Қарқаралы тауын айнала қоныстанған он екі ру арғын- қаракесек ішінде қаз дауысты Қазыбектың баласы Бекболат би болыпты. Бір жылы осының бәйбішеден туған тоғыз ұлының ең кішісі Абылай ханның айғыр үйірі жылқысын ұрлап әкетіпті. Абылай арқадан Бекболатқа елші жібереді. «Ұрлық істеген баласын қолыма берсін, дарға асамын!» — деп, Бекболат оған: «Баламды ұстап бере алмаймын, қатеден ауысқан мал шығар, төлеуін алсын!» — дейді. Елшілердің ішінде Бекболатпен бақ күндес адам да бар екен. Ол ханға биді шағыстырып барады. «Бекболат құтырайын депті, хан маған қыр көрсетсе, тағынан тайғызуым оп-оңай деді», — деп келеді.
Абылай ашуланып, елі кісімен аттаныпты. Бекболат ауылының сыртына найзагер, мерген батырларымен топтанып тұра қалыпты да, бес жігіт жіберіп, бидің ұры баласын үй сыртынан ұстап, қылшылбырмен таңып, тақымға баса сүйретіп жөнеледі.
Бекболат мұның бәрін көріп білсе де үндемейді. Аздан кейін қуып жетсе, Абылай түстік жерге шатыр құрып, сусындап отыр екен. Бекболат байлаулы баласының жанына кеп тұра қалып:
— Ей, хан! Саған мен қандай едім, басқа билер қандай ед? — дейді.
— Сен төбе едің, өзгелер төмпе еді, — дейді хан. Бекболат сонда:
— Ендеше, орал таудың ор түлкісі, айнала қуса ит жетпес, орал таудың ақиығы, ақ иық келсе, тек кетпес, сонда дағы мерт етпес, — деп аттан түсе қалып, байлаудағы баласын ар- тына міңгестіріп әкетеді.
Би кеткен соң, Абылай жанындағыларға не түсіндіңдер? — дейді. Ешкім үндей алмайды. Абылай басын шайқап:
— Бекболат төбе би еді. Ханның жеті жырғышының бірі еді. Ол «Орал таудың ор түлкісі» деп өзін айтты. «Айнала қуса, ит жетпес» деп сендерді айтты. «Орал таудың ақ иығы деп мені айтты. Ақ иық келсе тек кетпес, сондадағы мерт етпес» дегені хан қаһарын байқатпай тұра ма, бірақ халық тағдыры қолыңда, мал үшін бас кесіп, астамшылық істемес, кешірер деген ғой. Мен кештім. Енді осы отырғанымыз түгел соның ауылына қайта барып, көңілін көтере қайтайық депті.
Бекболат би ханды өзінің кең ақ үйіне түсіріп, тай қонақ асы беріп, дидарласады. Астан кейін би:
— Жолдарың болсын! Бұйымтайың не? — дейді. Хан сонда:
— Уа, Беке, жасың ұлғайып қалды. өзіңнен туған он ұл бар. Көзің тіріде біреуін орныңа би сайлайық деп келдік. Қайсысына батаңды бересің? — депті.
Бекболат шарт жүгініп, бірақ көзін жұма толғанып қалыпты. Себебі, бәйбішенің тоғыз ұлының бірін айтайын десе бәрі жақсы. Тоқалдан туған Тіленшіні айтайын десе, азулы бәйбішеден именеді. Не істеу керек?
Осы жерде тоқалдан туған Тіленшімен бірге туысқан қыз шымылдығын көтеріп тұрып:
— Шіркін, атамның шалқуын-ай, толқуын-ай,
Толғанса да, әжемнен қатты қорқуын-ай.
Ата-ау, үлкендеріңнен кішіңнің есі бар,
Тоқалдан туды демесең Тіленші жанның,
Ел билемейтін несі бар?! — депті.
Бекболат көзін жарық еткізіп ашып:
— Бәлі, балам, сол немеден өзімде үміттенуші едім. Бірақ, ағаларыңның тоғыз тайлақ аты, Тіленшінің тірнек бота сиқы бар еді. Осы бір кезі болмаса, — деп бәйбішесіне қарайды. Бәйбішеде орынсыз арындамай, Тіленшіден үмітті екенін сездіреді.
Қалың жұрт Тіленшіні іздесе өзен бойында қойын суарып жусатқан қойшылармен ойнап жүр екен. Хан алдына алып келіп, көп ішінен біреу:
— Атақты бидің ақылды баласы бола тұрып, қойшы-қолаңшымен ойнауың қалай? — дейді.
Тіленші сонда:
— Ойнауымда екі себеп бар. Бірінші, атамның он ұлында ойлы туғаны мен ғана. Тоғыз ағам елге бүгін бас болса, ертең доптай ұшады. Сондықтан еліме қас болмай, бас болудың қамын қарастырып ойнадым. Екіншіден, атамның алдына күнде бірнеше адам жүгініске келеді. Атам оларды есіктен кіргенде-ақ байқап, ауқаттысына төрден орын береді, кедейін босағада отырғызады. Билігін істің ағына қарамай, біреудің бағына қарап айтады. Мен, әттең өзім би болсам, ешкімнің байлық, жарлығына қарамай, даугерінде, құныкерінде алдыма қатар отырғызсам, кезекпен сөйлетіп, іштей сынап тыңдасам деп ойлаушы едім. Ертең атамның не өлі, не тірісінде осы билік менің қолыма бір тимей ме? Атама жүгінгенде қорқып, мұң шаға алмайтын сонау қойшы, кедей-кепшіктер сонда кешегі бірге ойнайтын Тіленшіміз емес
пе деп үрейленбей шын сөзін айтпай ма? Олар шындықты айтқанда мен әділдігімді айтпаймын ба? Міне, осы екі себеппен ойнап жүрген едім, — депті.
Ақ үй толған жұрт Тіленшіні сол күні ақкиізбен көтеріп, күміс шашып би сайлапты. Бекболат ханға да, баласына да разы болып, алғыс айтқан. «Жасы кіші деме, ақылы жақса, ата қой» деген мәтел сонан бері тараған екен деседі қарттар.
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
- Мағжан Жұмабаев
- Мағжан Жұмабаев
- Сағи Жиенбаев
- Шоқан Уәлиханов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі