Шағын қалада анасы мен баласы тұратын еді. Көптеген аналар секілді ол да баласына жақсы тәрбие беріп, оның болашаққа дайын, бәсекеге қабілетті болуы үшін барын салып-бақты. Дегенмен баласының жасы өсе келе оған сөзін өткізу қиындай түсті. Арасындағы талас-тартыс та көбеюде. Анасы баласына «шулама, киімдеріңді жина, сабағыңды оқы» деп қанша айтса да, баласы тыңдамайтын болды.
Бір күні баласын мектепке апарып келе жатқанда, жолдың бойында дауылпаз ойнап аюды билетіп отырған бір адамды көреді. Іштей «мен балама сөзімді өткізе алмай жүргенде, мына кісі аюды бағындырып алыпты» деген ой келеді. Сосын анасы әлгі кісіге жақындап амандасты да:
— Маған мына өнеріңіздің құпиясын ашыңызшы, — дейді.
— Оны қайтпексіз?
— Сіз аюдың өзіне «өнер» үйретіпсіз, ал мен бір балама сөзімді өткізе алмай әбден шаршадым, — дейді.
— Мен сізге бір оңай жолын айтайын. Сіз одан да балаңызды маған бір апта сабақтан кейін жіберіп тұрыңыз, мен тәрбиелеп берейін, — дейді.
Анасы қуанып сөзін мақұлдап баласын аю тәрбиешісіне жіберіп тұрады. Үш-төрт күн өткенде баласының өзгергенін байқай бастайды. Бір аптадан соң баласы түбейгейлі өзгеріп басқа адам болып шыға келеді. Анасының айтқандарын екі етпей орындап жүреді. Мектептегі мұғалімі де таң қалады. Алайда арада он күн өткенде мұғалімі анасын мектепке шақыртады. Мұғалімі:
—Балаңызға не болғанын түсінбедім, түсініксіз әрекеттер жасайтынды шығарды.
— Не істеп жүр сонда?
— Бұрын сабағын оқымаса да өзімен өзі тыныш отыратын. Ал қазір балалардың мазасын алатын болды. Басқалардың заттарын рұқсатсыз алады, — дейді.
Анасының төбесінен жай түскендей болды. Мектептен шыға сала аю тәрбиешісін іздей жөнелді, бірақ таппады. Басқалардан сұрастырып еді, күні кеше дүние салғанын естіді. Не істерін білмей үйіне келе жатқанда көршісі байқап қалып:
—Көршім-ау саған не болған, салың суға кетіп, басың салбырап кетіпті ғой?
—Иә, балам өнерін қайта бастады. Тіпті бұрынғыдан да түсініксіз әрекеттер шығаратын болыпты. Мұғалімінен тағы да шағым түсті.
—Алаңдама менің бір танысым көшіп келді. Балаңды соған апарайық. Өз ісінің шебері. Сол кісімен сөйлесіп көр.
Анасы уақыт жоғалтпай дереу баласын көршісінің танысына алып барды. Ол баласын қарап, зерттеп отырып: «Балаңызда бір ерекшелік бар, нақты түсіне алмай отырмын. Тағы екі-үш күн келіңіз», — дейді.
Толық зерттеп болған соң әлгі кісі:
—Ханым, балаңызға не істегенсіз? Балаңызға жан-жануарларға тән қылықтар байқаладығой.
—Мен ештеңе істемедім. Тек тәрбиелеп берсін деп аю тәрбиешісіне апарған едім. Басында бәрі жақсы болған, кейін бір түрлі қылықтар шығара бастады.
—Бәсе, балаңыз сезіне алу қабілетін жоғалтқан. Яғни, сезімдері жараланған.
— Қалай сонда? Анағырақ түсіндіріп беріңізші.
—Аю тәрбиешісіне апардым дедіңіз бе? Адамды аң «тәрбиелейтін» әдіспен тәрбиелеген жарамайды. Аңға қолданылатын тәрбие түрі адамға жүрмейді. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, аюды жазамен, таяқпен тәрбиелейді. Балаңызды маған жүйелі түрде әкеп отырыңыз, жақын кұндері қайта қалпына келтіріп емдеп шығарамыз. Ендігі есіңізде болсын, аңды тәрбиелегендей (жазамен, ұрумен) адамды тәрбиелей алмайсың. Сізге аюды қалай тәрбиелейтінін айтып берейін.
Негізінде тәрбиелейтін аюды тордың ішіне кіргізеді. Тордың едені темірден жасалған. Аю торға кірген соң еденнің астына от жағады, еден қыза бастайды. Сол кезде қолына дауылпазын алып аю тәрбиешісі келеді. От жанып қыза бастаған кезде әлгі кісі дауылпазды үрлей бастайды. Табандары қыза басатаған аю бір орында тұра алмай табандарын жерден кезек-кезек көтеріп тыпырши бастайды. Дауылпазды жылдам үрлей бастағанда оттың қызуы да өрши түсіп, аю жан ұшыра «билей» жөнеледі. Оттың қызуы бәсеңдегенде аю тәрбиешісі де дауылпазды жәй үрлейді. Осы жағдай бірнеше күн бойы сан рет қайталанады.
Аюдың санасына әбден сіңген бұл әдет, дауылпаздың үні естіле бастағанда-ақ табандарым күйеді деп ойлап «билей» бастайды.
Міне, біз тамсана тамашалайтын аюдың биінің құпиясы осы. Біз әуенге билеп жатыр деп ойлайтын аю, негізі, рухани жараланған, психологиясы бұзылған аю. Ол әуенді естігенде ләззаттанып билеп жатқан жоқ, керісінше, «аяғым күйеді» деп тыпыршуда.
Өздеріңіз де байқағандарыңыздай, жаза — тәрбие түрі емес. Жазаның көмегімен баланы «тәрбиелеуге» тырыссаңыз, баланың сезімдері жараланып, іс-әрекеттерінде ауытқулар пайда болады.
Е.Ертайұлы “Баланы жазасыз тәрбиеле” кітабынан
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі