Халқымыздың қамын ойлап, Қазақстан үшін аянбай тер төккен, еліміздің басын талай қиындықтан арашалап аман алып қалған Дінмұхамед Қонаев атамыз өмірінің соңғы жылдары әділетсіздіктерді аз көрген жоқ. Ой елегінен өткізіп қарар болсақ, күшікті асырап ит қыласың. Одан соң ол иесіне қарай шауып, балтырыңды қанатады деген ұлы Абайдың сөзі рас екен-ау. Қонаев үшін әділетсіздіктің ең сорақысы - халық ризалығы үшін жан демей қызмет көрсетіп, содан соң өзі тәрбиелеген кейбір шәкірттерінің одан теріс айналып, табан асты көрсеткен опасыздығы шығар, сірә. Оны айтпасақ та белгілі. Тіпті баспасөз беттерінде жөн-жосықсыз айып тағып, күйе жағып, әр басқан қадамдарын санап, ізіне түскендер де аз емес. Ол аз десең, соның салдарынан Қонаевты Мәскеу тарапы да елеусіз қалдырмастан, тергеуге ала бастады.
Бірақ та КСРО бас прокуратурасының істер жөніндегі бөлім тергеушісі Калиниченко әр басқан адымынан қателік іздеп, артын ашпақ болғанымен, оны қаралайтын ешқандай дәлел таппады. Тіпті, Димекең ол туралы өзінің төл туындысы "О моем времени" кітабында да айтып өтіпті.
Одан соң басына енді тыныштық орнады ма деп, зейнеткерлік демалысқа шығар уағында, басындағы жалғыз "Волга" автокөлігін де билік басындағы шүкіршілігі жоқтар сұраусыз, өздеріне тартып алған. Бұдан асқан сорақылық жоқ шығар, бәлкім. Көлік керек болған соң Димекең туғанындай болып кеткен қазақтың біртуар азаматы Заманбек Нұрқаділовке қоңырау шалған. Жағдайын түсіндіріп, көлігін тартып алғанын айтып, мүмкін болса өзіне көлігін қайтарып алуға, не болмаса ақысына басқа "волга" сатып алуға көмектесуін өтінген. Інісінде "жигули" бар екенін, бірақ оның іші өзіне тар, көлікті жүргізгенде қолайсыздық туғызатынын айтып жеткізеді. Әрине, ұзын бойлы, ірі денелі әрі сымбатты, аты дүркіреп тұрған Қонаев "жигули" мінгеніне намыстанған емес. Жай ғана інісінің көлігіне масыл болғысы келмегендіктен, бір жағынан ол көлік ыңғайсыз болғандықтан да, дау-дамай шығармай сол уақытқа дейін үнсіз барына разы болған, қандай көрегенді кісі деп те кейде таңырқайсың. Димекең көлікті өз тарапынан сатып ала алмады. Себебі, биліктегілер жүріс-тұрысының барлығына тыйым салған. Заманбек жоғарғы тараптағы ашкөздердің Димекеңе көрсеткен қорлығына қатты ызасы келгеннен, жұмыс орнын бір сілкіндірген. Қонаевтың сөзін жерге тастамай, дер кезінде қол астындағыларға Димекеңнің үйінде 1 сағатта жаңа "волга" автокөлігі тұруын талап етеді. Осындай жағдайлардың күнделікті көрінісі мен көлеңкесі титығына әбден тиіп, жанына батты ма кім білсін? Немесе өмірінің межесі, соңғы аялдамасы осы жерден тоқтады ма, белгісіз Димаш атамыз 1993 жылдың тамыз айында 81 жасында дүниеден өтті. Бұл кісінің жаназасына келген адамдардың қарасы ұзақ уақыт бойы тарқамаған көрінеді. Себебі, халық кімнің адал, кімнің арам, кімді қадірлей білу керектігін біледі. Қазіргі таңда Қонаевтың істеген бір ісін бүкіл Қазақстан жұмылып істей алмайды.
Бұл заманнан ба, әлде адамнан ба, ол жағы бізге беймәлім.
Сабыр Шұғыла Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі