Өлең, жыр, ақындар

Инвестициялық монеталар жайлы не білеміз?

Инвестициялық монеталар қоспасыз алтын және күміс сынды асыл металдардан жасалатындықтан өте бағалы. Бұл металдарға деген сұраныс тұрақты болған сайын олардан жасалған монеталар да қымбаттай түседі. Кейбір сарапшылардың айтуынша, күміс монеталар алтыннан жасалғандарынан да жоғары пайда әкеледі. Себебі, бағалары үнемі құбылып тұратын әлемдік нарықта оның құны тезірек өседі. Оған қоса, күміс алтын сияқты аса қымбат емес және көпшілікке қолжетімді. Оны сатып алуға табысы орташа адамдардың мүмкіндігі бар. Сол себепті күмістен пайда тауып отырғандар жетіп артылады.

Ұлттық Банктің Өскеменде орналасқан монета сарайы 3 түрлі монеталарды шығарады. Алғашқысы – айналымдық, яғни біз күнделікті тұрмыста пайдаланатын темір ақша. Ал номиналынан бөлек басқа да құндылығы ерекше инвестициялық және коллекциялық монеталарды Ұлттық Банктың бөлімшелерінен сатып алған дұрыс. Өйткені, басқа жерде олар қымбаттырақ тұрады. Сатып алу үшін Ұлттық Банктың (www.nationalbank.kz) сайты арқылы тапсырыс беріп, монетаны пошта арқылы алуға мүмкіндік бар. Осы ретте ескеретін бір жайт – қазақстандық инвестициялық монеталарды ресми саудалағанда қосымша құн салығы қосылады.

Монеталардың бағасы Ұлттық Банктың ғаламтор ресурсында жарияланып отырады. Оны көру үшін «Ұлттық валюта» деген бөлімге кірсеңіз болды. 

Монеталар ұзақ мерзімдік салық болып есептеледі. Бірақ, оның пайдасы өте зор. Мәселен, 1996 жылы шығарылған біздің алғашқы инвестициялық монеталар 20 жылдың ішінде алтынның бағасымен бірге 10 есе қымбаттады. Асыл металдардың бірнеше рет биржада төмендеп кеткеніне қарамастан қазіргі таңда ол осындай өсім көрсетіп отыр. 

Соңғы уақытта тұрғындар тарапынан инвестициялық монеталарға деген қызығушылықтың артқанын байқай аламыз. Ең бастысы – Ұлттық Банк сіздің инвестициялық монетаңызды кез келген уақытта ашық түрде сатып алатынын есте сақтау қажет, яғни оның құны биржадағы асыл металдың бағасы бойынша есептеледі. Ал коллекциялық монеталарға келсек, онда жағдай басқа. Инвестициялық монеталар аса безендірусіз, қарапайым түрде құйылатындықтан олардың бағасы төменірек. Коллекциялық монетаның құрамында сондай көлемде асыл метал болғанымен, оның дизайны күрделі, жұмысы жоғары деңгейде орындалған. Сондықтан да біз оның әсемдігі үшін ақша төлейміз.

Қайтадан сатып алудың тәсіліне тоқталсақ, бұл процесс өте жеңіл өтеді. Ол үшін инвестициялық монетаны Ұлттық Банкке әкеліп өткізесіз, сосын ол бойынша тиісті құжат рәсімделуін күтесіз. Содан кейін монета сараптамаға жіберіліп, түпнұсқа екендігі расталса, 10 күн ішінде нарықтағы баға бойынша сізге ақша төленеді. 

Инвестициялық монета жақсы сыйлық та бола алады. Оның мәні де бар. Егер инвестициялық монета болса, ол ақша салу құралы, ал коллекциялық болса, өте әдемі сый ретінде қабылданады. Себебі, бұндай монеталар өзінің әсемдігі мен сапасы үшін бүкіл әлемге әйгілі.

Аружан Серік


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз