Құрметті тойға жиналған ағайын-жұрт, достарымыз бен жолдастарымыз!
Шынымды айтсам, сіздердің алдарыңызда шаңырағымыздан ұшырғалы отырған ақ көгершіндей аяулы қызыма қандай ақ жол, сәт сапарлық тілек тілерімді білмей толқып тұрмын. Ең дұрысы, негізгі сөзімді қызыма арнағаным жөн сияқты....
Үйіміздің сәні, әкең екеуіміздің аялап өсірген қызғалдағымыз, сүйікті де сүйкімді қызым менің!
Кеше ғана «іңгәлап» өмірге келгенің де,тұлымшағың желбіреп жүгіріп жүргенің де, шашыңа ақ бантик тағып алғаш мектеп табалдырығын аттағаның да, жоғарғы оқу орнына түскенде «Мама, Папа! Мен студент атандым!» деп қуаныштан жүрегің жарыла сүйінші сұрағаның да... – бәрі-бәрі де кеше ғана сияқты еді. Уақыт неткен жүйрік десеңші! Енді міне бүгін өмірлік серік-сыңарыңды тауып, ұядан ұшқалы тұрсын.
Сені жат босағаға қанша қимасақ та табиғаттың талабы, өмірдің заңы осылай екен - қыз бала жат жұрттыққа жаралған.
Айналайын қызым........!
Сен арқылы өрісіміз кеңейіп, жаңа жекжаттар тауып, құда-құдағи болып жатырмыз. Сен енді екі елдің арасындағы елшісің. Алдыңда жаңа өмір, жаңа орта, жаңа туыстар мен достар күтіп тұр. Сол ортамен тіл табысып, үйренісіп, босағасын аттаған әулетіңе туған қызындай болып сіңісіп кететініңе сенемін. Өйткені осы күнге дейін папаң екеуіміздің берген тәрбиемізді зая кетірмей, жаман сөз келтірмей, сенімімізді ақтап, айналаңа, қоршаған ортаңа әрқашан сүйікті, сүйкімді болып жүрдің емес пе?!
Менің тілегім. Осы қалпыңнан айнымағайсың, күнім! Құдайым басыңнан бағыңды тайдырмасын!
Бастағалы отырған жаңа өмірің бақытты, қызықты күндерден құралсын. Табалдырығын аттағалы тұрған босағаға жаңа басқан қадамың құт әкелсін!
Әкең мен шешеңді қалай құрметтеген болсаң, атаң мен енеңді солай құрметтегін, күнім! Сыңарыңмен жұбың жазылмай, бақытты да тату-тәтті ғұмыр кешіп, өсіп-өніңдер. Бақытты болыңдар!
*** *** *** ***
«Жолаушы мұраты - жету, қыз мұраты – кету» екенін ұғынғанымызбен, бауыр етінен жұлып алғандай етіп қызын өзге жұртқа аттандыру кімге болса да оңай емес екен. Дегенмен, теңін тауып, көңіл жарастырып, біздің, яғни ата-анасының, туған-туыстарының ризашылығымен кетіп бара жатқаны көңілге қуаныш ұялатады.
Қолымыздан ұшып бара жатқан қызымыздың қонған жері құтты болсын! Барған еліне тастай батып, судай сіңсін, көп балалы ана болып өркенін жайсын!
Құдай қосқан жарына бақ болып қонсын, қосағымен қоса ағарсын!
Құда-жекжаттарымызға айтарым, бір-бірімізге деген жылы ықыласымыз суымай,сыйластығымыз жоғалмай екі жастың қызығына кенелейік. Той сіздерге де құтты болсын! Екі жас бақытты, өмірлері ұзақ болсын!
*** *** *** ***
Шаңырақтың шырағысың шаттығы
Текті жердің тұяғысың ақгүлі.
Мың жыл құда болуға да атты күн
Екі жасқа құдай берсін бақ бүгін
Әке-шешең, арнап отыр жыр ағын,
Кәусар таза мөлдіреген бұлағым,
Барған жерге судай сіңіп, ұнағын,
Бақытты бол бақытты бол, шырағым.
*** *** *** ***
Құрметті қонақтар, қадірлі ағайын-туыстар!
Бүгін біз үшін көңіл аса алабұртқан күн. Көңіл – қызымыз теңін тапты, отауын тігіп жатыр деп, қуаныштан шалқиды, көңіл – әлпештеп өсірген қызымызды қимастықтан толқиды. Бұл – қыз ұзатқан әрбір ата-анаға тән, осында отырған талайыңыз бастан кешкен сезім. Осындай сәтте балаңның дүниеге келген кезінен бастап өмірде өткеннің бәрі кино сияқты көз алдыңа келеді екен. Дүниеге ұрпақ келді деп ата-аналарымыздан бастап бәріміз қуанғанымыз, Қызылордадағы туыстарға сүйінші хабар айтқанымыз, баланың тәй-тәй басқаны, былдырлап сөйлегені, «ата», «әже», «мама», «папа» деген алғашқы сөздері ыстық, ортақ қуанышымыз болған еді.
Қазақтың салты бойынша алғашқы бала үлкендердікі саналады емес пе. Қызымыз екі жақтың – отағасының Қызылордадағы ата-анасының, Алматыдағы менің ата-анамның еркелеткен ортақ қыздары болды. Бүгінгі қуанышқа қатысып, міне, баталарын беріп отыр. Олардың енді шөбере сүйген қызықтарын көруін тілейміз.
Енді бірер сөзді құдаларға арнайын. Құдағи қызымызды өзінің қызындай қарсы алады деп сенгіміз келеді. Қызымыздың қадамы құтты болып, үйлеріңізге ырыс ала кірсін. Екі баламыздың қызықтарын бірге тойлап жүрейік, біз де ата-әже болайық.
Тойшы қауымға айтарымыз, келген қадамдарыңыз құтты болсын. Той сіздерге жұғысты болсын, ылғи тойда кездесіп жүрейік.
Назар аудар:
Әкенің қыз ұзату тойындағы тілек аманаты
Ұзату тойында той иесіне айтылатын тілек
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Бекзат
Қыз ұзату тойындағы ананың тілегі ұнады