(О. Генридің новелласы, аударған Ерден Еркебекұлы Қарсыбеков)
I
Кешкі ас аяқталғанда, лагерь жүгері қабығынан темекіні орап жасаумен тыныштыққа бөленді. Аспанның қара жерге түсіп қалған бір кесегіндей кішкене тоған жылтырап тұр. Алыста койоттар үріп, жақын маңда көкорайға басын бұрған шідерлі [1] аттардың тұяқ дүмпуі естіледі. Техас рейнджерлерінен [2] құралған Шекара қорғау батальонының бір жасағы алау жанына жайғасып орналасыпты.
Жоғары жақтан чапарраль бұтақтарының ағаш үзеңгіге жармасып, тысырлап жатқан дыбысы шықты. Бұл дыбысты ажыраған рейнджерлер зейін салып тыңдай бастады. Олар біреуді жұбатып келе жатқан көңілді, қатты дауысты естіді:
— Сергек бол, Мьюриэл, жаным, жақындап қалдық! Ұзақ жол жүріппіз, ә, көне достым? Қой, тікенектеріңді тарт, сүйісуді доғар! Мойныма қатты ілініп алыпсың. Айғырымыздың аяғы қатты баспайтынын білесің ғой, байқамасақ, екеуімізді де аунап түсіруі әбден мүмкін.
Екі минуттан кейін лагерьге сол айғыр кіріп келді. Үстінде жасы жиырмадағы ұзын бойлы жігіт шалқайып отыр. Ал оның сырласы Мьюриэл ешқайда көрінбеді.
— Ей, достар! — деп сәлемдесті салт атты көтеріңкі көңіл күйімен. — Міні, лейтенант Мэннингке арналған хат.
Ол аттан түсіп, ер-тоқымды алып, оралған лассоны жерге тастады да, ердің қасына ілінген тұсауды қолына алды. Жасақ бастығы лейтенант Мэннинг хатты оқыған тұста жаңағы жас жігіт тұсауды жабысқан балшықтан ұқыптап тазалап, өз айғырына деген қамқорлығын байқатыпты.
— Жігіттер, — деді лейтенант, рейнджерлерге қол бұлғап, — бұл мистер Джеймс Хейз. Жасағымыздың жаңа мүшесі. Капитан Маклин оны бізге Эль-Пасодан [3] жіберіпті. Хейз, сен атыңа шідер салып бітісімен, жігіттер саған кешкі асты ойластырып алады.
Жаңадан келгенді рейнджерлер құшақ жайып қарсы алды. Бірақ одан көз алмай, байқастап жүрген. Себебі сүйіктісін таңдаған бойжеткен қыздың сынынан гөрі шекарада жолдасты он есе артық сынмен қабылдайды. Сол жолдастың шыдамына, адалдығына, мақсатына, сабырлылығына өз өміріңіз де тәуелді болып қалуы мүмкін.
Тойымды тамақтан соң Хейз алау жанындағы шылым шеккендерге қосылды. Оның сыртқы келбеті серіктестерінің күмәнін толығымен сейілтіп жіберген жоқ. Олардың көз алдарында қарапайым ұзын бойлы, арықша, сарғылт шашты, күнге күйген, күлімсіреген әжуашыл жас жігіт тұрған.
— Достар, — деп бастады ол, — сендерді өз келіншегіммен таныстырып өтейін. Оны ешкім сұлу деп атаған емес, бірақ оның қасиеттері бар екенін өздерің көрерсіңдер. Кел жаныма, Мьюриэл!
Көк фланель көйлектің алдын ашқанда, оның қойнынан мүйізді бақа шыға келді. Тікенекті мойнында қылымсыған қызыл лента байланған. Ол иесінің тізесіне жорғалап түсіп, сонда қимылдамай отыра қалды.
— Бұл Мьюриэлдің, — деді Хейз, оратор сияқты қол сілтеп, — жақсы жақтары көптен көп. Ол ешқашан сөз қайтармайды, әрдайым үйде отырады, және жай күндер болсын, демалыс болсын жалғыз қызыл көйлегіне қанағат тұтып жүре береді.
— Мына кесірткеге қара! — деді бір рейнджер жымия күліп. — Мүйізді бақаларды көп рет көрсем де, ондайды серік қылған адамға бірінші рет кездесіп тұрмын. Бұл мақұлық сені тани ала ма сонда?
— Өз жағыңа ал да, бақыла, — деді Хейз.
Мүйізді бақа атауымен белгілі бұл шағын шолақ жәндіктердің еш зияны болмайды. Бағзы заманның құбыжықтары сияқты жиіркенішті болса да, олардың кішірейтілген ұрпағы ретінде көгершіннің жуастығын байқатады.
Рейнджер Хейзтің тізесінен Мьюриэлді ала салып, өз орнына оралды. Қолындағы жәндік тыпырлап, тырналап, екпінімен сытылуға тырысты. Рейнджер оны сәл ұстай тұрып, ақыры жерге түсірді. Аяқтарының ебедейсіз, күлкілі қимылдарымен бақа тез-ақ Хейздің қасына жетіп қалды.
— Мынауың керемет қой! — деді тағы бір рейнджер. — Құрт-құмырсқада сонша ұғыныс бар екенін ешқашан ойламаппын!
II
Шекарашылардың бәрі Джимми Хейзге жылы қабақ танытты. Оның шексіз ақкөңілдігі мен сарқылмайтын зілсіз әзілдері лагерь өміріне жақсы жарап шықты. Мүйізді бақасын ол әрдайым қасында ұстап жүрді. Жол жүргенде көйлектің ішінде, демалғанда тізесінде не иығында, ұйықтағанда көрпе астында — бар жағдайда бұл сұмпайы жәндік жанынан табылатын.
Джимми Оңтүстік пен Батыстың ауылды жерлеріне тән әзілкештіктің түріне ие болған еді. Ойын-сауықты ойдан шығаруды немесе өткіртілді жауап қайтаруды білмеген ол, бір күлкілі идеяны тауып алды да, оны әуестене пайдаланып жүрді. Қолға үйретілген, қызыл лентасы тағылған бақамен достарын күлдіріп жүруді Джимми өз тапқырлығының белгісі деп түсінген. Ал бұл құтты идеяны енді неге үнемі қолданбасқа?
Джимми мен оның бақасы арасында қандай сезімдер қалыптасқанын дәлме-дәл анықтау мүмкін емес. Мүйізді бақалардың берік қатынастарға қабілеттілігі жайында ешқандай симпозиум өткізілмегендіктен, Джиммидің сезімін сипаттаған оңайырақ болады. Ол Мьюриэлді өз тапқырлығының жауһары ретінде мәпелеп, оған шыбын-шіркейді аулап, Солтүстіктен ескен желдерден қорғап жүрді. Ол қамқорлығын көбінесе өзімшілдік себептермен танытса да, керек уақытта бақасы оған есесін жүз еселеп қайтаратын. Сәл құштарлық танытқан рейнджерге осылай шектен тыс жайдарылықпен қарау бақалар арасында жиі кездеседі.
Серіктестері Джимми Хейздің кішіпейілділігі мен қылжақтығына сүйсінсе де, оған байланысты соңғы шешімді шығаруға асықпады. Себебі лагерьде сенделіп өмір кезу рейнджердің басты мақсаты емес. Алты атар револьвермен заң мен тәртіпті орнатып, барымташыларды қуып, шақар қылмыскерлерді ұстау деген бар, оған баскесерлермен шайқасуды қосыңыз, және чапарральдан бандиттерді қуалау керектігін ұмытпаңыз. Джиммидің өз айтуынша, ол көбіне сиыр қараушының жұмысына әдеттенген, рейнджерлік соғысу тәсілдеріне үйретілмеген. Сондықтан жасақтағылар, өз араларында, оның оқ астына түссе не істерін түрліше пайымдап жүрген. Білмейтін болсаңыз, бар жасақтың ары мен абыройы құрамындағы әр сарбаздың жеке батылдығына тіреледі.
Екі айдай шекара жақ тым-тырыс болды. Рейнджерлер лагерьде селқостанып сұлап жатқан. Ал кейін, іштері пысқан шекарашылардың қуанышына орай, Мексиканың көрнекті басбұзары мен барымташысы Себастиано Салдар қасындағы жортуылшыларымен Рио-Грандеден өтіп, техастық жағалауға ойран сала бастады. Бұл Джимми Хейздің өз мінезін көрсетуге сәті түскен кез сияқты еді. Жасақ құлшына торуылға көшкен, бірақ қарсыластардың аттары мықты болғандықтан, оларды аңду қиынға соққан.
Кештердің бірінде, күн батқанға дейін, рейнджерлер ұзақ жолдан соң аялдама жасаған еді. Олар бекон қуырып, кофе пісіріп жатқан. Шаршап біткен аттары қасында, ер-тоқымдары алынбаған. Тұтқиылдан револьвер атып, айқай-шу салып ну тоғайдан Себастиан Салдар адамдары қарғып шыға келді. Бұны ешкім күтпеген еді. Ашуланған рейнджерлер ауыр сөздерді еске түсіріп, винчестерлерін қолға алды. Бірақ бұл таза мексикалық көзбояушылықпен жасалған шабуыл болатын, жаңағы шулы қойылымнан кейін шапқыншылар өзен бойымен төмен қарай шаба жөнелді. Рейнджерлер аттарына ырғып мініп, мексикандықтардың соңына түсті, алайда екі шақырымдай ғана қашықтықта аттардың төзімі тауысылып қалды да, лейтенант Мэннингтің бұйрығымен бәрі лагерьге оралды.
Осы арада Джимми Хейздің жоғалып кеткені белгілі болды. Бір адам оның шабуыл бастағанда атқа қарай жүгіргенін байқаған екен, бірақ содан бері ол ешкімнің көзіне ілінбеді. Таң атқанда да Джимми табылған жоқ. Төңіректің бәрін аралап шыққан шекарашылар өлген не жараланған ешбіреуге кездеспеді. Мексикалықтардың артынан іздеумен қайта шықса, олар да із-түзсіз жоғалып кетті. Театрдағыдай қоштаса салған бұл зұлым Салдар өз адамдарымен өзеннен кері өтіп кеткен болар, деп ұйғарды Мэннинг. Шынымен де, оның шабуылдары туралы еш жаңа хабар түспеді.
Бұл рейнджерлерге көңілсіз жағдайларынан айығып шығуға уақыт бергендей болды. Аталып өткендей, жасақтың ары мен абыройы құрамындағы әр сарбаздың жеке батылдығына тіреледі. Қалыптасқан ортақ пікір бойынша, қатты оқтың зуылынан Джимми Хейздің зәресінен дым қалмады. Басқа себеп табылмады. Бак Дэвистің айтуы бойынша, Джимми атқа қарай жүгірген сәттен бері мексикандықтар бірде-бір оқ атпаған көрінеді. Яғни оны ешкім де атып түсірген жоқ. Иә, ол өзінің алғашқы шайқасынан безіп шықты және ешқашан қайтып оралмайды, себебі өзіңе бағытталған сан мылтықтан гөрі серіктестерінің өшіне шыдау әлдеқайда қиын екенін білген болар.
Осылай Маклин батальонының Мэннинг бастауындағы адамдар түнерген түрлерімен қызметін жалғастыра берді. Байрақтарындағы алғашқы дағы еді. Бұған дейін шекара қорғайтын рейнджерлер арасында ешкім де ақ мамығын көрсетіп қойған емес. Бәрі Джимми Хейзді жақсы көретін, енді бұл көңіл-күйлерінің одан да қатты түсіп қалуына себеп болған.
Күннен кейін күн, апталар мен айлар өтсе де, лагерьдің үстін сол шайылмаған арсыздық бұлты басып тұрған.
III
Өтіп қалған бір жылдың ішінде лейтенант Мэннинг және оның сәл ғана құрамдық өзгеріске ұшыраған жасағы көп тұрақ айырбастап, жүздеген шақырымдарға созылған алқапты қаруымен қорғап аралап шықты. Кейін олар баяғы өзен бойындағы лагерлеріне жақын орналасқан жерге, контрабандистерге қарсы күрес жүргізуге жіберілген болатын. Бір күні олар тал-шілік басқан жазық дала бойымен жүргенде, ашық балшықты алаңға шығып қалды. Мұнда олардың көз алдарынан әлдеқашан болған бір үрейлі оқиғаның көрінісі ашылды.
Бір жырада үш мексикандықтың қаңқалары жатқан. Олардың кім екені киімінен түсінікті болатын. Қаңқалардың ең ірісі өткен өмірде Себастиано Салдар есімімен белгілі болған. Қасында бүкіл Рио-Грандеге таныс сомбреро — жалпақ, алтынмен өрнектелген бас киімі — жатқан, үш жерінен оқпен тесілген. Жыраның шетінде мексикандықтардың тот басқан винчестерлері табылды — бәрі де бір нүктеге бағытталған.
Ол жаққа қарай елу қадамдай жер басып, рейнджерлер тағы бір қаңқаға кез болды. Ол жаңағы үшеуге мылтығымен көздеп жатқан қалпында, шағын бір ойпаңда жатты. Әлбетте, бұл өліспей қоймайтын шайқастардың бірі болды. Соңғы табылған адамның тұлғасын айқындап көрсететін ешқандай белгі болмады. Үстіндегі әбден тозған шоқпыттары кез келген шаруаның не ковбойдың киіміне ұқсаған еді.
— Мал бағушы шығар, — деді Мэннинг, — жалғыз өзі қоршауда қалып қойды ғой. Жақсы жігіт! Өлер алдында оларға жандарын көздеріне көрсетіп қойыпты. Дон Себастиано туралы ештеңе естімегеніміз осыдан екен!
Келесі мезетте мәйіттің шоқпыттары ішінен мүйізді бақа өрмелеп шықты да, қаңқаның иығында отыра қалды, мойнында өңіп қалған қызыл лентасы бар. Ол үн-түнсіз оқиғаның мән-жайын ашып тастағандай болды. Шорқақ ұзын бойлы жігітіміз мексикандық шапқыншыларды қуалау кезінде барлық жолдастарының алдына түсіп, өз жасағының арын сақтау жолында құрбан болып кеткен екен.
Рейнджерлер мәйіт алдында тығыз жиылды, сол кезде олардың алқымдарынан қатты айқай шықты. Бұл олардың әрі қоштасуы, әрі жоқтауы, әрі жаназасы, әрі салтанатты ұраны болды. Өлген жолдасына арналған бір әпенді реквием, деп ойлап қалуыңыз мүмкін, бірақ Джимми Хейз оны ести алғанда, бәрін де түсінер еді.
Түсініктемелер
1. Шідері салынған, яғни аяқтары жұп-жұбымен байланған.
2. Ағылшыннан ranger қорықшы, жаһангер деп аударылады.
3 Техас штатының батысындағы қала.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі