Өлең, жыр, ақындар

Қазақтың тарихи өткелі

Дала заңы бойынша хан тағына Шыңғыс хан әулетінің ұлы бұтағы – Жәдік ұрпақтарының өкілдері ғана отыра алатын еді. Қазақ билеушілерінің кіші бұтағына жататын Әбілқайыр бұл жағынан Тәуке мен Қайып ұрпақтарымен бәсекеге түсе алмайтын. Өз жағдайының тұрақсыздығын, онша «заңды» түрде отырмаған хан тағында ағайындар тарапынан қолдау таба алмайтынын сезген Әбілқайыр жағдайын нығайта түсу үшін патша сарайынан көмек сұрауға мәжбүр болды. Кезінде князь атағы жолындағы тартыста бақталастарын жою үшін Мәскеу князьдері Орда ханнан көмек сұраған болатын. Енді, міне, ішкі жауларынан басым түсу үшін әлсіреген дала хандарына өздерінен әлдеқайда қуатты, көрші елдің ықпалды билеушілерінен көмек сұрауына тура келді

1730 жылы ол Уфа әкімі арқылы Петербургке, Ресейдің әйел императорына елші жіберіп, өзінің қол астындағы тайпаларды Ресей мемлекетінің қарамағына алуды өтінді. Бұл жолы Әбілқайыр елшілеріне барынша көмек көрсетілді. Оның Құтлымбет Қоштаев бастаған жеті адамнан тұратын елшілері ықыласпен қарсы алынып, қымбат сыйлықтарымен еліне қайтарылды. Оларды А.И. Тевкелев бастаған беделді топ әскери күзетпен алып қайтты. Аса қуатты швед әскерін тізе бүктірген Ресей Еуропа құрлығындағы басты әскери күшке айналған соң тек батыс елдері ғана емес, Орталық Азия мемлекеттері де оның билігін мойындауға ыңғайлана бастады. Қазақтардың бір бөлігін бодандыққа алғанша да Ресей Қазақстанның Шығыс бөлігіне қамалдар мен қалалар салуды бастап жіберген еді. 1717 жылы Железинск және Ямышевск қамалдарының, 1718 жылы Семей қаласының, 1720 жылы Өскемен қаласының іргесін қалаған болатын.

1731 жылғы 19 ақпанда императрица Анна Иоанновна Кіші жүздің Ресей қол астына ерікті түрде қабылданатыны туралы грамотаға қол қойды. Сол жылдың қазан айында А.Тевкелев бастаған орыс елшілігінің адамдары Ресей қол астына кіру туралы ант алу үшін хан ордасы орналасқан Ырғыз өзенінің бойындағы Майтөбе шатқалына келді. Орыстардың дипломатиялық қызметімен айналысушылар Әбілқайырды жақсы таныды. А.Тевкелев ол туралы: «Ақылы мол, қулықтан да құралақан кісі емес кісі», деп жазды. Хан ордасындағы келіссөздер барысында А.Тевкелев Әбілқайыр ханның Ресейге қосылу жөніндегі ықыласын барлық сұлтандар мен ақсақалдар қолдамайтынын біліп, қайран қалды. Бұл ашық қарсылыққа реніш білдірген А.Тевкелев Әбілқайырдан толық келісілмеген шаруаны патшаға неге жібергенін сұрады. Бұл «өзіңе жүктелген өкілділікті асыра пайдалану емес пе?», «...мұны сен өзің ғана бастағансың, оның енді өтірікке айналып тұр...» дейді. Бодандыққа алғаш болып Әбілқайыр хан ант берді. Одан соң Бөкенбай старшина, одан кейін Есет батыр, Құдайменде мырза бас иетіндерін мәлімдеді. Оларға қосылған 27 старшина Ресейдің әйел патшасына адалдықтарын мойындады. Қазақстанның Ресейге кіру үдерісі жалғаса берді. 1735 жылы Орта жүз ханы Күшік пен Барақ сұлтан Ресей қол астына кіру туралы ант берді.

1738 жылы Ұлы жүздің Ресей қол астына қарағанын растайтын Анна Иоанновнаның Жолбарыс ханға грамотасына қол қойылды. 1740 жылғы 14 тамыз – 1 қыркүйек аралығында Орынбор қаласында қазақ бодан болғаны туралы ант берді. Орта жүздегі Шыңғыс әулетінің Ресей бодандығын қабылдау Орталық Азиядағы халықаралық жағдайды айтарлықтай өзгертті. Қосылудың алғашкы сатысында бірқатар жағымды сәттер де болды. Олардың ен маңыздысы - қазақ халқы жоңғарлардың тонаушылық шапқыншылыктарынан құтылды. Жағымсыз жағы қосылу кен байтақ далалық белдемдерін казак әскерлерінің бірте-бірте отарлауын бастап берді. Орыс саясатшылары осынау алып даланы иесіз, бақылаусыз жатқан өлке, қоныс еткен адамдары жоққа тең деген түсінікпен қабылдады. Ресей бодандығын қабылдау зардаптарын қорытындылау мәселеге әр қырынан келуді талап етеді. Өйткені, бұл құбылыс барлық жерде бірдей өткен емес. Оқиғалар барысын әдейі тездетіп немесе баяулатып отырған басқа қазақ хандарының рөлін естен шығаруға болмайды. Сонымен қатар XVIII ғасырдың орта тұсына қарай әжептәуір ескіре бастаған хандық мемлекетті басқару құрылымдық ұйымның қауқарсыздығын, жүздер арасындағы, тіпті Қазақ даласы мен Жоңғария арасындағы шекаралардың айқын белгіленбегенін де ұмытпаған жөн. Шекаралар XVIII ғасырдың 40-жылдары ғана, әсіресе Қалдан Серен өлгеннен соң ғана белгілене бастады.

Санаева Айшат, ҚазҰУ, Журналистика факультетінің 1-курс студенті

Жетекшісі: фил.ғ.к., доцент Р.С.Жақсылықбаева.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз