Өлең, жыр, ақындар

Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы

Әл-Фараби атын. ҚазҰУ

Тарих факультетінің 2-курс магистранты

Сейткен Әйгерім Бейбітқызы

«Тәуелсіздік бәрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мәңгі ұранымыз болуға тиіс» - деп Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбaт» атты мақаласында тәуелсіздіктің маңыздылығын, сонымен қатар XX ғасырда Алаш зиялылары мақсат еткен тәуелсіз мемлекет моделін барлығымызға айқындап, ұлттық сананы жаңғыртудың тағы бір кезегі келгенін анық көрсетіп берді. Осының негізінде ХХ ғасырдың басында мемлекеттілігімізді айқындайтын ұлт зиялыларымыздың қызметін қайта қарап, тәуелсіз негізде этникалық идеяларын қайта жаңғырту – жастар, біздің басты міндетіміз.

Аталмыш жолда аянбай еңбек еткен ұлт зиялыларымыздың бірегейі - Ахмет Байтұрсынұлының қызметін ерекше атау маңызды мәселе. Ағартушы, ұлт ұстазы, қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының жетекшісі, Алтын Орда өкіметінің мүшесі, қазақ халқын модернизмге жетелеуші – Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл.

Қоғамды алға жетелеуші белгілі топ, немесе жекелеген қайраткер деп қарастырар болсақ, ХХ ғ. басында саяси және әлеуметтік жағдайда қазақ халқының хал-ахуалы шиеленісті, қиын жағдайда тұрған шақта ағартушы бар күш-жігерін ұлтының басқа халықтармен терезесінің тең болып, білім алып, модернизмге аяқ басуына жұмсады. 

Бүгінде әлемдік деңгейде саяси жағдай шиеленісіп тұрған шақта, ұлт зиялыларымыздың елдің ұйытқысы бола білген ерең еңбегін үлгі ету – жастар біздің міндетіміз.

Ахмет Байтұрсынұлы, алдымен, қазақ балаларының ана тілінде сауатын ашып, әрі қарай қазақ тілінде оқуын жалғастыруға көп күш-қуатын жұмсаған қайраткер екендігін білеміз. Осы мақсатты орындау үстінде, ол қазақ тілінде оның дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын баяндап, талдап-танытқан зерттеуші, сонымен қоса, осы зерттеу негізінде «Әліппе» мен тұңғыш ана тілі оқулықтарын жазған автор.

Ағартушы оқу-ағарту ісін жолға қою үшін қазақ жазуына лайық графика түзу, жазу тәртібі – емлені жасау, қазақша сауат ашатын «Әліппе» жазу, ана тілін танытатын мектеп оқулықтарын жазу, бала оқытудың әдістерін көрсету сынды бірқатар игі істерді атқарған.

Қазіргі таңда, елімізде білім беру мен ғылым саласында қарастырылып, қабылданып жатқан реформалар Ахмет Байтұрсынұлының бастаған жолын жалғастырып, ұрпақаралық сабақтастық орын алар болса нәтижелі болары сөзсіз. Себебі, реформа, жаңаруға бағытталған өзгеріс төменнен жоғарыға қарай жүйелі жүргізілген жағдайда нәтижелі боларын білеміз. Осы бағытта ағартушы оқу-ағарту саласын реформалауда  бастауыш мектептен бастап қолға алып, бірте-бірте ана тілімізде оқулықтардың көптеп жазылуын және ғылыми терминдер қарастырылатын қазақ тіліндегі сөздік құралдарын жазылуын іске асыруға бастамашы болған. Бұл бағыттағы атқарылған жұмыстар, бүгінде, еліміздің білім беру мен ғылымды дамыту шараларына бағытталған реформалардан көрініс тауып, жаңа Қазақстанды қалыптастыруда үлкен маңызға ие екендігін аңғарамыз.

Бұл реформалар, сонымен қатар, мектепте Тарихты оқытатын барлығына бірдей оқулық мәселесі мен ЖОО-да ғылыми жұмысты жүйелі жүргізуге бағытталады. Ал оқулық мәселесі Алаш зиялыларының, әсіресе, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қызметін үлгі етіп, Қазақстанның ғылым саласында дамудың жаңа деңгейіне өту мүмкіндігі.

Ахмет Байтұрсынұлының негізгі еңбегінің бірегейі – әліпбиді жазуы болғандығын білеміз. Ғалымның әліпбиі қазақ тілінің табиғатына бейімделген араб жазуы негізінде жасалды. Ол Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде (Орынбор, 1924), құрылтайында (Баку, 1926) араб жазуындағы әліпбидің қажеттілігін, құндылығын жан-жақты тұжырыммен дәлелдеген ғылыми баяндама жасады. Бұл әліпби ұлттық жазудың қалыптасуындағы ірі мәдени жетістік болып табылады. Ол халыққа ғылым-білімнің қажеттілігін түсіндірумен ғана шектелмей, білім беру ісін жолға қоюға күш салды.

Бүгінде Жаңа Қазақстанды қалыптастыруда ғылымды дамыту мәселесі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бастау алып жатыр. Тарих факультетінің профессор-оқытушылар құрамы дәріс барысында ұлт зиялыларының еңбектеріне тоқталып, атаулы даталарға, мерейтойы атап өтілетін тұлғалардың өмір жолы, қызметі, егеменді елді қалыптастыру мақсатында артынан қалдырып кеткен мұрасын жаңғырту негізінде конференциялар, дөңгелек үстелдер ұйымдастыруды әдетке айналдырған. Ұрпақ тәрбиесіндегі ұлы жол - тарих бетерін парақтап, Ахмет Байтұрсынұлы сынды тұлғалардан үлгі алу - мемлекеттілігімізді нығайтудың өткір нышаны екені сөзсіз.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз