Көкшетауда кырық сегіз жыл хандық құрған Абылай хан алпыс кісі жолдаспен бір жорыққа бара жатып жазғытұрым Баянауыл тауына түнепті, елсіз екен, жоқ екен. Түнде аш жатыпты, таң атқан соң:
— Алдымызда тамақтанарлық жерде ел бар ма? — деп сұрапты.
Бір керейт жігіт:
— Алдымызда Ағысықудың қуында Қызылшілік деген жерде Қаракесек Жарылғап бар, — депті.
Абылай хан: «Қай Жарылғап?» — депті.
— Қай Жарылғап екенін халық баққан өзіңіз білмесеңіз, мен қайдан білемін? — дегенде:
— Білмесең, оның ол жерде бар-жоғын қайдан біліп тұрсың? — депті.
— Нағашым еді. Жазды-күзді қатынасқанымызда сол жерден табыла беруші еді, — депті.
— Ал, ендеше көрген жеріңе баста! — депті.
Түс болмай-ақ сау етіп келіп қалыпты. Жарылғаптың әдет ісі екен дейді: «өлім болжалсыз, келім болжалсыз» деген. Мейман, қонақ: «мен бүгін пәленшекенікіне барамын» деп хабар салып келмейді. Күндіз келіп қала ма, түнде келіп қала ма?» деп үй ішіне төсеніш төсетіп, құда-күйеу келетұғын үйдей қылып кояды екен. Маңқан деген бәйбішесі бар екен. Қаз дауысты Қазыбектің баласының отауы түсіп, той болып, тойға кеткен екен. Жоламан, Тастемір, Атыбай, Кенжебай деген төрт баласы бар екен. Екеуі жылқыда, екеуі қысыр сауғалы кеткен екен. үйде Жарылғаптың жалғыз өз басынан басқа жан жоқ екен. Төсегінің үстінде ірге жаққа қарап жа- тыр екен. Бір уақытта үйге хабарландыру үшін жиен сәлем беріп кіріп келді.
— Бұ қайсың? — дейді.
— Мен жиен, керейт пәленшемін, — дейді.
— Не қыл дейсің? — дейді.
— Үй сыртында алпыс қосшысымен Абылай хан түсіп жатыр, — дейді.
Жарылғап семіздіктен біреу қолынан тартып көтермелемесе, өз бетімен олай-бұлай аунап жата алмайды екен:
— Кел, жиен, қолымнан тартшы, — дейді. Басын көтеріп, төсегінің үстіне орнығып отырды.
— Бар, меймандарды үйге кіргізе бер, — дейді. Абылай хан кіріп келгенде:
— Ассалаумағалейкүм, алдияр, бар әлім жоқ, жайым осы, — дейді, — бұл кісілердің отызына мына сабадан қымыз құй, отызына ана сабадан құрт құй, — дейді.
Ауылға кісі түскенін көріп, жылқыда жүрген екі бала да келді, биеде жүрген екі бала да келді. Төртеуінен басқа топырлаған жан жоқ. Және өздері әдемі киінеді екен. Тайжақы орнына кигендері — қара құндыз. Жалшылар, малайлар сықылды қайыс жіп, шу буынып жүрген жоқ. Буынғандары — шымжиғақ күлдері белбеу (белбау). Қызметі — құл сықылды, киім-пормы, кескін түрі — ұл сықылды. Сонда сүйсінгеннен Абылай хан айткан екен:
— Жарылғабым, ұлға да жарыған екенсің, құлға да жарыған екенсің, — депті.
Сөйтіп отырғанның үстіне Маңқан бәйбіше келіп қалыпты. Маңқан бәйбішені екі баласы бір жағынан, қолынан тартып, екі баласы ар жағынан сүйемелеп, қырынан кіргізіп, есікке әрең зорға сыйып еніпті. Байпаңдап келіп, Жарылғаптың төменгі жағына, төсек үстіне отырғызғанда, екеуі екі шоқыдай жарастықты болыпты.
— Бұл кісілер сусындады ма? — депті.
— Бар қымыз бен бар құртты бердік, — депті.
— Жүктің артында сүйретпеде байдың сыбаға асы — түнемелі түр еді. Балалар, алшы! — депті. Алып тегенеге құйып сапырған екен, алпысына түгел жетіпті. Бәйбіше байына:
— Мал неге алдырмадыңыз? — депті.
— «Пәлен жерден табысайық» деген батырлары бар екен, асығып мал сойдыруға қарамады, — деген соң бәйбіше:
— Ұрғашының асыққанды алдап жөнелту үшін даяр сый асы болады ғой, — деп, отызына табаққа салып екеу-ара жент қойыпты. Отызына майды бейпіл салып, ірімшік қойыпты.
— Баянауланың Мырза шоқысы мен Ағысы, Қудың Мырзашоқысы бір жерден табылды ғой, — десіпті.
Бұзау тайыншаның қарынына салынған бір қарын жентті ортасынан қақ жарып, ханның қоржынына салғызды дейді. Жылқыға ие бақташы болған баласы Тастемір екен.
Жарылғап:
— Тастеміржан, «хан деген — жұрттың қазығы, қарашы — оның азығы» деген. Мына жылқы бұлардың жолының үстінде жатыр ғой. Ханды ортасына түсір де, қасындағы төлеңгіттерінің ұнатқан, мінуге жарайды дегенін ұста. Сойысқа жарайды деген биенің семізін ұста, «құтым кетеді, сүтім кетеді» деме. өздері «болды, енді қой» дегенде қой! — деп ханды шығарып салуға Тастемірді қосты.
Жылқының ортасына хан барып түсті. Тастемір шатырлатып, төлеңгіттердің таңдаған, қалаған атын, биесін ұстап беріп жатыр. Сонда Абылай хан қасындағы отырғандарға сөйледі:
— Мен бағана «Жарылғап бар» дегенде, «қай Жарылғап?» дегенім — бұл қаракесекте қарсұн-керней Жарылғап болушы еді. Оны жұрт «ер Жарылғап, батыр Жарылғап, бай Жарылғап, би Жарылғап» қай түрлі атпен атаса да, толық болған жан еді. Бұл Жарылғапты «Тілеуке-Бертістің Тілеукесінің баласы Шақабай-Жарылғаптың Жарылғабы, ұры Жарылғап» деуші еді. Халық та қаңғып сөйлей береді екен. Бұл ұры болса, жылқы, түйе, қой, сиырды ұрлап алған шығар дейік. Ана бәйбішені ұрлап алған жоқ қой. ұрлап алса, жанды кісі бұған сіңіртіп қоя ма? Мына төрт баланы ешкімнен ұрлап алған жоқ қой. Бір төрт күшік кімнен тумай- ды. Бірінен бірі өтіп туған, туысы бөлек жандар ғой! Мынау, өзі Құдай жарылқап қойған шын Жарылғап екен! — депті. Тастемірді шақырып алып:
— Кел, балам, сенімен қияметтік бала қылайын, — деп түрегеліп құшақтап, дос болған екен деседі.
Абылай ханнан дуа тигендігі сол — Жарылғаптың тұңғышы Жоламан «он алты ұлды Жоламан» атаныпты. Жоламаннан — Қойсүймес, Қойсүйместен Баймұрын мырза, Баймұрыннан — Ақай қажы. Ақай қажыдан — Мақат, Хасан, ағайынды екеу. Бұл екеуінің тұяғы — жылқы да мыңнан асады, қой да мыңнан асады. Ағысы, Қудың айналасында төрт ауылнай Жарылғап бар. «Алды мың болса, арты жүз болады» деген бар ғой. Шетінен бай, малға, басқа толық. Бұлардан бөлек Дегелеңде төрт мың жылқы бір түндікте. Ақтанберді ұрпағы Жаныс байдың немере, шөберелері бар. Бұрынғылар аңыз қылған «қазақта байлық, бектік, ұрлық — үшеуі бір тұқымға сыйған емес. Жалғыз-ақ осы үшеуі Жарылғапқа сыйған. Не үшін бұған дуа кеткен? Абылай хандай әруақты ерден дуа алған делінген сөз.
Баймұрын мырзаның тұңғышы Шотақ байды көрдік. Мінезі қойдан қоңыр, мырзалығы жиексіз, «мырза әулие» дерлік табиғат иесі адам еді. Сол Шотақтың бәйбішесінен туған — Исақ, Ермек, Мұса, Секербай заманындағы ұрының атақты дөкейі болды. Былтыр мен биыл атағы шығып жүрген Қышқаш та — сол Жарылғаптан шыққан ұры. Тірі болсаңдар, есітесің, Қышқаштан дөкей шатынауық шыққанын.
Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі
Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі