Өлең, жыр, ақындар

Ұлттық ойын «Бестемше» арқылы мектеп жасына дейінгі баланы жан-жақты дамыту

Бестемше ойыны — әлемдік мәдениеттің озық үлгілерімен бой теңестіре алатын рухани ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл ойынның басты қасиеті — жеке тұлғаның сана-сезімін жетілдіруге, ақыл-ойын кемелдендіруге ерекше күш салады. Ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарайтын халқымыз, жасөспірімнің дене күшінің мол болуымен қатар, ақылды болуына да көп мән берген.

Қазіргі кезде бестемше ойынының елімізде және шет елдерде кеңінен таралып, балабақша және мектеп бағдарламаларына енуі — ұлттық ойынның бала тәрбиесінде алатын маңызына байланысты болып отыр. Осыған байланысты, осы ой өнерінің жасөспірім тәрбиесіне беретін қандай маңызды ерекшеліктері бар, соған тоқталайық:

Бестемше ойынының маңызы

Ойлау жүйесін дамыту;
Дербестікке үйрету;
Назарды шоғырландыру;
Уақытты тиімді падйлану;
Жоспарлау және бас тартуды үйрету;
Жадыны жақсарту және есте сақтау қабілетін дамыту;
Қол моторикасының дамуы;
Жан-жақты қалыптасу.

Бестемшенің басты маңызы — ойлау жүйесін дамытады

Бестемше ойыны — математикалық есеп ойыны. Жүрістерді алдын-ала ойлау, есептеу, қиялдау — оның негізгі өзегі. Сондықтан оқушы ойынды үйрену барысында оның бойында стратегиялық және жүйелі ойлау қабілеті қалыптасады. Бұл кез-келген салада болашақта керек болады. Өйткені өмірде де болашақ істеріңді алдын-ала ойлау — негізгі мәнге ие.

Дербестікке үйрету

Бестемше жасөспірімнің тек өз ақыл-ой күшіне ғана сене алатынын тәжірибе жүзінде көрсетеді. Бала ойын барысында тек өзі ғана ойланады, өзі ғана шешім қабылдайды. Сондай-ақ, оңаша кезде есеп шығарса да, ойын барысына талдау жасаса да, жарысқа қатысса да тек өзінің сана-сезімімен ғана жүзеге асырады. Яғни ойын тұжырымдамасы тек өзіне ғана сенуіне үйретеді

Назарды шоғырландыру

Бестемше ойнаған балалар алғашқы кезде бір орнында отыра алмай, жеңілтек мінездер көрсетеді. Олардың назары біресе ойында, біресе телефонда немесе басқа жақта болады. Уақыт өте келе ойынның құндылықтары оны шыдамды, төзімді етіп тәрбиелейді. Баланың назары тек тақтаға ғана ауып, ойынға ықыласы артады. Ойыннан қуаныш алып, жаман мінездерден арылады.

Уақытты тиімді пайдалану және жылдам шешім қабылдау

Бүлдіршін назарын ойынға аударған соң, ол бос уақыттарында бестемше ойнап уақытын да тиімді пайдаланады. Жарысқа қатысқан кезде  бестемше ойыны барысында тақтадағы жағдайға байланысты тез және тапқыр шешім қабылдау керек. Өйткені сіз ұзақ ойласаңыз уақыттан жеңілуіңіз мүмкін. Сондықтан әрбір минутты және секундты қадірлейсіз.

Жадыны жақсарту және есте сақтау қабілетін дамыту

Бала ойынға берілген сайын ойынды қалай бастау керек, қалай аяқтау керек, бәрін есінде сақтайды. Әр құмалақтың жүріс жасаған сәтіндегі орны мен оның барған жеріне дейінгі аралықта отаулардағы құмалақ санын үнемі есептеп, жаңылыспау керек. Мұның барлығы баланың есте сақтау қабілетінің дамуына көмектеседі. Әрбір жақсы жүріс әдетке айналып, ол есінде қалады.

Қол моторикасының дамуы

Бестемше ойынында ұсақ шарларды ұстау кезінде қолқозғалысы арқылы ми және жүйке талшықтарына әсер етеді. Сонымен қатар, ойын барысында қол қозғалысының жылдамдығы сағатты басу кезінде ойын тағдырына да әсер етеді. Қол моторикасын дамыту — өз саулығыңызды үнемі зияткер ретінде сезінуге мүмкіндік береді.

Жан-жақты қалыптасу

Осы жоғарыдағы қабілеттердің дамуының арқасында болашақта бала жан-жақты жетілген тұлға боп қалыптасады. Оқу үлгерімінің  артуы, ақыл-ой белсенділігінің дамуы, бәсекеге қабілеттілікке бейімделуі, имидж қалыптасуы барлығы ұлттық ойынның беретін маңызы болып табылады.

Бестемше ойыны жасөспірімдердің мінез-құлқын, сана-сезімін әлеуметтік жағынан тәрбиелеп, тәртіпті тиянақтауға, ойлау жүйесін шыңдауға көмектеседі.

Қорытынды

Бұл ойын ойнаушы талғамайды: бала да, жас та, кәрі де, ойнай береді. Бестемше ойындарын 5 жастағы баладан бастап егде жастағы адамдар арасында ой спортының дағдысын қалыптастыруға болады. Балғын ойыншыларға ұлттық зияткерлік ойынның тарихы бойында түзілген ақпараттарды таныстыру оларды ойынға қызықтыра және мүдделі ете түседі.  

Сәрсен Наурызбай Темірханұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз