Біздің ел жайлауға маусымның ортасынан ауа, қардың құртын қуалап шығады да тамыздың басында көбік қардан қашып түседі. Алтайдың әр қолтығында апталап жыла қонып, төр жайлауға жеткенде шыбынсыз жаз да таусылып, саршатамыздың бірде бұршақ, бірде қар алақаншық асау күндері маза бермеген соң тағы да кешегі сары жұртына апталап сәлем беріп, ойға түскенде алдарынан боқырау күтіп тұрады. Күні бүгінге дейін көктемнің басын көкектің келуінен, жаздың шыбынын ел жайлауға шыққаннан есептеп, күздің аяғын боқыраумен түгендеп отыратын әдеті. «Көшпесе қазақтың басы ауырады» деген сөздің кімнен қалғанын қайдан білейін, әйтеуір түйе көрмеген жұрт әлдекім өгізге ыңыршақ салып жатса да тырақысын борбайлап тұра шабады. Содан ба, буаз қатынның күнін, туманың жасын «ел көшкенде» деп қайырып алатыны бар.
Ел кешкенде... Көшкен елдің түрі-бір отар қой, бір табын бойдақ сиыр, бір үйір жылқы. Амангелді атамыздың жыртық шекпенін жамылған біздің колхоздың маңдайына біткен бар дәулеті де осы, бір қойшы, бір сиыршы, бір жылқышының отбасы-көшкен елдің бар әулеті де осы. Жайлауға шығарда малшылар бұзаудың бас жібі, көгеннің бұршағы, құлынның ноқтасы мен тайдың сіргесіне дейін ел ішінен жинап әкететін де ауылдың ұрғашы атаулысы түгел жиналып, бір апта бұрын жіп есуге кірісетін. Көш күні тайлы -тұяғымыз қалмай қырға шығамыз: кемпірлер артық ауыс шуда жіп пен тебенін жүкке байлаған боқшаға апарып қыстырып, қатындар қыстан қалған бір бұзаушық сахар сабынын абысынның қоржынына тықпалап жатады. Бағы заманды көші-қонмен күн кешкен қазекем сағынышын жайлауға жіберіп, қам көңілін қи сасыған жетім жұртына алып қайтатын еді. Қысы-жазы өңірінен қымыз аңқып тұратын Қарапамның жұрттан жинайтын жылуы-бала, соғыстан соң әкесіз жетім қалған қарасирақтар. Тайға мінгізсе де, тайынша мінгізсе де, әйтеуір ауылдағы атқа мінер қайындарымен арпалысып жүріп алып қашатын. Көктемнен қара күзге дейін қарасирақтардың тақымын қашсаң құтқармайтын «погонәлшік» дейтұғын даражасы дардай қызмет бар: соқа мен шөмеленің, сенакасилка мен лобагрейканың көлігі бізге қарап тұрады, алты жасқа толмасақ та аттың басына ие болсаң жетіп жатыр, астында ер-тұрман да жоқ, арқасы жауыр, сауыры ыстықтан қырық шұрық боп тесілген трақының үстінде бұтындағы тәйтерің қарынша созылып, құйрығың ойылып түскенше қалқайып отырғаның көзіңе үймелеген көк маса өз алдына, изең-изең иек қаққан керігің басына жүген салдырмай қақ төбеңнен тарс еткізіп қойып қалғанда қалпақтай ұшып, тырапай асып жатқаның. Ағаң да болса артыңдағы үлкендер жетпіс жеті атаңа жеткізгенде әкеңнің кім екенін, бабаңның қанша екенін сонда санап аласың. Қолынан келсе осы бір қызметтен құтқаратын Қарапам еді.
Қарапамның шын атын біз түгілі құдай қосқан Әбіш атаның өзі де білмей кетті-ау деймін. Ер мұрынды, бойы атамыздан бір жарым есе биік, көшкенде қаракер биеден басқа ат көтермейтін ірі кісі еді, соған қарамастан біздің көзімізге түскен кемпір дейтұғын жұрағаттардың ішіндегі көріктісі болатын, ара-тұра басына кимешек -шылауыш салып қылдыруға шыққанда тай-құлынның ортасындағы арғымақтай жалғыз өзі қарқарадай боп тар көшені қақыратып келе жатар еді. Сөзі кесек, тілі мірдің оғындай, қашанда өлеңдетіп сөйлейтін, ауылда әлдекім дүние салса, қатындарға жоқтау шығарып беріп, артынша соны теріс аударып, абысын-ажынды мазақ қылып отыратын. Академияның әдебиет институтынан барған экспедициялар Қарапамның аузынан әртүрлі ескі қиссаларды жазып алып кетіп жүрді. Әбіш атамыздан бойы ғана емес, жасы да үлкен, елдің айтуынша әмеңгерлікпен тиген десетін.
...Жайлаудың шетіне іліккеннен-ақ бие байланады. Қарапам үш күн бойы қарасирақтарды саумалмен кептеп суарып, қабат-қабат текеметтен төсекті далаға салады да қара тамақтан іші қатып қалған жетімектердің ішек-қарнын әбден тазартып барып жемдей бастайды.
Жалғыз ұлы кішкентай кезінде шетінеп кетіп, тоқтап қалған апамыз қайтып бала көтермеген екен. Сәби көрсе тұншықтыра құшақтап, қоң етінен құшырлана қыршып -қыршып алатын әдеті еді. Жетім-жесірге аузындағысын жырып берген соң қаймана қазақтың қайыршысынан қақпышына дейін Әбіш атамның қара шаңырағынан шықпайтын. Әбіш атаулы көп болғандықтан ба, әлде ғұмыр бойы жылқы бағып, үш мезгіл сусыны қымыз болғандықтан ба, жұрт оны қызыл Әбіш деуші еді. Расында кеудесі көріктей, басы кішігірім қазандай, теңселе басып, тең көтергендей алшаңдап жүретін атамыздың тебінгідей қып-қызыл құлағынан күн көрініп тұратын. Ағаш ұстасы, темір ұстасы, өрімші, етікші, тағы не, әйтеуір ауылдың жыртық-тесігін жамап беретін жалғыз шалдың бір басына қонбай қалған өнер жоқ: бір етікті бір ай тігіп, бір ер қосса соған лайық қайынды бір жыл іздеп, бір атқа қажет қомыт-сайман мен шілияны екі жыл өретін болған соң соны тапсырған адам қашан үйіне әкеліп тастағанша қайтып сұрамайтын. Қарапам қысқа күнде қырық тапсырма берсе де күнде «ертеңмен» қырық жылғы шаруасын бір күнге жинайтын атамыз құлқын сәріде атын ерттеп, содан бесін намазын өтеп барып жолға шығар еді. Қарапам соған да разы, шырпы басып сындырмай қайтса да реніш жоқ, жұрт: «бәленше қатынның байы бар» десе бопты да деп отыра беретін.
Бір жылы жайлаудан түсе салысымен Қарапам қоныс майын беремін деп жетім лағын сойдырды да атамызды ауылдың шал-шауқанын шақырып кел деп жұмсады. Жүрерінде:
— Әй, сылқым, келетін күніңді айтып кет, мен байқұс босанып қалсам белімді ұстайтын ешкім жоқ,-деген.
— Алла жазса марғау асып кетпеспіз, асыңды сала берсеңші, — деп аттанған атамыз «Амангелді» мен «Жаңатілектен» жеті шалды зорға тауып, ертеңгі сиыр сәскеде қи таситын сатал ходокті шиқылдатып жетті-ау.
Мекалай заманынан кейін тырнағының көбесін жібіте алмай жүрген мәлкілдектер әлдекім тау астында тышқан сойыпты десе де төртаяқтап жететінін біле тұра дәстердей қылып кәмпортпен әкеліпті. Ішінде жағы жағасына, мұрны аузына түскен Жебетейдің ақсақ Әбіші де отыр.
Табақтағы сары майды ірімшікке төңкере салып, таласа-тармаса арпадай асаған шалдар дастарханды талқандап бара жатқан соң Қарапам бір қарынды құрышынан қақ бөліп орталарына тастай салған. Бүйрегі бітеу лақтан тылақтай ет қалдырмай шайнамай жұтқан жалым ауыздар қазан түбіндегі қасық сорпаны сарқып барып жөн сұрасты.
— Иә, бәйбіше, мал-жан аман ба?-деген ақсақ Әбіш Қарапама емес, соның қолындағы ожауға үңірейіп отырған сияқты еді.
— Малдың несін сұрайсың, мынау Байкөбектің бір түтіні дүниеден ұрпақсыз өтіп барады, — деді Қарапам.-Бұл шаңыраққа да бір шақалақ керек еді...
Шалдар бір-біріне үдірейе қарасты, одан қазандай басын көтере алмай, құлағы қалқайып, тұқырайып отырған атамызға қарасты, ақыры от орнына сыймай, кілең мәлкілдектердің етегін ала қарауыл төбедей боп босағаны қамап отырған Қарапамды тауып алысты:
— Сонда қалай, Алладан бала тілеп отырсың ба? — деп ақсақ Әбіш, «мына кемпір жынданған шығар» дегендей бежірейген қалпы тосылып қалды.
— Жас кезімде де жарылқап тастағаным шамалы, басым жерге жеткенде мені бала табады деп отырсың ба?! Тоқал ал десем мыналарың айға шапшиды, осыны көндіріп беріңдер!..
— Ә-ә, мәс-сә-лә қайда! — деп ақсақ Әбіш бес тал сақалын санап біраз отырып алды.
— Біз көндірерміз-ау, бірақ алпыстағы шалға тие қоятын ақымақ ұрғашыны қайдан табамыз?..
— Оған бастарың ауырмасын, ол менің шаруам, — деп Қарапам бешпентінің қалтасына қол салды да күмісі бар, қағазы бар түйіншекті ақсақ Әбіштің алдына топ еткізіп тастай салды.-Шөккен түйеге міне алмасаң да екі бірдей қатынды қылып ауынан тоздырған сарыауыз едің, жаман да болса жеті ұл көрдің, ырым босын, анау үстіңдегі көйлегіңді шешіп кет...
— Шикін-ай, біжге ошындай қатынды да қимады-ау, — деп кемиек шалдың бірі мұң шақты.
* * *
...Қарапам бұзаулы сиырын ішкі жаққа жетектеп барып, отыздың ішіндегі жесір отырған немере сіңдісін жетектеп қайтты. Біз ол кісінің не шын атын естігеніміз жоқ, Қарапама қосылып «біздің қатын» деуші едік, кейін «Қарапамның қатыны» атанып, әжептәуір даражаға ие болды да бір қыз, төрт ұл тапқан соң ауылдың босағасынан озып, төріне таман жақындады. Қарапам да жасарып, тоқалдың аузынан «әпке» деген атты жамап алды. Әбіш атамыз Байкөбектің ұрық-шарқына бес түтін қосып, міндетінен құтылған соң дүние салған. Қарапам тоқалға жоқтау үйретіп беріп ауылдың сай-сүйегін сырқыратып еді:
Кешеде жүрген жас жаным,
Сексеннен әрі аспадың.
Сабақты гүлім ашылмай,
Бойдағы буым басылмай
Мені де кімге тастадың
Қыршыннан кеткен боздағым-ау, ойбай!
Қылығыңды іздеп боздадым-ау, ойбай!..
Шалының марқұм боп кеткенін естімеген шалғайдағы бір жамағат:
— Қарапа, ағамыз аман-сау ма, — деп сұраса керек.
— Үшіншісін іздеп кеткен.
— Іздегені несі, кімді іздеп кетіп еді?
— Құдай атқыр, ұрғашысы төсектен суыса, тақымы тозбаған еркек нені іздеуші еді, — деп көңіл айтпағанына ренжіген Қарапам бұрылып жүре беріпті.
Кешікпей ел ішінде: «Қызыл Әбіш үшінші қатын алайын деп жатыр екен» деген өсек гу ете түскен...
Қарапамның тоқалды «Қатын» дегені де жарасатын еді, тоқалдың Қарапамды «Әпке» дегені де жарасатын еді. Әлдеқалай іздей қалса, «менің қатынымды көрдіңдер ме?» деп айғай салып, ауыл-үйдің арасынан қайтарып алғаны болмаса, бір ауыз өсегі шықпаған, шынаяғы шылдырламаған қара шаңырақта қос жаулық егіздің сыңарындай ғұмыр кешіп еді. Ылғи да қызылшақа боп туатын бес баланы тымаққа салып тербетіп, балпанақтай ғып өсірді де жүзге жеткенде Қарапам ат үстінде дүниеден өтті. Жарық дүниеден кетерін сезді ме, жалғыз бауырыма барып қайтамын деп аттанған екен, жол ортадан қайтып келіпті де монша жақтырып, өзі жуынып, оң жаққа өз төсегін өзі салып, тағы да ауылдың ақсақалдарын жинатып алып, арыздасқан көрінеді. Өзі кеткен соң тоқалды жатсынып жүре ме деп бауырында өскен бес балаға соңғы айтқаны:
Бесеуің де анау отырған менің қатынымнан туғансыңдар. Соған біреуің тіл тигізіп, ренжітер болсаңдар, мен көрімде де тыныш жата алмаспын, — депті.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі