Қазіргі таңда өскелең ұрпақты өз халқының тарихы мен тегін, салт-дәстүрін, тілін, білімін, адами қасиетті тереңнен түсіне алатын шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу - заман талабы мен қоғам қажеттілігі болып отыр.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылыммен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім үшін қажетті жағдайлар жасау; жеке адамның шығармашылық, рухани және күш-қуат мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, даралықты дамыту үшін жағдай жасау арқылы ой-өрісін байыту». .
Ұлттық мәдени құндылықтарды қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, белгілі бір ұлтқа тән адами қадір-қасиет, халықтың сан ғасырлар бойы жинақталған ұлттық рухани және материалдық құндылықтары.
Адамдардың бойында қалыптасқан имандылық қадір-қасиеттер рухани құндылықтарға, ал адамдардың қолымен жасалған тұтыну заттары мен кәсібі материалды құндылықтарға жатады.
Ұлттық құндылықтардың әрбір халықтың өмірінде алатын орны өзгеше екені белгілі. Сондықтан да әрбір жаңа ұрпақ үшін мәнді тәрбие – ұлттық тұрғыдағы тәрбие үлгісі болып табылады. Өйткені, мұнда тәрбиенің негізін ғасырлар бойы қалыптасып келген асыл рухани құндылықтар және биік ізеттілік пен моралдық тұрғысындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жататын, адамның адамдық қасиетін нығайтып әрі асылдандыра түсетін, халықтың даналық өмір–салтынан туындап отыратын бұлжымас ережелер мен қағидалар құрайды.
Өзімізді өзіміз бағалай білуге бет бұру–ұлттық байлығымызды игеру, ұлттық санамызды дамыту. Ұлттық құндылықтарды іріктеп, оқыту процесіне енгізу арқылы ұлттың тұнып тұрған асыл мұралық рухани байлығынан болашақта ел билейтін ұрпақтарды сусындaтып, отбaсында да, білім саласында да ұлтжандылылық пен отаншылдыққа баулыcақ, елі мен жерін көзінің қарaшығындай қорғaйтын өз халқына жанашыр, патриот тұлғаларды тәрбиелеп шығару әбден мүмкін..
Өз ұлтын қадірлеп-қастерлеген, ұлт қадірін білген азаматтың бірі Ж.Аймауытов: «Мен халыққа кіндігіммен байланып қалғанмын. Оны үзе алмаймын. Үзу қолымнан келмейді» - десе, Сырым Датұлы: «Мен ағайынды екеумін: бірі - өзім, екіншісі-халқым» - дейді.
Ұлтымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Мұстафа Шоқай болса: «Ұлттық құндылықтардан жұрдай рухта тәрбиеленген ұрпақтан халқымыздың қажеті мен мүддесін жоқтайтын пайдалы азамат шықпайды»-деген еді. Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның негізгі өзегі, ұлт болып қалыптасудың басты бағыттарының бірі.. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, өзіндік психологиялық ерекшелігі.
Қазақ халқының осындай дәріптеуге, қастерлеуге, дамытуға тұрарлық ұлттық рухани және материалдық құндылықтары туралы ұлағатты, құнды ойларын халық игілігінежұмсап, келешек ұрпақтқа, ел-жұртқа ие болар азаматтарды тәрбиелеуге қолдану керек.
Тұлғаны қалыптастырудағы басты құндылықтардың бірі – өз елі, тарихы, халқы үшін мақтаныш сезімі. Өз халқының тарихын, салтын, әдет-ғұрпын білетін, өз Отанын құрметтейтін, еліне жаны ашитын, ол үшін жауапкершілікті сезінетін тұлғаның патриоттық тәрбиесі ұлттық тәрбиенің өзегі болып табылады.
Қазіргі кезеңде мектеп табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, тәрбие сағаттaрында қазaқ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуынa қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы жас ұрпақтың адaми құндылық қасиеттерін қалыптастырудың бірден бір жолы. Сондай-ақ ұлттық салт-сананың өмірдегі қолданылмалы көріністері: рәсімдер, рәміздер, ырымдар, тыйымдар, жөн-жоралғылар, діни уағыздaр, сенімдер, кісілік рәсімдері, перзенттік парыз, адaмгершілік борыш, ұрпақтық міндет арқылы іске асырылып, ұлттық қасиеттерге айналады.
Қазақ халқы қонақжайлылық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділігі, өнерпаздық, шешендік, aқынжандылық т.б. қасиеттері арқылы ерекшеленеді.
Білім алушылардың бойында осы қасиеттерді қалыптастырып, құндылықтарын қалыптастыруда бірден-бір әсер ететін - білім саласында жүргізілетін тәрбиелік іс-шаралар. Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өнер-білімді игеруі – тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға байланысты. Осыны жақсы түсінген халқымыз “Ұстазы жақсының - ұстамы жақсы”, “Тәрбие басы – тал бесік” деп ұлағатты ұстаздың еңбегін текке кетпейтіндей өсиет еткен. Тәрбиенің түп қазығы үлгі берер ұстазда, “Ұстазға қарап шәкірт өсер” деп халқымыз ұстазға үлкен жүк артқан. Ұстаз үшін өз еңбегінің жемісін көруден артық бақыт жоқ.
Жас ұрпақтың әсемдікке, сұлулыққа деген көзқарасын қалыптастыруда Абай өлеңдерінің де маңызы ерекше. «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба» т.б. өлеңдері жас ұрпақты ғылым-білім үйренуге шақырып, адам бойындағы жақсы, жаман қасиеттердің ара-жігін ажыратуға бірден бір септігін тигізетін құрал.
Бүгінгі таңда жастар арасында белең алған келеңсіз жағдайлардан арылу үшін ұлттық тәрбиеге баулитын салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыздың өте-мөте маңызды екендігін жүрегі қазақ деп соғатын Қазақстанның әрбір азаматының ұғынғаны абзал.
Ұлттық құндылықтарымызды әлемдік деңгейге шығаруға қабілетті тұлға тәрбиелеу үшін:
- жас ұрпақтың ұлттық сана-сезімін қалыптастыру;
- жас ұрпақ санасына, туған халқына деген құрмет, сүйіспеншілік, мақтаныш сезімдерін ұялату, ұлттық рухын дамыту;
- ана тілі мен дінін, оның тарихын, мәдениетін, өнерін, салт-дәстүрін, рухани-мәдени мұраларды қастерлеу;
- жас ұрпақ бойында жанашырлық, сенімділік, намысшылдық тәрізді ұлттық мінездерін қалыптастыру сияқты міндеттерді орындағанда ғана басты мақсатқа жетеміз.
Ұлттық тәрбие қазір елімізде орын алып отырған көптеген мәселелерді: ана тілін, ата тарихын, ұлттық салт-дәстүрін білмейтін жастар, тастанды жетім балалар, «қиын» балалар, қарттар үйлеріндегі әжелер мен аталар, нашақорлыққа салынған жастар, тағы басқаларды бірте-бірте жоюдың және олардың алдын алып, болдырмаудың бірден-бір жолы. Ұлттық тәрбиені бойына сіңірген ұрпақ ұлтжанды, еңбекқор, сыпайы, кішіпейіл болып өседі. Сондықтан да ұлттық тәрбие – ел болашағы.
«Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп, Әбу Насыр әл-Фараби өз қағидасында тұжырымдағандай, оқу мен тәрбие егіз. Оқу мен тәрбие ықпалдастығы сондай бірін-бірі толықтырып отырады.
Халқымыздың маңдайына біткен ұлттық құндылықтарымызды, сонау өткен ғасырлардан өшпес мұра болып қалыптасып келе жатқан дархан халқымыздың таратқан үлгі насихаты асыл мұраларымызды дәріптеп, білімге ден қойып көп ізденіс жасамайынша оқыту мен тәрбиені бірге ұштастырып, ықпалдастыру мүмкін емес. Оқыту мен тәрбиені ықпалдастырып, қажымай еткен еңбек арқасында әлемдік деңгейдегі дарынды да тәрбиелі тұлға шығатынына сеніміміз де мол.
Қорыта келгенде, ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бойында ұлттық және азаматтық намысы бар ұрпақ өсіргіміз келсе, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиелеуге бағыттауымыз қажет.
Сегізбаева Қ.К. Омарова Р.Ж.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі