан таныс қиылыс — бұрыштарды көргенде, әсіресе Майль маңындағы иық тірескен ескі үйлерге жеткен тұста айрықша көңілдене бастайды. Төменіректе темір-терсектер мен балықшылардың керек-жарағын сататын дүңгіршектер орналасқан. Сәл жоғарырақтағы әйнектелген терраса — жаппарларда жапырақтары үнемі жасылын жоғалтпайтын лавр бұтақтары мен жабайы жүзімдер өсіп тұр. Ал одан да жоғарыдағы ескі үйлердің балкондарында кептіру үшін ілінген кір киімдер желбірейді. Ағаш үйлер мен тастан қалаған құрылыстар ығы-жығы араласып кеткен. Құлаған қабырғалар мен аспалы ағаштар, жұлдыздай жылтыраған шыны шарлар да — осында.
Клод пен Кристина әскери казарма мен ратушаның үлкен ғимараттарын артқа тастап, Сенаның арғы жағына қарай өткенде, алдарынан тар қабырғаларға қамалған ескі қала Ситэ көрінді. Ситэнің қараңғы күңгірт үйлерінің төбесінен алыстағы Құдай анасы шіркеуінің алтындаған биік күмбезі төніп тұрғандай екен. Әрі қарай жағалау бойында букинисттердің дүңгіршектері орналасыпты. Нотр — Дам көпірінің астында көмір тиелген дәу баржа шайқалақ қағады.
Гүл сататын базарлар ашылған күндерде Кристина мен Клод сонда барып, қыстың суығына қарамастан, ерте бүр жарған шегір — гүлдердің иісін жұтып, қызықтап қайтушы еді. Осы арадан Сенаның сол жағалауы қашық болмағандықтан, Әділет сарайы тас қорғанының арғы жағынан Орлож жағажайының ақ үйлері мен топырақ үйіндісінің үстіне өсіп кеткен ағаштар тобы көрінеді. Одан әрі жүргенде, тұман арасынан Вольтер, Малаке жағажайлары шыға келіп, алыстан Академияның күмбезі, Ақша сарайының төрт бұрышты ғимараты, терезелеріне көз жетпейтін ұзын маңдайшалар, мұржалары шошайған, тастақты қыраттарға ұқсайтын биік шатырлар тізбесі бірінен соң бірі артта қалып жатады. Ал Флора павильонына батқан күннің ең соңғы шапағы түскенде, ертегідей құлпырудың орнына, жұпыны тарта бастапты. Өзеннің екі жағынан Севастополь мен Сарай бульварлары қатар сап түзеп барады. Мынау Межиссери жағалауына салынған жаңа құрылыстар, қалалық басқарма үйі, Төртінші Генрихтың сия түстес ескерткіші орнатылған. Ескі көпір, одан әрі Лувр, Тюильри, одан әрі Гренелдің артында, батқан күннің шұғыласына малынған Севр жоталары созылып жатса керек. Бұдан әріге Кристина аяқ баспай, Вижье моншасы маңындағы қалың бауға жетпей, Король көпіріне барғанда, Клодты тоқтатып қоюшы еді. Екеуі қол алысып қоштасар кезде арттарына бұрылып бір қарайтын. Сонда көкжиектің қызыл сары бояуына шомылған, күнделікті қызық саяхаттың басы болған Сен — Луи аралы мен төбесіне төнген сұрғылт аспан бірте-бірте қорғасын түске айнала бастаған қаланың шығыс бөлігі алыстан бұлдырап көрінетін.
Апта сайын қайталанатын осы саяхаттарында бұлар талай күнді қызартып батырды емес пе?! Көктегі күннің өзі екеуінің Сена жағалауындағы саяхаттарына еріп жүріп, су бетінде ойнақшыған сәулелердің биін талай мәрте тамашалатқандай еді. Өзен бойында қайнаған өмір: қапырық дүңгіршектер тізбегі, құмырада өсірген гүлдер, әр түрлі тұқым сатушылар, торға қамалған әнші құстар — осыншама көп дауыстар мен бояулар араласып, қаланың тыным таппайтын жасампаз өмірінен хабар береді. Екі жастың сапары ұзаған сайын сол жақтағы қараңғылық құшағына кіре бастаған үйлердің төбесіндегі аспан асты жарқын тартып, көкжиекке қарай еңкейген күн әлденені күткендей шатырлардың ар жағында жасырынып тұрады да, бұлар өзеннің енді жерінен өту үшін Нотр — Дам көпірінің үстіне шыққан кезде, біржола батуға бет алар еді. Тіпті ну орманда, тау жолдарында, ашық алқаптарда күннің осылай салтанатпен батқанын ешкім көрмеген болар — Париждегі Академия күмбезінің артын қараңғылық басқан соң-ақ, қалада ғажайып тыныштық орнайды. Екі жастың әрбір саяхаты осындай қызыл іңірде аяқталса, әр жолы батқан күннің алтын тәжінің айналасында әлдеқалай көріктен шашырап шыққан оттар жанып жататын.
Бірде бұлар нөсер астында қалғанда, кенет аспаннан күн көрініп, қаптаған бұлттарды әп-сәтте жағып жібергендей болды. Сонда төбелерінде кемпірқосақ иіліп тұра қалып, қызыл, көк түсті жаңбыр сулары бүркіп өткен. Аспан жарқырап ашылып кетсе, отты шардай домалаған күн гауһар тастай жалтыраған көк өзеннің шетіне шым-шым батып кетер еді. Кейде Академияның биік күмбезі оны екіге бөліп, жартыкеш айға ұқсатып жіберсе, артынша сия түстеніп көгістене бастаған күн лапылдап жанған көкжиекке қарай асығады. Ал ақпан айы туғанда батар күн өзінің жүрер жолын өзгертіп, темірдей қызарған аспан шырағы жақындаған сайын буы көтеріліп бүлкілдеп қайнай бастайтынын Сенаның бетіне келіп қонақтайтын болды. Аспанды бұлт басқан кездерде ол жақта көкала перделер тұтылып, айнала кеңістік аламан-тасыр қозғалыстарға толып кетеді. Содан ұйтқып жел соғып, аспаннан күкірт тасқыны жауады, айналасын маржан таулар қоршаған сарайлар мен мұнаралардың елесі пайда болып, артынша солардың тас-талқаны шығып, жанар таулар ағыны басып қалады. Кейде тұман тұмшалаған аспан шырағының алтын жебедей айналасына шашырап ұшқан сәулелері бетін жапқан перделерді жарып етіп, көк күмбез астындағы алыс-жақынның бәрін жарқыратып көрсетеді. Ал ақшам жамыраған кезде Кристина мен Клод бір-біріне қимастықпен қарай, қоштаса бастайды. Өстіп ескі тас жағалаулармен көмкерілген ұзын өзеннің бойында қыдырыстаған екі жастың қуанышына ортақтасқан Парижді де жандарына жақын тартар еді.
Ақыр соңында Клодтың көптен күткен күні де келді: Кристина бұдан былай екеуін біреу-міреу көріп қалар ма екен деп қорықпайтын болды. Оның үстіне, қыздың бұл жақта пәлендей таныстары да жоқ екен, сол себепті емін-еркін қыдыра беруіне ешкім кедергі келтіре алмас еді. Клод олай емес — көп жолдастың біреуі сырттай аңдып жүргендей, қысылып, қымтырылады. Біреу-міреу сырттай аңдумен ғана қоймай, оңашада Кристинаға тиісіп, мазасын алар ма екен деп қауіптенеді. Ондай дөрекілікке, әрине, төзуге болмас! Бірде Кристина екеуі қол ұстасып, Өнер көпіріне жақындағанда, қарсы алдарынан баспалдақпен төмен қарай түсіп келе жатқан Сандоз бен Дюбюштің шыға келмесі бар ма?! Бетпе-бет кездесіп қалған жолдастардан жалтарып кету мүмкін емес еді әрі олар да бұларды танып, анадайдан күліп келеді екен. Түсі қашқан Клод өздеріне қарай бұрылған Дюбюшті көргенде, енді бәрі біттіге санаған еді, бірақ ақылды Сандоз жолдасының жеңінен тартып тоқтатты да, екеуі енді ешкімді байқамағандай, бұлардың қасынан өте шығып, Луврдің қорасына барып кіріп кетті. Әрине, жолдастары Клодтың бұлардан жасырып жүріп пастельмен — бояу қарындашпен салып жүрген суретіндегі қыздың Кристина екенін бірден таныған. Бірақ ештемені аңғармаған Кристина бұрынғыша көңілді сөйлеп келе жатса, жүрегі дүрсілдеп қобалжи бастаған Клодтың даусы бәсеңдеп, жүре жауап береді. Бір жағынан ескі достарының осыншама әдептілік көрсеткеніне дән риза еді.
Осыдан әлденеше күн өткеннен кейін тағы да оқыс оқиға болды. Кристинаны келе қояр деп күтпеген Клод шеберханада Сандоз екеуі кездеспек болған. Ойда жоқта үстіне Кристина кіріп келгенде, қатты сасып қалды. Бұрындары қолы босаған кездердегі күтпеген кездесулері екеуіне де ұнайтын, мұндайда есіктерін іліп алушы еді. Ал бұл жолы есігін қаттырақ қағып тұрғанның кім екенін бірден білген Клод сасқалақтап жүріп, үстелді аударып тастады. Кристинаның түр-түсі өзгеріп, оған жалбарына қарайды. Клодтың тынысы тарылып сілейіп тұр. Сырттағы жолдасы есікті қағып, айқайлай бастады: "Клод! Клод!" деп Клод орнынан мызғыр емес, аузы-басы көгеріп кеткен, еңсесін көтере алмай аяғының астына қарайды. Өлі тыныштық орнады. Артынан ағаш баспалдақпен төмен қарай түсіп бара жатқан аяқ дыбысы естілді. Сол аяқ дыбысы алыстаған сайын Клодтың кеудесі тарылып, ар-ұяттың азабы қинай түседі. Бозбала күнгі досын сатып кеткендей әсерден шыға алмай тұрды.
Екінші жолы, Кристина екеуі шеберханада оңаша отырғанда, тағы біреуі есік қаққанда:
— Немене, кілт есікте қалып па еді? — деп Клод ышқына сыбырлаған.
Шынында Кристина кілтті қайтып алуды ұмытып кеткен екен. Содан байғұс қыздың есі шығып, перденің ар жағындағы кереуетке қарай ұмтылған. Демалысын ешкімге естіртпеу үшін бет орамалмен мұрнын жауып, қисайып жата кеткен.
Есіктің сыртынан күлкі даусы естілді.
— Кіріңіз! — деп Клод айқай салды. Бұдан соң Ирма Беконы қолтығынан сүйемелдеп Жори көрінгенде, Клод таңырқап, ыңғайсызданып қалды. Екі аптадан бері тек қыздан біржола айырылып қалудан қорыққан Фажерольдің оны құмарын басу үшін жолдасына уақытша пайдалануға бергенін білуші еді. Әрқашан жаңа қызықтар іздеп жүретін тойымсыз Ирма ойнас жігіттерін жиі өзгертіп, апта сайын өзінің ескі-құсқы киімдерін шеберханадан шеберханаға қарай тасымалдаудан жалықпайды, әрі ыңғайы келсе, бір түнге ғана қонып шығудан қашпайды.
— Сенің шеберханаңды көремін деп қоймаған соң, ертіп келдім, — деп ақталды журналист.
Ал Ирма ешкімнің шақыруын күтпестен, даусын көтере еркін сөйлеп, шеберхананы аралап кетті.
— Мыналардың бәрі кісінің күлкісін келтіреді екен, ә? Бұл неғылған түсініксіз суреттер! Маған бәрін көрсетіңізші... Ал өзіңіз қайда жатып ұйықтайсыз?
Мына әдепсіз Ирма кереуеттің тұсындағы пердені ашып тастай ма екен деп Клод жаман қорықты. Перденің ар жағына барып жасырынған Кристина осының бәрін естіп, зәресі ұшып жатыр — ау деп ойлады.
— Бұған не керек екенін білемісің? — деп күлді Жори. — Есіңде болар, бұны бір картинаңа модель етіп пайдалануға уәде берген едің ғой. Бұл қалай шешін десең, солай шешінуге дайын... Солай ма, Ирма?
— Әрине, солай! Тіпті қазір дайынмын.
— Мәселе былай ғой, — деп қысылған Клод түсіндіруге тырысты. — Салон ашылғанша менің бір картинадан басқаға бұрылуға мұршам жоқ. Орталық кейіпкерімді әлі шығара алмай жүрмін. Бірде-бір натуршы мені қанағаттандырар емес!
Ирма келте мұрнын көтеріп, полотноға қарап тұрып:
— Шөптің үстінде жатқан жалаңаш қатын ба? Несі бар, мұндайға біз де жараймыз! — деді.
Жори бірден құлшынып кетті.
— Әй, мынау тамаша ұсыныс екен. Ал сен қайдағы бір сұлуларды іздеп әуреге түсіп жүрсің. Мынау қазір шешінеді... Қымбаттым, тез шешіне қойшы! Суретшінің көзі жетсін.
Клодтың қарсылығына қарамастан, Ирма сол жерде бір қолымен басындағы қалпағының бауын шешіп, екінші қолымен беліндегі жалпақ белбеудің ілмешегін ағыта бастады. Клод бәрібір келіспейтінін білдіріп:
— Жо, жоқ! Босқа әуре болмаңыз. Сіздің бойыңыз тым аласа. Менің іздегенім басқа, басқа... — дей береді.
— Сонда қайтеді екен? — деп Ирма мұрнын тыржитты. — Бірақ қарап көруіңізге болатын шығар?
Жори де бет бақтырар емес.
— Қалдыра сал.. Бұған қызық керек. Әйтпесе алып бара жатқан натуршы да емес, ондай өнері де жоқ, тек өзін көрсеткісі келеді. Еркіне салса, күндіз-түні жалаңаш жүре берер еді... Ал, қымбаттым, шешін! Жалаңаш кеудеңді көрсетсең жарайды, басқа жеріңді жасы — ра тұр. Әйтпесе менің досымның қорыққаннан жүрегі жарылып кетер. Сен оны жеп қоясың ғой...
Клод қыздан кешірім сұрап, өзінің бар жағдайын түсіндіре бастады. Кейініректе, бәлкім, бірге жұмыс істеудің реті келер, бірақ қазір жаңа натуршы әйелдің әлі аяқталып бітпеген картинасының сынын кетіретіні сөзсіз. Жасырын күнәқарлыққа толып тұрған тұнық көздерін сүзіп, сайқымазақтана, менсінбей қараған Ирма мұны естігенде иығын қиқаң еткізіп, көнген сыңайын танытқан.
Жори бұдан соң жолдастар туралы бөстекі әңгімелерін көбейте бастады. Өткен бейсенбіде сен неғып Сандоздың үйіне келмедің? Сандоз неғып біраздан бері қарасын көрсетпей жүр? Дюбюштің айтуынша, оның өзі бір әртіс әйелмен шатысқан секілді ме, қалай? Кеше Фажероль мен Магудо арасында киім кигізілген мүсіндер туралы қырғын айтыс болғанын естідің бе? Ал өткен жексенбіде Вагнердің концертіне барған Ганьер әлдекімдермен төбелесіп, көзін көгертіп қайтыпты. Жоридің өзін "Тамбурда" жариялаған соңғы мақаласына ренжіген автордың біреуі "Дюдекен" кафесіне шақырып алып, дуэлге шақырыпты. Еңбегіне лайық атақ-дәреже иеленбеген арзанқол суретшілердің әкесін танытып сынасақ, сөйтеді. Мұның Салон төралқасына қарсы бастаған шабуылы сұмдық әбігершілік туғызып жатқан көрінеді. Тірі табиғи өнерді өткізбес үшін Салонының есігі алдында шеп құрған шенеуніктерді сыпырып тастағанша, бұл сірә тыным табар ма!
Жоридің мылжыңынан шаршаған Клод әзер шыдап отырды. Ақыр соңында қолына палитрасын ұстап, картинасының алдына барған.
— Сенің жұмыс істеуің керек екен. Онда біз қайтайық, — деді Жори.
Ирма бәрібір жымысқы күлкісін тыймай, суретшіге қарай береді. Бұдан бас тартқан нақұрысқа бір жағынан жыны келеді. Ерегіскенде осы немені қолға түсірсе қайтеді? Шеберханасы да оңып тұрған жоқ, өзінің де әйел қызығарлық ұсқыны көрінбейді. Сонда неғып шыбық тимес шыңқ етердей тұмсығын көтере қалды екен? Осылай Клодқа іштей кіжініп тұрған Ирма онша ақылсыз, сезімсіз де қыз емес еді. Бірақ бәрінен пайда түсіруді ғана ойлағандықтан, жас өмірін босқа өткізіп жүрді. Кетерінде суретшінің қолын қысып, көзінің астымен ұзақ сүзіле қарап:
— Қалауыңыз білсін, — деп, өзінің қашанда әр нәрсеге дайын екенін аңғартты.
Қонақтар кетісімен, Клод барып пердені ашқан. Кристинаның орнынан тұруға шамасы жетпей, кереуеттің бір бұрышында отыр екен. Қыз Ирманың атын аузына алмай, жаман қорыққанын айтты. Осы арадан бірден кетпекші болған екен, бірақ үлгіре алмапты. Көзінде үрей бар, соған қарағанда не ойлап, не қойғанын жария етуге қысылатын да секілді.
Клодтың шеберханасындағы тұрпайы, қыңыр, бірбеткей полотнолар біразға шейін Кристинаның зәресін ұшырып жүрді.
Сондай-ақ суретшінің елде жүріп салған академиялық стилдегі жалаңаш әйелдері мен қасаң этюдтеріне де үйрене алмай қойған. Мұның бәрі шамына тиіп, кері итерер еді.
Өйткені бұл жасынан нәзік, таза өнерді бағалап, қасиеттеп өскен, шешесінің қолынан шыққан мөлдір акварельдер мен жасыл бақтың үстінде қалқып ұшып жүрген ақшыл көк, қызғылтым түсті жұптардың суреті салынған желпуіштерді ғана көрген. Мектепте оқып жүргенде Кристинаның өзі де табиғат суреттерін салуға құмар болатын. Әрине, тақырыптары шектеулі еді: көл жағасындағы құлаған қорғандар, су диірмендері, қар басқан шыршаның арасындағы ескі күрке... Енді келіп мына ақылды жігіттің ойсыз, олақ, жасанды дүниелеріне таңырқап қарайды. Өмір шындығын көрсетуде тапқан әдістерінің қолапайсыз әрі дәрменсіздігінің үстіне, шектен шыққан қисынсыз да екен. Есі дұрыс кісі осылай жазар ма?
Клод бұрын талай Кристинаның өз аузынан естіген Клермонт альбомын көргісі келіп, қайта-қайта өтініш айта берген соң, әуелде сылтауратып жүргенмен, бәрібір оның пікірін білгісі келген қыз бір күні оның сұраған бұйымтайын алып келді. Клод альбомды ақтара бастап, ақырын жымиып қояды, бірақ үндемейді.
— Бәрі әлсіз дүниелер ме екен, қалай? — деп сыбырлады Кристина.
— Жоқ, күнәсіз дүниелер, — деп жауап берді Клод. Клодтың осы сыпайы жауабы
Кристинаның қытығына тигендей болды.
— Құдай-ай, мүмкіндік барда шешемнен неғып үйренбедім екен?! Сонда жақсы, сұлу суреттер салар ма едім!
Мұны естігенде, Клод қарқылдап күліп жіберді.
— Шыныңызды айтыңызшы: менің суреттерім де сіздің жүрегіңізді айнытып жүр емес пе?
Оларды көргенде ерніңіз жымқырылып, көзіңізді үрей жайлап кетеді. Рас, менің өнерім әйел жанды емес, демек, қыз жанды болмайтыны да түсінікті. Бірақ бірте-бірте үйреніп кетесіз ғой, көздің өзін тәрбиелеу керек... Әйтеуір бір уақытта менің өнерімнің дені сау, адал екеніне көзіңіз жететіні сөзсіз.
Расында Кристина бәріне үйрене бастаған секілді еді. Клодтың суреттеріне емес, әрине. Оның үстіне, о бастан әйелдердің пікіріне құлақ аса қоймайтын Клодтың қызды қайта тәрбиелеу ниеті жоқты, сол себепті бұл тақырыпты қозғамауға тырысатын. Бар өмірінің мән-мағынасына айналған тіршілікке өзгені араластырып қайтеді? Қазіргі кеудесін кернеген құмарлықтың жөні басқалау емес пе? Бәрібір Кристина суретшінің өмірінде осыншама орын алған осынау тұрпайы полотноларға қызығуын қоймады. Бұл — бірінші қадамы екен. Одан әрі Клодтың шығармашылық жұмысқа берілгендігі соншалық, осы жолда бәрін құрбан етуге әзір екендігін көрген соң, бір түрлі жаны аши бастаған. Мұндай әрекетке, әрине немқұрайды қарау мүмкін емес еді. Клодтың қуанышы мен реніші күнделікті жұмысының сәттілігіне яки сәтсіздігіне байланып қалғанын түсінгеннен кейін, оның ыстықты — суықты сезімдерін бөлісуге тура келді. Суретші ренжісе, мұның да көңілін бұлт басады, ол қуана бастаса, мұның да аспаны ашылып кетеді. Осындай себептен Кристина енді ең алдымен Клодтан жұмысының қалай жүріп жатқанын сұрайтын болды. Сөйтіп, екі айдың ішінде Клод біржола жеңіске жеткен сияқты еді. Кристина ештеңеден шошымай, полотноларға қызыға қарап, суретшінің жазу мәнері пәлендей ұнамаса да, автордың пікірін қостап: "Керемет күшті, мықты салынған, бояулары жарқын" деп мақтай береді. Өйткені Клодты тамаша жігіт санап, сүйе бастаған соң, оның сүйкімсіз шимай — шатпақтарына кешіріммен қарап, артықша қасиеттерін іздеп табуға тырысады — бәлкім, осы қасиеттері үшін жанына жақын тартатын шығар.
Бірақ Салонның жақында өтпекші көрмесіне дайындалып жатқан әлгі үлкен картинаны мойындауға Кристинаның жігері жетпеді. Бутеннің шеберханасында салынған жалаңаш денелер мен Плассан этюдтері көңіліне қонғанмен, көк шөп үстінде жатқан жалаңаш әйелді мүлдем суқаны сүйер емес. Әуелде тура өзіне ұқсағандай бой көрінген, бірақ уақыт өте келе басқаша реңкке түсе бастаған осы әйелдің бейнесі бәрібір қытығына тиіп, ар-ұятын қорлайтындай, жеке бастың өшпенділігіне айналған еді. Әуелде әдейі теріс қарап жүрсе, кейін картинаның қасына барып, ұзақ уақыт сұғын қадап, үнсіз тұратын болды. Бұл әйел енді неғып басқаға ұқсап кеткен? Еш нәрсеге көңілі тола қоймайтын суретші қайта-қайта өңдеп жүріп, ақыры өзгертіп тыныпты. Әуел баста көргенде ұялғаннан бетін басқан Кристина енді осы ұқсастықтың алыстай бастағанына іштей қатты өкінетінін аңғарды. Суретшінің бұл әрекеті екеуінің достығына шіркеу түсіріп, таныс бейненің әрбір бояуы өшкен сайын аралары ажырай беретіндей ме, қалай? Бәлкім, өзін сүймеген соң, шығармасынан да шығарып тастамақ шығар? Бет әлпеті әлі анық емес мына бір бейтаныс әйел қайдан келген?
Ал Клод болса суреттегі әйелдің басын біржола бүлдіргендіктен, қатты қапаланып жүретін. Кристинаға қарай отырып қайта салуға да жүрексінеді. Әрине, Кристина бас тартпас еді, бірақ өткен жолы қыздың қатты ренжігені есіне түскенде, бұл ниетінен қайтқан.
Әзілге сүйеп өтініш айтқысы келеді — ақ, әйткенмен құдды бір тыйым салынған тақырыпты қозғайтындай, ұялшақтай береді.
Кристина келесі жолы бәрінен түңіліп, қатты бүлініп отырған суретшінің үстінен шықты. Клод апта бойы ештеңе тындыра алмағанын айтып, шеберхана ішінің әлек-шәлегін шығарып, орындықтарды әрлі-берлі лақтырумен жүрді. Тіпті полотносын паршалап жыртып тастамақ та болды. Содан соң Кристинаның иығынан сілкілеп тұрып, диванға отырғызды да:
— Маған көмектесе көріңіз, әйтпесе өлемін, оллаһи! — деп айқайлаған.
Зәресі ұшқан қыз ештеңе түсінген жоқ.
— Сонда менің не істеуім керек? — деп сұрады. Артынша ананың қолына қылқаламын ұстағанын көріп қуанып кетті.
— Әрине, мен келісемін ғой... Неге ертерек айтпадыңыз? Кристина бұдан соң жастыққа қисайып, қолын басының астына қойып жата кеткен. Әрі осылай тез келісім бергеніне іштей қысылып, бұрынғы қисық-қыңыр әрекеттері есіне түседі.
Клод қатты қуанып:
— Солай ма? Келісесіз бе?! — деп дауыстап жіберді. — Әй, осы жолы сіздің көмегіңізбен елді есінен тандырарлық дүние тудыратын шығармын!
— Тек басымның ғана суретін саласыз, — деп ескертті Кристина.
Қызды ренжітіп алмас үшін:
— Әрине, солай! — деп Клод асығыс уәдесін берді. Бұдан соң екеуі де үнсіз қалды. Клод жұмысына кірісіп кетті. Аузынан әлгіндей келісімпаз сөздің қалай тез шыққанына таңырқаған Кристинаның көзі бақырайып, тым-тырыс жатудан өзге амалы жоқ еді. Әйткенмен күн астында күлмең қаққан жалаңаш әйелдің бет ажарын өзіне ұқсатып салуға рұқсат бергенін іштей айыпты нәрсеге санап, өкінетін де сыңайы бар.
Клод екі үзілістен соң әйелдің басын салып бітірді. Өзінің қуанғаннан есі шығып кетті, осы уақытқа шейін сурет өнерінде қол жеткізген үздік табысы ретінде біраз мақтанып алды. Шынында осы уақытқа шейін ол бетінен нұры тамып тұрған әйел бейнесін жасап көрмеген еді. Суретшінің бақытты шағына ортақтасқан Кристина да өзіне оншалық ұқсай қоймайтын әйелдің бас суретін ерекше сезіммен керемет сәтті жазылған деп бағалап, көңілдене бастады. Екеуі бұдан соң картинадан алыстау тұрып, ұзақ уақыт қызықтаумен болды.
— Қалғанын кейін бітіремін, — деді Клод. — Қайтсем де мен бұл ерке шолжыңдық жеңіп шығамын!
Осыдан кейін Клод қызды құшақтай алып, дөңгелеп билей жөнелді және мұнысына табанда "салтанатты би" деп ат қойып үлгірді. Қыз да қуанышқа кенеліп, сықылықтап күле бастады — бұрынғыша қысылып-қымтырылуды, ұялшақтықты, ыңғайсыздықты ұмытқан еді.
Бірақ келесі аптада Клодтың тағы да қабағы түсіп кетті. Оның себебі: Зоэ Пьедеферді натуршы ретінде шақырып көріп еді, мұның көріксіз иығына көркем бастың суретін қондыруға болмайды екен. Сонда да қайта-қайта бояп, өшіріп, әрлеп біраз әрекеттенген. Қаңтардың ортасына жеткенше әуреленіп, ештеңе шығара алмаған соң, картинасын қабырғаға теріс қаратып қойған. Тағы екі аптаны ортаға салып, ұзын бойлы Юдифтің суретін сала бастаған еді, бұл жолы бояудың ренктерін өзгеруге тура келді. Бәрібір ештеңе шықпады. Содан қайтып Зоэні шақырып, аяғы тәлтіректеп әзер тұрып жазғанмен, не бітіріп жатқанын өзі де білмеуге айналды. Ең қызығы осы орталық кейіпкер әбден діңкесін құртқанмен, өзгелері ну ағаштар, түпкірдегі екі кішкене әйел, кеудеше киген еркек — бәрі қанағаттанарлық дәрежеде аяқталуға жақын еді. Енді бірнеше аптадан соң осы картинасын Салонға жіберуі керек. Нағыз күйреу дегеніңіз осы емес пе?
Кешқұрым уақытта Кристинамен бірге отырған Клод бар дүниеден түңіліп:
— Менің жолым болмай жүргеніне таңданатын дәнеме жоқ! — деп өз-өзінен ашу шақыра бастады. — Бір әйелдің басын екінші бір әйелдің кеудесіне апарып орнату мүмкін бе? Осы қылығым үшін менің қолымды кесіп жазаласа, обалым жоқ!
Клодтың ішкі ойы — Кристинаны жалаңаш әйелдің басынғаны емес, кеудесін салуға да көндіру еді. Әуелде осы ойы іске аспайтын алыс армандай көрінсе, бірте-бірте өзімен іштей арпалыса жүріп, мұнсыз ісінің өнбейтініне біржола көзі жеткендей болды. Өткен жолы бірер минутқа ғана назары түскен Кристинаның кеудесі есінен кетпей қойды. Жарқыраған, жап-жас, толық кеуде... әлі көз алдында. Егер Кристина келісім бермесе, бұл картинадан біржола бас тартуы керек шығар. Өзге натуршыларға көңілі толар емес. Осылай ойлаған Клод үстелге етпетінен құлап, осындай қабілетсіздігі үшін өзін-өзі мүжіле, ұзақ мезгіл жатып алды. Артынан қыз келгенде бар өнерін салып, тартқан тақсіреттерін сүмірейтіп айтса, үгітіне көндіретіндей берік шешім қабылдаған. Бірақ омырауы жабық қарапайым ұзын көйлек киген Кристина босағадан аттап, жас балаша күле бастағанда, бұл айтар сөзінен жаңылып қалады да, киім ішіндегі балғын қыздың әдемі мүшелерін ойша елестетіп тұрғанын байқатпау үшін теріс айналып кетті. Қимас адамына мұндай өтініш айтудың қиын екенін білді.
Кешке жақын Кристина қалпағын басына киіп, қайтуға жиналған тұста екеуінің көздері кездесіп, недәуір уақыт ажыраса алмай тұрып қалды. Кристинаның кеудесі дірілдеп, омырауын шірей бастағандай болды да, кенеттен өңі қуқылданып, жігіттің ойында не барын түсіне қойды. Содан жағалауға шығып, жаяу серуендеген тұста да орталарына келіп киліккен әлденеден құтыла алмай, ескі жез табақтай дөңгеленіп, еңкейе бастаған күнге көз тастап қойып, сапарларын үнсіз жалғастыра берген. Жігіт қыздың бәрін түсініп, сезіп келе жатқанын біледі. Шынында да солай еді: соңғы кездері Кристина ым – жымсыз — ақ Клодтың ойын жазбай танитын дәрежеге жеткен. Алғашқыда бұған таңырқап та жүрді, бірақ амалы жоқ екен. Үйренісе келе бәрі түсінде көргендей айна қатесіз қайталана беретінін білді. Клодқа діттеген нәрсесін ашып айтуының да қажеті болмай қалды. Кристина қабағын сәл түйсе, әншейінде ашушаң көрінетін Клод тіл қатпай, жым бола қоятын дәрежеге жеткен. Екеуі де естерінен адасқан ба? Әрине, олай емес-ті.
Уақыт өткен сайын көңілдерін жайлап алған қиял мазаларын ала берді. Кездескен бойда бастарына басқаша ойлар келмес еді. Құлақ еститіндей ештеңе айтпағанмен, ішкі ниеттері белгілі. Бір — біріне күле қарап, жанасып кеткенде, өзгеден ғана емес, өздерінен жасырып ұстайтын сезімдері кеуделерін керней бастайды. Өстіп жүріп бұрынғы жолдастық қарым-қатынастарынан дәнеңе қалмауға айналды. Егер Клод қызға көзін сүзіп қараса, анау өзін шешіндіргісі келіп тұр екен деп ойлайтын болды. Әрбір күнәсіз сөздерден қысылып, тіпті қол алысқанда да бүткіл денесі дірілдеп кетеді. Бірінің еркек, бірінің әйел екендері естеріне түскенде, жолдастық сезімдері жайына қалып, Кристинаның жел тимеген жалаңаш денесі туралы ой Клодтың жадынан шықпай қойды. Қанша жасырғанмен, іштеріне бір белгісіз дерт түскенін екеуі де анық аңғара бастаған. Бірі — біріне сәл жақындап кетсе, беттері қызарып шыға келеді. Қандары қайнап, құмыққан құмарлықты қоздыра түседі. Әзірше сыр білдіргісі келмей, үнсіз қиналған сайын тыныстары тарылып, аһылап-үһілейтін халге жеткен.
Наурыздың ортасында қайта айналып соққанда, Кристина әлі бітпеген дүниесінің алдында мең-зең болып, айдалаға қарап отырған Клодты көрді. Ол мұның кіргенін байқаған жоқ.
Енді үш күннен кейін картинасын көрмеге жіберуі керек еді...
Суретшінің мүшкіл жағдайын бірден түсінген қыз:
— Сізге не болды? — деп сыбырлай сұраған.
Клод селк етіп, артына қарай бұрылды.
— Бәрі бітті. Мен бұл маусымға үлгіре алатын емеспін. Осы жолы Салонға үмітім зор еді, — деді.
Бұдан соң екеуі де қапаға түсіп, біраз үнсіз отырып қалды.
— Әлі уақыт бар емес пе? — деп Кристина тыныштықты бұзды.
— Қайдағы уақыт?! Менің қолымнан керемет жасау келмейді. Оның үстіне, қапелімде натурашыны қайдан іздеп табамын?.. Тоқташы! Маған бүгін таңертең мынандай төтенше ой келді: Ирма Беконы шақырсам қайтеді? Өзіңіз перденің арғы жағында жасырынып жатқанда, үйге кірген шолжың қыз ше? Соны айтамын. Әрине, Ирманың бойы аласа әрі толықтау, дегенмен жас қой, өңдеп, өзгертіп жіберсем, бірдеңе шығып қалар. Бәрібір басқа амалым жоқ.
Осыны айтып, Клод Кристинаға жалтақтап қарай берген. Қыз оның көзінен: "Сенен басқа маған ешкімнің керегі жоқ. Бір сен ғана... менің іздеген кереметімнің! Осындай кішкене құрбандыққа барсаң, мені орасан зор табыс күтіп тұр. Ең жақын, ең сұлу, ең таза досым ретінде жалынып сұраймын!" деген жазуларды оқыды.
Бәрін айтпай түсінген қыздың өңі қуқыл тартып кетті. Жалынышты жігіт болса жалын атқан көзімен мұны ішіп-жеп барады. Бұдан кейін Кристина асықпай-саспай қалпағы мен тонын шешіп, беліндегі қынама белбеуі мен іш тартқышын босатты, артынша юбкасы мен жамбасына қарай ысырылған астарлы көйлегін де сыпырып тастады. Ақыры түк дыбыс шығармастан, ұйқыға жатар алдындағы әдетімен жалаңаштана бастаған. Суреттегі әйелдің басы өзінікі болғандықтан, қалған денесін қайдағы бір қаңғыған қызға салдырып қоймақ па екен? Оның суретінде тұтастай өзі ғана болып, барлық көркін сыйлауы керек. Сол жолы шеберханаға келген сол бір жексұрынды біраздан бері іштей қызғанып жүргеніне енді ғана көзі жетулі еді. Содан Кристина үн-түнсіз диванға қарай барып, әуелі көзін жұмып, оң қолын басынын астына жастады да, суретшіге қажетті қалыпқа ыңғайланып жата кеткен.
Қуанғаннан есі шыққан Клод қызды біржола иеленген кісідей, аузының суы құрып қарай береді. Қиялдағы арманы жүзеге асты. Міне, әлі толық піспеген күнәсіз, икемді балғын дене. Бірақ Кристина әлі де тырсиған төсін көлегейлей береді. Мұндайға назар аударуға пұрсаты жоқ Клод бірден жазуға кіріскен. Содан үш сағат бойы тапжылмай отырған ерлікке пара-пар еңбегі зая кетпей, Кристинаның жалаңаш денесінің тамаша нобайын салып шықты. Жалаңаш әйел денесінің иісі есеңгіретіп тастағаны соншалық, діни желігуге түскендей, жүрегі дүрсілдеп соғып тұрды. Қасына тым жақындап бармағанмен, иегі шығыңқылау сезімтал қыздың бет ажарының тез құбылатынын жылтыраған маңдайы мен самайының бояуына қарап аңғарған суретші таңырқауға тояр емес. Үш сағат бойы қыбыр етпеген Кристина қысылмай, қымтырылмай, өзінің таза бітім-болмысын көңіл қалауына сыйға тартқан. Бірдеңе айтса, бәрінің бірден бүлінуі мүмкін екенін сезген екеуі де тіс жарған жоқ. Анда-санда Кристина көзін кең ашып, тұманды алыс кеңістікке үңіле қарағанда, оның не ойлап жатқанын біле алмаған суретшіні елемегендей, артынша көзін жұмып, мәрмәр тастан қашалған әдемі мүсіндей миығынан күліп қойып, қайтадан мүлги бастайды.
Клод бүгінгі жұмыстарының осымен біткенін ымдап түсіндіріп, кейін қарай бұрылғанда, сасқалақтап жүріп орындығын құлатып алды. Ұяттан беті қызарып кеткен Кристина да диваннан түсті. Содан асығыс киіне бастағанда, аяқ-қолы дірілдеп, тонының түймесін салуға шамасы жетпей, жеңін созып, жағасын көтеріп алды — мұнысы ашық жерім енді ешкімнің көзіне түспесін дегендей әрекеті еді. Кристина киініп жатқанда теріс қарап тұрған Клод бұдан соң қыздың қасына келгенде, екеуінің көзі тағы кездесіп қалып, іштегі сезімдерін сыртқа шығара алмай шырғалаңға түскен. Шегі — шеті көрінбейтін, есепсіз, ережесіз бір сағыныш бойларын жайлап алыпты. Осы өмірлері зая өтіп жатқандай әйтпесе адамға тән әлсіздіктен әбден шаршағандай ма, әйтеуір көздеріне ыстық жас толып тұрды. Әбден елжіреуден көңілін мұң басқан Клодтың аузына жөндем сөз түспеген соң, осы жерде Кристинаның маңдайынан сүйді.
V
Мамыр айының ортасында, ертеңгілік сағат тоғыздар шамасында Клодты ұйқысынан оятқан Жозеф кемпір оған әлдекімнің арнайы жіберген ақшыл көк түсті гүл шоғын әкеліп тапсырды. Өткен түнде Сандоздың үйінен таң алагеуімде қайтқан Клод әлі жылы төсегінде манаурап жатқан. Бұл гүлшоғының иесі Кристина екенін бірден біле қойды, сірә алдын ала құттықтап жатқан болар — өйткені дәл бүгін биыл ғана дүниеге келген Шетіндер Салонының ашылатын ерекше күн еді. Клод ресми Салон теріс қараған картинасын осы бейресми көрмеге өткізген. Жұпар шашқан гүл шоғынан қыздың нәзік жанының қалауын сезген Клодтың жүрегі лүпілдеп, дәл осы жолы табысқа жететіндей сенім пайда болды. Содан асығыс орнынан тұрып, көйлекшең, жалаң аяқ қалпымен, қолындағы гүлін су құйған құмыраның ішіне апарып қойды. Қара басып ұйықтап қалғанына өкініп, асып-сасып киіне бастаған. Кеше бұл таңертеңгі сағат сегізде Дюбюш пен Сандозға соғып, Өндіріс сарайына бірге бармақшы болып уәделескен еді, өзге жолдастары да сол жерде тоқайласпақтығын. Енді, міне, бір сағатқа кешігіпті!
Үлкен суретін көрмеге жібергелі бері шеберханасын жинастырып үлгірмегендіктен, шашылып жатқан дүниелердің ішінен керегін тауып алудың өзі қиынға түсті, енді еңбектеп жүріп бес минуттай әр жерде домалап жатқан мольберттердің арасынан аяқ киімін іздеп әуреленді. Жан-жаққа ұшқан алтын үгінділеріне де бұрылып қараған жоқ. Бұрын ақшасы жетпегендіктен көрші тұратын ағаш ұстасына қарағай жақтаулар жасатып алып, Кристина тарапынан да пәлендей қайран болмағандықтан, өзі отырып сол ағаш жақтауларды алтын бояулармен бояп шыққан еді. Енді сол бояу үгінділері жұққан жүн қалпағын басына бастыра киіп, сыртқа қарай ұмтылған. Бірақ жол ортасына жетпей, қайдағы бір ырым — жырымдар ойына түсіп шеберханасына қайтып келді. Содан үстелдің шетінде жалғызсырап тұрған гүл шоғының қасына барған. Егер осы сирен гүлді бір сүймесе, бүгін жолы оңғарылмайтындай көрген Клод сол жерде көктем иісі аңқыған гүл шоғына бетін басып тұрып алды.
Кетіп бара жатып, әдеттегідей консержге кілтін ұстатып:
— Жозеф ханым, мен бүгін кеш қайтамын, — деді. Осыдан кейін жиырма минуттың ішінде Клод Анфер көшесінде тұратын Сандоздың үйіне жетіп барған. Бекер асыққан екен: пәлендей ауру-сырқауы болмаса да түн ұйқысы бұзылған шешесінің қасында отырған Сандоз да біраз кешігіп қалыпты. Ал Дюбюш болса, бұлармен межелі жерде кездесетінін айтып, хат жіберіпті. Сағат он бірге таяп қалғандықтан, енді екеуі Сент — Оноре көшесіндегі шағын асханаға кіріп, ас ішіп шығуға бекінген. Бірақ көңілдерінен көрме туралы ойлар кетпегендіктен, төбеттері бұзылып, әйтеуір уақыт өткізу үшін балалық шаққа саяхат жасап, өткен-кеткен сағынышты күндерді естеріне түсіріп отырды.
Бұлар Елисей алаңына түс әлетінде келген еді. Күн ашық, әуе таза, салқын жел көгілдір ауаны ақырын тербеп тұрғандай. Сарғайып піскен бидай түсті, дөңгеленген жылы күннің аясында талшын бұтақтары жасыл тартып, бүр жара бастаған. Әуіздің шашыранды сулары, тап-таза көгалдар, алысқа созылған аллеялар — осының бәрі енді-енді жасанып, бойын жазған мезгілден хабар берер еді. Бірнеше күйме Елисей алаңында әрлі-берлі сырғып жүрсе, құмырсқадай қайнаған халық Өндіріс сарайына қарай ағылып барады.
Бұлар алып ғимараттың жер астындай суық айлапат вестибюліне кіргенде, табандарының астындағы тас еден шіркеудегідей жаңғырығып кетті. Клодтың тұла бойы түршігіп, екі жағында созылып жатқан жалпақ баспалдақтарға қарап тұрып:
— Немене, біз солардың жексұрын Салоны арқылы өтуіміз керек пе? — деп жиіркене сұрады.
— Жоғ-ә! — деп Сандоз тез жауап берді. — Бақты кесіп өтеміз. Сол жақта тура Теріс қақпайларға апаратын баспалдақ бар.
Осыны айтып, екеуі каталог сатып отырған әйелдердің үстелдері арасымен кердеңдеп өте шықты да, қызыл барқыт матадан тіккен қалың перде жапқан шынылы бақтың бүркеулі көлеңкелі есігінен келіп кірген. Бақ ішінде бейсеубет жүрген ешкім көрінбеді. Оның есесіне, үлкен сағат астындағы буфет іші құжынаған адам екен. Көрермен жұрт негізінен бірінші қабатқа жиналыпты. Жасыл газондар арасындағы сарғыш құм төселген жолдар бойына мәрмәр мүсіндер қойылыпты. Жоғарыдағы жалпақ терезелерден шашырап түскен жарық сәулелер осы мәрмәр мүсіндердің үстін алтын түстес тозаңдармен көміп тастаған. Күн еңкейген кезде түсірілген биік күмбездің қалың пердесі жартылай ашық қалған да, оның етегі қызыл, көк бояуларға малтығып жатты. Шаршау жүзді бірер көрермен жақында ғана сырланған орындықтар үстінде отыр. Жоғарыдағы темір белдеулердің арасына ұя салған торғайлар енді жерге түсіп, топырақты шұқылап, шырылдап жүрді.
Клод пен Сандоз жан-жағына көп қарағыштамай, көрмені тездетіп аралауға кіріскен. Кіре берісте тұрған Миневраның әлсіз, кербез мүсіні, Академия мүшесінің жаңа бір туындысы екеуінің ит жынын қоздырып кетті. Содан өзге қаптаған бюстерге мойындарын бұрмай, екеуі ілгері ұмтылған. Содан көп ұзамай жантайып қырынан жатқан бір ебедейсіз алып мүсіннің қасында жападан жалғыз теңселіп жүрген Бонгранға кездесіп қалды.
— Сендер де келдіңдер ме?! — деп қуанған Бонгран бұларға қол беріп амандасты. — Мен біздің досымыз Магудоның мына дүниесін қарап тұр едім. Аналардың мұны қабылдауға әрі ыңғайлы орынға қоюға ақылдары жетіпті әйтеуір... — Осыны айтып, сәл кідірді де: — Сендер, немене, жоғарғы қабаттан түстіңдер ме? — деп сұрады.
— Жоқ, біздің келген бетіміз осы, — деді Клод. Бонгран бұдан соң көңілденіп, Шетіндердің Салонын мақтай бастады. Бонгран Академияның мүшесі болғанмен, ондағы әріптестеріне қосылмай, саяқтау жүретін. Суретшілердің жаппай наразылығы, "Тамбур" секілді кішігірім газеттер бетінде көтерілген айғай — сүрен, әр түрлі мәлімдемелер мен арыздар ақыр соңында императордың құлағына жетіп, ол суретшілердің екінші Салонын ашуға нұсқау берген екен. Мұның өзі өнер әлемінде төңкеріс жасалғандай қозғалыс туғызды. Бұл құрбақалар мекендеген көлшікке тас лақтырғандай әсер етіп, айналаның бәрі азан-қазан болып кетті: асып-сасып абыржығандар мен өре түрегеліп қарсылық көрсеткендерде есеп жоқ.
— Сендер, әрине, төралқа мүшелерінің қалай ызаланғанын білмейсіңдер, — деп Бонгран сөзін сабақтады. — Олар мына менен қатты күдіктенеді емес пе? Қастарына жақындасам, үндері өше қалады. Олар реалист суретшілерге қастарын тігулі. Өйткені қазір олардың алдында анау үлкен есіктер жабулы тұрғанға ұқсайды. Император осылар жөнінде көпшіліктің шын еркін пікірін естігісі келетінін айтыпты. Ал бұлар осы уақытқа шейін жеңіске жетіп келді емес пе? Енді бәрі тістерін қайрап отыр. Сендердің терілеріңді сыпыруға әзір, жас достарым!
Осыны айтқан Бонгран ақсия күліп, құшағын жая түсті — бәрібір жеңіске жететін жастардың болашағын болжаған кісідей насаттанып тұр еді.
— Сіздің шәкірттеріңіз өсіп келеді ғой, — деп Клод сыпайылық білдірген.
Бонгран ыңғайсызданған сыңаймен қолын сілтеді. Бұл жолы Бонгранның өзі көрмеге қатыспағанмен, жаңа ғана аралап көрген суреттер мен мүсіндердің көпшілігін ұнатпай, қатты қапаланған жайы бар. Жаны жомарт, пейілі кең адам болғандықтан, ол ешкімді күндеп, қызғанбас еді. Тек осының бәрі біртіндеп кері кетудің, қаншама іштей мойындағысы келмесе де, солардың ортасында өзі де бар, шығармашылық тоқыраудың басы емес пе екен деп қауіптенеді.
— Шетіндердің жағдайы қалай? — деп сұрады Сандоз.
— Тамаша! Оған өздеріңнің де көздерің жетіп қалар, — деп Бонгран бұдан соң Клодтың екі қолын ұстап қысып қойды. — Ал сенің, жақсы жігіт, бәрінен озатын түрің бар. Біреулер мені айлакер дейтін көрінеді, солай ма? Ал мен сенің әлгі жалаңаш бикешіңдей бірдеңені салу үшін тура он жыл уақытымды сарп қылар едім!
Басқа емес, Бонгранның аузынан шыққан мақтау сөз жас суретшінің құлағына майдай жақты. Шынымен-ақ осындай айтулы табысқа қолының жеткені ме? Алғыс айтудың ретін таппай әрі іштегі қобалжуын жасыру үшін Клод әңгіменің тақырыбын өзгертуге тырысқан.
— Магуда жараған екен! Ол мүсіндеген әйел бейнесі де тәп — тәуір шығыпты. Қызуы қандай, сезімі қандай? Солай емес пе?
Сандоз бен Клод мүсінді қызықтап айналып жүргенде, Бонгран миығынан күліп қойып:
— Жалпы үндестік жағы жаман емес, нәзіктік те, сұлулық та бар, — деді. — Бірақ бөксесін, кеудесін тым үлкейтіп жіберіпті... Ал енді қош болыңдар, жігіттер. Менің аяғым шыдар емес. бір жерге барып демалып отыруым керек.
Клод басын көтеріп, алыстан естілген сарынға құлағын тосты. Сарын бірте-бірте ұлғайып, күркіреген дауысқа айналды. Дауыл қуған теңіз толқындары тас жағалауды түйгіштеп жатқанға ұқсайды.
— Бұл немене? — деп сұрады Клод. Даусы ерекше бәсең шықты.
Бұлардың қасынан кетіп бара жатқан Бонгран:
— Жоғарғы қабатқа жиналған жұрттың шуылы ғой, — деп жауап берген.
Бұдан кейін бұлар бақты кесіп өтіп, екінші қабатқа орналасқан Шетіндердің Салонына қарай көтерілді. Картиналар айлапат кең жарық залдардың қабырғасына ілініпті, тіпті ресми түрде қабылданған дүниелерге де мұндай ілтипат көрсетіле бермес еді. Биік есіктердің өне бойына көрнекі ескі кілемдер тұтылған, терезе жақтаулары жасыл маталармен көмкерілген, отыратын орындықтарға шейін қызыл масатымен әдіптелген, шынылы шатырдан түскен жарық аппақ экранға түсіп тұр. Анфилада ішінде — біркелкі есіктермен жалғастырылған залдарда алтын жақтаулы алуан картиналар көз тартады. Жастардың еңбегі ауызша айтып жеткізуі қиын жаңалықтарға толы еді. Көрмеге жиналған жұрттың қарасы көбейе түсті. Бұлар ресми Салоннан қашып шығып, бейтаныс дүниелерді көру үшін әрі сол жердегі төрешілерге өздерінше төрелік айту үшін осылай қарай ағылып жатты. Көпшілігі әуел бастан осы залдардан өзгелерге ұқсамайтын қызық дүниелерді іздеп табатындарына сенімді. Біраздан кейін паркет едендерден ұсақ шаң көтеріліп, ауаны қапырық басты. Егер көрмеге келушілердің тасқыны осылай толастамаса, сағат төрттерге таман бұл арада жұтатын ауа қалмасы хақ еді.
Қалың көпірдің арасынан әзер өтіп келе жатқан Сандоз:
— Айтатыны жоқ, жүрісіміз өнетін емес... Сенің суретіңді қалай табамыз? — деп сұрады.
Бұл күні Сандозда ескі досының осы жолы зор абырой, атаққа жетуінен басқа қам-қарекет, тілек жоқ еді.
— Асықпа! — деп айқайлады Клод. — Әйтеуір бірдеңе ғып жетерміз. Менің суретім қанат байлап ұшып кетпес.
Екі өкпесін қолына алып, жүгіре жөнелуге әзір болса да, Клод сабыр сақтағансып, сыр берер емес. Анда-санда өкшесін көтеріп, мойнын соза түсіп, жан-жағына қарап қояды. Бір кезде ол осынау улаған — шулаған көп жүрістің арасынан әлдекімдердің қабырғаға ілінген кейбір полотноларды ұнатпай, мазақтап күліп тұрған дауыстарын анық естіді. Клодтың көңілін бірден күдік жайлай бастады. Жаңашылдарға тән қайсарлығы жеткілікті көрінгенмен, бұл әйелдерге ұқсап секемшіл, ырымшыл да болатын, өзін ешкім мойындамай, кекесінге айналдыратындай, күні бұрын сары уайым шақыратын әдеті бар еді. Сондықтан:
— Әй, мыналар неге мәз болып тұр? — деп қорқақтай сұраған.
— Неге мәз болмасын?! Анау көтерем аттың суретіне күледі де! — ден Сандоз оның көңілін орнына түсірді.
Екеуі бірінші залдан шыға берісте анадайда Фажерольді көріп қалды. Бұлар айқай салғанда, ешкімді күтпеген Фажероль селк етіп, кездескендеріне оншалық қуанып тұрмаса да, сыр бермей сыпайы болуға тырысқан.
— Өй, сендермісіңдер? Осында келгеніме бір сағаттан асты. Әлгінде ғана өздерің туралы ойлаған едім... — дейді.
— Клодтың картинасын қай жаққа тығып тастады екен? — деп сұрады Сандоз.
Сол картинаның жанында жарты сағаттай тұрып әбден зерттеген, өзгелердің де пікірін тыңдап үлгірген Фажерольдің беті бүлк етпестен:
— Білмедім. Бәлкім, бірге іздерміз? — деді. Сөйтіп, екеуінің қатарына келіп қосылған.
Тумысынан солқылдақ Фажероль бүгін сыпайысып, мұнтаздай таза киініп алыпты. Реті келсе әкесін де мазақтай бастайтын қылжақбас енді ернін қымқырып, желі оңынан тұрған салиқалы кісінің ролін ойнағысы бар.
— Биыл осы Салонға қатыспағаныма қатты өкінемін! — деп мәлімдеме жасады. — Онда сендердің қатарыңда мен де абыройларыңды бөлісер едім... бұл жерде талай тамаша полотноларды көрдім ғой, балақайлар — ау! Мәселен, мына бір аттарға қараңдаршы...
Осыны айтып, Фажероль тура қарсы алдарында ілулі тұрған үлкен полотноға қарай иегін көтерді. Бұл суретті қызықтап, өзара гуілдескендердің қарасы недәуір екен. Біреулер жайылып жүрген аттардың айна-қатесіз бейнелерін салған автор сірә мал дәрігері болар деген болжам айтады. Айтса айтқандай екен: көгілдір, көк, торы аттардың сүйектері сойдиып, терілерін тесіп шығарлықтай бір түрлі қызық, қияли әдісте жазылыпты.
— Сен, немене, бізді қылжаққа айналдырмақпысың? — деп Клод Фажерольге күдіктене қараған.
Фажероль шын таңырқаған кісінің кейпіне түсіп:
— Қайдағыны шатады екенсің! — деді. — Дұрыстап қарасаңшы, осында қаншама табыстар бар! Аттың сыры иесіне мәлім... Әрине ұқыпсыздау жазады екен. Бірақ бұл оның нұсқалылығы мен натураға адалдығына әсте нұсқан келтіріп тұрған жоқ.
Фажерольдің қыз тақылеттес қушық өңінде күлкінің ізі көрінбейді, тіпті байсалды бола қалыпты. Тек жылтыраған көз тереңінде жымысқы бірдеңе бар сияқты. Содан өзіне ғана түсінікті әдіспен әлденелерді тұспалдап:
— Байқа, Клод! Даңғойлардың өтірік күлкісіне алданба! Асықпасаң, әлі талай құқайларды көресің! — деді.
Бұдан соң үш жолдас әрлі-берлі теңселіп жүрген көпшіліктің арасымен әрең өтіп, ілгері қарай жылжыған. Осы беттерімен екінші залға кіріп, қабырғаларға көз жүгіртіп қарап еді — бұлардың іздеген картиналары бұл жерде жоқ болып шықты. Оның есесіне, Ганьерге асылып тұрған Ирма Бекоға кездесіп қалды. Екеуі қабырғаға жабысып, бір кішкене полотноға назарларын тігіпті. Әрине, Ирма улаған — шулаған көпшіліктің арасына түскеніне ерекше шаттанып, қайта-қайта мойнын созып, айналасына қарағыштай береді.
— Немене, бұл қыз енді Ганьерді айналдырып алған ба? — деп Сандоз таң қалды.
— Уақытша қызығушылық қой, — деп Фажероль асықпай түсіндіре бастады. — Қазір Ирманың іші жиһазға толы тамаша пәтері бар. Оны әлгі бір газеттерде аты шығып жүрген маубас маркиз қамқорлағына алған көрінеді. Бұрын да айтпап па едім, бұл қыз әлі талай жерге барады. Бұған герб суреті кестеленген жібек төсектің қажеті жоқ... анау байғұс босқа әуреленіп жүр. Бұған керегі — шатыр астында тұратын жас суретшілер. Солай ма? Өткен жексенбіде ол түн ортасы ауған мезгілде қаңғалақтап "Бөдекен'' кафесіне келген. Біздің артымызда сыраға тойып маужыраған Ганьердің жалғыз өзі қалған. Сол жерде бұл қыз Ганьерге қармағын салған ғой!
Бұларды анадайдан көрген Ирма алыстан сәлем жолдаған соң, солардың қасына баруға тура келді. Ганьер де бері қарай бұрылып, көңілсіздеу амандасты. Сақал-мұртсыз беті жылтырап, сары шашы қобырап кетіпті.
— Мынау керемет қой! — деп сыбырлайды.
— Ол не нәрсе? — деп сұрады Фажероль.
— Мына бір суретті айтамын... Ерен туынды емес пе? Нағыз адалдық, аңқаулық, сенімділік дегеніміз осы!
Осыны айтып, Ганьер есі шығып мақтап тұрған кішкене полотноны көрсетті. Төрт-бес жастағы мұрынбоқ баланың қолынан шыққандай өте қарабайыр нәрсе екен. Жіңішке жолдың шетіндегі кішкене үйшік, аласа бұта, тал ағаштары, мұржадан шұбатылып ұшқан түтін... Ебедейсіз қисық сызықтармен салынған қара домбайдан басқа дәнеңе емес!
Фажероль ананың сөзін қостап, бірдеңе айтып міңгірлей бастағанда-ақ, Клодтың жүйкесі жыбырлап кеткен.
— Иә, өте нәзік дүние екен. Ал өзіңнің картинаң қайда? — деп сұрады Фажероль.
— Менікі ме? Міне мынау тұр ғой!
Шынында, мұның аузының суы құрып мақтаған "кішкентай шедеврдің" қасында Ганьердің картинасы да жайғасқан екен. Бұл тым ауырлау, бірақ үлкен шеберлікпен салынған, артық-кем жаңалығы байқалмайтын, Сена жағалауын бейнелеген меруерт түстес сұрғылт, сұлу пейзаж еді.
— Осындай дүниелерді қабылдамаған ана жақтағылар асқан ақымақ емес пе? — деп сұрады Клод, Ганьердің картинасына іш тартқанын білдіріп.
Төралқаның бұл әрекетін ешқайсысы анық түсіндіріп бере алмады.
— Е, нағыз реализм осы ғой! — деп Фажероль бірден кесіп тастады. Бірақ оның дауыс ырғағынан төралқаны кінәлайтынын өйтпесе осы картинаның өзін құстоналайтынын айырып білу қиын еді.
Жігіттердің назарынан тыс қалған Ирма бұл кезде әрқашан жабайылау, қолапайсыздау көрінетін Клодты өзінше зерттеп, оған күле қарап тұрды. Мұның ұсынысын мақұлдай қоймаған жігітке іштей қыжылы бар. Өзін бұрыннан бір түрлі жақтырмаушы еді, бүгін тіпті безгегі ұстаған аурудай дір-дір етіп, мазасы қашып кетіпті. Әрі бұған түк назар аудармаған немқұрайдылығы да жынына тиген соң, жігіттің жеңінен тартып:
— Ана жақта сендерді іздеген тағы біреулерің жүр, — деді.
Бұрын "Бөдекен" кафесінде көрген Дюбюшті Ирма бірден таныған екен. Дюбюш жұрттың үстінен мойнын соза қарап, бұларға қарай жылжып келе жатты. Клод қолын көтеріп белгі беріп еді, мұны байқамаған анау өзіне таныс отбасына қарай бұрылып, жалпылдап амандаса бастады. Олар — мойны дірілдеген жуан шал мен тырақай арық кемпірдің қасындағы жасы он сегіздер шамасындағы шалажансар нәзік қыз екен.
— Әбден жетісіпті! — деді Клод. — Әйтеуір өзін тауып алдық қой... Таныстарының сайқын қараңдар! Мұндай кемтарларға қалай үйірсектеп жүр?
Ганьер олар жөнінде хабардар екенін айтты. Анау Маргейян шал — жай кісі емес, үлкен құрылысты басқаратын, бес-алты миллиондай табысы бар, Париждің тұтас махаллаларын салған атақты бай. Дюбюш сірә онымен жобаларын өзі жөндеп беріп жүрген архитекторлары арқылы танысқан болуы керек.
Осы арада шалажансар болымсыз қызға жаны ашып тұрған Сандоз:
— Бейшара-ай... Алба-жұлба арық, мысыққа ұқсайды екен! Қарауға көзің шыдамайды, — деді.
— Әй, құрып кетсінші! — деп ызаланды Клод. — Буржуйлардың жасаған қылмыстары тұмсықтарында жазулы тұр, енді келіп бұлар алтындарын жұмсап, ақымақтығын жасырмақ... Ана қараңдар, біздің сатқын солардың соңынан кетіп барады. Архитекторы — ңыздың сыйқы осы! Барсын. Біздің өкінетін жағдайымыз жоқ.
Бұл жақтағы жолдастарын байқамаған Дюбюш Маргейянның кемпірін қолтықтап, оған бүгінгі көрме жайын түсіндірген болып, ерекше жағымпаздықпен бірдеңелерді айтып бара жатты.
— Біз де жүрейік, — деді Фажероль. Содан соң Ганерге қарап: — Клодтың полотносын олар қай қуысқа тығып тастады екен? — деп сұрады.
— Мен бе? Білмедім. Бірге іздейік те...
Ганьер осыны айтып, қасындағы Ирма Беконы ұмытқандай, екеуіне ілесіп жүре берді. Ол әдетте қасына әйел ертіп қыдырғанды ұнатпайтын. Осы жолы да Ирманың дегеніне көніп, Салонға бірге келіп еді, қыз құрғыры сот сайын жоғалып кетіп, артынша қайта табылып, әбден зықысын шығарды. Енді, міне, жылыстауға айналған жігіттің қолтығына жармасқан
Ирма келесі залға қарай бет алған ана үшеуінің артынан қуып жету үшін асыққан.
Ақыр соңында бесеуі бас қосып, әрлі-берлі қозғалған көрермен ағынының ортасында батып — шығып жүре берді. Бір кезде Шэннің жезөкшенің күнәсін кешіруді сұрап тұрған Христосты бейнелеген картинасының тұсына барғанда, мұрындарын тыржитып, теріс айналды. Өйткені бұл картинаға емес, жаны жоқ бет-бейнелерді қашаған ағаш ұстасының балшықпен бояған дүмбілез бірдемесіне ұқсайды екен. Оның қасында бетін әрі қарай бұрып алған әйелдің суреті ілулі тұрды: жалаңаш жаурынына жарық түскен арудың қырындап қарағаны әдемі — ақ! Жалпы мұнда жақсы да жасық дүниелер қат-қабат араласып кетіпті. Барлық машық үлгілері кездеседі. Тарихтың ескірген бұйымдары бәрібір әлі де ереуілшіл жастардың реалистік шығармаларына еркін орын берер емес. Түкке татымайтындар жаңа нұсқалы түрлер, бояулар іздеген жаңашылдармен бірге бытысып кеткен. Мәселен, бұрындары Өнер академиясының қараңғы қоймасында шіріп жатқан "Изабелді" енді "Ақ көйлекті бикешпен" қатар іліп қойыпты. "Ақ көйлекті бикеш" — қырағы көзді үлкен шебердің қолынан шыққан дүние екені ескерілмеген. Ал "Теңіз жағалауындағы бақташы" аталған жалпақ полотно — мүлдем қисынсыз, қиюы жоқ бірдеңе болса, ал қарсысындағы кішкентай полотно — доп ойнаған испандар — жарығы мол жақсы сурет. Өте әлсіз картиналар да мол еді: қалайы жауынгерлер қаптаған соғыс далалары, асфальт түстес кір бояулармен жазылған көне күңгірт замандар, орта ғасырлар өмірі. Осылардың ішінде шыншыл мәнерде жазылған табиғат суреттері мен портреттер ерекше көрінеді. Олардан жастыққа тән батырлық пен сезімталдық мінездер танылады. Ресми Салонда нашар дүниелер аз болғанмен, бірақ солардың көбі үйреншікті, қарабайыр әдістермен жазылғанын аңғару қиын емес-ті. Шынын айтқанда, бүгін дәл осы жерде таң алдында сырнай — кернейін шалып жауға қарсы аттанған әрі күн көтерілмей-ақ жеңіске жетуге асыққан шептердің шеруіндей бір қызықты, тіпті көңілді майдан басталған еді.
Осы майданның қызуына ілескен Клод атқан оқтай әрлі-берлі зуылдап ұшып жатқандай көрінетін көп көрерменнің пікір — таластарына құлағын жіті тосады. Әуелі онша анық естіле қоймаған күлегеш дауыстар бұлар жақындаған сайын үдей түскенге ұқсады. Үшінші залдағы әйелдер ауыздарын орамалмен жауып алса, еркектер жағы іштерін басып шиқылдап күлісіп тұр екен. Осында әншейін көңіл көтеруге келген тобырдың біразы озық дүниелерді де, тозық дүниелерді де мазаққа айналдырғаннан өздерінше рақат табатын секілді ме, қалай? Шэннің "Христосын" пәлендей тәлкекке айналдырмағанмен, жарқыраған кеудесі көйлегінің омырауын шіреген әйелдің тамаша бейнесінен қандай күлерлік нәрсе тауып тұрғандары түсініксіз еді. "Ақ көйлекті бикешті" көргендер өстіп бір-бірін итермелеп, ауыздарын көлегейлеп бірдеңе айтқансиды, содан соң қайта-қайта таңырқап, бастарын шайқай береді. Әрбір картинаны қызықтаушылар, ұнатушылар аз емес еді. Солар таныстарын қастарына шақырып алып, өздерінше өткір пікірлерін айтуда. Төртінші залға қарай өте берген Клод аты жоқ, жөні жоқ қиқылдап қатты күліп тұрған қақсал қатынды көргенде, ашуы келгені соншалық, әлгіні періп жібере жаздады. Сосын қасындағы жолдастарына қарай бұрылып:
— Бұл неғылған нақұрыстар! — деді. — Қабырғадағы картиналарды жұлып алып, осылардың бастарынан ұрар ма еді!
Сандоздың да жыны қайнап кетті. Ал Фажероль болса, қасақана ең дарынсыз суреттерді мақтай бастады. Ештемені айырып жатуға шамасы келмеген Ганьер көйлегінің етегі көлеңдеген Ирманың соңына еріп, есі шығып жүр.
Ойламаған жерден Жори алдарынан шықты. Өзінің ұзын мұрны қызарып, әлденеге мәз-мейрам екені көрінеді. Қолын сілтеп, көпшіліктің арасынан әрең өтті де, Клодқа қарап айқай салды:
— Ақыры таптым — ау. Мен сені бір сағаттан бері іздеп жүрмін... Әй, шал, табысың құтты болсын!
— Қайдағы табыс?
— Сенің картинаңды айтам да! Қазір барамыз. Кереметті өз көзіңмен көресің!
Клод сұп-сұр болып кетті — қуанышы қойнына сыймаған еді. Бірақ сыр бермеуге тырысты. Бонгранның сөзі есіне түсті... е, бұл өзі данышпан екен-ау!
— Бәрің осында екенсіңдер ғой. Амансыңдар ма? — деп Жори енді жолдастарымен қол алыса бастаған.
Бұдан кейін Жори Фажероль мен Ганьерге қосылып, бұл үшеуіне бір отбасында өскен адамдардай ыстық ықыласын тең бөліскен күлімкөз Ирманы ортаға алып, өзара шүйіркелесіп тұрды.
Шыдамы таусылған Сандоз:
— Әй, Клодтың картинасы қай жерде? Тезірек ертіп апармайсың ба? — деді.
Жори алға түсіп, қалғандары соның соңына ілесті. Қалың көпшіліктің арасымен жүріп отырып, соңғы залға жету де оңай емес еді. Жолдастарының артында келе жатқан Клод анадайдан су тасқынына ұқсап асып-тасыған гуілді анық естіді. Залға келіп кіргенде, мұның картинасы алдында бірін-бірі итермелеп тығылысқан көп халықты көрді. Жойқын күлкі даусы да дәл сол жерден, мұның картинасы жанынан шығып жатты.
— Көрдіңдер ме? — деп Жори кеудесін көтере түсті. — Табыс дегеніміз осы емес пе?!
Ганьер өз-өзінен қысылып, әлденеге қуыстанып:
— Иә, табыс... Мен бірақ басқа нәрсені күтіп едім, — деп сыбырлады.
— Әй, сен тас кереңсің ғой! — деп әлі желігі басылмаған Жори оны тоқтатып тастады. – Нағыз табыс осы! Мейлі, біреулер күле берсін... Біз бәрібір тура жолға шықтық. Ертең-ақ газеттерде біз жайында жабылып жаза бастайды.
Сандоз әлдеқандай қапалы, өкінішті дауыспен:
— Өңкей мисыздар! — деді.
Фажероль жақындары дүниеден көшкен отбасының жаназасына келген жанашыр біреудей қабағын түйіп алып, үн-түнсіз тұра берді. Тек Ирма ғана наздана еркелеп келіп, суретшінің иығына асылды да, осы көргенінің бәріне мәз болып, Клодтың құлағына ақырын сыбырлады:
— Қаныңды қайната берме, сүйіктім! Мұның бәрі бос нәрсе, қызық, шыжық бірдеме ғой!
Клодтың тілі байланып қалған еді. Іші мұздап кетті. Қатты опынғаны соншалық, бір сәтте жүрегі тоқтап қалғандай болды. Көзін кең ашып, залда тұрған өз картинасын танымай қалғандай, қайта-қайта үңіліп қарай береді. Бұл бұның шеберханасынан шыққан шығармаға ұқсамайтын секілді. Экранға тұтылған матаның ар жағынан түскен жарық картинаға әсер етіп, мұның түсін сарғайтып, көлемін кішірейтіп жіберіпті, осының нәтижесінде о баста өте мұқият жағылған бояулар енді тұрпайы көрінеді. Өзгелермен салыстыра бастағаннан ба, әлде орнын ауыстырғаннан ба, әйтеуір айлар бойы салған суретінің олқылықтарын өзі де танып тұрғандай еді. Тағы қайта қарап, жеке бөліктерін орнынан жылжытса, бадырайған бояу реңктерін жұмсарта түссе болады екен деп ойлаған. Кеудеше киген еркек бейнесі әлі де толық шықпапты, оның қолынан басқа жері бұлдыр, отырысы оңып тұрған жоқ. Түкпірдегі ақсары және қараторы қыздардың сұлбасы анық емес, толық аяқталмағанын әрбір суретші оңай ажыратар еді. Ал күн сәулесіне малынған ағаштар мен көгалдар әбден жақсы жазылған деп біледі, ал жасыл шөптің үстінде жатқан жалаңаш сұлудың суретін мұның өзі емес, өмір құштарлығы ересен өзге бір талант иесінің қолынан шыққан ғажайып мүсінге ұқсатады.
Клод Сандозға қарай бұрылып:
— Олардың күлгені жөн. Менің картинам әлі тұтас шықпаған, — деп күрсінді. — Амал қанша... Бірақ әйел бейнесі тамаша! Бонгран мені босқа мақтаған жоқ.
Сандоз досын осы жерден аулақ әкетпекші еді, бірақ Клод қырсығып, картинасын төңіректеп шықпай қойды. Енді ол өзі мінеп-сынап тұрған туындысына өзге тобырдың көзқарасы қандай екенін білуге асыққан. Жұрт бұрынғыдан жаман даурыға бастапты, күлкі-мазақ тыйылар емес. Heгe екені белгісіз, осы залға кіргендерді бірден күлкі қысып, көздері кішірейіп, ауыздары ашыла бастайды. Жуандары қарқылдап, жіңішкелері шиқылдап, әйелдері сылқылдап мәре-сәре болады. Қарсы жақтағы терезенің ернеуіне сүйенген бір топ жастар бір-бірін қытықтағандай үздіксіз қыт-қыттап тұрды. Орындыққа барып құлай кеткен бір бикеш аузын бет орамалымен жауып алып, бұралаңдап аунап жатыр. Сірә көрмеге қойылған тосын сурет туралы әңгіме тез тарап кеткен болуы керек, "Қайда"?, "Қай жерде?", "Ол немене?" деп ентелеп сұрақ қойған, емініп ілгері ұмтылған көрермен қарасы көбейіп барады. Жан-жақтан одағай сөздер қардай жауады. Көрермендер әсіресе осы картинаның оқиға желісін түсіне алмай, біреулері мұнда түк мағына жоқ деп жарияласа, екіншілері мұның бәрі білдір — батпақ деп бағалап, келемеждеуге кіріседі.
Сөздерінің сыйқы мынандай болып шығады.
— Мына бір бикеш ыстықтап отыр-ау. Ал анау мырза суықтан қорыққан соң үстіне кеудеше киіп алыпты!
— Жоқ, ол қыз құрбақадай көгеріп кетіпті ғой... Оны батпақтан суырып алған мырза енді мұрнын басып, оңаша демалып отыр емес пе?
— Онша кішіпейіл жігіт емес екен өзі? Теріс қарағаны несі-әй?!
— Мен мұны жас қыздардың пансионы демедім бе? Аударыспақ ойнап жүрген анау екеуді көрдің бе?
— Суретші картинасын байқаусызда сияға батырып алған болуы керек. Ағаштары да көкпеңбек, адамдары да көкпеңбек! Жуып жатып, бүлдіріп алған-ау!
Күлегештер қатарына қосылмаған көрермендер де риза емес еді. Жарықты жаңаша әдіспен жазғандықтан, көгілдір түске малынған картинаны ешқайсысының қабылдағысы келмеді.
— Бұл өнерді қорлау ғой! — деп кейбір шалдар таяқтарын шошаңдатып, қатты ашуланды.
Ал аса мәртебелі мансап иесі әйеліне қарап:
— Мұндай дөрекі қалжыңды мен көтере алмаймын! — деп мәлімдеме жасап, тез тайып тұрды.
Қасына ерткен бикешіне жөн-жосықты түсіндірмек болған мырзалардың біреуі каталогтағы "Пленэр" деген сөзді дауыстап оқығаны сол-ақ еді, бірден қым-қуыт айғай — сүрен басталып кетті. Әркім айғайлап, өзара жарысып, тосын сөздің мағынасын түсін — діруге кіріскен. "Пленэр ме? Ол таза ауаға шығып алып, аспанға қарап тұрып, тырқ-тырқ жел жіберу! Жел жіберу!" деп өршелене түседі. Бұл жанжалдың басы еді. Елдің қарасы көбейе түсті, көрменің ішін қапырық басты. Надандар аузын ашып, көрген суреттері жайында ойына келгендерін айтып жатты. Әрбір жаңа нұсқалы шығарманы қабылдай алмайтын тоғышар тобырдың топастығында шек болмайтыны ежелден мәлім.
Осы кезде Маргейянды шығарып салуға кеткен Дюбюш қайтып келмесін бе? Бұған Клод тағы қағынды. Дюбюш қарап тұрмай, қабырғадағы картинаны көрмегенсіп әрі тура пікір айтудан жасқанғандықтан, жолдастарды соңына ілестіріп алып кетпекті қарастыра бастаған. Бірақ аяқ астынан пайда болған бір мердігер — көтерме сауда жасаушы ентелеп ілгері ұмтылды да, қабырғадағы суретке көзін тігіп тұрып:
— Әй, мынаны салған қай етікші екенін білемісіңдер? — деп айқай салды.
Мердігердің ашық тұрпайы сұрағы көңілдеріне жаққан біреулер риза болып күле бастаса, мынандай түсініксіз картинаның осыншама "табысына" таңырқаған Маргейян секілділер іштерін басып құлап қалды. Маргейянның қырылдақ күлкісі әрі өзгелердікінен ерекше, қатты естілді. Осы күлкі үлкен орган аспабының ең соңғы қорытынды аққордына ұқсап кетті.
— Менің қызымды осы жерден алып кетіңізші, — деп Маргейян ханым Дюбюштің құлағына сыбырлады.
Көзін төмен салып үнсіз тұрған Регинанның қасына жетіп барған Дюбюш жалма-жан осы бейшараны басына төнген қауіптен тезірек құтқаруға асыққан кісіше бойындағы бар күш-қуатын жұмсап, айналасындағыларды итермелеп, ілгері қарай ұмтылған. Содан Маргейяндарды кіре беріске шейін шығарып салып, солардың алдында құрақ ұшып иілген Дюбюш біраздан кейін тағы қайтып келді. Жолдастарымен енді ғана амандасуға қолы тиген ол бұларға сынай қарап тұрып:
— Осылай болатыны белгілі еді. Мен күні бұрын сезгенмін. Клодқа мұндайды жұртшылықтың түсінбейтінін талай ескерткенмін. Мына жазған дүниесі, қалай ойласаңдар, солай ойлаңдар, барып тұрған білдір — батпақтан басқа түк емес! — деді.
Сандозды ашу қысып, сұрланып кетті.
— Олар Делакруаны да мазақ етпеді ме?! — деп жұдырығын көрсетті. — Курбені түкке алғысыз қылды. Ақымақ сорлылар, жексұрын жендеттер!
Сандозды бек жақсы түсініп тұрған Ганьер өткен демалыс күні Панделудің концертіне қатысқанын, сонда байсалды музыкадан хабары жоқ тоғышарлармен қалай айтысып-тартысқанын әңгімелей бастады.
— Бүгін осында жүргендердің біразы сол жолы Вагнердің концертінде ысқырып, улап-шулап отырды. Мысалы, әне бір қамсеміз...
Жори Ганьерді әзер тоқтатты. Ал Жориге тобырдың толқымалы пікірі әбден ұнайды екен, оның пікірінше, мұндай тегін жарнаманы мың франкке сатып ала алмайсың. Ирма болса, Клодтың картинасын барынша мансұқтап тұрған екі жас жігіттің — биржада істейтін ескі таныстарының қасына барып, олардың қатты қателесетінін, бұл картинаның жақсы дүние екенін дәлелдей бастапты.
Фажероль ғана әзір аузын ашатын емес. Жұрттың аңысын андып, іштей зерттегенде, айла-амалы бір басына жететін қаланың қуы біраз нәрсені байқаған: мұндай суретті көпшілік қабылдау үшін суретші біраз икемге келіп, оқиға желісін оңайлатып, жазу мәнерін жеңілдете түсуі керек еді. Дегенмен, өзі мойындағысы келмегенмен Фажероль Клодтың әсерінен айналшықтап шыға алмай жүрген. Сөйтсе де, осындай бір қайнауы ішінде жатқан дүниені көрермен талқысына әкеліп салу асқан ақымақшылық деп ойлайды. Мұндайды түсінерлік естияр көрермен қайда? Киім киген еркектің қасындағы әйел неге жалаңаш? Түкпірдегі бір-бірімен алысып ойнап жүрген қыз балалардың әрекетінде қандай мағына бар? Әрине, осындай олқылықтарына қарамастан, бұл қас шебердің қолынан шыққан шығарма екені күмәнсіз — мұндай үлгіні анау ескі Салоннан іздеп таба алмайсың. Осыншама дарынды суретшіні былғауыш ұстаған әлдебіреу секілді күллі Париждің күлкіге айналдырғаны өкінішті-ақ еді. Осындайға жол берген суретшінің өзі де кінәлі деп біледі.
Фажерольдің зығырданы қайнап кеткені соншалық, бұдан әрі өзін тежей алмай:
— Осылай болатынын өзің де күні бұрын білдің ғой? Білсең, неге бүйттің? Ақымақпысың? — деді.
Клод Фажерольге үнсіз қарап тұрды. Бұл жолы ол басына жаңбырша жауған сайқымазақтан сынып кетпегенмен, өңі бозарып, ерні жыбырлай бастаған. Мұның өзін әлі түстеп танып білмеген жұртшылық Клодты емес, оның шығармасын сынап жатыр емес пе? Енді бұл өз картинасын қасында қатар ілінген өзге дүниелермен салыстыруға кіріскен. Сонда бұрынғы құрғақ қиялынан түк қалмай, өркөкірек өзімшілдігі недәуір жапа шеккенмен, бәрібір мынау ескі құрым қоқыстарды сыпырып тастап, көтеріңкі көңілмен, талас таппас құмарлықпен ілгері ұмтылған жаңа дүние, қайратына қайрат қосып, жастық қызуын тасыта түскендей болды. Ендеше, қорланатын, қапаға түсетін ештеңе жоқ. Қайта тобырдың қытығына тие беруі керек! Әрине, мұның картинасында жетіспеушілік, солғындық, балаңдық жағы аз емес. Бірақ жалпы көрінісі қандай көркем шыққан! Күміс түсті жарық жолақтар мың құбылып, билеп — секіріп, шуақтай шашылып жатқан жоқ па? Пленэр әдісі дегеніміз осы. Мұның картинасы асфальт қайнататын ескі астауда болған жарылысқа ұқсайды: көне дәстүрлердің былғанышын лақтырып тастағанда, алдарынан жарқырап шыққан күн Салонның қараңғы қабырғаларын көктемнің жылы шуағына толтырып жібергендей еді. Топас тобыр күлкіге айналдырған картинаның көгілдір түсті жарық бояулары ұшқын атып, қасындағы полотнолардан бөлекше көрінеді екен. Жаңа өнердің көп күттірген арайлы таңының атқаны осы емес пе? Клод осы кезде бір белгілі сыншының аса байсалды жүзбен мұның картинасына назар салып тұрғанын көрді. Оның маңына шетінен кісімсінген, бірақ аздап таңырқаған атақты суретшілер жиналып қалыпты. Ал салдыр-салақ киінген Мальгра отағасы бәрін білетін бағалаушының әдетімен ешқайсысын менсініңкіремей аралап келді де, Клодтың картинасының алдында недәуір тоқтап тұрды.
Клод осы кезде Фажерольге қарай бұрылып, кешігіңкіреп жауап берді.
— Әркім әрқалай адасады, қымбаттым! Мен де әрқашан осындай ақымақшылық жолда қала беретін шығармын... Саған ұқсап пысық бола алмадық! — деген.
Мұны естіген Фажероль ыржиып күліп, Клодтың жауырынынан қақты. Сандоз досын ертерек осы жерден алып кетуге тырысып, оның жеңінен тартқан. Бұдан соң бұлар Шетіндер Салонынан шығып, сәулетшілер залына қарай бұрылды. Өйткені сол жақта Дюбюш жасаған мұражай ғимаратының жобасы бар, соны көруге достарын манадан бері үгіттеп тұрған автор енді өкпелеуге айналған еді.
Сәулетшілер залына кіргенде:
— Мынау нағыз мұзхана екен. Тынысымыз кеңейетін болды ғой, — деп Жори жеңілденіп қалды.
Бәрі қапырық күннің астындағы серуеннен қайтып, саялы жерге жеткендей, маңдайларының терін сүрте бастаған. Сәулетшілер залы қаңырап бос тұр екен. Ұзына бойы ақ мата тұтылған биік төбеден түскен тұтас күңгірт жарық су қоймасындай беті жылтырап жатқан таза паркетке шағылысады. Қызғылт — сұр қабырғаларға акварель бояулармен жазылған бұлдыр жобалар, көк сызықтармен салынған үлкенді-кішілі сызбалар ілініпті. Осылардың арасында сақалы қауғадай біреу емхананың жобасы салынған суреттің алдында жападан-жалғыз мелшиіп тұр екен. Бұлар кіргенде екі-үш әйелдің қарасы көрініп еді, артынша солардың өкшесі тықылдап, ізім-қайым жоғалды.
Дюбюштің көңілі семіріп, осындағы туындысын жолдастарына таныстыра бастады. Қамқоршы ұстазының әуел бастағы қарсылығына қарамай, оны ақыры атағын бірге бөлісуге көндірген Дюбюш бұл жолы тұтас мұражайды емес, кішкентай ғана залдың жобасын көрмеге әкеліп қойған екен.
— Сенің музейің жаңа мектептің картиналарын қоюға арналған ба? — деп Фажероль астарлы сұрақ қойды.
Ойы басқаға кеткен Ганьер басын изей салса, Клод пен Сандоз шын ниеттерімен Дюбюштің жасаған жобасына қызыға қарап тұрды.
— Иә, мүлдем жаман емес, шал! — деді Клод. — Рас, өрнектері онша емес... Бірақ жөндеуге сенің шамаң келеді.
Жори аяқ астынан асығып:
— Бұл жерден тезірек кетуіміз керек. Мен суық тигізіп алдым! — деді.
Сөйтіп, бәрі бет-бетімен безе жөнелген. Ең жаман жері — қайтар жолдарын қысқарту үшін қарсылық көрсету белгісі ретінде бұдан кейін қайтып аяқ баспаспыз деп өздерінше ант ішкен ресми Салонның залдары арқылы өтуге тура келді. Бұларға ала көзімен қараған жұртты елемей, кимелеп ілгері ұмтылған. Бұл арада Шетіндер Салонындағыдай көңілді күлкі естілмейді, жарық, сәулелі бояулар атымен жоқ, бәрі күңгірт, бұлыңғыр. Тіпті қаз қатар тізілген алтын рама жақтаулар да жарқырамайтын секілді, кердеңдеген кербез шығармалар, жер астыдағыдай буалдыр, сарғайған сәулелер әзер түскен жалаңаш денелер... Мұнда көне классика үлгілері түгел бас қосқан: тарих, тұрмыс, пейзаж — бәрін сыртын майлап қойған, бәрібір тот басқан қаңылтыр кеспекке салып, сақтаған секілді. Бұл полотнолардың барлығына жасандылық пен үйреншіктілік әрі күні өткен академиялық мәнерде жазылған бояулардың ұсқынсыз реңктері ортақ еді. Жастар әлі өздері жеңе алмай жүрген осы қараңғылық патшалығының ортасынан тезірек шығып кету үшін ақыр соңында жүгіре жөнелген. Сектанттарға тән әділетсіздікпен бұлар бәрін жоққа шығарып, бұл Салонда кәдеге асарлық ештеме таппағандай, босқа айқайлап барады.
Осы беттерімен шуылдап жүріп баққа кіргенде, сол жерде Магудо мен Шэнге жолыққан. Магудо Клодтың мойнына асыла кетіп:
— Ғажайып дүние жазыпсың, құрметтім. Неткен қызу темперамент, ә?! — деп құттықтады.
Ал Клод "Жүзім жинаушыны" мақтай бастады.
— Сен олардың әкесін танытыпсың! — деп.
"Сайқал" атты картинасы туралы бір ауыз сөз естімей қабағы түсіп кеткен, сол себепті жолдастарының соңынан босқа ілескен Шэнге Клодтың жаны ашиды. Бірақ буржуйлардың мақтауына малданып, жөні дұрыс сурет сала алмай босқа сандалып жүрген кешегі қарапайым шаруа баласына не тауып айтарсың? Лаж жоқ, арқасынан қағып, көңілін жұбатуға тура келді.
— Сіз де қарап қалмапсыз. Әсіресе сызба жағынан күшті екенсіз, бауырым! — деп көтермелеп қойды.
— Сызба жағын қатырамыз ғой! — деп Шэн мақтанғанда, қалың сақалының арасына шейін қызарып кетті.
Магудо жолдастарынан Шамбувараның "Егіншісі" туралы пікірлерін сұрады. Оның ойынша, осы Салонда көруге тұратын бірден-бір тәуір мүсін сол. Бұдан кейін бәрі Магудоның соңына еріп, бақты аралай бастады. Мұнда да халық жиналып қалған екен.
Орталық аллеяға шыққанда:
— Әне, қараңдар! "Егіншісінің" алдында Шамбувардың өзі тұр, — деп Магудо айқай салды.
Шамбувар аяқ-қолы жуан, етженді кісі екен. Басы мойнының ішіне кіріп кеткен, ат жақты ажарлы өңі оны үнділердің ағаш құдайына ұқсатып жібереді. Амьен маңындағы мал дәрігерінің нәсілінен болса керек. Жасы қырық бестер шамасындағы мосқал мүсінші осы уақытқа шейін жиырмадан астам, бүгінгі талаптарға сай келетін, мазмұнына түрі сәйкес, қарапайым да өміршең дүниелердің авторы, артық — ауыз нәрселерге қызыға қоймайтын талантты шебер ретінде танылған еді. Мұның қолынан шыққан шығармалар шаруаның еккен егіні секілді, бірде өнімді, бірде өнімсіз болып жататын. Кейде өз ісіне есеп бермейтін біреудей көрінеді. Сыни көзқарастан мүлдем мақұрым қалғандықтан, жақсы мен жасықтың арасын айыра алмай, үздік дүниелермен қатар қуыршақ бейнелерді де жұмбаздай береді. Ешқашан еш нәрсеге күмәнданбайды, қашанда өзіне сенімді, менмен.
— Тамаша! Егінші десе дегендей! Тұрысын, жүрісін қараңдаршы! — деп Клод таңдайын қағады.
Фажерольдің мүсінде шаруасы жоқ, екі көзі — қасына елпең қаққан шәкірттерін ертіп келген жуан кісіде.
— Әне, шәкірттері бұның қасында құлдық ұрып жүр. Ал бұл өз буына өзі пісіп, ешкімді елейтін емес! — деп келемеждейді.
Шамбувар шынында да айналасын қоршаған қауымға назар аудармай, төбесінен жай соққандай есеңгіреп, өзі салған мүсінге таңырқай қарап, бір орнында тапжылмай тұр еді. Осындай кереметті алғаш рет көргендей, есін жия алар емес. Содан жалпақ бетінде шаттық ойнап, басын шайқап қойып, бірте-бірте сылқылдап күле бастасын.
— Иә, ғажап... иә, ғажап, — дей береді.
Ұстаздары өстіп қуанышқа кенелсе, қасындағы шәкірттері үнсіз мөлиіп тұрды.
Осы арада бір күтпеген оқиға болды. Екі қолын беліне айқастырып, ақырын аяңдап жүрген Бонгран байқаусызда Шамбуварға кездесіп қалды. Бұны көрген көпшілік өзара сыбырласып, кейін шегінген. Бір-біріне кескін — кейпі де, мінез-құлқы да ұқсамайтын атақты екі суретшіде енді қайтер екен дегендей қызығушылық бар еді. Атақтылар сыр бермей, ақжарқын амандасты.
— Мұнда біз көрмеген кереметтер көп екен ғой!
— Иә, солай. Сіз бұл жолы көрмеге ештеңе қоймадыңыз ба?
— Жоқ. Әзірше демалмақ, ізденбек ойым бар.
— Солай ма? Ізденіссіз — ақ шабыт келе бермес пе?
— Жарайды, қош болыңыз!
— Қош болыңыз!
Бұдан соң Шамбувар қасына нөкерін ерткен падишадай айналасына асыра көз тастап, асықпай басып ұзай берді. Бонгран болса Клод бастаған жастардың қасына келіп, алақанын бір — біріне ысқылап тұрып, алыстап кете барған мүсіншінің артынан:
— Мен осындай адамдарға қатты қызығамын. Өйткені олар әрқашан теңдессіз дүние туғызғандарына ешбір күмәнданбайды! – деді.
Бұдан кейін Бонгран "Жүзім жинаушыны" жазған Магудоның атына біраз жылы сөз айтып, жұртқа танымал тарлан боз ағалардың ежелгі жақсы дәстүрімен кейінгі жастардың талабын қызу қолдайтын ақ адал пейілін білдірген. Клодқа қарап тұрып:
— Қалай, дұрыс па? Жоғарыдағылардың да көзі жеткен шығар... Сен енді жаңа мектептің ел мойындаған жетекшісісің! — деді.
— Иә, бәлкім, олар бізбен санаса бастаған болар. Бірақ біздің мектебіміздің басшысы өзіңізсіз, — деп жауап берді Клод.
Бонгран қабағын түйіп, қолын сермеді. Артынша қоштаса бастады.
— Мені жаңа мектептің басы деп айта көрмеңдер. Мен әлі өзімді өзім басқара алмай жүрген адаммын!
Жолдастар бақты аралап жүріп, тағы да "Жүзім жинаушының" алдына барып тоқтағанда, Жори Ирма Беконың Ганьердің қасынан кетіп қалғанын байқады. Қыздан айырылған Ганьер айналасына алақ — жұлақ қарайды. Фажероль оған әлгінде Ирманың екі бейтаныс жас жігітпен қолтықтасып кетіп бара жатқанын көргенін айтқанда,ананың иығынан ауыр жүк түскендей жеңіл күрсініп қойып, жолдастарының қатарына келіп қосылды.
Бірақ ілгері қарай жылжу оңай болмады. Жағалай қойылған орындықтар бос емес, аллеялар бойы құжынаған халық. Қоладан құйылып, мрамордан қашап жасалған қыруар мүсіндерді тамашалап көріп жүргендер ақырын жылжып, бір-біріне жол берер емес.
Асхана жақтан естілген шу жуылған ыдыс-аяқтардың салдыр — гүлдіріне қосылып төбедегі биік күмбездің астында жаңғырып тұрды. Жоғарыдағы итарқа ағаштардың арасына барып тығылған торғайлар шыны шатырдан түскен күннің қызуына жылынып, шырылдап ән салады. Жалпақ бастырманың ішіндегі ылғалды ауамен тыныс алу қиындап, осының алдында ғана көпсітілген топырақтың иісі бас айналдыра бастады. Көрме залдарынан бері қарай бақтың ішін аралап кететін тас жолдар бойымен ағылған жұрттың аяқ дыбысы мен құмыққан дауыстары жағалауға барып соғылған теңіз толқындарының алыстан шыққан гуіліне ұқсар еді.
Осындай у-шудың арасында миы ашып келе жатқан Клодтың құлағына әлдекімдердің айқайы мен күлкілері естіледі. Сірә солардың бәрі мұның әлгі сәтсіз туындысын тәлкекке айналдырып, мазақтап күлетін шығар, жаңбырдай жауған ғайбат сөз соның авторын әшкерелейтін шығар деп ойлағандықтан, бұл енді қолын сермеп, жолдастарына қарады.
— Бұл жерде біз қызығарлық не бар? Академия сасыған асханаға кіріп, дәм тату мысалы, менің қиялыма кірмейді. Одан да тезірек кетіп бір жерге барып сыра ішпейміз бе? — деді.
Әбден шаршап, өндері қашқан, қабақтары салыңқы жігіттер осыдан соң көрмеден көшеге шыққан. Көктемнің салқын ауасын жұтып, естерін жиғандай болды. Еңіске қарай құлаған күн Елисей алаңына жарығын түсіріп тұрды. Экипаждар қатары, бүршік жара бастаған жас бұтақтар, алтын шаң түстес шашыранды суларын аспанға атқан хауыздар жалт-жұлт етіп, көз тартады. Елисей алаңы бойымен жаяу аяңдаған бұлар ақыр соңында сол жақтағы павильонның ішіне орналасқан шағын кафеге кіріп, аялдама жасады. Кафеде отыратын орын таппағандықтан, аллеяға шыға берістегі кішкентай орындықтың айналасына барып жайғасуға тура келді. Төбелерін жапқан жапырақ асты күнгірт әрі салқын екен. Айналасына қара көлеңкесін түсірген төрт қатар талшын ағаштарының ар жағында бүткіл Париждің ығайлары мен сығайлары серуендеп жүрген даңғыл көше жатыр. Қарапайым арбалардың темір құрсаулы дөңгелектері жылт-жылт етсе, сән-салтанатты үлкен күймелердің бауырлары алтындай жалтырайды, жетектегі аттардың тағалы тұяқтарынан от шашырайды. Батар күннің сәулесі жаяу жүргіншілердің иықтарын жарқыратып бояп тастаған.
Осыдан кейін үш сағат бойы Клод ауыз жаппастан, алдында тұрған салқын сыраны ұрттап алмастан, сөйлей берді, сөйлей берді. Бүгінгі көрген көп суреттен, көп әсерден басы мәңгіріп, әбден шаршағанына қарамай, екіленіп ерегісті қыздыра түсті. Бұрындары да Салонда өткен кезекті көрменің артынша бұлар осылай дауласа бастайтын. Бұл жолы император көрсеткен қамқорлықтың арқасында ұйымдастырылған шараны бірден бітіспес дау-дамайға айналдырып жіберді. Небір теориялар лек-легімен ағытылып, кейбірінің естері шығып кетті. Небір батыл ойлар айтылып, соны ауыздары көпіргенше дәлелдеушілер табылады. Бұның бәрі, әрине, жастық қызуы жалындатқан өнерге деген өшпес құштарлықтың көрінісі еді.
— Ей, онда тұрған не бар? — деп Клод айылын жияр емес. — Күле берсін! Сол күлегеш көрерменнің өзін тәрбиелеу керек емес пе? Бәрібір бұл біздің жеңісіміз. Егер біздің екі жүз сайқымазақ полотномызды бір жерге топтастырса, олардың ескі Салонынан түк абырой қалмас еді. Өжеттік пен ізденімпаздық біздің жағымызда, ендеше, келешек те біздікі. Иә, иә, жұрт дайындала берсін: біз көп ұзамай олардың Салонын жерлейтін боламыз. Біз өзіміздің үздік шығармаларымызбен бәрін жаулап аламыз. Әзірше күле тұрыңдар, еркінси беріңдер, Париж атанған өңкей құбыжық! Әлі-ақ біздің табанымызды жалайтын боласыңдар!
Осыны айтып, Клод анадайда ұзыннан ұзақ созылып жатқан даңғылға қарай сәуегейлікпен қолын сілтеп көрсетті. Даңғыл бойында шат — шадыман толы қаланың күллі ақсүйек қауымы теңселіп жүр еді. Оның ар жағында, Келісім алаңының айналасында өскен ағаштың арасынан суын жоғары қарай атқылаған хауыз бен балюстрада ғимараттардың балконы мен басқыштарын безендірген бағаналар қатары, кейбір мүсіндердің, мәселен, Руанның алып кеудесі, Лилляның жалаңаш аяқтары көрінеді.
— Олар сонда кімді мазақтап күледі екен? — деп Клод сөзін сабақтады. — Мейлі, күле берсін.
Онда біз мектебіміздің атын "Пленэр" қояйық. Дұрыс па? Күні кеше ғана бірен — сараң суретшілерден басқалар мұндайды естіп, білген жоқ. Енді, міне, топас тобырдың өзі қанатты сөзге айналдырып, жаңа мектепті жасауға көмектесетін түрі бар. Бұл маған ұнайды. Жаңашылдар мектебі жасасын!
Мұны естігенде, Жори алақанын шапаттай бастады.
— Мен саған айтқан жоқ па едім? Менің мақалаларым шыққаннан кейін бұл шіркіндер шетінен жарылып өледі демедім бе? Енді біздің соларды мазақ ететін кезегіміз келді!
Бүгін жеңіске жеткендей масаттанған Магудо қасындағы үндемес Шэнге өзінің "Жүзім жинаушысының" артықша қасиеттері туралы қайта-қайта түсіндіріп әуреге түсуде. Әдетте ұялшақтау көрінетін Ганьер енді аяқ астынан өрекпіп, өзінің негізгі мұраты — Академияның басын шабу екенін жариялаған. Шабытына мініп алған Сандоз бен достарының төңкерісшіл бағытына еліктеген Дюбюш алдарындағы үстелді тарсылдатып ұрып, салқын сыраны сіміре береді, өсте берсе, өркөкірек Парижді мойындататындай өршелене түседі. Байсалды Фажероль ғана миығынан күліп үнсіз отырды. Қасына ерген жолдастарын әр нәрсеге айтақтап салып, қызықтағаннан ерекше ләззат алушы еді. Бұл жолы да мыналардың дау-дамайынан соңғы ұққаны: бар қабілетін құр босқа шашып — төкпес үшін міндетті түрде Рим сыйлығын алуы керек екен, тек сол бағытта еңбек етпесе болмайды екен.
Күн еңкейіп көкжиекке құлады. Енді Булон орманынан шыққан экипаждар қызыл іңірдің бояуына малынып, бір бағытта ғана қозғала бастапты. Қолдарына каталог ұстатсақ әлденеге алаңдаған ер кісілер салоннан лек-легімен шығып жатты.
Әлде бір ішкі ойының жетегінде келе жатқан Ганьер кенеттен:
— Пейзаждың негізін қалаған кім екенін сендер білесіңдер ме? — деп айқай салды. — Әрине, Куражо. Люксембург мұражайында тұрған оның "Ганьидегі батпақ — сор" картинасын көргендерің бар ма?
— Иә, ғажайып нәрсе! — деп Клод оның пікірін қолдады. — Ол суреттің салынғанына отыз жыл уақыт өтсе де, одан әлі ешкім асқан емес... Бірақ сондай дүние неғып Люксембургте ілулі тұр? Оның орны Лувр емес пе?
— Куражоның көзі тірі ғой, сондықтан... — деп Фажероль қарсылық білдірді.
— Қойшы, ей! Куражо әлі бар ма? Онда біз неге оны еш жерден көрмейміз? Ешкім неге ештеңе айтпайды?
Фажероль қазір жасы жетпіске келген атақты пейзажистің Монмартр маңындағы кішкене үйде, ит-құстың арасында елеусіз өмір сүріп жатқанын айтқанда, жігіттер аузын ашып, таң-тамаша қалды. Демек, адам көзінің тірісінде-ақ уақыттан озып кете береді екен-ау. Ажалынан бұрын тұғырдан тайған кәрі суретшінің өмірінде қаншама тәлім бар! Осындай қиялға түсіп, үнсіз тұрған жігіттер бір уақытта әлдекімді қолтықтап алып, анадайда кетіп бара жатқан Бонгранды көріп қалды. Бонгран да бұларға қарай қолын көтеріп, сәлемін жолдаған. Өңі солғын, қабағы салыңқы екені байқалады. Оның артында қошеметші нөкерін ертіп, қатты күліп келе жатқан Шамбувар өзінше қара жерді нық басқан өлмес тұлғаға ұқсар еді.
Осы кезде орнынан тұрып, кетуге ыңғайланған Шэнге қарап:
— Қайда барасың? — деп сұрады Клод.
Анау мұртының астынан міңгірлеп түсініксіз бірдеңе айтты да, тез қоштасып, кафеден шыға жөнелді.
— Әлгі кіндік шешесіне жетуге асыққан болар, — деп кекетті Жори. Содан соң Магудоға қарай бұрылып: Шөп сасыған дәріханашы қатынды айтамын. Оны көзінің жылтылынан таныдым. Сонша асыққанына Қарағанда, байғұстың тісі қатты ауырған болуы керек, — деді.
Қасындағылардың мазағын елемеген мүсіншіміз иығын қиқаң еткізді де қойды.
Клод енді Дюбюшке архитектура жайында сабақ оқи бастаған. Әрине, оның бүгін көрмеге қойған жобасында — мұражай залының көрінісінде тәуір жақтары бар екені сөзсіз, бірақ тұтас алғанда жаңалығы жоқ, ескі академиялық сарындарды мұқият қайталау болып шыққан. Сірә өнер атаулы дәйім алға қарай шеру тартпас па? Осы күні көркем әдебиетте, суретте, музыкада болып жатқан өзгерістердің сәулетшілерге әсер етпеуі мүмкін бе? Әр заманның сәулет өнері өзіне тән әдістерін іздеп табуы керек. Біз жаңа ғасырдың басында өмір кешудеміз. Ендеше біздің алдымызда жаңа өскіндер өніп шығатын тың жерлерді игеру, бәрін қайта құру міндеті тұр. Біздің аспанымыздың астында, бүгінгі өркениетіміздің ортасында бар мағынасынан айырылған грек храмдары құрып кетсін! Готикалық соборлар құрып кетсін! Өйткені біздің ұрпақ ертегі аңыздарға сенбейді. Жіңішке бағаналар мен Ренессанс дәуірінің орта ғасырларға бейімделген көне көмескі ою-өрнектері құрып кетсін! Біздің демократиямызға сай келмейтін арзан жылтырақтар қазір кімге керек? Өстіп Клод ерекше қызбаланып, қайта-қайта қолын сермеп, қазіргі демократия үрдістеріне лайықты, халықтың талап-тілегін қанағаттандырарлық сұлу да ыңғайлы, тастан қаланған мәңгілік ғимараттарды салудың қажеттілігін дәлелдеп бақты. Жаңа вокзалдар мен базарлар тұрпатындағы зор, алып, қарапайым да қабырғалы, металл тұғырлы құрамаларға негізделген, бірақ ерекше әсем, мінсіз құрастырылған, бүгінгі демократиялық жеңістерімізді әйгілейтін ғимараттар болуы керек.
— Рас! Әрине! — деп Дюбюш те қайталай береді, Клодтың ыңғайына жығылып. — Менің мақсатым да сол емес пе? Оны әлі — ақ көрерсіңдер. Маған тек уақыт беріңдер. Кейін, қолым босаған соң, әне сонда...
Күн кешкіріп барады. Бірақ шабытына мініп алған Клод жуық арада тоқтар емес, қайта өршіп барады. Оны тәп-тәуір білетін жолдастары оның бүгін бүйтіп ерекше шешенсіп кеткеніне таңдана бастаған. Бәрі қошемет көрсетіп, оның әрбір ұтқыр сөздеріне қол шапаттаудан әзір жалығар емес-ті. Клод өзі жазған картинаға қайта айналып соғып, буржуаның қытығына тиген жайларды түсіндіре келіп, сол надандардың күлкісін айнытпай салып, жолдастарының ішек-сілесін қатырған.
Бұл кезде даңғыл көшенің үстін бұлыңғыр шаң басқандай, аракідік экипаждар сол шаңды кешіп жүргендей көріне бастады. Ағаштар астына салқын қою қараңғылық түсті. Кафенің артындағы қалың баудың ішінен ән салған жіңішке әйел даусы естілді, бұл сірә "Орложда" өтетін сауыққа алдын ала дайындалып жатқан біреудің жылауық романсына ұқсар еді.
— Иә, нақұрыстар мені бүгін әбден қызыққа батырды, — деп қорытынды жасады Клод. — Жүз мың франк берсе де, мұндай қызықты күннен бас тартпас едім...
Әбден сілесі қатып шаршаған болуы керек, осыны айтты да, үні өшті. Өзгелері де тыныс алып, енді кешкі салқында дірілдеп, тоңа бастаған. Таңдайлары кеуіп қалыпты. Содан бір-бірімен қол алысып, сірескен, шаршау жүзбен жан-жаққа тарауға айналды. Дюбюш қонаққа бармақ екен. Фажероль біреумен кездеспек екен. Ал Жори, Магудо, Ганьер үшеуі Клодты үгіттеп, жиырма бес суға тойып тамақ ішуге болатын "Фукара" ресторанына ертіп әкетпекке әрекет жасап еді. Досының жасанды күлкісінен секем алған Сандоз араға түсті.
— Мен бүгін шешеме ертерек қайтамын деп уәде беріп едім. Клод менімен бірге жүреді. Екеуара уақыт өткіземіз ғой! — деген.
Содан екеуі жолдастарынан бөлініп, Тюильри жағалауы бойымен ұзап кете барған. Әулие әкей көпірінің үстіне шыққанда, Клод кідіріп қалды.
— Сен, немене, үйіңе қайтпақсың ба? Бірге отырып ас ішпейміз бе? — деп Сандоз даусын көтерді.
— Рахмет, менің басым ауырып тұрғаны... Барып жатпасам болмас.
Оны көндірудің қиын екенін байқаған Сандоз:
— Жарайды, жақсы... — деп күліп жіберді. — Әйтеуір соңғы кездерде сені жиі көрмейтін болдық... әлде құпияларың бар ма? Жарайды, шал, бара бер. Саған кедергі келтіру ойымда жоқ.
Клод шыдамсызданып қолын сермеген. Бұдан соң екеуі қоштасып, жөндеріне кетті. Сандоз көпірден әрі асқанда, Клод бұрынғыша өзенді жағалап жүре берді. Айлы түнде басының ауған жағына қарай беттеген есалаң секілді ештеңені көрмей, еңсесі түсіп, безіп барады. Бурбон жағалауынан бұрылып, үйінің алдына келгенде, қарсы алдындағы тротуар шетінде жолына кесе көлденең тұрған жәмшік арбасын көріп, әрең есін жиған. Содан кілтін алу үшін қақпашыға кірген.
— Кілтіңді әлгі бикешке бергенмін, — деп айқайлады Жозеф кемпір үйшігінің түкпірінен әзер басын көтеріп. — Ол қазір жоғарғы жақта...
— Қайдағы бикеш? — деп таңырқай сұрады Клод.
— Әлгі өзіңе қатынап жүретін жас қызды айтамын. Сол Басы қатқан Клод баспалдақпен жоғары қарай көтерілген. Содан сырт жақта салбыраған кілтпен есікті ашып, ішке қарай өтті де, бір сот босағада ақырын тұрып қалды. Терезеден түскен көкшіл жарық шеберхана ішіндегі бар затты бұлыңғыр көлеңкеге айналдырып, батырып жіберіпті. Еденді де, жиһаздар мен полотноларды да анық айыру мүмкін емес. Ұйқылы-ояу қол беті бәрін жұтып қойған секілді. Бірақ диванның шетінде қараңдаған бірдеме көрінеді. Түн қараңғысын жамылып, жалғыз зарығып күтіп отырған адамның Кристина екенін білгенде, Клодтың тұла бойы тітіркеніп кеткен.
Кристина анадайдан қолын созып, сыбырлай сөйледі.
— Үш сағаттан бері, үш сағат бойы әр дыбысқа құлағымды тосып отырғаным осы... Үйден шыққанда бірден арбакешті ұстап, асығып жеткен едім. Тез кіріп шықсам деп ойлағам. Бірақ сізді көрмей, түнімен күтсем де, қайтып кете алмасымды білдім, — дейді.
Бұдан соң Кристина Клодтың картинасын көру үшін Салонға барғанын, бірақ босағадан аттамай жатып, улаған — шулаған тобырдың топан күлкісінің астында қалғаны туралы айта бастады. Олардың бәрінің түптің түбінде күллі Париждің мазақтауы үшін қойылған жалаңаш әйелдің тәні өзінікі екені есіне түскенде, тіпті тынысы тарылып кетсе керек. Осыны көріп зәресі ұшқан, ұяттан өліп кете жаздаған қыз сол жерде сыртқа қарай ұмтылғанда, артынан қамшыдай осқылаған көп күлкі бәрібір естіліп жатады. Бірақ бірте-бірте өзінің шеккен жапасын былай қойып, әйелге тән сезімталдықпен басын бәйгеге тіккен Клодтың осыншама сәтсіздікке ұшырағаннан кейінгі ақуалын ойлап, қатты уайымдай бастапты.
— Құрметті досым, қапа болмаңыз! Сол жерде өзіңізбен жолығып, ақ адал пікірімді айтпақ едім. Күншілдерден ықпаңыз. Картинаңыз маған өте-мөте ұнады. Әрі сонда менің де азғантай үлесім болғаны үшін мақтанамын, бақытты сезінемін! — деді.
Кристинаның шын жүректен шыққан ықыласты сөзін үнсіз тыңдаған Клод кенеттен бүгіліп, еденге отыра кетті де, басын қыздың тізесіне қойып, еңіреп жылап жіберді. Осы уақытқа шейін өтірік көңілшектікпен, арзан кеудемсоқтықпен жасырып келген ішкі қасіреті осылай жарылып шықты. Көп тобырдың шапалақтай беттен ұрған қалың күлкісін естігелі бері бұдан тыныштық кеткен; қайда барса да, қайда жүрсе де, тіпті қазір шеберханасында отырып та, артынан үрген иттердің даусын естігендей болады. Енді бар қажыр-қайратын тауысқан дәрменсіз баладай даусы дірілдеп:
— Құдай! Көресімді көрдім-ау! — дейді.
Мұны естігенде Кристинаның есі шығып, Клодты өзіне қарай икемдеп алды. Содан жүрек түкпіріне жетерліктей ыстық демімен оны аймалап сүйе бастаған.
— Үндеме, үндеме... Мен сені сүйемін ғой! — деп сыбырлады. Осылай бір-бірімен біржола табысқандай болды. Картинаны жазу кезінде жалғасқан достықтың немен аяқталатыны о бастан белгілі еді. Енді екеуі түн жамылғысына оранып, ыстық құшақтарын жазар емес.
Махаббат мастығына тұншыққан көңілдер бірге жылап жатты... Мана қыз әкеліп тапсырған сирень гүлдерден ұдайы жұпар иісі аңқып тұрса, күндіз сурет жақтауларынан шашырап түскен алтын бояулар таң бозарған шақта жылтырап көріне бастаған еді.
VI
Келесі күні кешқұрым қызды әлі де құшағынан босатпай отырып:
— Қалсаңшы! — деп қиылды Клод.
Жігіт құшағынан әрең босанып шыққан Кристина:
— Жоқ, болмайды. Менің қайтуым керек, — деді.
— Онда, ертеңге шейін... Ертең кездесеміз ғой?
— Жоқ, ол мүмкін емес. Келесі кездескенше, қош!
Бірақ ертеңіне таңғы сағат жетілер шамасында Кристина тағы қайтып келді. Клермоннан бері қарай шыққан дос қызын қарсы алып, сонымен күні бойы бірге болатынын айтып, Вансад ханымды алдап кеткенге ұқсайды. Осы қылығына өзі аздап ұялатын да секілді.
Клод бұған қатты қуанды. Сондықтан қаланың сыртына шығып, таза ауада, табиғат аясында оңаша қыдырып қайтуға ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс Кристинаға бірден ұнап, екеуі Сен — Лазар вокзалына қарай құстай ұшқан, содан Гаврге қарай қозғала бастаған пойыздың соңғы вагонына аяқтары әзер ілінді. Клод Мантоның ар жағындағы шағын мекенде бір керуен сарайдың бар екенін білуші еді, бұрындары таныс суретшілерімен бірге барып, талай қонып шыққан. Оған жеткенше екі сағаттай уақыт кететінін пайдаланып, Беннекурдің тұсына келгенде қасындағы серігін асханаға апарып тамақтандырып үлгірді. Ал Кристинаға бәрібір еді: сапарлары ұзаған сайын ол көңілдене бастаған. Клодпен бірге жер түбіне кетсе де риза! Екеуі бүгін әсте кеш түспейтіндей қам — сыз, мұңсыз еді.
Сағат тоғызда бұлар Боньерге келіп, пойыздан түсті. Баратын бағыттары Сенаның арғы жағы болғандықтан, селкілдеген шынжыр бойымен жылжыған сықырлауық паромға отырып өтуге тура келді. Майдың күні маужырап тұр еді. Су бетінде күн шуағы ойнайды. Көгілдір ашық аспан астында жас бұтақтар жасыл желегін жаяды. Бұл маңда жиі кездесетін аралдардың бірінде, қасында ұсақ-түйек сататын бақалшы дүкені бар шағын трактирдің ішіне келіп кіргенде, сырттағы көң сасыған аулада жайылып жүрген үйректер мен жаңа жуылған кірдің иісі қосылып, қолқаны атып тұрды.
— Фошер ағай, сәлеметсіз бе? Біз осы жерде ауқаттанып алмақ едік. Құймақ, шұжық, ірімшік әкелсеңіз.
— Клод мырза, бүгін осында қонасыздар ма?
— Жоқ, бұл жолы реті келмес... Әлгі тамақты қырнайтын ашыған ақ шарабыңыз бар ғой, содан ауыз тигізсеңіз, марқаба!
Кристина Фошердің кемпіріне еріп, құсханаға кеткен. Артынша қолдарына жұмыртқаларын ұстап қайтып келген.
— Сіздер үйленіп пе едіңіздер? — деп кемпір өзінше қулана сұрақ қояды.
— Өздеріңіз көріп тұрған жоқсыздар ма? Мен, әрине, мұнда әйеліммен бірге келемін дағы! — деп Клод бірден жауап бергенде, бет аузы бүлк еткен жоқ.
Жұмыртқалары шала қуырылып, шұжықтары өте майлы, қатқан нандарына тістері өтпегендіктен, Клодтың өзі қолына пышақ алып майдалап турай бастағанына қарамастан, таза ауада отырып ішкен астары дәмді көрінді. Оның үстіне, екі бөтелке шарапты тауысып, үшіншісіне көшкенде, екеуі тіпті көңілденіп кетті. Қатты күлісіп, дауыс көтеріп сөйлескенде, оңаша залды бастарына көтерді. Кристинаның екі беті өрттей қызарып, өмірінде осылай бірінші рет мас болғанын айтып, сықылықтап күле береді.
— Таза ауаға шығайықшы! — деді Кристина бір кезде.
— Дұрыс, қыдырып қайтайық. Әлі үш сағаттай уақытымыз бар екен. Сағат төрттегі пойызға үлгіреміз ғой, — деп Клод та келісе кеткен.
Содан екеуі бір жағында аласа сарғыш үйлері қаз қатар тізілген, өзен бойымен екі жарым шақырымдай алысқа созылған көшеге түсіп алып, жаяу серуенге кіріскен. Бұл кезде деревня тұрғындарының бәрі далада күнкөріс қамында жүрсе керек. Алдына үш сиырды салып айдап келе жатқан қыз баладан басқа ешкім көрінбеді. Клод өзінше білгірсіп, Кристинаға айнала табиғатты таныстырудан жалығар емес. Содан Жефос жотасының іргесінде, Сенаның жарлауытында тұрған ең шеткі ескі үйдің қасына барғанда Клод бұрылыс жасап, Кристинаны емен ағаштары өскен қалың орманға бастап кірді. Екеуі іздеп жүрген дүниенің қиыр шеті осы болса керек-ті. Масатыдай құлпырған жасыл ну, жапырақтар арасынан күннің көзі сығалаған оңаша оңтайлы жер екен. Екеуінің еріндері жабысып, лездің арасында ұмар-жұмар болды да қалды. Жігіт ұйпа-тұйпасы шыққан шалғынның иісін құмарлана жұтып жеңіске жеткендей еді. Содан екеуі манаурап, талықсып ұзақ жатқан. Бір-бірін ыстық демдерімен аймалап, көздерінде ойнаған алтын ұшқындарды қызықтайды, ара-тұра өздері үшін зор мағынасы бар, өздері ғана түсінетін бірдемелерді айтып, мәз болысады.
Бұлар екі сағаттан соң орманнан шығып, кері қайтқанда, айқара ашылған есіктің алдында бұларды күтіп тұрған шаруа кісіні көргенде, екеуі әуелде қатты сасып қалды. Анау бәрін түсінетін кәрі қақпастай көзін қысып, қулана қарайды. Кристина бірден қызарып кетті. Ал Клод сыр бермей, айқай салды.
— Өй, бұл Пуарет ағай ғой! Сіз осы үйде тұрушы ма едіңіз?
Шал бұрынғы тұрғындардың жамбас пұлын төлемей, төсектерін осында қалдырып, өздерінің қашып кеткендерін айтып, зар еңіреді. Содан соң жастарды "күркесіне" кіргізіп тұрып:
— Қараңдаршы. Бәлкім, маған ақыл қосарсыңдар, — деді. — Парижден келгендерге бұның әбден ұнауы мүмкін ғой. Жылына үш франк төлесе жарайды. Қалай ойлайсыңдар, мүлдем тегін емес пе?
Шалдың ұсынысына қызыққан екеуі енді оның соңына еріп жүрді. Алдыңғы жағында үлкен шамы ілулі тұрған бұл үйді сірә ескі сарайдан құрастырған болуы керек. Төменгі қабатта — үлкен асхана мен кең зал бар екен. Залдың кеңдігі соншалық, бұл жерде би билесе де орын жетерліктей. Жоғарғы қабатта — адам адасарлықтай айлапат тағы екі бөлме орналасқан. Жиһаз жағы да жаман емес көрінеді: асханада үстіне ыдыс-аяқ қойылған үлкен үстел мен жатын бөлмеде жаңғақ ағашынан жасалған жалпақ кереует бар.
Үй алдындағы күтімі кеткен ескі бақта мәуелі өрік ағаштары мен қауызын толық ашқан райхан гүлдері шешек атып тұр. Бақтың ар жағында бұталармен қоршалған картоп алаңы жатыр.
— Картопты да пайдалануға беремін, — дейді Пуарет ағай. Мұны естігенде, Клод пен Кристина бір-біріне қарап қойды. Шіркін-ай, осындай ешкім білмейтін, ешкімнің көзі түспейтін алыс қиянда екеуден-екеу оңаша жасырынып, тыныштықта өмір сүргенге не жетсін! Әрбір көңілдес жастың арманы осы емес пе? Бірақ бұл мүмкін бе? Парижге қайтатын пойызға шығуға да аз уақыт қалыпты. Кәрі шаруа бұларды ақыры паромға өзі шығарып салған. Паром қозғала бастағанда:
— Мен екі жүз елу франкке де келісім беремін. Осы естеріңде болсын! — деп арттарынан айқайлап тұрды.
Парижге қайтып келген соң Клод Кристинаны Вансад ханымның үйіне дейін жеткізіп салды. Айырылысар тұста екеуін мұң басып, сүйісуге батылдары бармай, қол алысып, үнсіз қоштасты.
Қапалы күндер өте берді. Екі аптаның ішінде Кристина үш мәрте ғана асығыс кіріп шығуға үлгірді. Онда да кәрі кемпірдің қазір ерекше талапшыл болып кеткенін айтып, бес-он минуттен артық отыра алмай, тез қайтып кетеді. Қыздың өңі бозарып, мазасы қаша бастағанын, тіпті көзі тайғанақтай бастағанын көріп, жігіт оның жайын сұрамай-ақ білгендей еді. Шынында да бүгіндері түрмеге айналған бай қатынның жайлы мекенінде оған жарық пен ауа жетіспей тұншығып өлуге айналған. Ертеден қара кешке шейін қимыл-қозғалыссыз, құсалықпен жалғасқан өмірден жалыққанда кейде басы айналып құлап қалатын болыпты. Бірде кешқұрым, жатын бөлмесінің ішінде әлдекім темір құрсау саусағымен алқымынан алғандай, есінен таныпты. Бірақ Кристина бәрібір қожайын әйелін ғайбаттамай, жаны ашып сөйлейді. Бейшара әбден қартайып, әлі кеткеніне қарамастан, мұны "қызым" деп есіркеп отырады екен. Әр жолы кемпірді үйде қалдырып, жігітіне кеткен сайын құдды қылмыс жасаған біреудей Кристина қатты қиналар еді.
Тағы да екі апта мезгіл өтті. Әрбір сағатын өтірікпен сатып алған еркіндігі Кристинаның шыдамын тауысуға айналды. Қожайын әйелінің үйіне қайтып барған сайын ұяттан қалшылдап — дірілдей бастайтын болды, мұндайда махаббаттың өзі күнәқарлық нәрседей көрінеді. Әрине, мұны ешкім зорлаған жоқ, бәрі өз ықтиярымен болды, мұны жалғанға жария етуден де қорықпайды. Бірақ неге әркімнен жасқанып, жасырынып жүруі керек? Неге жұмыстан кеткісі келмейтін әлдеқандай малай секілді өтірік айтуы керек?
Осылайша бар шарасы таусылғандай болған Кристина бір күні кешқұрым шеберханадан шығып бара жатып, қайта айналып келіп Клодтың мойнына асылды да, өксіп — өксіп жылап жіберді.
— Ой, бұдан әрі мен шыдай алатын емеспін. Мені осында қалдыр, ана жаққа жіберме! — деп.
Жігіт қызды құшағына қысып тұрып:
— Шын айтамысың? Сен мені сүйеді екенсің ғой! О, ғашығым... — деп әбігерге түсті. — Бірақ мен тас кедей емеспін бе? Мұнда қалсаң бәрінен айырыласың. Мен оған жол бере алмаймын.
Қыз одан әрі еңірей берсін.
— Сен ол кемпірдің маған қалдырмақшы болған дүниесін, ақшасын айтамысың? Менің сондай ішкі есебім бар деп ойлаймысың? Ондай арам ниетім жоқ, ант ішейін! Маған керегі ақша емес, еркіндік қана! Өзге қимасым да, туған-туыстарым да жоқ. Ендеше өз еркіммен жүріп-тұруға хақым бар. Сен маған қосылмай-ақ қой, тек сенімен бірге өмір сүргім келеді... — деген кезде көкірегі қарс айырылды. — Әрине, байғұс кемпірді жалғыз тастап кету де қиын. Осыны ойласам, өзімді-өзім жек көре бастаймын. Әлсіз болып туғаныма өкінемін. Қайтейін, өзіңді шексіз сүйемін, сол себепті шексіз қасірет шегемін... Тіпті өліп кететін шығармын!
— Онда осында қаласың! — деп айқай салды Клод. — Басқалар өле берсін. Ал біз бір-біріміз үшін өмір сүруіміз керек!
Осыны айтып жігіт қызды алдына алып отырғызды. Бұдан кейін екеуі бірде жылап, бірде күліп, ешқандай жағдайда, ешқашан ажыраспауға ант беріскен.
Екі ғашық естерінен айырылған халде еді. Ертесіне Кристина Вансад ханыммен жөндеп қоштаспастан, көр-жерін арқалап, Клодқа қайтып келді. Содан өткен жолғы Беннекур тоғайындағы айналасында райхан гүлдер аңқыған оңаша үй бірден ойларына түскен. Бір минутке кідірмей, ешкімнің көзіне түспейтін алыс қиялға кетіп, жас махаббаттың қызығына батып жатулары керек емес пе? Кристина қуанғаннан екі алақанын шапаттаса, өткен жолғы Салонда жеңіліске ұшырап, әлі де жарақаты жазылмай жүрген Клод табиғат аясына барып, демалып қайтуға кетәрі емес — ті. Ол жаққа барса нағыз пленэрдің — табиғи ортаның арасына түсіп, жасыл шалғынды белінен кешіп жүріп, тамаша суреттер салмас па?! Осындай шұғыл шешімге келген ғашықтар екі күннің ішінде шеберхананы жауып, әр түрлі керек-жарақтарын алдын ала пойызбен жіберіп үлгірді. Оның үстіне, осындай асығыстықты пайдаланған Мальгра отағасы Клодтың жиырма суретін бес жүз франк ақшаға сатып алып, бұларды бір байытып тастады. Клодтың бұдан басқа рентадан жинаған мың франктей қоры болса, Кристина да онша құралақан емес көрінеді, киім-кешегін есептемегенде, қалтасының түбінде бірдемелер қалғанын айтқан. Демек, бай — патшалардай тұруға мүмкіндіктері бар еді. Сөйтіп, екеуі қашқындардай қарбаласып, ұзақ жолға шыққан. Клод тіпті жақын достарына хат жазып ескертпестен, бәрі — бәрін тезірек ұмытқысы келгендей, қарғыс атқыр қаладан ертерек құтылғанша асыққан.
Маусымның аяғы еді. Бұлар келгелі апта бойы нөсер жаңбыр құйды да тұрды. Ормандағы үйдің қожайыны Пуарет ағайдың шартқа қол қоймас бұрын асханадағы ыдыс-аяқтың біразын алып кеткенін артынан білген. Бірақ мұның ешқайсысы жастардың көңілдеріне қаяу түсірген жоқ. Вернонға барып қажетті кастрөлдер мен тәрелкелерді сатып әкелген. Жаңбырдың астында лай суларды кешіп жүріп, серуен құрып қайтудан да өздерінше ләззат табады. Жеке баспанаң болу деген рақат екен! Жоғарыда тышқан жайлаған бөлмелердің біреуін босатып, жатын орнына айналдырса, үлкен асханадан шеберханаға жасап алған. Ошаққа таяу тұрған, ішінде көжесі қайнаған қазандықтың қасындағы қарағай үстелдің басында екеуі жиі бастарын қосып, әр нәрсеге балаша қуанып, мәз болып отыратын болды. Маңайдағы жақын қоныстан жалдап алған қызметші қыз ерте келіп, бұлардың шаруасына көмектеседі де, кешке қарай қайтып кетеді. Өзі Фошерлердің жиені, Мели атанған ақылсыздау бойжеткен екен, бұларға соны мазақтап күліп отыратын оңай ермек табылды.
Аспан ашылып, жарқыраған жақсы күндер мен айлар жалғасып өтіп жатты. Жастар ай мен күнді санаудан қалды — бәрібір жаңылыстырып алар еді. Ертеңгілік, күннің сәулесі терезе қақпасынан өтіп, әктелген қабырғаларды қызғылт түске бояған сәскелік мерзімге шейін, жылы төсектерін қимай, жата береді. Таңғы астарын ішіп болысымен күнделікті ұзақ серуенге аттанады. Содан алма көшеттері отырғызылған алқаптан өтіп, табан жолын шөп басқан ескі сүрлеу бойымен Сена жағалауына шығады, әрі қарай далаңқайға қарай бет алып, Рош — Гюйонға дейін барып қайтады. Кейде өзеннің арғы жағалауына саяхаттап, Боньер мсн Жефостын бидай өскен егін жайларын аралайды. Осы маңда сейілден жалыққан бір буржуа бұларға кездесіп, отыз франкке ескі қайығын сатып кетіп еді. Енді екеуі осы ескі қайыққа отырып алып, жаңа жерлерді игеруге шыққан жабайы адамдардай өзен бойын шарлаумен болды. Ауық-ауық суға түсіп, жағада өскен қалың құрақтын арасында жасырынбақ ойнасады. Өзен бойында құпия аралдар жиі кездеседі, негізгі арнаға келіп құйылып жатқан жылғаларда есеп жоқ. Ағын бойымен жылжыған бұлардың төбесіне жасыл бұтақтар төніп тұрады. Осынау сұлу дүниенің аясында, аспанда ұшқан балықшы құстардан басқа тірі жан иесі жоқ оңашада екі ғашық қалқып келеді. Кейде Клод қайырлап қалған қайықты орнынан қозғап итеріп жіберу үшін құмға секіріп түседі. Кристина болса арынды ағыстармен алысып, ескегін ерегісе сілтеуден жалығар емес, тіпті өзінің осы әрекетін әжептеуір мақтан көретіні байқалады. Ал кешқұрым асханада капуста көжені ішіп отырып, әдеттегідей қызметші қыз Милидің оспадарсыз әрекеттерін естеріне түсіріп, күле бастайды. Сағат тоғызды соққанда, күллі бір үйдің отбасы сыйып кететіндей ені жалпақ, ескі жаңғақ ағашынан жасалған кереуетке барып құлай кетісіп, содан он екі сағат бойы уайымсыз ұйқыға кіріседі. Таң әлетінде бір сәтке оянып, бір-біріне жастық лақтырысып біраз ойнаған да, қайтадан құшақтарын жазбастан төсекке қисая кетіседі.
Жатар алдында Кристина:
— Сен маған уәдеңді бер: ертең жұмысқа кірісуің керек, — деген.
— Иә, ертең бастаймын, оллаһи!
— Өтірік айтсаң, ренжимін. Айтпады деме... Әлде мен саған кедергі жасап жүрмін бе?
— Неге олай дейсің? Мен мұнда жұмыс істеу үшін келгенмін. Оған әлі-ақ көзің жетеді.
Күндегі әңгімелері осы. Бүгін де екеуі қайыққа отырып алып, су бетінде сырғанап келеді. Клодтың тағы да кенеп холстын, бояуларын тастап шыққанын байқаған Кристина ашуланудың орнына, қыз жолында құрбандыққа дайын жігітке өзінің осыншама билік жүргізгеніне насаттанып, сылқ-сылқ күліп, оны шөпілдетіп сүйе берген. Тек ертең айтқанына көнбесе, суретшіні мольберт — тағанға бойлап қоятынын ескертті.
Клод осында келгелі бірдеңелерді сызып салған болды. Сена жағасындағы Жефос жотасының этюдін бастаған еді. Бірақ Кристинаны соңына ертіп жотаға бірнеше рет барса да, ісі өнбей қойды. Су сылдырынан өзге бөгде дыбыс естілмейтін далалық жерге барған соң, Кристина мұның қасындағы көк шөптің үстіне шалқасынан түсіп жатып алсын. Көзін көкке көтеріп, ернін әнтек ашып... құмарлығын қоздырып жібермесе бар ма? Содан бұл сол минутте қолындағы палитрасын — бояу тақтасын лақтырып тастап, екеуінің әлін кетіріп, артынан тыныштандыра бастайтын жұмсақ жерге, сүйіктісінің қасына барып қисая кеткен. Екінші жолы бұларды Беннекурдың шетінде емен секілді жапырақ жайып өсіп тұрған жүз жылдық алма бағының саясындағы ескі ферма үйі қызықтырды. Клод екі күндей осы жерде жұмыс істеді. Ал үшінші күні Кристина Боньердегі базардан тауық етін сатып алу үшін мұны да ертіп әкеткен. Келесі күндері де босқа өткендіктен, осы арада құрғап кеуіп қалған кенепке Клодтың қайтып оралуға көңілі соқпады. Жаз бойы бар бітіргені — бірлі-жарым нашар этюдтерді бастап қойғаны болмаса, әр түрлі сылтау табылып, соның ешқайсысын аяқтап бітірген жоқ. Бұрынғыдай табандылық, шыдам — дылық таныта алмады. Таң атпай төсегінен тұрғызып, әбден шаршап-шалдыққанша тізгінін ұстатқысы келмейтін асау өнермен алыстыратын ежелгі құштарлығы мен жалын жігері әлсіреп, тұла бойын әлдеқандай бойкүйездік пен жалқаулық жайлап алған еді. Ауыр науқастан соң басын көтерген біреудей енді өмірдің қызық — шыжығына алданып, біржола тән ләззатына берілгені байқалады.
Кристинадан басқа ешкім көзіне көрінер емес-ті. Клодтың өне бойын құмарлықтың ыстық толқыны жайлап алғаны соншалық, осы кезге шейін өзіне қымбат нәрсенің бәрі, соның ішінде өнерпаздығы да бар, осы толқынға тұншығып, көміліп қалған. Сондай-ақ өз ықтиярымен жігіттің ерніне жабысып, ыстық сүйістің дәмін татқалы бері бұрынғы жас қыз әйел болып қайта туып, ұятпен бүркемеленіп келген сезімдер ашық бой көтеріпті. Енді тіпті, иегі үшкірленіп, ерні ісініп кеткен. Әуелгі табиғатында бар, бірақ тәлім-тәрбие арқылы шектеліп келген шексіз тойымсыздық пен махаббаттағы ұстамсыздық енді бар шеңберді бұзып шыққан жайы бар. Түйсікке ғана тізгін ұстатып жүріп, махаббаттың сырын бірден ұққандай, ең алғашқы құмарлыққа біржола байланды да қалды. Қыз күнәсіз, жігіт тәжірибесіз болғандықтан, екеуі де сүйіспендіктің жаңалықтарын бірте-бірте парақтап ашып, жан мен тәннің тылсым құпияларына бойлап кіре берген. Клод өзінің бұрынғы әйелдерді тәлкектейтін мінезіне енді өкінетін секілді: танып-білмеген қызықтарды өйтіп жоққа шығару ақымақшылық екен-ау. Сурет шатпақтарын да жүзеге асырмақ болған, бірақ сырт көзден жасырып келген әйел денесіне, әйел сұлулығына деген мұның ежелгі ынтызарлығы енді өмірінің бар қызығындай көрінген бір ғана пенденің тірі, жылы, жұмыр бейнесіне айналыпты. Бұл әйел кеудесіне түсетін жарық бояуларды, жалаңаш мықынның ортасындағы көлеңкені, іш — қарынның бұлтиған әдемі көріністерін қызықтаймын деп ойлаушы еді. Соның бәрі бекершілік, құрғақ қиял екен. Ал қазір сол арманың құшағына қысып, иемденіп отыр емес пе? Бұрындары ғой... құсы қолына түспей, тіпті соның бейнесін суретке де түсіре алмай, әуреленер еді. Кристинаның бұған жан-тәнімен берілгені соншалық, енді Клод қызды басынан башпайына шейін аймалап сүйіп, өліп-өшіп, құшағына қыса береді — өстісең, екеуі тұтас бір денеге айналып кететіндей көреді. Қыз болса, жігіттің сурет құмарлығын ұмыттырғанына әрі сөйтіп бәсекелесін, күндесін шет қалдырғанына насаттанып, "бал айын" ұзарта беруге тырысады.
Таңертеңгілік ұйқыдан оянғанда қыздың жұп-жұмыр білектері мен буылтық денесі аяғын кісендеп тастағандай, Клод ұзақ уақыт манаурап, есін жия алмас еді. Тіпті қайыққа отырып, ескекті Кристина өз қолына алған тұста да бұл қыздың бұлтылдаған бөксесіне қарап, дәрмені жоқ мас адамдай қиялдай бастайтын. Ұзақты күн көк майса шөптің үстінде жатып алып, қыз көзінің тереңінде малтып жүзгендей әйтпесе жүрегінің қанын оның жүрегіне әкеліп құйғандай ерекше елтуден де жалықпас еді. Қаншама жанып — күйсе де, әзір құмарлары басылар емес.
Клодтың бір таң қалатыны: мұның аузынан тұрпайылау сөз естісе, Кристина бірден қызарақтай бастайды. Бірдеңені тұспалдап айтпақ болса да, зорлана күліп, теріс айналып кетеді. Тұспалдап сөйлегенді өсте қаламайды екен. Бірде үй артындағы емен тоғайдың ішінде қыдырыстап жүріп, екеуі аздап сөзге келіп қалды. Беннекурге алғаш аяқ басқан тұста осы тоғайдың ішінде екеуі алғаш сүйіскендерін еске алысып, Клод болса әншейін таңсық көргендіктен, Кристинаның бұрындары монастырьде өткен өмірі жайынан ежіктеп сұрай бастаған. Ойында бөтен ештеме жоқ, қызды аш белінен тартып, өзіне жақындатты да, оның құлағына сыбырлап, ыстық демімен қытықтап тұрды. Сол жақта жүргенде еркектер туралы не білді? Жолдас қыздарымен не жайында сөйлесуші еді? Махаббат туралы түсініктері қандай болды?
— Ал айта қойшы, сәулем... Осылар жайында бірдеңелерді білетін бе едің?
Кристина мұның сұрағын жақтырмай, әуелі ыңғайсыздана күлді де, жігіт құшағынан босанып кетуге әрекет жасады.
— Ақымақ екенсің ғой. Мазамды алмашы! Оның саған не қажеті бар? — деді.
— Қызық көремін де. Сөйтіп, сен бірдеңелерді білуші ме едің?
Кристинаның екі беті ұяттан қызарып кетті. Жігітті ақырын итеріп тастап:
— Құдай-ау... өзгелерден біз де бірдеңелерді естіген шығармыз! — деп, одан соң бетін бүркемеледі. — Бәрібір бұл таңқаларлық нәрсе екен...
Клод мұны естігенде қарқылдап күліп алды да, Кристинаны бауырына тартып, шөпілдетіп сүйе бастады. Бірақ осыдан кейін әбден қыздың сеніміне кіріп алдым деп ойлап, араларында ешбір жасырын сыр жүрмейтін жолдастардың әдетіне бағып, тағы да бір жаңа "мойындауларды" білмекке әрекет істеп көріп еді, онысынан дәнеме шықпады — Кристина кенет қабағын түйіп, үндемей қалды. Жігітін қаншама жақсы көргенмен, бұдан артық сыр ашпайтыны белгілі болды. Ашық-жарқын көрінген кездердің өзінде қыздың аттап өтпейтін шек-шекаралары бар екен — жүрек түкпірінде жатқан құпиялар туралы, әсіресе алғашқы нәзік сезімдердің оянуы туралы ешкіммен бөліскісі жоқ еді. Клодқа жан — тәнімсн берілгенмен, Кристина бәрібір әйел затынан болғандықтан, еркек алдында түгел ашылмақ емес-ті.
Мұндайды оншалық түсінбеген Клод біз әлі де бір-бірімізге жат екенбіз деп топшылады. Содан іші мұздап қоя берген. Осыншама уаықыт естері шығып, бір-бірімен жақын қауышып жүргенде, тән үйлесімділігінің үстіне жан бірлесімдігі болмайды дегенге сенгісі келмейді.
Күн артынан күндер өтіп барады, бірақ бұлар әлі бір-бірінен жалығар емес. Өзге қызықтар іздеуге зауқылары жоқ, қонаққа бармайды, қонақ қабылдауға құлықсыз, екеуі бірге жүрсе болғаны. Клодтың құшағынан құтылып, қолы босаған кездерде Кристина үйдің астын үстіне келтіріп жинастыра бастайды, өзі басшылық жасап, Мелиге бәрін тазалап, сүрткізуге кіріседі. Асханадағы азғантай ыдыс-аяқтарды да қырнап, сулап жуып шықты. Біраз уақыты есік алдындағы бақтың ішінде өтті. Қолына өткір қайшы ұстап, тікенек бұтақтардың жаралағанына қарамастан, қаулап өсіп кеткен раушан гүлдердің жапырақтарын жапырлатып қырқып тастаған. Пісіп тұрған өріктерді жинап алып, оларды саяхатшы ағылшындарға екі жүз франкке сатып пұлдады. Осы тірлігіне ерекше масаттанып, бақша өнімдерін сатып та күнелтуге болады екен-ау деп іштей түйіп қойды. Ал Клодтың мұндай тірлікке ешбір құлқы жоқ екен. Ол шеберханаға айналдырылған үлкен бөлмеге ескі диванды сүйрелеп әкеліп, соның үстінде қисайып жатып алып, ашық тұрған терезеден сырт жаққа қарай ауық-ауық көз тастап қояр еді. Осы жүрісіне, ешкім мазасын алмайтын оңаша тыныштыққа дән риза, бұдан асқан рақатты іздеп таппайтынына өте сенімді. Сыртқы дүниеден қол үзе бастағаны соншалық, бұл енді Фошерлердің керуен сарайының маңына да жоламайды, Парижден келген қаңғыбас таныстарының біріне кездесіп қалудан қорқады. Бірақ жаз бойы бұл маңайдан өздерінен басқа тірі — жан көзге түскен жоқ. Күнде жатар алдында жоғарғы қабатқа қарай көтеріліп бара жатып, Клод биыл осылай жолы болғанына іштей тәубе қылар еді.
Клодтың қуаныш жайлаған кеудесін ойламаған жерден бір тосын жағдай жаралап-ақ кеткені. Бұлар Парижден қашып шыққан соң әлдеқандай жолмен екеуінің адресін біліп алған Сандоз хат жазып, кездескісі келетінін айтыпты. Клод оған жауап берген жоқ. Енді екеуінің ескі достығы суи тын шығар. Кристина қыз үшін жолдасымен ара жігін ажырата бастаған жігітінің қылығын көргенде қатты қапаға түсті. Клодты әлденеше рет жолдастарымен келісімге келуге үгіттеп, оларды осында шақырудың қажет екенін айтқанмен, ол бәрін өзі реттеуге уәдесін беріп сөзбұйдаға салып жүр. Әрі ескі әңгімені қоздата бергенді жақтырмайтынын аңғартты.
Шілденің соңында бар қаражаттары таусылуға айналған соң, Клод Парижге жүруге бекінді, сол жақта бірер көне этюдтерін Мальгра отағасына сатып, тез қайтып оралмақ болды. Оны вокзалға шығарып салған Кристина осы жолы оның қалайда Сандозбен кездесуі керек екенін қатты тапсырып, уәдесін алған. Кешқұрым Боньерде алдынан шығып қарсы алғандағы алғашқы сұрағы да:
— Иә, жолдасыңмен көрісіп, татуластыңдар ма? — болды.
Клод мұның қасына келіп, әлденеден қысылғандай, біраз үнсіз тұрып алды да:
— Жоқ, қолым тимеді, — деп міңгірледі.
Мұны естігенде, қыздың көзі жасаурап кетті.
— Сен менің көңілімді қалдырдың, — деп сыбырлады.
Бұдан соң екеуі қалың ағаштың арасына кіргенде, Клод қыздың жас жуған бетін аймалап сүйе бастаған. Онсыз да оңбай тұрған көңіл күйін бұза бермеуін өтініп, қосыла жыламасы бар ма? Өмірді өз қалауынша өзгертуге мұның шамасы жетпейді екен. Бүгінгі көрген қызықтарын қанағат етсе болмас па?
Ойлап қараса, осында келгелі бері екеуі бір-ақ рет күтпеген кездесуді бастан өткеріпті. Ол жолы екеуінің Рош — Гюйон жақтан қайтып келе жатқан беті еді. Орман ішіндегі оңаша сүрлеуге түсіп алып, қаннен қаперсіз қыдырыстаған бұлардың алдынан кенет әкесі, шешесі, қызы үшеуі тізіліп сейіл құрған буржуаның отбасы кездесіп қалмасы бар ма? Айналасында көзге түсетін ешкімнің жоқтығына сенімді қыз бен жігіт әр бұтаның түбіне кідіріс жасап, өліп-өшіп сүйісіп, сүйкенісіп келе жатқан. Бұл жолы да Кристина жігітіне жақындап, ернін тоса бергені сол еді. Оған қарай ұмсына берген Клодтың да күлкісі тез тыйылды. Екеуі кездейсоқ кездесуден есін жия алмай, құшақтарын ажыратып үлгірмеді. Аналар да сасып қалып, жолдың шетіне шығып кетті. Клодтың байқағаны: әкесі қисық аяқ әрі жұп-жуан, шешесі ұзын таяқтай жіп-жіңішке, қызы жүні жұлынған тауықтай үрпиген біреу, әйтеуір ауыр кеселдің шалдығы тиген отбасына ұқсайды екен. Күн сәулесі түскен мына жер жаннатының ортасына жараспайтын көрініске жаның ашымау мүмкін еместей. Әлгі үрпиген байғұс қыз қастарынан өткен ғашықтар жұбы қызыға қарай бастағаны сол еді, оны әкесі итермелеп, шешесі қолынан жетектеп ала жөнелді. Сірә кемпір, шал тоғайда емін-еркін құшақтасып жүрген екеуді көріп, әдеп сақшылары неге бұған тыйым салмайды екен деп шамырқанатын болулары керек. Ал жүрістерін жылдамдату ойларына келмеген ғашықтар кеуделерін кебіңкіреп, бұлардың жанынан жылжып өте берген.
Клод осы сұмпайыларды, қалтасын арам ақшаға толтырған буржуаларды, беттерін ауру айғыздаған кемтарларды қашан, қай жерде көргенін есіне түсіре алмай қиналып келеді. Өңдері таныс секілді, соған қарағанда, бір маңызды оқиға үстінде кездесіп қалмады ма екен? Әб, бәрекелді! Е, бұл Дюбюш досы Шетіндер Солынында ертіп жүрген мердігер Маргейянның өзі ғой — есіне енді түскенін қарашы. Клодтың картинасын мазақ қылып күркіреп күлген нақұрысың осы!
Орманнан шыққан бұлардың алдынан көп ұзамай көлемді шаруажайы көрінді. Баудың арасында үлкен ақ ғимарат бой түзеп тұрды. Қастарынан өтіп бара жатқан кәрі шаруа әйелден жөн сұрап, бұлар бұл иеліктің Ришодьер аталатынын, үш жылдан бері оның Маргейяндардың меншігіне көшкенін білді. Әуелде бір жарым мың франкке сатып алған бай мердігер кейін миллион жұмсап, ғимаратты тұтастай қайта жөндеп шыққанға ұқсайды.
— Біз бұл жерге қайтып соқпаспыз, — деді Клод Беннекурге қарай аяңдап келе жатып. — Бұл құбыжық бар суретті бұзып тұр екен!
Тамыздың ортасында ғашықтардың өміріне өзгеріс енгізген ұлы оқиға — Кристинаның екі қабат екені мәлім болды. Ешбір тәжірибесі жоқ қыз бұл жағдайды үшінші айдың басында ғана білді. Мұндай оқысты күтпеген екеуі әуелде біраз дағдарыңқырап қалған. Содан пәлендей алақайлап қуанбағанмен, бірте-бірте тыныштала бастағандай да еді. Тек Кристинаның көңілінде маза жоқ — бұл жағдай екеуінің махаббатына зиянын тигізер ме екен деп қауіптенеді. Клодтың кеудесіне басын қойып кейде ұзақ жылап алса,басқа шарасы қалмаған серігі әр нәрсені айтып, жұбатуға тырысады. Кейін бойлары үйрене бастаған кезде, әне бір ымырт қараңғылығында, қаракөлеңке шеберхана ішінде ештемеге есеп бермей бір-бірімен біржола табысқан соң пайда болған осы кішкене тірлік иесі туралы елжіреп еске алуды әдетке айналдырды. Есебі дұрыс шығып тұр: тоғышар топтың топас күлкісінің астында қалғанда, азап пен қорлық көрген шағында денесіне жан біткен шарана ұрпағы осы. Енді соның жарық дүниеге шығатын күнін асыға күтіп, өздерінше қам-қарекет жасауға кіріскен.
Қыс ерте түсіп, күн суытып кетті. Аңғал-саңғал жылуы жоқ үйдің ішінде Кристинаның бойын суық алып, жиі ауыратын болды. Бала көтеру оңай шаруа емес екен, енді бұл оттың жанында бүрісіп ұзақ отыратын әдет тапты. Клодты көбіне сыртқа шығарып жібереді. Мұндайда Клод сықырлаған қатқақ жолдың бойымен ұзақ қыдырыстап кетеді. Содан әлденеше айдан бері екеуден екеу оңаша өтіп келе жатқан тосын өмірлері жайында ойлап, түпсіз қиялға батады. Осы уақытқа шейін үйлену, үй болу жайы қаперіне кірмепті. Егер бұрын біреу бұндайдың аяғы осымен бітеді десе, зәресі ұшар еді. Бірақ енді болары болып, бояуы сіңген сияқты, ештемені өзгерте алмайсың. Ажырасайын, айырылысайын деген ниеті жоқ. Бәлкім, маңдайына жазылғаны осы шығар: өзін кеудесінен итермеген тұңғыш қызбен бұдан былай мықтап байланып қалуы керек. Табанының астындағы мұздақ қар сықыр-сықыр етіп, суық жел бетін шымшылаған сайын ойы әр саққа кетеді. Дегенмен, бұған адал қыз кездесіп, жолы оңғарылған секілді-ау. Ал суретшілердің шеберханасын жағалап жүретін әне бір жеңілтек қыздардың бірінің қармағына түскенде, біржола соры қайнап қалмас па еді? Осындай ой түскенде, ішінің елжіреп кеткені соншалық, тездетіп кейін қайтып, қолы дірілдеп, Кристинаны құшағына қыса түскен.
Құдды қимасынан айырылып қалудан қорыққан кісідей әбігерленген.
— Өй, саған не көрінді? Ауыртып жібердің ғой! — деп Кристина кейін шегінгенде, бұл тіпті ренжіп те қалды.
Осыдан соң Кристина ішін сипалай бастаған. Клод та әдетінше таңырқап, ғашығының бұлтиған ішіне қарап тұрды.
Кристина қаңтардың ортасында босанды. Вернонда тұратын акушер әйел дер кезінде келіп, қажетті көмегін көрсетті. Соның арқасында жас ана үш аптаның ішінде аяғынан тұрып кетті. Дүниеге келген ұл баланың да әзір денсаулығы мықты, өзі қомағай болып шықты, түн ішінде шырылдап жылап, әкесінің ұйқысын бұзбау үшін шешесі оны қайта-қайта емізумен болады. Әншейінде шаруаға пысық Кристина бала тәрбиесіне икемсіз — ақ екен. Тіпті әркімге жанашыр, жапа шегушілерге әрдайым мейірбандық көрсететін елгезектігіне қарамастан, жуық маңда аналық сезімі ояна қоятын түрі жоқ. Әр нәрсеге шаршап, күйзеле бастайды да, қасына Мелиді шақырады. Мели қайбір жетісіп тұрған қыз — еш нәрсенің ретін таба алмай, бәрін былықтырып жібереді. Мұндайда бұл екеуінен де тәжірибесіз Клод көмекке келеді...
Бұрыннан тігін жұмысына қыры жоқ, жасынан әйел жұмыстарын жаратпаған Кристина жас бала тәрбиесінен мүлдем мақұрым болып шықты. Сол себепті салдыр-салақ киіндірілген сәбиі тентек, жүрген жерінің бәрін төгіп-шашып еркін өсіп келеді. Бөлме ішінде жаялықтар мен ойыншықтар, әр түрлі қоқыстар ыбырсып жатады. Шешесі бала тәрбиесімен айналысудан гөрі күйеуінің қасында болғанды артық көретін секілді. Күйеуінің құшағы — бәрін ұмыттырып жіберетін, сөйтіп қуанышқа кенелтетін жалғыз қорғанышындай көрінеді. Өзін нағыз нақсүйер сезініп, сүйген жігіті үшін баласын да ұмыта тұруға дайын еді. Босанған соң бұрынғы құмар көңілі қайта шешек атып, бойындағы бір ауыртпалықтан құтылғандай, мүлдем құлпырып кеткен. Осы уақытқа шейін тән ләззаты мұншалық шетін жағдайға жетпеген.
Соңғы күндерде Клод суретке қайтып оралғандай болды. Қыс өтіп, күн жылына бастағанда, бұл енді не істерін білмей сарсаңға түскен. Түске шейін сыртқа шығып бірге серуендеп қайтуға — Кристинаның баладан қолы босамайтыны белгілі. Балаға Жак деп нағашы атасының атын қойған, бірақ оны шоқындыру ойларына келмеген. Содан ақыры Клод бақтың ішіне барып, әуелі өрік ағаштары өскен аллеяны, артынан раушан гүлдердің бұтақтарын салуға кіріскен. Бұдан кейін төрт алма, бір бөтелке, қыш құмыраны қол сүрткіш қағаздың үстіне жайып тастап, натюрморт жазбаққа ниеттенді. Әрине, мұның бәрі жай ермек секілді бірдеме еді. Артынша шабыты қозып, осы оңаша жерде, ашық күннің астында неге бір тамаша бейне жасамаймын деген ой келе қалсын. Осы күннен бастап оның әйелі ең жанашыр, ең бақытты, ең тілектес құрбандыққа айналды. Әрине, Кристина бұл жолы қандай керемет күндес бейненің дүниеге келуі мүмкін екенін аңғарған жоқ. Клод Кристинаны әр қырынан сала берді: бірде ақ көйлек, бірде қызыл көйлек кигізіп, бірде ағаштардың арасында, бірде тұрғызып, бірде жүргізіп, басына қамыс қалпақ кигізіп, төбесіне шие түсті шатыр ұстатып — ондайда бетіне қызғылтым сәуле түседі екен, әйтеуір көңілі қалған ыңғайына көндірумен болды. Бірақ ешқашан ешнәрсені қанағат етпейтін ежелгі әдетімен екі-үш күннен кейін бәрін қайта қарап, қайта сызып, тағы басынан бастайды, өкпесі өшіп шаршағанша сол баяғы көріністі езбелей береді, жазбалай береді. Кристинаның ара түсуінің арқасында әлі аяқтала қоймаған, бірақ орындалу тәсілі мен колориті ғажайып сәтті шыққан бірнеше этюд Клодтың "пышағынан" аман қалып, асхананың қабырғасына барып ілінді.
Кристинадан соң кішкентай Жақтың кезегі келді. Күн жылыған кездері оны Иоанн Креститель секілді қалың одеялдың үстіне тыр жалаңаш жатқызып қояр еді. Оның суретін салу үшін тыныш жатуы керек екен. Бірақ жаны бар бүлдіршін оған көнер ме? Денесіне түскен күн сәулесі қытықтағандай, мәз болып күліп, әрлі — берлі аунай береді, қызыл шақа аяқтарын көтеріп, тыным таппайды. Әкесі баласының бұл қылығын әуелі қызық көрсе, артынан ашуланып, кәдімгідей кейи бастаған. Бүйте берсе, оның суретін салу мүмкін емес еді. Мұндайда шешесі көмекке келіп, ең құрмаса баланың аяқ, қолының нобайын қағазға түсіртіп үлгіру үшін аузы — басын қисаңдатып, "бұзықты" алдандыруға кіріседі. Суретші жас сәбидің балғын денесінің бояуын келтіру үшін недәуір уақыт жұмсады. Баласына тек суретшінің көзімен қарап, болашақ үздік шығарманың тақырыбын тапқандай, тәтті қиялға түсіп кетеді. Бірақ бұл қанша әуреленсе де тентек ұлдың бабын табу оңай болмады, оны әзер тыныштандырып, ұйқыға кеткенде ғана жазуға тура келді.
Бірде Жак суретшіге керекті ыңғайда жатуға көнбей, шырылдап жылай бастағанда:
— Баланы әбден шаршаттың ғой, — деп Кристина ұяң дауыспен қарсылық білдірген.
Клод есін жиып, қысылған сынай танытты.
— Рас! Менің суретімнің бұған не керегі бар? Мұндай ақымақшылыққа қайтіп көнсін, — деді.
Көктем мен жаз тыныштықпен жылжып өте шықты. Бұлар енді серуенге де сирек баратын болды. Баланы ертіп, өзен бойындағы аралдарды аралай алмағандықтан, ескі қайықты жағалауға тастап кеткендері қашан. Кейде алысқа ұзамай, Сена бойымен жаяу қыды — рыстап қайтар еді. Бау-бақшаны жазып жалыққан Клод енді өзен жағасына келіп этюдтер салуды әдетке айналдырған. Мұндайда баласын көтерген Кристина қасына келіп, мұның не шимайлап отырғанына қарап отырады. Содан көкжиек күлгін тартып қараңғы түсе бастаған шақта үшеуі баяу ілбіп кейін қайтады.
Бірде Кристина ескі сурет альбомын әкеліп көрсеткенде, Клод әуелде таңырқап қалды.
Мұның бетін парақтасаң, өткендегі талай нәрселердің еске түсетінін айтып, Кристина күліп қойды. Әлденеге даусы дірілдейді. Шынында бұл сурет өнерінің Клодты өзінен алшақтата бастауы мүмкін екенін сезіп, онымен сыр бөлісіп, әбден түсініскісі бар еді. Сөйтіп Кристинаның өзі де ұқыпты шәкіртке ұқсап қолына бояу қаламын ұстап, әлдеқандай акварель суреттер салуға кіріскен. Бірақ күйеуінің сайқымазаққа ұқсас пейілін байқап, тез суынды да, мұндай әрекетпен онымен түсінісе алмайтынын білді. Содан қолы босаған кездерде Клодтан сабақ үйренбекке уәде алып, сурет альбомын былай тастай салған.
Кристина Клодтың кейінгі жұмыстарын сұлу дүниелер ретінде жоғары бағалап жүрді. Шынында да қаладан жырақта өткізген бір жыл ішінде жас суретші мүлдем қайта түлеп, көңілді жарқын бояуларға, шаттық әуездерге толы суреттер сала бастаған еді. Бұрын мұндай түйсік — түйіндерді еркін игеріп, мың құбылған жаратылыс реңктерін анық ажыратпаған сықылды. Осыншама бояу патшалығын көрген әрі біржола мойынсұнған Кристина бұдан артық табыс бола қоймас деп жариялады. Тек күйеуінің дер кезінде тоқтай алмайтынына қынжылыс білдірді. Ондайда бұл ақшыл көк түсті топырақ пен көгілдір ағаштардың не екенін түсіне алмай, табиғат бояулар турасында қалыптасқан үйреншікті ұғымдарынан адасып қалады. Бірде көкшіл түсті теректің суретіне сын айта бастап еді, Клод мұны сыртқа ертіп шығып, күн сәулесінде құбылған көгілдір жапырақтарды көрсетті. Шынында солай екен: тоғайдағы теректер көгілдір бояуға малынып тұрды. Кристинаның бәрібір іштей мойындағысы келмеді. Табиғатта бәрібір көгілдір ағаштар болуға тиіс емес деп ойлады.
Содан Кристина асхананың қабырғасында ілулі тұрған этюдтер туралы кәдімгідей білгірлікпен пікірлер айта бастаған. Өмірлерін өнер билеп алғандықтан, ойлары да сан саққа кетеді. Клод күнде қолына құрал-саймандарын ұстап үйден шығуға бет алғанда, Кристина жүгіріп барып оның мойнына асылар еді. Сондағы сұрайтыны:
— Сен әлі де мені сүйемісің?
— Есің дұрыс па? Мен неге сені сүймеуім керек?
— Онда мені қаттырақ сүйші... Әлі де күштірек сүйетініңді көрсетші! — деп сыртқа шығарып салады. Содан кейін: — Жұмысыңды істей бер. Мен кедергі келтірмейін. Бар. Сен жұмыс істесең, мен де ризамын, — дейді.
Қайтадан күн суытып, күзгі жапырақтар сарғая бастағанда Клодтың көңіліне алаң кірді. Ауа райы бұзылып, екі апта бойы шелектеп жаңбыр жауды. Жаңбыр тоқтаған соң, айналаны қалың тұман басты. Бұл үйден шыға алмай, суреттері жайына қалды. Ұзақты күн пештің жанында отырып, Париж жайында естіртіп ештеңе айтпаса да, енді қиялынан қала тіршілігінің елесі кетпей қойды. Таңертеңгі сағат беске шейін газ шамдары өшпейтін қысқы қала. Бір-бірінің сөздеріне жармасқан жолдастардың қызу жиын отырыстары. Қақаған суық күндерде де толастауды білмейтін қызу өмір. Осының бәрін аңсай бастаған Клод енді әр нәрсені сылтау етіп, Парижге жиі қатынайтын болды. Оның үстіне, анау алыпсатар Мальграға бірнеше шағын полотноларын өткізген. Жол-жөнекей Фошерлердің керуен сарайына басын сұғып, егер Пуарет шал ақ шараптан ұрттап қоюға шақырса, бас тартпай, құрапат құрып отыра берер еді. Осында келген сайын үлкен залдың ішіне көзін жүгіртіп шығып, ескі достарын іздейді. Оларды көре алмай, тағы біраз күтеді де, ақыр соңында іште жиналып қалған шер-шеменін тарқататын ешкімді таппағанына қапаланып, жападан жалғыз кейін қайтады.
Осылай сенделумен қыс өтті. Клодтың аздап көңіл жұбатарлығы — қысқы қардың бейнесін салудың ұтымды әдісін тапқандай еді. Ал майдың ішіндегі күтпеген бір кездесу мұның көңілін қобалжытып кетпесі бар ма? Сол күні таңертең пейзаж салуға лайықты көрініс іздеп жотаға көтеріліп бара жатқан. Кенет жол айрығында мұздай таза киініп алып, басындағы қара қалпағы қоқырайып, бадам бұталарының арасына асығыс кіріп бара жатқан Дюбюшке көзі түсті.
— Әй, қайда барасың? — деп айқай салды.
Сәулетші жігітіміз қапелімде сасып қалса керек.
— Иә, біреумен жолығуым керек еді, — деп міңгірледі. — Деревняда құса болып кетеді екенсің. Бірақ қолынан ештеңе келмейді... Жағдай солай. Сен де осы жақта тұрамысың? Естігенмін... Жоқ, олай емес! Біреулер бірдеме айтқан секілді еді. Бірақ мен сені басқа жақта жүрген шығар деп ойлағанмын.
Клод қобалжуын баса алмай, мәмілешіл мінез танытты.
— Жарайды, шал, бәрі дұрыс. Айтпай кеткен өзім кінәлімін. Апырмай, біздің көріспегенімізге қаншама уақыт өткен, ә?! Бұталардың арасынан сенің қызыл мұрныңды көргенімде, менің қалай қуанғанымды білсең етті!
Осыны айтқан Клод жолдасының қолын сілкілеп тұрып, рақаттанып күле бастады. Өзімшіл Дюбюш әдетінше соңғы кездерде жеткен жетістіктерін әңгімелеп, келешектегі жоспарларымен таныстыруға кірісті. Тиісті ұсыныстарды әрең жинап, Академияның бірінші сыныбына оқуға түскенге ұқсайды. Бірақ бұдан кейін бірден тығырыққа тіреліпті. Өйткені әке-шешесі артынан ақша жіберіп тұрудан бас тартып, аяқ астынан кедейшілік қамытын киген қарияларды енді мұның өзі асырауы керек екендігін ескертіпті. Сөйтіп бұл Рим сыйлығын армандауды біржола доғарып, күнкөріс қамын ажыратуға кіріскен секілді. Сағатына ширек франк ақы төлейтін дарынсыз сәулетшілерге құлша қызмет етуден де шаршапты. Сонда не істеуі керек? Табысқа жеткізетін төте жолды қалай іздеп таппақшы? Егер Академиядағы оқуын тастап шықса, мұның елгезектігін әрі тілалғыштығын ұнататын анау құдіретті Декерсоньерден басқа баратын жері де жоқ екен. Бірақ онда қаншама қиындыққа, азапқа көнуге тура келеді?! Дюбюш бұдан соң пәленбай жыл оқып-тоқып, ақыр соңында ешкімнің көмегін көрмей көшеде сандалып қалатын үкіметтік білім ордалары тәлиптерінің тағдырына зор аяныш білдірген.
Жол ортасына жеткенде, Дюбюш кідіріп қалды. Бадам ағаштары сиреп, алдарынан жазық тепсең басталды. Оның ар жағындағы ескі баудың арасынан Ришодьердің меншікті қонысы көрінді.
— Е, мәселе қайда жатыр! — деп желпінді Клод. — Бұл менің ойыма келмепті. Сен соларға бармақ екенсің ғой. Қарақшыдай қауқиған сондай немелерге менің қарағым да келмейді, тіфу!
Дюбюш Клодтың сөзіне қатты қорланып, аузын бұртитып, қарсылық білдіруге айналды.
— Сенің Маргейян отағасын жек көретініңді білемін. Бірақ ол өз саласында беделі бар адам. Сен оны құрылыс алаңына барып бір сынап көрші. Асқан ұйымдастырғыш, өте іскер, жігерлі бейнетқордың өзі. Қай жерге не салып, қажетті дүниелерді қайдан алатынын біледі — ақ. Қабілеті болмаса, соншама миллион ақшаны табу оңай ма? Мен де одан не сұрау керек екенін білемін. Өзіме пайдасы тиетін осындай адамның тілін таппасам, мен де таза ақымақ болар едім.
Осыны айтып, Дюбюш жолдасын ілгері қарай жүргізбей, тар жолға кесе көлденеңдеп тұрып алсын, ондағы ойы — екеуінің бірге келе жатқанын аналар көріп қалса, өзінің беделі түсетіндей қорқар еді. Содан тезірек қоштаса бастаған.
Клод одан Париждегі достары жайында сұрамаққа оқталды да, мүдіріңкіреп қалды. Кристина туралы да бір ауыз сөз айтқан жоқ. Дюбюшке қолын ұсынып, кері қайтарда, әлденеге даусы дірілдеп тұрып:
— Сандоздың жағдайы қалай? — деп сұрады.
— Жаман емес. Бірақ мен онымен сирек кездесемін. Өткен айда ғой деймін, сен жайында сөйлескенбіз. Ол сенің осы жүрісіңе өте ренжулі сияқты.
— Сондай-ақ мен не істеппін? — деп Клод бірден даусын көтеріп, ашу шақырды. — Одан да маған қыдырып келмейсіңдер ме? Сендерді қуана-қуана күтер едім!
— Жарайды, жолымыз түссе, келерміз. Мұны Сандозға айтармын... Ал қош бол, шал! Мен асығып барамын...
Дюбюш бұдан соң Ришодьерге қарай кетті. Клод болса үстіне қара сүрттік, басына жылтыраған жібек қалпақ киген жолдасының бірте-бірте алыстап, бұлдырай бастаған бейнесіне біраз қарап тұрды да, ішін әлдеқандай белгісіз құса жайлап, аяғын ақырын басып, кейін қарай бұрылған. Үйге келгенде бұл кездесу жайында жарына ештеме айтқан жоқ.
Осыдан бір апта өткен соң Фошерлерге барып, дайын кеспелер сатып алып үйіне қайтып келе жатқан Кристинаға жол-жөнекей сөзуар бір әйел жолығып, содан құтыла алмай тұр еді. Паромнан жаңа ғана түскен бейтаныс мырза мұның қасына келіп:
— Клод Лантьенің қайда екенін білесіз бе? — деп сұрады.
Оған таңырқай қараған Кристина сыр бермей:
— Менімен бірге жүріңіз, жөн сілтеп жіберейін, — деп жауап берген.
Қатар келе жатқан бейтаныс кісі Кристинаны сырттай танитын болуы керек, жылы шыраймен назар аударып қояды. Бірақ Кристинаның ұялшақтап, қысылып-қымтырылғанын байқаған соң, жол бойы ләм деп тіс жармады.
Әйел есікті ашып, қонағын зал бөлмесіне кіргізді де:
— Клод, бері шық! — деп дауыстады.
Еркектер мәз-мейрам болып, бір-бірімен көрісіп жатты.
— Ей, Пьер, қайдан жүрсің? Дюбюш қайда?
— Дәл шығар кезде бір шаруамен бөгеліп қалды. "Өзің кете бер" деп маған жеделхат салыпты...
— Жарайды. Оқасы жоқ. Өзіңді көргеніме қуаныштымын. Өте — мөте! — деп Клод бұларға қарап күлімсіреп тұрған Кристинаға бұрылды. — Саған айтқан жоқ едім. Өткен жолы әне бір жексұрындарға бара жатқан Дюбюшті көргенмін. — Осыдан соң Клод булығып тұрып, қолын әрлі-берлі сермей берген. Даусы да жарықшақтанып шықты. — Мен тіпті есімнен адасқан шығармын... Сендер бір — бірлеріңді білмейді екенсіңдер ғой! Құрметтім, мына мырза менің ескі досым Пьер Сандоз, мен мұны бірге туғандарымнан артық көремін. Ал, Пьер, мынау менің нақсүйерім. Қанеки, сүйісіп танысыңдар!
Мұны естігенде Кристина қысыла күліп қойып, бетін тоса берді. Өйткені бұған кішіпейіл, дос ниетті Сандоз бірден ұнаған еді.
Сандоз да Кристинаға үлкендік мейіріммен сүйсіне қарай берген. Содан Сандоз Кристинаның қолын алақанына қысып тұрып:
— Клодты сүйгеніңіз қандай оңды болған, қарағым. Бір-біріңізді сүйгеннен артық өмірде ештеме жоқ, — дегенде, әйелдің көзіне жас үйірілді. Бұдан кейін жазушы еңкейіп сәбидің маңдайынан иіскеді: — Біреуі дүниеге келіп үлгеріпті-ау!
Клод кешірім сұрағандай қолын жоғары көтерді.
— Амал бар ма? Ойламаған жерден осылай болып шықты емес пе? — деген.
Екеуі залда отырғанда, Кристина ас қамын жасауға кірісті. Клод енді өзінің соңғы жылдардағы бастан кешкен оқиғаларын, Кристинамен қалай танысып, қалай табысқанын жеделдетіп әңгімелей бастаған. Досы онда неге біржола үйленбей жүргендерін сұрағанда, үй иесі қысылып әрі таңырқап қалған. Шынында, неге? Бұлар осы уақытқа шейін бұл тақырыпта сөйлесіп көрмепті, қыздың ондайда ойы жоқ секілді. Бақытқа кенелгендердің өмірін үйлену өзгерте қояр ма? Демек, мұның ешқандай мағынасы жоқ.
— Жарайды, — деп Сандоз келіскен сыңай танытты. — Маған бәрібір. Бірақ Кристина өте адал қыз. Ендеше сенің оған үйленгенің дұрыс болар.
— Оны қыздың қалауы біледі. Сен, немене, мені қолында баласы бар жас әйелді тастап кетеді деп ойлайсың ба?
Осы жерде Сандоздың қабырғада ілулі тұрған этюдтерге көзі түсіп, шетінен мақтай бастады. Иә, Клод уақытын босқа өткізбеген екен. Күн жарығына шомылған суреттердің шынайлығы ғажап шығыпты! Досының марапатына көңілі әбден семірген Клодтың бойын мақтаныш кернеп тұрса да, одан қаладағы жігіттердің не істеп, не тындырып жүргендерін сұрауды ұмытқан жоқ. Осы кезде бұлардың қастарына Кристина келіп, асықтыра бастады.
— Ас дайын. Жүріңдер.
Достар бұдан соң асханаға кіріп, дастарқан үстіндегі қуырылған шабақтар мен жұмыртқаға ет араласқан картоп салатына, ащы тұздықтарға жаудай тиіскен. Бәрі дәмді, жақсы дайындалған екен. Аспаз Мелидің көмір шоғына түсіріп алған шабақтары шыжғырылғанда, үйдің ішін тәтті түтін иісі алып кетті. Сүзгіден өтіп тамшылаған сұйық кофесі бұрқылдаған құмған ошақтың шетінде тұрды. Алдарына сабағынан жаңа ғана үзілген құлпынай мен жас ірімшіктер қойылған тұста еркектердің өзара әңгімесі әбден қыза түссе еді. Үлкен үстелге еңкейіп жатып алған екеудің ауыздарына тыным жоқ. Парижде ме? Парижде ешкімнің жаңалықтар ашып, ешкімді таң қалдырғандары көрінбейді. Бірақ бір-бірін итермелеп, ілгері ұмтылғандар жеткілікті. Әрине, ешкімнің көштен қалғысы келмейді, көптің ортасында жүруің керек, әйтпесе аз уақыттың ішінде есептен шығасың, ұмытыласың. Әйткенмен, таланттың аты талант. Егер қайсарлығың мен қайратың кем соқпаса, бәрібір ертелі-кеш өз дегеніңе жетесің. Осындайда алыс ауылда тұрудың өзі — арманыңның орындалғаны емес пе? Кейін бар көргеніңді, жиған-тергеніңді пайдаланып, үздік шығармалар туғызып, Парижді есінен тандырарың сөзсіз!
Кешқұрым Сандозды станцияға шығарып салған кезде ол досына:
— Саған бір сырымды айтсам деп едім, — деді. — Мен жақында үйленбекпін...
Клод күліп жіберді.
— Ой, айлакерім-ай! Азанда маған неге соншама көп мораль оқығаныңды енді түсіндім, — деп.
Пойыз келгенше екеуі әңгімені көйітумен болды. Сандоз өзінің үйленуге қатысты саналы буржуаға тән көзқарастарын дәлелдеуден жалығар емес. Жемісті еңбек етіп, байсалды, қалыпты өмір сүру үшін де жігіттің үйленуі қажет екен. Суреткерлердің әйел туралы — өнер атаулының түбіне жететін, жүректерді тілімдеп, мидың қабығын қабындыратын бос әурешілік, шайтан жолы дегенге саятын түсініктері өмірдің өзі әрдайым жоққа шығарып отыратын құр сандырақ болса керек. Оның үстіне, ол тыныштығын қорғайтын адал көмекшіге, қабағына қарайтын қамқоршыға зәру. Есігін тарс құлыптап алып, оңаша үйде ешбір алаңсыз жұмыс істеу, біржола шығармашылықпен айналысу ежелгі арманы емес пе? Ең бастысы жар таңдай білу. Бұл жағынан жазушының жолы оңғарылатын секілді. Кедей болғанмен, жібі түзу, ақылды, ажарлы жетім қызға кездесіпті. Соңғы жарты жылдың ішінде Сандоз басқармадағы жұмысын тастап шығып, журналистикамен шұғылданыпты, содан бері табысы да жаман емес көрінеді. Шешесін қасына алдырып, Батиньоль жақта бір шағын үйді жалдап тұрып жатса керек. Енді үйленудің реті келсе, үшеуі сол жерге біржола көшіп барып, махаббат пен ынтымақтың ортасында, бұйырған нанын тауып жеп өмір сүре бермекші.
— Үйлен, шалым, — деді Клод. — Әркімнің өз қалауымен жүргені дұрыс қой... Міне, пойыз да келіп қалды. Сау бол. Бізге қайтып келемін деген уәдеңді ұмытпа.
Сандоз шынында да бұларға жиі қатынайтын болды. Газет жұмысынан қолы босай қалса, алдын ала ескертусіз — ақ жетіп келетін. Үйленуді күзге қарата белгілепті де, әзірше бас еркі бар көрінеді. Сөйтіп Клод екеуі бұрынғыша атақ, абыройға апаратын төте жолдар туралы тәтті қиялдарға батып — шығып, жақсы күндерін бірге өткізіп жүрді.
Бірде су ортасындағы шағын аралдағы шалғын шөптің үстінде аспанға қарап шалқасынан жатқан Сандоз қасындағы Клодқа шағым айта бастады.
— Газет жұмысы бұл да бір кішкентай майдан секілді. Өмір сүру үшін, күнелту үшін әрдайым күреске түсуің керек. Газетшілік кәсібің де жексұрын бірдеме екен. Ал бірақ осы пресса дегенің еркетотай қызға ұқсайды — оны ырқыңа көндірсең, қарауыңа көп әскер жинағандай, күшейіп шыға келесің. Мен де оны осылай пайдалануға мәжбүр болып жүрмін. Уақытша! Менің мақсатым басқа, түптің түбінде көздегеніме жетпей қоймаспын.
Мен сірә көрінгеннің құшағы жетпейтін керемет шығармалар жаза бастайтын шығармын...
Қапырық күннің астында маужыраған ағаштардан жайлы тыныштық лебі еседі. Сандоз даусын сәл бәсеңдетіп, әрі қарай көсілді.
— Мен қазір не істеп жүрмін? Адамдарды жан-жақты зерттеумен айналысудамын. Адам болғанда, мұқаба қағаздан жасалған масқарапаз, метафизикалық қатып қалған біреулерді емес, әрбір әрекет — қимылы сезімдер тоғысынан туатын, белгілі бір ортада өніп-өскен физиологиялық жаратылыс иесін айтамын. Адам бойындағы ең қасиетті орган ми екенін сылтауратып, миды ашытарлық кітаптар жаза беруден жалыққан жоқпыз ба? Ой, ой керек деп зар қақсаймыз. Апырмау, ол ойдың бәрі — адамның жаратылысынан тумаушы ма еді? Мысалы, ішің қатты ауырып, жаныңды қайда қоярға жер таппасаң, сенің әлгі ойшылдығың қайда қалмақшы? Әрине, бәрі ақымақшылық. Фәлсафа да, ғылым да ілгері озып кетті, біздің көбіміз позитившіл, эволюционшыл болып алдық, ендеше классикалық дәуірдегі қуыршақ мұраларды әдеби архивтерге өткізіп, әсіре ойшылдықтың бас ауруынан ертерек құтылуымыз керек. Психолог бола білу — шыншылдық па екен? Физиология мен психологияны өзара бірлікте қарамаса, ештеме шықпайды. Өйткені бұл ұғымдар бірімен-бірі кірігіп, тұтастықта өмір сүреді. Міне, бүгінгі төңкеріс мұраттары осыған саяды. Ескі қоғам қирап, жаңа қоғам құрыла бастаған кезде өнер де өзгере бастауы керек, тың жолға түсуі керек. Ғылым мен демократия жеңіске жететін келер ғасырдың әдебиеті қандай болуы керек екеніне көп ұзамай әркімнің — ақ көзі жететіні сөзсіз!
Сандоздың даусы қатайып, қиялы шығанға шырқап кетті. Төңірек тым-тырыс. Өзен суының сылдыры ғана естіледі. Сандоз кенет жолдасына қарай бұрылып, қуанышты хабарын жеткізді.
— Мен іздегенімді таптым. Пәлендей керемет емес, оңаша бұрыш, бірақ ғажайып қиялдарыңды жүзеге асыру үшін осының өзін қанағат етуге тура келеді... Мен бір отбасының өмірін өзек етіп, қызық кітап жазбақшымын. Мұнда әркімнің қайда туып, қайда баратынын, өзара қарым-қатынастарын түгел қамтымақпын. Түптің түбінде әрбір қоғамның өсіп-өркендеу тарихын талдайтын әлемдік дамудың кішкене миниатюрасы осылай жасалмақ! Мен сол кейіпкерлерімді белгілі бір тарихи кезеңде өмір сүргізіп, мезгіл мен мекеннің көркем шежіресін жазамын. Сен мұны түсінесің ғой... Бәлкім, он бес, жиырма томнан тұратын кітаптар сериясы бола ма... Тақырыптары ортақ, бірақ әрқайсысының ортасы бөлек романдар тізбегі. Егер күндестерім таптап кетпесе, қартайған шағыма шейін үйімді сол кітаптарға толтырып та үлгірермін!
Осыны айтып Сандоз көк шалғынға шалқалап құлай кетті де, екі қолын көкке созып:
— Жер-ана, құшағыңа ал мені! Өйткені сен өмірдің өзегі, бар-баршаның құрсағы емессің бе? Сен мәңгі жасай бер. Дүниенің жаны — сенің кеудеңде. Сенің ұрығың тасқа тамса да, көгеріп көктеп шығып жатыр. Сені бар жаратылысыммен сезгендіктен, өзімнің де кейде жерге айналып кеткім келеді. Құшағыңа кірсем, оттай жанып, күллі шығармашылық қуатымның қайнар көзін, құралым мен мақсатымды, көз жеткісіз көрікті әлемді көргендей боламын. Өйткені тіршілік атаулының тынысы сенде! — деп әрең тоқтады.
Осылай әзіл-қалжың ыңғайында, лирикалық желпініспен басталған ұзақ толғау ақыр соңында ақын жанының ішкі шер-шеменін қозғайтын жарқын үміт сарынында аяқталып еді. Сандоздың көзі жасаурап, осыншама әсершілдігін жасыру үшін, айнала төңірекке қолын созып тұрып:
— Кең дүниенің бәрімізге ортақ жан — жаратылысы барда, әрқайсымыздың ерекшелігімізді іздеу ақымақшылық емес пе екен?! — деп сауал қойды.
Шалғынның арасына жасырынған Клод біразға шейін дыбысын шығармады. Содан ақыры басын көтеріп:
— Тарта бер! Бәрінің көкесін көзіне көрсет. Бірақ сені де оңдыра қояр ма екен, шалым! — деп даусын соза түскен.
— О, менің де қолым қатты! — деп Сандоз орнынан тұрып, керіліп-созыла бастады. — Маған тигендердің жұдырықтары сынады... Жарайды, кетейік. Мен пойыздан қалып қоймайын.
Кристина Сандозды кәдімгідей ұната бастаған еді. Мұның ойынша жазушы өзінің таңдап алған жолымен, ешкімнен қаймықпай тура тартып бара жатқанға ұқсады. Осы себепті оны Жақтың өкіл әкесі болуға үгіттемекке бекінген. Рас, Кристина шіркеуге барып, құлшылық етіп көрген емес. Бірақ мұның баласы неге қалыптасқан әдеп-ғұрыптардан тыс өмір сүруі керек? Оның үстіне, осындай байсалды, парасатты, тегеурінді біреу Жактың өкіл әкесі атанса, кейін қамқорлық жасап жүреді емес пе? Мұны естігенде аздап таңырқаған Клод артынан келісімін берді. Сөйтіп, шіркеуде шоқындыру жоралғысы жасалды. Көрші тұратын әйел өкіл ананың қызметін атқарды. Бұл нағыз мейрам болды. Қонақтар Парижден әкелінген теңіз шаянын жеп, бір тойды.
Дәл осы күні айырылысар кезде Кристина Сандозды оңаша шығарып алып:
— Жиі келіп тұрыңыз. Әйтпесе досыңыздың құса болып кететін түрі бар, — деп өтінген.
Клодтың соңғы кездерде құсалықпен күн кешіп жүргені рас еді. Этюдтер жазуды да доғарып, өз еркінен тыс Фошерлердің керуен сарайының маңында жападан-жалғыз қыдырыстап жүретін әдет тауыпты. Керуен сарайдың қасындағы паромға күндердің күнінде бүкіл Париж келіп тоқтайтындай көре ме, кім білсін. Парижге өзі де ай сайын қатынап тұрады, бірақ әрқашан көңілі жабырқап, әлденелерден түңіліп қайтады, жұмыс істеуге құлқы соқпайды. Күз өтіп, аяқ алып жүргісіз лайсаң, ылғалды қыс түсті. Клодтың еш нәрсеге көңілі тұрақтамай, ақыр соңында өткен қазан айында үйленіп алып, содан бері бұларға қарай ат ізін салмай жүрген Сандозға ренжи бастаған. Ол келген сайын Клодтың мерейі үстем болып, Париж жаңалықтарын жан-жақты талқылай бастар еді де, бұдан кейін бір аптаға шейін недәуір сергіп қалатын. Бұрын Кристинадан Парижді сағынып жүргенін жасырып келсе, енді ертелі-кеш өткен-кеткен оқиғалар мен Кристина көріп-білмеген әлдекімдер туралы естеліктер айтып, миын ашытуға айналды. Жак ұйықтап жатқанда, өзі пештің қасына отырып алып, әй, гөйітеді дерсің. Әрі серігінен естігендерінің бәріне баға беруді талап етіп, өрекпи түсетінін қайтерсің?
Жақсы табиғат суреттерін салуға қабілеті жететін Ганьердің музыкамен айналысуы ақымақшылық емей, немене?! Осы жасында қайдағы бір қатыннан фортепьянодан сабақ алып жүрген көрінеді. Кристина, өзің — ақ айтшы! Бұл не масқара!? Ал Мәскеу атындағы көшеде жеке үйге қолы жеткен Ирма Бекомен қайтып қосылмаққа тыраштанған Жоридікін қалай жоримыз? Екеуінің тізіліп, біздің шеберханамызға жиі соғып жүргені есіңде шығар? Ал қудың қуы анау Фажероль екен. Кездесе қалса, тура бетіне айтудан жалтармас еді. Сену қиын, бірақ осы сатқын кезінде Рим сыйлығын алудан үміт етті емес пе? Әрине, ондай биікке қолы жетпеді. Содан Академияны өлгенше жамандап, бәрін асты-үстіне түсірмек болды, біраз қоқиланды, қорқытты. Мақсаты белгілі. Қалайда, қандай жолмен болса да, тіпті жақын жолдастарын аттап өтіп, сатып, саудалап жүріп те бәрібір табысқа жету, әлгі Академиядағы мақауларды мойындату. Сенің, немене, осындай жексұ — рынды қорғаштау ниетің бар ма? Сен ондайлы дәрежедегі тоғышар емессің ғой. Кристина мұның пікірлерін қостай бастаса, Клод миығынан күліп отырып, мұның өзіне ерекше сәтті көрінетін ескі әңгімені қайталап айта берер еді. Оңбаған дәріханашы Матильданың күйеуі Жабуй қортықтың түбіне жеткен Магудо мен Шэннің оқиғасында кісі қызығарлықтай ештеме жоқ. Бір күні кешқұрым көксау күйеуінің тынысы тарылып мазасы кеткен соң, әйелі әлгі екеуін көмекке шақырмай ма? Сонда бұл екеуі әлсіз науқасты бас салып ұқалай бастаған екен, содан қайтып әлгі сорлы басын көтере алмапты.
Мұндай көңілсіз әңгімелерге Кристина күле қоймаса, Клод күңкілдеп, орнынан тұрып кетеді.
— Сен әйтеуір еш нәрсеге таңқалмайсың, — дейді. Клод Кристинаны бұрынғыша жақсы көрер еді. Бұрынғыша есі шығып, жоғалтқан бар қызығы мен шыжығын махаббаттан іздеген мұңдықтың әдетімен құшып — сүюден әзір жалыққан емес. Бірақ осының бәрінен қанағат таппағандай, ара-тұра көңілін қапалық басады.
Енді қайтып ешбір көрмеге қатыспаспын деп ант ішкендей болған Клодтың көктем шыға тағы да мазасы кете бастады. Қаладан келген Сандоз досынан биылғы Салонға кім қандай дүниелерін ұсынбақшы екенін тергіштеп сұрауға кірісті. Көрме ашылатын күні қалаға аттанып, кешқұрым қабағынан қар жауып, қайтып оралды. Көрмеге Магудоның болымсыздау бір мүсіні қойылыпты. Бірсыдырғы сұрғылт бояумен жазылған Ганьердің кішкентай пейзажы өзгелерге қарағанда жібі түзу дүниеге ұқсайды екен. Фажероль айна алдында тұрып бетін бояушы әртіс әйелдің суретін салыпты. Өзге іліп аларлық ештеме жоқ. Клод әуелі бұл турасында ауыз ашпағанмен, артынша Фажерольді кәдімгідей келемеждеуге көшті. Әй, осы Фажероль айлакер құбылманың өзі емес пе? Сыйлыққа қолы жетпей қалса да, бұл әлі көрмеге қатысуын қойған жоқ. Ол, әрине, Академияны сатып кетті. Бірақ сонысының жымын білдірмеуге тырысады. Оның шығармалары шындыққа жақындайды, амал қанша, бірде-бір нұсқалылық, ерекшелік көрінбейді. Бірақ бұл жолы Фажероль табысқа жеткен секілді. Өйткені қазіргі буржуа сезімдерді қытықтаған дүниелерді тәуір көреді. Пысықтар мен дарынсыздар жайлаған Салонның осынау шөлейт даласында нағыз таланттың, нағыз суретшінің орны үңірейіп бос тұр еді. Ондай талантты қандай кеңістіктер күтіп тұрғанын болжап білудің өзі қиын.
Манадан бері Клодтың ашулы сөздерін үнсіз тыңдаған Кристина бір кезде:
— Бәлкім, Парижге қайтармыз? — деп сұрады. Үні бәсең, сенімсіздеу шықты.
— Оны саған кім айтты?! — деп Клод айқай салды. — Сенімен сөйлесу мүмкін емес...
Айдалаға лағып кетесің.
Бір жарым айдан соң бұлар тосындау жаңалық естіді: Клодтың досы Дюбюш ақыры Ришадьер қожайынының қызы Регина Маргейянға үйленіп тыныпты. Бұл бір кісі таңырқарлық қызық оқиға болды. Ең әуелі Дюбюш оңбаған әне бір парктің ішіне қойылатын әлгі павильон жобасы үшін медаль алыпты. Жұрттың айтуынша, бұл жобаны оның тікелей қамқоршысы Декерсоньер ұсынған көрінеді. Ал ең ғажабы — сол сыйлықтар жөніндегі алқаның бастығы да Декерсоньер екен. Осы марапат ақыр соңында үйлену мәселесін оңтайлы шешуге көмектеседі. Сөйтіп, кембағал студенттерге арналып берілетін медаль тауар айналымына түсіп, Дюбюш байлардың босағасынан бір-ақ шығыпты. Тексіз Маргейян отағасы қалтасында дипломдары бар, жақсы костюмдер киген болашақ күйеу баласы өзін түптің түбінде ақсүйектер қауымына апарып қосатынын ежелден армандап жүреді екен. Сонда осындай сып-сыпайы, мұғалімдеріне сүйкімді, үздік оқитын Академияның жас студенті бірден көзіне түсіп, ұзақ уақыт бақылаудан өткізген деседі. Дюбюштің медальі бар мәселені оп-оңай шешеді: бай қызын ұзатып, қасына жаңа компаньон қосып алады. Енді үй салғыш шалдың миллиондары бұрынғыдан бетер көбейе бермекші. Оның үстіне, әрқашан мұңды, ауру Регинаның дені сау, күші мол еркекке тұрмысқа шығуы да аз табыс емес еді.
— Осындай сабалақ жүнді мысыққа үйлену үшін ақшаны жан — тәніңмен сүю керек шығар! — деп қорытынды жасады Клод.
Кісіге жаны ашығыш Кристина қызды қорғай бастаған соң:
— Мен де оған жаманшылық тілемеймін, — деп Клод өзінше қарсылық білдірді. — Егер күйеуі туралатып тастамаса, бара берсін. Әрине, ол байғұс әкесінің айла-шарғысынан хабарсыз. Әкесі бір кезде жабайы есеппен буржуаның қызына үйленсе, Регина енді әке жағындағы маскүнемдердің, шеше жағындағы қаны сұйық, қатып қалған азған нәсілдің мұрагері болмағанда қайтеді? Міне, аспаннан жауған алтын ақшаның ар жағында аузын ашқан аранның сыйы осындай болады. Байыңдар, байи беріңдер! Түсіктеріңді спиртке салып сақтап қоярсыңдар!
Осыны айтқанда, Клодты ашу кернеп кетті. Әйелі оны аймалап сүйіп, еркелетіп, жұбатуға тырысқан. Клод бірте-бірте сабасына түсіп, ескі достарының үйленуін дұрыстыққа шығарғандай болды. Сөйтіп, енді бұлардың үшеуінің де басыбайлы әйелдері бар екен... Әй, өмір деген осы екен ғой!
Беннекурде өткізген төртінші жаз да аяқталып келеді. Алыс оңаша тыныштықтағы бақытты тұрмыстарына ештеңе кедергі келтірместей еді. Осында тұрғалы бері қаржы-қаражат жағынан пәлендей қысылып көрген емес, рентадан түсетін мың франк пен полотноларды сатудан алған ақшалары жетіп жатты, тіпті киім — кешектерін жаңартып, үнемдеп кейінге қалдырғандары да бар. Екі жастан асқан Жактің деревнядағы жағдайы жақсы, ертелі-кеш таза ауада еркін ойнағандықтан, денсаулығы мықты болып өсіп келеді. Жер қазып, топыраққа аунап жатудан бір тынбайтын баланың үсті — басын қалай тазартуды білмеген шешесінің кейде шарасы таусылады. Жалпы алғанда, Жак пәлендей беймаз емес. Тәбеті де, ұйқысы да жақсы. Кристинаның көңілін алаң ететін осы үйдегі ең үлкен бүлдіршін — суретші күйеуінің уақыт өткен сайын қараңғы қапас уайымға түсіп бара жатқан түсініксіз ақуалы еді. Былайша қарағанда екеуі тыныш өмір сүріп, дағдарысқа ұшыратарлық айқын себептер жоқ секілді, әйткенмен әлдеқандай үрей — қауіп жақындап келе жатқандай мазалары кете бастаған.
Осы деревняға келген кездегі әуелгі қуаныштары әлдеқашан сап болған. Түбі тесілген ескі қайық Сенаға батып кеткен. Ал Фошерлер пайдалануға бермекке ұсынған жаңа қайыққа отыруға екеуінің де құлқы соқпады. Қайық есіп, өзен бойлап жағалаудан жалыққан секілді еді — кейде оңаша аралдардың сұлу түкпірлерін естеріне алып қойғанмен, қайта оралып соғуға беттемейді. Тіпті өзен жағалап серуендеудің өзін бұрынғыша қызық көрмейтін болған: жазда күнге күюден, қыста суық тигізуден қорқар еді. Ал қалын алма баулары өскен алыс жазық аймақтарды аралап жүруді енді екеуі де мағынасы жоқ ақымақшылықтай көре бастапты. Нағыз казармаға ұқсас тұрғын жайлары да әбден тойдырып бітті — ас ішетін бөлмелері кір-қоқысқа толып кетсе, жатын бөлмелерінде суық жел уілдейді. Оның үстіне биыл бақтағы өріктер гүлдемей, ең ескі райхан бұтақтарын құрт-құмырсқалар жегідей жеп қойған.
Осындай тіршіліктен әбден түңілгендері шығар, төңіректің бәрі көңілсіз күңгірт бояуларға толып кетті. Шектеулі шеңбер ішінде қалған мәңгілік табиғаттың өзі күн өткен сайын қартайып бара жатқандай көрінеді екен. Ең жаманы — айналасының бәрі ішін пыстыратын дүниеден шабытын қозғайтын өзге ештеме таба алмаған суретші ертелі-кеш қабағы түсіп, жаны бар нәрсесінің бәрін қажетіне асырып, енді мұны қызықтыратын бір бұтасы яки бір бояуы қалмаған меңіреу кеңістікті босқа аралап жүрер еді. Иә, бәрі бітті, бәрі құрыды. Енді мынау ит байласа тұрғысыз қу медиенде бұл ештеңе жасай алмақ емес.
Қазан айы туып, аспанды бұлт басты. Жаңбырлы күндердің бірінде, түскі астың мезгілінде дайын болмағанын сылтау етіп, Клод бірден керіс шығарды. Содан қаздай мамырлаған аспаз қыз Мелиді қуып жіберіп, аяғының астында оратылып жүрген баласы Жакты итеріп тастады. Ебіл — дебілі шығып жылаған Кристина күйеуін құшақтап:
— Осы жерден кетейікші. Парижге жетейікші! — дейді. Клод ашу үстінде Кристинаны да әрі қарай итеріп тастады.
— Сен маған жоламашы! Мазамды алмашы! — деп айқай салған.
— Мен үшін... сөйтейікші! — деп Кристина басылар емес. — Өтінемін. Менің де көңіліме қарасаңшы!
— Немене, сенің мұнда ішің пыса бастады ма?
— Иә, иә! Мен мұнда қалар болсам, құсадан өлемін... Оның үстіне, сенің жұмыс істегеніңді қалар едім. Меніңше, сенің жүретін жерің бұл емес, қала жақ. Мұндай қиянға кетіп жоғалу — қылмыс жасаумен пара-пар!
— Әй, адамға тыныштық берші!
Осыны айтқанда Клодтың денесі тітіркеніп кеткендей болды. От сәулелерге толы қайран Париж, қысқы Париж мұны қол бұлғап шақыратындай еді. Ол жақта мұның күш қайраты тасыған достары бар, ендеше ертерек солардың қатарына барып қосылуы керек, солардың ғажайып табыстарына ортақтасуы керек. Сөйтіп қайтадан достарын соңына ертетін басшысы болуы керек. Өйткені олардың арасында әзірше бұдан батыл, бұдан әлді ешқайсысы жоқ. Осылайша өзінше сандырақтап, тезірек жеткісі келеді. Екінші жағынан көңіл түкпірінен өзіне мәлімсіз қарсылық сезімі бас көтеріп, мойын бұрғызбайтын секілді көрінеді. Бәлкім, бұл ең ер жүрек деген еркектердің көңілін алаңдататын ықтиярсыз үрей, жазмыш жолдарына көнгісі келмейтін пенденің қайткенде бақытты болуы үшін алысып, арпалысуы ма екен?
— Сәл құлақ салшы, — деді аздап ентігіңкіреп тұрған Кристина, — мен жиналып қойдым.
Жүруге дайынмын.
Осыдан бес күн өткенде барлық мүліктерін буып-түйіп, темір жол арқылы Парижге жіберген бұлар артынша өздері де аттанған.
Кішкентай Жакты көтеріп алған Клод паромға жақындай бергенде, қасындағы Кристина бірдеңесін ұмыт қалдырғанын сылтауратып, кейін қайтқан. Содан қаңырап бос қалған үйге кіріп, көңілі бұзылған Кристина егіліп жылап жіберді. Осы жерде жалданған бірдемесі үзіліп, өзі де түстеп білмейтін жанының бір бөлшегі қалғандай өте қатты құлазып кеткен. Тіпті осында біржола қалып қойғысы келетін секілді. Клодты қалаға қайтуға өзі үгіттеп көндірсе де, ал қалада мұның шын күндесі — суретшінің бүкіл жаратылысын билеп әкететін өзге құмарлықтың бар екенін білсе де, енді дәл осы жерде мәңгі — бақи өмір сүрудің артықшылығын сезіп, тілеп, қалап тұр еді. Содан әлдеқалай ұмытқан затын іздеп, оны таба алмаған соң, ас үйдегі суық шалған ең соңғы райхан гүлді үзіп, үйдің қаңыраған баққа қараған есігін жауып, сыртқа шыққан.
VII
Парижге қайтып оралған Клод үйреншікті айқай-шу мен қызу тіршіліктің арасына келіп қосылды да кетті. Таңертең ерте тұрып Париж көшелерін аралауға шығады. Ал Кристинаны Дуэ көшесінің бойында, Клиши бульварымын қасынан жалдап алған жаңа шеберханасына жалғыз қалдырып кетер еді. Осыдан бір күн өткен соң, қарашаның сұрғылт суық таңы атқан кезде, бұл Магудоны іздеп барған.
Шерш — Миди көшесіндегі бұрыннан мұның мүсінші досы жалдап тұрып жатқан ләпкенің есігі ашық екен де, ал әлі ұйқысы ашыла қоймаған сұп-сұр Магудо қалшылдап — дірілдеп жүріп терезенің сыртқы қақпасын айқара ашып тастады.
— Е, сен бе едің? Деревняда ерте тұруды үйренгенсің ғой. Иә, жағдайың қалай? Қашан келдің?
— Алдыңгүні.
— Жақсы. Көріскеніміз осы ғой... Үйге кір, тоңып қаларсың. Бұл үйдің іші сырттан гөрі суықтау екен. Ләпкенің ылғалды ауасынан денесі тоңази бастаған Клод жағасын көтеріп, қолын қалтасына сүңгітіп жіберуге мәжбүр болды. Балшық-батпақтың үйінділері мен өмірі судан құрғамайтын еденнен кәдімгідей суық ызғар соғады. Айнала кедейшіліктің иісі сезіледі. Бұрынғы мүсін бұйымдар көрінбейді, орындықтар сынып, іші босаған кеспектерді жіппен шандып байлап тастапты. Лай — батпақ шашыраған жұпыны ләпке жібі түзу адамның тұрағына емес, құт-берекесі қашқан тас үгітушінің қараңғы подвалына ұқсар еді. Ал кіре беріс есіктің терезесіне, әлдекімді сайқымазақ еткендей, ақ бормен аузы ашылып, ақсия күлген кісінің бейнесіндегі күннің суреті салыныпты.
— Сәл шыда, — деді Магудо. — Қазір от жағамыз. Әйтпесе ылғалды шүберек жайлаған шеберхананың іші өстіп суып кетеді екен...
Артына бұрылып қараған Клод пештің ішіндегі көмірді тұтата алмай, ескі ағаш орындықты бұтарлап отырған Шэнді көрді. Бұл Шэнге сәлем беріп еді, ол мұрнының астынан міңгірлеп бірдеңе айтқандай болды.
— Ал сен не істеп жүрсің? — деген Клодтың сұрағына мүсінші көңілсіздеу жауап қайтарды.
— Пәлендей ештеңе тындырғаным жоқ. Бұл жылым да өткен жылдағыдай із-түзсіз өтіп барады. Қазір әулиелер суретінің саудасы мүлдем жүрмей тұр. Әулиеліліктің құны түскен уақыт қой, сол себепті белбеуді тартыңқырап, қарынды кішірейтуге тура келеді. Жақсы күндер туғанша, лаж жоқ, өзге шаруамен айналыса бастадым...
Осыны айтып Магудо бір буманы шешіп, бұған сопақ бетті, үшкір сақалды, өң — ажарында ерекше менмендік пен ақымақшылықтың табы есіп тұрған тосындау мүсін — бейнені көрсетті.
— Жақын маңда тұратын адвокат танысым еді. Қалай? Нағыз жексұрын тип емес пе? Әрі маған "аузымды дұрыс салмапсың, соны түзет" деп тиісетінін қайтерсің?! Осылайша нан тауып жүрген жайым бар.
Дегенмен, Магудо Салонға қатысу үшін суға аяғын малып тұрған әйелдің мүсінін де әзірлей бастапты. Суыққа тоңған жалаңаш дене дірілдеп тұрғандай әсер етеді екен. Әр тұсына жарықшақ сызат түскен мүсінге қарап тұрып, Клод тоғышарлық талғамға лайықты жасалған дүниеге деген таңданысы мен наразылығын жасыра алмады. Мүсіндегі тамаша пропорцияларды шектен шыққан доғал әдістердің бұзып тұрғаны анық еді. Көпшілікке ұнауды мақсат етіп, қатты тыраштанған суретші о бастағы өзі таңдап алған доғал, өсірме әдістерінен танбапты. Түрегеп тұрған адам бейнесін жасаудың қиындығын айтып, мүсінші досы зарлай бастады. Шынында мұндай жұмысқа керекті темір арматура — білемдерді, ерекше тіреулер мен толып жатқан өзге жабдықтарды тауып, сатып алу оңайға түспейді. Сірә, мына суға түсуге әзірленген жалаңаш әйелді тік тұрғызбай-ақ, жағалауға жатқыза салған дұрыс шығар.
— Қалай ойлайсың? Сөйтсем бе екен?.. Жалпы, бұл жұмысым жайындағы пікірің қандай?
— Жаман емес — деп жауап берді Клод. — Бөксе жағы ет сатушы әйелдердің мол бітіміне ұқсап кеткенмен, романтикадан құралақан емес секілді. Бірақ мұны жатқызудың қажеті жоқ. Тек тұрғызып қою керек. Әйтпесе, бар сымбатынан айырылады, шал!
Пеш гуілдеп жана бастағанда, Шэн де үн-түнсіз орнынан көтерілді. Содан ләпкені аралап жүріп, қараңғы бұрыштағы тар бөлменің ішіне кірді де, Магудо екеуі бірге тынығатын кереуеттің үстінде жатқан қалпағын алып киіп, қайта шықты. Ләм-мим деместен, ебедейсіз қолдарын жоғары көтеріп, қабырғаға қара көмірмен: "Мен дүкенге кеттім. Сен пешке отын сал" деп жазды да, шыға жөнелді.
Оның артынан таңырқай қарап тұрған Клод:
— Мынаған не болған? — деп сұрады.
— Біз бір-бірімізбен сөйлеспейміз, тек хат жазысамыз, — деді мүсінші.
— Қашаннан бері?
— Үш ай болып қалды.
— Бірақ бірге ұйықтайсыңдар ма?
— Иә.
Клод күліп жіберді.
— Бұларың маған ұнайды. Әй, ақымақтарым-ай! Сонда сендерге не жетпей жүр?
Магудо бұдан соң адамнан әрі, малдан бері деп өзі баға берген Шэнді бұтарлай бастады. Бірде кешқұрым үйіне қайтқан Магудо әлгі көрші қыз Матильдамен бірге мұның еншісіндегі қайнатпа жемісті соғып жеп отырған Шэнді көреді әрі екі ұятсыз неменің үстерінде жөндем лыпасы да жоқ болса керек. Матильданың дамбалын шешіп тастағанынан, әрине, мұның түгі қисаймайды ғой. Ал бірақ мұның қайнатпасын құртқаны — әбден жанына батады емес пе? Бұл құрғақ нанды күтірлетіп жеп жүргенде, мыналардың тәттісін жалап отырғаны қытығына тиеді. Бұдан артық бейбастақтық жоқ шығар. Егер бәрі бөліске түсетін болса, онда әйелді де бірге пайдаланамыз ба?!
Содан бері екеуі араз көрінеді. Бір-бірімен тілдеспейді. Қажет жағдайда қара көмірмен қабырғаға қысқа сөздерді шимайлап жазып, өзара хабар-ошар алысады екен. Соған қарамастан, екеуіне бір кереует, бір әйел ортақ көрінеді, уақыт кестесіне күні бұрын келісіп қойғандықтан кезектері мүлтіксіз сақталады екен. Осылай бір-бірімен сөйлесуге құлықтары жоқ екі жігіт әзір бір үйде тұрып жатса керек.
Ашуға булыққан Магудо қолына түскеннің бәрін гуілдеп жанған пештің ішіне қарай лақтырумен болды.
— Қүй сен, қүй сенбе, қарның аша бастағанда, бір — біріңмен сөйлесудің түкке қажеті жоқ екен, — дейді Магудо. — Қабысқан қарныңды белбеу қысса, сөйлесіп неге керек? Әй, бұл Шэн бе... қара шаруаның қарау ұлы емес пе? Мұны түсіну қиын. Суретпен байымайтынына көзі жеткесін, бар ақшасын ішіп-жеп тауысқан бұл әйтеуір оқуын тәмамдау үшін сауда-саттықпен айналыса бастады. Міне, бұл осындай жігіт екен. Сондағы кәсібі: туған жері Сен — Фирменнен зәйтүн майын алдырып, Париж жайлаған дәулетті провансалдықтарға сатпақ болып, ертелі-кеш көше аралауға шыққан. Бірақ мұнысы ұзаққа созылмады. Қолапайсыз сатарманды көрген байлар әдетте оны есіктерінен сығалатпайтын еді. Мұның осы сауда-саттығынан ішіне май толған қыш құмыра ғана қалыпты. Енді бұлар қолына түскен нанды осы зәйтүн майына батырып жеп отырады екен.
Осыны айтып, Магудо бұрышта тұрған қыш құмыраны көрсетті. Қабырға мен еденде осы қыш құмырадан шашырап төгілген майлы дақтардың орны жатыр еді.
Клодтың күлкісі тез-ақ тыйылған. Мұндай кедейшіліктен кісінің есі ауысып кететін шығар. Жоқшылықтың тақсіретін тартқандарға қандай талап қоймақсың? Осындай ой үстінде шеберхананы аралап жүрген Клод енді әуелгі райынан қайтып, қарапайым көпшіліктің қарабайыр талғамдарына ыңғайластыра жасалған макеттер мен түкке тұрғысыз мүсіндерді қолпаштауға кірісті. Бір бұрышта Шэннің Луврға барып салған Мантеннің атақты бір суретінің өте дәл, өте құрғақ көшірмесі көзіне түскенде:
— Ой, бұлаң құйрығым-ай! — деп күңкілдеді. — Ұқсастығында күмән жоқ. Бірақ мұның қолынан басқа ештеңе келмейді. Әттең, Шэн төрт ғасыр кейінірек туған ғой! — Манағыдай емес, үйдің іші жылына бастаған соң, Клод үстіндегі пальтосын шешіп тастады.
— Темекіге кеткен жігітіміз кешікті ғой, — деді.
— Қайдағы темекі?! — деп жұмысына кіріскен Магудо әлгіндегі адвокат мүсінінің екі жақ самайын әрлей бастаған. — Оның темекісі мына қабырғаның ар жағында... Менің қолым бос емес екенін көрсе, бұл нақұрыс бірден Матильдаға қарай жүгіріп, менің үлесімді тартып алуға тырысады.
Сонда, немене, ол қызбен әлі әмпей болып жүрсің бе?
— Ол ма, басқа ма, бәрібір емес пе? Оның үстіне, ол құрғырдың өзі сүйкеніп жүреді... Маған осы да қанағат!
Магудо Матильданы пәлендей cөгe жамандамай, бәлкім, ол ауру шығар деді. Кішкентай Жабуй қайтыс болғалы бері бұл қыз шіркеуге барғыштап жүргенмен, әзір жүріс-тұрысы түзеле қоймаған. Кейбір қылымсыған әйелдер өзге жерлерден сұрап білуге ұялғандықтан, Матильданың дәріханасынан өздеріне қажетті құпия керек-жарақтарын сатып алудан әзір тыйылмағанмен, бәрібір мұның шаруасы шайқалып бітуге айналғанға ұқсайды. Ақысын уақтылы төлемегендіктен, газ компаниясы есепшотын жауып тастағандықтан, Матильда енді май шам жағып отыруға көшіпті. Онда да керекті майын көршілерінен сұрап алады екен. Арнайы көмекші қызметкер ұстауға қалтасы көтермегендіктен, кім көрінгендер газетке орап алып келетін шприцтер мен спринцовкаларды жөндеп беруді Шэнге тапсырған көрінеді. Тіпті Матильда бұрын пайдаланған инелерін монастырьға апарып сатып жүр екен деседі. Шіркеулердің қара май саситын ескі қоймаларындағы ұзын көйлек киген елес көлеңкелердің мекеніне ұқсаған осы қараңғы дәріхана ақыр соңында қаңырап бос қалса керек-ті. Қазір төбеден төмен қарай ілінген дәрі шөптердің арасы өрмекшінің ұясына айналып, банкілерде сақталған өлген сүліктер көгеріп, әбден жарамсыз халге жеткен.
— Әне, өзі де келді! — деп мүсінші өтірік қуанды. — Асықпасаң, артынан анаусы да жетер...
Шынында, Шэн қайтып оралып, пештің қасына барып, менменсіген кейіппен қалтасындағы темекісін түтігіне толтырып алды да, түтіндете бастады. Айнала тым-тырыс тыныштық орнады. Осы кезде көршісін іздеп жүрген әлде біреудей Матильда жетіп келді. Клод енді байқады: Матильданың көз айналасы көгеріп, беті тарғылданып, недәуір жүдеп кетіпті. Бірер тісінің орны үңірейіп тұрды. Бұрындары жалбыраған шашынан шашырап тұратын хош иістер бәсең тартыпты. Бұл енді алма гүлі мен сарғалдақтың жұмсақ лебі емес, ауру қыздың аузынан шыққан сасық жалбыз иісіне ұқсаған бірдеме еді. Сол бірдемеге бөлме іші толып кеткендей болды.
— Әйтеуір бір бітпейтін жұмыстың үстінен шығамын! — деп Матильда таңдайын тақ еткізді.
— Амансың ба, қуыршағым?
Осыны айтқан Матильда ешкімнен қысылып-қымтырылмастан, әуелі Магудоны шөп еткізіп сүйіп алды да, артынша Клодтың қасына келді. Бұдан соң әдеттегідей бейбастақ мінезімен бөксесін бұлтыңдатып, бұтын көтеріп қойды да, сөзін сабақтады:
— Сендер әзір хабарсызсыңдар. Мен бір дәрі шөптерден жасалған керемет қорапты тауып алдым. Қаласаңдар, ас орнына ішуге болады. Мақұл ма? Бәріңді қонаққа шақырамын.
— Рахмет, — деп жауап берді мүсінші. — Шөптен жасалған кермек дәмді тамақты ішкеннен гөрі ащы темекімді тартқаным дұрыс шығар.
Клод пальтосын кие бастаған.
— Сен, немене, кетемісің?
— Мен Париж ауасын сағынып қалыппын. Біраз қыдырып қайтайын.
Бірақ бұл Шэн мен Матильданың қағаз қораптың ішінен жеміс қағынан жасалған тәттілерге ұқсаған бір нәрселерді шығарып жатқанын көріп, кідіріп қалды. Бұдан соң Магудо көмір қарындашымен қабырғаға: "Темекіңнен маған да берші. Әлгінде қалтаңа тығып қойғансың!" деп жазды. Шэн үн-түнсіз қалтасынан темекі салған дорбасын шығарып, Магудоның қолына ұстата берді. Осының бәріне таң-тамаша қалып тұрған Клод:
— Жарайды. Қош болыңдар! — деді.
— Сау бол. Бейсенбі күні Сандоздың үйінде кездескенше! Сыртқа шыққан Клод дәл есік алдында дәрі шөптер сататын ләпкенің шаң басқан терезелерінің ар жағынан көрінген бел тартқыштарды қызықтап тұрған бір мырзаға соқтығысып қала жаздап:
— Ой, сенбісің, Жори? Сен мұнда неғып жүрсің? — деп сұраған.
Жори үлкен қызыл мұрнын тыржитып қойып:
— Жай әншейін... Өтіп бара жатқан соң... — деп қысыла күліп жіберді. Артынша біреу естіп қоймасын дегендей даусын бәсеңдете түскен. — Ана қыз, немене, көршілерін жағалап жүр ме? Жарайды онда, кетейік. Тағы бірде кездесерміз.
Бұдан соң Жори кісі таңданарлық сұмдық әңгімелер айта бастады. Бұлардың бәрі қазір Матильдаға баратын көрінеді. Әрине, алдын ала келісіп, уақыттарын белгілеп қойған. Кейде қызық үшін бәрі топтанып барады екен. Жан-жақтарынан итермелеген жүргіншілерді елемей, тротуардың ортасына тұрып алған Жори Клодтың құлағына еңкейіп, неше түрлі әдепсіздіктерді айтудан жалығар емес. Нағыз римдіктердің ойнағы десе болғандай... Төбеңнен салбыраған дәрі шөптердің хош иістерінің астында, қыруар бел тартқыштар мен клизма түтіктерінің арасындағы ахахуды, Клод, сен елестете алармысың?! Кішкентай шіркеудің ішіне орналасқан, тойымсыз әйел қожайыны бар жезөкшелер үйіне ұқсайтын бір ғажайып мекен емес пе?
— Сен бұрын Матильдадан қатты жерінуші едің ғой, — деп күлді Клод.
Жори тыжырынып, қолын сілтеді.
— Ана мәселеге ол жарап жатыр ғой. Оның үстіне, мен бұл жолы біреуді вокзалға шығарып салып, осы үйдің тұсынан өтіп бара жатыр едім. Содан пайдалана кетейін деп... Әдейі бұрылғаным жоқ.
Жори осы түсіндірмелерін әлденеге қысылып-қымтырылып тұрып айтады. Әдеттегі бәсте байлығына қарамай, бұл жолы өзінің көрсеқызарлығын жасыра алатын емес.
— Әңгіме анау жайында болса, несі бар, ол қыздың басқаларға ұқсамайтыны рас... Пәлендей сұлу емес, бірақ өте қылықты! Мұндай әйелдермен ешкімнің сыпайылық жасамайтыны рас, бірақ осындай әйелдер үшін бас тігетін ақымақтар да кездеседі.
Бұдан соң Жори Клодтың Парижге біржола қайтып келгеніне өзінше таңданыс білдіріп:
— Онда менімен бірге жүр. Ирмаға соғайық, — деп ұсыныс айтқан.
Бұған ыңғайсызданған суретші бүгінгі киген киімі лайық емес екенін сылтауратып, Ирмаға барудан бас тартты.
— Онда тұрған не бар екен? Осы жүрісіңнің өзі қызық. Меніңше, бұл Ирмаға ұнайды. Меніңше, сен Ирманың жүрегіне шоқ түсірген болуың керек, әйтеуір сені қайта-қайта есіне алады. Ақымақ болмасаңшы, ол қыз бізді таңертеңнен бері күтіп отыр. Ендеше екеумізді патшадай сыйлайтынына күмәнім жоқ.
Жори осыны айтып, Клодты жібермей қойды. Содан екеуі жолай сөйлесіп, әулие Магдалинаның шіркеуіне қарай көтерілді. Әдетте Жори шарап жайында әңгіме айтуды ұната бермейтін маскүнемдер секілді өзінің махаббат жорықтарын жариялаудан тартынып жүрер еді. Бірақ бұл жолы бірден ішін ақтарып, әрқилы оқиғалардың басын шалып, өзін-өзі келемеждей бастаған. Бұл әлдеқашан туған қаласынан ерте шыққан, кейін мұның бетін тырнап, беделін түсірген әлгі бір кофе түстес торы қыздан құтылған секілді еді. Енді әйелдерді тізбектеп, жиі ауыстыратын болыпты. Сонда мұның қарым-қатынас жасап жүрген нақсүйерлері қилы-қилы көрінеді: олардың ішінде бай буржуйдың аспаз әйелі, байының кезекшілігі арасында ебін тауып кездесіп жүрген полицейдің басыбайлы қосағы, тіс дәрігерінің жап-жас көмекші қызы... Бұл қыздың қызметі де қызық: дәрігерге тісін емдетуге келген әркімге наркоздың әсерін көрсету үшін соның көз алдында өтірік ұйықтап, қайта тұрғаны үшін айына бастығынан алпыс франк ақы алады екен. Әйтпесе қабақтарда қармағына келіп түскен жеңіл жүрісті сылқымдар. Қызық іздеген кәдімгі жібі түзу бикештер. Киім-кешектерін жуып әкелген кездейсоқ қызметшілер мен бөлмесін жинауға шақыртып алған қатын-қалаштар. Әйтеуір мұның ырқына көнгеннің бәрі бар көрінеді. Алдау, арбауға толы, кездейсоқтық пен кесапат жайлаған, сатылуға дайын көшенің сықпыты осындай, бәрі бытысып, араласып кеткен. Сұлу ма, кемтар ма, жас па, кәрі ме — бұған бәрібір секілді. Құмарын қандыру үшін сападан гөрі санды қуалаған Жори үйіндегі суық төсегіне барып жалғыз жатқысы келмегендіктен, жемтігін іздеген қарақшыдай көше кезіп кететін жағдайға жетіпті. Содан қармағын қаптырғанша кейін қайтпайды екен. Оның үстіне көзі нашар көретін жігітіміз кейде қолайсыз оқиғаларға тап келіп жүрсе керек. Бірде, мысалы, бұл таңертең төсегінен тұрғанда қасында шашы ағарып кеткен кемпірдің жатқанын көріп, оның алдындағы түнемелікте аппақ өңді, сары шашты сұлуды құшағына алғандай болғаны есіне түскенде, есеңгіреп кетпес пе?
Жалпы, Жори өмірге әбден риза еді. Шынында да оның қазіргі тірлігі жаман емес. Мұның мұндағы берекесіз жүрістеріне ашуланған сараң әкесі артынан ақша салуды біржола тыйып тастағанмен, бұл әзір қылатын емес. Қазір журналистік жұмыспен айналысып, аппаратшы әрі сыншы ретінде жазған мақалаларына ай сайын жеті-сегіз мың франк табыс табатын көрінеді. Бұрын жиырма франк үшін "Тамбурге" жариялап тұратын мақаласымақтарын бұл енді ұмытқан. Қазір Жори елге танымал екі газетке бірдей қызмет көрсетеді. Тумысынан пысық әрі циник жігіт атын шығару үшін кез келген құбылысқа үкім айтудан тайсалмайды. Нағыз буржуаға айналған. Тумысынан сараң болғандықтан, көлденең көк тиын жұмсамай, тапқан-таянғанының көбін саудаға жұмсайды екен. Жүріс-тұрысы да оған пәлендей қымбатқа түспейтіні белгілі: көңіліне жаққан әйелдеріне бір құты шоколад сатып әперіп, оп — оңай құтылып жүрсе керек.
Екеуі Мәскеу көшесіне келіп түскенде:
— Ирма Беконы сен қамқорлығыңа алғансың ба? — деп сұрады Клод.
Мұны естігенде, Жоридың даусы жайсызданып шықты.
— Мен бе?! Сен сол ойланып сөйлесеңші, шал Ойбай-ау, ол қыз пәтер ақысына ай сайын жиырма мың франк төлейді емес пе? Әрі бес жүз мың франкке жеке үй салдырмақ көрінеді... Жо, жоқ! Мен кейде оның үйіне ас ішуге соғып тұрамын, басқа шатағым жоқ.
— Бірақ бірге жатасыңдар ғой?
Жори тура жауап бермей, қарқылдап күліп алды.
— Ақымақ екенсің ғой! Жұрттың бәрі бірге жатады емес пе?.. Ал біз келдік. Үйге кір.
Клод үйде әйелінің дастарқан жайып күтіп отырғанын сылтауратып, қарсылық көрсетіп баққан. Бірақ Жори есіктің қоңырауын қағып, мұны ілгері қарай итермелей бастады. Оның пікірінше, әйелдің күтіп отырғаны дәлел емес. Дуэ көшесіне малайын жұмсап, ескерту қиын шаруа ма? Есік ашылғанда, бұлардың алдынан Ирма Беко шыға келген. Қыз суретшіні көріп, айғайлап жіберді.
— Ой! Бұл сіз бе едіңіз, жабайы жігіт?!
Ирманың бұларды ескі достардай ықыласты қарсы алып, үстеріндегі киген киімдеріне назар аудармағанын көрген Клодтың бірден көңілі жайлана бастады. Бірақ қыздың өзі соңғы төрт жыл ішінде мүлдем өзгеріп кеткенге ұқсайды. Шашын әдемілеп жинап, маңдай тұсынан қайырып тастапты. Бет ажары сопақша тартып, бұрынғы қара торы қыз өңді Тицианның кәнизактарын еске түсіретін қызыл сары шашты сұлуға айналыпты. Баяғы ұшқалақ желөкпеге ұқсамайды. Өз айтуынша, бүгінгі тоғышарлардың талғамын ескере отырып, осылай өзгеруге тура келіпті. Сән-салтанатқа ұмтылған шағын жай бәрібір қораштау көрінеді. Клодтың таң қалғаны: қабырғаларға тәп-тәуір суреттер ілініпті, олардың ішінде Курбе мен Делакруаның дүниелері де бар. Қонақ бөлмесіндегі сөреде түрлі-түсті фарфор шыныдан жасалған ұсқынсыз мысықтың мүсіні тұрғанына қарамастан, бұл қыз пәлендей ақылсыз, талғамсыз болмауы керек.
Жори Клодтың ана жақта күтіп отырған әйеліне біреуді жіберу жайында айта бастағанда, Ирманың көзі ұясынан шығып кетті.
— Сіз, немене, үйленіп пе едіңіз? — деп сұрады.
— Иә, солай, — деп жауап берді Клод.
Ирма Жориге қарап еді, ол күлімсіреп басын изеді. Қыз лезде бәрін түсінгендей:
— Е, бірге тұрып жатырсыздар ма? Сізді әйелдерді жек көреді дегендері қайда?.. Ана жолы менен қатты қорқып, намысыма тигеніңіз әлі есімде. Енді қалай? Менен еркек қорқатындай, соншалық ұсқынсыз біреу ме екенмін? — деді.
Осыны айтып, қыз күлмең қағып суретшінің қасына келді де, оның қолынан ұстады.
Содан кейін көзін тура қадап, өзінің шынында да өткен жолы намыстанғанын, ал қазір ұнағысы келіп тұрғанын жасыра алмай, жалтақтай берген. Клод қыздың ыстық демінен жасқанып, қолын босатып ала қойды. Содан соң:
— Бұл жайында кейінірек сөйлесерміз, — деді.
Қолына Клодтың хатын ұстатқан хабаршыны бұлар Дуэ көшесіне жіберген соң, аспаз асхананың есігін ашып, бәрін дастарқанға шақырды. Алдарына әр түрлі тамақ тасып жүрген әлгі неменің суық қабағына қарамастан, бұлардың тәбеттері жақсы болды. Содан күллі Парижді гу-гу әңгімеге толтырып жіберген жаңа ғимарат құрылыстар жайында пікірлесіп, артынша ақшаларын қайда жұмсауды білмей жүрген бай буржуаларға ұқсап, қазіргі жер сатудың нарқын талқыға салысты. Салқын тамақтан соң кофе мен ликер ішуге кіріскен жолдастар бір жағынан суық қабақ қызметшінің қарасы батқанына қуанысып, құдды "Бодекен" кафесінде отырғандай емін-еркін гуілдесе бастаған.
— Әй, ұлдар! — деді Ирма. — Осылай емен-жарқын жерде өзгелерді сыртынан күлкіге айналдырудан асқан рақат бар ма өзі?
Ирма шылымын бұрқыратып, "Шартрез" шарабының бөтелкесін өзіне қарай жақындатып қойды. Сәлден соң бұл бөтелке босап қалды. Шашының үймесі бір жағына қарай қисайып, қызара бөртіп отырған Ирма бірте-бірте баяғы таз қалпына түсе бастаған еді. Көше кезіп жүрген қыздың дағдысымен сөзі де бұзылуға айналды.
— Сен кешірерсің, былай болды ғой... — деп Жори әлденелерді түсіндіруге тырысады. — Уәде еткен кітабымды таңертең саған жібере алмадым. Кеше кешкілік сағат ондардың шамасында кітап дүкеніне барған едім. Сол жерде ана Фажерольдің кездесе кеткені...
— Бәрі өтірік! — деп Ирма оның сөзін бөліп жіберді. — Сенің өтірігіңе тірі куәм бар. Өйткені Фажероль кітап дүкенінде емес, дәл осында болған. — Осыдан кейін Клодқа қарай бұрылды. — Бұл неғылған масқаралық, тіпті беті бүлк етпейді-ау! Өзін ақтап алу үшін, өсекші қатындар секілді, аузына келгенін айтады. Небәрі үш франк тұратын кітапты сатып алмау үшін осылай сылтауратады. Егер мен бұдан бір шоқ гүл әкеліп беруін сұрасам, бұл арбаның астында қалып, аяғын ақсатып алады, әйтпесе күллі Парижде сол күні ешкім гүл сатпай қояды. Мұндайларды біз тегін сүюіміз керек екен!
Мұны естіген Жори ренжулі сыңай танытпай, шылымын бұрқыратып, орындығында шайқатылып отыра берген. Тек миығынан күліп қойып:
— Е, сен тағы Фажерольмен шатысып жүр екенсің ғой! — деді.
— Мен ешкіммен шатысып жүргенім жоқ! — деп қыз байбалам салды. — Онда сенің не шаруаң бар? Сенің сол Фажероліңе мен түкірмеймін де. Білдің бе? Ол менімен айтысқаннан ештеңе өнбейтінін жақсы түсінеді. Бір көшенің бойында өскендіктен, ол екеуміз бір-бірімізді қабағымыздан танимыз. Білдің бе? Егер мен қаласам, Фажероль менің табанымды жалайды... Әне, сенің Фажеролің сондай адам!
Қыздың тоқтау бермес халге жеткенін байқаған Жори шегінгенді жөн көріп:
— Иә, менің Фажеролім ғой... — деп міңгірледі.
— Сенің Фажеролің екені рас! — деп Ирма екілене түсті. — Өзін мақтаған мақала керек болғанда, ол неме сенің бармағыңды майлайтынын мен білмейді деп ойлаймысың? Ал сен елге белгілі суретшіге қолдау көрсеткеннен табатын пайдаңды есептеп, ақсүйектерше кергисің келіп!
Клодтың алдында беделін түсірген қызға ештеме тауып айта алмаған Жори бәрін қалжыңға айналдыруға тырысты. Әй, осыншама қызбаланған қыздың мінезі қызық болады екен-ау дегенге саятын бірдемелерді тағы міңгірлеген. Күнәға толы көздерін қысып, аузы жыбырлап, боқтағысы келіп отырғаны аңғарылады.
— Шырағым, сен Тицианның кейіпкерлеріне ұқсамай барасың! — деді.
Ирма шарасыздықтан күліп жіберді.
Қараптан-қарап отырып қуса болған Клод алдындағы шарапты қылқылдатып жұта берген. Екі сағат бойы осылай ішкендіктен бе әлде темекі түтініне тұншығып басы айналғандықтан ба екен, әйтеуір ақырында мас болып, көзі жұмылып бара жатқанын бай — қады. Әр нәрсенің басын шатудан шаршамайтын Жори бір кезде бүгіндері суреттің бағасы көтеріліп тұр деп соқты. Аузындағы шылымының оты сөне бастаған Ирма суретшіге тесіле қарап отырып, басы жоқ, аяғы жоқ бірден "'сеңге" көшпесі бар ма?
— Сен әлгі әйеліңді қайдан тауып жүрсің? — деп сұраған. Клод бұл сұраққа пәлендей таңырқай қоймады. Басы кәңгіріп отырып:
— Ол қыз провинциядан келген... Сол жақта бір әйелдің қолында тұрады екен... Өзі жақсы қыз, — деді.
— Сұлу ма?
— Әрине, сұлу.
Ирма миығынан күліп, өзінше қиялдай бастады.
— Сенің жолың болған екен. Қазір адал қыздарды табу қиын. Сірә сондай біреуің сен үшін жаратқан ғой! — деп кенет орнынан қарғып тұрды. — Ойбу, сағат үш болып қалыпты...
Балалар, мен сендермен қоштасамын. Ана жақта сәулетшімен кездесіп, Мано саябағының қасындағы жаңа құрылыстармен танысуым керек. Сол жақтағы бір ғимарат ұнап қалған еді...
Бәрі Ирмаға ілесе шыққан. Кетер кезінде айнаға қарап үлгірген қыз бетінің қызарып кеткенін көріп, тыжырынып қалды.
— Жеке үйді айтасың ба? Демек, ақша тапқансың ғой? — деп Жори қадала кетті.
Ирма жауап берместен, маңдайына түскен шашын жөндеп, қызарған бетіне опа-далап жаға бастады. Сәлден кейін-ақ сыланып — сипанып, суреттегі сары шашты сылқым сұлуға айналып шыға келген. Ақыр соңында жігіттерге қарай жалт бұрылып:
— Қараңдар! Сендердің Тициандарың осындай емес пе? — деді.
Осыны айтып, екеуін есікке қарай итермелей жөнелді де, кенет Клодтың қолынан ұстай алып, оған сиқырлана қарап қойды.
Көшеге шыққан Клод өзінін іштей қатты ыңғайсызданғанын сезді. Таза салқын ауа бойын біраз сергітіп тастағанмен, әлгінде әлгі қызбен Кристина жайында сөйлескеніне қатты өкініп тұрды. Бұдан кейін Ирманың маңынан жүрмеуге ант ішті.
— Қалай екен? Тамаша емес пе? — деп қасындағы Жори темекісін түтіндете бастады. — Оның үстіне, мойныңа ешбір міндет алмайсың. Осы жерде ас ішесің, аяқ босатасың, демаласың... сосын "қош, аман бол"... Өз шаруаңмен кете барасың.
Әлдеқандай себеппен үйіне қайтудан жүрексініп келе жатқан Клод тамаққа әбден тойып алған серігі бойға ас сіңіру үшін біраз қыдырыстап, Бонгранға соғып қайтуға ұсыныс жасағанда, бірден келісе кеткен. Содан екеуі Клиши бульварына қарай аяңдады.
Сол жақта Бонгранның шеберханасы бар болатын. Әуелден асыра сілтегіш мода атаулыдан бойын аулақ ұстайтын, кейінгі жас суретшілердің әр түрлі жылтырақ дүниелерге әуестігін ұнатпайтын отағасы соңғы жиырма жыл бойында өзі таңдаған кең жарық шеберханасын ешбір өзгеріссіз жайлап келе жатқан. Қабырғасын сұрғылт бояумен бояған қаңыраған бөлмелерде діндарлардың шіркеуге әкеліп тапсырған — ескі икондарына ұқсаған жақтаусыз суреттер, қожайынның өз туындылары қаз қатар тізіліп тұрар еді. Мұндағы ең қымбат бұйымдар жуыну бөлмесіндегі ампер стилінде жасалған айна мен нормандық шкаф, сондай-ақ тозған барқыт матамен қапталған екі кресло болса керек-ті. Бұрышта жүні қырқылған аю терісі жабылған диван көрінеді. Атақты суретші жастық шағынан бері жұмыс үстінде киетін киім үлгілерін де сақтап қалған: үстінде белін жіппен шандыған ұзын көйлек, бұтында кең балақ шалбар, басында дөңгелек тақия. Әдетте кімді қарсы алса да осындай киімдерін өзгертпес еді.
Қолына бояу тақтайшасы мен қылқаламын ұстаған Бонгран бұларды жақсы пейілімен қарсы алды.
— Өй, сендер ме едіңдер? Келгендерің жақсы болды. Клод,мен сені жиі есіме алып тұрамын. Сенің қайтып келгеніңді естігенде — ақ, ұзамай ұшырасатынымызды білгенмін, — деп бос қолымен Клодтың қолын қысып, сілкіп-сілкіп қойды. Бұдан соң Жориге қарап: — Жас сәуегейім, сенің соңғы мақалаңды оқып шыққанмын. Менің атыма айтқан жылы сөздерің үшін рахмет, әрине... Ау, неғып тұрсыңдар! Кіріңдер, келіңдер. Сендер менің жұмысыма кедергі жасамайсыңдар. Қазір қарашаның күні қысқа, жарық кезді барынша пайдаланып, бірдеңені түртінектейміз әйтеуір... Бірақ үлгіре алмайсың.
Осыны айтып, Бонгран салып жатқан суретіне қарай беттеді. Оған ілескен жастар мольбертте тұрған шағын полотноға келіп үңіле бастаған. Терезеден түскен жарықтан тасалау жерде, көлеңкелі қуыста мата тоқып отырған екі әйелдің — анасы мен қызының бейнесі көрінеді.
— Тамаша екен, — деп сыбырлады Клод.
Бонгран артына бұрылып қарамастан, иығын қиқаң еткізді.
— Әншейін ермек қой. Әрі қарай жалғастыруыма бола ма? Достарыма қыдырып барғанда, натурадан көшіріп салып едім. Қазір өңдеу үстіндемін.
— Суретіңіз аяқталып бітіп қалған. Нағыз шындық осы. Жарықтарды да дәл түсіріпсіз! — деп Клод тіпті қызбалана түскен. — Оның үстіне, қандай қарапайымдылық... Турасы мені осындай қаяусыз қарапайымдылық әрқашан баурап алады!
Бонгран кейінірек шегініп тұрып, көзін қыса түсіп, полотноға алыстан үңіле бастады.
— Солай ма? Бұл сурет шынымен сізге ұнайды ма? Жаңа сендердің келер алдарыңда осы суретті параққа шығаруға аз-ақ қалған едім... Адалымды айтсам, дүниені түнек басып, е, менде талант жағы таусылуға айналған екен-ау деп ойлағанмын.
Бонгранның қолы дірілдеп, аузы-аузына жұқпай тұр еді. Шығармашылық азап, мехнаттың сырын білетін адамның ақуалы осындай болады емес пе? Содан бояу тақтайын орнына апарып қойып, екі қолы ербеңдеп жас достарына қарай бет алды. Енді Академия мүшесі, ең атақты мосқал суретшіміз екпіндеп сөйлей бастасын.
— Бәлкім, сендер таңырқайтын шығарсыңдар... Ал мен кейде өзімді біреудің мұрнын да келістіріп сала алмайтын қабілетсіз біреудей көремін. Әрбір картинама кірісер алдында жаңа бастаған талапкер секілді жүрегімнің лүпілдеп кететіні соншалық, қорыққаннан таңдайым да кеуіп қалады. Осындай ақуалды бастарыңнан кешіріп көргендерің бар ма? Бірақ сендер жассыңдар ғой, әлі сенімдерің зор шығар. Өйткені сендердің ұнамайтын дүниелеріңді қайта жасауға уақыттарың жетеді. Сендерді асықтыратын, қыстайтын ештеме жоқ. Ал мына біздер, шалдар, азын аулақ қабілетіміз арқылы атақ-абырой алсақ, бұдан былай да сол биіктен төмендеп кетпеуіміз керек. Бұрынғыша оза шаппағанмен, көштен қалып қоюға, әйтпесе жолдан таюға болмайды. Атақты, ұлы суретші! Алға қарай тарта бер, басыңды ауыртып, қаныңды қайнатудан тартынба. Биіктен — биікке ұмтыл. Егер асудан асып, бір орында жылжымай тұрып қалсаң, бұған аса қынжыла көрме. Ішегің үзілгенше, қимылда, тепсін. Ал табаның тайғанақтап, бір жағыңа қарай қисая бастадың екен, онда құрдымға кеткенің, талықсыған талантыңның мына жаңа заманға керексіз болғаны. Енді тың дүниелер жасау қолыңнан келмейтініне көзің жетсе, құр тыраштанып қайтесің — бұрынғы өлмес туындыларыңды малданып, қалған уақытта тып-тыныш өмір сүре бер, өзіңді-өзің ұмыт!
Бонгран даусын көтеріп, күндей күркірей бастағанда, екі беті кәдімгідей алаулап қызарып кеткен. Шабытына мініп, шеберхана ішін әрлі-берлі кезіп жүрді.
— Мен сендерге жүз мәрте айтпадым ба? Әр жолы бәрін қайта бастағандай боласың. Мәреге жеткен кезіңде емес, соған ұмтылған кезіңде бақыттысың. Қамалды алғаның емес, қоршағаның қызық. Осындай өткелектен өтпеген сендерге, әрине, мұның бәрі түсініксіз. Бірақ ойланыңдар. Шексіз арман, тәтті үміт арқалап жүрген тұстарың. Аяқтарың мықты — небір алыс ауыр сапарлардан шаршайтындай жағдайларың жоқ. Даңққа барар жолдағы әрбір кішкентай табыстың өзі қымбат. Адамның өзімшілдігінде тойым бар ма?! Міне, сендер осының дәмін татқандықтан, енді етегінен ұстап жібергілерің келмейді. Енді сәл жүрсеңдер, шыңның басына шығып кететіндей көресіңдер. Сөйтіп, мәреге де жетесіңдер. Бірақ шатақтың бәрі осыдан кейін басталады. Атақ, даңқ тез тойындырады. Бәрінің өткінші екенін ойлағанда, көкірегіңді ащы құса жайлап алады. Осыған жету үшін арпалысып, алысудың неге қажет болғанын білмейсің. Алдыңда күтіп тұрған жаңа сонарлар жоқ, бәрін басыңнан өткізіп үлгіргенсің. Мейірің қанды, мерейің үстем болды, ұлы туындылар жасағаныңа сенімің арта түсті. Бірақ бәрібір көңіліңде алаң көп, өйткені ләззат алу шын табыстың кепілі емес. Содан бірте-бірте көкжиегің тарылып, үміт оты сөнуге айналады. Өлім туралы үрей басын көтереді. Бәрібір қартайған шағыңда махаббат қуып шалдыққан шалдарға ұқсап әлсіздігіңе көнгің келмейді, оңайлықпен беріскің келмейді, шығармашылық күш-қайратыңды қайрай беруге тырысып бағасың, азап шегесің... Сірә ең соңғы үздік туындыңды жазып бітіріп, содан соң тәуекел етіп, жалған дүниемен қош айтысқанға не жетсін!
Бонгранның даусы жарықшақтанып, бойы ұзарып кеткендей көрінді. Өрекпігені соншалық, көзі жасаурап, картинасының алдындағы орындыққа отыра кетті де, өзгеден қолдау күткен шәкірттің кейпіне түсіп:
— Бұл сурет шынымен сендерге ұнай ма? — деп сұрады. — Мен бұдан тіпті үмітімді үзуге айналып едім. Менің бір сорым: өзімді өзім сынауым көп те, таным түйсігім қашанда аздау соғып жатады. Бір этюдті сала бастаймын да, әуелі керемет қуанып, жұртқа ұнамаса, тез сұмын. Анау мақлұқат Шамбуварға ұқсап өзімді өзім сынамай, қаннан — қаперсіз жүре бергенім жақсы екен. Әйтпесе бәрін айдан анық бағалап, мүлдем ештеңе жазбай қойғаным жөн бе? Жасырмай шындарыңды айтыңдаршы: мына кішкене полотноның сендерге ұнап тұрғаны рас па?
Шығармашылық азап — мехнатқа түскен отағасының мүшкіл халін көрген Клод пен Жоридің аузына сөз түспей, ыңғайсызданып қалған. Атақты шебердің бұларды өзіне тең санап, ақыл сұрағанына қарағанда, бұл екеуі шұғыл тоқырау мен толқудың үстінен шыққан болуы керек. Ең жаманы — отағасының жалыныштан жарқыраған көзінің алдында бірдемені жасырып қалу, күлбілтелеу мүмкін емес еді. Осы үрейлі, дәрменсіз көзқарас жас жүректерді жасқай береді. Бонгран суретші ретінде "Деревнядағы үйлену тойынан" кейін іске татырлық ештеме салған жоқ деген көпшілік арасында қалыптасқан пікірмен екеуі де жақсы таныс еді. Суретшінің біраз уақыт белгілі бір дәрежесін сақтай жүріп, бірте-бірте жаңа түрлер іздеу үстінде қара дүрсіндікке ұрына бастағаны, о бастағы талант ұшқыны көмескі тартып, әр шығармасы сайын төмен қарай құлдырауға айналғаны көрініп тұратын. Бірақ бұны бұған кім айтпақшы, оған кімнің жүрегі дауламақшы?!
Өзгелерден бұрын есін жиып алған Клод:
— Сіз осы уақытқа шейін мынандай керемет дүние жазған жоқсыз! — деп мақтауға кірісті.
Богран оған сүйсіне көз тастады да, өз картинасына қарап, қиялға батып тұра берді. Құс қанатындай жеп-жеңіл, кіп — кішкене суретті салу үшін Геркулестің күш — қуатындай ерекше екпін, кенеулі кернеу керек болғанын танытқысы келгендей қатты ширыққан түрі бар. Бұдан соң өзімен-өзі сөйлескендей:
— Өй, қарғыс атқыр! Неткен ауыр бояулар! Бүйтіп кері кеткенше, өлгенім артық емес пе?! – деп бұрқылдады.
Осыны айтып, қолына палитрасын ұстап, қылқаламымен полотно бетін бір мәрте сүйкеп шыққанда, көңілі жайлана бастаған, маңдайы жазылып, иығын қомдап қойды. Бонгранның өн бойынан буржуаның сыртқы жүріс-тұрысына еліктеген бұрынғы шаруаның икемсіз, бірақ бірбеткей мінез-құлқы аңғарылады.
Осы арада картинаны манадан бері үн-түнсіз бажайлап тұрған Жориге тіл бітіп:
— Мұны сатып жіберген жоқсыз ба? — деп сұраған. Ежелден ақша үшін емес, өнер үшін еңбектеніп жүрген суретші асықпай:
— Жоғ-ә. Менің арт жағымда саудагер тұрса, мазам кете бастайды, — деп жауап берді. Содан соң жұмысын тоқтатпай, қалжыңға сүйеп, әңгімесін әрі қарай жалғастырды. — Иә, өнер қазір саудаға айналып барады. Осы жасқа келгенше, бұрындары мұндай сұмдықты білмеуші едік. Мәселен, мына өзіңіз, құрметті журналист, ішіне мені де қосақтап жазған әне бір мақалаңызда қазіргі жас суретшілердің біразын көкке көтеріп мадақтапсыз. Тіпті екі-үшеуін болашақ данышпандардың қатарына апарып тіркеп қойыпсыз...
Жори қарқылдап күліп алды.
— Осындайда пайдаланып қалмасақ, газет деген неге керек? Оның үстіне, қазіргі жұртшылық ұлы адамдарды тапқан жазғыштарды жақсы көреді.
— Е, оны мен жақсы білемін. Жұртшылықтың талғамында татым бар ма? Бірақ соны дұрыстап пайдалану керек емес пе? Біз баяғыда бұлай бастағанымыз жоқ. Несін айтайын? Бір кішкене суретті көрмеге өткізу дәрежесіне жету үшін мына біз жылдар бойы жын ұрған адамша аяусыз еңбек етуші едік. Ал қазір әлдекімнің айқыш-ұйқыш суретін салуға икемі бар боқмұрынды сыншылар сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алады. Сұмдық айқай көтересіңдер! Күллі Францияға жар саласыңдар! Бір түннің ішінде бәрін қолдан жасап, жұртшылықтың төбесінде жай ойнатып, азан-қазан боласыңдар. Ал сонда күллі Париждің басын қатырып, зеңбіректен салют берген әлгі шығармасы мақтарыңның арада апта өтпей жатып ұмытылатыны қалай?
— Сіз қазіргі замандағы ақпарат ағынын пайдалану әдісіне қарсысыз, — деп диванға барып жантая кеткен Жори сигаретін қалтасынан шығарды. — Әрине, мұның жақсы жағы да, жағымсыз жері де бар. Бірақ бәрібір заман талабына лайық болуымыз керек.
Бонгран басын шайқап, келіспейтін сынай танытты.
— Жоғ-ә... Осы күні жаңа жұлдыздардың туғанын жариялау тым оңайлап кетті. Ал сол жұлдыздардың әрекеті менің күлкімді келтіреді!
Осыдан кейін ойына бірдеңе түскендей Клодқа қарай бұрылды да, байсалды дауыспен:
— Айтпақшы, сендер Фажерольдің соңғы картинасын көрдіңдер ме? — деп сұрады.
— Иә, көрдік.
Бұдан соң екеуі бір-біріне қарап, жымиып күліп қойды.
— Міне, сендерден ұрлап, жымқырып жүрген сол, — деп қорытынды жасады Бонгран.
Мұндай сөзді естіген Жори үндемей, төмен қарап ойланып тұрды. Фажерольді мұның қорғауы керек пе? Бәлкім, қорғағаны жөн шығар. Өйткені көрермен тарапынан недәуір жоғары бағаланған Фажерольдің бір суретін бұл да газет бетінде мақтады емес пе?
— Меніңше, ол картинадағы оқиға желісі біздің заманымызға сәйкес келеді. Әрі жаңа мектептің талабына сай жарық бояулармен жазылған. Әрине, суретшіден бұдан гөрі күштірек дүниені талап етуге болар еді. Бірақ әркімнің өз әдісі бар емес пе? Оның үстіне, дәл осындай тартымдылық пен нәзіктік көшеде жатқан жоқ, — деген пікірін қосты.
Әдетте жастарға қамқорлық жасап жүретін Бонгран бұл жолы ашуын жасыру үшін өз картинасына үңіліп, сәл бөгелгенмен, бәрібір шыдай алмады.
— Менің Фажерольмен басымды қатырғым жоқ, — деді. — Сіз, немене, бізді ақымақ санайсыз ба? Сіздің алдыңызда үлкен суретші тұрғанын ескеріп қойыңыз. Мына жас жігіт те оңай-оспақтың бірі емес. Мәселе мынада. Фажероль осы жігітке тән нұсқалы кескіндеме үлгісін ұрлап алған да, оған академиялық қойыртпағын қосып, жұртшылыққа ұсынған. Бар құйтырқы осы жерде. Енді ол осы заманға лайық жарық бояулармен жазатын тамаша суретші болып шыға келіпті. Бірақ оның қолтаңбасы қарабайыр, ал композициясы... өнер Академиясында оқытатын тәсілмен, әлгі буржуалар мен надандардың талап-тілектерін қанағаттандырарлық жылымық, жабысқақ дәрежеде жазылыпты. Міне, сөйтіп ол табысқа жетпекші. Әрине, оның қолынан біраз нәрсе келеді. Тіпті жаңғақ ағашының бұтағынан ойыншық фигуралар жасау да түк емес. Мұндай жеңілтектікпен жеткен жеңісті дәріптеудің орнына, ондайларды қаторғаға айдап жіберу керек!
Бонгран бояу тақтайшасы мен қылқалам ұстаған қолдарын ербеңдетіп, қатты бүлініп тұрды.
Клод ыңғайсызданған түрмен:
— Сіз тым қатты кеттіңіз — ау, — деді. — Фажерольде қабілет те, нәзіктік те бар.
— Әрі ол Нодамен өте тиімді шартқа отырған секілді, — деп міңгірледі Жори бір жағынан.
Мұны естігенде Бонгран иығын көтеріп, тағы да сабырсыз мінез көрсетті.
— Ей, Ноде, Ноде! — деп аһ ұрды.
Бұдан кейін жас серіктерін еліктіріп, өзі жақсы білетін Ноде туралы қызғылықты әңгімелер айта бастады. Ол неме соңғы жылдарда сурет саласындағы сауда ісіне өзгерістер енгізуді ойластырып жүрсе керек. Бұл әлгі Мальгра отағасына ұқсамайтын көрінеді. Үстіндегі киімінің көнетоздығына қарамастан, түйсік-танымы мол Мальгра жаңа бастаған талапкерлерді сырттай аңдып жүріп, олардың өзіне ұнаған суреттерін он франкке сатып алып, он бес франкке сатып, күн көріп жүруші еді. Жалпы ол қарапайым, қанағатшыл кісі. Ал мына Ноденің жүріс-тұрысы да, киген киімдері де бөлек, нағыз джентельмен деуге келеді. Үстінде қынама бешпет, брильянт таққан жібек галстукты, сыланған, боянған жылтыр жігіттің өзі. Еркін өмір, ай сайын ауыстыратын күйме, Опера театрындағы арнайы кресло, Биньондағы бай дастарқан... бәрі бар. Өзінің бармайтын жері жоқ. Шын мәнісінде Нодеге живописьтің қажеті де шамалы еді. Атақты саудагер, биржа ойыншысының іздегені — пайда ғана. Сол себепті ол әдетте жұртшылықтың қаһарына ұшырайтын, бойында даналық ұрығы бар хас таланттарды емес, дөрекі, тұрпайы әрекеттерге ойланбай баратын, демек, буржуазиялық базарда өтімдірек болатын жалған суретшілерге ерекше ден қоя бастаған. Сөйтіп, Ноде осы базардан өнер құндылығын жазбай танитын кәрілерді ығыстырып, сурет дегеннің не екенін білмейтін, бірақ сол дүниелерді биржа акцияларындай сатып алуға кіріскен, өздерінше мардамсыған, кейініректе бұдан да қымбатырақ бағаға сатуды көздеген жаңа байлар қатарын көбейтіп жіберген.
Өзіне тән актерлік әрі айтқыштық қабілетпен Бонгран талай көріністерді келістіріп ойнап та береді. Ноде бірде Фажерольге бармай ма? "Сіз нағыз данышпансыз, досым! Е, солай ма еді? Мына картинаңызды қаншаға саттыңыз? — деп сұрайды. "Бес жүз франкке". "Есіңіз дұрыс па? Мұның бағасы мың франктен асып кетеді ғой... Ал мынауыңызға қанша сұрайсыз?" "Білмеймін. Бәлкім, мың екі жүз франк болып қалар". "Дұрыс, мың екі жүз. Бірақ сіз менің сөзіме онша мән бермей тұрсыз — ау... Мұның шын бағасы екі мың. Мен сізге екі мың франк төлеймін. Бірақ бүгіннен бастап сіз мына менімен, Нодемен ғана істес боласыз. Келістік пе?" "Қош болыңыз!" "Кездескенше, қымбаттым, келесі кездескенше! Сіздің бар есендік-саулығыңыз мына менің қолымда. Әсте уайым жемеңіз". Осыны айтып, Ноде қолына түсірген суретті әркімге көрсетіп, бір ғажайып өнерпазды тапқаны жайында лақап тарата бастайды. Содан біреу мұның қармағына ілініп, бағасын сұрамай ма? Ноденің беті бүлк етпестен: "Бес мың!" дейді. "Бес мың? Ешкім атын білмейтін біреудің картинасы неге соншалық қымбат? Қалжыңыңыз шығар?" "Онда мынаған келісейік. Сізге қазір бес мыңға сатамын да, егер алты айдан соң бұл картина сізге ұнамайтындай болса, қайтадан алты мыңға сатып алуға тілхат беремін", — дейді Ноде. Ана әуесқойға мұндай ұсыныстың ұнайтыны белгілі. Ақша сақтаудың ең төте жолындай көрінеді. Содан тәуекел етіп, суретті сатып алады. Осындай әдіспен Ноде қу жылына оншақты дүниені пұлдайды. Әуелде атақ қуса, енді пайданың соңына түсіп береді. Осы уақыттар ішінде құндылықтар өзгеріп, баға да өсе бастайды. Енді бұл бұрынғы сатқан суретін қайтып алу үшін әуесқой саудагерге келсе, ол кепілдіктегі дүниені қайтарып берудің орнына, мұның жаңа картинасын сегіз мың франкке алуға құлшынады емес пе? Сөйтіп, бағаның ұйқы-тұйқысы шығып, живопись лас сауданың базарына айналады. Монмартр төбесінен алтын кеніші ашылғандай, енді банкирлер де бұл додаға қызу араласып, қолдарына банк билеттерін ұстаған әр түрлі кәсіпкерлер "ұрысқа" кірісіп кеткен.
Мұны естіген Клодтың зығырданы қайнай бастаса, Жори бәрі өсірмеу деп бағалады.
Осы кезде біреу есікті қағып, Бонгран барып ашты да. таң-тамаша қалып:
— Мына қараңдар. Ноденің өзі келді! — деді. — Жаңа ғана біз сіз туралы әңгімелеп отыр едік...
Далада жаңбыр құйып тұрса да, киіміне бір тамшы су жұқпаған, сып-сыпайы, жып-жылтыр Ноде әулиелі жерге аяқ басқан ақсүйек адамша ақырын кіріп келе жатты.
— Мен өте бақыттымын әрі ризамын, құрметті ұстаз! Сіздің мен туралы ешбір жаман сөз айтпағаныңызға әбден сенімдімін.
— Әрине, солай, Ноде! — дегенде Бонгран түк абдыраған жоқ. — Біз тек сіздің арқаңызда, өзге де ұятсыз кәсіпкерлердің қолдауымен еш нәрсенің парқын білмейтін суретшілердің жаңа ұрпағы өсіп келе жатқандығын айттық.
Бұл сөзге Ноде оншалық қыңбай, күле берген.
— Тым қатал, бірақ ұтқыр пікір екен.Біле білсеңіз құрметті ұстаз. мен сіздің аузыңыздан шыққан әрбір лебізді тыңдауға дайынмын.
Содан кейін өрмек тоқып отырған екі әйелдің суреті бейнеленген полотноға көзі түсіп:
— Апырмай, мен мұндай кереметті әлі көргенім жоқ қой! — деп қатты қуанды. — Неткен нұрлы бояу! Неткен сенімді, кең құлашты жазу мәнері! Ау, бұл Рембрандтан басталмап па еді?! Иә, иә, Рембрандты айтам... Құрметті ұстаз! Мен, әрине, сізге өзімнің сыйластық пейілімді білдіру үшін ғана келдім, бірақ маған жол көрсеткен көктегі жарық жұлдыз екеніне енді көзім жетіп тұр. Сіз де менің көңілімді қалдырмаңыз, мына қазынаңызды қия көріңіз... Қанша сұрасаңыз да, ерік өзіңізде, менің тіпті аярым жоқ!
Қонағын әзер тыңдап тұрған Бонгранды ашу қыса бастағаны анық еді.
— Кешігіп қалдыңыз. Картина сатылып кетті, — деп бұл Ноденің сөзін кесіп тастады.
— Сатып жібердіңіз бе? Қап! Қайтарып алуға мүмкіндігіңіз жоқ па? Онда кімге сатқаныңызды айтыңызшы. Мен барымды берсем де, қолға түсіруге тырысар едім... Мұныңыз маған үлкен соққы болды-ау! Шынымен-ақ сатып жібердіңіз бе? Егер екі есе артық бағасын ұсынсам, не айтасыз?
— Сатылған картина туралы езбелей беріп қайтесіз, Ноде мырза?
Бірақ бұған саудагер тоқтай қоймады. Картинаға біраз қызығып қарап тұрып, этюдтерге ауысты, оларды біраз мақтап алған соң, ұпай жинаған ойыншыдай алақ-жұлақ етіп күллі шеберхананы аралай бастаған. Бірақ бұл жолы қолына оңайлықпен ештеңе түсе қоймайтынын байқаған соң, аса құрметті әрі риза болған кейіппен босағаға жеткенше қайта-қайта басын изеп, әрең қоштасып шығып кеткен.
Есік жабылған кезде манадан бері қатты таңырқап тұрған Жори:
— Меніңше, сіз бұл картинаның әзір сатыла қоймағанын айтқан секілді едіңіз... Солай ма? — деп сұрады.
Бонгран жауап бермей, теріс айналып кетті. Содан соң манадан бері көкірегіне кептеліп тұрып қалған қапа — қасіретін жасыра алмай, әр сөзін салмақтап:
— Ол неме менің ішімді пыстырып бітті! Ол ешқашан менен ештеңе сатып ала алмайды! — деп айғайлады. — Керегін Фажерольға барып тауып алсын.
Жарты сағаттан кейін Клод пен Жори сыртқа шығып кетті. Арттарында қысқы күннің қысқалығынан жұмысы өнбегеніне қатты ызаланған Бонгран қалды. Жолдасымен қоштасқан Клод таңертеңнен бері қарасын көрсетпегеніне қарамай, Дуэ көшесіндегі үйіне қарай бұрылған жоқ. Одан гөрі әp күні, әрбір ұшырасуы ой — сезімін қозғайтын Париж көшелеріндегі ұзақ қыдырыстарын жалғастыруды жөн көрді. Содан лас суық көшелерді қараңғылық басып, аспандағы буалдыр тұман арасынан жылтырап көрінген жұлдыздар секілді газ шамдар бірінен соң бірі жағыла бастағанша сенделіп жүре берген.
Енді Клод бейсенбідегі кездесулерді асыға күтумен болды. Ол күні Сандоз әдетте достарын қонаққа шақырып, шай беруші еді. Сандоз кім барса да қабағын шытпай, ас-аяғын дайындап отыратын. Соңғы кездері үйленіп, бұрынғы әдет-дағдыларын біраз өзгерткенмен әрі біржола әдеби еңбекпен айналысуға көшсе де, ол баяғыда колледж бітірген жолдастарының әрбір бейсенбі сайын үйіне келіп, шылым тартып отыратын қызықты демалыс кештерін сақтап қалған еді. Сандоз өткен жолы қасындағы әйелін тұспалдап бұлардың тобы бір адамға көбейе түскенін айтқаны бар:
— Сен осы неғылдың, шал? — деген Клодқа ашық жүзбен қарап.
— Менің бір нәрсеге мазам кетулі...
— Иә, немене?
— Сен үйленген жоқсың ғой. Солай ма? Маған бәрінен гөрі Кристина ұнаңқырайды... Бірақ осы күнгі нақұрыс буржуалар араласпайтын жерге араласып, өсектеп жүр емес пе?
— Әрине, сенікі жөн еді. Бірақ Кристинаның маған еріп саған барғысы жоқ. Ешбір қам жеме, мен бәрін түсінемін ғой, шал!
Сағат алтыны соққанда Клод бүгін Батиньолдың түкпірінде, Нолле көшесінде тұратын Сандоздікіне қарай тартты. Содан досы мекен ететін кішкене флигелді ұзақ іздеп жүріп алсын. Әуелі есігі көшеге қараған үлкен үйге кіріп, сондағы консьержден әлі де үш ауладан өтуі керек екенін білген соң, екі ғимараттың ортасындағы ұзын дәліз бойымен жүріп отырып, биік баспалдақпен төмен қарай түскенде, темір шарбағы бар шағын баққа келіп тірелді. Іздеген флигелі аллеяның түкпірінде көрінді. Қараңғыда баспалдақтан тайып кете жаздаған әрі шабаланып үрген иттің даусын естіген Клод сол жерде қорқақтап тұрып қалған еді. Артынша итін жасқап жүрген Сандоздың даусын естіп, көңілі орнына түсті.
— Өзіңбісің? Біздегі тіршілік ауылдағы секілді, — дейді Сандоз.
— Сендер сүрініп құлап қалмас үшін мен қазір мына шамды жағып жібере қояйын. Ал кір... Ой, оңбаған Бертран! Сен қоямысың, жоқ па? Келушінің дос адам екенін сезбейтін неғылған ақымақ итсің, ей?!
Бұдан кейін есі кірген иті құйрығын бұлғаңдатып, иесінің соңынан еріп жүрді. Үйден қолына шам ұстаған қызметші қыз шығып, қолындағы жарығын темір шарбақтың басына іліп қойды. Бақ ішіндегі жалғыз ашық көгалда өсіп тұрған үлкен алқоры ағашының көлеңкесі көгістеніп шүйгіннің бетінде жатты. Үш терезелі аласа үйдің кіре берісінде жабайы жүзімнен жасаған күмбез бар екен. Оның астында күн түспейтін, қысқы жауынға малшынған ағаш орындық көрінеді.
— Жүр, — деп тағы қайталап айтқан Сандоз енді досын үйге өзі бастап кіріп, дәліздің оң жағындағы қонақ бөлмеге қарай бұрылды. Мұның жұмыс кабинеті де осы болса керек. Ac ішетін бөлме мен асханасы дәліздің сол жағында екен. Жоғарғы қабатта Сандоздың ауру шешесі жатса, жаңа үйленген жастар кішігірім жатын бөлмесі мен ортақ әжетхананы пайдаланатынға ұқсайды. Қағаз қораптай шағын мекен-жайдың сықпыты осындай. Ағаш жәшіктей төрт бұрышты бөлмелердің арасын қағаздай жұқа қабырғалар бөліп тұр. Бұл бәрібір Сандоздың көптен бері армандап жүрген жеке меншік үйі еді әрі ол бұл бұрындары өмірін өткізген ескі шатырлардан әлдеқайда артық болатын. Енді жазушы досы өз үйі, өлең төсегінде емін-еркін жұмыс істей алатын жағдайға жеткеніне қуанбағанда қайтеді?
— Қалай? Бұл жер, әрине, кеңірек! Анфер көшесіне қарағанда әлдеқайда тыныш екен. Міне, жұмыс істейтін жеке бөлмем де бар. Емен үстел сатып алғанмын. Ал әйелім көне руан құмырасының ішінде өсіп тұрған мына бір құрма бұтағын маған сыйлыққа әкеліпті... қарашы, керемет емес пе?!
Осы кезде бұлардың үстіне ұзын бойлы, ұзын қолаң шашты ақжарқын әйел кіріп келді. Қара жібек матадан тігілген қарапайым көйлегінің үстінен аппақ алжапқыш киіп алыпты. Қарауында қызметші қыз болғанмен, дәмді ас-ауқатты өзі дайындап, өзге буржуалардың үйіндегідей тәртіп — талғамды орнатқысы келетіні әрі осыны мақтаныш ететіні де анық аңғарылар еді.
Клод екеуі ежелден таныс адамдардай бір-бірін жатсынған жоқ.
— Жарығым, бұл жігіттің аты Клод... Досым, бұл сұлудың аты Анриетта. Егер бір-біріңді "сударь", "сударыня" деп сыпайыса бастасаңдар, әрқайсыңнан бес су айыппұл алатынымды алдын ала ескертемін.
Бұған бәрі көңілдене күлісіп алды. Анриетта асхана жаққа кетті. Ондағы ойы — плассандық достарға буйабес аталатын оңтүстік тұрғындары сүйіп жейтін тамақтың дәмін таттыру еді. О баста мұндай асты дайындаудың әдістерін күйеуінен үйренсе, қазір Сандоздың өзі әйелінің қолынан шыққан оңтүстіктің таңсық тамағын мақтайтын болған.
— Сенің әйелің тамаша адам екен — деді Клод, — әрі сені еркелетіп қойғаны көрініп тұр.
Бұдан соң Сандоз жазу үстеліне отырып, қобырап жатқан қағаздарын аударыстыра бастады. Оның айтуынша, өткен жылы қазан айында жариялатқан кітабы оның біраздан бері ойластырып жүрген романдар сериясының алғашқы қарлығашы болса керек. Бірақ бұл қадамын жұртшылық жақсы қабылдамай, бұны бірден тұншықтырып, құртып жіберуге тырысты емес пе?! Сыншылар Сандозды тоғай кезіп жүрген қарақшы ұрыларға ұқсатып, бөрідей шулап, соңына түсіп кеп берсін. Сандоз олардың бұл әрекетіне оншалық мойыған жоқ — қайта алдында тұрған мақсат-мұратын жақсы білетін еңбекқорларға ұқсап, шабытын шақырып, кеудесін кере түсті. Әйткенмен, автордың бірден-бір талабын түсінбей, әйтеуір қағаз бетін шимайлап, бұған жоқтан өзгені таңған солардың хас надандығына таң қалуға тура келген. Жазушының адам физиологиясын жан-жақты зерттеу арқылы оған өскен ортасының зор ықпалы немесе табиғаттың мәңгі жасампаздық кызметі туралы айтқандарынан, ақырында жабайылықтан бастау алып, ең жоғарғы саналы биіктерге көтерілетін кәдімгі тіршіліктің, жалпыға тән әлемдік өмір — болмыстың күнделікті қарапайым, именшек, пәлендей асқақ емес, пәлендей кісі шошырлық та емес суреттерінен дәнеме ұқпағандар бұл еңбекті айғай-сүреңнің астына көміп тастаса керек. Біреулер мұның тілі тұрпайы дейтін көрінеді. Ал мұның ойынша, шығармада бәрі шындыққа сәйкес шығуы керек. Кейде дөкір сөздермен қызған темірдей күйдіріп жіберуге болады, тілді осылай байыта түскен дұрыс. Сыншылардың ең басты кінәраты — бұл ер мен әйелдің төсек қатынасын қызықтап кетеді екен. Ал мұның өзі бұрыннан бүркеулі келген өмірді, тіршіліктің басы мен соның күлбілтелемей, жасырмай жарыққа шығару емес пе? Мейлі, бәрі ызадан жарылып кетсін, бұған пәлендей қылшығы қисая қоймас, бірақ тіршілік сырын түсінуге кедергі жасамаса екен деп тілейді. Мұның ойында жоқ кір-қоқысты жапсыра бергенше, автордың өркөкіректігіне өшігіп сынағандарға өкпесі жоқ.
— Меніңше, — дейді Сандоз, — бұл дүниеде жауыздардан гөрі ақымақтар көп. Сондай ақымақтар менің жазу мәнеріме, сөздік құрылымыма, бейнелеу тәсілдеріме тиседі. Шын өнерді жек көргендіктен, өстіп тоғышарлардың іші қыз — қыз қайнайды...
Сандоз осыны айтып, бір түрлі мұңайып қалды.
— Дегенмен, сен бақыттысың, — деді недәуір үзілістен соң Клод. — Сен бәрібір еңбек етіп, жазып жүрсің...
Сандоз қасіретті кейіпке түсіп, қолын сілтеді.
— Иә, тырбанып жатырмын. Ойыма алғанымды бәрібір орындамай қоймаспын... Ал сендер білемісіңдер? Менің кейде бәрінен үміт үзіп, қандай азапқа түсетінімді! Ал әне бір нақұрыстар мені менмен, өзімшіл деп кінәлайды. Сонда мен бе өзімшіл? Жазғандарымның кемшілігін тіпті түсімде көріп қиналады емеспін бе? Кейде кеше жазғанымды бүгін қайтып қарауға қорқатыным бар. Жазғаным жарамсыз болса, оны әрі қарай жалғастыруға күшім жетер ме, жетпес пе... Бәрібір еңбек етуім керек, өмірде өзге мағына жоқ, біз бейнет кешу үшін туғанбыз. Әлбетте, ешбір жеңілдік іздемейміз, тоқмейілсіп көрген жеріміз жоқ, үміттен күдік көп! Шамамыз келмейтінге ұмтылып, мойнымыз үзіліп кетпесе жарады.
Мұның сөзін әлденеге масайрап, өзгеше қатты дауыстап үйге кірген Жори бөліп жіберді. Жоридің бір газетке керексіз ескі хроникасын өткізіп, қолы босап шыққан беті осы екен. Оның артынша Ганьер мен Магудо да жетті. Ганьер есік алдында тұрып алып, соңғы кездерде өзі ойлап тапқан бояулар жайындағы қайдағы бір теорнясымақтарын Магудоға түсіндіре бастаған.
— Сен жазып алғайсың, — деді Ганьер. — Қызыл жалаудың түсі оңып, неге сарғая
бастайды? Өйткені ол көк аспанның астында ілулі тұрады. Ал көк бояудың қосындысы қызыл сары түсті екені белгілі...
Клод Ганьердің сөзіне құлақ түріп, қызығушылық көрсеткендей болып еді. Осы кезде қолына тілдей жеделхат қағазын ұстаған қызметші әйел кіріп келді.
— Дюбюштен екен, — деп түсіндірді Сандоз. — Ол кешіккені үшін кешірім сұрапты. Сағат он бірлерде бізге келіп қосылатынын хабарлапты.
Есік айқара ашылып, ас ішуге шақырған Анриетта көрінді. Алжапқышын шешіп тастаған үй иесі әйел қонақжайлық пейілін танытып, қонақтарымен көңілді амандасып шықты.
— Ал жүріңіздер! Асқа келіңіздер!
Күн кештетіп, сағат сегіз жарымнан асып кеткен. Буйабес атты тағам көп күттіргенді қаламайды екен. Сол себепті Жоридің Фажерольді әлі де күте тұрайық деген пікіріне өзгелері мүлдем қосылмай, өзінше жұмысы басынан асып жатқан танымал біреудің кейпін көрсеткісі келген сол замандастарын сыртынан келемеждей бастаған.
Бұлар кірген үйдің тарлығы соншалық бір бұрышқа пианиноны сыйғызу үшін бұрындары ыдыс-аяқ қоятын қуысты бұзып, екі ортадағы қабырғаны ашып жіберіпті. Соған қарамастан, төбеден салбырап тұрған фарфор шамдардың астындағы дөңгелек үстелдің екі жағына оншақты адам жайғасып кетер еді. Мұндайда буфеттің алды жабылып, ыдыс-аяқ тасыған қызметші әйелдің әрлі — бері жүруі қиындайды екен. Бұл жолы құрметті қонақтарына үй иесі әйелдің өзі қызмет көрсетіп, буфеттің алдына жайғасқан Сандоз ыдыс-аяқтарды әперіп отырды.
Анристта оң жағына Клодты, сол жағына Магудоны отырғызып қойған. Ал Сандоздың қасында Жори мен Ганьер. Бір кезде:
— Франсуаза! — деп Анристта қызметші әйелді шақырып алды. — Плитаның үстінде тұрған қуырылған нанды әкеле ғой, жарығым!
Қызметші әйел қуырылған нанды дастарқанға әкеліп қойғанда, Анристта оларды турап жеке тәрелкелерге орналастырды да, үстіне буйабес қоспасын құя бастаған.
Есік ашылып, ішке Фажероль кіріп келді.
— Ә, сенбісің? Қане, Клодтың қасына отыра қал!
Фажероль әлдекімдермен кездесіп, кешіккені үшін кішік мінезбен кешірім сұрады. Өзі бүгін қатырып киініп алыпты, үстінде ағылшын үлгісіндегі сәнді костюм, ақсүйектерге еліктеп сыпайыси қалыпты, мұнысы тіпті әртістікке ұқсаңқырап кетті. Клодтың қасына отырған соң мұның қолын қысып, жік-жапар болды.
— Өй, шал! Мен сені көптен көре алмай, сағынып жүр едім. Сені іздеп баруға кемінде жиырма мәрте оқталған шығармын, бірақ сәті түспеді. Өзің білесің, қарбалас өмір ғой... — дейді.
Оның мұндай көл-көсір пейілінен ыңғайсызданып қалған Клод шын жүректен жауап беруге ұмсына беріп еді. Аяққа ас құйып отырған Анристта мұның аузын аштырып үлгіртпей, Фажерольге қарап:
— Қуырылған нан салайын ба? — деп сұрады.
— Әрине, сударыня, екі түйірі жетеді... Мен жалпы буйабесті ұнатамын. Оның үстіне, сіз осы асты өте ғажап дайындайсыз!
Бұдан кейін бәрі жапа-тармағай үй иесі әйелдің керемет аспаздық өнерін дәріптей бастады. Магудо мен Жори тіпті мұндай тәтті тағамды Марсел сарайында да жеп көрмегендерін айтып, асырыңқырап жіберді. Қызған плитканың қасында отырған жас әйелдің мақтаудан басы айналып, беті одан бетер қызарып кетті де, қонақтары ұсынған тәрелкелерге ожаулап ас құюмен болды. Тіпті асханаға қайта-қайта жүгіріп барып, бәріне үлгіре алмай жатқан қызметшіге көмектесуді де өзіне ар санаған жоқ.
— Өзің де бірдеңе ішсеңші! — деп Сандоз әйеліне ескерту жасады. — Біз күте тұрайық.
Анристта бұған көнбей, дастарқанға отырудан бас тартты.
— Қойшы! Одан да буфеттің ішінде тұрған нанды бері әпер. Мына Жори досың көжеге нан турап жегенді жақсы көреді екен.
Сандоз орнынан көтеріліп, қонақтарына қызмет көрсетуге кірісті. Өзгелері Жоридің көжеден быламық жасауға құмарлығын сынап, келемеждей бастаған.
Осындай көңілді отырыстың ортасына түскен Клод ұзақ ұйқыдан оянған адамдай айналасына аңтарыла қарап, кеше ғана аралары бөлініп қалғандай көрінетін жолдастарымен төрт жыл бойы бір дастарқан басында кездесіп, сұхбат құрмағанына іштей өкініп те отырған секілді. Осы уақыт ішінде бұлардың өзгергені анық еді. Мәселен, кедейлік жеңген Магудо ызақор біреуге айналса, Жори көрсе қызарлықтың батпағына батқан; қиялшыл Ганьер жалғыз қалса, ал оның қасындағы Фажероль қаншама кішіпейіл көрінгісі келгенмен, он бойынан салқындық лебі еседі. Әрине, бәрінің есі кірген, есейген, бірақ мәселе онда емес... мәселе — бұлардың арасына белгісіз сына түскен. Қазір бір үстелдің басында қолтықтасып жақын отырғанмен, бір-біріне деген ниеттері өзгеріп, бөтен бола бастағанын аңғару қиын емес. Орталарындағы жақсы әйел бастарын қосқанмен, бұрынғыдай ниет — тілектерін біріктіре алмас еді. Бірақ осының бәрін көре отырып, дүниеде өзгермейтін, өлмейтін, содан тағы қайта түлеп түрленіп шықпайтын ештеме жоқ екеніне көзі жеткен Клодтың бәрібір жаңа өрлеу дәуірін сезгендей болып отыруы қалай? Артынша мұның сырын түсінді, бар гәп — Сандозда екен. Сандоз өзгермепті. Ол бұрынғыша құлқы — пейілін өзгертпей, о бастағы шығармашылық мұраттарынан әсте айнымапты. Бүгін де әйелі екеуі ескі достарын дастарқан басына жинап алып, бұрынғыша барын беріп, риясыз қуанып отыр еді. Өйткені Сандоз ақтық демі біткенше жалғасатын адал достықты армандап, соған әлі де қалтқысыз сенеді екен. Біз әрқашан бірге болуымыз керек. Бірге бастадық па? Онда жеңіске де катар сап түзеп баруымыз керек!
Клодтың басын қатыра бастаған осындай ойлардың аңысын аңдаған болуы керек, Сандоз үстелдің арғы жағынан бері қарай еңкейе беріп:
— Міне, сен де енді бізге қайтып қосылдың! — деп бұрынғыша, бозбалаша ашық жарқын күліп жіберді. — Сенің орның мүлдем бөлек екен. Бірақ өзің көріп отырсың ғой, бізде ештеме өзгерген жоқ, бәрі баяғыдай... Солай емес пе? Бірдеме десеңші, ей!
Өзгелері де бастарын изеп: "Иә, солай ғой!" деген ыңғайларын танытты.
— Тек бұрынғы Анфер көшесіндегіге қарағанда, қазір тәуір тамақтанып жүргеніміз рас! — деп Сандоз көңілді гәбін әрі қарай сабақтады. — Әй, сонда сендерді талай қойыртпаққа тойдырдым — ау!
Бұдан соң қонақтардың алдына рагу — көкөніс қосылып пісірілген ет тартылса, ең соңында қуырылған тауық пен салат қойылды. Өзге де салқын десерттен — тоқ басардан ауыз тиген дос-жарандар дастарқан басында ұзақ отырып қалды. Бірақ өзара сұхбаттары баяғыдай қызу, тартыс-таласты болып шықпады. Әркім өзі туралы айтып, өзгелердің онша құлақ салмағанын аңғарса, үнсіз қоя қояды. Тек Сандоздың тұңғыш романының қаламақысына сатып алынған бір кеспек Бургунд шарабының қышқыл тәтті дәмін татуға тура келіп, шайнамаға сары ірімшік берілгенде, бұлар шетінен көңілденіп, гуілдеп сөйлей бастаған.
— Сөйтіп, сен Нодемен келісімге келгенсің бе? — деп сұрақ қойды Магудо. Өзі аштықтан жүдеп, реңі қашып кетіпті. — Оның саған жылына бес жүз мың франк төлемек болғаны рас әңгіме ме?
Фажероль ернін сыздықтатып, әрең жауап берді.
— Иә, сондай әңгіме бар. Бірақ әзір ештеңе шешілген жоқ. Әншейін аңысын аңдып жүрмін.
Құрғақ сөзге сенетін ақымағың мен емес. Мені алдау қиын ғой!
— Апырмай, өзің қандай талғампазсың! — деп таңырқады мүсінші. — Мен, мысалы, күніне жиырма франк төлейтін біреу табылса, кез келген шартқа қол қояр едім.
Енді бәрі табыстан басы айналып, жалыға бастаған адамның рөлін ойнауға кіріскен Фажерольдің аузына қарап отыр еді. Фажерольдің қуақы жүзінде пәлендей өзгеріс байқалмағанмен, қазіргі шаш пен сақал қойысы оны кәдімгідей байсалды кісіге айнал — дырыпты. Сандозға анда-санда соғып тұрғанмен, бұрынғы жолдастарынан қол үзе бастаған ол енді өзіне тікелей пайдасы тиетін жаңа таныстар іздеп, бульварларды, кафелерді, газет редакцияларын, өзге де қоғамдық орындарды аралап жүретін болған.
Жеке басы табысқа жетуі үшін мынадай "бүлікшілерден" бойын аулақ салғаның дұрыс екенін әлдеқашан өлшеп-пішіп қойған секілді. Ол тіпті қартая бастаған, бірақ мұның өсуіне көмегі тиюі мүмкін ақсүйек баронессалардың соңына шам алып түсіп, анау Жориге ұқсап айғырлық мінез көрсетпей-ақ, құмарлық сезімдеріне онша ырық бере қоймайтын ашық — мұшықтардың рөлін жақсы ойнап жүреді деп те айтады.
Бір кездерде осы Фажерольдің атағын шығаруға септігін тигізген, Клодқа да көмегін көрсеткен Жори өз еңбегінің маңыздылығын еске түсіріп қою үшін:
— Сен әлгі Верньенің мақаласын оқыдың ба? — деп сұрады. — Менің жолымды қуушы тағы біреу шығыпты.
— Бұл туралы да енді біреулер мақала жаза бастапты — ау! — деп күрсінді Магудо.
Фажероль "әй, қойшы" дегендей қолын сілтеді. Ал тоғышар көпшіліктің ырқына көнбей, оңай табыстан бас тартып жүрген өңкей қырсық, алған беттерінен қайтпайтын сорлылардың әрекетіне өзі іштей күліп отыр еді. Осылардың ақымақшылығын беттеріне басып, біржола ат құйрығын кесіссе қайтеді? Шынында бұларға өшіккен өзгелер Фажерольге пайдасын тигізіп жүрген жоқ па? Фажерольдің суреттерін кереметтей мақтағандардың түпкі мақсаты — өткір, тұрпайы дүниелерін тудырудан тыйылмаған жаңашылдардың жүйкесіне тиіп, туралату екені де беп-белгілі.
— Ал сен Верньенің мақаласын көріп пе едің? — деп Жори енді Ганьерге қарай бұрылды. — Ол менің бұрынғы жазғандарымды қайталапты.
Ганьер ақ дастарқан бетіне қызғылтым сәулесін түсіріп тұрған құтыны айналдыра қарап отырды да:
— О не? Верньенің мақаласы ма? — деп қайталап сұрады.
— Иә. Фажероль жайында жазылған Верньенің, тағы — басқалардың пікірлерін айтамын...
Ганьер қатты таңырқап, Фажерольге қарады.
— Немене, сен туралы біреулер бірдеме жазып жатыр ма? Естісем, оқысам бұйырмасын. Демек, жазып жатыр де. Неге өйтеді?
Мұны естігенде, бәрі қарқылдап күле бастаған. Бұл күлкінің астарында келемеждеудің бар екенін аңғарған Фажероль ақырын жымиды да қойды. Бірақ Ганьердің ойында ешбір арамдық жоқ еді. Ол тек өнердің негізгі ақиқаттарын игермеген суретшінің осылай табысқа жеткеніне таңырқаған. Айлакер амалын асырады дегенге әсте сенгісі келмейді. Әлде адамдар ақылынан адасқан ба?
Әйтеуір бәрі күлкіге кенеліп қалды. Қонақтарының әбден тойынғандарына қарамастан, Анриетта ыдыс-аяқты асқа толтырудан әзір жалығар емес. Жұртқа қосылып гуілдеп отырған күйеуіне қарай еңкейіп:
— Мархабат етіп, анау буфетте тұрған бисквитке қол жалғап жіберші! — деп өтінген.
Ac үйге күтуші әйел кіріп, шай жасау қамымен үстел үстін жинастыра бастағанда, әңгімелерін үзбеген қонақтар орындарынан көтеріліп, қабырғаны жағалап тұра — тұра қалысты. Анристта тұздықтарды қорапқа сала бастаса, дастарқанның қыртыстарын жазып әуреге түскен Сандоз әйеліне көмек көрсетіп жүрді.
— Шылым шегулеріңе болады, — деді Анристта. — Оның бізге түк зияны жоқ.
Фажероль Клодты терезе алдындағы қуысқа ертіп апарып, сигарет ұсынып еді, серігі одан бас тартты.
— Иә, сен шылым тартпайды екенсің ғой... Сенің ана жақтан не әкелгендеріңді барып көруіме бола ма? Олжалы қайтқан шығарсың, әрине? Сенің талантыңды қашаннан жоғары бағалайтынымды білесін. Біздің ең мықтымыз да өзіңсің ғой...
Бұл жолы Фажероль күлтелемей, шын ниетін айтып тұрғандай еді. Өйткені ол ежелгі есепқойлығы мен айлакерлігіне қарамастан, о бастан-ақ талантын мойындатқан досының ықпалынан әлі де толық арыла алмаған болса керек-ті. Бірақ мұның мойындауы мен мойынсұнуының арасы алшақ көрінетін. Әрі жасынан кермет санайтын осы жігіттің бұның соңғы картиналары туралы жақ ашпауынан секем алып қалды.
Фажерольдің даусы дірілдеп кетті.
— Салонда тұрған менің актрисамды көрген шығарсың? Шыныңды айтшы, ұнады ма? — деп сұрады.
Клод сәл бөгеліп барып:
— Иә, оның жақсы жақтары көп екен, — деп ықыласты жауап берді.
Осыншама сауатсыз сауал қойғанына Фажероль іштей күйгелектене бастаған еді. Содан есі шығып, тоғышарлар алдында шегіншектеп, еліктеушілікке жол бергенінің себептерін түсіндіріп, Клодтан кешірім сұрауға кірісті. Осылайша өзін өте ыңғайсыз сезінген қиын жағдайдан малтығып әрең шыққан соң, бұрынғы әдетімен әрқилы әзіл-оспақтар айтып, жұртты кәдімгідей күлдіре бастаған. Өзгелерге ілескен Клод та езу жиған болды.
Ақыр соңында Фажероль үй иесі әйелмен қоштаса бастады.
— Немене, ерте қайтпақсыз ба?
— Өкінішке орай солай, құрметті ханым. Әкем бүгін өзіне орден алуға көмектесуге уәде берген бір беделді мырзамен кездеспекші еді... Әкемнің айтуынша, менің осы кездесуге қатысуым өте қажет екен.
Фажероль кеткен соң, Сандозбен сыбырласқан Анристта үн — түнсіз аяғын жылдам басып, баспалдақпен жоғарғы қабатқа қарай көтерілген. Тұрмысқа шыққалы бері Анристта күйеуінің ауру шешесін өз қамқорлығына алып, осылай жиі-жиі қасына барып, оның жағдайын біліп тұратын болған.
Қонақтар енді үй иесі әйелдің бар-жоғына мән бермей, сұхбаттарын жалғастыра түскен. Магудо мен Ганьер Фажерольге тікелей шабуыл жасамағанмен, ішкі наразылықтарын жасыра алмады. Жолдастарын қатты жазғырғысы келмесе де, оны сырттай келемеждеп, сықақтап отырды. Ақыр соңында бұлардың үміт етіп жүрген жалғыз жампозы ретінде Клодқа құлдық ұрып, мұны "өкіртіп" мақтай бастады. Клод дер кезінде бұлардың қатарына қайтып қосылған көрінеді. Енді бұл жомарт таланты мен қайыспас қайсарлығының арқасында бәрін бастап шығып, мұраттарына жеткізбек екен. Шетіндер Салонынан басталған бұлардың Плэнер мектебі қанатын кең жайып, ықпалды күшке айналған тұста суретшілердің бастары бірікпей, берекесі қашыпты. Жаңашыл дегендеріміздің өзі алғашқы әсерлерінен аспайтын мардымсыз бірдеңелерді салуды қанағат ететін сияқты. Бұлардың ғажайып идеяларын жүзеге асырып, керемет суреттер салатын бір данышпан керек еді. Оның алдында ұлы міндеттер тұрған жоқ па? Тобырды соңына ертіп, жаңа дәуірдің есігін ашу... ол ғана емес, жаңаша өнердің негізін қалау. Иә, дәл солай! Клод назарын төмен салып, шуылдақ достарын үнсіз тыңдап отырды. Рас, осының бәрі іштей жасырып келген асыл арманы еді. Бірақ достарының мадақ, марапатын тыңдаған сайын мұның көңілін әлдеқандай күдік жайлап, мазасы кете бастаған. Қасындағылар болса, мұны әлден-ақ көсем санап, кереметті қолымен ұстап көрген әлдекімдей дабырайтып барады екен.
— Жетер! — деп Клод даусын көтерді. — Менен де мықтылар аз емес. Мен тек ізденімпаздың біреуімін...
Әлдекімге ренжулі Жори манадан бері үндемей, түтіндетіп отыр еді. Енді ол Магудо мен Ганьерге алара қарап қойып:
— Көгершіндерім, сендерді Фажерольдің табысы күйдіріп барады, — деді.
Мұны естіген екеуі бірден көтеріліп кетті.
— Фажероль дейді. Ол сондай-ақ кім еді? Міне, комедия!
— Сен бізді сатып жүрсің. Одан хабарымыз бар, — деп Магудо қаттырақ тиісті. — Біз туралы бір жол жақсы пікір жазып көрдің бе?
— Неғылған аңғалдық! — деп Жори тез жауап беріп үлгірді. — Ойбай-ау, сендер туралы жазған бір сөзімді өткізе алмай жүр емеспін бе? Бәрі сендерді жек көреді... Өзімнің жекеменшік газетім болса екен-ау!
Анриетта қайтып келді. Сандоз қабағын көтеріп, әйелінен бір нәрсе жайында сұраған секілді еді, ол да қабағымен ымдап жауап берді. Бір кезде Сандоздың өзі ауру шешесінің бөлмесінен шыққанда пайда болатын жұмсақ, құпия күлкі енді Анриеттаның жүзінде байқалып тұрды. Үй иесі әйел қонақтарын қайтадан дастарқанға шақырып, шай құя бастады. Бірақ бәрі тояттап, шаршап та қалған екен. Бұдан соң Бертран атты дәу төбетті шақырып, бір түйір қант үшін әрқилы фокус көрсеткен, артынша пештің түбіне барып, адамша қорылдап ұйықтауға кіріскен салпы ауызды қызықтап отырысты. Фажероль жайындағы айтыстан кейін іштегі наразылықтарын толық аша алмаған жігіттердің сөзі жараспай, біразға шейін үндемей, шылым шегумен уақыт өткізген. Бір мезгілде Ганьер орнынан тұрып, жасы отызға келгенде музыкамен әуестенген талапкердің машығымен пианинода Вагнердің әлдеқандай үзінділерін тыңылдатып тарта бастады.
Сағат он бірден асқанда Дюбюш келіп, бұлардың ортасын әбден толтырғандай болды. Өзінің айтуынша, бұл ескі достарының алдындағы борышын өтеу үшін бір қызықты балдан қашып шыққан көрінеді. Үстіне киген костюмі, мойнына таққан ақ галстугы, бет әлпеті — бәр-бәрі осы келісіне өзінің іштей риза еместігін, бірақ достық жолында бәрібір құрбандыққа барғанын, мұның өзі түптің түбінде мұның мансабына зиян келтіруі мүмкін екенін аңғартып тұр еді. Қасына әйелін не себепті ертпегенін түсіндіруге құлық танытпады. Клодты кеше көргендей асығыс амандасып, шай ішуден де бас тартқан Дюбюш бірден екі ұрты бүлкілдеп, жаңа үйге көшудің қарбаласы жөнінде әрі қайын атасына қолқабыс көрсету үшін әбден шаршап болдырғанын әңгімелей бастаған — енді бұлар Монсо бағынын төңірегінде тұтас бір көше тұрғызбақшы екен.
Осы жерде Клод араларындағы байланыстың біржола үзілгенін байқағандай болды. Бұрынғы қызу айтыс-тартысқа толы, бірақ бір-біріне деген достық пейілдері суымаған күндер қайтып оралмасқа кеткен секілді. Ол кезде бұлардың бөлice алмайтындай ештеңесі жоқ, әрі әрқайсысы жеке атақ шығаруға ұмтылмас еді. Енді, міне, қолдары бірдеңеге жете бастағанда, сыбағаға таласатындай сыңайлары бар. Осылай араларына сына түскен соң, бұлардың достығы да көп ұзамай тамам болатын шығар.
Тек бөтен ойды бойына дарытпаған Сандоз ғана баяғы Анфер көшесінің бойында болашақты жеңіп алу үшін қол ұстасып бірге аттанған жолдастарын бұрынғыша көріп, ештеңе байқар емес. Біз неге бүйтіп өзгеруіміз керек? Жақын достардың тұрақты көрісіп тұруының өзі ғанибет емес пе еді? Енді, міне, Дюбюштің өзімшілдігі асқынған әңгімелерінен шаршаған қонақтар тарауға бет алды. Пианиноны айналдырып отырған Ганьер әзер орнынан тұрды. Түннің салқындығына қарамастан, Сандоз бен оның әйелі бұларды есік алдындағы бақтың шарбағына дейін шығарып салды. Әрқайсының қолынан қысып тұрып, дауыстап қоштаса бастаған.
— Клод, бейсенбіге шейін! Естідіңдер ме, бәрің бейсенбі күні қайтып келесіңдер!
Алдарындағы баспалдаққа жарық түсіру үшін Анриетта шамын жоғары көтеріп тұрып:
— Бейсенбіге шейін! — деп қайталаумен болды.
Нолле көшесіне жеткенде арбакеш жалдаған Дюбюш тез кетіп қалды. Қалған төртеуі үн-түнсіз бульвар бойын жағалап келеді. Ұзақ уақыт бірге отырудан жалыққан ба, қалай... Анадайда ұзап бара жатқан бір бейтаныс қызды көріп, газетке баратын шаруам бар еді деп солай қарай ұмтылған Клодты Ганьер тоқтатты. "Бодекен" кафесінің әлі жарығы өше қоймаған екен. Магудо кафеге кіруден бірден бас тартып, өзінің мұңды ойларының жетегінде Шерш — Миди көшесіне қарай жаяу аяңдап кете барды.
Клод пен Ганьер кафеге кіріп, бұрыннан таныс үстелдің екі жағына шығып жайғасып отырды. Кафенің іші — сыртында пәлендей өзгеріс жоқ. Демалыс күндері жігіттер осында бас қосатын секілді. Сандоз осы маңайға көшіп келгелі бері олардың қарасы көбеймесе, азаймаған. Бірақ бұрынғы тұтас қатарлары ажырап, бұлардың арасына плэнер мектебін жақтайтын өзге суретшілер қосылыпты. Дәл қазір кафенің іші оңаша көрінеді. Кафеден шығып бара жатқан екі-үш жас суретші Клодты танып, сәлемдесіп өтті. Сәлден кейін бір үстелдің басында ұйықтап жатқан өсімқор — рантьеден басқа ешкім қалған жоқ.
Ганьер болса, өзін осы жерде үйде отырғандай еркін сезінеді екен. Аузын ашып есіней бастаған жалғыз қызметшінің бар-жоғына мән берместен, енді бұл көзі тұманданып,
Клодқа қадалып қарай берген.
— Айтпақшы, — деп Клод сөз бастады. — Сен мана Магудоға бірдеңе айтып түсіндірмек болдың-ау. Қызыл жалау көгілдір аспан астында сарғыш тарта бастайды дедің бе, немене? Қосымша бояулар туралы теорияның негізін қарастырып жүрмісің?
Ганьер бірден жауап бермей, қолындағы саптыаяғын үстел үстіне қойып, жымың-жымың күле бастады.
— Білесің бе? — деп сыбырлады артынша. — Гайдн... керемет келісім ғой, оның музыкасы опа-далап жаққан парикке ұқсайды. Ал Моцарт — данышпан, тыңнан жол салушы, оркестрге ең алғаш жан бітірген де сол. Әне, солардың арқасында Бетховен шықпаса, біз, бәлкім, оларды ұмытып та кетер едік. Иә, Бетховен — алыптың өзі ғой! Күшке толы.
Мұңға толы... Микеланджело, Медичи мазары! Түсіндің бе? Неткен батырлық! Неткен қисын! Неткен ғажайып! Одан кейін келген композиторлардың бәрі Бетховеннің хорға жазған симфонияларына еліктеді емес пе? Міне, ұлылық деген осындай болады, бауырым!
Күтуден жалыққан кафе қызметшісі аяғын әрең сүйретіп жүріп, газ шамдарды өшіре бастаған. Арақ-шарап төгіліп, темекі тұқылдары шашылып жатқан залдың ішін көңілсіздік жайлап алды. Сырттағы қараңғы бульвар жақтан қаңғыған бір маскүнемнің жылаған даусы естіледі.
Өз ойымен отырған Ганьердің аузына тыным жоқ, үздік-создық бірдемелерді айта береді.
— Вебер кім? Ол дегеніміз романтикалық пейзаж, емен ағаштары мен жылауық талдардың арасында қалған өліктер туралы баллада... Оған күміс көлге бұлдыр сәулесі түскен ай суретін елестететін Шуберт қана теңесе алмақ. Ал анау Россиниге құдай жомарттық жасаған, оның көңілшектігі мен шынайылығы соншалық, көркемдік тәсілдерді іздеп әуреге түспейді, жұрттың пікірімен санасып жатпайды. Әйткенмен, ол менің таңдауымнан, талғамымнан емес! Әрине, солай! Соған қарамастан, бұл өзі қиялға бай композитор; әp түрлі дауыстарды қоса отырып, бір тақырыпты қайталап, толықтыра келе ерекше әсерлерге кенелтеді. Енді осы үшеуіне ілесіп Мейербер шығады емес пе? Мейербер айла-тәсілі жеткілікті шебердің өзі. Веберден кейін бұл бәрін жақсы пайдаланып, операға симфонияны әкеліп қосты, Россиниден қалған қарапайым әдістерді жетілдіріп, драмалық желіге айналдырды. Мұның тыныс — демінің түрі бөлек. Феодалдық дәуірдің сән-салтанаты, ереуілшіл мистицизм, үрейге толы аңыз-әңгімелер, тарихты көктеп өтетіндей құмарлықтардың ащы даусы — бәрі бар! Жаңалықтары да аз емес: аспаптар үнінің үйлесімділігі, симфониялық оркестерге қосылып айтылатын драмалық речитативтер, бүткіл шығарманың өзегіне айналған өрелі тақырып... Міне, бұл үлкен тұлға! Иә, тұлға!
— Мырзалар, — деп айғайлады осы тұста қызметші. — Мен есікті жабамын.
Ганьер мойнын бұрып қарамаған соң, қызметші ұйықтап жатқан рантьенің қасына барып, оны оята бастады.
— Мырза, мен есікті жабамын.
Кешіккен рантье орнынан әзер тұрып, қолы қалтырап, қараңғыда таяғын іздеуге кірісті. Қызметші таяғын тауып берген соң, көп кідірмей шығып кетті.
Ганьер әлі тоқтар емес.
— Берлиоздың бар өнері әдебиеттен бастау алады. Ол шынында Шекспир, Вергилий, Гете шығармаларының музыкалық безендірушісі ғана. Бірақ нағыз суреткер. Музыкадағы Делакруаның өзі. Қарама-қарсы дыбыстардың қосындысы от шашады емес пе? Оның үстіне, ол романтизмнен де құралақан емес. Ал діндарлығы көкке көтеріп, шетін сезімдер шыңына шығарады. Әрине, Берлиоздың опералары құрылымдық жағынан әлсіз көрінеді, бірақ жеке көріністері кісі таңырқарлық... Кейде ол оркестрді зорлап, аспаптарды шектен шыққанша пайдаланбақ болады. Кларнет жайында оның "нәзік үнді ғашықтар" деп айтқан сөзі де бар. Мұндай артық бағадан менің төбе құйқам тітіркеніп кетеді... Ал Шопен — байроншылдықтың батпағына батқан, нәзік сезімдерді ғана жырлаған сұлу сылқым! Мендельсон — мінсіз зергер, тойға баратындай Шекспирдің туфлиін киген... ал оның жазған әндерінің сөзін алып тастасаңыз, ақылды әйелдердің мойнына тағатын моншақтарына ұқсаған бірдеме болып шығады. Міне, біз осындайларға құлдық ұрып жүрміз.
Бұл кезде Ганьердің төбесіндегі жалғыз газ шам ғана жанып тұр еді. Оның сырт жағында, қараңғы, суық, бос залдың ішінде мұның ұзақ сонар әңгімесінің аяқталуын күткен қызметшінің сұлбасы көрінеді. Бірақ әбден шабытына мініп алған Ганьердің даусы жарықшақтанып, өзі құдайдай құлдық ұратын тұлғалары мен өзекті тақырыбына енді ғана келіп еді.
— Ал Шуман кім? Торығу, ашыну, аласұру! Осындай сезімдердің салтанаты. Иә, ақыр заман десе де болады. Қираған әлемнің үстінде қалықтап ұшып жүрген бейкүнәліктің ең соңғы жыры. Вагнер ше? Бұл бар ғасырлардың музыкасы бас қосқан құдірет иесі. Оның шығармалары — әлемнің бар шындығын өрнектеген өнер атаулының қайнап жатқан қара қазаны, Нұттың кемесі! Мұнда бар ескі ұстанымдар мен ережелерді жоққа шығаратын, драмалардан аулақ оркестр үнін естиміз. Мәңгілікке ұмтылған революциялық еркіндік үлгісі, міне, осындай-ақ болар. "Тангейзер" увертюрасы — жаңа ғасырдың мадақ жыры емес пе? Әуелгі діншілдер хоры — байсалды, терең, о дүниелік әуен өте әсерлі естіледі. Сирень гүлдер даусы бірте-бірте оны басып кетеді де, бұдан кейін әл — дәрмені қашқан, тәтті солықтаған жалаңаш Венераның құмарлыққа шақырған әні шарықтап шығады. Осы он бәрін билеп-төстеп алған бір тұста өзге кеңістіктен соққан желдей о бастағы қасиетті тақырып қайтадан көрінеді де, бірте-бірте өзге желілердің бәрін жұта бастайды, сөйтіп бар әуез — музыканы ең жоғарғы дәрежедегі үндестікке, үйлестікке айналдырып, салтанатты гимннің қанатына мінгізіп ұшырып әкетеді...
— Мырзалар, менің есікті жабуым керек, — деп қайталады кафе қызметшісі.
Манадан өз ойын тербетіп отырып, жолдасының мылжыңын тыңдаудан қалған Клод алдындағы сырасын тауысып ішіп, басын көтерді де:
— Әй, шал! Біз кетейік, — деді.
Ганьердің шабытпен бусанған жүзін кенеттен қайғы басып, әлденеге қалшылдап — дірілдей бастасын. Әлгінде ғана айдан жерге құлап түскен біреудей қапелімде есін жия алмай, сыраны сораптап іше берген.
Содан көшеге шыққан соң да ренжулі қабақпен Клодтың қолын қысып үнсіз қоштасып, лезде тұман арасына сіңіп ұзап кете барды.
Түңгі сағат екінің шамасында Клод Дуэ көшесіне келіп түсті. Соңғы кездері қайта іздеп тапқан Парижді армансыз аралап әрі жаңа тың әсерлерді арқалап жүріп, осылай үйіне кеш қайтатын болыпты. Бірақ дәл осы жолғыдай басы қатып, көңілін күдік жайлаған мазасыз кеш есінде жоқ. Мұны күте — күте әбден шаршаған Кристина білтесі өше бастаған шамның қасында, басын үстелдің бір шетіне қойып, ұйықтап жатыр екен.
VIII
Кристина бәрін буып-түйіп болған соң, ерлі-зайыптылар жаңа қонысқа көшіп келді. Бұлардың Дуэ көшесіндегі шеберханасы өте тар әрі қолайсыз еді. Шеберханадан шығатын ұзынша жатын бөлмесі мен қуықтай ас үйден кісі айналып өте алмайтын. Бар өмірлері шеберхана ішіне байланып, осы жерде жұмыс істеп, ас ішіп, жатып — тұруға тура келді емес пе? Кішкентай баланың еркін ойнайтұғын орны тағы жоқ. Кристина артық-ауыс шығыннан қаншалық қашқанмен, бәрібір тозған мүліктерді ауыстыруға тура келді. Әуелі бір ескі кереуетті сатып алып еді, артынша көзі қызыққаннан әр метрі жеті су тұратын перделік жеңіл ақ матаға аңсары ауған. Енді, міне, жаңа қоныстарының ажары кіргендей болып, Кристина осы жерде тазалық пен тәртіп орнатуға біржола кіріскен. Бұдан былай күн көрудің оңайға түспейтінін байқап, бұлар үйде жеке күтуші ұстаудан да бас тартты.
Клодтың аптыққан көңілі әзір басылар емес. Ертелі-кеш қаланың улаған — шулаған көшелерін аралап жүріп, қолы қалт еткенде жолдастарына соғып, кеңірдегі жыртылғанша айтысып қайтады. Тіпті ұйқыда жатқанда да әлдекімдермен керісіп, күйіп — піседі. Париж тағы да мұның өне бойын жайлап алып, тыныштық бермеуге айналды. Зор қаланың қайнап жатқан қазанына қайтып түскенде, түлеп, түрленіп кеткендей ме, қалай, әйтеуір бәрін көргісі, білгісі, жеңіп алғысы келеді. Үміт оты маздап жанып, жаңа жұмыстарға бұрынғыдан бетер құлшына кірісулі еді. Алыстарға қол созып, енді сәл әрекет жасаса, мұны бірден бірінші орынға шығаратын үздік шығармалар жазатындай көреді. Парижді аралап жүргенде, мұның көз алдынан таусылмайтын суреттер тізбегі өтіп жатады. Бәр-бәрі де: көшелер мен бұрылыстар, көпірлер мен көкжиектер, әрлі-берлі жылжыған қозғалыс ағындары — мұның болашақ туындыларының дайын сюжеттеріне ұқсайды. Бірақ мұның ешқайсысын қанағат ету ойында жоқ. Ешкім естіп, көрмеген ерекше дүниені жасағанша тыным болмақ емес. Осылай шиыршық атқан жағдайда шеберханасына кіріп, басын қатырған жоба-жоспарларын жүзеге асыру үшін қағаз шимайлап, шат — шәлекейі шығады. Кейде кеш бойы қиялға батып, алдын ала ойластырып қойған үлкен полотнолар тізбегін неден бастарын білмей сарсаңға түсіп отырар еді.
Шеберхананың айналымға келмейтін тарлығы да әбден кедергі жасап болды. Бұған ең құрмаса Бурбон жағалауындағы ескі шатырлардың асты мен Беннекурдың кең асханасы да бұйырмады ғой! Ал мына дәліздей созылған ұзына тар бөлмеде, бір жақ қабырғасын шынымен жапқаны үшін ғана бұдан төрт жүз франк ақша алатын қанағатсыз қожайынның жалдамалы қуысында не бітіріп, не тындырарсың?! Оның үстіне, осы терезе солтүстікке қарайды екен де, сырттағы биік ғимараттар арасынан өлеусіреп түскен жарықта жылу да, қызу да жоқ. Содан ақыры ұлы жоспарлардан бас тартып, полотнолардың үлкендігі данышпандықтың өлшемі бола қоймас деген сылтаумен, кішкене дүниелерді жазуға кіріскен.
Ескі мектептер тоқырап кер кеткен тұста нағыз жаңалық пен шыншылдықты басшылыққа алған ер жүрек суретшінің ілгері озып шығатын кезі келген сияқты. Бұрынғы жеткен табыстардың, түрлі ізденістердің іргесі шайқалды емес пе? Артына шәкірттер қалдырмаған Делакруа өліп кетті, Курбенің ізбасарлары оған құрғақ еліктеуден аса алмай жүр. Шынын айтқанда, олардың шығармалары өткен дәуірдің ескерткіштері ретінде музейлерде тұратын ескі үлгілер қатарына қосылды. Ал Клод болса, соларға сүйене отырып, жаңа түрлерді ашып, ілгері қарай ұмтылмақ; жаңа қалыптаса бастаған пленэр мектебінің әсерімен бүгінгі сурет өнеріне атқан таңның шұғыласындай жарқыраған тың дүниелерді әкеліп қоспақ. Бұл мектептің ықпалын қазір жоққа шығару мүмкін емес. Шетіндер Салонында күлкіге ұшыраған картиналардың біразына қазір еліктеушілер көбейіп, олардың палитраларында жарық, жарқын бояулар үстемдік ете бастады. Ешкім бұған есеп беріп жатпаса да, әркім-ақ пленэрмен санасуға айналды. Салонда өткен әрбір көрмеден осылай даму бағытын көру қиын емес. Міне, осындай кезде, әлсіз, дарынсыз көшірмешілердің арасында, пысықайлардың жасық, жалынсыз тобын жарып шыққан жаңашыл бір суреткер өзінің асыл мұраттарын ешбір жалтақсыз, ешкімнің қалауына, көңіліне қарамай еркіндікпен, тұтас әрі дәлелді формаларда жүзеге асырар болса, онда олар үшін ақыр заманның туғаны ғой!
Осындай алғаусыз арманды арқалаған Клод бірте-бірте бұрынғы күдік — кәдіктерінен арылып, өзінің шын дана екеніне сене бастаған. Көше кезіп, өзінің ішкі үндестігін іздеген қапалы күндері енді қайталанбайтындай көрінді. Еңсесін көтеріп, ширыға түскен жағдайы бар.
Содан жүрегін жарып тастап, бар құпиясын көрсеткісі келгендей көзсіз қайсарлықпен жұмысқа кіріскен. Алыс деревняда өткен ұзақ демалыстан соң мұндай шығармашылық жұмысты сағынып қалған екен әрі қиялы да шарықтап, қайта туғандай құлпырып, бұрынғы жылдардан гөрі әлдеқайда жеңіл, өнімді машыққа түсіп алды. Табысқа жететініне сенімі артып, әрбір жасаған нобайларына бұрынғыша көңілі қалмай, қанағат сезімімен қарауға үйренді. Беннекурде жүргенде арман еткен пленэрді толық игеруге айналғаны да рас еді. Енді он салып тұрған бояулар суретін көруге келген жолдастары тан — тамаша қалып, тамсанудан танар емес. Олардың бәрі Клодтың бұдан былай шыңға шығатынына өте сенімді, өйткені олардың ойынша бұл туындылар ерекше нұсқалы, жеке дара жасалған әрі бұл туындыларда табиғат тұңғыш рет күніне жүз құбылатын өзгергіш, шыншыл сәулелермен бейнеленген.
Клод үш жыл бойы қасарысып күресумен болды. Сәтсіздіктерге мойымай, қайта бекіне түсті; ниет-мақсаттарынан бас тартпай, діндарларға тән ерлікпен ілгері ұмтыла берді.
Бірінші жылы, желтоқсанның себелеп жауған жауын-шашынының астында, Монмартр жотасының ар жағындағы алаңның бір бұрышындағы алаңда күніне төрт сағат табандап тұрып алып, сурет салумен болды. Қайыршылықтың қатыгез бейнесіндей, алыстан фабрика мұржалары түтіндеген аласа қараңғы лашықтың алдындағы қардың үстінде, жалбыр киімді кішкене қыз бен көшенің кезбе баласы әлдеқайдан ұрлап әкеткен алмасын жеп отыр. Осының бәрін өмірдің өзінен, натурадан көшіріп салу суретшіге аса қиындыққа түссе де, бұл алған бетінен қайтпады: шеберханада аздап қырнап, жөндегені болмаса, қалған жұмысын көшеде аяқтады. Содан бітірген картинасын шеберхананың көмескі жарық түскен бөлмесіне әкеліп қарай бастағанда, бұл шығармасының өте өткір шыққанына алдымен өзі таңырқады. Жай сурет емес, көшеге қарай ашылған есікке ұқсайды екен. Ақ шаңқан қардың бер жағындағы екі бейшараның лас сұр түсті тұлғалары бірден ерекшеленіп, назар аудартады. Клод мұндай картинаның қабылдануы мүмкін емес екенін білсе де, оны жұқалап жұмсартпай-ақ, салонға аттандырып жіберген. Бұрындары ешбір көрмеге қатыспауға ант ішсе де, енді жыл сайын төрешілердің талқысына бірдемелерін ұсынып, оларды әдейі шатастыруды ермек қылушы еді. Оның үстіне, Салон әрбір суретшінің өзін көрсетіп, танытуына мүмкіндік беретін бірден-бір ұрыс алаңы екенін бұл да мойындай бастаған. Бірақ төрешілер алқасының тағы да мұның суретін қабылдаудан бас тартқаны артынша белгілі болды.
Келесі жылы Клод басқа қиырға қарай құлаш ұрды. Бұл жолы Батиньол бағының бір бұрышын таңдап алды. Биік талшын ағаштары көгал жердің төсеніштей жайылған газондарына қою көлеңкесін түсіріп тұрады. Түкпірде алты қабат ғимараттың сұлбасы көрінеді. Алдыңғы жақтағы жасыл орындықтың үстінде — құм шашып ойнаған екі-үш баланы сыртынан бағып отырған тәрбиеші әйелдер мен осы жақын маңайда тұратын қалалықтар. Осындай қолайсыз көрермендердің ортасында жұмыс істеуге рұқсат алу да оңай шаруа болған жоқ. Таңертеңгі сағат бестерде келіп, жалпы көріністерді сыза бастауға тура келген. Ал адамдардың нобайын ғана түсіріп, қалғанын шеберханада аяқтай бастаушы еді. Бұл жолғы картинасы оншалық әсіре қызыл көрінбейді. Шеберхана ішіндегі алакөлеңке жарықтың әсері ме екен, жазу мәнері недәуір жұмсара түсіпті. Осыған қарағанда, бұл суретінің қабылданатыны күмәнсіз секілді. Оның үстіне, жақын достары дүниеге бір ғажайып дүние келді, оның Салонда төңкеріс жасауы ғажап емес деп алдын ала лақап таратып жіберген. Бірақ төралқаның тағы да қасарысып қабылдаудан бас тартуы — жұрттың жаппай наразылығын тудырды. Мұның өзі жай теріске шығару емес, нұсқалы қолтаңбасы бар суретшіні жүйелі, жоспарлы түрде қуғындау еді. Клод болса, әуелде қатты қапаланғанмен, артынша жасанды, жабайы сурет салғаны үшін өзін кінәлауға кірісті. Мұндай сабақ зая кетпеуі керек. Әйтпесе шеберхананың көрдей қараңғы бөлмесінде күншуаққа бөленген көше суретін салу ақылға сыяр ма? Бұның өзі түптеп келгенде осы күнгі буржуазиялық сәнқой суретшілердің лас әдістерін қайталау емес пе?
Үшінші жыл да бір ереуілшіл шығарманы жазумен өтті. Ол үшін суретші Клодқа күллі Парижді жарқыратып көрсетіп тұратын, көшелердің тасын ерітіп, зор ғимараттардың терезелерін шағылыстырған күн сәулесі керек еді. Бәлкім, аспан астын от-жалынға бөлеп, адамдардың есін шығаратын мұндай ыстық алыстағы Африка жерінде ғана кездесетін шығар. Клод таңдаған Карусель алаңының бір бұрышы күндізгі сағат бірлер шамасында қатты ысып кететін. Қапырық ауада қалғыған арбакеш селкілдеп кетіп бара жатады, аузынан ақ көбік аққан аттың басы салбыраңқы. Қапырық ыстықтан есеңгіреген жүргіншілердің ортасында төбесіне шатыр ұстаған раушан гүлдей құлпырған жас әйел ештемені елемей, сейілге шыққан ханшайымдай қалқып жүзіп барады. Жарықты жаңаша түсіру жағынан, адам көзімен қарағандағы қалыпты көріністерді бұзу жағынан бұл картина айрықша күрделі, түсінуге әбден қиын-ақ еді. Ешкімнің қиялына кірмейтін көгілдір, сарғыш, қызыл бояуларды суретші ерекше баттастырып жіберген. Картинаның түкпірінде алтын буға оранған Тюиьри бағы көрінеді. Көшелер қан қызыл түсті де, жүргіншілер көз қарықтырар жарықтың ішінде малтып жүрген солғын нүктелерге ұқсайды. Бұл жолы Клодқа бас ұрып жүрген достарының біразы мұның ақыры жақсылыққа апара қояр ма екен дегендей қауіп айта бастады. Көп ұзамай-ақ олардың айтқаны расқа шығып, Салонның төрешілері Клодтың картинасын қабылдаудан тағы да бас тартқан.
— Бәрі түсінікті болды. Бірақ шегінуге жол жоқ... Мен өстіп жүріп өледі екенмін! — деп суретші сәуегейлік жасады. Күйініп, түңіліп айтты.
Бұдан кейін де өжеттеніп, өршелене түскенмен, бірте-бірте бұрынғы күмән-күдіктері бас көтеріп, Клодтың мазасы кете бастады, натураны көндіру, жеңу бағытындағы азапты әрекеті қайта жалғасты. Енді Салоннан қайтып келген картиналарының бәрі жұмсаған еңбегіне татымайтын әлсіз, әлжуаз дүниелер болып көрінді. Төрешілердің қырын қабағынан гөрі өзінің қабілетсіздігі жанына батты. Әрине, төрешілерді ақтау ойында жоқ еді. Мұның ең шикі дүниелерінің өзі Салон қабылдаған орташалардан жүз есе артық екеніне сенімі кәміл. Ең жаманы — қабілетіңді толық жүзеге асыра алмау, даналығыңды таныта алмау екен ғой! Былайша қарағанда, жеке дүниелері тап-тамаша, қанағаттанарлық дәрежеде жазылған секілді. Ал кемшіліктері қай жағында? Қызу еңбек үстінде байқала бермейтін, кейін солардың бәрінің басы қосылып картинаның тұтастығына зиян келтіретін шалалықтардың сыры неде? Енді мұның ешқайсысын өзгертуге болмайтын секілді — оған шамасы жетер емес. Алдында өткел бермес ор, қалың қамал тұр, оның ар жағында аяқ басар жер жоқ секілді... Егер ол бір нәрсені жиырма мәрте қайта жазса, кемшіліктері де жиырмалап өсе берген шығар. Бәрі былығып, сурет емес, ми батпаққа айналған. Жүйкесінің тозғаны соншалық, енді не сызып, не қойғанын көруден қалып барады, шабыт, ерік дегеніңіз қатып-семіп, сөнуге айналған. Мұндай кезде көзі де, қолы да өзіне бағынбай, ақыр соңында біраздан бері іштей мұқалтып жүрген уайымы шығармашылық күш-қайратын да сарқып біткендей болды. Дағдарыс жиі қайталанып, Клод енді апталар бойы өзін-өзі азаптап, әрлі-берлі теңселумен уақыт өткізді. Натураны игерудің әдісін таппаған ең қиын сағаттарда арман — қиялды серік етіп, мұның бар күш-қуатын сарып етіп жасайтын болашақ үздік туындылардың дүниеге келетінін жанына демеу етуші еді. Мұндай құбылыстар бұрындары да талай қайталанған: суретшінің қиялы істеген ісінен әлдеқайда алда жүреді; бір картинасын аяқтамай жатып, екіншісін ойластыра бастайды...
Енді, міне, тағы да асығып-аптығып, күйіп-пісіп, қазір жазып жүрген, бірақ өзіне ұнамай қалған кезекті картинасынан ертерек құтылуға тырысады. Мұның түкке тұрғысыз екені ақиқат, тобырдың талғамына бейімделу, қулық-сұмдық, ендеше бас қатырудың қажеті жоқ. Ал келешекте жазатыны — о, оның не айтатыны бар, нағыз керемет, қол жетпес батырлық, біртуар дүние болмақ! Өмірін өнермен суарған суреткерді ілгері қарай шақырған елес сағымдар әсте жоғалып кетпек емес. Шын тұрмысты боямалап көрсететін осындай қабілет — қасиеті болмаса, суреткердің бар өмірі мағынасыздыққа ұшырап, онда ешқашан болмыстың көркем бейнесі жасалмас еді.
Осы тұста Клодты өмір бойы өзімен-өзі алысқан үздіксіз күрес қана емес, тұрмыс тауқыметі де шаршата бастаған. Шығармашылық азапқа түсіп жүргені аздай-ақ, аштан өліп қалмауы керек екен. Оның үстіне, егер сурет салатын кенебің қолапайсыз үлкен болса, натурадағы табиғи жағдайда, күннің жарығында жұмыс істеудің қиын екеніне көзі жетті. Көшеге, жұрттың арасына барып қалай сыйысарсың? Керек адамыңды қалай көндіріп, қалай отырғызарсың? Осындай себептерден сюжетті қайта ыңғайлап құрас — тырып, пейзаждар көлемін азайтуға мәжбүр боласың, адамдардың сыртқы нобайлары, жүріс-тұрыстары көрінетін қаланың шеткі аймақтарын таңдайсың. Ауа райы да жиі құбылып тұрады. Кейде қатты жел мольбертіңді құлатып кетсе, жауын жауғанда жұмысың тоқтап қалады. Мұндай күндерде ол әбден ашуға мініп, ауа райын балағаттап үйіне қайтатын. Оның пікірінше, құтырынған табиғат бәрібір суретшінің дегеніне көніп, түптің түбінде жеңіліс табатынын білгендіктен, осылай қорғанысқа шығатын көрінеді. Клод өзінің кедейшілігіне қатты қорланып, жиі-жиі көшпелі шеберхана туралы, Парижді еркін аралап жүретін күйме немесе Сенада жүзетін жеке қайық жайында арман етуші еді. Цыгандар секілді көшіп-қонып жүргенге не жетсін! Бірақ, қазір бұған көмек қолын созатын ешкім жоқ — құдды бәрі суретшіге қарсы астыртын сөз байласып қойған секілді.
Кристина күйеуімен бірге азап шекті. Әуелгі кезде бұл да Клодтың келешегіне зор үміт артып, әр түрлі шаруа қамымен шеберхана үшін көңілді ауанға толтырып жүруші еді. Енді нақсүйерінің кәдімгідей мойып қалғанын көрген соң, бойынан әл — қуаты қаша бастаған. Әрбір сурет кері қайтарылған сайын уайымы көбейе берді. Күйеуінің табысқа жетуін көксейтін әрбір әйел секілді Кристинаның өзімшілдігі қатты зардап шекті. Клодтың жанталасы мұның да жанын қинаумен болды. Күйеуінің барша қайғы-қасіретіне ортақтасып қана қоймай, оның талап-талғамына түгелдей қосылып, өмірінің мән-мағынасына, тыныс — тірлігіне айналып кеткен осы бір суреттерді қызғыштай қорғар еді. Енді бұлардың бақыты мен соры өнерге ғана байланып қалды. Сол өнердің соңына шырақ алып түскен жігітінің бірте-бірте өзінен алыстап бара жатқанын сезсе де, Кристина ешбір қарсылық көрсетпей, күйеуінің бар әрекетіне қолдау білдіріп, біржола мойынсұнып, бірігіп кетті. Әйткенмен, бұрынғы қызу сүйіспендік сезімінің салқындай бастауы кейде уайым, мұңға батырып, келешекке үрейлене қарайтын болған. Ал айырылысып кетулері мүмкін екені есіне түссе, тұла бойы мұздап қоя береді. Күйеуіне деген шексіз жанашырлық осылай өмірін өксітіп, енді тіпті қартая бастағанын іштей сезген кездерде қаракөлеңке шеберхананың ішінде жападан жалғыз отырып, еңіреп жылап алушы еді.
Кристинаның күйеуіне деген махаббаты ананың баласына арнаған елжіреуік сезіміне ұқсап бара жатты. Үп-үлкен ұлды осылай әлпештегенде, оның сағат сайын босап, айналасынан әлденелер үшін кешірім сұрағандай түсініксіз әлсіздігін ескеруі керек еді. Енді күйеуінің аймалап — сүйген әрекеттері де үйреншікті бірдемелерге айналып, садақа бергендей әсер ете бастаған. Бұл бір төсекте жатып, әлі де әлсіремеген, жалынды сезімдерін жеткізуге тырысқан сәттерде осының бәрін іші пысып әзер тыңдайтын еркегі құшағынан сытылып кетуге әрекеттене бастаса, не істеуі керек? Бұрынғыша бақытқа кенеле бермек пе? Егер оның талантына басын иіп, бар жағдайын жасап, қалтқысыз қызмет етіп жүрмесе, махаббаты да әлдеқашан адыра қалар еді. Бірақ ләззат іздеген қызыл ерні дірілдеп, құмары қанбаған жас денесі күйіп-жанып, төсекте жиі аунақшып шығатын болған. Осылай іштей қорланғанмен, түні бойғы ауыр азаптан соң, келер күнгі кешкілік мезгілге шейін өзінің жас әйел емес, үлкен ұлдың анасы болып қалатынына үйрене бастағандай көрінеді. Осындай сәні кеткен өмірлеріндегі жалғыз жұбанышы — бойдағы бар мейірім — шапағатын соның жағдайын жасауға жұмсап жүрмін — ау деген бұлдыр үміті ғана қалған.
Кішкентай Жак қоныс аударып кеткен аналық қамқорлықтан құр қалуға айналды. Кристина баласын бетіне жіберіп, бар ықылас — пейілін өзгеге арнағандықтан ба екен, аналық сезімдері қайтып оянбай қойды. Әлпештеген күйеуі ең сүйікті баласына айналып, ал әлдиден құр қалған бейшара бүлдіршін ересек екеудің бір замандардағы қызу құмарлықтарының куәсіндей шеттеп қала берді. Баланың буыны қатайып өсе бастаған соң, шешесі мүлдем оған назар аудармайтын болды — қатыгездігі емес, енді бұл ерекше қамқорлықты қажетсінбейтін шығар деп ойлаған. Дастарқан үстіндегі тәтті тағамдар Жакқа берілмейді, пештің жанындағы жылы орынға жақын отырмайды... Егер шешесінің көңілін әлдеқандай белгісіз үрей жайласа, ең алдымен баласын қорғап қалуға дайын еместігін іші сезетін. Әрқашан баласына ұрсып — жекіп отыратын әдет тауыпты. Қит етсе: "Жак, өшір үніңді! Әкеңді шаршатасың! Жак, қимылдама. Әкеңнің жұмысына кедергі келтіресің!" деп шыға келеді.
Бала да Парижге үйрене алмай-ақ қойды. Бұрын деревняда еркіндікте жүруші еді, енді мұны қапырық бөлмеге қамап, үнін шығармай, тізгіндеп ұстайды. Көп ұзамай Жактың өңі қашып, бозарып жүдеп кетті, айналасына аңтарыла қарайтын бақырайған көзі ғана қалды. Жасы беске шыққанда, баласының басы қауақтай болып үлкейгенін көрген әкесі: "Әй, мынаусы несі?!" деп таңырқады. Басы үлкейген сайын баланың ақыл-есі кеми берді. Енді ол сағаттар бойы әлденеден қорқып, үн-түнсіз мөлиіп отыра беретін мінез шығарды. Бірдеме жайында сұрасаң, ұғынықты жауап жоқ. Кейде ұйқыдан тұрғандай еліріп, айқайлап, секіре жөнеледі, жабайы аңның баласындай басынан ұстатпайды. "Қой!" дегеніңе көнбейді. Баласының бүйтіп бүліну себебін түсіне алмаған шешесі әйтеуір әкесінің жұмысына кедергі келтіруінен қорқып, ұрсып — жекіріп жүріп, Жакты бір бұрыштағы орнына апарып жатқызар еді. Содан бірте-бірте тыныштала бастайтын ұл қайтадан есін жинап, дірілдеп-қалшылдап жатады да, біраздан кейін кірпігін жаппай ұйықтап кетеді. Мұндайда қатты әлсірейтіні соншалық, әр түрлі ойыншықтар мен суретшілерді, бояу құтыларын, тығындарды жинастыруға да шамасы келмейді. Шешесі оны оқытып үйретпек болғанда, ештемені түсінбеген баласы жылай берген соң, араға екі-үш жыл салып мектепке апарып кіргізсек, сондағы мұғалімдер бұдан бірдеме шығарар деп үміттенді де, әзірге әуреленуді қойған.
Алдарында күтіп тұрған кедейшілік жайын ойлағанда, Кристинаның зәресі кетеді. Тапқан қаржыларын қаншама үнемдеп жұмсағанмен, бала асыраған отбасын қала тұрмысы әбден титықтатып, айдың аяғына әзер жетер еді. Өйткені бұлардың қолдағы бары рентадан түсетін мың франк болса, соның төрт жүзін пәтер ақысына төлейді, қалғанын қайтіп талғажау етпек керек? Әуел баста суреттерді сатып күнелтіп жүрген. Ганьердің ескі танысы, кескіндеме кеселімен ауырған сүйкімсіз буржуаның бірімен танысқанда, бұл кісі кертартпа әдеттерінен арылмаған, бірақ жаны жайсаң сезімталдың өзі болып шықты. Гю мырза, қайдағы-жайдағы көп департаменттің бұрынғы бастығы, оншалық бай адам емес көрінеді. Соған қарамастан, бұл жолы да надан көпшіліктің кесірінен аштан өлуге айналған данышпанға жаны ашығандықтан, Клодтың ең қисық шығармаларын таңдап алып, Делакруаның полотноларымен қатар іліп қойған. Оның ойынша, бұл суреттер келешекте зор атаққа шықпақ. Өкінішке орай, бұрынғы Мальгра отағасы азын-аулақ қаржы жинап алған соң, сауда-саттық жұмысынан біржола шеттеп, Буа — Коломб көшесіндегі шағын үйінде тып — тыныш тұрып жатыр. Содан лаж жоқ, аспаннан жауған ақшаға бөгіп жүрген жексұрын миллионер, аты шулы Нодеге барып жағдай айтуға тура келді. Ноде қу болса Клодтың Бутен шеберханасы дәуірінде салынған академиялық үлгідегі жалғыз суретін сатып алумен тыйылды. Бұл баяғыда Мальгра отағасының аузының суы құрып тұрып қарайтын, әйел кіндігін бейнелейтін ғажайып этюд еді. Сөйтіп, күн өткен сайын жоқшылық жайлап, тіршілік шеңбері тарыла түскен. Бұл кезде Салон қайта-қайта қабылдамай қойған Клодтың суреттері жайында лақаптар кең тарай бастады. Әсіресе қалтасы қалың көрермендерді қанша үңіліп қарасаң да бұрынғы үйреншікті машықтар байқала бермейтін мынадай төңкерісшіл, ешкім мойындамаған өнердің тұрпаты қатты шошытқан. Бірде бояуға жұмсайтын ақша таппай қиналған Клод бүйте бергенше, бар күнкөрісіне жарап келген рентаны түгел жаратып жібергеннің өзі артық емес пе? Сонда, бәлкім, саудагерлердің талғамына сәйкес еңбек етуден құтылмаспын ба? — деп айқай салған. Бірақ Кристина күйеуінің бұл ниетіне қарсы шықты. Егер осылай етсек, үшеуміз бірдей баспанадан, жеп отырған нанымыздан айырылып, біржола көшеде қалмаймыз ба деп ойлаған ол әлі де үнемдеп, бәріне шыдап, төзіп бағуға бекінгенін білдірді.
Клодтың биылғы үшінші суреті көрмеден кері қайтарылған кезде, жадыраған жаз да шығып еді. Суреткер атаулының күш-қуатын арттыратындай жайлы, жайсаң уақыт. Әуеде шөкімдей бұлт жоқ. Қашанда гуілдеп, шуылдап жататын Париждің аспаны ашық. Өз айтуынша оқыс оқиғалар іздеген Клод тағы да қаланы аралауға шықты. Не іздеп жүргенін өзі де білмейді, әйтеуір үлкен, ғажайып бірдеңе болуы керек. Содан қыркүйек туғанша бір апта бойы анамен, екінші апта бойы мынамен айналысып, ақыр соңында ешқайсысын ұнатпай қойды. Қарбаласы бітпейтін бейберекет тіршілікте үнемі уысынан шығып кете беретін арманының құйрығынан ұстай алар емес. Сенім, нанымына өте берік өзінше реалист, шыншыл жігітте жүйкесі тозған әйелге тон ырымшылдық та бар еді: бәрі, қараңғы ма, жарық па, бәрібір, табиғат бейнесін дұрыс таңдап алуға байланысты секілді көрінеді.
Осындай шуақты күндердің бірінде бұрынғы әдеттерімен кішкентай Жакты кері консьерж әйелдің күтіміне қалдырып, Клод пен Кристина көшеге қыдырысқа шыққан. Клодтың мұндағы ойы — Кристинаны соңына ертіп, өздеріне баяғыдан — етене таныс жерлерді араласа, жолы оңғарыла бастайтындай еді. Содан екеуі Луи — Филипп көпіріне қарай беттерін түзеп, Дез — Орм жағалауына жеткенде, көпірдің үстіне көтеріліп, қалқанға үнсіз сүйеніп тұрып алып, ширек сағат бойы Сенаның арғы жағалауына — бір кезде екеуінің махаббат жыры басталған ескі Мартуа ғимаратынан көздерін алмай қарай берген. Бұдан кейін өзара ләм-мим деспей, бұрын талай жүріп өткен жолдарына қайтып түсті. Шынар ағаштарының көлеңкесін сағалап, жағалаумен ілгері жылжи бастағанда-ақ, алдарынан өткен күндер елесі мен мұндалап шыға келген. Көпірлер қанаттарын жайып ашылған сайын төменде жібек толқынды көгілдір айдын жарқырайды. Париж Құдай анасы соборының күнге шағылысып сарғая түскен мұнаралары мен Ситэнің көлеңке түскен ескі қабырғалары көрінеді. Алыстағы Флора павильоны сұлбасына шейін созылып жатқан, күн сәулесіне шомылған оң жағалау. Кең даңғылдар, екі жағалаудағы биік ғимараттар, өзеннің қайнаған өмірі, қайықтар мен кіржуғыштар, шомылғыштар мен сүйретпелер тізбегі. Бәрі де баяғыдай: еңкейген күн осы тізбектің соңына еріп, алыстағы биік ғимараттардың шатыры астына барып құласа, Академия күмбезінің ар жағынан мүлдем көрінбей кетеді екен. Бұрын байқамапты, бүгінгі күннің батуы ерекше суретке бөленіп тұрды. Күн жарықтық қан қызыл бояу түсті жұқалтаң бұлттардың қамауына барып түскенде, жан — жаққа алтын белдеулі жарықтар шашырап кетті. Осы сәтте бұлардың өткендері есіне түсіп, көңілдерін қапалық жайлап алды; қайтып оралуы мүмкін емес бақытты күндері елестеп, өмірді басқаша бастау уақытын зая жібергендеріне өкінді. Жағадағы тастар сұп-суық екен. Ұдайы ілгері қарай жылжып аққан өзен суы алғашқы сезімдер мен тәтті армандарды жалмап жұтып, бұлардың өмірін бөлшектеп ағызып әкетіп бара жатқанға ұқсайды. Енді, міне, екеуі бір-біріне жабысып, алып қаланың қыз-қыз қайнаған сіңісті тіршілігінің ортасында қатар келе жатқанмен, бұрынғыдай қол қызуынан кәдімгі қарапайым бақыт лебін сезінбегендері өкінішті-ақ еді.
Әулие әкелер көпіріне жеткенде әлденеге көңілі қобалжыған Клод кідіріп қалды. Қолын босатып алып, Кристинаға арқасын беріп, айдалаға — Ситэ жаққа қарап тұрды. Күйеуінің жат кісідей жабырқау түрін көріп, қатты қиналған әйел оны бөтен ойлардан тезірек арылту үшін:
— Жаным, қайтсақ қайтеді? Кеш болып қалды ғой... Жак та бізді күтіп отырған шығар, — деді.
Бірақ Клод көпірдің үстіне көтерілді. Кристина оның соңынан еруге мәжбүр болды. Анау тағы тоқтап, бір нүктеден көзін алмай, мелшиіп тұра берді. Бұл жолы оның назарына түскен қимыл — қыбырсыз арал — Париждің бесігі мен жүрегі еді. Дәл осы жерден ғасырлар бойы тамыры бүлкілдеп соғудан тынбаған кейін айнала жазыққа қанатын жайып кеткен алып қаланың өмір тарихы басталар еді. Клодтың көзі жайнап, өңі балбұл жанып шыға келді.
— Қарашы! Қарашы! — деп қолын алысқа сермеді.
Бұлар тұрған жерден төменіректе Әулие Николай пристаны — кемелер айлағы көрінеді: су жолы қатынастары кеңесінің аласа ғимараты, құм үйілген жайпауыт жағалауда шашылып жатқан кеспектер мен қанар қаптар. Бос баржалар төңірегінде теңселіп жүрген жүкші жұмыскерлер. Осылардың бәрінің төбесінен өте биік көтергіш кран төніп тұрды. Ал арғы жағалауда желмен желбіреген ақсұр перделердің маңында салқын суға түсіп, бойлары тітіркенген жүзгіштердің айғай-шуы естіледі. Өзеннің ортасында ешбір қара көрінбейді, майда толқындар бетінде ақ, көгілдір, қызғылтым сәулелер ойнайды. Одан әріректе төбесін көтерген Өнер көпірінің биік темір қанаттары алыстан қара шілтерге ұқсаса, оның үстінде әрлі-берлі тынымсыз өтіп жатқан жүргіншілер қыбырлаған құмырсқадай көп еді. Сена өзені болса бұйраланған толқындарын жон арқасы тотыға бастаған Жаңа көпірге қарай қуып барады. Сол жағалаудағы өзен айдыны сонау Сен -Луи аралына дейін созылады да, айнадай жарқырап көз қарықтырған сәуле бірте-бірте бұлдырға айналып кетеді. Келесі бұрылыста Ақша сарайының көбігі бұрқыраған шлюзі кесе көлденеңдеп шыға келеді. Жаңа көпірдің үстінде сарғыш түсті күймелер мен алабажақ арбалар балалардың ойыншығына ұқсап қатар түзеп өтіп жатты. Осы көріністің бәрін алыстай түскен екі жағалау әдіптеп, аяқтап шыққан секілді. Оң жақта биік өскен ағаштар өзен бойындағы үйлердің сұлбасын жартылай жауып тұрса, одан әріректе көкжиекке қарай ұласқан қала маңынан ратуша қамалы мен Сен — Жерв шіркеуінің қоңыраулы шаршы күмбезі мойнын созады. Сол жақта Академияның бір қанаты, Ақша сарайының көлбеу қасбеті, үздік — создық бау ағаштар көрінеді. Құшаққа сыймас осынау көлемді картинаның ортасында кенеттен ескі кеменің ұзын тұмсығындай Ситэ аралы судан шығып, батар күннің жарығына малынған кеудесін көкке көтерер еді. Үйме топырақтың үстіне өскен қалың теректің арасынан Төртінші Генрихтың ескерткіші қарауытады. Еңіс тартқан күн жағалаудағы үйлердің шекарасын бөліп тастапты да, Орлож бойындағы сұр ғимараттарды көлеңкеге батырса, Дез — Орфер бойындағы ғимараттарға қызғылт сары сәулелерін түсі — ріпті. Жалпы жағалаудағы үйлердің айқыш-ұйқыш тізбегіне осылай жарық түскен сәттерде дүкендерді, жарнамаларды ғана емес, терезелерге тұтылған перделерді де анық ажыратуға болады екен. Шахмат тақтайлары секілді көлбеген шатырлардан шыққан биік мұржалардың ар жағынан Әділет сарайының тас мұнаралары мен префектураның дастарқандай жайылып жатқан шиферлі төбесін бергі жақтағы үлкен қабырғаға көк түсті бояумен жазылған аса көлемді жарнама көлегейлеп тұрғандай еді. Бұл Париждің тұс-тұсынан көрінуге тиіс, мына есуас ғасырдың беті-бейнесін танытатын қала өмірін жан-жақты көрсетуге тыраштанған әрекетке ұқсайды. Ал осылардың бәрінен бойын асырып, тіпті Париж Құдай анасы шіркеуінің егіз мұнараларының үстінен қарайтын Сент — Шапель ғибадатханасының алтын нұрға шомылған қос сүмбісі көкке қарай шаншыла түсіпті. Аспан астында атам заманнан бері еркін жүзіп жүрген даңқты кеменің жел кернеген желкеніндей сұлу сүмбелер айрықша нәзік, әсем безендірілген екен, қит етсең, қисая кететіндей көрінеді.
— Қой, кетейікші, — деп өтінді Кристина тағы да Парижді қызықтауға тоймаған Клод оның сөзін естімеді. Бүгінгі тамаша кеш көкжиекті кеңейте түскендей еді. Суретші көзімен қарағанда, айналаға жарық жақсы түсіп тұрды, көлеңкеге шейін ап-анық, болмыстың штрих, детальдары айқын, тұнық ауадан жұпар иісі аңқиды. Өзеннің екі жағалауында қайнап жатқан қарбалас өмір, көше бойынан шығып, пристандар мен көпірлерде тоғысып жатқан адамдар ағыны — осының бәрі аузынан буы бұрқыраған, күн сәулесінде дірілдеген тылсым дүние секілді. Жоғарғы жақта жел гулеп өтіп еді, жалма-жан сұрғылт аспан астындағы қызғылтым түсті жеңіл бұлттар жылжи бастады. Содан әлдеқандай қозғалыс, діріл пайда болып, құдды Париждің рухы оянып, айнала төңіректі бесікше тербетуге кіріскендей болды.
Әлденеден секем алған Кристина Клодтың қолына жармасты: күйеуінің есі кетіп айнала төңіректі осыншама қызықтауын ұнатпай, жаман ырымға жорыған әйел оны тезірек қауіп жайлаған жерден аулаққа әкетпекке бекінген.
— Үйге қайтайықшы! Өзіңді босқа азаптамасаң қайтеді? Менің де қайтқым келіп тұр, — деп жалына бастады.
Ұйқыдан тұрғандай әзер есін жиған Клод селк етіп, айналасына сұқтана қарап тұрды да:
— Ой, құдай-ай... — деп сыбырлады. — Бұл неғылған ғажап дүние!
Ақыр соңында суретші әйеліне ілесіп үйіне қайтқан. Бірақ ұзақ кеш бойы, тамақ ішіп отырып та, одан кейін пештің қасындағы креслоға қисайып жатып та, ләм-мим жақ ашпады. Оны сөйлетудің жөнін таппаған соң, әйелдің де үні өшті. Кристина қайта-қайта күйеуінің бет ажарына күдіктене қарап отырып, бұл байғұс белгісіз ауруға шалдықпады ма екен, әлде мана көпірдің үстінде тұрып суық тигізіп алды ма екен деп ойлады. Неге мұның көз жанары тұрақтамай, айдалаға қарайды? Бірдемені ойлай-ойлай белгісіз шешім тапқандай әйтпесе ішінде әлдеқандай мақлұқат басын көтергендей қаны тасып, беті қызара береді. Бұныкі жүкті әйелдің — бірде қуанып, бірде үрей шақырған өткінші сезіміне ұқсайды. Әйтеуір басы қатып, қатты күйзеліп отырғаны анық. Содан түн ортасында өз-өзіне келіп, төсекте әрлі-берлі аунақшып жатудан тыйылды да, ауыр жұмыстан шаршап қайтқан біреудей қалың ұйқының құшағына кірді.
Келесі күнгі таңертеңгілік астан кейін Клод ұшты-күйлі жоғалып кетті. Кристинаның күн ұзақ жағдайы болмады. Күйеуінің алагеуімнен провансаль әнін ысқырып жүргенін көріп, көңілі тыныштала бастаған да, оған күнделікті тіршілік тауқыметін айтып, мазасын алмауға тырысқан. Рента қолдарына тигенше әлі екі апта мерзім қалғандықтан, қазір бұлардың ас-ауқат сатып алатын ақшасы да жоқ еді. Таңертең ең соңғы тиын-тебенін жұмсағандықтан, кешкілік нансыз қалатын түрлері бар. Кімге барып қолын жаймақшы? Қарны ашып сейілден қайтқан Клодқа тамақ тауып бере алмай, осыншама мүшкіл хәлдерін қайтіп жасырып қалмақ? Енді баяғыда Вансад ханым сыйлаған қара жібек көйлегін сатудан басқа амалы жоқ. Бұрын аяқ басып көрмеген, кедейлерге арналған ломбард деген мекемеге бару керектігі есіне түссе, Кристинаның тұла бойы қалтырап жүре береді. Бірақ басқа лажы болмаған соң, ломбардқа өткізген он франк ақшаны барынша үнемдеп, түскі асқа қымыздықтан қайнатқан көже мен картоп қуырып қоюды ұйғарған. Ломбардтан шығарда әлдекімдерді көріп, ұяттан өліп кете жаздады.
Клодтың бүгін көзі жайнап, ерекше көңілді қайтты. Мезгілсіз уақытта келгендіктен, әбден қарны ашса керек, дайын тұрған дастарқанды көрмегендіктен, бірден қабағы түсіп кетті. Содан Кристина мен кішкентай Жакты қасына алып отырып, әп-сәтте қымыздық көже мен бір тәрелке картопты жеп қойды.
— Немене, басқа тамақ жоқ па? — деп сұрады сонсоң. — Ет ассаң қайтер еді? Әлде бар ақшаңды бәтіңке сатып алып құрттың ба?
Күйеуінің жазықсыз жазғырғанына әрең шыдап отырған әйелі бәрібір бар шындықты айтуға батылы жетпей, түсініксіз тілмен міңгірледі де қойды. Ал анау бар тапқанын өзіне қажетті кәкір — шүкірге жұмсайтын әйеліне қайта-қайта тиісіп, ақыр соңында көзсіз ашуға басып, баласына қарап айқай салды:
— Сен осы қоямысың, жоқ па? Өй, оңбаған неме!
Кішкентай Жак тамақ ішуден тыйылып, қолындағы қасығымен тәрелкенің шетін ұрғылай бастады. Өзі әлденеге қуанып, көзі жылтылдап, мәз болып отыр.
— Жак, қойсаңшы. Әкең тыныштықпен тамақ ішсін де! — деп шешесі қосарланып ұрысқаннан кейін балақай бірден саябырсып, әдеттегідей тым-тырыс хәлге түсті. Екі көзі бұлдырап, әлі ауыз тиіп үлгірмеген картопқа қарағыштай береді.
Клод бұдан соң ашқарақтанып, ірімшікке тиісті. Бұны көрген Кристина дүкенге піскен ет сатып алуға бармақшы болып еді, күйеуі оны тұрпайы сөздермен тоқтатып тастады. Содан ақыры дастарқан жиналып, бәрі шамның қасына барып отырғанда, Кристина қолына ине-жіп ұстап, бірдемені тіге бастады, бүлдіршін суретті кітапшаны парақтауға кірісті, ал Клод саусақтарымен үстелді тықылдатып, әлдеқандай алыс қиял жетегінде кете барды. Кенет орнынан түрегеліп, қолына қағаз, қалам алды да, шамның жарығында әлденелерді сызғылап, жаза бастаған. Басын қатырған мазасыз ойларын қағазға түсірмекші еді, одан сірә ештеме шықпаған болуы керек, әйтеуір аяқ астынан өрекпіп, өршеленіп сөйлеуге кірісті. Бұған қазір тыңдайтын тас қабырға мен тесік құлақ табылса да бәрібір, қасында әйелі тұрған соң, соған қарап:
— Кешегі сен екеуміздің көргендеріміз есінде ме? — деді. — Ой, ғажайып суреттер емес пе?! Бүгін сол жерде үш сағаттай уақытымды өткіздім. Енді мен не істеу керек екенін білемін. Ғажайып нәрсе дүниеге келеді. Бәрін қиратамын... Тыңда! Мен көпірдің астына барып кіремін. Мен салатын суреттің алдыңғы жағында әулие Николайдың су айлағы, мойнын созған крандар, жүк баржалары, жұмыскерлер тұрады. Көкірегі жалаңаш, білектері білеудей жігіттер — жұмыс үстіндегі Париж бейнесі болмақ. Арғы беттегі жағажай — көңіл көтеруші Париждің өзі. Ал тұтас композиция жасау үшін, бәлкім, ортаға қайықтың суретін салу керек болар. Әлі де ойлана, іздене түсуім керек... Құшақ жетпейтін Сенаның кең арнасы осының бәрін жарып өтеді...
Аузына тыным болмай сөйлеген Клод қолындағы қаламымен болашақ картинасының жобасын он рет салып, он рет сызғанда, бұның бұндай әрекетіне шыдамаған қағаз да жыртылып қала берген. Күйеуінің көңілін аулауға тырысқан Кристина оның түсіндірмелерін тыңдап, әйтеуір басын изеуден жалығар еме. Бірақ әр түрлі көріністер бытысып — шатысып кеткен жобадан еш нәрсені анық ажырата алмай, басы қатулы еді.
— Менің ойларымды түсініп тұрмысың? — деп сұрайды Клод қайта-қайта.
— Иә, бәрі тамаша! — деп жауап береді Кристина.
— Міне, солай. Енді мұның ортақ көрінісін, фонын табуым керек. Екіге айырылған өзен жағалауы мен көкке қарай бой түзеген салтанатты Ситэ аралы... Керемет сурет емес пе?! Осыларды күнде көріп жүрсек те, мән бермейміз. Бірақ бәрібір сұлулық қаныңа сіңіп, ішіңе сыймай, ақыры бір күні жарып шығады. Дүниеде бұдан асқан керемет болуы мүмкін бе? Даңқты Париж күн астында осылай сылаңдап шыға келеді. Осы уақытқа шейін осындай сұлулықты көрмеген мына мен ақымақ емей, кіммін? Өзің-ақ айта қойшы. Бұрын қанша қарасам да, ештеңе көрмеппін. Тек ана жолы жағалауда серуендеп жүргенімізде... есіңде ме, күн сәулесі туралап түскенде сол жағымыздағы тас қабырғаларға барып соғылған көлеңке, ал ана жақтағы Сент — Шапелдің мұнаралары жарқырап, инедей созылып барып, көк жүзіне қадалады... Жоқ, бұл оңға таман... сол кідірсең, қазір сызып шығамын...
Бұл енді суретшінің қырағы көзі ғана байқауы мүмкін ондаған, жүздеген детальдарды еске түсіріп, бәрін қайта бастады. Шаршап-шалдығуды білместен, жаза берді, жаза берді. Қайдағы бір дүңгіршектің жарқыраған жарнамасы. Сенаның жасыл түсті бұрылысы, су үстінде ағып бара жатқан май түйіршіктері. Ағаштардың бұлдыр бейнесі мен үйлердің сұрғылт қабырғалары, бәрінің үстінде төніп тұрған зеңгір аспан. Ғажап емес пе? Кристина болса, күйеуінің көтеріңкі көңіл ауанына бейімделіп-ақ бағуда.
Бірақ кішкентай Жак тағы да кедергі жасай бастады.
Әкесі салған картинадағы қара мысыққа ұзақ уақыт қимылсыз қарап отырған бала бір кезде өзі ойдан шығарған өлеңін ыңылдап айтуға кіріскен: "Ой, жақсы мысық! Ой, жаман мысық! Ой, жақсы, жаман мысық!" деген секілді. Даусында әлдеқандай жалыну, жабығу сарыны бар еді.
Әуелде жүйкесіне тиіп тұрған не нәрсе екенін ажырата алмаған Клод ақыр соңында баласының білдір — батпағына құлағын тосты да, бірден жекіріп, айқай салды.
— Мысығыңды өлеңге қоспай, өшір үніңді!
— Жак, әкең сөйлеген кезде, үндеме, — деп бір жағынан шешесі келіп қосылды.
— Бұл шынымен-ақ нақұрысқа айналып барады. Басына қарашы, нағыз нақұрыстың кейпі емес пе? Бұған қандай амал бар... Әй, балам, мысық әрі жақсы, әрі жаман деп өлеңдеткенде, не айтпақшы едің? — деп қадалды Клод.
Зәресі ұшып кеткен бала қазандай үлкен басын шайқап отырып:
— Білмеймін, — деп жауап берді.
Дағдарған әке-шешесі бір-біріне қарады. Ал бала қолындағы кітапты бетіне басып, жантая кетті. Үн-түн жоқ, қыбыр етпейді, екі көзі ашық жатыр.
Түннің недәуір мезгілі болып қалғандықтан, Кристина баласын төсегіне апарып жатқызбақшы еді. Клод сұхбатын қайта бастады. Ертең таң алагеуімнен тұрып, бұл ойына алған жоспарын іске асырмақ үшін натурадан жоба — көріністер салуға аттанбақшы екен. Ол үшін қолға ұстап жүретін кішкентай мольберт сатып алуы керек. Бұл жайында біраздан бері ойланып жүріпті. Енді бұған ақша қажет. Мұны естігенде әуелі сасыңқырап қалған Кристина ақыры шынын айтты: соңғы тиын-тебенге бұлар бүгін таңғы астарын ішсе, түскі астарын ішу үшін жібек көйлегін ломбардқа өткізіп жіберген. Клодтың ар-ұяты оянғандай, еңкейіп әйелінің қолынан сүйді де, дастарқан басында — шығарған шатағы үшін кешірім сұрады. Осы бір қараң қалғыр суреттер жолында әке-шешесінен безіп кетуге дайын екенін айтып, мүләйімсіп бақты. Әйелінің ломбардқа барғанын келемеждеп, өзінің кедейліктен қорқа қоймайтынын аңғартты.
— Саспа! — деді. — Менің мына картинам ертең табыс түсіреді.
Кристина бүгінгі бір жайсыз кездесу туралы Клодқа ештеме айтпауға тырысып бағып еді. Бірақ ойда жоқта, түк себепсіз, бірдемеге қатыссыз аузынан қалай шығып кеткенін өзі де аңдамай қалды.
— Вансад ханым дүниеден өтіпті, — деді.
— Оны қайдан естідің? — деп күйеуі таңырқай сұрады.
— Мен ханымның бұрынғы малайымен кездесіп едім... Қазір ол санаттағы мырзалардың біріне айналған әрі жасы жетпіске жақындағанына қарамастан, жас көрінеді екен. Мен тіпті оны танымай да қалғанмын, өзі келіп амандасты... Иә, кемпірдің өлгеніне бір айдан асып кетіпті. Оның артында қалған миллиондары емханаларға таратылып беріліпті. Өзінің бұрынғы малайларына өсиет еткен шағын рентасы да бар көрінеді.
Клод әйеліне жаны ашып, есіркей қарап тұрды.
— Кристина, сен байғұс қазір қатты өкініп отырғаннан саумысың? Мен баяғыда-ақ саған айтқан жоқ па едім: ол кемпір сені күйеуге ұзатып, жасауыңды жақсылап берер еді. Бәлкім, оның мұрагері болып, маған ұқсаған сыйдаммен бірге аштан қатып өлмес те едің.
Клодтың бұл сөзінен соң аздап есін жиған Кристина астындағы орындығын жақындатып, күйеуін бір сәт құшақтап отырды да:
— Мұның не сөз? Жоғ-о, мен ешқашан ақша жайында ойлап көрген емеспін. Ұят-ай! — деп барынша қарсылық ниетін білдіріп бақты. — Менің өтірік айтқан жерім жоқ, оны өзің де білесің. Бірдеңе болса, әлдеқашан саған жеткізер едім. Кемпірдің өлгенін естігенде, қандай халге түскенімді өзім де ажырата алмадым, дағдару ма, қапалану ма, сондай бірдеңе. Әйтеуір бәрі біткен сияқты. Мені туған қызыңдай көрген бейшараны, ауру адам қалдырып кеткенім адамгершілікке жатар ма? Менің мұны жақсылық емес еді, сірә бұдан кейін жолым бола қоймас. Енді сен мені жұбатып әуреге түспе, бәрібір оңбайтынымды білемін.
Осыны айтып Кристина жылап жіберді. Бұдан былайғы өмір — өксумен өтетініне, алдында тек бақытсыз күндер күтіп тұрғанына көзі жететініне сенгендей, бойын әлдеқандай өкініш пен ауыртпалық басып тұр еді.
— Өтінемін. Жылама! — дегенде Клодтың даусы дірілдеп кетті. — Бұрын мұндай шыдамсыз емес едің. Енді неменеге ұсақ-түйекке жүйкеңді тоздырасың? Қорықпа, біз күнімізді көрерміз. Мен тағы да айтамын: менің шығармаларыма қызық сюжеттер тауып бepіп жүрген өзіңсің. Егер сен қарғысқа ұшыраған біреу болсаң, маған осылай бақыт сыйлар ма едің?!
Осыны айтып, Клод күле берген. Оның көңіл аулау үшін осылай бұлталаққа салып отырғанын жақсы түсінген Кристина басын шайқап, әсте-әсте сабасына түсе бастады. Қайдағы шығармалар? Мұның онсыз да азап шеккені аз ба еді? Кеше көпірдің үстінде тұрғандарында бұл қасында ешкім жоқтай, Кристинаны мүлдем ұмытып кетті емес пе? Одан соң да Клод өзгелердің тісі батып түсіне қоюы қиын өнер атты өзгеше әлемнің құшағына кіріп алып алыстап кеткен. Бірақ Кристина бұдан әрі сыр бермей, жұбанған сабасына түскен сыңай танытып, екеуі бұрынғыша құшып — сүйісіп төсектеріне барып құлады.
Кішкентай Жак ештеңені естіген жоқ. Ол қимыл-қыбырсыз оң жақ самайын кітапқа сүйеп, қаннен-қаперсіз ұйықтап жатты. Баланың жіңішке мойны әзер көтеріп тұрғандай көрінетін ауыр қазандай басына шамның көмескі жарығы түседі. Шешесі көтеріп алып, орнына жатқызғанша Жак оянған жоқ.
Клод соңғы кездерде Кристинамен заңды түрде некелесу жайын ойлай бастаған. Бүйтіп бей-берекет өмір сүрудің мағынасыздығын айтып, Сандоз досы да құлағының құрт етін жеп қойды. Бірақ бастысы — Кристинаға жаны ашығандықтан әрі оның алдында күнәларын осындай әдіспен жұмақ болды. Біраздан бері Кристинаны қайғы — қапа басып, мүлдем еңсесі түсіп кет,енді оның көңілін көтеру керек шығар. Өзіне де обал жоқ: ашу қысып, жыны қоза бастаса, жалдауда жүрген малайындай бұл Кристинаға жиі тиісетін болған. Енді, бәлкім, заңды некеге тұрса, кеудесіне сенім ұялаған серігі мұның дөрекілігінен пәлендей зардап қоймас деп ойлады. Рас, Кристина ешқашан неке жайында аузын ашқан емес, бұдан басқа бір еркекке көзін сүзіп қараған жерін де көрген жоқ. Бірақ оның үйлі-баранды Сандоздарға бұрынғыша қатынап тұрудан қысылатынын бұл жақсы түсінетін. Әрі бұрынғыша алыс деревняда тұрмағандықтан, өзгелерден оқшау тіршілік ету қиын екен. Парижде, әрине, елмен араласқан соң, өсек-аяңның ортасында жүресің. Бейсауат еркекпен бірге тұрып жатқан әйел төңірегіндегі әңгімені әсіресе көрші-қолаңдар үдетіп жібергенде, Кристинаның ар-намысы азап шекпеуі де мүмкін емес. Шынында мұның әуел бастан некелесуге қарсылығы жоқ еді, бірақ суретшілердің ежелден мойындарына қамыт кигісі келмейтін қырсық мінезі кедергі жасаған. Ақыры ажырасып кетпейтін болған соң, сірә әйелдің ыңғайына жығылғаны дұрыс шығар. Осы ойын Крис — тинаға айтқанда, байғұстың есі шығып, қуанғаннан айғай салып, мұның мойнына оратыла кетпесі бар ма? Содан апта бойы қуанышқа кенеліп жүрді. Әрине, ол неке салтанаты өтпес бұрын қуанышы су сепкендей басылатынын білген жоқ.
Осындайда сақталуға тиіс жөн-жосықтарды жасауға асықпаған Клодтың кесірінен керекті құжаттар жуық арада қолдарына тие қоймады. Клод этюдтер салумен әуреленсе, Кристина да пәлендей асығыстық танытпады. Асығатын не бар? Неке қағазы бұлардың өміріне тосын жаңалық енгізе қояр ма? Сөйтіп бұлар қалалық басқармада некеге тұруға ұйғарған. Ондағы ойлары — діни дәстүрге қарсылық емес, осылай етсе, үйлену рәсімі әрі тез, әрі қарапайым өтетін секілді көрінді. Енді куәлерді іздеп табу керек еді. Кристинада жақын таныс қыз жоқ болғандықтан, Клод Сандоз бен Магудоны ұсынды. Әуелі Дюбюш есіне түскен, бірақ жолдасымен біраздан бері жолықпағандықтан әрі оны мұндай іске араластырып, беделін түсіргісі келмегендіктен, бұл ойынан тез қайтты. Күйеу жағынан Жори мен Ганьер куәгер болар. Сонда бар оқиға жақын жолдастардың көз алдында өтіп, өзге өсек-аяңға орын қалмайды.
Уақыт өтіп, желтоқсанның қатал қысы да басталды. Үйлену тойы алдында бар қаражаттарын есептеп көрген екеуі қалталарында небәрі отыз бес франк қалғандарына қарамастан, ең құрмаса куәлерге дастарқан жасаудың қажеттігін түсінді. Шеберхана ішін ыбырсытып жібермес үшін достарын Клиши бульварында орналасқан шағын ресторанға шақыруға тура келді. Астан кейін, әлбетте, әркім үйді-үйіне тарап кетеді ғой.
Таңертеңгілік мезгілде, Кристина тойға дайындаған ақсұр жүн көйлегінің жағасын әшекейлеп тігіп жатқанда, киініп — буынып алған Клодтың іші пысып біраз тұрды да, уәдесін ұмытқыш Магудоны іздеп бармаққа бекінді. Күзден бері мұның мүсінші досы Монмартр жағындағы Тийель көшесіндегі шағын шеберханға көшіп алған еді. Оған себеп: біріншіден, пәтер ақысын төлей алмағаны үшін Шерш — Миди көшесіндегі бұрынғы көкөніс сататын дүкеннен қуып шыққан: екіншіден, Шэн екеуі біржола ала жіптерін кесісіп тынғанға ұқсайды. Өйткені суреттен байымайтынына әбден көзі жеткен Шэн саудамен айналысып, қазір Париж төңірегіндегі жәрмеңкелерді жағалап, байы өлген бір жесір қатынның ақшасына құмар ойындарын ұйымдастырып жүр деседі. Оның үстіне, Матильда аяқ астынан жоғалып, дүкенін сатып кетіпті. Бәлкім, өзі әлдеқандай нақсүйерінің қарауында бой тасалап жүрген шығар. Сөйтіп Магудо мүлдем жалғыз қалған әрі кедейлікке белшесінен батқан. Әлдекімдер әлдеқалай ғимараттың қасбетін өрнектеуге шақырса әйтпесе ескі жолдастарының бірі бітіруге айналған жұмыстарына көмекшілікке алса ғана мұның аузы аққа тиіп, жарып қалады екен.
— Мен анаған кеттім, осыным дұрыс шығар, — деді Клод Кристинаға қарап. — Әлі екі сағат уақытымыз бар емес пе? Ерте келгендер күте тұрсын. Қалалық басқармаға бәріміз бірге барармыз.
Клод асығыс жүріп кеткен. Көшедегі суық арғы — бергісінен өтіп барады. Салбыраған мұртына лезде мұз қатып қалды. Магудоның шеберханасы махалланың бір түкпіріне орналасқан еді. Клод бұтақтарын қырау шалған, зираттағы жалаңаш бақтарды еске түсіретін кішкене алаңқайларды кесіп өтіп, анадайдан-ақ Магудо мекен-жайының есігін бірден таныды. Бір кезде Салонда әжептеуір жетістікке жеткен, көлемінің үлкендігінен енсіз баспалдақ бойымен жоғары шығаруға ешкімнің шамасы келмеген жүзім жинаушының осынау алып бейнесі, міне, енді қоқыс жинайтын арбаның артынан түсіп қалған ешкімге қажеті жоқ ескі-құсқы бірдемедей көлденең құлап жатыр еді. Бетін әркімдер талап — тістеп тастаған сорлының төбеден құйған жаңбырдан соң қап-қара сорасы қатып қалғандай көрінеді.
Есік ашық тұр екен. Кіріп келген Клодқа қарап:
— Мені іздеп жүрсің бе? — деп таңырқады Магудо. — Қазір, қазір... қалпағымды киіп алайын. Жоқ, кідіре тұр. Пешті жағып кетуім керек, әйтпесе мұның жыны ұстап қалуы мүмкін.
Күбі — кеспек ішіндегі су мұз болып қатып қалыпты. Шеберхана іші көшедегідей азынап тұр. Магудоның қалтасында көк тиын қалмағандықтан, көмірді үнемдеу үшін ол бір аптадан бері тек таңертеңгілік мезгілде ғана пешін тұтатып, екі-үш сағат жылынып отырады екен. Шеберханасы қараңғы көрге ұқсайды. Бұған қарағанда бұрынғы көкөніс сататын дүкен әлдеқайда молшылық ұясындай көрінетұғын. Енді жалаңаш қабырғалар мен тесік төбеден суық ызғар соғады. Бұрыш-бұрыштарда сырттағы есік алдында жатқан "Жүзім жинаушыдан" кішірек, бірақ нағыз шабыттан туған, кезінде Салонға қойылып, сатып алушылары табылмаған соң иелеріне қайтарылған мүсіндер тұр. Енді бұлар суық қабырғаларға тұмсықтарын бұздырған мүгедектер секілді, шаң басқан, бүлінген шолақ қолдарын көрсетіп, дірдек қағады. Әуел баста жүрек қанымен жаратқан осы туындыларын қызғыштай қорғап, сақтауға тырысқан суретшінің өзі де енді олардың өлім алдындағы жан тәсілімін бей-жай қарайтын секілді. Бірте-бірте сыйқы кетіп, өлі скелеттерге айнала бастаған бұл құбыжықтар сірә суретші қолына балғасын алып, бәрінің тас-талқанын шығарғанша, сөйтіп ауыр жүктен құтылып, еркін демалғанша осылай тұра бермекші.
Әлі екі сағаттай уақытымыз бар емес пе? — деп сұрады Магудо. — Онда пешті жағып үлгіреміз. Мұндай сақтық бізге әбден керек-ақ.
Пешін жағып отырып, әлдекімдерге ашулы мүсінші арызын айтумен болды. Мүсінші деген — ең жексұрын мамандық екен, бізге қарағанда қатардағы тас қалаушының күнкөрісі артық. Мәселен, тапсырыс беруші үш мың франке сатып алуы мүмкін мүсінді жасап шығу үшін мрамор, бронза, балшық... натурщигің бар, өзге де құрал-саймандарың бар, екі мың франк жұмсауың керек екен. Ең жаманы — еркін еңбек ететін орның болмағандықтан, қайдағы бір қараңғы қоймаларды жалдайсың. Содан монументіңнің қуыс-қуыстары көбейіп, шығыңқы іргелері сопайып шығады. Жөндеуге, түзеуге — кең орын жоқ. Жеке кәсіппен күнелтуің тағы қиындап барады. Анда-санда кішігірім бюст пен статуэткаға тапсырыс түсе қалса, бәрібір ауыз жарымайтын бірдеңелер төлейді. Міне, ең абзал, ерлікке пара-пар саналатын мүсіншілік өнердің қазіргі ақуалы осындай. Біздің бір ғана артықшылығымыз — осындай өнермен айналысып жүріп, ертерек аштан өлуге мүмкіндігіміз бар.
— "Суға түскен әйелдің" жағдайы қалай? — деп сұрады Клод.
— Егер мына қақаған аяз болмағанда, оны баяғыда-ақ бітірер едім, — деп жауап берді мүсінші. — Қазір саған көрсетемін...
Пештегі отынның жана бастағанына көзі жеткен соң, үй иесі орнынан көтерілді. Шеберхананың дәл ортасында, төңкерілген жәшіктердің үстінде, қыртыс-қыртыс жерлері аяздан шытынап жарылып кеткен ескі шүберекке тұтастай оранған статуя бой түзеп тұр екен. Бұл Магудоның ертеден қолға алып, бірақ қаражат тапшылығынан іске аспай қалған асыл арманы еді. Әлденеше нұсқаларын жасап, соның біразы осы шеберхананың ішінде шашылып жатқан. Ақыр соңында әбден төзімі таусылған мүсінші темір құрсаулар орнына ағаш арматуралар құрастырып, бұлардың кейін ажырап кетпейтініне іштей үміт артқан. Анда-санда статуяны әрлі-берлі қозғап, оның беріктігін тексеріп қояр еді. Әйтеуір әзірше құлап қалған жоқ.
— Қарғыс атқыр-ай! — деп күйінеді Магудо. — Бұның жылы жерде тұруы керек. Ал бұл мұз сауыт кигендей қатып қалған.
Шынында, мүсіннің көне жамылғышын шетінен ұстағанда, шыныдай сынып шашылып кетті. Мұзы ерігенше күте тұруға тура келді. Содан Магудо асқан ептілікпен статуяны шешіндіре бастаған. Әуелі басын, артынша кеудесін, бөксесін ашып көріп, олардың ешбір бүлінбегеніне — жалаңаш ғашық әйелімен қайтып жүздескендей-ақ, мүсіншінің есі шығып қуанғанын қайтерсіз!
— Иә, қалай екен? Не айтасың?
Бұрындары бұл мүсіннің нұсқаларымен таныстығы бар Клод бірден жауап бермеу үшін сол еңкейіп, үңіле қараған. Жарайсың, Магудо. Сенде ерік күші ғана емес, үндестікті түсінетіндей қабілетің де бар екен-ау. Сенің дөрекі қолдарың тасқа тамаша өрнектер салыпты. Өткен жолғы "Жүзім жинаушылар" деген ебедейсіз дүниеден соң мүсіншіміздің есі кіріп, туындыларының ара салмағын дұрыс мөлшерлеп, сәйкестігін сақтауды үйреніпті, ауыздықтауға көне бермейтін қызу темпераментіне көз алдында көлбең қаққан нәзіктік қосылыпты. Әйелдің апай төсі тартылып, қыз емшекке ұқсайтын дәрежеге түсіпті, дәу бөксесі ұзарып, сыптығыр тартқан. Сөйтіп, суретшінің асыра сілтеу әдісін шын табиғилық жеңе бастаған. Әлі де ауырлау көрінетін "Суға жүзгішіміз" бұрынғыдан әлдеқайда сүйкімді еді. Суыққа тоңған иығы діріл қағып, айқасқан қолдары торсиған омырауын жоғары көтеріп тұрды. Айнала кедейшіліктің ортасында, өзінің әйел туралы аңсаған арманының бір бейнесіндей, туа бітті беті ашылып, тура жолдан таймаған суреткер жігіт әншейінде мазасын алған құмарлық сезімдерін осылай сыртқа шығарыпты.
— Саған, немене, ұнамай ма? — деп ашулана сұрады Магудо.
— О не дегенің? Бәрі керісінше... Меніңше, сен мына нәзік әуендерді өте дұрыс таңдағансың. Осылай сезінгенсің ғой, әрине. Табысқа жететініңе күмәнім жоқ. Бұның жұртшылыққа ұнауға тиіс.
Мұндай мақтауларды жиі естімейтін Магудоның көңілі көтеріліп қалғандай еді. Өз ұстанымдарын сақтай отырып, жұртшылыққа ұнаудан қашпайтынын мәлімдеді.
— Ой, құрып кеткір, саған ұнағаны қандай жақсы болды, Клод! Әйтпесе мұны қиратып тастар ма едім, кім білсін. Енді екі апта жұмыс істесем, одан әрі мұны құйып шығуға керекті ақша табу үшін тіпті сайтанға сатылып кетуге де дайынмын. Шын айтасың ба? Салонда табысқа жетуім мүмкін бе? Бәлкім, медаль алатын шығармын? — деп көңілі қатты қобалжыған мүсінші күліп жіберді. — Егер асықпасаң, әлі де сөйлесіп отыра тұрайық. Оған шейін мына шүберектердің мұзы да еріп бітетін шығар.
Пештің бүйірі қызарып, шеберхана іші енді кәдімгідей ысып кетті. "Суға жүзгіш" мүсіннің де бойына жан кіріп, көк желкесінен төмен ұзын омыртқаларға қарай жылу тарай бастағандай еді. Оның қасында тапжылмай отырған екі дос тілсіз бейнеден көз алмай, оның буын — буынын бұтарлап талдап, талқыға салудан жалығар емес. Мүсіншінің өзі туындысына ғашық көзбен қарап, аялай береді. Тіпті "Суға жүзгіштің" бұлтиған ішін теңіз жәндіктерінің жылтыраған қауашағына теңеп, бұраң белдің бүкпелерін мақтауға кіріскен.
Дәл осы кезде "Суға жүзуші" әйелдің бұлтиған ішіне үңіле қараған Клодтың көз алды бұлдырап, әлденелер елестеп кетті. Кенет әйелге жан бітіп, қозғала бастағандай болды; іші дірілдеп, сол жақ жамбасын көтеріп, ілгері қарай жүруге айналды...
— Бел сызығына дұрыстап қарашы, — деді өзіне риза болып отырған Магудо. — Әй, біраз тер төгуіме тура келді ғой! Денесі нағыз атлас жібекке ұқсайды. Солай ма, шал?
Расында да мүсінге жан біте бастағандай көрінді. Ол бері қарай бұрылып, айқастырған қолын жазып алды, содан кейін терең тыныстап, кеудесін көтере түсті. Кенет басы салбырап кетті де, белі бүгіліп құлап бара жатты — құдды бір басқа амалы таусылған соң, қайғы-қападан морт сынып, жер жастанған тірі пендеге ұқсар еді.
Не болғанын бірден түсіне қойған Клод Магудоның жан даусын естіді:
— Қарғыс атқыр-ай! Құрсаулар шыдамай, сынып кетті. Құрыды бәрі, ойбай!
Пеш қызуынан мүсіннің қатқан балшығы ери бастағанда, ағаш діңгектер қопарылып түсіп, ішкі құрсаулардың сүйектей бытырлап сынғаны естілді. Мүсінші осы кезде құлап келе жатқан өз туындысына қарай құшағын жайып, жақындай берген — соның астында көміліп қалғысы бар ма, кім білсін. Мүсін содан соң әрлі-берлі шайқатылып тұрды да, бел ортасынан қақ бөлініп, ілгері қарай сүйретіле барып гүрс етті. Тақтайларға көлденең қағылған шыбықтардан басқа дәнеме қалған жоқ.
Клод досын құтқармаққа ұмтылды.
— Өй, сорлы! Астында қалып өлмексің бе?
Бірақ құшағын жайып тұрған Магудо міз бақпады. Ол қопарылып құлаған кезде "Суға жүзгіштің" түпнұсқасы бүлінер деп қорыққан екен, сол мүсін енді түп-тура мұның құшағына келіп түспесі бар ма? Магудо сүйіктісінің аш белінен құшақтап, қалш-қалш етеді. Мұның иығына келіп қатты соғылған статуяның керілген кеудесі жалпайып, бұты талтайып, ал басы анадай еден үстінде домалап бара жатты. Мұндай ауыр соққыға шыдамаған досы қабырғаға қарап шегініп, қираған әйел мүсіннің бір бөлшегін құшағына қысқан қалпынша, етпетінен құлады.
— Сорлы-ай!-деп Клод айқайлап жіберді. Ананы өлген шығар деп ойлады.
Тірсегі дірілдеп орнынан әзер тұрған Магудо өкіріп жылап жіберді. Құлаған кезде бетін жарақаттап алған екен, енді көз жасы аққан қанға қосылып, аузы-басын айғыздай бастапты.
— Кедейшіліктің маған көрсетпегені қалды ма? Бүйткенше, суға кетіп өлген артық! Екі темір белдікті сатып алуға шамаң жетпесе, қайтіп жұмыс істерсің? Міне, осы. Міне, осы ғой...
Магудо қайтадан өксіп жылай бастады. — Мұнысы қансырап өлген сүйікті қызының мәйіті қасындағы жоқтау — сықтауға ұқсап кетті. Қирап қалған мүсінді айналшықтап жүрген мүсінші енді әр жерде домалап қалған басты, кеудені, қолдарды, содан соң әлдебір белгісіз дерттің салдарынан жалпиып жайылып қалған емшектің орнын сипалай береді. Көзінен қанды жасы ағып, өкпесі өшкенше тоқтамады.
— Көмектессеңші! — дегенді әрең айтқан. — Бұлай қалдыруға болмайды ғой.
Жолдасына жаны ашығандықтан, Клодтың да көзі жасаурап кетті. Содан бірден жәрдемдесуге ұмтылып еді. Бірақ бұны көмек көрсетуге шақырған Магудо бұдан бұрын қимылдап, мүсіннің қалдықтарын жинауға кірісіп кетті — сірә енді бөтен қолдың араласуынан өзінің қимас мүлкі зиян шегеді деп қорыққан болуы керек. Етпеттеп жорғалап жүріп, сынықтарды жәшікке апарып сала бастаған. Ақырында екеуі мүсіннің күллі қираған сынықтарын жинап бітірді. Құдды махаббаттан жолы оңғарылмай, биік терезеден қарғып өлген жанкешті әйелдің қаңқаларын әзер құрастырып, енді осы кісі көргісіз мәйітті молаға апарып жерлеу керек секілді еді. Статуясының қасына барып, шалқасынан құлай кеткен Магудо жынды адамдай бүлінген дүниесінен көзін алмай, недәуір уақыт қиялға батып, жатып алды. Содан ақыры есін жиып, орнынан түрегелді де:
— Лаж жоқ, мұны енді осылай қисайған күйінде қалпына келтіруге тура келеді, — деп күрсініп қойды. — Әй, бағы жанбаған сұлуым-ай! Сен аяғыңнан тік тұрғанша мен қаншама тер төктім... қандай керемет көрінер едің!
Осы арада Клод асыға бастады. Ay, алдында үйлену тойы күтіп тұр емес пе? Магудоның тезірек киінуі керек. Бірақ мұнда жібі түзу сүрттік те жоқ екен, содан иығына күртешесін іле салды. Қираған мүсінді ескі-құсқы шүберекпен жаба салып, бұлар асығыс жолға шыққан. Арттарында гуілдеген пештің қызуынан тұла бойынан лай сулар сорғалаған ескі мүсіндер қала берді.
Сол беттерімен Дуэ көшесіндегі Клодтың тұрғын жайына келгенде, консьерждің қарауына тастап кеткен кішкентай Жактан басқа ешкімді көрмеді. Күйеуін күтуден жалыққан Кристина қасына өзге үш куәгерді ертіп, әлдеқандай себеппен кешіккен Клод пен Магудоға сол жақта кездеспек болып, қалалық басқармаға кетіпті. Екеуі оларды қалалық басқармаға жақындай бергенде, арттарынан қуып жетті. Бәрі асығып ішке кіргенде, қызметкерлер бұларды салқын қабақпен қарсы алды — сірә кешігушілерді ұнатпаған болуы керек. Қаңырап бос тұрған үлкен залда өткен салтанат бірнеше минуттың ішінде аяқталды. Қала бастығы мұрнының астынан міңгірлеп бірдеңелер сұрағанда, жас жұбайлар әдеттегідей "иә, иә" деп жауап берісті. Қасындағы куәгерлер залдың ұсқынсыз көркін сынап, мазақтап күліп тұрды. Көшеге шыққан соң, Клод Кристинаның қолтығынан ұстады. Осымен бәрі біткен еді.
Көшеде қыдырыстаған кісі көп екен, бұлар солардың арасына барып қосылып кетті. Содан бәрі жаяулап Мартир көшесіне түсіп, Клиши бульварындағы күні бұрын даярланған ресторанға келіп, ас ішуге отырды. Отырыс кәдімгідей көңілді өтті. Бірақ ешқайсысы жас жұбайларды заңды некелерімен құттықтаған жоқ. Бар әңгімелері, бұрынғы кездесудегілердей, оны-мұнының төңірегінен аспады.
Көңілі қатты қобалжыған Кристина ешқандай сыр бермей, бұлардың неке тойларына қатысқан еркектердің, оның ішінде күйеуі Клод та бар, үш сағат бойы Магудоның қайдағы бір қирап қалған мүсіні жайындағы езбе әңгімелерін тыңдаумен отырды. Сол оқыс оқиғаны өз ауыздарынан естісімен, бұлар енді соның егжей-тегжейін сұрауға кіріскен.
Сандоз білгішсіп, әй, бұл керемет драма болған екен деп соқты. Жори мен Ганьер құрсаулардың беріктігін талқыға салып, біріншісі бұған қыруар қаржы жұмсалатынын айтса, екіншісі мықты өзегі бар мүсінді сақтап қалудың қисындарын өзінше тізбелеп кетті. Ал бірден есі шығып, есеңгіреп қалған Магудо әуелде қатты сасып, не істерін білмегенге ұқсайды: буын-буыны сырқырап, бұлшық еттері сіресіп қалыпты, тіпті тастан жаралған әйелдің құшағына кіріп шыққандай, тұла бойы қалшылдап тоңып кетіпті-міс. Шынында оның желкесіндегі қансыраған жарасын Кристина жуып шыққан еді. Енді сол бүлінген статуя бұлармен бірге үстел басында отырып алып, бәрінің назарын өзіне аударғандай көрінеді. Ал Клод болса, қайта-қайта өрекпіп, кеудесі мен жамбасы мұның аяқ астына келіп құлап түскен мүсін жайындағы хикаясын кемінде жиырма мәрте қайталап, әбден әуреге түсіп отырды.
Десерттен соң да әңгіме осы төңіректе өрби берді.
Кенет Ганьер Жоридің сөзін бөліп:
— Айтпақшы, жексенбі күні мен осы сені Матильдамен бірге қыдырып жүргеніңді көрдім-ау... Дофин көшесінің маңында. Солай ма? — деп сұрады.
Жори қызарақтап, әр түрлі сылтау іздей бастаған. Содан танауы желпілдеп, аузы қисайып кетті де, қарқылдап күліп алды.
— Әй, кездейсоқ кездесу болды ғой... әлді — білді, мен ол қыздың қайда тұратынын да білмеймін. Білсем, сендерден жасырып қайтемін?!
— Сонда қалай? Ол қызды ұрлап әкеткен өзіңбісің? — деп Магудо бас салды. — Жарайды, қорықпай-ақ қой, сол қызды саған-ақ бердік. Басқамыздың шатағымыз жоқ.
Расында, айрықша сараң әрі есепқой Жори Матильда үшін бір кішкене пәтерді жалдап алған еді. Күн өткен сайын ол осы күнәхар әйелдің ыңғайына көшіп, тіпті үйленбекші болып жүрген. Ал бұрын әйтеуір ақша төлемес үшін көшедегі кездейсоқ әйелдермен жанасқанды тәуір көретін.
— Әркім өзінің құмарын әрқалай жолмен қанағаттандырады, — деп кешірімпаз Сандоз өзінше философия соғып отырды.
Оған:
— Рас айтасың, — деп аузынан түтіні будақтаған Жори қосылып қойды.
Ұзақ отырыстан соң кештетіп қайтқан тойшылар ең алдымен Магудоны үйіне шейін шығарып салды — оның төсекке ертерек жататын әдеті бар екен. Дуэ көшесінде консьержге қалдырған кішкентай Жакты қастарына алған Клод пен Кристина шеберханаға келіп кіргенде, суықтан денелері қалтырап кеткені соншалық, қараңғыда қарманып жүріп, майшамды әзер жақты. Пешке отын салып, қайта тұтатуға тура келді. Сағат жетінің мезгілі еді. Қарындары тоқ болса да, көже ішуден бас тартқан балаға піскен сиыр етінің қалдығын жегізіп отырып, өздері де аздап ауыз тиді. Содан Жакты төсегіне апарып жатқызып, екеуі әдеттегідей май шамның қасына келіп жайғасқан.
Бірақ бұл жолы Кристина үйреншікті тігін жұмысымен айналыспай, көңілінің қобалжуын жасыру үшін екі қолын тізесінің үстіне қойып, Клодқа қарап, міз бақпай отыра берді. Ал Клод түк сезбегендей, сурет салуға кіріскен: Николай әулиенің су айлағында баржадан әк түсіріп жүрген жұмыскерлер бейнесін нобайлап шығарып келеді. Кристина әp түрлі қиял жетегінде: қилы-қилы жағдайлар, өкініштер есіне түсіп, жаны ауырып, қайғы-мұң жайлап барады; өзінің жападан жалғыз қалғаны, қасында жүрген жарының немқұрайдылығы, бұған көмек қолын созғысы келмейтіні — қасіретке айналды. Мынау бір үстелдің басында, дәл қасында отырған адамның бұдан соншалық алыстап кеткені, бәлкім, Ситэде одан да қашық — шетсіз, шексіз, құйрығынан ұстатпайтын өнер атты сиқырлы әлемде жүргені, енді оны қанша қуса да жеткізбейтіні анық еді. Міне, бірнеше мәрте тілдеспекке әрекет жаса — ғанда, ештеңе естімегендей, жауап берер емес. Отыра — отыра әбден жалыққан Кристина бір кезде орнынан тұрып, ақша санауға кіріскен.
— Әй, бізде қанша қаржы қалғанын білесің бе? — деп сұрады. Клод жауап бермек түгіл, басын да көтерген жоқ.
— Небәрі тоғыз су қалыпты... Нағыз қайыршы болыппыз! Мұны естігенде, Клод иығын қиқаң еткізіп, жекіріп тастады.
— Басымды ауыртпа. Әлі-ақ байимыз!
Бұдан кейін Кристина әңгімені әрі қарай жалғастырудан қорқып, үндемей қалды. Екі көзі үстел үстінде жатқан тоғыз теңгеде. Түн ортасы ауып барады. Күте-күте Кристинаның денесі тоңазып, қалтырап-дірілдей бастады.
— Жатсақ қайтеді? Мен қатты шаршадым, — деп сыбырлады. Қызу жұмыс үстіндегі суретші ештеңені естір емес.
— Пеш те өшуге айналыпты. Суық тигізерміз. Жатайық! Әйелінің жалынышты даусын әзер естіген күйеуі тағы ашу шақырды.
— Барып демала бер. Сені кім ұстап отыр? Көрмейсің бе, мен мына бір дүниені аяқтар алар емеспін.
Клодтың осыншама дөрекілігіне таңырқап, мұңға батқан Кристина әлі де недәуір уақыт күйеуінің қасында қалған. Содан ақыры жұмыссыз әйел мұның жынын қоздыра түсетінін әрі бүйтіп жабыса бергеннен дәнеме өнбейтінін түсініп, орнынан тұрды да, жатын бөлмеге қарай кеткен. Есікті ашық қалдырды. Сағат жарымдай уақыт өтті. Бәрі тым-тырыс. Кристина ұйықтаған жоқ. Бір кезде көз жанарын кең ашып, ең соңғы үмітпен, қараңғы бөлмені басына көтеріп, жалынышты дауыспен айқай салды.
— Ей, менің сүйіктім, бері келсеңші!.. Мен сені күтіп жатырмын. Жалынамын...
Шеберхана жақтан қатты жекіген дауыс естілді. Артынша тым-тырыс болды. Клод әйелін ұйқыға кеткен шығар деп ойлаған. Шеберхана іші мүлдем суып, май шамның күлге айналған білтесі қызарып өшуге жақындады. Ал сурет салуға әбден құныға кіріскен мұның уақытты қадағалауға мұршасы жоқ еді. Сағат екілер шамасында май шамның жарығы өшкен соң, орнынан тұруға тура келді. Жатын бөлмеге барып, ашу үстінде асығыс шешіне бастаған. Сол жерде Кристинаның әлі ұйықтамай, көзі бақырайып жатқанын көріп тағы қитықты.
— Немене, әлі ояумысың?!
— Ұйқым келмесе, қайтемін?
— Әйтеуір бәріне мен кінәлімін. Мені күтпе деп саған жиырма рет айтқан шығармын...
Осыдан кейін Клод қараңғыда әйелінің қасына барып құлай кетті. Кристина қимылдамай тыныш жатыр. Күйеуі қатты шаршағанын байқатқысы келіп, есінеп қойды. Екеуі де ұйықтай алар емес. Бір-біріне ләм деп тіс жармайды. Клод әбден тоңса керек, жайма жамылғыштың ішіндегі аяғы қатып қалыпты. Бір кезде көзі ұйқыға кетіп бара жатып:
— Ең қызығы оның ішіне зақым келмепті... Іші керемет сұлу екен! — деп таңырқап қойды.
Кристина қорқып кетіп:
— Оның кім еді тағы? — деп сұраған.
— Магудоның "Суға жүзуші әйелін" айтамын да.
Бұдан кейін бар шыдамы таусылған Кристина жастыққа бетін басып, еңкілдеп жылай берген. Бұған таңырқаған Клод даусын көтеріп:
— Немене? Неге жылайсың? — деп сұрады.
Кристина көз жасына тұншығып, буынды да қалды.
— Өй, саған не көрінді? Сен ренжитіндей не айтыппын? Қоя ғой, айналайын!
Әйелінің неғып бүйтіп бүлінгенін ақыр соңында түсінген де секілді еді. Әрине, бүгінгідей салтанатты күні екеуі төсекте бірге жатуы керек еді. Бірақ бәрі мұның есінен шығып кетіпті, осындай ақымақшылық рәсім барын ескермепті. Кристина, немене, мұның қызу жұмыс үстінде жүрген кезінде өзін де, өзгені де ұмытатынын білмейді ме екен?
— Қымбаттым-ау, біздің қосылғанымыз бүгін емес... Әрине, сенің тұтас бір роман ойлап тапқаныңды түсінемін. Сен некеге жаңа тұрған адамның күйін кештің. Солай ғой? Менде қасақана ниет жоқ екенін жақсы білесің. Ендеше, еңіреме, қой!
Клод осыны айтып, әйелін құшағына тартқан. Бірақ екеуі қанша өрекпігенімен, бұрынғы ыстық құмарлықтың суып қалғаны мәлім болды. Құшақтарын жазып алып, енді екеуі теріс қарап, бөтен адамдардай үн-түнсіз жата берді. Әуелде табысқан қызу күндердің артынша-ақ орталарына келіп қыстырыла кеткен жат суық сезім тағы да алдарынан кес-кестеді. Бірінің ішіне бірі кіріп шықпаған соң бәрі бекер екен. Қайтып жөндеуге келмейтін бір кеңістік пайда болды. Ері нақсүйерінен айырылып, атүсті қиылған неке бұлардың махаббатының түбіне жеткен секілді еді.
IX
Дуэ көшесіндегі шағын шеберхана ішінде үлкен картина жазу мүмкіндігі жоқ болғандықтан, Клод өзге бір қолайлы ғимарат іздеуге кіріскен. Монмартр төмпесін ұзақ аралап жүріп, ақырында Турлак көшесінің маңынан керегін тапқандай еді. Зиратқа қарап құлайтын еңісте Клиши махалласы мен Женевильер батпағына шейінгі аралық түгел көрінеді екен. Ұзындығы он бес, ені он метрдей кең сарайдың ішінде бұрын бояушының кептіргіші орналacca керек. Нашар қиюластырылған тақтайлар арасынан және сылақтары түскен төбеден жел гуілдеп тұр. Осындай сарайды үш жүз франкке жалдауға тура келді. Әйтеуір жаздың ауылы алыс емес, ендеше қара күзге шейін жұмысын аяқтаса, мұндай қымбат ғимараттан бас тартамын ғой деп есептеген.
Осындай үміт жетегінде қызу жұмыс істеуге құлшынған Клод көшіп қону шығынынан да қашқан жоқ. Егер келешекте табысқа жететіні анық болса, несіне тарылады? Сөйтіп, бұл жылына мың франктей ақша түсіретін рентасын шетінен жарата бастаған. Әуелі бұнысын Кристинадан жасырып жүрді де, көп ұзамай шынын айтқан. Мұны естігенде апта бойы ренжіп әрі қаупін жасыра алмаған әйелі негізгі қорларын жұмсаса, біраз уақыт мұқтаж-дықтан құтылатынын біліп, бірте-бірте көндігіп кеткендей көрінді.
Осылайша арада тағы бірнеше жыл өтті.
Клод суреттен басқа тіршіліктің бәрін жинап қойды. Жаңа шеберханасын асығыс жасақтап шыққан. Бурбон жағалауынан қайдағы бір ескі диванды, қайың ағашынан қиып жасалған ескі үстелді, орындықтарды сатып әкеліп жайғастырды да, өзге сән-салтанатты іздемей, жұмысына шұғыл кірісіп кеткен. Тек жұмысына керекті қозғалмалы буыны бар баспалдаққа недәуір ақша жұмсауға тура келді.
Бұған енді ұзындығы сегіз метр, ені бес метрлік үлкен кенеп мата керек еді. Осының бәрін өзі дайындамақ болып, ең алдымен подрамникке — ағаш қас екіге заказ берді де, тігісі жоқ мол кенеп матаны сатып алды. Содан соң достарының көмегімен әзер дегенде осы кенепті ағаш қас екіге керіп тастап, оны сырлап әуреге түспей, кейін бояулар тез сіңіп кетуі үшін қалақшамен оқ жаға бастаған. Мұндай әдіс суреттің сәнін келтіріп, беріктігін арттыра түспек екен. Әрине, мұндай көлемді дүниені мольберттің үстіне қойып, салып шығу мүмкін емес еді. Сондықтан бетіне күн сәулесі түсетіндей жағдайда, полотноны қабырғаға сүйеп, сәл еңкейтіп ұстау үшін ағаш белдемелер мен арқанды пайдалануға тура келді. Осындай аппақ биік полотноның алдында әлгі баспалдақ әрлі-берлі жылжып жүрмекші. Сөйтіп, болашақ ғажап туындының алды құдды бір жаңа ғибадатхана салынып жатқандай, кішігірім құрылыс алаңына айналып кетті.
Осының бәрі дайын болғанда, Клодтың көңілі тағы қобалжи бастады. Бәлкім, натурада — табиғи ортада болашақ картинасының нұсқаларын салғанда, жарықты дұрыс таңдамаған шығар? Бәлкім, таңертеңгі жарықты таңдауы керек пе еді? Әлде тұманды, бұлтты күннің өзі ыңғайлы ма? Содан бұл Әулие әкелер көпіріне қайтып барып, үш ай бойы сол маңайдан шықпай қойды.
Бұл жерде Клод кез келген уақытта, табиғаттың кез келген құрылымы кезінде өзеннің екі айырымы аралығындағы Ситэ аралын бақылаумен жүрді. Кешігіп қар жауса, ақ тышқан терісіне оранғандай бусанған Ситэ лайсаң, көк бурыл өзеннің үстінен бой көтеріп, қара қошқыл сұрғылт тартқан аспан астында бөл екшеленіп көрінеді екен. Клод Ситэнің көктемгі жылымық күндердің шуағына оранып, биік ағаш бұтақтарында шешек атқан жасыл бүршіктермен бірге жасара түскенін талай тамашалаған. Ал бірде, бұлыңғыр тұман ішінде, ескі ертегі сарайға ұқсаған Ситэ бірте-бірте алыстап, шашырап, жоғалып бара жатқандай әсерде қалдырды. Бұдан кейін нөсерлеп жаңбыр жауып, Ситэ аспан мен жердің арасына тұтылған тұман пердесінің ар жағына жасырынып, жоғалып кеткен. Ал аспанда нажағай ойнап, айналасына жарық түсірген шақтарда Ситэ қола түстес қорғасын бұлттардың соққысына шыдамай, қирауға айналған қарақшылардың үрейлі мекеніне ұқсар еді. Жауын-шашын басылып, ұйтқып жел соқса, Ситэ бұлттан арылған зеңгір көктің астында қайтадан құлпырып, жалаңаштанып шыға келеді. Кейде жарқыраған күн Ситэден көтерілген бұға алтын нұрларын шашып жіберсе, шуаққа шомылған аралға ешбір көлеңке түспей, алтыннан жасалған үлкен әшекейлі ойыншыққа ұқсап бара жатады. Клод Ситэні таң арайлап атқан кезде, үстіндегі тұманды желпіп тастап, анау Орлож жағалауы қызыл сары түске малынып, ал Дез Орфеврдің үстінде көк мұнар ұйып тұрған шақта көруге құмар. Мұндайда Ситэдегі ғимараттардың мұнаралары мен үшкір төбелері алаулаған аспан астында бой көтерсе, түн қараңғылығы биік ғимараттар бойынан, иығынан шапаны ысырылып түскендей төмен қарай ақырын жылжып бара жатады. Суретші Ситэні тапа-тал түс уағында, туралап келген күн шуағы бәрін жұтып қойғанда, содан бар бағасы кеміген қала әлі мекендей тым-тырыс мүлгіп, алыс шатырлар сағым ішінде малтығып, жүзіп, қапырық ауаның ыстық демі естілген тұста да талай тамашалаған. Суретші Ситэні күн батар уағында, өзен үстінен көтерілген түн қараңғылығы айналасын қымтап, тас ескерткіштердің қырына қызғылт шашақтар түсіргенде де, батар күннің жарығы терезе-лерге соғылып, ұшқындар шашырай бастағанда, немесе ғимараттардың қасбет жағында от тесіктер ойнақ салғанда қарап тұруды ұнататын. Клод қашанда, табиғаттың қай кезінде болмасын, Ситэнің құбылмалы бейнесін көргенде, оның сонау қыркүйек айындағы кіші бесін мезгілінде тұңғыш рет мұның назарын аударған сәтіне қайта оралып соға беретін. Сондағы Париж аспанының ақша бұлттар қалқыған айдынының астында жібек желге кеудесін тосып бейбіт маужыраған арал есінен кетер емес-ті.
Сөйтіп бұл Әулие әкелер көпірінің көлеңкесінде әлденеше күндерін өткізді. Тұрақты баспанасы да, мекен-жайы да осы жер болды. Алыстағы күн күркірінің жаңғырысындай доңғалақтары тарсылдаған арба — көліктердің мазасыз шуынан құтылды. Шойын доғалардың астындағы көпірдің тіреуіш жақтауының астына жасырынып отырып алып, әрқилы нобайлар мен этюдтерді сала берген. Бірақ көңілі еш нәрсеге орнықпай, бір жазғанын он рет өшіріп, әуреге түседі. Осы маңдағы кемешілер кеңсесінің қызметкерлері бұны көріп, жандары ашыған болуы керек, солардың ішінде екі баласымен, күйеуімен және бір мысығымен шайыр иісі шыққан оңаша каютада тұрып жатқан қарауылдың әйелі Клодтың әрлі-берлі тасып жүрген, әлі бояуы кеппеген суреттерін сақтап беруге келісті. Париждің іргесіндегі, төбесінен үлкен қаланың дабыра — шуы бәрібір естіліп жатқан осы бір қуыс жер әзір суретшінің жайлы мекеніне айналып тұрды. Институт махалласының дәл ортасына орналасқанмен, қызу тіршілігі толастауды білмейтін әулие Николай су айлағы алыстағы теңіз портын еске түсіргендіктен, Клод бұл суретке де бауыр басып кетті. "София" атанған көтергіш кран шашылып жатқан тастарды жинап, әрлі-берлі мойнын созып қояды. Арбаларға топырақ артылуда. Адамдар мен хайуандар бар күштерін жинап, өзенге қарай құлаған жайпауыт тас көшелер бойымен әp түрлі қапшықтарды сүйрелеп, гранит жағалауларда тұрған жалпақ қайықтар мен ескекті кемелерге апарып тиеп жатыр. Осы көріністерді бұл апталар бойы этюдке түсірумен болды: гипс арқалаған, шаң басқан жұмыскерлер арттарына аппақ іздерін қалдырып барады, ал олардың қасында үстіндегі жүктерінен босаған дәу баржа тұр, биік жағалауға сия түстес қою көлеңке түсіпті. Бұдан соң Клод сол жағалаудағы суға түсетін жаппаның нобайын салуға кіріскен. Ар жағында терезелері ашық кіржуғыш қайық көрінеді, оның үстінде суға еңкейіп, кірлерін ағаш қалақтармен ұрғылап жатқан әйелдер тізбегі. Бірде мұның көзіне ескегін жылдам сермеген кемешісі бар жалпақ қайық ілінді. Оның артында желкенін көтерген, пәленбай бөшке мен ағаш артылған сүйретпені шынжырлап тартқан бұқсир келеді. Осының бәрін жалпылама көрініс ретінде пайдаланған суретші енді полотноның жеке бөлшектерін әрлеуге кірісті: Сенаның екіге айырылған тұсы, күн нұрына шомылған мұнаралары мен шошақ төбелері ғана көрінетін биік зеңгір аспан. Көпір астындағы тау үңгіріне ұқсаған оңаша мекенінде ешкім мұның мазасын алмағаны қандай ғанибет болды десеңізші! Қолдарына қармақ ұстаған бейсауат балықшылар да бұл жаққа көз қырын салар емес. Мұның жалғыз серігі — күнде таңертеңгілік күншуаққа шығып алып, маңайындағы қарбаласқа ешбір мән берместен, үсті-басын сипалап жуынып-тарана бастайтын анау қарауылдың қара мысығы еді.
Ақыр соңында барлық сызбалар дайын болды. Қалған уақытта Ююд картинаның жалпы композициясын да жасап бітірді: осылай болашақ ұлы шығарманың бастауы дүниеге келді. Осыдан соң-ақ Турлак көшесінде суретші мен оның зор мақсат-мұраты арасындағы алғашқы айқас басталып, жаз бойына созылып кетті, бұлай созылатын себебі — Клод болашақ картинасын алдын ала бөлшектеп тастаған еді. Сол есебі дұрыс болмай, қайта-қайта қателесе берді. Мұндайда бұл жөндеп — түзетуді кейінге қалдырып, күні бойы баспалдақтан жерге түспей, қолындағы үлкен қыл-қаламына да, өзіне де тыным бермей, тау қопарып тастайтындай қызу қайратпен, ерекше құлшыныспен еңбегін жалғастырған. Кешке жақын шаршап-болдырып бітетіні соншалық, ас ішуге шамасы келмей, төсегіне барып құлайды. Мұндайда әйелі күйеуін жас балаша бәйек болып, күтіп-бағар еді. Ақыры осындай қажымас қайраттың нәтижесінде тұтас бір эскиз — әлі де толық айырымын таппаған нәзік бояулардың өзінен нағыз данышпан шебердің қолтаңбасын танытатын туынды дүниеге келді. Клодтың жаңа картинасын көруге соққан Бонгран бұны құшағына алып, шын ниетімен құттықтау айтты. Бонгранның көзінде жас бар еді. Ал Сандоз болса, Клодтың құрметіне кішігірім дастарқан жасап, арнайы атап өтті. Жори, Магудо, Ганьер секілді достары жалғанға жаңа шедевр келгендігі жайлы жарнамалап жатты. Әуелде сол сасыңқырап қалғандай көрінген Фажероль артынша есін жиып ала қойып, мынандай шектен шыққан тамаша сурет авторын құлшына қызу қошеметтеуге кіріскен.
Сол жағымпаздың өтірік мадағы бірден Клодтың жынына тимесі бар ма: Фажероль кеткеннен кейін мұның қолы жүрмей, кібіртіктеп қалды. Бұрын да сөйтуші еді: бойдағы бар қажыр-қайратын жұмсап, өлермендікпен жұмыс істегеннен кейін біраз уақыт берекесі қашып, божырап кететін, бір нәрсені аяғына жеткізе алмай шаршайтын. Екі жыл бойы ол осы картинамен арпалысумен болды емес пе? Бойдағы барын сарқып жұмсап, біресе көңілі көкке өрледі, біресе етпеттеп жерге құлады — мұндайда көңілін күдік жайлап, қайғы-қасірет шекті, тіпті емханада жатып өлуге айналған аурудан жаман қиналды. Салонға қатысуға екі мәрте кешікті. Әр жолы екі-үш сеанстан соң картинасын біржола аяқтамақ болғанда, кішігірім кемшіліктері көзге ұрып, соларды жөндеумен жүріп, бүткіл композициясын бүлдіргендей көретін. Салонның үшінші мәрте ашылатын күні жақындағанда, Клодтың жігері мұқалғаны соншалық, екі апта бойы Турлак көшесінің маңына жоламай қойды. Ақыры лаж жоқ шеберханасына келіп кіргенде, ол өлім жайлаған мүрдеханадан шыққандай, қатты шошыды. Содан үлкен полотноны қабырғаға теріс қаратып қойды да, баспалдақты бұрышқа қарай итеріп тастады. Егер жүрегі дауаласа, осының бәрін бұзып — қиратып, өртеп те жіберер ме еді... Ашу-ызасы құйын болып соқты. Мұндай үлкен жұмыстар қолынан келмейтініне көзі жетсе, ұсақ-түйекпен айналысқанның өзі артық емес пе деп ойлаған.
Содан кішігірім бірдеңе салмақ ниетімен тағы да өз ықтиярынан тыс Ситэге келген. Шағындау кенептің бетіне ортаң қол пейзаждың суретін түсірсе қайтеді. Бірақ әлденеден ұялғандай, Әулие әкейлер көпірінің астындағы бұрынғы орнына баруға жүрегі дауаламады. Бұл бір киелі мекен секілді еді. Әлі аяқталып бітпеген ұлы шығармасының бастау алған жеріне қайтып барып ластаудың ретін таппады. Содан әулие Николай су айлағынан жоғарырақ жердегі жағалаудың бір шетіне барып жайғасты. Енді шектен тыс үлкен полотноға қажетті құйтұрқылармен басын қатырмай, тура табиғаттың өзінен көшіре беруге болатын еді. Осындай қарапайым әдіспен мұқият жазылған мұның шағын картинасының бәрібір бұрынғыша маңдайы ашылмай қойды: төрешілер алқасы "маскүнемнің сыпырғысымен" салынған пейзажды қабылдамай, кері қайтарды. Клод мұндай шапалақты күтпеген әрі мұның сыртынан картинасын өткізу үшін Академия мүшелерімен келісімге барып, шегіншектей бастапты деген өсек-аяң тарай бастағандықтан, өте ауыр алған. Ызадан жарылып кетуге айналған суретші сонда көзінің жасы сорғалап жүріп, көрмеден қайтқан суретінің пәре-пәресін шығарып, пешке салып жағып жіберді. Өгей дүниесінің өстіп біржола көзін құртты.
Келесі жылы да Клод ізденуден танбады. Әдеттегідей бір суретін бастайды да, оны аяқтап үлгірмей жатып, басқасына кіріседі. "Өзімді жоғалтып алып, іздеп жүрмін" деп қалжыңдайды. Ұзақ рухани дағдарысқа түскен кездердің өзінде де өзінің даныш — пандығына сенген ішкі сезім қолтығынан демеп жүрді. Әрдайым тауға қарай өрмелеген тасы кері қайтып, жаншып кеткендей, сарсаңға түседі. Бірақ келешектен үмітін үзген жоқ. Күндердің бір күнінде осы зілмауыр тасты қос қолдап ұстап, жұлдыздарға қарай лақтыратынына сенімі кәміл. Ақыр соңында Клодтың достары мұның шабытына қайта мініп, Турлак көшесіндегі шеберханасының есігін тарс бекіткенін естіді. Бұрындары бір жұмысын аяқтап үлгірмей, келесі жұмысы туралы қиялдай бастайтын Клод бұл жолы Ситэ тақырыбына түбегейді кіріскендей көрінді. Алдынан кесе көлденеңдеп шықпай қойған кедергіні бәрібір жеңуі керек. Содан көп ұзамай қажыр-қайраты қайыра тасқындап, іздегенін тапқаны жөнінде жас балаша қуанып, айқайлап, айналасына жария етуге кірісті, өйткені ол бұдан кейін табысқа жететініне бек сенімді еді.
Бір күні таңертең, соңғы кездерде есігін тарс жауып жүрген Клод Сандоз досын қуана қарсы алған. Сандоз сонда табиғи көшірмеден емес, қиялдан туған, нағыз шабыттың жемісі, колорит жағынан Клодтың бұрынғы жазғандарынан асып түсетін эскизді көрді. Оқиға желісі бұрынғыша: сол жақта — әулие Николайдың су айлағы, оң жақта — шомылғыштар, арғы жағында — Сена өзені, Ситэ аралы. Ал бірақ кемеші жүргізіп келе жатқан шағын сүйретпе баржаның орнына үлкен қайық салыныпты да, бұл бүткіл композицияны өзгертіп жіберіпті. Енді осы үлкен қайықтың үстінде үш әйел отыр: су шомылғыш костюмін киген біреуінің қолында ескек; көйлегінің омырауы ашық, жалаңаш иықты екіншісі аяғын суға батырып рақаттанса, тұмсықтағы жалаңаш әйел күн нұрының астында керіліп, тұла бойын жасырмай көрсетіп тұр.
— Тоқта! Мұның бәрін қайдан тапқансың? — деп сұрады Сандоз. — Мына әйелдерің не істеп жүр?
— Суға шомылуға келген ғой, — деп байсалды жауап беруге тырысты Клод. — Жаңа ғана судан шыққандары көрініп тұрған жоқ па? Ендеше менің бұларды жалаңаш салуға мүмкіндігім бар. Тауып кеттім емес пе, о? Әлде сен қарауға ұялауысың?
Клодтың сырын білетін ескі досы оны ескі әуеніне қайта түсірмес үшін бірден бәйек болып:
— Жоғ-ә, о не дегенің? Маған ұнайды. Бірақ жұртшылық тағы да ештеме түсінбей жүре ме деп қорқамын. Париждің дәл ортасындағы жалаңаш әйелдер оларға шындықпен санаспайтындай көрінуі мүмкін ғой.
Клод өтірік таңырқап:
— Ә, солай ма? Сөйтер ме екен? — деді. — Онда өз обалдары өзіне! Маған бәрібір! Менің сұлуларым жақсы жазылса, жетіп жатыр. Өзіме деген сенімімді қайтару үшін керск осының бәрі... Ұғамысың?
Өз ұстанымына берік Сандоз бәрібір логикалық жүйелі пікірінен бас тартпай, келер күндерде әлгі бір түрлі көрінген композиция жайына сыпайылап қайта айналып соққан. Өмір шындығына жүгінетін мақтаулы суретші қалайша ойдан шығарылған көріністерді тықпалап, шығармасының сиқын кетіреді? Жалаңаш денені бейнелейтін басқа қисын табуға болмас па еді? Бірақ Клод қасарысып, ештеңеге көнер емес, бет алды лағып, өзінікін дұрыстай береді. Өйтіп қасарысатындай себебі де бар. Өйткені мұның өзі де әлі символизмге қарай жетелеп, романтизмге шомылдырып жүрген ішкі сезімдер арпалысынан құтыла алмай, азап шегулі еді. Құмарлық пен күнәқарлыққа толы жалаңаш, сұлу әйел денесі арқылы Париждің шын бейнесін жасауға ұмтылуы — бұлдыр қиялдың жемісі екенін анық мойындағысы жоқ. Бұл суретте Клод ең алдымен өзінің ішкі құмарлық сезімдерін де шиырлайды: шығармашылық қайнар көзі сарқылып қалмас үшін қашанда осылай ұрпақ-ұрық жасырынған жалаңаш қарындар мен бөкселерді, биік кеуделерді салуға деген құштарлығын, махаббатын көрсетуге тырысып бағады.
Бірақ Клод сыр бермей, досының дәлелдеріне құлақ асатындай сыңай танытып:
— Жарайды. Ойланып көрейін, — деді. — Бәлкім, сені ұялтпас үшін бұл сұлудың үстіне бірдеме кигізермін. Бірақ осындай жалаңаш күйінде қалдырсам қайтеді? Осынысы қызық емес пе, ә?
Бұдан соң әлдеқандай құпия қасарыспа мінезге басып, Клод бұл тақырыпқа қайта айналып соққан жоқ. Ал таныстары арбалар мен адамдар қаптап жүрген әулие Николай су айлағы мен Сенаның бұрқыраған толқындары арасында пайда болған керенау — кердең Венераға таңданыс білдіре бастаса, бұл басын тұқыртып, ыржаңдап күле береді.
Көктем шықты. Клод тағы да бір картинаға кіріспек еді, бірақ Кристинамен ақылдаса келіп, от басының қам-қарекетінен туындайтын өзгеше шешім қабылдауға тура келді. Кристина рента есебінен алып жүрген қаржы-қаражаттың азайып бара жатқанын талай ескерткен. Әуел баста қорлары әзір таусылмайтындай көрінген соң, пәлендей есеп-қисап жүргізбепті. Арада төрт жыл өткенде, бұларға тиесілі жиырма мың франктен үш мыңы қалғанын білгенде, зәрелері ұшып кетті. Содан сасқандары соншалық, күнделікті ішетін ас-ауқаттарын да үнемдеп, Дуэ көшесінде жалдаған пәтерлерін де тастап шықты. Енді екі пәтерді жалдап тұруға шамалары жоқ еді. Турлак көшесіндегі қабырғалары алабажақ жаңа мекендерінде үш адам сыярлық орын табылады емес пе? Дегенмен, ұзыны он бес, ені он метр келетін ескі сарай цыгандардың шатыры секілді бір-ақ бөлмелі болғандықтан, оны отбасы жайлайтын жылы мекенге айналдыру үшін біраз жұмыс істелуі керек-ті. Сарай иесі жөндеуден бас тартқан соң, Клодтың өзі кірісіп, тұрақтарының арасын тақтаймен бөліп тастап, асхана мен жатын бөлмесін жасап шықты. Күн суықта төбелерінен жел уілдеп, шатырдан аққан жаңбыр суының астына қыш құмыраларды қойып жан сақтағанмен, ерлі-зайыпты екеуі осы тіршіліктеріне де қанағат еткен. Қаңыраған бос бөлменің қабырғаларына жұпыны жиһаздарын апарып жинап қойды. Сонда да жолдастарына кішкентай Жактың емін-еркін ойнауға орны бар кең жайға жақсы орналасқандарын айтып, мақтанып жүрді. Жак байғұстың жасы тоғызға келгенмен, бойы өспей, қазандай басы домалап қала берді. Мектепке барғанда, сабақтан дәнеме ұқпай, шаршап-шалдығып, ауырып-сырқап, бір аптадан соң үйіне қайтып келер еді. Содан ол үлкендердің аяғына оратылып, бір бұрыштан екінші бұрышқа қарай сенделіп босқа жүреді де қояды.
Біраздан бері күйеуінің күнделікті шаруасына араласудан тыйылған Кристина енді сағаттар бойы оның қасынан шықпай, көмек көрсетумен болды. Қолына пемза — арнайы іші кеуек тас ұстап, холсты әрлеп, жонғылауға жәрдемдеседі, ақыл-кеңестерін айтады. Бірде төбеден су сорғалап, жылжымалы саты майырылып қалды. Клод сатыны емен белдіктермен бекіте бастағанда, Кристина оған керекті шегелерді әперіп тұрды. Бәрі оңдалып, суретші жұмысына қайта кіріскенде, әйелі оның арт жағынан келіп, Клодтың кенеп бетіндегі шаршыларға жаңа эскиздерді түсіре бастағанын ұзақ уақыт қызықтаумен болған. Содан ақыры әлі бітіп, еденге отыра кетті де, бәрібір мойнын созып жоғары қараудан танбады...
Әй, шіркін, қолынан келсе, күйеуінен айырған осы бір живопись дегеніңді лақтырып тастар еді. Соның кесірінен бұл қара жұмыс істейтін үй қызметшісіне айналмады ма?! Рас, Клодпен қатар тұрып, үшеуі-ол, өзі, картина — қайтып қосылғанда, жаңа үміт пайда болды. Бұрындары Дуэ көшесінде жалғыз қалып, талай еңіреп жылағанда, ал күйеуі ойнас қатынының қойнынан әзер босанғандай шаршап-шалдығып үйге жеткенде, қарсылық көрсетіп, күресуден пайда жоқ секілді еді. Ал енді күні-түні қасында жүргендіктен, мұның лапылдаған сезімі оның бетін бері қарай бұрмас па? Әй, осы бір живопись дегені әбден сор болды-ау! Бұл неғылған жексұрын нәрсе еді. Бұл, әрине, бір кезде өзі де акварель бояумен шатпақтап бірдеме салатын тоғышар жанның еркіндікке, ерлікке, ерендікке толы өнерге деген қарсылық ереуіліне ұқсамайды. Әуелі суретші жігітке ғашық болып, соның арқасында жарқын сәулелер мен алтын бояулардың ойынын көрген Кристина бірте-бірте шын өнердің қасиетін түсіне бастаған. Қазір ол қызыл күрең топырақ түстес бояуларға, көгілдір жапырақтарға шошына қарамайды. Бір кездерде сұмдық тұрпайы көрінген суреттерге енді таңырқап, тамсанып жүреді. Бұл дүниелер — келемеждеп күлуді көтермейтін құдірет екенін сезе бастаған. Осылай тамсанып — таңырқаумен бірге Кристинаның ішін ыза кернеп кетеді: отының басына емін-еркін кіріп алып, күйеуінің барлық ынтызар көңілін өзіне аударған бөтен "әйелге" өзі қолдан көмектесіп жүргеніне қатты қорланады.
Сөйтіп меңіреу-мылқау күрес жалғаса берді. Кристина Клодтың қасынан кетпей қойды. Суретші салған полотноның әр тұсынан бірде мұның қолы, бірде иығы қылаң береді. Өйтпегенде қайтсін: дәл қасында мен сендікпін деп қайта-қайта есіне салып, өліп-өшіп демігіп әйелі тұрса. Бұдан кейін Кристинаның басына тамаша бір ой келе қалмасы бар ма: оған жақындай түсу үшін, сонымен бірге шығармашылық азаптан өту үшін неге өзі де жаза бастамасқа? Сөйтіп, үстіне қарапайым кеудешесін киіп алған Кристина ай бойы ұстазының қасында жаттыққан шәкіртке ұқсап, оның салған этюдтерін көшіре берген. Жұмыс үстінде ерінің бұған әйел деп қарамай, кәсіптес жолдасындай қатал талаптар қоятынын байқап, ал мұның өзі түптің түбінде жақсылыққа апармайтынын сезген соң, бұл ниетінен бас тартуға тура келді. Өзге амалы жоқтығына көзі жеткендіктен, бұрынғы әуеніне қайтып оралды.
Клод соңғы картиналарындағы ұсақ кейіпкерлерді салған кезде бірде Кристинаның басын, бірде оның қолын, бірде оның дене қозғалысын көшіріп жүрді. Кейде әйелінің иығына плащ секілді бірдемені іле салып: "Қозғалмай, тыныш тұр!" деп айқай салар еді. Кристина еріне осылай қызмет көрсеткеніне қуанғанмен, жалаңаштанып шешінуге қарсы болатын, өйткені заңды әйелдің натуршыға айналғанын ар-намысын қорлағандық деп біледі. Ал келесі жолы суреттегі әйелдің жамбасының ойқы-ұйқыш жерін анықтау үшін мұның шешінуі керек болғанда, Кристина әуелде қарсылық көрсеткенмен, күйеуі есіктің кілтін екі рет бұрап қайтып келгенде, көйлегінің етегін ептеп көтеріп тұруға келісімін берген. Әйтеуір кейін осы полотноны тамашалаушы таныстары мұның жалаңаш тәнін көріп, байғұстың қандай дәрежеге шейін құлдырағанын айтып жүрмесе жарады. Өйткені Клод пен оның жолдастарының әне бір суретшінің картинасын мазақтап, сырттай келемеж еткенін естіген. Олардың айтуынша, сол байғұс буржуаның талғамынан шығу үшін өз әйелін тыр жалаңаш шешіндіріп қойып, түгін қалдырмай көшіре беріпті. Еріккен париждіктердің осы картинаны егжей-тегжейлі зерттегені соншалық, енді алқымына шейін жағасын көтеріп алып, ұзын қара көйлек киіп жүретін әлгі әйелді көшеде көрсе, оны үстінде лыпасы жоқ қала аралаған кезбедей мазақтап, өсекке танатындар көбейіп кеткенге ұқсайды.
Ал Клод көмірлі бояумен картинасының дәл ортасына түрегеп тұрған әйелдің, болашақ орталық кейіпкердің нобайын сызып түсіргенде, бұрынғы күдік-күмәннің барлығын кейінге ысырып тастаған Кристина осынау бұлдыр нұсқаға қайта-қайта қызығып қарай берген. Клод натуршы жалдаудың қажет екенін айта бастағанда, бұл ойламаған жерден өзінің көмек көрсетуге әзір екенін жариялады.
— Солай ма? Сен жалаңаштануға дайынбысың? Мұрныңның ұшын салуға рұқсат сұрасам, ашуланып қалатын едің ғой! — деп таңырқады Клод.
Кристина қысыла күлімсіреді.
— Мұрынның ұшы... Қайдағыны қозғайды екенсің? Баяғыда екеуміздің арамызда ештеңе жоқ кездің өзінде сенің әлгі "Пленэрің" үшін көркімді көрсетіп отырған мен емес пе едім? Жалдаған әйелің сенен әр сеанс үшін жеті франк сұрайды. Біз ондай бай адамдар емеспіз. Ендеше үнемдегеніміз дұрыс емес пе?
Үнемдеу жайындағы әңгіме Клодқа бірден ұнады.
— Мұндай ерлігің үшін саған мың да бір рахмет. Мен рақаттанып кірісемін ғой... Әрине, өзің білесің, менімен бірге еріншектер жұмыс істей алмайды. Бәрібір жарадың! Бірақ, шыныңды айтшы, басқа бір әйел табылады деп қызғанасың ғой, ә?
Қызғаныш па? Қызғанған қандай — жарылып кете жаздайды. Бірақ өзге әйелдерде мұның не шаруасы бар? Тіпті Париждің бар сұлуы осында келіп, көйлектерін шешіп тастасын. Шынында Кристинада күйеуін соңына ертіп әкетіп жүрген сурет өнерінен басқа күндес қалған жоқ. Керек болса, үстіндегі әмбе лыпасын, сабақты жібін қалдырмай шешіп, әбден жалаңаштанып алып, айтқанына көне беруге әзір. Ері мұның құшағына қайтып келіп құлауы үшін осылай күн демей, апта демей жалаңаш отыра беруге біржола мойынсұнуға бейілді еді. Оны жеңіп, қызықтырудың өзге жолын білмейді. Жалаңаш денесін саудаға салған осы әрекеті, ең соңғы майданы дұрыс па, бұрыс па? Әлде бұдан кейін бар абы — ройынан айырылып, бар үмітін жоғалтқан әлдебіреуге айналмақ па? Жеңіліс тапса, солай болуы әбден мүмкін.
Қуанышы қойнына сыймаған Клод Кристинаны жалаңаштап, әдеттегідей қажетті қимыл-қозғалысқа келтіріп алды да, болашақ картинасының нұсқасын сызуға кірісті. Жакты мектепке шығарып салып, өздері шеберхананың есігін тас бекітеді де, сағаттар бойы жұмыс істейді. Алғашқы күндерде тікесінен тік қимылсыз тұрудан шаршаған Кристина бірдеңе айтуға Клодтан қорқып, барынша шыдап бақты. Клодтың әр нәрсеге көңілі толмай, жекіре бастаса да, көзінің жасын көрсетпеуге тырысады. Бірақ бірте-бірте бәріне үйрене бастаған. Ал Клод ежелгі дағдысына басып, бұған ақы төленетін қарапайым үлгі — модельден бетер қатал талаптар қойып, азапқа түсірді — әйелім екен-ау деп аяйтын түрі жоқ. Мұның жағдайымен санаспай, минут сайын шешіндіріп, біресе қолын, біресе башпайын, әлдеқандай өзге детальдарын салып әуре-сарсаңға салумен болды. Әйеліне дүкенде тұрған тірі манекен секілді қарайтын кәсіптің түрі осы екен. Кейде құмыра мен көзені қатыстырып салатын натюрмортты әурелегендей, қылқаламын көзінің алдында шошаңдатып тұрып алатынды шығарды.
Клод асығар емес. Орталық бейнені салуға кіріспес бұрын бірнеше ай бойы Кристинаны әуреге салып қойды. Сондағы — әйелдің жиырма түрлі жүріс-тұрысын бақылап, оның дене құбылымын зерттеп білуі керек екен. Ақыр соңында орталық кейіпкердің тұтас нобайына қызу кірісетін айтулы күн де туды. Бұл кезде таңертеңгілікте күздің ызғарлы желі соғып, пеші гуілдеп жанып тұрған айлапат шеберхананың ауасы да кең, таза еді. Кішкентай Жактың талма ауруы ұстап, мектепке бармай қалды. Әке-шешесі оны бөлменің тақтаймен қоршаған бір бұрышына апарып қамап тастаған. Кристина қалтырап-дірілдеп әрең шешінді де, пештің қасына барып тұрды; содан демін ішіне тартып, міз бақпай қалған.
Биік сатыға шығып алған суретші бір сағат бойы тіл қатпай, Кристинаның тұла бойын көзімен тінтіп, иығы мен тізесінің арасын зерттеумен болды. Өзін осыншама азапқа түсіретін не нәрсе екенін — шеберхана ішіндегі суық ызғар ма, әлде көптен бері соңынан қалмай ілесіп келе жатқан сары уайым ба — соның ешқайсысын анық ажырата алмаған Кристина есеңгіреп, есінен адасуға шақ тұрды. Содан ұйып қалған аяғын әрең қозғап, бірнеше қадам ілгері жылжығанда, әлсіздіктен теңселіп те кеткен.
— Немене, шаршадың ба? — деп таңырқады Клод. — Жарты сағаттан артық уақыт өткен жоқ қой. Әлде жеті франк ақша тапқың келмей ме?
Қалжыңдағаны секілді, бірақ даусы қатқыл естілді. Бәрінен де жұмысын жоғары қоятын адамның мінезі. Кристина үстіне пеньюарын — іш көйлегін жамылып, кетпекке ыңғайланғанда:
— Ей, еріншек болма! — деп Клод тұрпайы дауыспен айқай салды. — Ей, бүгін керемет күн емес пе? Мен бүгін өзімнің данышпан екенімді дәлелдеймін, не өлемін!
Бұдан кейін лажы жоқ Кристина бұрынғы орнына барып тұрды. Ал анау қолына қылқаламын ұстап, жарықтың көмескі екеніне қарамай, әдетінше жұмысы жүре бастағандағы мінезімен әр нәрсені айтып дабырлай береді.
— Сенің жалаңаш денең шынында да керемет екен! — дейді. — Жарықты бойына сіңіріп барады... Сенің таң алдында бүгін сұп-сұр көрінетініңе кім иланар еді? Өйткені кеше сен қызғылт тартып тұрғансың. Иә, йә, райхан гүліне ұқсап... Бұл маған кедергі келтіреді, алдын ала білмеген соң...
Суретші аз тыныс алып, көзін қысып қарайды.
— Жалаңаш дене, дегенмен, қызық нәрсе... Картинаның үйлесімді шығуы соған қатысты. Сәулелер ойнап, ұшқындап өзінше өмір сүріп жатпас па? Бұлшық еттер бойымен жылжыған ыстық қанды көріп тұрғандайсың. Айтпақшы, күн нұрына шомылған осы бұлшық еттердің діріл — қимылы жап-жақсы жазылыпты. Бұдан артық не керек? Керемет емес пе? Ал мен... жалаңаш әйелдің сұлу денесі алдында тізерлеп, өмір бойы тағзым етіп өтуге даярмын. Менде өзге дін жоқ...
Содан төменге түсіп, бояу құтысын әкелмес бұрын Клод Кристинаның қасына келіп, асқан құмарлықпен оның жалаңаш тәнінің әр жерін шұқылап көріп тұрып:
— Мұнда қарашы, мынау сол жақ кеудеңнің асты ғажап қой! Кішкене тамырлар көгістеніп, теріні құлпыртып жіберіпті! — дейді. — Ал екі бұттың арасындағы алтындай бұйраланған қуыс көлеңке... тіпті есіңді шығарады. Ал мына дөңгеленген іштің астындағы кіндіктен төмен түскен тап-таза борбай күмістей жарқырайды. Әйелдің іші — әрқашан менің шабытымның қайрағы. Мен оған жайбарақат қарай алмаймын. Қолыма дереу қылқаламымды ұстап жаза бастауым керек. Өйткені адам тәнінің тәжі сол!
Бұдан кейін суретші баспалдақпен жоғары қарай көтеріліп, шабыт қызуымен тағы айқай салды.
— Бәрі құрып кетсін! Егер мен осы жолы үздік дүние жасай алмасам, нағыз топас болғаным! — деді.
Кристина үндеген жоқ. Бірақ күйеуінің өзіне деген сенімі молайған сайын мұның мазасы кете бастады. Өзіне ыңғайсыз жағдайда қозғалмай тұрып, осы екіұдай жалаңаш тіршілігінің түптің түбінде опа бермейтіндігін ойлап, қатты қауіптенеді. Клод әр жолы мұның жалаңаш мүшелеріне қолын тигізсе, тұла бойы түршігіп, қалшылдап — дірілдеп шыға келетін болды. Мұндай тәжірибесі құрып кетсін. Келешектен не үміт қалды? Өйткені бұрын өліп-өшіп сүйетін жалаңаш денеге суретші енді шығармасының өзегі ретінде елпектеп, бас ұрады екен. Кеудесіндегі терінің нәзік бояуларына сұқтанып, жалаңаш іштің сызықтарына есі кетіп қарайды. Ал бұрын соқыр құмарлықтың жетегінде, ештемені зерттеп — білмей-ақ, бірден ыстық құшаққа кіріп, екеуі де майдай еріп жүре беруші еді. Енді оның бәрінің біткені шығар. Мұның ешкімге керегі жоқ болғаны. Клод өзінің өнері мен өмірінен басқа ештемеге қызықпайды. Кристина бәрібір іші толған құса-шерге қарамай, көзінің жасын әзер тыйып-жылауға да шамасы жоқ еді — алыс қиырдан көзін алмай, тас бейнедей қалшиып тұра беруден танбайды.
Кішкентай Жак есікті жұдырығымен ұрғылап, далданың ар жағынан айқай салды:
— Мама, мама, менің ұйқым келмейді. Ішім пысты. Есікті аш! Естимісің?
Баланың әбден төзімі таусылған болуы керек. Клод ашуланып: "Әйтеуір маған тыныштық жоқ" деп міңгірледі.
— Сәл шыда, балам! — деп Кристина бұл жақтан айқайлады. — Ұйықтауға тырыс. Әкеңнің жұмысына кедергі келтірме!
Кристина енді есікке қайта-қайта қарағыштап, ақыр соңында аз-кем үзіліс жариялады да, ар жағынан ештеңе көрінбес үшін есіктегі кілтке өзінің юбкасын апарып іліп қойды. Бұдан кейін үн-түнсіз пештің қасындағы орнына қайтып келіп, басын көтеріп, кеудесін кере, тіп-тік тұра берді.
Сеанстың әзір аяқталатын түрі жоқ, сағаттар жылжып өтіп жатты. Клодтың өтініші бойынша Кристина енді суға сүңгуге әзірленген әйелдің кейпіне кіріп алған. Ал баспалдақтың басында биіктеп кеткен ері мен екеуінің арасында әлденеше шақырым жер жатқандай еді. Анау бұған емес, суреттегі әйелге өлердей ғашық секілді. Бұнымен тіпті сөйлеспей де қойды, соған қарағанда бұл әр түрлі бояулар жағатын затқа айналған болуы керек. Таңертеңнен бері оның назары осы жақта, бірақ оның көз жанарынан өзінің көлеңкесін көрмегендіктен, Кристина бөтенге айналып, далада қалғандай сезімге түседі.
Ақыры әбден болдырған Клод қылқаламына тыныс беріп, қалшылдап — дірілдей бастаған Кристинаға қарап:
— Не болды? Тоңып қалдың ба? — деп сұраған.
— Шамалы...
— Ғажап екен. Ал мен ыстықтап, өлуге айналдым. Бірақ маған сенің суық тигізгенін керек емес. Онда ертеңге шейін демалайық.
Осыны айтып Клод баспалдақтан төмен қарай түсе бастады. Кристина бұрынғы әдетімен осыншама ішін пыстырған сеанстан соң бәрін жуып-шайып, мұны ернінен сүйіп, еркектік парызын өтер деп ойлаған. Бірақ бүгін Клод қызу жұмыс үстінде бәрін ұмытқандай, қаннен-қаперсіз, құмырадағы кір сабынның көпіршігіне қылқаламын батырып жуа бастады. Ал бұл ашық-шашық күйі әлі күйеуім қасыма келер деген үмітпен күтіп тұрды. Аз ғана уақыт өтті. Клод көлеңкедей қимылсыз қалған әйеліне таңырқай қарады да, қайтып басын көтерместен, қылқаламын тазалай берді. Бұдан кейін Кристина тастанды әйелдің күйін кешіп, аяқ-қолы дірілдеп, киіне бастаған. Құдды бір киім ішінде қартайып, көркі қашқан денесін тезірек көзден жасыруға асыққан адамша көйлегін әзер киіп, тартқышының түймесін салуға шамасы келді. Өзіне өзінің көңілі қалғаны соншалық, көше кезген әйелдің айла-шарғысына шейін төмендеп, ақырында оңбай жеңілгеніне көзі жетулі еді.
Бірақ келесі күні Кристина тағы да суық, бірақ бұл жолы жарығы мол бөлмеде жалаңаштанып тұрды. Өйткені осынысы кәсіпке айналғандай ма, қалай? Әдетке айналған әрекеттен қайтіп бас тартпақшы? Клодты ренжітпеу үшін осылай күнде жеңіліс табуда. Ал анау болса, қорланған, күйіп-жанған қосағымен тілдесуге де құлықсыз. Суретшінің бар ынта-ықыласы кенеп бетінде өз қолымен тірілткен сүйіктілерге біржола ауып кеткен. Қиялдан, шабыт шарпуынан туған осы әйелдердің әрбір мүшесі қанын қыздырып, ындының құртады. Баяғыда, алыс деревняда тірі әйелді қолға түсіріп, мұратына жеткендей, ұлы махаббатын тапқандай болған жігітіміз уақыт өткен сайын соның бәрінің құрғақ қиял екенін білген. Бұлар бәрібір бір-біріне бөтен екен. Клодқа әйелден гөрі — қиялға толы өнері, тойымды білмейтін, қуса жеткізбейтін сұлулық әлемі қымбатырақ болып шықты. Жібектей жұмсақ кеуделер мен янтарь түсті бөкселерді, қыздардың дір-дір еткен кіндік тұсын ынтыға сүйіп, суретке түсірсе, солардың бәрінің құшағына сыймай, қолы жетпейтінін сезінудің өзі рақат емес пе? Кристина болса, қасында жүр, оған қол созудың қажеті жоқ. Ал Клод, Сандоз айтқандай, қиялдағы нәрсеге құмар, қойнындағы әйеліне әлдеқашан тойып біткен.
Кристинаны азапқа салған жұмыс бірнеше айға созылды. Бұрынғы өмір тамам болды, енді бұлар екеу емес, үшеу болып бір шаңырақтың астында тұрып жатты. Клод әйелінің көшірмесінен жасалған "ойнасын" ертіп әкелген. Екі ортадағы үлкен кенеп екеуін ажыратқан қорғанға ұқсайды, сол қорғанның ар жағындағы күйеуі бөтен әйелдің меншігіне айналды. Әбден қорланып, қызғаныш отына күйген Кристинаның қаншама есі кетіп, есеңгіресе де, біржола күлкіге қалмас үшін іштегі сырын жария еткен — жоқ. Онысы дұрыс еді: өйткені Клодтың тірі әйелден гөрі суреттегі көшірмеге бар ықыласы ауып, шын махаббатын енді тапқандай, тек соның қамын ойлап жүрді. Сол бейнені әлі де сұлулап, сырлай беру үшін Кристинаны әбден титықтатып бітті. Қылқаламы жаққан бояудың түсіне қарай бірде жарқырап, бірде күңгірттеніп шыққан бейненің ыңғайымен күйеуі де кейде шаттанып, кейде қапаланып қалатынын байқады. Сонда бұл не болғаны? Махаббат па? Тірі адамнан күштірек, қай жағына қараса да — шеберхана ішінде, үстел басында, түнгі төсекте кесе көлденеңдеп алдынан шығатын осы бір күндес қатын дүниеге келуі үшін бұл неге өз денесін құрбандыққа шалып, осыншама азапқа түсуі керек?! Кенепке жағылған бояу, топырақ, түк те емес, бос көрініс неге бұлардың шырқын бұзады? Клод бұрынғыша немқұрайды, дөрекі, үнсіз. Күйеуінің осылай қашықтап кеткенін көріп әрі үйлеріне келіп біржола жайғасып алған осынау өктем, жексұрын кәнизак қалай қуып шығудың жолын таппаған Кристина осылай жанталасуда еді.
Бәрібір жеңілетінін білген Кристина өнердің өктемдігіне көніге бастаған. Бұрындары да біржола мойындаған живопись — кескіндеме дегенінің енді мәртебесі тым жоғарылап, киелі нәрсеге айналып бара жатқандай, әркім барып табынатын, әрі жек көріп, әрі қорқақтап тілек тілейтін құдіретке ұқсап кетеді. Егер қарсылық көрсетсе, дауыл соққан қаңбақтай жер бетінен ұшырап әкететіндей қалшылдап, санасын белгісіз үрей жайлап алған. Кенептер асты-үстіне төңкеріліп түсіп, кішкене картиналар, тіпті түкке тұрмайтындарына шейін жалтырап, жарқырап көрінгенде, бәріне біржола мойынсұнған Кристина бұрынғыша таразылап, талқылап жатпастан, тамсанып, таңырқай беруге көшкен. Күйеуі пікір сұраса:
— Тамаша! Керемет! Теңдесі жоқ! — деуден бір танбады. Клодқа өкпе артуға шамасы жоқ: әлі де бұрынғыша сүйіп, есіркейді, байғұстың өзін-өзі аямай бейнеттенгенін көріп, жаны ашиды. Бірнеше апта бойы өнімді жұмыс істегеннен кейін тағы бүлдіріп тынды — орталық кейіпкер суретшінің дегеніне көнбей қойды. Клод Кристинаны әбден шаршатып, күні бойы шимайлағанмен түк өнбеген соң, бәрін тастай салды. Бас кейіпкерді қайта-қайта түзейді, күзейді, бірақ көңілі толмайды... Арада бір жыл өтті, екі жыл өтті, картинаның аяқталатын түрі жоқ. Бүгін бәрі дұрыс секілді, ал ертесіне Клод өшіріп — сызып, қайта бастайды.
Адам тәніне жан кіргізу үшін жұмсалатын қажыр-қайрат, қайнаған қан, кеудені кернеген кернеу, жан тәсілімге жеткізетін азап — шығармашылық еңбек дегеніңіз, міне, осы. Болмыспен болатын, мәңгі күрес, мәңгі жеңіліс! Күллі табиғатты жалғыз полотноға сыйғызбаққа әрекеттенген Клодта қауқар қалған жоқ еді: данышпан перзентті ана құрсағынан шығара алмаған буындары діріл қағады. Өзгелерді қанағаттандыра беретін шамалас шатпақтар, сауданың ырқына қону — қорқақтардың әлсіздігіңдей мұның намысына тиеді. Содан қайта бастап, қайта жазып, жақсысы үздік шықпағаны үшін "тілі жоқ қатындар" деп кінәлайды. Достары полотнодан жерге түсіп, Клодпен бірге жатып ұйықтамаған кейіпкерлерді тәлкек етіп жүреді. Бұл бейнелерге жан бітіру үшін қайтпек керек? Әйтеуір бірдеңесі жетіспейді. Әлде артық, әлде кем түскен жері бар ма? Бірде сыртынан айтылған "кемтар данышпан" деген сөзді естігені бар. Әуелі мұндай бағаға насаттанып қалғанмен, артынан көңіліне күдік кірді. Бәлкім, әлгі сөздің жаны бар шығар деп ойлады. Бірде тасу, бірде сасу — әуел бастан тұқым қуып келе жатқан жүйкенің мазасыздығы, зақымдануы емес пе екен? Субстанцияда, ішкі жаратылысыңда бірер грамм жетімсіздік болса, құрыдым дей бер: онда сен ұлы адам емес, кәдімгі есуассың. Осындай неғайбыл ойдың жетегіне ерген Клод содан бәрін тастап, көшеге қарай тура қашқан. Басы шіркеу қоңырауындай жаңғырып барады.
Өмір — тірлік қиындай түсті. Клодтың өзіне деген сенімі бұрынғыдан гөрі азая берді. Содан бірнеше күн бойы қарасын көрсетпей қойған. Бір күні тіпті үйге қонбай, таң атқанда қайтып оралып, қайда түнеп шыққанын түсіндіре алмады. Бәлкім, сәтті шықпаған суретімен тағы да оңаша қалмас үшін қала маңында қаңғып жүрген болуы керек. Өз жұмысынан өзі жеріп, жек көре бастағаны соншалық, үйінен қаша жөнелетін жаман әдет тапты. Ақырында есін жиып, бойына батылдық кіргенде ғана полотносының қасына қайтып келер еді. Бұл қайтып келгенде, әйелі одан бірдеме сұрауға жүрексініп, әйтеуір қанша күттірсе де, аман-есен жүргеніне шүкіршілік етеді. Ал Клод күллі Парижді аралап шыққанымен қоймай, қала маңын жайлаған жалаң аяқтармен, жалдамалы жұмыскерлермен бірге сайран құрудан жалыққан емес. Көңілін қайғы — қапа жайлаған тұстарда қарапайым тас қалаушы болып кетпегеніне өкінеді. Әрбір жұмысты сапалы әрі жылдам орындайтын дені сау, құрыш қайратты маман болудың өзі бақыт емес пе? Сірә бұл жүрер жолынан жаңылысқан екен: баяғыда Гомарға барып, "Монтаржи иті" атты кафеге ас ішуге кіргенде, Лимузиннен келген ұзын бойлы, бұлшық еттері бұлтыңдаған тас қалаушы жігітпен танысып, артынша достасып кеткені есінде. Сол жігітке еріп кетуі керек еді. Енді, міне, Турлак көшесіне қайтып келіп, әбден діңкесі құрып басы зеңген адамның әдетімен шеберханада тұрған картинаға үрейлене қарайды. Осы өлген денедей суық тартқан бейнелерге жан бітіріп, қайта тірілтуге болатынынан да үмітсіз емес еді.
Кристинаны жалаңаш тұрғызып қойып, қайтадан қызу жұмысқа кіріскенде, енді кеп ұзамай орталық әйел бейнесін аяқтап бітіретіндей көрінген. Бірақ уақыт өткен сайын Клод тағы да әуел бастағы қарқынынан жаңылып, қабағын қар жапты. Кристина демін ішіне тартып алып, саусағын қимылдатуға да қорқады. Сәл қозғалса, бәрі бүлінетін секілді. Шынында Клодтың жан даусы шығып, бәрін боқтап — бұралай бастады:
— Өй, осы сайтан алғыр картинаның нақ әкесінің!... — деп, қолындағы қылқаламын лақтырып жіберді.
Артынша бар күшімен төмпештеп, полотноның дал — далын шығарды.
Кристинаның даусы дірілдеп, қолын созды:
— Қойсаңшы, жаным! — дейді.
Бұдан соң Кристина иығына желеңін жамылып, Клодтың қасына барғанда, ойламаған жерден кегінің қайтқанын көріп, көңілін қуаныш жайлады: Клодтың жуан жұдырығы суреттегі әйелдің кеуде тұсына дөп келіп, біржола опырып кетіпті. Өлген дегені сол емес пе?!
Шынында да сүйіктісін жаһаннамға жібергендей хал кешкен суретшінің есі шығып, осы үңірейген кеудеге үнсіз қарап тұрды. Өзі салған жарақаттан аққан қанды көргендей, қалың қапаға түсті. Дүниедегі ең қымбат қимасын жұдырықтап өлтіргені өңі ме, түсі ме? Ашуы басылып, абдырап қалғаны соншалық, енді әлгі жарақаттың орнын жабу үшін жыртылған матаны әрлі-берлі тартқылай бастаған. Іші удай ашып, тынысы тарылды.
— Өлді-ау! Құрыды-ау! — деп сыбырлады.
Кристина әбігерге түсіп, мынадай үп-үлкен суретшіге анасындай жаны ашығандықтан, қайғысына ортақтасып, бұрынғысының бәрін кешірді. Клодтың жыртылған дүниесін тезірек орнына келтіріп, қателігін түзеуге тырысатынын түсінді. Содан дереу қолына желім алып, кенептің жыртылған жерін жамауға кіріскен еріне көмекке келді. Кристина жұмысын бітіріп, киіне бастағанда әлгі қайта тірілген әйел де полотнодағы бұрынғы орнына барып тұра қалды. Тек оның жүрек тұсында кішкентай тыртық бар еді. Бұдан оған деген суретшінің құмарлығы артпаса, кемімеген сыңайлы.
Күн өткен сайын Клодтың жанынан тыныштық кетіп, сабыр — тағатын жоғалта берген. Жұмыстың қайдағы бір өзгеше әдісін іздеумен әбден ырымшыл да болып алды. Бұл енді майлы бояудан бас тартып, оны ата жауындай қарғап-сілейтінді шығарды. Оның ойынша, өзге жабысқақ заттар берік әрі өңді көрінбекші екен. Қылқан жапырақты ағаштың шайырымен теректің қабығы астындағы жабысқақ желімнен жасалған ерітінділер тез кеуіп, кенепті сетінеуден сақтайтынын білді. Енді осы тәжірибелерін өзгелерге көрсетпей, жасырын ұстауға тырысады. Бұрын бояу қоспасындағы аз ғана май кенептің бұдырлы матасына тез сіңіп кетіп, артынша бұлдырап өше бастаушы еді. Енді қылқаламды да таңдауы керек болды. Құс қауырсыны түкке жарамай қалды. Кептірілген жылқының қылы керек екен. Езілген бояуды араластыратын штапель — қалақтың өте оңтайлы болғаны дұрыс. Өйткені бұл Курбе секілді кенеп бетін тегістеуде де штапелді пайдалануға көшкен. Сөйтіп, біраз коллекция жиналып қалды. Ұзын әрі иілгіш, жалпақ әрі тастай қатты, біреуі тіпті әйнек кесушілер пайдаланатын үш бұрышты кесірдей өткір қалақтар. Соңғысы мұның арнайы өтінішімен жасалғандықтан, Делакруаның құралынан айнымайды. Жонғыш пен бәкіні қолына ұстауды бұрыннан қорлық көруші еді. Керекті өң — түсті шығару үшін әр түрлі айла-тәсілдерді қарастырып, жаңа рецепттер ойлап табатын әрі оларың ай сайын жетілдіріп отыратын. Содан нағыз живопись жасаудың амалын тапқандай болып, суретшілердің дәстүрлі майлы бояуынан бас тартқан. Бұдан былай қылқаламды кенеп бетімен ақырын жылжыта отырып, жеке-дара бояулар үндестігі арқылы діттеген колоритті шығаруға тырысады. Оңнан солға қарай жазу әдісін игеру де оңайға түспеді. Осындай әдіс өзін табысқа жеткізеді деп сенгендіктен, бұл әрекетін де ешкімге жария еткен жоқ. Соңғы талабы тағы да апатқа ұшырағанда, Клод қосымша түс — бояулар жайында жаңа теория ойлап тауып, соны жүзеге асыру үшін жұмыла кіріскен. Бұндай идеяны бұған техникалық жаңалықтарға жаны құмар Ганьер айтқан. Ізденістердің шет-шегін білмейтін Клод сары, қызыл, көк түстердің қоспасынан қызғылт сары, жасыл, ақшыл көк, ал содан кейін бұларды математикалық дәлдікпен араластыра отырып, қосымша және аралық реңктер бояуын шығаруға болатынын дәлелдеген ғылыми тұжырымдарды мағынасыздыққа дейін жеткізді. Ғылым сурет өнеріне осылай тікелей септігін тигізеді деп кесіп-пішті. Демек, логикалық бақылау жүйесі жасалыпты-мыс. Ендеше картинаға керекті ең басты реңкті таңдап алып, қосымша және аралық түстерді анықтаған соң, тәжірибе арқылы осыдан шығатын әр түрлі құбылыс — құрылымдарға қол жеткізу қиын емес. Мысалы, қызылды көкке қоссаң, сарыға айналады, демек сенің салған пейзаж суретің күн сәулесінің аспанда жылжыған бұлттарды қандай түске бояғанына қарай өзгеріске ұшырамақ. Клодтың әрбір заттың қатып қалған тұрақты бояуы жоқ, қоршаған ортаның әсерімен бояу — түсін өзгертіп отырады деген пікірі әбден дұрыс еді.
Бірақ оның соры — осындай теориялармен қаруланып алып, табиғатты тікелей бақылауға кіріскенде, табиғатқа өзінің пікірлерін таңуға, өткізуге машақаттанып бақты. Соның салдарынан нәзік реңкті бояуларды тым жарқыратып жіберетінін өзі де байқамауға айналды. Сол себепті оның бұрынғы күн шуағына шомылған, мөлдір таза жазу әдісі енді үш түрлі бояумен бейнеленген аспан астындағы бұлдыр сия кек түсті адам денелеріне соғылысып, дәстүрлі таным — талғамдарды қасақана асты-үстіне түсіргісі келген әрекет ретінде бағаланды. Шектен шыққан ақымақтық болып көрінді.
Бір жағынан кедейшілік те Клодтың қыр соңынан қалмай қойды. Екеуі де ақшаны үнемдеп жұмсау жағын естен шығарып, жиырма мың франктан бір су қалмағанын көргенде, жоқшылықтың біржола мойындарына мініп алғанын білді. Кристина жұмыс іздейін десе, қолынан түк келмейді, тіпті киім-кешек тігуден де хабарсыз болып шықты. Содан еңсесі түсіп, өзін осылай дәрменсіз, ақ саусақ етіп тәрбиелегендерге ренжіп, егер аяқ астынан жағдайлары түзелмесе, лаж жоқ, біреулердің үйіне қызметші — малайлыққа тұратын шығармын деп ойлаған. Париждіктердің мазағына ұшырағалы бері Клод ештеңесін сатып өткізе алмай жүр. Жолдастарымен бірге өткізген кішігірім көрмесі өнер сүйгіш қауымға ұнамақ түгіл, әбден беделін түсіріп біткен. Мұның кемпірқосақ бояуындай құлпырған алабажақ полотнолары жұртшылықтың күлкісін келтірмесі бар ма? Сатып алушылардың қарасы көрінбей кетті. Тек Гю мырза ғана Турлак көшесіндегі Клодтың шеберханасына басын сұғып, жарылған ракетадай бірден назарыңды аударатын, бірақ түсініксіз полотнолар алдында аңырайып біраз тұрды да, мұндай туындылардың иесін алтынмен аптап, күміспен күптей алмайтынына өкініш білдірді. Суретші осы картиналарын ақысыз, сыйлық ретінде алып кетуін сұраса да, сыпайы саудагер мұндай ұсыныстан бас тартып, қалтасынан азын-аулақ тиын-тебенді әзер шығарып, түкке тұрғысыз екі-үш суретті үйіндегі өзге үздік дүниелердің қасына апарып іліп қойды. Мұндай табыстар жиі бола бермейді, әрі өзіңе ұнамайтын сұраныстарды орындаудан жүрегің айниды екен. Бүйтіп арзандамауға талай мәрте ант ішкенмен, күнкөріс үшін ауыр бейнетті таңдап алуға тура келді. Егер қасында ауыздарын ашып отырған әйелі мен баласы болмаса, өзі аштан өлуге ықтияр еді. Сөйтіп, аз-кем ақша табу үшін әулиелердің арзан — қол суреттерін салып, тіпті терезеге перделерінің дәстүрлі үлгідегі оймыштарын сызып беруге кіріскен. Бұл өнер адамын қор қылатын, живописьті қара дүрсін шатпаққа айналдыратын абыройсыз жол еді. Ал кейде жиырма бес франкке бағалаған портреттерін түпнұсқаға ұқсамағаны үшін иелері сатып алудан бас тартып жатса, мұның ұялысы табатын кездері де болады. Клодтың кедейшіліктің батпағына батқаны соншалық, ақылы жұмыстың бәрін орындай беретін дәрежеге жетті. Кішігірім саудагерлер мен көпір үстінде оны-мұныны сатып отыратын бақалшылар мұның салған суреттерін мазмұнына қарап емес, мөлшері бойынша бағалап, әрқайсысын екі-үш франкке сатып алып жүрді. Клод құлдыраудың көкесі осы екенін бүткіл денесімен сезіп, күн өткен сайын жадап-жүдеп бара жатты. Байсалды дүние жазуға шамасы жетпегендіктен, бұрынғы үлкен полотносына дәрменсіз, шарасыз көзбен қарап қояр еді. Тіпті оған былғаныш қолын тигізбес үшін апталар бойы маңына жоламауға тырысатын.
Осылайша нандарын әзер тауып жеп жүрді. Ал алғаш орналасқанда әжептеуір көрінген үлкен сарайдың қыс түскенде мүлдем сәні кетті. Бұрындары шаршамайтын шаруақор әйелге ұқсап баққан Кристина енді аяғын әзер сүйреп, еден жууға да ерінетін болды. Бәрінің берекесі қашып, бүлініп бітуге айналды. Ас-ауқатқа жарымаған кішкентай Жак біржола ақыл-есінен айырылса, осыншама кенеуі кеткен тіршілік — өзін-өзі сыйлаудан қалған жоқ — жітіктердің ең соңғы тұяқ серпісі еске түсірер еді.
Тағы бір жыл өтті. Шығармашылық жұмыстарының қиюы қашып жүрген бақытсыз күндердің бірінде Клод күтпеген кездесуге тап болды. Шеберханаға қайтып бас сұқпауға іштей ант-су ішіп, таң сәріден Париждің көшелерін кезіп кеткен. Артынан сансыз түзетулерден кейін бар көркінен айырылған бірақ мұның картинасынан орын алуға әбден бекінген ұсқынсыз жалаңаш әйел қуып келе жатқандай. Тұман арасынан сарғыш түсті жаңбыр жауып, көше бойлап лайсаң су ақты. Уақыт сағат беске таяп қалған. Белшесінен суға батқан Клод — жүйкесі ауруға шалдыққан әлдекімге ұқсап, Король көшесінің қақ ортасында, әрлі-берлі ағылып өтіп жатқан көліктердің біреуі қағып кетуі мүмкін-ау деп қорықпастан, жаяу сенделіп жүрген. Кенет мұның алдына екі орындық күйме келіп тоқтай қалды.
— Клод! Клод, сәл кідірсеңші! Немене, сен ескі достарыңды танымайтын болғансың ба?
Бұл етек-жеңі оймышталған сұр жібек көйлек киген Ирма Беко еді. Күйменің терезесін тездетіп төмен түсіріп, қыз жарқырап күле қарайды.
— Қайда барасыз?
Аузын ашып таңырқап қалған Клод өзінің жай серуендеп жүргенін айтты. Ирма болса бұған күнәкар көзінің сұғын қадап отырып, асқан қуанышын білдірді. Қайдағы бір кездейсоқ дүкенде сатылатын піспеген жемісті жеп қойғысы келгендей ындыны құрып, ернін жалай береді.
— Онда менің қасыма отырыңыз. Біраздан бері көріспедік емес пе? Тезірек қимылдаңыз, әйтпесе біреу-міреу қағып кетер...
Шынында төзімі таусылған арбакештер айнала аттарын әзер тежеп тұр еді. Айқай-шу басталды. Әбігерге түскен Клод Ирманың күймесіне барып отырды. Сөйтіп суға малшынып, шашы жалбыраған, қабағы кіржиген байғұсты қыз өзімен бірге ертіп әкетті. Клод көгілдір жібекпен қапталған кішкентай күйменің ішінде, етегі оймышталған юбка киген қызбен тізе түйістіріп үнсіз отыра берген. Көлік тасқынының арасынан сытылып шығуға әрекет еткен арбакештер күйме ішінде ұрланып отырған екеуге қарап, ақырын келемеждеп қояды.
Ирма Беко өзінін жеке үй турасындағы ежелгі арманың Вилье даңғылы бойында жүзеге асырған екен. Ол осы арманын жүзеге асыру үшін талай жылдар бойы күтті емес пе? Әуелі оның бір ойнасы жер сатып әперсе, екіншісі үй салуға бес жүз мың франк ақша жұмсады, үшіншісі қалтасынан отыз мың шығарып, жаңа үйді жиһазға толтырыпты. Сөйтіп, әрқайсысы өздерінің мүмкіндіктерін және сезімдерінің шынайылықтарын танытқанға ұқсайды.
Жаңа ғимарат ақсүйектерге лайық ерекше салтанатты, сәнқой, сырбаз көрінеді екен. Кіре берістен бастап еденге қалың кілемдер төселген, қабырғаларын жібек матамен қаптаған бөлмелер нәпсіқұмар әйелдің тұрақты мекеніне, әйтпесе махаббат жайлаған зор төсек ағашқа да ұқсап кетер еді. Мұндай керуен сарайға, әрине, қыруар ақша жұмсалғаны белгілі, бірақ қазір сол шығын еселеп қайтып жатқан секілді. Өйткені қызыл күрең матрас көрпешенің атағы қазір алысқа кетіп, мұнда өткізілген әрбір түн тым жоғары бағаланатын болса керек.
Үйге кірісімен Ирма бүгін басқа ешкімді қабылдамайтынын жариялады. Сірә ол бір минуттік құмарлығын тарқату үшін бәрінен безуге әзір еді. Екеуі асханаға қарай өткенде, қызды асырап жүрген нақсүйерлердің біреуі үйге кірмекке әрекеттеніп көріп еді, Ирма қызметшісіне "жіберме оны!" деп айқайлады — мұның даусын сырттағы сұғанақ естіп қояр-ау деп қорықпайды. Дастарқан басында отырғанда балаша мәз болып, қайта-қайта қарқылдап күліп, тәбеті соқпаса да әр тағамнан ауыз тиюден жалыққан жоқ. Екі көзі суретшіде, оның ұстара тимеген қауға сақалына, түймесі үзілген қолбырар сырт көйлегіне мүсіркеп қарайды. Ал жүйкесі тозып жүрген Клод ештемені елең қылмай, тамақты асап-соғып отыр. Содан ішіне ел қонғанша тырс етіп үндемеді. Қызметші кердеңдеген біреу екен. Ирма соған қарай иегін көтеріп:
— Луи, кофе мен ликерді бөлмеге алып келерсің, — деді. Кешкі сағат сегіздің шамасы еді, бірақ Ирма Клодпен ертерек оңаша қалғысы келіп, есікті ішінен құлыптады да: "Қайырлы түн! Мен енді ұйықтаймын" деп қалжың айтты.
— Жайғасып жата бер... Бүгін менің қасымда боласың. Солай ма? Онсыз да жұрт бізді баяғыдан өсекке таңып жүр. Тіпті ақымақшылықтың не керегі бар...
Клод сонда қабырғалары күміс оймышты қызғылт жібек матамен қапталған қабырғаларға, үстінде желбезекті жамылғышы төгілген таққа ұқсаған жалпақ кереуетке, айналасындағы жарқыраған байлыққа пәлендей назар аудармастан, үстіндегі сырт көйлегін шеше бастады. Бұрыннан осылай жеңіл-желпі жүргенді ұнататын. Енді өз үйіне қайтып оралуға құлқы соқпаған соң, осында түней ме, көпір астын паналай ма, бәрібір емес пе?
Тірлігінің берекесі қашқан тұста мұндай оқиғаларды бастан кешірудің артықтығы жоқ. Клодтың мұндай дөрекілігінің мәнісін түсінбеген Ирма ішегі үзілгенше шиқылдап күле береді. Еркіндікке шыққан еркетотай жігіттің жартылай жалаңаштанып алып, мұның әр жерін шұқылап, қытықтап, тістелей бастағанын қызық көрген.
— Әне бір ақымақтар менің басымды тициандық үлгіге ұқсайды деп бөседі. Олар енді ақымақтар ғой... Сенің жөнің басқа. Мен сенімен болғанда тіпті өзгеріп шыға келемін: Өйткені сен оларға ұқсамайсың! — деп Ирма мұны құшағына қыса түскен. Әрі мұның дудар шашы бірден құмарлығын қоздыра түскенін жариялады. Өзі күлкіге шашалып, осыншама ұсқынсыз, бірақ өте қызық жігітті өліп-өшіп, аймалап сүюден танар емес.
Содан таңғы сағат үштің шамасында, алыс пен арпалысқа толы ұзақ түннен кейін әбден шаршап, солықтаған жалаңаш денесін әрлі-берлі созып, бүктетілген жайманы аяғымен ысырып тастады да:
— Сенің әлгі нақсүйерің қайда? Немене, үйленгенсіңдер ме? — деп сұрады.
Клод көзін әрең ашып, ұйқысыраған дауыспен:
— Иә, — деген.
— Сонда бірге жатасыңдар ма?
— Әрине.
Ирма тағы да сықылықтап күле бастады.
— Ей, байғұстар-ай! Әбден бір-біріңнен жалығып біткен шығарсыңдар!
Таңертең Клодпен қоштасып тұрған Ирманың ажары өте жақсы еді: түнімен тыныш демалған адамдай қатталған үй көйлегін үстіне киіп алып, шашын жинап, сергіп шыға келіпті. Содан кейін жігіттің қолын уысынан шығармай, оған елжіреген, нәзік, сәл сайқы-мазақтау көзбен қарап:
— Сен, әрине, ешқандай ләззатқа кенелген жоқсың! — деді. — Жарайды, мені жұбатпай-ақ қой. Әйелдерді алдау қиын, біз бәрін бірден сеземіз... Ал мен әбден қанағаттандым... Әбден. Рахмет саған!
Осымен бәрі бітті. Мұндайды екінші рет қайталау үшін көп ақша төлеу керек болар еді.
Осындай қызықты оқиғадан кейін недәуір қоқиланып қалған Клод Турлак көшесіне қарай бетін түзеді. Оны екі күн бойы шеберханадан алыстатқан, азды-көпті ар-ұятын қинаған, бірақ мақтангершілікке ұқсайтын бір түрлі түсініксіз сезім билеп келеді. Сірә мұндай өмірде не мағына бар? Үйінің табалдырығын аттаған кезде мүлдем есі шығып, Ирмамен бірге өткізген түннің елестері басын қатырғаны соншалық, Кристина әлденелерді сұрай бастағанда, әуелде бірдеңе айтып міңгірлесе, артынша бәрін мойындады. Әрине, жанжал шықты. Кристина біраз жылап-сықтағанмен көп ұзамай тағы да кешірімге келді, осындай серуен күйеуінің денсаулығына зиянын тигізіп жүрмес пе екен деп уайымдады. Көңілінің терең түкпірінде қайғы-қапа қосылған әлдеқандай қанағаттану сезімі пайда болды. Мұның күйеуін сүйетіндер де бар екен-ау, мұның қолынан мұндай әрекет келеді екен-ау, ендеше өзге әйелге барып жүрген еркектің өз ұясына қайтып келуі әбден мүмкін. Мақтан, үміт, қуаныш аралас сезімдер билеп барады. Клодпен бірге келген құмарлық лебін құшырлана жұтып, дірдек қағады. Кристинаның жүрегінде анау картинадағы жексұрын әйелге деген қызғаныш қатып қалған да, Клодты бөтен тірі әйелдің құшағына лақтырып кетуден шіміркенбейтін халге жеткен.
Қыс ортасында Клод қайратына қайтып мінді. Бірде бұрынғы жұмыстарын аударыстырып отырып, көр-жердің арасынан ескі кенептің жыртындысын тауып алған. Бұл "Пленэрден" қалған жалаңаш әйелдің бейнесі екен. Баяғыда Шетіндер Салоны кері қайтарған картинаның бір бөлшегін қиып алып, сақтағаны есіне түсті. Енді сол кенепке қарап отырып, кереметтей қуанбасы бар ма:
— Ойбай, мынау ғажап нәрсе ғой! — деп айқайлап жіберді. Бұдан соң кенепті қабырғаға қағып тастап, сағаттар бойы соның алдында отырып жұмыс істеді. Қолдары дірілдеп, екі беті қызарақтап кеткен. Апырмай, нағыз шебер қолдарға лайықты осы суретті салған өзі ме? Демек, бұл кемеңгерліктен құралақан емес екен-ау. Бірақ кейін мұның миын, көзін, саусақтарын ауыстырып жіберген болуы керек. Осылай ойлағанда қалшылдап — дірілдей бастады да, ішіндегі запыранын ақтару үшін айқайлап әйелін шақырып алды.
— Тез жет мұнда! Міне, қарашы! Жатысы қандай керемет! Дене бедерлері қалай нәзік жазылған, ә? Күн сәулесі түскен бөксесі қандай әдемі! Көтеріңкі кеудеге қарай ұласатын ығы мынау... Құдай-ау, өмір дегеніміз осы емес пе? Тірі бейне екені анық. Жұп-жұмсақ жылы денені қолыңмен сипалап, жұпар иісін жұтуға болады.
Күйеуінің қасына келген Кристина келте жауап беріп тұрды. Әрине, ұзақ жылдардан соң полотно бетінде қайтып тіріліп, өзінің он сегіз жасар қыз бейнесін көргеніне әрі таңырқап, әрі шын қуанғаны түсінікті еді. Бірақ Клодтың суретке соншама өліп-өшіп, есі кете қарағанын жақсылыққа жорымай, әлдеқандай себептерден көңілін күдік жайлай бастады.
— Немене, осындай сұлудың алдында тізе бүгіп, құлшылық етпек пе едің? — деп кекесінмен сұраған.
— Әрине. Бірақ қарайып кетіпті...
Айтуын айтса да, Клод артынша қатты қарсылық білдірді. Жоқ, олай емес! Мұндай сурет ешқашан ескірмейді. Ол мәңгі-бақи жас болып қала бермек. Бұл — шын махаббат сезімі еді. Клод кенеп бетіндегі сурет жайында тірі адамша толғап, соны қайтып қалпына келтіру жолында бәрінен безіп, бәрін ұмытуға дайын екенін аңғарыпты, нақсүйерімен кездесуге баратындай асықты.
Келесі күннің таңы атқанда, қызу жұмыс істеуге ерекше құлшынды.
— Сайтан алғыр! Осы суретті салған мен болсам, оны түзеу де қолымнан келеді емес пе? Егер біржола топасқа айналып кетпесем, бұл жолы діттеген жеріме жетемін.
Осыдан соң Клод сатымен жоғары көтеріліп, бұрынғы үлкен картинасын қайта жазуға құбыл кіріскенде, Кристина да өз орнына барып тұрды. Бір ай бойы күйеуінің пәрменімен ертеден қара кешке шейін тыр жалаңаш денесін көрмеге қойған әйелдің аяқ-қолы ұйып, қатты азап шексе де, оны да, өзін де аямаған әбден шаршап — болдырған Клод қылқаламын қолынан тастамады. Қайткен күнде де үздік шығарма жасауға ұмтылған суретші үлкен полотнода түрегеп тұрған әйел бейнесі анау кенеп жыртындысында айналасына шұғыла шашып қисайып жатқан сылқымнан әсте кем түспеуі керек еді. Соған тең келетін нұсқа жасай алмай, әбден әуре-сарсаңға қалудан қорқып, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрді. Жұмысы ілгері баспай қойса, біресе Кристинаға, біресе суретке қарап, кенеп бетін айғыздап, бәрін боқтап-бұралай бастайды. Ең соңында әйеліне келіп килікті:
— Жоқ, шырағым, сен баяғы Бурбон жағалауындағы Кристина емессің. Оған мүлдем ұқсамайсың! — деп екіленді. — Ол кезде сенің кеудең керемет толық еді. Әлі есімде, сенің жасамыс әйелдікіндей әбден піскен емшегіңді көргенде, әуелі таңырқап қалғанмын. Ал қалған жерің жас баланың денесіндей нәзік, әлсіз еді... Көктемде гүл қауызын ашқандай балғын, балауса бітім. Ол кезде сондай толықсыған салтанатың болғаны үшін қазір мақтансаң да, түк айып емес!
Мұны айтқанда, Клодтың әйелін жәбірлеу ойында жоқ еді. Тек көзін жартылай жұмып алып, бейтарап бақылаушы секілді, қазір жарамсыз болып қалған әлдеқандай оқулықты талқылағандай сарынмен сөйлеген.
— Жалпы жағдайың жаман емес, бірақ буын-буындарың бұрынғыдан өзгерген. Иә! Ал аяқтарың әлі де көркем. Әйелдердің аяғы туасы жақсы сақталады... Кеуде мен іш жағының сәні тез кетеді екен. Өзің-ақ айнаға қарашы, қолтығыңның астынан төменгі жақта көпсіген қапшық пайда бола бастапты, сондай сыйықсыз көрінеді. Ал анау әйелдің тал бойынан көпсіген бірдемені іздеп таппайсың! — деп Клод жатқан бейнеге сүйсіне көз тастап қойды. — Әрине, сенің түк жазығың жоқ, бірақ осының бәрі маған кедергі келтіреді. Әйтеуір менің-ақ жолым болмай қойды!
Аяғы тәлтіректеп әзер тұрған, көңілін қапа басқан Кристина тыңдай береді. Жанын азапқа салған сағаттар енді тозаққа айналып барады. Өтіп кеткен жастық шақты еске түсіретін, қызғанышын қоздырып, жоғалған сұлулық жайында у ішкізетін осындай әдісті ойлап тапқандағы Клодтың ниетін түсіне алмады. Шынында да бұдан былай өзінің бұрынғы бейнесін көргісі келмейтін, жүрегін жексұрын қызғаныш сезімдері талаған күндеске айналып кетпесе жарар еді. Бұл жолғы күндесі — басқа емес, өзі болып шықты емес пе? Бір кезде Кристинаны қасына отырғызып қойып салған осы кішкене этюд енді бұлардың өмірін лайландыра бастапты. Былайғы тұрмысының бағы мен соры осы суретке байланып қалған секілді. Әуелі бұл ұйықтап жатқан кезде Клод оның жалаңаш кеудесін көреді, содан кейін күйеуіне жаны ашыған әйелі қыздай қылымсып, бәрін шешіп тастайды, содан кейін тоғышар топ суреттегі жалаңаш денені мазақ етеді, содан кейінгісі тағы белгілі...
Сөйтіп уақыт өте беріпті, Кристина енді бәрінен айырылыпты, оның ішінде күйеуінің махаббаты да бар. Қазір бұл жалаңаш денесін көрмеге қоятын мамандықты игерген біреуге ұқсайды. Енді, міне, кенеп бетіндегі сол бейнеге жан бітіп, Кристинаның алдына түсіп кетіпті. Ал Клодқа ескі полотнода жантайып жатып, жаңа картинасында түрегеп тұрған әйел бейнесінен басқа ешкімнің керегі жоқ.
Осы сеанстар ұзаған сайын Кристина өзінің қартая бастағанын сезгендей еді. Өз-өзіне имене қарағанда, бетіндегі әжімдердің тереңдеп, бұрынғы сұлу дене бітімінің бұзылуға айналғанын көргендей күй кешеді. Сұлулықтан айырылса, махаббатын бірге жоғалтатын шыдамсыз әйелдердей бет ажарын, дене бітімін енді шұқылай зерттеп, қатты қапаға түскен. Клодтың махаббаты суып, бөтен әйелге барып түнеп шығуының әйтпесе шығармасының көлеңкесіне тығылуының басты себебі де осы емес пе екен? Осылай алыс-жақынын ажыратудан қалған Кристинаның мүлдем есі шығып, жүдеп кетті. Үстіне ескі-құсқы киімдерін іле салып, баяғыша сылаң қағатын әдетін де ұмытқан, егер қартая бастағаны рас болса, өйтіп әуреге түсудің қажеті қанша деп ойлаған.
Бірде әйелінің отырыс-тұрысын ұнатпаған Клодты ашу кернеп, айғайға басқан. Осыдан соң біразға шейін Кристина есін жинай алмай жүрді. Сол жолы анау аяқ астынан құтырынып, кенепті жыртып тастауға шақ қалған; жұдырығын түйіп алып:
— Жоқ, саған ұқсаған моделмен жұмыс істеу тіпті мүмкін емес! Түсінсеңші, суретке түскісі келетін әйел бала тумас болар! — деп қойып қалды.
Бұдан кейін қорланған, тапталған Кристинаның екі көзінен сорасы ағып, тұра жүгірді. Жалаңаш денесін жасыру үшін іздеген киімін қапелімде таба алмай қалды. Ал ар-ұяты қайта оянған Клод баспалдағынан төмен түсіп, әйелін жұбатуға кірісті.
— Мен кінәлімін. Мен оңбағанмын! Бірақ тоқташы, өтінемін! Бір ашуыңды берші, кешірші...
Осыны айтып Клод әйелін бауырына қысып, оның әлі киіп үлгірмеген көйлегін қолынан жұлып алды. Кристина тағы да кешірімге келіп, бұрынғы орнына барып тұрды; бүткіл денесі қалшылдап, дірдек қаққанына қарамастан, тас мүсіндей қатып қалды. Көзінен сорғалап аққан жасы самайынан жылжып, кеудесіне тамып тұрды. Иә, бұның баласын айтады ғой... Бәлкім, соны тумай қойғанының өзі дұрыс болар ма еді? Бәлкім, бар бәленің басы содан шығар. Кристина біраздан кейін көзінің жасын қайта құрғатып, ешқашан аналық мейіріммен құшырланып сүйіп көрмеген, енді, міне, екеуінің арасына кесе көлденең киліккен жазықсыз ұлға деген өшпенділігі қоза бастағанын байқады.
Клод бұл жолы табандылық танытып, картинасын жазып бітірді. Енді картинасы қалай шықса да, оны Салонға өткіземін деп ант ішіп жүрді. Түн ортасы ауғанша баспалдақта отыруды да тоқтатты. Әбден сілесі қатып болдырған күні қайтып бұл картинаға оралмайтынын жариялаған. Дәл сол күні түстен кейін үйлеріне Сандоз соққанда, Кристина күйеуінің таза ауа жұту үшін сейілдеп кеткенін айтты.
Клод пен оның ескі достарының арасы бірте-бірте алшақтай бастаған кез еді. Олар бұның шеберханасына сирек бас сұғатын болған. Бас сұққанда да баяғыдай мұның қазіргі бір түрлі живописіне таңырқап, тамсанбай, қайта бөтенсіп, ертерек табандарын жалтыратуға тырысатын. Артынан тіпті ешқайсысы қарасын көрсетпей қойды. Тіпті анау Ганьерге шейін Парижден қоныс аударып, Мелен жақтағы үйлерінің біріңді оқшау тұрып жатқан көрінеді. Мұндағы жайын жалға беріп, өзі күнде кешқұрым бұған арнап Вагнердің музыкасын тартып отыратын кәрі қызға үйленіпті деседі. Магудоның қолы тиер емес. Бронзадан жасалатын көркем дүниелер фабрикасының иесіне көмектесе жүріп, әбден байып кетсе керек. Матильданың қармағына түскен Жоридің біржола қарасы батқан. Матильданың бұрынғы қараңғы бұрыштардан қызық іздейтін атақты сараңды ертелі-кеш тамаққа тойдырып алып, түнімен төсек қызметіне салып қойғаны соншалық, кешегі қатынқұмар топас неме жетектегі күшікке айналыпты. Қазір ақша салған сандығының кілтін Матильдаға беріп қояды екен де, егер қатынының көңілі түссе, шылым сатып алатын ұсақ-түйекті әрең сұрап алатын болса керек. Қыз күнінде пәлендей тәрбиелілігімен көзге түспеген Матильда енді күйеуіне шексіз билігі жүретінін өзгелерге мойындату үшін оны дінге кіргізіп, әуел бастан о дүниеден қатты қорқатын Жори байғұсқа ажал жайлы әңгімелерді жиі айтып, зәресін ұшырады екен. Тек Фажероль ғана кездескен сайын жақсы пейілін көрсетіп, қолы тигенде соғып кететінін айтып уәде береді, бірақ артынша ізім-қайым жоғалады. Шынында оның қазір мойнын бұруға уақыты жоқ еді, ол қазіргі ең үлгілі суретшіге айналған, атақ, құрмет, даңғаза көбейіп, баюға жол ашылған. Клодтың көңілін алаң ететін жалғыз Дюбюш қана. Екеуінің мінез-құлықтары жараспағанымен, бірге өткерген балалық шақтары жайындағы естеліктер қайта айналып соға береді. Жұрттың айтуынша, Дюбюш та жетісіп жүрмеген секілді: қалтасы толған — миллион, бірақ қайын атасымен қырғи қабақ, өйткені анау мұның сәулеткерлік қабілетіне сеніп, алданып қалғанын бетіне басады екен. Сөйтіп Дюбюштің ауру әйел мен екі мүгедек баласына дәрі-дәрмек тасумен күні өтіп жатса керек.
Қарым-қатынастары біржола үзілуге айналған достарының ішінде Сандоз ғана Турлак көшесіне баратын жолды ұмытқан жоқ. Ол өзі өкіл әкесі болған кішкентай Жак пен бақытсыз Кристинаны көру үшін келетін. Кедейшілік ортасында жүріп сезім құмарлығын жоғалтпаған осы әйелге таң қалар еді. Болашақ романына кейіпкер болуға жарайтын нағыз махаббат иесі деп біледі. Оның үстіне, өнердегі әріптесі саналатын Клодтың табанының бүрі кетіп, шығармашылық шиырларды игере алмай, ақыл-есінен ажырай бастағанын көрген тұста, қатынауды жиілеткен. Әуелде досына бір кісідей сенетін Сандоз бұндай өзгерістер себебін оншалық түсіне алмай жүрді. Сонау колледж қабырғасында-ақ бұл досын бірінші орынға қойып, әспеттеп жоғары ұстайтын; түбінде өнер әлемінде төңкеріс жасайтын мықтының өзі осы болар деп үміт ететін. Кейін сол кемеңгерінің сәтсіздікке ұшырап, кер кеткенін көргенде, оның тартқан азап-мехнатына ерекше жаны ашып, бірге ауырып, бірге жапа шегетін. Жалпы өнерде кімнің есуас, кімнің есі дұрыс екенін айырып білу қиын. Әсіресе жолы оңғарылмай жүргендерге жанашырлықпен қарайтын. Әрбір картинадан әйтпесе әрбір кітаптан өзгелерге түсініксіз құбылыстарды, жылауық, күлкілі жағдайларды байқаған сайын солардың авторларына ерекше іш тартып, солардың өздері ойлап тапқан арман-әуендерімен әлдилеп, қолынан келгенше жәрдемін аямауға тырысар еді.
Клодты орнынан баспаған Сандоз бәрібір аялдап қалды да, Кристинаның жылаудан қызарған көзіне көзі түсіп:
— Егер Клод кешікпесе, мен күте тұрайын, — деді.
— Әрине, ол тез қайтатын шығар...
— Егер сізге кедергі жасамасам, кідірейін.
Сандоздың көңілін бүгін ерекше алаң еткені — ерінің назарынан тыс қалған әйелдің еңсесі түсіп, шаршауға толы қимыл-әрекеті, тілінің жұтаңдығы, немқұрайдылығы, ішін өртеп бара жатқан қайғы-қасіреттің сыртқа теуіп тұрған табы еді. Бәлкім, соңғы аптада бөлмедегі жиһаздарды орнынан қозғап, шаңын сүртпеген де болуы керек, енді қиюы қашқан осы тұрмысына мән бермейтіні де байқалады. Сылағы түскен, қаңырап бос қалған ескі сарайдың үлкен терезесінен құйылған күн жарығының астында айқын көзге ұратын осыншалық кедейлік пен берекесіздіктің ортасында, ақпан айындағы жылымдыққа қарамастан, дірдектеп өмір кешкен пенделердің күйкі күйбеңі Сандоздың жүрегін ауыртқандай болды.
Аяғын ауыр басқан Кристина анадайдағы темір кереуеттің қасына барып отырды.
— Немене, Жак ауырып жүр ме? — деп сұрады Сандоз.
Кристина баласының аяғымен теуіп тастаған жаймасын түзеп жатып:
— Иә, бұл үш күннен бері төсектен тұрған жоқ, — деді. — Оның кереуетін қасымызға сүйретіп әкелдік. Бұрындары да әлсіз еді. Енді күн өткен сайын нашарлап барады. Не істейтінімізді білмейміз.
Осы сөзін бір нүктеге қадалып отырып, үмітсіз үнмен айтқан. Баланың қасына барған Сандоз шошып кетті. Өңі құп-қу Жактың басы бұрынғыдан жаман үлкейіп, қимылдауға шамасын келтірмей, үн-түнсіз төсекке байлап тастапты. Кезерген ернінен еміс-еміс шыққан ауа мен ентікпесі естілмесе, бұл әлдеқашан жан тәсілім еткен өлікке ұқсар еді.
— Жак, жаным-ау, мен сенің өкіл әкеңмін ғой. Әкеңмен амандасқың келмей ме?
Сандоздың даусын естіген бала қатты қиналып жатып, басын көтеруге әрекет жасады.
Бірақ кірпігі әзер қимылдап, көзінің аласын көрсетті де, артынша қайта жапты — басқаға шамасы келген жоқ.
— Дәрігер шақырттыңдар ма?
Кристина иығын қиқаң еткізді.
— Қайдағы дәрігер? Олар бірдеңе білуші ме еді? Осында солардың біреуі келіп, бұған ешбір дауа жоқ деп кеткен. Бәлкім, бұл жолы да қайтып тұрар. Биыл он екі жаста. Өсетін кезі емес пе?..
Бұдан әрі шешесінің уайымын көбейтпес үшін өзі де қалтырап тоңа бастаған Сандоз бұл тақырыпты тезірек жылы жауып қоюға тырысты. Оның үстіне, шешесінің баласының ауыр халін түсінбейтінін байқады. Содан әрлі-берлі үнсіз жүріп, полотноның алдына барып кідіріп тұрды.
— Е, жұмысы жүре бастаған секілді ғой. Бұл жолы ол тура жолға түскен екен!
— Бұл картина аяқталған.
— Аяқталғаны қалай?
Кристина бар мән-жайды түсіндіріп, келесі аптада Клод бұл дүниесін Салонға апарып өткізбекші екенін хабарлағанда, Сандоз ыңғайсызданып, диванға барып отыра кетті. Содан диванда отырып, картинаны зерттеуге кіріскен. Ситэ аралы бой көтерген Сена жағалауы шын мәнісінде үлкен шебердің қолынан шыққан жалпы көрініс, фонта ұқсайды, бірақ бәрібір бұл біткен дүние емес, нұсқа ғана еді. Суретші тәтті қиялындағы Парижді әзір бүлдіргісі келмегендей әсер етеді. Картинаның сол жағындағы көріністер де: гипс толы қаптарды түсіріп жатқан порттағы жұмыскерлер бейнесі түгенделіп, автордың фактураны еркін игергенін танытып тұр. Тек дәл ортадағы қайықта отырған әйелдер ғана өзгеше жарқырап, картинаның тұтас бітіміне сәйкес шықпаған. Әсіресе Клодтың безгегі ұқсағандай қызу кезінде салынғақ алдыңғы жақта бой түзеген жалаңаш әйел — ауру қиялдан туған өте биік, көз шағылыстырар сұлу бейнесі таң-тамаша қалдырар еді. Ол қасындағы реалистік үлгідегі шынайы детальдармен салыстырғанда, өзгеше оқшау көрінеді.
Әлі де шала туған ғажайыптың алдында үнсіз отырып қалған Сандоз Кристинаның сұраулы көзімен кездескен соң:
— Иә, тамаша екен! Әсіресе мына бір әйел.. — деп әрең сыбырлады.
Осы кезде Клод кіріп келді. Ол ескі досының қолын қысып, қуана амандасты. Содан соң
Кристинаға жақындап барып, төсекте жатқан баласының маңдайынан сүйді.
— Мұның жағдайы қалай?
— Бәрі бұрынғыша.
— Ештеңе етпес. Бұл бала тез өсіп келеді. Біраз жатып алған соң, түзеліп кетеді.
Уайымдама демедім бе?
Осыны айтып, Клод Сандоздың қасына барып отырды. Содан екеуі диванға шалқалай жатып алып, жоғарыдағы картинаға көздерін қадап, оның әрбір детальін қиялдан өткізе бастады. Баласының қасынан айналшықтап шықпаған Кристина болса, еш нәрсеге қызықпай, ештеңені естімей, өз мұңына шым батып кеткен. Бірте-бірте кеш түсіп, терезенің сұрғылт бояуы өшіп, дүниені көңілсіз ымырт жапты.
— Сонымен, не істейтін болдың? Әйелің айтқандай, көрмеге қатысатының рас па?
— Иә, рас.
— Дұрыс екен. Мынадай зор нәрсені бітіретін де уақытың болды ғой... Кесек, кесек жерлері бар! Сол жақта алыстап бара жатқан жағалау мен әне бір қап көтерген жұмыскерің бар ғой... — деп Сандоз сол кідіріп қалды. Артынша пікірін ашық айтуға бекінді. — Бірақ сенің суға түскен жалаңаш қатындарды сол күйінше қалдырғаның түсініксіз. Оларды киіндірмекке уәде бергенің қайда? Немене, саған осындайлар өте керек пе?
— Иә!
Клод ешбір дәлел келтірместен, қайдағы бір қатып қалған қағидалардан қайтпайтын адамдардың әдетімен қырсығып, қатқыл жауап берген. Содан соң екі қолын желкесіне айқастырып алып, жоғарыдағы бұлдыр тарта бастаған картинадан көзін алмай, мүлдем басқа әңгімеге көшті.
— Сен менің қазір қайдан келгенімді білесің бе? Люксембург музейінде ілулі тұрған ғажайып пейзаждың иесі, "Ганьидегі батпақты жерді" жазған ұлы суретші Куражомен кездесіп қайттым. Есіңде ме, біз оны әлдеқашан өліп қалған шығар деп жүруші едік қой. Артынан оның осы маңайда, төбенің ар жағындағы Абревуар көшесінде тұрып жатқанын білгенбіз. Міне, осы Куражо қайда барсам менің жадымнан шықпай қойды емес пе? Ақыры оның лашығын іздеп тауып алдым. Енді таза ауа жұту үшін көшеге сейілге шықсам болды, сол шалға соқпай кете алмаймын, барғым келеді де тұрады. Ақылға сыймайтын нәрсе! Бүгінгі пейзаждың пірі, алып суретші тышқанға ұқсап, жер астына кіріп кеткен! Оның осы тірлігінен әрі ешкім хабарсыз. Сен ол көшені, ол лашықты көзіңе елестете алмас едің. Тауықтар мен қаз, үйректер қаптап жүрген кәдімгі деревня көшесінің бірі. Төбенің баурайында ағаш шарбақпен қоршалған ойыншыққа ұқсас кішкене лашық, кішкене терезелер, кішкене есіктер... Шағын бау-бақша. Онда төрт түп алмұрт ағашы өсіп тұр. Жасыл тақтайлардан құрастырылып, сым темірлермен шандып байлап тасталған, сыртының сылағы түскен ескі құс үйшігі тағы бар.
Клодтың даусы қарлығып қалды. Бұдан соң картинаға көзі талғанша қарап тұрып, тағы да мазасы кете бастады.
— Сөйтіп, мен бүгін Куражоны есігінің алдында көрдім... Сексеннен асқан шалдың мыж-мыжы шығып, балаша бүкірейіп қалыпты. Иә! Аяғына ағаш шоқай, үстіне ескі күпәйке киіп, мойнына қатындарша жаулық орап алған суретшінің осы ұсқыны кісі шошынарлықтай еді. Мен сол жерде жүрегімді тоқтатып, қасына бардым да: "Куражо мырза, мен сізді жақсы танимын. Люксембург сарайында ілулі тұрған картинаңыз нағыз шедевр! — дедім. — Ендеше, ұстазым, суретші ретінде сіздің қолыңызды қысуға рұқсат етіңіз". Мұны естігенде, шалдың есі шығып, әлдене айтып міңгірледі де, таяқ жеуден қорыққандай, шегіншектей берді. Ақырында қаша жөнелді. Артынан әзер қуып жетіп, сабырға шақырдым. Шал енді маған тауық, үйрек, қоян, ит, тіпті қара қарғаға шейін жорғалап жүрген хайуанаттар қоршауымен таныстыра бастады. Осылардың ортасында, ит-құспен оңаша тілдесіп, өмір кешіп жатқанға ұқсайды. Айнала төңірегі ғажап көріністерге тұнып тұр: Сен — Дери жазығы алақанға салғандай анық көрінсе, әрі қарай өзендер, түтіндеткен фабрикалар, екі иінінен дем алған паровоздар біріне-бірі иек артып, ұзап барады. Тура тау етегіндегі тақуаның жапа-жалғыз мекеніне ұқсайды. Қыр арқасында Париж, қарсы алдында кең жазира... Әрине, мен шалды қайта мақтауға кірістім. "Куражо мырза, сіз сондай ересен талант иесісіз ғой! Біздің сізді қалайша құрметтейтінімізді білсеңіз ғой! Сіз — біздің мақтанышымыз, өнерде пір тұтатын әкеміз сіз!" — деп біраз бөстірдім. Мұны естігенде шалдың ерні дірілдеп, көзінде үрей пайда болды. Мен құдды қараңғы көрден өлікті сүйреп шығарғандай зәресі кетіп, екі қолы ербеңдеп, тағы қашуға айналды. Ерні сылпылдап, түсініксіз бірдеңелерді айтады — алжыған кәрінің әрекетіне ұқсайды. "Білмеймін... мұның бәрі баяғыда... Қартайдым... Білгім келмейді"... — дейді ме-ау. Ақыр аяғында кетуге мәжбүр болдым. Ал үй иесі есігін тас бекітіп, біз секілді тобырдың торуылынан қашып құтылған оқшау мекенінде, хайуанаттардың ортасында қала берді. Сөйтіп, бұл кісі бақалшыдай өмір сүріп жатыр екен. Өлмей тұрып, өз ықтиярымен ұмытылуға айналған. Ал мына біздер атақ, даңқ үшін отқа түсуге әзірміз.
Клодтың күйзеліске толы даусы қарлығып барып, үзіліп кетті.
Ал түн қараңғылығы қоюлана түсіп, бұрыш-бұрышқа жиналған тымырсық түнек толқындары көтеріліп, бірте-бірте орындықтар мен үстелдердің аяқтарын, еденде шашылып жатқан өзге де заттарды басып қалды. Полотноның етек жағы күңгірт мұнарға батқан тұста Клодтың көңілін әлдеқандай күдік жайлап, кешкі ымырттың түсуін жіті қадағалауға кіріскен. Осылай күндізгі жарық өлеусіреп өше бастағанда, өз туындысының да шын бет-бедерін анықтап, түсінгендей секілді еді. Осы ауыр тыныштықты ауру баланың ақырын тыныстаған көкірек сырылы бұзып тұрды. Оның қасында ауру баласын күзетіп отырған анасының қараңғы сұлбасы көрінеді.
Бұдан кейін Сандозға кезек тиген. Ол Клодқа ұқсап, диванның жұмсақ жастығына арқасын тіреп, екі қолын желкесіне айқастырған қалпы, сөйлеп берсін:
— Кім білсін-ау! Оқшау өмір сүріп, тып-тыныш өлгеннің өзі артық шығар. Катехизисте жазылған жаннаттай, қазір жас балалар келемеж етіп жүргендей атақ, данқтың өткінші екенін ұқпайтын мына біздер, суреткерлер, қандай ақымақпыз, ә?! Біз құдайға сенбесек те, атымыздың өлмейтініне сенеміз. Солай емес пе? — деп Сандоз ымырт уақытысында көңілсіздікке бағып, ішін ақтаруға кірісті. Жақынына жаны ашығандықтан ба екен, әйтеуір өзінің жағдайын да сүмірейтіп көрсетуге тырысты. — Сен сірә мені жетісіп жүр деп ойлайтын шығарсың. Иә, менің жетісіп жүргенім өтірік емес. Кітаптарымды бастырып, буржуалар айтқандай, ақша тауып жүрген жағдайым бар. Бірақ сенермісің, сенбеспісің... мен бұған әсте риза емеспін. Бұрын талай айтқанмын, бірақ сен иланбайсың. Өйткені сенің тууың өте азапты болған соң, өзгелер елеп — ескерсе екен, мақтаса екен, тіпті жамандаса да үнсіз қалмаса екен деп ойлайсың. Содан тынымсыз жұмыс істеп, көрмелерге қатысқың келеді. Ал анау тоғышар жұрт былқ етпейді. Егер осы жолы Салон сені қабыл алып, жын ойнақтың ортасына қосылып кетсең, содан жаңа картиналар жаза бастасаң, маған соғып, жағдайыңды түсіндіріп айтарсың: осының бәріне көңілін тола ма және ең бастысы — бақыттымысың? Шығармашылық жұмысқа, мысалы, мына мен бүткіл өмірімді сарп еттім. Бірте-бірте шешемнен, әйелімнен, сүйген нәрсемнің бәрінен қол үзіп қалдым. Бұл пәле бас сүйегіңе кіріп алған құрт секілді, он екі мүшеңді түгел жайлап, жан-тәніңді кеміріп жеп қояды. Таңертең төсегімнен тұрысымен жазу үстеліме барып отырамын. Содан сыртқа шығып, таза ауа жұтып қайтуға уақыт таппай, жұмысыма кірісіп кетемін. Ac ішігі отырғанда да менің миыма тыным жоқ: болашақ кітабымның сөз — сөйлемдерін нанға қосып жей беремін... Далаға шықсам, соңымнан бірге еріп жүреді, алдымдағы дастарқанды да босатпай, қиялымды билеп алады, жастыққа қисайсам, қасымда бірге жатады. Сөйтіп, өңімде де, түсімде де жадымнан шықпайтын шығармамды аяқтап шыққанша мен байғұсқа тыным жоқ. Өзім таңдап алған қатыгез өмірімнің сыйқы осындай. Бұдан құтылып кетуге шамам келмейді. Тіпті шешемнің бөлмесіне кіріп, жағдайын сұрап шыққаннан кейін он минут өткенде тағы да бәрін ұмытып қаламын, осы мен бүгін шешеммен амандастым ба, жоқ па деп сұраймын. Қатынымның жағдайы бәрінен қиын, өйткені оның байының бай сиқы қалмаған, ерлі-зайыпты адамдарға ұқсап құшақтарымызды жиі айқастырмаймыз. Кейде от басына мейірімділік, қамқорлық көрсетіп, парызымды дұрыс өтей алмағаным үшін қатты ұяламын. Бірақ бәрібір құбыжықтың қамауынан құтылып кете алмаймын. Қиялым шайдай ашылып, шабыт кернеген кезде бәріне қолымды сілтеп, тас бекінемін. Егер жазған бір бетім сәтті шықса, отбасым да көңілденіп, еркін сөйлей бастайды. Ал бір бетім бүлінсе, бәрі қара жамылып шыға келеді. Жо-жоқ, қазір менің иелігімде басқа дәнеңе қалмады. Кедей кезімде, елге барып демалсам, алыс жерлерге саяхатқа шықсам деп армандаушы едім. Ал сол армандарды жүзеге асыруға мүмкіндік туғанда, бастап қойған кітабым мені қамаудан босатпайды. Таңғы серуенді, достарға барып қыдырыстауды, емін-еркін көңіл көтеруді ұмытқалы қашан! Біржола еркімнен айырылып, әдеттің құлы болғаным сол емес пе: дүниеден бас кешіп, есігімнің кілтін терезеден тысқа қарай лақтырғанмын... Өзім оқшау тіршілік еткен қуыста жұмыстан басқа ештеңе қалған жоқ. Сірә осылай туралап жүріп, шаруам бітетін шығар.
Осыны айтқан Сандоз аз-кем тыныстағандай болды. Қою қараңғылық меңдеген үйде тыныштық орнады. Бірақ сәлден соң мейман күшеншек әңгімесін қайта бастады.
— Осындай итшілеген өмірден қанағат тауып, азғантай қуанышқа қолың жетіп жатса ғой, шіркін! Жұмыс істеп отырғанда, шылымдарын түтіндетіп, сақалдарын сипайтын кейбіреулердің қандай күй кешетінін мен білмеймін. Шығармашылық еңбекті еріккеннің ермегі көретіндер бар деседі. Олардың біразы бәрін оп-оңай бастап, қиналмай тастап жүре береді екен. Екі бет бірдеңе жазып, бұл неғылған керемет, сұлу, қайталанбас тіркестер деп өз-өзіне таңырқап, тамсанатындар бар. Мен ше? Менің толғатуым-азап, туғанымды топас бірдеңеге ұқсатамын. Өз-өзіне сенімді өркөкіректерге қатты таңырқаймын. Басқаларды жоққа шығарғанда түбін түсіріп, өздерінің ұсқынсыз бірдемелерін сынауға келгенде ақылдарынан алжасып, абдырап қалатын жастарды да көріп жүрміз. Иә, кітап жазу — осындай сүйкімсіз нәрсе. Оның қандай жағдайда туатынын білмейтіндер ғана ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Сені мазақтап, cөгe жамандайтындар туралы тіпті ештеңе айтқым келмейді. Ондайлар, мысалы, менің жігерімді жаншып түседі. Дегенмен, сауатсыз оқырманға ұнау үшін жүрген жолынан жаңылысып, туралықтан тайған қаламдастарымызды да білеміз. Сонда қайту керек? Еркектерге ұнаудан қалса, өлгенді артық санайтын әйелдер бар. Меніңше, сын тезіне түсу — пайдалы нәрсе, ал жалпыға танымал болмау ерліктің белгісі. Ақымақтардың шуылы — қайратыңа қайрат қосуы керек. Өз-өзіңе үнемі мынандай жұбату айтып тұрғанын дұрыс болады: сен бар өміріңді шығармашылық бейнетке арнағансың, сол себепті елдің тез мойындап, ерекше мән беріп жатқанын күтпейсің, тіпті ондай үмітің де жоқ; өйткені өнер деген сенің еркіңе көнбейді, кеудеңде лүпілдеп соққан жүрек секілді тыным көрмейді...
Содан бәрібір күндердің бір күнінде ел-жұрттың сүйікті жазушысына айналам ғой деген үмітпен қылжиып құлайсың... Осы күнгі сыншылардың әрекетіне менің күлкім келеді. Оларсыз да мен өзімді-өзім аямай, босқа өткен әрбір минут ымды бақытсыздыққа балаймын. Жаңа кітапты жазуға кіріскенде қаншама күш-қуат жұмсайтынымды қайсысы біліп жатыр? Алғашқы тарауды бастағанда, қаламымның жүрдектігіне, қабілетімнің барлығына кәдімгідей сүйсініп қаламын. Көп ұзамай күдік басын көтеріп алады да, жазғаныма көңілім толмай, бұрынғы бастырған кітабым бұдан тәуірірек көрінеді. Содан әрбір бетті, әрбір тіркестерді қайта өңдеп, қинауға түсіретінім соншалық, тіпті қағаз бетіндегі үтірлерге шейін азар-безері шығады. Сөйтіп, бұл кітапты да жазып бітіргендей болып, "уһ" деп демаламын. Иығым — нан ауыр жүк түскен секілді. Бірақ бұл еңбегі жанған жасампаздың қуанышынан гөрі — бел омыртқасын үзіп жіберген зілмауырды лақтырып тастаған жүкшінің жан айқайына ұқсап кетеді. Бұдан кейін бәрі басынан қайта басталады. Содан талантымның кемдігі үшін өзімді-өзім сұмдық жек көріп, жанталасып өлгенше әйтпесе артымда асқақ, үздік шығармалар қалдырмай, ең құрмаса бір, бірнешеу, тау боп үйілген кітаптар жазбай жынданып кеткенімше, осы тозақ жалғаса бермекші. Тіпті табытқа түсер кезімде де тыныштық таппай, істейтін нәрсемді істеп үлгірдім бе, оңға қарай жүруім керек пе еді әлде солға қарай жүргенім дұрыс па еді деп сұрайтын шығармын. Менің ең соңғы арманым, жан тәсілім алдындағы тілегім — бәрін қайта түзеу керектігі болар...
Сандоздың көңілі алабұртып, даусы өзгеріп кетті. Сәл тыныс алған соң, қайтадан даусын көтеріп, өрекпи жөнелді.
— Өмір! Екінші өмір! Бар жұмысымды жалғастырып, әрі қарай ұзарта түсу үшін маған бір өмір аздық етеді екен. Жұмыс үстінде мен қайтып тірілуге әзірмін! — деді.
Түн қараңғылығы меңдеп, шешесінің бұлдыраған бейнесі өшуге айналды. Ауру баланың деміккен тыныс алуы естілгенде, алыс көше жақта қайғы-қасірет торуылдап жүргендей көрінді. Үрейлі тыныштыққа батқан шеберхана ішінде тұрған үлкен полотноның бетінде бүгінгі күннің соңғы жарығындай бұлдыраған белгі қалыпты. Картинадағы жалаңаш бейне жоғала бастаған елестей еріп кетуге айналған. Аяғы мүлдем жоғалған, бір қолы түнекке батып кеткен, тек дөңгеленген ішіне айдың күңгірт сәулесі түсіп тұрғандай, ерекше назар аударар еді.
Сандоз біраз үндемей отырып:
— Сенің картинаңмен бірге көрмеге мен де еріп барайын ба? — деп сұрады.
Клод тіс жармады — жылап отырғандай еді. Әлгінде Сандоз басынан кешірген ақуалды ой елегінен өткізіп, қапаға түсті ме екен, кім білсін. Бұл сұрағын қайталап қоймаған соң, өксігін әзер басқан суретші:
— Саған рахмет, шал! Бірақ картинамды ешқайда апармаймын, — деді.
— Қалайша? Шешім қабылдаған секілді едің ғой...
— Иә, йә, сөйткенмін... Бірақ мен бұған дұрыстап қарамаған екенмін. Күн батарда ғана көріп отырмын... Масқара! Тағы да масқара! Біреу мені тура көзімнен көздеп ұрып жыққандай, жүрегім қысылып барады.
Осыны айтқанда, Клодтың бетінен сорасы аға жөнелді. Өзін қаншама бекем ұстауға тырысқанмен, ішіндегі қапырықты тежеуге шамасы келмеді.
— Қайран досым-ай! — дегенде Сандоздың көкірегі қарс айырылды. — Өзіңді-өзің аямайды-ақ екенсің. Бірақ, бәлкім, бәрін көңілдегідей түзеп шығуың үшін осылай асықпағаның да дұрыс шығар. Әлде менің айналамның бәрін кінәлап, бәріне күдік келтірген былшылдай әңгімем саған теріс әсер етті ме екен... Осыны уайымдап отырмын.
— Сенің не қатысың бар? — деді Клод таңырқап. — Мен тіпті сенің сөзіңе құлақ қойғаным жоқ... Манадан бері мына жексұрын суреттегі жоғалтқан нәрселерімді іздеп отырмын. Жарық өшіп, бұлдыраған ымырт сәулесі түскен кезде ғана мен бұл жұмыстың түкке тұрмайтынын білдім. Жалпы көрінісі жаман емес, ал анау жалаңаш әйелдің сұрқын қарашы: пропорциясы сақталмаған, аяқтары ұзарып кеткен... Барып тұрған сұмдық емес пе? Жүрегімді солқылдатып суырып барады. Қараңғы ымырт түскен сайын көзімнің алды бұлдырап кетті, жер айналып, тұңғиыққа құлап түсті. Біраздан кейін ай секілді батып бара жатқан әйелдің анау жалаңаш ішінен басқаны көруден қалдым. Әне, қарашы! Енді оның бұлдыр елесі де өшіп, бәрін қараңғылық басып, біржола өліп кетті емес пе?
Шынында да бүткіл картинаның көрінбей, жоғалып кеткені рас еді.
Суретші орнынан атып тұрып, қараңғы үйді басына көтере, айғай салды.
— Сайтан алғыр! Ештеме жоқ... Бәрін қайта бастаймын! — Клод осылай айғайлап жүріп, Кристина отырған орындыққа барып соғылды. Кристина оны тоқтатып қойып:
— Байқа! Мен шамды жағайын, — деді.
Шам жағылғанда Кристинаның қансыз-сөлсіз жүдеу жүзі көрінді. Қорқыныш пен үрейге толы көздері картинаға қадалып қалған. Сонда қалай, бәрі қайта басталып, бар азапты басынан өткермек пе?
— Иә, бәрін қайта бастауым керек! — деді Клод екіленіп. — Бұдан бәлкім, өзімнің де, әйелімнің де, баламның да сілімтігі шығар. Бірақ нағыз шедевр — үздік дүние жасайтыныма ант ішемін.
Кристина отыра кеткен. Клод пен Сандоз көрпесі ашылып қалған Жактың қасына барды. Үн-түнсіз жатқан бала ауыр демалады, басы жастыққа кіріп, астындағы кереует соның салмағынан шайқатылатындай көрінеді.
Қайтар кезде Сандоз осы балаға қатысты күдік — қаупін жасырмай айтқан. Шешесі абдыраңқырап қалды. Әкесі жұмысына қайтып кірісті. Әлі бітпеген туындысына деген ынтызарлық пен құрғақ қиял оны өз тумысынан жаралған ауру баладан әлдеқашан алыстатып әкеткен еді.
Клод таңертең киініп жатып, әйелінің үрейленген даусын естіді.
— Клод... Клод! Мынау өліп қалды-ау деймін!
Әлі ұйқысын ашып үлгірмеген ері асығып-үсігіп, сүрініп-қабынып тұра ұмтылды.
— Қой, олай болмас. Өлгені несі? — деп таңырқаудан танар емес.
Сөйтіп екеуі төсектің қасына барып, меңірейіп тұра берді.
Байғұс бала бұрынғыша шалқасынан жатыр екен де, оның данышпанға біткен, бірақ нақұрысқа айналған дәу басы қалыбын өзгертпепті, тек қансыз-сөлсіз салбыраған дәу аузынан демі шықпай, мағынасыз көздері ашылып қалыпты. Клод ұлының маңдайын сипап көріп еді — мұздай суық екен.
— Шынымен өліпті! — деді.
Қапелімде не болғанын ұға қоймаған екеуінің жылауға да шамалары жетпей біраз есеңгіреп тұрды да, бір мезгілде Кристинаның тізесі бүгіліп, төсек жанындағы еденге гүрс етіп құлап түсті. Содан маңдайын кереуеттің шетіне тіреп, екі қолын айқастырып алды да, өксіп-өксіп ұзақ жылаған. Бүткіл денесі дірдек қақты.
Алғашқы минуттерде ауру баласына жеткілікті түрде аналық мейірім көрсетпегені есіне түскен Кристина айрықша өкініп, қатты қиналған. Безгек тигендей қалшылдап, көз алдынан өткен күндердің елесі кетпей қойды. Сонда баласына орынсыз ұрсып-жекігені, аймалап сүюдің орнына жиі дөрекілік көрсеткені үшін бармағаның тістеуге тура келді. Енді бәрі бітті: жүрегін сыздатқан қайғы-қапаның орнын толтырып, баласын әлпештеп өсіре алмайды. Бұрын айтқанға оңай көне қоймайтын тентегі, әне, тым-тырыс жатыр... Бұрын еркінсіп ойнай бастаса: "Тоқтат! Әкеңе кедергі келтіресің!" деп ұрсушы еді. Енді, міне, ол мәңгілік тым-тырыс тыныштық құшағына кіріпті. Осыны көрген ананың көкірегі қарс айырылып, көз жасына тұншығып отырды.
Ал жүйкесі шиыршық атқан Клод әрлі-берлі теңселіп жүрді де қойды. Жүзі әлем-тапырық. Көзінен сирек тамған жасты алақанымен сипап, сүртіп тастайды. Кішкентай мәйіттің қасынан өтіп бара жатып, қорқақтап назар салғанда, баланың ашық қалған көздері әкесін бір түрлі кінәлап жатқандай көрінді. Әуелі іштей қарсылық жасап баққанмен, бірте-бірте пайда болған көмескі идея мұны біржола билеп алғандай еді. Ақыр соңында Клод асығыс қимылдап, кішкене бір холсты алып келді де, өлген ұлдың суретін салуға кіріскен. Алғашқыда жасы аралас көзі бұлдыр тартып, айналасын тұман басып кетті. Бірақ қолындағы қылқаламын тастамай, көз жасын сүртіп тастап, жұмысын жалғастыра берді.
Әсте-әсте кірпігі құрғап, қолының дірілі басылғанын байқады. Енді мұның алдында денесі суыған жас мәйіт емес, оқшау модель, ерекше қызықты көрінетін оқыс сюжет қана жатыр еді. Ерекше үлкен бастың шекарасы мен өңі қашқан өліктің бет-бейнесі, көлеңке басқан көз аумағы — осының бәрі суретшінің есін шығарып, шабытын қоздыра түскен. Содан осы шығармасына көңілі толғандай жүзіне қан жүгіріп, кейінірек шегіншектеп, сүйсіне қарап тұрды.
Кристина басын көтеріп, қызу жұмысқа кірісіп кеткен күйеуінің қасына келген. Көз жасын қайта селдетіп:
— Иә, енді оның суретін сала беруіңе болады. Өйткені оның қимылдауға шамасы жоқ! — деді.
Клод бұдан кейін бес сағат бойы жұмыстан басын көтермеді. Осының ертесіне өлген баланы жерлеуге қатысып, зираттан бірге қайтқан Сандоз шеберханада тұрған шағын суретті көргенде, жүрегін аяныш пен таңданыс сезімі кернеп кетті. Бұл Клодтың ең сәтті дүниесі — тазалық пен қайратқа құрылмағанмен, перзентінің қазасынан кейін, бүткіл өмір-тірлік қараң қалып, қайғы басқан көңілді қозғайтын нағыз шедеврдің өзі еді.
Әйткенмен, Сандоздың осыншама мақтау-марапатына Клод пәлендей селт ете қоймады.
— Саған ұнай ма? Шының ба? Онда анау үлкен картинамды әзір бітіре алмайтындықтан, Салонға осыны жіберермін, — деді.
X
"Өлі бала" атты картинасын өндіріс сарайына орналасқан Салонға апарып өткізген күннің ертеңіне, Мансо бауының маңайында қыдырып жүрген Клод ойламаған жерден Фажерольге кездесті.
— Оу, сенбісің, досым? — деп Фажероль қуанып қалды. — Сені көрмегелі де біраз болды. Не бітіріп жатырсың?
Жатса-тұрса жаңа картинасы ойынан шықпай қойған суретші бұл дүниесін Салонға жібергені туралы айтқанда анау:
— А, сөйттің бе? Онда мен сенің картинаңды сүйреп шығарады екенмін. Естіген боларсың: мен биыл төрешілер алқасының кандидатымын ғой! — деді.
Шынында да тәп-тәуір басталып, артынан аяқсыз қалған реформаларға көңілдері толмай, күңкіл сөзді көбейте бастаған суретшілердің талап-тілегін ескерген көрме әкімшілігі бұл жолы төрешілер алқасын сайлап алу хұқы солардың өзіне берген еді. Осы шешім суретшілер мен мүсіншілерді недәуір әбігерге түсірген. Сайлау алдындағы қызу қарбалас басталды. Әдеттегідей түзу ниетті бүлдіріп тынатын жікшілдік, топшылдық, бақай есеп секілді лас әрекеттерге жол ашылды.
— Жүр, кеттік, — деп ұсыныс жасады Фажероль. — Қанша уәде бергеніңмен, сен бізге соққан емессің. Енді менің мекен-жайымды, тұрған үйімді көріп қайт. Бұл жерден онша қашық емес, Вилье даңғылының маңайында...
Осыны айтып, қалжыңға сүйенген Фажероль Клодтың қолтығына жармасып, өзімен бірге жетектеп әкетті. Бұрынғы жолдасым биылғы көрмеде жәрдем көрсетуі мүмкін-ау деген ой бір жағынан қызықтыра бастаса, екінші жағынан ұялып, қысылатын да секілді. Вилье проспектісіндегі оқшау ғимараттың қасына келгенде Клод кіре берістегі жеңілтек оймыштарды көріп, мұның тұп-тура дәуірлеу заманындағы үйлерге еліктеп салынғанын ішіне түйіп қойды. Ою-өрнекті терезелер мен баспалдақты мұнаралар, қиюын келтіріп, қиыннан қиыстырылған темір шатырлар — нағыз сылқым сұлулықты аңғартады. Осы жерде көшенің ар жағында бой түзеген, патша сарайына ұқсас Ирма Беконың үйін көрген Клод таң-тамаша болып, әpi сонда өткізген бұлдыр түстей түсініксіз түні есіне түскенде, қалшиып қатты да қалды. Фажерольдің ағаш қуыршақтай оймышталған тұрағына қарағанда, анау айлапат, сәулетті, заңғар сарайға ұқсар еді.
— Ирма туралы не айтасың? — деп сұрады Фажероль. Даусында оны құрмет тұту сарыны бар еді. — Үй емес, нағыз ғибадатхана емес пе? Ал менің қолымнан суреттер сатудан басқа ештеңе келмейді... Үйге кірейік!
Үйдің ішкі сән-салтанаты көз тоярлықтай екен. Табалдырықтан төрге шейін ескі кілемдер жаюлы жатыр, қабырғада ескі қарулар ілулі тұр, әйтеуір мұндағы дүние — жиһаздың бәрі ескі, Қытай мен Жапоннан келген мүліктердің де сыйқы сондай... Сол жақта майланған тақтайлары жылтыраған, төбесінде қызыл айдаһар суреті көлбеген асхана көрінеді. Оймышталған ағаш баспалдақ бойына жалаулар ілініп, әлдеқандай тропикалық өсімдіктер шырматылып қалыпты. Ең ғажабы — шығыс маталарымен қапталған бірақ ішіне бір де бір картина қойылмаған екінші қабаттағы енсіз шеберхана бөлмесі еді. Бір бұрышқа химералар — тажал мүсіндер көтеріп тұрған үлкен тас пеш орналасса, екінші жағында балдахин — жабулы бағаналар астында кең кереует тұр. Мұның өзі күрделі құрылысқа ұқсайды: паркет еденге дейін етектері салбырап түсіп жатқан құс жастықтар, кілемдер мен аң терілері, ал олардан жоғары бақандармен керілген жібек шатыр тігілген.
Осынша байлыққа тамсана қараған Клод мұның бәріне қанша қаражат жұмсалғанын сұрауға оқталды да, тілін тістеп ала қойды. Былтыр орденмен марапатталған Фажероль бүгіндері әр портретке он мың франк сұрайды екен деген өсекті бұл да естіген. Ал мұның атын шығарған Ноде мырза болса, Фажерольдің әрбір картинасын жиырма, отыз, қырық мыңға сатып, зор пайда тауып жүрсе керек. Қанау дегеніміз осы емес пе? Саудагерлердің өзара таласқанын қызық көріп, өзінің де қарны тоя бастаған, менменсіген суретші сол жылдым болса, көп сұраныстың астында қалмақ екен. Бәрібір көрмеге қойылғандай көз жауын алатын көл-көсір байлықтың ар жағында қарызданып-қауғаланып жатқан секілді.
Алармандар қолына аз ғана несие ақысы тиіп, қалған қалың қаражат — бағасы уақытша қымбаттаған биржаның түсімінде кейін көр-жерге жұмсалып, азая түссе керек. Ойламаған жерден ең байлыққа кенелген Фажерольдің есі шығып, алды-артына қарамай ақшаны судай шашады деседі. Ол қазіргі өнер кеңістігіндегі беделді орнына әбден семіріп, қашанда мұның картиналарына сұраныстың азаймай, қайта жыл өткен сайын олардың бағасының өсе беретініне әбден сеніп алғандай еді.
Бір кезде қызыл масатымен көмкерілген қара тақтай мольберт үстіндегі кішкентай бір холст Клодтың көзі түсті. Осы дүниелер мен палисандралық-тропикалық қатты ағаштан жасалған жәшік ішіндегі бояулар мен ұмытылып қалған қарындаш қораптары ғана үй иесінің мамандығынан хабар береді екен.
Кішкентай холстқа қарап тұрған Клод:
— Нәзік салынған сурет екен! — деп сыпайылық білдірді. — Салонға арнаған картинаңды қайттің? Жібердің бе?
— Иә, иә, құдайға шүкір! Бір апта бойы көрермендер қаптап кетті емес пе? Тізе бүгуге уақыт болмады. Шынында менің сол көрмеге қатысқым да жоқ еді... беделімді түсірмес үшін. Ноде қарсылық жасап бақты. Бірақ басқа амалым қалмады. Бүкіл жастар менің төралқа құрамына кіруімді, сөйтіп олардың мүддесін қорғауымды қалаған екен... Ал менің картинамның сюжеті өте қарапайым, "Таңертеңгі ас" деп аталады. Екі еркек пен үш әйел тас сарайдың алдындағы көгалды жерге дастарқан жайып тастап, ас ішуге кіріседі... Кейін көресің ғой, бұл өзі ерекшелеу нәрсе...
Осыны айтқанда, Фажерольдің даусы сенімсіздеу шықты. Ал өзіне тесіле қараған Клодтың көзіне көзі түскенде, тіпті дегбірі қашып, мольберт үстінде тұрған кішкентай холст-суретті сынап-міней бастады.
— Бұл, әрине, түкке татымайды... Ноденің өтінішімен салған едім. Сен мені ештеңе білмейді деп ойлама. Сенде жетіліп-артылып жатқан нәрселер мына менде кемшін соғып жатады. Ал мен кеше ғана өзге суретшілер арасында өзіңді қорғаштап, бұрынғыша саған берілгенімді дәлелдеп шықтым. Сенесің бе, сенбейсің бе, оны өзің біл..
Осыны айтып, Фажероль Клодты арқасынан қағып қойды. Мұнысы бұрынғы ұстазынан жасырын жеккөрінішті сезімін бүркей алмай, бірақ оның ықылас-пейілін өзіне аудару үшін әлдебір жезөкше әйелдің қылымсыған мінезіне еліктеп, өтірік аялай бастаған әрекетіне ұқсап кетіп еді. Сөйтсе де, Клодтың кезекті картинасын қабылдату жолында бар бедел-абыройын жұмсайтынын ерекше шыншыл, аздап әбігерленген дауыспен қайталай берген.
Осы арада Фажерольге келіп-кетушілер көбейе бастады. Бір сағаттың ішінде он-он бес адам төбесін көрсетті. Олардың ішінде балаларын ерткен әкелер, көрмеге полотноларын тапсырып, енді Фажерольдің өзімен танысуды ниет еткен суретшілер, одан көмек сұрап, ашна — аш қызметке даярлығын танытқан ескі таныстары, тіпті бет-ажарларын саудаға салған әйелдер де бар еді. Енді бұл болашақ төралқаның мүшесі ретінде келушілердің қолын қысып, біріне: "Сіздің биыл жазған картинаңыз тым жақсы екен, маған ұнайды", — деп қошемет көрсетсе, екіншісіне: "Сіз әлі медаль алмағансыз ба? Апырмай, ә?!" — деп таңырқайды. Қалғандарына: "Ал мен сол жерде отырсам, бәрін билетіп жіберер едім!" — деп күпілдейді. Сөйтіп, келушілердің бәрі риза болып қайтып жатты. Ал олардың артынан есігін жапқан Фажерольдің ерекше сыпайылық танытқан түр-сипатынан көше кезген көнігін мейрампаздың мазақ, келемежі аңғарылып тұрды.
Екеуара оңаша қалған соң, Клодқа қарап:
— Көрдің бе? — деді. — Осындай топастар-ақ менің бар уақытымды жеп бітірді!
Фажероль терезе көзді есіктің қасына барып, айқара ашып жібергенде, даңғыл көшенің арғы бетіндегі жеке үйдің балконына шыққан ақ көйлекті әйелдің сұлбасы көрінді. Артынша әйел орамалын көтеріп, белгі берді. Фажероль үш мәрте қолын бұлғады да, есікті қайта жауып алды.
Клод арғы беттегі әйелдің Ирма екенін таныған. Фажероль ештеңе сезбегендей:
— Көрдің бе? Өте ыңғайлы емес пе? Осылай оңай түсінісеміз. Нағыз телеграф, — деп күліп қойды. — Әне, ол мені шақырып жатыр. Енді менің кетуім керек. Достым, біз осы қыздан сабақ алсақ болады...
— Қайдағы, қандай сабақ?
— Күнәкарлық, өнерлілік, ақыл-парасат жағынан, мысалы... Егер шынымды айтсам, мені бірдеме жазуға итермелеген сол қыз. Иә! Ол ненің табысқа жеткізетінін алдын ала сезетін ішілдің өзі. Барынша қарабайырлығына қарамастан. Ал сені сүюге келгенде, өте тәсілқой, құмар-қызыққа тойымсыз екенін қайтерсің!
Фажерольдің екі самайы қызарып, аз уақыт екі көзін мұнар басып кетті. Вилье көшесіне көшіп келгелі бері бұл Ирмамен қайта табысқан еді. Елдің сөзіне қарағанда, Париж көшелерінің ұңғыл-шұңғылдарын жетік білетін тәжірибелі алаяқ қазір Ирманың қасында дәрменсіз көрінеді. Ирма үй қызметіндегі малайын жиі жұмсап, Фажерольдің қалтасын қағудан тыйылатын емес: біресе тасымалшылардың ақысын төлеуі керек, әйтпесе ойына келген бірдемені сатып алмақ, ал көбінесе ешбір сылтаусыз-ақ сұрай беретін. Фажерольдің табысы молайып, суреттерінің бағасы көтерілгенмен, күн өткен сайын оның қаржы-қаражат жағынан берекесі қашып, тіпті қарызға батып жүруінің бір себебі осындай еді. Дегенмен, бұны алдау қиын: живописьті ермек еткен шолжың қатынның беделді еркектерді пайдаланып, басыбайлы байындай олардың бар дүниесін шашып жүргенінен бір кісідей хабардар болатын. Сыртынан өзін мазаққа айналдыратынын да біледі. Бірақ екеуінің басын қосатын-күнәқарлыққа бейім тұратын сасық жаратылыстары еді. Осындай ойнасқорлық қызметі Фажерольдің өзіне қызық көрінетіні соншалық, кейде қызға жұмсаған қыруар ақшасын ұмытуға тырысатын.
Клод бас киімін кие бастағанда, Фажероль көшенің арғы бетіне қайта-қайта көз тастап, кібіртіктей берді.
— Сенің отыра тұруың керек еді. Бірақ, өзің түсінесің ғой, ана жақта анау күтіп отыр. Егер мені сайламай қоймаса, сенің шаруаң түзелді деп есептей бер... Біз дауыстарды санауға кіріскен кезде, кешқұрым өндіріс сарайына келе қал. Әрине, онда айғай-шу, айтыс-талас аз болмайтын шығар. Бірақ осы жолы маған сенім артқаныңның дұрыстығына көзің жетеді...
Клод әуелі өйтіп кішіреймейтініне іштей ант ішкен. Өйткені Фажерольдің қамқорлығын таза қорлыққа балаған. Артынан осы мылжың неме Клодтың картинасының көпшілікке ұнамай қалуы мүмкін екендігінен қауіптеніп, уәдесінен тайқып кетпес пе екен деп ойлады.
Ақыры төрешілер дауыс беретін күні бір орнында байыз тауып отыра алмаған Клод алыс серуенге шығып қайтуым керек қой деген сылтаумен Елисей даңғылынан келіп шыққан. Қайда жүрсе де бәрібір емес пе, онда кімнің шаруасы бар? Сөйтіп, Салондағы көрменің қорытынды сөзін күткендіктен, бар жұмысын тастап, іштей мойындамаса да, басқаға қолы бармай, Париж көшелерін кезіп кетті. Бұрын Салондағы көрмеге қатысып, өткелектен өтпегендіктен, мұның дауыс беру құқы жоқ еді. Аяғы жүрісінен жаңылысқандай, өндіріс сарайына қарай тарта береді. Мұндағы есік алды қызыққа тұнып тұр екен. Үстеріне қысқа кеудеше киген біреулер қолдарына әлдеқандай тізім қағаздар ұстап, әлденеше үйірмелер мен ұйымдардың атын атап, айғай салып шақырып тұрды. Олардың саны да недәуір, отыз шақты болып шықты. Іштерінде академиялық шеберхананың талапкерлері, либералдар, ешкімді мойындамайтындар, келісімпаздар, жастар, әйелдер... бар. Дауыс берудің нәтижесін күткендердің есі шығып, әрлі-берлі теңселіп жүр. Осыдан сол бұрын әлдекімдер бүлік шығарып, енді сол бүлікшілер секциялардың қақпасын шабуылдап жатқандай көрінеді.
Түстен кейінгі сағат төрттер шамасында, дауыс беру аяқталған кезде шыдамы таусылған Клод жоғары қарай көтерілген. Баспалдақ алдында ешкімді кездестіре алмады, есік ашық түр екен. Жоғарыда терезелері Елисей даңғылына қараған үлкен залға келіп кірді-алқа мүшелері осында жайғасыпты. Ұзындығы он екі метрдей болатын жалпақ үстел залдың ортасында тұр. Ал бұрыштағы зор тас пештің ішінде ағаш отын лаулап жанып жатыр. Осы арада дауыс берушілердің соңғы сөзін күткен төрт-бес жүз шамасындағы үміткерлер мен солардың дос-жарандары, өзге жанашырлар көрінеді. Солардың айғай-шуы мен қатты күлкісі залдың төбесіне соғылып, жаңғырып тұрды. Үстелдің екі жағында есепшілерін қасына алған он бес шақты комиссия мүшелері жұмыс істеп отыр. Тағы да үш-төрт комиссия құрылуы керек екен, бірақ бұған адам жетіспегенге ұқсайды: түн ортасына шейін қалғып-мүлгімей тегін жұмыс істеуді кім ұнатушы еді, бәрі қашып-пысып кетіпті.
Осы кезде ертеден бір орнында тапжылмай отырған Фажероль ашу шақырып, айқайлай бастады:
— Мырзалар, тыңдаңыздар! Бізге бір адамның даусы жетпейді. Қалайда ерікті біреуді табуымыз керек! — деп.
Осыдан кейін Клодқа көзі түсіп, дереу мұны қолтығынан сүйрей жөнелді.
— Ой, тамаша болды-ау! Мен үшін мына жерге отыра қал да, бізге көмегіңді көрсет! Бұдан асқан қайырымды тірлік жоқ... Білдің бе?
Клод осылай ойламаған жерден комиссия мүшесі болып шыға келді. Өз картинасының тағдыры енді мұның комиссия құрамында қаншалықты адал қызмет атқаруына байланысты секілді көрініп, бар жан-тәнімен жүктелген міндетін атқаруға кіріскен. Қолына түскен бір түсті пакеттерді тізімдегі фамилиялар бойынша дауыстап атап шығып, қасында отырған екі есепшіге өткізе бастады. Мұның өзі нағыз ойын-сауыққа ұқсап кетті. Бұл атаған жиырма — отыз фамилияларды айнала жиналған жұрт қайталап айтып, улыған — шулығанға айналдырып жіберді. Еш нәрсені немқұрайды істеуге үйренбеген Клод біресе көңілденіп, біресе ренжумен болды. Мәселен, Фажерольдің аты көрсетілмеген тізім қолына тисе, кәдімгідей абыржып, ал оның аты аталса, көтеріліп қалар еді. Дегенмен, Клодтың бүйтіп алаңдайтындай себебі жоқ, өйткені мұның жолдасы соңғы кездері әбден танымал тұлғаға айналған; бармайтын жері аз, тіпті беделді топтар жиналатын асханаға кірсе де, өзгелерге өзінің ой-пікірлерін таңып, жастарға уәде бергіш болып алған. Әрине, Академия мүшелерінің қасында құрақ ұшып жүреді. Сөйтіп Фажероль баршаға сүйкімді көрінетін елдің еркесі ролін жақсы орындаумен келеді.
Наурыз айының жаңбырлы кеші сағат алтылар кезінде қараңғы тартты. Малайлар шам әкеліп қойды. Манадан бері санақ жұмыстарын қадағалап тұрған қату қабақты суретшілер енді комиссия жаққа сенімсіз, күдікті көзбен қарап қойып, үн-түнсіз жалпақ үстелдің маңына жиналды. Кейбіреулері ішқұсталықтан ба екен, аяқ астынан сайқымазаққа түсіп, мияулап, ұлып, әндете бастаған. Сағат сегізде бәрін кешкі асқа шақырып, дастарқанға салқын ет пен тәтті шараптар қойылғанын көргенде, шетінен масайрай жөнелді. Бөтелкелердің тығынын ашып қарындарын тойдыруға кірісіп кетті. Қызған көріктей қызарған тас пештің ішінде гуілдеп жанған оттың жарығы түскен алакөлеңке залға жиналған жұрт жәрмеңкедегі тойда жүргендей айрықша көңілді еді. Бәрі бұрқыратып шылым шеге бастағанда, шамдардың жарығы сарғайып, бұлдыр тартты. Еденде әлгінде дауыс берген бюллетень қағаздары нан қиқымдарына, тығындарға, сынған ыдыстарға араласып, шашылып жатты. Аңдамай аяқ бассаң, осы қоқыстарға тайып жығыларың сөзсіз. Ең соңында бәрі есіріп кетті. Бір бәкене бойлы мүсінші үстелдің үстіне қарғып шығып, жиналған жұртқа ақыл айта бастады. Имек мұрын, мысық мұртты суретші орындыққа атша мініп алып, тобырды құттықтауға келген императорды мазақтап, айнала аттандап шаба жөнелмесі бар ма?!
Ақыр соңында бәрі әбден шаршаған болуы керек, бірте-бірте тарауға бет алды. Сағат он бірлер шамасында көрмеде екі жүздей адам қалды. Бірақ түн ортасы ауғанда жаңа біреулер көрінді; сірә спектакльден яки ойындардан кешірек қайтқан қара фракті, ақ галстукты қыдырмашылар Париждің өзге тұрғындарынан бұрын бүгін осындағы дауыс берудің қорытындысын естімекке асыққан шығар. Артынша репортерлер де келді. Олар алдын ала дауыс берудің нәтижесін біліп алған соң, көп кідірмей, тайып тұрысты.
Айғайлай беруден Клодтың даусы қарлығып қалды. Шылым түтіні араласқан қапырық ауа шыдатар емес. Еденде жатқан қоқыстар иістеніп, ат қорасының ішіне кіргендей, айнала түгел сасып кетті. Түнгі сағат екіні соқты. Өзгелер әлдеқашан жұмыстарын бітіріп, жайбарақат отырса, Клод басқарған комиссия әлі де сандарды санамалып тауыса алатын емес. Ақыр соңында бәрі есеп-қисаптарын шығарып, жалпы қорытындыны жариялады. Фажероль болса, таңдаулы қырықтың ішіндегі он бесінші орынды иеленіп, жиырмасыншы орындағы Бонгранмен бір тізімнің ішінде аталды. Бонгранды сызып тастаушылар саны көбірек еді. Әбден шаршап, бірақ көңілі тоғайған Клод Турлак көшесіндегі мекен-жайына қайтқан кезде, таң да ағарып ата бастады.
Қалған екі апта бойы Клодтың тынышы кетті. Фажерольге барып, мән-жайды сұрамақшы еді — оған намысы жібермеді. Оның үстіне, алқа мүшелері көрмеге қойылатын суреттерді алфавит тәртібімен қарайтын болғандықтан, әлі мұның кезегі де келмеген шығар.
Бірде бұл Клиши бульварында қыдырыстап жүріп, аяғын алшаң басқан, кең жауырынды ескі танысын көргенде, жүрегі дүрсілдеп қоя берген. Бонгран да бері бұрылып, әлденеге қысыла-қымтырыла, әңгімесін бастады.
— Алқа мүшесіне өткен қулармен тіл табысу оңай емес екен, — деді Бонгран. — Бірақ әзір үміт үзуге болмас. Фажероль екеуміз қатты қадағалаудамыз. Сірә сенің сол Фажерольге арқа сүйегенің дұрыс. Өйткені мен ара түсе берсем, сенің беделіңе нұсқан келтіріп аламын ба деп қорқамын, достым.
Бонгран шынын айтты. Жақында ғана алқаның төрағасына сайланған, Академия басшыларының бірі, атышулы Мазель мырзамен екеуінің арасы біраздан бері өте ұшығып тұрған. Ал Мазель сұлу сыпайы, жылтырақ өнердің ең соңғы өкілі болатын. Алғашқы күндерде-ақ әдепті әріптестерге ұқсап, бір-бірінің қолдарын қысудан жаңылмаған екі дәудің жаулығы көп ұзамай мен мұндалап көзге ұра бастаған: алғашқысының қабылдауға жатқызған картинасына соңғысы міндетті түрде қарсы дауыс берер еді. Ал Мазельдің орынбасарлығына әрі алқаның хатшылығына сайланып алған Фажероль оны шыр көбелек айналып, мақтаумен басын қатырып жүрді. Анау да мұндайда өзінің бұрынғы оқушысының қиястығына кешіріммен қарайды. Жұрттың айтуынша, осы жасамыс "ұстаз" — нағыз жексұрынның өзі, Академияның басқа мүшелеріне қарағанда, жаңалық іздегіш жастарға жаман шүйлігеді екен. Тек әлдеқандай себептермен өзі қолдау көрсететіндерге ғана кешірімшіл деседі. Ондайда ол әр түрлі әдіс-айла іздеп, сахнадағы сиқыршыға ұқсайды, берілген дауыстарды бытыстырып-шатыстырып жібереді екен.
Алқа жұмысы өте ауыр міндет екеніне енді көзі жеткен шыдамды Бонгранның өзі кейде қателесіп, аяғын шалыс басса керек-ті! Күн сайын күзетшілер қыруар картиналар тізбегін қабырғаның ернеуіне сүйеп, еденге әкеліп қойып жатады. Екінші қабаттағы залдар да, өзге қабырғалар бойы да осындай дүниелерге толып кетті. Ал түскі астан кейін қолына қоңырау ұстаған торағасы бастаған қырық адам аралауға шығады, сөйтіп алфавит тәртібімен қойылған суреттерді тегіс түгендегенше тыным таппайды. Шешімдерін жол-жөнекей қабылдайды да, ең нашар полотноларды дауыс беріп жатпай-ақ шетке шығарып тастайды. Кейде дау-дамай туғызған полотноларды кешқұрым қайта талқылауға қалдырады. Әр картинадан төрт метрдей жерде тартылған жіптің барына қарамастан, қызу айтыс үстіндегі алқа мүшелері ештеңені байқамай, ілгері ұмтылғанда, сол кедергілерге соғылып, әрең тоқтайды. Алқа мүшелерінің артында өңшең ақ көйлек киген жетпіс күзетші еріп келеді. Бұлар хатшының аузынан шыққан сөзді заматында қағып алып, жетекшілерінің көрсетуі бойынша қабылданбаған картиналарды қабылданғандардан бөліп алып, майдан даласында қалған өліктердей әрі қарай сүйретіп ала жөнеледі. Мұндай аралау үзіліссіз екі сағат уақытқа созылды. Аяқ суытатын орындықтар қойылмаған. Содан екі жақтан уілдеп соққан суықтың өтінде тапжылмай тұра беруге тура келді. Біреулер тіпті бүрсеңдеп тоңып, тондарын қымтана бастаған.
Міне, осындай себептен түстен кейінгі сағат үштер шамасында жарияланған үзілісті көпшілік қуана қарсы алған еді. Содан бәрі асханаға қарай дүрлігіп, жарты сағат ішінде сондағы "Бордо" шарабының, шоколодтардың, бутербродтардың шаруасын шайқауға кіріскен. Айғайласып, сауда-саттықты қыздыра түскендер аз емес.
Алқа мүшелерінің біразында әркім ұсынған үміткерлердің аты-жөндері жазылған қойын дәптерлері бар екен. Енді сол қойын дәптерлеріне қарап, егер әріптесі мұның қамқорлыққа алған адамына дауыс беруге келіссе, мұның да солайша қарым қайтаруға әзірлігін айтып, пысықтап жатты. Мұндай ойынға қатыспағандары бұлардан бөлектеніп, анадайда шылымдарын бұрқыратып, оңаша тұр. Олардың жүздері сынық әрі қатал, немқұрайдылау көрінеді.
Бұдан кейінгі жұмыс әуелгідей онша қызу емес, орындық, үстелдер, қалам, қағаз, сия қойылған шағып залда жалғасын тапты. Ұзындығы мен ені бір жарым метрден аспайтын іріктелген картиналарды қайта қарап шыққан алқа мүшелері көп ұзамай жасыл мауытымен қапталған ұзын текшелер бойына қойылған қыруар мольберттер қатарына қарай бұрылды. Үстелге барып қисайып қалғып отырған, әйтпесе өзіне келген хаттарды оқуға кіріскен алқа мүшелері де бар еді. Керекті дауыс санын жинау қиын болғандықтан, алқаның төрағасы жиі-жиі ашу шақырады. Кейде айтыс-тартыстың қызуына түскен төрешілер бір-біріне құлақ аспай, дауыс берген тұстарда бастарындағы қалпақтары мен қолдарындағы таяқтарын лақтыруға шейін барды.
Ақыр соңында "Өлі баланың" да кезегі келді-ау. Бұл кезде Фажерольдің қойын дәптері шимай-шатпақ жазуларға толып кеткен. Ол Клодтың пайдасына дауыс жинау үшін неше қилы келіссөздер жүргізді. Бұл бірақ оңай шаруа болмады, өзгелердің пікірімен санасуға тура келді. Фажероль Клод досының атын атады-ақ, қалғандары бірден қарсы шыға бастайды. Екінші жағынан Бонгранға да ренжулі еді. Бонгран көмектеспек түгіл, оның күні бұрын тізімге алған қойын дәптері де жоқ екен, әрі оралымсыздық мінезінен ашық сөйлеймін деп ешбір дау туғызбайтын нәрселердің берекесін қашырады. Фажероль Клодты өткізу ниетінен әлденеше мәрте бас тартуға оқталса да, өзінің беделін сынау үшін мүмкіндігі шамалы картинаны қабылдатуға барын салып бақты. Мұның алқаны айтқанына көндіре алатынын былайғы жұрт бір көрсінші! Бәлкім, Фажерольдің бүйтіп айбат шегуінің ар жағында әділетке ұмтылу мен өзі де пайдасын көріп жүрген талантты адамды іштей сыйлау бар шығар.
Құдай ұрғанда, дәл бүгін Мазель мырзаның көңілінің қошы жоқ еді. Жиынның басында-ақ ұйымдастырушылардың біреуі оған жүгіріп келіп:
— Мырзам, кеше қате кетіпті. Конкурстан тыс қатыстырылған... есіңізде ме, екі мың бес жүз отызыншы нөмірлі, ағаш түбінде отырған жалаңаш әйелді бейнелейтін картинаны қайтарып жіберіпсіздер, — деген.
Шынында да күні кеше сондай бір картинаны алқа мүшелері түкке жарамсыз етіп, шетке шығарып тастаған. Ал оны жазған Академияның құрметті кәрі классигі екенін қаперлеріне алмапты. Бастықтардың енді әбігерге түскенін көрген алқаның жас мүшелері еркінсіп күле бастаған.
Академияның беделіне нұсқан келтіретін мұндай оқыс оқиғаларды Мазель қашаннан ұнатпаушы еді. Сол себепті ашуға булығып, қолын көтерді:
— Онда тұрған не бар екен? — деп қитықты. — Тездетіп тауып алыңдар да, қабылданғандардың қатарына апарып, қосып қойыңдар. Кеше шулап отырып, байқамаған шығармыз. Тыныштық жоқ жерде дұрыс шешім қабылдау мүмкін бе?
Мазель осыны айтып, қолындағы қоңырауды қағып-қағып жіберді.
— Ал мырзалар, бастайық. Сәл тынышталыңыздар! Өтінемін! Қырсыққанда, бұл жолы мольбертке қойылған картиналардың бірі Мазельге бірден ұнамады. Оның төтенше, еркін колоритін көргенде, жүрегі айни бастаған. Көзі бұлдырап, суреттің астындағы жазуды оқу үшін еңкейе түсті.
— Бұл неғылған хайуан өзі?! — деп сыбырлайды.
Артынша бойын түзеп ала қойды. Сөйтсе, мұның өзі секілді дұрыс қағидаларды насихаттап жүрген таныс суретшісінің атын оқыған екен. Содан әлгіндегі айтқан сөзін ешкім естімеген шығар деген үмітпен қайта құбылып шыға келді.
— Тамаша! Бірінші нөмірді береміз бе, қайтеміз, құрметті мырзалар?
Сөйтіп, бұл картинаға недәуір хұқығы бар бірінші нөмір берілді. Бірақ алқа мүшелері бір-бірін қолтықтан түртіп, күле бастаған. Олардың бұл қылығы Мазельге ұнамай, қытығына тиді.
Өзгелері де онша оңып тұрған жоқ еді. Картинаны алғаш көргенде, пікірлерін ашық айтқанмен, артынша авторларының аты оқылғанда, жиі өзгеріп шыға келеді. Содан бәрі сақтыққа көшті: енді бұлар пікір айтпас бұрын еңкейіп, картинаның астындағы жазуларды оқып алатын болды. Кейде әріптестерінің, әйтпесе осындағы алқа мүшесінің шығармасын талқылау үстінде суретшінің өзіне байқатпай, оның сыртынан біріне: "Байқа. Қателесіп жүрме. Мынау мынаның полотносы" деп белгі берер еді.
Талқылаудың осындай жүйке тоздырарлық қиындығына қарамастан, Фажерольдің кішкентай табысқа қолы жеткендей болды. Отбасымен қарым-қатынас орнатқан оның бір байшыкеш шәкіртінің түкке тұрғысыз портретін қабылдамас бұрын ол Мазельмен оңаша сөйлесіп, үш қызын асырап отырған байғұс әкенің кедейшілік тұрмысын сүмірейте суреттеген. Анау да жанашырлық танытып, оңайлықпен көне қоймады: тамағын таба алмай жүрген адамға живопись неге қажет, тастасын да кетсін! Қыздарын саудаға салу не сұмдық?! Дегенмен, осылай теке тірескен тораға бәрібір ең соңында Фажерольге қосылып дауыс берген. Қарсылық білдіргендер, дауыс көтергендер де табылады, олардың ішінде Академияның дүрдей екі мүшесі бар еді. Фажероль қулыққа көшіп, академиктердің құлағына сыбырлады:
— Бұл Мазель үшін, мырзалар. Мазель маған дауыс беруімді ерекше өтініп сұрады... Сірә туған-туысы ғой деймін. Әйтеуір өтіп кетуіне мүдделі, — деп.
Бұдан кейін академиктер қолдарын көтерген. Қалғандары осы екеуіне ілесті.
Ал алдарына "Өлі бала" келгенде, бәрі бірден дүрлігіп кетті. Мазақтап күлген, кекесінді дауыстар шықты. Бұл жерге мәйітханада салынған суреттер жетпей тұр еді! Мынау неғылған дәу бас еді: асқабаққа тойып алған маймылдың коаласына ұқсай ма, немене? Жастар жағы осылай келемеждесе, үрейленген кәрілер құлап қала жаздаған.
Фажероль бұл ойыннан ұтылғанын бірден түсінді. Әуелде әдеттегідей қалжыңға сүйеніп, дауысқа салып жіберуге тыраштанған — ақ еді.
— Мырзалар, мырзалар, бұл белгілі күрескеріміз ғой! — деп күлтілдеткен.
Өзгелері айқайлап, мұны тыңдар емес. "Қойыңыз, оны атамаңыз. Ол күрескеріңіздің қандай екенін бәріміз білеміз. Оның он бес жылдан бері алған бетінен қайтпаған, данышпанның ролін ойнап жүрген есуас! Жөні дұрыс бір картинасын әкеліп көрсетпестен, Салонды қиратпаққа ұмтылған мақтаншақ!" — деп ұлардай шулап қоя берді. "Жоқ, жоқ! Жойылсынға" саятын осы дауыстарда бәсекеден өлердей қорқатын, жанқиярлық жаңалыққа, жеңімпаз күш — қайратқа, жеңілісте де айбынды көрінетін мінезге шексіз өшпенділік бар еді.
Осы арада Фажероль тағы бір қате жіберді. Өзінің әсер-ықпалының осыншалық аз екенін түсінгенде, бұл енді бірден ашуға басты.
— Сіздер әділеттен аулақ екенсіздер! Азғантай адалдық болмаушы ма еді?! — деді.
Бұдан соң намысы қозған алқа мүшелері Фажерольді қоршап алып, итше талады, тіпті итермелеп, жұдырық көрсеткендері бар. Небір ауыр сөздер атқан оқтай зулады.
— Құрметті тақсыр, сіз біздің алқамызды қорладыңыз!
— Мұндай нәрсені газетте атын шығарғысы келгендер ғана қорғайды!
— Сіз жалпы ештеңе түсінбейді екенсіз!
Мұны естігенде, әншейіндегі қалжыңқой Фажероль өзін-өзі тоқтата алмай:
— Мен сіздерден кем түсінбеймін! — деп кесіп тастады.
— Тоқтат! — деп бөкенге бойлы, сары шашты біреуі қалшылдап — дірілдеп бұған айқай салды. — Сен, немене, бізге шала піскен шалқанды жегізбексің бе?
— Иә, иә! Шала піскен шалқанды! — деп қалғандары әлгіні қостай жөнелді. "Шала піскен шалқан" — бұлардың тілінде ең сұрықсыз, нашар, жылусыз боямаларға шығаратын үкімдері еді.
— Жарайды онда, — деп Фажероль тісін қышырлатты. — Дауыс берейік.
Осы дау-дамай басталғалы қолындағы қоңырауын соққылап, әбігерге түскен Мазель өзін ешкім тыңдамай қойғасын, қызара бөртіп:
— Ау, мырзалар! Құлақ салыңыздар! Бұл немене өзі? Ұрыспай-керіспей келісімге келуге болмай ма? Мырзалар, өтінемін... — деп қайталайды.
Ақырында аз-кем тыныштық орнады. Мазель жаратылысында жаман кісі емес еді. Пәлендей оңып тұрмағанмен, осы кішкентай суретті қабылдай салсақ қайтеді? Онсыз да талай құқайды қабылдап алдық қой деп ойлаған.
— Мырзалар, тынышталайық! Дауыс беруді бастаймыз, — деп қолын көтермекші еді.
Дәл осы арада манадан бері үндемей отырған Бонгран кенет aтy шақырып, қып-қызыл болып кетті де, бәрін бүлдірді:
— Бұл немене өзі, сайтан алғыр?! — деп айқай салды. Іштегі ар-ұятының қысымына шыдамаса керек. — Осы отырғандардың арасында осындай дүние қолынан келетін қайсың барсын? Әй, ондайлардың саны төрт-бесеуге жете қоймас!
Мұндай тұтқиыл шабуылды күтпегендердің тілі байланып қалды. Өзара күңкіл-сүңкіл ғана естілді.
Өңі бұзылып кеткен Мазель:
— Мырзалар, дауыс беруге кірісейік, — деді тамағын қырнап. Бұдан кейін бұның сырттай сыпайылықпен жасыруға тырысқан өшпенділік пен бәсекелестік сезімдері қайта қайнап шыға келген еді. Бұрындары бүйтіп дауласпай-ақ, бәсекелестер мәмілеге қол қоятын. Енді, міне, асқынған өзімшілдік қайта басын көтеріпті. Жұмысқа күлкі астында жасырып жүрген, талай жекпе-жек үстінде бір-бірінің жандарын жаралаған ескі аурулары қайта сыздап, ауыра бастаған екен.
Бонгран мен Фажероль ғана қолдарын көтерді. Бұдан кейін оңбай құлаған "Өлі балада" екінші жолы қайтара қарағаннан басқа үміт қалмаған еді.
Екінші жолы бәсекеге түскен картиналарды жаппай қайта қарап шығудың өзі үлкен машақат болатын. Жиырма күнге созылған талқылаудан кейін алқа мүшелері екі тәулік демалысқа шығады да, осы уақытты күзетшілер іріктелген шығармаларды дайындап қояды. Үшінші күні түскі астан соң бастары қосылған алқа мүшелері сол дайындық жағдайымен танысқанда, шеттерінен шошып кетті. Тәртіп бойынша осы жолғы көрмеге екі мың бес жүз шығарманы қабылдап алулары тиіс болса, бұлар солардың үш мыңға жуығын жарамсыз деп тауыпты да, жарамдыға жатқызған азғантай картина көміліп қалыпты. Үш мың сурет!.. Бүкіл қабырғалар бойында қаз қатар тізілген, сырттағы галереяларға қойылған, тіпті жалаңаш едендерде батпақтап жатқан дүниелерде есеп жоқ. Ара-арасында жүріп-тұру үшін енсіз жол-жолақтар қалдырылыпты. Өндіріс сарайын тасқын судай шіреп толтырған өнершілердің ғана қолынан келетін орташа, қисынсыз қыруар мүліктің былыққан қоймасы. Ал алқа мүшелерінің қарауында алты сағатқа созылатын бір ғана мәжіліс өткізу мүмкіндігі қалған. Осы уақыттың ішінде жүгіресің бе, желесің бе, әйтеуір мына қиқы-жиқы түгел дүниелерді аралап шығуың керек. Әуелгі кезде алқа мүшелері шаршап-шалдыққандарын көрсеткісі келмей, бойларын тік, ойларын сергек ұстауға тырысып баққан еді. Бірақ көп ұзамай әрлі-бері жүруден аяқтары сүрініп, бояулардан шағылысқан көздері бұлдырауға айналды. Бәрібір тыриып құлап қалғанша тыным таппай, бәрін көріп, бәрінің бағасын берулері керек екен. Сағат төрттер шамасында қирап жеңілген әскерлердің әдетімен кейін қарай шегіну басталды. Ентігіп, өкпесі өшкен алқа мүшелерінің қатары сиреп, аралары алшақтап кетті. Бағыт-бағдарынан жаңылған баз біреулері қас екілердің арасындағы тар жолдарға түсіп алып, қайда барып, қайда тоқтарын білмей, босқа теңселіп жүрді.
Бұндай былықтың арасынан әділет іздеп табуға болар ма? Шашылып жатқан қоқыстың ішінен қайсысын таңдап аларсың? Әйтеуір санын толтыру үшін портрет пе, пейзаж ба, ешқайсына қарамай, қабылдай беруің керек. Екі жүз. Екі жүз қырық. Енді тағы сегізі жетпей тұр. Міне, мынасы қалай? Жоқ, ана біреуі тәуір сияқты. Е, бәрібір емес пе? Жетеу, сегіз. Жарайды, осымен бітірейік. Осыдан кейін аяқтарын сүйреткен алқа мүшелері тарай бастады. Ауыр міндеттен құтылып, бостандыққа шыққандай, қуанысып барады.
Осы беттерімен екінші залға қарай өте берген алқа мүшелері жарамсыз деп табылған өзге полотнолардың арасында, еденде жатқан "Өлі баланың" маңында жүрген әлдекімдерді көріп, аялдап тұрды. Қалжыңбас біреу осы картинаға сүрініп қалғандай қимыл көрсетіп, оны орнына апарып қоймаққа әрекет жасағансиды. Қасындағылары әрлі-берлі ойқастап жүріп, осы картинаның терең мағынасын түсінгісі келгендей қайта-қайта үңіледі де, сірә мұны төнкеріп қойса дұрыс болар деп мазақ етеді.
Осы жерде Фажерольдің де күлкісі келе қалмасы бар ма:
— Иә, йә! Батылырақ болыңыздар, мырзалар! — деген. — Мұндай нәрсеге зерттей қарап, түсіне білулеріңіз керек. Бірдеңе іздеп тапсаңыздар, ақшаларыңыздың босқа кетпегені...
Қайырымдылық көрсетіп, қабыл ала көріңіздер, сөйтіп, кісіге жақсылық жасаңыздар, мырзалар!
Мұны естігенде, әлгілер қыран топан күлкіге батты. Бұрынғыдан бетер сайқымазақтанып, қатыгездіктерін көрсетіп бақты. Қой, ә не дегеніңіз?! Жоқ, жоқ! Не үшін қабылдаймыз?! Айтпаңыз!
— Қайырымдылық есебінен қабылдасақ қайтеді? — деген сұрақ естілді.
Осындай бір дәстүр бар еді. Алқа мүшесінің бір жекеше қайырымдылық есебінен қыруар суреттің ішінен өзіне ұнағанын таңдап алса, оның қалғандарына ұнаған-ұнамағанына қарамастан, ешбір талқылаусыз-ақ қабылданатын. Әдетте мұндай көмек кедейлерге көрсетілетін. Соңғы сәтте қатарға қосылған қырық картинаның иелері қашан дастарқанның бір шетіне шақырар екен деп босаға күзетіп күтіп жүрген аш-арық жарлылар еді.
— Сонда менің есебімнен бе? — деп Фажероль сасыңқырап қалды. — Мен біреуге қайырымдылық көрсетуге дайындалып қойғанмын... Иә, иә, гүлдің суретін салған бір бикешке!
— Өте сұлу бикеш пе екен? — деп оны мазақтағандар табылды.
Әйелдің қолынан шыққан картина туралы сөз болғанда, бәрі сыпайылықты ұмытып, аузына келгендерін айта бастаған. Әйел суретшіге қамқорлық көрсетіп жүрген өзі емес, Ирма екенін жариялай алмай, Фажерольдің діңкесі құрыды. Егер бұл уәдесін бұзса, Ирманың қырғын ұрыс шығаратыны белгілі. Содан аяқ астынан амал іздеп:
— Тоқтаңдар! Ал сіз, Бонгран, өз қайырымдылығыңыздың есебінен осы "Өлі баланы" тіпті қызық үшін-ақ сатып алмайсыз ба? — деп сұрады.
Мұндай сауда-саттыққа әуелден қаны қас Бонгранның жүрегі қысылып, үлкен жұдырығын сілтеп қалды.
— Сонда немене... мен нағыз суретшіні қорлауым керек пе екен?! Мейлі ол кеудесін жоғары ұстап, өз полотноларын Салонға ұсынып, кішіреймей-ақ қойсын! — деді.
Бірақ бұдан сайқымазақ әңгіме тоқтамады. Өзін жеңімпаз қатарына қосқысы келген Фажероль ештеңеден тайсалуды білмейтін сенімі күшті адамның кейпіне кіріп, қоқилана түсті.
— Жақсы. Тамаша! Мен оны өз қамқорлығыма алайын!
Мұны естігенде, айналасындағылар "жарайсың!" деп қошеметтеп, дуылдатып шапалақ соқты. Тіпті кейбіреулері қалжыңмен бастарын иіп, қолын қысып жатты. Пікірінен айнымаған бұндай батырдың даңқы арта бермес пе?! Бұдан кейін осыншама мазаққа ұшырап, сыналған, қорланған картинаны күзетші қолтығына қысып алып кетті. Міне, осындай жолмен "Плэнер" мектебінің негізін қалаған суретшінің бір полотносы Салонға қабылданған еді.
Ертесіне Фажероль Клодқа хат жазып, оның "Өлі баласын" біраз машақаттан соң Салонға өткізудің сәті түскенін екі ауыз сөзбен хабарлаған. Жақсы жаңалықты естігенмен, Клод пәлендей қуана қойған жоқ. Өйткені осы қысқа қайырымның ар жағында картинаны көрмеге өткізу үшін жұмсалған еңбек қана емес, кісіні қорлайтындай жанашырлық пен мүсіркеу бар еді. Мұндай жеңістен кейін өзін бақытсыз санағаны соншалық, картинасын көрмеден қайтып әкеліп, ешкім көрмейтін жерге апарып тығып тастасам ба екен деп те ойлаған. Артынан бұл ниетінен айнып, өнерпаз атаулының өзімшілдігі жеңіп шықты. Осыған жету үшін ұзақ күтіп, азап тартпады ма? Көрмеге қойылуы — ежелгі арманының жүзеге асқаны емес пе? Осылай мойынсұнған Клод енді алғаш есік қаққан талапкердің әдетімен Салонның ашылуын асыға күтті. Кеудесін арман кернеп, мұның картинасы алдында теңіздей толқып, құттықтап тұрған қалың елді көргендей болады.
Соңғы кездері Парижде вернисаждар — жабық сурет көрмесін өткізу модаға айналған. Бұрындары оған тек суретшілер қатысып, салған картиналарын ең соңғы рет екшеп-елеуден, сұрыптаудан өткізіп жатар еді. Енді бұл еріккендердің ермегіне, салтанатты жиынына ұқсап, бүткіл қала жұртшылығын аяғынан тік тұрғызып, қызықты топыр-тобырға шақыратын орын болған. Бір аптадан бері барлық баспасөз бен көше-көше бойымен ағылған жұртшылықтың бар назары суретшілерге ауған. Суретшілер де аз уақытқа Парижді толық билеп алған. Елдің аузында — солардың көрмеге жіберген жаңа картиналары мен әрқайсының жеке бастық әдет-дағдылары, мінез-құлықтары жайындағы лақап сөздер. Тобырды ұйқысынан оятатын осындай күндерде, егер көрме залдарының есігі тегін ашылатын болса, жақын деревнядан келген шаруаларға, жаяу әскерлерге, үй қызметіндегі тәрбиешілерге шейін толып кететін де, тіпті демалыс уақытындағы келушілер саны елу мыңға жетіп жығылатын. Сөйтіп, аузын ашып, көзін жұмған көпшіліктің сурет жәрмеңкесіне қарай ағылған толқыны толастамас еді.
Клод әуелде осындай вернисажға барудан қорқақтай берген, — өйткені сол жерде ақсүйектердің талғампаз тобымен бетпе-бет кездескісі келмеді. Сөйтіп демократиялық пікірлердің қайнаған қазаны — Салонның ашылуын күтті. Сандоз досына да ерген жоқ. Содан жүйкесі әбден жұқарған күндердің бірінде, таңертеңгілікте ірімшік қосылған нанды тамағынан әзер өткізіп, сағат сегіздер шамасында Салонға қарай кеткен. Онымен бірге баруға жүрексінген Кристина есік алдында күйеуін қайта шақырып алып оның бетінен сүйіп тұрып:
— Не болса да, еңсең түспесін, қымбаттым! — деді. Абыржып, қатты қобалжып айтты.
Биік баспалдақ бойымен жоғары қарай өрлеген Клодтың жүрегі дүрсілдеп, өкпесі аузына тығылып ентігіп, Құрмет залына келіп кірді. Сырттағы май айының аспаны бүгін ашық еді. Төбеде төңкерілген шыны шатырдан өткен күн сәулесі құдды цирк ішіндегідей кең залға күндізгідей жарығын түсіріп тұрды. Сырттағы галерея бағына қарай ашық тұрған есіктерден денені тоңазытарлық суық жел соғады. Бояулардың әлсіз иісі осында жиналған әйелдерден тараған әтір иісіне араласып, жұтқан ауанды ауырлата бастағандай көрінеді. Клод көп кідірмей, қабырғада ілулі тұрған суреттерге көз жүгірте бастаған. Қарсы алдында қанға батқан ұрысты бейнелеген үлкен полотно тұрды. Сол жағында — мемлекеттік тапсырма бойынша жасалған сұрықсыз сұр әулиенің бейнесі. Оң жағында — ресми мейрамның қара дүрсін көрінісі. Ар жағында — алтын рамалармен көмкерілген айғайшыл портреттер, пейзаждар, интерьерлер. Әйткенмен бүгінгі салтанатты жиынға қатысқандар арасында нағыз талғампаздардың да барын білетін Клодтың ішіндегі жасырын үрей басын көтеріп алып, жан-жағына жалтақтап қарай бастады. Тура артында жасыл дарақ өсіп тұрған ортадағы туфтың — жұмсақ диванның үстіне жалба-жұлба киінген, өсекші үш әйел жайғасып отырып алыпты. Желке тұсында даусы қарлыққан, ала пиджакты ағылшын қасындағы жол плащына оранып алған сары сәпелек бикешке әлгі ұрыс даласын суреттеген суреттің мағынасын түсіндіріп әлек. Кейбір картинаның алды бос, кейбірінің маңына қара-құра жиналып, қайта тарап кетеді. Пальтоларын шешіп, қолдарына таяқ ұстаған еркектердің еңселері жоғары, иектерін көтере береді. Әйелдер қырындап жүріп, картиналарды асықпай аралап барады. Клодтың суреткерлік назары еркектердің басындағы төбесі биік қоңырқай цилиндрлер арасынан ерекше жарқырап көрінетін әйелдер қалпағының әр түрлі өң — бояуларына қарай ауа береді. Клод осы жерде қайдан келгендері белгісіз үш поп пен екі солдатты да сыртынан байқап қалды. Бұлардан басқа кеудесіне орден таққан әлдекімдер, шешелерін жетектеген қыздар да тізіліп жүр. Бұлардың көпшілігі бір-бірімен жақсы таныс секілді: алыстан бас изесіп, ілтипат білдіріп, ара-тұра қол алысып өтіп жатқандар аз емес. Кейде қатты естілген дауыстар топырлаған аяқ дыбысын көміп кетеді.
Клод өз картинасын іздеуге кірісті. Әуелде алфавит тәртібімен іздемек болып еді, артынша жаңылысып қалды да, сол қанаттағы залдарға қарай бұрылған. Залдардың есіктері қаз қатар ашық тұр екен де, әрі қарай түкпірге шейін созылған ескі кілем портье — перделердің бір шетінен көрмеге қойылған картиналар көрінді. Клод батыс жақтағы залға шейін аралап, анфилада — біркелкі тура есіктермен жалғастырылған дәліз арқылы қайтып оралды, бірақ алфавиттегі өз әрпін кездестіре алмады. Құрмет залына қайтып барып еді, оның іші ығы-жығы халыққа толып кеткендіктен ілгері қарай өту мүмкін болмай қалды. Сол жерде таныс суретшілеріне кездесті. Олар қонақтарды қарсы алушы қожайындар секілді, өздерін ерекше біреулердей сезініп, еркінсіп жүр екен. Әсіресе Бутен шеберханасынан бері көзтаныс, қайткенде медаль алу үшін жұмыс істейтін, ерекше атаққұмар құрбыларының бірі шыр көбелек айналып, жанын салып жүр екен. Ол беделді көрермендерді ықтиярсыз жетектеп әкеліп, өзі салған картиналарды көрсетумен әуреге түссе, қалтасы қалыңдаған атақты суретші тоқмейіл күліп, картиналарының алдына келіп тоқтаған көрермендерді, әсіресе әйелдер жағын зор ықыласпен қарсы алуда. Одан әрі бір-бірін өлердей жек көретін екі суретші енді бір-бірін дауыстап, өтірік мақтап тұрды. Жолдастарына жандары ашып, есік сыртынан сығалағандар бар. Ұрып соқсаң да өзі салған картиналарының маңына жоламайтын ұялшақтар да — осында. Жеңілістен соң жан жарасын әзіл-қалжыңмен жасырмақ болған сайқымазақтар мен картиналарға қайта-қайта қарағыштап, олардың мән-мағынасын түсінуге тырысқан. Болашақ медальдарды алдын ала бөліп қойған шын жанашырлар да кездеседі. Суретшілердің отбасылары да төбе көрсетеді: алабажақ киіндірген баласын жетектеген сұлу келіншек; қабағы түктенген кәртәміс қатын қара пальто киген екі есірікті қасына ертіп алған; боқмұрын шұбыртпаларын ортаға алып, орындыққа барып жалп етіп отыра кеткен жуан байтал; бойжеткен қызын қолтығына алып, байының ойнасын танып қойған соң, соны көзімен атып тұрған жасамыс, кескінді бикеш; артынан шешесі мен қызы екеуінің ыржалақтап күлгені... Әйгілі натурашы әйелдер де топ-тобымен жиналып, осында жүр. Бұлар бір-бірін қолдарынан жетектеп, өздерінің жалаңаш денелері бейнеленген суреттерді көрсетеді. Бұлар қуыршақша алабажақ боянған өзге париждік сылқымдармен салыстырғанда, өздерін мүгедекке ұқсатып жіберетін тұрпайы киімдерімен, дөкір дауыстарымен ерекше сүйкімсіз көрінер еді. Ал париждік сылқымдардың сол әсем киімдерін шешіп тастаса, бәлкім, жүрегін айнитын шығар.
Клод әрең-мәрең дегенде, оң жақтағы есіктен әрі қарай өтті. Мұның картинасы осы маңда болуы керек. "Л" әрпімен белгіленген залды аралап шықты, бірақ ештеңе таппады. Бәлкім, бәрін шатастырып, мұның картинасын бір қуысқа апарып тастады ма екен? Ең үлкен шығыс залына жеткенде, ол қайта айналып келіп, өзге жұрт бара қоймайтын елеусіз кішкене залдарды аралап кетті. Суретшілер үшін сұмдықтың көкесіндей көрінетін іш пыстырарлық сұлық, суық көріністер осында болып шықты. Бұл жерде де бұның іздегені табылмады. Ештеңені ұқпаған, таңырқаған Клод содан бақтағы галереяға қарай өтті; осы арада сыртқа шығарып тастаған, күндізгі жарық астында солғын тартып, жетімсіреп жатқан картиналарды аралады — түк жоқ. Осылай сандалып, сарсаңға түсе-түсе, Құрмет залына тағы қайтып келген. Нағыз иін тіресу, итерісу енді басталған екен. Атақтылар, байлар, табысқа мастанғандар, әйтеуір Парижді гу-гу әңгімеге толтырып жіберетін: әрқилы таланттар, миллионерлер, сұлу-сылқымдар, белгілі жазушылар, актерлер, журналистер, клубтардан, манежден, биржалардан шықпайтындар, әйел қауымдастың бар түрі — кербездері, кердеңдері түгел жиналған десе болады. Іздегенін таппай жыны қозған Клодтың осы топас жүздер мен иіс-қоңыстан жүрегі айни бастады. Апырмай, көңіліңді көтерерлік бір ұсқынды көрсейші! Бұдан кейін біраздан бері ішін жайлап алған үрей бірте-бірте таңырқауға, содан жиренішке айналды. Міне, осылар мұның картинасына пікір айтпақ па? Мазақ етпек пе? Әне, екі сәпелек сары тілшісымақтар болашақ мақтайтын суретшілерінің тізімін жасап жатыр. Бір сыншысымақ каталогтың шетіне бірдемелер жазып әуреленсе, екіншісі көрмеге алғаш рет қатысқан сары ауыздардың ортасына барып, шешенсіп тұр. Үшіншісі қолын арқасына қарай айқастырып алып, көрмені жападан жалғыз аралап жүр. Анда-санда картиналардың алдына барып тоқтап, соның әрқайсысын өзінің зор беделімен тұқыртып тастайтындай, шіренеді келіп. Клодты қатты таңырқатқан нәрсе: бір-бірімен иін тіресіп, итермелескен осы топтың арасында, өздерінше өзеуреп шыққан дауыстардың ішінде, науқас табы түсіп, сарғыш тартқан жүздердің бірде-біреуінде шын таңырқау, шын құмарлық нышаны жоқ еді. Оның есесіне, қызғаныш, күншілдіктен аяқ алып жүргісіз. Әне бір мырзасымақ қатындармен қалжыңдасқанына риза секілді. Әне біреуі картинаға үнсіз үңіліп тұрды да, артынша иығын қиқаң еткізіп әрі қарай кетті. Тағы бір екі білгіш жарты сағаттан бері жақтауға сүйеніп, кішкентай полотноға өлгенше үңіліп, бірдеме түсінген немелердей айналасына құпия көз тастап қояды.
Залға Фажерольдің өзі кіріп, бірден толассыз тобырға араласып кетті. Ол қатарға қосылып қалған атақтының, әрі төралқаның беделді мүшесінің ролін қатар ойнап, оңды-солды амандасумен болды. Мақтау-мадақтың, өтініш-алғыстың астында қалғанмен, әркімге сыпайы жауап беруден жалығар емес. Фажероль таңертеңнен бері соңына топырлап еріп жүрген жас суретшілердің шабуылына төтеп беруде еді. Бұл көрме ашылғаннан басталатын үйреншікті ызы-қиқу болатын. Әркім өзінің картинасын іздеп табуға асығады, содан бір-біріне кінә тағып, қызыл кеңірдек айтысқа түседі. Пәленшенің картинасы тым жоғары ілінгендіктен, оған жарық дұрыс түспейді екен. Түгеншенің картинасы қатар қойылып, бар әсерді әлсіретіп жіберіпті-міс. Кейбіреулері тіпті суреттерін жинап алып, көрмеден кетіп қалмақ болып қорқытты.
Әсіресе Фажерольдің ізінен қалмай қойған ұзын тұра суретші байбалам салып барады. Фажероль оған өзінің түк қатысы жоқ екенін, сондықтан ешбір көмек көрсете алмайтынын айтып, түсіндіріп бағады. Картиналар кезекті нөмірлеріне қарай орналастырылған. Әуелі оларды жерге жайып тастап, ешкімнің атақ — беделіне қарамай, қабырғаларға іле берген. Артынан әрбір картинаның құны анықталып, медаль алғандары қайта ілінетінін айтып, бәлкім, сол тұста мұның ықпал етуге мүмкіндігі бар екенін Фажероль қаншама сыпайылап түсіндірейін десе де, соңынан қалмай қойған ұзын тұраны сабасына түсіре алмады.
Осы топты итермелеп жарып өтіп, Фажерольдің қасына барып, өз картинасының қайда жоғалып кеткенін сұрауға болатынын білсе де, Клод орнынан жылжымады, оған намысы жібермеді. Ал Фажерольдің айналасы ығы-жығы халық. Біреудің қолтығына кіріп өмір сүру қорлық емес пе? Оның үстіне, осы жерде оң жақтағы біраз залдардың тұсынан бұрылмай өтіп кеткені есіне түсті. Шынында бұл маңайда ұзақ-шұбақ қыруар картиналар ілулі тұр екен. Содан Клод айлапат залдың ортасындағы Құрметті қабырғаны түгел алып жатқан үлкен полотно маңына жиналған жұрттың қасынан барып бір-ақ шықты. Бірақ қаптаған иықтар мен қалқыған бастардан бойын асырып, ештеңе көре алмады. Әйтеуір бәрі ауыздарын ашып, бір-бірін итермелесіп, ілгері ұмтылады. Аяғын көтеріп, мойнын соза түскен Клод әрең дегенде бұрын естіп жүрген ғажайыпты, таныс сюжетті де көрді-ау.
Бұл "Таңертеңгілік ас" аталатын Фажерольдің картинасы еді. Клодтың өзі кірпішін қалаған "Пленер" әдісімен жазылғанын тану қиын емес. Бояулардың алтын түстес реңкі-өнердің өзекті формуласы, дәл солай, бірақ сол жұмсартылған, өзгертілген, сол бүлдірілген, атүстілеу, сұлулау... жұртшылықтың қатып-семген талғамына қарай әдейі бейімделген дүние екен. Фажероль Клодтың қателігін қайталап, картинадағы әйелдерін жалаңаштамаған, қазіргі ақсүйек бикештердің әшекейлі киімдеріне тимей, ептілікпен шешіндіре бастаған. Жұқа тоқыма тартқышының астынан біреуінің толық кеудесі көрінсе, екіншісі ыдыс-аяқты ұстап, кейін қарай шалқая түскенде, оң жақ аяғы тізесіне шейін түріліп қалыпты. Үшіншісі жалаңаш денесін барынша жасырып, тар көйлекті тыртыстырып кигені соншалық, артқы жағы байталдың бөксесіндей бұлтыңдап шыға келіпті. Ал жазғы пиджактарын жамылған ерлердің бейнесі ерекше сұлу көрінеді. Картинаның түкпір жағында ағаштардың тасасында тұрған ландадан — төрт орынды күймеден кәрзеңке көтерген малай түсіп келеді. Осының бәрі — адамдардың нобайлары, киімдер, саят көрінісі — күңгірт тартқан жапырақтарға түскен күн сәулесінің астында көңілді құбылады. Құйтұрқысы көп жеңіл әдіс, жасанды батылдық жұртшылықты недәуір таңырқатып, қозғалысқа түсірген секілді. Бірақ мұнысы стақан ішіндегі көпіршіктей өткінші құбылыс еді.
Картинаға жақындай алмаған Клод тек айнала жұрттың гу-гу әңгімесін тыңдап тұра берді. Апырмай, нағыз өнер дүниесін жасаушы біреу туған екен де! Бұл жаңа мектептің тұрпайы өкілдеріне ұқсап білгішсімейді, ештеңені ежіктеп жатпай-ақ, бәрін айтады. Ой, мына бояулар құбылуымын қараңызшы, астарлы ойлары қандай! Сыпайы сюжет таңдаудың өзі — көрермендерді сыйлау емес пе? Нәзіктік, жарасымдылық, парасат үлгісі ғой! Әрине, бұл сезім серпіндері асып-төгіліп жатқан картиналарға жұмсалатын арам тер әрекетке ұқсамайды. Егер Фажероль өз суретінде негізгі үш реңкті бояуды таңдап алса, ол ұстанымынан әсте айнымайды. Осыған таң қалған бір журналист нағыз Париж живописі деп осындайды айтсақ болады деп жариялады. Осы сөзді іліп әкеткен өзгелер нағыз Париж живописін көру үшін бұрылып келіп, көріп жатты.
Өзара иін тіресіп, бас шұлғыған, таңырқап тамашалаған жұртқа көңілі қалған Клод олардың бет-жүздерін жақынырақ көру үшін бір топты айналып өтіп, тура қарсы алдына барып тұрған. Осы жерде ол төбеге тұтылған перде арқылы түскен сұрғылт жарықтың астында жиналған жұрттың ұсқынын анық ажыратса, залдың ортасын көлеңке басып, екі жақтағы терезелерден құйылған күн сәулесі қабырғаларға ілінген картиналарды ала шұбар түске бояп, алтын жалатылған рамаларды жылы жұмсақ реңкке келтіргенін байқады.
Клод бір кезде өзін қудалап, соңына түскен тобырды бірден таныды; дәл өздері болмағанмен, солардың рухани туыстары еді. Енді бұлар осы жерде шетінен бас игіш, сыпайы, талғампаз, байсалды бола қалыпты. Өзге залдарда байқалған айтыс-тартыстан шаршаған ауру жүздер, қызғаныштан өті жарылып сарғайып кеткен қисық ауыздылар мұнда көрінбейді, мұндағылардың бәрі жағымды жасандылыққа ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Екі жуан қатын, әне, рақатқа батып, есіней береді. Шалдар бірдеңе түсінгенсіп, көздерін бақырайтып қояды. Бір еркек қасындағы жас әйелге картинаның сюжетін әңгімелей бастаса, мұнысы мойнын бұлғақтатып, назданып басын шайқайды.
Әркім әрқалай таңданысын білдіріп жатты. Біреуі — өп-өтірік, екіншісі — таңдайын қағып, терең ойға батқансып, үшіншісі — көңілді, бірақ ұстамды, жылы жымиып, қалғаны — шаршау жүзбен. Еркектердің басындағы қалпақтары кейін жылжып, әйелдердің қолында гүл шоғырлары көрінеді. Осылардың бәрі бір сәтке осы араға жиналса, соларға ұқсаған келесі топ олардың орнын басып, ығыстырып әкетіп жатыр.
Осыншама дабыраны көрген Клод өзін-өзі ұмытып кеткендей еді. Келушілер саны толастамағандықтан, көрменің іші тарылып кеткендей болды. Алғаш ашылған сәттегі оңашалық тез ұмытылып, сырттағы бау жақтан соққан салқын жел мен іштегі бояулардың иісін де ешкім елер емес. Енді әйелдердің әтір сепкен киімдерінен шыққан мүңкіме араласқан ауа да жыли бастапты. Бірақ бір кезде ылғалды итерісінің иісі бәрін басып кеткендей болды. Сірә далада көктемгі нөсер жаңбыр құйып-құйып жіберіп, содан қашқан соңғы келушілер көрменің жылы бөлмелеріне суға малшынып, буы бұрқыраған сыртқы киімдерімен тоғытылып кіріп жатты. Жоғарыда тұтылған ашық перделер қараңғы тарта бастады. Жан-жағына мойнын созып қараған Клод солтүстіктен соққан желдің қалың бұлтты қамшылай қуып, нөсер жаңбырдың терезелерді сабап жатқанын көрді. Қабырғалар бойымен көлеңкелер ағыны жүгіріп өткенде, картиналар бұлдыр тартып, көрермендер үстін кәдімгідей қараңғылық басты. Ал жаңбыр тыйылып, күн қайта ашылғанда, бұл бұрынғы ашылған ауыздар мен таңырқауға толған ессіз көздермен қайта ұшырасқан.
Әйткенмен, Клодтың көресісі әлі алда екен. Бір мезетте оның сол жақ қабырғада, Фажероль салған суреттің тура қарсысында ілулі тұрған Бонгранның картинасын байқап қалмасы бар ма? Бірақ бұның алдында топырлаған тобыр жоқ, ешқайсысы мойнын бұрмай өтіп жатыр. Ал шынында бұл полотносына авторы соңғы күш-қайратын жұмсап, өмірінің соңында еңбегінің заяға кетпегенін ең алдымен өзіне дәлелдемек болған әрекеті еді. "Деревнядағы үйлену тойы" аталған ең бірінші үздік туындысынан кейін араға көп жыл салып, бәрін қайта сараптап, қайта өлшеп, ұзақ қиналып, ауыр бейнеттер кешіп, ақыр соңында алғашқы дүниесіне қарама-қарсы, өйткенмен үндес келетін сюжет іздеп тапқандай болған. "Деревнядағы жерлеу" аталған бұл картинада егінжайдың ортасында жаназасы шығарылған қыздың тағдыры бейнеленген. Суретші өзімен-өзі көп арпалысқан секілді. Алпыстан асқан суретшінің қолынан не келетінін көрсін мына жұрт, жастықтың жалыны басылмағанына көздері жетсін! Бірақ суретшінің ұзақ жылдарға созылған тәжірибесі бұл жолы көмектеспегенге ұқсайды: көшеде өлсіреп, құлап жатқан кәріге назар аудармаған немқұрайды жүргіншілердей бүгінгі көрермендер де үн-түнсіз өтіп барады.
Бірақ бәрібір осы картинада шебердің қолтаңбасы әрбір ұсақ көріністерде: қолына крест ұстап он салып тұрған бала мен әулие анаға ант беріп, табытты көтеріп бара жатқан қыздар тобында, ағаш арасынан сұлбалары байқалған кілең салтанатты қара киім киген қорымшылар тізбегіне қарама-қайшы салынған ақ көйлекті, қызыл шырайлы деревня қыздарының бет-жүздерінде анық байқалар еді. Дегенмен, шұбатылған дін қызметкері мен қолына құдай суреті салынған жалау ұстаған әйел, табыт соңына ілескен туысқандар мен өзгелері фактураның құрғақтығымен, жасандылығымен, жазу мәнерінің қасаңдығымен нашар әсер қалдырар еді. Мұның бәрі әуел бастағы романтикалық сарынға қайта айналып соққан суретшінің санасыз әрекетімен ұласып жатыр. Ең ауыры жұрттың осылай немқұрайдылық көрсетуінің де өзінше себеп-салдары жоқ емес, өйткені мұндай живописьтің заманы әлдеқашан өтіп кеткен, қазіргідей күн сәулесі шашыраған суреттер модаға айналған тұста елді мезі қылған күнгірт, солғын нәрселерге ешкімнің назар аударуға уақыты да жоқ еді.
Дәл осы кезде көрме залына құдды алғашқы талапкерге ұқсаған Бонгран жасқаншақтай басып, баяу кіріп келе жатты. Содан оның айналасы жым-жырт өз полотносынан сырғақсып өтіп, елді есінен тандырған Фажерольдің картинасына көзі түскенде, Клодтың жүрегі дүрсілдеп қоя берді. Бәлкім, осы сәтте Бонгран шаруасының шалқая бастағанын анық сезген болуы керек. Бұрындары да жалынының басылғанын байқап жүрген суретші енді қалған өмірінде өміршең өнер жасай алмайтынына, талантының таусылғанына біржолата қол қойған адамдай, бірден түсі қашып, тезірек осы жерден тайып тұрмақшы еді. Бірақ ойда жоқты соңына жанашыр нөкерлерін ертіп, бүйірдегі есіктен шыға келген мүсінші Шамбувар жан-жағына қарамай, анадайдан гүр-гүр етіп, айқай салсын:
— Ей, қалжыңбасым! Өз шығармаңа өзің таң қалып, осында жүр екенсің ғой, ә?! — деп.
Бұл жолы Шамбувар "Орақшы" аталған сәтсіз, сүйкімсіз жасалған, оның қайратты қолдарынан шықты деуге жарамайтын "бірдеңесін" көрмеге әкеліп қойған екен. Дегенмен, дүниеге тағы бір үздік дүние әкелгеніне әбден сенімді мүсінші өзгелердің әзіл-сықағын ескермей, бойын тік ұстап, күнәдан пәк керемет иесіндей, қарапайым пенделер арасында ерекше көңілді, тоқмейіл кейіпте теңселіп жүрді.
Бонгран бірден жауап бермей, езбекке ұшырағандай жалт-жұлт еткен көздерімен Шамбуварға үнсіз қарап тұрды.
— Төменгі жақтағы менің "бірдеңемді" көрдің бе? — деп сұрады Шамбувар. — Қазіргі ергежейлер онымен бой теңестіріп байқасын, шамалары келсе. Қайран, кәрі Франция! Қазір одан не қалды? Мына біздерден басқа, ә?!
Осыны айтқан мүсінші мұның бұл сөзіне таңырқаған жұртқа басын иіп қоштасты да, нөкерлерін соңына ертіп кете барды.
— Хайуан! — деп күңкілдеді Бонгран. Өлі дене жатқан бөлмеде әлдеқандай бір есуас тұрпайы әзіл айтқандай тыжырынып, денесі тітіркеніп кеткен.
Содан Клодты көріп, бері қарай бұрылған. Залдан қаша жөнелу қорқақтық болмас па? Одан да қызғанышқа алдырмайтын адалдығын, қажырын көрсеткені дұрыс емес пе?
— Біздің Фажероль досымыз недәуір табысқа жеткен секілді ме, қалай? — деді Бонгран. –
Күлтелектеп қайтейін, оның қажеті де жоқ... Бұл картина менің талғамыма қарама-қайшы, сондықтан таң-тамаша қалдым деп айта алмаймын. Ал авторы сүйкімді-ақ жігіт... Сен үшін, мысалы, қолдан келгенінің бәрін істеді. Бірақ қайтерсің...
Клод "Деревнядағы жерлеуге" қатысты жылы сөз іздеп тұрды.
— Артқы жақтағы кішкене мола бейнесі керемет шыққан екен... Бәлкім, көрермен жұрт... — дей бергені сол еді.
— Жарайды, досым! Көңіл айтып не қажеті бар? — деп Бонгран кесіп тастады. — Бәрі түсінікті ғой...
Осы жерде әлдекім бұлардың аттарын атап, анадайдан сәлем жолдап тұрды. Бұл кекірейіп, кердеңдеген, алтын түске малынған Ноде еді. Оның соңғы кездерде шаруасы шалқып жатқанын Клод талай естіген. Табысқа мастанған Ноде сурет сатушылардың бәрін қайыршыға айналдырып жіберемін деп қорқытатын. Өзіне жеке сарай салдырып алған. Айналадағы бар үздік картиналарды жинап, қазіргі құрал-саймандармен жақсы жабдықталған үлкен көр – кем сурет дүкендерін ашқан. Миллиондардың қоңырауын Ноде тұрған мекен-жайдың дәлізіне кіргенде-ақ естір едіңіз. Ноде сурет көрмелерін өткізіп, галереялармен жиі қатынас орнатқан. Енді май айында Америкадан келетін әуесқой алармандарды күтіп жүрсе керек. Соларға он мың франкке сатып алған картиналарын елу мың франкке өткізе береді екен. Қазір ақсүйек төрелерше өмір сүреді: әйелі, балалары, ойнас қатындары, сәйгүлік жүйріктері, Пикардиде жер иелігі, аңшылық сайраны — бәрі бар. Ноденің алғашқы табыстары көздері тірі кезінде бағалана қоймаған атақты суретшілер Курбе, Милле, Руссоның шығармаларын қымбатқа сатумен құралған болса, ол осыдан кейін өз ұстанымдарын қорғап, күреске түсіп жүрген көзі тірілерге күдікпен қарап, мүлдем жоламауға тырсатын. Дегенмен, оның төңірегінде өсек-аяңдар да туа бастаған. Әйгілі картиналар да онша көп емес әрі әуесқойлар саны да азая түскен секілді, сол себепті алып-сату ісі де бірте-бірте саябырсуға айналған. Үлкен синдикат құру туралы әңгіме көтеріліп, банкирлермен жоғарғы бағаны сақтау жайында келісімдер жүріп жатыр деседі. Дурбо залында өз картиналарын өздері жоғарғы бағаға сатып алып, жалған сауданы қыздыра түскендер бар екен. Бірақ осы биржалық алаяқтық әрекеттер, қолдан жасалған өсірме бағалар түптің түбінде құдайын ұмытқан саудагерлерді күйреуге әкелігі соқтыруы мүмкін еді.
Ноде Бонгранға жақындап келіп:
— Қайырлы күн ұстаз! — деп сәлем берді. — Қалай, бәріңіз біздің Фажерольдің суретін тамашалау үшін жиналдыңыздар ма?
Бонгранмен сөйлескен тұста бұрынғы сыпайылық пен жағымпаз кішіпейілділіктің ізі де қалмапты. Ал Фажероль туралы айтқанда қарауында күн көріп, жалақы алып жүрген сорлыны мүсіркегендей ыңғай танытқан. Сол Фажерольді әуелі Вилье даңғылы бойына орналастырып, артынан жеке үй сатып алуға көндірген, ойнас қатынының оңаша мекеніндей жасауға толтыртқан, кілем, ыдыс-аяқтарды қарызға беріп мойнына мықтап құрық салған қудың өзі де осы Ноде болса керек. Енді келіп оны бей-берекет өмір сүріп, жеңілтек мінезімен жаманатты болғаны үшін сыртынан сыбап тұр. Мысалы, мынандай картинаны ешбір есі дұрыс суретші Салонға әкеліп қоймас еді. Әрине, бұл төңіректе сөз көбейіп, тіпті құрметті медальге лайық деушілер де табылған секілді. Бірақ бұндай жолмен жоғарғы бағаға сата алмайсың. Американдықтардың назарын аудару үшін маңыңа көп тобырды жолатпай, оңаша ғибадатханаға кіріп алған әулиедей тым-тырыс жатып алғаның дұрыс.
— Құрметтім, сіз бәлкім сенерсіз, бәлкім сенбессіз: егер әлгі газет шығаратын мылжыңдар менің осы Фажерь өлім төңірегіндегі айқай-шуларын тоқтатса бар ғой, мен оларға өз қалтамнан екі жүз мың франк ақшаны тегін таратып берер едім! — деді Ноде.
Мына бөспе байды манадан бері әзер тыңдап тұрған Бонгран қинала күлімсіреді.
— Шынында, олар тұздығын көбейтіңкіреп жіберіпті. Кешегі бір мақалада Фажероль мырза күнде таңертең екі жұмыртқаны шикідей жұтады екен деп жазыпты...
Ол бір аптадан бері Парижге тарап кеткен даңғазаны мазақ етіп тұр еді. Әлі ешкім көріп үлгірмеген суретшінің осы картинасы туралы жарнама мақаланың жариялануы мұң екен, өзге репортерлер бөрідей шулап Фажерольге қарай ұмтылып, аз уақыт ішінде оны жалаңаштап шешіндіріп тастағандай болды: балалық шағы, мырыштан жасалатын көркем бұйымдар фабрикасының қожайынына айналған әкесі, қайда оқып, қайда тұрғанына шейін, тіпті аяғына кистің шұлығының түсі мен мұрнының ұшын шұқылай беретін әдетіне шейін қазбалап жаза бастады. Сөйтіп бұл қазіргі күннің негізгі тақырыбына, жаңа талаптарға жауап беретін метрге, модаға айналған. Өйтетіндей жөні бар, өйткені ол Рим сыйлығын алмаған, бұрынғы әдіс-тәсілдерін сақтап қалып, Академиядан қол үзген. Бір жағынан қарағанда осының бәрі өткінші дүрмек еді. Әбден бұзылған ұлы шаһардың еріккен еркелігінен туған мұншама өкпек жел Фажерольді аз уақыт аспанға көтерсе, таңертеңгілік мезгілде тобырды таң-тамаша қалдырып, кеш түскенде оп-оңай ұмытылатын.
Осы арада Ноденің "Деревнядағы жерлеуге" көзі түсіп:
— Ау, мынау сіздің шығармаңыз ба? — деп сұрады. — Иә, бәрі түсінікті: баяғы "үйлену тойына" үйлестіре салған жаңа картинаңыз болар? Егер менен пікір сұрағаныңызда, бұлай істемеңіз деп үгіттер едім. Өйткені сол "үйлену тойыңыз" бар ғой!..
Ананың сөзін үнсіз, күлімсірей тыңдап тұрған Бонгранның ерні дірілдеп, екі езуіне терең сызықтар түсті. Бонгран осы арада өзінің үздік туындылары мен атын мәңгілікке қалдыратын абырой-атағын біржола ұмытып, мынау тұрған сары ауыздың, мұның бояу тақтайын сүртуге жарамайтын неменің аяқ астынан жұлдызы жанып, жұлқынып шыққаны, он жыл бойы аянбай еңбек етіп елге танылған өзінің лездің арасында тобырдың ықыласынан тыс қалғаны туралы ой кешуде түр еді. О, алдарына түскен осы жаңа ұрпақ өтер ұрпақтың моласының басына барып, әлі талай көз жасатын төгетінін білер ме екен?!
Осылай үн-түнсіз тұра берсе, ішкі сырын алдырып қоюдан қорыққан Бонгран қыжылдаған қызғанышын жеңіп, бойын тік ұстауға тырысты: өлгенде де еңсесі төмен түспеуі керек қой! Содан тілінің ұшына келіп тұрған дөкір сөздерден тыйылып, барынша қарапайым жауап берген.
— Сіздікі жөн, Ноде! Осы картинаны жазбас бұрын менің мықтап ойлануым керек-ақ еді.
— Әне, соның өзі! Кешіріңіздер! — деп саудагер айқай салып, тұра жүгірді.
Сөйтсе, бұл залдың кірер есігі алдында тұрған Фажерольді көрген екен. Фажероль болса асықпай, бар табысты ақылды адамның әдетінен аспай қабылдап, сыпайы жымиып, кідіріп қалды. Оның үстіне, ол әлдекімді іздеп, қасына бір жас суретшіні шақырып алып, соның құлағына жағымды бірдеме айтып еді мұнысы алғыс айтып, бәйек болып жатты. Көрмеге келген екеу Фажерольді қызу құттықтаса, бейтаныс әйел суретшіні тоқтатып қойып, қараңғы бұрышқа ілінген натюрмортқа мұрнын шүйіре қарап, бірдеңелерді түсіндіре бастаған. Бұдан кейін Фажероль бұның картинасының қасында есі шығып тұрған көрермендерге асығыс көз тастап, жылжып өте шықты.
Осының бәрін естіп, көруден жалыққан Клодтың көкірегін қайғы-шер жайлай бастаған. Келушілердің саны көбейіп, ауаны қапырық басты. Мұның көз алдында тершіп, есінеген бет-жүздер көлбеңдей береді. Жақын маңда иық тірескендердің ар жағында сонау шығар есікке дейін сығылысқан топқа келіп қосылып жатқандар қаншама! Ештеңе көрмегендері суы сорғалаған қол шатырларын көтеріп, ілгері ұмтылады. Намыстанса да, Бонгран кете қойған жоқ. Бұл жолы мықтап жеңілгенін байқаған кәрі балуан бәрібір опасыз Париждің бетіне тура тік қарап тұра берді. Өмір жолын кең пейілді адал адам ретінде аяқтауы керек емес пе?
Клод Бонгранмен сөйлесіп көрмек еді, бірақ екеуінің сөздері жараспаған соң, мына байсалды, көңілді адамның іші қан жылап тұрғанын байқап, бұдан әрі өзі ерекше сыйлайтын адамының мазасын алмау үшін бұрылып кете барды. Ал айдалаға қараған Бонгран мұның бұл жүрісіне назар аударған жоқ.
Көпшіліктің арасына барып кірген Клод енді өзінің картинасын іздеуге кірісті. Оны тауып алудың пәлендей қиын шаруа емес екенін енді ғана түсінгендей еді. Өйткені осында елдің бәрі гуілдесіп күліп жатқан, бір бұрышқа жиналып алып, әлдекімнің шығармасын мазақ еткен залдың қайда екені бесенеден белгілі емес пе? Әрине, сенің іздегенің — сол жерде. Баяғыда Шетіндер Салонында естіген күлкі, мазағы әлі құлағынан кеткен жоқ. Ендеше, әp есіктің түбіне барып, қай залда өзін ысқырықтап, масқаралап жатқанын ажырата білуі керек.
Содан Клод Шығыс залына қайтып кіргенде, осы қараңғы, суық сарайда жантәсілім алдында жайрап жатқан зор ескерткіштер мен тарихи, діни тақырыптағы әр түрлі композициялардың ағаш отындай шашылған үйінділері арасынан бір сот жоғарыға көз тастағанда, денесі түршігіп, қатты да қалды. Осы маңнан екі мәрте өткенде байқамаған екен, сөйтсе, сонадай биікте, тым биікке мұның картинасын іліп қойыпты. Ұзындығы он метрден кем емес бір үлкен полотноның қасында кішкентай қарлығаштай дір-дір етеді. Үлкен полотнода сойқан су тасқыны суреттеліпті де, ашыған шараптай көпіршіген айдында сары сәпелек біреулер құрттай құжынап ағып барады. Сол жағында топырақ түсті топас генералдың портреті, он жағында-ай сәулесі астындағы көгалда қан — сөлі жоқ нимфа — алып грек құдайы бейнеленіпті. Айналасы толған қызғылт, сия түсті картиналар, ішкіш монахтарды әшкерелеген сайқымазақ көріністер мен палатаның ашылу салтанатына қатысқан аты белгілі депутаттар салынған кілең шимай-шатпақтар. Бүйірге қағылған алтындаған жалтырақ тақтайлар беті тұнып тұрған тізім. Осындай сұрғылт сұрқай дүниелердің төбесінен қараған кішкентай сурет қасірет шеккен құбыжықтай көрінер еді.
О, бұл "Өлі бала" — кішкентай бейшара бейне! Алыстан қарағанда белгісіз жабайы мақұлықтың балтасына түсіп, бөлшектеніп қалған дененің келеңсіз кейпіне келіңкірейді екен. Анау өңі қашып, ісініп, қауқиып кеткен бас нені білдіреді? Бас сүйегі ме әлде қарын ба? Суықта үсіп өлген құстың алақанындай тырбиған сәби қолдары жаймаға жабысып, неге дірілдей береді екен? Жатқан төсегі қандай: ақ жайма, аппақ дене — бәрі бірте-бірте өшіп, сөніп барады. Жақынырақ үңілсеңіз, бәлкім, қимыл-қыбырсыз қалған суық жанарды ажыратып, әлдеқандай бас ауруынан қаза болған бейкүнә сәбиге жаныңыз ашып, жапа шегер едіңіз.
Клод суретке жақындап, артынша алыстан көру үшін кейін шегінген. Жарықтың түсуі өте нашар болғандықтан, полотно бетінде солғын сәулелер билеп жүрді. Сорлы Жакты бұлар осылайша жазаға тартыпты. Неге өйтті екен? Жек көргендіктен бе, әлде осыншама жексұрын бейнеден қашқандары ма? Портретті көргенде, Клодтың ойына тірі ұлының бейнесі елестеді: әуелде — деревняда жүрген кездегі көгалда ойнап жүретін екі беті қып-қызыл бүлдіршін, кейін — Дуэ көшесіндегі бірте-бірте ажары қашып, есірікке айнала бастаған уақыты, ақыр соңында — Турлак көшесінде өткен қасіретті өмірі, өз басының ауырлығын көтере алмай, түн ортасында, шешесі ұйықтап жатқанда қазаға ұшырауы.
Бүгін де үйде жалғыз қалған қайғылы ананы есіне алды: Кристина соңғы күндерде жылаудан көз ашпайтын болған. Әйелінің осында еріп келмегені қандай жақсы... Әйтпесе ешбір хұқысы жоқ пария — үнділерге ұқсатып осында қуып тыққан бейшара Жактың жарықтың қисық түсу салдарынан тісі ақсиып жаман күлген бейнесін көру оңай емес еді.
Бәрінен бұрын Клодтың жалғыз жапа шеккен картинасына жаны ашиды. Осындай дүниенің қасына жиналып, қызу пікір таластырған тобырды көрмей, бір жағынан таңырқаса, екінші жағынан көңілі қалды. Ең құрмаса мазақ етушілер қайда? Бұрындары мұның намысына тиіп қорлайтындар, күюшілер аз емес еді, сөйтіп мұның қытығына тиетін, әйткенмен өмірін мән-мағынаға толтыратын. Бұл жолы тіпті түкірік шашушылар да көрінбейді. Өлу дегенің осы шығар. Еңсесі түскен іш пысты жұрт бұрылмай өтіп жатыр. Тек палатаның ашылуын бейнелеген үлкен полотноның алдына барып топырлап, түсініктеме тізімді оқиды да, суреттегі таныс депуттардың бір-біріне көрсетіп, мәз болысады. Артынан әлдекімдердің оқыс күлкісін естіген Клод жалт бұрылған еді. Сөйтсе, олардың күлкісінің өзіне түк қатысы жоқ екен. Жұрт Салонға қойылған өзге бір картинада бейнеленген масаң монахтарды қызықтап, қалжыңға айналдырып тұрды. Еркектер қасындағы әйелдерге осы картинаның мазмұнын түсіндіріп, бұнда тамаша тапқырлық бар деседі. Осылардың бәрісі кішкентай Жактың астынан өтіп жатса да, біреуі жоғарыға қарай мойнын созып, сол жақта не барын білгісі келген жоқ.
Кенет бір үміттің шеті көрінгендей болды. Залдың ортасына қойылған диванның үстінде екі мырза отыр екен. Біреуі — қам семіз, екіншісі — арық бірақ екеуінің де кеуделерінде орден жолақтары жылтырайды. Диванның барқыт тысты арқалығына шіреніп жатып алып, көз жетер жердегі картиналарды талқылауға кіріссе керек. Клод осыларға жақындап келіп, құлағын тоса қойған.
— Мен солардың артынан ілесе бердім, — деп қам семіз әлдеқандай әңгімесін жалғастырды.
— Олар Сент — Оноре, Сен — Рок, Шоссе-д' Антен көшелерінен өтіп, Лафайет жағына қарай кетті...
— Оларды неге тоқтатпадыңыз? — деп арық кісі күйіп-пісіп отырды.
— Жоқ, қорықтым, — деп жауап берді қам семіз.
Клод бұл жерден кетіп, үш мәрте қайтып оралды. Сонда әлдебір көрермен аз кірідіс жасап, суреттер ілінген қабырғадан төбеге қарай асықпай көз жүгірте бастаса, мұның жүрегі дүрсілдеп соға бастар еді. Ең құрмаса жалғыз сөз естуге зар болды. Әйтпесе көр — меге қатысудың не қажеті бар еді? Жұрт неге үндемейді? Үндемеудің өзі ауыр азап екен ғой. Осылай қарай бұрылған екі жас көрерменді көргенде, тынысы тарылып жүре бермесі бар ма? Біреуі сары мұртын сылаған көркем жігіт те, қасындағысы — саксондық шыныдан жасалған бақташыға ұқсаған өте нәзік, кербез жүрісті керім әйел екен. Әйелдің картинаға көзі түсіп, ештемеге түсінбегендіктен, серігінен оның мазмұны жайында сұрай бастады. Күйеуі каталогты ақтарып, "Өлі баланы" іздеп тапқанда, әйелі оны әрі қарай ертіп әкетті де, қалшылдап — дірілдеп:
— Масқара! Мұндай сұмдықты полиция қалай өткізіп жіберген? — деп сұрады.
Есінен адасқандай ештеңе ұқпаған Клод көзін жоғары жаққа қадап алып, қасынан малдай топырлап өтіп жатқан тобырдың ортасында үнсіз тұра берді. Апырмай, бірде-біреуі бұл жасаған әулие бейнеге назар тоқтатып қарамады-ау! Дәл осындай жағдайда мұны Сандоз досы іздеп тауып алды.
Сандоз да әйелін ауру шешесімен бірге үйде қалдырып, өзі жападан жалғыз көрме залын аралап жүр екен. Осы жерде оның төбедегі кішкентай холстқа көзі түсіп, жүрегі шымырлап қоя беріпті. Неткен мағынасыз, бейшара өмір десеңізші! Осыны көріп, күллі жастық дәурені, Плассандағы колледж, Вьорна жағалауында өткізген ұзақ сағаттар, шаңқай түс мезгіліндегі еркін қыдырыстар, арманға толы жалынды жылдары есіне түсіпті. Одан арғысы да белгілі емес пе: күш-қайраты бірлескен әрекеттері, болашақ атақ, даңққа жететініне деген кәміл сенім, бір отырғанда-ақ күллі Парижді асап-жұтып қоярлықтай аш қарын мен асқан төбеттілік... Сандоз сонда Клодқа қарап, мұның асаулыққа толы ұлылығы мен данышпандығы өзгелерді жолда қалдырып кететініне, түптің түбінде тап солай болатынына күмәнданбас еді. Мұндай арман әуелі Бурдон тұйығындағы шеберхананы, одан кейін Бурбон жағалауындағы шеберхананы жайлап алды. Ол кезде Клод күллі Луврдың есінен тандырарлықтай жаңа жоспарлар жасап, жаңа полотнолар жазбақ еді. Бойындағы барын сарқа жұмсаған, күн сайын он сағат тынбай жұмыс істеген, арпалысқа, күреске толы жылдар. Ақыры не болды? Жиырма жылға созылған жанып-күюден кейін мынандай түкке тұрмайтын, кіп-кішкентай, елеусіз, іш пыстырарлық, айналасына ауру таратардай елдің бәрін қашыратын түсініксіз, сұмдық картинаны дүниеге келтіріпті. Қаншама азап, үміт, арман, өмір зая кетті! Жасампаздыққа жұмсалған ауыр бейнеттің ақыры осындай-осы ғана! — болып шықты. Тәңірдің тәлкегін-ай!
Сандоз Клодқа жақындай түсіп, даусы дірілдеңкіреп, жанашырлық пейілін білдіріп тұрды.
— Сен де осында келген екенсің ғой. Маған неге соқпадың?
Клод одан кешірім сұраған жоқ. Суретші әбден шаршап, болдырған секілді. Бұрынғыдай көтерілмей, үн-түнсіз, қалғып-мүлгіп тұра берген.
— Бұл жерде не қалды? Жүр, түскі асты ішіп қайтайық. Рас, мені Ледуайендер шақырып қойған еді. Оларға бармаймын. Төменге, буфетке түсейік. Сөйтіп, жастық шағымызды еске түсірейік. Солай ма, шал?
Осыны айтып Сандоз досының қолына жармасып, оның шынтағын қысып-қысып қойды. Қабағы түскен Клодтың көңілін аулаған әрекеті еді. Аузына тыным жоқ.
— Сен бері қарашы! Бүйтіп майырылуға болмайды. Сенің картинаңды қалай, қай жерге апарып іліп қойғанына қарамастан, ол тамаша жазылған, шын шебердің қолтаңбасы көрініп-ақ тұр. Әрине, сенің арманын басқа еді. Бірақ қайтерсің... Өмірдің әрі алда емес пе? Әлі де уақыт жеткілікті. Айналаңа бір мәрте көз салып қарашы, қане! Әбден мақтануыңа болады: осылардың бәрін ұйқыдан оятқан өзіңсің! Биылғы жылы Салондағы шын жеңімпаз да өзіңсің! Фажероль ғана сенен ұрлап-жырлап жүрген жоқ өзгелері де түгел саған еліктейді... сен негізін қалаған пленэр мектебін сынап-мінегендеріне қарамастан. Тек қарай бер, қызықтай бер! Мына арада бір пленэр, ана жерде бір пленэр, анда да, мұнда да солай!
Залды аралауға кіріскен Сандоз қолын сермеп, полотноларды көрсетіп жүрді. Шынында бүгінгі сурет өнеріне бірте-бірте ендеп кіре бастаған күн сәулесі көрме қабырғаларынан шұғыла шашып тұр еді. Бұрынғы ағаш шайырына қосылған қоңыр түсті көңілсіз полотнолардың орнын көктемедегі қуаныштай жарқын сәулелі суреттер басып, Салон іші де құлпырып кетіпті. Бұл бір кезде Шетіндер Салонында атқан таң, жаңа күннің осында көшіп келіп, суретшілердің шығармаларына жастық жалынын қайтарып берген, нәзік, жарық бояулар нұрының жан-жаққа шашырап, сан құбылған жері еді. Енді, міне, барлық картиналарда, олардың ішінде өте көлемді портреттер мен тұрмыстық көріністер де бар, көкшіл-көгіс реңктерді көруге болады. Бұлар әрі бұрынғы тарихи — байсалды полотнолардан әсте кем түспек емес-ті. Оның есесіне шикілі-пісілі қоспалардың құрамасына айналған дәстүрлі сюжеттер сотқа тартылған көне доктриналар секілді көлеңкеге айналып, келмеске кетіпті. Сондай-ақ жасанды оқиғалар мен католик шіркеуінің жалаңаш аңыздары, имансыз ертегілер мен өтірік анекдоттар — пысықтар мен ақымақтардың әлденеше ұрпағы пайдаланып келген көне қоқыстардың іздері де қалмапты. Тіпті көне дәуір машықтарынан қол үзбей жүрген кәрі-құртаңдар салған суреттер беттерімен күн сәулесі жүгіріп өткендей, жаңалық әсері көрінер еді. Әр қадам сайын қасаң қағидаларды бұзып, сыртқы кеңістікке қарай жол ашқан картиналар кездеседі. Сірә жуық арада қабырғалар бұзылып, жанды табиғат жеңіске жететін болар. Өйткені жастық жігерге толы жаңа ұрпақ бастаған күрес құйын — дауылға айналып, бәрін бұзып-жарып, күнделікті күйбең тіршілікті ұшырып әкетіпті.
— Осы құбылыстарға сенің де қатысың бар, шалым! — деп Сандоз пікірін сабақтады. — Ертеңгі күннің өнері мына саған қарыздар болмақ. Сол өнердің іргетасын қалаған өзіңсің!
Клод аузын әрең ашып, булығып тұрып, ақырын, бірақ нықтап айтты:
— Егер өзімді түзеуге шамам жетпесе, жасампаздығыма түкіргенім бар ма?! Осындай жүкті көтере алмаған соң, күйінгеннен, сүйінгеннен не пайда? — деді де, бәрінен үміт үзгендей, қолын сермеді.
Осы әрекетінде әуелі өзі жариялаған ұстанымдарды жүзеге асыра алмаған шарасыздық, айналасына жаңа идеяларды сеуіп, соның жемісін — атақ, даңқын жинай алмаған оралымсыздық, мұны ұрлап-жырлап, рәсуасын шығарған дарынсыздар алдындағы дәрменсіздік, жаңа сипаттағы өнердің беделін түсірген өңкей пысық шуылдақтарға деген жиіркеніш бар еді. Әрине, өзі әйтпесе өзгелер арасынан ғасыр соңындағы қорытынды есепті, жаңа дәуірдің есігін ашатын асыл дүниелер туғызатын біреу шықпағасын, осылай болады да.
Бірақ Сандоз болашақ сендер жағында деген пікірінен қайтпады. Содан екеуі Құрмет залынан өтіп бара жатқанда, Клодты тоқтатып қойып:
— Бері қара! Әне бір портретті қызықтап тұрған көк көйлекті әйелді көрдің бе? — деді. — Табиғи өмір кез келген живописіңнен артық емес пе? Біз баяғыда осында жиналған жұртты зерттеп, киген киімдеріне сұқтанушы едік қой... Сонда ешбір картинаны өмірдің өзімен салыстыруға болмайтынын білдік. Ал енді салыстыруға жарайтын шығармалар бар. Мен әлгінде байқағанмын: алтын түспен құбылған әне бір пейзаждың бояуы оның қасына барып жанаған сәнқой әйелдердің салтанатын басып кетеді...
Бірақ Клод мұның сөзін тыңдамай, қалшылдап — дірілдеп тұрды.
— Өтінемін, кетейікші осы жерден. Мен шыдай алатын емеспін, — деді.
Содан екеуі буфетке келіп, бос орынды әрең іздеп тапты. Төбедегі темір белдіктердің астына тұтылған шұбатылған қалың қоңыр перделермен бөлінген айлапат ғимараттың іші қаракөлеңке әрі ығы-жығы халыққа толы екен. Бұрыштағы прилавкалар үстіне ішіне жемістер салынған құмыралар қаз қатар қойылыпты. Алдыңғы жақтағы конфорканың — биік үстелдің екі жағында бірі сары шашты, екіншісі қара шашты әйелдер осынау абыр-сабыр болған елдің үстінен әмірси көз тастап қояды. Қараңғы үңгірге ұқсаған осы жердегі мәрмәр үстелдердің қатары, әрі-бері жылжытылған орындықтар тасқыны терезеден түскен күңгірт жарық астында сыртқа қарай ұмтылып, бірте-бірте ұлғайып, тіпті ғимараттың ішіне сыймай, сонау бау-бақшаға қарай ақтарылып-төгіліп жатқандай әсер етер еді.
Анадайдағы бос орындыққа қарай тұра жүгірген Сандоз әлдекімдермен айтысып-тартысып жүріп, ақыры дегеніне жетті.
— Түһ, әзер орналастық қой! Ал не ішесің?
Клодқа бәрібір еді. Бұндай жерде оңған ас болмайды: үстіне тұздық құйылған форель — суық суларда өмір суретін шұбар балық, қураған шабақ, жуынды сасыған қояншөп келді. Оның үстіне қызмет етушілер де жетіспейді екен. Келушілердің қыспағында қалған тамақ тасушы гарсондардың есі шығып, ығы-жығы тұрған орындықтар арасымен әрлі-берлі зырлап жүгіріп жүрді. Бірақ бәрібір келушілер саны толастамағандықтан, ештеңеге үлгірер емес. Сол жақта тұтылған перденің арғы жағынан ыдыс-аяқтардың салдыр-гүлдірі естіліп тұрды. Жәрмеңке кезінде ашық аспан астында ошақтар әкеліп құрғаны секілді, мұнда да тақыр еденді асханаға айналдырған болуы керек.
Сандоз бен Клодқа үстелдің бір шетінде отырып ас ішуге тура келді. Қасындағы көршілері бүл екеуін итермелеп, ыдыстарын әрлі-берлі ысырумен болды, әрі әрлі-берлі жүгіріп жүрген гарсондар да шынтақтарымен қағып, орындықтарын қозғап кетеді. Бірақ осыншама әбігершілік пен дәмсіз ас келушілердің ренішін келтіретін емес. Бәрі шетінен мәз-мейрам, көңілді. Олар қатарлас тұрған үстелдер арқылы бір-бірімен танысып, көрген-білгендерін талқыласып жатыр — ортақ олқылықтар өзара жақындастыра түсіпті. Сөйтіп бұрынғы бейтаныстар бейілді әңгімелерге көшіп, ал жора-жолдастар қасында отырғандардың үстерінен қолдарын бұлғап, анадайдан айғайласа бастаған. Әсіресе әйелдер жағында қозғалыс көп. Әуелгі кезде тар жерде қысылып-қымтырылған бикештер бара-бара еркінсіп, бет перделерін ашып, қолғаптарын шешіп тастады, бірер құты шарап жұтқандары қарқылдап күле береді.
Көрмеге келгендерді былайша теңестіріп жібергендей көрінетін осындай жалған ағайыншылыққа кәрі әйелдер мен жас кербездер, ұлы суретшілер мен қаңғыбастар қосылып кеткенге ұқсайды. Осындай кездейсоқ кездесулерге қатысып отырғандардың ішінде әлденеден дәметіп, емексіген біреулердің көздері шырадай жанады.
Алдындағы табағында желінбеген асы қалған Сандоз даусын айналасындағы шуыл-гуілден асыруға тырысып:
— Ірімшік сұраймыз ба, қайтеміз? Бір кесе кофе ішейік! — деп айқай салды.
Клод ештеңе естіген жоқ. Көзі бақырайып, сырттағы бау-баққа қарап отыр еді. Мұның алдында жалпақ жасыл алап жатты. Бүткіл галереяны қаптаған қоңыр матаның фонында өсіп тұрған пальма ағаштары ерекше биік көрінеді. Бір-біріне иін тірескен мүсіндер: бұты бұлтиған бейбас әйел мен мойны жұмыр әдемі қыз; қолаға құйылған галс жауынгерінің дәу басы (топас патриотизмді еске түсіретін томырық мақтау үлгісі); қолтығын көтерген әйелдің аппақ қараны (Пигаль жақты мекендейтін Андромеданың біреуі); тағы толып жатқан аяқтар мен иықтар, кеуделер мен бастар ұзын аллеялардың бұрылыстарын әдіптеп, әшекейлеп, әрі қарай ұзаған сайын бір-біріне қосылып, бұлдырап жоғалып барады. Солға қарай әр түрлі, әр қилы бюст-ескерткіштер, негізінен мұрындар тізбегінен құралған мүсінсымақтар сап түзеп барады. Олардың ішінде қармақ мұрынды дін қызметшісі, тәмпіш мұрынды субреттік тұрғын, XV ғасырда өмір кешкен сұлу итальяндық тұрғын, суретшінің ебедейсіз қиялынан туған тұмсықты теңізші бейнесі; одан әрі тағы да танаулар көрмесі: мемлекеттік қызметшінің мұрны, өндіріс алпауытының мұрны, орден алған адамның мұрны — әйтеуір шеті — жегі жоқ мұрындар шеруі.
Бірақ Клод мұның ешқайсына көңіл тоқтатар емес. Буалдыр жасыл ағындар арасында әлдеқандай бұлдыр елестер қалқып жүрді.
Әлі сол мең-зең қалпы. Бір байқағаны — бұл жолы жұрт бұл жерге бар байлығын көрсетуге келген секілді, жарқ-жұрқ еткен сәнді киімдерден көз тұнады; кейде айналасына құм төселген ескі сарайдың алдындағы оранжереяға апарып қойған қымбат дүниелерге ұқсап кетеді. Осында Париждің барлық "шөпке тышарлары" жиналыпты. Ертеңгі газеттерде аттары шығудың қамын ойлап, ерекше сәнді киінген әйелдер бар. Жұрттың біразы жүріс-тұрысы шахзадаға келіңкірейтін күйеуінің қолтығынан ұстап, ханшайымдай кердең басып келе жатқан әлдеқандай актрисаға ауыпты. Жалпы ақсүйек ханымдардың мінездері жеңілтек екенін байқау қиын емес еді. Бұлар бір-біріне қызғанышпен қарап, бір-бірін ойша шешіндіріп, аяқтарына киген туфлилерінің ұшынан бастарындағы қалпақтарының қауырсынына шейін, мойындарына ілген моншақтары мен үстеріндегі жібек көйлектерінің бағаларын бағамдайды. Ал Тюильри сарайындағыдай иін тіресе қойылған орындықтарда бейтарап пиғылды әйелдер отырды. Сықылықтап күлген екі қыз осылардың алдынан жылдам өтіп бара жатса, қабағы түскен тағы біреуі жападан-жалғыз әрлі-берлі теңселіп жүр. Бір-бірін жоғалтып, артынан іздеп тауып жатқандар не сән. Ілгері қарай жапырыла ұмтылған еркектер тобы мәрмәр мүсіннің қасына барып сәл кідірді де, көп ұзамай қола ескерткішке қарай кетті. Көрмеге кездейсоқ бас сұққан буржуа Парижге аты мәлім адамдарды танып, мәз-мейрам болуда: жүдеу киімді жуанды көріп, "ей, бұл пәленше — екең ғой!" деп айқай салады, есік алдында тұратын қызметшіге ұқсаған жұпыны біреу өтіп еді, "ей, бұл әйгілі ақынымыз ғой!" деп гу-гу етеді. Жан-жақтан түскен күңгірт жарықтың астында қозғалған тобыр майда толқындай жыбырлайды. Кенет аспан ашылып, күн жарқ етіп шыға келгенде, залдың шынымен қапталған төбесі шамдай жанып, терезелердің темір жақтаулары жылт-жылт етіп, қоңыр кеш мезгілінде ұйып қалған ауаға алтын нұрлар шашылып кеткендей болды. Бұдан кейін бәрінің де: жаңбырдан кейін сыбдыр қаққан жапырақтар арасында ағараңдаған тас мүсіндер, сары топырақты жолдармен бөлінген жасыл жолақты көгалдар, әйелдердің атлас жібек, інжу-маржанмен әдіптелген сәнді киімдері... түгел жылы ұшырап, әсем көрінеді. Көңілдері көтеріңкі жұрттың оқыс күлкілері отқа жанып жатқан жүзім сабағының сытырлаған дыбысын еске түсірер еді. Бұл кезде бағбандар гүл шоқтарын топыраққа отырғызып, су құбырларын ашып жіберді де, газондар үстіне тесік құмғандарын шашырата бастады, сонда жоғары қарай жылы бу көтерілді. Шатыр тіреуішінен секіріп түскен бозторғай ештеңені елеместен, буфет қасына жорғалап барды да, еріккен бір әйелдің бұларға қарай шашып тұрған нан қиқымдарын жерден теріп жеуге кірісті.
Клод осындай улаған-шулағанның арасынан жоғарғы қабат жағынан теңіз толқынының сарынындай талып естілген сарынға құлағын тосқан. Бір замандарда бұл жазған картинаның маңында да осыған ұқсас дауыл көтерілген еді. Қазір оның ізі де жоқ. Бұл жолы ол жақта Фажероль ғана бар. Енді күллі Париж ентігіп-еліріп, соның өзін құттықтап жатса керек.
Дәл осы кезде Сандоз мұның ойын бөліп:
— Ана қарашы, Фажероль ғой! — деді.
Шынында да бұл екеуін байқамаған Фажероль мен Жори жақын үстелдің біріне барып орналасқан екен. Жоридің аузына тыным жоқ, әлдекімге сыртынан жұдырық түйіп отырды.
— Ей, мен оның "Мүгедек баласын" көрдім. Байғұстың біткен жері сол шығар!
Фажероль Жориді бүйірінен соғып жіберді. Анау тез есін жинап, бұларға сасқалақтап қарады.
— Ә, Клод, сенбісің? Иә, хәлің қалай? Білесің бе, мен әлі сенің картинаңды көргенім жоқ.
Бірақ естуімше, тамаша дүние деседі ғой!
— Рас, тамаша дүние! — деп Фажероль оның сөзін қостады. Артынан таңданған дауыспен: —
Немене, сендер де осында тамақтануға келіп пе едіңдер! Бұл жерде дұрыс тағам жоқ екен.
Біз "Ледуайен" жақтан шығып едік. Ол жақта да кісі көп, у-шу. Ал үстелдеріңді бері қарай жылжытсаңдаршы. Әңгімелесіп отырайық.
Бұлар екі үстелді бір-біріне қосып қойды. Бірақ жағымпаздар мен өзге көрермендер бүгінгі жеңімпазды қоршап алып, сөйлесуге мұрша бермеді. Фажерольді алыстан құттықтаған үшеу анадайдан қол бұлғап, айқайлай бастады. Бір әйел қасындағы күйеуіне қарай еңкейіп, құлағын тосып отырып, бұған қарап жымиып күліп қояды. Қаншырдай қатқан ұзын тұра суретшінің біреуі бұрышта орналасқан жерінен қарғып тұрып, мұның картинасын ыңғайлы жерге қоймаған әлдекімдерді ғайбаттаған ертеңнен бергі әңгімесін қайта жалғастырды да, жол-жөнекей Фажерольге де ауыр айыптар тағып, шат-шәлекейі шықты.
Төзімі таусылып, сыпайылықты ұмытқан Фажероль осы араға келгенде:
— Әй, кісіге тыныштық бересіңдер ме, жоқ па? — деп дауыс көтерді.
Ал анау мұрнының астынан міңгірлеп, өзінше қорқытқандай бірдеңе айтып, қарасын батырғанда:
— Осындайда қайтіп сыпайы боларсың! — деп күйінді Фажероль. — Мыналар қаныңды қоздырмай қоймайды... Бәрін карнизге, көрнекті жерге шығару керек. Төралқа мүшесі болу да бір азап екен, рахмет айтпақ түгіл, осылай сөгіп кетеді.
Еңсесі түскен Клод оған шаршау жүзбен көз тастап, ұйқысынан жаңа оянған кісідей әрең сөйледі:
— Мен саған хат жазып, алғысымды айтпақ едім... Бонграннан естідім, мен үшін біраз күшіңді жұмсапсың. Әрине, рахмет...
Фажероль оның сөзін бөліп жіберді.
— Онда тұрған не бар екен? Бұрынғы достығымыздың құрметіне менің солай істеуім керек еді. Әйтеуір сен риза болсаң болды.
Фажероль осыны айтқанда, өзінің іштей қысылатынын да байқады. Қазір ешкім мойындамаған, бірақ бәрінің жас күндеріндегі ұстазы егер бір сәтте Фажерольге деген жиіркенішті сезімін білдірсе, мұның бүгінгі бар салтанатының сынын бұзып, ар-намысы алдында сөзсіз қор қылар еді.
— Сенің картинаң өте жақсы шыққан, — деп Клод көңілінің кеңдігін әрі ер жүректілігін танытып бақты.
Бұрынғы ұстазының осы қарапайым сөздері Фажерольдің кеудесін шексіз қуанышқа толтырды. Неге екенін өзі де білмейді, әйтеуір ар-ұятты жинап қоюдан тайынбайтын пысық жігіттің бұл жолы даусы дірілдеп:
— Рахмет саған, достым! — деп шын тебіренді.
Сандоз қайта-қайта өтініп отырып, екі шыныаяқ кофе алдырды. Бірақ даяшы бұларға қант әкеліп беруді ұмытып кеткендіктен, үстел үстінде өзгелерден артылып қалған тәттілерді пайдалануға тура келді. Манағыдай емес, асхана ішіндегі орындар босап, жұрт емін-еркін сезіне бастады. Өте қатты күлген әйел даусы естіліп, біраздары мойындарын солай қарай бұрып алды. Ауыз-мұрыннан шыққан шылым түтіні шарап төгіліп былғанған дастарқандар мен үйілген ыдыс-аяқтар үстінен будақтап жоғары көтеріледі. Алдына екі құты Шартрез шарабын әрең келтірген Фажероль енді көңілденіп, өзі қатты сыйлайтын әрі санасатын жазушысы Сандозбен әңгіме-дүкен құруға кірісіпті. Ал Жори үн-түнсіз тұйықталып отырған Клодты сөйлетпек болып әуреленуде.
— Сен мені тыңдашы, қымбаттым... Сені үйлену тойыма шақырмағаным рас. Жағдай солай болды... Қалтамыз көтермегендіктен, бәрі қарапайым, жұпыны ғана өтті. Әйтеуір маған ренжіп жүрген жоқсың ғой, ә?! — дейді.
Сәлден кейін бұл бәрін ұмытып, мақтана бастады. Бірде-бір ісі оңғарылмай, құмдай үгітіліп отырған бейбақтың қасындағы уайымсыз, тоқмейіл, өзіне-өзі риза жігіт көрген-білгенін егжей-тегжейлі суреттеуден жалығар емес. Әйтеуір мұның жолы болғыш екен. Өмірдегі іргетасын бекітіп, кең өріске шығу үшін газеттегі хроникер қызметін тастап, қалың әдеби журналдың редакторы болып барыпты, содан енді жылына отыз мың франк ақша тапса, ескі коллекцияларды сатумен айналысатын кәсібінен де недәуір табыс түседі екен. Әуел баста әкесінен жұққан тоғышарлық тойымсыздығы мен сараңдығы жас кезіндегі лас, жиіркенішті сауда-саттығынан көрінсе, енді сол қасиетсіздіктері асқындап, байқамай мұның торына түскен суретшілер мен әуесқойлардың қанын сүліктей соратын қауіпті адамға айналыпты.
Осындай масайрап, жетісіп тұрған шағында бұл құдіретті Матильданың алдына барып, көз жасын төгіп отырып: "Маған тұрмысқа шыға көр!" деп жалынбас па? Матильда сонда оны жарты жыл маңына жуытпай қояды.
— Ақыры бірге тұрған соң, арақатынасымызды заңдастырып алғанымыз дұрыс емес пе, — дейді Жори сөзін әpi қарай сабақтап. — Сен де, Клод, кезінде солай істедің... ендеше, бәрін жақсы түсінесің... Ал ана қыз, сенерсің бе, сенбессің бе, осындай ұсыныстан бас тартады. Иә, иә, дәл солай! Сондағысы — маған кедергі келтіріп, өзі өсекке қалады-мыс. Неғылған кең пейілділік! Неғылған кірпияздық! Мұндай асыл әйелдің артықшылығын қайсы біріміз бағалап жатырмыз? Жоқ, жоқ, біз бағалай білмейміз. Барынша берілген, аса қамқор, әрі үнемшіл, әрі сезімтал — бұдан артық ақылшыны қайдан іздеп табарсың? Осындай әйелге кездескенім қандай жақсы болған, ә? Қазір мен онсыз аяқ баспаймын, бар еркіндікті өзіне беріп қойдым, бәрін сол басқарады... Сенесің бе?
Шынында да Матильда оны айтқанын істемесе, ботқа бермеймін деп қорқытып қойған жас баладай әбден көндіріп алғанға ұқсайды. Бұрынғы ұятсыз жезөкше енді дүниеге тойымсыз, алған бетінен қайтпайтын, сый-құрметке бөленген, өктем әйелге айналыпты. Матильда жеңіл жүрісінен біржола тыйылып, күйеуіне кеңпейілділік жасағандай, өтірік айтуды да тоқтата тұрып, бар күш-қайратын күйеуіне билік жасау үшін жұмсайтын болған. Тіпті біреулер бұл екеуінің Нотр-Дам-де-Лорей шіркеуіне барып шоқынып жүргендерін көріпті. Екеуі елдің көзінше өліп-өшіп сүйісе беретін болған. Сонда бір-бірін еркелетіп, "көкешім", "бөпешім" деп атайды екен. Кешке қарай күйеуі әйелінің алдына күнделікті есебін тапсырады. Егер сонда әйелі күйеуінің сол күнгі жүріс-тұрысынан күдікті бірдеме көрсе, әйтпесе бар тапқан-таянғанын қолына әкеліп салмаса, Матильда қырғын ұрыс шығарып, оның әлдеқайдан әлденеңдей ауру жұқтырып келуі мүмкін екенін сылтауратып, түнгі төсегіне де жолатпай қояр еді. Оның көңілін табу үшін Жори тағы да қыруар шығынға бататын көрінеді.
— Өстіп жүргенде, менің әкем өліп қалды емес пе? — деп Жори ризалық сезіммен сөзін жалғады. — Содан кейін мен Матильдаға үйлендім.
Манадан бері өз ойын өзі әлдилеп, басын шайқаумен немқұрайды отырған Клод кенет таңырқап:
— Немене? Сен Матильдаға қосылғансың ба? — деп қайталап сұрады. Осылай таңырқауы тегін емес еді. Мұның есіне Магудоның дүкеніне қатысты оқиғалардың бәр-бәрі түскен. Әй, Жори! Сен осы Матильда жөнінде талай былғаныш әңгімелерді айтпап па едің? Бірде бұл екеуі көшеде қыдырыстап келе жатқанда, Жори әр түрлі дәрі шөптердің жұпар иісі аңқыған дүкеннің ішінде болған жүрек айнытарлық жалаңаш ойнақтар жөнінде небір хикаяларды қыздырмаласа суреттегені бар. Кезінде бұлардың бәрі де осындай ойнаққа қатысқан. Бірақ Жори Матильданы сыртынан қатты сөгетін. Енді сондай қызға өз еркімен үйленіпті. Расында ойнасын жамандаған ақымақ еркектің сөзіне сене беруге болмайды: солардың кейбіреуі соларға үйленіп тынады екен!
— Иә, Матильданы алдым, — деп Жори миығынан күледі. — Бұрынғы ойнасыңның жақсы әйелге айналатынына сен күмәнданба!
Бұрынғының бәрін ұмытқан Жори ерекше жайбарақат еді, жолдастарының алдында да ешбір ұялып ыңғайсызданатын емес. Матильданы ешкім білмейтіндей, ол бір қайдағы алыс әлемнен келгендей, бұларға қайта таныстырып отырды.
Жоридің әңгімесіне қызығып, аз-кем құлақ салған Сандоз осы жерде даусын көтеріп:
— Қой, жүрейік. Менің аяғым ұйып қалды, — деді.
Анадайдан Ирма Беко көрінді. Ол буфет үлдірігінің қасына барып тұрды. Шашын алтын сарғыш түске боятқан, ортағасырлық суреттің ескі рамасынан қарғып түскен қызыл бетті қомағай куртизанка — жеңіл жүрісті ақсүйек әйелдей жалт-жұлт еткен Ирма бүгін ерекше сұлу екен. Үстіне атлас жібек белдемшені жапқан зерлі туника-ұзын етек, қысқа жеңді көгілдір түсті сырт көйлек киіпті, онысын өте қымбат шілтерлермен әдіптеген, сірә мұның бәріне еркек байғұстар қыруар ақша жұмсаса керек. Ол Клодты байқап қалып, осынау нашар киінген, елдің бәрі ұмытқан, өңі қашқан кедейдің алдында бір түрлі ыңғайсызданып, қысылып тұрды. Содан ақыры жүрегін тоқтатып, Клодқа қолын беріп, өзі келіп амандасты. Қасындағы жақсы киінгендер бұған кәдуілгідей таңданыса қарады. Ирма достық пейілмен ақсия күлгенде, екі ұртына нәзік әжім іздері үйіріліп шыға келді.
— Бұрынғыларды еске алып қайтеміз?.. — деді қыз ерекше көңілденіп.
Екеуіне ғана түсінікті бұл сөздерге ешкім елең ете қойған жоқ. Бұның артында әжептеуір тарих бар еді: сол жолы Ирма бұған зорлық жасағанмен, бұл ешбір ләззат алмаған еді-ау...
Екі құты шараптың ақшасын төлеген Фажероль Ирманы ертіп кетуге айналды. Олардың соңынан Жори ілесті. Жұрттың ортасын жарып өтіп, кердеңдеп кетіп бара жатқан үшеуге — екі еркектің ортасында бір қыз — өзгелер қызыға көз тастап, қошеметтеуге кірісіпті.
— Матильданың болмағанын қарашы! — деді олардың артынан қарап тұрған Сандоз. — Ал қайтып келген соң, ол сорлы қатынынан таяқ жейді ғой...
Сандоз даяшымен есеп айырысты. Босаған үстелдердің үстінде ас-ауқат пен сүйек-саяқтар үйіліп қалыпты. Екі даяшы мәрмәр тақталарды жұмсақ шүберекпен сүртіп жатса, үшіншісі түкірік пен кір-қоқыстан былғанған топырақты тырмалап, тегістеп жүр. Қоңыр перденің ар жағында қызметшілер тамақтанып жатса керек, өйткені сол жақтан цыгандар тобыры жиналғандай, ас ішіп, аяқ босатқандардың көңілді күлкісі естіледі.
Бақты аралап келе жатқан Клод пен Сандоз өте ыңғайсыз орынға, шығыс беттегі кіре берістегі бұрышқа қойылған Магудоның мүсінін көрді. Бұл жолы ол жас шамасы ондарға келген, тал шыбықтай бұралған, әлі он екіде бір гүлі ашылмаған, аяқ-қолы сыптай сұлу қыздың — суға шомылушының түрегеп тұрған бейнесін жасаған екен. Бұл бейнеден ерекше бір жұпар иісі шашылып, ешкім үйретпеген еркіндік ортасында ғана дүниеге келетін әдеміліктің — ешқашан жеңілмейтін, өміршең, өскелең әдеміліктің нышаны сезілер еді. Осының бәрі Магудоның өз-өзіне сене қоймайтын қиялынан, тұрпайы жұмыскер қолынан шыққаны анық.
Сандоз риза болғанын жасыра алмай:
— Біздің мына жігітіміз талантын таныту үшін біраз шаруа бітіріп тастапты-ау! Егер осы мүсін көзге көрінетін жерде тұрса, тамаша табысқа жетер еді! — деді.
— Оған дау бар ма? — деп Клод та оның пікіріне қосылды. — Шынында тәп-тәуір дүние!
Осы жерде екеуі вестибюлде, жоғары қарай көтеріліп бара жатқан Магудоны көріп, артынан айқай салды. Содан үшеуі бас қосып, аз-кем кеңес құрған.
Бірінші қабаттағы галереяның құм төселген еденіне екі жақтағы үлкен дөңгелек терезелерден түскен жарық өте көмескі екен, содан ба, әйтеуір темір жол көпірінің астында тұрғандай сезінесің. Төбедегі темір белдіктерге ұзын бағандар тіреуішке қойылған. Солардың арасынан суық жел соғып, жерге дым бүркеді, аяғыңды әзер басасың. Анадайда, жыртық-жырым перденің ар жағынан иін тірескен мүсіндер көрінеді. Бұлар қабылданбай, қабырханаға айналған әр түрлі гипс тұлғалардың жиынтығы, өзгелер түгіл, авторларына да керексіз болып қалған қалдықтар. Ал жоғарғы қабаттан улаған-шулағаны шыққан, әрлі-берлі теңселіп жүрген жұрттың аяқ дыбысы естіліп тұрды. Құдды бір пойыздар легі ағындап өтіп жатқандай тарсыл-гүрсілден құлағың тұнып кетерліктей еді.
Екеуінің мадақ сөздерін тыңдап болған Магудо осы жерде Клодқа қарап, оның картинасын таба алмай қойғанын айтты. Сірә, көз көрмейтін жерге әдейі жасырған болар-ау... Содан өткен-кеткенді елжірей еске түсіріп, Ганьер мен Дюбюштің жағдайларын сұрады. Баяғыда бәрі топырлап жиналып, жауға шапқандай екпіндеп, есі кетіп аралайтын, содан соң түгел сынап, өлгенше айтысатын, бастары дың-дың болып, тілдері салақтап шығатын Салондар қайда?! Дюбюш қазір ешкіммен кездеспейді. Мелен жақта тұратын Ганьер айына екі-үш рет концерт көруге келеді екен. Оның живопиське әбден көңілі қалса керек. Он бес жылдан бері қайталап салып жүрген үйреншікті пейзажы биыл да Салонда ілулі тұрғанмен, өзі көрінбеді. Сенаның жағалауын суреттеген сұрғылт бояулы, бар ынта-ықыласын жұмсаған қарапайым дүниесі бұрынғыша ешкімнің ықыласын аудара қоймаған.
— Жарайды, мен жоғары қарай кеттім. Сендер ше? — деп сұрады Магудо.
Әбден әлсіреп, түсі қашқан Клодтың бар назары сол жоғарғы жақта еді. Бауырымен жылжыған құбыжықтың қимылынан қирап жатқандай тарсыл-гүрсілді естігенде, денесі тағы тітіркеніп кетті. Содан үн-түнсіз қолын ұсына берген.
— Сен немене, қашпақсың ба? — деп таңырқады Сандоз. — Тағы да біраз аралап, сосын бірге қайтпаймыз ба?
Бірақ артынша Клодтың сұп-сұр өңіне қарап, іші жылап қоя берді. Клодтың әбден әлі біткенін, енді оның жан жарасын өзгелерден жасыру үшін оңаша жерге кетіп, жеке қалғысы келетінін түсінді.
— Жарайды онда қоштасайық, шалым! Ертең хабарласармын, — деді Сандоз.
Жоғарғы қабаттан естіліп тұрған сарыннан тезірек құтылуға асыққан Клод бақтың ішіне кіріп, теңселіп кете барған.
Осыдан екі сағат өткен соң Магудоның артынан іздеп барған Сандоз оны Жори мен Фажерольдің қасынан тапты. Таң қаларлығы: Клод да осында, Шығыс залында екен. Бәрі де баяғыда, алғаш кездескен жерде, Клодтың картинасының алдында тұр. Ой шырмауынан шыға алмаған Клод бәрібір ұзап кетпей, екінші қабатқа қайтып көтерілгенге ұқсайды.
Сағат бестің кезінде әрлі-берлі сенделіп көрме аралаған жұрт енді қапырық ауадан қашып, қорадан шығуға асыққан малдай бей-берекет дүрліге бастаған. Содан бір-бірін итермелеп, кимелеп есікке қарай ұмтылды. Таңертеңгілік мезгілде мөлдір таза көрінген ауаға топырлаған адамның тер иісі мен паркет еденнен көтерілген ұсақ шаң-тозаң қосылып, қошқыл тартып кеткендей көрінді. Келушілердің біразы әлі де сюжеттері ұнаған картиналарды қызықтап жүр. Келіп-кетушілер, бір орнында шыр көбелек айналғандар да аз емес. Сағат алтыға жетіп, күзетшілер шығарып жібергенше залдарды аралаудан жалықпайтын көрермендер ішінде әйелдердің қарасы көбірек еді. Шаршап болдырған етжеңділері дивандарда қисайып жатыр. Басқалары бос орын таппай, қол шатырларына сүйеніп тұрып, тыныс алуға тырысады. Бұлар орындықтарға жайғасып үлгіргендерге қызыға, қызғана қарап қояды. Осылардың бәрінің әлдірмені бітіп, аяқтары сіресіп қалған, бастары салбырап, Салондарда жиі кездесетін сақина ауруына-желкелері ұйып, көз алдарында түрлі түсті дақтар жүзіп жүретін жүйкесіздікке ұшыраған.
Тек манадан пуфеге — жұмсақ креслоға жайғасып алған, омырауларына орден таққан екі мырза ғана қаннен-қаперсіз, кіші бесіннен бері бастаған әңгімелерін әлі аяқтай алмай отырған секілді.
— Сөйтіп, сіз еш нәрсені түсінбестен, артынан ере бердіңіз бе? — деп сұрады жуаны.
— Тура айтасыз, — деп жауап берді жіңішкесі. — Соларды көрдім де, басымдағы қалпағымды алып, сәлем бердім. Осыным қалай болды өзі?
— Ғажап! Сіз өте қызық адамсыз, достым!
Бірақ Клод өз жүрегінің дүрсілінен басқа ештеңе естір емес. Есіл-дерті жоғарыда, шатырдың астында ілулі тұрған "Өлі балада". Осы суреттен көзін аударар емес. Еркінен тыс есін алған елеске ұқсас бірдеңе. Айналасы қапылып жүрген баяғы тобыр. Біреулері мұның аяғын басып кетсе, екіншілері итермелеп, ертіп әкетіп барады. Бұл жансыз заттай толқынға ілесіп, біраз жерге ұзайды да, бұрынғы орнына қайта айналып келеді. Содан ештеңені көзіне ілмей, мойнын созып жоғарыға — өзінің төл туындысына, өлгеннен соң ісініп кеткен кішкентай Жактың суретіне қарай береді. Кірпігіне келіп тірелген екі тамшы жас көзін кен аштырар емес.
Жалғыз ұлының бейнесіне дұрыстап қарауға бұдан кейін уақыты болар ма екен?
Ескі досына айрықша жаны ашыған Сандоз оны күйреген тіршілігінің моласының басында жалғыз қалдырғысы келгендей ештеңе байқамағансып тура берген. Жолдастар жиналып қалды. Фажероль мен Жори алға түскен кезде Магудо Сандоздан Клодтың картинасы қайда ілінгенін сұраған еді, бұл шынын айтпай, оны басқа жаққа қарай бұрып әкетті.
Кешқұрым Кристина күйеуінен жарытып ештеңе ести алмады. Бәрі жақсы, көпшілік жаман қабақ көрсеткен жоқ, бұның картинасы сол жоғарырақта, ыңғайлы жерге ілініпті дегеннен басқаны айтпады. Осындай байсалды сөздеріне қарамастан, Клод бүгін бір түрлі еді — Кристина содан секем алып қалды.
Түскі астан кейін Кристина ас үйде ыдыс-аяқтарды жуып қайтып келгенде, Клодты орнынан таба алмады. Сөйтсе, күйеуі ашық далаға қарай шығатын терезені айқара ашып тастап, өзі төмен қарай еңкейіп, құлап кетуге шақ тұр екен. Зәресі ұшқан Кристина тұра ұмтылып, оның күртешесіне барып жармасты.
— Клод, Клод! Ойбай, бұның не?! — дегенде, жан даусы шықты. Клод артына бұрылып қарады. Өліктей өңі қашып, көздері жынды адамдікіндей мұнартып тұр еді.
— Әншейін... қарағаным ғой, — дейді.
Кристинаның қолы дірілдеп, терезені әрең жапты. Бірақ көңіліне әлдеқандай қауіп кіріп, осы күннен бастап түні бойы кірпік ілмей шығатын болды.
Көп ұзамай Клод жұмысына қайта кірісіп кетті. Күн артынан күндер жылжып, жаз да тыныштықпен өте шыққан. Көлденең сұраныспен гүлдердің суретін салып, артынан Англияға жіберіп, аздаған нан, суын тауып жүрді. Басқа бос уақытын үлкен картинаға жұмсады. Бірақ бұрынғыдай күйіп-піспей, өмірі бітпейтіндей көрінген еңбегін қайта жалғастырып, тұрақты, байсалды көрінуге тырысып бақты. Алдынан ешбір жақсылық күтпесе де, басқа амалын таппады. Сөйткенмен, екі көзінен бұрынғыша есірік ексім кетпей қойды. Өмірінде жолы оңғарылмаған дүниесіне тесіліп қараған сайын көзінің нұры өшіп, бір түрлі сөніп бара жатқандай әсерде қалдырар еді.
Дәл осы кезде Сандоздың да басына бұлт үйірілді. Оның шешесі өліп, анда-санда жақын достары бас сұққаны болмаса, ешкім мазаларын алмаған оңаша, тұйық өмірінің тәртібі бұзылды. Содан бұл Нолле көшесіндегі кішкентай үйді сұмдық жек көре бастаған. Бірақ көп ұзамай, тіпті ойламаған жерден Сандоздың жолы оңғарылып жүре берді: бұның бұрын сөрелерде жатып қалған кітаптары тез өтіп кетіп, қалталары қалыңдап шығы келген ерлі-зайыптылар Лондон көшесінен үлкен пәтер жалдап алды да, соның ішін жиһазға толтыру үшін бірнеше ай уақыттарын жұмсады. Бастарындағы қайғы-қапа екеуін өте-мөте жақындастырып, айнала ортаға тыжырынып қарайтын болған. Өткен жолғы көрмеде оңбай құлаған Клодтың жанына ауыр жара түсіп, өмірі өшіп бара жатқанын аңғарған Сандоздың көңілі күпті еді. Әйткенмен ескі досының қазір өзін-өзі байсалды ұстағанын көріп, аздап тыныштала бастаған.
Содан бұл Турлак көшесіне жиі соғып, үйінде оңаша отырған Кристинадан Клод жайында тәптіштеп сұрайтын болған. Пәлендей ашып айтпағанмен, әлдеқандай бақытсыз оқиғаны іштей күтіп жүрген әйелдің де жағдайы белгілі еді. Кристинаның өң-түсі қашып кеткен. Жас баласының ұйқысын күзетіп отырған ана секілді әрбір бөгде дыбысқа құлағын түріп, кит етсе, ажал кіріп келе жатқандай зәресі ұшады.
Бірде шілденің ортасында, таңертеңгілік мезгілде соғып кеткен Сандоз:
— Қалай, ризамысың? Клод қазір бәрін қойып, қызу жұмысқа кірісті емес пе? — деп сұраған.
Кристина үрей мен өшпенділікке толып тұрған көздерін Клод салып жатқан картинаға қиғаштай қадап тұрып:
— Иә, иә, солай ғой... Әлгі бір әйелдің суретіне қайта кіріспес бұрын осы жұмысын аяқтап бітірмекші, — деді. Сонсоң ішін жайлаған үрейін жасыруға тырысып, сыбырлап сөйледі. — Байқадыңыз ба, оның көзі қандай болып кеткен? Кісі шошырлықтай жаман... Бәріне көнген секілді ыңғай көрсеткенмен, әншейін алдаусырататыны маған белгілі. Қайтып келіп, оны бір жаққа ертіп әкетіңізші. Кішкене көңілі сергір ме екен. Сізден басқа қасында ешкім қалған жоқ. Көмектесе көріңіз! Жалынып сұраймын!
Бұдан кейін әр түрлі сылтау тауып, Клодтың үйіне күн құрғатпай келіп тұратын Сандоз оны жұмысынан зорлап айырып, ертеңгілік сейілге ертіп шығатын болған. Ештеме бітірмесе де, әрдайым сатының үстінде отыратын суретшіні төмен қарай сүйреп түсіретін. Ондайда әбден діңкесі құрыған Клодтың қолындағы қылқаламын қозғауға шамасы жетпей, құрысып-тырысып отырар еді. Содан қайта оралып соғуға жүрегі дауаламай жүрген әлгі бір әйелдің бейнесіне үн-түнсіз, ессіз-түссіз қарап отыра беретін. Тәтті үміт пен күдік, түпсіз терең құмарлық пен тылсым үрей араласып, арпалысып, өзін құрдымға кетіріп тынатын махаббатқа жақындап жолай алар емес. Лаж жоқ, басқа картинадағы басқа бейнелерді жазып отырып та, осы әйел елесінен қашып құтыла алмаған. Елесті көрген сайын көз алды бұлдыр тартып, егер осы әйелдің денесіне қолын тигізбесе, егер осы әйел мұның мойнынан құшақтап қысып бауырына тартпаса, біржола ақыл-есінен адасып кететінін сезді.
Соңғы кездері күйеуін ауру баладай қасынан қалдырмай, көңілін көтеріп қайту үшін Сандоздың үйінде өтіп тұратын бейсенбілікке үзбей қатысып жүретін Кристина бірде кешкілікте үй иесін оңашалап, өтініш айтқан. Бір сылтау тауып, ертесіне Клодқа соғып кетуін сұрады. Монмарто жағына барып, романына қажетті көріністі көріп қайтпаққа жиналған Сандоз жол-жөнекей Клодты соңына ертіп алып, досын күн батқанша қасынан шығармай қойған.
Әуелі екеуі халық көп жиналып көңіл көтеретін, өткіншектерге, тирлерге, сыраханаларға сықап тұратын Клиньянкур қақпасына қарай бет түзеген. Сол арада бұлар ойда жоқта үлкен балағанның — сауықхананың ортасында отырған Шэнді көрді. Балаған әшекейленген шіркеуге ұқсайды екен. Мұнда фарфор, өзге де шыны ыдыстар қойылған төрт лотереялық айналма дөңгелектер қойылыпты. Әрбір ойыншы осы дөңгелектерді қолмен айналдырып жібергенде, музыкалық сандық секілді селкілдеп, тілі бағытын көрсете бастайды да, әлгі қуыршақтардың сыр-бояулары жалтырап, құбыла жөнеледі. Осы ұсақ-түйектердің ортасында қызғылт лентаға байланып, есі шыққан тірі қоян — ең басты ұтыс шыр көбелек айналады. Осыншама ойнақты қан қызыл түсті түс қағаздармен, перделермен әшекейлеп тастапты. Ал осы ағаш барақтың түкпірінде, ғибадатхананың қасиетті орындай бір бұрышта Шэннің үш суреті ілулі тұр екен. Шэннің өзімен бірге жәрмеңкелерді аралап жүрген асыл дүниелері: "Жезөкше әйелі" — дәл ортасында, Мантень картинасының көшірмесі — сол жағында, "Магудоның пеші" — оң жағында. Кешке қарай, май шамдар жағылып, лотерея дөңгелектері жұлдыздай жылтырап, сықырлап айнала бастаған кезде, қызғылт маталардың фонында қарақошқыл тартып тұрған осы картиналар ерекше керемет көрінер еді. Балаған төңірегінде еріккендер топырлап жүрді.
Осының бәрін қызықтаған Клод:
— Әй, мына картиналар шынында да жап-жақсы ғой! Дәл осы жерге лайықты! — деп мақтап қойды.
Әсіресе Мантеннің көшірмесі — қарапайым адамдарға арнап ілінетін бояуы оңа бастаған қара дүрсін картиналарды еске түсіретін сұрғылт түсті суреті тәп-тәуір шығыпты. Ал Магудоның қисайып тұрған темір пеші мен Христостың жылауық бейнесі тым тосын, қызық көрінеді.
Ескі достарын көрген Шэннің есі шығып, екі қолын ала жүгірген. Ол еркін қимылдайды, жеке меншік дүкенімен мақтанатын әйтпесе қысылып-қымтырылатын сыңайы байқалмайды. Пәлендей өзгермеген, қартаймаған. Баяғыша қылжақтай сөйлейді. Ішіне ботқа толтырып алғандай екі ұрты томпайып, аузы кішірейіп кеткендей көрінеді. Сақал қойыпты.
— Miнe, біз тағы кездестік, — деді Сандоз. — Біле білсеңіз, сіздің мына картиналарыңыз жақсы әсер туғызады.
— Әй, қусың-ау! — деп күліп қойды Клод. — Өзіңе арнап жеке салон ашып тастапсың. Тамаша емес пе?
Шэннің жүзі жарқырап:
— Өйтпегенде ше?! — деді. Бұл оның әбден сүйсінгенде айтатын сөзі еді.
Сөйтіп бұл жолы шығармашылық өзімшілдігі ұстаған ол әдеттегідей күр сүйсініп қоймай:
— Егер сендер секілді ақшаға бай болсам, талайларды таң қалдырар едім! — деп бөсіңкіреп кетті.
Шэн шынын айтып тұр еді. Ол ешқашан өзінің талантты екеніне күмәнданған пенде емес. Сурет салып күн көре алмайтынын білген соң, басқа кәсіппен айналысып кеткен. Егер заманы туса, Луврда тұрған асылдардан кем соқпайтын шығармалар жазатынына ешбір күмән жоқ.
— Жарайды, — деп Клод қабағын шытты. — Өкінетін жағдайың жоқ. Жолың болғанға ұқсайды. Саудаң жүріп тұр емес пе?
Шэн бұған қарсылық білдіріп, сауда да, лотерея ойыны да жүрмей жатқанын айтып, жылай бастады. Жұрт лотерея ойнағаннан гөрі, ақшаларын шарапханада жұмсағанды жақсы көреді. Бұл бәрін арзанға сатып алып ойынға салғанда, үлкен ұтыстардан үміт етпейді екен, сонда да жарымай жүрсе керек, бар тапқаны — ас-судан артылмайды.
Осы арада ойыншылардың жақындап келе жатқанын көрген Шэн дереу әңгімесін доғарып, таңырқаған жолдастарына қарамай, анадайдан айғай салды:
— Ей, қайсың барсың? Тезірек ойынға кірісейік. Сөзсіз ұтасыңдар!
Қасына ауру өңді, көзі бақырайған кішкене қызын ерткен бір жұмыскер екі мәрте тетікті басып-басып жіберген еді. Дөңгелектер сықырлап, қуыршақтар билей бастағанда, тірі қоянның құлағы тұнып, шыр көбелек айналып кетті. Жұрттың бәрі таңдана қарап тұрды. Кішкене қыз тірі қоянды ұтып ала жаздады.
Қолы қалтыраған Шэнмен тезірек қоштасқан екеуі кете барған. Былай ұзап шыққан соң:
— Бұл бақытты жігіт екен, — деді Клод.
— Шэн бе? — деп Сандоз басын шайқады. — Ол өзінің орны анау Академияда деп есептейді.
Содан қапаға түседі.
Арада недәуір мезгіл өтіп, тамыз айы туғанда, Сандоз суретші досының көңілін көтерерліктей сапар — саяхатты іздеп тапқандай болды. Ол бірде салы суға кетіп, еңсесі түсіп жүрген Дюбюшке кездесіп қалған. Дюбюш сонда ескі достарын Ришодьерге қонаққа шақырды, өзі қасына екі баласын алып екі аптадан бері сол жақта демалып жатыр екен. Достық пейілін танытқан Дюбюшке барып, қыдырып қайтсақ, несі сөкет? Сандоз Дюбюшке Клодты ертіп апаруға уәде бергенін айтып, қанша үгіттеп баққанмен, суретші ол жақта тағы да Беннекурды, Сена жағалауын, аралдарды көрсе, артта қалған, қайтып оралмас бақытты жылдарының еске түсетінінен қорыққандай, бірден бас тартқан. Осы үгітке Кристина қосылғанда ғана көнетін ыңғайын көрсетті. Бірақ дәл ертесіне жолға шығатын күні тұла бойын шабыт қысып, түннің бір мезгіліне шейін жұмыс істеді. Ал жексенбі күні таңертең тағы да жазуға отырғысы келгенмен, әзер дегенде өзін көндіргендей болды. Әй, ол жақта не бар? Бәрі ұмытылды, өлді емес пе? Қазір тек Париж қалды. Париждің өзінде де — көкжиектен басқа, анау Ситэден басқа, мұның соңынан елестей қуып келе жатқан, жүрек -жанының жалғыз мекеніне айналған қуыс мекені ғана бар емес пе?
Пойыз үстінде Клодтың әлденеге тынышы кетіп, кейін қарай жылжып, тұман арасына сіңіп бара жатқан қаладан ұзақ жылдар бойы көз жазып қалатындай терезеге үңіле берген досының көңілін аудару үшін Сандоз Дюбюш жайлы білетінінің бәрін тәптіштеп айта бастаған. Әуелі анау Маргейян отағасы өзінің сыйлық иесі атанған күйеу баласын әжептәуір мақтан тұтып, оны өзінің саудадағы серіктесі әрі мұрагері ретінде қасынан қалдырмай ертіп жүреді екен. Жасынан кітап кемірген сауатты жігіттің бар ауыртпалықты мойнына алып, сәулетті әрі арзан құрылыстар салатынына әбден сенімді көрінеді. Бірақ Дюбюштің бірінші әрекеті сәтсіз аяқталыпты. Кірпіш күйдіретін пешті қайын атасы тұрған Бургундия жеріне апарып орнатқан екен — бұл жоспарынан ештеңе шықпай, ақыр соңында екі жүз мың франк ақшаға шығынға ұшырапты. Бұдан кейін біраздан бері өлшеп — пісіріп жүрген ойларын жүзеге асыру үшін, құрылыс саласында жаңалық ашпақ болып, жаңа үйлер салуға кіріскен. Бұл жұмысқа Дюбюш жас кезінде өнерде төңкеріс жасамаққа аттанған замандас құрбыларынан үйренген әдістерін енді мүмкіндік туған кезде қолдан — баққа ұмтылды. Әйткенмен, шығармашылық қиялдан құралақан ұқыпты шәкірттің бұл әрекеті қойыртпақ бірдеңеге айналғанға ұқсайды. Іші кеуек фаянстан, күйдірген сары саздан жасалған әшекейлер, әйнекпен қапталған дәліздер, әсіресе қаптап кеткен темір итарқалар, темір баспалдақтар, темір шатырлар... осының бәрі жұмсалатын шығынды көбейтіп жібергендіктен, мұндай құрылыстан бас тартуға тура келген. Оның үстіне, Дюбюштің ұйымдастырушылық қабілеті шамалы болып шыққан. Байлыққа бөгіп қалғандықтан, өзі әбден семіріп, дандайсып кеткен, басын қатырып жұмыс істеуге құлықсыз. Осыдан соң Маргейян отағасы қатты ашуланса керек. Өйтетіндей жөні бар еді: өйткені ол отыз жыл бойы талай жерді алып-сатып, талай үйлерді салғанда, қанша шығын жұмсалып, қаншама табыс түсетінін күні бұрын есептеп қоймас па еді?! Нешеме метрлік алаңға нешеме метрлік ғимараттың орналасатынын, кейін әр пәтерден қандайлық қаржы жиналатынына шейін білетін. Ал мынандай әк пен кірпіштің, тас-темірдің құнын айыра алмайтын, қарағай ағашты пайдалана салудың орнына емен ағашты іздейтін, үй қабаттарын тым биіктете бермей, оның санын көбейтудің тиімді екенінен хабарсыз мұндай сорлыны қайдан іздеп тапқанына өкіне бастамас па? Әрине, ол мұндайға көне алмайды. Наданның сөзіне еріп әрі атын шығару үшін қайдағы бір сәулет өнерінің жаңалықтарын енгізбек болған ниетінен қайтқан. Содан бері бұлардың тірлігінің берекесі кетіп, қайын ата мен күйеу бала жиі жанжалдасатын болған. Күйеу бала кеудесін керіп, өзі оқыған ғылым-білімге сүйенсе, қайын ата сендей архитектордан гөрі қара жұмыскердің түсінігі артық деп айғайлайды екен. Осылай миллиондарына қауіп төнгенін сезген Маргейян бір күні Дюбюшті кеңсесінен қуып тастайды. Бұдан былай бұлай қарай қайтып аяқ баспауы керектігін, өйткені оның төрт жұмысшыны басқаруға да қабілеті жоқ екенін қатты ескертеді. Бұл дегеніңіз — масқара болып жеңілу, түптің түбінде Академияның қарапайым тас қалаушысының алдында тізе бүгуі еді.
Осының бәрін үнсіз тыңдаған Клод:
— Сонда ол қазір не істеп жүр? — деп сұрады.
— Білмедім. Бос шығар, — деді Сандоз. — Балаларының денсаулығын уайымдап соларды күтіп-бағып отырғанын айтып еді...
Маргейянның ағаш жаңқасындай жеңіл, жүдеу әйелі ақыры көкірек ауруынан қайтыс болған. Бұл өзі тұқым қуалап келе жатқан сырқат екен: олардың қызы Регина да тұрмысқа шыққалы тықылдап жөтеле береді. Қазір ол Мон — Дор суымен емделіп жатыр. Осыдан бір жыл бұрын қасына балаларын ертіп осында келгенде, онсыз да денсаулықтары нашар ұл-қыздары ауырып қала берген соң, бұл жолы үйлеріне қалдырып кеткен. Сөйтіп отбастары жан-жаққа тараған: қасында қызметші әйел бар шеше — курортта, Париждегі зор құрылысқа қайта кірісіп, төрт жүз жұмыскерді қарауына жинап алған, жалқаулар мен қаблетсіздерді бір шыбықпен айдап жүрген ата — қалада, балаларын күтіп-бағуға қалған әке — Ришодьерде. Дюбюш алғашқы айқаста жеңіліске ұшыраған мүгедек секілді осы оңаша жерден баспана тауыпты. Кейде ішкі сырларын ақтарып отыратын Дюбюш әйелінің екінші баласын тапқан кезде өліп қала жаздағаны содан бері дөкір қимыл көрсете бастасаң талып қалатынын айтып, біраздан бері төсек қатынасынан тыйылғаны сөйтіп сондай "қызықтардан" мақұрым екенін емеурінімен танытқаны бар.
— Бақытты некелес екенсіңдер! — деп Сандоз қысқа қайырған.
Бұлар Ришодьерге жетіп, қақпаның қоңырауын қаққанда, сәске түс мезгілі еді. Бұрын жолдары түсіп көрмеген имение — қоныс жайы бірден ұнады. Айнала сыңсыған орман, көз алдында көлбеп жатқан кіріс-шығыс шарбақтары бар, ойлы-қырлы кәдімгі француз бағы; үш үлкен оранжерея — жылы жаппалар; жасанды жартастары бей-берекет үйілген, су құбырлары жүргізілген сарқырама... Бұрынғы қарапайым сылақшы — жұмыскердің осындай сұлулыққа қыруар қаржы жұмсағаны аңғарылады. Бәрінен бұрын осыншама көлемді қоныстың қаңырап бос тұрғаны кісі таңданарлықтай еді. Тырмамен тазалап тастаған жолдарда адам ізі көрінбейді; бірер бағбан аралап жүрген қалың баудың арасындағы есік-терезелері жабық, тым-тырыс, өлі мекенге ұқсаған үй.
Бір кезде алдарынан малай шығып, бұлардың жөнін сұрады. Қонақтар қожайынға келгенін айтқанда, әлгі малай дөрекі дауыспен оның үй артындағы денешынықтыру алаңында жүргенін хабарлады да, дереу бұрылып кетіп қалды.
Сандоз бен Клод аллеялардың біріне түсіп алып, кең көгалды алаңға шыққан. Қызықтың біразы осы жерде екен. Трапеция қасындағы Дюбюш қолын ілгері созып, жасы ондар шамасындағы тырақай арық, сүйектері жіңішке ұлы Гастонды сүйемелдеп тұрды. Бесікте о баста шала туған, жасы алтыға келсе де, өз аяғымен жүре алмайтын қызы Алиса отыр. Әкесі ұлының аяқ-қолын шынықтыру үшін әрлі-берлі тербетіп, турникке асылдырып, тартылуды үйретумен әлек. Бірақ әлсіз бала тез шаршап, терлей бастаған соң, оны дереу түсіріп алып, қалың одеялға орап тастады. Зеңгір аспан астындағы қалың баудың ішіндегі Дюбюштің осы жалғыз-жарым әрекетіне бұлардың жаны ашырлықтай еді. Дюбюш те достарын көріп, бойын тіктеп, қуанып кетті.
— Әй, сендерсіңдер ме? Алдын ала ескертпей, демалыс күні мұнда неғып жүрсіңдер?! — деп қолын сермеп-сермеп жіберді.
Бұдан кейін мұның балаларын күтуші әйелдің Парижге кетіп, өзінің балаларын бағып қалғанын түсіндіре бастады.
— Ал сендер ас ішуге келдіңдер ғой? Солай ма?
Клодтың бұл сөзді жақтырмағанын байқап, Сандоз азар да безер болды.
— Жоқ, ол не дегенің? Біз тек сәлемдесе келдік. Оның үстіне, Клодтың осы жақта бір шаруасы бар екен. Бір кезде бұның Беннекурде тұрғанын білесің ғой... Мен соңына ілескен соң, саған соға кетуді ойладық. Сен әсте қам жеме, бізді күтіп тұрғандар бар.
Мұны естігенде Дюбюштің көңілі жеңілдеп қалды. Дегенмен, қонақжайлығын танытуға тырысты. Ойбай-ау, біздің әлі бір сағат уақытымыз бар емес пе? Ең құрмаса, дұрыстап әңгімелесейік те! Клод Дюбюштің тез қартая бастағанына іштей таңырқап тұрды. Ісіңкілеу бет-жүзін әжім басып, өттей сарғыш тартқан терісінің ар жағынан білеуленген көк тамырлары көрінеді, шашы мен мұрты ағарған. Денесі ауыр тартып, әбден болдырған адамдай, баяу қимылдайды. Сонда байлықтың ауыртпалығы өнер ауыртпалығынан кем болмағаны ма? Даусы, көзқарасы — біржола кіріптарлыққа ұшырап, жеңілген, мансабы мансұққа ұшыраған, кілең кінәраттаудан жасып-жүдеген, талантының аздығына қарамастан мұрагерлік жолмен дәулетке жеткен адамның ұсқынына ұқсар еді. Бәрібір бұл отбасын тонаудан тыйылмаған, өйткені бұрынғыша ас-ауқатқа, киер киімге, күнделікті жүріс-тұрысқа керекті қаражатты қайыршыдай сұрап алуға әбден үйреніп кеткен әрі бұл дағдысынан жуық арада құтылатын түрі жоқ.
— Сендер сол күте тұрыңдаршы, — деп өтінді Дюбюш. — Мен бес минуттей қызымды алдандырып, сосын сендермен бірге қыдыруға шығамын.
Осыны айтып ол ата-анаға тән мейрімділікпен әрі сақтықпен бесікте отырған кішкентай Алисаны көтеріп алып, трапецияның қасына апарды. Содан кейін қызын айналып-толғанып, байқаусызда құлатып алмас үшін қайта-қайта қолымен қалқалап, екі-үш минуттей сәбиді тербетіп тұрды. Егер қызы шыбықтай әлсіз саусағын трапециядан босатып жіберсе, шынында да мүкәмбарасы шығуы мүмкін еді. Көзі бақырайған қызалақ қатты қорыққанына қарамастан, үн-түнсіз, әкесінің дегеніне көніп, жаттығуларын жасай берген. Суықта қатып қалып, бұтадан сырғып түскен торғайдың денесіндей жеп-жеңіл сәбидің өз еркімен тартылып, көтерілуге шамасы жетер емес.
Осы кезде Гастонға көзі түскен Дюбюш баланы ораған одеялдың бір шеті ашылып, оның аяғы шығып қалғанын көрді де:
— Ойбай-ай, мынаған суық тиіп қалатын болды-ау! — деп безектеді. — Ал менің қолым бос емес. Ей, бала! Сен осы қарындасыңды алдандыра бастаған уақытымды аңдисың ба, немене? Күндегі әдетің осы! Сандоз, бауырым, ананың одеялын қымташы. Ой, рахмет! Сол төменірек жап, қорықпа!
Өте сәтті үйленген Дюбюштің көрген күні осындай екен. Енді өз кіндігінен жаратылған мына екі перзентінің нашарлығы соншалық, сол суық жел соқса, шыбындай қылжиып қалуы анық. Қатынға емес, байлыққа үйленген жігітіміздің ақуалы осындай болыпты. Бойында аққан ыстық қаны суық тартып, шілделік пен көкірек ауруы түбіне жетуге айналған ұл мен қызын көргенде, өзінің де тұп-тұқияны осымен тәмамдалатынын ойлайтын шығар. Рас, өзімшіл жуан әке ерекше бала жанды екен. Балаларының өмірін ұзарту үшін күн демей, түн демей арпалысып — алысып, таңертең тірі ұрпағын кешке қарай жоғалтып алудан өлердей қорықса керек. Бүткіл өмірі мағынасыздыққа айналған тұста, қайын атасының у мен зәрге толы сөздерін естуден жалыққанда, бақытсыз қосағымен өткізген бұлыңғыр күндері мен суық түндері есіне түскенде, жанында қалатын жалғыз үміті — екі перзенті емес пе? Содан бар қайратын бойына жинап, бар мейірім-шапағатын жұмсағандағы мақсаты — шала туған екеуді өлтірмес үшін бір ғажайып кереметті күтулі еді.
— Міне, жарығым, бүгінге осы да жетер. Солай ма? Ертең-ақ өсіп, сұп-сұлу қыз болып шыға келерсің!
Осыны айтып, әкесі Алисаны бесігіне апарып отырғызды да, қолына одеялға ораулы Гастонды алды. Қонақтар көмек көрсетуге ұмтылғанда, Дюбюш басын шайқап, бос қолымен бесікті сүйрете жөнелді.
— Рахмет. Мен осылай жүруге үйренгенмін. Менің қарақтарым жеп-жеңіл емес пе? Бірақ бәрібір бұларды мен қызметшілерге сеніп тастап кете алмаймын.
Бәрі үйге кіргенде, Сандоз бен Клод бағанағы дөрекі малайды тағы көрді. Дюбюштің де бұдан сескенетіні байқалды. Асханадағы қызметшілер мен малайлар үлкен қожайынның күйеу баласын жек көретінін жақсы білгендіктен, оның қызы тұрмысқа шыққан әжептәуір еркекке қайыршыдай мүсіркеп қарайды екен. Бұған жуылған таза көйлек әкеліп берсе де, дастарқан үстіне бір түйір нан әкеліп қойса да — дөрекі малай осының бәрі садақа екенін аңғартудан әсте ұялар емес.
— Жарайды, аман бол Біз қайтайық, — деді Сандоз бір кезде. Мұның жүрегі қысыла бастаған еді.
— Жоқ, сәл кідіре тұрсаңдаршы. Балалар тамақтанып болған соң, бәріміз сыртқа бірге шығамыз. Бұлардың да таза ауа жұтып қайтуы керек қой, — деп өтінді Дюбюш.
Сірә бұлардың әp күні кестеге түсіріліп, сағаттар бойынша белгіленіп қойса керек-ті. Таңертең — моншаға түсу, денешынықтыру жаттығулары, содан кейін ұзақ отырып ас ішу; ұзақ отыратын себебі — балаларға арналып пісірілетін ас-ауқаттың мәзірі алдымен жан-жақты талқыдан өтіп, содан кейін өте мұқият, ерекше әдістермен дайындалатын көрінеді. Тіпті суық тиіп қалмас үшін ішіне шарап қосылған таза суды да қайта-қайта жылытады екен. Бұл жолы балалар сары уыз қосылған сорпадан соң әкесі тілімдеп берген бұзау етін жеп отырды. Осыдан кейін түскі демалыс алдында таза ауаға шығып сейілдеп қайтатын дағдылары болса керек.
Тас сарайдан шыққан Сандоз бен Клод ұзын аллеяларды аралап кете барды. Қастарында Алиса мінген қол арбаны сүйреп Дюбюш келеді. Өз аяғымен жүрген Гастон да бар. Дарбазаға қарай аяңдаған достар осынау үлкен қоныс жайында әңгімелей бастаған. Дюбюш болса, өзін осы жердегі бөтен біреудей сезінетіндей, айналадағы қалың баққа жатырқап, өгей кісідей көз тастайды. Оның үстіне, бұл қазір осы үлкен қоныстың тіршілігінен мүлдем хабарсыз екен. Өмірінің ырғағы бұзылып, әрекетсіз қалған жігіт бәрін де, соның ішінде қабілетсіз, дарынсыз деп қайын атасы тарапынан зор айыптар тағылған, әуел бастағы өз мамандығы — сәулет өнерін де ұмыта бастаған сыңайлы еді.
— Әке, шешеңнің жағдайы қалай? — деп сұрады Сандоз.
Мұны естігенде, Дюбюштің өңі жылып қоя берді.
— Олар өте бақытты! Мен оларға жеке үй сатып әпергенмін. Қазір менің некелік шартым бойынша түсетін рентаға тып-тыныш өмір сүріп жатыр. Баяғыда мені оқыту үшін шешем байғұс қаншама ақша жұмсады... Соның қарымын қайтаруым керек емес пе? Меніңше, әке-шешемнің маған ешбір өкпесі жоқ.
Дарбазаның алдына келгенде, көңілі қатты қобалжулы Дюбюш достарымен қоштасып тұрып, Клодтың қолынан ұстап:
— Аман бол Тұйықтан шығуға тырысып бақ. Ал менің өмірім зая кетті, — деді. Соңғы сөзді жай ғана, өкінішсіз айтты.
Бұдан кейін сүйретіп, үйіне қарай бұрылды. Қасында сүрініп-қабынып баласы кетіп барады.
Түс әлетінде қабақтары түсіп әрі қарындары аша бастаған екі дос жылдамдатып Беннекурге беттерін түзеген. Бірақ бұл жерде де бұлардың жолы болмады. Деревняда өлім дауылы тұрып, ерлі-зайыпты Фашерлер мен Пуарет шалды о дүниеге алып кетіпті. Ал ақылсыз Мелидің қолына көшкен кішкентай дәмхананың іші көріксіз, кір, лас болып шықты. Алдарына қойған астан жүректері айныды: құймағына қыл-қыбыр араласса, котлеттері қой сасиды. Сырттағы қоқыс тастайтын шұңқыр жақтан қаптап ұшқан қара шыбын осында еркін кіріп, дастарқан маңында бықып жүрді. Тамыздың қапырық ыстық ауасына қосылған күлді — бадам иіс лап ете қалғанда, кофе ішуге шамасы келмеген екеуі далаға атып шыққан.
— Ал сен Фошер кемпірдің құймағын мақтаушы едің! — деп тыжырынды Сандоз. — Содан түк те қалмапты. Тағы бой жазып қайтамыз ба, қалай?
Клодтың қыдырысқа құлқы жоқ еді. Таңертеңнен бері ол осы ауыр сапарды тезірек аяқтап, Парижге ертерек қайтуды ойлаған. Барлық жан жүрегі, арман — үміті артында қалғандай көрінеді. Енді, міне, айналасына дұрыстап қарамай, алқаптар мен бау-бақшалардың бар-жоғын елеместен, тура тартып келеді. Басы қатып, көз алдында әлденелер елестейді: қалың егіннің арасынан Ситэнің төбесі шошайып, өзіне қарай қол бұлғап шақыратын секілді. Сандоздың сұрағы өткен өмірін есіне түсіргендей, райынан қайтқан сыңай танытты.
— Жарайды, қыдырсақ қыдырайық, — деген.
Содан бұлар биік жағалауға шыққанда, Клодтың мүлдем мазасы кетті. Мұнда бәрі өзгерген. Боньер мен Беннекурдің арасын жалғау үшін көпір салыныпты. Шынжырлары сықырлап, ағын судың бетіне қара көлеңкесін қалдырып сызып бара жататын ескі паромның орнында ебедейсіз дәу көпір тұр. Масқара-ай! Онымен тоқтамай өзеннің төменгі сағасынан, Пор-Вилленің тұсынан тоған көтеріпті, соның салдарынан сұлу аралдардың шеті су астында жоғалып, тарам-тарам жаңа арналар пайда болыпты. Уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай, еркін аралап жүретін ну жыныстар, батпақты сүрлеулер көзден бұлбұл ұшыпты. Бұдан асқан нәубет болар ма?! Бүйткен бүлдіргіш инженерлердің қарасы батсын да!
— Былай қарашы! Суға көмілген жылауық талдардың орнында бұрын Барре аралы бар емес пе еді? Сол жерде біз шалғынға аунап, сайран салып жатпаушы ма едік? Есіңде шығар? Әй, оңбағандар-ай!
Сандоз, әрине, жасыл ағаштарды баудай түсірген отыншыларды көріп, ондай бүлдіргіштерге жұдырық түйіп үлгірген жоқ. Енді табиғатты мүгедек қылған адамдарға сырттай қаны қарайып, ызаға булығып келеді.
Клод бұрынғы тұрған үйінің қазіргі сықпытын көріп, тілі байланғандай тұрып қалды. Тек тісін қышырлата берген. Бұл ғимаратты әлдеқандай буржуаға — сатып жібергенге ұқсайды. Жаңа қожайын бәрін темір қоршаумен бекітіп тастапты. Клод темір қоршауға бетін басып, жан-жаққа көз жіберген. Раушан гүлдер солып, өрік ағаштары қурай бастапты. Енсіз жолдары бар, гүл өсірілген жүйектері мен саммит — жасыл жапырақты ағаштар отырғызылған атыз-тақталарға толы бақтың бейнесі дәл ортадағы бағанда ілулі тұрған дөңгелек айнаға түседі екен. Ал жуық маңда жөндеуден өткен, бұрыш-бұрыштарына сүргіленген тастар қаланған үй мейрам алдында сыланып көшеге шыққан, қолапайсыз провинциялық серіге ұқсап кетеді енді. Осыны көрген Клодтың ит жыны ұстамасы бар ма?! Иә, бұл жерде ештеңе қалмаған — өзінен де, Кристинадан да, екеуінің жастық жалын махаббатынан да із-тұз жоқ. Бәрібір үйді айналып шығып, баяғыда екеуінің ыстық құшағы айқасқан емен тоғайдағы оңаша жасыл бұрышты іздеуге кіріскен. Бірақ іздеп таба алмады.
Сірә жасыл тоғай да, емен ағаштар да әлдеқашан өртеніп, әйтпесе балтаға шабылып, сатылып кеткен болуы керек. Өзге шарасы қалмаған Клод сол арада деревня жаққа қарап жұдырығын түйіп қойды. Бұрынғы басқан жерінің ізін таппай, оны осындай күйге түсіргендерге лағнет айтты. Демек, бір кезде еңбек етіп, ләззат тапқан әйтпесе қасірет шеккен жылы мекенді жойып жіберу үшін әлденеше жыл жетіп жатыр екен-ау. Егер уақыт желі адамның басқан ізін осылай өшіріп кете берсе, алысып-арпалысудың не қажеті бар? Әуел бастан осы жаққа аяқ басқысы келмеп еді, сірә өткен өмірдің, арман-қиялдың құрдымға кетіп, әрбір кездескен құлпытасқа сүрініп жүретін молаға айналатынын сезген болды-ау.
— Бұл жерден тезірек кетуіміз керек! — деп айғай салды Клод. — Жүрегімізді босқа ауыртып қайтеміз? Құрысын бәрі!
Содан екеуі жаңа салынған көпірдің үстіне шыққанда, Сандоз арнасы кеңейген Сенаның суы ернеуіне шейін толып ағып, сұлу салтанатпен ақырын жылжып бара жатқанына назар аударды. Бірақ бүйтіп Клодтың көңілін аулау қиын еді. Оның ойында жалғыз алаң бар: бұл Париждің ортасын жарып ағып, Ситэ жағалауына шейін ұласатын баяғы Сена емес пе? Содан әлденеге көңілі қобалжып, өзен бетіне еңкейіп қарағанда, жойқын ағын теңізге қарай әкетіп бара жатқан Париж құдай анасы ғибадатханасының биік мұнаралары мен Сент-Шепелдің көкке шаншылған төбесін көргендей болды.
Сөйтіп бұлар сағат үштерде жүретін пойызға кешігіп қалған еді. Содан лаж жоқ қалған уақыттарын жастық шақтың ауыр естеліктеріне толы ескі қоныста өткізуге тура келді. Бәлкім, кешеуілдеп қалса, түнгі пойызға шығатындарын үй ішіне ескертісі кеткендері қандай жақсы болған. Содан екеуі Гавр аланындағы асханаға барып, "бойдақ шай" ішіп, аз-кем демалғанды дұрыс көрді. Сағат сегізге шейін дастарқан басында өткен-кеткенді айтып, түнгі пойызды күтіп отырысты.
Теміржол вокзалынан шығып, Париж көшелеріне қайтып түскенде, үйге келгендей Клодтың көңілі жайлана бастады. Бұны күлдірмек болып әлденелерді айтып келе жатқан Сандозды немқұрайды тыңдап, басын изей береді. Ал Сандоз тәтті тағамдар мен ашыған шарапты аузына тосып алдаусырататын нақсүйерін тапқандай, босқа әуреленер еді. Бәрібір досын күлдіре алмаған соң, көп ұзамай өзінің де қабағы түсіп кетті. Осы бір кенеуі кеткен ескі қоныс, әуел бастан бұларға ыстық көрініп, енді ұмытылуға айналған Беннекур, өткен-кеткенді естеріне сақтайтын ештеңенің, ешкімнің қалмауы — мәңгілік туралы үмітіне сызат түсірген. Егер мәңгілік жасайтын табиғаттың өзі осылай тез өзгеретін болса, адамның жат-жады өткен-кеткенді ұзақ мезгіл сақтай алар ма?
— Осының бәрін ойласам, суық терге түсемін, достым! — деп Сандоз сөзін сабақтады. — Келешек ұрпақтар бәрінің кем-кетіксіз әділ бағасын береді дегенге сенімің кәміл ме? Бізді қазіргі қауым мойындамай, тіпті мазақ ете бастаса, келер ғасырлардың әділ бағалайтынына сеніп, өз-өзімізді жұбатады емеспіз бе? Бұл дүниеде азап шегіп, ол дүниеде пейішке баратынына күмәнданбайтын тақуалар секілдіміз. Ал сол тақуалар мен суретшілерге арналып салынған пейіштер болмаса, қайтер едік? Келер ұрпақ өкілдері дәл қазіргілерге ұқсап, нағыз өнер туындыларының орнына жеңіл-желпі жел көбіктерді мақтап, адаспайтынына кім кепілдік береді? Туасы біздің сорымыз қалың екен. Мойнымызға қамытымызды іліп қойып, каторгада жүргендей ауыр бейнет кешеміз. Сонда соның бәрі босқа тер төгу ме? Қазірдің өзінде көк тиынға татымайтын арзан нәрселерді үлгі-өнеге ретінде ұсынып жатады. Білім беру жүйесін қарайықшы. Бәрі бұрмаланып біткен: жағымпаз, икемшіл біреулерді данышпан дәрежесіне көтеріп, ал кедір-бұдыр жерлері көп, бірақ нұсқалы, сезім сырлары мол, сауатты ортада танымал, сіз бен біз сыйлайтын суретшілерді ескерусіз қалдырады. Сірә тоғышарлардың талғамынан шығатын орта қол шығармалар ғана мәңгі жасайтын болар. Әйтеуір әлі піспеген, қорғануға шамасы жетпейтін бастарды осындай былыққа толтырып жатыр. Солай ма? Солай. Осыларды көргенде, қалтырап-дірілдей бастаймын. Егер кейініректе бәрібір мойындалатыныма көзім жетпесе, қайтіп қолыма қалам ұстар едім? Сын-сықпытқа, немқұрайдылыққа қасқайып қарсы тұра алармын ба?
Жазушының сөзін сүлесоқ тыңдаудан танбаған Клод қолын сілтеп:
— Айттың не, айтпадың не, бәрібір! — деп күйінді. — Әйел үшін өзін-өзі өлтіретін есуастармен салыстырғанда да, бізде түк қауқар жоқ! Жер шары қураған жаңғақ секілді әлем кеңістігінде жарылып кеткенде, сіз бен біздің шығармаларымызда тозаңның бір мысқалыңдай салмақ қалмайды...
— Сенікі дұрыс, — деді Сандоз сұрлана түсіп. — Егер түптің түбінде бәрі жоғалып кететін болса, біздің бүгінгі тартқан азап-мехнаттарымызда не мағына бар? Осының бәрін түсінетін секілді-міз, бірақ өзімшіл кеуденің көнгісі келмейді...
Екеуі дәмханадан шығып, недәуір уақыт көше аралап кетті. Балалық шақтың естеліктеріне қайта оралып, мұңға батысты. Түн ортасы ауғанда Сандоз Клодты Турлак көшесіне шейін шығарып салды.
Тамыз айының жайлы түндерінің бірі еді. Аспанда жұлдыздар жымыңдайды. Европа махалласын айналып өткен достар Батиньоль бульварына түскенде, өздеріне көзтаныс "Бөдекен" кафесі тұсынан бір-ақ шықты. Қожайыны үш мәрте ауысқан кафені қазір танып білу де оңай емес екен: сыртын қайта сылап, ішіндегі жиһаздарын ауыстырыпты, он жақ бұрышқа бильярд қойыпты. Келушілер де бұрынғыдай емес, бәрі өзгерген, бәрі жаңарғанға ұқсайды. Өткен-кеткен оқиғалар естеріне түсіп, көңілдері қобалжыған достар бульварды көлденең кесіп өтіп, есігі ашық тұрған кафеге кіріп барған. Содан өздері баяғыда талай отырып, құрапат құрған, залдың сол жақ бұрышындағы таныс үстелді іздеуге кіріскен.
— Әне қарашы! — деді Сандоз аса таңырқаған дауыспен.
— Ганьер ғой... — деп Клод көңілсіз міңгірледі.
Шынында қаңыраған залдың бір бұрышында, бұларға таныс үстелдің қасында жападан-жалғыз Ганьер отыр екен. Бәлкім, бұл бұрынғы әдетімен демалыс күні Меленнен шығып, осындағы концертті көруге келген болар. Содан түн ортасында Парижде қаңғалақтап жүріп, баяғыша "Бодекен" кафесіне бас сұққан ғой. Ескі достардың бірде-біреуі бүгіндері бұл кафеге ат ізін салмайды. Өткен шақтың куәгері ретінде Ганьер байғұс әлі де айналсоқтап жүрсе керек. Алдында тұрған бір саптыаяқ сыраға ернін тигізбестен, қиялға түсіп кеткені соншалық, қасындағы даяшы гарсондардың орындықтарды ығыстырып, еденді жуып-сүрте бастағанын да аңғарар емес.
Екеуі жападан-жалғыз елес қуып есеңгіреп отырған Ганьердің көзіне түспей, тезірек кетуге тырысқан. Турлак көшесіне жеткенде әрең ажырасқан Сандоз:
— Әй, байғұсым-ай! Дюбюш біздің бір күнімізді жеп қойды, — деп өкініш айтты.
Қараша туғанда Сандоз бұрынғы әдетімен өзінің ескі достарын бейсембілікке — үйіне шақырып, бас қосуды ойластыра бастады. Бұл Сандоз үшін ең қуанышты сәттің бірі болатын. Оның үстіне, соңғы кездерде жазушының кітаптары кең тарап, өзі кәдімгідей байи бастаған. Баяғы Батиньолдағы шағын күркеге қарағанда оның Лондон көшесіндегі қазіргі пәтерінің іші дүниеге толып кеткен. Бірақ обалына не керек, оның құлқы-пейілі өзгермеген. Бұл жолы да Клодтың көңілін табу үшін баяғы жас кездеріндей көңілді кеш ұйымдастырмаққа бекінді. Кешке шақырылатын жолдастардың тізімін де өзі жасады. Әрине, Клод пен Кристина, сондай-ақ қазірде заңды некеге тұрған Жори әйелімен, әрдайым жалғыз қыдыруды ұнататын Дюбюш, Фажероль, Магудо, ең арғысы Ганьерді де қоспақшы еді. Бәрін жинағанда оншақты адам, түгел ежелгі таныстары, бөтен ешкім жоқ. Демек араларында бұлардың шырқын бұзып, сынын кетіретін дәнеңе болмауға тиіс.
Күйеуіне қарағанда күдікшілдеу көрінетін Анристта Сандоздың тізіміне қарап тұрып:
— Сен, немене, Фажерольді де шақырмақпысың? — деп сұрады. — Оны оншалық жақсы көрмейтіндер бар. Әсіресе Клодтың іші қатып қалғанын байқамадың ба?
Сандоз әйелінің сөзін бөліп:
— Қатып қалғаны несі? Ол не дегенің?! — деп қарсылық білдірді.
— Әй, әйелдер — ай... еркектердің қалжыңын түсінбейсіңдер ғой. Ондай — мұндайлар еркектердің берік достығына әсте нұқсан келтірмес болар.
Бұл жолы Анриетта дастарқан мәзірін өзі жасауға кірісті. Оның қарауында қазірде әлденеше қызметші бар еді, аспаз да, малай да жеткілікті болатын. Ас-ауқатты өзі дайындамағанмен, күйеуін өлердей сүйетін әйел ерінің ерекше кірпияздығын ескеріп, үстел үстінің жеңсік тағамдарға толып тұруын қатты қадағалар еді. Аспазбен бірге базарға өзі барып аралайтын. Өйткені Сандоз соңғы кездерде шетелдерден келіп жататын жеңсік тағам түрлерін ұнататын болыпты. Бұл жолы да түскі асқа бұзаудың қуырылған құйымшағы қосылған ыстық сорпа мен ақ саңырауқұлақ араласқан балықтың жөн еті, Ресей жақтан алдырылған қарабауыр қасқалдақ, шоколад қосылған салат, тісбасарға — уылдырық пен ащы шабақ, ас сіңіру үшін — бадам қосылған балмұздақ, маржан түсті венгер ірімшігі, әр түрлі жемістер, бәліштер қойылыпты. Ішімдік түрлерінен құтыға құйылған ескі бордо шарабы мен шампанға жалыққандар әуес көріп жүретін қазіргі мозельвейн ашытпасы бар.
Сандоз бен Анриетта сағат жетіден бастап құрметті қонақтарын асыға күтулі еді. Ері әдеттегідей үстіне күртешесін жамыла салса, әйелі әшекейсіз қара атлас көйлегін киіп алған. Ал қонақтар ешбір сән-салтанатсыз, сүртіктерімен сүріне-қабына кіріп келмесі бар ма? Қайта жасақталып, ескі жиһаздар қойылған, кілемдер төселген, әр елдің, әр заманның бұйымдары жиналған үлкен қонақжай бөлме. Сандоз өзінің бұрынғы ескі әдетіне ерік бергенге ұқсайды: баяғыда Батиньолда тегі Руандық гүл құмырасын сатып алып, әйелінің туған күніне тарту еткенін бәрі біледі емес пе? Енді осы екеуі антиквар дүкендерін аралап, сауданың қызығына түсіп жүрсе керек. Сандоз жас күнінде кітаптардан оқыған қиялдарын, тәтті армандарын жүзеге асырумен әлек. Енді, міне, елге белгілі жазушы он бес жасында қолы жетпеген ортағасырлық ескі-құсқылардың ортасында мәз болып отыр. Өзін-өзі ақтау үшін отағасы қазіргі жақсы жиһаздардың өте қымбат екенін, ал ескі дүниелер кейбір арзанқолдылығына қарамастан, үй ішіне ерекше сипат береді деп дәлелдеуге тырысады. Әрине, ол коллекционер емес еді, оған керек-сыртқы көрініс, содан туатын сезім ғана. Шынында екі ескі дельфт шамы қонақжайға жылы, жұмсақ жарығын түсіріп тұр еді. Ал үстелді жапқан алтын түстес зерлі мата, сақиналары сарғая бастаған итальян шкафтары мен әйнекті голланд сөрелері, суреттері оңған шығыс перделері, піл сүйегінен, фаянс, эмальдардан жасалған, бірақ сыры да, сыны да кеткен жылтырақ дүниелер қызғылт — қоңыр түске малынған бөлменің ішінде айқын бөлек көрінеді.
Клод пен Кристина бәрінен бұрын келген. Кристинаның үстіндс әбден тозығы жеткен, үйінде сары майдай сақтап, осындай күндерде ғана киіп шығатын жалғыз қара жібек көйлегі бар. Анриетта екі қолын созып амандасып, оны диванға әкеліп отырғызды. Өзі Кристинаны ерекше жақсы көретін. Енді оның өңі қашып, көзі шүңірейіп кеткенін байқап, бірден сұрақтың астына алсын. Ойбай-ау, не болып қалды? Ауырып жүрген жоқпысың? Олай емес пе? Кристина бәрі дұрыс, бәрі керемет деп жеңсік бермей, өзі ара-тұра жалтақтап Клодқа қарауын қояр емес. Ал Клодтың мазасы кетіп, безгек қысқан адамдай денесі дірілдеп, пәтуасыз бірдемелерді айтады. Бұрын бүйтпеуші еді. Кейде тынышталады да, екі көзі бақырайып айдалаға, алысқа қарайды — сол жақта біреу мұны қол бұлғап шақырып тұрғандай ма, немене?
— Білесің бе, досым? — деп бір кезде Сандозға қарай бұрылды. — Бүгін түнде, сенің романыңды оқып шықтым. Тамаша жазылған! Бұл жолы аналардың аузына құм құятын болыпсың!
Екеуі оты лаулап жанған тас пештің алдында әңгімелесіп отырды. Сандоз жақында ғана жаңа романын жариялап, сыншылар тап-тап бергенмен, жаңа кітап төңірегінде басталған айқай-шу, дұшпандарының қарсылығына қарамастан, авторының атын шығарып жіберген. Бірақ Сандоз мұның ешқайсына алдана қойған жоқ. Өйткені ол осы жолы жеңіске жеткендей көрінгенмен, келесі кітабы басылған кезде күрестің қайта басталатынын білетін. Өмірінің ұлы мұратына айналған романдар сериясы жыл сайын том-том болып басылып жатыр. Демек ол көлденең кедергі, күншілдікті елемей, қажып-талуды білмей, өзі белгілеген мәреге қарай жылжып келеді.
— Иә, рас айтасың, — деп Сандоз көңілдене сөйледі. — Бұл жолы олар берілген секілді. Тіпті бір сыншы өзін-өзі зорлап жазса да, мені жібі түзу адам деп мойындады емес пе? Міне, сөйтті ғой. Бірақ асықпайық, әлі ол шіркіндер есесін қайтарады. Өйткені олардың арасында бас қауашақтары менікіне ұқсай бермейтіндері аз емес, сол себепті ешқашан менің әдеби теорияларымды, тіл ерекшеліктерімді, ортаға орайласып өсіп-өнетін кейіпкерлерімнің бітім-болмысын тұтастай қабылдайтынына сенбеймін. Мен бұл жерде өзіндік түсініктері бар ағайындарды айтайық қалған қу аяқтар мен дарынсыздарға сөз шығындатудың қажеті жоқ... Егер бірдеңе тындырғың келсе, алдын ала атақ пен әділеттілік іздемеу керек екен. Өлгеннен соң ғана бәрімізді толық мойындайды.
Бұл кезде Клод қонақжайдың бір бұрышына көзін қадап алып, қабырғаны тура тесіп өткендей, өзін қол бұлғап шақырған әлденеге үңіле қарап отыр еді. Сәлден кейін санасы тұманданып барып, қайта есін жиғандай болды.
— Иә, сенің өзің туралы пікірің дұрыс, — деді. — Ал мен тіпті өліп қалсам да, артымнан топырақ шашатын шығар. Сенің кітабыңды оқығанда, қалшылдап — дірілдей бастадым. Әсерімді өзіңе жазып жібермекші едім, жаза алмадым. Әйтеуір менің қызғаншақ еместігім жақсы болды, әйтпесе біраз азап шегуім мүмкін еді.
Есік ашылып, әуелі Матильда, артынан Жори кірді. Матильда әбден жасанып киініп алыпты: қамыс түсті жылтыр жібек юбканың үстінде қысқа жеңді ақ барқыт көйлек, құлақта — бриллиант тастар, кеудеде — райхан гүлдерінің шоғыры. Клод әуелі бұл әйелді тіпті танымай да қалды. Бұрынғы аш-арық қараторы қыздың денесі жайылып, толысып кетіпті. Көшеде жүрген қылымсы енді көрнекті буржуа бикешке айналыпты. Баяғыда аузын ашса, опырық тістері көрінер еді, қазір жасанды аппақ тістерін жарқыратып, ернін шүйіре түседі. Жасы қырықтың ортасына барып қалған Матильда бәрібір сыр бермей, орныққан сыпайы әйелдің ролін ойнауға тырысар еді. Әйткенмен, жасы ұлғайып, денесі ауыр тартқан әйелдің қасындағы күйеуі жиен інісіндей балғын көрінеді екен. Бір кездегі дәрі шөптер сататын дүкендегі түрлі иістер денесіне әбден сіңіп кеткен бе, немене, солардан құтылу үшін Матильда үсті-басына мұрын жарарлықтай жұпарларды бұрынғы әдетінше аямай себетіні байқалып тұрды. Бірақ рауғаштың қышқылтым иісі, бадам дәнінін күлімсі иісі, жалбыз жапырағының мүңкімесі оңайлықпен кете қоймайтын болуы керек, әйтеуір Матильда қонақжайға қарай озған тұста аптекке қойылатын мускустың-ұрық безінен жасалатын дәрмектің иіс-қоңысы араласқандай бірдеме желпіп өте шықты.
Матильданы өзі тұрып қарсы алған Анриетта оны Кристинаның қарсы алдына апарып отырғызды.
— Сіздер бір-бірлеріңізді танисыздар ғой? Бұрын осы үйде талай кездестіңіздер емес пе?
Матильда қазіргі күйеуімен ұзақ мерзім некесіз тұрмыс құрған Кристинаның үсті-басына жақтырыңқырамай, суық көз тастап қойды. Өзі осындағы әдеби, көркемөнер ортасына еркін кіргелі бері, әжептеуір өркөкірек болып алған еді. Анристта Матильданы ұнатпайтын, сонда да сыпайылық сақтап, онымен аз-кем амандық-саулық біліскен соң, біржола Кристинаға назар аударып, сонымен сөйлесіп кетті.
Жори болса, Клод пен Сандозға қол беріп амандасқан. Содан кейін тас пештің қасына барып тұрып, өзі басқаратын журналдың бүгінгі санында Сандоздың жаңа романын сынаған мақаланың басылып кеткені үшін кешірім сұрауға кірісті.
— Білесің бе, досым, кейде өз үйіңе өзің қожайындық ете алмайсың... Бәрін қадағалай беруге уақыт жетпейді. Мен тіпті әлгі мақаланы оқыған да жоқ едім. Айтқандарына сенгенмін. Артынан қарасам... масқара... Қатты ашуландым. Не істерімді білмей, сасқанымды көресіңдер-ау!
— Қоя ғой. Солай болуға тиіс еді, — деді Сандоз байсалды дауыспен. — Мені қазір жағалай жауларым мақтай бастағанда, әрине, достарым қаралауға тиіс емес пе?!
Осы кезде есікті ақырын ашып, көлеңкедей баяу жылжып Ганьер кіріп келе жатты. Меленнен жалғыз шыққан беті болса керек — ол ешқашан әйелін қасына ертпейтін. Әрбір бейсембі күні осылай, аяқ киімінің шаңын да сүртпестен, түскі асқа жетіп үлгіретін, содан қалаға түнеместен, кешке қарай қайтып кетер еді. Түр-түсі пәлендей өзгере қоймаған, қайта уақыт өткен сайын жасамыс тартыпты. Шашына қылау түскенмен, пәлендей ағара қоймаған.
— Әй, бері қараңдар! Мынау Ганьердің өзі ғой! — деп Сандоз айқай салды.
Ганьер әйелдер жағымен сәлемдесіп жатқанда, Магудо кіріп келді. Бұның сақал, шашы тұтас ағарып кетіпті, бірақ екі ұрты салбыраған көңілсіз бет әлпетіне баяғыша баладай таңырқап қарайтын көздері көрік беріп тұрды. Қазір табысының молдығына қарамастан, баяғыша қыртысы жазылмайтын шалбар мен сүрттік киеді екен. Өзі жұмыс істейтін қола мүсіндерді сатып күнелтетін қожайыны мұның қолынан шыққан статуэткаларды модаға айналдырып, бүгіндері бай буржуалардың тас пештері мен орындықтары үстінде тұратын қымбат бұйымдар дәрежесіне көтеріпті.
Сандоз бен Клод Магудоның Жори мен Матильдамен қалай ұшырасатынын қызықтап, сырттай қарап тұрды. Бірақ айта қаларлықтай оқиға болған жоқ. Магудо Матильданың қасына барып, құрметпен басын игенде, оның күйеуі сыпайы қалпын өзгертпестен, осымен жиырмасыншы рет өзінің әйелін таныстыра бастады.
— Біздің нақсүйеріміз осы кісі. Ay, бір — біріңіздің қолдарыңызды қыспаушы ма едіңіздер? — деді.
Бұдан кейін Матильда мен Магудо әлдекімнің зорлығына еріксіз көнген сыңаймен өтірік сыпайысып, өзара қол берісіп амандасты. Магудо бірақ бұл арадан тез жылысып кетіп, бұрышта жалғыз тұрған Ганьердің қасына барды да, баяғы өткен-кеткен әңгімелерді айтып, ұятсыз өсек-аяңды гулете бастаған. Анаң қара... Матильда тіс салдырып алыпты ғой! Баяғыда төсекте тістелесіп жатқанда, ондай өткірлері болмағаны қандай жақсы болған, ә?..
Келуге уәде берген Дюбюш әлі көрінген жоқ.
— Біз бүгін тоғызбыз! — деп мәлімдеді Анриетта. — Фажероль таңертең хат жазып жіберген: әлдеқандай ресми кездесуге оның міндетті түрде қатысуы керек екен. Бірақ ол ол жақтан қашып шығып, он бірлер шамасында жетемін депті.
Анриетта осыны айтып үлгіргенше, есік ашылып, поштабай кіріп келді. "Бара алмаймын. Алиса ауырып қалды" деп Дюбюш телеграмма беріпті.
— Онда біздің санымыз сегіз болады да! — деп күрсінді Анриетта. Шақырылған қонақтарының селдіреп бара жатқанына үй иесі әйел, әрине, ренжулі еді.
Асхананың есігін ашқан қызметші дастарқанның даяр екенін хабарлағанда:
— Жарайды, барымыз жиналдық қой. Ал, Клод, сен маған қолыңды бер! — деп Анриетта қайта көңілдене бастады.
Бұдан соң Сандоз Матильдаға қолын беріп, Жори Кристинаны қолтығына алып, арттарынан Магудо мен Ганьер ілескен. Жай ілескен жоқ, "сұлу сылқым дәріханашының тұлыбын толтыру" жөніндегі қисынсыз әзіл-әжуаларын айтып барады.
Күңгірттеу жұмсақ жарық түскен қонақ бөлмесіне қарағанда асхана іші самаладай жарқырап тұр екен. Фаянс тәрелкелер ілінген қабырғалар қара дүрсін суреттер ілінген дүкендерді еске түсіреді. Бір хрусталь, бір күміс шамдал ювелирдің көрмесіне қойғандай жалтырап, көз тартады. Ондаған шырақтары жапырлап жанған люстраның астына қойылған ұзын үстел катафалк — өлік салынатын арбаға ұқсатып әбден жасандырылыпты. Қардай аппақ таза дастарқанның үстіне қаз-қатар қымбат ыдыстар, әшекейлі тәрелкелер, қырлы стакандар, әр түсті құтылар, тіс басар тәтті тағамдар, ең бастысы — дәл ортаға қанқызыл түсті райхан гүлдерге толы кәрзеңкелер қойылған.
Қонақтар мынандай тәртіппен орналасты: Клод пен Магудоның ортасында — Анриетта, ал Сандоздың екі жағына Матильда мен Кристина келіп отырды. Жори мен Ганьер — бір-біріне қарама-қарсы жайғасты. Қызметші келіп, көже құя бастағанда, бір ыңғайсыздау жағдай болды. Әлгінде күйеуінің Сандоздан кешірім сұрағанын естімеген Жори ханым үй иесіне жарамсақтанып:
— Қалай, бүгінгі мақала сізге ұнады ма? Ол мақаланы Эдуардың өзі мұқият қарап шықты ғой! — демесі бар ма?
Жори сасқалақтап қалды.
— Қой, о не дегенің?! Бұл өте жаман мақала... Оны мен жоқта жібергенін білмейтін бе едің? — деді.
Жұрттың үндемей қалғанын көріп, Матильда қателескенін түсінді. Бірақ ол өзін қорғап қалу үшін күйеуіне сестене қарап, бәріне естірте:
— Міне, сен ылғи өстіп өтірік айтасың! — деп жекіре бастады. — Мен сенен естіген сөзімді ғана қайталадым әрі сенің кесіріңнен ақымақ көрінгім келмейді. Білдің бе?!
Дастарқан басындағы бұл оқиға бәрінің шырқын бұзғандай еді. Анриетта қысылғаннан тұздалған шабақ етін мақтай бастағанмен, Кристинадан басқа ешкім оның сөзіне құлақ қоймады. Алдарына қайнатылған бақайшықтар тартылғанда, Жоридің қатты қысыл — ғанын қызықтап отырған Сандоз оған баяғыда Марселде жүріп ішкен астарын есіне түсірмек болды. Ой, шіркін, Марсель қандай қала! Оның аспаздары керемет қой!
Өз ойына шырматылған Клод кенет ұйқысынан оянғандай басын көтеріп, басы жоқ, аяғы жоқ:
— Сонда, немене, шешім шығарылып қойған ба? Ратушаны қайта безендіретін суретшілер кімдер екен? — деп сұрады.
— Әзір ешқандай шешім жоқ, — деп оған Магудо жауап берді. — Бірақ жақында тағайындайтын көрінеді. Әрине, маған ештеңе тимес, ол жақта қолдаушың болмаған соң... Мен түгіл, Фажероль де уайымдап жүр. Сірә ештеңе шығара алмас. Жел басқа жақтан соға бастады емес пе? Ендеше, мың-миллион табыстар көзден бұлбұл ұшады деген сөз ғой.
Магудо осыны айтып, күліп жіберді. Күлкісінде анық табалау сарыны бар еді. Үстелдің арғы шетінде отырған Ганьер де оған қосыла күлді. Сөйтіп екеуі жаңадан аты шыға бастаған озықтардың күйреп жеңілгеніне ерекше қуанып, іштегі шерлерін тарқатқанын жасыра алмады.
Жазмыштан озмыш жоқ екен: бұрын талай ескертілсе де, суреттердің бағасын жөн-жозықсыз көтерудің ақыры осылай опа бермеді. Бағаның құлдырауынан соң есі шығып кеткен биржа саудагерлеріндей әбігерге түскен көркемсурет жанашырлары лездің арасында картиналарды сатып алуды тоқтатты. Осындайда шаруасы шайқала бастаған атақты Нодеге қараудың өзі қызық еді. Әуелгі кезде ол американдық алармандарға арнап бір қулық ойлап тапқан: жұрт біле бермейтін жалғыз картинаны галереяның алыс түкпіріне жасырып қойды да, оның бағасын жариялаудан үзілді-кесілді бас тартты, сондағы айтатыны — ол дүниені сатып алуға ақшасы жетеін бай адам жоқ көрінеді. Ақыр соңында Нью-Иорктен келген шошқа өсіруші біреуге екі жүз, әлде үш жүз мың франкке өткізіп жіберіпті. Ол байғұс биылғы маусымдағы ең қымбат дүниеге қолы жеткеніне мақтанып, еліне қайтқанға ұқсайды. Бірақ мұндай әдіспен елдің бәрін алдай алмайды екенсің! Ноденің табыстарына қарағанда, шығындары көбейе түсіп, ақыр соңында оның бас айналдырарлық айла-тәсілдерінен ештеңе шықпай, табанының асты солқылдап, патша сарайындай салтанатты үйін сот үкімін орындаушылар торуылдай бастаса керек-ті.
— Магудо, ақ саңырауқұлақтардан ауыз тисеңші, — деп өтінді Анриетта оның сөзін бөліп.
Қызметші дастарқанға қуырған балық етін әкеліп қойды. Қонақтар ас ішіп, шарап құтыларын жиі босатып отырғанмен, көңіл-күйлері онша емес еді. Бұлардың үй иелерінің қабақтарына да қарайтын ыңғайлары байқалмады.
Ганьер бір кезде ұйқысынан енді оянған кісідей бәсең дауыспен:
— Фажерольдің шаруасы бітті... Жалпы ол ешқашан шын табысқа жетіп көрген емес, — деді.
Мұны естігенде, бәрі оған қарсы өре түрегелді. Әй, сенікі не сандырақ? Ол жылына жүз мың франкке сауда жасап жүрген жоқ па? Алған медальдарын, ордендерін қайда қоясың? Бірақ Ганьер қырсығып, мұндайлар мұның ішкі сенімін өзгерте алмайтынын сездіргендей, құпия күліп қойды. Содан соң басын шайқап:
— Тоқтаңдар. Ол шіркін ешқашан өнердің негізгі заңдарын білген емес! — деп ернін шүйірді.
Фажерольді өзінің талантты шәкірті санайтын Жориді қорғамақшы болып еді, Анриетта оның аузын ашырмай, асқа шақырды. Қонақтар аз уақыт тынышталып, шыны құтылар мен күміс шанышқылардың сыңғыры естіліп тұрды. Бірақ көп ұзамай үстел басындағы қызу айтыс қайта басталып кетті. "Бұлар неге осыншама өрекпіп, Фажерольге тиседі екен? — деп таңырқайды Сандоз. — Бәріміз бірге бастағандықтан, біреуіміздің жеңісімізге бәріміз бірге қуанбаспыз ба?" Осыдан кейін-ақ оның мәңгілік достық туралы сеніміне жарықшақ түсіп, өз үйінде апта сайын өтіп жататын бейсенбілік кештерінің қуанышы өмірлерінің соңына шейін жалғаса беретініне күмәндана бастады. Жүрегі аздап шаншып кеткендей болды. Сонда да сыр бермей:
— Клод, сен қайда қиялдап кеттің? Алдыңдағы шілдің еті желінбей қалды ғой! — деп күлді.
Өзгелер тағы тынышталуға айналғанда, қиялға батып, өз ойымен айдалаға қарап отырған Клод тәрелкесіне тамақ салып, шұқылап жеуге кірісті. Ал үн-түнсіз мұңға батқан Кристинаның екі көзі күйеуінде. Ал бұл селк етіп, қызметші ұсына берген шілдің бір аяғын алдына әкеліп қойғанда, дастарқан басына тәтті иіс тарап кетті.
— Байқадың ба? Ғажап емес пе? — деп Сандоз риза болып қалды. — Сенің аузыңа бүкіл Ресейдің орман-тоғайы кіріп бара жатыр, әне!
Клод бұған мән бермей:
— Сонымен, муниципалды үйдің ғимаратындағы залды безендіру Фажерольге тапсырылатыны рас па екен? — деп сұрады.
Осыны естісімен-ақ Магудо мсн Ганьер қайтадан гуілдей жөнелді. Егер қулық-сұмдықтың арқасында осы залды безендіру жұмысы Фажерольге тапсырылды ма, онда талай шимай — шатпақтың көкесін көресіңдер. Бір кезде өзін ұлы суретшілер қатарына қосатын досымыз мұндай тапсырыстарды әншейін әуесқой біреулер іздеп жүреді деп менсінбеуші еді. Енді картиналарының саудасы бұзылғалы бері, әкімшіліктерді жағалап, жағына бастапты. Шенеуніктер алдында құлдық ұрып, құрдай жорғалаған өнер адамынан асқан жексұрын бола ма? Топас министрдің талғамына түсіп, кіріптарлыққа ұшыраған өнер-өнер емес, қорлық! Ал анау Фажерольге ұқсағандардың ресми кездесулерде қайдағы бір әкімшілік басшысының яки тағы сондай топастың табанын жалайтыны айдан анық.
— Масқара-ай! — деп күйінді Жори. — Ол сөйтіп бар ісін оңға бастырып жүр. Енді қайтсін... оның қарыз-құрызын сендер төлемейсіңдер ғой!
— Қарыз-құрыз ба? Қарным ашқан кездерде мен де талай қарызға батқанмын! — деп Магудо шіренді. — Онда тұрған не бар екен? Қалтаң көтермесе, ақ сарайдай үй салып, Ирмадай қымбат әйелді алып әлекке түсудің қажеті қанша?
Ганьер осы арада сәуегейсіп, алыстан естілетіндей қарлығыңқы дауыспен:
— Ирманы айтасың. Ей, оны асырап отырған сол әйел ғой! — деді.
Айтыс, әзіл-оспақ сөздер қыза түсті. Енді бәрі Ирманы қақпақылдап әкетті. Манадан сыпайылық сақтап, еркектердің сөзін үнсіз тыңдап отырған Матильданы кенет ашу қысып, аяқ астынан зорлауға ұшыраған бейкүнә жандай қолын сермелеп, ернін тістелеп шыға келген.
— Мырзалар, ей, мырзалар! Біздің бұл отырысымызда ол әйел жайын қозғап қайтесіздер? Құдай үшін, басқа бірдеме айтайықшы! — деп жалынды.
Бұл жолғы кештің бүлінгеніне Анриетта мен Сандоздың көзі жетулі еді. Айтыс-тартыстың қызығына түскен қонақтары не ішіп, не қойғандарына мән беретін емес. Анриетта күлкісін тыймай, ақ көңіл Сандоз жолдастарын тыныштандыру үшін әркімнің кемшіліктен күр емес екенін дәлелдеп баққанмен, ешқайсысы құлақ қояр болмады. Жағымсыз сөз естісе, бір-біріне итше ұмтылудан тыйылмады. Бұрынғы кездесулердегі іш пыстырарлық тыныштық, қалғып-мүлгу, немқұрайдылық байқалмайды. Қазір бәрі құтырып шыға келеді, кит етсең, қауып тастауға әзір. Төбедегі люстра жарқырап жанып, қабырғаға ілінген тәрелкелердің әр алуан әшекейлері құлпырып-ақ тұр, ал дастарқан басы өрт сөндіргендей; бейне бір қара дауыл соғып, екі сағат бойы елдің бәрін шаң-шұң ұрыстырып, ыдыс-аяқты қиратып, ұшырып әкетіп бара жатқанға ұқсайды.
Қонақтарын тәртіпке шақыру мақсатымен Анриетта орнынан тұра бергенде, кенеттен бәрінің шуылдағанын басып, Клодтың жан айқайы естілді.
— Аһ, ратуша, ратуша! Оны маған ұсынуы керек еді. Менің қолымнан келсе... Мен баяғыдан-ақ Париждің қабырғаларын безендіруді армандап жүрмін ғой! — деген.
Бұдан соң бәрі кішкене люстралар мен қабырға шамдары жағылған қонақжайға қайтып оралды. Ішін қапырық басқан асханаға қарағанда мұнда салқындау екен. Меймандар енді кофе ішіп, тыныстап отырды. Фажерольден басқа күтетін ешкімдері жоқ еді. Сандоздың шағын үйірмесінде түсі бөтендер болмайтын. Туасы ерлі-зайыптылар мұнда белгілі әдебиетшілерді шақырып, журналистердің жолын кес-кестеуді әсте ойламайтын. Ешкім он салып, жаңа кітаптарды оқымайды. Анриетта о бастан абыр-дабыр көпшілік ортасын ұната бермейтін. Күйеуінің айтуынша, біреуді ұнатып, оны жанындай жақсы көруі үшін Анриеттаға он жылдай уақыт керек екен. Ал ұнатты бар ма, одан өмір бойы айнымайды. Бұлардың отбасымен араласатын адал достары онша көп емес. Нағыз бақыт пен сирек кездесетін қуаныш та сол деп білер еді.
Сөздері онша жараспағандықтан, өкінішке орай, бүгінгі кештері тым ұзаққа созылып барады. Әйелдер тас пештің маңына жиналып, өсек-аяңды қоздыра түсті. Қонақжайға кірген малай үстелді жинастыра бастағанда, еркектер жағы келесі бөлмеге қарай өтіп, шылым тартып, сыра ішуге кіріскен.
Шылым тартуға әуестігі жоқ Сандоз бен Клод қайтып келіп, есік жанындағы диванға барып қатар отыра кетті. Ескі досының көңілі көтеріліп, сөз тыңдауға қулықты екенін байқаған жазушы Плассен төңірегінен шыққан бір жаңалық жайында тоқталды. Баяғыда мектепте бірге оқыған әлгі жағымсыз, қазіргі белгілі аспаз Пуйо балиғатқа толмаған он екі жастардағы қыздармен "ойнап жатқан" жерінде қолға түсіп, масқара болыпты. Неғылған хайуандық! Бұған Клод жауап берген жоқ. Асхана жақтан естілген дауыстарға құлағын түре қалыпты. Ал ол жақта іштегі шер-шемендерін әлі айтып тауыса алмаған Жори, Магудо, Ганьер үшеуі "төбелесті" қыздыра түскен секілді. Әуелі ақырындап бастағанмен, бірте-бірте дауыстарын көтеріп, айғайлай бастаған.
— Әй, соны қойшы! Соны сендерге бердім! — деп Жори Фажерольді әлі жерлеп отыр. — Бес тиындық құны жоқ неме ғой! Әй, ол сендерді әбден қатырып кетті-ау. Үстеріңнен аттап кете барды да, бірден табысқа жетті. Сендер де оншалық көреген болып шықпадыңдар.
Магудоның қаны қайнап кетсе керек:
— Сайтан алғырлар-ай! Клодты жақтап сөйлесең болды, барлық жерден қуып шығады! — деді.
— Иә, біздің түбімізге жеткен Клод! — деп Ганьер қорытынды жасады.
Енді бұлар әлгінде ғана пресса алдында құрдай жорғалап, жауларымен одақ құрған, алпыс жастағы баронесса қатындармен байланысқан Фажерольді өсектесе, енді соның бәрін жинап қойып, жазықсыз Клодты кінәлауға кірісіпті. Апырмай, ә? Фажероль түптің түбінде көше бойында тоят іздейтін жезөкше әйелдерге ұқсайтын, қалайда буржуа қатарына қосылуды армандайтын, сол үшін әріптестерін талап жеп, сатып жіберуден тайынбайтын көп суретшінің бірі ғана емес пе еді? Ал Клод ше? Клод-жолы болмаған ұлы суретші, қарапайым адамдардың бейнесін шимайлай беруді өзіне ар санайтын намыс иесі — жүзеге аспайтын жоспарларының соңына өзгелерді ертіп, көр қылып па? Солай ғой? Бұның маңынан ертерек кеткендердің жеңіске жеткендері рас. Әрине, олардың қайта бастауға мүмкіндігі болса, құрғақ қиялды қуып, ақымақшылық жасамас еді. Енді келіп өздерін осылай адастырып, қанауға түсірген, не, қанауға түсірген Клодты айыптайды екен. Әрі соның бәрін ебедейсіз, олақ жасағандықтан, өзінің де қу тақырға отырып қалғаны анау!
— Мысалы, мені алайықшы, — деп Магудо сөзін сабақтады. — Бір кезде мен де оған еріп, таза ақымақ болдым. Осы жағдайды ойласам, қазір де жүрегім айниды. Қалайша мен оның торына түсіп жүрдім-мүлдем түсініксіз. Мен тіпті оған ұқсамайды емеспін бе? Ортақтасатын ештеңеміз жоқ. Кешіректеу есімді жиғаным үшін әлі де өкінемін.
— Ол бар ғой... мені ерекшеліктен айырды, — деп Ганьер ананың сөзін тірілте түсті. — Он бес жыл бойы қандай сурет салсам да, ту сыртымда тұрып алған білгіштердің: "Әй, мынауың Клодтың өзі ғой!" деп мазақтағандарын тыңдау маған оңайға түскен жоқ. Енді жетеді, тойдым! Бұдан да жазуды біржола тастағаным жақсы. Әрине, осының бәрін ертерек түсінгенімде, о бастан маңына жуымас едім.
Мұның бәрі суға батып бара жатқан кемеден қашқан тышқандардың әрекетіне ұқсайтыны анық. Жас кездерінде бастары қосылған достардың арасы ажырап, енді бір-бірлерін жат санап, дұшпан көре бастаулары тан қаларлық жағдай еді. Өмір шіркін әрқайсысын әр тарапқа апарып тастап, дүниетанымдарын мүлдем алшақтатып жібергені соншалық, бұрындары бірге жүріп, бірге күресіп, жеңістерге жетпек болған жалынды арман-үміттері біржола желге ұшып, өкініш пен өшігуден басқа ештеңе қалмапты.
— Сонда немене? — деп Жори мысқылдап күліп қойды. — Жалғыз Фажероль ғана бәрімізден ақылды болып шыққаны ма?
Бұл сөз Магудоның қытығына тисе керек:
— Сенің күлетіндей жөнің жоқ! Сенің де жетісіп тұрған жерің шамалы, — деп ашуланды. — Жеке газетке қолың жетсе, бізге көмек көрсетуге уәде бергенің қайда?
— Тоқта, тоқта, мен түсіндірейінші...
Осы арада Ганьер Магудоның жағына шығып:
— Ол рас, — деді. — Енді сен бұрынғыдай біз туралы жазғандарыңды бастықтар қысқартып тастайды деп сылтау айта алмайсың. Өйткені өзің бастықсың. Бірақ біз туралы бір ауыз жылы сөз жазған жоқсың. Тіпті Салонда өткен соңғы көрмеге шолу жасағанда да бізді ұмытып кетіпсің! Бұның қалай?
Жори ұялғансып бірдеңені міңгірлеп отырды да, артынан ажырайып шыға келді.
— Осының бәріне әлгі Клод сорлы кінәлі... Сендерге ұнау үшін менің газетке жазылушылар санын азайтқым келмейді. Білдіңдер ме? Сендерді мақтап жазуға болмайды. Осыны да ұқпаймысыңдар? Сен, Магудро, сүйкімді ойыншықтарды салып, қанша тыраштанғаныңмен, ал сен, Ганьер, ештеңе жазбай қойсаң да, былайғы жұртқа бәрібір, өйткені сендердің жаман атақтарың бар. Ондай атақтан құтылу үшін екеуіңе он жыл уақыт керек шығар. Өле-өлгенше тазара алмайтындар да табылады. Көрермендердің оны мазақ етіп жүргені өздеріңе аян... Ал сендер осы күнге шейін оның данышпандығына сеніп, аспанға көтересіңдер. Сәті түскенде, ол байғұсты жындыханаға апарып тастағанын бір-ақ көресіңдер ғой!
Бұдан кейін адам түсінбейтін дау-дамай басталып кетсін. Үш ноян бір-біріне тап-тап беріп, бір-бірін табан астында жеп қоярдай жағалассын келіп!
Диванның бұрышында жайбарақат отырған Сандоз ашық тұрған есіктің ар жағынан естілген айғай-шуға назар аударуға мәжбүр болды.
— Олар мені қатырып жатыр! — деп қасындағы Клод ыңғайсыздана күліп қойды. — Сен ол жаққа бармай-ақ қой. Олардың ауыздарына қақпақ қойып қайтесің? Керегі жоқ.
Айтқандары дұп-дұрыс. Мен жолым болмаған адаммын.
Өңі қашып, сұрланып кеткен Сандоз әлгілердің тіршілік үшін күресте ашу-ызаға толы сөздері мен өзара кінәласқан кісәпірлігін ести, көре отырып, мәңгілік достық жөніндегі қиялының күлге айналғанын түсінді.
Еркектердің шаң — шұқ шыққан дауыстарын естіген Анриеттаның көңілі алаңытып, олардың қасына барды да, бикештерді тастап, өздері оңашалана қалғаны үшін оларды ұялта бастаған. Содан олар ентіктерін әрең басып, қонақ бөлмеге қайтып келді. Сағатына қараған Анриеттаның енді Фажерольдің мұнда келер-келмесіне күмән білдіргені сол-ақ еді, еркектер жағы тағы гуілдей жөнелді. Е, ол сөйтеді ғой! Әрине, Фажероль өзінің өсуіне кедергі жасайтын пайдасыз ескі достарымен кездесіп қайтсін. Желдің қай жақтан соғып тұрғанын білетін қу емес пе?!
Шынында да бұл жолы Фажерольдің қарасы көрінбеді. Отырыстың әбден берекесі кетуге айналды. Қонақтар асханаға қайтып кіргенде, бұғы аулап жүрген орыстарды бейнелеген қызыл кестелі дастарқан үстіне қойылған шай-сулық сұлу ыдыстар күтіп тұр еді. Тағы да аяқ-табақтар толы тәтті тағамдар, ликер, виски, джин, кюммель, хиоск атанған қыруар арақ-шараптар құйылған қымбат құтылар жарқырап жайған шырақтар арасында көздің жауын алады. Қызметші пунш-жеміс пен шекер қосылып қайнатылған құмыраны ортаға әкеліп қойғанда, үй иесі әйел қасында сақылдап қайнап тұрған самаурыннан құманға шай құя бастаған. Бірақ осыншама қонақжайлық пейіл, жақсы, жайлы үй іші, жұпар шашқан тәтті шай ешкімнің жүрегін жылыта алар емес. Тағы да табысқа жеткендер мен опық жегендер туралы ығыр әңгіме қайта жанданды. Әй, осы марапаттау, әрден, медальдар кімге керек? Лайықты адамдарға берілмегендіктен, соның бәрі өнерді қорлау ғой. Бізді, немене, мектеп оқушылары деп ойлай ма екен? Тәуір баға алу үшін мұғалімдеріне жағынатын шәкірттерге ұқсаған суретшілер, әнеки, түкке татымайтын шимай-шатпақтарын жазып жатыр!
Жігіттер қонақ бөлмесіне қайтып кіргенде, осындай даукестерден тезірек құтылуға асыққан Сандоз өзгелерден оңаша диванның үстіне жайғасып алып, қазіргі музыка жайында бей-жай әңгімелесіп отырған Матильда мен Ганьерді көрді. Бұл кезде өзгелердің де өңештері ауырып, өзеурей беруден аздап тыйылған сыңайы бар еді. Матильда-әбден семіріп кеткен бұрынғы "жүргіш" қыз, айналасына дәріхананың жұпар иісін бұрқыратып, біреу қытығын келтіргендей қылымсып, көзін төнкеріп, ашып-жұмып қояды. Бұл екеуі өткен жексенбі күні цирк үйінде болған концертте кездесе қалған екен, енді, міне, қайдағы бір тұспалды сөздермен сонда алған әсерлерін әңгімелеп отырса керек.
— Ой, мырзам-ай, анау Мейерберді айтсаңшы! Оның жаназа тақырыбына арналған әлгі "Струенсе" увертюрасы бар ғой... Шаруалар биі де тамаша, ерекше шықты емес пе? Артынан тағы да азанамасы естілді. Виолончельдср дуэті қандай! Виоленчельдері жалпы керемет болды ғой!
— Ал Берлиоз ше? "Ромеодағы" салтанатты ария ше? Арфаның сүйемелдеуімен сыңғырлаған кларнеттер үні қандай! Таңғаларлық мөлдір тазалық сол емес пе? Той салтанатының көрінісі – ойбай-ау, бұл нағыз Веронезе ғой! Бұл нағыз "Галилейлік Канндағы үйлену тойының" сән-салтанаты ғой! Ал махаббат әндері керемет, керемет нәзік басталып, артынан аспандап кетті емес пе?!
— Ал сіз, мырзам, Бетховеннің ля мажор симфониясындағы аза қоңырауының қалай соғылғанына назар аудардыңыз ба? Жүректі тітірететін сұмдық дыбыс қой! Иә, сіздің дәл мен секілді қабылдағаныңызға күмәнім жоқ. Жақсы музыка тыңдағанда, дұға оқығандай болады екенсің. Бетховен! Оны екеуара тыңдап отырсаң, жанында қуаныш пен қайғы толып, қай-қайда ұшып кете барасың...
— Ханшам-ау, Шуман мен Вагнерді неге айтпайсың? Шуманның "Қиялы" қалай орындалды? Тек ішекті аспаптар оркестрі... Ал содан акация гүлдерін шомылдырған жылы жаңбыр үні мен жапырақтарды құрғататын күн сәулесі есіп тұрмады ма? Көз жасындай мөлтілдеп ақты емес пе? Ал Вагнер ше? Вагнер керемет қой! Сіз оның "Ұшпалы голландыққа" кіріспе ретінде жазылған увертюрасына қалай қарайсыз? Әрине, ұнатасыз. Мен оны тыңдағанда, бәрін ұмытып, есімнен танып қала жаздаймын. Сұмдық қой, сұмдық!
Бұдан соң екеуі көздерін жұмып, қиялға батып, тым-тырыс отыра берген.
Матильданың бүйтіп аяқ астынан сауатты болып шыға келгеніне Сандоз недәуір таңырқаған. Әлде Жоридің мақалаларын оқып жүр ме екен? Сандоз бұрындары да әйелдердің ештеңе түсінбесе де, музыка жайында әңгімелесуге құмар екенін білетін. Бұл жолы дастарқан басына жиналған достарының мінез-құлықтарына қатты ренжісе, ал мына Матильданың шамасына қарамай білгішсінуі ит жынын келтірді. Қой, құрысын! Осы шыдағаны да жетер! Еркектері неге бір-бірінің етін жеп қоймайды? Мейлі! Бүгінгі отырыстарының шырқы бұзылғаны анық. Ал бірақ енді Бетховен мен Шуманды талқыға салған мына көрі қатынға тозу әсте мүмкін емес еді.
Абырой болғанда, осы жерде Ганьер қайтуға ниет білдірді. Біраз бөсіп отырып, біраз уақытын өлтіріп алған екен, енді Парижден шығатын түнгі пойызға үлгіруі керек екенін айтып, ақтала бастаған. Содан жолдастарымен өте құлықсыз, үнсіз қоштасып, Мелен жақтағы тұрағына қарай жүріп кетті.
— Сорлы! — деп оның артынан күңк етті Магудо. — Музыкаға құмарлық әжептәуір суретшінің түбіне жетті. Енді одан түк шықпайды.
Осыны айтып, Магудо да қайтуға жиналған. Есік жабылысымен, оның артынан Жори мәлімдеме жасады:
— Магудоның ең соңғы пресс-папьесін көргендерін бар ма? Сірә көйлектің ілмегін жасаудан басқа, енді оның қолынан ештеңе келе қоймас. Үнемі ұсақ-түйекпен айналысқан адам ақыр соңында өстіп қор болады екен-ау!
Матильда орнынан көтеріліп, Кристинамен суық қоштасты да, ақ сүйек қауым ортасында қалыптасқан әдетпен Анриеттаға сыпайы ізет білдіріп, күйеуіне қарай бұрылды. Әйелінің қатыңқы қабағын көріп, үйге барған соң бүгін қатты қыспаққа түсетінін күні бұрын сезе қойған ері босағаның алдына барғанда жарамсақтанып, долы қатынын киіндіре бастады.
Қонақтарын әрең шығарып салған Сандоз:
— Біздің жеткен жеріміз осы екен! — деп түңілді. — Тағдырдың ісі шығар: мақалашыл журналист Жори, қоғамдық пікірдің құлына айналған келісімпаз енді өзгелерді жолы болмаған біреулер деп сынап-мінейтін дәрежеге жетіпті. Ал басқаларға баға бергіш Матильда анау!..
Қонақтардан Клод пен Кристина ғана қалған еді. Жұрт тарай бастағаннан-ақ терең креслоға барып жайғасқан Клод ләм-мим деместен, соңғы кездердегі әдетімен мең-зең күйге түсіп, кірпік қақпастан айдалаға қарап отырды. Сәлден соң өзгелер байқамаған бір нәрсені көріп, алыстан әлдеқандай дауыстар естігендей, бет — жүзі құбылып, ілгері қарай ұмсына түскен.
Үй иелеріне рахметін айтқан Кристина орнынан көтерілді. Анриетта оның қолынан ұстап алып, айрықша ықылас-пейілін білдіруде. Егер бірдеңе бола қалса, түк қысылмай, өзіне туған сіңлісіндей жағдайын айтып, жиі қатынап тұруын қайта-қайта өтінуде еді. Үстіне қара көйлек киген сүйкімді, бірақ бақытсыз әйелдің езуінде күлкі ойнап, басын шайқай береді.
Сандоз көз қырымен Клод жаққа қарап қойып, Кристинаның құлағына сыбырлап жатты:
— Сен мені тыңда... Бүйтіп күдер үзудің қажеті жоқ, білдің бе? Анауын бүгін сөзге араласып, көңілді отырды. Демек, бәрі дұрыс болады.
Кристина үрейлене жауап қатты.
— Жо-жоқ, оның көзіне қараңдаршы. Бір түрлі жаман... Мен қайтіп уайымдамайын? Сендер қолдарыңнан келген көмектеріңді аяған жоқсыңдар. Рахмет. Сендердің қолдарыңнан келмесе, басқа қандай шара бар? Ал менің күйіп-піскеннен өзге қауқарым жоқ, — деді де, даусын көтеріп: — Ей, Клод, қайтамысың? — деп сұрады. Бір емес, екі рет сұраған.
Әуелде ештеңе естімеген Клод кенет дір ете қалды да, орнынан әзер тұрып, әлдеқайда алыстан, көкжиектің ар жағынан шыққан дауысқа жауап бергендей:
— Иә, жүреміз! — деп сасқалақтай бастады.
Қонақтары тараған соң айнала жанып тұрған шамдардың қызуымен, әлгіндегі қым-қиғаш айқайдың әсерімен ұйып қалған қапырық ауада екеуден-екеу оңаша қалған Сандоз бен Анриетта бүгінгі кештерінің осыншама сәтсіз өткендеріне өкініп отырды.
— Мен саған алдын ала ескерткен сияқты едім. Бәрі мен ойлағандай болды да шықты, — деп күрсінді Анриетта.
Сандоз қолын көтеріп, әйелінің сөзін бөлді. Сонда қалай? Сеніңше, бала жастан бірге өсіп, мәңгілік өнер жасау жөніндегі ізгі армандарын арқалап шыққан шағын топтың достық арқаулары біржола үзіліп бітті деп ойлайсың ба? Сонда бұлар түкке татымайтын нәсіл болғаны ма? Бұдан өткен соққы жоқ шығар. Әл-дәрмені таусылған жан-жүрегіңді жылататын қорытынды. Сөйтіп, Сандоз осы уақыт ішінде жол-жөнекей жоғалтқан достарын, сырттап кеткен жақындарын еске түсіріп, жалпы адамдардың өзгергіш, құбылмалы екеніне, солардың арасында өзінің де бар екеніне қолын қойған. Қаралы естеліктердің жиынтығына айналған бейсембілік кештерден де мағына кетіпті. Бір заманда өзіңе сүйкімді көрінген ұғымдардың жоғалғанына куәлік беруде не опа бар? Сонда бұл да әйелі екеуі қатыгездік жайлаған қоғамда өмір кеше бермек пе? Әлде ештеңеге жаны ашымайтын жаңа таныстарға есіктерін ашып қоймақ па? Қанша қайғырып, қапаға түскеніңмен, өмірдің бұлжымас заңдарынан аттап өте алмайды екенсің: әр нәрсенің аяғы бар, ал басынан қайта басталатын құбылыс жоқ!
Осындай ап-айқын тұжырымға келген Сандоз:
— Сенікі дұрыс... Оларды қайтып үйге шақырмаймыз. Әйтпесе бір-бірін жеп қоюы мүмкін, — деді.
Трините алаңына келіп шыққанда, Клод Кристинаның қолтығындағы қолын босатып алды да, өзінің бір шаруасы бар екенін сылтау етіп, одан үйге жалғыз қайта беруін өтінген. Осыны айтқанда күйеуінің қалшылдап, дірілдеп тұрғанын көріп, Кристина қатты қорықты әрі таңырқады. Түн ортасы ауып кеткенде, ол неғылған тығыз шаруа? Қайда бармақ? Кімге бармақ?
Клод жылыстап кетуге айналғанда, артынан Кристина қуып жетті. Содан мынадай жеті түнде жалғыз қайтуға қорқатынын айтып, Монмартр маңында қалдырып кетпей, үйге жеткізіп салуын өлердей өтінді. Клод мұндай дәлелге құлақ асқандай көрінді. Әйелінің қолтығынан ұстап, Бланш пен Лепик көшесіне қарай бұрылды. Содан Турлак көшесіндегі үйінің алдына келіп, есіктің қоңырауын қағып тұрды да:
— Міне, үй. Енді қорықпайсың ғой? Ал мен өз шаруаммен кетемін, — деді.
Деді де, жын қаққан адамдай қолдарын әрлі-берлі сермеп, жүгіре жөнелді.
Қоңырау соғылғаннан кейін ашылған есікті қайта жауып үлгірмеген Кристина Клодтың соңына түсіп, оны Лепик көшесіне барған жерінен әзер қуып жетті. Күйеуін бұрынғыдан жаман қоздырып жібермес үшін қасына бармай, артынан ақырын ілесіп отырғанды жөн санаған. Клод Лепик көшесін кесіп өтіп, Бланш көшесінен бір-ақ шықты. Одан әрі қарқынын бәсеңдетпестен, Шоссе-д' Антен даңғылымен Төртінші сентябрь көшесіне түсіп, Ришельге барып тоқтады. Осы арада Кристинаның көңілін үрей жайлап алды, өйткені анау тура Сенаға қарай туралап тартты. Міне, осындай бір сұмдықтың болатынын ойлап, Кристина соңғы кездерде түнімен көз шырымын алмаушы еді. Құдай-ау, енді не істеуі керек? Өзен жағалауында қуып жетіп, мойнына асыла түсер ме, қайтпек? Содан, лаж жоқ, ілгері қарай ұмтылған. Жағалауға жақындаған сайын әл-дәрмені кетіп, аяқтары аяғына соғылып келеді. Иә, Клод тура тартып барады. Француз театрлары алаңынан, Әткеншектер алаңынан өтіп, Әулие әкелер көпіріне шығуға айналды. Содан сәл жүріп, көпірдің жақтауына сүйеніп тұрды да, төмендегі суға қарап, кідіріп қалды. Енді қас қағымнан соң өзенге гүмп етіп қойып кетердей көрінді... Қатты айғайлап жібермек еді, бірақ Кристинаның тамағы кеуіп, даусы шықпады.
Бірақ Клод орнынан қозғалған жоқ. Демек, Париждің жүрегі саналатын Ситэ оны қол бұлғап шақырып жүрген елес болғаны ғой. Қайда барса да Ситэ оның қасынан қалмас еді, тіпті көзі талып қараған кездерінде қабырғаның ар жағынан соның көлеңкесін көретін, қаншама алыста жүргенмен, Ситэнің айғайлап шақырған даусын еститін. Қатты қобалжудан басының әңкі-тәңкісі шыққан Кристина жүрегін әзер басып, күйеуінің қасына жақындады. Мұны көрсе, анау бірден құрдымға қарай секіріп кететіндей зәресі ұшты. Апырмай! Ана жүрегінің махаббатына толған кеудесі шер-шеменге толып, қападан қан жұтып тұрып, осындай сұмдықты көру қандай қиын еді. Оның үстіне, қайтіп қол ұшын беруді білмегенің жаман екен.
Ал бойы ерекше ұзарып кеткен Клод қара түнді жамылып, мелшиіп үнсіз тұр.
Қысқы түн суық, ызғарлы еді, батыстан өкпек жел соғады. Аспанды көмірдің ысындай қара бұлт басқан. Париж қалың ұйқы құшағында. Тек газ шамдардан шашыраған дөңгелек жарықтар бірте-бірте кішірейіп, алыстан қарағанда жұлдыз шоқтарына ұқсап бұлдырай бастапты. Клодтың алдында ақшыл-көк түсті фонарлар қатарымен әдіптелген ұзын арна жатыр. Сол жақта Дувр жағалауындағы үйлер, он жақта Институттың екі қанаттағы қабырғалары, одан әріде анда-санда жарық ұшқындары тесіп өтетін қараңғылыққа оранып, көсіліп-көлбеген ежелгі ғимараттар мен зор құрылыстардың сұлбасы көрінеді. Одан әріде от жолақтардың арасын қосқан көпірлерден су бетіне түскен сәулелер балық қабыршақтарына ұқсап құбылып, жіңішке жылтырақ сымдардан тоқылған өрмектер әуеде ілініп тұрғандай әсер етеді. Ал ағыны қатты Сена түнгі қаланың барлық сұлулығын жинап алғандай — жақын маңдағы газ бәрі су бетіне құйрықты жұлдыздай шұбатылған ұзын сәулелерін түсіріп тұрды. Жағалауда жанған оттар бір-біріне қосылып, көмір қозасындай қызарып, арнаны кернеп бара жатса, бірте-бірте ұзаған сайын, көпірлер астына жеткен тұста, кішкентай жарық нүктелерге айналып кетеді. Лапылдаған ұзын от құйрықтар бауырларын жалтыратып ағынның ыңғайымен жалпақ өзенге жарық түскендіктен, оның айдыны қызғылтым шыны реңкіне боялып, терең тұңғиықтарда әлдеқандай ғажайып ойын-сауық қыза түсіп, әлдекімдер асыр салып билеп жатқандай еді. Ал осы отқа оранған өзен мен жұлдыздар шашыраған жағалаудың үстіндегі түнек аспанға фосфордай жарқыраған қызыл күрең булар көтеріліп, түнгі ұйқыдағы қаланың төбесінде жанар таулар жарығы шатыр құрып тастағандай көрінеді.
Жел үдей түскен. Қалшылдап тоңа бастаған Кристинаның көзіне жас толып кетті. Табан астындағы көпір ауыр жылжып, көкжиекке қарай жүзіп бара жатқандай еді. Мына Клодтың не ойы бар екен? Аяғын жақтаудан асырып, оқыс қимыл жасаған жоқ па? Жоқ, олай емес секілді. Клод манағы орнында қимылсыз қалшиып тұр. Екі көзі бәрібір түнде көрінуі мүмкін емес Ситэ жағында...
Клод шынында да мұнда Ситэнің шақыруымен келген еді. Бірақ түн-түнекте ештеңені анық ажыратып болар емес. Бұл тек жарық кернеген өзеннің үстінде иілген көпірлердің сұлбасын көріп тұрды. Алыстың бәрі көмескі — күңгірт тартып, бұл іздеген арал да құр-дымға батып кеткен. Егер әлдеқалай кешігіп жүрген фиакрлар қолдарына қозасы өше бастаған алауларын ұстап алып, Жаңа көпірдің үстінен жүгіріп өтіп бара жатқандарын кермесе, Клод, бәлкім, өзінің қайда, қай жерде екенін де білмес еді. Ақша сарайының маңындағы қызыл шамнан су бетіне қан қызыл өрмектер шашырап тұрды. Құрықтан босаған алыптай қорқынышты дәу баржа ақырын жылжып барады; жарық түскен жерде көрініп, көлеңкеге барса, көзден ғайып болады. Сонда ана бір ғажайып арал қайда? Әлде осы от оранған толқындарға батып кеткен бе? Тулаған толқынның түнгі сарынына құлағын тосып, ұзақ қарады, ұзақ іздеді. Салқын лебі жоғары қарай көтеріліп, құпия сәулелері ойнақ салған өзенге үңіле қарап тұрып та іздеген. Сонда тулаған толқынның тынымсыз сарыны жанына жағып, ажалдай үмітсіз, белгісіз бір шақыруларды естігендей болды.
Өз жүрегінің дір-дір еткен бұлқынысын тыңдаған Кристина Клодтың жаман ойы барын бірден сезе қойған еді. Содан бетке соққан желмен арпалысып жүріп, күйеуіне көмек қолын созып, тұра ұмтылған. Бірақ тәтті өлімді аңсаған Клод ештеңені байқар емес. Бұдан кейін де ол бір сағат бойы қимыл-қыбырсыз, бәрін ұмытқан адамдай, Ситэ жаққа қарай көзін қадап тұра берген. Сол жақта әлдеқандай керемет шырақ жанып, қаланың ба, әлде басқа бірдеңенің бе, бейнесін қайта тірілтетіндей көреді.
Әбден есеңгіреп қалған Клод теңселіп жүріп, көпірден төмен қарай түскен кезде, есі шыққан Кристина Турлак көшесіне одан бұрын жету үшін ентігіп жүгіре жөнелді.
XII
Қарашаның бұл түнінде бұлардың үй іші шеберхана бөлмесін солтүстіктің ызғарлы суық желі еркін кезіп жүрді. Таңғы үштер шамасында екеуі төсекке барып құлаған. Күйеуін сырттай аңдып, артынан осында одан бұрынырақ келгенін жасыру үшін Кристина бірден көрпенін астына кіріп кетсе, әбден қалжыраған Клод үн-түнсіз ақырын шешіне бастады. Бірнеше айдан бері төсектерінен жылу қашып, тән жақындықтарын да ұмытқалы қашан: бір-біріне мүлдем бөтен адамдай теріс қарап жату әдеттеріне айналған. Бар еркектік күш-қуатын өнер жолында сарп ету үшін Клод ойлап тапқан, екеуі ерікті түрде келіскен осы теориясымаққа бойын құмарлық қысып, азап шеккен Кристинаның да сыр бермей мойын-сұнған сынайы бар. Бірақ Кристина дәл бүгінгі түнге шейін екеуінің арасындағы осыншама алшақтықты, суықтықты сезіп көрген емес еді. Енді бұдан былай ешкім, ештеңе бұлардың көңілін жібітіп, құшақтарын айқастыра алмайтын шығар.
Жарты сағат бойы ұйқы қысқан Кристина дөңбекшумен болды. Қаншама әлі кетіп, шаршағанмен, Клодты жалғыз қалдыруға қорықты. Күндегі әдеті осы: күйеуі қалың ұйқыға кірген соң ғана, өзі кірпігін жабатын. Бұл жолы Клод шамды сөндірмей, соның жарығына тесіле қарап, жатты да қойды. Мұны қинаған қандай ойлар екенін білуге болар ма еді? Бұл әлі де ылғалды ауасын жұтқан жағалаудан, қараңғы түн құшағынан шыға алмай, отқа оранған Парижді, жұлдызды аспанды көңілімен шарлап жүр ме? Мұның бет-жүзін өзгертіп жіберген неғылған нәрсе — өз-өзімен айтыстырып қойған, шешуі табылмаған қандай түйін, қандай түйткіл? Бәрібір Кристинаны бірте-бірте ұйқы жеңіп, қараңғы тұңғиыққа батып бара жатты.
Осыдан соң бір сағаттай уақыт өткенде Кристина кенет шошып оянды. Әлдене сұмдықты сезгендей, денесі қалтырай береді. Қарманып, қасындағы суып қалған жайманы сипалай бастаған: Клод орнында жоқ болып шықты. Жаңа ғана көрген жаман түсінің жорасы осы екен ғой! Әлі ұйқысын толық аша алмай, басын біреу балғамен соғып жатқандай шайқалақтап, жартылай ашық тұрған есіктің ар жағынан түскен жарықты көріп қана әзер есін жиған. Ұйқысы қашқан Клод шеберханаға кіріп, кітап оқып отыр екен ғой деп ойлаған. Бірақ анау ұзақтау кідіріп қалған соң, ақырын орнынан тұрып, солай қарай бет алды. Барды да, көргеніне көзі сенбей, тас еденнің үстінде аузы аңқайып, жалаң аяқ, жалаң бас күйі қозғалмай қатты да қалды.
Шеберхана ішінің суықтығына қарамастан, шалбары мен аяқ киімін қалай болса солай киіп алған, кеудесінде жұқа көйлектен басқа түгі жоқ Клод сатыға шығып, картинасымен тура бетпе-бет тұр екен. Бояу тақтайы аяғының астында жатыр. Шырақты бір қолымен көтеріп, екінші қолындағы қылқаламмен жазуға кіріскен. Есуас адамдай көзі ұясынан шығып кетіпті, бірақ қимылы ширақ, дәл минут сайын еңкейіп, қылқаламын бояуға малып, кайта бойын жазғанда, қабырғаға қалбаңдаған зор көлеңкесі түседі. Демін ішіне тартып алып, үйреншікті дағдысымен жедел қозғалады. Даңғыраған үлкен қара күңгірт бөлмеге үрейлі тыныштық орнаған.
Кристина бәрін түсінді. Түсінгендіктен, тағы да мазасы кетті. Мұны тағы шайтан айналдыра бастаған екен. Әулие әкелер көпірінің үстінде өткізген бір сағаты мұны ұйқыдан бездіріп, шеберханада тұрған картинасының алдына сүйреп әкелгені анық болды. Түннің беймезгіл уақытысында мұны ағаш сатыға шығарып, жансыз суретке телміртіп қаратып қойған да сол тылсым күш. Содан картинадағы әлдеқандай кем-кетікті байқап қалған да, таңның атуын күтпестен, дереу қылқаламға жармасқан. Түзей — түзей қыза түскен, бірте-бірте қолындағы сиқырлы шамның жарығына елтіп, елес қуып кеткен, жаза берген, жаза берген. Тұла бойын жанкешті шабыт сезімі кернеп, ештемені аңғармаған, уақытпен санаспаған. Дәл бүгін, дәл қазір іштен шыққан шығармасына жан бітіруі керек!
Кристинаның көкірегі қасіретке толып, көзі жасқа тұнып, Клодқа ерекше жанашырлық сезіммен қарай береді. Алғашқыда шалыққа ұшыраған есуастың әрекетін көргендей, оған кедергі жасамауға бекінген. Бұл картинаны бұның ешқашан жазып бітіре алмайтыны ақиқат еді. Суретші қайта жөндеп, қапылыққа түскен сайын картинаның түсі күңгірт тартып, қалың жағылған бояу бұлдырап, тұрпайылана берген. Тіпті жалпы көрінісі, бір кезде сенімді қолдан шыққан су айлағындағы жүк көтерген жұмыскерлер бейнесі де әбден бүлінді. Осыған қарамастан, Клод қалайда картинасын тұтас аяқтап шығуға кіріскенге ұқсайды. Бірақ ортадағы жалаңаш әйел бейнесін — құмарлыққа шақырып, ындынын құртқан тән сұлулығын көрсете алмаса, өзінің де өмірінде мағына қалмағанын түсіну қорқынышты еді. Соңғы бірнеше айдан бері картинаға жоламай жүргені сол себептен. Кристина да осыны малданып, көңілі орнына түскендей, күйеуін сол жалаңаш әйелден қызғануды тоқтатып, әбден кешірімшіл болған секілді еді. Ал енді бұл сол сұмдық арбағыш сұлуына қайтып оралса, иесіз қалғандай болмағанда қайтеді?
Тас еденнің үстінде тұрып аяғы қатып қалған Кристина жатын бөлмесіне қайтуды ойлаған бойда жүрегі су ете түскен. Әуелде мұның не екенін түсінбей, артынан есін жиып алды. Сөйтсе, Клод қылқаламын әрлі-берлі сермеп, аузының суы ағып, әлгі жалаңаш суреттің буылтық-буылтық жерлерін үйкелей бастаған екен. Қолына тамып, терісін күйдіріп тұрған шырағданның балауыз майын елеместен, езуінде күлкі ойнап, жалаңаш тәнді қылқаламмен құмарлана езгілеп жатыр, езгілеп жатыр. Қабырғада қалбаңдаған көлеңкелер бір-бірімен айқасып, қызық, тұрпайы әрекетке кірісіп кеткендей көрінеді. Клод өзінің Жалаңаш әйел бейнесін жасау үстінде еді.
Кристина есікті айқара ашып тастап, ілгері ұмтылды. Бұдан әрі өз үйінде отырып осындай соққыға ұшыраған, азғантай ғана көзі ілініп кеткен кезде алдауға түскен әйелдің қызғанышы шыдатпай, шеберханадан бір-ақ шыққан. Иә, Клод қазірде бәрін ұмытқан, ол өзге бөтен әйелдің бұтын, ішін салып, қиял қуған есуастай бәрін әсерлеп, әрлеуге кірісіпті: алтындай жалтыраған аяқтар шіркеу алтарының — мехрабының бағандарына ұқсаса, әйелдің іші шындықтан алшақтап, жұлдыздары шашыраған керемет бірдеңеге айналыпты. Ештемеге ұқсамайтын осы жалаңаш бейне әр түрлі маржан тастармен әшекейленген, әлдеқандай діни ғұрыптарды өткізуге арналған киелі ыдысқа келіңкірейтін еді. Мұны көрген Кристина біржола күйіп кетті. Мұндай опасыздыққа шыдауға бұдан әрі шамасы келмейтінін түсінді.
Бірақ артынша кеудесін кернеген ашу-ызасы жалынышқа айналып жүре берді. Есі ауыса бастаған ұлы суретшіні тентектік жасаған ұлындай ұрсып:
— Клод! Әй, Клод, сен не істеп тұрсың? Таста бәрін! Сатыдан түсіп, орнына бар! Демал. Әйтпесе жаман болады! — деген.
Күйеуі оған құлақ аспастан, еңкейіп, қылқаламын бояуға малып алды. Содан әйелдің бұтының арасын бірер мәрте сүйкеп өтіп еді, жарқырап шыға келді...
— Клод, тыңдасаңшы, өтініп сұраймын... Жүр, кеттік бұл жерден. Сені қалай сүйетінімді білесің. Сондықтан уайымдаймын. Сені күте — күте, суыққа қатып өлсін демесең, жүрші, жаным!
Клодтың көзі бұлдырап, назар тоқтатпастан, әйелдің кіндігіне жылтырақ шымқай қызыл бояуды жағып тұрып:
— Кетші әрі! Бар. Менің жұмыс істеуім керек, — деп күңк етті. Кристинаның тілі байланып қалғандай еді. Содан бойын тіктеп алды да, қанша нәзік болғанмен, мұншама қорлыққа шыдамай:
— Ә, солай ма?! Ал мен ешқайда кетпеймін. Сонда не істейсің маған? Жетер! — деді жұлқынып. — Ендеше, айтарымды айтып өлейін. Сенімен кездескелі бері көрмеген құқайым бар ма менің? О, осы живопись... сенің живописің! Менің өмірімді улаған да осы пәле емес пе? Әуел баста өзіңмен кездескен кезде-ақ осындай бірдеңенің боларын сезген едім. Бірден осы живопись деген құбыжығыңнан өлердей қорыққанмын, жек көргенмін. Әй, бірақ әйелдік осалдығыма бағып, өзіңді шын сүйген соң, сенің өнеріңді де жатсынбауға тырысып, осындай қылмыскерді үйімізге кіргізіп жіберген едік. Ал соның ақыры не болды? Қаншама қасірет шектім! Он жылдан бері әр күнім жылаумен өтіпті. Жоқ, сөзімді бөлме! Ең құрмаса бір рет ішімді ақтарып айтуға мүмкіндік бер. Он жыл бойы жалғыздықтың, жатырқаудың тақсіретін тартып келемін. Осы уақыттың ішінде әбден қадірімді кетіріп, мені бірте-бірте кері итеріп, қызметші әйел дәрежесіне жеткізгеніңді сезіп — білу, оның есесіне мына бір сайқалдың екеуміздің арамызға кесе көлденең тұрып алып, сені соңынан ертіп әкетуі, сөйтіп мені мазақ қылуын көру оңай деймісің?! Жалтармай-ақ қой: бұл сайқал сенің жаныңды, тәніңді, ақыл-ойыңды бөлшектеп бөліп алған! Сенің ішіңе дендеп кіріп алып, жеп жатыр, жеп жатыр. Немене, ол сенің некелі әйелің бе еді? Төсегіңде де сонымен бірге ұйықтайсың. Ой, қарғыс атқыр қаншық!
Әлі шабыттың шалығынан шығып үлгірмеген суретші осыншама ашу-ызаның төркінін түсінбегенмен, үн-түнсіз тыңдай берген. Кристина күйеуінің қылмыс үстінде ұсталған кісідей дірілдей бастағанын байқап, бұрынғыдан жаман екпіндеп, ағаш сатының үстіне шықты да, оның қолындағы шырақты жұлып алды. Содан соң картинаға әрлі-берлі жарық түсіріп:
— Мұнда қара! Өзіңнің сиқыңды таны! — деді. — Түкке татымайтын сұмпайы, аянышты, күлкілі нәрсе! Осындай тұрпайылықпен айналысу таза ақымақшылық емес пе? Әрине, солай. Неге жеңілгеніңді мойындамайсың? Менің жыным келетіні... осында түйір мағына жоқ қой! Сен ұлы суретші болмай-ақ қой. Бірақ бірге өмір сүруіміз керек емес пе? Өмір, өмір...
Кристина осыны айтып, шырағданды былай қойған кезде Клод теңселіп барып, сатының төменгі баспалдағына гүрс етіп отыра кеткен. Кристина сатыдан қарғып түсіп, күйеуінің салбыраған сұп-суық қолынан ұстап, қарсы алдына тізесін бүкті.
— Ойлансаңшы, Клод, өмір өтіп кеткен жоқ қой, — деп Кристина сөзін сабақтады. — Есіңді жи. Сілкін. Елестерден құтыл сонда бірге өмір сүреміз. Дүниеде екеуден екеу қалып, босқа қартаю, бір-бірін азапқа салу, сөйтіп бақыттан құр қалу нағыз есуастық емес пе? Онсыз да қара жер құшағын ашып, ертерек келіңдер деп күтіп жатқан шығар. Ендеше бір-бірімізді жылытып, сыйлап, сүйіп өтейік те. Беннекурде өткен күндер есіңде ме? Менің де сондай бір тәтті арманым бар. Құрысын, бұл жерден тезірек кетейікші. Қарғыс атқыр Парижден алысыраққа кетейік. Бір оңаша тыныш мекенді тауып алайық та, бір-бірімізді ыстық пейілімізбен жылытып, балдай тәтті өмір сүре берейік... Түске шейін жайлы төсекте керіліп-созылып жатамыз да, сонсоң күншуаққа емін-еркін қыдырысқа шығамыз. Буы бұрқыраған таңғы ас қандай! Түстен кейінгі бейғам тіршілік қандай! Кешқұрым шамның жарығында күңкілдесіп отырамыз... Ешқандай уайымсыз, ләззатқа толы өмір. Сені шын сүйетіндігім, тіпті сенің малайың болуға да әзір екенім, әйтеуір сенің жағдайыңды жасауды ойлайтыным — еш нәрсеге татымай ма? Рас, сені сүйемін, сүйемін... Басқада шаруам жоқ. Осының өзі жеткілікті емес пе? Бірдеңе айтсаңшы!
Клод қолын босатып алды да, қабағын түйіп:
— Иә, жеткіліксіз... Менің сенімен бірге бір жаққа кетіп, бақытты болғым келмейді. Менің тек жазуым керек! — деді.
— ...Сонда сен осы сурет жолында өміріңді өксітіп, мен де босқа өлуім керек екен ғой? Солай ма? Көздің жасын тауысып, қасықтай қанымыз қалғанша... Солай ма? Сенің жаныңда қазір Өнер деген құдірет, қатыгез құдай ма, сондай бірдеме бар, сен соған бас ұрасың. Ал ол біздің күл талқанымызды шығарады... құртады... Сен бәрібір оған рахмет айтасың. Солай ма?
— Мейлі, құрта берсін. Еркі өзінде. Ал мен сурет салмасам, өмір сүре алмаймын. Жұмыс үстінде өлгенімнің өзі жақсы. Айтпақшы, менің қалауымда тұрған дәнеңе жоқ, бәрібір бұлжымайтын қағида осындай. Өнерден сырт қалған өмірге пысқырғаным бар ма? Дүние асты-үстіне төңкеріліп түссе де!
Мұны естігенде, Кристина бойын тіктеп алды. Даусы ашулы, зілді шықты.
— Бірақ мен тірімін ғой! Ал сен сүйетін әйелдің, бәрінің жаны жоқ, өлі емес пе? Несіне қарсыласасың, сен суретін салған әйелдеріңе ғашықсың. Мен мұны саған тимес бұрын да сезгенмін. Ол үшін сенің суреттегі жалаңаш денелерді сипалап, сағаттар бойы соларды көзіңмен жеп тұрғаныңды көру жеткілікті еді. Жас жігіттің жансыз бейнеге осыншама ындыны құруы — ақымақшылық па, әлде кесел ме? Қиялдағы елесті құшақтап, құмарлық отына түсуге бола ма екен? Әрине, сен мұның жайшылық емес, кесел екенін білдің, бірақ жасырып келдің. Кейін маған ғашық болып, есіңді жиған кездеріңде өзің суретін салған қатындарға көңілің кеткенін айтып, күліп отыратынсың. Менің құшағымда жатып та жасыңнан елес қуып, елірген күндеріңді есіңе түсіретінсің. Бірақ бұл ұзаққа созылмады, көп ұзамай сол елестеріңе қайтып оралдың. Саған тағы мен, тірі әйел керек болмай қалды, ал аналар, қиялдағы бейнелер өміріңнің мән-мағынасына айналды. Сонда менің қандай азапқа түскенімді көргің келмеді, өйткені сен әйел жанын түсінбейсің. Әйтпесе қасыңдағы қатыныңның көңіл ауанын байқар едің ғой! Рас, мені қызғаныш іштей кеміріп жатты. Содан сенің қалауыңмен тыр жалаңаш шешініп, өз суретімді салдыра бастағанымда, бір нәрседен үміт еттім... Сені әлгі сайқалдардан арашалап алармын деп ойладым. Оным бекершілік екен. Тіпті тура алдыңа жалаңаш тұрған кезімде еміреніп бір мәрте сүймедің — ау! Мені жатыңдай жатырқай бастағаныңды сезіп, қаншама ұйқысыз, күлкісіз түндерімді өткіздім. Содан бері сен менен алыстай бердің, алыстай бердің. Енді, міне, күнде төсекте бірге жатсақ та, бір-бірімізге жуымайтын жағдайға жеттік. Мен бәрін есептеп қойдым емес пе: бұған қазір сегіз ай, жеті тәулік болыпты. Құдай-ау, сегіз ай, жеті тәуліктен бері арамыз жақындамапты!
Бұрынғы сырттай ұялшақ, бірақ махаббат құшағында өте шыдамсыз, ентіккенде ернінен от шашырайтын тойымсыз әйел артынан азап тартып, іргеге қарай аунап түсер еді. Енді, міне, соның бәрін жинап қойып, ештеңеден қысылмайтын мінез көрсетті. Клодтың бойын сыртқа салып жүруі Кристинаның намысына тигені анық. Кристинаның күмәні тағы расқа шықты: әйеліне қимаған асылын ол суреттегі сайқал күндеске рәсуалап жатты. Ерінің күш-қуатын кімге сақтап жүретініне көп ұзамай көзі жеткен. Таңертеңгілік мезгілде мауыққан Кристина Клодқа жанаса бастаса, ол жоқтан өзге сылтау айтып, құтылып кететін. Жұмысқа кірісер алдында шаршап қалмауы керек екен-міс, егер екеуі жақындасса, оның үш күн бойы басы мәңгіріп, өз-өзіне келе алмайды, онда маңызды бірдеме жазу мүмкін емес көрінеді. Осылай екеуінің арасындағы үзіліс ұзай берген. Әуелі ол кезекті картинасын аяқтау үшін бір апта мұрсат сұраған, одан кейін қызықты жоспарын іске асыру үшін — бір ай мерзім керек болды. Сөйтіп таусылмайтын себеп-сылтау мүлдем көбейіп кетті емес пе? Ақыры мұның бәрі тұрақты тәртіпке айналып, төсектері құрғап қалды. Мынадай бір теориясымақ бар еді: данышпан суретшілер үйленбеуі керек, өйткені олар төсек қызығын өзі жасаған әйел бейнелерімен бөліседі-міс!
— Сен менен неге сырт айналып жүрсің? — деп күйінеді Кристина. — Түнде маңыма жуымайсың... Сонда қай қылығыммен жақпай қалдым? Дүниеде жоқ нәрсені, құрғақ елесті, шаң-тозаңды, кенеп бетіндегі бояуды сүюге бола ма екен, құдайым-ау?! Сол әйелдің түріне дұрыстап бір қарашы... Есі дұрыс адам осындай жексұрынның суретін сала ма екен? Мұндай әйелді қайдан көрдің? Саны саф алтындай жалтыраған, кіндігінің астында гүл өскен әйел бола ма? Көзіңді ашып, оянсаңшы! Өмірге қайта оралсаңшы!
Кристина қатты ширығып, картинаға қарай қолын сілтегенде, Клод та еріксіз орнынан тұрып, солай қарауға мәжбүр болды. Сатының үстінде қалдырған шылымының жарығы шіркеуде жанған шырақ секілді әйелдің суретіне түсіп тұр екен де, шеберхананың қалған жағы түп-түнек қараңғы еді. Бұл ұйқысынан оянғандай есін жинап, кейінірек шегіншектеп, жоғарыдағы әйелге төменнен көз салғанда, зәресі ұшып кетті. Әлдеқандай белгісіз бір діннің Пұтына ұқсаған мұндай сұмдықты кім салған? Қымбат металдан құйып, мәрмәр тастан қашап, інжу-маржанмен әшекейлеп, содан кейін томпиған ішінін төменгі жағынан, жалтыраған бұттың дәл ортасынан райхан гүліндей шешек атқан қуысты бейнелеуде қандай мағына бар? Өзі қолдан жасаған дүниесіне жан бітіруге осыншама тыраштанғандағы мақсаты — қанағат таппаған құмарлығын көрсетіп, әйел тәнінің ақылға сыймас сұлулығын алтын мен күмістен жоғары дәрежеде дәріптемек болғаны ма?
Содан Клодтың тілі байланып, өзі жасаған бейнеден өзінің қорыққандығы сондай, о дүниеге қарай қадам басқандай, өне бойы қалшылдап, дірілдей бастады. Ұзақ уақыт жаратылыстың шындыққа сәйкес бейнесін жасамаққа әуреленіп, алысып-арпалысып жүргенде, сол шындықтан біржола алыстап кеткенін түсінді.
— Енді, міне, көзін жеткен шығар! — деп Кристина екілене түседі.
Клодтың даусы әзер шығып:
— О, мен не істегенмін? Шығармашылық дегеніміз осындай мәнсіз бірдеңе ме? Шынымен-ақ тірі бейне жасауға біздің шамамыз жетпей ме? — деді.
Күйеуінің әл-дәрмені кетіп, құлап бара жатқанын көрген Кристина оны ұстай алды.
— Осындай сандырақты қойсаңшы! Саған мына менен басқа кім керек? Әрі сені жанымдай жақсы көретінімді білесің. Мені шешіндіріп, суретіңді салудың қандай қажеті бар еді? Әрі сол көшірмелерің өліктей жансыз, суық-сиықсыз болып шықты. Ал маған сенен басқа еш нәрсенің, ешкімнің қажеті жоқ. Мені суретіңе сала гөр деп артыңнан неге қалмай жүргенімді түсіндірейін. Әйтеуір саған жақынырақ болайын, даусыңды естіп, деміңді жұта берейінші деген әрекетім ғой... Естісеңші: мен сені сүйемін. Мен де тірі жанмын.
Маған өзің ғана керексің...
Осыны айтып, Кристина Клодқа тастай жабысып, жалаңаш қолымен мойнынан орап алып, жалаңаш аяқтарын тақай түскен. Іш көйлегі төмен қарай ашылғанда, бұлтиған кеудесі көрінді. Содан құмарлық қысқан денесі дірдек қағып. иығына асыла кетті. Оттай жанып дегбірі кеткен әйел енді бұрынғы ұялшақтық пен сыпайылықты ұмытып, осы жолы қайтсе де жеңіске жетуге ұмтылған. Екі беті өрттей қызарып, жұмулы көзі мен маңдайы шашылған шаштың астында қалды. Екі жағын қайшылап, қызыл ерні әнтек ашылып, талықсып барады...
— Қой, маған жолама, — деп күбірледі Клод. — Мен бақытсыз адаммын.
Кристина тоқтар емес.
— Немене, мен қартайып қалыппын ба? Сен маған бірде денең босап қалған деп айып тағып едің. Оңашада айнаға қарасам, олай емес, еш жерімде әжім, қыртыстың ізі де жоқ. Сен өтірік айтыпсың. Әзір қартаймағанымды, жас екенімді, күш-қуатымның бар екенін жақсы сеземін...
Клод бәрібір қыңыратқи береді.
— Онда бері қара! — деп Кристина бірнеше қадам кейін шегініп барды да, үстіндегі бар лыпасын шешіп тастады. Содан кейін ұзақ сағаттар бойы Клодтың алдында тыр жалаңаш қалпында суретке түсетін әдеті бойынша тұра қалып, картинадағы әйелді нұсқады.
— Енді салыстырып көруіңе болады. Мен оған қарағанда жаспын. Оның денесін қаншама әшекейлегенмен, құрғақ жапырақ секілді солып қалған... Ал мен он сегіз жастағы қыздаймын. Өйткені мен сені сүйемін!
Шынында қара күңгірт бөлменің ішінде Кристина жас көрінер еді. Махаббат аңсаған тығыншықтай кеудесі қатты тырсиып, түп-түзу аяқтары дір-дір етіп, жібектей жұмсақ жамбасы дөңгеленіп, үлкейіп барады. Үстіндегі бар лыпасын шешіп тастаған соң, күйеуін біржола билеп алғандай сезінген. Қолдары сумаңдап ананың әр жерін, әр мүшесін сипалай бастапты; осындай тұрпайы әдіспен ерінің көңілін тауып алуды ойлады ма екен, әйтеуір ерекше қомағайланып, Клодтың бетін, сақалын, білегін шөпілдетіп сүйе берді, сүйе берді. Демін әзер шығарып, ентігіп, солығын баса алмай:
— Кел бері! Қызыққа батайық... Қаның кеуіп, көлеңкеге жабысып қалған жоқ шығарсың. Тезірек жет. Сонда өмірдің қандай тәтті екенін білесің. Түнімен құшақтасып бірге жатсақ, ұмар-жұмар айқасып болып, таңертең бәрін қайта бастасақ... Одан артық қандай ләззат бар, а?
Клод та бірте-бірте қалшылдап — дірілдеп, аймалаған әйелге жауап бере бастады. Бірақ көңіліндегі арманға айналған әйелдің алдында қаупі де жоқ емес... Ал Кристина тоқтар емес, мұны билеп-төстеп барады.
— Біраздан бері сенің мазаң кетіп жүргенін білемін. Жаман ырымға бастамас үшін, өзіңнен сұрауға жүрексініп келдім, — деді. — ұйқыдан да, күлкіден де айырылдым. Өйткені мен сенің қазіргі жағдайыңнан қорқамын... Мысалы, бүгін сенің соңыңнан еріп отырып, әне бір жексұрын көпірге шейін барғанымда, зәремнің ұшқанын көрсең! Міне, бәрі бітті, сенен айырылдым деп ойладым. Ондайда менің күнім қандай болар еді?! Сен маған ғана керексің! Сенің мені өлтіру ниетің жоқ қой. Солай емес пе? Ендеше, бір-бірімізді сүйіп өмір сүрейік те!
Клод мұндай шетсіз-шексіз сезімнің алдында төтеп бере алмай, жеңілуге мәжбүр болды. Өне бойын жанашырлық, қайғы-қапа кернеп, өзге дүниенің бәрін ұмытқандай күй кешті. Кристинаны құшағына қысып тұрып, егіл-тегіл жыласын келіп!
— Иә, йә, мені сондай жаман ойдың жетелегені рас... Егер аяқтап үлгірмеген картинам еске түспегенде, бәлкім, Сенаға секіріп кетер де едім. Егер жұмысым жүрмей қойса, қайтіп өмір сүруге болады? Бәрін өзім бүлдіріп, іске алғысыз қылсам, енді не істеуім керек?
— Мен сені сүйе беремін. Сен өмірге қайтып келесің!
— Жоқ, сенің сүйгенің маған аздық етеді, Кристина. Мен өз жағдайымды жақсы білемін. Маған бар азапты ұмыттыратын шын ләззат керек. Ал бірақ ондай ләззат бұл өмірде кездеспейді. Сен қанша шаршағаныңмен, маған көмек көрсете алмайсың...
— Көрсеткенде қандай! Әлі көрерсің... Мен, мысалы, сені осылай еркіме көндіремін де, көзіңді, ерніңді, денеңдегі бар қыртысты шөпілдетіп сүйе бастаймын. Құшағыма қысып жылытамын. Аяғымызбен аяғымыз айқасып, қолымыз шырматылып қалады. Сонда ыстық деміміз, қанымыз қосылып, ұмар-жұмар болмаспыз ба?
Клодқа бәрібір мойынсұнуға тура келді. Әйелімен бірге бұл да лапылдап жанып, қорғаныш іздегендей, басын оның кеудесіне жасырып, өне бойын аймалауға кірісті.
— Құтқара гөр! Мені өзін-өзі өлтірсін демесең, қасыңнан шығарма. Әйтеуір маған алданыш болатын бірдеңені ойлап тап. Осылай әлдилеп, әлпештей бер. Сенің аяғыңа жығылатын құлыңа, тұтынатын затыңа айналайын... Аспаннан төмен түсіп, сенің аяғыңды жалайын, жұпарыңды иіскейін, иттей бұралаңдап қасыңда жатайын. Тек бір өзіңді ғана иемденіп, ішсем, жесем, тыныш ұйықтасам. Осының бәрі менің қолымнан келе қойса ғой, шіркін!
Кристина бұл жолы жеңіске жеткенін аңғарып:
— Сен мендіксің! Қасыңда мен бармын, ал анау әйел өліп қалды! — деп айғай салды.
Содан соң Клодты жексұрын суреттен алыс әкетіп, жатын бөлмеге қарай сүйрей жөнелген. Асығып-аптығып, күбірлеп, сыбырлап барады...
Баспалдақтың үстінде қалған шырақ лып-лып жанып, ақыры өшіп тынды. Сағат бесті соққанмен, бұлт пердесін жамылған қарашаның таңы әлі ағарып ата қойған жоқ еді. Айнала суық түнекке батып кеткен.
Клод пен Кристина қараңғыда қарманып жүріп, кереуеттерін әзер іздеп тапқан. Содан бірден айқаса кетті... Екеуі де есінен адасқан адамдардай, бұрынғы кездерден жаман ойнақ салды. Өткен күндері қайта оралып келгендей, асқынған сезімдері кеудесіне сыймай, мас адамдардай масайрайды. Жеті түннің ішінде лапылдап жанған канаттарын керіп көкке қарай самғайды әрі әрбір тыныстан кейін бұрынғыдан да биікке ұшып кете барады. Рақатқа тұншығып, бәрін ұмытқан Клод та Кристинадан қалыспай, ауық-ауық айқайлап қояды. Ал жеңісіне мастанған әйел сылқ-сылқ күліп, мұны мұрнынан тартып, соңына ертіп барады. "Живопись ешкімге керек емес деші, жаным!". "Ешкімге керек емес". "Сен әне біреуді жек көресің ғой? Менің көңілімді табу үшін оның суретін өртеп жібересің қой? Қайтып салмайсың ғой?". "Қайтып салмаймын. Бәрін өртеп жіберемін". "Қасыңда жалғыз мен бармын. Мені құшақтап жатқаннан артық дүниеде өзге ләззатың жоқ. Мына бір айғыз-айғыз бояумен боянған жезөкшеге кайтып қарамайсың ғой?". "Оған түкіргенім бар ма? Маған сенен басқа ешкімнің керегі жоқ!" Мұны естігенде, Кристина күйеуін құшағына қысып, тұншықтырып өлтіре жаздайды. Бұдан кейін жалаңаш денелер тағы айқасып, бас айналдырар жұлдызды аспанға қайта көтеріліп кетеді. Лап-лап жанған от сезімнің ортасында осылай үш мәрте ұшып-қонғандарын аңғарған. Бұл бір бақытты сәт екен-ау! Бұрын неге жаны қысылғанда, осындай жақсы әдіспен емделмеген? Ал Кристинаның бүгін толастайтын түрі жоқ... өзі де оның құшағына кірсе бақытқа кенеліп, уайымнан құтылатындай көреді.
Таң алдында Кристина талықсып ұйықтап кетті. Күйеуін қайта босатып жібергісі келмегендей, оған жамбасын тақап, аяқтарымен орап алыпты. Басын ерінің жылы кеудесіне қойып, тыныш демалады, ернінің ұшында тәтті күлкі бар. Қанша шаршағанмен, Клодтың кірпігі ілінер емес. Көзі бақырайып, қараңғыда тың тыңдап жатыр. Әлдеқандай күңгірт ойдың әсерімен тұла бойын құрсаулаған тордың қамауынан шыға бастағандай еді.
Бірте-бірте суынып, иіс тигендей тұманданған ақыл-есі шайдай ашылды. Терезе көздеріне қошқыл сары жарық түсіріп, күн шыққан кезде шеберхана жақтан естілген әлдеқандай дауыстан шошынып, селк ете қалған. Бұдан кейін тағы да мазасы кетіп, ауыр ойлар басын қайтадан шырмап алды. Беті ұзарып, шықшыты бүлкілдеп, демнің арасында екі ұртында терең әжімдер пайда болды — қажыған көртамысқа ұқсап шыға келген. Қасында жатқан әйелдің жамбасы мен айқасқан аяғы қорғасындай ауыр екен денесіне батып барады. Бұл дүниедегі жасаған күнәсі үшін диірмен тасы сүйектерін жонып жатқандай қатты азап шеккен. Кеудесіндегі шашы қобыраған бас тұншықтырып, жүрегіне де зіл батпан салмақ түсіруде. Бірақ осыншама қысылып, мазасы кеткенмен, әсте-әсте осы әйелдің қылығы қытығына тиіп, жеккөрінішті оңбаған сезім басын көтере бастағанымен, біразға шейін оның ұйқысын бұзғысы келмеді. Айрықша байлауы тарқатылып кеткен шаштан шыққан иіс жүрегін айнытып барады. Тағы да аяқ астынан, шеберхананың түкпірінен өзін шақырып тұрған дауысты естіді. Естіді де, бұл жолы берік байлам жасады. Бәрі бітті, бұлай өмір сүруге болмайды, тартқан тақсіреті аз емес. Дүние-жалған екен, қимайтындай ештеңесі қалған жоқ. Әуелі әлі де езуінен құпия күлкі табы кетпеген Кристинаның басын әрегірек итеріп қойды. Артынша ешбір күдік туғызбас үшін еппен қимылдап, әйелдің ауыр бұтының арасында жатқан аяқтарын әрең босатып алған. Сөйтіп, құрсаудай қысқан құшақтан құтылып шықты-ау! Осы кезде мұны қайта-қайта шақырған дауыс үшінші мәрте естілді. Асығып, келесі бөлмеге қарай өтті.
— Иә, иә, келе жатырмын! — деп жауап берген. Таң алдындағы көңілсіз, күңгірт мұнар тарқамай қойды. Қытымыр қыстың тағы бір қапалы күні жылжып келе жатты.
Суықтан қалтырап тоңа бастаған Кристина кенет оянып кетті. Әуелі неге бүйтіп төсекте жалғыз жатқанын түсіне алмай, артынан күйеуінің кеудесіне басын төсеп, аяғын айқастыра құлағаны есіне түсті. Ол қалайша мұның құшағынан оп-оңай босанып жүр? Қайда жоғалып кетті екен? Осыдан кейін әйелдің ұйқысы шайдай ашылып, төсегінен қарғып тұрды да, шеберханаға қарай ұмтылған. Шынымен-ақ әлгі жексұрын әйелге қайтып барған ба? Мәңгі-бақи қайта табысқандай болғанда, немене, оны тағы да бұдан ажыратып әкетпек бе?
Шеберханаға кіріп келген Кристина бірден ештеңені ажырата алмады. Суық таңның сұрғылт шапағы түскен үлкен бөлме қаңырап бос тұрғандай көрінді. Содан аз-кем тыныштала бастағандай болып еді. Бірақ жоғарыдағы суретке көзі түскенде, артынша-ақ жан даусы шықты:
— Клод! Ей, Клод!..
Клод бет-жүзін аяқталмай қалған картинасына қарай бұрып алып, үлкен баспалдақтың басында қыл мойнынан ілулі тұр екен. Сірә ағаш қас екіні қабырғаға бекіткен жіптің біреуін шешіп алған да, оның ұшын баспалдақтың басына бір кезде өз қолымен қаққан емен шабақтан өткізіп, мықты тұзақ жасаған болуы керек. Одан әрі тұзақты мойнына кигізіп, төмен қарай қарғыған. Бейшараның бұл түріне шыдап қарап тұру мүмкін емес еді: көйлекшең, жалаң аяқ, жалаң бас; қап-қара тілі салақтап аузына сыяр емес; қан толған көздері ұясынан шыққан... Бойы ұзарып, денесі қақиып қатып қалған Клод, өзі суретін салған әйелге қарай мойнын созып, оның кіндігінен төменгі жағында шешек атқан райхан гүлге қарай нұры өшкен жанарын қадап, тіпті жан тәсілім етер шағында болса да, соны бір тірілтуге әрекет еткендей көрінеді.
Зәресі ұшып қатты қорыққан Кристина не істерін білмей, сілейіп тұрып қалған. Бүткіл жан-жаратылысы Клодтан айырылғанына сенер емес. Кеудесінен ащы айқай жарылып шықты. Жұдырығын түйіп, жексұрын суретке қарай қолын сермеді.
— Клод, ей, сорлы! Сені ақыры осы жезөкше өлтіріп тынды! Уһ! — деді де, аяқтары дірілдеп, тас еденге сылқ етіп құлап түсті.
Оның осы уақытқа шейін тартқан тақсіреті жаралы жүрегінен қара қандай сыздықтап ақты. Еден үстінде ес-түссіз жатқан осынау бақытсыз, шарасыз, әл — дірмәні біткен, шын мәнісінде қатыгез өнердің жазықсыз құрбаны болған Кристина енді түкке керексіз, жыртылған шүберекке ұқсар еді. Ал оның төбесінде пұт құдайына ұқсаған әлгі әйел жарқырап күліп, өнердің, живописьтің жеңіске жеткенін, тіпті қисынсыз келген ажалдың өзі оны мәңгілік тоқтата алмайтынын дәлелдеп тұрды.
Өзін-өзі өлтірген адамға байланысты анау-мынау атқарылатын шаралар көбейіп кеткендіктен, Клодты жерлеу келесі дүйсенбіге қалдырылды. Таңертеңгі сағат тоғыздар шамасында Сандоз Турлак көшесіне келгенде, қаралы үйдің маңында жүрген жиырма шақты адамды көрді. Содан қайғы-қапа арқалаған Сандоз үш күн бойы қыруар шаруамен айналысты. Әуелі есінен танып жатқан Кристинаны Ларибуазер емханасына апарып тастады, одан кейін қалалық басқарма мен жерлеу мекемесінің, шіркеудің арасында сарсылды; жерлеу рәсімдерін жаны сүймесе де, священниктерді мойнында қыл шылбырдың ізі бар мәйітті азалауға әзер көндіріп, өз қалтасынан недәуір ақша жұмсауға тура келді. Үй маңына жиналғандардың көршілер мен бірен-саран көзтаныстар екенін байқаған. Терезелерден мойындарын созып, қызық көріп, сыбырласқандар бар. Сандоз біліс достардың келуін күтті. Клодтың туысқандары қайда тұратынын білмегендіктен, олардың ешқайсына хабарласып үлгірмеді. Дегенмен, осы маңнан екі-үш туысқанның төбесін көріп, кәдімгідей қуанып қалған. Бұлар газеттерде Клод жайында жазылған құрғақ тілді екі-үш қазанаманы оқыған болуы керек. Осы туысқандар ішінде ұсқыны ескі-құсқымен сауда жасайтын әлдебіреуге ұқсайтын екі атадан қосылатын қортаңдау әпке мен жақсы киінген, бәкене бойлы, омырауына орден таққан осындағы үлкен дүкеннің қожайыны, өнерге деген құштарлығын жариялауға тыраштанып жүретін немере-шөбере ағасы бар еді. Әпкесі жоғары көтеріліп, бөлмелерді аралап шығып, кедейшіліктің сықпытын көрді де, қабағынан қар жауып, ернін тістелеп, қайтып түсті. Босқа шығындайтын болдым-ау деп өкінетін секілді. Ал ағасы кеудесін керіп, молаға қарай жылжыған табыттың артынан ілескендердің бірінші қатарына барып тұрды. Оның өз-өзіне сенімді, сыпайы түріне қарап, осынау қайғылы оқиғаға зор маңыз беретінін аңғаруға болар еді.
Қаралы шеру жылжи бастағанда, Бонгран да келіп жетті. Ол Сандозбен қол беріп амандасып, қатарға қосылды. Табыттың соңындағы жиырма шақты адамды көріп, көңілсіз күбірледі.
— Әй, бейшара-ай... Сонда, немене, бұрынғы жолдастардан екеумізден басқа ешкім жоқ па?
Дюбюш балаларымен бірге Канн жаққа қыдырыстап кеткен көрінеді. Жори өлімнен қорқады екен, ал Фажерольдің қолы тимеген. Қаралы шеру ақырын жылжып Лепик көшесіне шыққан кезде ентігіп Магудо келді. Оның айтуынша, Ганьер пойыздан қалып қойған болуы керек.
Қаралы шеру Монмартр жотасының баурайына қарай беттеп барады. Жоғарыдан төмен қарай құлдилаған көшелердің қиылысынан өткен тұста, төменде теңіздей шалқып жатқан
Париждің алып аумағы көрінер еді. Әулие Петрдің шіркеуіне жетіп, табытты сонда кіргізгенде, бір сәт ол үлкен шаһардың үстіне шығып кеткендей әсер етті. Аспан сұрғылт, сұрықсыз, ауа суық жел қуып әкелген буалдыр буға тұнып тұрды. Көкжиекке шейін көлкіп жатқан қою тұманға оралған шаһардың шегі, шетін ажырату мүмкін емес. Марқұм жігіт осы Парижді таң қалдырмақшы еді, бірақ басын тасқа соғып, енді, міне, төбесін темір шегемен шегендеп тастаған емен табыттың ішінде, лай суы айғыздаған қара жердің астына барып жатуға келеді.
Табытты шіркеуден шығарған кезде әлгі әпкесінің қарасы батып, Магудомен бірге жоғалды. Содан манағы немере ағасы табыттың артындағы орнына барып тұрды. Жеті-сегіз бейтаныс ілесті. Содан бәрі Сент-Уэн жақтағы жаңа қорымға қарай беттеген. Халық "Кайенна" атап кеткен сол сұрықсыз сұр мекенге жақындағанда, небәрі оншақты адам ғана қалды.
— Сірә екеумізден басқа ешкім келмес, — деп Бонгран әлгіндегі сөзін тағы қайталады.
Сөйтіп, алдына священник пен әнші баланы отырғызған арбаға ілескен қаралы шеру жотаның арғы бетіне шығып алып, тау жолдарына ұқсаған қисық көшелердің бойымен төмен қарай қозғалды. Арбаның жетегіндегі аттардың аяқтары тайғанап, дөңгелектер дүңкілдеп келеді. Арт жақтағы шығарып салушылардың жүрісі өнбей, лай-батпақты кешіп өтуден көңілдері жүдеп қалған ба, әйтеуір ешқайсысы ләм-мим дыбыс шығармайды. Содан Рюиссо көшесін кейінге тастап, Клиньянкур қақпасына жақындағанда, айнала кеңістікті анадайдан орағытып өтіп жатқан бульварларды, оның ар жағындағы иілген темір жол сызығын, әскери құрылыстардың бөгеті мен орларын көргенде, елдің тынысы кеңейіп, кәдімгідей көңілдене бастаған, әр нәрсені айтып, өзара сөйлеске кіріскен.
Осылардың ешқайсымен таныс-бөлістіктері жоқ Сандоз бен Бонгран шерудің ең соңында келе жатқан. Шеру заставаның тұсынан өткенде, Бонгран жолдасына қарай еңкейіп:
— Енді Кристина байғұстың жағдайы қалай болады? — деп сұрады.
— Әрине, оның жағдайы қиын, — деп жауап берді Сандоз. — Кеше көңілін сұрап, емханаға барып кайтқанмын. Миы қабынған көрінеді. Ординатордың айтуынша, өміріне қауіп жоқ секілді. Бірақ әбден күш-қуаты кетіп, он жылға қартаяды дейді... Қазірдің өзінде әріптерді ұмытып қалыпты, ештеңені оқи алмайды. Денесі де, рухы да әбден тозып біткен. Тәрбиелі қауымның ортасында өскен қыз осылай бір мезгілде күңге айналған! Егер сіз бен біз қамқорлығымызға алмасақ, көшеде қалуы мүмкін.
— Әрі қалтасында көк тиыны жоқ шығар?
— Көк тиыны жоқ. Мен Клодтың үлкен картинаға пайдалану үшін салған әлгі бір ғажайып этюдтерін іздемеймін бе? Ешқайсысын таба алмадым. Сөйтсем, бәрін тиын-тебенге сатып жіберіпті. Ұятсыздар оны осылай тонаған! Енді сатуға тұрарлық бірде-бір дүние қалмаған. Әлгі әйгілі полотнодан басқа... Бірақ мен оны қабырғадан жұлып алып, өз қолыммен өртеп жібердім. Иә, Клодтың кегін қайтару үшін, түк қиналмай, табанда көзін құрттым!
Осыдан соң біразға шейін екеуінің үні өшті. Алдарында тұп-тура даңғыл Сент — Уэн жолы көсіліп жатты. Ал кең жазықтың ортасындағы батпақ-лай жапқан шоссенің бойымен оқшау, жалғыз, аянышты шеру қозғалып барады. Жол шетінде екі қабат ағаш шарбақтар созылса, оның ар жағында бос жерлер көрінеді. Көкжиекте фабрика мұржалары түтіндетсе, аракідік аралары қашықтау ақ үйлер бой түзейді. Бұлар осы беттерімен жолдың екі жақ қапталында қыс бойы әрекетсіз тұрғандықтан өне бойын су сорған балаған — сауықханалар, цирктер, аттан жасалған өткіншектері, қаңырап бос қалған шағын ресторандары, тіпті қирап-сынған торкөз далдалардың қасында тоза бастаған "Пикарда фирмасында" аталған күлдіргі операция декорациялары шашылып жатқан Клиньянкур жәрмеңкесінің орнын кесіп өткен.
— Оның бұрынғы суреттері қандай еді! — деп Бонгран әңгімесін қайта сабақтады. — Бурбон жағалауын бейнелеген жұмыстары есіңде шығар? Тамаша дүниелер еді ғой, шіркін! Оңтүстіктен әкелген пейзаждары ше? Бутен шеберханасында салған жалаңаш этюдтері, қыздың сүйріктей сұлу аяғы, әйелдің құрсағы... иә, әйелдің құрсағы! Бәлкім, Клоттың ең жақсы этюдтерін Мальгра отағасы сақтаған болуы керек. Мұндай этюдтерді қазіргі жас перілердің ешқайсысы, қанша тыраштанғанмен, өмірі сала алмайды, әрине. Айтатыны жоқ, бұл жігіт қатардағы кәсіпкер емес, нағыз ұлы суретші еді ғой!
— Ал аналар... Академияның түкке тұрғысыз көшірмешілері мен газетшілері! — деп Сандоз күйіп кетті. — Оны жалқау, надандар қатарына қосып, нағыз кәсіпті игергісі, оқып-үйренгісі келмейтін әлдебіреу ретінде сынап, мінеді емес пе? Бір жалқау сондай-ақ болсын! Он сағат бойы қолынан қылқаламын тастамай, талып жығылғанын талай көрдім емес пе? Ол шын өнерге бар өмірін арнап, осы жолда өліп кетті. Оқымаған надан деседі...
Нағыз нақұрыстардың сөзі! Егер өнерге өзіңе тән бір жаңалық қосар болсаң, бұрынғы дәстүрлерді төңкеріп тастайтындай көреді. Олар мұндайды түсінбейді. Онда тар шеңберге сыймаған Делакура да кәсіпқор емес. Ей, можантопайлар-ай! Қатып қалған ережелердің шеңберінен шыға алмайтын өте тәртіпті шәкірттер, жаттампаздар әрдайым солай болады.
Сандоз осыдан кейін ойланып-толғанып, әлденеше қадам жасады да:
— Ал осындай қаһарман қайрат иесі, басына бар ықылымды сыйдыра білген көреген, асау сезімді ұлы суретші... артына не қалдырды? — деп сұрады.
— Ештеңе қалдырған жоқ. Оның бірде-бір біткен полотносын іздеп таппайсың, — деп Бонгран осы арада қатал қорытынды жасады. — Суретші атаулының қоржынын толтыруға қажетті әр түрлі эскиздер, нобайлар, жоба-жоспарлардың бәрі бар. Бірақ соның көбі көпшілікке жетпей жатыр... Өкінішке орай, біздің бүгін жер құшағына тапсыратын адамымыз — шын өлікке айналды.
Өзара сөйлесіп келе жатқандықтан, бұлар өзгелерден қалып барады екен — жүрістерін жеделдетуге тура келді. Бұл кезде қаралы шеру шарап қоймалары тұсынан өтіп, әр түрлі құлпытастар жасайтын шеберханалардың арасымен қалалық қорымға барып тірелетін тура жолға шыққан еді. Клодтың екі жолдасы шығарып салушылармен бірге қорымның қақпасынан кірген. Алдарында дәстүрлі асай-мүсейлерін көтеріп, священник пен әнші бала кетіп барады.
Кең жазыққа салынған жаңа қорымның табаны тегістеліп, ортасынан жолақ жолдар өтетін шаршы алаңдарға бөлініпті. Негізгі сүрлеудің екі жағынан әр тұста құлпытастар көрінсе, қалғандары елеусіз төмпешіктер ғана. Мола орнына үлестірілетін жер небәрі бес жыл мерзімге берілетіндіктен, осылайша уақытша үйілген топырақтар көбейіп кеткенге ұқсайды. Сондай-ақ іргетасы мықталмаған құлпытастардың қисайып, әр тұста егілген ағаштардың көктемей тұрғанына қарағанда, өлгендердің артында қалған туысқандардың шығындағысы келмеген ниеттерін байқауға болар еді. Осындай себептерден кең жазыққа қоныс тепкен әскери казармаға әйтпесе ауруханаға келгендей бір суықтық, жүдеулік сезіледі. Қара жамылған өткінші, арзан сезімнен не пайда? Мұнда әлгі романтикалық балладаларда жырланатын құпияға толы оңаша, жасыл жамылған жабырқау мекен түгіл, бақилықты тірілердің есіне түсіретін жібі түзу мола да көрінбейді. Бұл дегеніңіз өзара нөмірленіп, қатарласып сапқа тұрған, қазіргі демократиялық астаналарда салынып жатқан жаңа құрылыстың біріне ұқсар еді.
Мұнда күн сайын толастамайтын жұртшылықтың ағыны бірін-бірі алмастырып, полицейлердің қырағы бақылауынан тыс қалмай, қаз қатар тәртіппен қозғалады екен.
— Сайтан алғыр! — деп Бонгран күбір ете қалды. — Бұл оншалық көңілді жер емес...
— Неге? — деп Сандоз қарсылық білдірді. — Тыныштық, таза ауа. Күн туман болғанмен, әр түрлі бояулар құлпырып тұрған жоқ па?
Шынында да қарашаның сұрғылт аспаны астында, теріскейден соққан суық желге оранған моланың ішінде әр тұста гүл тізбектері мен тас моншақтар тағынған құлпытастар бір түрлі нәзік, аянышты, күнәсіз көрінер еді. Тас моншақтардың түсіне байланысты ерекше ақ, яки қара бояулы зираттар кездеседі. Осындай қарама — қайшы әлеміштелген молалар жапырақтары сола бастаған аласа ағаштардың арасына барып жасырынған секілді. Бес жыл бойы төленетін несиесін өтеп шыққан туысқандар ең соңғы парыздарынан құтылу үшін өлгендерді еске алатын арнайы күнде қабір басына келіп, қаралы гүл шоқтарын үйіп тастайтын әдеті бар. Бүгін де қағазға оралған тірі гүлдер мол екені байқалады, бірақ олардың көбісі солып, семе бастаған. Сарғалдақтардан жинаған бірнеше дестелер сап алтындай жалтырап жатты. Бірақ бәрін тас моншақтар легі басып кеткен: шарбақ үстін де, құлпытастарды да, гүл тізбектерін, медальондарды, әйнек астында жазылған өсиетна — маларды, ұстасқан қол бейнелерін, жібек желбезектерді, тіпті қала сыртында түсірілген фотосуреттерді, сарғыш мұқаба қағаздарға басылған небір сыйықсыз, бірақ жымия күлген ұялшақ әйелдердің карточкаларын — бәрін де осындай моншақтарға малып, безендіре беріпті.
Қаралы шеру қорым ішіндегі Рон — Пуэн аталған сүрлеуге келіп түскенде, айнала көріністі қызықтаудан қалған Сандоз марқұм болған достары жайындағы әңгімеге қайтып оралды.
— Бүгінгі мезгіл тақырыбын көбірек күйттейтін Клодқа, бәлкім, осы қорым ұнар ма еді...
Әрине, ол бастан-аяқ ауыр кеселге ұшыраған, ойындағысын жүзеге асырып үлгірмеген данышпанға келіңкірейді... "Менде екі-үш грамм субстанция не артық, не кем жаратылған, бұған әке-шешем кінәлі" дейтін. Бірақ мұндай жасырын ауруға ұшыраған жалғыз Клод емес. Оның түбіне жеткен біздің заманымыз... Рас, біздің буын романтизм батпағының ортасында өстік, әлі де содан шыға алмай жүрміз. Енді қаншама сілкініп, тұрпайы тіршіліктің шындығына араласып кеткіміз келгенмен, тазара алмаспыз, дүниенің бар сілтісімен жуынсақ та, сол баяғы батпақ иісінен құтыла алмаспыз.
Бонгран күліп жіберді.
— Мен де сол романтизм ықпалымен ұзақ уақыт сандалып жүр емеспін бе? Менің бар өнерім романтизмнен ауызданған. Ең қызығы — соған пәлендей өкінбеймін. Тіпті бүгінгі сәтсіздіктерімнің түп-тамыры сонда жатса да — мейлі! Шығармашылық өмірімнің өне бойында ұстанған дінімнен қалай бас тартармын? Ссндердікі де жөн: романтизмге қарсы қаншама өре түрегелсеңдер, бәрібір ұзап кете алған жоқсыңдар. Тіпті Клодтың өзі де! Қаланың ортасында, өзен жағалауында тұрған дәу жалаңаш әйел, басқаға ұқсамайтын символ-бейнеңіз...
— Иә, сол әйел! — деп Сандоз киліге кетті. — Клодты өлтірген сол! Сол әйелдің оның өмірінде қандайлық мәнге ие болғанын білсеңіз ғой! Қанша үгіттесем де, содан бездіре алмағаныма өкінемін. Басын осындай қиямет қиял билеп алған адамда байсалдылық, ес-ақыл, көрер көз қалмайды екен. Сіздің буын ғана емес, мына біздің қатарымыз да өнердегі өсіре қызылдықпен әбден ауырған, дені сау шығармалар жаза алмай жүргеніміздің төркіні, міне, сонда. Өмір шындығын боямасыз көрсете білетін мәртебелі суреттер мен кітаптар дүниеге келуі үшін әлденеше ұрпақтың қажыр-қайраты керек. Өмірдің өзі, жанды жаратылыс қана кез келген шығармашылық әлемнің өзегі болмақ. Шек-шекараны анықтайтын да сол Арғы жағы — қараңғы, жындылар мекені... Шындық шығарманың құнын түсіреді деп қорқудың қажеті жоқ, өйткені нағыз суреткерге оның түйсік-сезімі көмекке келеді. Мен ешқашан жеке тұлғаның болмыс-бітімін жоққа шығармаймын. Шебердің қолы тиген кейбір дүниелер кейде сүйкімсіз көрінгенмен, нағыз жеке-дара қасиеттерін айқындайды емес пе? — деп Сандоз кенет мойнын созып, анадай жаққа қарады. — Әй, анау өртеніп жатқан неменесі? Осы жерде мерекелік иллюминация өткізгеннен сау ма өздері?!
Рон-Пуэнге жеткен қаралы шеру бір айналымнан соң ескі қорымның тұсынан шыққан. Осы жерде қараусыз ашық қалған молалардың ішінде ағараңдаған адам сүйектері шашылып жатты. Жер қыртысына көмілген құлпытастар құдайшыл жандардың әp кезде әкеліп тастаған гүл шоқтарының арасынан әзер көрініп, кімнің орны қайда екенін ажыратып болмас дәрежеге жеткен. Сүрлеу сүйретіліп №2 аллеяның қиылысына шыққанда, жол жиегінде өскен аласа шынар ағаштардың жапырақтары сытырлап жанып, аспанға қою түтін көтерілді. Әрі қарай жылжығанда, алдарынан жалданып топырақ тебе көрінді. Енді бәрі түсінікті болды: осындағы недәуір шаршы алаңды әрлі-берлі қайшылап қазып тастапты. Жаңа мәйіттерге орын босату үшін ескі табыттарды лақтыра берген. Жаңа егін салған шаруаның ескі жерді аударып, айдай бастағаны секілді әрекет. Әзір іші бос ашық қабірлер сапқа тұрып, май топырақтардан әлдеқандай иіс шығады. Дәл осы жерде ескі табыттарды — топырақ жеп шіріген, жарылған, сынған, бірте-бірте қара қызыл күлге айнала бастаған ағаш жаңқаларын гуілдетіп жағып жатыр екен. Су боп ағып кеткен өліктердің ылғалы сіңген табыттар оңайлықпен отқа жанбай, бытырлап, бықсып, қою түтін бұлттай шұбатылып аспанға қарай көтерілгенде, қарашаның суық желі оны ықтырып әкетіп, қызыл қошқыл жамаудай жұлмалап, күллі жалпақ қорымның үстімен алдына салып қуа жөнеледі.
Сандоз бен Бонгран осының бәріне үнсіз көз тастап келе жатқан. Алаудың тұсынан өтіп кеткен ең, Сандоз әңгімесін қайта сабақтады.
— Иә, Клод о баста өзі жариялаған мұраттарын жүзеге асыра алмай кетті. Өзінің үздік туындылары арқылы өзгелерге сол теорияларының дұрыстығын дәлелдеуге, меніңше, қарымы жетпеді. Әрине, ол жалғыз емес еді. Оның қасында жүрген қаншама адамның еңбегі еш, тұзы сор болды! Көбісі асығыс эскиз, ұсақ-түйек нобайлардан аса алмады. Ел күткендей нағыз шеберлер қатарына қосылу үшін, бәлкім, қарым-қабілеттері жетпеген шығар. Шынында өмір шындығына барынша жақындаудан туған колорит, бояулар туралы жаңа жақсы ұғымдар, тамаша басталған қозғалыс өнерді саудаға айналдырған алаяқтардың кесірінен тоқтап, тежеліп қалғаны аса өкінішті емес пе? Әлде осындай асыл мұраттарды жүзеге асыратын ешкімнің тумағаны ма? Қайтеміз, амал жоқ. Сондай біреудің туатыны анық. Бұл дүниеде ештеңе із-түзсіз жоғалып кетпейді. Үміт оты сөнбек емес!
— Не боларын кім білген, — деп Бонгран күмән айтты. — Өмірдің кейде жүкті әйелдей іш тастайтыны бар... Міне, мен сізді ықыласпен тыңдап келемін, бірақ көңілімде сенім жоқ. Қайғы-қапа арқалап, құсадан өліп кете жаздаймын. Сірә басқалар да солай шығар деп ойлаймын. Иә, біздің заманымыздың ауасы уланып біткен. Ғасыр соңы, күйреу кезеңі, бұрынғы ұстаз-пірлерді түгелдей жоққа шығару, бәрін аударып-төңкеру — міне, осындай! Ескірген, тозған дүние! Осындай жағдайда көңілдің тыныштық табуы мүмкін бе? Өйткені ғасырдың жүйкесі ауырып, адамның миы тозған, өнер атаулы кері кеткен. Айнала әбігершілік, тәртіпсіздік... тұлғалар тұрпайыланып, тұйыққа тірелген. Бәрін білеміз, бәрін түсінеміз деген дәрежеге жеткен кезде адамдар өзара қырқысып, араздасып жатыр.
Сандоз сұрланып, анадай алыста көк түтінді шыр көбелек айналдырып ойнай бастаған желдің қылығына недәуір қызықтап қарап тұр еді.
— Бәрі тағдырдың ісі, — деді артынша. — Бәрін білеміз деп көкірек соғып, белсенді әрекет етудің түптің түбінде осылай опа бермесін сезбеген екенбіз. Біраз нәрсенің бетін ашқан біздің ғасыр тоғышар топастықтың кезекті топанына келіп түсуі кәдік еді... Міне біздің сырқатымыздың сыры осында. Біз өте көп уәде бердік, көп міндетті мойнымызға арқаладық, ешкімді менсінбедік, жеңетінімізге сендік, бәрін игеруге асықтық. Енді келіп тоқырай бастағанымызға таңырқаймыз. Жүз жыл бойы ілім-ғылым неге бізді бақытты болуға, келешекке сенімді болуға үйретпеген? Егер ешқашан еш нәрсенің түбіне жете алмайтыныңды білсең, нан табудың бәрібір оңай еместігіне көзің жетсе, неге соншама тыраштанамыз? Күйреу дегеніңіз осы шығар. Ішімізді сары уайым жегідей жесе, басымызды құрғақ қиял билеп алған. Елес атаулыны ғылым жетістігі арқылы қуып тастамақ едік, онымыз бекершілік екен; табиғаттан тыс құпия күштер тағы да шабуылға шығып, бізді әбден үрей билеп, шаршап-шалдыққанымыз себепті жолымызды тосады, әр түрлі аңыз-оспақпен тіршілігімізді билеуге ұмтылады... Әрине, менің еш нәрсеге толық көзім жетпейді, күдігім басымнан асады, әйткенмен ежелгі діни қорқынышқа ұқсас жан тәсілім белгілерін алдын ала байқауға болар еді деп ойлаймын. Біз — дамудың соңы емеспіз, біз әншейін аралықта жүрміз, бәлкім, бірдеңенің бастауы шығармыз. Осыған аздап қанағаттанамын. Бірте-бірте парасаттылық пен білім арнасына түсіп кетерміз, кім біледі, — дегенде, даусынан қобалжығаны білінді. — Егер өнбейтін қиялдың астында жаншылып қалып, қаңғалақтап қара түнекке түсіп кетпесек! Мына тақтай табыттың ішінде мәңгілік ұйқыға кіріскен ескі досымыз сияқты!
Сүйретілген сүрлеу №2 аллеядан солға қарай бұрылып, бүйірдегі №3 аллеяға барып тірелді. Суретші ештеңе демей, жыбырлаған зираттар қаптап кеткен тақтаға қарай иегін көтерді. Бұл балалар қорымы еді. Ара-арасын тура жолдар теңдей бөліп тастаған өте тәртіпті орналасқан зираттар балалар қалашығына ұқсайды. Кішкентай ақ кресттер, аласа ақ шарбақтар, шешек жайған түрлі түсті гүл шоқтары — осы көгілдір — сүт реңкті нәзік әлем жер астында жатқан балалық шақтың ертерек солып — семген бейнесін еске түсіреді. Қағылған крестерге өлген балалардың жасы жазылған: екіде, бірде, төрт айлық, бес айлық деген секілді... Жол жиегіндегі қоршалмаған кішкене моланың басына қағылған қисық тақтайға "Эжени. Үш күн өмір сүрді" деп жазылыпты. Өмірге келмей жатып қара жер құшағына кірген сәбиді мереке күндердін бірінде қонаққа келген үлкендердің дастарқанына қоспай, бөлек отырғызып қойғандай ма, немене?!
Ақыры бұлар аллеяның ортасына келіп тоқтаған. Балалар қорымының қарсысындағы шаршының бұрышында қазылған жас қабірді көрген Сандоз:
— Қайран Клод! Сен үлкен бала жүректі жігіт едің. Балалардың қасындағы орның да жайлы болар! — деп күрсінді.
Жерлеу бюросының қызметкерлері табытты қабірге түсірді. Күзгі суық желдің астында бүрсеңдеген священниктің қабағы қату көрінеді. Қолына күрек ұстаған сүйекшілер жұмыстарына кірісіп кеткен. Қабір басында жеті кісі қалыпты. Табыт соңына ілескен екі-үш көршінің қарасы батыпты. Шіркеуден шыққалы бері күннің суықтығына қарамастан қалпағын басына қайтып кимеген бәкене бойлы немере туысқан қабірдің шетіне барып тұрған. Мұны көрген өзгелері де қалпақтарын шешіп, ғибадат дұғасын айтуға кірісе бергені сол еді, кенеттен қатты үскірік естіліп, жиналғандардың бәрі бастарын көтеріп алды.
Анадай алыста, №3 бұрылыс аллеяның ар жағындағы жотада қорымды сырттай айналып, пойыз жақындап келеді екен. Шым қыртысты сол жота бірте-бірте биіктеп, сұр аспанның аясында жіңішке сымдар тартылған телеграф бағандары қаз-қатар сап құрап, тізіліп тұрды. Стрелкашы будкасының қасындағы бағыт көрсетуші қызыл белдеудің әрлі-берлі жылжығаны байқалады. Доңғалақтары дүрсілдеген пойыз бұлардың тұсынан салдыр-гүлдір өте бастағанда, қытайдың қуыршақ театрындағы пердеге түсетін көлеңкелері секілді, вагондардың ашық терезесінен жүргіншілердің нұсқа-нобайлары көрініп қалды. Артынша әлдебіреу тушь қаламмен көкжиекті бөлшектеп сызып тастағандай, темір жол желілері созылып шыға келген. Пойыз ұзаған сайын оның артынан естілген үскірігі бір-біріне ұласып, кейде шыңғырып, кейде қарлығып-құдды азап шеккен әлдекімдей арыз айтып шағынып, жалынып-жалбарынып бара жатқандай еді. Ең соңында жайсыз дауыспен бір қышқырды да, үні өшті.
Қолына дұғалық кітапшасын ұстаған священник асығыс оқи бастады.
— Топырақ топыраққа қосылғанда...
Бірақ оның даусын айналым жасап, ентіккен дәу локомотивтін дүрсілі көміп кетті. Әрі мұнысы ысқырып-үскіріп, ауыр қозғалып, әрлі-берлі сенделумен болды. Темір көмейінен шыққан даусы да жаман, жағымсыз екен. Аспан астында жүрген қара пәлеге ұқсайды.
— Топырағы торқа болсын! — деп священник тағы оқи бастады.
— Әмин! — деп әндетті оның қасындағы балақай. Бірақ тағы да бұлар тасырлатып атылған мылтықтай құлақ тұндырған тарсыл-гүрсілдің астында қалды.
Ашу қысқан Бонгран локомотив жаққа қарап еді. Оның қапелімде үні өшіп, аз-кем тыныштық орнады. Сандоздың көзіне ащы жас тығылды. Жаңа ғана денесі суып үлгірмеген ескі жолдасы жайында, баяғыда шарап ұрттап, қызу таласқа түсетін күдердегідей, аузына келгенін айтып, өзінше қорытынды жасағанына енді өкіне бастады. Табытты көтеріп алып, терең қазылған қабірге тастауға ыңғайланған мына сүйекшілер өлген досын ғана емес, сонымен бірге өзінің де жарты денесін, арман мен құштарлыққа толы жастық шағын көміп тастайтындай көрінді. Осы арада күтпеген жағдай Сандоздың қайғы-қапасын қалыңдатып жіберді. Соңғы күндері тынбай жауған жаңбырдан жердің көбесі сөгіліп, босап кеткен болуы керек, қазылған қабірдің іші кенет қопарылып құласын. Сүйекшілердің біреуі дереу қабірге қарғып түсіп, қолындағы күрекпен шұңқырдың ішін тазалап, үйілген топырақты сыртқа қарай лақтыра бастады. Бұл жұмыс әрі тым ұзаққа созылуға айналды. Священник жан-жағына алаңдап, асығыс екенін байқатты. Жолда жырылып қалып коймай, қаралы шеруге ілесіп келген үш-төрт көршілер сүйекшілердің жұмысын қызықтап қарап тұрды. Ал жоғарыдағы жота жақтағы манағы локомотив ырсылдап-гүрсілдеп, ілгері-кейін қозғалған сайын доңғалақтары тарсылдаумен болды. Мұржасынан шыққан түтінмен қосыла шашыраған отты ұшқындар мына күздің сұрғылт күнін бәрібір жылыта алар емес.
Ақыр соңында қабірдің іші тазартылып, табыт төменге түсірілді. Әркімге діни дәстүр бойынша моланың үстіне су бүркегін құтылар таратылып берілді. Осымен бәрін біткендей еді. Клодтың бәкене бойлы немере ағасы ерекше риза әрі сыпайы жүзбен жаназаға жиналғандардың бәрінің қолынан қысып, алғыс сезімін білдірді. Бұл туысқан бұрын бұлардың ешқайсын көріп-білмек түгілі, бүгін жер қойнына кеткен інісінің де атын әзер есіне түсірген еді...
Бонгран көз жасын жұтып тұрып:
— Мына мануфактуршы жаман жігіт емес секілді ғой, — деген.
— Иә солай, — деп Сандоз да өксіп қойды.
Бәрі тарай бастады. Әлгі священник пен әнші балақай да аласа ағаштардың арасына кіріп, көрінбей кетті. Кейбір көршілер асықпай қорым ішін аралап, құлпытастардағы жазуларды оқып барады.
Клодтың төмпешік болып қалған моласынан былай ұзап шыға бере, Сандоз тақырыбын қаузай түсті.
— Оны біз ғана есте сақтармыз. Өзгелер көп ұзамай оның атын да ұмытып кетеді, — деді.
— Ол бәрібір бақытты, — деп жауап берді Бонгран. — Ол жер астында мәңгі тыныштық тапты. Енді оны ешбір бітпеген суреттер қинамайды... Біз секілді қасарысып баққанша, ешкімге қажеті шамалы, біресе басы жоқ, біресе аяғы жоқ, бәрібір өмір сүре алмайтын мүгедек дүниелерді туғыза бергенше, осылай аяқтағанның өзі дұрыс емес пе?
— Рас, көкірек соққаннан ештеңе өнбейді екен. Одан да өмірмен мәмілеге келіп, өнердің жартыкеш шындықтарына мойынсұнуымыз керек... Мәселен, мен әрбір жазып бітірген кітаптарымды артынан жек көре бастаймын. Өйткені қанша тыраштанғаныммен, олардың өтірік әрі дүмбілез екенін өзім білемін...
Балалардың шағын молалары тұсынан көңілдері алабұртқан екі еркек ақырын аяңдап өтіп бара жатты. Біреуі — шығармашылық кемел шағына келген жазушы да, екіншісі — абырой, атағы шыққан, бірақ бағы қайта бастаған суретші еді.
— Қалай бағаласақ та, ол алған бетінен қайтпаған қайсар адам болды, — деп Сандоз сөзін сабақтады. — Қолынан ештеңе келмесіне көзі жеткен соң, өз-өзін құрбандыққа шалды.
— Рас айтасыз, — деп Бонгран қостап қойды. — Егер өзіміздің жеке мүддемізді бәрінен жоғары қоймасақ, қалғанымыз да соның жолын қуып кетер едік. Солай ма?
— Әрине, солай. Егер қолымыздан есі дұрыс бірдеңе тындыру келмесе, әншейін көшірмеші біреулер болсақ, сірә басымызды қатырмай, құрдымға кете барғанымыз лайық шығар?!
Бұлардың алдарынан тағы да өртенген, шіріген ескі табыттардың үймесі шықты. Тақтайлардың бәрісі отқа оранып, лапылдап жанып жатпағанмен, шетінен бықсып, бытырлап, көкке көтерілген мүңкіме қою түтінді екпіндеп соққан жел алдына салып айдай бастағанда, бүткіл қорым үстін қаралы қалың шымылдық жауып кетер еді.
Бонгран қалта сағатына қарап:
— Ойбай-ау, сағат он бір болып қалыпты ғой! — деді. — Менің үйге қайтуым керек.
Сандоз таңырқап тұр.
— Шынымен он бір ме?
Осыны айтып, ол жасқа толып бұлдыраған көзімен әлгіндегі тас моншақтармен жасанған, сүртіп, тазаланған кең жазықта жатқан аласа, суық зираттарға сарыла ұзақ қарап тұрды да, артынан:
— Қой, барып жұмысқа кірісейік! — деді.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі