Атақты Абылай хан тұсында қазақ пен қалмақ арасында әртүрлі соғыстар мен сойқан соқтығыстар аз болмаған. Сондай бір соғыста қазақтың қолын Абылай хан, қалмақтардың қолын Қалдан Серен бастайды. Сол кездегі дәстүр бойынша, екі жақтан екі батыр жекпе-жекке шығуға тиіс болады. Сірә, алдын ала дайындалып келсе керек, қалмақтар жағынан ала атты, ала сауытты алпауыттай бір батыр атын ойнақтатып ортаға шыға келеді. Ә дегенде тайсақтап сескенді ме, қазақтар жағынан жекпе-жекке жуырда ешкім шыға қоймаса керек. Содан бұған Абылай ханның өзі дайындала бастайды. Сол кезде бір қартаңдау тартқан батыр келіп:
— Уа, хан ием, сен тоқта! Қарт болсам да, мен шығайын. Жазатайым мерт болсаң, жұрт қазақтың ханы қалмақ батырының қолынан қаза тапты дер. Ал, мен мерт болсам, бір шал шетінеді дер, — дейді де, хан рұқсат еткен соң, жекпе- жекке шығады.
Бірінші кезек қалмақ батырына беріледі. Адуын батыр зілмауыр батпан шоқпармен салып жібергенде, қазақ батыры денесіне дарытпайды. Қазақ батыры: «тоқтат ендігі кезек менікі» дейді ақырып. Қазақ батыры қалмақ батырын денесіне дарытпай найзамен түйреп алып, атынан түсіріп кетеді. Атын ұстап әкеліп, батырдың алдына тартады да:
— Уа, батыр, сен мені мүлдем құртатын болып ең. Бірақ оның болмады. Мен сені өлімге қимадым. осы да жетер, атыңа мін де әскеріңе қайт, — дейді.
Қалмақ батыры:
— Мен елімнің алдына жан салмаған бір батыры едім. Екі жақтың қалың қол әскері екеуміздің жекпе-жегімізді көріп тұр. Мен өз ханыма кімнен жеңілдім деп барамын, — деп сұрайды.
— Барқының ұлы батыр Нияз дегейсің ханыңа, — деп қазақ батыры әскеріне қарай жүре беріпті.
Ертеңінде қалмақтар жағынан жаушы келіп: «Кешегі қазақ батырын Қалдан Серен ханымыз шатырына шақырып жатыр» деп хабар береді. Нияз батыр жанына екі батыр інісі Ақтайлақ пен итқараны алып келсе, кірер жолына кілем төсеп тастаған. Батыр аттан түспестен кілемнің үстімен хан шатырының алдына бірден келеді. Мұнысын жақтырмай ашу шақырған хан «басыңды аламын» деп, қылышын суырғанда батыр Нияз кеудесін керіп, төсін айқара ашыпты. Хан қылышын қынабына салып, нөкерлерімен құрметтеп, аттан түсіріп алыпты. Хан шатырына қалмақтардың барлық батырлары жиналған екен. Содан Қалдан Серен Нияз батырға қарап тұрып:
— Кешегі өзің найзамен түйреп, аттан түсіріп кеткен батырды танисың ба? осылардың ішінен тура көрсет, таба алмасаң басыңды аламын! — дейді тағы да.
Нияз батыр кешегі қалмағын дәл танып, тура көрсетіпті.
— Жарайсың, батырым, көңілден шықтың. Енді не тілегің бар, соны айт! — депті қалмақ ханы.
— Үш тілегім бар. Бірінші, екі арадағы осындай соғысты тоқтат, екіншісі, мынау екі көл мен екі төбеге таласпа, қазақтың өзіне бер, жаугершілікке барма! Ал үшіншісі, тілегім мойныңда қалсын, кезегі келгенде, кезінде сұрармын, — депті батыр Нияз. Қалдан Серен бұған келісіп, екі жақ тыныштықпен тарасыпты.
* * *
Сол заманда тағы соғыста Нияздың екі баласы бірдей қаза табады. Бірақ шау тартқан батыр ол соғысқа қатыспаған. Жұрт жиналып Ниязға келіп, қалмақтардан кегін алуды сұрайды. Бірақ батыр келіспей:
— Бұл жолғы соғысты бастаған қалмақтар емес, қазақтар. Екі балам оған рұқсатсыз қатысты. Ризашылығым болған жоқ. Құн да, кек те іздемеймін, — деп кесіп айтады.
Кейін тағы бір соғыс болып, онда басқалармен бірге қалмақ ханының бас уәзіріндей болған атақты бір батыры қаза табады. осы соғыста қалмақтар Абылай ханды қолға түсіріп, тұтқынға алады.
Осы хабарды естіген Нияз атқа мініп, баяғы екі батыр інісін ертіп Қалдан Серенге келеді.
Нақ осы жолы ол өзінің үшінші тілегінің мойнында қалғанын қалмақ ханының есіне салып, сол үшін келген- дігін мәлімдейді.
— Соңғы соғыстарға қатысқаным жоқ. Қартайған ша- ғымда қан төгіп, қырғын іздегім келмейді. Екі ұлымның да, басқаның да құнын сұрамаймын. Кек те іздемеймін. «Хан екі айтпайды» деген, сонау жолғы қалдырған үшінші тілегімді бер, соған келдім, — дейді Нияз батыр.
— Айтқаным айтқан, бердім үшінші тілегіңді, айт! — деп- ті Қалдан Серен.
— Қазақтың басына көтерген ханы, қолбасшымыз Абылай ханды босат, үшінші тілегім осы! — дейді батыр. Хан бұған мүдіріп қалады да:
— Уа, Нияз батыр, хан екі айтпайды деуші еді. Бірақ та, осы тілегің қинап тұр. Соңғы соғыста бетке ұстар қас батырымыз қаза тапқан, әйелі содан бері азалы күйде қара жамылып, қайғының күйігінде отыр.
Күндіз-түні жылауда, көз жасын бұлауда. Ханың соның қарамағында берілген, онсыз босата алмаймын, — дейді.
— Бәрін де біліп отырмын. Бірақ әйел алдына барып бас ұра алмаймын. Ханымызды босатуды ханнан ғана сұраймын! «Хан екі сөйлемейді» деп өзің де айттың, менің бұдан басқа үшінші тілегім жоқ», — деп батыр отырып алады.
Сөзден тосылып, аз кем ойланған Қалдан Серен ақырында әйелді алғызып, мән-жайды түсіндіріп, сөз түйінін өзіне тастапты.
— Қас батырыңыз кетті, өлер күйеуім өлді. Қайғыдан қажып, күйіктен күйреп отырғанымда рас. Тұтқындағы қазақ ханы менің қайғымды сейілтпес. Сізге батыр болмас, өлген де қайтып тірілмес. Қазақ батырына берген уағдаңыз болса, ханды босату, босатпау өз ықтиярыңызда, менің қарсылығым жоқ, — дейді әйел.
Осыдан соң Абылай ханды тұтқыннан босатады. Абылай ханды тұтқыннан босатқанда ешбір соғыссыз, қайта Нияз батырды нөкерлерімен қоса той думанмен шығарып салады. Сол жолы да Нияз батыр шапқыншылықтарда қалмақтар қолында кеткен көптеген тұтқындағы адамдарын да босатып ала қайтады.
Нияз батырдың Абылай ханды тұтқыннан босаттырғанын айғақтайтын тағы бір дерек бар. Бұл Абылай ханның ұрпағы Кенесары кезінде болған оқиға.
Кенесары өз заманында патшалық ресейдің қазақ жерін одан әрі отарлай беру саясатымен жүргізген шараларының бәріне қарсы болған. Патша өкіметіне жалпақтағандардың қайсысын болмасын жазалап отырған. Кенесарының қолына бірде орыстарға көмектескен деген желеумен Қаңтарбай батыр деген кісі түседі. Бұл — Нияз батырдың бергі ұрпақтараның бірі. Тұтқында бұғаулы отырған Қаңтарбай батырды Кенесары алдына алдырыпты. Сонда Қаңтарбай бармағын тістеп отыра беріпті. Кенесары жөн сұрастырып, жауап аларда: «бармағыңды неге тістей бересің?» деп сұрапты. Сонда Қаңтарбай батыр:
— Бармағымды неге тістемейін. Егерде менің бабам Нияз батыр сенің бабаң Абылай ханды қалмақтың тұтқынынан босатпаса, одан сенің әкең мен, сен тумасаң, бүгін мен сенің тұтқының болып отырмас едім ғой. Мен соған өкініп, бармағымды тістеп отырмын, — депті.
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі