Өлең, жыр, ақындар

«Түркістан уалаятының газетінде» жарияланған «Әр түрлі хабарлар»

Қазақ басылымының қарлығашы «Түркістан уалаятының газетінде» жарияланған материалдардың көп бөлігі білім, ғылым жолына арналды десек артық айтқандық емес. Оған дәлел ретінде, қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалихановтың еңбектері туралы қазақ тіліндегі алғашқы мақаланың осы газеттің 1870 жылғы үшінші санында және 1872 жылғы бірінші санында басылғанын келтіруге болады. 

Біліммен қатар газеттің жыл сайынғы басылған сандарында «Әр түрлі хабарлар» деген атпен сан алуан тақырыпта сөз қозғаған мақалалар жарияланып тұрды. Соның алғашқысы газеттің 1870 жылғы санында басылған болатын. Мақалада 2-ші май айында Түркістан уалаятына хабар алып тұратын телеграфты орнатпаққа рұқсат шыққандығын және Генерал- губернатордың бұйрығымен телеграф сымының Сібір жақтан келетінін айтқан болса, 1873 жылғы жарияланған мақалада Петербургтің бір газетінде жазылған мақаланы баяндайды. Бұл жолғы әр түрлі хабарда көпестің қызына асық болған жас жігіттің, сүйгеніне қолы жетпей, өзін-өзі өлтірмек болғаны сөз болады. Алайда, жігіттің мылтықты бытырамен оқтағаны себеп болып, жарақаттанып, өлмей қалғанымен қорытындыланады. 

Негізінен бұл «Әр түрлі хабарларда» сөз болатын тақырыптар өзге мемлекеттер туралы. Сонымен қатар, мұндағы ақпарлар шет ел басылымдарынан алынады десек те болады. Мәселен, 1874 жылғы 23 санындағы хабарда автор өз мақаласын «орыс газетінде жазыпты» деп бастап, теке түркімендердің иауміт түрмендердің Дашлан ауылын жауыздықпен шауып кеткенін айтады. 

Газет осы «Әр түрлі хабар» айдары арқылы көрші елдердегі ахуалдармен оқырмандарын таныстырып отырған болса керек. Жаһандағы түрлі жайттарды, білім- ғылымды,, патша үкіметінің қабылдаған бұйрығын жариялай отырып, «Түркістан уалаятының газеті» халықтың арасындағы ағартушылық пен өркениетті кеңінен насихаттай алды. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз