Өлең, жыр, ақындар

Қара орман

ЕКІНШІ БӨЛІМ

Бірінші тарау

1

Бөктердегі жалғыз үйден баран атты шал шықты. Самарқау дүниенің шырқын бұзбай самарқау ғана аяндап келеді. Көңілі бей-жай, жүзі ұйқыда сияқты еді. Басында пұшпақ бөрік, үстінде шолақ шидем шекпен, аяғында саптама; бөктердегі жер кеппей тігілген жетім киіз үй сияқты шалдың сырт киімі де ескінің жұрнағын баяғыда жоғалтып алған бұл өңірге оғаштау, үйлесімсіздеу көрінген. Жез таспамен шандыған тобылғы сапты сарыала қамшысын ердің қасына қыстырды да күнгей-күнгейді бір шолып шықты. Тарғыл мысықтың жал арындай шақырайған шағыр көздерінде дүниеге деген секемшіл күдікпен қоса мынау меңсіз аспанның мөп-мөлдір нұрында салқын сұс бар еді. Мұрыны жоталы, одырайған бет сүйегінде, көстиген шықшыты мен сорайған астыңғы иегінде артық бір жапырақ ет жоқ, сақал-мұрты шымқай боз; ірі тұлғасы, тоза қоймаған қызыл күрең жүзі шалдың әл-ауқатының да, қажыр-қайратының да қалпында екенін аңғартқандай.

Шерубай тізгінді шамырқана жұлқып, орман шетінде үйір-үйір боп шоғырланып жатқан жылқы қарасына жалтақтай берген атын Жындысайдың шұп-шұбар томарлы жотасына салды. Қиядағы тас қорымнан жылқы пысқырып еді, қоңырау сылдырынан шал саяқтың үйірін таныды да аялдап жатпады. Жыланбауыр тягачтардың тісі жыртып, сүйретпе дөңбектердің діңінен жырым-жырым боп тозып кеткен томарлы құба жонның етегіне іліне бере ала қоржынның аузын ашып, "пысымылда" — деп қол салғаны сол еді. Қоңырау сылдырын үркітіл аспан гүрілдеді де тау-тас жөңкілген малдың дүбіріндей дүркіреп жөнелді. Шерубай қоржын аузындағы қатып қалған жұдырығын жылан мыжығандай сығымдап, қиястықтан бет-аузы қисая, жыбыр-жыбыр етті де "мына зауал тағы да келді ме?!" — дегендей кекшіл жанарын аспанға қадады.

Инеліктей дірдектеген талпақ мұрын вертолет Жындысайдың иығынан шыға келді де жер-көкті азан-қазан көшіріп Аюлының нуына асты. Онан қайта оралып, шалдың жетім үйінің төбесінен шаншылып біраз тұрды да таз төмпешіктерді сан айналып, ақыры қоналқы таппағандай шырт ұйқыдағы Алтайдың шырқын бұза Жындысайдың желкесіндегі займкіге шүйілген. Солаңдаған арқан басқышпен әлдекімдер түсе бастағанда: "әттең, біреуі мұрттай ұшса екен!" — деп тілеп еді, бірақ, ниеті қабыл болмады, талпақ мұрын инелік тезек тастағандай жүгін жеңілдетіп алды да лесхоздың орталығына дірдектеп тайып отырды.

Күркіреген жаңғырықтан шалдың құлағы тұнып, есеңгіреп қалған сияқты еді. Сілейіп біраз тұрды да қарысқан қолын қоржыннан суырып алып, алақаныңдағы кедр жаңғағын шашып жіберді. Сауыры ұршықтай құр ат тілім-тілім дөңбек ізіне түсіп сүмеңдей жөнелген. Иесінің күндегі тірлігіне қанығып алған хаюан қарайған топырақты қалдырмай, шұбар жонды шыр айнала қуалап шықты. Ала қоржынның түбіне жеткенше Шерубайдың екі қолы да тыным тапқан жоқ, жаңғақты көсіп алып, әлдекімдерге күл шашқандай оңды-солды сілтеп еді жүгі жеңілдеген де барып тізгін тежеп, маңдайының теріп сүртті, ыдысын солаңдатпай шиыршықтап қанжығасына қайта буды да келген ізіне қарады. Қызыл дән топырақ бетінде баданадай боп жатыр екен, баран бестіні кері бұрып, біраз жерге дейін ат тұяғымен жаныштап жасырып қайтты. Сосын айдалаға, аспанға телміріп аз-кем аялдады да бөктерде жаурап отырған жетім үйге қарай шауып алатындай тасырлатып шаба жөнелді.

2

Сарғайып сызы шыға бастаған керме басы жым-жырт еді. Үй маңынан үш ит арсалаңдай жүгірді. Еркелеп аттың танауына секірген овчаркаға Шерубай зекіп тастаған соң иесінің қырыс қабағын таныған тайыншадай бөрібасар жақындамай, тасақтап қала берді де бауыры арқасына жабысқан сұр тазы сүмеңдеп ере шалды есік алдына жеткізіп салды. Толған ұршықтай тырсылдаған аппақ келіншек түндік ашып жатыр еді, ту сыртынан ат дүбірі естілгенде мықынына іркіліп қалған көйлегінің етегін созып, суыт келген күйеуіне қарай асықты. Жас шамасы қырыққа енді ілінген, әйел затының қайта бір жасап ажарына кірген қойыны құр жатпас, омырауынан сүт кеппес бұрқыраған бұла шағы. Бетінің нарттай қызыл шырайынан қымыз иісі тепкендей.

— Аманшылық па? — деп тандана, талмаурай сүзіліп, қарақат көзін бір төңкеріп тастады. Үні назды, майда қоңыр.

— Амандықты сен түгендеймісің?!. Үйді жық! — деп Шерубай шылбырға ұмтылған әйелінің қолын кері итерді.

— Жыққаны несі?!.

— Неге жығушы еді?! Көшеміз-дағы! Сарала етек боп саздың үстінде отыра бермексің бе?! Бие байлайтын уақыт та таяп қалды.

Қоныс жаңартуға себеп болған малдың күні емес, басқа бір кәдік барын сезімтал әйел шалының қабағынан-ақ түсінген, бірақ, шамына тимей майда тілімен наразылығын да білдіріп қалды:

— Балалардың көкесі-ау, сабылып күнде көшеміз бе? Ел-жұрттан үріккендей сонау етектен жылжып едік, енді Алтайдың шыңына барып қонақтамасаң барар жер, басар тауың қусырылып қалған жоқ па?..

— Жә, маған арқан әпер! Балаң тұрды ма? Оят!..

Әйел тәжікелесіп жатпай есікті түріп ішке кірді. Шерубай аттан түсіп, айылын қайта тартты да өренің аша қазығында ілулі тұрған жанторсықты шайқап-шайқап қанжығасына байлады.

— Сән!.. А, Сән!.. Тұр айналайын! — деген әйелдің зілсіз дауысы естілді. — Көкең тұрсын деп жатыр. Тұра ғой!..

— Әсем! — деп шал есікке көз қиығын тастады. — Жүген ала шықшы!..

Бұтында ылпа жоқ төрт-бес жасар қалқан құлақ сары бала Әсемнің етегіне орала шығып еді, әйелі қыл арқан мен жүгенді қанжығасына байлағанша шал ұлын жерден көтеріп, аймалап иіскеді де сақалымен бұғағынан қытықтап күлдіріп, қолы босаған соң шешесіне ұсынды.

— Жүгіңді буып-түйіп жиналып отыр, — деді жылқышы. — Мен желкүреңді іздеймін. Шұқанаққа жығылып қалды ма, кешеден бері жылқы ішінде көрінбейді. Құр ат мініп Сән ізімнен тапсын.

— Өзіңнен кәрі лақсаны жетелеумен күнің өтті-ау! — деп Әсем күңк етті, күңкілінің өзі күлкідей еді. — Бауыздап таста деп баяғыда айттым... Ұршығы тарсылдаған тырақы енді саған бәйге әпереді деп пе едің?!.

Әлде қалжың, әлде қитығы екені белгісіз, шал әйеліне қабағының астымен қарады да:

— Әлі де сені төркініңе апарып тастауға жарайды! — деп атын тебініп жүріп кетті...

Ерке ұлы әкесінің ала кетпегеніне қиғылықты салып ауылды басына көтере бақырып қалып еді, үйден қарнын қасып онан ересектеу екіншісі, көзін уқалап үшіншісі, айран сұрап төртіншісі шықты.

— Ой, айранда басың қалғыр! Былай тұр! — деп Әсем шарт сынды. — Айран дейді ғой құлқын сәріден! Қазір әкең кеп ойранымызды шығарады! Төс табанынан сыз өткен жынды бурадай жынын шашып кеткен жоқ па!..

3

...Займке буынып-түйініп отыр еді. Вертолет тез орала қоймады.

Мешел мап-майда күншуаққа мандайын төсеп, бедрейген мұңсыз аспанға қадалып мыңқ етпей тершіп жатқан. Қашып кететіндей қаншығын қылтасына басып, қара сандықты басына жастаған. Керзі етігінің қонышын түріп, шылғауымен қоса тура танауының астына делдитіп жайып қойған еді.

— Мүңкітпей әрі тартшы мынауыңды! — деп Бескемпір теуіп жібергенде жерошақтағы қоздап жатқан шоққа барып бұрқ етті.

Сарандықтан ғана сүйреп жүрген ұлтаны ұстараның жүзіндей ескіге Мешел де онша қинала қойған жоқ, мыртық башпайларын қылт-қылт қайшылап, содан бір ләззәт алғандай ысқырын жата берді. Осьминог тәрізді тарбиған ағаш тамырын отқа бір тығып, бір суырып, пышақпен мінеп отырған Бекет те тырп етпеді. Резеңкенің бықсыған ащы түтіні қолқаны қақпанда барып шыдай алмаған Бескемпір атып тұрды да етікті күресіннен асыра шырқытып жіберіп быршып жатқан Мешелге:

— Сенен құтылған күні бір бөтелке құдайы берер едім! — деді.

— Менен құтылуың қиын шығар, онан да сол бір жартыңды қамдай бер.

— Дәретінді алып па едің?..

— Қол арам болғанмен қалта бар. Бір етіктің құны бір жартыға тұрмас деймісің? — деп Мешел саусағының ұшын сарт-сұрт шертіп қойды. — Торт сом. Қалған тиыны ақыретте мойныңа қарыз болсын...

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, белінен буындырып байлаған екі-үш бума ондық қызыл ошақ басына топ-топ ете қалды. Мешелдің көзі аларып, басын көтергенде. Рюкзагін асынып тоқал тамнан Жақып шыққан екен, артынан топырақ шашқандай есік көзінде тұрып алып Леся ақшамен атып жатыр.

— Мир, мир! — деді сасқанынан Мешел. — Жеңеше, кепиеті атады, кепиеті!..

Жақып артына айналған жоқ.

— Кетіп барасың, ә? — деп шұқынып отырған Бекет бәкісінің шаппасын жапты.

— Тірі адамға тататын дәм-тұз қайдан болса да табылады ғой, — дей салды Жақып.

— Бірер минутқа құйрық бас. Рәсім ғой...

Жақып рәсімді сыйламаса да ошақ басына тізе бүгіп темекісін шығарды. Бекет төс қалтасынан ақша суырып ұсынды.

— Екі жүз сом. Қайтқан мал қайырымен. Менің мойнымда да қарыз боп кетпесін, — деді. — Қолхатымды қайырмай-ақ қойсаң да болады.

Жақып жауап қатқан жоқ, ақшаны да итеріп тастамай, он сомдықтың бірін шиыршықтап отқа тигізді де шылым тұтатты, сосын жерошаққа тастап жіберіп, жанып біткенше өзіне қадалған Мешелдің бәдік жүзін бағып тосып отырды.

— Зауалың, барда, амалың бар ма, есірме!

Заманың барда тас шайнасаң да кесір ме?!

Ақшаның буы — ақымақтың туы деуші еді,

Артынды бақсай, көрпеңе қарап көсіл де!

— вот так вот! — деді Бескемпір — тоның да, қоңың да осы еді, кімге өкпелеп отқа тастап отырсың?

Жақып жауап қатқан жоқ. Ақшаны жұмарлап отырып қалды. Біраздан бері ұстара тимеген бет-жүзі ескіріп, сақалының құйқасы ақжемтір боп түлеп кеткен екен, ұясы омырылып қалған жанарында от та, уыт та жоқ.

— Жасың қырықтан асты, — деді Бекет. — Мекен-тұрағыңды сайламапсың, осы уақытқа дейін түтінің де түзу шықпапты. Жалғыз жолдасың ақша екен, онымен енді араздасқаның тым кеш боп жүрмесін.

Жақып жауап қатқан жоқ. Темекісінің тұқылын көн боп кеткен Мешелдің қара табанына басып өшірді де отқа шырт түкірді. Мешел де түк сезбегендей мыртық башпайларын қылт-қылт қайшылап қойып ысқырып жата берген. Тоқал тамнан мырс-мырс жылаған Лесяның танау тартысы естілді.

— Қазақта пәлсәпа көп, — деді Бескемпір. — Соның бірі, әйел қызғанатын еркекпен қос болма деуші еді. Қызғаныш шырық бұзғаннан басқа не әкеледі?.. Қызған, қызғанба, қатын қағынса бақырайтып қойып та көзіне шоп салады, вот так вот! — деді Бескемпір.

Жақып жауап қатқан жоқ. Жұрт та оған назар салмады. Тыныштықты ат тұяғының тықыры бұзып еді, Шерубайды алдымен таныған Бескемпір:

— Ассалаумағалайкум! — деп атасы қажыдан келгендей қуана тұрды. — Әлей болсын, ақсақал!

— Беу шіркін, Бескемпірмісің?! — деді шал. — Қуға қу намаз шамда жолығысады деп, тағы да тар жерде тоқайластық па?!.

— Ой, ақсақал-ай, құла түздің аңы мен ағашын қорып қыр соңымыздан қалмадыңыз -ау!.. Бізден де құтыларсыз.

— Ол жағын ит біледі. Құтылам ба деп талай ақсарбас шалып едім, әзірге тілегім қабыл болмай тұр-ау...

— Ендеше, бұл фәниге біздің де керек болғанымыз ғой, — деп Бескемпір шалдың тізгініне жармасты. — Ошақ деген аты бар, от басына жүгініңіз.

— Түспеймін, — деді шал. — Шаруам тығыз.

Қанжығадағы жанторсықты көргенде Бескемпірдің көзі шырадай жанды.

— Бұйырған дәм шығар, мынауыңызды шеше берейін, ә?..

Шерубай шешіп ала ғой деген жоқ. Бескемпір де оның ұлықсатын күткен жоқ. Манадан қаңсып жатқан Мешел торсық шалдырын ести сала емініп жетіп барған, Бескемпір қышқаш бауын ағытқанша тыпырлап аттың алды-артын бір айналып шықты.

— Мынауыңыз айғыр ма, азбан ба?

— Ұмасын ұстап көрсеңші, — деді шал.

— Түу, қымызыңыз өлмепті-ау! — деп Бескемпір жорта тыжырынған болды, бірақ, торсықты иесіне қайтарып бермей жігіттерге жағалатып жіберді.

Жасына қарай әуелгі кезек Жақыптікі еді, көңілі шаппағандай торсықты салмақтап біраз отырды да жігіттерге күмпигенмен дәмнен қаша алмай амалсыз сусынға бас қойды. Бескемпірге керегі де осы еді, жылда көріп жүрген "дружбаның" мүшелерін Шерубайға тағы да таныстыра бастады.

— Ал, ақсақал, мынау торсықты басына кептеп жатқан Жақып деген ағамыз болады. Қозы қарнына құнан қойдың еті сияды. Осының көмейін бітейміз деп көшіңіздің соңынан қуа барғалы отырмыз. Анау дәудің аты Бекет, Ғұлама деуші едік. Тұқым-тұяғын, зәузатын, ата-тегін сұраған емеспін. Леспромхоздың аяқ артар есегі де, жегін өгізі де өзі болатын. Қазір бастық, лесхоздың главнай лесничиі. Ал, мынау бүйен сарының аты Мешел. Азан шақырып қойған есімін бір алладан басқа естіген пенде жоқ. Күндік жемі бес литр спирт, бір ішкенде анау лақа ауызға бес саптыаяқ көже сияды.

— Жөн, жөн, — деді шал Бескемпірге разы болғандай мұрнынан жымиып. — Мынауыңды да таныстыра кетпедің ғой, — деп араны нұсқаған.

— Ә, оны дружба деп атаймыз.

— Болса болар, — деді шал. — Мұның ішім-жемі қанша?

— Е, бұған тек бере бер. Бүкіл тайгаңызды түбі құртатын осы болады.

— Құртса құртар, — деді.

— Ал енді өз бұйымтайыңыз?

— Әуелі торсығымды қанжығама байла, — деді шал. — Сосын, анау сайда бір атым үйелеп жатыр, соны сонау қырдың басына жеткізіп берерсіңдер.

— Қарап жатқанша бұл да жөн-ау! — деп Мешел ыржалаң қақты.-Ал оның ақы-пұлы қанша болмақ?

— Ақы-пұлы деймісің?.. Бескемпір жаңа ғана осы жігіттердің ұлтабарын саптыаяқпен өлшеп шыққан жоқ па?!.

4

...Бірақ, желкүрең тұра қоймайды. Қу сүйекте буын жоқ, көзі жасаурап, тырп етпей күрсініп жатты да алды. Кәдімгі күйіктен іші өртеніп бара жатқандай үһілейді.

— Мертіккеннен сау ма?.

— Аузында бір тіс жоқ! — деді Жақып аттың салпайып кеткен астыңғы ернін созып. — Мына шал алжыған шығар, көтерем тулақты көш жерге қалай жеткізгелі жүр?

Жігіттер желкүреңді жал-құйрығынан жұлқылап, дырылдатып жүріп басын ылдиға қаратып еді, сонда да ұмтылмай қойды. Шерубай келіп басына күміс жүген кигізуі мұң екен, күлкі таба алмай тұрған еріккен жұртқа бұл да бір арзан дырду болды. Әсіресе, шалдың шамына тиген Бескемпір; жігіттерді сапқа тұрғызып қойып, қолына шыбық алды да алдымен есекше ақырып, сосын қайдағы бір бәдік өлеңді бастап берді.

— Есегім – ай-дай, есегім-ай!
Неден де болды кеселің-ай?!
Ыстық та суық тиді ме қайдан,
Аздап бір бар ет жөтелің-ай!
Есегім-ай, есегім-ай!..
Әңгілік буып, машине қуып,
Іліндің жұрттың есегіне-ай!
Таң асса суып, тарақтан жуып,
Астыңа кілем төседім-ай!
Есегім-ай, есегім-ай!
Есегім өлді-ау жар басында,
Жыртық желқом жамбасында!..

— Жоқ, жарты бөтелке жамбасында! — деп таласты Мешел.

Желкүреңді өстіп қорлады. Желкүреңді емес, шалдың өзін қорлағандай болып еді. Шеке тамыры білеуленіп, бет-аузы торлама қауындай быт-шыт бой жарылайын деп қалғанда құйысқаннан матастырып байлаған төрт-бес атты жетелеп он алты, он жеті жасар балаң жігіт келді. Ат үстінде отырғанға шіренгені ме, өзінен басқа жұрт бауырынан дәретке отырмайтындай кейкиіп, иегімен сәлемдеседі екен. Тек Бескемпірге ғана қол берді де басқаның ишаратын қабылдамай қойды. Тәкаппарлықтың да размері бар, боталы түйесін өткізіп қойғандай ернінің емеурінін бұлдап, танаураған немені Бекет көргеннен-ақ тұмсықтан қонжитып жібергісі келіп тұрған.

— Кәні, атқа қоныңдар! — деп шал жігіттерді асықтыра бастады. — Қазір анау өзектен қиқулап шабасыңдар. Тек, тура ауылға тартыңдар! — деп әлденені түсіндіріп жатты.

Бекет оған құлақ салған жоқ. Жігітпен іштей егесіп түр еді. Қырсыққандай ол да бұдан көз алмай бажырайды да қалды. Басында Бекет түгілі пері ұстап көрмеген құндыз бөрік, үстіне барша тышқаннан құраған белдемше, таңдай барқыт сыптай шалбарды қысқа қонышты қызыл етікке қынай киіп алыпты. Жүзі кекшілдігіне қарамастан тым жұмсақ екен, қазақ жұртына бөтендеу мөп-мөлдір көкшіл жанарындағы бір ұшқын болмаса жігіт бойынан Шерубай нұсқасын таба алмады; ерні жұқа, қасы жіп-жіңішке де кірпілі ерепейсіз ұзын көрінді.

— Сен осында қаласың! — деген шалдың әмірін естігенде ғана Бекет жұртқа бетін бұрды. Шерубай оның бас-аяғына сұқтана қарап тұр екен, "өгіздей қара күшің бар-ау" — дегендей: — демеуші боласың, — деп бұйырды.

Жылқышының не айтып, не қойғанын түсінбесе де дарақы топ дәурігіп өзекке қарай жорта жөнелген. Бір-біріне телміріп желкүрең мен Бекет қала берді.

Аттың басы кебежедей тым үлкен сияқты көрінді. Қылдырықтай мойын ерепейсіз жүкті көтере алмай, солпиған дорба танау қайта-қайта жер сүзеді. Жанар өшкен, кеңсірік кеуіп қалған, әншейін тықырды естігені болмаса еш нәрсе көріп те жатқан жоқ кіршіксіз қасын анда-санда бір қағып, қабысып кеткен бүйіріне күрсініп қарай береді. Жал-құйрықты демесең, көріп болған адамнан айырмашылығы жоқ сияқты. Ат мініп, ғұмыры саят құрмаған Бекеттің желкүреңге жаны ашыды; тұңғыш рет кәрілік деген зауал барын сезініп, жан қинап тірі өлік болғанша тіл тартпай мезгілінде кете қалғанға не жетсін деп ойлады.

Өзектен қиқу естігенде желкүрең екі-үш дүркін талпынған боп еді, бірақ, серейген алдыңғы екі аяғын бауырына жия алмады. Әйтеуір, дәтке қуат бола ма деп Бекет бүктеп әкеліп сиырша тізерлетіп қойған. Ат дүбірі жақындап қалғанда танауы желпілдей бастады да "қабанбайлап" бақырған шалдың ащы айқайы естілгенде жануар оқыранып жіберді.

Тасырлатқан салт аттылар таптап кететіндей Бекетке тура шапты. Қолында тізгін де жоқ, ердің қасынан құшақтап жалпайып жатып алған Мешел де қорыққанның ойбайы ма, жоқ әлде есіріктің айғайы ма ол да бақырып барады. Далақтаған жұртты қызықтаймын деп Бекет желкүреңнің тұрып кеткенін де байқаған жоқ еді, төрт аяғы қалшылдап, сандала басқан лақсаны "қабанбайлап" жеткен Шерубай мен жас жігіт ортаға алып қақпайлай жөнелді.

Бекет жұрттан қара үзіп жырылып қалған. Астындағы да бір аласұрған жынды екен, тізгін сәл босаса ауыздықты сарт тістеп алып жұла жөнеледі. Әуелде үзеңгісін таба алмай біраз жер бөктерген мөшектей салақтап шауып еді, іші-бауыры солқылдап түйнеп бара жатқан соң ауып қалам ба деп сырт көзден ұялғаннан аяңға көшті.

Алашұбар орманды кейкеңнен әлгі жігіт тағы күтіп алды. Ойқастап олай бір, бұлай бір шығып, Бекеттің қылтасында жүрген үзеңгі бауын ұзартып бергенде ғана астындағы ер -тұрманның жас баланыкі екенін бірақ білген.

— Қай қаланың жатағы едің? — деді жігіт.

Дауысы нәзік екен. Бекет тіксініп қалды. Әйтеуір тіл қату міндет болған соң бұл да кезегін тек жібермей:

— Жатақтың шатағына жолықпай жүр екенсің! — деп тиісе сөйледі. — Әкеңе тартпағансың-ау, тегі?..

— Оны қайдан білдің?

— Әйел дауысты еркекте қуат болмайды, еркек дауысты әйелде ұят болмайды деуші еді... Баяғыдан бері неғып көрмей жүргем!..

— Баяғыдан бері көрмеде жүргем.

— Иә, көрмеге жарайтын көркің бар екен... Атың кім?

— Көркіме қанықсаң бопты да. Атымды сұрап қайтесің, бір көрген келімсекке артық боп жүрер...

— Артық дүниең көп екен әттең ептеп қысқартса!..

— Қолыңнан келсе де... — Жігіт жанасалай беріп Бекетті қыр жіліншіктен үзеңгімен қағып өтті.

Талма жерден тиген тепкіден башпайлары шымырлап ұйып сала берді де бір аяғы үзеңгіде солақтап бос қалған Бекет сілтерге қолында қамшы да жоқ құр бекер қарманып қор болды. Жігіт екінші орап өткенде де бойына қол дарытпады, бастырмалатып кеп еңкейе берді де екі бірдей айылын ағытып жіберген. Бекет елірген атына ие бола алмай ер-тұрманымен сыпырылып түсті де күрең төбел ойнақтап шыға келді. Жігіт қайта орағытып, бір айналды да:

— Атың кім еді? Ұмытып қалған жоқпысың?! — деп сақылдай күліп, күрең төбелді қосарға іле тасырлата жөнелді...

5

...Соныға көшіп қонған жылқылы ауылдың салтанаты жаман көрінбеді. Үй тігілген, қазан көтерілген, түтін тік. Көгалға төселген алаша, көрпенің шетіндегі теңкиіп-теңкиіп жатқан атлас, жібек тысты құс жастықтар кішігірім шөмеледей. Тай-топыр, саяқ мойнындағы қоңырау сылдыры болмаса ауыл маңы жым-жырт. Желі басындағы төрт-бес марқа құлын, мама биелер үйездеп тұр. Ауылға жетер жетпесте құлаған желкүреңге кілем жауып тастапты. Жануар өлгенде де төрт-аяғын баурына алып, атып тұрып шаба жөнелетіндей бүктетіле жығылған екен. Бекет ақ тер, көк терге түсіп ерін арқалап жеткенде жігіттер көр қазып жатқан. Шерубай құйрығы мен жалынан қыл жұлып сілекейін алған соң жабылып жүріп шұңқырға құлатысты да тепкілеп көміп тастады. Мал баласын адамша арулап қойғанын Бекеттің көргені осы. Құлағынан күн көрінген қызыл күрең шал шынтағынан су сорғытып тұма басында ұзақ жуынды. "Өле қалсаң, өзіңді өстіп терең қазып, тепкілеп көметін жанашыр табылса-ау?..". Бекеттің езуіне мысқыл жүгіріп еді, шал соны сезді ме, шағыр көзінің қиығымен шақырая қарады да:

— Шырағым, мен әлі өлгем жоқ, ерімді шалқасынан тастамай оңтайынан қой! — деп зілденді.

Қырсық шал құлдыққа жалдағандай енді болмаса тепкілеп жұмсайтын түрі бар. Бекет терлікті тоқымнан ажыратып аудара салды да ерді шарқ еткізіп ыңыршақ үстіне тастап жіберді. Орнынан сыздана тұрғанына қарағанда шал көңіліне бір нәрсе түйіп қалғандай еді. Көгалға жайған өз дастарқанының төріне қақшиып өзі отырып, былай шық деп өзге жұртқа орын да көрсеткен жоқ. Бекет бәрінен төмен, ыдыс-аяқтың түбіне жайғасқан. Мешелдің тізе бүккені сол еді, жоғалатып төккен бауырсақтың сол жақ шеті омырылып барады екен. Тас құдайдай безерген кезеп шал оның жаялықтай аузын бағып біраз мүлгіп отырды да дастарқанның шетін көтеріп, бауырсақты Мешелдің алдына еңсеріп тастады.

— Сән! — деді.

Үйден шашын иығынан күзеген қыз шықты да кайта кіріп, бір астау бауырсақ әкеліп Мешелдің алдына төкті. Бекет өз көзіне өзі сенбеді. Бойжеткеннің қызыл шырайлы жұмсақ жүзі, кісіге именбей тік қарайтып мөп-мөлдір көгілдір жанары, қымсынуды білмейтін, қиылып жатпайтын киіп-жарма менмендігі әлгі бір әйел бет, әйел дауысты жігіттен аумайды екен. Баса-көктеп келіп Бекеттің қасына жүрелеп отыра қалды да қымыз сапыра бастады. Сусынды әкесінен бастап үлестірген, соңғы кесені Бекетке ұсынып жатып сояудай кірпігін қадап, шаншыла қарады да мырс етіп күліп жіберді. Шерубай қызының бөтен жұрттың алдында ыржақтағанын жақтырмай ызғар танытып еді Бекеттің сүмірейіп, күмілжіп отырғанын аңғарған соң көңілі орнына түскендей кенже баласын тізесіне қондырып, рақаттана сақалын сауып қойды.

Бекет дастарқанға әрең отықты. Қысылып отырып та қыздан көз жазған жоқ. Шынында Сән десе сән екен. Әлгіде ғана ыдыс-аяқтың қасына сырғып қалғанына қорланып еді, енді тізе түйістіре бойжеткенмен қатар отырғанына іштей разы болды. Тұңғыш рет ұрғашының иісін алғандай беймаза сезім көңіліне тыным таптырмады. Мысқыл да болса мырс етіп күлгенінің өзі әйел затына ғана байланысты ошақ басынан өретін жылы ниетті, қыз қолынан татқан дәм әйел затының еркекке деген әлдебір жұрағаттық ықыласын сездіргендей боп еді. Иығында жатқан сағыздай сап-сары шашы ыдыс ұсынып еңкейген сайын уыздай алқымын, ұлпадай бет-жүзін қайта-кайта жұрт көзінен көлегейлеп, шымылдықтай берді. Манағы еркек-шора киімі талдырмаш дененің талай қызығын жасырып қалған екен, тіпті шолақ етіктің қонышы да тоқ балтырға қасақана жетпей қалған секілді. Алжапқыш ұстаған тік жағалы тоқыма көйлек омырау мен жұп-жұмыр мойынның әдемілігін әдейі ашып тұрды.

Қалқан құлақ сары ұлдардың шешесіне тартқан бірі жоқ, шағыр көз қызыл күрең шалды сойып қаптағандай, нойыстау, шетінен озбыр екен. Жатсыну жоқ, жігіттерді иықтап, басып-жаншып бәшәрасын шығарды. Бес-алты жасар біреуі май жаққан бауырсақты Сәннің аузына зорлап тықты да оның есесіне бешпетінің қалтасынан шеколад ұрлап алған, жорта білмегенсіп отырған апасына еңкейе беріп Бекетке саусағын шошайтты да:

— Сен мынаған тиемісің? — деп сыбырлады.

Қыз жымиып күлді де бауырын құйрықтан бір тартып еді өзінің құлағы жетісіп тұрғандай шикі сары қайрылып келіп, "құлағыңды!"... — деп шапалақтың есесін Бекеттен қайырды. Баласына дейін басынған соң Бекет шамырқанып қымызын қылғынып әзер жұтты да кесесін асжаулық шетіне итере беріп ақтарып алды. Берекесі қашқан жігітті шал да жақтырмай қалған сияқты.

— Әсем, сенің қазаныңа тас түсіп кетті ме?! — деп қатынын асықтыра бастады.

Таныс есімді тосыннан естіген Бекет елегізіп қалған. Жаудыраған көзі болмаса бұл Әсем ол Әсемге ұқсамайды екен, қазан мен ши арасындағы жортақтаған жүрісінен жорта болса да күйеуіне назы көп секілді көрінді. Келіншектің түр-тұлғасынан Сәнге ұқсас сипат таппады, шешесі деуге тым жас. Шалдың тоқалы шығарсың деп жорыған. Сонау астанада қалған Әсемді есіне алып еді, бірақ, жаңада көрген қыз келбеті көне таныстың бейнесін көлбеңдеп өшіре берді.

— Ал, жігіттер, бұл да бір біткен шаруа болды, — деді жылқышы балташылардың әр қайсысы шақар көзімен сынай шолып. — Шөп ескі, қымыз бесті болды. Тымпима ойнап қойған сияқтымыз, енді ет келгенше бұйымтайларыңды айта отырыңдар.

Азғантай ат үстінде лоқылдағанға ішек-қарыны қутының басына кептелгендей мыңқиып жатқан Мешел басын көтеріп, шалға үміттене қарады.

— Саудада достық жоқ, — деді отағасы. — Әлгі жемсауына құнан қойдың еті сиятын жемқор сен емеспісің? — деп Жақыпқа шүйлікті.

— Оттай береді бұлар! — деп Жақып қызарақтап қалды.

— О неге?!. Жей біжен де өнер. Анау көк қошқарды көрдің бе? — Шерубай қарағай түбінде жусап жатқан жиырма шақты қой-ешкіні нұсқады. — Құнан емес, бесті. Бар да ұстай бер. Ал сенің бес литірің міне! — деп Мешелге қалтасынан суырып қызыл құлақтарды санамай тастай салды. — Өзің айғыр мен азбанды айыра алмайды екенсің, барып көріп ал, зәкөскең сол көк бестінің бойында жүр.

Бескемпір ендігі нысананың өзі екенін сезіп тез жиналды да тамағын қырнай, қақырынып отырды.

— Сенің көз сатқаның бар-жоғы бір жанторсық қымыз болатын, — деді оған шал. — Әсем, анау тұлыптардың біріне болса айран болмаса шалап құя салшы, сауырына байлап кетсін. Бірақ, сен сығыр тым жұқа едің, бір тұлып түгілі бір тостақты да еңсере алмайсың -ау.

Реті келген соң Бескемпір де тартынып қалған жоқ, қалқанқұлақтардың ересегін жұмсап домбыра алдырды да қағып-қағып жіберді:

— Ақсақал, күнің түсіп қосқа келдің;
Алдыңнан ақ пейлімді тосқан едім.
Ала жаздай сарып боп көң сасыған!
Ақы-пұлға алжыған қошқар бердің!..
Ақсақал күнің түсіп қосқа келдің,
Алдыңнан ақ пейлімді тосқан едім.
Ашудастай ащы екен қолаңсасы,
Ақ мал емес, бұл шіркін шошқа ма еді?!

— Таздан тарақ қалғалы қашан!.. Тыраштанып-ақ болдың-ау, — деп уәжден жығылып қалған шалын қағытқан болып келіншек ара түсті. Үлкен ұлына орамал мен шылапшын ұстатып жатып Бескемпірге менсінбей биіктен қарап еді. — Бүгінде жұрттың кепиетіне тиек бар ма?!. Оның үстіне, Бескемпірдің түкірігінен ауызданса...

— Осы шығыныңмен құтылғаныңа қуансай, — деді шал. — Желкүреңнің тайында алған талай бәйгесінің бірі шығар. Атау бол сын!..

Бекет сыбаға күткен жоқ еді, шал да жұртқа үлестірер әзілі таусылып қалғандай:

— Зәузатсыз келімсек деп таныстырып еді Бескемпір, шырағым сатан атар бар ықыласым рақмет қана, — деді.

Бекеттің жылқылы ауылдан көрген тосын адамы да, тосын естіген әжуасы да жеткілікті болды. "Келімсек" дегенге шамданып, дәміне де қарағысы келмеп еді, шақшып отырған шағыр көз тағы бір әбестігімді тауып ала ма деп шыдап бақты. Шалдың аузына сөз салып берген Бескемпір Бекеттің өкпесін бөліп-жарғандай қайтадан домбыраға жармасты:

— Әзіліңіз қамшыдай көзден осқан Деуші еді асқанға да бір тосқан. Бес байталдың сабасын ұстадым деп, Төріндегі қонаққа төбет қоспан. Жұрт емес жолдастарым келген жұттан, Май орнына жылбысқа мәкүрік жұтқан. Бес байталдың сабасын ұстағанға

Бес арыстың пандығы қайдан жұққан?!.. Жеңеше-ау, бәрімізді кемпір тапқан Кемпір қойған атымды арзан сатпан. Келімсек деп кемітпе бозбаланы, Асыл тастан болғанда ақыл жастан, Қыз өсіріп отырсыз құтқа балап, Құда түсіп қалмайық жұрт сағалап. Пайғамбар да күйеуін сыйлапты дейт, Күні бұрын қайтесіз құл сабалап!..

Көзін тарс жұмып жусап қалған Шерубай дыбысын шығармай сылқ-сылқ күлген болды. Сездірмегенмен, бүлк-бүлк селкілінде қоңынан әлдекім шымшып алғандай қытықшыл тітіркеніс бар еді. Со күлкі қамшы болды ма, танауы қусырылып, талағы жарылуға шақ қалған келіншек білем қазыны орай салған қара самарды ортаға тарс еткізіп қоя беріп Бескемпірге шұқшиды.

— Қайным-ау, бет алдына қыңыр шаппа, Құтылып қаш бұл жерден қыбын тап та.

Келсаптай қып бәрінді кемпір тапса, Келіндері аулыңның қысыр қап па?! Жатқан жылан екенсің ожар кірпік, Абайламай басыппын ажал түртіп. Шүленсімей отырсаң сол да жетер, Шашылма біреу үшін намыс жыртып!..

— Жә, жетер! — деді Шерубай сары мойын кездігін табақтан көтеріп. Келіншектің үні кездікпен кескендей кілт үзілді. Кедейдің кер келетіні несі екен, тоқалдың ер келетіні несі екен демекші, біздің тоқалды бір ауыз сөзбен қоздатсаң, мың ауыз сөзбен өшіре алмайсың! — деді әйеліне іштей разы болған шал оның аруағын көтере, анау-мынау емес Абай сөзіне жүгіндіріп барып тоқтатқансыды.

Қашанда ала қашуға даяр тұратын жылқылы ауылдың желігі ме, әуелде әзілмен басталған оспақ әңгіме жұрт көңілін жетелеп талай жерге апарып тастаған еді. Әу деп ән салып, домбыра қағып көрмеген Бекет тым болмаса Бескемпірге ұқсап бат-бұт белінен басса да бір мысқал сөз өнерінің қонбағанына өкінді. Жолдастарыңдай киіп-жарып кете алмай ортадағы қара самардан да оқшаулау отырып, Шерубай ас қайырғанда алдымен тұрды. Бүгінгі көрген-білгенін көңіліне бір түйіп, сен кешпеген өмір әлі де алда: екен-ау деген ойға қалды. Сол өмірдің ырқына жарасқың келсе қазіргі тірлігіңнен бастап, болашақ мұратыңа дейін сан рет корректура жасаудың қажетін сезініп еді.

Екінші тарау

1

Көкқошқар құлқын сәріден зарлады Бекет те таңмен таласып тұрып еді. Керауыз есік көзінде ұялып отыр екен, күнге қарап көз қысты да Бекетке қарап езуін жалады. Іңірде ымырттап қана кеткен өткінші ауаға дым байлапты, етекте тұман жатыр. Аюлының алжыған ақ бас шаңы бөксесін ақ мамық көрпеге тығып алып мүлгіп отыр екен, орманның әр тұсынан сүзіле қалқыған бозамық түтін мәңгірген кәрі шөңгенің шәйден соңғы бұлау төріндей көрінді; лесхоз шаруасын боздаусыз лаудай пейілсіз көтеретін жалдама жұрт қоқыс өртеңін кеше өшірмей тастаса керек. Жаңа басталған делянканың күнгейінен мал қарасын байқап, Бекет шақар шалмен іштей тағы бір шайқасып алды.

— Мешел!.. Ай, Мешел!..

Керауыз Бекетті суатқа жетелегендей өзен жаққа сүмеңдей жөнелді де соңынан ешкім ере қоймаған соң ирелең соқпақтың қылтасына барып шоңқайып отыра кетті. Бес итарқаның бесеуі де тым-тырыс, ең шеткі Лесяның күркесі йен қалған сияқты.

— Мешел!..

Бос науаға телмірген көк бесті тағы қақсады. Тегі қыста туып, үйде отыққан арамза неме ме, жемірлігі сиырдан жаман да иісшілдігіне керауыз төбет ілесе алмай қалды. "Дружбаға" алтыншы ауыз болып қосылғалы қабырғасы тұтасып, құйрығы керсеңдей боп барады, бөксе жағынан да осындағы әйел жұрағатынан жалғыз ұрғашыны басып озатын түрі бар.

Мешелдің масаханасын көтерді. Түнемел мөшектің күләпарасынан жылтиған бет-ауызы үйінен сығалаған ұлу секілді екен. Өтірік ұйықтап жатыр.

— Әй, сен осы әтек емессің бе?

— Немене, түс көріп пе едің?

— Әтек еркек мал жияды деуші еді.

— Ит біледі. Оны ана мал иесі Жақыпқа барып айт, подводный флот қой.

— Өй, сен де бір көк бесті секілді тіл мен жағыңа сүйенген заржақ екенсің!

— Көк бестіден нелерің артық? Бәрің де теке сасып барасыңдар!.. Боз ала таңнан сұңқылдап, о несі ей?!.

"Дружбаның" қазіргі қонысы Шерубайдың ескі жұрты еді. Қыр басының тынысы кең, масасы аз, әрі өзенге жақын, малшының ізін қумаса балташыларға да күн жоқ; тапталған сүрлеу, қазулы жерошақ, отынның қалдығына дейін етек көтеруге бұлданатын еріншек жұртқа пайда. Торғай екеш торғай да дәу қарағайдың бұтақтарына самсатып ілген жылқының қу бастарының кеңсірігі мен көз ұясына жүн-жұрқа тасып ұя салып жатыр. Бұғы мүйізіндей тарам-тарам мама-ағашты айнала-айнала көк бестінің мойнындағы кендір арқанның бір – ақ тұтамы қалыпты. Бекет шешіп жібергісі келіп оқталды да көк қошқардың отқа қашпай қос тінтетін мінезі есіне түсіп бөгелді. Шілде туса да өлі жүні қырқылмаған, тілін салақтатып бүйірі, солқылдап тұр екен.

— Әй, мынауыңды қақсатпай отқа байла. Жабағысын қырық. Әйтпесе бауыздап таста!..

Мешел дәл қазір тұра қоятындай, тұрса жүгіре қоятындай саусағымен нұқып тұрып санап айтып еді, ақыры сөзін босқа шығындап, күр жаманатты болды да қолды бір сілтеп суатқа тайып отырды.

Бекеттің қитығына тиген көк қошқар да емес, көптен бері жинаған ашуының түрі осы. Соны иесін тауып айта алмай, әйтеуір орайына іліккені Мешел болған соң қоразданып жатқаны да. Әйтпесе, өз аузымен оттайтын хайуанның, егіздей көмпіс Мешелдің не кінәсі болсын. Жеті жыл бойы жалғыз жертөле тарлық жасамаған "дружбаның" Аюлыға көшіп келгелі бері бес итарқаға симағанына таңы бар. Ерлі-зайыпты деген Жақып пен Леся да екі қос. Әуелде ошақ бұтынан озбайтын от басының кикілжіңі ме деп еді. Жігіттердің де әзілі таусылған сияқты, екеуін алдарқатып, сөзбен лекерлеген болады, бірақ, көлгірсігенге үзіліп қалған көңіл шіркіннің дәнекері жалғансын ба. Жақып сасай болған бұғының бұқасындай көптен бері сүлесоқ та Леся күйеуін кеше ғана жерлегендей бар дүниеге сұлық, тек Бекетпен бетпе-бет ұшырасқанында жанарында бір от жылт етіп жанады да сөнеді, бойындағы бір сезім ояна беріп өшеді. Бекеттің қысылатыны да осы. Өзіңді жек көретін әйелді алтынмен арбап жеңе алмайсың, жақсы көретін әйелді жалбарынсаң ақылмен суыта алмайды екенсің. Осылардан аулағырақ болғысы келіп еді, орталықтағы торт бөлмелі пәтерден көрі түздің салқын итарқасы төр жайлаудың шүйгініңдей тартады да тұрады, оның үстіне қоңылтаяқ тірлікке көндігіп қалған басы жігіттердің күлді-көмеш көжесін аңсап, көрпесіне таласқанды айхай дәурен санады. Баяғы білектің күшімен алатын ақшаңды, аузыңа түсетін асыңды ғана білетін барықсыз күн мүлдем басқа екен. Кісі боламын, кісі көңілін табамын деп қаншама тыраштанғанмен, сол өнер қона кететін бақ, кие салатын бешпент емес көрінді. Тегі "тасқабақтар", "мерзавчиктер" бітеуліктен ғана емес, мұңсыздықтан да туатын болса керек.

Бұрынғыдай көшет өсіру, орман қорғау, сияқты бірді-екілі борыш қана емес, лесхоз шаруасының қазіргі әуресінде шек жоқ. Алты бірдей бөлімшенің бас-аяғын шолып шығуға ат аяғы түгілі машиналардың доңғалағы да шыдай бермейді. Ағаш дайындайтын, құрылыс материалдарын, химиялық шикізат дайындайтын шаруашылықтар, цехтар қосылған. Қожа біреу, мал ортақ болсын деп аң шаруашылығын да лесхозға кіріптар етіп теліп еді. Осынау бүкіл әбігерді табиғатты қорғаудың бар проблемасын бірыңғай шешу мақсатымен лесхоздың өзі сұрап, тілеп алған. Тілеп алған аурудың емі табыла бере ме. Казлестің көмейін ағашпен бітеймін, лесхоздың көшеті мен ербиген бұтасының есебіне жетемін деп мысқалдай миын кубометр мен гектар жеп басы қатты.

Тұсаулы торы шолақ шоқтығын дірілдетіп, тітіркене теріс бұрылды. Керауыз күңде аттың танауына секіріп арсалаңдап қалушы еді, Бекеттің қолынан жүген көрмеген соң өзенге тура тартты. Иесіз шелекті иіскелеп отырғанын көргенде жігіт тіксініп қалған. "Ендігі жетпегені осы еді!.. Бұл жұрт біреуге азабын жүктемей өз ажалынан өлсе болмай ма?!"...

Жүзінде өлгісі келетін адамның реңі жоқ. Буға отырып шыққандай екі беті нарт қызыл. Аспан көзі мұздай боп шарасында қатып қалған екен. Еріні дірілдеді. Иіс майдың бабына емес, балтаның сабына үйренген ірі саусақтары мен алақаны Бекеттің бетінен сипағанда сиырдың тіліндей осып түскен. Тек көктеуінен қақ айрылайын деп тұрған тырсиған көкірегі омырауына кептелгенде барып жігіттің қара табанына дейін бір ысып, бір суыды. Сезімге болмаса сөзге сараң келіншек үн-түнсіз Бекеттің бұғанағынан құшырланып тұрып бір иіскеді де резеңке етіктің тар қонышын тоқ балтырымен жырта, жүрелеп отыра кетіп тізесінен құшақтады.

— Кетемін, — деді келіншек.

— Қайда?

— Білмеймін... маған енді балта көтеріп, ағашпен алысуға дәрмен жоқ... Үш ай боп қалды... бет те жоқ...

Бекет жалтақтап итарқаларға қарай берді. Қайтып жағынарын білмеген Керауыз да ортаға келіп қыстырылып еді, келіншек қолқасын түсіре қос өкпеден қойып қап қуып шықты. Төбет сонда да қыңқ етпей соқпаққа барып шоқиып отырды. Күзетке отырды. Мақұлық та болса айналдырған бес адамның қас-қабағын жаттап алған зымиян неме өз міндетін жақсы білетін еді...

2

...Белуардан шық кешіп делянкаға жеткенше Бекет пен Бескемпір малмандай болды. Дымқыл ауаға кептелген өртеңнің кешегі түтіні әлі сейілмепті, шала күйген қылқан мен шайырдың иісі бықсып, іркілдеп тұр, атам заманда йен қалған үйдің сыз жалқақты иісіндей жеркенішті. Түкіріп тастаған темекінің тұқылын сорғандай көкірегін сасық ыс тырнап Бекет тыжырынып қалды. Жеркенішті шалшыққа аунап шыққандай тітіркеніп, көңілі де кірлеп тұр. Отырып етігін шешті. Шалбарының балағын сықты. Дүниеде бір нәрсеге разы болып, бір нәрсеге құлқымен құлап көрмеген Бескемпір қазір де жегелі отырған асынан қылшық шыққандай тыжырынып:

— Немене, төсектен теріс аяғыңмен тұрып па едің? — деді. — Бас терісің бүгін келіспей қалыпты ғой?!.

Бекет оған аларып қарады да қойды. Соқадан бұрлыққан ала көз өгіздей бақырайып, сілейіп отырған жігіттің жанарынан нұр да, ой да тапқан жоқ. Күнде басып жүретін сақал-мұртының бір қапталы көкала, бір қапталы жез, самайына шапқан ақты да Бескемпір бүгін көргендей.

— Аузыңа ала жүннен күйек байлағанда аруақ қонады дедің бе?!.

Сақал-мұрттың қауқиған бөрте түбітінен бе, әлде шелі қалыңдайын деген бе, құлағынан шықшыты озып, керсен бөксе асқабақтай етіп күмпие бастаған Бекетің мәйекті ұртына Бескемпір сұқсиып қарады.

— Ит-ай, кәлләң аттың басындай екен-ау! — деді. — Құда қаласа, қарын-сұрын жағынан да Әбдіжапардың бітеу бұғалтірін қуып жететін шығармыз!..

— Оттапсың! — деді.

— Енді не қалды? Көки жүріп көңіл жұбатпасақ аң боп барамыз. Қазан-аяқтың мес бордақысы Мешелге дейін теке сасып кеттік деп тұлан тұғып жатқан жоқ па?!.

— Қатын ал! — деді. — Жазған неме, жаратқанда зәріңе дейін мысқалдап өлшеп берген жоқ шығар!..

— Сен осы, жұрттың күшін қанасаң да жанын тонамасаң қайтеді?..

Бекет тіксініп қалды.

Мешел мен Леся жығылған ағаштарды сыптап, бүр мен қабықты шөмелелеп үйіп жүр екен, Жақып "дружбада" жалғыз қалыпты. Бескемпір қолына сүймен алып бригадирге беттеген. Айналып қайта соқты.

— Жорта жұмсасақ да Жақып пен Лесяны қалаға жіберіп ал, — деді. — Ұрғашы ғой, жолы жіңішке болған соң жұртқа сырын айта алмайды... Миыңа бірдеме бата ма, маубасым?..

"Пәле той, мына ит!.." Тұнығына түкіріп жібергендей табан астында жек көріп қалды. Жұрттың пиғылын аңди ма?.. Тағы да қай ұрамды ашар екен дегендей қуыстанып теріс бұрылған...

...Қарағайлы бытқыл шалғы тигендей біраз ауқымы жапырылып қапты; бөктер-бөктерден дөңбек сүйреткен тягачтар, бульдозерлер мен тракторлар қиқым тасыған құмырсқалар сияқты, қатар-қатар үйілген бұтақ пен өрім шошақтары илеуіне ұқсады. "Қауыпты зона" дейтұғын делянканың етегінен жылқы өріп келе жатыр екен, Бекет жылқышыны іздеді.

3

Молақ қопарған "С-100" азан-қазан болып жер тарпып жатқан. Борпылдақ қара топырақ қамырдай езіліп, жылан бауырдың ырсиған тістеріне тиянақ болмады. Желе-жортып келген Шерубай тракториске әлде не деп айқайлап еді, естімеді ме, елегісі келмеді ме, итеңдеп рычаг тепкілеген жігіт кісі деп қарамаған соң құрықтың ұшымен тақыр қолтықтан пісіп алды.

— Әй, жауыз! Анау бетіндегі бедірейген без бе, әлде көз бе? — деп Шерубай оның тарбайған танауына тағы да құрық тіреді.

— Көз болса қайтейін деп едің?!.

— Бездей қып ағартып жіберейін деп едім! — деді шал. — Артыңа айналып бір қарашы!..

Көпшіктің қалыбына соққандай талтиып қалған қотанаяқ тракторист жыланбауыр табанмен жорғалап трактордың көттігіне барды да адырайып аспанға қарады. Аспанға қарап тұрып белдігін босатты. Сосын желдің ығына бұрылып, бір шоқ бұтаны желпи суарып шықты. Күре тамыры көгеріп кеткен қызыл шал атын тебіне түсіп тағы да құрығымен балқарағайдың мылжа-мылжа жас көшеттерін түрткіледі.

— Әй, ләухи! Әкеңнің көз құны қалмаса, мына балапан ағаштарды неге таптайсың?!.

Жігіт міз баққан жоқ. Міз бақпаған қалпы қитығып шалға қарады. Қарап тұрып:

— Әй, шал, сен осы алжыған шығарсың?! — деді. — Атаңның көрін таптадым ба?! Жоққа қыстырылмай жайыңа неге жүрмейсің?!

Жігіттің де жынына тиген қолтыққа батқан құрықтың уыты. Шелтиіп тұрып шырт түкірді. Шалдың бетіне түкіргендей кабинаға шіреніп кіріп еді. Дойыр қамшы қақ жауырыннан сойып өткенде жон арқасына ыстық құрт құйғандай тырысып біраз тұрды да парлаған көз жасын білегімен бір сүйкеп, дөңбектей кілтті шалға оқтала секірген, бірақ, сілтеп үлгермеді, омыраулата соққан аттың екпінінен мұрттай ұшып, етекке қарай кескен томардай ұмар-жұмар шырқап берді.

Бекет ойран-топырдың үстіне келген еді. Жылқышының да, атының да танауы тасырайып кеткен екен. Екі иіннен дем алған шалда тіл-ауыз жоқ. Тұздай шақырайған сілеусін көз сынайын деп тұр.

— Сотқа беремін! — деп жыламсырады қан жеген иттей аузы-басы сатал-сатал тракторист.

— Құдайыңа бар! — деді шал ежірейіп. — Құдайың мынау ма? — деп қамшысымен Бекетті нұсқады. — Қосақтап қойып қойдай бауыздаймын!..

Шыны ма дегендей тракторист мыштай болды. Ләухи десе дегендей, байғұстың бас терісі де келісіп тұр екен; тақтайдай теп-тегіс төрт бұрыш төбесіндегі ежиктеп қырыққан есіріктеу қалың шаштың әр қылшығы тебендей, шапсаң шалғы батпайтын тәрізді; жиырылған қатпар-қатпар маңдайдың шалғайындағы жымырық құлақ, кеңсіріксіз бөкен танау еліге толмайтын иек пен жиексіз езуді тұншықтырып тастапты. Бекет ертегіден елес боп тірілген кейқуаттың кежір шалдан таяқ жегеніне еріксіз күлді де албастыдай төнген жылқышының кейпін көріп ығысайын деді.

— Ақсақал, мұныңыз текті адамның істейтін қылығы емес сияқты, — деді алыстан орағытып.

— Тексізге күнін салған соң тектіден не қасиет күтіп едің?! — деп шал шаңқ ете қалды. — Шүкір, тілің сынып қалыпты. Қара жаяу ма деп жүрсем...

— Ақсақал, тіл деген шіркін жақ түскенше қақсай береді. Онан да жылқыңызды тезірек қайрыңыз, қауыпты зонаға өтіп кетіпті.

— Малдың аты мал, хат танымайды, қағаз оқымайды! — деп жылқышы құрығын тақымына қыстырды да қара кердің бел ортасында қақшиып отырған қалпы онсыз да елеңдеп тұрған құр аттың езуін шамырқандыра жұлқып қалды. — Заманнан отыққан жайылымы, өтсе өрісін тапқаны да! — деді.

Желіге алаңдайтын сауын емес, саяқтың үйірі салқын ағаштың ішіне кірген соң соңыны шалулап взрывниктер жүрген қалың томарға таяп қалған екен. Бульдозерлердің табаны да, шамасы да жетпеген соң қия беттегі алып молақтар мен томар тұқылын динамитпен қопарып өртеңге жинайтын болған. Соны біле тұра, қауыпты зонаны шырық айналдыра, қаққан трафареттерді көре тұра Шерубай да қырсықтай жабысып балташылардың қыр соңынан қалмай-ақ қойғаны: лесопотология жөнінде инженердің басын жарғаны үшін он бес сөтке аудан басында қонақтап қайтса да беті қайтар емес. Ағашқа күл түсіп, күрт жеп жатқанында шаруасы жоқ, әйтеуір ит тұмсығы өтпейтін ну орманның көз алдында қарзиып тұрғанын мәз тұтатын көрі көңіл шыбық біткенді араның тісі мен балтаның жүзінен қорғап әлек. Қазір де қырып салатындай қара кердің қолқасын қорсылдатып желе жөнелді.

Бақырып-шақырып, дөй-далаға шуласқан берекесіз жұрт қыр басынан жылқының алдын етекке қайыра бастаған еді. Кенет күрс-күрс, күтір-күтір еткен қопарылыс жер сілкінтті де аспанға атқан топырақ пен ағаш жаңқасы бұршақ аралас қара бұлттай солаңдап тұрып алды. Есірген жылқы тоз-тоз болып шұрқырай жөңкілді де есеңгіреген шал оқ тигендей атынан ауып түсті. Бекет жүгіріп жеткенде құлағын басып қара кердің бауырында тырайып жатыр екен. Танымағандай бақырайып аспанға қарады. Қопарылыстың толқыны соқты ма деп Бекеті құлағына айқайлап еді:

— Немене, шалықтап жатыр деп пе едің?! — деп әдетінше орнынан ысқыра тұрды.

— Шүкір, тіліңіз сынып қалыпты! — деді Бекет есе қайырып. — Бір-екі аятқа сауатыңыз бар ма еді? Мәді тура осы төбенің астынан шығады деген.

— Қарыз болмаспыз, бес намазды түгендемесек те мұсылман санатында бар сияқтымыз...

— Е, онда қорқыныш жоқ екен. Жердің жыртығына құлайтын кәпір мына біз болдық та...

— Оқыған итке дауа жоқ! — Шал уәжден ұтылса да жығылып жатып құлақтан тістегендей жігітті іштей болса да балағаттап тынды...

...Қыр басына біраз жұрт жиналып қалған екен. Қас-кірпігін шаң басқан жігіттердің бет-жүзі әлемтапырақ. Ортада серейіп жатқан Жақыптың басында мырсылдап Леся отыр..

— Не болды?

— Не болғанын саған айтпаса, бізге әлі тіл қатқан жоқ, — деді Бескемпір Бекетті ала көзімен ата.

— Мозготресение, — деді Мешел..

— Не дейді?

— Мозготресение! — деді. Мешел. — Қара құсына тас тиіпті. Көк қошқардың терісіне салып жазып аламыз ғой, — деді.

— Әй, шатпай жайыңа тұршы! — деп Бескемпір Мешелді кейінірек итеріп тастап, Жақыптың езуінен тамшылаған қанды сүртті де үрейлі топқа: — Бас-басыңа бақсы болмай вертолет шақырыңдар! — деп Бекетке бұйыра сөйледі.

Шерубай арша тұтатып аластап көріп еді, Жақып оған да бүлк етіп белгі бере қойған жоқ. Аяқ астынан келген апатқа өзі кінәлі екенін сезген шал қысыла қипақтай, ақыры:

— Ажалы жетпесе әлі-ақ тұрып кетеді. Керман соғысыңда мұндайдың талайын көргенбіз, — деп жұртты жұбатқан болып, өз басын арашалап құтылды.

Бекет Мешелдің "мозготресениесінен" еш нәрсе түсінбесе де Бескемпірдің шөлмектей түсінен бригадирдің екі дүниенің ортасында жатқанын сезген...

4

Бозғылт шұбар шаңырақ жерге жақындап қалған. Қара орманның көкжиектегі тұтасқан сілемі қара жартастардың өркеш-өркеш жақпарындай ырсиып, боз шаңырақтың күмбезін түртіп тұр. Боз шаңырақтың керегесінен жамырап түскен жұлдыздар қара орманның көк тіреген найзалары қонақтап алған. Тек, аспаннан биік Алтайдың ақ бас шындары еді. Бүкір бел, жалы күдірейген жон атаулының бәрі де сол ақбас шыңдардың аяғына барып жығылған жағымпаз, жабы тіршілік сияқты. Тайганың түні тым-тырыс. Тайганың түні мақпал қара. Аюлының бөктерінен көз-көз боп жалтылдаған түнгі оттар төрт жиегіндегі қадау-қадау балауыз шырақтай көрінген. Жылқыны ымырттап қайтпақ болған Сән өргендегі көз-көз оттарға көп қадалды. Көңілі әлденеге жетелегендей.

Жылқы бырдай боп жусаған. Тек үйірін күзеткен сақа айғырлар тана шеттеп қалған бірді-екілі тай-жабағыларды қалың топқа қуып тығып, Сәннің алдын кес-кестеді де иісін алып, иесін таныған соң төпелеп тастаған тезектерін қайырылып бір иіскеп кете барысты. Кезек-кезек ысқырып безек қаққан жылқышы торғайдан басқа ұйқы торыған тірі мақұлық жоқ. Сән иығына батқан бердеңкесін тақымына қыстырды да ат басын Аюлының бөктеріне бұрды.

Ес білгелі еркекше киініп, ерден түспеген жылқышының жалғыз қызы қысы-жазы қиыр жайлап шет қонған жалғыз үйдің қызығын әлдеқашан тауысқан. Қайғырса қабағы бұзылмайтын, қуанса атынан жарылмайтын, ошақ басының апшысын қуырып, өз тәкаппарлығын өзі қызықтаған өзімшіл әкеден басқа қарайлар ешкім де жоқ. Онда да әкелік пейілін малданғаны болмаса, мейір күткен емес. Көпшілдігі жоқ, көкшілдігіне еріп жорға атанамын деп-ақ ытыр болды. Жұрт ыққа бұрылса, желге қарайтын қырсық шал өз кесірінен етегін былғағанынан басқа тапқан мұраты да шамалы. Әйтеуір, ыздиып киініп, ысқырып сөйлегенге мәз. Біреудің тырнақ көбесіндегі кірді аңдитын кірпияз байғұс тәкаппарлығын ат көтергенмен алашқа сыймайтынын білмесе керек. Лесхоздың бес жүздей қыл құйрығын әкеден қалған мұрадай қызықтай қорып, соның буына пісіп, соның желігінен жемсауы шағанақтап жуансып жүргені. Онан соңғы ермегі мынау қара орман. Өкіметтің дауын, ағайынның жауын сатып алып, қысқа ғұмырын қырық пышаққа салып түгесетін түрі бар. Атамекенім демесе, топырағында жатқан арғы-бергіден аруақты әулие де жоқ, бабасының қайда, бақыр басының қайда қалғанын бір құдайдың өзі білсін, енді он екі ағайыннан шөмейіп кеп таусылған жалғыз басына болашақта бір төмпешік бұйырмаса...

Шешеден ерте айырылып, әке қолына қараған Сән өзінің қыз екенін он үш жасында бір-ақ білді. Туған босағасын жатсына бастағаны да биыл ғана. Сегізінші класты бітірген соң мектепке барғысы келмеп еді. Оқу-тоқу мен кісілікті кітаптан емес, кісінің санасынан іздейтін шал да қарсы болған жоқ. "Жат жұрт" дейтұғын болашақ ғұмырдың тауқыметін іші сезгенмен, сол бір ауылдың төбесі қайдан көрінері қыз көңіліне беймәлім. Оның үстіне "ауылдағының аузы сасық" деп менменшіл көкірек көктегіні армандағысы келеді, бірақ, көктегі пері жер басқан пенденің қолына қона бере ме. Өз бойын ешкіммен теңестіріп көрмеген, көргендердің көркіне жығылмаған тыраштығы да әке табиғатынан жұққан кедей кербездік, шағын тәрбие, сараң тәлімнің тортасы. Бірақ, мінезінен тартып, қылығынан аты шығып көрген жоқ. Шалдан соңғы жалғыз үйдің кішігірім тентек құдайының өз билігі бір басына жетерлік. Бетінен ешкім қақпайды, біреудің бетінен алған бейбастақ та емес. Кайта, өз бойына шақ инабат пен еркелігі, ошақ басынан озбайтын әйел затына тән сынық та наз қылығы жарасымды-ақ. Қолына қамшы ұстаса, еркекпен терезем тең түсті дегені емес, құрық алса, әкеге деген қолғабысы да емес, аяқты санап баспайтын, санап табақ тартпайтын малшының кең қолтық тірлігі, қысқа жіп, қыспа күрмеуге қарысқан қысастығы еді.

Өрт шалғанда бір басқа, тайгадан бұрын-соңды қолдан жіберген мұндай отты көрген емес. Күзге салым балқарағай соққан орманшылар, мектептің оқушылары болмаса лесхоз » сақшылары жер ошақ қазуға да ұлықсат бермейтін. Жылда ағаш отырғызып, дән себетін лесхоз, биыл сол ағашты отаумен, өртеумен әлек. Ауылдың іргесі, егін жайдың аңызы болса бір жөн, қиянның орманын, қияның қорымын тазалаған өлермен жұртты да бұрын-соңды көргені осы.

Құйындай үйіріліп, сатыр-сұтыр гүрілдеген ағаш үйіндісінің жалыны жақындаған сайын биіктеп, бет шарпыған ыстық леп пен шайыр иісі тамақты қырнап барады. Түн баласында алыстан көз тартып, мен мұндалайтын қалтырақ от қасына келгенде үрейлі екен. Жарық маңындағы қараңдаған адамдардың нобайы да көлеңкедей зорайып көрінді.

5

От басындағы адамның тыстағыны андамайтын әдеті, қараңғыдан суырылып шыққан ат танауына Бекет пен Бескемпір үдірейісіп біраз тұрысты. Сән кері бестінің шылбырын ердің қасына қаңтарып, қарға адымға дейін келгенше таныған жоқ. Бекет танығаннан кейін де шұрқырап үстіне түсе қоймады. Қолындағы сүйменін қадай салып, арсалаңдап алдымен әзілін ала жүгірген Бескемпір.

— Адастың ба қарындас, айсыз түнде?
Ағат болса, обалың айсыз түнге.
Айдай жүзден өпсем бір моншақ үзіп
Апаңа аңғалдықпен айтып жүрме!.. —

вот так вот! — деді.

Деді де аш кенедей жабысып қыздың бетінен сүйіп алды. Сүйдім дегені Бекетке көз қылып жорта жасаған қыр еді. Жорта болса да құлағының сыртынан құшырлана иіскегені рас. Әншейінде мұндайға толқи қоймайтын ерке қыз жігіттің сұғанақ танауы бұтағына бір сүңгіп шыққанда демі дірілдеп, денесі от қарып өткендей ду етіп барып сөнді.

— Ал, қауышып болсаңдар бері келіндер, араз болмасақ та арбаса отыралық, — деп Бекет жалмаңдаған қызыл жалынның көмейіне екі-үш айыр бүр лақтырды да оттан алыстап, қураған мүктің үстіне қыңырая кетті.

Қыз көңілінің іздегені Бескемпір емес, Бекет сияқты еді. Жітіттің өзіне деген салқын жүзін, немкетті сұлай кеткен салбөксе түрін көріп бірден тосырқап қалды. Тез суынып, әлгінде бір бу шарпыған денесін қырсық құрыстап, осында мен несіне келдім деп іштей өзін-өзі сөгіп тұрған. Сонда да, қас қалқанша қырық құбылатын қыз қылығына салып, іштегі бұлқынысын сыртқа тепкен жоқ. Қанжығасынан жанторсық шешіп ортаға лақтырды да кері бестінің ауыздығын алып, қыл арқанның ұшын от басына сүйрей келді. Кері бесті тұрған орнынан қалт еткен жоқ. Бекет шырпы лақтырып жасқаған болып еді, құлағын жымырып айбат шекті де әрі-беріден соң тебермендей бөксесін төсеп тұрып алды.

— Көліктің қырсығына дейін қайдан тауып мінесіңдер? — деп Бекет шымшып көріп еді.

— Лесхоздың жетін өгізінен көрі аяқ артуға жарайды ғой, — деп Сән одан асырыңқырап, кекесімен от көсеп жіберді.

— Мал иесіне тартса майталман болады дейді қазақ...

— Қазақтық қай сөзіне сеніп болады!..

- Өзіне сенбеген адам кінәні қазаққа жабады да... әйтеуір, қазекемнің септелмеген кезі болсашы!..

Алдымен өрт шыққан мұржаның аузын бітейін деді ме, Бескемпір жанторсықтың қылқынын шешіп, Бекеттің қолына ұстата қойған. Қитығып жатса да қыз дәмін қайтарған жоқ, күні бойы түтін қауып, қаңсып қалған кенезесі қымыздың қолқа жарған қош иісіне төтеп бере алмады да енді бір сәтте жігіттің күлді көмеш жүнді ауызы сорайған танауымен қоса жанторсықтың қылдырықтай өңешіне сүңгіп бара жатты.

Жылқышы ауылдан күрс етіп мылтық атылды.

— Көкең саған қайт деп жатыр, — деді Бескемпір, сосын Сәннің бердеңкесін алып бұл да күмп еткізді.

Қарағай дүр сілкініп қоқым шашты. Өсек тыңдағандай құлағын салып мүлгіп тұрған кері бесті көзін ашты.

— Белгілі болды, түсіндік, — деді Бекет. — Тәулігіне екі дүркін мылтық атылушы еді, сол кезде жол торуға болады екен ғой.

— Құр дәрімен қалай қорықпай жүрсің? Аю кездессе қайтесің? — деді Бескемпір. Бердеңкенің патронын суырып иесіне қайтарды.

— Адамның арамы болмаса, орманның аюы жол торымайды, — деді қыз.

"Арам" дегенді Бекет өз әдресіне қабылдады. Сосын қажап қалғысы келді.

— Адамның арамы қандай болады екен?

— Ұрсаң тоқпақ, кессең пышақ батпайды. Жолы жеңіл. Тасы тауға домалайды. Аттың жемін жеп тұрып, есектің ақырынан да жеркенбейді. Қашанда жылы-жұмсақ, жылы орыннан үміткер. Оған кесір болатын соңғы мінезі... Дос-жаранның уайымы қабырғасына батпайды. Жар сүйіп те жарытпайды. Бұғанда өзі кінәлі... Жетті ме?..

— Осының бәрін қайдан оқып жүрсің?..

— Құрық ұстаған — сыншыл, қайшы ұстаған — міншіл демей ме.

— Ал, балта ұстаған ше?

— Ол бір бай болып жарымаған, бақсылық дарымаған дуана ғой...

— Сені кадр бөлімінің меңгерушісі етіп қою керек екен.

— Оған қолыңызға билік тигенде шақырарсыз, — деп Сән лып етіп орнынан атып тұрды.

Буыны қатпаған қыпша белін, қыпша белді қынап киген былғары шалбардың тырсылдаған сауырын, құлын жарғақтың көкірегін тепкен омырауын көзімен ішіп-жеп қала берген Бекет қыздың бұрынғыдан да бой түзеп, құлпырып кеткенін аңғарды.

Бескемпір бердеңкені ердің қасына іліп, жанторсық пен арқанды қанжығаға байлады.

— Құдайы қонақты шығарып салмаймыз ба?.. Жүрерде бұйымтайын сұрар болар еді...

Бекет қиқайған қалпы қылп еткен жоқ.

— Тасы тауға домалаған жігіттің құдаймен жұмысы қанша!.. — деді.

Қыз жанарында "сені ме!" — деген кекшіл от кетіп еді.

6

Осы бір ит мінезі көңілін аузына, ауызын көңіліне жеңдіре алмай-ақ қойды. Қызға қызыққаны рас, жек көргені өтірік. Енді қазір қызыққанына да күмәнданып жатыр. Көзінен тайып еді, әлгі бір тұсақ бөксе, ту сауырды қайтып елестете алмады. Отыздан асқан соң от суи ма, баяғы бала кездегі іңкәрліктің бірі жоқ. Көгілдір аспанға қарап, балалықтың көгілдір сәтін іздеді. Сол бір көгілдір елес аспанның биігінде қалған секілді... Көгілдір аспан. Алатаудың көк тіреген көгілдір шыңы, көгілдір шыңнан үзіліп түскен көгілдір сәуледей қыз көкірегіндегі көк жібек костюм... Сөйткен Әсем де көптің бірі боп тірліктің қым-қуыт көп қатпарына сіңіп барады. Ол да бір, әншейін, көңілге тат тұнбаған балалық шақтағы көгілдір арман екен ғой. Әлгі қыздың айтқаны рас. Арман қуған — ауа қапқанмен бірдей, жеткізбеске құрық салам деп жүргенде күйлі тірліктен құр қаласың. Сонан соң да торт аяғыңды тең ырғап жер басып жүргеннің өзі артық. Ол үшін мәнсап та керек, билік те керек. Мәнсап пен билік сезімге қос болмайтын, сананың ғана еншісі емес пе екен?..

Белдеудегі коп оттардың жалақтаған тілі қысқарып, орман қарақұрық тарта бастапты. Тайганың аспаны да қарақұрық, төбеден милықтата басып, түтін мен шайыр аралас азон иісі тынысты таяздата түскен тәрізді. Өрт кетпесін деп оттың жиек-жиегін қымтап, бықсыған сүйменнің қалдығын қызыл шоққа лақтырып жіберді де өзенге беттеді. Әр өртеңнің қасына күзетке қалдырған адамдардың қарасы да көрінбейді. Жанынан айғайшы кетсе жан сауғалап, көз алдаумен күн кешкен жұрт шаруаға да үнемшіл-ақ. Үлкен-кішісі де, төресі де, қарасы да қалай жұмыс істеудің тәсілін емес, қайткенде жұмыс істемеудің қулығына қылап болып алған. Шерубай шал айтпақшы, оқыған итке дауа жоқ...

Өзен бойының шығы қалың, шықшыт жүніңді үрпиткендей ауасы дымқыл екен. Арнадан гу етіп лап қойған салқын леп қақалтып тастады. Сәлден соң сарайы ашылып, рақаттанып қалды. Жиекке түсіп жуынды. Ертеңнен бері қысқан бір шөл әлі қайтпаған. Су ішейін деп еңкейе беріп, бежірейген өзінің бет-жүзін көрді де желкесінен әлдекім бас салып тұншықтыра қоятындай атып тұрып, жар басына жүгіріп шықты. Артына бұрылып қарап еді, қап-қара боп ысқырып жатқан өзен тұңғиығы қорқынышты екен. Сол тұңғиықтан әлдене бәлекеттер былдыр-сылдыр, былдыр-сылдыр бұрқылдасып өкшелеп қуғандай болды да алды-артына қарамай зыта жөнелді. Ес білгелі қатты сескенгені осы шығар, артында қалған бұта-қарағанның сыбдырынан да жонарқасы шымырлады. Келген бойда шеткі итарқаға арсы-күрсі қойып кеткен.

— Өй, жын ұрды ма?!. Ездің ғой!..

Шошып оянған Мешел тұра алмай мөшек ішінде мөңкіп жатыр екен.

— Аю қуып келеді! — деді қысылғаннан.

— Әй, қойшы! — деп Мешел кейіп қалды. — Көзіңе қос көрінген де. Біз сияқты арамдарға аю тиісуші ме ет?! — деді.

"Арам" дегенді Бекет бір түнде екі рет естіді. Бұл жұрт бірінің аузына бірі түкіріп қойған ба, әлде бүгінгі тірлікке біреу түкіріп кетті ме?.. Көрші итарқадағы түнемел мөшекке жете алмады, қара іздеген саяқтай тығылып, Мешелдің қасынан кете алмады. Бұл да жалғыздықтан жалыққанын сезді. Не болса, ол болсын, уһ деп таңғы тірлікті тәңірден күтіп киімшең қыңырая кетіп еді.

— Немене, бұзауың жамырап, айраныңды ит ішіп кетті ме?! — деп күләпарасын тас бүркеніп алған Мешел қайта тірілді.

Ит демекші Бекеттің есіне Керауыз түсті. Ымырт сайын бес итарқаның тұрғынын еркелеп келіп есіктен санап кетуші еді. Ертеңгісін қыр басында аспандағы вертолетті бағып ұлып отырғанын бір көрген. Жақып пен Леся кеткелі вертолеттің жердегі көлеңкесін қуалап дал болатынды шығарды. "Тышқан аулап жүрген де" — дей салды Мешел Бекеттің сұрағына. Көк қошқардың қан-жыны таусылған соң қазанның қара қаспағы Мешелдің өзінен де артылмай жүр. "Итті де иесімен қина" деген осы екен-ау... Жақып сорлы...

— Жақыпты қаладағы бөлініске алып кетіпті, — деді Мешел бейжай масаң есінеп. — Жағдайы крізснай, құлағы әлі тас керең деп Әбдіжапар айтты. Саған сплавконторға соғып, осы жұмадағы дайындалған ағаштың сбодкосін берсін деді.

Әбдіжапар айтса өтірік болмағаны. Әбдіжапар жеткізген жамандықтың әзірге қалт кеткені жоқ. Бұл жұрт арамның кім екенін білмей қор болады-ау түбі. Қорықсаң Әбдіжапардан қорық. Мақтасаң соны мақта. Заслуженный маладес!.. Леспромхоз жабылса да жағаға шығып қалған жоқ. Жылап жүрсе де бір пұшпаққа жармасып, өз нәпақасын жұлып жеп жүр. Жұрттікіне де көз сатып қояды. Ағаш дайындау лесхоздың билігіне тигелі сплавконтораның шаруасы соның еншісінде қалған. Шағын да болса шала құдай. Үш айда казлес, облыстық басқарма мен госкомитеттен үш дүркін комиссия келіп, лесхозды үш дүркін аударып-төңкеріп кетті. Сиғат домалақ арыздың иесін жазбай таныса да Әбдіжапар қыңқ еткен жоқ. Бекет те дым істей алмады. Қызметтен шығарса, қудалады дейді. Сөксе, өзара сынға қысым жасады дейді. Түбі, арызқойдың тірегі мықты. Әбдіжапарлар тым-тырыс, тып-тыныш. Түк білмегендей. Түк көрмегендей. Шығыны жоқ. Шырқы бұзылмайды. Маладес!.. "Жауыңды" жер қаптырудың ең мықты құралы осы. Жұмыс істетпейсің. Жан тыныштық таптырмайсың. Көңілі ала, ұйқысы шала. Бар пәле, бар жалаға жауап қайырып, жұртты, қала берді жұрағатты арашалаймын деп қан жұтып жүргенде әуелгі мақсат, адал мұрат адыра қалады да жүйкесі тозып, әбден қажыған соң өзі-ақ қайың сауып қаңғырып кетеді. Әбдіжапардай "жауыңды" өз қолымен өзін тонатып, өз кеңірдегін өзіне шайната білсең, майдандасып, қылыш суырып, сөз суарып қызыл шеке болудың не қажеті бар. Маладес!.. Ойпыр-ай, бұл да өнердің үлкені екен-ау!.. Әлде бір газетте әлде бір жазушы арыз айдаудың ақыл-кеңесінен консультация беріп еді. Арызқойлардың академигі болса да ол сығырың Әбдіжапардың қасында жіп есе алмас...

Бекеттің іші қазандай қайнады. Қарап жатып Әбдіжапардың тірлігін қызғанғандай. Жылқышының қызы тауып айтты. Аттың биік ақырына ұмтылғанша, есектің жеміне семіргеннен оңайы жоқ. Ат байғұс жүрісінен жаңылса да сын коп. Есек шіркіннің әңгілігі де, мәңгілігі де кешіріле береді, қосарыңды шайнап, қорадағыны күнде тепсең де елеп жатқан ешкім жоқ. Тек ол үшін оқта-текте тиетін таяққа төзімшіл, намыссыз болу керек -ау... Онда тұрған не бар? Жұрттың бәріне төренің төрі, қарт аяқтың қамы жете бере ме. Бедел мен бақытты биліктің қамшысы әпереді деп жүрген кім өзі?!. Дардай лесхоздың дырдай бас орманшысы болсаң да жатқан түрің мынау, қымыз мүңкіген жылқышының қызына да бетіңнің қызылын өткізе алған жоқсың!..

Іргедегі қара мөшек толқын аударған салындыдай от жаққа домалап түсті. Тұп-тұтас бітеу денесі тюленге ұқсаған.

Күләпараның астындағы жылтыраған көзі іннен сығалаған жыланның басындай екен.

— Түс көріп жатырсың ба, ей?! — деді.

— Ұйықтап жатырмын.

— Ұйықтаған адам жәйіне жатпай ма екен.

— Жәйіне жатпаса, аузына келгенін оттап жатады да.

— Оның рас, ей! — деді. — Мен де өзіммен өзім оттасе-еп жатырмын. Өңімде жағасына қолым жетпейтіндерді көрпенің астында мес қылып тепкілеп алдым.

— Дүниеден тепкілесіп өтетін жұртпыз ғой.

— Бәсеке де... Мықтыны жұрттың бәрі жыққысы келеді. Қапысын іздейді. Мықтыға бәрі өш.

Бәсеке ме?.. Әлдіні әлде бір әлжуаз итше тепкілеп жатса, әділет пе, жоқ па, көзі жетпесе де былайғы көп пенденің жаны кіріп, айызы қанатыны несі? Осының бәрі мықтының бағын, жақсының сағын сындырудан туған қызғаныш еместігіне кім кепіл? Кейде, "білімсіз бірді жығады, білімді мыңды жығады" деген пәлсапаның да батасы теріс. Әйтпесе, "мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма" — деп ақын неге жылаған?.. Одан бері де көп ит жабылып көк итті талағанын талай көріп жүрген жоқ па...

Сызылтып сары маса ән салды. Масахананы итарқаның аузына кере салуға екеуі де ерінген. Қорғалап туған ай жатағанның жүзіндей боп қалың самырсынның желкесінен жаңа сығалады. Ай астындағы Сұлушоқының төбесі аңырап тұр екен. Сүттей аппақ жонында ала құйын бар. Алыстағы құйынның сырмасын көріп, Бекет терлеп жатып тоңғандай денесі түршікті. Мешел әлі бақырайып жатыр.

— Слушый, — деді. — Менде ақша бар, — деді. — Көп ақша. Ғұмыр бойы жиғаным.

— Қанша?

— Елу бес мың, бес жүз елу бес сом, елу бес тиын.

— Атаңа ас беруге жинадың ба?

— Өзім де білмеймін... Әуелі мың болсын деп едім, одан он мың, оның ар жағында елудің төбесі көрінді. Енді жүзге жеткенше жұлыным үзілетін түрі бар. Біреулер қатынының жуан бақайына дейін алтын жүзік кигізеді дейді...

— Ал, маған не қыл дейсің?

— Алдымен ақшамды кассіге өткізіп бер.

— Өзің арқалап жеткізе алмай жүрмісің?

— Маған кім сенеді. Тым болмаса тұрдабай кнешкем де жоқ.

— Қорықпа, кассаға өткізген ақшаны қайдан алдың деп ешкім тексермейді. Заң солай.

— Солайын солай ғой...

Өз еңбегіне өзі сенбеген сорлы-ай! Өз малының өзінікі екеніне көзі жетпейді. Ақша... Адам орнына ақша, бала орнына ағаш жинайтын да мода болды-ау. Бұл Мешел бұдан жеті ж і,іл бұрын Бекет Алтайға келгенде дүние терген тайганың қоңызы еді. Жұрт жылына бір дүркін қаңғытып қайтып оралғанда бұл орманнан аттап шықпапты. Өлсе сүйегі орамалда қалатын шығар.

— Осы сені іздейтін артыңда біреу бар ма?

— Екі іні, бір қарындас.

— Ойпыр-ай, тас бауыр екенсің?

— Бұл күнде кімге кімнің бауыры езіліп жүр дейсің. Өзің кімді жарылқадың? Бар жоғымды қазбалағанша, ептеп мені аяқтандырып жібер.

— Бақайына алтыннан жүзік тағасың ба?

— Аяқ-басын алтындағаннан қатынның бәрі алтындай болса бұл дүние жұмақ боп кететін еді ғой. Ол, әншейін, ақшаның марқына сенбегендердің ойлап тапқан аяғынан жүретін долгосрочный кассасы да.

— Осыншама қулықты біле тұра жер басып қалай жүргенсің?

— Жер басып жүрсін десең мені бір обходка обиезшік етіп тағайында. Тіпті пожарный постқа, түкпірге қусаң да разымын. Алтын менің не теңім, тек баспанам, ертенді-кеш қорасын тазалап, қоңына қарап семіріп отыратын бірер тұяғым болса жетеді. Қырықтан асқанда пенде боп мен де түтін түтетіп көрейінші.

— Ел ішінде отырсаң қайтеді? Қатынды да іргеден іздейсің.

— Ел іші алтын бесік дейсің ғой?.. Бекер. Ел емес, еңбегің асырайды. Ал, еңбек деген шіркін біреудің көзіне түсу үшін емес, көңіл жұбату үшін қажетті кесіп сияқты ғой. Әйтпесе аштан өлетін мен жоқ.

Көңіл үшін?.. Мешелге де пәтуә қонайын депті-ау. Артынды бағып, тәубеңе келмеске шара жоқ. Жеті жыл отасқан итарқаның Мешелге де тар бола бастағаны. Жеті жыл бойы мал табар серіктесі болған адаммен атынан жарылып сөйлескені осы екен. Әлгі қыз, дос-жаранның уайымы қабырғаңа батпайды деп пе еді?.. Дос-жаранды қиялдан іздегенде, қасындағы пенденің көңіліне бір үңілмепті.

Мешелдің көзінен өтірік таппады. Аядай итарқаға алакеуім мұң төккен ай сәулесінің сағымында мұңға толы қос жанар мұзта қатқан қара мендей тасырайып қапты.

Ысқырған өзен сарыны ызғар әкелді. Ызғарлы лептен итарқаның төбесіне жапқан сағдар қалтырады. Жатағанның жүзіндей жыртиған айдың жарты күлшесі маңдайшадан қашып барады екен. Сұлушоқының әлгіңдегі аппақ жоны да көгілдір тартып өшіп барады екен. Қара орманның сілемі таң қарашысына ұласып жайылып кеткен. Самырсынның ыздиған ұшар бастары теңселген сайын көкжиектің етегін сыпырып қайтып, шығар күннің жолын аршып жатқан сияқты.

Тайганы тітірентіп ит ұлыды. Керауыздың үрей шақырған өксігі мен Мешелдің өңменнен қадалған мұңды жанары әлгі бір тұңғиық судағы өз көлеңкесін Бекеттің есіне салды да бақайшағына дейін шымырлап, сасқанынан іргеге теріс тоңқая қалды.

7

Өріске келгенде түн ортасы еді. Қыз кетем демеді. Жігіт кеткісі келмеді. Келісіп қойғандай Бескемпір үн-түнсіз кері бестінің ерін сыпырып, аяғына арқан шалып отқа жіберді де Сән үн-түнсіз екі тоқымды қарағай түбіне бөліп төседі. Сосын екеуі екі жерде томпиып үн-түнсіз ұзақ отырысты. Жел ме, барша тышқан ба, ағаш басынан томп-томп бүршік домалатты. Бескемпір қарағай діңін теуіп-теуіп қалған. Бір емес, екі тиын құйрықтары собалаңдап, қалықтап барып көрші самырсынның басына қонды.

— Бекер үркіттің, — деді қыз.

— Ендеше кісіге тиіспей жайына жүрсін!..

— Мен де кішкентай кезімде оңаша жолыққан қыз бен жігітке талай рет тас лақтырғам.

— Алдыңа келтіргені екен ғой...

— Солай болғаны да... Қыз болам, қызылға көзім түседі деп кім ойлаған. Үйге келген қонақтардың жамбасына су төгіп, түн ішінде көйлек-шалбарларына көр жерді нығарлап -нығарлап қарағай басына іліп кетуші едім. Тіпті болмаса, қамшысын тығып, қанжығасын кесіп алып қалатынмын.

— Талайды зар илеткен жауыз екенсің-ау.

— Айтпа, мені көргеннен-ақ зәрезеп боп, аттанғанша асығатын. Талай қыздың бұрымын қиып, ит қосып едім.

— Осы сен әйел затын неге жек көресің?

— Ит біледі... Өзім де сол көп ұрғашының бірі болғандығымнан шығар... Он үш жасымда өгей шешем үстіме қыз киімін жапқанда мен үшін дүниенің бар қызығы бір-ақ сәтте оңып кеткендей боп еді. Қуыршақ ойнап, кесте тігіп көргем жоқ. Енді міне, түн күзетіп, біреудің тыныштығын бөліп отырған түрім мынау. Қалай?.. Бір жігітке жақсы қатын болуға жараймын ба?..

Бескемпір сасып қалды. "Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас" байғұсың осымен екі дүркін ұзақтайды. Сәнмен бірге атырса да қыз көңілін аулайтындай қызу көрсете алмапты. Жазға салым Бекет жоғалатын жаңбырлы түнде де өзінің шатпағынан, Абайдың тақпағынан озбап еді. Қысылғанда бар амалы дос-жарандарын жер көкке сиғызбай мақтау, әйтпесе, өзін өзі әжуа қып, әбден сүмірейтіп, кебенек кигізіп жіберетін әдеті. Бұл жолы кімді мақтаудың, кімді мазақтаудың ретін таппады. Сан сапырылып, тозып біткен картасының көзірі де, тұзы да таусылған екен. Махаббат деген болады, сүю -күю деген бар деп көлгірсуге естияр қыздың омдай қысыр әңгімені кәперіне де қыстырмайтынын білді. Тісерлікті еркелікпен жауып, сезімді емеурінге жеңдіретін еркін мінездің қатпарында көн жібітер наз қылық, қара төпеуге жеткізбейтін жүйрік көңілі мен найза бойламайтын қулықтың да жатқанын іші ұғып отыр. Сосын арам тер болып босқа шабудың қажеті қанша. Тоқымын сүйреп кеп Сәннің тізесіне басын қоя қисайды. Өтірік еркелеген бұралқы иттей қай жағымнан таяқ тиеді деп жасқанып, сақтанып барып жатқан. Енді қыңсылауы, құйрығымен жер сабауы ғана қалып еді. Сорына ма, багына ма, әйтеуір, қыз да бойын тартпады. Ағашқа арқасын сүйеп, екі қолын қарақұсына жастай кербез керіліп отырған. Бескемпір күзетсіз қалған құлын жарғақтың өңірін ағытты да қыздың аш құрсағына танауын тығып кіріп-ақ кетіп еді. Қыпша белді құшағына орап алып маужырап бір көз жұмғысы келген.

— Мына жатысыңызға жол болсын! — деді.

— Сағынып қалыппын! — деді.

— Кімді?..

— Мен жеті жасыма дейін омырауға таласып едім, — деді.

— Мүмкін, он торт жасыңа дейін көкжамбас болған шығарсың?

— Болдым, — деді.

— Онда он жылдықты бітіргенше жалаң бұт жүрдім деуден де тайынбассың.

— Жүрдім, — деді.

Не десе де көнейін деді. Бірақ, жауабының өтірігі жоқ еді. Осындай бір жылы құшақта тұншығып бір жатқанды ғұмыр бойы аңсағаны рас. Жалаңаяқ, жалаң бұт кездердің ызғары күні бүгінге дейін бақайынан кіріп, миын шаққандай, күні бүгінге дейін өңі түгіл түсінен кетпей жанарына бұрыш, кірпігіне мұз боп қатқандай.

— Түу, демің ыстық екен! — деді қыз.

Бірақ, керілген қалпы қолын қарақұсынан түсірген жоқ. Жігіттің ыстық деміне, қырсаудай құшағына елтіп күрсінген де жоқ.

— Сен шынында сәуегей екенсің, — деді жігіт. — Бекетті аямап едің, мені де бір сынап берші.

— Мен жұрттың ішінің ылайын да, талайын да көзінен оқимын.

— Ендеше, оқып көр, — деп Бескемпір шалқалап жатты. Қыздың кежиген иегін көрді, қараңғыда аппақ бұғағы қара суда жүзген аққудың алқым төсіндей көрінді.

— Түнде тұс жорымайды дейді қазақ. Дегенмен, азабың көп болса да сен бақытты екенсің.

— Оны қайдан білдің?

— Өзің айттың ғой... Ананың ақ сүтіне жарыған бала бақытсыз болмайды.

— Ол, байғұс ананың содан басқа жұбатары болмаған соң баласына амалсыз иігені де.

— Ал мен шешем қайтыс болғанда бесікте жатыппын. Өгей шешем есікте жүрген қол бала екен.

— Бәсе тым жас сияқты.

— Онда тұрған не бар?

— Не болушы еді... мына мен сенен он сегіз жас үлкенмін...

— Мен сенен жасыңды сұрадым ба?..

Бескемпір үндемей құтылды. Үндемей жатып білгісі келген бір түйінді шешіп алғандай. Бұған дейінгі көп қалжыңды қыздың шалдуарлығына жорушы еді. Бірақ көңіл құлағанмен отыз деген итіңнің тең ортасы оты лапылдаған балғын жастың буынан қорқады.. Әлі сірге көрмеген шу асаудың жалына қол салғанмен жүген-құрыққа тоқтата алса жөн-ау. Тек бір тояты, қысылып-қымтырылуы жоқ, тең-тұстастай жараса кететін ашық-жарқындығы. Адамды тұсап тастайтын да осы мінезі. Дос-жарандай сыр бөлісіп, қош болып отырып, артынан қос болайық деп дүңк еткізуге дауасы жетпей-ақ қойды.

— Менің не ойлап жатқанымды білесің бе?

— Білгеніңнің бәрін айта берсең қызда сыр, жігітте қыр қала ма.

Бескемпір бұдан әрі қажамады. Оның үстіне жоқтан өзгеге жұрттың мазасын алып тақымдай беретін өзінің ығыр мінезіне ыза болды. Қыз тізесінде керіліп жатқанға дүниенің төрт құбыласын түгендеп болдым деді ме екен?!. Көпе-көрнеу құнын түсіріп алғанына өкініп қалып еді... Жүзінен дым сездірмеді. Бұрынғыдай аспанға кейкиіп жұлдыз санауын қойып, төмен қарап телміріп отыр екен. Шашын ұйпалақтаған жұп-жұмсақ алақанынан от өрілгендей төбе құйқасы шымырлады да маужырап жатып қыздың ыстық ернін іздеген. Бірақ, бұрынырақ ұмтылған пысық қол ерінді ерінге жеткізбей қос бұрыммен жігіттің бет-аузын жаба қойды.

Курс етіп жылқышының аулынан мылтық атылды.

— Көкем мені іздеп жатыр, — деді қыз.

— Ұрсатын болды ғой?..

— Ұрысып көрген емес.

— Жақсы көреді ғой?..

— Жақсы көргендіктен емес, көкем сенген адамымен түс шайыспайды.

Жатағанның жүзіндей имиген сынық күлше тас төбеде тұр екен. Жұлдыз сиреп, боз аспанның өңі тоза бастаған. Шығыс бөктердегі қарағай басында елканың төбесіне қадаған бес жұлдыздай жарқырап жалғыз Шолпан қалыпты. Бұлдыраған боз жонда бырдай боп жылқы жатыр. Бір-бірінің шоқтығына иегін артып үйездеген тай жабағылардың, төрт тағандап мүлгіген шартық биелердің сүлдері қарауытады. "Қайтатын уақыттарың болды" — дегендей жалы жер сызған жалбыр айғыр арқандағы кер бестіні қарағай түбіне қуып әкеп тастады.

— Қызық, — деді Бескемпір. — Жылқының түрегеп ұйықтайтыны несі екен, ә?..

— Және тәулігіне бір-ақ сағат, — деді Сән. — Жарты сағат ымыртта, жарты сағат таң мезгілінде.

— Айғырда неге ұйқы жоқ?

— Олар күндіз желі басында жусайды... Табиғаттың заңы... Ұры да, ит-құс та жылқыға жусаған уақытында тиіседі. Айғыр емес, қораз екеш қораз да мекиенін қорғап қырғиға айбат шекпей ме...

Бескемпір бердеңкені күмп еткізді де ер-тұрманды ала тұрды.

8

Кер бесті ізден танбай сүмеңдеді де отырды.

— Мынауың иісшіл ит сияқты ғой.

— Ит те жеті қазынаның бірі, — деді Сән. — Бірақ, қазақ ешуақытта малға ит демейді. Әсіресе жылқыға.

— Ырыс кетеді деуші ме еді?..

— Ырысты да ит шайқамайды, адамның өзі шайқайды. Гәп жылқының бәрін түсінетіндігіңде, өкпелеткеніңді де, еркелеткеніңді де сезе қояды.

Қыз қала ғой демеді. Бескемпір қалғысы келмеді. Ақыры екеуі бір атқа сиыспаған. Жайдақ мінгесуге қыз арланды. Жалпиып ерге өзі отырып алуға Бескемпір батпады. Таңғы шыққа Бескемпірдің керзі етігі қарындай созылып, шалғын қаққан жұқа шалбарының тізесін қара санына қағанақтай жабысып қалды. Былғары шалбар, құлын жарғақты сәнге кие ме деуші еді, қыз киімінің мәнісін енді түсінді.

Малмаңдай су болған жігіттің қалтырап келе жатқанын сезіп, Сән шалғынды жарып алға түскен. Күнгейдегі шағаладай қос киіз үйге жеткенше артына қайырылып қараған жоқ. Үш ит арсалаңдап келіп қамағанда ғана Бескемпірден жасқап ұрсып тастады да кер бестінің шылбырын өз қолына алды. Бір-біріне телміріп біраз аялдап қалған.

Үй жақтан шал қақырынды. Шелек салдырлап, бұзау мөңіреді. Шапанын желбегей жамылған шал құманын солаңдатып ойға түсіп барады екен. Дөңгеленген домалақ тоқал қазықтағы қасқа бұзауды ағытып, қызыл сиырды шағанақ қарыннан теуіп тұрғызды. Үлкен үйден қарнын қасып қалқан құлақ сарылардың кенжесі шықты.

— Жуырда бесінші інім болады, — деді.

— Қыз болса ше?..

— Жоқ, ұл болады! — деп кесіп айтты.

— Сенің орныңды басатын да біреу керек шығар.

— Жоқ, мен орнымды ешкімге бастырмаймын! — деді.

Қара шаңырақтың оң жағындағы отау үйдің аузы-мұрны тас бүркеулі. Бау-шуына ыс тимеген аппақ.

— Әкең көмекші жалдаған ба? — деді.

— Көмекшіні қайтсін. Біз де отау иесі болуға жараған жоқпыз ба.

— Оң жақта отырған қызға отау тігуші ме еді?.. Келін түсірсе бір жөн.

— Күшік күйеуге де баспана керек шығар! — деп қыз кер бестіге қарғып мінді де көзінің қиығымен жігітті сынай барлап тебініп қалды.

— Енді қашан жүздесеміз?

— Жүздескеннен жүз жаңара ма? — деп Сән жүре жауап берді. — Оны қоныстың жаңғыруы біледі... Жуырда төр жайлауға көшеміз!..

Бескемпір көмейіндегісін айта алмай жұтынып қала берді.

9

Күн қырқадан бүгін де қадалып шықты. Әдетте сәскеге дейін жердің шығы мен қолат -қолаттың боз тұманы қалың бүкке қоңыр салқын тыныс беруші еді. Бүгінгі қапырық таңғы ошақтың түтіні сөнбей жатып-ақ тайганың сызын жұтып қойды да қылқан сасыған жылымшы бу алқымнан сығып, тұншығып тұрды да алды. Көкжиекте иықтан басқан көгілдір түтін жатыр.

Бескемпір өзегі талғанын сезді. Жауырын қақпағының асты удай ашып, алақаны мен қара табаны күйді. Енді қызуы көтерілетіні хақ. Өкпе де. Туберкулез деген итіңнің анда-санда өстіп қыңсылап қоятыны бар. Бұл шіркінмен он жыл бойы ырылдасса да құлан-таза құтылмай-ақ келеді. Ұрып жықпаса да ине жұтқандай имитіп, айдың өларасында әбілет басқандай екі иініңді алып жейді де тұрады. Ол кезде дүниенің құны да беш тиын, сүлесоқ тұрып, сүлесоқ жүріп, әйтеуір, сілекейдей созылған ит ырғылжың бір тірлікті бастан кешетіні бар. Қазір де жон арқасын малшыған жылбысқа терден жеркеніп келеді. Мынау тымырсық күн тынысты ғана емес, дыбыс біткенді өшіріп тастағандай күндегі араның ызылы, балтаның тоңқылы да естілмейді. Йен жұрттың үстінен шыққанда ертеңгі күннің жексенбі екені есіне бір-ақ түсті.

Жерошақ суға толы. Мосыда шажамайынан жыртылған суыр құлақшынды милықтата киіп алып Мешелдің қырық жыл сүйреткен құрақ күпәйкесі қонжиып отыр. Итаяқтағы шайындының шеті бұзылмапты, тегі Керауыз қара қосқа қайтып жоламаған болуға керек. Аузына томар кептеп алып, мелшиіп-мелшиіп бес итарқа тұр. Итарқаны көргенде көз алдына шағаладай ақ отау елестеді. Ақ отаудың есігін түріп, қиылып тағзым еткен келіншек елестеді.

Көрінгеннің есігінен сығалап, босағасынан телмірумен жарты ғұмырын тауысыпты. Тағы да біреудің ошағына табынышты болуды мұның маңдайына жазып қойып па?.. Бірақ, қаңғыбас атанып, тайганың соқпағын тоздырғанда да қай жағаға барып тоқтамақсың?..

Жігіттерден жасырып темекі тартатыны бар еді, бригадирдің жабығын қопарып бір қорап прима тауып алды да қалтасына салып жатып қайта суырды. Кеше ғана дәм-тұз татысып бірге жүрген азаматтың ғарып болғанда артында қалған қара қосын тонағаны көңіліне келді. Сосын екі-үш талын құлағына қыстырып, бірін тұтатты да қалғанын орнына апарып тықты.

"Тағы тайганың" екі айда он күнді одгулы бар. Он күнде ортан қолдай үй тұрғызуға болады. Он күнде сол ортан қолдай үйді ішіп құртуға да болады. Үй-күйі барлар тым болмаса кір-қоңын жуып қайтады. Бескемпірді жалықтыратын да, аздыратын да осы он күн.

Аш өзекке тартқан темекіден көзі қарауытып, басы айналды. Суыр құлақшынды милықтата киген Мешелдің қарақшысына жүгініп, мүлгіп отырған жігітті жүген сылдыры мен ат аяғының дүңкілі оятты. Бие жетелеген мыж-мыж кепкен шал екен.

Бежірейіп бетіне қараған Бескемпірден шошынды ма, анадайдан үдірейіп, атының тізгінін тежеді.

— Әй, қарағым, жылқы ауыл қай жақта? — деді.

— Шерубайдың қызын айттырайын деп пе едіңіз?..

— Ә?.. Торта майдан қылшық іздеген кірпияз неме қазаққа қыз берушіме еді. Қызын кәйтем, айғыры керек! — деді шал. — Бәтшағар, әлгі Әбдіжапардың есегіне сенем деп мына жатырың кепкір жылда қысыр қап аузымды ақтан кепердей қылған жоқ па! — деп жетегіндегі ыңыршағы ырсиған лақса кәрі биесін кендір тұсаумен қабырғадан торс еткізіп бір салып қалды. Байғұстың кірпігі де жоқ, көзі ірің, айналшығы құрттап тұр екен, әйтеуір, тірімін дегендей кепкен шалдың бес тал сақалынан озбайтын сабау құйрығын шипың еткізді.

— Биеңіздің тісі нешеу?

— Ә?.. Тісеуі деймісің? Аяқты малдың қашан тісегенін кім аңдыды дейсің. Маған келгелі жиырма дүркін қар басты ғой.

— Онда келген ізіңізбен кейін жүре берсеңіз адаспайсыз.

— Ә?.. Не дейді құдай?!. О сығыр шыбын-шіркейге қамалып осы уақытқа дейін ойда нағып отыр? Айтпақшы, насыбайың бар ма?

— Насыбайым бар-ау, бірақ тығыны бітеу.

— Мейлі, ендеше бопросыңнан әкел. Маған қоламта иіскесем де жетеді.

Кепкен шал кеуіп қалған мұқыр саусақтарына сигареттің бір сабағын қыстырып алды да кендір тұсамысып шошаңдатып келген ізімен томпылдай жөнелді. Айғырдың иісін алмақ түгілі иесін танымайтын тулақтан кепкен шалдар өсім дәметіп жүргенде, қырыққа жетпеген сенің қызығың әлі мол екен деп Бескемпір өзін-өзі жұбатты.

Жиырма бес шақырым — тайгада ит өлген жер. Жалғыз тастап кеткені несі деп Мешелдің біраз ішін кептіріп, төркініне апарып тастады. Не болды, қайда жүр деп қайғырмайды-ау итің!.. Құдды, жұрт соңында қап көргені осыдай-ақ елегізіп, жетімсіреп қай-қайдағыны қопарды. Пысынатып, иығын қиған рюгзакты да шешіп алып итше тепкісі келген. Бұқтырманың сағасына түскен соң бұғылы ауылдың өгізі болса да бір көлік кездесе ме деп еді, қас қылғанда қарайып ешкім шықпады. Әйтеуір, орманның бүгіндей емес өзен табанында мизам көтеретіндей желемік бар екен. "Қарағайлы" қашсаң бір жеткізерсің деп алдымен қатқан нанның қоқымы мен қара суға қанып бір тойып алды. Өзеннің шуы, араның ызыңы мен сайраған құстың сан түрлі үні адамның буынын алып, кәйпі қылатын шербеттей шипалы-ақ қой шіркін. Бескемпірдің жүргенінен жатқаны көп болды. Жол жиегіндегі телеграфтың он бағанын санап тастайды да он минут аяқ суытады. Жол қысқартуға да жақсы екен, боздаған қоңыр үні көңілдің мұңын шерткендей жалғыз жолаушыны жетелейді де отырады. Кейде балалығы есіне түсіп, бағандарға құлағын басып сарнаған сымдардың мұң-зарын ұзақ тыңдайды. Соғыстың сұрапыл жылдарында маңданта кеткен әкелерінен бір жапырақ хат күткен өңкей жетімектер осы бағандарға жабыса қалып, тым болмаса бір ауыз бірдеме жеткізер ме екен дегендей "әло, әло" деп таспен қойғылап жататын. Көп жетімекке көп батандардың не айтқанын кім білсін, әйтеуір өз құлағында қалғаны боздаған осы бір қоңыр үн. Ақ түтек боранда ащы зар, сырмалы сары аязда үскіріктің ызғырық ызыңындай болып та естілетін. Күні бүгінге дейін құлағына серік болған көп ызың, қаздиып-қаздиып келіп шағын ауылдың іргесінен таусылатын телеграфтың көп бағандарынан қалған сияқты. Қалайда осы сымда бір сиқыр бар. Әйтпесе, жер түбінің сан – сапалақ хабарын қас қағымда қалай жеткізеді? Әйтпесе, қос ішектей домбыра мен қобыздың шанағына қазақ деген халықтың бүкіл әуенін қалай сиғызған?.. Соғыс бітті, ел тойынды деді. Бұл сонда да ат бақты, арбакеш болды. Қолы жеткен ең биік мәнсабы — қойма мен кеңсенің күзеті еді. Сонда да үстінен тәйтері түскен жоқ. Баспанасы — кеңсенің босағасы, тыңдаған әні — қабырғадағы құлақты телефонның боздаған үні болды. Сонда он үш, он торт жаста екен. Ауыл бетін көрмегеніне де жиырма жылдан асыпты-ау...

Жүз баған. Он шақырым артта қалыпты. Артыңнан алдың әлі алыс екен. Алдыңда бұралаңдаған жол жатыр. Бұл да бала кезден таныс. Көрген жол. Көрген өткел. Аяғын санап баспаса да арттағы қысқа ғұмырын да санап жіберген уақыты коп екен. Әйтеуір, өз басына сабағы жетер ұлан-ғайыр сияқты. Қайтпас сапарға аттанған әкесін де осы жолмен шығарып салған...

...Бес жастағы сәбидің көз алдында киноның үзік-үзік кадрындай сурет қалыпты. Тозбайтын, оңбайтын, қатып қалған суреттер... Сықырлаған аяз екенін біледі. Анасының мұны аркасына таңып тастағанын біледі. Анасының арқасында таңулы жатып, шағыр аспанды көрген. Шағыр аспаннан шақырайып, қылаудай қадалған шадыр жұлдыздарды көрген. Содан соң... қыстың науа жолында ілбіген жалғыз шананы, шана соңынан ілбіген он шақты адамды көрді. Қолындағы түйіншегін әлдекімге ұсынып жатып, шешесінің кемсеңдеп жылағаны есінде. Содан соң қасат қарға құлап түскен шешесінің арқасында тұншығып жатып өзінің бақырғаны есінде. Одан соң... ызыңдаған телеграф бағандары...

...Тағы да сол шағыр аспан. Шағыр аспаннан шақырайған мұп-мұздай жарты күлше. Тағы да таңулы жатыр еді. Қолшанада жатқан. Қатып қалған жарты күлшенің сынығын шайнап-шайнап, тісінің қаны аралас умашты анасы аузына тыққанда қақалғаны есінде.

— Өл! Өлмейін десең жұт! — деген. — Сен болмасаң көзімді баяғыда құртып тынатын едім! — деген.

Ішкі жақтағы нағашысын сағалап барғанда үйіне қона алмай қайтқан бір сапарлары еді. Бескемпір Сиғатты көргенде күні бүгінге дейін сол бір қыстың сақырлаған аязын, қатып қалған жарты күлшенің сынығын, анасының ашулы дауысын есіне алады. Зары құдайдың құлағына жетті ме, сөйткен ана бір жылдан соң леспромхоздың ағашын ағызып жүріп көшкіге кетіп мерт болды. Ел болып іздеп, ақыры сүйегін жаз шыққанда құлағындағы алтын сырғасынан танып еді... Бой тұмардай тастамай жүретін анасынан қалған жалғыз көзді институттың жатағында әлде бір ит ұрлап құртты.

...Неше баған артта қалды?.. Есебінен жаңылыпты. "Қарағайлының" төбесі де көрініп қалған екен. "Қарағайлы" көрінсе жолдың да қысқарғаны. Енді қашсаң құтыласың ба!.. Тағы бір бағаннан озып барып аяқ суытты. Басын рюгзакқа, аяғын биік тасқа сүйеп, ой рақатқа батты-ау!.. Тырпынды тауысатын ұзақ жаттығудан соң кілем үстінде дел-сал боп керіліп түсіп жатқанда осындай бір рақатқа батушы еді. Таяқты кеп жеп, көрінгенге есесі көп кеткендіктен бе, үшінші курсқа дейін спортпен қатты айналысты. Самбодан мастерлікке кандидат болайын деп тұрғанда, медкомиссия туберкулезсің дегенде шыбын жанын қоярға жер таппаған. Аруақ атқырдың аты неге тұрарлық. Қор болып изоляторға қамалып, аурухананың босағасында шірігенше елді табайын деп зытқан еді. Шіркін, денсаулық оңалса калымщик боп күн көруге де болады екен.

— Ей, есің дұрыс па?!

Жымырық құлақ, ежік бас, төбесі теп-тегіс өзі сияқты таңқы мұрын бір калымщик төніп тұр екен.

— Есім дұрыс болса қайтер едің?!.

— Е, мен эпилепсиясы ұстап жатқан біреу ме десем... Солықтап болсаң тұр, жол қысқартайық.

Қаздиып-қаздиып қатып қалған телеграф бағандары ирелендеген қара жолды адастырмай, бұлтартпай жетелеп апарып "Қарағайлының" іргесіне байлаған екен. Бескемпір қалған шақырымның қашықтығын есептеп жатпады...

Үшінші тарау

1

Ауыл таң атпай жатып азан-қазан болды. Азан-қазан қылған ақшелек еді. Жәрім қырғыз Ілияны, жарым татар Шәмшіні, жәрім қазақ Әсетімен қосып ұмар-жұмар ұрып тұр. Тыныш тайгада тырп етпей ұйықтайтын Бескемпір ақ шелектің жағып айыратындай ашулы тұрып еді. Мешел қасқаң да стол басында түннен қалған етті ұмар-жұмар ұрып отыр екен. Қажыға жүретіндей бар-жоғын үстіне түгел жапсырып алыпты.

— Ой, ит-ой, сен қашан кіріп кеткенсің?!.

— Мана...

— Қуып шыққаннан сау ма?

— Жоқ... өзім, нетіп... үйықтай алмай, жалғызсырап... ит болып... Түнемелден Бекет шықты. Сүзетіндей Мешелге қабағының астымен қараған. Диванның түкпірінен киіз бәшпақты түрткілеп жүріп қуып шықты да тепкілеп тұрып киді.

— Қуып шыққаннан сау ма?! — деп бұл да аң-таң болды.

— Жоқ.

— Әлде қашып кеттің бе?

— Жоқ.

— Ит-ау, сені кім шақырды мұнда?!.

— Шақырғаны қалай?!. — деп енді Мешел аң-таң болды. — Өзім келдім...

— Тфу-у!..

Бекет пижамасын жүре киіп, терезені ашты да есіктен айналып жатпай-ақ тысқа атып шықты.

Жесір саулыққа жармасқан жетім қозылардай бұлар енді бір-бірінен қалмайды. Бірінің күнін біріне салып, ішер асқа дейін еншісін бөліп бермей бір қазан, бір ошаққа теліп тастаған саяқ тірліктің кешегі қиыншылығы бүгін қимастыққа айналған сияқты. Қанша жамандаса да бұрын Жақыпқа үйір еді, енді қазір Бекетке меңірейтін болды. Тамақ қайдан, табыс қайдан демейтін. Бастық атаулының алдын көрмесе де екі қолға бір жұмыс тауып беретін айғайшыға иек сүйеп үйренген мұндарлар ақшаның мөрінен басқаны уайымдаған емес. Маусым бітіп, ойға түскен соң емшектен айрылған күшіктей бауыры сыз, жауырыны мұз болып қаңғыды да қалды. Әуелде ақшаның буымен әлемді сатып алатындай шағын ауылға сыймап еді, ол еркелік леспромхоздың кезінде ғана екен. Кесілетін орманның есебі шотқа түскен соң кертіп жейтін дүниенің шеті де шөмейетін көрінді. Калымщик десе қанын жерге тигізбейтін баяғы Әбдіжапар жоқ. Лесхозға кіріптар болған сплавконторға есіктен адасқан мастардан басқа жұрт сәлем беруді қойған. Ақыры қолына балта ұстаған "тары тайганың" жармысы шаруа жайлап, "отырықшыға" көшті де басында пана, баурында қатын-бала жоқ Мешел сияқтылар басы артық жан боп шыға келді. Енді жуандықтан емес, жұмыссыздықтан ауылға сыймайтын күн туды. Іргедегі жатаққа жоламай Бекетке келіп тығылған Бескемпірдің түрі мынау. Ал Мешелдің кәперіне әлі ештеңе кірмеген сияқты. Бекет кеше керіскедей келіншектің қасына қамап кеттім деп еді...

Сүйек-саяқты кухнядағы шелекке апарып төңкеріп, төрт бөлмені түгел шарлап шыққан Мешел:

— Ойпыр-ай, мына итің байып кетіпті ғой! — деп таңдай қақты. — Қаншаға түсті екен?

— Кедейге арзан, байға қымбат, — деді мұртын басып, бетін булап отырған Бескемпір. — Бес-ақ мың сом.

— Мә-ә-ә!.. Бұл менің әкем жимаған дәулет қой!..

— Ендеше бес мың сомыңды столға таста. Бекет қазір шығып жүре бермесе өз құлағымды өзім жеп қоям!..

— Құлағыңды кесіп итке тастасаң да еркің, — деді есіктен кірген Бекет. — Екеулерің де боқшаларыңды жый да тайыңдар. Бұл үй сендерге дорстройдың заезжий домы емес!..

— Түс көріп келгеннен саумысың?!. — Бескемпір Бекетке сенерін де сенбесін де білмей бежірейді де қалды. Әншейінде жетпіс жеті атасын санап шықса да қыңқ етпейтін көзелің бас орманшының бет-жүзінің қылауы қыбырламаған соң "осы не айтып тұр" дегендей Мешелге бұрылды. Ол байғұс столдың қоқымын сыпырып, қолды-аяққа тұрмай шәй қойып, күлше турап, жампозданып жүр еді, Бекет қолынан ақ құманын тартып алып кухнядан қуып шықты.

— Сендерді маған әкелерің табыстап кетіп пе еді? Ұят қайда осы?!. Түйсігі бар күл қара қостың аталасына да бөліп-жарып пұл төлеген!..

Бескемпір төбесіне мұз қойғандай түршігіп, жүрегі зырқ етті. Ғұламадан мұндай мінез шығады деп ойламап еді. Әлде мынау төрт бөлме, жалтыраған жаңа мебель бастықтығын есіне салды ма. Мешке тышқандай боп Мешел отыр. Қайта-қайта жаңа ғана тазартып қойған табағына қарап, онан сайын бүрісе түсті. Сонда да қиналып, қимастықпен істегендей:

— Қанша пұл керек өзіңе? — деді.

— Байсың ғой, уысыңа іліккенін тастай бер! Мешел суырып ештеңе бермеді. Бермейтінін Бекет те білген. Бескемпірдің шықшыт еті қайнаған қою құрттың бетіндей бүлкілдеп отыр екен.. Бекет шыттай киініп, білегіне алтын сағат, жеңіне алтын запонька тағып, галстугіне дейін нығарлап байлап, айнаға барды. Айнаға емес, қабырғада қатар-қатар ілінген Бескемпірдің, Мешелдің, Жақыптың өзінің бір кезде шампурмен ойып салған портреттеріне қарап тұрған. Қарап тұрып буфет пен кітап сөрелерінен сығалаған есек құлақ албасты, маймыл, арыстан бас әйел, әр түрлі құбыжықтармен тілдескендей милығынан күліп көз қысты. "Бұзылған екен" — деп ойлады Бескемпір. Көңілі суып, бұл да қозғала бастаған. Осы кезде аптығын төбесі тақтайдай таңқы мұрын кіріп келді.

— Дайынбысың?.. Ендеше мына екеуін желкелеп апарып машинаға қама!

— Бопты! — деп таңқы мұрын таңқ ете қалды. Шынында ес-мүс жоқ дырылдата жөнелетін түрі бар.

Бескемпір мен Мешел үндемей жүріп рюгзактарын жинай бастаған. Ыбырсып екеуі де іш пысырды.

— Немене, қоржын арқалап қайыр сұрауға барасыңдар ма?! — деп бас орманшы тағы да әзірейілдей зірк ете қалды.

— Дұрыстап киініңдер. Сен қалтаңа мың сом ақша сал! — деді Мешелге.

— О ненің ақысы?

— Көресің ғой.

— Көретін ештеңе жоқ.

— Не жоқ?

— Ақша жоқ.

— Тағы да трусиыңа тігіп тастадың ба? Сек!..

Бекет пен төбесі тақтайдай төрт бұрыш таңқымұрын екеуін қолды-аяққа тұрғызбай түріп шыққан.

2

Күздің дуадағындай торсиған семіз "УАЗик" үш жерге сәлем беріп шықты; кассаға кіріп ақша алды, "азық-түліктің" қоймасынан бір жәшік арақ, бір литр "варцихе" теңденді. Бір жәшік араққа қыңқ етпеген Мешел "варцихенің" бағасын естігенде аза бойы тік тұрған. Шырқырайтын жөні де бар еді. Бас бухгалтер Меңсұлуға құда түсеміз деп Бекет кеше ғана қырық сомға түсірген. Қырық сом бір күн тұрмақ Мешелдің қырық жасқа дейінгі шашып көрмеген шығыны. Ал бүгінгі мәрттігінде көз жоқ. Бескемпірдің жаны ашиын деді. Біреудің тегін асына битін салатын байғұс өз дүниесі қалып бара жатқан соң адырлы стақанның қыртысына дейін жалап-жұқтап, ақыры аузы-басы қисайып сол үйдің есік көзіндегі кушеткасына тоңқая салған. Қазірде қайда барамыз деп сұраған жоқ. Бескемпір Бекеттің сүйегіне бітпеген озбырлығына Мешелдің тегінде жоқ жомарттығына аң-таң. Кешегідей қалжың шабыс болмаса деп отыр. Шойынқұлақ атанып кеткен басы төрт бұрыш таңқымұрын машинасын сплавконтораның алдына әкеліп тірегенде барып көңілі орнығайын деді. Бекеттен кесіп алсаң қан шығатын түрі жоқ. Төсектен сол аяғымен тұрғандай үн-түнсіз бедірейіп, бадырайған ала көзі тас болып ұясында ұйыпты да қалыпты.

Әбдіжапар ырғалып зорға шықты. Майқанынан жарылуға шақ қалған Есенқұлын жетелеп кеп машинаға нығарлап зорға сиғызды да қолындағы қағазға ораған түйіншегін:

— Ұста! — деп Мешелдің алдына тастай салды. — Ішіңді ұрайын, жеті атаңнан бергі зәузатыңнан жетім тоқаш тістеп көрген жоқ едім, сасық байдан сабақ жіп деген, ырым болсын!..

Соншама шіреніп, келсаптай қылып ұстатқаны шибарқыт кездеменің үзігі екен. Шіреніп отырып:

— Өлі-тірілерің бар ма? — деді.

— Тіріміз түгел, өлгендерді қозғағамыз жоқ, — деді Бекет.

— Е, бәсе! — деп Әбдіжапар жәшікті көрген соң көңілі жәй тапты. — Қайтып келіп отыр демесең, қалыңдығың қолға түсе бермейтін қимас жан. Осы ауылдың маңдайға біткен тағалы жалғыз көлігіндей талайға мініс берген бала еді, тек ұзағынан сүйіндірсін!..

Ащы мысқылдың ар жағында басынғандық жатқанын Бекет сезсе де күні түсіп отырған соң елемеген боп өткізіп жіберді.

Есенқұл күбі қарнын құшақтап отырып күліп алды. Әбдіжапар өмірі кісімісің, итпісің деп екі ауыз сөзге тартып көрмеген Мешелге аяқ астынан екі туып, бір қалғанындай бауырмалсып кіріп барады.

— Мына Есенқұл екеумізге қарындастау еді, түбі кит киюден де үмітіміз бар, — деп бір қойды.

Бескемпірдің іші қылп ете қалды. Қырық жылғы кеуіп қалған қарынның құрышынан да май сығатын қу енді ебін тауып Мешелді қақтамаса екен деп шошынған. Мешел байғұс шынында қайын жұртына ұрын келе жатқандай ырсың-ырсың. Әбдіжапар тұрмақ әпжылан арбаса да сезетін түрі жоқ. Қалжыңның да шегі бар, ойда жоқта әбігер шығарған Бекетке кейи бастап еді.

Шойынқұлақ есік алдында шыбындап жатқан сабалақ итті ойбайлата баса-көктеп тоқтады. Әуелде көз салмапты, бәрі де жиналысқа келгендей галстукке дейін тағынып қылқынып алыпты. Қылғынып тұрып бір-біріне қарап күліседі.

— Өй, мынауың әлгі кепкен шалдың үйі той! — деп Бекет шоршып түсті.

— Болса ше? Шалда жұмысың қанша, бізге қызы керек емес пе, — деп Әбдіжапар Бекетті басып қойды. — Қайтқан қыз қайырымен. Тек ши шығарып жүрмеңдер, қалғанын өзім қатырып жіберем! — деді. — Шойынқұлақ, сен құдалық саудасы қызған кезде осы ауылдың ішермен-жермен жыртың ауыздарын жинай қой. Кепкен шалды перед пәктім қойып, не де болса таңға дейін тындыру керек. Ал сен, күйеу қосшы, астаудың түбін таңқылдатсаң да балдыр-батпағыңды аяма, — деп Бескемпірдің міндетін де бөліп берді. — Аңқау жұртқа арамзалығыңды бір салып көрсеңші. Ақша кімде еді?

— Менде, — деді Бекет.

— Шал кімнен ақша көрсе, соның құлы. Оны ана Мешелдің өзіне бер. Сен бас құдасың. Бас орманшы екеніңді де сездіріп, тек шіреніп бақ.

3

Есік көзіне көлік тоқтаған соң тірі жан болса тысқа шықса керек еді. Бір-біріне іркес-тіркес салынған ұшы-қиыры жоқ қора-қопсының қай жыртығына бас сұғарын білмей "құдалар" біраз сандалды. Күбі қарқыны ақтарылып қалатындай құшақтап алып қалбақтап жүрген Есенқұл әлденеге сүрініп, ыңқ етіп ұшып түсті. Сауырын сипай орнынан тұра беріп:

— О, әкең-ә! — деп елердей қапа болғаны. Қырын сындырып киген боз шалбардың құйрығынан сиырдың сұйық жапасын уыстап сыпырып жатыр екен.

— Бәрекелде! — деді Әбдіжапар. — Құдай бұйыртса олжалы қайтады екенбіз, сүртпе!..

— Бұ кім әй?! — деді біреу.

Өңі жас, басына кимешек салған дөнежін бұғыдай діңкиген қатын мен сабалақ төбет себеттің алдына көлденең тұрып алыпты. Бір самауыр шәйінің шығынын ауырсынды ма, "шал үйде жоқ!" — дегенде таңдайы тақ ете қалды. Әбдіжапар қиналған жоқ:

— Шалыңыз мәрғау аспаған шығар, күтеміз, — деп кимелеп кірді.

Жігіттер сипалап жүріп тас қараңғы бұлың-бұлың қораның бірнешеуінен өткен сияқты еді. Ұрыңның ұясындай көп қуыстың біріне қамап, бұғыдай "құдағи" жер жұтқандай жоқ болды. Аяқ аттасаң адалбақан секілді ырсиған тіреу. Аяқ аттасаң шалшық. Тамшының қағы ма, басқа ма, бір құдай білсін.

— Есеке, құйрық жағыңа сақ бол! — деген Әбдіжапардың даусы естілді.

— О, қойыңызшы! Қайдағы пәлеге сүйреп кеп... Тірідей көрге түскендей!..

Әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда бір саңылауға топырлап келіп бас қойған. Қоржын үйдің ортаңғы ас бөлмесі болса керек, шілденің шіліңгірінде өртеп жаққан қазандықтың қызуы бет шарпиды. Ала көлеңкеде әлдекім қарауытып еді.

— Төрлетіңіздер, мына жаққа шығыңыздар! — деген әйел дауысы бұғыдай "құдағидың" үніндей емес жұмсақ естілді.

— Е, бәсе, мұнда да иманжүзді жұрт бар екен ғой! — деп Әбдіжапар ес жиды.

Есігінен төріне дейін алаша төселген шағын бөлме екен. Балтыры бесіктей, жайқақтаған жап-жас келіншек көрпе жайып, бір-бірден құс жастық тастады да терезеге тұтқан газетті сыпырып алып шығып кетті. Құс жастыққа қарынын теңдеп қисая берген Есенқұл:

Іздегеніміз осы болса, бір қараға татитын жақ екен, — деп келіншекті Мешелге қимағандай қызғанып сөйледі. — Жасы нешеде болды екен?

— Мен білсем бұл үйде қайтып келген де, өтпей отырған да бір-ақ қыз, — деді Әбдіжапар. — Жасы керек болса оқып алмаймысың, — деп болскей кереуеттің тұсында: "Жәмилә 1950 жыл" — деген өрнекті жазуы бар қолдан тоқылған кілемді нұсқады.

— Ойпыр-ай, жиырма-ақ жаста екен-ау! — Есенқұл ұры көзімен үйдің ішін түгел тінтіп шықты бұрыштағы жүкке қадалып біраз отырды. — Тұншығып өлсең де көрпе-жастығы жететін көрінеді, — деді. — Қалыңдық емес, қазына ғой мынау!..

— Есеке, есеп-шотқа қаға бер, түбі кайтар малдың есебінен жаңылып қалмайық, — деді Әбдіжапар.

— Едендегісін есептемегенде, шамасы екі-үш мың сомға жетіп жығылар...

Мешелдің көзі шарасынан шығып бара жатыр екен. Екі жағында сирақтары сүтіңкедей болып серейіп жатқан Бекет пен Бескемпірге кезек-кезек еңкейіп:

— Бес жүз! — деп сыбырлады.

— Ит-ау, ырбаңдап бос кайтайын демесең мыңды лақтыр да шалдың көмейін жап! — деді Бекет. — Бұл ақырғы шанс, әйтпесе дүниеден қатынсыз өтесің!..

— Нешауа! — деді де Мешел қайтып үн қатпай мелшиді де қалды. Ғұмыры мойнына қарғыбау тағып көрмеген неме қылғынып, шеке тамыры білеу-білеу боп көгеріп кетіпті. "Нешауаны" қалыңдықтың сымбатына айтқаны ма, жоқ әлде қалыңмалдың құнына тоқтағаны ма, оны Бекет те, Бескемпір де біле алмады. Бар байқағандары, аятындағы шұлығы бұзау жалмағандай жұлым-жұлым екен, тырнағы аюдың тұяғындай сойдиған башпайларына жеркене қарап:

— Өй, ләухи, жоғал! — деді Бескемпір. — Бар да бәтеңкеңді киіп қайт!

Мешел есіктен дөңгелек столды домалата кірген Жәмиланы кәсекке жабыстыра ас үйге атып шығып, дастарқан жайылып, екі иіннен дем алған атам заманғы рахит самауыр төрдегі жұртқа сәлем бергенде тана бұғынай "құдағимен" таты да таласып кірді.

Манаты жап-жас көрінген "құдағидың" қабаты қырыс, бұғағы қыртыс. Құдайы қонақтарды жақтырмаған кейпін шәй сырмаққа былш етіп отыра кеткен салмағымен-ақ танытты. Танауы пісте, ерні қайқы екен. Еңгезердей денесінен төбесіндегі шылауышы томарға қонған қасат қардың қалпағындай бөлек тұр. Тісі ауырғандай ыңырсып, екі үш дүркін ырғалып алды да дастарқандағы сен қайда, мен қайда бауырсағын жазған болып, қалыңырақ шетін өзіне қарай қайырып тастады. Самауырдың қасына жүгіне қалған Жәмила ақ құманның қақпағын ашты да:

— Aпa, — деп шешесіне сырғытты.

"Құдағи" үңірейген ақ құманның түбіне үңіліп бір қарап алды да көйлегінің омырауына қол салған, әлден уақытта бір кез шуда жіпке байлаған келсаптай кілтті солаң еткізіп суырып шықты. Дастарқанға телміріп тырс етпей қалған жігіттер жұтынып қойып қылғынып отырған Мешелге бұрылды. Бәрінің көзінде, енең осы болса — сорың сопақ астаудай екен деген күлкі бар еді. Сыңғыр етіп қырсаулап тастаған қоңыраулы сандық ашылды. "Құдағи" сандықты қолтығына тартып, дорбадағы кірпіш шайдан бір мытып ақ құманға тастаған, соңынан ойланып барып, өңешіне саусағын салып жіберді де артықтау кеткен бір түйірін ұзақ қуалап отырып алды. Ұялды ма, Жәмиланың бетіне қан жүгірді. Маңдайы мен ұртындағы қоңыр секпілі жоғалып, алабұртқан жүзі құлпырған сайын уыздай боп жасарып кетеді екен. Өзіне қадалған көп көзден онан бетер қысылып, төмен қарап тұқырайып қалды. Әйтеуір Жәмила да, тамсанған жігіттер де өлдім-талдым дегенде шәй де келді-ау. Қоңыраулы сандықтың иесі сонда да қасықтап құйылғам сүт пен кесеге тамған шәйдің мөлшерін бағып, қызының қолын қалт жібермей-ақ отыр. Қонақтардың алдын көзімен шолып шыққан қыз тағы да:

— Aпa, — деді.

Тыныш отырмадың дегендей шешесі бұл жолы ала көзімен ата қарады. Сосын тырсиған бүйен саусақтар көйлектің өңіріне қайта сүңгіді, келсаптай кілт қайта шықты, қайтадан сандық сыңғырлады. Осыншама ұзақ әуренің аяғы әркімнің алдына түскен бір-бір шақпақ қант еді. Қонақтарын жарылқап тастаған "құдағи" самауырдың шүмегін подносымен қоса енді өзіне бұрып алды. Шәйдің нілі бірден сұйылып кеткенін сезіп қыз байғұс танауының ұшына шып-шып қонған ұсақ терді орамалымен жасырып сүртті.

— Япыр-ай, ақсақал кешікті-ау, — деп Есенқұл қипақтап кесесін төңкере бастаған, бүйірінен тиген Әбдіжапардың жұдырығынан селк етіп, ыдысын қайта қыдыртты.

— Е, ақсақал шаруаның адамы ғой, асықпай келер, — деп қойды Әбдіжапар, жігіттерге тырп етпеңдер дегендей белгі беріп.

Қызы шешесіне қарады. Шешесі бүлк етпестен:

— Шал ескім ұстады деп шойырылып жатқаны, — деп қызына қарап ысқырғандай болды.

Жүдеу дастарқаннан бір қысылып, самауырдың құлағынан және айрылып, екі қолын қайда апарып тығарын білмей отырған Жәмила шешенің бет ызғарынан бұл жолы ығыса қоймады.

— Шаруаларыңыз әкемде болса, ауылы алыс емес қой. Әйтпесе, бұл жерде де бұйымтай бітіретін тірі жан бар! — деп қоржын үйдің тең жармысына өзінің де қожалығының жүретінін сездіріп қалды.

Арқаны кеңге салып, өтірік те болса құла шәйді көсілте сілтеген Әбдіжапар қыздың тік сөзінен тосылып, не істейміз дегендей Бекетті иығымен қағып еді, ол шіркін ымға да, дымға да түсінбей, мақам оқитын молладай бұйра сақалын саумалап мыңқ етпей отыра берді. Ақыры бар салмақ өзіне түсетін болған соң:

— Біздің бұйымтай аттың жалы, түйенің қомында біте қояр ма екен, — деп не де болса шалды күтетінін аңғартқан. — Ақсақалдың бір малын жеп, еру боп дегендей...

— Соя білетін жігіт табылса, бұл үйде мал да жетеді, — деді қыз.

"Құдағидың" аласы көп кірпіксіз майлы көзі бағжаң ете қалды да:

— Мал бар той, бірақ, қыстан көтерем шығып, әлі күнгі көтерілмей жатыр, — деп қолдан шығып бара жатқан бір тоқтының ажалына көлденең тұра қалды.

Майлы көз "құдағидың" тоқты тұрмақ тышқан құйрығын бастырмайтынын сезген Әбдіжапар:

— Малдың қанын ішеміз бе, бұйырған дәмді татып жатырмыз ғой, — деп жүз сексен градус бұрыла қашты.

Ауызғы бөлмеден шал қақырынып, шәугім салдырлады. Ауыздан шыққан сөзін жерде қалдырғысы келмеді ме, әлде көптің көзінше келіндей сызылып отыра беруді ерсі көрді ме, Жәмила дастарқанның қалған-құтқан бар билігін шешесіне мүлдем тастап тысқа кетті. Іле-шала иінағаштай имиіп кепкен шал кірген. Абыр-дұбыр атып тұрып, амандаса бастаған жігіттерге кіржиіп езуін қисайтты да абажадай қып қолын ұсынған. Әбдіжапарға саусағының ұшын ғана ұстатты. "Қап мына кеуіп қалған қыржағымның қорлығы өтті-ау" — деп Әбдіжапардың қаны қарайып салды. Кергуіне қарағанда шалдың іші бір қалжаның иісін сезген секілді. "Кеуіп қалған кеужірінді қаңсытып кетсем бе екен осы?!". Шал имиіп келіп бәйбішесінің көлдей бөксесін тізесімен баса отырды. Дініне құшақ жетпейтін жуан молақтың қасындағы мүжілген шірік томардай шүмиген үй иесі сонда да ырғалып-жырғалып, жөпшеңкімен жұрттың жөнін сұрай қоймады. Әбдіжапар байқап отыр, семіз көз "құдағи" шалына сүттің бар қаймағын көсіл салып, шәйдің де бар нілін тоңқайта сарқып құйды. Бұл енді бәйбішенің: сый-сияпаттарың осымен бітті, кел демек жоқ, кет демек бар дегендегі сыңайы. Осыны алдымен аңғарған кепкен шал ақ таңдақ боп қалған барқыт шалбарының таз тізесін сипалап отырып:

— Қарақтарым, қай баласындар? — деп танымағандай төрге қарап шұқшиды.

Манадан шытынап отырған Әбдіжапар шырт сынды..

— Немене, көзіңе шел бітейін деген бе?! Кеше ғана қырманның бір уыс құмығына бола шетімізден шолақ байталдың бауырына алып сабаған Масақбай едің! Көз алдында өскен жоқпыз ба?! Неғып танымай қалдың?!.

— Е, кеше қырманның құмығына зар болсаң, бүгін сынаптай ағызып сары қазыны кертіп жеп жатырсың ғой, — деді кепкен шал. — Езуден тамғанды ең болмаса итке жалатушы еді. Сенің де жырып бергеніңді көргеміз жоқ.

— Бәсе, сөйтіп жөніңе көшсеңші! — деп Әбдіжапар алдындағы қатқан бауырсақты кері ысырып, кесесін төңкеріп тастады.

— Жөнге көшсек жөн айтысалық — деді шал.

Әбдіжапар Масақбайдың өз бағасын өзі бұлдап отырғанын сезді. Енді екі-үш дүркін айналдырып соқса топ етіп алдына түсетінін де біледі. Тек ол үшін қармақ керек. Шабақ болса да аузы үлкен неме шортанның жеміне ұмтылатын ашқарақтығына да қанық. Дүниенің төрі тұрмақ көріне жете алмай отырғанда мал жиып, көң тепкен тауықтай қоқырдан дән іздеген байғұс кигізген китке разы болмай жалғыз қызын барған жерінен қайтарып алған да өзі. Ырысы кететіндей есігінің көзіндегі тезегін де тексеріп лақтырып, қараулықтан қара суды да қарызға қасықтап берген сараңның шіренуін қара!.. Әбдіжапар өзін іштей қайрап, әңгіменің төтесіне көшуге ыңғай танытты да Шойынқұлаққа көзді қысып қалды. Төрт бұрыш тақтай бастың желкесі босағадан оза бергенде тамағын қырнап алып шалға бұрылды.

— Масеке, — деп сөзін әдейі шалдың шабынан түрте кекетіп бастады. — Айран сұрасаң шелегіңді жасырма деген. Осы үйде қанаты жетіп отырған бір құстың барын білетін едік. Соған қыранымызды түсіре келдік! — деп суырылып барып бір тоқтады. — Мынау отырған Бекет деген осы Қарағайлы лесхозының бас орманшысы, бас құдаңыз да осы. Ал, онан кейінгі Бескемпір, бүкіл Алтай өңірінде бетіне жан қаратпаған суырыпсалма ақынымыз. Онан соңғысы — құда қаласа өзіңізге бір тұяқ болам ба деп отырған Меш... Меш... — деп Әбдіжапар тұтығып-ақ қалғаны. Құдай төбеден ұрғанда шын атын да сұрамапты, Мешел деп таныстыруға қорсынып, ақыры Қобланды деп қойып қалды. — Иә, осы Қобланды деген жігітімізді бүгінгі сәрсенбінің сәтінде аяқтандырып жіберсек пе деген ойдамыз. Артынан сөз ермеген, соңынан сүйреткен әлгі элемент атты шуы да жоқ арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, карта ойнамайтын алтындай бала еді... — Әбдіжапар теріс қарап тұншыға күлген Бескемпірді шалға байқатпай қыр жіліншіктен теуіп қалған. Бекет те тығылып, аузындағы жаңа ғана ұрттаған суық шәйін бүркіп жібере жаздап отыр еді.

— Қай елдің бәлесі екен? — деді Масақбай.

— Осы елдің бал асы да.

— Мен сүйегін айтам да, — деді шал тақымдап. — Қыз бермесең де жігіттің жеті атасын біліп қал дейтұғын казактың салты емес пе.

— Жас бала сүйегін кімнен сұрапты, — деп Әбдіжапар да шаптан тіреп жатып алды. — Өзің қай ел едің?

— Керейміз ғой, — деді шал.

— Е, керей болсаң кірме екенсің де, — деп Әбдіжапар табан астында бір ілмешек тауып алды.

— Кірме болған соң баса-көктеп кіріп отыр екенсің ғой, — деп шал да орағытып шалып берісетін емес.

Екеуі итжығыспен біраз отырды. Теке тірестің аяғында шал ептеп сынайын деді.

— Бір баланың бар екенін көріп отырсыңдар. Жат жұрттыққа жаратқан соң жолына тікен бола алмаймыз. Баланың өзі біледі де. Бірақ бізде де ағайын бар, ақылдасып көрелік, — деп жығылып жатып та шал шалқайып шыға келді.

Ендігі шалқайыстың жуандығы бітіп, саудасы ғана қалғанын Әбдіжапар да сезе қойды. Бескемпірге ымдап, іргедегі қара сөмкені қолына алған ішіндегі шибарқытты суырып шалдың алдына тастады да:

— Мынау жоралғыңның пысмылдасы. Құдалықтан тайып кетсең құдай алдында қарыздарсың — деп бір жола шетелеп тынды.

Кепкен шал құдайдан да қорқатын емес, жоралғыны қорашсынып, осқырынып бақты.

— Құдайың да, жоралғың да маған бала бола ма! — деп шынымен-ақ шыбын жаны шырқырап баласының үстіне түскендей қиналған. — Туа жалғыз еді...

Ендігі көрінетін кезек Мешелдікі еді. Шәйқор байғұс семіз көз бәйбішенің қой еткен құла суын тұқырайып тарта-тарта жоңышқаға кепкен сиырдай көк қарын болып домаланып қалыпты. Тырсылдап отырып ақшасын зорға суырды да не ары емес, не бері емес, шалдың қолы жетер-жетпес шекараға үміттендіріп тастады. Әбдіжапар Бекетпен құлақ сүзістіре беріп ақшаның мөлшерін пысықтап алды да:

— Құдағи! — деді. Отырысы мытым, дауысы зілді. — Мынау мың сом Қобыландының сізге жапқан китінің алды.

Сауданың нарқын бүлдіріп, арзанға құлап жүрер деп састы ма, әлде бес сомдықтан дүңкиіп жатқан екі бума қатынның қабына түсіп кетеді деп қорықты ма, "шақыр баланды" деп шал бәйбішесін тақымдап тұрғызып жіберді.

— Құдай-ау, жалғызымды жат жұртқа байлап беріп таты да қолым кесілетін болды ма?!.

Құдаға өтірік айқайласа да қимастықтан емес, шаруасының уайымына қиналып бара жатқанын сездіріп қойды.

— Қайтсын-ай, бұған да кінә жоқ. Бала деген шешенің бауыр еті ғой! — деп шалдың да көзі жіпсіген болады. Жіпсіген көзі "қиналып" бара жатқан "шеше байғұста" емес, жете алмай отырған ақшада еді.

Шойынқұлақты алдына салып діңкілдетіп іле-шала Жәмила кірді. Жанарында іркілген жас бар екен. Келе-сала тізе бүкпестен:

— Ағатайлар, мен де тірі жанмын ғой, тоқты-торымды бауыздағанда да жазығы жоқтығын айтып бата қылатыны қайда?! — деп қалш-қалш етті. — Маған құда түсіп келгендерің қайсыларың?!.

Жұрттың бәрі жабыла Мешелге шұқшиды. Жаңағы күбідей домаланып отырған күйеу жігіт желі шыққан бүйендей бүрісіп, жерге кіріп барады екен.

— Ау, Қобыланды қозғалсаңшы! — деді Әбдіжапар. — Ақ жүзіңді мына ел-жұртқа бір көрсетсей!..

Жаңа есіміне құлағы үйренбеген Мешел ағыл-тегіл боп әркімнің аузына алақтап қарай берді. Қызының кимелеп кіріп, киіп-жарып сөзге араласқанына Масақбай әуелде қопақардай өсіп, сырмақ астына шырт түкірді де өмірі жұртқа көрсетпеген шақшасын қонышынан маңғаздана суырған. Бір атым насыбай бір шоқының биігіне шығаратындай баптанып-ақ бағып еді, бірақ, сынаптай қастерлеген бір мысқал шаңытты танауына жеткізе алмады. Жәмила әкесінің алдындағы шибарқытты Мешелдің қолына ұмар-жұмар атып ұрып, ақшасын және ұстатты.

— Қобыланды болсаң да мал шашатын батыр сен емессің, көркімді бұлдайтын қыз Құртқа мен емеспін! — деді. — Шүйкедей басымның саудаға түскеніне сан жыл. Одан екеу болған мен жоқ, төртеу болған бұлар жоқ! Әйтеуір, мені іздеп келгенің рас қой?!.

Сасып қалған Мешелдің тілі байланып, тағы да Бекет пен Әбдіжапарға алақтаған. Ес жиып ілтифатқа келгенше тепсінген қыз алды-артына қаратқан жоқ.

— Рас па?! — деді тағы да, — Ендеше, анау жүк үстіндегі жетім шамаданды көтер де апаратын аулыңды айт! Сатып алдым деп сен бұлданба, сатылып барамын деп мен жыламаймын!..

Аяқ астынан жау шапқандай кепкен шалдың таңнан бергі тәкаппарлығынан да түк қалған жоқ, Әбдіжапардың көсемсіп отырып айтқан көшелі сөзі де адыра қалды. Апалаң-топалаңда семіз көз бәйбішенің шар еткен ащы дауысы ауылды басына көшіріп еді.

— Мына, қатын неме, не деп кетті, ойбай?! Шыққыр көзім не көріп тұр, ойбай! Барған жерге тастай батып, судай сіңгір, ойбай!..

Көп ойбайдан үріккен "құдалар" ту-талақай болды. Құлағын басып Әбдіжапар шықты. Қоржындарын сүйретіп Бекет пен Бескемпір шықты. Мешелді жетелеп. Жәмила шыққан. Бір қолы маңдайында, бір қолымен ақтарылып қалатындай күбі қарнын құшақтап Есенқұл шығып еді...

— О, әке-ең! — деді. — Осында мен неменеге келдім, ей?!. Маңдайы жосадай. Семіз көз құдағидың ойбайынан қашамын деп жүргенде бұлың-бұлың көп қораның көп тіреулерінің бірімен сүзісіп қалса керек.

— Осында мен неменеге келдім, ей?!.

— Жәшіктерді көрсетпегеніміз қандай көрім болған! — деп Шойынқұлақ стартерді баж еткізіп басып қалды.

Төртінші тарау

1

— Ей, Қобыланды! Саған кісі кеп тұр!..

Мешел сасқанынан арық түбіне жата кеткен. Қайланың сабы шекесіне таңқ етіп қатты тиді. Жан қысылғанда оны да елеген жоқ, жер бауырлаған мысықтай шөкелеп, қайткенде төбесін көрсетпеуге тырысты.

— Иттің атын бөрібасар қояды деп!..

Осы бір аты кесір болып тиді. Онан да Мешелі-ақ дұрыс еді. Алатын құдай Қобыланды болсаңда қоя ма, милиционер әзірейілдей зіркілдеп жетіп келді.

— Әй, Қобыланды сен бе едің?!.

— Болсам ше?

— Кісі кеп тұр дедім той!

— Келсе қайтейін? Менің мұнда екі туып, бір қалғаным жоқ. Ешкімді білмеймін!..

— Тұр, ей! — деп милиционер май құйрықтан былш еткізді. — Ұялады еще! падумайыш!..

Мешел өлді. Сүмірейіп, арық түбінен құр сүлдерін көтеріп тұрды. Маңайға қарауға да бет жоқ. Кинотеатр мен дүкеннің екі ортасындағы жұрттың жыртылып айрылатын жері еді. Кісі көрмегендей телефонның кабеліне арық қазып жатқан сақал-мұрты кірпінің қылтанағындай Мешелдің он шақты серіктеріне қадалып кеп қарасады.

— Бар, әне, бақта отыр! — деді милиционер. — Жарты сағат уақыт беремін. Қашсаң-ақ жыныңа қосып көк жыныңды да қағып аламын!..

Он бес сөткеге түскелі Мешел он бес жылға қартайып кетті. Қажытқан қайын жұртының жал асы да емес, мынау көшедегі елдің көзі. Қас қылғандай бақ тазалатады, базар сыпыртады, дүкендердің жүгін тасытады. Ол аз болғандай үш мезгіл томпылдатып айдап көпшіліктің асханасына апаратынын қайтерсің. Ішкені ірің, жегені желім. Бүйткенше алысырақ бір түкпірге кесіп жібергені жақсы еді.

Қалқайған құлағын, тоқырайтып қырып тастаған әңгелек қауындай доп-томалақ басын көріл Жәмила жылап жіберді. Мешел қипақтап:

— О несі, о несі?.. — деп міңгірледі.

Күйеуіне құдды кебін кигізіп жіберіп, кебенек киіп қайтқандай Жәмила Мешелді құшақтап алып жылады.

— О несі... ұят болады... жұрт көріп қояды ғой, — деп жалынды. Өмірі біреуді мүсіркеп, өмірі біреуді аяп, егіліп көрмеген, барықсыз, қасаң боп қалған жүрегі езіліп, өзінің де көзіне жас келді. — Несіне келдің? — деді. — Енді он күннен соң өзім де босайтын едім ғой, — деді. Сонан соң: — жігіттер аман-есен бе? — деп өмірі аузына түспеген сұрақ қойды. Сонан соң әйелінің самайынан сипап, алақанымен көзінің жасын сүртті. Бұл да өмірінде бірінші жасап тұрған кәсібі. — Айналайын! — деді. — Қойшы енді! — деді. Бүл да өмірінде бірінші айтып тұрған сөзі.

Жәмила уақыттың жармысын жылап жеп қойды. Жылап болған соң да солығын баса алмай біраз өксіді. Мешел, "иә, қалың қалай" — дей бергенде:

— Әй, Алпамыс!-деген милииионердің дауысы естілді. Жәмиланы таныды ма, жоқ әлде жылап отырғанын көріп аяды ма, — жарайды, кпзыға өзің келерсің. Тек, кешікпе, мен дежурствоны тапсырғанша жет! — деп кете берді. Жаңа ғана дауысынан жон-арқасы тітіренген Мешел жүгіріп барып құшақтап алғысы келді.

— Сені сабаған ба? — деп Жәмила тағы кемсендей бастады.

— Жоқ-ә, неге сабайды?..

— Маңдайың неге ісіп кеткен?

— Әншейін... абайсызда қайланың сабы тиіп...

— Жасырып тұрсың ғой... Сабаған ғой...

Жәмила дәп өстеді деп ойлаған жоқ еді. Бір түрлі. Іш-бауыры елжіреп, әйелін құшақтап тұрып сүйіл алғысы келіп еді, бақтың ішінен ешкі айдап жүрген бір қақсал кемпір Мешелдің әп-әдемі көңілін үркітіп жіберді. Және жәйіне кеткен жоқ, бөтелке тастамаңдар, қағаз – қоқырларыңды ала кетіңдер деп зіркілдеп кетті.

— Кәстөмің кірлеп қапты ғой, — деді Жәмила. Тергеуге шақырғанда қажыға баратындай Жақып әперген қара костюмін, ақ нейлон көйлекпен парлап киіп, сықырлап аттанып еді. Алдында он бес сөтке деген ұжмақтың күтіп тұрғанын иті біліп пе.

— Бекет пен Бескемпір сәлем айтты, — деп Жәмила ауылдың жай-жапсарына енді көшті. — Бескемпір курсқа кететін болыпты. Әбиезшіктердің жарты жылдық оқуы бар дей ме, немене. Бекеттің басы әлі шырғалаңда жүр.

— Шырғалаңы несі? — деп Мешел шошып кетті.

— Осының бәрін әлемге шаптырып жүрген Әбдіжапар көрінеді ғой. Прокоролға әкемнің атынан шағым жаздырған да сол екен. Есенқұл шартығы таяққа жығылдым деп тергеушіге куә болыпты.

— Не дейт?!.

— Шал бишараның көкейін тескен ақша да. Аяғы бұлай боларын білді деймісің.

— Мен саған ақша беріп құтылайық дедім.

— И-и, өлім-ай!.. Туған әкеме параны қалай берем?!.

— Ол сені туған қызым деп аяп отыр ма?..

Жәмила күмілжіп, қор болып қалды. Оған дәл қазір жиырма жыл баққан әкеден жиырма -ақ күн отасқан Мешел жақын еді. Жанары күйіп, бет-аузы жыбырлап, шағым айтайын десе жылап жіберем бе деп қорқып отыр. Тырнағын шұқылап, жаурағандай Мешелдің қолтығына тығыла берген. Қолы тозаңданып, тозып кеткен екен, көбесінде кір бар. Мешелдің қадала қалғанын сезіп:

— Бекет жұмысқа орналастырған. Питомникте көшет баптап жүрмін, — деді. Өзі бір жақсы жігіт екен. Байын соттатып жіберді деп көрінген түрткілеп, жатақта тұра алмаған соң бір бөлмесіне кіргізіп алған.

— Бекетті айналдырып жүрген не шырғалаң?

— Анығын білмеймін, әйтеуір жұрттың өсегі де. Лесхозбастық пенсияға кетеді дей ме. Соның орнына Әбдіжапардың таласы бар дей ме. Ел бүлдірді, біреудің қызын алып қашып, кінасыз адамды таяққа жықты деп Бекеттің үстінен ауданға арыз берген дей ме. Әйтеуір коп. Сиғаттың орнына директор боп кетеді деп қорқатын көрінеді. Бекеттің партияға өтем деп берген арызын да қараттырмай қойыпты.

— Ой, әттеген-ой! — деп Мешел жасып қалды. Қорғаны құлап қалғандай байтұштанып, мелтеңдеп әйеліне де тіктеп қарай алмады. — Мен шыққанша дүние орнында тұрса болды! — деді сосын аяқ-астынан атып тұрып. — Әкеңді!.. Бәрін салам!..

"Бәрін салам" дегеннен – ақ Жәмила Мешелдің ақшаға сеніп тұрғанын сезді де бір нәрсе айтайын деп екі-үш оқталып, ақыры күйеуін алдартқандай:

— Айтпақшы, мен саған кәстөм-шалбар, бір киер пәлте сатып алып қойдым, — деді, сосын күмілжіп отырып, — ақша да бітті, — деп тұқырайып төмен қарап кетті. Мешел қайтқан жоқ:

— Әкеңді!.. Ақша жетеді! — деді. — Ақша көп! Әлі де қырық тоғыз мың бес жүз елу бес сом елу бес тиын бар! — деді.

Жәмила шошып кетті.

— Ақшасы құрысын! — деді. — Басың аман болса жетеді.

— Мый жоқ қой бұл бастың ішінде! Мый жоқ! — деп Мешел тоқырайған басын сипады.

— Кеше болмаса өстіп дүниенің бәрін кеш ойлап, кештен қала ма?! Ақымақ!.. Қырыққа дейін мал жиып!..

— Қайдағы мал?!.

— Ақша мал емес пе? Сен сенбей отырмысың?

— Сенбеймін, — деді Жәмила. — Егер біреудікі болса бер де құтыл. Бәлесінен аулақ!

— Немене, адалдан тапқан тиын-тебенім үшін де кінәлі болам ба?! Жетер!.. Аяғынан келген әйелің үшін кінәлі бол! Арқа етің арса, борбай етің борша боп жүріп жиған маңдай теріңнің ақы пұлына да кінәлі бол!.. Сонда бұ ғұмырдың қызығы не өзі?!.

Қызығының не екенін қырықтағы Мешел білмегенде жиырмадағы Жәмила қайдан білсін. Әйтеуір, бұған дейін де біреудің есігін көріп қайттым демесе, не сезімге, не санасына одан еш нәрсе қонақтамапты. Шаруаға дегенде иненің жасуынан өткен пысықтығы бар еді, ол да көрші-қолаңның көзінен артылған жоқ, әке-шешенің малсақтығынан жұққан қоңыз тірліктің өлермендігінен зорға қашып шыққан байғұс "өмірдің қызығы осы" — деп ненің басын ұстапты. Бой жеттің, босағаң бөлек деді. Барды. Қас-қабағы ұнамайды, қайт деді. Қайтты. Қайтадан қыз болып қартаю жоқ, байға тию керек екен. Әке-шешенің билігін баса-көктеп тиіп алды. Көркіне қызықпаса да көңілі кетіп, енді еті үйреніп, бір-біріне деген жанашырлықтың жылуы жаңа тұтанып келе жатқанда, "бай деген осы екен-ау, ошақ деген осы болады" дейтұғын түйсіктің төркініне жеткізбей мына бір шырғалаңы киді де кетті. Мұның да әншейін боқ басындағы болмас әбігер екенін қайдан білсін. Үш дүркін шақыру қағаз келгенде Мешелді жібермеген өзі еді, ел-жұрттың адамшылығына, көңілімнің қалауымен тидім деп арымен, адалымен жазған қолхатына сенген, Мешел тергеушіні ұрып түрмеге түсіп қапты деп естігенде шыбын жаны қалмаған. Алды-артына қарамастан сонау "Қарағайлыдан" жаяу-жалпы ұшқан. Алды-артына қаратпаған алып бара жатқан махаббат та емес, тағы да сол жан ашырлық, нахақ адамға араша түсем деген тағы да сол адал көңілі еді. Енді бақса, бай деген, ошақ деген жан ашырлықтан көрі қымбаттырақ екен. Мүмкін, ғұмырдың қызығы осы шығар?.. — Тергеушіні неге сабадың?

— Әкең!.. Қаным қайнап кеткені!.. Өтірік протоколға қол қой дейді.

— Келер-кетері жоқ болса қоя салмадың ба.

— Есің дұрыс па?!. Көрінеу көзге біреуді жытып беріп көрген күнім құрысын!.. Өзі де бір табанын жалаған қу екен, майлы ішектей айналдырып әкетіп барады. Шынында, сатан келер-кетері жоқ дейді. Өлмелі кемпір-шал дау қуалап жатпайды, қызын ал да қаш деп айтақтаған Бекет еді десең болды деп миымды жегені. Ойпыр-ай, тіпті адамды сөзден жаңылдырады екен. Ұялмастан саған туыспын деді-ау!..

— Қайдағы туыс! Бұрынғы барған жерімнің жамағаты да. Әкемнен қайтара алмай жүрген шығыны бар ма...

Жәмила тағы да сол тура мінезіне салып айтып қалып еді. Мешелдің қабағына кірбең ілінгенін сезді де ақ көңіліне кір тастап жібергендей өкініп, тілін тістей қойды. "Әй, енді есіне салсам ба!" — деп іштей кіжінген. Құрғырды, баяғыда бір басып кеткен ыластан қайта-қайта тайғанай бергеннен жеркенішті не бар...

Жәмила Мешелді кпзның қақпасына дейін шығарып салды. Қолында тастап кететін бір уыс дәмі де жоқ екен, күншілік жерден қара басын алып ұшқанына енді өкініп тұр. Еме -жемге келгенінде қия алмады. Күн болса кешкіріп барады. Жұрағат іздеп көрмеген басы қонып кететін үйі де жоқ еді.

— Мен енді қайтайын, — деді, десе де Мешелдің жағасын түзеп, иығын қаққылап, қипақтап кетпей қойды. — Мені де сенімен бірге қамамас па екен?..

— Есің дұрыс па?! — деп Мешел ыршып түсті. — Бар, қайт енді! — деді, сосын қашып құтылғандай қақпаға сымп берді.

2

Белбеуден бәтеңкенің бауына дейін түгел сыпырып, темір торлы бараққа кіргізіп жіберген соң да елеңдеп терезеге қарай берді. Жәмила әлі де төңіректеп осы маңда жүргендей көңілі орнықпады. Нардың екінші қабатына көтерілгенде төменде пырсылдап отырған жас жігітті көріп еді.

— Не жетті ей? — деген көршісіне:

— Апамды сағындым!.. — деп қорсылдады.

— Өй, шірік! Ертең әскерге шақырғанда да апаңды ала кетемісің?!.

Көрмеген соң екен, әйтпесе бес күннің ішінде Мешел де әлдекімдерді сағынып қалғанын сезді. Ыржақтап су ішіп, ырбаңдап күн өлтірген қайран уақыттың қадірін енді түсінгендей. Қайдағыны ойлап, "тағы тайганың" өтті-кетті талай сәттері көз алдына келді. Өткенімен есеп айырысқанда түйгені, әуелі балалығы болмапты, бозбалалықты басынан кешкен жоқ. Ендігі қызықтың құмарлығы кешегінің өкінішін өтей ала ма? Кешегіден беріш боп қатқан жетім көңілдің жыртығына жамау бола ма? Тым кешігіп келген ойға кешірім де көп қой, қалған ғұмырдың қайырын берсе оған бола қамығып, уайым жеп жатқан Мешел жоқ. Тек мынау ыс басқан қапас барақтың сілбі төбесіне телміріп, күңірсік дымқыл ауасына қақалғаннан кейін "тағы тайганың" кеңшілігін аңсағаны да. Ес білгелі еңбексіз бір күн өлтіріп көрмеген пендеге қайдағы-жайдағы қасиетсіз сотқарлармен, арақ сасыған жүнді ауыз алқаштармен бір үңгірге қамалғаны қасірет екен. Өзіне де обал жоқ. Өліп-талып, пәлен жерде бақыр бар десе пайданың көзін қуып, қу жанын қинағанда тым құрыса сол тыртыңдап жиғанына қорған болар бойына қасиет жинамапты. Соның аяғы, атып тастасаң обалы жоқ қасиетсіздермен бір ыдыстан дәм татқызды.

Шиқ етіп темір есік ашылды да сақ етіп қайта жабылды.

— Оу, сарбаздар, фельдмаршал кеп қалды, фельдмаршал! — деп жұрт шу ете қалысты. — Встать! Фельдмаршал идет! — деп бақырды әлдекім.

Фельдмаршалы — бір көзіне ірің кептелген кір соқыр екен. Көптен бері сағынып қалған таныс шаңырақтың иісін алғандай имиіп бөлменің ортасында біраз тұрды. Иттің атын бөрібасар... Өзінің де аяқ астынан Қобыланды атанып кеткені есіне түсті де өзінен-өзі қорланып, сабан жастығына қайтадан қыңырая кетті. У-шу, дырду старшой келіп есікті ашып, тәртіпке шақырған соң зорға басылып еді.

— Мынау кім?-деп әлдекім аяғынан жұлқып қалды.

— Ол Наполеонның өзі! — деді "сарбаздардың" бірі. — Генштабпен келісе алмай қап, он бес тәулік демалыста жатыр.

Мешел басын көтергенде "фельдмаршал" кілмие қарап тұр екен, жыны қысып көкірегінен бір тепкісі келді.

— Не керек?! — деді.

— Орның жәйлі екен, — деді "фельдмаршал" кәперіне ештеңе алмастан. — Бірақ біздің тұрақты прописка сол жер сияқты еді...

— Жағынды үгітіп жіберемін! — деді Мешел.

— Ұрамысың?.. Кәне, ұр!.. Сорынды қайнатып тағы он бес тәулікті жаматып жіберейін! — деді.

Бұл иттердің шетінен кісі қорқытатынын қайтерсің. Біреудің қолымен қорқытады! Мешел жігері құм болып "жылы орнына" қисая кетті.

— Е, сөйт, сөйткенің дұрыс қой! — деп мынау торлы барақтың құдайы менмін дегендей кір соқыр қотиынсып қалды, бірақ, жүрегі шайлықты ма, қайтып маңына жолаған жоқ.

Қап, иттің құлы байғотан басынды-ау!.. Қашанда қыр соңынан бір соқырдың міндеті қалған емес. "Фельдмаршалға" есесін жіберіп алғанына қатты налыған. Жәдігөйдің түсі де көрден шыққандай екен. Жанардың орнындағы жыртиған суағарды көргенде көз алдына баяғыда ұшты-күйлі тастап кеткен өгей әкесі келіп тұра қалды. Күнде кешке жыртиып келіп, жыртылып боқтап мес қып сабайтын соқыр дүлей есіне түскенде күні бүгінге дейін қабырғасы қақырағандай жаны түршігеді...

...Өз әкесі анық есінде жоқ. Әскерге елден бұрын кетіп, жапон соғысынан қайтпай қойыпты. Қызыл жұлдызды шлем бөрік киген мұртты қазақтың суретін әкем деп иемденуші еді. Бір күні мас боп келіп қу соқыр жыртып тастағаннан бері ол бейне де көз алдынан бір-жола өшкен. Шеше байғұс жұдырықтай баламен жиырма жасында жесір қалған екен. Күні үшін тиді ме, әлде жесірлік қажытты ма, кім білсін, үш бала тауып берсе де өле-өлгенше үш күндік бай қызығын көрген жоқ. Жаз шықса сал айдап қаңғып кетіп, күз тапқан-таянғанын тауысқан соң алты ай қыс пеш үстінен түспей жатып алатын асқа масыл, басқа септігі жоқ дуананы асыраймын деп-ақ өмірі өксіген. Сөйтіп жүріп үстіне бір жапырақ жіп ілмеген анасы екі метр көрге де ақыретсіз кіріп еді. Ақыры, белгісіз моласын да коп белгісіз төмпешіктермен бірге "Қызыл жар" деп аталатын шағын пристаньмен қоса Бұқтырма дейтұғын теңіз жұтып қойды Мешелде қазір ат байлап түсетін ауыл да жоқ. Қыл аяғы калымщиктерге дейін жыл он екі айда бір дүркін аунап-қунап ел төбесін көріп қайтқанда мұның "тағы тайгада" тапжылмай жатып алатыны да осыдан. Бұқтырма адыра кеткен сол бір балалық шатын, өмірбаян деп аталатын артындағы шиырын да біржола өшіріп кеткен секілді еді. Сол теңіздің бетіне анда-санда қалқып шығатын табыт, көң-қоқыр сияқты Мешелдің де өткен-кеткен сұрықсыз бір дәурендері көңіліне кілкіп бір соғатын әдеті бар. Табиғаттың дүлей күші өшірдім дегенмен сана құрғырдан шауып тастау қиын...

Жар жағасындағы шатыры қырық жамау қаусаған ағаш үй соғыстың бір ауыртпашылығын елмен бірге көтеріп шыққандай қажып, сүйегі сырқырап, қол тиіп кетсе есік, қақпасы зар қақсап ойбай салатын. Үйге әлде кімдердің келіп-кеткенін айдалада ойнап жүріп-ақ Мешел осы ойбайдан білетін. (Балалардың ішіндегі бүйрегі бітеуі өзі еді. Туғанда-ақ сен толық едің дейтұғын шешесі. Оның үстіне бойы мықырайған аласа болды да жұрт Мешел атандырып жіберді. Кейін метрке мен паспортқа да солай жазылып, Мешел боп кете барған). Ал, келіп-кететін жұрт көп еді. Көпсің деп шешесіде ауыртпалық жасамайтын. Басы артық симай жатқан адамы жоқ, элеваторға астық тасыған кірекештер қысы-жазы осы үйге түсіп, қара су болса да осы үйден қайнатып ішіп аттанатын еді. Көжеге қара, тауыққа жем осы кірекештердің арбасының түбінен қалатын. Қиыншылық кезде өз аяғымен келетін мұндай нәсіпке көрінген ошақтың қолы жете берген жоқ. Оның үстіне анасы Мәрзия үстінен түйе жүріп өтсе үндемейтін, қап түбіне еш нәрсе сақтамайтын кең адам. Кең адамды кім сыйламасын, кең адамға қаңғырған ит те үйірсек.

Якорьге қырық бірінші жылдың күзінде байлаған ескі баржы төрт жыл соғысты қолтықта тұрып өткізді. Үстіндегі құмына дейін көктеп, қаңсып қалған "көне астау" бүкіл ауылдың балаларына ойнақ болды. Пристань мен элеватор екі жақ болып "соғысқанда" алатын қамалдары осы баржы еді. Балалық бәсеке төбелес те, татулық та соның үстінде. Құмына қыздырынып, қармақ салып, түссе шортан, түспесе бірер шабақты да соның түбінен ұстап әкететін қара сирақ құс табандарға мұхиттың кемесіндей көрінетін. Рубкаға қолы жеткендердің кейбірі қазір әскери флотта, нашар дегендері өзенде шкипер болып жүр. Ал Мешелге өгей әкенің таяғынан қашқанда талай түндер баспананың міндетін атқарған. "Палундра!", "абардаж!" деп бақыратын достарының бет-жүзін көрмей кеткеніне де қай заман. Соның бәрінен айырған...

Құм үстінде дыриып қыздырынып жатыр еді.

— Әй, Мешел! Жүгір, сенің тәтең күйеу ертіп келіпті! — деді біреу.

Күйеуі несі деп ойлады. Соғыстан кейін бірен-сараң болмаса "күйеу" деген ұғым көрінген ошаққа қона бермеген. Бірақ, біздің үйге де күйеу бітеді деген Мешелдің кәперінде жоқ еді. Қармағын жиып, бес-алты ала-бұғасын салақтатып үйге қайтқан. Соңғы жаңалыққа үдірейісе қалған достарының жүзінен-ақ жақсылыққа жорымап еді.

Бір көзіне былғары байлаған еңгезердей жүнді бас оқырайып қарады да қолындағы стақанын төңкеріп тастап, көк сарымсақты қарш-қарш шайнап, қылғына жұтқан соң:

— Осы үйдің азаматы ма? — деді, өмірі суда жүрген адамдай дауысы жарқышақ, әрі күбінің түбінен шыққандай үрейлі екен. — Жігіт!.. жігіт!.. шаруаға жарап қапты, — деп жалғыз көзі шақырайып алдымен Мешелдің қолындағы балыққа қадалды.

Бұдан соң да сан шақырайған осы жалғыз көз өмір бақиға Мешелдің өңменіңде кетті. Жалғыз көз Мәрзияның картоп қуырған қара табасының күйесіне дейін қазып тауысқан соң Мешелді ошақтағы отқа жұмсады. Пристанға келіп-кеткендердің аузынан сигаретті көргені осы еді, кейін бұл құрығырдың жұртта қалған тұқылы үшін кең-қоқырды тінткізетінін қайдан білсін. Темекі тартып, жаны жадырағанда тана барып:

— Иә, оқу қалай? — деп күрзідей қолын Мешелдің иығына салды.

— Жағдай болмай оқуынан кешеуілдеп жүр, — деп күмілжіді анасы.

— Ә, қонбаса сол оқуды қуалап та қажеті жоқ. Шаруаға жарап қапты той...

Әуелде мүсіркеген болып иығынан қаққан жуан жұдырық кейін танауына талай боразда салған. Аузына дуа қонбаса да айтқаны келіп, Мешел бұдан соң оқуды да жарытқан жоқ. Ең қиыны, баладан ананың жылы құшатын айырып, жалғыз көздің екі араға суық сынадай қадалғаны. Күйеу болып түскен алғашқы күні-ақ қазан-ошаққа араласып, кешкі астың қамына отын әзірледі. Бірақ, бөтеннен шырпы қосқан жоқ, қақпаға тіреу қып жүрген сырт ауылды талқандап тастады да тамыздыққа деп үйдің бұрышын жарды. Байғұс, сан жылдың ауыртпалығына төтеп беріп, сан адамға дәм татырып шығарған ағаш үй қашан сатылып кеткенше жалғыз көздің балтасымен алысып еді.

— Ана кісіні қуып жібер! — деді Мешел анасына ел орынға отырған шақта.

— Heгe, күнім-ау?!.

— Кетсін!.. Оңбаған адам! Үйдің бұрышын неге жарады?!

— Қой, балам, үлкен кісіге олай деп айтпа, — деп шешесі жекіп тастады. — Ол сатан әке орнына әке болайын деп отыр. Ұят болады! — деді.

Жалғыз көзді қумақ түгілі, Мешелдің төсек-орны сол түні – ақ төргі бөлмеден шығып қалды. Жел тұрса сыңсып қоя беретін жамаулы сынық терезенің түбінде бүрісіп жатып ең алғаш рет өзінің жетімдігін сезінген. Киіз басқандай ырсылдап-қорсылдаған өгей әкенің демігінен жеркеніп шығып еді. Келе-келе шоланда да сирек түнейтін болды. Көбіне жалғыз көздің орнына құс мылтықты құшақтап астық қоймасының күзетіне кететін. Жартыкеш көңілге жетімдіктің мұңы болып кірген сынық терезенің боздаған үні қыс пен жаздың ұлыған ызғарына ұласып еді...

— Бей гада!..

— Старшой!.. Старшой!..

Мешел басын көтерді. Әлдекім түсінде төбелесіп жатыр екен. Зәр қысқан әлдекім темір есікті тепкілеп түр екен. Темір есік әуелі салдыр-сұлдыр етіп жұртты түгел оятып алды да сонан соң барып сықырлап зорға ашылды.

— Неге ұйықтамайсың?!

— Әскери кеңеске баруым керек! — деген жауаптан "фельдмаршал" екенін білді.

— Тек отырып алма!..

Темір есік жабылды да босағаны тістеген қалпы қарысты да қалды. Қандаланың иісі шықты. Еті өліп кеткен бе, әлде қаны тәтті болмаған соң тиіспей ме, Мешелге қандала, маса деген жолап көрген емес. Бірақ, кәпірдің иісінен адам түгілі хаюан түршігеді-ау. Төменде әлдекім тас шайнағандай шақыр-шұқыр тісін қайрап жатыр екен. Мешел еті қышымаса да қарап жатып қасынды. Торлы терезенің желдеткіші тура желкесінде еді, мұндай жақсы болар ма. "Фельдмаршалдың" жыртиып келіп, қорқытып қолқа салғанын енді түсінді. Торлы терезеден самал соғады екен. Торлы терезеден кең дүниенің пұшпағын көруге болады екен... Кең дүниенің пұшпағы іргедегі бақтан басталып, бөктердегі қара шыршаның қаздиған ұштарымен жалғасып кете береді екен. Көз ұшындағы қалың нудың ортасынан қалтырап от көрінді. Біреу емес, бірнешеу екен. Бытқыл мен сай-сайдың шұңқырына дейін қоймай шабатын малсақ қазақтар пішенге шыққан болар. Бұл шақ шаруа адамның қона-түней тарбайып жататын кезі. Жаман да болса үй салып алсам, жапанда жатсам да тірі жан екенімді сездіріп, аяқ артар бір көлік, бірер қара ұстасам дейтін арманы есіне оралды. Қой болмаса ешкі көрген ауылдың қызы ғой, Жәмиланың қолынан үй ұстау, бірер сауынның бабы келер-ау... Туасы, үй тірлігінде Мешелдің қолынан келмейтін кесіп кем де кем еді. Сиыр сауудан бастап пішен шабуға дейін мынаған менің шамам жетпейді деп айтып көрген емес... Салт жүріс, сабау қамшы құлқы оны да ұмыттырғаны қашан...

Өзі масыл, оның үстіне ішер ауызды көбейткені болмаса өгей әке шырпы басын сындырған жоқ. Жаз шықса ішкі жаққа сал айдауға кететін, бірақ, одан сабақты жіп кірген емес. Мұз қата азып-тозып бірде тоналып қалдым, бірде ұрлатып алдым деп мүләйімсіп қайтушы еді. Кейін ақталуды да қойды. Қыс күндері элеваторға күзетке тұрғанмен пеш үстінен ұзаған жоқ; күндізгі кезегіне оқуын тастап Мешел барады, түнгі кезекке шыққанда күні бойы қоймада астық тазалап, өліп-талып келген шешесі сылдыр шәймен ауыз жылытып тағы кетеді. Сөйтіп жүріп жалғыз көз ұрпағының санын бір қыз, екі ұлға жеткізді. Табу шеше міндеті болғанмен, оларды бағып-қағу Мешелдің мойнында. Жар жағасындағы бұрышы мүжілген ағаш үйге кірекеш тұрмақ көрші жоламайтын. Жамбас ақыға жалғыз көз арақ тілеп, мас болса төбелесіп ит ырғылжың қылған соң жұрт маңайды баспай безіп кетті. "Үруге міндетсінетін бұралқы итті қуып неге жібермейсің" — деген ауылдастардың ақылына, шешесі: "балалардың әкесі ғой, құдайдан қорқамын"-деуші еді. Оның есесіне жалғыз көз құдайдан қорықпайтын. Тірнектеп жиған тиын-тебенді тартып алып арақ ішеді, өкіметпен қорқытса "мен ешкімнің есебінде жоқпын" — деп құйрығын көтеріп тайып отырады. Мешелдің бойы таяқтан өспей қалды да борсықша ұрған сайын семіретін рухани мешелдік соның зардабы еді. Қаршадай басынан бір үйдің уайымы иығына түскен байғұс аядай ауылдан озып шыға алмады да түзгі дүниеге үңіліп қарауға мұрсаты болған жоқ.

Таяқтан да, азаптан да Мешелдің арқа-басы кеңитін кезі жаз, осы пішен уақыты. Жер қарая ағымен күнелтіп, қар түсе торпағын талшық қылатын жалғыз сиырдың жем-шөбіне бола көрші колхоздың пішеніне болысатын. Ақы-пұлы — қарашада қораның төбесіне кеп қонатын бір отау шоп. Мешел он жасында қолына балта ұстап, он үш жасыңда шалғы тартты. Алғашқы кәсібін күні бүгінге дейін тастамаса да соңғысының азабынан да бала көңілге алданышы көп еді. Алдымен, бірін уатсаң екіншісі ырылдайтын, бірін тоссаң екіншісі былғанатын үйдегі коп шуылдақтан құтылады. Өгіз де болса астына көлік тиеді, өзге де болса еркек кіндіктілермен қара қостың дәмін татып, терін сіңдіріп қайтады. Аяғыңның күсіне дейін ақ жемтір қып алып түсетін таңғы шығы, таңдайыңды жауыр қылатын бүлдіргені мен қарақаты қандай еді. Танау жаратын пішеннің иісіне мас болып, мая төбесінде жұлдыз санап жатып түс көріп ұйықтайтын қаннен-қаперсіз күндер-ай!.. "Әй, балалар! Ел көшіп кетті! Жұртта қалдыңдар!" — деп оятатын ұйқысыз шалдардың даусы, күннің кірпігімен таласа тұрып, аяқ-табақтың салдырымен от басына, шақыратын әйелдердің мұңды жүзі әлі есінде. Біреудің айқайы, біреудің зекігені жалғыз көздің жұдырығының қасында айналайыннан артық еді той. Мешел қайда жұмсаса да қасарысып көрген емес. Жаңбырлы күн, боз қырауда бұйығып жатып та жалғыз сиыр есіне түсіп атып тұратын. Жұмысқа өлермен еді. Жұртқа да осынысымен жағатын. Оны өзімшілдікке жетелеген, дүниеқоңыз қылған күн көрістің өлермендігі де шын жадырап қуанбайтын, шын күліп жарылмайтын мүттәйімдігі "ешкіні апа, текені жезде" деп үйренген монтанылықтан қалған. Осы мінезі бала кезінде жұрттың бәріне жақса, бүгін біріне ұнамайды. Уақыттан көрмесе бұған Мешел байғұс кінәлі ме?.. Өмірден тырмысып жүріп үзіп-жұлып алғаны бар екен, ал өзінің бермегені болса сол өмірдің қағаберісінен ғана еншілеген тірлігінің ұсақтығы, арманының тайыздығы шығар. Қарын тойғызудың қамы кімді алысқа апаратын еді. Бірақ, қарын тойғызу Мешел үшін қала тұрғызудан кем түскен жоқ.

Шешесі қайтыс болғанда өзінен басқа үш баланың ең кішісі бір – ақ жаста екен. Бір қыс жатып, жаз шыға жалғыз сиырды сатып жоғалған жалғыз көзден қайтып қайыр болмады. Төртеуінің онан кейінгі, сауыны загот-зерноның құмығы мен өкімет беретін карточка, Мешелдің қоймадан табатын ешкінің тебініндей жалақысы еді. Күні бойы веелканың құлағын айналдырып, карточкаға тиетін екі бөлек наннан күні бойы бір тістемей үйге көзі қарауытып зорға жететін күндері әлі есінде.. Бірде көшеде құлап қалған жерінен көршілері көтеріп әкелгенде, қолтығына тас қып қысқан қара нанып көпке дейін ешкім босатып ала алмапты. Қара судан қаймақ үнемдеген басы, ертеңгісін кеткенде қолы жетпесін деп артық шайнаманы інілерінен жасырып сырық басындағы қараторғайдың ұясына тығатын еді. Қайда барса інілерінің ашқарақ көзі қыр соңынан қалмайтын. Ашқарақ көздерді тойындырам деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Сол таршылық, не нәрсенің құнын тамақпен өлшейтін ашқұрсақтықты ниетіне мәңгі-бақи еншілеп байлап берді. "Таңғы тамақ тәңірден" деудің орнына, ертеңгі күнім не болады деген уайым, қалтаға сынық бәтерді артық салдыратын сақтыққа үйреткен. Дегенмен, жалғыз көздің жалмауыздығына жете алған жоқ...

Жалғыз көз ұшты-күйлі жоғалғаннан бір жылдан соң қайтып келіп, балаларды леспромхозға көшіріп әкетемін деген сылтаумен қара шаңырақты да сатып тынған. Сөйтіп, Мешелдің қараорманының жұрнағы "Қызылжар" пристаны су астына кетпестен көп бұрын-ақ балтаның жүзінде кетіп еді. Жалғыз көздің қан қақсатқаны бір ошақ емес, бір нешеу болып шықты. Ел үстінен, жетім-жесірдің несібесінен күн көрген қаңғыбастың жыл он екі айда бір қонақтап қайтатын бір-бір қатын, төрт-бестен бала-шағасы Алтайдың әр қуысынан табылған. Сотталғанда солардың бәріне айтқан бір-ақ сөзі: "өкімет өлтірмейді, жесірлердің қойнын құр жатқызбай, солдаттың санын өсіргеніме рақмет айтыңдар!" — деген.

Өкімет өлтірген жоқ. Өзегіндегісін жырып берді. Детдомға апарып тапсырған інілерінің алды қатын алып, әскерге де жарады. Бірақ, Мешелдің жетім көңілі жетім боп қала берген. Жеткен соң, "аға, қалың қалай?" — деп бір де бірі іздеген емес. Қазақтың: "аға — бауыр, іні — тас" дейтіні осы жолы қалт кеткен жоқ. Мешелге салса, "қасқырдың бөлтірігі тауға қарап ұлиды" десе де қателеспейді...

...Ең алдымен бақ шетіндегі шалшықтан бақалар шулады. Онан соң құстар сайрады. Сарыалқа биігінің аппақ жоны аңырап тұр екен, оның ар жағындағы Үшқоңырдың көк тайғанақ шындары сұп-суық боп, ыздиып-ыздиып көкжиектің етегін түріп тастапты. Аудан басының әтештері тәуліктің торт мезгілінен жаңылып қалған ба иттерден де кеш оянды. Қайта кемпірлері пысық екен, салақтатып бір-бір немересін арқаларына мінгізіп алып, сатал бөксе бір-бір сиырды сүмеңдетіп табынға қуып барады. Тарысын ақтап, тауығына дейін баптап отыратын баяғы сол кемпірлер. Тағы сол кемпірлер. Соғыстан қалған бір-бір жетімектің ауызын астауға жеткізген шығар-ау, енді немерелеріне еңкілдеп ат болғанда бұлар қай ұшпаққа апарар екен?..

Мешел көп жылдан бері түсіне де кірмеген анасын көз алдына елестетті. Фәни дүниені ертерек тастап кеткен бақытты жан екен деп ойлады. Сәлемді дұрыстап бермейтін ұлдардың қайсысының босағасына барып телмірер еді?.. Соның бірі өзі емес пе. Ынжықтығынан қырыққа дейін қатын ала алмай, енді қырт болғанда қырсыз жұрттың санатында темір тордан сығалап жатқаны. Анау кең дүниеге бір шықса, тағдыр деген қасқаны қақ маңдайдан бір ұрып, тірліктің көкесін де қырып тастайтындай... Мешелдің ұзақ таңды кірпік қақпай атырғаны осы шығар. Қара құсы сіресіп, басы меңзең ауырлап қалыпты.

Сықырлап темір есік ашылды. Старшой екен.

— Әй, Қобыланды! Жинал! Саған кісі келіп тұр! — деді.

Мешелді де іздейтін кісілер табыла бастағаны да...

Бесінші тарау

1

Қара Диюдың асына шалған қаракер биенің бас қаңқасы қақпа діңгегінің ұшарында қаздияды да тұрады. Кіріп-шыққанда Жақыпты қасқа маңдайдан ұрғандай түршіктіріп, санасында көміліп қалған қай-жайдағыны жаңғыртады да тұрады. Тақтай шатырын қына жеп, есік-терезесінің оюлы кәсектері саудырап, сілегесіне дейін майысып бара жатқан қара шаңырақтың жалғыз қарақшысы да осы. Қатын-қалаш, бала-шағаның ортасында айғырдың тезегіндей бір төбе боп отыратын Қара Диюдың өзі сияқты бір кезде бүкіл затондағы көзге түсетін еңселі үйдің бірі еді. Қара Дию қара шаңырағын мәңгілікке тұрғыздым деген. Енді... "продается на слом". Қабырғаға қара маймен баттитып тұрып жазған бір ауыз сөз Жақыптың бетіне жаққан қара күйеден кірген-шыққанда жүрегіне ине боп қадалады. Өткен заманның жұрнағы Қара Дию бір атаның ұрпағына қазық болғанда сен қара шаңырақты ұстауға да жарамадың-ау деген бір ой көкейінен кетпей-ақ қойды.

— Ықаш!.. Мақаш! Тоқаш!.. Туу, алжытқан құдай-ай! Жақаш, үйге кіріп шәй іше қойшы?.. Айналып кетейін, Дәу қайнағамның көзі той...

Қара Диюдың сүйегіне қына шықса да Дәу қайнағасын аузынан тастамайтын жалғыз ғана Бибісара кемпір. Бибісарадан басқа затондағы жатақтар кварталында қазір тірі жан қалмаған. "Біздің үйден шәй іше кетші!" — деп үш мезгіл көлденең өткеннің соңынан жүгіріп, көрінгенге жалынып кеп жүргені. Бибісарадан енді қашсаң құтылу жоқ. Қазір барамын деп бетін әрі қаратып жіберді де сырт айнала беріп, үлкен адамды несіне алдадым деп тағы өкінді.

Күн жамбасқа жаңа түскен екен, комбинаттың будақтаған көк түтінінен шар табағы талақтай боп тұлан-тұтып тұр. Бүкіл қаланы өрт шалғандай, терезе атаулы қызыл жалын боп шалқиды. Кеме тоқтайтын ескі пирстен созылған микроаудан ыстық қайта өзеннен соғатын кешкі самалдың көзін де бітеп тастапты. Қорап тәрізді ірі паннелді қаптаған тас үйлер жатақтар кварталын екі бүйірден сығымдап, бір кезде мал жайылатын жоңышқалы өзекке шығындап кеткен. Қағырдан бұрқ етіп жынды құйын көтерілді де қызыл топырақ шаңды қуалап апарып жатақтардың жұртына тықты. Таңнан бері арылдаған бульдозер мен экскаваторлардың, азынаған самосвалдардың базары тарқаған. Ырсиған үйлер, үңірейген есік-терезелер тым-тырыс кешкі тыныштықта қираған ескі зираттың мазарларыңдай үрейлі. Осы көң-қоқырдың төбесінен сорайып-сорайып төніп тұрған көтергіш кранның қалың орманы жемтігін бүктеп алып енді жұлмалауға кіріскен қарақұстың үйіріндей еді. Жадау көрініс Жақыптың жамау көңілін тағы да шым еткізді.

Ағайынмен араластығы жоқ Жақып жатақтардың жаңа түтіннен адасып қалған. Қазір олардың қайда көшіп қонғанын да білмейді. Білемін дейтін ересектері соғыстан оралған жоқ одан соңғыларының аты-жөнін де дұрыстап сұраған емес. Өмірінің аяғында әкесі Қара Диюдың өзі де кіл бала-шаға, ұрғашылардың ортасында қалып еді. О дүниеге асыққаны да содан шығар. Жаназасында құран аударған моллаға Жалбағайдан басқа бір адам Төлеш деген дұрыс аты-жөнін де айтып бере алмапты. Бүкіл өрен-жаранын бір шыбықпен айдаған қатыгез байғұс көзінің тірісінде артындағыларға өзінің кім екенін де құлағына құйып кетпепті-ау. Өлдің Мамай қор болдың деген осы да.

Пристаннан әлде бір кеме күңкілдеді. Бала кезінде шылпылдақ шабан пароходтан бастап ары өткен, бері өткен "астауға" дейін дауысынан санап алушы еді. Қазір де қарлыққан үнінен плот, әлде баржы сүйреген буксир екенін сезіп тұр. Соның анығына жеткісі келгендей Жақып бұрқылдақ көшенің шаңын сыпырып жағаға тартты.

Ауруханадан шыққаннан бергі әдеті осы. Алғашында бірер аптадай жиен қарындасының үйінде жатып еді, қуықтай үш бөлмеге сыймады. Оның үстіне дүние жиюға пысықтау күйеусымақ болғардың ағашына қотандастыра қара шаңырақта қалған іске татыр қоқырды түк қоймай тықпыштап алыпты. Дачаға керек еді деп бірер төсеніш пен шиқылдақ раскладушканы қиналып қайтарған, қада басындағы қаракер биенің қаңқа басын алып кетпегеніне құдайға шүкір, "Япыр-ай, бұл жұрттың ниетін байыған сайын жылан жайлап бара жатқаны несі?.." Саудыраған ағаштың бетіне қараймын деп бұтындағы дамбал боп кеткен шалбарын ауыстыратын өңі бүтін костюмі де жоқ. Ер жеткен екі бала тылтитып бес жасындағы ит көйлегін сүйретіп жүр. Қарындастың да оңып тұрғаны шамалы, күніне бір мезгіл шифоньер мен буфеттің шаңын жалап шықса байдың керегі жоқ сияқты. Қара шаңырақтың кілтін сұрағанда, "күйің келіспейді ғой" — деп өтірік күңкілдеген, бірақ, көзінен, "кетсең қайтейін" деген немкетті шырайды таныды. Әуелде бір мезгіл кострюлін сүйретіп келіп жүрді де Жақып, анау тылтиған күйеуіңе жабу сатып әперші деп жүз елу сом берген соң кайтып бет көрсетуді қойды. Тегі, е, мынау әлі өлмейді екен десе керек. Баяғыда жұрт бұларды "жарымаған жатақ" деп кемсітетін. Сол рас шығар. Жақып, әкесінің өзіне ұрысқанда: "батырдан би, биден ұры, ұрыдан қары, қарыдан бәрі туады" дейтін сөзіне тағы да бір жүгінді.

Расында буксир екен. Жоғарыдан түсіпті. Танауы көкте сауыры суда, aп жыландай собаландаған ұзын плотты мықшия тартып барады. Бұқтырманың төменгі сағасын қазір өзен деуге де келмейді. Арғы жаға мен бергі жағаның қашықтығы он шақырым. Құйғанда шлюз орнағаннан бері баяғы жәйпақ "астаулар" жағаға шығып қалған да оның орнында теңіздің танкер, катерлері мен "ракеталары" шиырлап жүр. Пирстегі тақтай баспалдақтар да құрыған. Бетон қаптаған қойнаудағы земснаряд, тас тиген, құм тиген баржылар, әр түрлі катерлер мен шхуналардың арасына қол сияр емес. Бір кезде "капайгород" атанып кеткен жатаған үйлі затон кәдімгі портқа айналған.. Бірақ, жұрты ауып, қаңырап қалған тым-тырыс иесіз мекен сияқты қаланың жөліктеу ысқаяқ саудагерлері мен қырдың қымыз мүңкіген күпілі базаршылары сапырылысып жататын шатырлы жәрмеңкенің орнын таппады. Пляждің құм жайдағында кілкіген көк жалқақ мазут батар күннің қызыл шұғыласына көк атластай жалтылдайды. Марқұм әкесі, бұл өзенге шомылғанда суға кетесің деп беліне арқан байлап, бір ұшын ұстап отыратын. Қара Диюдың Қарашелек дегенде шығарға жаны ғана бөлек еді. Сөйткен әкеге не жақсылық істеді?..

— Че, Яшка, любуюшься своим атрошеством?! Ляжит, язви зараза, ляжит оно!..

— А, дядя Осип! Промышляем, значит?..

— Какое тамо промысель! Нынче вся живность в глистах!.. Всем одно название — сорочки... Сор, значит. Зато благодать, по несурьезному в огород не лезешь, дак скреби вилами на бухте да орошай. Как, огня во рту не держишь?..

— Не-е...

— Маладес!.. А я, язви, сюды с острова пру, за спичкой. Я, ведь, вроде хозяин тамошний. Артисты!.. Придумали тоже, охронять последнего косого. Умора! Тепериче хоть коров стреляй.

Дядя Осип баяғы қалпы. Жақыптың Қарашелек кезінде осындай сияқты еді, тұздай көзін тотияйынмен бояп қойғандай жыл өткен сайын жанары жарқырап барады. Тек бурыл сақалы боз тартып, шәушиіп сирей түскен тәрізді. Шал қырықжамау қайығын шығыршыққа байлады да кетуге ыңғайланды. Ұрынарға қара таппай тұрған Жақып сыраханаға сүйреп көріп еді:

— Әй, қазіргі сыра қый татиды! — деп шал қазақтың жалпақшасына бір – ақ көшті. — Галимый уксус! Бұқтырманың суы азған соң, сырада не қасиет қалды дейсің. Онан да, бастықтар айтпақшы, што-нибудь существенныйдың өзі артық!..

— Мыкртчян аман болса ол да табылар.

— Мейлі! — деп шал байғұс көне кетті. — Сен түгілі әкеңнің көңілін де қалдырып көрген жоқ едім.

Онысы рас. Шаруақор Осип Қара Диюдың тиянақтылығын жақсы көретін де Қара Дию Осипке шананың шабағын, арбаның онықы-мұнықысын тегін жаматып алғанына мәз еді. Лагонның түбінен, қонақтан артылған бөтелкенің сарқынынан Осипті құр ауыз қалдырған емес. Жас шамасы бір-бірінен едәуір алшақ болса да екеуі тетелес абысындай шүңкілдесіп кеп отыратын. Жаяу қулыққа Осип те алдына жан салмайды, "жұмыс қолдан қорқады, әңгімемен бітеді" деп Қара Диюдың шаруасын ұзын сарыға сырғыта-сырғыта соғымның аяғына іркеді де шалды қасына алып, асықпай отырып түртініп тауысатын. Жақып Лесяға үріленген соң Қара Дию тіпті құда болдық деп жата жабысып, бел құдасы ақсақ егерьді мойындамай-ақ кетті. Дегенмен, Осекеңнің дауысы жіңішкеріп, ақүрпік балапанның қылқиған мойныңдай ендіршегі былқылдап қалыпты.

— Яшка, ты не слыхал? Народ разные порють, будто лектростансию на атомный ряктр переводят, а воду на волю?..

— Не...

— И верно. Сказывают, посля не токмо травой, даже бурьяном не зарастет. Благо в воде утопиться, нежели комара кормить.

Көкірегі сырылдап жүріп өкіметтің шаруасында не қақысы бар екен деп ойлады.

2

Шықардағы шашлықтың маңғалы жылан жайлағандай кеуіп жатыр екен. Іштегі жұрттың гуілі де сараң. Мікіржан атанып кеткен бүкіл Зерендідегі жалғыз армян Жақыптың төбесін көргеннен-ақ құдасы келгендей қуанды.

— Ой, дәрәгой, жіб-сдароп?!. Просим пожалиуаит! Мәнти ес, шәшлик будит! Сыра хоть утапис, а... эн-то... эн-то... лесарубам тоже будит!..

Балташыларды да, сал айдаушыларды да көре алмады. "Тағы тайга" суалған соң бұл жердің де сәні қашқан екен. Мікіржанның бүгінгі жамағаты отырықшылар — қайраң сасыған ұсақ-түйек кірекеш кемелердің матростары мен жағаның жұмысшылары. Сапырып жатқандары да шамалы, бір-бір шабақтың құйрығын еміп, қысыр әңгімені соғып отыр. Әйтеуір, иісі суға жақынның күндегі әдеті осы. Бір сапты таяқ сыраның үстінде сағат бойы соңғы жаңалықты бір қалтадан бір қалтаға қопарып, ақыры арзан анекдотпен тарқасады. Мікіржанның Жақыпқа құрақ ұшқанының жөні бар екен. Жұрттың қауқарын қалтасына түспей-ақ білетін қу ғой. Егер Жақып сияқтылардың ат шалдырмада шашқанын есептесе, жатақтар кварталын сан бұзып, сан тұрғызуға жетіп қалған шығар.

Анисимнің Петькасы қара көлеңке бұрышта отыр еді. Алдындағы қаңылтыр табақтағы бес мантысын бес рет қолына алып бес рет аузына апармай қайта тастады. Жақыпқа жақтырмай қарады Жақып та оны байқамағандай болды. Екеуінің ептеген достығы да бар еді. Кезінде затонның екі атаманы комбинаттың ши борбайларын өзенге жолатпай зар қақсататын. Лесяға байланысты екеуінің арасынан мысық өтіп кетті де бүгінде сырттай кісінескенмен әр қайсысының ішінде бір ит ырылдап жатыр.

— Яшка! Что, у тебя зрачки бельмом заросло?!

— А, Петь?! Тірімісің?..

— Нежалуемся. Проходи, все равно одно дерьмо, поделимся.

— Рақмет. Менің артық ауыз қонағым бар, саған ауырлау тиер, өзің кел, — деп Жақып пен Осип шал түкпірден бір столды тандап отырысты.

Петр екі тілге де судай еді. Тек, жұрт көзінше қазақша сөйлеуді жағымпаздық көрген. Қаншама кергіп баққанмен құланның айғырындай осқырынып жалғыз отыра алмады да алдындағысын сиырып тастап, күржиіп барып Жақыптарға қосылды.

— Ты что ко мне не заходишь?

— Сенің қайда тұратыныңды ит біліп пе?..

— А ты не виляй. Делить то нам нечего... Баба есть баба, чей порог она не перешагивала. А мы были друзьями, друзьями останемся...

Ептеп тартып алған екен. Сөзі дұрыс. Айтып отырғаны да дұрыс. Бірақ, баяғы кез болса ендігі екеуінің бірі еденде жататын еді. Жақып өзін-өзі ұстаған болды, әйтсе де ішіндегі итіне таяқ тигендей жалы күдірейіп барып басылған. Мүскене шал мұны да сезе қойды.

— Петь, сен қыртпай отырсаң қайтеді?! — деді. — Әдейі келген қонақсың апетитін бұзба. Әй, Мікіржан, албасты басып жатыр ма?!.

Затон — шал сыйлап өскен жұрт. Шалдар ұрысса, таласып жатқан иттеріне де ақыл кіретін. Екеуі де дәстүрді бұзған жоқ. Жақып ауруханадан шыққаннан бері ішімдік атаулымен үзілді-кесілді қоштасқан. Оразасын бұза алмады. Мікіржанның бұрыштап, уксустап әкелген қызыл күрең шашылығы мен бір шөмеле көк пиязынан қашыр-құшыр асады да "тек сендерге ғана" деп қойған дефицит коньягінен бас тартты. Марка сақтау үшін керек сәттерде барменнің жұрттың сілекейінің сорына Арараттың "Ереванын" шығаратып әдеті. Мақтаншақта болса пысық, таппайтыны жоқ. Осында туып, осында өссе де қаншыл, Арменияға жылына бір барып кайтады. Бірақ, қаншама орысшаны бұрмалап, кежелеп сөйлегенмен, ана тілін білмеген соң ағайынға отығу да қиын болса керек, затондағы күркесі мен мангалына жыл сайын қайтып келіп жүр. Неден тұрғанын кім білсін, екі этажды особняк пен "ладаның" төркініне обхс та жете алмай-ақ қойды. Обалы кәне, бұл күркеге Мікіржаннан қылап ие де жоқ. Бірер дүркін ауыстырып көріп еді, зерендіктер сыра орнына сивуха ішіп, шашылык деп шандыр шайнап кеткен соң арызқойлардың өзі-ақ ат-түйедей қалап қайтарып алған. Албасты басқыр, жампоздыққа келгенде алдына жан салмайды-ау. Жақыптың қырыс қабағын тамырын баспай-ақ сезді де "Ереванның" аузы ашылмаған екінші шөлмегін, "дарагой, паследний" — деп жылпылдап жүріп қалтасына сүңгітіп жіберді.

Жақыптың беделі затонға "Еревансыз"-ақ белгілі еді. Манадан жанасарға сылтау таппай отырған ағайындар әр нәрсені жақауратып келіп қамап алды да амандық-саулық пен "жан ашырлықтың" есебі елу сомнан асып жығылған. Ішпесе де солармен бірге маңдайы жіпсіп, жалғызсыраған көңілі үйір тауып, бір жасап қалды да мұны көптен күгкендей, тыңдайтын құлақ іздеген сөзшең ауыздар пәлсәпа мен кісіліктің тағына бір-бір мінісіп түсті. Айтатындары баяғы сол бір уайым: Бұқтырма теңізінің тағдыры, балықтың бүкіл қорын екі жылда жеп алып балық заводының қаңырап бос тұрғаны, таситын жүк, барып қайтатын өрістің тарылғанынан кесіптің азайып бара жатқаны, әйтеуір кемешілер мен балықшылардан бүгінде бақтайған сияқты. Өтірікте емес, сенуге де болмайды. Жақып осының бәрін селқос тыңдаған.

Туасы, кесіп тандап, иә қаракетсіз қалам деп қобалжымаған басы тайгада кісікиік боп жүріп ел арасының тірлігін, ауыл үйдің өсегін тосырқайын деген бе, әлде затондықтар тым уайымшыл боп кеткен бе, әңгіме құлаққа жат, ерсі көрінді. Әйтпесе, құн көрістің қамы ер азаматқа жүк болып па.

— Дядя Осип, үйің неше бөлме?

— Нешеу деймісің?.. Төртеу ғой, — деп шал неге сұрады дегендей Жақыпқа сынай қарады. — Подвалын қосқанда сегіз. Бірақ, оның екеуі кемпірдің қоймасы да екеуі мастерской.

— Ал, аралда ше?

— Аралда деймісің?.. Онда енді бір-екі бөлме, қора-қопсы деген сияқты...

— Малың бар ма?

— Мал ма?.. Енді бір-екі сиыр, бұзау-торпақ, тоқты-торым... малға саналса қаз-тауықта қажақ-құжақ түсті к айыруға жарап қалады...

— Осыдан он бес, жиырма жыл бұрын ғой жалғыз ешкі, мастерскойыңды қосқанда қуықтай екі бөлмең бар еді.

— Бұл куркуль құлынды биесі мен бір үйір күрке тауықты жасырып отыр, — деп Петр шалды қолқадан қойып қалғандай болды. — Бүгінгі заманның помещигі емес пе!..

— А, ты, отшельник, помалкивай! — деп шал да шақ ете қалды. — Төрт бөлмелі пәтерінде сирақ сиятын орын жоқ. Ал, ақ "ладаны" әкең Анисим айдап көрді ме?!.

Затон жұрты ежелден комбинат тұрғындарын жақтырмайтын. Карьерде тас қазған кеншілер мен метал қорытушыларды қараға санап, өздерін ақ сүйектің санатына қосушы еді. Екі көзі өзен мен дал ада, өрісін содан тауып, өсімін де содан жинап, өліп бара жатса күрек пен қайлаға қол созып көрген емес. Бір түтінде бір адамның қолы қимылдаса, қалғаны соның тілеуін тілеп қарап отыратын. Петрді отшельник деп шалдың қорлап отырғаны сол дәстүрді бұзғандығы үшін болуға керек. Қанға сіңіп қалған жалған намыс өлмелі шалдың етінен де қыжылдап шыға келетінін қайтерсің.

— Ал, дәл осы жердегі баяғы трактирге өзіңнен артылтып соқыр тиын шашып көрдің бе?

— Дядя Осиптің қазір де шашып жүргені шамалы! — деп шкипер Рамазан фуражкасын самайына осырта киіп, бізді де көріңдер дегендей Мікіржанды кайта шақырған.

— Сенің де шашылғаныңды көрейік! — деп шал бұған да жауап тапты. — Қол астында бір флотилия. Жеке меншік моторлы қайығыңды малға қоспағанда бір өзің бір кварталға симай жатқан жоқпысың! Әкең марқұм жеті тиын құдайыға қиналатын сараң еді, аузыңа түкіріп кетпесе алақаныңды бір жазшы кәні!..

Жақып жұртты оспақтап отырып бірінің қоймасын біріне қаздырып алды. Жылап ішіп, шыңғырып қыр астына жүгірген бір пенде табылған жоқ. Бас жағын толтыра алмай жатқаны болмаса, ас жағы аста төк секілді. Машина мен моторлы қайықтан бастап әр түтінде аяқ артар бір көлік бар екен. Асыл тұқым да емес, қораға үретін қандені күшіктесе тойына ресторан жалдайтын тыраш затонның ниетін Жақып астамшылыққа жорыған.

— Яшка, сен бізді сынауға келгеннен саумысың? — деп Осип атай кейіп қалды. — Біз кедейміз деп отырмыз ба? Артық әңгіме айтылса, ол ел қамы. Баяғыдай бір саптыаяқ сыраңды ішкен соң сызып үйге қайтатын уақыттан жұрт озған. Бүгінде сусын үстіндегі сыр да қымбаттап барады. Сені жыл он екі айда бір көреміз. Өзің не бітіріп жүрсің, соны айтшы?

Шал жанды жерінен тырп еткізбей ұстаған соң Жақып бұлқына алмай қалды. Қалта жомарттық, қайырымға деген мәрттіктің бір сәтке меселіңді көтергені болмаса басқа пендеден төбеңді биіктетпейтінін өзі де сезетін. Басыңның бостығы, тізгіннің жоқтығы күнделікті күйкі тірліктен құтқарғанмен көңілдің қоңылтақтығына араша түсе ме. Ол да әншейін жауырды жаба тоқыған адамның іштегі күйігін жасырғаны да. Жақыптың осы жарасын шал тағы да қанын шығара қасып-қасып алды.

— Қараорман анау, қаңырап қалған. Сен үшін горсоветтің снос бөліміне де біз бардық. Енді тым болмаса сол даяр ордерді алып, қара шаңырақтың орнына ел қатарлы түтініңді шығармаймысың?! Сенің бізге жұртқа ұқсап үй болып қалқайғаның ғана емес, сол жұртпен бірге қайнағаның керек еді той. Как медведь, зимой уходишь в тайгу на спячку, а летом сюды жировать приходишь. Хорош, ты, паря!.. Человек ты ломовой. Но для тайги и без тебя топора найдють, ежели, покуда есті чаво рубить. А, сказывают, што на основной -то корм десятки миллионов мозольных рук не хватат...

— Дядя Осип, сен осының бәрін қайдан біле бересің?

— Он, бұл түкпіш шалың бастықтармен жақын жүрет те, — деді Петр. — Күніне бір күрке тауық гонорар төлесе, бастықтар тұрмақ мен де сайрап берер едім!.. Бір аралдың байлығы не істетпейді дейсің!..

— Што бастық?! Олар да сен секілді шығарда жаны бар пенде! — деді жан жағындағы жұртты жайпап отырған шал.

— Токмо они умеють по сурьезному, по государственному кумекать. А што твоя башка, чугунным литьем сделана?!.

Жігіттердің сигаретін де қанағат тұтпай бірін тамызып, бірін лақтырған Осип әлдекімнен қаңсық "прибой" тауып алды да түтінді сараңдықпен мұртынан ғана ширатып шығарып, дүниені қиратып тастағандай міндетсіп бақты. Рамазанның өтінішін Мікіржан арзандатып, құлықсыз орындаған. Бәсекеде Жақыпқа жете алмаған соң "біздің өңештен ржавчина да өте береді" — деп қуақылықпен жеңген болды. Соның өзін де біреудің қазанына сүбе салып бергендей бұлдап, онан қашты, мұнан қашты қысыр сөзді қайрақтай езіп, әңгімесін тағы да Жақыпқа әкеліп тұйықтады; бір жыл туып бірге өскен төл екендігін айтты, ағайыншылығын, көңіл жарастығын да қалдырған жоқ, шкипер болса да қолында билігі барын сездіргісі келді ме, Жақыптың "моряктың көкжалы", "бывалый подводник" екендігін дәстердей, қылып, ақыры катерге қызметке шақырып тынған. Мүсіркеушінің көптігі Жақыптың намысына тиді. Бүгінде ақылдан арзан нәрсе жоқ. Оқыған, естігеннің бәрін санаға талшық қыла берсе, бұл жұрт баласынан данасына шейін данышпан боп кетпес пе еді. Салпайып тыңдай берсе өсиеттің таңға дейін таусылмайтынын сезді де Осип шалға зорлап отырып рақмет айтқызды.

3

Затонның түнгі оттары қаланың үлкен ошағынан үзіліп түскен ұшқын сияқты екен. Орталықтың зәулім үйлерінің терезесі мен рекламалардың қызылды-жасылды құлпырмасының пысы басып – ақ тұр. Штильде жатқан қап-қара тұңғиық судың беті үрейлі, жарда тұрған адамның өзін жұтып жіберетіндей. Қара түнекті үңгіп, әр тұста пирстің ірілі-уақты прожекторларының сағымы қаңғып жүр.

Осип шал сақтық үшін қайығының шынжырына құлып салып қайтты. Бұрын қайық түгілі затонның кақпасына ілмек түспейтін еді. Шал ақталғандай:

— Солай, Яшка, қазір күзет күшейген, сартирге дейін құлыпта сақтайтын болғанбыз! — деп кілтін күмістен ардақтап әмианына тықты.

Өрістен ыңыранып қайтып, ақырды жағалай жусаған түйелердей қолтықта теңкиіп -теңкиіп баржалар, сухогруздар жатыр. Жиекті сылп-сылп жалаған майда толқындардың әжімінде бауыры жарқырап ұсақ балықтар іркіліп қалыпты.

— Глистач дегенің осы, — деді шал. — Бұл шіркіннен шағала да жеркенеді.

— Несіне жеркенсін! — деп Петр шал сөзін өтірікке жыққысы келді. — Сол шағалаң жеркеніп емес, осыны жеймін деп құрттап қырылған шығар-ау...

Жақып бала кезінде адамның шеменін көріп еді, ал балықтың шемен болды дегенін естігені осы. "Өнбейтін шаруаға өндіршегіңді созба" — дейтін әкесінің өсиеті себеп болды ма, жағада туып, жағада өссе де тор құрып, ау сүзуді кәсіп қылмай-ақ келеді. Теңіз түбінен көтерілген қоқыстан Бұқтырманың ауырғаны, жәндік атаулының дертке шалдыққаны Мікіржанның қүркесіндегі көп әңгімеге де тиек болып еді, қазір соның шет жағасын көзімен көріп тұрып та іші онша қинала қойған жоқ. Тек сөзге де торсаңдайтын көңілшек шалды алдап:

— Барға қанағат, шалым, тіске сыздық боп жарытпайтын шабақты уайымдап қайтеміз, — дей салған, бұл жолы Осип те қыңыр шаппай құлай салды.

— Тәйірі, балық деген сөз бе?! Балықтың тегі бақа да! — деді. — Жиырма жылда теңіз түбі орнықса бәрі де қалпына келеді деседі. Тек оған дейін кім бар, кім жоқ...

Күнде тыңдайтын құлаққа шалдың "мылжыңы" ермекке жарамай қалған соң Петр ілгерлеп кеткен, бұрылыстағы шақырайған жетім лампаның түбінен әдейілеп тосып алып, жетекке көніп томпылдап келе жатқан Осипті тағы да теріс бұрып жіберді:

— Сол жиырма жылыңның он жылы өтіп те кеткен жоқ па?..

— Немене, өтсе оған теңіз кінәлі ме?! — деп шал жағаласпасаң қайтеді дегендей оған шамдана қарады.

— Қойдық, ойбай, қойдық! Сенімен таласатын тасып бара жатқан біліміміз де жоқ. Бұған ғылыми дәреже беріп құтылмасақ құлаққа тыныштық болмас!..

Ескі затонның йен көшесіне симай келе жатқан шал кекесінге де қыңбады. Шалдың аты шал да, қаншама сөзі пысық болғанмен, стакан жарысында жастармен бәсекелесемін деп қажыңқырап қалған сияқты. Сонда да бұрқылдақ шанды резеңке бұғылымен бұралай сапырып, тақымдап қалар емес.

— Теңіз жарықтыққа тыныштық бердік пе, он жылда астауын он төңкерген жоқпыз ба, — деп әуеніне қайта көшті. — Қазірдің өзінде су қоры отыз сегіз миллиард кубометрге жетпек еді, көктемде ғана жиырма сегізге қылт-қылт көтеріліп, күзде қайтадан он сегізге бір-ақ құлдырап жүр ғой.

— Япыр-ай, Ертіс пен Бұқтырма қосылып мұның ындынын әлі толтыра алмай жатқаны ма?

— Қатқаны толтыра ма?! — деп шал енді Жақыпқа дүрсе қоя берді. — Түк қоймай орманды отап өзенді суалттың! Алтайдың бет-аузын ағашпен жырымдап төбесіндегі мұзын құрттың! Сенің кесіріңнен теңіз түбі жыл сайын бес метр балшықпен өсіп жатқанын білемісің?! Ындын дейді ғой! Алдымен сенің ындыныңа таяқ жүгірту керек! — Аузы сөйлесе аяғының астын ұмытатын шал машинаның таз доңғалағына сүрініп барып қайта тұрды да майын тамызып тұрып балағаттап салды. — Теңіз!.. — деді, сосын бәріне таз доңғалақ кінәлідей әдемілеп тағы бір тепті. — Теңіз жарықтық міндетін атқарып-ақ жатыр!.. атаңа нәлет, күресінге симаған бүгінгі жұрт кешені де көң-қоңырмен иемденіп алған... Лектростансаңның төрт өңешіне ғана он сегіз миллиард керек. Ал онан төменгі сан қаланың сансыз кәсібін кім сусындатады?.. Әрине, жамандасаң да осы теңіз!.. Су тапшы, су, білдің бе?! Сонан соң да апта сайын шлюзді ашып, лақылдатып ақтарады да жатады... Балық!.. Балық деген чепуха!..

Жатақтар кварталының жұртына жеткен соң Жақып Осип шалды ілгері жіберіп жолдан шықты.

— Үйді тауып жетемісің?

— Жетемін ғой, — деді шал. — Төрт аяқтасам да жетем! Тек тағы бір шылым бер. Оңашада тартып алмасам, үйді ыстадың деп қатынның қақылдайтыны бар.

— Әйтеуір, кіргізеді ғой?..

— Е, кіргізбесе киімімді есіктен лақтырармын. Ондай өсекті естігенің бар ма? — деп шал алдын ала күліп қойды. — Мен сияқты біреу үйіне күнде ішіп келіп, мазасын кетірген соң қатыны кіргізбей қойыпты. Ертеңіне жолдасына айтып мұңын шақса, ол сығыр: сен үйіңе жете бере тыр жалаңаш шешін де есік ашылғанда бар киіміңді ішке лақтырып жібер, сосын кісәпір болса да кіргізеді деп ақыл айтыпты. Келесі күні тағы да кіресілі-шығасылы қайтқан байғұс бар киімін шешіп алып есіктен атып жіберсе: "граждане пассажиры! Будьте осторожны! Двери закрываются!" — деген дектрдің даусын ғана естіп қала беріпті. — Шал қақалып-шашалып өзі күлді. Екеуі оның көңіліне бола қосылған. Темекіні біраз тілдеп алып: — Ал, енді осының қызуымен қызық-қызық түс көріңдер! — деп шал томпаңдап соқпағына түсті.

Биік үйлердің үнемшіл терезелері бірінен соң бірі жалпылдап өше бастаған. Жақып пен Петр шалдың қарасын едәуір ұзатып салды.

— Трепачь высшей марки! — деп Петр шалдың көлеңкесін де жақтырмай тұрды. — Про всякое житье, даже про метре цивилизованые анекдоты гутарить мастақ. Только все это слыханное!..

— Естіген құлақты жазғырма, — деді Жақып. — Екеуміздің ең болмағанда естіген неміз бар?..

Темекі тартып біраз бөгелісті. Бір-бірін қия алмай тұрғандары да шамалы. Өтірік те болса шұрқырап табысып, енді дүрдиіп тараспаудың жасанды инабаты еді.

Ақыры көңілсіз тарасты. Бәтеңкенің жұлығынан көпірген май топырақтың кебір талқанындай ащы шаңыт әр қайсысының қолқасына кептеліп кетіп еді...

4

Жатақтар жұртының үңірейген терезелері ұлып қарсы алды. Шекесіне шам жағып алған көтергіш кранның орманы қалың мүрдені төбесінен тінткілеп түр екен. Шақырайған жарық сары топырақпен шағылысып, запырандай сап-сары сағым шашып тастапты. Сары сағымның астында Бибісара кемпірдің жалғыз терезесі сықсиып жатыр. Бүгін көшемін деген кемпір тағы да қозғалмапты. Көзіне сол ғана күйік болғандай, көшсе көшсе екен деп еді... Діңгек басынан сәңірейіп өзіне телмірген қу басқа көзі түскенде денесі түршігіп, үйге кіруге жүрексінді де тағы да уақытты соза тұрмақ ниетпен қираған дуалды айналып қырға бетін тосты.

Қаланың апаны жамыраған қызғылт сам. Сағым астынан теңіздің қырға жөңкілген қарақұрық жоны күдірейді. Жалданып, жерден биіктеп кеткен екен. Жағалаудағы тас үйлер көкжиекке көтеріліп бара жатқан кеме керуені секілді. Пирс прожекторларының қайшыласқан тарғыл жолағын үн-түнсіз қақ жарып тұңғиықтан шыға келген қара танкер тып-тыныш жусап кеткен кемелерді шетінен сүзіп тұрғызатын қара албастыдай анадайдан айбат шегіп, өкіріп-өкіріп алды. Осип шал айтқандай "теңіз жарықтықта" тыныштық жоқ екен. Түнде де асырап жатыр. Балағының биті бар жұртты былай қойғанда, шал-шауқандар да уақытпен жағаласып, тіршіліктің пұшпағына қоса оралып жүр. Жақыптың көңіліне бүл теңіз қонақтамай-ақ қойып еді. Тек түске ғана кіретін түнгі суретіне түңғыш рет ғажап қалып түр. Көшесінің арғы-бергі басына салып-ұрып жаяу шығатын қала да далиып кеткен сияқты. Көкжиек кеңейген, танаудан түртіп тұратын орман да иек астындағы тау қырқаларына қашып тығылыпты. Бір кезде жатақтардың пішендігі, өрісі болған сарғалдақты сары жонға қазір қайық қана қатынайды. Қайын -жұрағаттың жұрты да сонда қалған. Мынау ұлан-қайыр тірлікті көріп тұрып, не қалаға, не далаға қатынаспай, бір сауын, бір тұтам огородқа телміріп бүкіл жатақ қалай күн кешкен деп таң қалды. Мүмкін, Жақыпты күні бүгінге дейін өмірдің қалың ортасынан қақдайлап келген де сол бір өгейлік шығар. Қаншама еншім бөлек, етім басқа дегенмен сүйегінде қарысып қара Диюдың бір қасиеті отырғаны хақ. Әйтеуір, уақыт өшіре алмайтын өткен күндердің ізі көңілінің жайлауын соныдан қайырып алады да тұрады. Бір ғана Жақып емес, оның бүкіл құрдастарының санасын сол күндерге байлап тастаған сиқыр — қырқыншы жылдардың психологиясы екенін казіргі есеппен өлшемесе де бар табиғатымен сезінеді. Құдайға шүкір, өздеріне дейінгілердің астамшылық міндетінен, өздерінен кейінгі етек басып келе жатқан пысықтардың алдағы қалған ғұмырына дейін кесіп-пішіп қоятын бакал есебі мен кірі, настығы аралас зеректігінен бұлар құлан таза; аңқаулығы болса да арамдығы жоқ, қатыгездігін қаскөйлікпен қоңсы қондырған емес. Көбіне көңілшектіктен өз несібесінен кем қалып, кешірімшілдігі таяқ болып тиіп, қара бастың қамына деген икемсіздігі кемшілік боп жабысқан сияқты. Енді кеш, қамшылағанмен қанда жоқ қасиет бойға сия ма...

"Кел десең барамын, бірақ, сені көретін менде бет жоқ" депті. Жақыптың артынан ақша салғандағы Лесяның хатқа жазған бар сәлемі осы. Келе ғой деп хабар берген жоқ. Келме деуге қимайды. Жәй қимастық емес, ет-бауырды суырған бұл да Жақыптың бір уайымы. Көңіл жарастығы тозған соң ендігі қимастықтың зорлық екенін де біледі. Біле тұра суыған шымылдықты қимастықпен, сыйластықпен қайта жылытам ба деп еді. Амал не, Лесины Жақыпқа теліген ошақ басының жан ашырлығы екен де, Жақыпты Лесяға байлаған өткен күндердің қызығы мен тыз етпе буының соңғы сарқынындай құр мекіреніс боп шықты. Әуелгі махаббат міндетпен, міндеттің ақыры қызғанышпен таусылған. Қазір соның бәрінен эгоизмнен басқа дым да қалған жоқ. Мынау бүгінгі заманның сәулетіне симай, ырысы кеуіп, ылпасы қашқан ескі жұрттай сезім де көнереді екен. Айырмашылығы, сезім шіркін лекерге көнбейтін сияқты, "на слом непродается"..

Үңірейген тас қараңғы үйге кірмес бұрын Жақып есіктің саңылауынан қол жүгіртіп қабырғадағы штепсельді басты. Әлдене салдыр-күлдір еткен. Өгіздей ала мысық Жақыпқа тура атылатындай ырылдап, шақырайған жап-жасыл тарғыл көзін қалт қақпастан арбасып біраз тұрды да жүні бұрқыраған жабайы кептерді сауғаға тастап ата жөнелді. Мысық екеш мысық та ескі жұртын қимайды. Жиен қарындасы екі-үш дүркін келіп атан түйесін жоғалтқандай жырлап жүріп ертіп кеткен. Жауыз иеме жылмиып тағы келіпті-ау. Мысықтан жері кенішті хайуан жоқ. Ниеті жаман деп қазақ тегін айтсын ба. Иен жұртты азан-қазан қып түнімен бажылдағанда төбе шашың тік тұрады. Еденді қан-жын қып ыбырсытып кеткен екен, онсыз да елегізіп тұрған Жақыптың денесі түршігіп сала берді. Аяғын басса еден сықырлайды, қолы қимылдаса бір зат даңғырлап ұшып түседі. Айсыз қараңғыда тайганың тастай жынысын киіп-жарып кезе беретін басы, қарағаннан қарап жүрегінің лүпілінен сескенді. Алты бөлменің шамын түгел жағып, әлдебіреу тығылып отырғандай қол сыймайтын қуысқа дейін тінтіп шықты. Қорқу-үрку деген кәперіне кірмейтін соқталдай жігіт тұңғыш рет өзінің шыр етіп түскен шаңырағының ызғарынан бойы мұздады. Раскладушканы жазып қисайған болып еді, бөксесімен мың тышқанды езгілеп жатқандай бүл да шиқ-шиқ етіп жамбасына қоныс болмады. Бір кезде дәл осы бөлмеде, дәл осы бұрышқа түңғыш рет Леся екеуінің шымылдығы құрылған. Шам сөнген соң бозарған мынау терезеден басқа екеуін аңдитын ешкім болмаушы еді. Үлкендерден именіп, ыдыс-аяқтың өтірік күйбеңімен кешігіп қалатын Лесяны тезірек келсе екен деп аңсайтын. Көзін жұмып, балқып бір жататын да қызыл атлас шымылдықтың дір етіп толқығанын күтуші еді. Дәл осы бөлмеде, дәл осы бұрышта, қызыл атлас шымылдықтың ішінде он сегіз жастың аңғалдығынан айрылып, ыстық жар құшағының қамау теріне тұншыққан. Жар құшағының тәттілігіне, мамық жастыққа малынып жатып жар иісіне мас болған күндер... Түпкі бөлменің бірінен әлдебіреу жөтелгендей болды. Әкесі марқұм малы жайланбай қалатындай торғайдан да бұрын тұрып, бүкіл жатақтың ұйқысын үркітіп қайтатын да ең соңында есік көзіндегі шәугім-шылапшын, артық-ауыс боқ-шалақты: "бұ жазғандар құдай бұйыртқан орнында неге тұрмайды?" — деп салдыр-күлдір тепкілей кіретін. "Қират, қиратып тынсай!" — деген шешесінің күңкіліне, "қирағанын бөлек үйе сал, бәрібір анау сылқымның мал жинайтын түрі жоқ қой!" — дейтін. Қырсық шалдың бозала таңнан тынышын алатын бар сылтау — Жақыптың өзімен таласа тұра қоймағандығы. Сондағы тындыратын шаруасы қаракер бие мен қара шолақ сиырдың қорасын тазалап, отыз шақты ұсақ малға шөп шашу, Бөшкебай атанып кеткен бадабоздан ауыз су алып қалу. Одан да күнде сұрайтыны: "Бұқтырманың суы қанша екен?" — дейтін кекесін бір сауал. Иә қалжыңы, иә шыны екені белгісіз, дәлдүр байғұс: "қырық бөшке боп қалатын шығар" — деп кете беретін. Әрі-беріден соң "Жөкен, әй Жөкен!" — деп елшілікке шешесі келіп кетеді, " — анау қара пәләкеттің жөтелі жиілеп кетті ғой". Бірде Жөкен, бірде Көкен, әйтеуір, Жақыпқа шешесі қойған аттың бірі де қонақтаған жоқ. Жалғыз бала болған соң жұрттың көзінен қызғаныш, туасымен алыс бір жегжаттың бауырына салған екен, емшек сүтін ембегендікі ме, әлде ошақ басына үйірсек қылмаған қара шалдың кесірі ме, анасының жүзі Жақыптың есінде бүгінде бұлдыр-салдыр. Кезінде қажының қызы атанған. Қара Дию қалыңын қайын атасында жалшылықта жүріп өтеген екен. Әкесінің байлығынан тиген жұрнақ па, екі білегі толған күміс білезік еді. Анау абажадай ортаңғы бөлмеге таңғы дастарқанды күнмен таласа жасап қойып, төркінінен келген бөлскей самауырдың құлағын жібермей отырар еді. Бүкіл жатақтың бала-шағасына дейін басы қосылғанша дым сызбай тырсиып отыратын қара Диюдың суып қалған шәйін үш төгіп, үш құятын. " Қара пәлекет" кеткен соң самауырды кайта еселеп, сол "қара пәлекет" күн қонақтай қайтып оралғанша оттықтан шоқ үзбейтін анасы тегіне тартып тәкаппар, ниетіне тартып жомарт болды, бірақ, тегін сатып кісі қорлап, тамағын сатып кісі жұмсап көрген жоқ. Күйеуінің кедейлігін салық қып алдынан кесіп өткен емес, "қара пәлекет" дегені де зілсіз әзілі еді. Жалғыз ғана жақтырмағаны, қара Диюдың: "тарта жесең тай қалады, қорқа жесең қой қалады" — дейтін үнемшілдігі. Тарта жеп қара Дию дәулет жиған жоқ, оның тапқан-таянғанын жұрттың аузына тосқаннан ақ бәйбіше қара суға қарап қалған жоқ. Жақып осы екеуінен де құралақан емес, тек қара Диюдың алымына, анасының берекелі пейіліне жете алмай жүргені болмаса.

Көрші бөлменің едені сықырлады. "Жөкен, Көкен, тамағын суып қалды!" — деп анасы айқай салатындай, жер ойылып кететіндей аяғын санап басып әкесі жетіп келетіндей бүйірдегі жарма есікке шошына қарады. Қызыл атлас шымылдықтың дірілін қиялымен күтіп жатқан Жақып, йен үйді аруақ кезіп жүргендей тұла бойы шіміркеніп, раскладушкасын сүйрей сәкіден бір-ақ шықты.

Ысқырып тұр екен. Ысқырып тұрған миллион сан шілделік екен. Қираған қора-қопсы мен дуалдың қуыс-қуысынан быжынаған қара шегіртке қара құрттай қаптап келе жатқандай. Көтергіш кранның қалың орманы да осы ысқырықтан қалғып кеткен сияқты. Қада басындағы мүлгіп тұрған қу бас та Жақыпқа қарап шұлғығандай болды. "Қой, ұятты жиып тастап, қалалық советке баратын шығар. Қу медиенді жайлаған жын-перідей енді жата алмас!.."

Қара шаңырақ талайды аяқтандырып, талайға баспана тауып берсе керек. Сносқа жатқанда босағасынан он шақты семья өріп шығыпты. Есепке кірмей қалған қараорманның иесі Жақып қана. Қара Диюдың артындағы қөң – қоқырына осыншама "жан ашыр" табылады деп кім ойлаған. Алыс-жақынның қомағайлығынан ұялған Жақып қуалап барып бұл да үй сұрауға беті дау алмап еді.

Пырылдап өгіздей ала мысық қайтып келген. Көзінде манағыдай жауыздық жоқ, мүләйімсіп бұрыштағы тулаққа барып мұртын сылай бастап еді. Бибісара кемпірді ерте келген екен. Жақып тағы да шәйға шақырады-ау деп қорықты.

— Айналайын, бір жолдасың күтіп-күтіп тоса алмай кетті, — деп тосын хабар әкелді. — Қонақ үйінде жатырмын деді ме-ау, елден келдім деді ме-ау... Әйтеуір, қайдан келсе де қонақүйіне сиятын кісі емес, сақал-шашы бір мөшек, түрмеден шыққан жөлік секілді. Қарағым-ау, ұрық-шарқың шамырқанып жүрер, сондайлардан аулақ болсай, — деп хабарын ақылмен аяқтады. — Кәпірдің түрін екі заманда бүл маңнан көрген жоқ едім...

Жүн-жұрқаны да, күресіннен жұлып әкелген бір бау шөпті де мөшекпен өлшейтін баяғы сол әдет. Өздерінің түрлері жетісіп тұрғандай жатақтан тыс жұрттың пөгөнайын кемсітіп сөйлейтін баяғы сол көрме ауыз. Сақал атаулыны санай келіп Жақып Бекетке тоқтаған.

— Сөйт, шырағым, — деді кемпір. — Таңертең тағы соғамын деген, пәле-қаласынан сақ бол, — деп үйіне қарай аяңдаған, ала мысық та атып тұрып қоса ере кетті.

Ет-бауыры езілердей сағынып қалғаны шамалы еді, сонда да қонақ үйге тартып кеткісі келіп бір тұрды.

— Енем үйінің ала сиырындай дүңкиген арам қатқыр-ай, аяққа оралмай арман жүрші! — деп Бибісара ала мысыққа ұрсып бара жатыр екен.

"Арам қатсаң да шыдап бақ!" — деп кегежесінен тартқан бір қырсық Жақыпты да тырп еткізбей қойды.

5

Бибісара таңғы шәйіне шақырып үлгермеді. Кемпірдің бар жүгі бір машинаға да жем болмай қалған соң жұрттағы тот басқан темір ошақпен толтырып, ала мысыққа дейін шіреніп комфортпен аттанып кеткен. Жақып шатырдың қақпағын ашып, ысқырып -ысқырып, кептерлерді аспанға көтерді де оразасын ашпастан пирске тартты. Қазір де екі көзі аспанда. Затонның төбесінен шаншылған көтергіш кранның қалың орманын екі-үш айналып элеваторға қарай тартқан бір топ кептердің үйірін бағып отыр. Тағы да ысқырып-ысқырып орнынан атып тұратындай. Осип шал қара бақырды қолына ұстатқанда ғана аяғының астына көлкіп кеп қалған суды байқады.

— Одряхлела, старина! — деді шал. — Кәрі-құртаңның көз сорасындай бұ шіркіннің де жіпсімейтін жықпылы жоқ!..

Әйтеуір аты қуыс астау дегені болмаса қара қайықта үш кісінің салмағын көтеретін де қауқар қалмапты. Су сіңген шірік қормасын қоспағанда смоласының өзі бір тонна, кетендігі қорсылдаған көтерем шалдың арал мен затонның ортасына қалай айдап қайтып жүргеніне таңы бар. Әуелде зыр ете қалатындай екпіндете серіпкен Бекет те итіндей -итіндей шаршаған сод свитерін шешіп терін құрғатты. Су беті қазан түбіне тұнған майдай теп-тегіс, қап-қара. Тек сол қара қазанның тұнбасын жоғарыдан қақ жара тіліп түскен Бұқтырманың көк-жасыл өркеші ғана жыбырлайды.

— Асықпандар, аралға жеткенше арам терлерің ғана кетеді, — деді шал. — Ар жағын тағы көрерміз. Тек қаңғыған салындыдан сақ болыңдар, — деп әр қолтықта плоттан қашып кеткен дөңбектердің теңкиген бөксесін құрығымен нұсқап қойды. Өзі жайбарақат, "прибойының" сабағын шүршите тістеп, затоннан шыққаннан бері бір қармақтың лескасын жинап ала алмай отыр. Қолын қақпыш, білегінің етінен терісі бөлек; өткен жылдың ұнға қамалған арық қазысындай шалып қурап-ақ қалған екен. Өзінің кәрі қайығының қатпар-қатпар жамауындай күн қаққан омырауы мен желкесінің әжімі де қалыңдап кетіпті.

Теңіз тыныш. Тыныш теңіз Бекетке таңсық көрінді. Күн демалыс болған соң ба, кемелер де тырп етпей жағада жусап жатыр. Мүйістен демалыс үйінін, "Шағала"! деп аталатын шағаладай яхтасы сүзіліп шықты. Маңайындағы желе-жортқан су спортының ақ желкендері де жемге таласқан шағалаларға ұқсаған. Тып-тыныш бейғам тірлік. Қарекетсіз күйбеңсіз уәйімсіз тірлік. Бүгінгі тоқтықтың ертеңгі тырпылдағы болушы еді. Осы тыныштықтың, өзі рас па дегендей көңілге қобалжу салады екен. Әлі де аспаннан түспей отырған Жақыптың мұңды жүзін оқимын деп Бекет те әр нәрсені ойлап кеткен. Орман шаруашылығының облыстық басқармасындағы бітпей қалған жұмысы, өтпей қалған ұсынысы, жарамай қалған қатынас қағаздары, жарымай қалған көңілі... Ондай-ондай басқармалар аз ба? Өзі сияқты жарымай қалғам жарамсақ, сұрамшақ көңіл аз ба?.. Ал, мынау тыныш, бейғам, уәйімсіз тірлікке қараса бітпей қалған шаруа жоқ сияқты. Жақып та қайбір бітпей қалған шаруасын іздеп таба алмай отыр екен?..

— Әй, ұстаңдар ананы! — деп Осип шал баж еткенде Бекет қолындағы ескегінен айырылып қала жаздады. Жақып та алақтап қайық ернеуінен үңілген. Жендібілектей шортан бауыры жалтырап су бетінде жамбастап жүзіп келеді екен. Айғайламақ түгілі зеңбірек атсаң да селт ететін түрі жоқ. Екі жігіт бос қарманып жатқанда шал сачокпен көсіп алып қайыққа күрс еткізген. Құйрығын екі-үш қаққаны болмаса серейіп түскен дәу шортан шоршымастан дүңкиді де қалды.

— Жарықтықтың саудасы біткен екен, — деді шал балықтың тырсылдаған шабын құрықпен түрткілеп. — Сиырды сеспей қатыратын сөлитр шортанды шопақ құрлы көрсін бе!..

— Япыр-ай, жыртқышқа да зауал келеді екен-ау! — деп Бекет шортаннан жеркеніңкіреп отырды:

— Жыртқышта жемсау жоқ деймісің?! Шабақты шорағай жейді. Шорағайды шортан жейді. Мына шортанды қайнатып берсең біздің тауықтар да жеп қояды.

— Сонда тірі мақұлықтың ең аристократы сіздің тауықтар боп шықты ғой?..

— Аристократтың ең мықтысы шемен боп тұрған жоқ па! — деп шал тағы да балықтың тырсиған шабын құрықпен түйіп-түйіп қалды. — Бұған ғалымдардың да шамасы келмейді. Біз сияқты жаман шалдардың қалқып тастағанына таусытатын да емес. Хайруз, таймень, нельмалар да құрып барады. Судың тереңіне сүңги алмай шартаңдап бетінде біраз жүреді де қырылады... Әне біреуі келе жатыр, айрылып қалмаңдар!..

Аралға жақындаған сайын теңіз ортасы дөңейіп, затонның сорайған көтергіш крандарының қалың орманы қылт-қылт етіп жиекке байлаған бакендердей әткеншек тебе бастады. Дүние ұлтарақтай бырысып кішірейіп барады. Кішірейген сайын тыныс тарылып, жан-жағыңнан қамаған топан су бүйірден сығып бейшара қылып тастайды екен. Бекет те, Жақып та жағаны өгейсіп аттады. Шал қара астауын қазыққа байламай арқан жалғап жиектен алысырақ тастады да екінші ұшын кішкентай якорьге әкеліп матады. Жақыпқа тыраш шалдың тірлігі балалардың ойынындай көрінген. Затонның баяғы кісі бола қалатын жадағай пысықтығы шығар деп күліп алды.

— Күлесің ә?! — деді шал нан-пан, екі-үш шөлмек жасырған дермантин сөмкесін Жақыптың қолына ұстатып. — Күл! — деді. — Подводник болып төрт жыл бойы мұхиттың түбін шарлағаныңды білеміз. Ал, біз байғұс, өлі жер басып жүрген пендеміз ғой, қара қайықтың қамынан артылғамыз жоқ.

— Ұзын арқандағанда бұл астауыңыз қабырғасын жауып, оттап қайтатын ба еді?

— Төменде шлюзді ашса қайығыңды ертең қарағай басынан көрерсің, — деп шал жағаның жапырылған шөбі мен жоғарыдағы су қаққан кемерді көрсетті. — Мұхиттың мінезін білмесек те жаман шалшығымыздың сыры өзімізге мәлім. Жұмасына екі толып, екі солады.

Бекет Осиптің аузынан "мұхит" деген сөзді екі дүркін естіп, екі дүркін Жақыпқа таңдана қарады. Қасында жеті жыл жүріп, подводник болдым деп мақтанғанын құлағы шалған жоқ еді. Қазір де шалдың қағытпасын немкетті бос жібергенін көрген соң көп әзілдің біріне жыға салған. Бірақ, шал ежелеп қоймады:

— Анау танкерлерді айтпай – ақ қояйын иттің итақайы мініп жүрген шхунаның біріне ие болатын жөнің бар еді, — деп дермантин сөмкесін Жақыптың қолынан қайтадан жұлып алды. — Балта ұстап орман кезгенше рубкада тұрсаң тақиям келіспейді дедің бе?!

Жақып бүл жолы да үн қатқан жоқ. Тек ішін әлдене тырнап өткендей қабағы кіржің еткен. Шал әзілімді жақтырмады деп жорыды. Бекет Жақыптың салқын жүзінен жағымсыз әңгімені әрмен қарай шаптырмады деп ойлады.

— Аңқау андамайды, әңгі тыңдамайды деп әкең марқұм айта беруші еді, — деп күңк еткені болмаса үйге жеткенше шал да қайтып оның көңіліне көсеу жүгірткен жоқ.

Осиптің мекен-жайы баяғы ақсақ егерьдің займкесі екен. Бұрын да жегжаттыққа өзегі ашымайтын Жақып атасы қайтыс болғалы қатынасқан жоқ еді, қайын енесі ішкі жақта бір шалға тиіп отыр дегенді естіген, онан бері де он шақты жыл өтіп кетіпті, қаптаған қыз-қырқынның қай ошақта қанша тұқымның есебін көбейтіп жатқанын кім білсін. Қора -қопсыдан аулақтатып кайта көтеріп салған екі бөлмелі қыстау мен қара моншадан басқа ескі қоныстың әрбір қадасы көзіне жылы ұшырай кетті. Бірінші көрген Бекетке бәрі идиллия; қақпа-дуалсыз үй, қақпайсыз жайылған мал, қорықпай қора түбінен ерген еліктерді былай қойғанда, көң тепкен қаз-тауықтардың өзі де қой көрмеген "тайғаның тағысына" бір таңсық. Таң атар атпастан шал мен Жақып сүйрей жөнелгенде қонақ үйдегі қолқылдақ бір жарым ұйқылық төсегін қимай қипақтап еді. Енді жұмақтың есігінен сұраусыз кіріп кеткендей аңырып тұрыпты да қалыпты. Шал байғұс көтерген түйіншегі мен дермантин сөмкесін қоярға жер таппай:

— Қалай, бүгін сендерге қоян қуырып берейін бе, әлде күрке тауықты құрғақ шарапқа тұншықтырсам ба екен?! — деп қалбалақтап жатыр. — Тек бақыттарыңа қарай бастықтар кеп қалмаса болды.

— Бастықтар келсе базарымыз тарылар деймісің, олар да жұмыр басты пенде шығар? — деп Жақып жайбарақат қош көңіл көрсетті.

— Бастықтар келсе жәйіміз жаман болмас еді, тек ондайда әдемі сұхбаттың пиәңкештікпен тарқайтыны жараспайды-ақ, — деп шал бұл жолы билікшіл жұртқа нәумездігін білдіріп алды, бірақ, артынан: — мал өзіміздікі, ауыз бар, тулақтай аралдың билігіне ешкім таласа қоймас, — деп жуып-шайған болды.

Аралы тай шаптырым ғана жер екен. Ұзыны бес-алты, ені екі-үш шақырымдай ғана ойпат. Көгалы белден, топырағы сыздау, тегі шыбын-шіркейі молдау болса керек. Бұрын білмеген Бекетке арал су деңгейінен төмен жатқан сияқты көрінді де сал үстіндегі адамдай табан астынан тиянақ іздеп, өз салмағын өзі сезіне алмады. Сан жыл плот айдап үйреніп қалған көз қанығы ма, теңізге қарасаң ағаш басы шыр айналып, арал ағынға қарсы заулап бара жатқан секілді.

Қыстаудың іші де өзгермепті; екі бөлмеге ортақ орыс пеші, төр жақта екі қабат нар, ауызда баяғы сол іргесін сәкілеп тастаған ұзын стол, тек босағада жататын ақсақ егерьдің ағаш аяғы мен ала спаниель ғана жоқ.

— Дяд Осип, ит ұстамайтын ба едің? — деді шешініп, желпініп шыққан Жақып.

— Сен де қызық екенсің, бір үйге бір қатын ұстаған соң босағаға тағы да ит байлап не қажеті бар?! — Шалдың қашан да күлейін деп тұратын тотияйындай көкпеңбек жанары займкесіне жетіп алған соң тіпті қуақыланып кетіпті. Туасында арамдығы жоқ, тұла бойы тұнып тұрған әзіл, ұстараның жүзін де тілімен қайтаратын әулие шал томпаңдап жүріп үйшік біткеннің аузын ашып тастады да жем іздеп безектеген қаз, тауықтарын, үй қоян, күрке тауықтарын күресінге шашып жіберіп сөзін тағы да әзілмен бітірді:

— Бүгінгінің иті де естиярлықтан жұрдай, кісі қабудың орнына малға шабатын болған, — деді. — Адамнан ақылды деген соң бір овчарка әкеліп едім, осындағы екі-үш елік, бес-алты күдірді қуалап ит қып жібергені!.. Ал, тұрмаңдар, маған көмекші керек.

— Мәселеңки?..

— Оның не мәселесі бар? Отын жарасыңдар, от тамызып, күрке тауықтың жүнін жұласыңдар, арылтсаң — монша жағасыңдар. Лектріңнің шыжымы маған жетпей қалған. Осының бәрін жарықта бітірмесек ырбиып аш жатамыз.

— Белгілі болды! — деді Жақып. — Көмекші көбейген соң тот Машсимай кеткен екен ғой.

— Тот Маш?.. Зауалдың ол қатыны тырқиып қалған — деп шал себеттің астына кіріп кеткен еді, қайдағы бір ескі жейде, көне шалбарларды құшақтап кайта шықты. Матасының қымбатына қарағанда келген-кеткеннің иығына түскен артық-ауыс болса керек, жараспаса да өзінің үстіндегісінен тәуірлеу екен. — Малы бағулы, үйі жайғаулы, сосын ақ халатқа оранып жата бергенді кім жек көрсін. Екі ай бойы бәлністен шықпай қойды! — деп тағы да кемпіріне тиісті. — Құдайдың құдіреті, кержақтың қатынына да құл табылған соң заманның кеңшілігін айтсайшы!.. Кәне, киініңдер. Әлде алдымен ауыз шайқап аласыңдар ма?

Осип қамыс күнқағардың астына дермантин сумкасын сүйреп келді де "қабарне" шығарды.

— Бұл күрке тауықтың сорпасы, дәмін кейін аларсыңдар, — деді, сосын "экстраны" көрсетіп, дүмінен алақанымен қағып-қағып қойды да: — әлгі существенныйың осы болады! — деп тамсанды. — Ал, мына біреудің өзің біл. Кеше Мікіржан албасты қылқылдап қоймаған соң түнімен асқазаным қыжылдап шыққаны. Иттің ішіне сары май жақпайды деп... сынаптай кілкіп кеңірдегімнің құярында тұр. — Шал "Ереванды" Жақыптың алдына сырғытқан. Әр бөтелкені айдарынан танып әр қайсысының "шипалығын" жатқа соғып отырғанына займкенің келімді-кетімді "жұрағатының" кімдер екенін Бекет сырттай-ақ таныды.

— Мұны мына бастық ішсін, менің де бөтекеме жақпайды, — деп Жақып "Ереванды" Бекетке асырып жіберді. — Айтпақшы, жөндеп танысыңдар, лесхоздың главный лесничиі, артынан ұятты боп қап жүрерсің.

— Е, онда өзіміздің адам боп шықты ғой, — деді шал. — Сенің қасындағы көп саяқтардың бірі ме деп... Қалай, джуз-джуз?..

6

Бекеттің бәсекеде Жақыптан жығылғаны осы еді. Қолына шалғы ұстап көрмеген орашолақ құр ұрғылап жыға бергені болмаса шөп шауып жарытпады. Өзімен-өзі алысып, күн иыққа көтерілгенде-ақ бұрлығып қалған. Дымыңды құрытатын — істеген ісіңнің берекесін көрмеу екен. Әлгінде ғана жапырып кеткен жолы әрі-беріден соң жал-жал боп ербейіп қайта тұрады. Ынжықтан өткен жек көріншті жан бар ма. Жақып та мұны жақтырмаған сияқты көрінді. Үн-түн жоқ, еңкейіп жатып алып шалғынның сырылы мен шөптің сылдырынан құлағын бір алмайды. Жалпы жұмыс үстінде түксиіп тіл қатпайтын әдеті еді. Бескемпірден "Тасқабақ" деген есімді де осы мінез үшін алған. Өшіп-өліп те жатпайды, бітірген шаруасын түгендемейді, алдағы қалғанын да есептеп көрген емес, бірақ, бүгін тынатын істі ертеңгінің несібесіне жүк қылмайтын қарыспалығына жігіттер көндіккен. Соның бәрі де адамның табиғатынан шығатын, сүйекке біткен тәртіп екенін Бекет енді ойлап тұр. Кеше бүкіл ғұмырын балтаға арнағандай көздеген ағашын қиянда тұса да жықпай қоймаушы еді, бүгін ғұмыр бақи шөп шапқан пішенші секілді және ісінде әттең дейтін қылау жоқ. Оның "Қарағайлыға" қайтар-қайтпасын білмей тұрып, мұны лесхоздың қай шаруасына жексем екен дегенді кешеден ойлаған, қазір де соны ойлап-ойлап, лайықты қызмет тауып бере алмай қиналды. Қызмет табылмайды емес. Лесхозға мың Жақып сияр-ау. Ал, мың Жақыптың бәрі бір Жақыптай бола бере ме. Бекет өзін Жақыпқа қарыздар адамдай қысылады. Бірақ, соны жақсылық жасадым, әйтпесе, жақсылығыңа разымын деп жариялап қайтарғысы келмеп еді. Бір кездегі өштігіңді, қастығыңды да ұмыттырып, кісі болуыңа себі тиген адамды көңілден өшіріп тастағаннан өткен кісапырлық жоқ. Бекет жалғыз қалғанда жанын жегідей жейтін нәрсе осы. Жақыпты іздеткен де осы. Бүл да әзірге көңілдегі ниет. Әйтпесе, екеуі әлі тіс жарып сөйлескен де емес. Мешел қатын алды деп еді, селт етпеді. Бескемпір курскқа кетті деп еді, селт етпеді. Лесяның жәйін айта алмады. Айта алмағанын ол да түсінді. Не деп айтсын? Әйелің екі қабат болып қалды дей ме?.. Іштегі нәрестенің кімге тартарын бір құдай, сосын мен білем дей ме?.. Екеуінің арасындағы іштей арбасу Лесядан басталған сияқты еді. Екеуінің ортасындағы іштей тоқайласу Лесяға тірелгенде сырттағы бар ықлас сөгіліп жүре береді. Оны Бекет те, Жақып тажақсы сезеді. Сезгенін бір-бірінен жасырып-ақ бағады. Бірақ, жасырғанмен сезім шіркін леппен шықпаса да беттен шықпай жата ма... "Тыянақ -қонысын таппаған қу саяқтың өмірі-ай!" ...Расында өмір кінәлі ме? Бой тоқтатқанмен, ой тоқтатпаған көңіл саяқтығы емес пе екен? Қырыққа жеткенше бойың құрықтан асқанмен ойың қыр аспаса кім кінәлі?..

— Мына шал қу екен! Сені шалғыға сап қойып, өзі моншасының түтінін сарықпай әлі жүр, — деп Бекет қыстау жаққа кеңірдегін соза берді. — Тым болмаса шәйге шақырмады ғой өзі.

— Күндіз шомылған моншаның сәні жоқ, — деді Жақып.

— Және ол моншаның түтіні емес, қол көріктің, қайың қабығының түтіні. Осекең омартасында жүрген болуы керек.

Бекет түтіннен басқа еш нәрсе аңдыған жоқ еді. Сонда да түк көрмеген. Жақып жерден бас алған жоқ еді. Сонда да шаруаның қыбырын арқасымен-ақ сезіпті. Дәл осы аралда мың жыл өмір сүрген адамдай. Ойында ешқандай барық жоқ, шалғысының жүзін шөппен сүргіп, қайрақты қолына қайта алды. Бекет шаршап тұрған. Жұмыстан емес, қолынан жұмыстың келмегеніне шаршап тұрған. Адамды қарадай мас қылатын жапырақ пен шалғынның иісінен-ақ буыны кете бастап еді. Көзге күйік болмай Жақыпты қасына ала жатсам деп еді.

— Баға алмай жатқан малы жоқ қой, жинап алса осы да жетер, отыр, — деді.

— Мал көп қой, — деді. — Аралдың бес-алты елігі емес, мұз қатқан соң осы өңірдің бүкіл төрт аяқты тағысы шалды табады, — деді.

— Түс те боп қапты-ау, — деп Бекет аспанға қарады. Қарады да мәз болып күлді. Бір нәрсеге құлқы болмаса Мешелдің мезгілден бұрын күнге қарап мөңірейтін әдісі еді. "Итің жас қатынды құшып жатыр-ау!".. Жақып белуарына дейін шешініп тастады. Құж-құж түкті денесі шойындай боп күйген, жүн арасындағы тер моншақтары күнге шағылысып қылаудай жылтылдады. Екі емшегінің үстіндегі көк ала татуйровканы да Бекеттің бірінші көргені. Оң жағында — якорь, сол жағында — жүрек, жүректің ортасына "Ж. Л." деп жаздырыпты. "Ж"- сы Жақып шығар, сонда "Л"-ы... Любовь.. Жоқ-ә, Леся болғаны да. Шалдың Жақыпты подводник дегеніне енді сенді. Ал, Лесяны...

— Есінде болсын, шөп түстен кейін жақсы шабылады, — деп Жақып шалғысын қолына алды. — Жалпы, жұмыстың бәрі күн қайта өнеді.

Шалғының жүзі шалғынның түбінен сыр еткен. Бекет ілесе алмады. Ілеспегені, Жақыптың көкірегінде кеткен Лесядан қаймығып еді...

7

"... — Әй, Қарашелек! Жыныңды қағып аламын!" — дейтін. Жақып артына бұрылғанда Қара Дию қырқылмай қап кеткен бір шоқ шөпті жұлмалап тұрушы еді. Қағып алатындай шіреніп тұрып, кеп-кесек қыл тұрып айтатын. Бірақ, қағып алмайтын. Қара Диюлығымен қорқытатын. Қазір ойласа, қорқытқаны да емес, сыйлатқаны екен де. Әйтпесе, Қарашелекті маңдайынан шерткен емес. Төлеш біреумен жанжалдасып, біреуді жанжалдастырыпты дегенді бүкіл Затон естімеген шығар. Қайта кешірімділігі көп болыпты. Бір жылы ұзын сарыда туайын деп тұрған құнажыны есігінің көзінен ұрланды. Қара Дию әуре болып іздеген жоқ. Іздемек болған ағайындарға: "бойына сіңсе ас болсын, ұрының да аузы бар ғой" — дей салған. Бірақ, үйінен озбай отырып-ақ соқыр Жалбағайды босағасынан төрт аяқтатып кіргізіп, өзінің де емес, кемпірінің кебісін сүйгізіп кешірім сұратқан. Қара Диюдың малының құты қаракер бие болса, ошағының ырысы ақ кемпір еді. Соны сезетін де асты-үстіне түсіп айналмаса да анда-санда өстіп аруағын көтеріп тастайтын. Екеуінің сыйластығы да қызық еді; екеуі бір-бірін өмір бақи іздемейтін сияқты, бір шаңырақтың астында отырып бір-бірімен әй деп сөйлескен емес, бармысың, жоқпысың демесе де бір-бірінің бар-жоғын жүйкесімен сезетін: шалы ұзақ жолға аттанса, ақ кемпір күресіннен түспеуші еді де ақ кемпір анда-санда иә қалжа, иә батоқырға кете қалса, Қара Дию өз дастарқанының дәмін менсінбей қоятын. Мұндайда Қарашелекті қасына алып, ошақ басынан, қатын-баланың арасынан аулағырақ түз шаруасына кірісетін де оңашада жалғыз ұлдың бойындағы барын емес, жоқ қасиетін сынап қажытатынын қайтерсің. Бала кезінде құлағына құйғанын есейгенде де сан қайталаушы еді.

Қарашелек он жылдықты бітірген соң қалған оқуды мен өлген соң түгендерсің деп Қара Дию біржола шаруаға жегіп қойды. Бүл неме маған ғана емес, елге, өкіметке де керек-ау деп ойлаған жоқ. Ойлағанмен де оның ұғымында ел-жұрт бергісі жатақтар, онан ұзаса затоннан асқан жоқта құдайдан соңғы сол аумақтың өкіметі өзі болған соң солай шешті. Ел асырау дегенде де қара Диюдың жеткен жері осы болса керек. Қарашелек те Зерендіден басқа қала, Бұқтырма мен Ертістен басқа Дария барын ол кезде есепке алған жоқ-ты. Оның үстіне соғыстан кейінгі жылдары ошаққа тас болатын еркектің төбесі затонда санаулы-ақ қалып еді. Шаруаның уайымы ғана емес, өз қолын өзі танып, оз ноқтасын өзі сүйреп ертерек ер жетсін, өмір кешсін деді ме, әлде кешікпей өлерін сезді ме, Қара Дию Қарашелекке қатын әперудің қамына да ертерек кірісті. Қызы бар түтіндердің зәузатын жеті атасына дейін тексере келіп, көбісі карға тамырлы жегжат болып шыққанда, "япырай, асынды бөліп жарар ағайынды қойып, аруағыңды сынар дұшпан, сүйек жаңартар жат та азайып қалыпты-ау" — деп налығаны бар. Дұшпаны жоқ, жаттың кім екенін білмейтін Қарашелектің пәруейіне ол кезде танамдай түйсік кірсе не қылсын.

— Әй, Қарашелек!..

Жақып ұйқыдан оянғандай селк етіп артына бұрылған. Туесогін көтеріп Осекең келіп тұр екен.

— Кел, ашымал іш! — деді.

Ашымалы қара нанның қабығын бөктірген квас екен.

— Асқа дейін асқазандарыңды шәйе тұрындар, — деді. — Қалай, баяғың есіңе түсті ме? Кешке дейін бір гектарды сыпырып тастайтын түрің бар. Артынан моншаға жатып шықсаң бір жылғы арам теріңнен құтыласың.

Осекең Жақыпқа жақсылық жасап тастағандай қарағай көлеңкесіне міндетси келіп отырды. Қолғабыс еттің, қолымды босаттың деп рақметін де айтқан жоқ. Үйге шақырмай сусынын осында көтеріп келуі де минуттан мысқал уақыт ұрлаған шаруақор адамның қулығы екенін Жақып та сезді. Құлағында қалған Қара Диюдың "қарашелегін" де тегін қайталап тұрған жоқ, бәрі де Жақыптың көңілін табудың амалы. Енді келіп "баяғыны" жақауратады. "Баяғы" деген өзі емес пе. Шалдың "баяғысына" да бар болғаны жиырма шақты жыл өткен.

Пішен басталысымен Қара Диюдың паегі атанып кеткен дәл осы сары жонға екі үй жұрттан бұрын қара қос тігіп, елдің ең соңында қайтатын. Ала жаздай шөп шапқанда, тышқақ лақ бітіп көрмеген Осиптің қорасында оны жейтін тұяқта жоқ. Шайлығы да, айран-шалап ағы да ақ кемпірдің мойнында. Қара Дию жыл сайын кұнан шығар өгізін соғымға жығып беріп, бала-шағалы Осиптің аузын қызылдан айырған емес. Темірді қайыстай, қайысты жібектей созып, ағаштан өрім тоқитын Осиптің шеберлігіне бір мінер аты, бір киер шапанының өңі түспейтін Қара Диюдың ұзын қолын қосқанда тұтас бір артель еді. Қыр елі зәру болып отыратын қамыт-сайман, арба мен шананың, үй мүлкінің әбзелдері Қара Дию бір жортып қайтқанда екі семья емес, затондағы бүкіл жатақтың қажақ-құжақ көже қарасына талшық боп құйылып жататын. Бірінің еңбегі, бірінің алымы мен беделі, былайша айтқанда "торговый баланс" бұзылмайтын іштей есептің бір шарты секілді. Екі үйдің ыдысы-аяғының араласуына басты себеп бүл да емес. Ол — сүйекке бітпегенмен, ниетке жазылған ағайыншылық еді. Жұрт жер кепеде отырғанда бүкіл Затонға атағы жайылған Қара Диюдың қара шаңырағы Осиптің әкесі Тимофейдің қолымен тұрған. Тимофей бірінші дүниежүзілік соғыстың окопында қалды да артындағы жетім-жесірлері Төлештің канатына тығылған екен. Кфіз-қырқындарды ұзатып тауысып, Осиппен "әкесі құрдастың баласы да құрдас" боп қала беріпті. Бірі-өкіл әкелігін сатпаған, бірі — өгеймін деп өзге түгілі өзіне-өзі айтпаған. Төлеш Қара Дию атанғанда ең алғаш түсірген келіні осы Осиптің әйелі Маша екен. Бұлардан тараған ұрпақта барды жария қылып жатпайтын табиғатынан ба, осы біз ағайын едік-ау деп есеп жүгіртіп көрген емес. Осекеңнің екінші, ұл-қызын елге жайып жіберіп, ең болмаса немере жетелей алмай затонда қала бергені. Жақыптың өкініші, оған жетелете қоятын артынан бір шикі өкпенің ермегені. Шалдың "баяғыны" қозғауға қорқатын, Жақыптың "баяғыны" естісе ат-тонын ала қашатын бір осал жерлері осы.

— Господи!... Разукрасили-то тебя как?! Кажись, нынче вроде не в моде? Аль по дурачеству?..

Жақып жейдесін киіп, көкірегін қымтады. Қыдырып кеткен Бекет жалбыз бұрқырап қайтты. Бір уыс бүлдіргенді майлыққа төгіп, ол да көлеңкеге тығылды да.

— Жидектеріңіз бөденедей екен! — деп тамсанды. — Тек босқа шіріп жатыр. Біздің Алматыда болса торғайына дейін тоңқайып жатып терер еді...

— Ылғалдың көптігі де. Піспей жатып шіриді, — деді шал. — Біздің затондықтар ежелден жерге қарауға ерінетін жұрт еді, қазір де ләпкеден басқаға мойны жар бермейді. — Шал бүлдіргеннің біреуін тіліне салды да толғап-толғап түкіріп тастады. — Со қалпында су!.. Жидектің көкесі баяғыда еді ғой. Біздің Яшкаларды пішен кезінде құйрықтан теуіп тұрғыза алмайтынсың. Қара шал ауыз жарымайтынға алданасыңдар деп айғайлаушы еді. Жарықтық жұртты көп нәрсеге үйреткенмен өзі де көп нәрсеге үйрене алмай кетті ғой, — деп Осекең жымиып басын шайқады. — Кейде құдайды танымайтын, кейде сопы сияқты еді. Тек көң тепкені үшін тауықтың еті мен жұмыртқасын дастарқанға жолатпайтын. Пәленшенің үйі тауық жеп отыр екен дегенді естісе, ел шетіне аштық кіргендей шошитын марқұм, сол күні бір лағын сойса да ағайынның сыбағасын жіберуші еді... Әй, мына жұмыртқаны жеп қойындар! — деп Осекең майлық үстіндегі аздаған шайнамасын жігіттерге сырғытты. — Бұл да табиғат жаратқан тағының қиналып тапқан тұқымы. Күрке тауық та былқып түр. Монша да әзір, тек күн қайтсын деп отырмын.

— Саналы жұрт тамағын тал түсте ішуші еді, — деп Жақып Бекеттің қас-қабағына қарап күңк еткен болды.

— Е, оның да дұрыс! — деп шал мырс-мырс күлді. — Санамыз жеткен соң тауық тұрмақ жұмыртқаның да дәмділігін біліп алдық. Ет дүкенінде де осы екеуінен басқаға қарамаймыз... Бір сәуегей, жолдастар, ет жеу жағын азайтайық деген екен. Әсіресе, сүбе мен сүр жеген еркектердің аяғы тоңғақ келеді депті. Сол айтпақшы, көсілгенде көрпелерің аяқтарыңа жетпей жүрер, әзірге осымен тояттай тұрындар, — деп Осип қайың туесогінің қақпағын жауып, суық шайнаманың қалған-құтқан қабығына дейін қаз-тауықтың сыбағасы деп майлыққа түйіп алды.

Қасарысқанда күннің кайтар түрі жоқ, тас төбеге тасырайып шығып алып, сол тағынан қайтып түспейтіндей ыздиып дүниенің апшысын қуырып барады. Екі аяқтыны қойып, қырық аяқты жәндікті де көлеңкеге қуып тыққан ба, етектен өрмекші, төбеден шыбын буып маза берер емес. Тайганың бұлардан да аш масасы алдымен құлағыңа жарапазан айтып сыңсып келуші еді, аралдың шіркейі ағайыншылығын салық қыла ма, ашық қалған мүшең түгілі аузы-мұрныңды да менсінбей қолқаңнан бір – ақ шығады екен. Терлеп-тепшіп бусанып алған Жақыптың тырп ететін түрі жоқ.Шыдамаған Бекет шырпы жинап түтін салды. Терісі қалың Осекең отты көрген соң тұрғысы келмеді. Шаңқай түстің ыстығынан қаша алмай қалған қыстау да тым-тырыс; сеңсең бөрік кигендей төбесіне бір шошақ шөпті милықтатып алып сеновал шошаяды, су жағасындағы есік-терезесін ыс басқан қара монша әбден кеңезесі кепкендей екі иінінен дем алып сәңірейе қарады. Кеңсірікті қарыған осынау ап-тапта қалжасы жаққан шал ғана; бойынан шықпай қалған жел-құяңы бардай сары тапқа қақтанып жатып:

— Яшка, есінде ме, сенің тойыңды осы жонда өткізгеніміз қайда?! — деп әлде бір әңгіменің шетін түртіп еді, өзімен-өзі меңірейіп мүлгіп отырған Жақып шалды аузын бақпастан тұрып кетті.

— Дүлейдің тілін мылқау түсінеді деп ақсақ егерьге құдалыққа қара шал мені салып еді, — деп Осекең әлі сол құдалықта отырғандай отқа шырт түкіріп, ыс басқан саусағындағы шөштиген "прибойын" шертіп-шертіп қойды. — Елдің аты ел ғой, — деді. — Қара нанға бүйірі шықпай отырғанда әр түтін бір-бір лагон балсырасын теңдеп келіп, бүкіл затонның қатын-қалашына дейін төрт аяқтап қайтып еді... Әй, Яшка, теңізге түсуші болма! Ешкі -қотыр боласың! Тіпті шыдамасаң терістегі тұмаға бар!..

Жақып бір көш шіркейді төбесіне шиыршықтап алып тоғай арасына сіңгенше Осип қарт бежірейіп қадалды да отырды. Өзі қартайса да көзі қартаймаған адамды Бекеттің бірінші көргені. Қарашығы бөлінбеген тотияйындай көкпеңбек жанарында бөтен бір кіршік жоқ екен, аршыған тұздай жылтырап, нұр сепкен ұясынан Жақыпқа деген қимас сағынышты аңғарды.

— Солай!.. заман деген осы! — деп шал енді қартайып қалғанын уайым еткендей күрсініп біраз отырды. — Жарықтық, қайын атасы қоржынына қоқым тоқтамайтын берекесіз, қазанына қақ тұрмаған кедей еді. Сонысына қарамай көрінгенге ағаш аяғын ала жүгіретін шақар болды, — деп Осекең әлгі бір мұңын ұмытып енді кеңк-кеңк күліп алды.

— Тегі мінез бітпегеннен мал іздеп, мал бітпегеннен мінез іздеп шатасамыз. Қатпарсыз жерге қаспағым тұра ма?! Сен Жақыпқа әзілдеп болса да айтып қойып жүрме, қалжыңға да қажитын кіділеу жігіт қой, кейіп жүрер... Содан осы Лесяға құда түсіп келейін. Қара шал жұмсаған соң келмейтін бізде кеп бар ма. Сөйтсем, әкесі шіркін өзінің тауығы әтешсіз жұмыртқалап жатқандай, жарымаған жатаққа қыз бермеймін" — деп келіп шіренсін. Оң жағынан бір шықтым, сол жағынан бір шықтым, көнеді деген не! Ақыры бір-біріміздің кем-кетігімізді түк қоймай тізіп, керісіп тындық. Кісі қарасын күйіп көрмеген қотиын байғұс құдалықты ұрсын ба, аяғындағы келсабымен қорқытып қоймаған соң жыным ұстап, сыпырып алып тайып отырайын. Сонау затонға дейін соңымнан салақтап барып, айналайын, қыз садаға, аяғымды тастап кет деп жалынғаны. Әңгүдіктігі де, оның ағаш аяғын мен малданып кетеді деп састы ма екен?! Солай!.. Әр заман өз ақылымен дана, өз ақымағымен думан. Кешегі қызығың бүгін мұң, кешегі мұңың бүгін күлкі... Сөйтіп үйленген Жақып еді. Қатынымен қалай өзі? — деп шал екеуден екеу отырып сыбырға көшті. — Жарасып-ақ кететін жандар, амал қанша, қырсық шалса қырсызды түйенің үстінен де ит талайды деп...

— Өздері білет те...

— Өздерің білсеңдер нағып жүрсіңдер? Дүниенің төрт бұрышын өздерің түгендесеңдер артық ауыз болмай біздер баяғыда-ақ жұмақтың жылы төріне уайымсыз кете беретін едік қой! — деп Осип Бекеттің жауабына жарымағанын аңғартты да оттың қоламтасын квастың сарқынымен өшіріп тастады. Сығырайып шақар күннің қалған жолын есептеді. Сәңірейіп көкжиекке телмірген қара моншаның төбесіне қарады. Түтіні сарқылып, аузы-мұрнынан жалын атып тұр екен.

— Жә, мен моншаны баптайын, — деп Осекең орнынан тура беріп, мүйістен бажылдап шыға келген моторлы қайықты бағып тағы да аялдап қалды. — Қасындағысы әйел ме?.. Құдай ұрды десеңші! Еркек қос боп емін-еркін отыратын!.. тоқалы сүйреткен қаратаяқтардың бірі болды-ау нағылса да...

Қаратаяқ па, қаражаяу ма, Бекетке бәрі бір еді. Жалғызсыраған адамға әйтеуір жәрпілдейтін ауыз керек. "Тоқал" деген сөзінің астарынан, тырыса қалған қабағынан шалдың ит ерткен қонақты жақтырмағанын сезді. Жақтырсын жақтырмасын, танауы көк сүзген тырылдақ қайық сұқсырдай сумаңдап займкеге тура шапқан. Екеуі ырғалып-жырғалып жағаға жеткенше артына міңгескен жалғыз жолаушыны түсіріп тастап, біреу ұстап алатындай қалаға қайта қашты.

8

Лесяны шал да, Бекет те күтпеген еді. Бекетті Леся да күтпеген екен. Шалды көріп жадырап келе жатқан жүзі, Бекетті көріп кілт суыды да аяғын шұқанаққа тығып алғандай селк етіп оқыс тоқтап қалды. Лақылдаған ақпейіл қарт мұны байқаған жоқ, өрмекшідей тарбаңдап барып, керіскедей келіншекті еңкейтіп тұрып бетінен сүйді де айырылып қалатындай қолынан тас қып ұстап тура үйге жетелеген.

— Ой жаман қыз!.. Жұртты да, жұрағатты да ұмытқан жаман қыз! — деп қолды-аяққа тұрмай жалбақтап жатыр. — Адасып жүргеннен саумысың?! Мен біздің үйдегі зауал ма деп енді болмағанда қашайын деп түр едім!..

Керіскедей келіншек тартыншақтап, кейіндеп қалған Бекетке жалтақтай берді. Реңінде қысылу да, таңырқау да бар еді. Таңырқағаны, тағы да Бекеттің тосыннан алдынан шыққаны шығар. Қысылғаны, қарттың адалынан болса да артық жалбағы. "Жаманына" көнсе де "қыз" деп мүсіркеуі жерге тыққандай қылған. Балықтай ұрғашының қолтығында жорғалап жүрген бүргедей шалды көргенде Бекет те не күлерін, күлмей тұрып қашарын да білмеді. Жүздеспеген бір-екі айдың ішінде Лесяның толғаны ма, тозғаны ма, бұған да аң-таң. Мықыны жарланып, тоқ құрсағы томардай көкірегін тіреп қапты, мәйектеніп, майқанынан мамырлай бастаған денесі сере сауырлы бестідей тұп-тұтас боп көрінді. Аппақ мойыны аршылмаған қайың сілегедей жұп-жұмыр екен, жалт етіп айналып бір қарағанда көз шарасының үлкейіп, маңдайы мен бетіне күреңітіп ноқта түскенін де байқап қалған. Әйтеуір, бар бітім-тұрпатынан бұлқынған тегеурін мен құрсақ күтіп отырған отыздағы тұмсаның бұрқыраған ыстық лебін жасыра алған жоқ. Бекет тосырқап тыста қала берді. Тосырқаудан басқа қызғаныш секілді көкірегін шым еткізген бір өкініш сезімі де бар еді. Бұл неге келді екен деп бір ойлады. Несіне келді екен деп тағы ойлады. Неге келді дегені — Жақып екеуінің арасын аша ма, әлде қоса ма? Несіне келді екен дегені — әлгі бір қызғаныш сезімнің айғағы. Қалай аунап түссе де бүгінгі керіскедей келіншектің салмағы Бекеттің мойнында. Ал, кешегі аспан көз әдемі келіншектің момақан назы жеңілдеу сияқты еді, бірақ қазір оны таба алмай да, танымай да тұр.

Осип қарт пен Леся салдырлап үй ішінде көп айланды. Ауыз жаппай сөйлеген шалдың дауысы мен темекіге тұншыққан кәрк-кәрк жөтелі қатар естіледі. Бекет не кірерін, не кірмесін білмеді. Есік алдындағы айдары салақтаған күрке тауықтың айғыры да қанат-құйрығын жайып жіберіп, пыс-пыс айбат шегіп, "саған не бар" дегендей кәрк-кәрк бақылдап қоймады. Күн қызарып, қарағай басына таяп қалған екен. Қаша басына қарғып шығып тарғыл әтеш дабылын қаққан кезде моншасы есіне түсті ме босағадан Осиптің бурыл басы көрінді.

— Оу, нағып тұрсың, қонақ келді ғой! — деп дәурікті шал, — әлгі Яшка қайда жүр?!

Дегбірсіз шал қаңғалақтаған басын қайда апарып тығарын білмеп еді: қаз-тауықтарын бақыртып қораға қамады, тепкілеп жүріп сейнек пен жаппадағы бөлек-салақ заттардың көзін құртты, тандырдың қоламтасын түрткілеп оттың көзін ашқан соң есін бір – ақ жиды да ауласының ортасында төбеге ұрғандай калшиып тұрды да қалды; босқа танаурап, жығылып-сүрінетін маған не жетті деп өзіне-өзі қайран қалған сияқты; күн ұзаққа тауыса алмаған күйбеңін, күн ұзаққа ермек қылған кішкентай тірлігін қас қағымда бір жат көздің көңіліне бола қаужап тастағанына өкініп тұрғандай; тас керең қыстаудың тыныштығына құлақ түріп басын шайқады да молаққа мініп тас керең отырған Бекетті көріп күлді.

— Сорлы екенбіз ғой! — деді, сосын қасына келіп жалп етті де папиросын суырды. Көзінде кекесін жылт бар. Неге айтқанын Бекет жіліктеп түсінбесе де кімге айтқанын жобалап сезді. Санасына тақамен тепкендей шық ете қалып еді, шал көңілінің зеректігінен шошынды да қызыл түлкінің құйрығын көрдім деп ін аузынан кетпей қойғанына қысылды.

Бір уыс бұлттың бауырына тығылған күннің көзі де қызыл түлкінің құйрығындай алдап тұр. Солаң етіп шыға келсе шағып алатыны белгілі. Соған алданған күнбағарлар да солбырайып ұйықтап кеткен екен. Сеңсең берікті сеневалдың көлеңкесі состиып еу жағасына барып қапты. Ана жыртық, мына жыртықтан мұрты жыбырлап жырық езу қояндар қайта бастады.

— Тұқымыңды ұрайындардың біразын қырмаса болмас. Үйдің маңын шұрқ-шұрқ қып тесіп тастады, — деп шал іргені тырмалап жатқан біреуіне жендібілектей жаңқаны жіберіп қалды. — Тым көбейіп кетсе бұлар ауру таратады.

— Көбейгенде аралдан асып кетпейтін шығар?

— Ойбай, бұл итіңнің әр саулығы бір жазда елу-алпыс күшігін саңғып тастайды. Қасиетті мал болса қолдан қайырсаң да өспес еді!.. Қой, шатырға шықта шабынатын сыпырытқы алып түс. Моншаға баралық.

Шатырдың іші дизкамерадан да қаңсық екен. Ағаш үйдің неше ғасырды арқалап тұрғанын кім білсін, әйтеуір, Ресейден келген шарқай мен кендір есетін ұршыққа дейін осында жатыр. Осип шалдың аңыз қып айтқан ағаш аяғын да солардың ішінен көрді. Тұншығып жүріп түкпірдегі адалбақаннан екі-үш сыпыртқыны зорға тапты. Аяғында пима, басында қоян құлақшын, үстіне тон киіп бадейка сүйреп бара жатқан Осип шал шатыр ішіндегі көне экспонаттардың сыңарындай болып көрінді. Моншаға жеткенше жол ортасында тәлтиіп тұрып бір дем алды. Тәлтиіп тұрып:

— Лесь! — деп бақырды. — Қазан-отта, қажайтының — сусекте! Осы үйде сен білмейтін қуыс жоқ, қалғанын өзің тауып аларсың!..

Баспалдақ сықырлады. Жең-жағасыз жұқа халат жыртылайын деп түр еді. Ашыған қамырдай аппақ омыраудың таныс иісі танауын қапқанда ойына әлде бір жаман ниет оралды да басқыштың тепкішегіне аяғын сала беріп Бекет сілейіп отырып қалған. Аспан көзін төбеге аудара төңкеріп, денесін жалын қарығандай Леся алақанымен көкірегін басты.

9

Пішен иісі танау жарады. Күн батысымен көтерілген желемік шыбын-шіркейдің де ту-талақайын шығарған, құдықтың сорайған ұзын мойынын сықыр-сықыр ырғап жүйкені тырнады. Соны тұқырта салуға да мойында жар жоқ. Аю тулақта отырған Осип абайсызда мысығын босатып алды да адырайып Лесяның аспан көзіне бір қарап, етегін қымтаған болды. Келіншек кересін шамның білтесін көтергенсіп бетіндегі күлкісін жасырып еді. Аласа столға иегімен итініп жамбастап жатқан екі жігіт содан күдіктенгендей қайта-қайта алақтай берген. Сықсиған кересін шамның қызғылт сағымында қан тепкен қызыл күрең жүзі тым сүйкімді, албыраған күн шалды апорттың шық қонған қабағындай тым тәтті екен. Бұрымсыз бос тастаған сап-сары шашы алқымына кайта-кайта төгіліп, алабұртқан көңілге ыстық құшақтың елесін сала берген соң Жақып иығындағы бешпетін ұсынған. Ет көтеріп кеткен жардай келіншектің жарым қапталына да жабу болмай қалды, бірақ шешіп тастаған жоқ, көптен сағынып қалған таңсығындай қымтанып, исіне түскен түрі бар. Ошақпен бастырманың арасына сан барып, сан қайтқанда да оғаш қимыл, ебдейсіз бұрылысына дейін қалт жібермей бағып еді. Талай жыл отасқан өз әйелі екеніне өзі сенбей жатқандай: ашық-шашық бәдік мінезі жоқ, бір ғана күйеуі емес, бүкіл үй-ішінің көңілін, бар-жоқтың бабын үндемей жүріп тауып, үн-түнсіз жүріп қырыс қабақтың әдібін ауыртпай жазып жіберетін биязы қылығы қаншама жақын тартқанмен бұрын бойында жоқ ұрғашының бір бөтен иісі сырт тепкендей тосырқап отыр. Буы бұрқыраған қайың астауға қып-қызыл оттығын шадырайтып сары самауырды телігенде басын бір-ақ көтерген.

Кересіннің иісін жақтырмайтын Осип қарт білте шамды ауланың түкпіріне апарып іліп, ошақтағы отқа отын еселеді де тағы да қол шәйіп баптанып жүріп алғаны. Астауда алшысынан жатқан күрке тауық кішігірім тоқтыдай, каберненің буына пісті деп еді, оған қоса сарымсақ пен жас укроп араны ашылған екі жігіттің тағатын жеп-ақ қойды. Апыл-ғұпыл қол салуға батпай отырған. Моншаның терін бал сырамен басқан соң ғана үй иесі астындағы аю тулағын столға жақындатып, ине жоғалтқандай астау ішіне үңіліп біраз ырғалсын. Майға бөккен қызыл күрең картопияны бір бөлек ысырып, тіміскілеп лавр жапырақтарын теріп тастады. Сонан соң қасықпен тұздықтың дәмін алып, тамсанып тағы отырды да не заманда жұрттың сыбағасын боршалауға кіріскен. Бір жілікті Лесяға ұстатып, бір жілікті Бекеттің алдына тастады да Жақыпқа бұрылып:

— Жабыл кедей, жабыл! — деді. Жарықтықтың еті балдай, сүйегіне дейін еріп түр екен. Тізгінді тартып қалуға шыдамы жетпеген Жақып та ара-тұра "Ереваннан" екі-үш ұрттамды ертіп жіберіп еді, монша аузынан іле шыққан иығындағы жабуын Бекет те лақтырып тастады. Аяқ-табақтың әбігеріне алданып, жұрттың аузын аңдымаған Леся ғана. Танауының ұшына үйіріліп қалған терін мойнындағы орамалдың шалғайымен анда-санда бір іліп тастағаны болмаса Осип қартта үн жоқ, Бір моншаның бабын бір күнге созып еді, бір тауықтың сырбазын бір түнге ермек қылатын түрі бар. Бәсекеге түсетіндей тыраш шалдың жарауы да қиын екен, үйді қапырық, ауланы қый сасиды деп дастарқанды дөйдалаға жасатқан, қарағайдың жаңқасын самырсынның томарынан бөліп жаққызып, алакеуімде бір үйір жанды бір түтіннің басына қамады да қойды. Аю тулақ, қоян құлақшын, қой терісіне қымтанып алып шіренуіне қарағанда бір тауықтың шарап қатқан сорпасын біразға бұлдайтын сияқты. Әуелде балсырадан басқаны "талақ" қылып еді, енді "ереванды" менсінбей "экстрамен" ғана сұхбаттасып отыр.

— Мынау тауыққа паспорт беру керек екен! — деді Бекет Осекеңнің астына көпшік тастаймын ба деген ниетпен.

— Әперсең отырсыңдар ғой, — деді шал, екі ұртына көк пиязды айдап жіберген екен, шоп тасыған суырдай езуі күлтеленіп, қоян құлақшынның астынан көзі ғана жылтырады. — Біздің пашпыртымыздың біткені қашан, — деді. — Біз аралда қалған жанбыз ғой. Әйтеуір тегімізді ұмытпасаңдар бопты да...

Тауықтан басталған әңгімені шал едәуір жерге апарып тастады. Енді жұмыртқаға жетпей тұрғанда жұмырдың тойғанын сылтауратып Бекет сырттап қалғысы келіп еді, шәй ішіп қарық басу, қарын сипап солық басу деген сияқты тоқшылық салты ешкімді орнынан қозғай қоймады. Жыпырлаған қаланың оттары аралдың жиегіне жақындап қалған сияқты. Тышқан аулаған мысықтың жанарыңдай бір жанып, бір сөніп түн ұйқысына тыныштық бермей тұрған маяктың прожекторы ғана. Аспанның шырағы енді-енді жана бастаған. Сағым екені, толқын екені белгісіз, ала кеуімде теңіз беті әжімденіп, тау қырқасындай қатпарланып көкжиекке көтеріліп барады. Жұлдыз санағандай төбеге телмірген шалдың жүзі де көнеріп өшіп бара жатты.

— Жасыңыз нешеде?..

— Жас деймісің?.. Жетпісіңді жейміз бе деп отырмын.

— Өтірік айтасың! — деді Жақып. — Жетпісті осыдан он жыл бұрын жеп қойғаның қайда? Онан да өлгім келмейді десеңші!..

— Он жылды қимай отырсың ба?! — деп қарт әлдебір қарызын даулағандай Жақыпқа жалына қарады. — Өлгім келмейтіні де рас. Әйтеуір, жұмыр басты пендеге өлім бар екен деп мен неге өле салуым керек?..

Жақып қалжыңға жыққысы келгенмен Осип карт қалжыңға да, қарымтаға да көнбеді. Шынында өлгісі келмейді екен. Өкпелеп қалған секілді. Тон астында томпиып біраз отырды да Лесяға дастарқаныңды жинай бер дегендей ишарат білдірген. Бірақ, бөтелке мен үш құтыны табақтан жырып қалды да отты қайта көсеп, ешкімді ертпей, ешкімнің "денсаулығына" еншілемей бір дүркін жеке шапты. Сонан соң отырсаң от міне, жатсаң орның әне дегендей қыстау мен ошақтың арасын көзімен межелеп беріп тымпиды да қалды. Кештен бері Лесяға не жақындай алмай, не жатырқай алмай отырған әрі-сәрі Жақыпқа бұл да таптырмайтын сылтау еді, қалтасының құрыш-құрышындағы балғарағайды ермек қып бұл да ошаққа итіне түсті. Жақып "экстраның" аузын қайта ашып, қарттың алақанына бір шөкім жаңғақ салған соң ғана оң қабағын беріп еді.

— Ұлы әкем Евсей жүз он жасында дүние салды, — деп теңіздің ортасына қарады. — Онда да құдайдың ажалынан емес, өзін-өзі өлтіріп еді. Құдай алмады деп кейіпті. Кейіген себебі, бір ошақта жиырма ауыз, қырық шарқай, жалғыз-ақ пеш бар екен. Жиырма бірінші ауыз болып дүниеге мен келіппін. Шал сасқанынан үстіндегі кенебін маған ит көйлекке шешіп беріпті де таңғы тамағын жиырма ауызға түгел бөліп, жалғыз тонын төсекке жауып, жаман бөркін босағаға іліп, жыртық шарқайын есік көзіне қалдырып моншаға кетіпті. Кешкісін әкем іздеп барса, есік-терезені қымтап, әдейі угәрлап өліп қалған екен. Сөйтіп, менің атам жүз онның ар жағындағы қалған ғұмырын міндет қып тастап кеткен. Моншаға барған сайын алдымнан Евсей күтіп отырғандай болады. Моншадан шыққан сайын мазамды алмасын деп есікті мықтап бекітіп, қамап кетемін. Түтін санасам, еркектен бес-ақ кіндігім бар екен. Қалған он бесін түгендеп болғанша ажал да іздеп табатын шығар. Менің есебімше оған да өлі қырық жыл қалды. Енді қыртимай мынаны қағыстырып алып қой да маған арнаған дұғаңды қырық жылға шегере тұр!.. Неменеге ыржаңдайсың?!.

— Монша жаққа барып қайтсақ қайтеді!?..

— Құдай сақтасын!..

— Қорқады екенсің-ау?..

— Ажалдан қорқатын жастан кеттік қой, бірақ, аты жаман ғой, кәпірдің! — деп шал шынында есік көзінде Евсей андып отырғандай қара моншаның қарауытқан сүлдеріне елегзи қарап қойды. — Жарық дүниені жұмаққа айырбастап кете қалу кімге де болса қиын шығар. Оның үстіне менің әлі көргенімнен көрмегенім көп. Шынымды айтсам, енді ғана адам боп келе жатқан сияқтымын... Столяром, плотником, жестянщиком вкалывал. Одним словом, всю жизь кроховорничал. Вот и негаданно море к нам пожаловало. И когда из-под ног земля уходила, ухватился за этот островок, на старости лет вспомнил, что я русский мужик. Вспомнил, что мои предки, бородатые мужики искали Беловодье, землю обетованную, полной чудес и остановились на руслах Бухтармы. Вот это ничего не говорит?.. А песни про Беловодье, сказки которые сказывали бабки? Забыли?;. Эй!.. Кіндігі қалада, екі көзі далада, тауға қарап ұлыған сендерде не иман қалды дейсің!..

Түн жамылып отырып аузына иманды алған соң Осекең сақалына сайтан кіріп кететіндей қос қолдап уыстап, Жақып пен Бекетті қайын жұртына апарып тастағандай қомданып қойды. Лесяның сипақтап қайта-қайта келіп кеткені жатар орынның қамы екенін сезсе керек. Жаңа ғана байып отырған отағасы төсек-орынға ұятты болып қалды да:

— Еркектерге сеневалдың үсті де жетеді, ал өзің теуіп-теуіп ойылмаған жерге жатарсың! — деп қалжыңдап құтылды.

Жеті сағаттық қысқа түннің алғашқы айқайшысы, қорадан әтеш қылғынғанда үшеу орнынан қозғалып еді. Іргеден қаланың оттары мен пирстің прожекторы, төбеден жұлдыз, қырқадан ай қадалған соң аралдың ол жақ, бұл жағы бір тұтам болып шемейіп кеткен тәрізді. Төрт құбыласынан жамыраған сағымнан орман-бұтасына дейін сала-сала самсап түр. Тек теңіз ғана қап-қара. Сол қарақұрық теңізде киттің жон арқасындай сүмпиген үшкіл арал толқынға қарсы заулаған сүңгуір қайың секілді.

Теңіз күндізгі сагасынан қашып кетіпті. Арқандаулы қара қайық сылп-сылп су жалап түр екен. Қорыс жиек қайран сасиды. Баяғыда бұл өңірден күн қайта-ақ шықтың иісі аңқушы еді. Күн қайта-ақ Бұқтырманың өрінен қоңыр самал шалқушы еді. Енді сыз тартатын болыпты. Жел де бағытынан жаңылыпты. Оң-теріссіз ертең де, кеш те қуалайтыны қаланың қапырық түтіні. Қаланың оттары қашып бара жатқандай. Қаланың оттары қалғып бара жатқандай. Қалғып тұрған қара шыршаның астынан жылқышы торғай ысқырып -ысқырып жіберді. Әлдекім өкшелеп келіп қалғандай болып еді, қарағай басында қалшиып тұрған айдан басқа, ай астында қалқиып тұрған сеновалдың сеңсең бөркінен басқа дым көрмеді. Қыстау терезесінен жылт етіп шам жанды да тез сөнді. Лесяның күтіп отырғанын сезді. Бірақ, көңілі тартқан жоқ.

Бозбаласында осы шамды сөндіре алмай, ақсақ егерьді ұйықтата алмай тағаты таусылатын — іңірде ұрланып келіп, қаракер биені шөп түбіне қаңтарып қойып, таңғы тауықпен қайтатын түндер де ұмытылып барады. Займкенің оты өшкенше көз талатын, займкенің оты өшкен соң екі көзді тарс жұмып шалғынның сыбдырын тосатын. Қыз қылығы назды еді. Мая төбесіне көтеріп шығармасаң көзі жаудырап етекте тұрып алатын да кетемін деп қорқытатыны бар. Көкірегімен кейде қуырған картоптың, кейде борщтың иісін ертіп келетін. Мейлі күйік татыса да ол кезде тәтті еді-ау!.. Су болмасын деп ышқырына түйіп тастаған сарафанының етегін тарқатпастан, шыққа шомылған сұп-суық ақ балтырын Қарашелектің жып-жылы қойнына тығып жіберетін де тас қып құшақтап, танауымен өңірін іздейді. Леся ата-анаға суық өсті. Қарашелекке егіздің сыңарындай жабысты Бөтен екен деп тартынып, еркек екен деп тәнін жасырып көрген емес. Қашан босаға аттағанша шымылдық ішіндегі құпия тірлік те ойына кіріп шықпапты. Күн сайын бірін-бірі аңсағанда бойжеткеннің бозбалаға деген ынтығынан көрі ұялас күшіктің сыңарын іздеген үйірсектігіне ұқсайтын. Сөйте жүріп, өзінің әйел болатынын алғаш рет Қарашелектің аузынан естігенде әрі кет деп айтпады. Алғаш рет төсек көргенде де осынымыз ұят болды-ау деп кәперіне де алған жоқ. Осындай бір айлы түнде...

— Мені әскерге шақырып жатыр, — деді Қарашелек.

— Онда мен қайтем?

— Сен біздің үйге барасың, — деді Қарашелек.

— Барсам барайын. Тек әкем жаңа бәтеңке сатып әпергенше тоса тұрайық.

— Жалаңаяқ барсаң да түк етпейді, — деген Қарашелек.

Қаракер биеге жайдақ мінгесіп, Қара Диюдың қара шаңырағына жалаң аяқ кірген Леся еді...

Үш жүз алпыс бес күннің құрығанда біреуіне бақсылығым жүреді деуші еді әкесі. Жақып Қара Диюдың бақсылығы жүрген күні дүниеге келсе керек. Лесяны он алты жасында жетектеп келгенде жақтырмаған жатақтың жұртына шапағат салмастан:

— Сенің де біліп істеген бір шаруаң шығар, мейлің, қағаздай аппақ бала екен, қатын болып жарытпаса да қайырымы бар көрінеді, — деп батасын берген.

Жақып әке сөзінің төркінін мәндеген жоқ-ты. Бірге өсіп, иісі сіңіп қалған соң осы маған бөтен адам емес-ау деп ойлаған, түбі бөтен адам болады-ау деп те ойламаған. Бүл да әншейін балалық елпек көңілдің қиялы екен. Мая төбесінде аспанға қарап жатып аймен жарысатын балалық қиялмен бірге таусылыпты. Иі бір, иісі бірдің түбі оңатынын, тым үйір, тым үйреншікті әйел жұртының қызығы тез сөніп, ер қашты қылған еркектен олардың да тез суынатынын барықсыз шағында біліп пе.

Жарты жыл отасып, жастықтың құмарлығынан кәнігіп шыға алмай әскерге аттанды да төрт жыл су астында, сүңгуір флотта қызмет атқарғанда жарты жылдың қызығын медет тұтып еді. Жарты жылдың сағыныштай елесін көкірегіне көңілмен тоқып, инемен жаздырғанда арманы да, азабы да мәңгілікке қимас сурет боп қалатындай көрінген. Қара Дию қайтыс болды деп хабар алғанда қабырғасы сөгілгенмен ер азаматты жасыта алған жоқ еді, қатының қағынан жеріп, ит сарыған көрінген қашаның түбіне түнейтінді шығарды деп әлдебір "жан ашырдан" хат келгенде жұлыны үзілгендей морт сынған. Ел бетіне қараудан қаймығып, флотта түбегейлі қалмаққа серт етті де қараорманнан біржола түңілген. Қайтып затонды көрмейтін де еді, әттең, ақкемпірдің маған топырақ салып кетсін деген зары шыдатпады, сосын дәрігерлік іріктеу комиссиясының жарамсыз деп "списаниеге" жатқызғаны жігерін біржола жындай қып езіп жіберді. Жанын жегідей жеген соңғысы еді. Ол жиырма бес жасында белінен кемтар болып оралды.

Қарашелек жиырма бес жасында ендігі қалған ғұмырына жүк боларлық мұң еншілеп, жиырма бес жасында ғана Жақын болып мұңмен есейген. Бүл дертін Лесядан басқа тірі жан білген емес, ал іштегі ащы қордадай қыжылдап жатқан күйзелісін өзінен басқа бөліп-жаратын пенде жоқ.

Ақкемпірдің кірпігі ғана қимылдап жатыр екен. Бір ауыз тілге келген жоқ. Ауыл үйдің өсегін де, жалғыз ұлға айтатын өсиетін де өзімен ала кетті. Қарғасы шулаған қарашаның қара дауылды күнінде жамбасын жерге тигізгенде қасында қайғысына ортақтасар Осиптен басқа қарайған еркек кіндік те жоқ еді. "Әттең өлмеймін-ау, өлсем қайтып келмеймін-ау, әйтпесе, менсіз күніңді көрер едім" — дейтұғын Қара Диюдың қыжыртпасьш жетімсіреп қалған қара шаңырақ қайталап тағы бір есіне салғанда Жақыптың туа жалғыздығы сонда ғана қабырғасына батты, Жақыптың жалғыздықтан қорқатын секемшілдігі де содан басталды. Жұбатқан жұрт Лесяны әуелде төркіндеп кетті деп жеткізген. Төменшіктеп айтқандарынан төркіндеп қана кетпегенін көңіл шіркін сезбей қойсын ба. Қуалап барып, құрықтап айдап келуге болса да дәрмен жоқ.

"Қатын кетті қамшының сабы сынды" дегізіп, жабулы жараны жабулы күйінде қалдырсам ба деп еді, оған әуелі жалғыздық, онан соң қызғаныш деген зауал тағат таптырмай, тым құрыса көріп қайтайын деп ақсақ егерьдің дәл осы қыстауына екінші рет ұрын түскендей аласарып келгені есінде.

— Мына қатыныңа ие бол! — деп қайын атасы бірден дүрсе қоя берді. — Қарауыл болуға маған қалған жетеуі де жетеді. Көңілге жығылмаса, көзін көкшитіп тұрып көгендеп ұста, әйтпесе, ұрғашы деген халық көрінген сидаға қасынатын күйлеген қашардан жаман! — деген.

Леся әке сөзіне айбат жасай алмай жерге қараған Жақып ошағына бетінен мөрі тамған бейкүнә бойжеткен тастап кетіп еді, торт жылдың ішінде сол мөлдіреген жас сұңғақ тартып, денесі ысылып, керіскедей сақа келіншек болыпты. Тағы бір байқағаны, қимылы сидаң, күлкісі сылдырлау көрінді. Жүзіндегі баяғы сып-сыпық қызыл шырайды да таба алған жоқ. Алдынан еркелеп шыққанда қылымсығанын сезген, қолтығының дымы мен алқымынан да жат иіс тепкен. Жақыптың денесі мұздай боп, бетінің түгіне дейін бедірейе қалды.

Лесяны іздеп келген жалғыз Жақып емес-ті. Қойнына жартылығын қыстырып, Анисимнің Петькасы да қиқиып осы үйден табылған. Бір кезде жұбын жазбайтын дос еді, затонның екі сотқарын көргенде клуб пен би алаңындағы жұрт аяқтарынан тік тұрып, қақ жарылып шұлғысып қалатын. Досының күмілжіп, жүзін жасыра бергенінен-ақ екеуінің арасынан қара мысықтың өтіп кеткенін білді, бірақ, ырғаспай, ырылдаспай, бір жартыны бөліп-жарып тарасты. Бірі кешірім демеді, бірі кешірдім демеді.

Ақсақ егерь ертеңінде Лесяны өгіз арбамен әкеп тастады. Көк ала қойдай екен.

— Сенің қолың батпайтын шығар деп шаң-тозаңын қағып әкелдім, енді қайтып сүйек сындырса қазық қағып өлтірем! — деп балтасын көрсетіп тайып отырған.

Обалы қане, Леся бұл жолы көптен сағынған төсегімен жылап көрісті. Әкенің қатыгез үкімі себеп болды ма, әлде бала күннен бауыр басқан Жақыпты бар көңілімен жан тартқаны ма, өлсем көрім бірге деп етегіне жармасып еді. Күйеуінің дәрменсіздігін үнсіз кешіріп, ғұмырдың ыстық шағының тән тозбай жатып бос құрсақ өтіп бара жатқанын да үнсіз көтерген. Осы үнсіздіктің ақыры шоқ бассаң қыңқ етпейтін көмпіс мінез, қатты да, тәтті де соз қонбайтын кереңдіктен бір-ақ шыққан сияқты еді. Осы мінезімен-ақ ол Жақыпқа жағамын, жан ашыр боламын деп ойлаған. Бірақ, оны күнде өлтіріп, күнде бір тірілтетінін алғашында білген жоқ, кейін не тартса да жазмыштан озбауға тырысқан.

Бас бермейтін тіршілік әйтеуір бір қайраңға апарып соғар деген үмітпен Жақып сонан бері де он бес жылды ырың-жырың қылыпты. Құйысқаның берік болмаған соң қырық жасында да құр жүгеніңді ұстап қала беру боқ басында екен. Қу ағашқа қонақтаған құстай Жақыптың панасыз көңіліне қара шаңырақ та, ырықсыз байланған қатын да қазық бола алмады. Қараорманның ырысы да, қасиеті де ақ кемпір, Қара Диюмен сарқылса керек. Күреп тапқан табысын күректеп шашты. Бірақ, онымен жар ындынын кептей алған жоқ, жұрттың ыңғайын да жомарттықпен жыға алмады. Енді ойласа, онысы жомарттықта емес, әншейін дәтке қуат алданыш екен. Көңілдің кетігі ешуақытта толмайтын көрінді. Тола қалса ол өмір ме? Ал, Жақыпта толтыратын мақсұт та қалмаған сияқты. Сосын бүл да тірлік деген сайқалға керең көзбен кегжиіл бағам ба деп еді. Содан да болар, уәйімсіз жұрт мұны тасқабақ атандырды. Өзін жұрттан кем тұтып, қор санауға үйренген басы бұған да көнген. Тек, келешектің сандауы бұлдыр тартқан сайын дүниеге деген күдігі мен өкпесі қара қазандай боп асқынып бара жатқандай. Күдік пен өкпенің қыжылы қызғанышқа, қызғаныш — жауыздыққа да сүйреп салуға бар. Жақыптың бір уайымы Леся. Тоқтасаң мейлің, кетсең жолың әне, бағынды байлап, алдыңнан тоспайын деп іштей бекініп те еді. Әлі де Лесяға көңілі суымаған Петьканың әйелінен ажырасқанын естігенде, сабыры таусылып, барды да тайгаға жетектеп кетті. Қайдағы суық қол қолқасын суырып, қу жанын тонап жатқандай қан жылаған өзегі бүгін де бірде шоқ, бірде мұз. Бөтеннен олжа бөктерген әйелінің тоқ құрсағын көргенде кейде жарып тастағысы келеді, артынан кеудесі жаншылып жасып, ұлып кеткісі де келеді... Қая алмайды екен. Басқа түгілі, өлімге де қия алмайды екен. Ол өзінің Лесяны сүйетінін қырыққа келгенде сезді.

Ай астында селтиіп тұрған сеновал көлеңкесін бауырына жинапты. Ай жүзіне шағылысқан аласа қыстаудың жалғыз көзі шақырая қалыпты. Шақырайған жалғыз көз Жақыпты атқылап тұрғандай көрінді. Аспанға шаншылған қадау-қадау қара шыршалар қатып қалғандай. Жым-жырт. Керең. Құлағы шулап, басы айналғандай болды.

Қара құрық теңіздің дүңкиген жалы жыбыр-жыбыр жылжып бара жатқандай. Жылжып бара жатқан қаланың қалтырауық оттары екен. Қалың оттың ішінен затонды іздеді, жатақтардың шандақ көшесін, қараорманын іздеді... шандақ көшеде шыбық мініп шапқылаған Қарашелекті іздеді... Қара Дию қаракер биеге мініп алып теріс қарап бара жатыр екен. Ақ кемпір күресінге шығып алып, теріс қарап шығарып салып тұр екен. Іші қалтырады. Көз шарасы ысып бара жатыр екен...

Қарақұрық теңіздің күжірейген жөн арқасы шыр айналып заулап бара жатқандай. Заулап бара жатқан қаланың қалтырауық оттары екен. Құлағы шыңылдап, басы айналды... Заулап бара жатқан затонды, бұлдырап бара жатқан Қарашелекті, бұлдырап кеткен балалығын қуып жете алмаған соң, ай астында селтиіп тұрған сеновалдың үстіндегі Осип шалды төңіректеп, мұп-мұздай ай астындағы мұп-мұздай мылқау үйге қайтып оралды.

10

— Қалада өстің ғой?

— Қалада.

— Әке-шешең ше?

— Ғұмыры қаладан шыққан емес.

— Солай де. Байқаймын, әке-шешеңнен бойында бірдеме қалған сияқты. Сыпайылау екенсің, оның атын жасқаншақтық дейді. Бірақ, жасқанып тұрсаң да бір құлығың ішіңде. Бір кетігіңді екіншісімен бүркеп жіберетін зәлімдігің де жоқ емес. Солай ма?... Ал, қаладан жұққан бойында қандай қасиет бар?

— Кім білсін... Балалардың бақшасын былғадық, мектеп табалдырығын тоздырдым, институтты осында жүріп тауысып едім... Көрген, білген деген сияқты... барға қанағат, күй талғамаймыз...

— Ол, әншейін, машық, қасиет емес. Машық жүйкеге ғана жабысады, қанға сүйекке сіңбейді.

— Онда білмедім...

— Тегі, білген де жақсы, білмеген де жақсы.

— Сонда жаманы қайсы?

— Ненің жаман екенін білсем мен де әулие боп кетпеймін бе?.. Өй, сен тіміскіп әлі осында жүр ме едің?!.

Жақып қара тонның қаусырмасынан сеновалдың қурап кеткен сағдарындай құла бурыл сақалды ғана көрді. Құла бурыл сақал Жақыпқа емес, шақырайған айға шошайып, түңіле сөйледі:

— Бұл жұрт жылы үйдегі жылы төсекке де сыймайды! — деді. — Жапан түзде жолғасқан екі қазақ, әрі отыршы деп бірін-бірі мүйіздеп тұрғызған екен. — Осип шал Жақыптың жамбасында қап кеткен қара тонның қапталын жұлқып зорға суырды.

Кәріліктің жеткені де, жоқтан өзгеге жыныңды қасып, бұл шал да қырт мылжың болайын деген. Әйтеуір, тыңдайтын тегін құлақ сенсің-ау дегендей ендігі сөзін Бекетке оқтады.

— Солай жігітім... Қалада өссең де, қаратаяқпын десең де бәрібір бөтекенде қыр күпісінің иісі жатыр. Кейінгі немереңнің неменесі болмаса... Ол неменің де қайда туып, қайда өретінін кім біліпті... Құдайға шүкір, бүл да өсетін жұрттың мінезі.

Осы шал нені кеусеп жатыр деп Жақып басын көтеріп, құла сақалға тағы да сұқтанып еді, қыналы тастай түк басқан сұп-сұр, сұп-суық бет-жүзі қаперсіз екен.

— Оны қай энциклопедиядан оқып едің?! — деп қартқа асығын ұттырып қойғандай теріс тоңқайып қисая кетті.

— Жер деген сиклопедиядан! — деді Осип шамырқана нығыздап. — Жерге кім жақын болса, сол өсімтал. Не баспанасы, не басалқысы жоқ бабыльдің соңынан бала ергенін көрдің бе!

Қарт Жақыпты қажайын деген жоқ еді. Аңқылдақ байғұс айтып салса да артынан күмілжіп қалған.

— Жер жарықтық қасиетті ғой, — деп өзімен-өзі күбірлеп кетті. — Жер емген жұрттың жүзі жарқын, ары да, жаны да таза. Жалынғаны да, жалдағаны да еңбегі. Даярға көз сатпайды, қиянаты және жоқ... Әлі есімде, әжем марқұм картоханың әр түбін балапан басқан тауықтай шайқап өсіріп, әр түйіріне күрек тигізбей сипалап отырып, санап отырып қазып алушы еді...

Бір-екі жөткірініп, жүрелеп отырды. Буын-буыны сытыр-сытыр ете қалып еді. Жақып та андып жатыр екен:

— Сағдардай саудырап отырып жүз жиырмадан дәмесі бар! — деп сеновалды солқылдата селк-селк күлді.

Шал Жақыптың әзілін оздырып алды. Мойындады:

— Бүгіндік шырпы басын сындырғам жоқ, — деп күрсінді. — Бір күн қозғалмасам буынға жел түседі.

Аймен таласқан жып-жылтыр төбесін құлақшынмен милықтата жасырып, пышылдап бас жағынан бешпетін суырып жатқан шалға Бекет тандана қарады. Күндікке тізе бүккен жоқ еді, егер шырпы басын сындырмадым дегені осы болса, күйбенді күндерінде не қырып тастайды екен?.. Осип қарт бешпетін сілкілеп отырып сіріңкенің сылдырынан папиросы мен оттығын тауып алды. Сосын қиқым тасыған құмырсқадай жыбыр-жыбыр түртініп жамбасындағы сағдарды қаза бастаған. Әуелі тесіктен түкірік жүгіртіп, төменнен сылп еткен дыбысын естігесін барып темекісін тұтатты.

— Енді ғой, еденіңді күркеге толтырмай ұйқы бермейсің ә?! — деп Жақып теріс қарап жатып торсылдады. — Ыста, ыстай түс!..

— Ыстаған түк етпейді-ау, етің бұзылмайды, тек ертеңгісін екеуіңнің құйқаңды таба алмай жүрмесем болды да, — деп Осекең шошайтып апарып тесікке темекісінің күлін қақты.

Есік көзіндегі қарағай басынан байғыз сұңқылдады.

— Жетпіс жеті атанды! — деп шал төбеге түршіге қарады. — Осы бір жексұрын кемпір ауырғаннан бері менің шаңырағымнан шыққаңды қойды.

Бекет ерінбей тұрып, шөп бастырған келсаптай бұтақты жіберіп ұрған, жұдырықтай құстың қарасы құйылып келіп, Осип пен Бекеттің ортасынан бауыры жарқ етіп ағып өтті.

— Қарғыс атқыр! — деп қарғап қалған шал қара самырсынның бытқылына қадалып, сілейіп біраз отырды да күрсініп салды. — Түбі бір шығын бар... — Көзінде үрей, күрт сынған жүзі дәрменсіз көрінді.

— Жоқты айтасың! — деді Жақып. — Аралда жатып алып жанжал таппаған соң аспандағы құспен алысады. Мынау займкені скид қып жібермей тұрғанда қалаға қайтқаның жөн шығар.

— Қала!.. — Шал тесіктен түкірігін тағы бір жүгіртіп, сылп еткен дыбысы құлағына жеткенде барып басын көтерді де теңіздің қарақұрық жалында қалқып жүрген қаланың оттарына қажып отырып күңкілдей бастады. — Қаланың аты қала... Баққанымыз ақша... Ақшада көз бар ма?... Келеді, кетеді... Оны қуалай берсең онан сайын ашқарақсың...

— Саспа, шалым, — деді Жақып. — Сен жүз жиырмаға келгенше ақша да құритын шығар. — Ақыры ұйқысы қашқан соң бетіне бүркенген беретін жұлып тастап бүл да Осекеңнің "Прибойына" тиісті. — Тек, тышқақ лақ болса да көз алдымда жүрсін, бір түйір дән болса да қап түбінен көрейін дейтұғын тышқаншыл малсақ жұрттың ашқарақтығына тығып табылмай ма деп қорқам... Аты аюдың терісі демесең тулақтың аты тулақ, жүн-жұрқаның үстінде аунап жатып қаланың комфортынан жеркенуін!...

— Кәмпорт! — деді шал аузын шүршитіп, сосын темекісінің тұқылына айыздана, төпелеп түкіріп тесіктен атып жіберді де, — мына бипылнисәнің өзі неге тұрады?! — деп мұртынан мырсылдады. — Бүгінде бір жан баққан жұрт жоқ. Ел байыған соң ыңғайлы орын, жылырақ ошақ іздейді, тәнге бап, көңілге күй талғайды. Қаладан да қашып отырған пендең жоқ. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап келе жатқанын да білемін. Оған мың, миллион жұмыс қолын шығарып отырған да қыр елі. Түбі бөрінің табынатыны жер. Менікі, әншейін, кейінгі боқташақты онда бар, мұнда қал деп бірін ойға, бірін қойға қақпайламайық деген де... — Шал тулағын қасақана торсылдатып құйрығының астынан сағдардың қылтанағын сыпырған болды.

— Жә, болды, болды! — деді Жақып, — Енді туалет тесейін деп жатқаннан саумысың?!.

— Тосатын жастан кетіп қалдың ғой, — деді шал. — Тесу мәселесінде енді мені көмекке шақырмайтын шығарсың.

Қыстаудың есігі қыңсылады. Мықында жортқан ащы тырнақтың ысқырығы қақалып естілді. Есінеді. Башпақ сарпылы күресіннен асып барып құмығып еді.

— Амандық болса жарар еді, — деді есінеп алып қисайған шал. — Көптен бері аспанның шаңытуы жаман.

Аслан айран қатқан аталадай көбіктеніп тұр екен. Ине шаншар жыртық жоқ, быжынаған жұлдыздар бұлтша түтіндейді.

— Бала күнімде осындай бір аспанды көріп едім.

— Сексен жыл бұрынғы Алтайдың әуесі жадында қалғаны?! Мүмкін, айға шаптырғаның да есінде шығар?..

— Тілім сала құлаш деп құдайға күнәкар болма!..

Әншейінде құйрығына кесеу жүгіртсең қыңқ етпейтін Жақыптың шал байқұсты шанышқақ тигендей тықсырғанына Бекет таң. Осип қарттың табиғатынан қырсықтығы емес, тайганың сөз аңдуға мұрсаты жоқ қасаңсып кеткен көн ауызын әзілмен жібіткісі келгенін түсініп жатыр.

Күресіннен қайтқан башпақ сарпылы баспалдақта біраз аялдады. Тырнақтың қашыр -құшыр ысқырығы сауырда жүрген сияқты. Есінеді. Есік қыңсылап, босағаны арс етіп қауып алған. Кәсектің зықылы қарағай басынан өшті. Түн баласында қалт еткен қимылды құлағымен көріп жаттыққан Бекет келіншектің тырсылдап бара жатқанын, желбегей халаттың ішіндегі емеурін күтіп, елеусіз қалған ішкиімсіз тоқ көкірек, тоқ сауырдың тырсылдап жарылып кете жаздағанын да байқады. Түк көргемін жоқ, түк сезгем жоқ деген Жақып бет-аузын тағы да беретпен бүркей қойғанды.

— Көргенім рас, — деді Осип қарт. — Қырсық айналдырса, қырық күн шілдеде де елді жұт жайлайды. Бесінші жылдың ыстығы Бұқтырма бойын тып-типыл жалмап кетті. Көшпенді жұрт болмаса, өртенбеген мекен жоқ. Даланың аңы, қораның малына дейін қырылып, ел іші құйқа сасығанда бүкіл тайгада қашып құтылатын қуыс табылмап еді. Жатағы бар, кержағы бар, панасыз бейбақтар осы Зерендіге босты. Бір мінер керіктен де айрылып, әкем марқұм сонау Ақсудан мынау затонға тарадайкесін жаяу сүйреп келіп еді.

— Ол қай Ақсу?

— Қай Ақсуды білетін едің?

— Кім санапты. Әйтеуір, Алтайдың бытқылында адасып отырған елді мекен, ары аққан, бері аққан бұлақ біткеннің бәрі Ақсу. Ата-бабамыздың аузына ақсудан басқа ат түспегендей...

— Ай тұғылса да ата-бабаңнан көр! Мешкей ұрпағын жер ұйыққа жеткізем деп діңкелегеннен басқа жазығы не?

— Жеткізе алмаған соң несіне жыр қыласың?! Иек астындағы Ақсудан мына тұрған Зерендіге жаяу жетіпті деп мақтаймыз ба?!

— Мақтамай-ақ қой, боқтамай жүргеніңе де ризамыз! — Шал құйысқаны құйрығына теріс кептелгендей мөңкіп түсті де тағы да тулағының тұйығын сипалай бастады. — Сен мұндар, жерұйықтың аты Ақсу екенін де білмейтін шығарсың!

— Ақсудың бәрі жерұйық болса, жермай сасыған затонға неғып тығылдыңдар?!

Тұйыққа қамалған шал ары сипалақтап, бері сипалақтап, табыла қоймаған "Прибойының" ызасына жоқ жерден жыбырши қалған мұржасының кеужіріне дейін түк қоймай суарып бір – ақ тынды. Қайта-кайта жел жақтан бықсыта берген соң Жақып онысын әдейі тығып тастап еді. Ысқұмар шіркін енді таң атқанша тықыршып тыныш кетіретінін сезді де папиросты білдірмей бешпетіне сала қойды. Айдаладағы бұлақтың атына бола қайын енесінің аты кеткендей даукес шалды қызыл танау қып шаршатқанына мәз. Оның бырыса қалған бет-аузы бағып, сіріңкені сан дүркін сабалап жүріп зорға тамызған саусақтарының дірілінен, қалың қастың астындағы кірпігі тозған көкшіл жанарының мұп-мұздай ызғарынан қорланып отырғанын аңғарды да әп-әдемі қалжыңды мазаққа жалғап жібергеніне өкінді.

— Мынау кәмпөртіңнің тек бүпиті ғана жетпейді екен.

— Бір үйге бір бүпит аз болды ма?!

Жақып шалдың көңілін төменде қап кеткен бөтелке мен алдамақ еді. Қырсыққан шал да Лесяны тағы да есіне салып, Жақыптың көмейін әйелінің бөксесімен бітегендей қылды. Міншіл жұртқа бүгінде не жағады. Ошақ басынан етженді ұрғашы көрсе де: "па, шіркін, бүпиттей екен!" — деп ел ішін қаптап кеткен ширпотребтің буфетімен жарыстыратын әдеті.

Не кебеже, не абажа емес, есіктен сыймайтын сүйкімсіз мүлікті міндегеннен көрі, бар байлығын буфеттен оздырмай, онсыз да тақуа дастарқанның болымсыз берекесін құлыпқа қамай беретін сараң қатынның ниетін әжуалағаны да.

Жақыптың қалай да бүлінгісі келіп еді. Торсиған шал оны теріс қарап отырып-ақ білді.

— Осы сенің жасың нешеде?

Жақып жас таластырып жатпай-ақ сеновалдан секіріп түсті. Күрп ете қалған салдырдан бөшкедегі суға күмп бергенін естіген Осекең:

— Жетіскен шығарсың! — деп жаны жайлауға шыққандай рақаттанып қалды.

Қыстаудың есігі жылап зорға ашылды. Қайтып қаусырылған жоқ. Қайтып келесің-ау деп жатқан. Шалдың уәйімі де сол екен.

— Мұның жасында жалғыз жаулығымызды тапшаннан тандырға, тандырдан тақыр еденге қуалап қытықтайтын едік. Қотаннан оза алмай, сиырдың жапасына сүрініп жүріп қартайған шірік! — деді.

Ырду-дырдуға сараң, ауыздың қақпағы, езудің жиегіне дейін өлшеулі, сіргелі семьяда өскен Бекет қалжыңға қашан да битарап. Көп ішінде сөзге ұстамды, мінезге байсалды болып көрінгенмен тапқырлыққа, жарқындыққа мешелдеу екенін іші сезетін. Өз құйрығына өзі қалжуыр байлап, қожырап қалған ендігі күніне қыжыртпаны қамсау қылған бейкүнә шалдың жайдақ оспағына ілеспесе де оқта-текте көзіне тиген қамшыны есептеп жатыр. Күресін маңындағы шиырда жүріп-ақ шаршайтындары рас. Ол шиыр да кешегі әке таптаған жаяу өріс. Онда кімнің ізі жоқ. Наурыздың көжесіндей жеті жұртың жұрнағынан қорланған жатақтың төркінсіз табиғатын Бекет діні орыс, тілі қазақ Осип қарттан аңғарғандай. Жақып мінезіндегі арпа-бидайы аралас дүрегейлікті де енді ұққан сияқты. Бірін-бірі шоқтығыңдағы жауырдан танып, қасыныса кететін тырақылықтың ұрық -шарқы осында ма деп қалды.

Үшеуі біраз мұңдасты. Шал сөзінен түйгені, елге Ақсуға кеткісі бар. Бір күні қыңырая салса, екі шаршы қуыс Сүндетсайдан бұйырса дейді. Бала-шағасынан топырақ дәметпейтін көрінеді. Көңілі қалғандықтан емес, ел болып көмсе дейді. Шалға осы да арман болыпты. Босағадан зиратқа дейінгі бір тұтам ақырғы жолдың үнсіздігінен қорқады екен. Өлген соң топырақтың арзаны не, қымбаты не? Тіріде шықпаған атағыңды өлгенде бір күн айғайлатқанда қанша жерге жетпек? Тірісінде жамбасына тулақ батса да разы, көрге түсерінде кебінімен мақтанғысы келетін пендешілікте болады екен-ау?!

— Яш, мынау Ереваның мосының шәйі секілді екен.

— Ит білет. Мосының шәйін кім ішіпті.

— Айтарға да, әйтпесе түтін татыған мосының иван-шәйіне қайдан жетсін, — деп шал тағы да теріс жығыла салды.

— Түтін үзбейтінің сол екен ғой.

— Ендігі жұрт түтіннің қадірін біле ме... Ұрғашысы арба үстінде жүкті боп, ұрпағының кіндігін арба үстінде кескен кешегі ауған ел болмаса...

Осип қарт қою түтінді танауынан боздатып-боздатып жіберді де иегін көкке тіреп құмартып қалды. Сары маса әлі жатпаған, әндеткен ызыңы қарадай дене түршіктіріп, оған шілделіктің шуылы қосылған соң мазасыз бір шу сеновалды шырқ айналдыра көшіріп бара жатқандай құлақ тұндырды.

— Азаптанып жерге түстің, ошақтағы қоламтаны түртіп түтін сала келгенде қайтеді?

— Онсыз да ыстап біттің ғой!..

— Осы темекі болмаса дүниеге сыймайтын сияқтымын, — деп карт папиростың қорабын салмақтап сілкіп-сілкіп қойды. — Кім біледі, Евсейдің ұғарлап өлгенінде де бір мән бар шығар. — Шал қақалып-шашалып, күлкісін шәңкілдек ащы жөтелмен аяқтады да қарағай басын адақтап қаңғырып кеткен оз жаңғырығынан өзі үріккендей үй іргесіндегі қара көлеңкеге үдірейе қарады. Шабылған шөптің жұпар иісі борсыған қақтың дымқылымен араласып, ауаның түнгі тынысын тұншықтырып тұр. Ұйқыны қашырған да арзан вермуттан кейінгі алқаштың сасық деміндей осы бір сүйкімсіз қапырық. Самайы лыпылдап, жүрегі қаққан соң Осип қарт жейдесінің түймесіне дейін ағытып тастады да бар пәле бөтелкенің аузынан лықсып жатқандай Жақыптың қолындағы "Ереванды" жақтырмай қабағының астымен сүзді.

— Әркімнің бір таңсық асы бар ғой, — деп тоңқайып "бипылнисаға" түкірінді де ерніне қылшық жабысқандай жеңімен қайта-қайта сүртінді. — Әлі есімде, әжем марқұм атау-кересіне шәй сұрап еді. Дәм-тұзы таусылған соң қара суда бұйырмайды екен. Шешем тарадайкенің көптігінен бақырын шешкенше жүріп кетіпті. Көз алдымнан кетпейтіні, екі қара табаны. Қураған сексеуілдей ырдуанның жарасынан сорайып жатыр екен. Жүгі жеңілдегеніне қуанғаны ма, әкем байғұс жөкеге орап жол жиегіне көме салды. Арбаға симаған аяғы жөкеге де сыймады. Маған көрге де симай қалғандай көрініп еді. Әжем есіме түссе күні бүгінге дейін топырақтан состиып тұрған екі қу сирақты көрем де мойнымда қарызы кеткендей қарап отырып қуыстанатыным бар.

Бұл жалғанның бүкіл уәйімін тауысып, есеп-қисабын айырысып қойғандай, енді тіріге де емес, атам заманғы аруаққа деген қарызын ақтарған кәрі шөңгенің әңгімесі Бекеттің көз алдына да ербейген екі сирақты көлбеңдетіп әкеле берді... Сүндетсайды қиялап шығатын қасқа жол, тарадайкесін жаяу сүйреген ошарлы жан, ырдуаннан сорайған күс табан екі аяқ селкілдеп бара жатқандай көрінді!.. Маңдайға жазса пенде шіркіннің кешпейтіні жоқ екен-ау!..

Әжесінің қара табаны ғана емес, Осиптің көкейінде қалған бұдан басқа да талай суреттер бар еді. Көк түгін басқан хутор, бықсыған діңгек, сорайып-сорайып қалған ағаштар, шала күйген арпаның масағын көзінің жасына шылап қаужап тұрған өзі сияқты көк қарын балалар... тағы да әжесі. Осы көкқарындарды өрттен тасимын деп қара табанынан басқа тұла бойы түгел қолдырап түскен бейшара кемпірді әке-шешесі қолдарынан ылжырап төгіліп қалатындай тарадайкеге зорға жеткізген. Онан соң ирек-ирек жол, жол бойы кеңсірікті удай ашытқан қапырық, иесіз қалған ауладан күлді-көмеш бір нәрсені түрткілеп алып, иесіз қалған огородтан шала күйген картопты түртіп жеген босқындар. Сосын тағы да әжесі...

— Марқұм, пеш үстіне қамап алып, бізді қыс бойы ертегімен семіртетін еді. Ақсу деген жерқұйық бар, орманы толған мал болады екен, таяқты теріс шанышсаң да тал болады екен, еркегі дана, қатыны әулие екен де, ол елге құдайдың құрығы болмаса патшаның әмірі жетпейді екен деп ұзын-сонар бір өлеңді тірісінде тауыса алмай кетіп еді. Ең обалы, өлгенде сол Ақсудың топырағына он екі мүшесі түгел сыймағаны...

— Онда мұқым Алтайдағы Ақсу атаулының бәрі Жерұйық десеңші.

— Юм біледі. Экзекуциядан қашқан шарқайлы мұжық сонау жер түбінен Бұқтырманың бойына Жерұйықты іздеп келген деседі. — Пұшпағына дейін сары жұрт боп қалған домалақ жердің бір құрышында Жерұйықтың жатқанын көңілінің түкпірінде сақтаушы еді. Санасы кейде қақсал, кейінде аңғырт, көбіне өңіне емес, түсіне сенетін бірбеткей шалдың көзбен көргенге иланбай, естігенге алдана салатын сәбилік жаратылысында әуейілік те бар.

— Кім біледі, мүмкін Жерұйық біздің Ақсу шығар. Тағдыр айдады ма, тапшылық айдады ма, әйтеуір, мекен іздеп босқан жұрт Ақсу деген атын естіген соң Жерұйық осы екен деп қоныс тепті ме. Не десең де түбі адаспапты.

— Сол Ақсу үшін бір кезде қырғын болған деседі ғой?

— Е, деген ауыз дейді де... Туған жердің топырағы кімге болсын қымбат та. Қараорманың кесіп бере қою оңай ма. Ал менің көне көздерден естігенім, босқындардың әр түтіні қоныс құнын беріпті де жер дауы сонымен бітіпті. Екі жұрт жау болып емес, ел болып, ағайын болып, бітіскен. Аяз бидің айтуынша, адамға ең қымбатты нәрсе — өмір, ең қасиетті пірі — туған жер екен. Адам қасиетті қараорман үшін ең қымбаттысы — өмірін тіккен. Орыстың шаруасы жер үшін өмірінің жалғасы-емшектегі баласын қиса, қазақтың анасы сол сәбиге ақ сүтін емізген. Біз қанмен емес, жанмен достасқан елміз. Бір кезде қасиетті Ақсу, қасиетті Сүндетсай еді, бүгінде Жындысай деп қағындырып жүрсіңдер ғой. Маған салса, сол адамның тілін кесіп, Жерұйық деп атар едім! Жерұйығың Ақсудай – ақ болар!.. Елің тыныш, заман сенікі, енді қой үстіне бозторғайды жұмыртқалата бер!

Қарағай басын қорғалап барып құлаған ай сүлдері оңып барады. Теңіздің қарақұрық жалы да жығылған. Қалың бытқылдың жыртық – жыртық сандауынан алақандай аралдың ары жақ, бері жағы көрініп қалыпты. Үйірін іздеп елік үрді де алдымен торғайды оятты. Қыстаудың есігі қыңсылады. Баспалдақ үстінде керіліп тұрған керіскедей келіншек:

— Яш, таң атып қалыпты ғой, — деді.

— Япыр-ай, тағы да бір күн өлді-ау! — деп Осип қарт есінеп салды.

11

Көптен бері дым тамбаған аспанға бұлт оралыпты. Оның өзі де жыртық киіздей, шақар күннің аптабына далда бола алмай түр. Ертеңгісін тақыл-тұқыл өткінші бүркіп еді, топырақтан қаңсық бу бықсып, шалғын басы от шалғандай бүрісе қалыпты. Көктің зауалы да, тайганың зауалы да осы. Қала да қаңсып түр. Ауада өртенген резеңкенің сасық иісі бар.

Бекетті таңғы сағат алтыдан күтіп еді. Кешіккен соң күдерін үзді. Затонды кезіп шықты. Не іздегенін өзі де білмейді. Шаштаразға кірген. Шашыңды қалай баптап берейін деп қайта-қайта сұрап, бәлсініп жүріп алған ту келіншекке қарап отырып жыны келді.

— Ұстараң бар ма? — деді.

— Бар.

— Ұстай білемісің? — деді.

— Нан тауып жүрміз ғой.

— Ендеше сыпыр! — деді.

Жұрт әйтеуір бүлдіруге құштар. "С удовольствием" деп жүріп тоқырайтып сыпырып берді. Сиырдың бүйрегіндей жықпыл-жықпыл, буылтық-буылтық қауын бастың маңдай құйқасы жылтыр қара, төбесі мен желкесі ақ қаптал боп шыға келді. Айнадағы жымырық құлақ албастыдан Қара Диюдың пошымын шырамытқан. Ақ кемпір: "туасы бесік көрмеп еді" — деп ақталатын. Кейіп-кеспір жағынан баласының өзінен ұзап кетпегенін сезетін Қара Дию бас жаққа барыспай: "оның қауышатын ұрамысың, соның іші толған көже ме деп қорқамын" — дейтұғын. Шаштараздан шыға бере бір нәрсе күрс ете қалған соң қайтып оралып еді, ту келіншек креслода талып жатыр екен. Едендегі шашты қалбырға жинап жүрген шұбар шолақ қатын сабайды деп қорықты ма, тілін жұтып қойғандай сілейді де қалды. Таңнан иықтаған бір қырсықтан шашпен құтылып еді. Құйқасын жел қағып, тұз кептегендей ашыған милығы жеңілдеп қалған сияқты. Жолай Мікіржанның көк ләпкесіне соғып бір саптыаяқ квас ішті. Өлгенше мақтаған. Сыра сатып күн көрсе де ғұмыры сыра татып көргем жоқ деп ант-су ішіп еді. Айтты-айтпады квасы күр аттың құнына бергісіз.

Пирс қаңырап қапты. Құм артқан баржының үстінде күнге қарнын қақтап біреу жатыр. Кеудесі кебежедей сирағы бір тұтам екен. Су сорған салындыдай иір-қобыз денесінен түбің жатақсың-ау деп ойлады. Теңкиген қызыл ала бұйдың қасында жалғыз қайық қалғып тұр. Жалғыз қармақ ұстаған бір шал құбылаға қарап қалғып отыр. Аққалпақ, ақ торлы көйлек, ақ танкетка киген сидаң бойжеткен саңырауқұлақтың астынан Жақыпқа сескене қарады да жағаны тіміскіп жүрген жалбыр шашты ақ бұйра пудельді шақырып алды. Киімі де, иті де бір фасон екен. Білек, балтырының күн тимеген шикілігі бұл қаланыкі емеспін деп түр. Бүл жалғанда өзінен басқа ешкім жоқтай танауын тәкаббар шүйіреді. Қиратқанда қонақ шығарсың! Қанша ширатылсаң да қас-кірпігіңнің қара сүрмесі отырып қалғаныңды айтып түр. Қарап тұрып бейкүнә адамға тиіскісі келді.

— Ловим?..

— Чего?..

— Ну, хотя бы жениха?..

Ақ бикеш осқырынды. Ақ пудель құм тарпып шәу-шәу етті. Қорғанының мықты екен! Осқырынуыңа қарағанда оңай құлайтының да көрініп түр. Кемістігінен қуыстанған адам қашанда нойыс келетінін бірінші рет мойындады. Бес қадақ кірем жұтып қойған сидаң бикештің бып-биязы бет-аузымен өзінің шойын қара денесін жарыстыра алмады. Қасақана қасында тұрып шешінді де киімін саңырауқұлаққа апарып ілді. Теріс бұрылғаны болмаса қыз да қыңқ еткен жоқ. Сирағының ұзындығын тізесінен байқады. Иегіне жетеді екен. Қымсынған боп етегін созып еді, ақ тор көйлек қараулық жасады. Балағы делдиген Жақыптың көлдей қара шолақ дамбалына көз қиығын тастады да қайыстай ернін жиырып қайта босатты. Бірақ, бет-аузының бір түгі бүлк еткен жоқ.

— Қалай, бұйға дейін барып қайтамыз ба?

— Мүшеңіз мыстан құйғандай екен, ұялып қалам ба деп отырмын.

— Қысылмай-ақ қойыңыз, қыз баласына күнге қақтану жараспайды.

— Солай ма?!.

Мойнына құлақ-шекесіне инедей қадалған шаш қылауын жуып тастады. Рақатын-ай! Шаштың да артық жүк екенін бүгін білді. Ақ бикеш ақ пуделді ақ жібек бантикпен санырауқұлаққа көгеңдеп, тырп етпе деп ескертіл жатты. Беліне арқан байлап, кайтып бұл судан шыққанша жағада төбедей боп тапжылмай отыратын әкесі есіне түсті. Сөйткен әкеге не жақсылық көрсетейік?..

Тереңдеген сайын су табаны суық тартты. Тегі Бұқтырманың ағысына жеткен болуы керек. Пирстен мегафон айғай салды:

— Гражданин в черных трусах! Немедленно возвращайтесь за черту! Вы нарушаете правило безопасности!..

Буй артта қалыпты. Қиын қылғанда қуалап келіп қайықпен сүйреп әкетерсің. Шалқасынан сұлап жата кетті. Рақат!.. Сағатына қарады. Сегіз де он бес. Құлағын бұрап, бес минут кері жылжытты. Тәулігіне бес минут асығатын ежелден әдеті. "Қалтқысыз әскери қызметі үшін! Тынық мұхит флоты". Тәулігіне бес минут асығатыны болмаса, бұл шіркін де қалтқысыз қызмет етіп келеді. Манағы бір шарбы бұлт шағыр аспанға сіңіп кетіпті. Аспан баяғы сол аспан. Бала кезіндегі аспан. Кеше ғана Осип қарттың осыдан сексен жыл бұрынғы Алтайдың әуесі жадымда дегеніне сенбеп еді. Бүгін өзі сол аспаннан балалығын іздеп жатыр. Тұнық судың бетіндегі мұнайдай іркілген комбинаттың қара қошқыл түтіні ғана бөтен. Бүл да жүре кілкіп шығатын көңілдің кірі сияқты. Кешегісі болмаса бүгінгі күніне жаттығы жоқ. Тек сол қоймалжыңды сыпырып алып тастайтын құдірет табылса ғой. Мегафон тағы айқайлады:

Дама в белом костюме! Немедленно возвращайтесь назад!..

Әйел заты қызық. Ерегестірсең жау түсіреді. Еркелетсең басыңа шығады. Елемей қойсаң мүсәпір. Ақ бикештің де кайтатын түрі жоқ. Шалқалап жүзіп таяп қалыпты. Жақып суға сүңгіп адастырып кепті. Су астынан ізін бағып біраз жүрген. Шынында аппақ сазандай екен. Сидиған тұрқы сырықтай ұп-ұзын... Сағатының циферблатына қарады. Екі минут... үш минут... төрт... Ақырын келіп белінен сипап еді шоршып түсті...

— Сіз мені қорқыттыңыз ғой...

— Айып етпеңіз, қорқытқаннан басқа қиянатың жоқ.

— Сізден емес, жағаға жалғыз қалай жетем деп қорықтым.

— Мұнда қалай жеттіңіз?

— Сізге арқаланып... Жалғыз өзім суға түсе алмайтын ауруым бар. Бала кезімде малту үйренесің деп абайсыз тұрғанда жолдастарым иірімге лақтырып жіберіп еді. Содан бері суға басымды тықсам зәре-құтым кетеді.

— Сіз саспаңыз, жүрек тоқтатып, бір қалыпты жайлап дем алыңыз.

— Ол қолдан келсе... Сасқалақтасам кейде сіңірім тартылып қалатыны да бар.

— Онда мен обал жасаған екем-ау...

— Мойындағаныңызға рақмет.

— Ендеше анау буйға қайталық. Аяғыңызға жақсылап массаж жасап беремін. Тек қорықпаңыз...

Қыз құлашты екен. Буйға бұрын жетті. Қасы-көзінің сүрмесі кеткен соң жасарып қалғандай көрінді. Аппақ жүзіне қонақтаған мөлдір моншақтар қауырсыннан домалаған сынаптай жылтылдап, езуіндегі болар-болмас күлкісі, тіксінбей тура қарайтын жанары қылымсудан көрі ашық-жарқын бүкпесіз мінезін аңғартқан. Кекселігі тек істіктеу келген қыр мұрнында ғана қалыпты. Екеуі буйды құшақтап ентік басты. Жақып жын қаққандай ыржалақтап күліп еді, қыз да қосылды. Күлкісі де бейғам екен.

— Мен сіздің келетініңізді біліп едім.

— Дәп менің бе?

— Әйтеуір сіз сияқты біреудің.

— Қызық екен... Онда қызыметімді ұмытпайын. Аяғыңызды әкеліңіз... әкеліңіз!..

Бұлшық еті тоқ, терісі қалың сияқты көрінді. Массажға көнігіп алғандай қыңқ етпей сүйсініп – ақ тұр.

— Спортпен әуестігіңіз жоқ па еді?

— Техникумда жүргенде... секіруден бірінші разрядым бар еді.

— Қазір ше?

— Қазір прилавкада жүгірем. Саудагермін.

— Бұл қалада сауда техникумы жоқ сияқты еді ғой.

— Керекуден келдім.

— Жалғыз ба?

— Қызбын деп мақтана алмаймын. Бірақ, есік көргенім жоқ.

— Жоқ-ә, мен... мен жігітшілік жасайын деп тұрған жоқпын...

— Талай естігенбіз... Бір кемпірдің үйінде пәтерде тұрамын. Күніне екі мезгіл, ертеңді кеш ақ пудельге қосақтап серуенге жібереді. Бір жұма қызмет істеп, бір жұма үйде отырамын. Атым Катя. Жасым жиырма бесте. Толық анкетам осы. Тағы не сұрайсыз?

— Ренжіп қалдыңыз ба?

— Жоқ-ә, несіне ренжимін.

Қылтасын уқалап тұрып қара санына қадала берген. Аяғын тартып алмаса да тіксініп, шамырқанып қалды.

— Что, слишком голенастая?!.

— Енді мен ренжимін!..

Екі ұдай сезім биледі. Қызды көріп қызығатын дәуреннің өтіп кеткені. Уыз жас болса бір жөн, өмірдің ой-қырын болжап қойған кексенің алдында кішірейіп, дәрменсіздігін мойындап тұр. Қызықтыратын құлын мүшесімен жасқаса-ау, тіпті есік көрмей жатып ескіріп қалғанын да жасырған жоқ. Жақыпты пұшайман қып бұқтырған да қыздың осы бір жалғаны жоқ пердесіз қылығы. Ақбикеш, ал, енді не тұрыс, неге үндемейсің дегендей. Деп тұрып-ақ өзін салқын ұстап, дүние жалған тірлікті сан сапырып салқындатып тастаған сары кідірдей уайымсыз, жайбарақат сынағаны батты. Ұятсыз емес, бетінен бетпақтығы да көрінбейді, жайдары деуге келмес. Үмітінен ерте айырылып қалған, қарабайыр тұрмыстың қарапайым ғана пендесі боларсың. Көкейдегі шоқты үрлеп, еліктірген де қыздың осы қарапайым сүйкенісі.

— Жүріңіз, мен сізді жағаға жеткізіп салайын, — деді.

— Жарайды...

Жайдары айтты. Бірақ жүзіндегі жып-жылы күлкісін жұғып қойып айтты. Асықпай, құлашты қатар тастап, тән сүйкеністіре жүзіп келе жатып:

— Сіз сыңар болуға таптырмайтын жан екенсіз! — деп әзілдегені бар. Жанары сонда да жылымады. Жанары толы мұң екен. Жақып сол жанарды жібіткісі келді. Тыныс алып су үстінде шалқалап жатқан ақ бикешке жанасалай келіп аш беліне қол артты да ұп-ұзын, аппақ мойынның алқымынан иіскеп, қаймақтай ерінді қаната сүйіп алды.

— Рақмет!..

Ақ бикеш сусаған ернін тіленіп тосқандай болды. Жақып сұп-суық ерінді қарызға тартқандай болды. Қастарынан тырылдақ қайық жосылтып өтті де қарлыққан дауыс:

— Нашли место! — деп жай тапқан көңілдеріне қақырып кетті.

Ақ пудель ақжібек бантикті шиыршықтап түйіп тастапты.

— Мен шешпеген ендігі шиыр осы еді! — деп ақ бикеш ренжіді.

Киім сығатын дала да жоқ екен. Құм үстінде теңкиіп жатқан күбі қарынның аш көзінен қорғаныш болсын деп Жақып өз көйлегін ұсынып еді, ақ бикеш тартынды.

— Рақмет, иіс алған соң ұмыта алмай жүрермін, — деді. — Үйім жақын ғой.

Бір көрген адамға Жақыптың үйірсектігі жоқ еді. Енді жалғана бастаған дәнекерді үзіп кете алмай айнал соқтап қалды. Ақ бикеш ақ тор көйлек, ақ қалпақ, ақ танкетка киіп, ақ пудельді жетекке алған соң сұп-суық ақ бикеш боп шыға келді. Жақып сонда да енді қоздай бастаған жылы сезімін суытқысы келмеді.

— Мен жер-көктің пропискасында жоқ жыл құсындай адаммын. Енді кайтып көріскенше кім бар, кім жоқ бір саптыаяқ сусынға шақырсам ренжімейсіз бе?..

— Сіз өзіңізді өзіңіз сөгіп тұрсыз-ау, — деп ақ бикеш оған мүсіркей қарады. — Қиналмаңыз. Жағаға жеткізіп салғаныңызға да рақмет!..

Өзеннің жағасы өмірдің жағасы емес қой. Ол әншейін бір сәттік көңілдің жағасы да. Әу баста жолың қисық басталған екен, тірліктің анау жағасына жеткізіп салатын сыңар табуың қиын-ау... Қатарынан үш дүркін естіген рақметі Жақыпқа артық көрілді. Бір көрсе де бөтен төбеге шыққандай желпінтіп, ой-сезімін бір аунатып тастаған ақ бикешке жаны ашықты.

12

Қара шаңыраққа СМУ-дың бригадасы орналасқан еді. Соның бір бұрышына екі чемоданмен Леся екеуі келіп қыстырылған. Күнге шығып қалған қызылкартопиядай көгеріп кеткен бұжыр танаулы прораб пен жиен қарындасы шайнасып жатыр екен.

— Өлгеніңе!.. Жарып тастайын-ай, жарып тастайын!.. — деп қолындағы адалбақанды бұжыр танауға тығып алатындай жер тепкілеп жетіп барады да прораб қайырылып бір арс етсе кейін қашады. Арашаға түскен Осип қартты да итеріп тастап мұрттай ұшырды. Ыңырсыта тиеген бір прицеп ағаш аз болғандай сыңар сілегеле жармасып өлетін түрі бар. Шаң-топырақтың ортасында қос чемоданға қатар мініп бүрісіп отырған Леся Жақыпты көріп орнынан тұрды да жылағандай боп:

— Мына пәлеге қой десеңші, — деп жалынды.

Шаң топыраққа үйелеп тұрған Осип қарт та үсті-басын қағынып, бұған үміттене қарады. Кеткен малдың сілекейіне таласқандай ең болмаса бір жаңқадан олжалап бара жатқан қатын-қалаш. Соның бәріне кісінеп жүрген қарындасы. Жақып адалбақанды тартып алып лақтырып жіберді де кейін сүйреді.

— Құрт көзіңді! Енді Төлешті көрден суырып әкетпесең басқа көң-қоқырды тауысқан сияқты едің ғой!..

— Не дейт?! Не дейт мынау?! — деп қарындасы шадырая қалды. — Өлмей-жітпей отырып қара шаңырақты жұртқа талатып!.. Төлештің аруағынан садаға кеткір!..

Тым болмаса өлген әкеңнің аруағын да өзіңе бұйыртпайтын мына сасық қоңыздың түрі жаман екен. Жақып қорқайын деді. Бұжыр танау прорабтың дәрмені де таусылса керек, милиция шақырыңдар деп бақырды.

— Сөйт, қаматып кет! — деп қарындас қайта бас салды. — Қара басы мен қара бет қатынынан басқа бағары жоқ саған бәрі пішту! Отыр ғой әне, шаты айрылғандай шатаяқтап! Бүкіл затонның еркегі жабылғанда тоқтамап еді, сен де жарытып қарқ қылған шығарсың? Бар, әуелі соныңа ие бол!..

Япыр-ай, осылар да туыс, осылар да Төлештің өрен-жараны ма еді? Расында аруағыңнан қасиет кеткен екен. Күресіндегі күйген шалаға таласып, көрде жатсаң да құлағыңды сарсытқан ұрпағыңның түрі мынау болса, әй қайдам, жұмақтан орын тимеген шығар. Бәрінен күдер үзген Жақып салы суға кетіп Лесяның қасына келіп отырған, әйелінің жылаған бет-аузын көріп бейшара боп қалды. Адалбақанды таянып Осип қарт та мықшындап жетті. Төлеш бүгін өлгендей ойбайын салып жиен қарындас ағаш артқан трактордың соңынан желе жөнелгенде дүние де тып-тыныш болды. Бір қатынның айғайының қасында арқыраған экскаваторың да, мынау цемент шайнаған былғауышыңның ырылы да адыра қалады екен-ау...

— Бұлардың кәрі-жасы шетінен қояншық па?!. — деп бұжыр танау бұрқылдап, қу жанының аман қалғанына қуанғандай кеңсесіне зытты. — Көрінген тезекті тепкілеп әне бір жынды кемпірі тағы жүр!..

Айттап шыққан адамдай басында ақ кимешек-шылауыш, көлдей көйлегін сүйретіп Бибісара кемпір котлован шетіндегі қурап қалған үш қайынды кезек сипап жүр екен.

— Қайтсын-ай, байғұс, — деп Осип қарт жан ашырлық білдірген болды. — Әскерге кетерде үш баласы үш қайың шаншып еді. Адам түгілі ағаш та қуарды. Сонда да ұмытпайды екен-ау ана шіркін. Барып ертіп келші, жаман да болса, кіндік шешең ғой, сен үш жасыңа дейін со кемпірдің емшегін сорғасың? — деп шал Жақыпты түртпектеп еді, қозғала қоймаған соң орнынан Леся тұрды.

Жақыптың іші жидіп отыр. Ақ бикештен бірер сағатқа несиеге алған көңіл жұбанышын жиен қарындасы тонап кеткендей. Ермен сасыған йен жұрттың иісі өлекседен бетер болар ма! Қи басып тұрғандай денесі түршігіп, айналасынан жеркенді. Жұрттан ниет қашты ма, әлде жұртты бұл тоздырды ма, әйтеуір, көзге тыным бермейтін күнде таныс көңілге де сүйелдей қадалатынын түсінді. Осыларды ығыр қылмай аулақ кетіп, көзді де жауыр қылмай тыныс берген жөн шығар. Кешегі ел бір-бірінен жұрағат іздесе — күн үшін, бүгінде ол да көнеріл бара жатқан көп әдеттің бірі екенін де ұққан сияқты.

— Ақаш!.. Мақаш!.. Тоқаш!.. Туу, алжытқан құдай-ай!.. Жақаш!... Бір жұғым су әкелші, кенезем кеуіп барады!...

— Сен-ақ сусай береді екенсің, арақ ішіп пе едің?!

— Атау-кереңді іш! Бәтшағар, Өсіппісін?.. Мал-жан аман ба?..

— Маған бір зауал қатыннан басқа мал бітіп пе еді?!

— Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Екі заманда да сенің тілің түзелмей-ақ кетті-ау!.. — Бибісара көлдей етегімен карьердің бір қап топырағын сыпырып әкелді де баспалдаққа бұрқ етіп отыра кетті. — Ақаш... Ма...

— Қақсамашы! Ақаш — Мақаштың пропескесінің қайда екенін білмейсің! Соноу қырық төртінші жылы екі метрден жилплошадың алып кеткен азаматтардың құлағын сасытып!...

— Немене, қояң теріс келіп отыр ма?! — деп қырсық шалдың қыжыртпасып түсінбеген кемпір Осипті көзімен іздеп дөйдалаға қарады. — Ары өтіп, бері өткенде дом татып жаман үйреніп қалған ауыз ғой. Қара шаңырақтың қара суын аяйсың ба?!.

Жақып кемпірдің көзден айрылайын дегенін қадалып қарағанынан байқады. Дауысы да көмейінің түкпірінен қысылып зорға шығады. Баяғыда, "Ақаш, Мақаш, Тоқаш!" — деп тақылдағанда бүкіл жатақты тік тұрғызатын еді. Отыз жыл қақсаған соң дауыстың да тозғаны ғой...

Жейтін ауыздың тайлы-тұяғы қалмай үш мезгіл қара шаңыраққа жиналғанда Бибісара жалғыз өзі үш мезгіл түтін түтетіп, сары самауырды жалғыз өзі ортаға қойып жеке отыратын еді. Өзінен басқа дастарқанға үш кесе қойып, үш кесеге дәм құйып, сыртқа шығатын да:

— Абыстай!.. Әй қатын! — деп ақ кемпірге айғайды кеп салатын. — Анау Ақаштан, Мақаш... Тоқаш... Әй, алжытқан құдай-ай, Жақаштан үш шақпақ қант беріп жіберші!..

Құдайдың құтты күні осы. Таңғы асқа енді отыра бергенде:

— Қарашелек! Ал қазір шешең айқайлады, — дейтұғын әкесі. Марқұм Қара Дию қара су татса да Бибісараның сыбағасын күн сайын үшеуден есептеуші еді. Айналып келгенде үш сыбаға да Қарашелекке бұйыратын. Қолына бір түскен соң қамап отырып үш сыбағаны түгендетпей Қарашелекті Бибісара жіберген емес. Қарашелек одан қор болған жоқ. Тек, үш мезгіл Ақашпен, Мақашпен, Тоқашпен шатастырғанына ренжитін еді. Әскерде шейіт болған үш ұлының аты өшпесін деп үш мезгіл жорта шақыратынын да кейін түсінді.

Бибісара отыз жыл өткен соң да Жақыпты жақауратып келіп қара шаңырақтан сол үш баласының сыбағасын талап етіп отыр. Осип шал жақтырмаса қырсықтығынан. Леся мөлтілдетіп бір саптыаяқ суды әкеп беріп, кеуіп барамын деген кемпірдің ернін ғана тигізіп төгіп тастағанына таң қалып түр. Қарасу сыбаға болсын ба, үш балаңның орнын толтыра алмаған Қарашелек, енді қара шаңырақтың міндетін атқара алар ма екен деп Жақып отыр.

Шаңқай түс. Қопа кендір мен ермен арасынан шырқ-шырқ ысқырған шегірткенің ызыңынан басқа дыбыс жоқ. Жабылып жем шоқыған қарақұстың үйіріндей тұқырандаған көтергіш кранның қалың орманы да сеспей қата қалыпты. Цементке тоймайтын ырылдақ былғауыштың қасында конбенизон киген күлді-көмеш төрт-бес қатын айранға қосып бір-бір бөлке нанды бұрап соғып жатыр. Томпиған ұрттары цемент шайнайтын мешкей былғауыштың бүйіріне ұқсайды екен. Еркек атаулы үй жақта. Қарашаңыраққа өгіз ара толып кеткендей гүж-гүж етеді. Бір қолына қолақпандай қияр ұстап бұжыр танау прораб шықты. Итің қызыңқырап алған ба, жалаңаш қарынын қасып тұрып есік көзінде дым сызбай отырған төртеуіне қан талаған ісік көзін төңкере қарады.

— Құдай тағала кемітейін десе жомарт-ау, — деді Осип қарт. — Сұрамаған мұрынды, сұрамаған ауызды беріп бас жақтан басыр қып қоятыны несі екен?!".

Шал да қызық. Сұрамаған адамды да бере салатын құдайға ауыз-мұрынды артық қылдың деп те өкпелейді екен-ау. Ол жарықтықтың жарытпағаны да аз ба еді. Бергенінің өзін де жетістіріп қойғандай!.. Жақып жаратқанға да, жақынға да бар өкпесін қазір жиып тастаған. Бүтінде беріп құтылмасаң, сұрап мүйізің шықпайтын шығар.

Борпылдақ көшенің май топырағын бауырымен сүзіп домалақ "УАЗик сұғына келіп тоқтады. Ұрғашыдан нөкер ертпесе жолы болмайтындай Бекет кендір дорба асынған кенеп шалбарлы сырықтай сылаң қызды ерте түсті.

— Лаборант, — деп таныстырды. — Біздің лесхозға қызметке бара жатыр.

Қыздың онан арғы егжей-тегжейін кейінге қалдырып, қос чемоданды машинаға апарып тыққан Жақып артқы көншікте тулап жатқан қапты көріп атып шықты.

— Мынауың не ей тағы?!

— Күшіктер ғой.

— Күшігі несі?!

— Кәдімгі лайканың тұқымдары.

— Ы-ы, адамын Зерендінің өзіне қалдырып, иттерін елге ала кетейін дедің бе?!.

— Бір адамға бір ит қоспасақ бола ма. Мешел, Бескемпір, өзің бар, әр қайсыңа бір-бірден телимін. Ырылдассаңдар да ұялассыңдар ғой, жаттығы бола қоймас.

Жақыпты шығарып салуға шал мен кемпірден басқа жамағат жиналған жоқ. Машинаға жетектеп мінгізбесе Лесяның өзі де екі ойлы еді. Жетімсіретіп жұртқа тастап кетуге Жақып қимады. Жетімсіретіп жалғыз жіберуге Леся қимады.

Осип қарт бұжыр танау прорабтан екі стақанды прокатқа ала шыққан екен, қойынындағы экстрасын бес ауызға тең бөліп, бұжыр танаудың сыбағасын және артылтты да:

— Әй, Бибісара, кенезем кеуіп отыр деп едің ғой, кел, шөліңді бас! — деп кемпірді де еркіне қоймай орнынан тұрғызды.

Жақып уызбен ауызданған қара шаңырағынан ащы дәммен аттанатын болды.

— Біздің әлгі зауалдан битөпке алсам, арттарыңнан мен де қуып жетермін, — деді Осип қарт. Қимағандықтан айта салғаны ма кім білсін.

Жақып ауланың қақ ортасында тұнып алып ысқырып жіберді; шатыр ішінен пар-пар ұшқан кептерлердің қанат тарсылы ауаны жаңғыртты көтергіш кранның қалың орманы сыңысқан жатақтар жұртын екі-үш айналды да көз талдырып әуелей берді; кайтып оралмайтындай қараорманының құсына шейін үркіткен Жақып көңілінің құсымен қоштасқандай аспанға ұзақ сүзілді қырықтан асқанша алданыш боп келген жастық дәуреннің соңғы сарқытымен біржола қош айтысып еді...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз