Смагулова А.С. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті, дипломатиялық аударма кафедрасының доценті
Жанузакова Г.А. әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультеті, дипломатиялық аударма кафедрасының аға оқытушысы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ахмет оқулары» аясында «Ахмет Байтұрсынұлы және ғылым тілі» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Оған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік тілші, әдебиетші ғалымдар мен білім алушы жастар қатысты.
Конференцияға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев құттықтау жолдады. Онда: «Ахмет Байтұрсынұлы – өте терең, жан-жақты тұлға. Ол тіл, әдебиет, лингвистика, педагогика, саясат сияқты салмақты салаларда ұлтының білімін молайтып, еркіндікке қол жеткізуіне бар күшін жұмсады. Ұлтына «Қырық мысал» арқылы үн қатып, қазағын маса болып оятуға талпынды. Қайраткер тұлғаның жетекшілігімен тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газеті жарық көрді. Ахаң ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлы және Міржақып Дулатұлымен бірге Алаш қозғалысының басында тұрды. Осылайша ұлтымызды қаламгерлігімен де қайраткерлігімен де егемендігіне жетеледі», – делінген.
Сонымен қатар жиынға «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов қатысып, ҚР Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің құттықтау сөзін оқыды. Министр: «Бүгінгі алыс-жақын шетелдер мен еліміздің ғалымдары қатысып отырған конференцияның нәтижелері қазақ тілтануы үшін ғана емес, мемлекеттік тілдің ғылым тілі деңгейінде қолданылуына қосылатын аса маңызды жұмыс болады деп санаймын. Ғалым еңбектерін тереңірек зерттеу жалғаса береріне сенімім мол», – дей келе, ахметтанушы ғалымдарға алғыс білдірді.
Алқалы жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қатысушыларға өз құттықтауын жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ахмет Байтұрсыновтың биылғы 150 жылдық мерейтойына жан-жақты дайындықпен келді. Ғалым мұраларын қамтыған ғылыми-тәжірибелік конференциялар өткізілді. Ұлт ұстазының таңдамалы еңбектері көптомдық ретінде шығарылды. Бұл шығарылымның басты ерекшелігі – студенттер А.Байтұрсынұлы еңбегінің түпнұсқасын оқуға толық мүмкіндік алды. Биыл университетіміздегі Қазақ тіл білімі кафедрасына Ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді», – деп атап өтті Жансейіт Түймебаев.
Конференцияны жүргізген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжан өз сөзінде институттың биылғы атқарған жұмыстарын тілге тиек етті. Ғалымдар мен жас ізденушілер ұлт ұстазының мол мұрасын жаңа қырынан зерттеуге бет бұрғанын айта келе, шараның мәні мен маңызына тоқталды.
Сондай-ақ шарада Түркияның Османғазы университетінің профессоры Феррух Ағжа, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың А.Байтұрсынұлы атындағы кафедра меңгерушісі Анар Салқынбай және өзге де баяндамашылар сөз алып, Ахмет Байтұрсынұлының ұлттық ғылым тілінің қалыптасуына сіңірген еңбегі, терім сөздерінің негізділігі, ғалым жасаған лингвистикалық терминдердің метафоралық сипаты мен мазмұны, ақынның драматургияға қатысты ой-пікірлері жайлы ой қозғады.
Қатысушылар Байтұрсынов танымы арқылы жастардың ой-өрісін кеңейтудің маңызына мән беріп, оның мемлекеттік тілді ғылым тіліне айналдыруға негіз салғанын және ғылыми жаңалықтардың қазақ тілінде жазылуына басымдық беру қажеттігін тұжырымдады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Нұрбол
«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бұрынғы бас директоры Е. Тілешовтің өзіне де, сөзіне де сенуге болмайды.Бәрі сол көз алдау, орайын келтіріп, асап қалудың қамы. Қазір ол Тіл саясаты комитетінің төрағасы болып алды да, жемқорлығын одан әрі асыра түсті.